Ерсұлтан Әлайдар. Еліткен және практикалық саналардың қайшылығындағы Сал-серілік дәстүрдің бір көрінісі: «Біржан сал» фильмі. Таласбек сыйлығы 2026

Сананы үйреніп алуға болмайды.

Асқар Сүлейменов

Кіріспе

Біз бұл мақалада сал-серілік дәстүрді дүниеге әкелген сана мен дүниетанымды талдауды басты мақсат етіп отырмыз. Себебі сал-серілердің қазақ мәдениеті мен өнер тарихындағы орны мен рөлі белгілі болғанымен, оны туғызған сананың ерекшелігі әлі күнге дейін толық зерделенбеген. Ал жалпыға белгілі «дәстүрлі сана» ұғымы бұған нақты жауап бола алмайды. Өйткені бүгінгі қазақ үшін «дәстүр» жат ұғымға айналып барады. Көбіне «дәстүр» ұғымы «модерн» (жаңа) ұғымына қарама-қарсы мағынада қабылданады. Осы тұрғыдан алғанда, дәстүр тікелей өткен шаққа, ескіге яғни бізден алыста тұрған, модернге дейін ғана жалғасқан дүниені білдірсе, бұның керісінше модерн осы шақты, жаңалықты, яғни бізді қалыптастырып отырған дүние болып шығады. Осыған сәйкес, «дәстүрлі сана» да бүгінге «пайдасы жоқ», ескі санаға ишарат ететін ұғым болып көрінеді. Дәл осы айырым таным мен көзқарастар арасындағы парықтарға саяси сипат үстейді; дәстүр мен модерн арасындағы бірін-бірі қаралайтын, жоққа шығаратын талас-тартыс, негізінен, осы жерден басталады.

Ал, шын мәнінде, аталған саналардың арасына нақты бір шекара белгілеу мүмкін бе? Дәстүрлі сананың ішінен туып, оның тілін секулярлық сипатта қолданып отырған модерн сана дәстүрлі санадан толықтай азат бола ала ма? Егер бола алмаса, онда олардың арасындағы қайшылықтың мәні неде? Зады, модерн деп аталатын заманның келуімен бірге адамның танымында, соған сәйкес санасында нелер өзгерді?

Міне, бұл – дәстүр және оны тудырған сананың не екенін түсінгісі келетін адамдар ойлануға тиіс сұрақтар. Сондай-ақ, бұл сұрақтар бүгінгі таңда модернизмды түсінбей тұрып, дәстүрді танудың қиын екеніне де ишарат етеді. Сондықтан негізгі мәселеге өтпес бұрын дәстүрлі сана мен модерн сананың арақатынасы туралы қысқаша пікір білдіруге тура келеді.

Ең алдымен, мәселе бүгінгі (модерн) қазақтың көбінің дәстүр туралы таным-түсінігінің тым біржақты екеніне қатысты. Себебі біз бір ғасырдан астам уақыт бойы модерн сананың аясында тәрбие алдық. Модерн сананың ерекшелігіне қарай дүниені біржақты қабылдауға дағдыландық. Сондықтан біз үшін қайшылық пен үйлесім арасындағы парадоксалды байланысты түсіну, сондай-ақ, дүниеде ақиқаттың түрлі формасы мен кейпі барлығын түйсіну өте қиын. Нәтижесінде, «дәстүр» дегенде біздің санамызда тұтас бір дүниетанымдық құрлым емес, жекелеген өмір салты ғана жанданады.[1]

Әсілі, дәстүр және оны тудырған сана – модернизмнің керісінше – дүниемен байланыстың, көзқарас пен қабылдаудың, қысқасы дүниетанымның түрлі өлшемдерінің бір тұтастығын білдіреді. Нақтырақ айтқанда, дәстүрлі сана – бір-біріне ұқсамайтын, тіпті өзара қайшы саналық өлшемдерінің бір дүниетанымдық құрлым ішінде жарасымдылықпен өмір сүруінің ұғымдық аты. Ал модерн сана, ең алдымен, осы дәстүр деп аталатын біртұтас дүниетанымдық құрылымның ыдырауы және оның құрамындағы рационализмнің ғана ақиқат ретінде қабылдануы нәтижесінде қалыптасқан танымдық деңгей. Нәтижесінде адамзат ақырындап рационализмнен өзге мифтік, тотемдік т.б. ойлау формаларынан айырылды. Бұл үрдіс ежелгі грек философиясының ортаға шығуымен басталып, Платон дәуірінде өзінің шырқау шегіне жетті және оның ықпалы күні кешеге дейін жалғасты.

Қорыта айтқанда, модернизм – дәстүрлі сананың ішіндегі рационалистік таным үстемдігінің көрінісі. Рационализм үстемдігімен бірге адам санасындағы түрлі мифтік, діни және мистикалық қабілеттер де әлсіреді. Нәтижесінде біртекті ойлайтын адамдар шоғыры қалыптасты.  Мұндай пікірлерді Мирча Элиаденің бүкіл еңбектерінен жиі кездестіруге болады.[2] Белгілі ғалым Карен Армстронг та осыған ұқсас ойларды үнемі дәріптеп отырады. Мысалы, ол «Мифтердің қысқаша тарихы» атты еңбегінде ежелгі адамдар да рационал ақыл иесі болғанын, алайда олардың бүгінгі модерн адамнан парқы рационал ақылды белгілі бір шектің аясында, мифтік таныммен үйлестіре отырып қолданғанында дейді.[3]

Сондықтан модерн сана ықпалындағы бүгінгі қазақ қоғамы өзінің ата дәстүріндегі кейбір құбылыстарды қабылдауда қиналып жатады. Сондай құбылыстардың бірі – сал-серілік дәстүр. Бүгінде қазақ қоғамы сал-серілердің өнердегі орнын жоғары бағалағанымен, олардың көпшіліктен өзгеше «ерсі» қылықтарын түсіне бермейді. Олардың қоғамдық қалыптар мен салттарға сыймайтын әрекеттері «өрескел» көрінеді. Мысалы, көп адамға қазақ қыздарының ауылға келген сал-серілерге көрсеткен ілтипаты, әсіресе бүгінгі түсінік бойынша қазақ қызына «жараспайтын» кейбір қылығы оғаш көрінеді. Логикалы, ретті, бір бағытты дүниелерді ғана қабылдауға бейім рационалды ақыл мұндай құбылыстарды жоққа шығаруға дайын тұрады.[4]

Осы мәселелерді негізге ала отырып, бұл мақала мына сұрақтарға жауап іздеуді басты мақсат етеді: сал-серілер нақты қандай сананың өкілдері еді? Ол сананың дәстүрлі дүниетанымдағы орны қандай болды?

