Қондыгердің бір-ақ беттік тарихы…

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ

Өткен өмірдің бір оқиғасы еді. 1968 жылы Ресейден орыс тілінде шығатын «Пионер» журналы жазушы Л.Воронкованың «От – өмірдің ізі» («След огненной жизни») атты, балаларға арналған романын жариялай бастады. Журналдың әр санын асыға күтетінбіз. Әлемді жаулап, ұланғайыр мемлекет құрған, ақырында скифтерді бағындырам деп келіп ұлы далада Томирис ханшаның қолынан қаза тапқан парсының патшасы Кирдың өмірі жайындағы есіміз кете оқыған бұл қызғылықты роман, шындығында тарихтың әкесі болып саналатын Геродоттың кітабынан алынған көп хикаяның бірі ғана екенін біз кейін, есейгенде білдік. Бала едік. Туғанынан өлгеніне дейінгі өміріне куә болған біз үшін Кир патша (ескі парсы тілінде Құрыш патша) әлемдегі ең ұлы тұлға болатын. Шаң жуытпайтынбыз. Оның жауы – бізге жау, оның досы – бізге дос, істегенінің барлығы дұрыс болатын. Ақырында есейіп ержете бастап, түрлі ғылымдармен, тарихпен айналысып оң мен солымызды тани бастағанда сонау ықылым алыста қалған балалық шақтан алып шыққан ең асқақ идеалдар бір-ақ күнде күйреген еді. Жабайы жау саналған скифтер – өзіміздің көне бабаларымыз екеніне, ал бала жасымнан ерлігіне, мемлекеттік, елдік істеріне сүйсініп келген Кир патша біздің Отанымызды, кіндік қанымыз тамған қасиетті топырағымызды жаулауға келген, ешқандай аяушылықты білмейтін, бітіспейтін дұшпан болғанына көзім жеткен күні мені бір үрей биледі. Жо-жоқ, бұл аруақтардың алдындағы үрей емес еді.

Лермонтов бір өлеңінде айтады емес пе, «Мен бұғауда өсіп темір торда отырған бүркітпін» деп. Тоталитарлық системада туып, «сананың тепкісінде», бір шындығы жоқ өтірік тарих атмосферасында өскен советтік балаларға әлдебір кінә қою, айыптаудың өзі – әбестік. Мен «советтік тарих» деп аталатын ғылымның қалыптастырған жалған ғаламының масштабынан шошындым. Сыртқы түрі шын тарихқа ұқсайтын, аты шыққан авторитеттерге сілтемелері бар ұланғайыр жалған хикая. Тұтастай хикаяға емес, оның кейбір тұстарына ғана күмән келтіріп көріңіз, содан соң не болатынын көресіз. Берісі – қоғам тарапынан, ғылыми әулет, әріптестер тарапынан айыпталып, атақ-абыройдан айырылып жұмыстан қуыласыз. Арысы – абақты мен бір түйір қорғасын. Бүгінгі қазақ біздің бұл айтқанымызға сенбеуі мүмкін. Бірақ совет заманында тарих ғылымының сиқы осындай болатын. Басқаша болуы мүмкін де емес, себебі тарих – идеологияның ең басты құралы. Адамдардың барлығы бірдей ойлайтын, бірдей түйсініп-сезінетін коммунистік қоғам құру үшін, адам санасында биттей алалық болмау керек. Сол үшін халықтарды өзінің табиғи менталитетінен, ұлттық санасынан айырады, сол үшін ақылды, білімді, жөн білетін адамдарды жояды. Орыстың бір философының айтқаны бар, «Совет Одағында тарих ғылымы жоқ. Біздің тарих деп жүргеніміз – өткен заманға сәулесін түсірген, өткен заманға төңкерілген бүгінгі саясат» («В Советском Союзе нет исторической науки. Наша история – это наша политика опрокинутая в прошлое») деп. Анық сөз саптасы есімде жоқ, бірақ мағынасы тура осындай.

Әрине, тарихи деректе күнә жоқ. Егерде ол адал тарихшы келтірген шын дерек болса. Тарихи жәдігерде күнә жоқ. Егерде ол, әлдебір әміршінің, әлдебір билеуші әулеттің қас-қабағына қарап жазылған емес, тек қана шындықты таяныш еткен жәдігер болса. Тарихты бұрмалайтын, жалған сөйлейтін тарихшы қазір де бар, бұрын да болған. Өзі куә болғанды адал жазған, бұрынғы тарихты ақиқат елегінен өткізіп қолдан келгенше шындықты қалыптауға тырысқан арлы, жауапкершілікті тарихшы қазір де бар, бұрын да болған. Демек, өткеннің бәрі шындық емес екен. Барлық уақыттағыдай, дән менен топанның аралас болатындығындай ақиқат пен жалған үнемі қатар жүреді екен.

Енді, құрметті оқырман, осы қағидаларды ойға ала отырып өзім бүкіл саналы өмірімде зерделеумен өткен, әлемдік ғылымда Кир менен Томиристің соғысы деп таңбаланатын, ал бізше, осыдан екі жарым мың жылдай бұрын сахарада болып өткен ұлы қантөгісті, біздің қасиетті Тұмар әжеміздің Құрыш патша бастаған көне парсының батысқа, түн түбіне жасаған ұлы жаугершілігін тоқтатқан, осылайша мәжүсилікте, жабайылықта жатқан Еуропа жұртшылығын, қаншама халықты өз еркінен, өз әрекетінен тыс құлдықтан құтқарған ұлы күресін шама-шарқымша баян етіп берейін.

Әлқисса, ерте-ерте заманда Мидия деген елде Астиаг деген патша жасапты. Мидияның астанасы Экбатан, әлденеше шақырым биік дуалмен қоршалған, дуалдың сыртын айналдыра қазып су толтырған терең оры бар, қамбаларында неше жыл жесе таусылмас астығы, құдықтары мен кәріздерінде неше жыл ішсе таусылмас суы бар, алынбас берік қамал екен.

Қазіргі тарихқа сүйенсек орта ғасырларда Әмудария мен Сырдарияның арасы Мәуреннахр деп аталған екен. Парсы мен түріктің ортақ лексикасында «нехир» – «өзен» дегенді, ал «мәурен» – «екі аралық» дегенді білдіреді. Яғни, Мәуреннахр – екі өзеннің арасындағы жердің аты. Бірақ, ерте заманда Месопотамиядағы Тигр және Евфрат өзендерінің арасы да Мәуреннахр деп аталған. Кейіннен бұл бүкіл Ғажам өлкесінің екінші атына айналыпты. Міне, біз әңгіме етіп отырған Экбатна шаһары осы абат өңірдің қолқа-жүрегіне орналасқан екен. Астиагтың бала кезінде бұл өлкені көшпенді скифтер жаулапты. Сол кездегі отырықшы елдердің тарихнамасындағы ресми дәстүр-салт бойынша, көшпенділер ықты-жарды тыңдамайтын жыртқыш, сырт келбеті адам демесең табиғат құбылыстарына ұқсас мылқау күш бейнесінде көрінеді. Астиагтың әкесі Қиақсар патша, елге ауыр салмақ болған көшпенділерден құтылудың амалын ойлайды.

Осылайша күндердің күнінде скифтерді мол дастархан жасап қонаққа шақырады. Қонақтар тұтастай қақталған сиыр мен қойдың етін опырып жеп, шарапты сабасымен төңкеріп, ақырында мас болып, әр жерге қылжиып ұйықтап қалады. Осы кезде Қиақсардың дайындап қойған әскерлері келіп өлі ұйқыда жатқан скифтерді қырып салады. Рас-өтірігін кім білген, бірақ ескі жәдігерлер осылай баян етеді.

Әкесінің тағын иемденген Астиаг бір күні түс көреді. Түсінде өзінің қызы Мандана төбесі көк тіреген терекке айналыпты. Теректің көленкесі бүкіл әлемді жауыпты. Шошып оянған Астиаг күні бойы қобалжып жүреді. Келесі түні тағы түс көреді. Бұл жолы патшаның қызы ұшан дарияға айналыпты, жайылып бүкіл дүниені алыпты. Айқайлап шошып оянған Астиаг сарайға дереү жұлдызшы ғалымдарын, түс жоритын сәүегейлерін алдырады, болған жайды айтады. Сонда сәүегейлер ақылдаса келе айтыпты, «сіздің басыңызға бұлт үйірілген екен, қызыңыз Манданадан туған жиеніңіз сіздің алтын тағыңызды алады, жихангер болып ақырында бүкіл әлемді жаулайды» деп. Сәуегейлер кетіп қалғаннан кейін патшаның бір ақылшысы айтыпты, қызыңызды қолынан ештеңе келмейтін бір езге беріңіз, ар жағын көре жатарсыз деп.

