Ерсұлтан Әлайдар. Еліткен және практикалық саналардың қайшылығындағы Сал-серілік дәстүрдің бір көрінісі: «Біржан сал» фильмі. Таласбек сыйлығы 2026
«Еліткен сана» ұғымын түрік философы Бурһанеттин Татардың исламдағы сопылық дәстүрді тудырған сананы сипаттау үшін қолданған «есірік сана» («Esirik bilinç») ұғымының қазақ тіліндегі баламасы ретінде алып отырмыз. Бұл ұғымды бүгінгі қазақ түсінігінде «есірік» сөзінің сананың трансцендет күйін білдіретін бастапқы болымды мағынасы көмескіленіп, оның орнын «жынданған», «ессіз» деген сияқты болымысыз мағыналар басқаны үшін қолданып отырмыз. Бұл ұғымды таңдауда Серікбол Қондыбай қарастырған «елті», «елту», «еліру» және «елеуреу» сөздерінің мифтік астарлары негізге алынды.
