Анджатам қаласы және Алатайлы Аңшыбай

Серікбол ҚОНДЫБАЙ                               

Білетіндердің айтуына қарағанда, ежелгі қазақтардың бір ғажайып қаласы болған көрінеді. Бұл қалада атақты арыстары мекендепті. Кейін осы қала жер бетінен ғайып болады, тек ауық-ауық, белгілі бір уақыт өтісімен жер бетінде аз сәтке ғана көрінеді екен. Бұл қала енді өлген қазақ ерлері мен арыстарының тұрағына айналыпты-мыс. Қаланың аты көп болған, тек бәрі де ұмытылып кеткен.
Міне, осы қаланың белгілі аттарының біреуі – Аңқатам. Немесе Анджатам (Инандж). Аңыз бойынша, осы қаланы салған Алатайлы Аңшыбай деген батыр, әрі хан көрінеді.

«Аңшыбай жорықтан қайтып оралғасын халық оны хан етіп сайлайды. Ел билеуші болған Аңшыбай қазақ жерінің киелі нүктесінде бір биік мұнаралы қала салады:

Халықтан батыр ұлан бата алды,
Елін жинап көрікті қала салды
Айнала алты қабат қорған соғып,
Салған қала елдігіне жарасады
Мұнарасы мың құлаш тастан өрген
Асқақтаған аспанмен таласады.

(«Алатайлы Аңшыбай». Батырлар жыры. А. 1989, 5 том. 44-45 б.б.).

Бұл – жыр жолдарында сақталған эпизодтар. Жалпы, басты кейіпкердің, жай ғана кейіпкер емес, тұтас циклдің басында тұрған тұлғаның қала салуы – қазақ фольклорында тек осы Аңшыбайға ғана қатысты айтылады. Біз Аңшыбайдың барынша көне мифтік эпостың кейіпкері екендігін білеміз. Оның су жағасында балалық шағын өткізуі, екі аққу – екі пері қызбен некелесуі, баған орнатуы, екі орданы тұрғызуы – ең алдымен тарихи аңыз емес, бастапқы мифтік түсініктерге негізделген. Сондықтан, оның тұрғызған қаласын да ежелгі мифтегі өркениетшілдіктің сарқын көрсеткіші деп есептеуге толық негіз бар.

Бұл – қандай қала? Қадырғали Жалайырдың (1601 жыл) «Шежірелер жинағында» Нұхының ұлы Абулджи ханның (немесе Иафестің) жайлауы да, қыстауы да болған Ортау мен Көртауда болғандығын жазады. Мұндағы Көртау мен Ортау – айқын мифтік табиғат кеңістіктері болып табылады, бірақ, квазитарихи қисын оларды ежелден-ақ Орталық Қазақстандағы реалды таулармен сәйкестендіріп кеткен. Сондықтан, біз де осы үрдісті жалғастырамыз. Міне, осы екі таудағы Абулджа ханның қаласы болған, ол қала «Анджатам» деп аталыпты (Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы. А. 1997. 21-б.) Осы Абулджа ханның Анджатам қаласын Алатайлы Аңшыбай батыр салдырған қаласымен сәйкестендірудің қисыны бар, өйткені, «оғызнамалық» Абулджа хан мен Алатайлы Аңшыбай – бір текті мифтік бейненің әртүрлі ортада өзгерген екі түрлі нұсқасы болып табылады.
Абулджа ханның есімі Әбілғазының (XVII ғасыр) «Түркі шежіресінде» басқалай, «Елше хан» (орысша тәржімесінде – Амулджа хан) деп аталады, ол – Нухының баласы емес, шөпшегі болып көрсетілген. Шәкәрім ақын болса, осы ханның есімін «Елже хан» түрінде жазып қалдырған. Есімнің жазылуы әртүрлі, сондықтан «мынауысы дұрыс, мынауысы қате» деп айтудың жөні жоқ, өйткені, бұлардың барлығы да – мүлде басқаша айтылған, тек құжатқа түспеген түпнұсқа есімнен шыққандар. Яғни, Аңшыбай есімі де осылардың қатарына кіреді, жалпы алғанда Нухы да, Йафес те, Абулджа ханның көп есімі де, Аңшыбай да бір ежелгі бейненің әртүрлі болып өзгерген есімдері болып табылады.
«Нух» сөзі – ежелгі семиттік «Hh» есімінің исламдық-араби айтылу нұсқасы, христиандық-иудаистік дәстүрде оны «Ной» деп атау қалыптасқан. Олардың барлығының ар жағында ежелгі шумердің «жерасты суларының қожасы» болған Энки (аккадша – Эйя) және гиперборейлік «Нг» (немесе – «Нк») есімдері жатыр.