Қазіргі Иран, бұрынғы Парсы ол кезде Мидияның құрамында отырған Аншан деп аталатын шағын ғана уәлаят екен. Астиаг ойлап-ойлап қызын осы Аншанға өзі билеуші етіп тағайындаған, ұрыс-соғысқа жоқ, момын Камбиз есімді адамға ұзатады. Кейіннен Мандана айы-күні жетіп, босанып ұл туғанда, сол ұлды ұрлатып сарайға алдырады. Баланың жөргегін ашып көрген Астиаг өзінің бас уәзірі Гарпагты шақырып алып, нәрестені соған табыстап, тауға апарып өлтіріп таста, тағылар жеп кетсін депті. Гарпаг, бәрінен бейхабар, маңдайы жарқырап күліп жатқан нәрестені өлтіруге қолы бармай өзінің қойшысы Митридат деген адамды шақырып соның қолына табыстайды. Митридат баланы үйіне алып келгенде, сол күні оның әйелі Спако да босаныпты. Баласы өлі туған екен, сол мәйітті тауға апарып, кейіннен қол басындай ғана қаңқаны бас уәзірге әкеліп беріпті. Гарпаг баланың өлтірілгеніне патшасының көзін жеткізіпті. Сонымен Астиаг көңілі жайланып тыныш тауыпты.

Осылайша Құрыш есімді бала тумай жатып осындай өткелектерден өтіп тағдырдың қалауымен тірі қалыпты.

Құрыш алғыр, қажырлы болып өседі. Әкесіне еріп патшаның қойы мен сиырын бағып жүріп ат құлағында ойнайтын шабандозға айналады. Бірде балалар патша сайлап ойын ойнайды. Құрышты патша қылып тағайындаған екен, ол жарлығын орындағысы келмеген бір баланы қатты жазалапты. Ол байдың баласы екен, әкесіне жылап барыпты. Бірден-бірге кеткен дау-дамай ақырында Астиаг патшаның алдына жетіпті. Құрышты алғаш көргенде, оның патша тағында отырған өзінен айнымайтынын көріп Астиаг айран-асыр таң қалған деседі. Митридатты шақыртып алдырып, «мынадай бала саған қайдан келді» деп сұрапты. «Өзімнің балам» депті Митридат. Астиаг жендетті шақыртып, мына қойшы шынын айтсын, азаптаңдар дейді. Ақырында отқа қыздырған қанжармен жонынан таспа тілгенде Митридат барлық шындықты айтыпты.
Астиаг патша жиенінің құрметіне той жасайды, күндізгі тойға Құрышпен жасты балаларды шақырады. Бас уәзірдің баласы да шақырылған екен, бала үйден шығарда бір жамандықты сезгендей әкесіне қимай-қимай қарапты. Гарпаг, ойында ештеңе жоқ, «бара ғой, құлыным, құрбы-құрдастарыңмен көңіл көтеріп қайт» деп баласын шығарып салады. Бірақ, уәзірдің баласы тойдан қайтпай қалады. Қобалжыған Гарпаг кешке тойға өзі барады. Астиаг уәзіріне нешетүрлі дәмді табақ-табақ қылып тартқызады. Ең соңында «мен саған бұрын жеп көрмеген бір тамағыңды татырайын» деп қолымен белгі береді. Даяшы Гарпагтың алдына бетін жібекпен жапқан бір керсенді әкеп қояды. «Ашып, дәм тат» дейді Астиаг. Уәзір керсенді ашып, ішінде мүшеленіп бұзылған өз баласының етін, еттің үстінде тұрған басты көреді.

«Бұл әмірімді орындамаған, мені алдаған уәзірге ғана емес, маған арамдық істегендердің барлығына менің жасайтын сыйым» деген екен Астиаг. Гарпаг қажырлы ер екен. Патшасының істеген сұмдығынан көзі қарауытып, бүкіл дүниесі төңкерілсе де, ішіндегісін білдірмей, орнынан тұрып иіліпті де «кешіре көріңіз, әміршім, бұл маған лайықты жаза» депті. Депті де керсенді алып сарайдан шығып жүре беріпті. Баласын арулап қойғаннан кейін, Гарпаг енді ішіне қан қатып, патшадан қалай кек алуды ғана ойлаған екен. Бірақ, сыртқы түрінде еш өзгеріс жоқ, күнде сарайға келіп, патшаға адал құл болып, міндетін қалтқысыз атқарып жүре беріпті.
Астиаг сәуегейлерін шақыртып, болған жайды баян етіпті. Сәуегейлері айтыпты, «Сіздің жиеніңіз ойын кезінде ойнап болса да патша тағына отырды осымен аруақтардан келген аян орындалды, енді қорықпай-ақ қойыңыз» депті. Астиаг көңілі жайланып, баланы Аншан уәлаятына, әкесі мен шешесіне аттандырады. Ал енді Матридат пен Спаконның жайы не болыпты? Құрыш ата-анасының қолына барғаннан кейін, өзін ажалдан алып қалған, асырап-жеткізген осы екі адамның тағдыры не болғанын білмек болып, қолынан келгенше талай рет іздеу салыпты. Бірақ, олардың не күйге ұшырағанын анықтай алмапты. Кейіннен нағашы атасының астанасын алып тағына отырғаннан кейін ғана шындыққа жетіпті. Астиаг патша осы қазіргі әміршілердей-ақ екен. Кейін жиенінің төңірегінде түрлі қаңқу әңгіме өрбімес үшін Митридат пен Спаконы сарайға алдырып азаптап өлтіріпті. Ал, бақташының кішкентай ғана құжыра үйі тып-типыл өртелініпті. Міне, патшаның әулетіне жазатайым жұғысқан, тіпті жақсылық жасаған адамның өзі көп жағдайда осындай кепке ұшырауы мүмкін екен.

Құрыш есейіп ержетеді. Міне, осы кезде оған бір құпия хат келеді. Хат иесі баяғы уәзір Гарпаг екен. Ол кезде де уәлаяттардың арасындағы торап жолдарда кеден тұрады екен, ары-бері өткен адамды тексеретін күзетшілер болады екен. Гарпаг кеудедегі бас кететін аса қатерлі іске барғанда, әлбетте, барлығын ойластырады. Хатты жабайы таушан-қоянның ішіне тігіп жіберіпті. Гарпагтың хатын жеткізетін адам аңшылар сияқты киініп, кеденнен осылай өткен екен. Кеденшілер ойында ештеңе жоқ, беліне бірнеше қоянды асып алған адамды Аншан уәлаятына қарай өткізіп жібереді. Міне, Мидияның күйреуіне, Астиагтың тақтан айрылуына, Құрыштың билікке қол жеткізіп қазіргі Индиядан бастап Балкан түбегіне дейінгі жерді жаулап Ұлы Парсы империясын құруына, осылайша адамзат тарихын мүлдем басқа арнаға бұрған ерекше оқиғалар тізбегіне себеп болған бір жапырақ қағаз өзінің адресатына осылай жеткізілген екен.