 

Еліткен және практикалық саналардың ерекшелігі

Бұл сұрақтарға Таласбек Әсемқұлов сценарийін жазған Досхан Жолжақсыновтың «Біржан сал»[5] фильмі белгілі бір деңгейде жауап бере алатындай. Өйткені аталмыш фильм сал-серілер мен ел ағалары (Азынабай, Нұржан) арасындағы қайшылық арқылы дәстүрлі дүниетанымды құрайтын екі түрлі сананың арасындағы қайшылықты сәтті бейнелейді. Бір кездері ханның өзі жолын кеспеген, елдің еркесі атанған сал-серілерге, Біржан салдың заманына келгенде атқамінерлер теріс қарай бастайды. Сал-серілердің ел аралап өнер көрсетуі бір кездері киелі құбылыс ретінде қастерленсе, енді еріккеннің ермегі, байлардың абыройын асыратын қарабайыр ойын-сауық ретінде бағаланады. Фильмде бұл жағдай анық бейнеленеді: бір жағынан, сал-серілік дәстүр құт пен берекеттің символы ретінде қастерленсе, енді бір жағынан, реті келгенде «әулекілік» ретінде кемсітіледі. Мысалы, Ләйлімнің кіші ағасы Көлбай Біржан сал бастаған сал-серілерді «құт келді!» деп ардақтап қарсы алса, үлкен ағасы (көкесі) Жанбай «Біржан деген әулекі» деп сыбап салады.

Сал-серілік дәстүрге қатысты бір-біріне қайшы осы екі көзқарас Біржан сал заманындағы қазақ санасында жүріп жатқан үлкен өзгерістен хабар береді. Пайымдауымызша, Әсемқұлов жаңа заманның келуімен бірге басталған бұл өзгерісті соңына дейін қазақ қоғамында ғана сақталып келген киелі дәстүрдің[6] күйрей бастауы деп бағалаған болса керек. Ал біз Әсемқұловтың көзқарасын қолдай отырып, дәстүрдің күйреуі қарсаңындағы саналар арасындағы қайшылыққа баса назар аударамыз және осы арқылы сал-серілік дәстүрдің табиғатын түсінуге тырысамыз. Осы ретте аталмыш екі сана түрін бейнелеу үшін «еліткен сана» және «практикалық сана» ұғымдарын қолданамыз.

«Еліткен сана» ұғымын түрік философы Бурһанеттин Татардың  исламдағы сопылық дәстүрді тудырған сананы сипаттау үшін қолданған «есірік сана» («Esirik bilinç») ұғымының қазақ тіліндегі баламасы ретінде алып отырмыз.[7] Бұл ұғымды бүгінгі қазақ түсінігінде «есірік» сөзінің сананың трансцендет күйін білдіретін бастапқы болымды мағынасы көмескіленіп, оның орнын «жынданған», «ессіз» деген сияқты болымысыз мағыналар басқаны үшін қолданып отырмыз. Бұл ұғымды таңдауда Серікбол Қондыбай қарастырған «елті», «елту», «еліру» және «елеуреу» сөздерінің мифтік астарлары негізге алынды.[8]

Бұл ұғымды біз сал-серілік сананы сипаттау үшін қолданамыз. Өйткені сана тұрғысынан сопылық дәстүр мен сал-серілік дәстүр бір-бірінен соншалық алыс емес,[9] керісінше, екеуі де «сананың ашықтығы» мәселесінде ортақ бір арнада тоғысады. Бұл ұқсастық олардың шығармаларындағы ғашықтық тақырыбынан анық байқалады. Сопылық шығармаларда жиі кездесетін сұлудың жамалына деген асқақ ғашықтық бәрімізге белгілі құбылыс. Осыған ұқсас ғашықтық сарындары сал-серілердің шығармаларында да кең көрініс тапқан. Әрине, сопылық шығармалардағы сұлу бейнесі Алланың дидарын, яғни илаһи нұрды символдайтынын ескерсек, ондағы ғашықтық сал-серілік дәстүрдегі ғашықтықтан өзгеше болып көрінуі мүмкін. Алайда тереңірек қарастырғанда, екеуінің де ұқсас дүниетанымдық негізден туындайтыны байқалады.

Бұл ұқсастық ғашықтық пен ынтызарлық арасындағы парықтан анық көрінеді.[10] Ынтызарлықта қарсы жаққа ие болу, оны меншіктеу ниеті басым, яғни мұнда меншіктенуге бағытталған идеологиялық сипаттағы ұмтылыс (құшталық) басты орынға шығады. Мұндай сезім қарсы жақты иеленуге болатын объект ретінде көретін санадан туындайды. Ал ғашықтықта қарсы жақ мүлде объект емес, керісінше, гүл секілді табиғи түрде өз болмысын ашатын феномен ретінде танылады. Өйткені сопылар мен сал-серілер сұлулық дегенде тек тәнді емес, оның тұтас тұлғасынан сыртқа төгіліп тұрған аура мен шұғыланы көреді. Олардың көзіне сұлулық нақты бір таным мен қалыпқа сыймайтын жанды құбылыс болып көрінеді (сондықтан да сұлулықтың нақты бір танымы жоқ, шартты танымы ғана бар). Сол үшін олар сұлулықты иеленуді емес, оған өздерін толықтай арнауды, еркін бағыштауды немесе тіпті оның жолына жанын құрбан етуді армандайды. Сұлулықтың шуағына шарпылған сана-сезім шарықтау шегіне жеткенде өзін жоғалтып, оның орнына біз еліткен сана деп атаған сананың басқа бір деңгейі ортаға шығады. Бұл хәлдің көрінісі бізге Ләйліге ғашық болған Мәжнүннің хикаясынан жақсы таныс. Фильмде осындай күйді Біржан сал да бастан кешеді: Ләйліммен қоштасарда ол аттың үстінде басы айналып, есі ауғандай күй кешіп, біраз теңселіп тұрып қалады. Мұндай жағдай Фильмде бірнеше рет қайталанады. Бұл көріністер еліткен сананың негізгі ерекшелігінің бірі – ғашықтық екенін көрсетеді.