«Айефс» есімінің гиперборейлерше айтылуы «Нг-абас» немесе «Енг-абас», осындағы «нг» (енг) сөзі ежелгі семит тілінің бір диалектісінде «й» (ей) болып өзгерген, осындай өзгеріс прототүрік тіліне тән болған. Осылайша «Нг-абас» есімі «Й-абас» немесе «Йафес» болып өзгерген. Ал, Қадырғали Жалайыр болса, өзінің еңбегінде Йафесті Абулджа ханның  бір есімі деп жазып отыр, олай болса, Абулджа хан да – Йафес, яғни, Енг-абас болып шығады.

«Аңшыбай» есімі – ноғайлы заманында көне есімнің қыпшақыланған нұсқасы. Оның негізінде де әлгі «нк» (енк, анк) праформасы жатыр. Яғни, этимологиялық деңгейде де Аңшыбай мен Йафес-Абулджа есімдері бір текті болып тұр.

Ал, қаланың екінші атына келер болсақ, оның туынды мағынасы «сенімді, иланымды» дегенді білдіреді. Орхон-Енисей жазуларында да, Махмұт Қашғари сөздігінде де (ынанш) осындай мағынасы көрсетілген. Бұл сөз көк түрік заманында да, одан кейінгі дәуірде де мансап атауы ретінде (инақ, ел ынаншы) пайдаланылған. Міне, осы сөздердің астарында да мифтік «Андж» (Ендж), «Анк» (Енк) ұғымдары жатқан сияқты.

«Анджатам» атауындағы «там» сөзі – жұрт ойлағандай кейінгі ғасырлардағы парсы тілінен енген сөз емес. Бұл сөз көне түрік заманынан бері белгілі болған Махмұт Қашғари сөздігінде «там» сөзі – «қабырға», «дуал» дегенді білдіреді. Қазіргі тілдерде осы мағынасында бұл сөз құмық, ноғай, сарыұйғыр, өзбек, қырғыздарда кездеседі екен. «Там» сөзінің екінші мағынасы – «үйдің сыртқы төбесі», ал үшінші мағынасы – «үй», сондай-ақ бүгінде Батыс, Солтүстік және Орталық Қазақстан тұрғындарының тіліндегі «там» — «мола сыртын қошаған дуал» дегенді білдірсе, Оңтүстік және Шығыс Қазақстанның қазақтарының тілінде бұл сөз «үй» дегенді білдіреді. Түрікпендер де тамды «үй» деп біледі. «Там» А.М. Щербак деген зерттеуші шығу тегі жағынан, «сірә, түрік тілінің сөзі болмас» деп дүңк еткізеді, бірақ оның қандай қисындарға сүйеніп осындай пікір айтқандығында корей тілінде де бар екендігін келтіре отырып, сөздің тым көне заманға, алтай тіл ортақтығы дәуіріне жату мүмкіндігін айтады (Ә. Нұрмағанбетұлы. Күнгейдегі корейлердің тегі кім? «Ана тілі» газеті. Ит жылы. 11 тамыз. Сондай-ақ Е.Д. Поливанов. Статьи по общему языкознанию. М. 1968. с. 156-165).
«Там» сөзі – ежелгі мифтік таныммен сабақтасып жатқан сөз болар деп шамалаймыз. Өйткені, оның үш мағынасы – «Үй» немесе «мола» және «олардың қоршауы, қабырғасы, дуалы, жабындысы» — осыған меңзейді. Біз абақ, бейіт, қорым, қауым деген сөздердің бір мезгілде молаға да, адамның үйі мен қоғамына да қатысты қолданылатындығын білеміз. Мифологиядағы бастапқы «қуыс», «үңгір» ұғымынан «мола» мен «о дүние» ұғымы да, «үй» мен «адамзат қоғамы» деген ұғым да өрбіп шығады. «Там» сөзі де сондай жолмен бүгінгі мәндеріне ие болған. Бұл сөз латын тілінен өрбіген «дом» — «үй» сөзімен де сабақтасып жатуы мүмкін, бірақ сөздің «төменгі», «түмен» деген сөздеріндегі «төм» түбірінің бір вариантынан шыққандығын да бажайлай аламыз. Мола, оны қоршаған дуал – ең алдымен төменгі дүниенің келбеті, тек содан кейін ғана тірі адамның үйі мен қоғамын білдіретін мағына туғыза алады. Міне, Абулджа ханның «Анжатамын» да, Аңшыбайдың аты аталмаған қаласын да осындай мифтік қисынмен сипаттауға болады.