Енді хаттағы мән-жайға келейік. Бұл кезде Астиагтың ішкі-сыртқы саясаттағы қателерінен әлеуметтің ахуалы шиеленісіп, ушығып кеткен. Сарайда, патшаның жанында отырып мемлекеттегі ахуалды қалт жібермей қадағалаған бас уәзір Гарпаг, Астиагтың бірнеше осал жерін жазбай таныған. Ең әуелі патшаға Мидияның ақсүйек әулеті, билік жүйесін ұстап отырған аристократия мен шенеуніктер қарсы. Содан соң бүкіл дін мен мемлекеттегі барлық діни рәсімдерді атқарып отырған сахабалар қарсы. Ең соңында әскербасылардың дені патшаның орасан қаталдықтарынан жүрегі шайлығып, тек бастарын қосып бұлғаққа бастайтын адамды күтіп отыр. Осы факторлардың барлығын есептеп келген Гарпаг қимылдайтын кез жетті деп шешеді. Әрине, сарай өмірінің қыр-сырына жетік тәжірибелі, әккі уәзір үлкен сақтықпен қимылдаған. Өзіне керек адамдарды әлденеше тексерістен өткізген. Ақырында істің сәті білінгенде қапысыз қимылдаған. Әлбетте, аяғы алмағайып бұндай бұлғақты бастау үшін патшаның өзі және жанындағы адал ақылшылары сенетіндей үлкен бір оқиға себеп керек. Кәріні де, жасты да, тіпті, дүние есігін жаңа ашқан нәрестені де қолы қалтырамай өлтіретін, адамның қадірін білмейтін тексіз патшадан кек алуды көздеген бас уәзір, ойлап отырып ақырында баяғы өзі өлімге қимай қоя берген Құрышты есіне түсіреді. Аншан уәлаятында, уәли деген аты ғана, ел қатарлы қоңыртөбел тіршілік кешіп жатқан Камбиздің ұлы, болашақ ұлы патша Құрышқа кемеңгер уәзір Гарпаг өзінің хатын осындай жағдайда жолдаған екен.

Тағдырлы хаттың тағдыры

Гарпаг өзінің хатында Мидияның ішкі-сыртқы ахуалын қысқаша айтып береді, билеуші әулеттің, әскербасылардың патшаға қарсы екенін білдіреді. Өздерінің Астиагқа ашықтан-ашық қарсы шыға алмайтындықтарын, бұл ұлы істі бастау үшін әлдебір сыртқы себеп керек екенін айтады. Сөз соңында Құрышқа, Аншан уәлаятының халқын көтеріліске бастасаң деген ашық ұсыныс жасайды.
Кейінгі зерттеушілер (мен бұл жерде біздің заманның ғалымдарын айтып отырмын) осы таңғажайып оқиғаны көп зерделеген. Ел ішінде бұлғақ ұйымдастырудың, мемлекетті құлатудың технологиялары барлық уақытта бірдей, бір-біріне ұқсас болып келеді. (Алысқа бармай-ақ, бізбен қандас саналатын осман түріктерінің тарихына жүгінейік. Бірнеше лек болып Азиядан қоныс аударған селжүк тайпалары қазіргі Түркияның Иракпен шекаралас бір шағын аймағын Византияның императорынан сұрап алады. Есен Бұға бастап барған жауынгер ел саны көбейіп жерге симай бара жатқанда, іздегенге сұраған дегендей, гректің жергілікті шаруалары императордың үстінен арыз айтып түріктерге келе бастайды. Ақылға симайтын салық жүйесі Византияның түбіне жетті деп жазады ғалымдар. Гректің шаруаларына жаны ашып, салық жинауға келген салықшылармен ілініскен жанжал ақырында түрік-грек соғыстарының себебіне айналып, Византия, императордың үстемдігінен құтылып, көне өркениеттер бесігінде бүгінгі Түркия пайда болыпты).

Кәмелетке жетіп қалған, шешесі мен әкесінің шым-шымдап айтқан әңгімесінен өзінің биік несібесі, ұлы болашағынан толықтай хабардар Құрыш көп ойланыпты. Өзін аңдыған жау көп, ал ең үлкен жау – нағашы атасы Астиаг бұның әр қадамын қадағалап отыр. Алғашында ұшбу хатты Астиагтың арандатуы ма деп те ойлайды, бірақ ол ойынан айниды. Сонымен болашақ жарты дүниенің әміршісі тәуекелге барады.

Әуелі Аншанның шаруаларын жинап алып бір күн бел жаздырмай ауыр еңбекке салыпты. Ертеңіне әкесінің азынаулақ дәулетін шашып, егін даласына дастархан жасатып, жұртты кәуапқа тойғызып, шарап ішкізіп мәз-мереке қылыпты. Үшінші күні жұртты жинап, «ал, кәне, айтыңдаршы, қара терге малшынып еңбек еткен жақсы ма, әлде ішкен мас, жеген тоқ, өмірді мерекемен өткізген жақсы ма» деп сұрайды. Әрине, жұрт ішіп-жеп, көңіл көтергенді қалайды. Ендеше, қашанғы Мидияның, оның тойымсыз әміршісі Астиагтың құлы болып жүре бересіңдер. Мен сендерді еркіндікке, тәуелсіз өмірге шақырамын. Еріңдер менің соңыма. Менімен бірге болыңдар, бірге өліңдер. Не еркін ел болайық, не бүйткен тіршіліктің керегі жоқ, барлығымыз жер жастанайық» дейді. Дені өзінің жасөспірім замандастары, қолдарында кемел қаруы да жоқ бірнеше мың адам осылайша қатерлі, жанкешті жолға түсіпті.

Алғаш хабар келгенде Астиаг сенбеген көрінеді. Көтерілісшілерге қарсы тіпті әскер шығаруды керек деп таппаған екен. Осының арқасында Құрыш бастаған, енді белгілі бір тәртіпке бағынып, жүйеленіп, әскер болып қалыптана бастаған жасақ жергілікті жердегі Мидияның бірнеше гарнизондарын талқандап, қолдары қаруға жетіп, енді басқа ұлттарды, уәлаяттарды өзіне қосып ала бастайды. Оның үстіне Астиагты қайтқен күнде соғысқа ұрындыруды көздеген әскерилер, көтерілісшілердің істерін, олардың жетістіктерін әлденеше есе өсіріп жеткізеді. Империяға қауіп төнгенін сонда ғана түсінген Астиаг үлкен әскер жарақтап Құрышқа қарсы аттандырыпты. Адамды Құдай ұрарда, әуелі оны ақылынан алжастырады ғой. Астиаг патша жер қайысқан әскерге бас сардар қылып өзінің уәзірі Гарпагты тағайындапты. Гарпаг осы әскермен, Аншаннан аулақта, ала-құла қаруланған жасақты бастап әрі-сәрі күйде тұрған Құрышқа келіп қосылады. Осылайша, бозбала Құрыш, көзді ашып-жұмғанша әлемдегі ең күшті армиялардың бірінің сардары болып шыға келеді.

Сұмдық хабарды естіген Астиаг күйіктен өліп кете жаздапты. Ең алдымен тындырған ісі – бүкіл сәуегейлерін, жұлдызшы ғалымдарын жинап алып, жалынып-жалбарынып, жылағанына қарамай барлығын қырып салыпты. Құрыш патша туралы жазылған көп романдардың бірінде мынадай эпизод бар. Астиаг сәуегейлерге ақырып, «Сендер мені алдадыңдар, сол үшін осы жерде барлығыңның басың шабылады» дейді. Сәуегейлер мен ғалымдар жылап-еңіреп патшадан рахым сұрайды. Сонда бір ғалым басын биік ұстап үндемей тұрады. «Сен неге жалбарынбайсың?» депті Астиаг. «Оның не керегі бар» депті ғалым, «сен тек тұрғанды да, жалбарынғанды да өлтіресің». Содан соң күледі. «Неге күлесің?» дейді Астиаг. Сонда ғалым, «баяғы аспаннан түскен аян орындалып, бірнеше күннен кейін сендей қанішердің билігінің аяқталатынына қуанып күліп тұрмын» дейді. Әрине, бұдан кейін оның басы шабылады. Осы шаруаны тындырып болған Астиаг шұғыл сауын айтып, Мидияның қалған әскерін ең соңғы сарбазына дейін бір тудың астына жинайды. Сөйтіп қол бастап жауға қарсы өзі аттанады. Бірақ, басынан бақ тайған патша алғашқы ұрыста Құрыштан, дәлірек айтқанда өз ақшасымен жарақтаған әскерден масқара болып жеңіліп, майдан даласынан шегініп, астанаға қайтып келеді, қақпаның барлығын бекітіп, орды суға толтырып қорғанысқа көшеді. Ар жағы тіпті оңай. Құрыш келіп астананың алдына ту тіккенде қала халқы қақпаны ашып береді. Месопотамия, бізше Мәуреннахрда алғаш құрылған, заманына лайық озық экономика, биік мәдениет қалыптастырған империялардың бірі болып саналатын Мидия осылай құлаған екен. Жаңадан құрылған Парсы империясының құрамына осылай кірген екен.