Ең бастысы, дәстүрлі қоғамда ғашықтық жай ғана сезімді емес, бәрінен бұрын адам санасының ашықтығын білдіреді. Бұл жердегі «ашықтық» ұғымы сананың тұрмыстық деңгейден биік, әлдебір асқын күйге көтерілуге дайындығын білдіреді. Не болмаса «ашықтықты» адам санасының өз шегінен асу үшін өзін әлде бір күштің (құдай, аруақ т.б.) ырқына беруге деген еркі мен батылдығы десе де болады. Элиаде діндер тарихы тұрғысынан мұндай ашықтықты дүниеге, болмысқа деген шын мәніндегі онтологиялық ашықтық деп бағалайды. Оның пікірінше дүниеге деген мұндай ашықтық, өз кезегінде оны жаратқан Тәңірге және оның әлемде көрініс тапқан белгілеріне деген ашықтыққа жол ашады.[11] Тәңірдің нұрымен толып тасыған адамның санасы өзінің тегінде Тәңірден бөлек болмыс емес екенін түйсінеді. Мұндай хәлге жеткенде адам санасында Жаратушы мен жаратылыс арасындағы шекара жойылады. Адам санасы өзін толықтай киелі күштің еркіне береді де, рационал ақыл бақылау қабілетінен айырылады. Осылайша, еліткен сана дейтін құбылыс ортаға шығады. Бұл құбылыс киеліліктің  белгілі бір мекенде көрініс тауып, оны киелі кеңістікке айналдыруына ұқсайды: адам болмысында ортаға шыққан киелiлік енді оның тілі арқылы сөйлей бастайды. Бұған Халлаж Мансұрдың «мен – хақпын» (әнә әл-хақ) деген мәшһүр сөзі ең жақсы мысал бола алады.

Осы жерге дейін жасалған талдаулар дәстүрлі қазақ қоғамында сал-серілердің неліктен құт пен киенің нышаны ретінде құрметтелгенін түсіндіруге мүмкіндік береді. Сал-серілерге деген ізет пен құрмет – шын мәнінде, халықтың киелілікке, Серікбол Қондыбайдың терминімен айтқанда, «Ілкі Төрге» (түп төркінге) деген ашықтығының көрінісі. Ауылға сал-серілер келгенде халықтың оларды «құт келді!» деп алақайлап қарсы алуы да осыдан. Сал-серілер де ешкімді алаламай, жолай кездескен ауылға түседі. Өйткені олар қашанда киелі күштің жетегімен әрекет етеді. Сондықтан олар үшін пайда мен атаққа бола таңдау жасау киелілікке жат әрекет саналады. Еліткен сана рационал ақыл сияқты белгілі бір жоспар мен мақсат аясында әрекет етпейді. Осы ерекшелігіне қарай отырып, еліткен сананы философиялық тілмен бағыт-бағдарсыз, яғни жөнсіз[12] сана деп сипаттауға да болады. Бұл ерекшелік фильмдегі Біржан бастаған сал-серілердің Көлбай байдың ауылына келгенін көрсететін сахнада айқын көрінеді. Олар Көлбай байдың ауылын арнайы таңдамайды, жолай кездескен соң түседі; Оның орнында басқа біреудің ауылы болса да, таңдау өзгермес еді. Ал Азынбайдың «Біржан қаратабанның ауылына барып түскенше, неге менің Ақ Ордама келіп түспейді?! Көлбай кім, Азына Бай кім?» деген кейісінен оның қазақта жоқ салтпен сал-серілерге жөн (бағыт) сілтегісі келетін пиғылы анық байқалады. Әсемқұлов осы бір ауыз сөз арқылы дәстүрлі санаға түскен жікті тамаша бейнелейді.

Ал сал-серілерге жөн сілтеу – еліткен сананы өз ырқыңа бағындыру арқылы оны төл табиғатынан айыру деген сөз. Міне, осы жерден олардың арасындағы қайшылық басталады. Осы орайда жаңа заманның келуімен жаңа дүниетанымға тез бейімделіп, заманның шындығына орай киелілік пен түп төркінге деген ашықтығын жоғалтып алған және осы себепті еліткен сананы өз ырқына бағындырғысы келген топтың санасын шартты түрде «практикалық сана» деп атаймыз. Бұл ұғым киеліліктен бастау алатын еліткен санаға қарсы адамның дүниелік тәжірибесі мен рационал ақылдың жетістіктері нәтижесінде қалыптасқан адамзатқа ортақ сананы білдіреді. «Біржан сал» фильмінде бұл сана шындық ретінде дүниелік игіліктер мен жетістіктерге деген ашықтықты алға тартады.