Егер Аңшыбай образының ежелгі мифтік бейне екендігін мойындай отырып, оның есімінің Аңшы немесе Анджа түрінің оғыздық аңыздардан, ең алдымен Абулджа хан туралы түсініктердің жаңа тілдік ортада қарабайырлануынан шыққан туынды есім екендігін қабылдар болсақ, онда осы атты иемденген, жергілікті деңгейде болса да билікке ие болған рудың «анджоглы» деген атпен өмір сүруін де мүмкін дей аламыз. Тек олар о бастан қыпшақ болды ма, әлде кейін қыпшақтанған оғыздар ма? – ол жағын айта алмаймыз.

Сонымен, Алатайлы Аңшыбайдың «Анджатам» қаласы оғыз дәуірінде Ұлытау-Кішітау жақта деп есептелінген. Бірақ, осы батырдың есімі, бейнесі Орталық Қазақстанда емес, Маңғыстауда, жалпы алғанда Батыс Қазақстанда таралған «Қырымның қырық батыры» жырлар циклінде сақталған. Оның себебін былай түсіндіруге болады:
Ан-Нувейридің еңбегінде келтірген қыпшақ тайпаларының тізімінде «Анджоглы» деген тайпа есімі бар. Анджоглы – осы этнонимнің С. Ақынжановтың еңбегінде келтірілген жазылу варианты. Дәл осы ан-нувейрилік тізімдегі этноним американдық түркітанушы П.Б. Голденнің еңбегінде «енкоглы» деп транскрипцияланыпты («Ана тілі» газеті. 1998. 25 маусым). Ал, мысырлық тарихшы Бейбарыс ад-Дауадардың еңбегінде келтірілген қыпшақ тайпаларының аттары арасында осы этноним «унджугли» деп келтірілсе (Қайрат Сәки. Сұлтан Бейбарыс. «Алтын Орда» газеті. 2000. 12 мамыр), дәл сол этноним К.Д. Оссонның транскрипциясында Andchogli деп беріліпті (К.Д. Оссон. От Чингисхана да Тамерлана. А.Санат. 1996. с.240). Яғни, бір этноним төрт түрлі нұсқада – «анджоглы», «енкоглы», «унджуғли», «Antchogli» түрінде берілген.

Қыпшақтағы анджоглы тайпасы, біздің жорамалдауымызша, тек XI ғасырда ғана қыпшақтанып кеткен, оған дейін оғыз тілінде сөйлеген этникалық топ болып табылады. Анджоглылар X-XI ғасырда Маңғыстауды мекендеген. XI ғасырдағы Маңғыстаудағы қыпшақ-оғыз бірлестігі тұсында олардың бір бөлігі қыпшақтанса, қалғаны өздерінің оғыздық негізін сақтады; бүгінде Иран жерінде мекен ететін «қызылбас» тайпаларының арасында аты сақталған «инанлу» тайпасы да осы   XI ғасырдағы анджоглылардың бір тармағының ұрпақтары болып табылады. Анджатам қаласының бір атының «Инандж» болуына қарап, біз әлгі қызылбастық «инанлу» этнонимінің «анджоглы» этнониміне пара-пар екендігін анықтаған болатынбыз. Инанлу, инанглы, инанжлы, инанджлы. Анжоглы тайпасының оғыздарға дейінгі (VII-VIII) этникалық тарихы белгісіз, дегенмен эпостық «Аңшыбай» образын Маңғыстауға Ұлытау жақтан алып келгендер – нақ осы анджоглы (енкоглы, инанлы) болса керек.