Құрыш өзінің нағашы атасына кеңшілік жасапты, Гарпагтың айтуымен алыс бір уәлаятқа уәли қылып тағайындапты. Астиаг кетерінде Гарпагқа «Кегің қайтты ма, қайтса мені неге өлтіріп тастамайсыңдар?» дейді. Сонда Гарпаг айтыпты «Сен сияқты бейбақ үшін тақтан айрылып қатардағы құлдың дәрежесіне түсудің өзі өліммен тең емес пе? Ал менің құлмен кек алысатын әдетім жоқ» деп. Астиагтың бұдан кейінгі тарихы бұлдыр. Қартайып өліпті деп куәландырады бір жәдігер. Жеңіліп тақтан түскен күні күйіктен өліпті деп куәландырады енді бір жәдігер. Тағы бір романда мынадай эпизод бар, өтірік-шынын кім білсін. Жылдағы салықты астанаға алып кетуге келген зекетші Астиагтың жер жебіріне жетіп ұрсады. Мына салықты неге аз жинағансың, мен сені осының үшін дүрелеп алуға хақым бар дейді. Бір кездегі өзінің зекетшісі, өзінің құлы айтқан сөзге төзе алмаған Астиаг сол жерде өзіне-өзі қанжар сұғып өледі.

Қонған бақтың ұшардағы тарихы…

Таққа отырған Құрыш, мемлекет басқару деп аталатын зілдей ауыр міндетті мойнына артады. Вавилон, Ассириямен екі арадағы жер дауы, бұрынғы болған соғыстардың ізі, алыстағы Мысырмен екі арадағы дипломатиялық ойындар, Грекиямен (Юнан) болашақ соғыстарға дайындалу… толып жатыр. Бірақ, жас патша іске ерен қажырмен кіріседі. Әуелі Вавилонға (бізше Бабыл) қарсы соғыс ашады. Бұл соғыс ұзаққа бармапты. Құрыш қаланы қоршауға алып азғантай ғана қамайды. Содан соң Вавилонның атаусыз патшалары, шын билік иесі сахабалар Набонид патшаны тұтқындап қаланың қақпасын ашып береді.

Азғантай уақыттың ішінде Құрыш патша қазіргі солтүстік Индия, Ауғанстаннан бастап жарты дүниені жаулап үлгереді. Осы жеңімпаз соғыстардың тарихын қарап отырсаңыз таңғажайып бір құбылысты байқайсыз. Көптеген қалалар қақпаны өздері ашып беріпті. Неге? Әлбетте, жаулаушы, қарсыласпай, соғыспай бас игеннің жаны қалады деп уәде береді. Барлық соғыстарда дерлік солай болады. Қоршауға түскен қалалардың халқы көп жағдайда қаланы қиратпай аман алып қалу үшін, және ең бастысы өз жанын сақтау үшін жауға беріледі. Бұл түсінікті. Бірақ, бұның сыртында тағы бір кілтипан бар. Ол кезде ұлттық мемлекеттер әлі пайда болмаған сияқты. Халыққа кім билесе де бәрібір, әйтеуір патша өзі билеген жұртына жайлы болса болды. Ал, жайлы болмаса, онда мәселе басқаша. Көп жағдайда қала халқының жауға берілген сатқындығына … әміршінің өзі кінәлі. Әскери міндеттен (бітпейтін соғыстарда қолына қару ұстай алатын еркек кіндіктінің барлығын тауысып бітіретін ақымақ патша кімге керек), қолындағы барын сыпырып алатын ауыр алым-салықтан, адамдығын таптайтын езгі мен қорлықтан әбден шаршаған халық ғайыптан келген жаулаушыға қақпасын ашып, патшасын өз қолымен ұстап әкеп беріп жатса, оның қайран қалатын ештеңесі жоқ. Ол кездегі отырықшы халықтар елдік үшін, еркіндік үшін күреспейді – тыныштық үшін, еселі, тірнекті еңбекке кедергі келтірмейтін тыныш өмір үшін күреседі. Құрыш патшаның таңғажайып жеңістерінің сыры, аз уақытта ұланғайыр жерді алып, пәленбай патшалықты бағындыруының сыры осында жатыр.

Бірақ, тұтас патшалықтардың, тұтас халықтардың өз еркімен берілуінің артында сұмдық салдары бар. Қақпасын ашып қаласын өз қолынан берген, жерін өз еркімен ұсынған халық жай қуанбайды, «бізді азат ететін, тыныш өмір беретін патша келді, бұндай патшаны Құдайдың өзі жіберіп отыр» деп аспанмен астасқан мадақ жырларды жырлайды. Жаулаушы өзінің әлемді азат етуге келген жихангер екеніне шынында да сене бастайды. Содан соң бұл сенім ақырсоңында үлкен жаһандық идеяға айналады. Содан кейін жаңа патшаның маңайына ұйысқан, билікке, байлыққа аш жаңа элита да оны жаугершілікке итермелей бастайды. Құрыштың Мәуреннахрды жаулаумен шектелмей, тоқтай алмай ары, Грекия (Юнан) тарабына қарай аттануына осы екі фактор әсер еткен. Жеңімпаз патшалар бітпейтін соғыстың жолына осылай түсетін болған.

Құрыштың грек дүниесіне қарсы аттанып Кіші Азиядағы жаулаған алғашқы мемлекеті Лидия деп аталған. Мермнад деп аталатын патша әулетінен шыққан Алиатт патша елін белгілі бір кезеңнен асырып көз жұмғаннан кейін таққа оның баласы Крез отырады. Лидия патшалығы қазіргі жөнмен алатын болсақ Түркияның оңтүстік-батыс аймағын алып жатқан Измир уәлаятына сәйкес келеді. Патша әулетінің бағына орай мемлекетті қақ жарып суында еріген алтыны көп Паттол өзені ағады екен. Осы өзеннің табанына қойдың терісін төсеп, біраз уақыттан соң алып кептіріп, жүнін қырқып отқа жаққанда, бір қойдың терісінен жұдырықтың үлкендігіндей алтын қорытылып шығады екен. Осылайша тонналаған алтын өндірген Крез сол кездегі ең бай патша саналыпты.

Бірде, көне дүниеде ақылымен, ой-өресімен аты шыққан данышпан Солонды Крез өзінің астанасы Сард қаласына арнайы шақыртумен алдырады. Ақылгөй философқа тиісті сый-сияпатын жасаған Крез соңында оны өзінің қазынасы тұрған сарайға алып кіріп аралатыпты. Бірақ, Солон тау-тау болып үйіліп жатқан алтын-күміске, кеспектерді сындыра жаздап тұрған інжу, зүбәржат, гауһар тастарға немқұрайды көз тастап, шығып жүре беріпті. Сәл тіксініп қалған Крез артынша бір отырыста данышпаннан «Әлемдегі ең бақытты адам кім деп ойлайсыз?» деп сұрайды. Солон өзін айтады деп үміттенгені белгілі. Бірақ, Солон ерлікпен қаза тапқан, өлгеннен кейін халықтың құрметіне бөленген бір адамды, содан соң жегетін ат таба алмай, аналарын арбаға отырғызып Құдайлардың пантеоны тұрған ғибадатханаға жаяу сүйреп келіп, сол жерде ұйықтап кетіп оянбай қалған, халқының аяулы есімдеріне айналған екі бозбаланы айтады. Шамданып қалған Крез, сонда осынша байлық жинаған, осындай үлкен жұртты билеп отырған мен, менің басыма қонған бақ түкке де тұрмағаны ма дейді. Сонда Солон айтты дейді «Мен адамның басына дәл осы сәтте қонған баққа көп сене бермеймін, себебі бақ аумалы нәрсе. Адам өмірінің немен аяқталғанын көріп барып қана оның бақытты я бақытсыз екенін айтуға болады. Сондықтан сіз жайында мен ештеңе айта алмаймын» деп. Ашуланған Крез, ақылгөй Солонды салқын ғана шығарып салыпты.