 

Екі сана арасындағы қайшылық

  1. Біржан сал және Азынабай

Фильмде еліткен сана мен практикалық сана арасындағы қайшылық Біржан салдың басына қамшы тиген сәтте шарықтау шегіне жетеді. Осы көрініс практикалық сана өз ұстанымын орнықтыру жолында ең радикалды қадамдарға да бара алатынын анық көрсетеді. Қоянды жәрмеңкесінде, шын мәнінде, екі санаға өкілдік  ететін күштер бетпе-бет келеді. Олардың бірін бақилық бастаудан нәр алып, дүниеге сал-серілер арқылы өнер түрінде көрініс тапқан киелі күш, екіншісін заманның екпініне иек артқан, Абайша айтқанда, «заманға күйлеген» қарабайыр күш деп сипаттауға болады. Алғашында еліткен санаға өкілдік ететін күш Біржан салдың әні арқылы халықтың ықыласын (қоғамдық сананы) өзіне аударады. Мұны халықтың Біржанның әнін беріле тыңдағанынан анық байқауға болады.[13] Дәл сол сәтте практикалық санаға өкілдік ететін күш – шабарман Поштабай келіп, үстемдік жүргізуге ұмтылады. Бұл оның Біржан салға қамшысын білеп тұрып: «Әй, Біржан, жұртты дүрліктірмей қоя тұр, Азынабай кешке ұлықтың алдында келелі қылып ән салып берсін дейді», – деген сөзінен анық байқалады. Сонымен бірге бұл сөзден практикалық сананың киелілікке деген ашықтықтан жұрдай болғаны да аңғарылады. Мұны Біржан салдың шабарманға қарсы айтқан: «ей, кекше, мұны маған сен айтып тұрсың ба? Көзіңді шел басқан ба?», – деген сөзі аша түседі. Бұл жердегі «шел» сөзін Әсемқұлов практикалық сананың киелілікке деген ашықтығын бүркеп тұрған перденің символы ретінде қолданған. Бір қызығы, шабарман да «шел» сөзін Біржан салдың өзіне қарсы қолданады: «мына, сенің көзіңді шел басқан!». Яғни бұл сөз: «сен неге жаңа заманның шындығын, биліктің күшін көрмейсің, қоғамдық сананы бағыттайтын күштің әлдеқашан байлық пен билікке ауысқанын неге байқамайсың?», – деген астарлы мағына береді. Десе де бұл жолы практикалық сана дегеніне бірден жете алмайды: шабарманды халық атынан аударып алып сабап жібереді.

Ендігі жерде практикалық сана қоғамдық санаға қара күш арқылы үстемдік орнатуға ұмтылады. Ол үшін алдымен еліткен сананың қоғамдық беделін жығу керек еді. Сал-серіні өзінің ыңғайымен жүргізе алмаған Азынабай ашуға мінеді: «Не істесең де ана делбенің үнін өшір, қамшымен айдасаң да халықты осында алып кел!», – деп шабарманына кәрін төгеді. Біржан салға қамшы осылай тиеді. Біржан салды қолдаған халық пен шабармандардың арасында төбелес басталады. Осы мезетте келіп жеткен орыс ұлығы аспанға оқ атқызып, жанжалды басады. Бұл көрініс практикалық санаға өкілдік ететін күш еліткен санаға күш қолдана отырып қоғамдық санаға үстемдік орнатуда жаңа заманның күшіне сүйенгенін дәл бейнелейді. Яғни фильмде от қару жаңа заманның күшіне өкілдік етеді. Әсілінде, фильмнің бастапқы көріністерінде-ақ жаңа заман сал-серілік дәстүрдің жолын қалай кесіп кеткеніне ишара жасалады. Сал-серілер қуып келе жатқан қасқырды орыс әскерлерінің атып кетуі – сал-серілердің басынан дәуреннің өткенін аңғартатын символдық көрініс. Сондай-ақ, Бұл – фильмдегі Әсемқұлов идеяларының негізгі желілерінің бірі.

Біржан сал да Азынабай жіберген сый табағын қамшымен бір ұрып, кері қайтарады (Малдың басы тартылған табақты қамшымен ұрудың, қазақ дәстүріндегі салмағына тоқталып жатпаймыз). Осы арқылы еліткен сананың өкілі Біржан сал практикалық сананың үстемдігіне ешқашан бас имейтінін білдіреді. Бір-біріне қарсы сілтелген екі қамшының соңында еліткен сана мен практикалық сананың арасы толықтай ашылады. Сөйтіп, неше мың жыл бойы дәстүрлі дүниетанымның аясында жарасым тауып, бірге жасап келе жатқан екі саналық өлшемнің арасы енді бірікпестей бүлінеді.

  1. Біржан сал және Нұржан

Осы кезден бастап практикалық сана еліткен сананың әрекеттерін қате түсіне бастайды. Фильмдегі Біржан сал мен ағасы Нұржанның арасындағы қайшылық осының айғағы. Нұржан бастаған практикалық сананың өкілдері Біржан салдағы еліткен сананың көріністерін жын иектегеннен пайда болған ауру деп топшылайды. Тіпті бақсы ойнатып ұшықтатады. Өйткені практикалық сана өзінің өресіне жетпейтін кез келген құбылысты ауытқу деп қабылдайды. Олардың түсінігінше, Біржан сау болса, ендігі жерде төсек жаңғыртып, ел қатарлы тірлік қылар еді. Ал, Біржанның ақылға қонымсыз «ерсі» қылықтары сау адамға тән емес. Яғни практикалық сана бәрін өзінің таным-түсініктері деңгейінде бағалай бастайды. Елдің бәрі өмірді біздің көргеніміздей көріп, біздің түйсінгеніміздей түйсінуге тиіс деп санайды. Осы арқылы Әсемқұлов еліткен санаға орын қалмаған, тек практикалық санаға сүйенген қоғамда адамдардың көз аясының қалай тарылатынын көрсетеді. Мұндай қоғам бірте-бірте біртекті адамдардан тұратын тобырға айналады.

Бір замандары Тәңірден берілген құттың символы саналған сал-серілер енді жын-перілер иектеген «делбелер» атана бастады. Біржанның хәлін түсіне алмаған ағасы Нұржан оны жын иектеді деген ойға мықтап бекиді. Осы түсінікпен Жұбай бастаған сал-серілерді аясусыз соққыға жыққызып, Біржанды байлатып тастайды. Фильмдегі сал-серілердің қан-жоса болып сұлап жатқанын бейнелейтін эпизод – адам жанын шырылдататын ең ауыр көріністердің бірі. Әсіресе басын көкке көтеріп, аққуша қиқулаған серінің аянышты үні киенің қандай қиянатқа ұшырағанын көрсетеді. Бұдан былай сал-серілердің хәлі, олардың шындығы құдайға ғана аян. Басқа ешкім түсінбейді. Жұбай қайыра келіп, Біржанның қолындағы арқанды шешпек болғанда, мылтықтың дауысы үшінші ретестіледі. Бұл жолы мылтық қазақтың –  Біржанның өз ағасы Нұржанның қолымен атылады. Осынау көрініс қазақ санасындағы киелі бастауға деген соңғы саңлаудың да жабылып, тас меңіреуге айналғанын бейнелейді.