Алатайлы Аңшыбай – қазақ этникалық дәстүріндегі барлық батырлардың ішіндегі ең ежелгісі болып табылады. Ол – бірінші сері. Яғни, Аңшыбай – XIV ғасырдағы есен-қазақтардың жауынгерлік пірі болған сыңайлы,  оның тарихи Едіге мырзаға арғы ата болып шыға келуі де осыған байланысты. Міне, осы пірдің қазақ жауынгеріне қалдырған өсиет-кодексін толығымен қайталағымыз келеді:

Қарағым,
Ел қорғаны болам деген талабың қайырлы болсын. Бұл тілегіңді қабыл аламын.
Аңысын аңда әр істің. Айыра біл асықпай, тоғыз жолдың торабын.
Бойыңа біткен күш-қайрат пен ақыл-ой мен сананы орнын тауып жұмсай біл.
Тайғақ кешу, тар жолда бұрынғы өткен бабаның аруағы жар болсын.
Дүниенің сыры көп, әккі жаудың қыры көп – жан-жағыңды шолып қарағын.
Өз бойыңа сай болсын, сауыт-сайман жарағың.
Тұлпар болсын мінгенің, сұңқар болсын ілгенің, сұлу болсын сүйгенің, асыл болсын кигенің.
Жауыңды жеңіп ел алсаң, қатын-балаға тимегін.
Жазықсыз жанды жылатпа, тарихи тамды құлатпа.
Қайратыңа мастанып, кем адамды кемітіп, қағып-соғып құлатпа.
Қартты көрсең қайырылып, барың болса беріп кет, үй-үйден қайыр сұратпа.
Жауыңды жеңіп ел алсаң, ел сенгенше өзіңе – сол жерде жылдап тұрақта.
Таңдап ал, балам, досыңды.
Сайлап ал қонар қосыңды.
Әрқашан да ұмытпа, есіңе алып жүргейсің, өсиет деп менің осымды.
Тағы да айтар сырым бар, бар ынтаңмен ұғып ал:
Әйел деген – арбаушы, бойыңды одан аулақ сал,
Есіңнен еш те шықпасын, үйдегі бала, сүйген жар
Кетсең егер сүрініп, ғазиз басың болар дал
Дұшпандарың табалап, теріс қарап достарың, төгілер, балам, ұят-ар…

Бұл қазақ жауынгерлерінің рыцарлық кодексі, қазақ жауынгерінің жолы – яғни, «бусидосы». Осы кодекс бүгінгі қазақтың да, қазақ жауынгерінің де өмір салтына айналса оң болар еді.
Ал Аңшыбайдың қаласына, Анжатамға (Инанышқа) келсек, оның жер бетінде ізі де қалмаған. Тарих пен аңыз қисыны осы қаланың бүгінгі Ұлытауда, не Сарыарқаның тауларының бір жерінде болғандығын көрсетеді. Бүгінде, қазақ жауынгерлік рухының символына айналарлықтай, батырлардың Меккесіндей болатын тарихи-мемориалдық, жертараптық-сәулеттік комплекстің барша қазаққа қасиетті саналған Ұлытаудың бір пұшпағына орнатылғанын қалар едік. Осы жерде сақ дәуірінен келе жатқан, жерге шаншылған қасиетті семсер де, түркі заманына тән балбалдар да, сармат уақытына жататын жауынгер ескерткіштері де орын алып, дала тарихындағы ежелгі аңыздық батырлардан бастап, соңғысы – Бауыржан, Нүркен, Әлия, Мәншүктерге дейінгі есімдері бір ретін тауып көрінсе, жыл сайын бір рет те болса ата-бабаларға құрбандық шалынып, әскери-ғұрыптық, салттық рәсімдер өткізіліп тұратын болса, бүгінгі «сен тимесең, мен тимен» деген селқостық пен салғырттықты ту еткен жасық ұлттық психологиямызды ауық-ауық тітіркендіріп тұратын тетік табылған болар еді. Біздікі – идея беру ғана, жобалау – осындай идеяны дұрыс түсіне білетін сәулетшілер мен мүсіншілердің, ұйымдастыру – ел басшыларының шаруасы. Әр аймақтың әр салмақтық категориядағы батырларын дәріптей бергеннен бірлік нығаймайды, сондықтан ұлтты жұмылдыра алатын, рулық меншігі жоқ, баршаға ортақ бола алатын көне заман тұлғаларын дәріптеген әлдеқайда тиімді болмақ.

Алтын орда, 3.05.2002 ж