Таласбектану – ғұмыр кешумен бірдей құбылыс. Бұл толысқан тұлғаның бостандыққа жетуі. Бұл саналы сұлулықта ояну процесі.
Адамның тоқтайтын, саябырлайтын, тоқырайтын, қауызынан жарып шығып өсетін, ішкі дүниесі толығып тоқ қозыдай маужырап жататын кезеңі болса керек. Ана дүние мен мына дүниенің теңшеуін теңестіріп, қуаныш мен қайғыға тоқмейілси қарай алатын эмоциялық еркіндікке қол жеткізетін сәті туатын болар. Сол кезеңде әсіресе жазушы үшін жазу мен жазбаудың түкке айырмасы болмай ма деп қалам.
Жаздыңыз ал… жазбадыңыз ал…
Таласбектің жазары, берері көп еді дейміз кейде. Мол білім иесі өмірбойы оқумен, санасында тоқумен болды. Ықыласты сұраққа еркін төгілетін цитаталық мәтіндер аузынан ақтарыла беретін еді.
Бір ғана «Интертекст» мақаласын айналшықтайықшы. «Өнердегі түрлі ағымдарды, түрлі түсініктерді татуластырып, басын қосып, ақырында ешкім күмән келтіре алмайтын, мәдениеттің, өнердің барлық құбылыстарын түсіндіріп бере алатын бір ғана теория жасалса деп армандадым» дейді. Яғни, өнертануда «адамзат баласын татулыққа әкелетін біртұтас теория мүмкін екеніне» көзі жетеді өнертанушының.
Біртұтас теория… Екі ауыз сөз…
Кез келген діннің негізі, Алла тағаланың қалауы емес пе бұл? Біріктіру идеясынан сұлулық көру.
«Интертекст» Ербол Алшынбайдың «Шәкәріммен қоштасу» дастанына орай жазылған мақала. Бірақ, олай емес. Солай да шығар.
Өйткені, дастанның формасы, жазылу мәнері, ұйқасы мен тауып айтқан ассосасиясы туралы бірер ауыз сөз де жоқ. Керісінше, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Амброз Бирс пен Бруно Травен, интертекст, постмодернизм, интертекстуалдік туралы анықтамалар бар.
Советтік сана бізді әбден бір тақырыптың ғана айналасында сөйлетіп, қазыққа байлатып үйреткен екен. Ербол ақынның болмыс бітімі, өлең жазу дағдысы қажет те емес. Кенет ақынның жүрегіне қона кеткен көне шерді көппен бөлісу ма дерсің. Шәкіртті ыммен шақырып тілдесерге мол дастархан жайған ба дерсің. Термин мен теорияға, әріпке таласқыш алдыңғы буыннан жеріп, жас балғынның маңдайынан иіскеу ма дерсің. Ерте ояту ма дерсің.
«Өнер деген, «сұлулықта ояну» болса, азап пен кісен, сұр аспанда не сұлулық бар дейсіз. Бұған айтарымыз, азаптағы адамның қайғысына иілу – өнердің бір мінезі, сұлулықтың бір парасы болып табылады».
Көзіңді көлегейлеп келіп қалған тамшылар шын мәнінде, кешірім тамшылары. Өткен мен кеткеннің сабақ-инесін тере бермей, бақытты ғұмыр кешуіміз керек.
Жазу мен жазбау дегенің не енді?
Бүкіл өміріңді ақтап алатын, кемелдігіңде, кеудең кеңдігінде, «адамзатты емес, қасыңда жүрген адамды құрметтей алатын» кезеңінде, топырлатып шәкірт ертпей ақ, жүректерді оята алатын, рухымен ерте алатын ұстаздыққа жеткен тұста бір шығарма жазып кетсең де, жазбай кетсең де не арман?
Куәгерлікке тартатын айналаң бар, ауаға айтылатын армандарың бар, өзгенің азабына қайғыра алатын жүрегің болса – өнердің шыңы емес пе? Сол өнердің шыңына шыққанда «Талтүс», «Тәттімбет» жазылған болар?
«Интертекст» өлім алдындағы адамның құдаймен пердесіз тілдесуі туралы жазылған секілді. Өлім алдындағы Шәкәрім бабаның күйі, халі, қоштасуы күллі адамның өлім алдындағы хәлі емес пе? Дәл осы хәлді Ербол Алшынбайдың дастанынан түйсінген сыншы амалсыз қолына қалам алғандай. Ғұмырда жоспарлап жүретін жазбалар жазылмай қалуы мүмкін. Ал, құдайдан тосыннан келген сөздер аласұрып шындықты айтқызады. Еріксіз айтқызады.
Таласбектің армандаған «біртұтас теориясы» құдайды табуға негізделеді меніңше. Өлім арқылы құдайды тану, өліммен өмірді өлшеу – тез есейтетін, жетілдіретін құралдың бірі. Ал, қазақ қоғамы «Талтүсте» қалың ұйқыда еді. Асқар Сүлейменовтың «Бесінінде» «әріпке таласқыш», «бірдей ойлайтын бір адам» кейпінде еді. Ал, Таласбек Әсемқұлов бүкіл қазақ қоғамына кешірудің, мейірімділік танытудың, сүюдің, құрметтеудің өнер екенін жеткізгісі келді. Ол арманы қалай орындалмақ? Алла жар болсын елімізге!
Таласбектану – бұл табыну емес, болу, толу, ояну.
P.S. М.Әуезов атындағы Мемлекеттік драма театрдың кең сахнасына жарық көлегейлеп түсіп тұр. Залда ешкім жоқ. Сахна төрінде Зейнолла Серікқалиев, Асқар Сүлейменов, Таласбек Әсемқұлов және мен отырмын. Барлығымызда қоңыр домбыра. Әуелі Зейнолла аға сыңсытып бір күй ойнайды, оны Асқар аға қайталайды, кейін күмбірлетіп Таласбек аға ойнайды. Ең соңында шала шарпы тарта алмай мен ойнаймын. Зейнолла аға былай басасың, былай тартасың деп маған нұсқап қояды. Барлығымыз бір күйді ойнағанымызбен әртүрлі реңктегі дауыс шығады. Қайта тоқтап, қайта кезекпен тартамыз. Қайта қосыла дыңғырлата жөнелеміз. Бұл түсімді студент кезімде көрген едім. Ол кезде Таласбек ағаны танымаймын да. Алайда, бұл кісі кім болды деп ойланушы едім. Артынан әңгімелерімді берейін деп «Жазушы» журналына кіріп барғанымда болаттай назарынан ықтым ба, түсімдегі адамды таныдым ба екен, есікті аша сала кіруге дәтім бармай жаба салғанмын. Кейін ағаны «Қазақ әдебиетіндегі» мақалаларынан жақсы таныдым. Өмірде кең отырып сөйлеспесек те, әдебиеттегі «рухани әкемді» тапқандай қуандым.
2020