Ең қызығы, бәлкім ең аяныштысы – Нұржан осы әрекетін бауырыма жәрдем етіп жатырмын деп түсінеді. Алайда, шындығында, Біржанға қиянат қылып жатқанын білмейді. Ол ­Біржанның сол «делбелігі» оның болмысы екенін, яғни Біржанның дәл сол хәлімен «қалыпты» екенін ұқпайды. Осы тұста Фузулидің мына өлең жолдары Біржан салдың хәлін дәл бейнелейтіндей:

Ғашықтық дертімен бақытты ем,
Ей емші! Дәріңді ұсынба.
Әсілі менің шын өлімім,
Емге деп беретін дәріңнің уында.[14]

 

Бұл өлең шумағындағы ақынның айтпағы – мен осы дертіммен, мастығыммен менмін деген ой. Егер мені осы хәлімнен айықтырып, одан арылтсаң, қайта сол кезде шын мәнінде ауырамын, өйткені ол кезде мен «мен» болудан қаламын, дейді. Еліткен сана мен практикалық сананың арасындағы парық Фузулидің тілімен осылай кестеленеді.

Дәл сол сияқты, Біржан да ағасына өзінің сау екенін ұқтыра алмай, дал болады. Қатты күйінген кезде ол: «Уа, дариға! Енді өзімнің сау екеніме куәлік іздеткен құдай, жеткізген жерін қара…», – деп налиды. Ақырында ол ағаларына еліткен сана мен практикалық сана өмір шындығының екі беті, екі түрлі көрінісі екенін ұқтыра алмасына көзі жетеді. Оның Жұбайға айтқан: «Менің білегімдегі арқан – наданның жүрегіндегі кісен, шеше алмайсың», –деген сөзі осыған меңзейді.

 

Еліткен сана және бостандық

Алайда Біржан салдың басты дерті жұрттың оны түсінбегенінде емес еді. Олай болса, Нұржанның сұрағын қайталасақ, Біржан салдың дерті не? Біздің пайымдауымызша, оның дерті – бостандық. Бұл – қарабайыр өмірдің заңдары мен ережелеріне бас имейтін, сананың тұрмыстық деңгейінен биік тұрған, шын мәніндегі рухани бостандық. Мұндай бостандықты практикалық сана тәжірибе ете алмайды; оған еліткен сананың күшімен қол жеткізуге мүмкіндік бар. Себебі еліткен сана рационал ақыл жете алмайтын, фәни дүние шекараларының аржағындағы немесе адам рухының тереңіндегі киелі бастауға бойлай алады. Сол тереңдікте адаммен бірге жаратылған рухани бостандық пен потенциалдарды сезінеді. Ал осы рухани бостандықтың дүниеге келіп, нақты формаға енуі өнер деп аталады. Асқар Сүлейменовтың сөзімен айтқанда, «шын өнер – ол іске асқан бостандық, мына дүниеге аян болған бостандық».[15] Сондықтан шын өнер ешқашан өз шындығын өзгеге күштеп таңбайды. Басқаша айтқанда, шын өнердің сыртқа бағытталған идеологиялық сипаты болмайды. Керісінше, өнер адам санасында жаңа кеңістіктер мен мүмкіндіктер ашады. Сол кеңістікте адам өзін жаңа қырынан танып, өседі, жетіледі. Осы тұрғыдан алғанда, өнердің өмірге келуі қашанда қоғамдағы қатып қалған қағидалардың күйреуіне себеп болады. Қысқасы, өнер алдымен сананы, содан соң өмірді жаңартады.

Дәл осы тұста сал-серілердің қоғамдық тәртіпке бағына бермейтін еркелігінің мәні де ашылады. Турасын айтқанда, олардың еркелігі – аталмыш бостандықың қоғамдық көрінісі. Ел болып сал-серілердің еркелігін көтеріп алуы – халықтың бостандыққа деген құрметі мен пейілінің айғағы. Өйткені адам рухымен бірге жаратылған бостандық – әр адам үшін қашанда қымбат. Сондықтан сал-серілерге деген ілтипат халықтың өз рухани бостандығына деген қатынасын көрсетеді. Философиялық тілмен айтқанда, әңгіме адамның уақыт пен кеңістіктен тәуелсіз рухы мен уақыт пен кеңістіктің шартты заңдылықтарына бағынатын өмірі арасындағы үйлесім туралы болып отыр.

 