Осы кезде Кіші Азияның шетінен парсы әскерінің алдыңғы легі көрінеді. Крез патша пәлекеттің алдын алмақ болып, Дельфтегі сәуегейлерге сияпат ретінде мол алтын жіберіп, мен Құрыш патшамен соғысайын ба, әлде соғыспайын ба? Соғыса қалсам, елімнің, өзімнің тағдырым не болады деп сауал жолдайды. Дельфтің сәуегейлері ешқашан нақты жауап бермеген ғой. Бұл жолы да Крезге адам түсінбейтін екіұшты жауап беріпті, соғыссаң, сен гүлденіп тұрған ұлы мемлекетті күйретесің, депті.

Бұл сәуегейлікті Крез өзінше жориды, гүлденіп тұрған мемлекетті Парсы деп шешеді, Құдай жолымды болдырайын деп тұр екен дейді. Сонымен, Крездің армиясы парсыларға алдымен шабуыл жасайды. Үлкен жазықта болған күнібойғы шайқаста екі әскер тең түскендей екен, бірақ күн түстен ауғанда Крез өзінің атты әскерін алдыңғы шепке шығарады. Құрыш Лидияның кавалериясына қарсы Азиядан алып келген түйе мінген шерікті қарсы қояды. Лидияның жылқылары бұрын көрмеген жануардың сабалақ жүнінен, жаман исінен шошып, тулап кері бұрылыпты. Осылайша лидиялық әскердің шебі бұзылып опыр-топыр болады. Осыны пайдаланып Құрыш шешуші шабуылға шығады. Көп ұзамай жарым-жартылай қырылған Крездің армиясы тізе бүгеді. Крез тағынан, Лидия егемендігінен айрылады. (Кейіннен Крез, «сендер мені алдағандарың не, арандатып соғысқа ұрындырғандарың не?» деп дельфиялық сәуегейлерге өкпе-назын айтқанда, олар «біз саған гүлденіп тұрған мемлекетті күйретесің дегенді сенің өз мемлекетіңді айтып едік» деп жауап беріпті).

Парсылар Крезді отқа өртемек болады. Биік үйілген отынның үстінде байлаулы тұрған Крез, от алғаш лапылдағанда «О, Солон, Солон, қайдасың данышпаным!» деп айқайлап жылапты. Құрыш, бұл не деп тұр, кәне отты өшіріңдер дейді. Аздан соң алдына келтірілген Крезден сұрапты, Солон деген кім, оның атын айтып неге жыладың деп. Крез баяғыда болған жайды айтып келіп, мен әлемдегі ең бай патшаның бірі болдым, алтын мен күмісті, гаухарды құм есепті шаштым, бақыт деген осы шығар дейтінмін, бірақ Солонның айтқаны рас болып шықты, сен мені жеңіп, өртемек болып алаудың үстіне шығарғанда сол қисапсыз байлық менің бір сәттік өмірімді сақтап қала алмады, депті. Тамаша ғақлия әңгімеге риза болған Құрыш, жарлығын өзгертіп, Крезді жанына ақылшы қылып алыпты.

Бір қызығы, Құрыш скиф даласына өзінің ажалды жорығын бастағанда, оның штабында парсының қолбасшыларымен бірге осы Крез де болған екен. Бірақ, оның одан кейінгі тағдыры белгісіз, скифтер оны өлтірді ме, әлде өлтірмей қоя берді ме, ол жағы беймәлім. Осылайша Кіші Азиядағы ең бай және ең қуатты мемлекет құлаған екен. Осыдан кейін аз уақыттың ішінде, Құрыш, Грекиядағы бөлек-бөлек болып отырған мемлекеттердің барлығын бағындырады. Афина, Милет, ешкімнен жасқанып көрмеген жауынгер Спарта, бәрі-бәрі парсының табанының астына түседі. Эллин әлемі үшін бір заманға созылған кіріптарлықтың, құлдықтың кезеңі басталады.

Құрыштың соңғы жорығы

Күші бойына симай тұрған жеңімпаз парсылардың ендігі бағыты көне дүниенің барлық білімін, тылсым сырларын мұраланып қалған, перғауындар билік құрған жұмбақ ел Мысыр еді. Алайда, Грекияны бағындырған Құрыш аяқ астынан нілдей бұзылады, бүкіл әскерді Дәштіге, солтүстік-батыстағы скифтердің даласына бұрады. Жауланған елдерден қосылған соғыс өнерінің білгірлері, әсіресе, гректің стратегтері, басқа да ақылды адамдар Құрышты бұл жорықтан сақтандырмақ болады, дәл қазіргі сәтте қаншама қалалары бар, экономикасы дамыған, қазыналы Мысырды жаулаған жөн, ал тарихта ешкім бағындыра алмаған скифтерді, соғысып, жеңіп бағындыру үшін оларды әуелі сол қиян даладан тауып алу керек. Ұшарын жел білетін жұртты іздеп таба алмай, бүкіл әскер аштан, шөлден қырылса масқараның үлкені сол болады дейді.

Бір гректің қолбасшысы, скифтер бұрын парсылармен жауласып па еді, соғысып па еді деп сұрайды. Жоқ, жауласқан да, соғысқан да емес деп жауап береді парсылар. Олай болса соларға тиіспей-ақ қойсақ қайтеді дейді аталған қолбасшы. Бірақ, Құрыш ешкімнің уәжін тыңдамайды. Сонымен парсы империясының әр жерінде дамылдап жатқан қалың әскер батыс шекараға қарай жылжи бастайды. Күз, қыс өтіп көктем келгенде Құрыштың армиясы Әмудариядан өтіп бұрынғы Бактрия мен Согдиананың немесе қазіргі Өзбекстан мен Тәжікстаның жерін басып Дәштіге қарай аттаныпты. Дені жаяу шеріктер болғандықтан парсының әскері баяу жылжып шамамен екі ай уақытта қазіргі Қызылорданың Шиелі ауданының тұсында ақыры скифтің әскерімен беттеседі.
Құрыш патшаның әскерінің саны жөнінде әлемдік ғылымда бірауызды пікір жоқ. Біреулер елу-алпыс мың десе, біреулер жүз-жүз елу мың, кейбіреулер екі жүз мың деген сандарды айтады. Тағы бір ғалымдар төрт жүз елу мың әскер дегенді айтады. Біздіңше осы сан шындыққа жақын. Оның себебі мынада. Құрыш Солтүстік Индиядан бастап батыста Грекияны бағындырып шамамен қазіргі Балкан түбегіне дейін жеткен. Оңтүстікте қазіргі араб мемлекеттерінің жерін бағындырған, солтүстікте Кавказға дейін жетіп көне армян мемлекеті Киликияны жаулаған. Осы парсының дәргейіне қараған жұрттан, аталған төрт жүз елу мыңды шығару әбден мүмкін. Оның үстіне Құрыш жеңілген, бағынған елдердің армияларын өзіне қосып алып отырған. Сол себепті төрт жүз елу мың – ақылға қонымды сан.

Соғыстың болған жері жайында да әртүрлі пікір айтылады. Бір топ ғалым, Құрыштың армиясы қазіргі Ауғанстанның жерінен көктемде аттанып шілденің аяғы – тамыздың басында қазіргі Оңтүстік Қазақстанның жерінде Тұмар патшаның әскерімен кездесті деген пікір айтады. Біз де осы пікірді ұстанамыз. Енді бір топ ғалым Құрыштың әскері қазіргі Түркменстанның жерімен жүріп отырып Маңғыстаудың жерінде Узбой деген өзеннің жағасында скифтің әскерімен кездесті деген пікір айтады. Құрыш соғысқан массагеттердің қоныстанған жері осы көне Маңғыстау болғандығын бұл ғалымдар басты уәж қылып айтады. Бірақ бұл маршруттың неге мүмкін емес екенін пайымдап көрейік. Біріншіден, жарты миллион әскерден тұратын армияның интенданттық, яғни азық-түлік және басқа да керек-жарақ қызметінің өзі әлденеше мың адамдардың қызметінен тұратын ұланғайыр жүйе. Әскердің ашығып, көтеріліске шығып, патшаларын өлтіріп жан-жаққа тарап кетуі, соғыстардың тарихында талай рет қайталанған оқиға. Армия уақытында керек-жарақпен қамтамасыз етіліп, тоқтаусыз жүріп отырып Маңғыстаудың даласына жетті дейік. Жеткенде скифтер… жоқ болып шықса ше? Отырықшы халықтарды ешқашан адам деп, соғысуға татитын жау деп есептемеген скифтердің, кең даланың басқа бір түкпіріне көшіп кетіп қалуы ғажап емес. Әбден мүмкін. Содан кейінгіні көзіңізге елестетіңіз. Төңірек жүздеген, мыңдаған шақырымға созылып жатқан дала. Күн шіліңгір, күйіп тұр. Ал ең басты қорлық, осыншама әуремен неше ай жүріп жеткенде жаудың жоқ болып шығуы. Содан соң, көптеген жиһангерді қор қылып қорлаған тағы бір нәрсе бар. Ол кәдімгі … іш ауруы. Қазіргі тілмен айтқанда дизентерия. Скиф үшін әрбір тау-тасының ешқандай құпиясы жоқ, кең жайлау жазира, жер жайытымен таныс емес басқа адам үшін ажалды мекен болып шығуы мүмкін.