Дәстүрлі қазақ санасының космогониялық сипаты

Ендігі сөз халық санасында терең орын алған осы үйлесімнің космогониялық сипаты туралы. Дәстүрлі қоғамда әлеуметтік сана жаратылыстың заңдылықтарына сай өзгеріп, дамып, жетіліп отырады. Анықтап айтқанда, дәстүрлі қоғамда тұтас әлеуметтік құрылым космос ретінде қабылданады. Қоғамдық ережелер мен тәртіптер де осы космостық заңдылықтарға негізделіп жасалады. Сондықтан әлеуметтік сана да космостық тәртіптің символдық көрінісіне айналады. Соған сәйкес әлеуметтік сананы қалыптастыратын еліткен сана мен практикалық сана да космосты негіздейтін ғаламдық принциптердің көріністері болып шығады. Бұл мәселені жете түсіну үшін Элиаденің «космогониялық қайталау» ұғымына назар аударуға тура келеді. Элиаде ілкі қауымдық қоғамдарға (аркаикалық қоғамдар)[16] тән діни сенімдерді (мифтер, жоралғылар мен ғұрыптар) зерттей отырып олардың мифтер мен жоралғылар арқылы символдық түрде бастапқы жаратылыс оқиғасын белгілі аралықтарда ұдайы қайталап отыратынын анықтаған. Мұндай мифтер мен жоралғылар тәңірлер мен астам текті күштердің дүниені жарату барысындағы жасампаздық әрекеттерін қайтадан жаңғыртуға (жырлау, әңгімелеу, әрекеттерін қайталау) негізделген. Яғни адамдар символдық деңгейде тәңірлердің бастапқы әрекеттерін қайталауға ұмтылады. Элиаде мұны «космогониялық қайталау» деп атайды. Космогониялық қайталау арқылы адамдар сызықтық (хронологиялық) уақытты жойып, символдық түрде бастапқы киелі уақытқа қайта оралуды мақсат ететін. Өйткені сызықтық уақыт киелі бастау мен адам арасындағы ең басты кедергі болатын. Өзен секілді үздіксіз ағып жатқан уақыт адамды киелі бастаудан барған сайын алыстататын. Ал жаратылыстан бұрынғы кіршіксіз, формасыз, таза күй уақыттың араға кіруімен бірте-бірте бұзылатын. Сондықтан уақытты жою арқылы бастапқы киелі сәтке оралу, дәстүрлі қоғамның адамдары үшін маңызды рухани мақсат саналатын. Ал сызықтық уақытты жою тек киенің ғана қолынан келеді. Кие/лі/лік ортаға шыққанда сызықтық уақыттың шынжыры үзіледі. Сана бастапқы сәтке қайта оралады. Кейіннен пайда болған форма мен пішіндер жоғалады. Қағидалар мен ережелер (уақытша) күшін жояды. Рационал ақылдың бақылау күші әлсіреп, сана өзінің қалыпты шегінен асып, еліткен күйге өтеді. Осылайша жаратылыстың бастапқы формасыз күйі (хаос) қайта жаңғырады. Нәтижесінде адам рухы мен санасы бастапқы сәттегі кіршіксіз тіршілік нәрінен қайта сусындайды.

Нақтырақ айтқанда, еліткен сана практикалық сананы рухани тұрғыдан үнемі түлетіп отырады. Өйткені практикалық сананың тұрмыстық сипаты мен дүниелік салмағы адам санасындағы киелілік сезімін біртіндеп көмескілендіреді. Дегенмен практикалық санасыз, тек еліткен санаға сүйеніп, адамның тіршілігін жалғастыруы да мүмкін емес. Сондықтан бұл екі сана өлшемі қоғамдық сананың аясында өзара тепе-тең болуға тиіс. Сонда ғана қоғамда космостық тәртіпке ұқсас үйлесім орнайды. Практикалық сана қоғамды материалдық игіліктермен қамтамасыз етсе, еліткен сана рухани құндылықтармен байытады. Еліткен сана киелі бастаудан тамыр тартатындықтан, құт-берекенің көзі саналады. Онсыз материалды игілік құны мен берекетінен айырылып, жай ғана заттық дүниеге айналады. Яғни еліткен сананың қуаты материалдық игіліктерге мән-мағына дарытады. Сондықтан дәстүрлі қоғамда практикалық сана еліткен санаға қашанда құрметпен қараған. Оның рухани қуатынан нәр алуға ұмтылған.

Сал-серілердің ауылға келуі, міне, осындай құбылыс. Олар келгенде күнделікті өмірде қатаң қадағаланатын қоғамдық тәртіптің бір сәтке жіби қалуының осындай космогониялық астары бар. Мұндай сәтте әдетте ерсі немесе орнынсыз саналатын ойын-күлкі түрлеріне рұқсат етіледі. Себебі, жоғарыда айтылғандай, ауылға киенің (құттың) символы саналатын сал-серілер келеді. Киенің келуімен қарабайыр уақыт жойылып орнына киелі уақыт орнайды. Киіз үйдің іші киелі мекенге айналады. Сол себепті қағида мен ережелер қажет болмай қалады. Киелілік, бір жағынан қасаң қағидаларды ерітіп еркіндікке жол ашықанымен, енді бір жағынан, анайылық пен шектен шығатын қарабайырлықтарға да рұқсат бермейді. Жұрттың бәрі киеден өз үлестерін алып қалуға тырысады. Салдар мен серілер де халық ұсынған сый-сияпаттан өз несібесін алады. Фильмдегі Көлбай байдың Біржан бастаған сал-серілерді қарсы алу көрінісін осы космогониялық түсінік асында қарастырғанда ғана оның символдық мәні айқындала түседі.

Қысқасы, салдар мен серілердің ел ішіндегі еркіндігі мен еркелігін де осы негізде түсіндіруге болады. Әрине, бұл орайда Әсемқұлов келтірген тарихи уәжді де назардан тыс қалдырмаймыз. Ол халықтың сал-серілерді айрықша еркелетуін олардың соғыста жауға жалаңаш шапқан көзсіз ерліктерінің өтеуі ретінде түсіндіреді.  Біз бұл пікірмен келісе отырып, сал-серілерді көзсіз ерлікке жетелеген күш еліткен санадан туындағанын қоса кеткіміз келеді. Өйткені ондай көзсіз ерлік практикалық сана ондай көзсіз ерлікке бара алмайды. Бұл жерде батырлар өтуге тиіс жетпектік (инициациялық) сынақтардың ерекшелігі мен мәніне тоқталуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан мысал ретінде Арман Әділбектің «Сері жайлы әфсана» атты әңгімесіне сілтеме жасаумен шектелеміз.[17] Әңгімеде кәрі жырау соғыс алдында серілер тобының артқы жағына келіп, қобыздың тартып, жыр толғағаны суреттеледі. Жыр әсер еткенде серілер бірте-бірте өздерін ұмытып, ақыл-есінен айырыла бастайды. Осылайша дүниелік қорқыныш пен алаң сейіліп, олардың орнын рухани әлемге тән батырлық пен күш басады. Сөйтіп, олар жауға қорықтай жалаңаш шабады. Яғни кәрі жырау жырдың құдіреті арқылы серілерді практикалық сананың қалыпты өлшемінен еліткен сананың деңгейіне көтереді. Еліткен сана күйінде өмір мен өлім арасындағы шекара жоғалады. Тіпті өлімнің өзі адамды киелілікке апаратын жолға айналады.