Құрыш та ақымақ емес. Ол әр кезде Дәштіге керуен тартқан саудагерлердің естеліктерін, саяхатшылардың жазбаларын байыптап зерделеп, өзі жаулауға бекінген өлке жайында барынша мол мағлұмат жинауға тырысқанына ешқандай күмән жоқ. Міне, сол себепті парсының әскері Маңғыстауға емес, қазіргі Оңтүстік Қазақстан жеріне шеру тартқан. Ол кездегі Бактрия мен Согдиана отырықшы ел жайлаған, өзен-суы мол, астыққа бай ел. Әскер осы абат өңірмен жүріп отырып діттеген жеріне шаршамай жетеді. Оның сыртында Құрыштың стратегиялық және бір есебі болған сияқты. Парсының әскері скифтың дәргейіндегі осы отырықшы елдерді жауласа, кең далада «қаңғып», ұстатпай жүрген скифтер соғысу үшін парсыларды өздері іздеп келеді. Содан кейін үлкен майдан ашылғанда Құрыштың аңсаған массагеттері өздерінің аталастарына көмекке келеді. Осылайша ұланғайыр Дәштінің даласында шашырап жүрген скифтер бір майданға жиналып, бала-шағасымен осы жерде қырылуға тиіс. Тамаша стратегия. Және бұл әскери-саяси есеп жартылай іске асқан да. Массагеттер шынында да Бактриядағы қандас ағайындарына көмекке келген.

Ал енді Томирис – біздің Тұмар әжеміздің әскерінің саны қанша еді? Бұл сауалға жауап беру өте қиын. Салық жүйесі біршама қалыптасқан отырықшы елдердің санын салық құжаттарындағы мәлімет арқылы шамамен шығаруға болады. Содан соң халықтың санына қарап отырып әскерінің санын да шамалап есептеуге болады. Алайда, скиф дүниесіне келгенде статистикалық заңдылықтар жүрмей қалады. Әр кезде Дәштіге келіп-кеткен саяхатшылардың, көне тарихшылардың жазғандарынан ештеңе аңғару мүмкін емес. Біздің заманымыздың кейбір авторлары, скиф аса үлкен халық емес еді, сол себепті әскерінің саны да аз болған деген пікір айтады. Кейбіреулері Тұмардың ертіп келген әскері парсының армиясынан екі жарым еседей аз еді деген жорамал жасайды. Осы, таянышы жоқ дерекке сүйенсек, онда Тұмар әже Жиделі – Байсынға жүз сексен мыңдай әскермен келген болып шығады.

Аз ба, көп пе? Скиф үшін немесе әдепкі екі халықтың соғысы үшін көп. Ал парсы мен скифтің соғысы үшін аз. Неге дейсіз ғой? Себебі, бұл соғыс скиф пен парсының соғысы емес. Бұл – скифтің бүкіл әлеммен соғысы. Құрыш Дәштіні қайткен күнде аламын, скифті қайткен күнде жердің бетінен жоямын деп ниеттенген. Скифтің қиын жау екенін білетін Құрыш жаңа империядағы соғысқа жарамды деген еркек кіндіктің барлығын өз туының астына жинаған. Яғни, скиф даласына сол кездегі бүкіл әлемнің әскері жиналған. Құрыштың армиясында Солтүстік Индиядан бастап Балкан түбегіне дейінгі аралықтағы халықтардың барлығының жауынгерлері болған. Осыған қарап біздің бабаларымыздың қандай қан кешкенін шамалай беріңіз.

Соғыстың алдында скифтер үшін, олардың патшасы Тұмар әжеміз үшін бір қасіретті оқиға болған. Тұмардың немересі (баласы емес) Аспара (гректің интерпретациясында Спаргапис) жанындағы азғантай ұланмен, ешкіммен ақылдаспай парсының көшін шауып тұтқынға түседі. Осының алдында ғана Құрыш патша Тұмар падишаға хат жолдайды, қан төгспейік, екеуміз үйленіп бейбіт шешімге келейік деген ұсыныс жасайды. Жасы келіп қалған Тұмар әже елшінің сөзін тыңдап болып күліпті. Содан соң былай деп жауап беріпті: «Сен қу адамсың, Құрыш. Бүкіл өмірі ат үстінде өткен мені қайтесің, гаремің толған сұлу қыз. Саған мен керек емеспін. Саған менің елім мен жерім керек. Бірақ менің елім еркіндіктен басқа ештеңеге көнбейтін асау ел, сен оны бағындырам деп әуре болма. Ал шынында да қан төккің келмейді екен, олай болса әскеріңді ал да еліңе қайт».

Аспараның (Спаргапис) тұтқынға түсуінің өзі жұмбақ жайттарға толы. Геродоттың және басқа авторлардың куәландыруы бойынша, Құрыш массагеттердің артынан қуалай-қуалай шаршағаннан кейін мынадай бір қулыққа барады. Ауырған, сырқаған әскерлерді, жандарына торсыққа, сабаларға құйып көп шарап, тұтастай қақталған қой мен сиырдың етін қалап қойып (оны қайдан ала қойды екен?), қалған әскерді алып шегініп кетеді. Түн ішінде Аспара осы ауру-сырқаулардың ауылын шабады, барлығын өлтіріп, содан соң тойлауға отырады. Етті опырып жеп, шарапты төңкеріп ішіп, ақырында мас болып, қылжиып ұйықтап қалады. Қайтып келген парсылар барлығын тұтқындайды.

Әрине, бұл, парсының нәсілшіл, ұлтшыл тарихи ғылымының тудырған «шежіресі». Астиаг патшаның әкесі Қиақсар да скифтерді осылай ішкізіп-жегізіп, мас қылып барып қырып салады. Көне парсы мен қазіргі Иранның тарихнамасында үнемі қайталанып отыратын бұл эпизодтың көздейтін астарлы мақсаты – скифтерді ішсе тамаққа, кисе киімге жарымаған, қолына шарап пен тамақ түссе өлерін білмей іше беретін, жей беретін, яғни, даланың тағы айуаны сияқты тек қана инстинктке бағынатын әлдебір махлұқат қылып көрсету. Түп мұрат – Иранның адамдық, инсаниаттық, мәдени, т.б. тұрғылардан алғанда Тұраннан өлшеусіз биік тұрғанын көрсету, парсының бойында, көңілінде, қанында далалықтарға деген өштікті өшірмей, үнемі қоздатып отыру. (Осы орайда Қазақстанның Ирандағы елшілігінде біраз уақыт жұмыс істеп келген бір адамның әңгімесі есіме түседі. Оның айтысына қарағанда қазіргі Иранның Шираз қаласынан 70-80 шақырым жерде жатқан Парсының ескі астанасы Персепольдің тас сынықтары ғана қалған ескі жұртына жыл сайын наурыз айында мыңдаған адамдар жиналып скифтердің Парсыны қалай шапқанын баян ететін сахналық қойылымдарды тамашалайды екен. Бұл да бүгінгі қызылбас жұртын ақырындап үстем санаға баулу болып саналады).

Аспараның жау қолына қалай түскенін біз енді ешқашан да біле алмаймыз. Ал өз басым оның мас күйінде тұтқынға түскеніне сенбеймін.

Қолына ханзададай қымбат тұтқынды түсірген Құрыш енді саяси шантажға көшеді, скифтерге зор талаптар қоя бастайды. Өзінің саяси саудадағы ойыншық тұлғаға айналғанын көрген Аспара, бірде Құрыштың алдына жауапқа келгенде парсының бейғам тұрған бір әскерінің қанжарын қыннан жұлып алып өз жүрегіне қадап өліпті. Тақтың мұрагері, Ишпақай әулетінің ең соңғы еркек кіндіктісі өмірмен осылай қоштасқан екен. Хабар дереу Тұмар әжеге жетеді. Қайғыдан күйзеліп, ілезде жүдеп қалған Тұмар әже есеңгіреп отырып Құрышқа соңғы сәлемін жолдапты. «Сен аяр, қанішер Құрыш, менің баламды алдап қолыңа түсірдің, қанын төктің. Мен кешеге дейін сені аяп, өлтірмей қоя берейін деп келіп едім. Енді саған ешқандай аяушылық жоқ. Ажалыңа дайындал. Қалай соғысқанды қалайсың? Өзеннің арғы жағасында соғысқың келсе, жағадан шегініп біздің әскеріміз сиятындай жер қалдыр. Бергі жақта соғысқың келсе, онда жағадан біз шегінейік» депті.
Құрыштың армиясы өзеннің бергі жағасына өтеді.

Сонымен біздің дәуірімізге дейінгі 529 жылы тамыз айының бір күнінде, су анасы Сырдарияның жағасында, жүзден астам халықтың ұлдары қатысқан әлемдегі ең ұлы қантөгіс басталады. Геродот жазады, адамзат тарихында бұндай соғыс бұрын-соңды болмаған екен деп. Бұл соғыстың қанша күнге созылғаны жайында да әрқилы пікір айтылады. Геродот бір күнде бәрі де аяқталған екен дейді. Кім біледі. Бірақ соғыстың тоқтаусыз қызу жүргені анық. Қадым заманының авторлары скифтің ерлігін сипаттағанда, «ешбір өлшемге симайтын ашу, ыза, кек» деген бейнелі сөзді пайдаланады («ярость, которая не поддается никакому описанию»). Осы ұрыста әлемнің ең ер халықтары скифтің садағы мен жебесі, скифтің найзасы, скифтің семсері дегеннің не екенін таниды. Парсының әскері тұтастай қырылыпты. Соғыстан кейін Тұмар әже Құрыштың мәйітін іздеп таптырыпты да, басын кесіп, «қанға тоймадың ғой, енді қанып іш» деп қан толтырған көн дорбаға салдырыпты.

Парсылардан сарай төңірегінде жүретін, ұрыс-соғысқа қатысы жоқ азынаулақ адам ғана тірі қалады. Тұмар әже, Құрыштың басы салынған көн дорбаны осылардың қолына ұстатыпты. Тағы бір дерек бойынша парсылар бір жылдан кейін әлденеше арба алтын мен түрлі қазына алып келіп Құрыштың мәйітін сатып алыпты.

Мәйіт елге жеткізілген соң келесі патшаның әмірімен Құрышқа арналып мавзолей салыныпты. Мавзолейдің құрылысы сол кездегі сәулет өнерінің ең басты жетістіктерін бойына жинақтаған. Ені жалпақ алты баспалдақтан тұратын биік тұғырдың үстіне табыт-камера орнатылған. Камераның өлшемдері 3,17 х 2,11 х 2,11. Құрыш өлгеннен кейін екі ғасыр өткен соң біздің дәуірімізге дейінгі 330 жылы мовзолейге Александр Македонский келіп кетіпті. Ол келгенде Құрыштың дәріленген мәйіті бар ма, жоқ па, белгісіз. Тек қана сахаба-шырақшылар бар екен. Александр Индияға жорыққа кеткен кезде мавзолей тоналыпты. Индиядан қайтып келгеннен кейін Александр тонаушылардың барлығын өлім жазасына кесіпті. Парсы империясының негізін қалаған ұлы жиһангер өзінің өмірін осылай аяқтаған екен.

Аталған мавзолей Иранның Шираз қаласынан 130 шақырым жердегі Персеполь археологиялық аймағында, ескіліктің көп мұрасының бірі ретінде әлі тұрған көрінеді.

Әйгілі архитектор Щусев, Қызыл алаңдағы Лениннің мавзолейін жобалағанда осы Құрыштың мавзолейін үлгі қылып алған екен.

Ал енді осы ұлы жиһангерді жеңіп, қаншама халықтарды парсының жаугершілігінен, құлдығынан құтқарған біздің Тұмар әжеміздің мәйіті қайда? Әрине, оны ешкім білмейді. Құдай осындай ерекше несібе иесі қылып, ұлы міндет жүктеп жаратқан әжеміздің қасиетті сүйегі осы даладағы сансыз обалардың қайсысында жатыр, немесе қазақ жерінде бар ма, әлде бір уыс топырақ мүлдем басқа жерден бұйырды ма, біз оны ешқашан анықтай алмаймыз. Скиф әулетінен туған ұлы ұрғашы, ұлы анамыз, ұлы әжемізді біз тек қана мақтан ете аламыз. Бірақ, ешқашан жатқан жеріне барып тәу ете алмаймыз. Ең өкініштісі сол.

Құрыш патша дүниеге не берді? Оның бүкіл әлемді бағындырып, әділетке, иманға ұйыған біртұтас космополиттік империя-мемлекет жасаймын, бүкіләлемдік біркелкі тәртіп орнатамын деген жаһандандыру әрекеті, ақырсоңында ұшы-қиыры жоқ парсы-грек соғыстарын тудырды, кейіннен енді Македондық Александр – Ескендір Зұлқарнайынның Шығысқа қарай жасаған кері жаугершілігіне, адамзат тарихындағы әлі күнге дейін бітпей келе жатқан қан төгістер тізбегіне, адамзатқа, адамдыққа қарсы жасалған ұланғайыр қылмыстарға ұласты.
Құрметті оқырман, осы бүгінгі жер бетінде болып жатқан шым-шытырық шиеленісті оқиғалардың барлығында да сол екі жарым мың жыл бұрын жасаған Құрыш патшаның саясатының ізі, ұшығы бар десем, ол менің асырып айтқандығым емес. Тізерлеп тұрған құл халықты, нәсілі құл халықты, әлемді билейтін әмірші халыққа айналдырам деген нақұрыс идея осылайша екі жарым мың жылдық адамзат трагедиясына айналған екен.

Игілікке бастайтын күмән

Есейіп ержеткен сайын, осы мінсіз хикаяның бойынан күмәнді жәйттер көзге ұрып көріне бастады. Ең әуелі Құрыштың, массагет дегенде, кіммен күрескендігі аян болды. Гректің тарихи жәдігерлерінде массагет, исседон, тохар, хаумаварга, тиграхауда деп аталатын елдер, барлығы скиф деп аталатын алып елдің жеке-жеке рулары екен. Ескі тарихшылар олардың бір ел екенін жоққа шығармайды.

Күндердің күнінде «сақ» деген жұмбақ елдің де сол баяғы … скиф екені анықталды. Уақыт өткен сайын, мәселенің байыбына барған сайын қазан төңкерісіне дейінгі бұрынғы Ресейдің нәсілшіл тарихшыларының, одан кейінгі совет тарихи ғылымының былығы күн санап ашыла берді. Ең соңында скиф, хұн, түрік және бүгінгі қазақ, бүгінгі дүниенің шартарабына тарап кеткен барлық түрік халықтары – осылардың барлығы бір-ақ нәсіл екені, бір тамырдан өсіп-өнгені белгілі болды. Тіпті десеңіз америкадағы үндістердің ізі де, осы, кезінде гректер Гиперборея деп атаған ұлы өлкеден табылып жатыр.Қазір ғылымда «палеоазиаттар» деп аталатын жаңа тақырып, жаңа дәріс бар. Жердің тектоникалық тарихын зерттейтін ғалымдардың айтысына қарағанда, осыдан әлденеше мың жыл бұрынғы көне замандарда Америка мен Евразия бір құрлық болған екен. Ол кезде Америка мен екі арамызды бөліп тұратын Беринг бұғазының нышаны да жоқ екен. Кейіннен сұмдық планетарлық апат кезінде біртұтас құрлық ортасынан «сынып», екі «сынық» екі жаққа кетіпті. Ортасынан бұғаз пайда болған. Немесе тектоникалық тарихтан енді адамзат тарихына келетін болсақ, бәрі де өз-өзінен түсінікті болып шығады. Ұлы апат кезінде біртұтас құрлық қана «сынбаған», қарағанда көз талатын сонау ықылым (әлде 50-60 мың, әлде тіпті 100 мың жыл бұрынғы) заманнан бері осы құрлықта өсіп-өніп келе жатқан бір ұлы нәсіл де ортасынан «сынған». Жартысы Америка құрлығымен бірге жер шарының қарсы бетіне кетіп қалған. Сеніңіз-сенбеңіз, тектоника ғылымы осылай дейді. Генетикалық анализ кезінде америкалық үндістер түрік халықтарымен нәсілдес болып шықса, басқаны білмеймін, өзім таңқалмас едім. Кім біледі, кейін «палеоазиаттар» деп аталатын ғылым бағытын өзгертіп «палеоскифтер» болып кетуі де ғажап емес.