Осы айтылғандардың бәрі еліткен сана қоғамдық санадан ығыстырылса, оның салдары қандай болуы мүмкін екендігін көрсете алады. Мұндай жағдайда, ең әуелі, халық санасындағы киелі бастау мен рухани бостандыққа деген құштарлық әлсірейді. Қоғам шынайы еркіндік пен өнердің не екенін ұмыта бастайды. Ең қасіретісі – адам өзінің рухани қасиеттерін танудан қалады. Өнердің өзі бостандықтың не екенін ұмытып кетеді. Тіпті құлдық үшін қызмет етеді. Сондықтан да Біржан сал «бұралқыдай аяқ-табақ жалаған сарай әнші, сарай күйші етігімен төрге оза ма деп қорқам, шын өнердің бағлан басы табалдырықта қала ма деп қорқам», – деп күңіренеді.

 

Сөз соңы

Осы тұрғыдан қарағанда, қазақтың дәстүрлі санасы өзінің бастапқы негізіне қайта оралу арқылы үнемі жаңарып, жасарып отыратын сана сияқты көрінеді. Мұндай сананы термин тілінде «космогониялық сана» деп атаған жөн болар. Алайда Біржан салдың «қазақ қартайыпты» деген сөзі қазақ санасын жаңғыртып отыратын еліткен сананың да өз қуатын тауысқанын аңғартатындай… Осы жерде алдымыздан шығатын ең күрделі сұрақтар мынау: қазақ санасы қайтадан өзінің киелі бастауына орала ала ма? Егер бұл мүмкін болмаса, оның рухани жаңғыруы қаншалықты мүмкін?

Бұл сұрақтар өз алдына жеке талдауды қажет етеді. Алайда «Біржан сал» фильмі арқылы біз киелі бастауға жақтас еліткен сананың жеңіліс тауып, заманға жақтас практикалық сананың жеңіске жеткеніне көз жеткізіп отырмыз. Ең бастысы, біз практикалық сананың жеңісімен құрылған қоғамда өмір сүреміз…

Осы ащы шындықты жанымен түйсінген ұлы қазақ Таласбек Әсемқұлов еді. Ол дәстүрлі дүниетанымның аясында тәрбиеленіп, жаңа заманда өмір сүрді. Оның шығармашылық әлемінен еліткен санаға тән тәжірибелердің іздері анық байқалады. Тіпті оны еліткен сананы тәжірибе еткен санаулы адамдардың бірі деуге болады. Өйткені оның түсінде аруақтар аян беретін; санасының тұңғиығына еніп жоғалып кеткен күйлерді тірілтетін; түсінде сақтардың соғыс өнерін көретін… Мұндай тәжірибелер «Талтүс» романындағы Әжігерей бейнесінен де анық көрінеді. Әрине, практикалық сана тұрғысынан қарағанда, жас баланың (Әжігерейдің) күрделі танымдық құбылыстарды түсінуі мен тылсым күйлерді бастан кешкені шындыққа жанаспайтындай көрінуі кәдік. Алайда еліткен сана үшін бәрі де мүмкін. Осы тұрғыдан қарағанда, Әсемқұлов жаңа заманда өмір сүргенімен, танымдық жағынан дәстүрлі сананың өкілі болған сияқты. Өйткені ол өмірінің соңына дейін өнері мен шығармалары арқылы қазақ санасының киелілікке деген ашықтығын қорғауға қызмет етті. «Біржан сал» фильмінің көркемдік мазмұны да осыны айқын аңғартады. Жоғарыда талдағандай, «Біржан сал» – бір дәуірдің жүгін арқалаған, мағыналық қатпарлы мол, әлі де терең зерделеуді қажет ететін туынды. Фильмнің кемшілікке баланар бір тұсы болса, ол – тым ықшамдылығы. Осыншама күрделі идеялық, танымдық және символдық мазмұн екі сағаттық фильмге жинақталған. Сондықтан фильмдегі мағыналық қабаттарды ажыратып, түсініп көру көрерменнен үлкен дайындықты талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, бәлкім фильмді серияларға бөліп, мазмұнын ашып қайта түсіруді ойластыру да керек шығар. Бәлкім, фильмдегі негізгі идея, сонда ғана көпшілікке жетер…

Ал фильм ойлы көрменін Біржан салдың тағдырымен сабақтасып жатқан қазақ санасындағы киелілік пен бостандық ұғымдарының да тағдырын ойлауға мәжбүр етеді.

 

 Пайдаланылған әдебиеттер

Әсемқұлов Т. Шығармалары. 5-том. – Алматы: Қазақ Энциклопедиясы, 2016.

Әсемқұлов Т. Шығармалары. 4-том. – Алматы: Қазақ Энциклопедиясы, 2016.

Eliade M. Kutsal ve Kutsal-Dışı / çev. Ali Beriktay. – İstanbul: Alfa Yayıncılık, 2019.

Қондыбай С. «Аруақ хақында» // Рух-Мирас. – 2004. – №1 (1). – Б. 33–45.

Fuzûlî. Fuzûlî Divanı. Haz. Abdülbaki Gölpınarlı. 2. bs. İstanbul: İnkılâp Kitabevi, 1961.

Tatar B. Sonsuzun Sınırında: Kur’an ve Tefekkür İlişkisi Üzerine, Kuramer, 2025.

Әсемқұлов Т. Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр // Abai.kz. – URL: https://abai.kz/post/12875 (қаралған күні: 30.07.2025).

Арман Әділбек: «Сері жайлы әфсана» // Әдебиет порталы. – URL: https://adebiportal.kz/kz/news/view/arman-adilbek-seri-zaily-afsana__23671 (қаралған күні: 20.06.2026).

 

Ерсұлтан Әлайдар

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы,

Ясауитану ғылыми орталығының ғылыми қызметкері

 

[1] Мысалы машина орнына ат мінеді, киіз үйде отырады деген сияқты тұрмыстық деңгейдегі дүниелер.

[2] Элиаде еңбектерінде модерн дүниені тудырған рационал ақылды үнемі сынап отырады. Ол осы арқылы үгінгі адамның назарын модерн рационал ақылдың тар шеңберіне сыймай қалған онтологиялық, діни құндылықтарға аударуға тырысады және модерн рационал сана мен дәстүрлі сананы қайтадан бірлестіруді мақсат етеді.  Яғни екі түрлі санаға да ие жаңа бр гуманист адам жасап шығуды көздейді.

[3] Егжейтілі мәлімет үшін қараңыз: Karen Armstrong, Mitlerin Kısa Tarihi, Alfa, İstanbul 2021.

[4] Сал-серілердің тарихтағы осындай «өрескел», «ұятты» әрекеттер істегеніне сенбейтін талай жасты көрдім. Олар қазақта ондай әдепсіз дүниелер болмаған деп ойлайды. Сол кезде, ұяттың, әдептің жалпы ахлақтың бір жақты стандарт танымының не екенін көрдім және осы сана туралы мақаланы жазуға ниеттендім.

[5] Фильм сценарийінің авторы әрі негізгі идеялық жедісін қалыптастырушы Таласбек Әсемқұлов болғандықтан, біз осы тақырып аясында оның дүниетанымық ұстанымдарын да ашып көрсетуді мақсат етеміз.

[6] Рене Генон бастаған дәстүршілдер дәріптеген Тәңірден берілген ілім ретіндегі дәстүрді меңзеп отырмыз.

[7]  Burhanettin Tatar, Sonsuzun Sınırında: Kur’an ve Tefekkür İlişkisi Üzerine, Kuramer, 2025, ss. 425-429.

[8] Серікбол Қондыбай. «Аруақ хақында» // Рух-Мирас. – 2004. – №1 (1). – Б. 33–45.

[9] Бұған түркілердің ислам дінін қабылдауымен бірге сал-серілердің сопылық дүниетанымды қабылдауы дәлел бола алады. Бұл  жөніндегі маңызды дәйекті және Әсемқұловтың еңбектерінен кездестіреміз. Оның пікірінше, сал-серілер түркі сопылық дәстүрінің көрнекті өкілдерінің бірі Яссауидің шәкірті Бекташ атаны пір тұтқан және өздерінің рыцарлық миссияларын исламның шахиттық ұғымы аясында жалғастырған. Қараңыз:  Әсемқұлов Т, шығармалары 5- том, «Қазақ Энциклопедиясы», Алматы 2016, Б. 136.

[10] Ғашықтық пен ынтызарлықтың арасындағы парық туралы Әсемқұловтың тамаша мақаласы бар. Қараңыз: Әсемқұлов Т, шығармалары 4- том, «Қазақ Энциклопедиясы», Алматы 2016, Б. 190-204.

[11] Mircea Eliade, Kutsal ve Kutsal — Dışı, çev. Ali Beriktay, Alfa Yayıncılık, İstanbul 2019, ss. 81-84.

[12] Бұл жерде «жөн» сөзі, «орынды», «лайықты» деген мағынада емес, «жөн сілтеу» тіркесіндегі мағынасына сәйкес «бағыт-бағдар» деген мағынада қолданылды.

[13] Фильмдегі Біржан сал ән салған кездегі халықтың ықылас-пейілін бейнелейтін көріністерден Шал- кемпірлердің көзіне жас алып, егіліп отырғанын, тіпті жас баласын емізіп отырған әйелдің әннің құдіретімен бәрін ұмытып кеткенін көреміз. Еліткен сананың қоғамдық сананы жаулап алуының ең тамаша көріністерінін бірі осы.

[14] Бұл өлең шумағының қазақ тіліндегі аудармасы қолымызға түспегендіктен, оны шамамызша аударып беріп отырмыз. Өлеңнің толық нұсқасы үшін қараңыз: Fuzûlî, Fuzûlî Divanı, haz. Abdülbaki Gölpınarlı, 2. bs., İstanbul: İnkılâp Kitabevi, 1961.

[15] Таласбек Әсемқұлов, Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр, https://abai.kz/post/12875 (30.07.2025).

[16] Элиаде модернге дейінгі қоғамдық құрылымды сипаттауға «аркаикалық қоғам» ұғымын қолданады. Серікбол Қондыбай бұл ұғымды «ілкі қауымдық қоғам» деп сәтті қазақшалаған. Алайда «Аркаикалық» ұғымының қалыптасу тарихында озитивистік танымның ықпалы болғанын ескерген жөн. Бұл ұғым батыс халықтарынан өзге халықтардың дамудың алғашқы сатысында қалғанын бейнелеу үшін ойлап табылған идеологиялық мәнге ие. Әлеуметтік ғылымдардың өзі ұзақ жыл позитивист танымның әсерімен дамығандығы себепті, мұндай терминдер мен ұғымдар ғылымның негізгі тіліне айналып кетті. Бірақ Элиаде бұл ұғымды өзге халықтарды кемсіту үшін қолданбайды, қайта оның мазмұнын байыта түседі. Осы ұғым арқылы аталатын халықтардың дүниетанымының ерекшеліктері мен артықшылықтарын ортаға қою арқылы, ғылым мен гуманист идеяға тың серпін сыйлайды. Мұны айтып отырған себебіміз, қазақ дамудың алғашқы сатысында қалған ілкі қауымдық қоғамға жатпайды. Әйтсе де қазақтың діни сенімдері мен дүниетанымы, Элиаденің тұжырымдарына сәйкес келіп жатады. Сондықтан мен жалпы жағынан ілкі қауымдық қоғамды «дәстүрлі қоғам» деп атауды жөн көрем. Әрине бұл Рене Генон бастаған дәстүршілдер уағыздайтын ілімді білдірмейді, бірақ толықтай одан да бөлек кетпейді.

[17] Толық мәлімет үшін қараңыз: «Арман Әділбек: «Сері жайлы әфсана» // Әдебиет порталы. URL: https://adebiportal.kz/kz/news/view/arman-adilbek-seri-zaily-afsana__23671 (қаралған күні: 20.06.2026).

#talasbekasemkulov2026