Әрине, бұл алыс болашақтың ісі. Ал біз өзіміздің тікелей бабаларымыз – скифтерге қайтып келейік. Тарихи ғылым барлық уақытта идеологияның құралы, өз заманындағы саясаттың айнасы болған. Большевиктер бұл тарапта ешқандай жаңалық ашқан жоқ. Сол себепті совет тарихи ғылымы да бұрынғы ескі жолмен жүрді. Осының салдарынан көшпенді әулеттің адам түсінбейтін тарихы жасалды.

Сөзіміз түсінікті болуы үшін мысал келтіре отырайық. Ең әуелі скифтердің, сақтардың, хұндардың, түріктердің және ең соңында дүниеге шашырап кеткен түрік халықтарының тарихтары – бұлар бір біріне қатысы жоқ, бөлек-бөлек тұрған тарихтар деп жарияланды. Яғни, совет түркологиясының, скифологиясының «дәлелдеріне», «уәждеріне», «аргументтеріне» сүйенетін болсаңыз, онда Даланың тарихы мынадай болып шығады. Ең әуелі бұл даланы скиф деген халық жайлапты. Әлбетте, ол скиф дегеніміз бір-бірімен өмір бойы соғысып жүретін, бір-біріне қаны қосылмайтын түрлі тайпалардан тұрған. Сақтар бұларға мүлдем ұқсамайды, басқа халық дейді. Жақсы деп келісесіз. Бір кезде сақ та, скиф те кенеттен жоқ болып кетеді. Қайда кетті деп сұрайсыз. В общем, қысқасы… тарих сахнасынан кетіп қалды дейді. Есесіне, арада тағы біраз уақыт өткенде енді Евразияда хұн деген халық пайда болады. Скифтен айнымайды. Жоқ, бұл мүлдем басқа халық дейді. Бұлар да бастары бірікпейтін … бірдеңелер дейді. Бірақ, сол «бірдеңелер» Қытайдан жеңіліп, Еуропаға қоныс аударып келгенде әлемді билеп отырған Рим империясын алдына тізерлетіп тұрғызып қойыпты. Бұл әзер-әзер мойындалатын немесе мүлдем мойындалмайтын нәрсе. Ал скифтер тарих сахнасынан кеткенде, мүмкін, былайша айтқанда, басқа бір алыс өлкеге қоныс аударған шығар. Көшпенді халық еді ғой дейсіз. Жоқ, біржола жер бетінен жойылған дейді. Ал олай болса, хұндар қайдан келді деп сұрайсыз. В общем, қысқасы … аспаннан түсті дейді. Хош. Күндердің күнінде хұндар да ғайып болып кетеді. Қайда кетті? Жарым-жартылай ассимиляцияға ұшырап, Еуропа халықтарының құрамына кіріп кетті. Ал, қалғандары … тарих сахнасынан біржола кетті дейді. Халықтар құдды актерлер сияқты бірін-бірі алмастыратын бұл нендей сахна деп сұрайсыз. Сахна деген біздің көзіміз көріп тұрған, көзіміздің жанары жеткен жер. Яғни, біздің қағазға таңбалаған жәдігерлеріміз дейді.

Алдыңызда тау, яки қалың орман тұр дейік, сіздің көзіңіз таудың бер жағындағыны, асса өзіңізге қарап тұрған бөктердегіні ғана, орманның алаңқайындағыны ғана көресіз. Ал сол сіз көрген құбылыс таудан не орманнан ары қарай секіріп кетті дейік, онда қалай болады дейсіз. Онда біздің шаруамыз жоқ, біз өзіміздің көрген-білгенімізді ғана, өзімізге қатысы барды ғана, өзіміздің қатысқанымызды ғана тарих деп мойындаймыз дейді. Осыдан кейін құрметті оқырман, хұндардың ауаға сіңіп ізім-қайым жоғалуы мен арада біраз уақыт өткенде, аспаннан, ғайыптан түрік қағанаттарының пайда болуы өз-өзінен түсінікті нәрсе. Күлмеңіз, бәрін сиқыр арқылы түсіндіретін тарихи ғылым осылай деп баян етеді. Тек түрік қағанаттарынан кейінгі тарихқа келгенде азынаулақ ұяттары оянады. Себебі, көзкөрім жерде тұрған, елдің бәрі білетін кешегі ғана тарих қой. Бұнда да біраз нәрсені былықтырып барып, қазақ, қырғыз, башқұрт, әзірбайжан, осман түріктері, гагауз, т.б. түрік халықтарын баяғы көне түріктердің ұрпағы екенін әзер-әзер мойындайды.

Тоталитарлық система түрік халықтарының әрқайсысына жеке-жеке тарих «жасап» берумен шектелмеді. Түркілерде бұрын түк те болған жоқ, жазу болған жоқ деген желеумен түркі халықтарына түрлі әліпби (алфавит) үлестіріп берді.

Енді түсінісіп көріңіз. Әскерде жүргенде Кавказдан келген қарашай, балқар, құмықтармен, қырымнан келген татарлармен қазақша сөйлесе беретінбіз, себебі бұл тілдердің арасындағы айырма өте аз, жоққа тән. Ал азынаулақ айырма әліпбиден болған, себебі, басқа тілден (дәлірек айтқанда орыс тілінен) келген дыбыс, сөйлеу мәнеріне әсер етеді. Бұл ғылыми дәлелденген нәрсе. Ал енді қарашай, құмық, балқар тілінде шыққан газет-журналды, кітапты оқып көріңіз. Оқи алмайсыз. Себебі қолдан жасалған, бір ғана нәрсені – түріктерді жақындастырмауды, олардың өзара түсінісуін барынша қиындатуды көздеген әліпбиді, дыбысталу жүйесін түсіну мүмкін емес. 80-жылдардың аяғында болған бір оқиға есіме оралады. Консерваторияның ректоры Дүйсен Қасейінов жылына бір немесе кейде екі халықаралық түркі халықтарының конференцияларын, өнер фестивальдерін ұйымдастыратын бір жақсы әдеті бар еді. Осындай кезекті конференциялардың біріне чуваштың атақты музыкатанушы ғалымы келді. Ол кезде мен консерваторияның жанындағы фольклор кабинетінің меңгерушісі қызметіндемін. Чуваштың ғалымы танысқаннан кейін чуваштың халық әндері топтастырылған бірнеше күйтабақты сыйға тартты.
– Фонотекаңызға сақтап қойыңыз, алыста чуваш деген бауырымыз бар деп ұмытпай жүріңіздер бізді, – деді.
Күйтабақты аударып-төңкеріп қарадым. Әр әннің астында, жақшаның ішінде келетін «юрлать» деген сөзге назар аудардым. «Юрлать» дейді де адамның аты-жөнін жазады.
– Сіздерде «ю» деген әріп бар ма? –деп сұрадым.
Ғалым күлді.
– Жоқ, әрине. Ол орыс алфавитінен келген.
– «Юрлать» деген не мағына береді? – дедім.
– Сіздер шығарманың астына, «орындайтын пәленше» деп жазасыздар ғой, бұл да сол сияқты, – деді ғалым.
– Солай деп жазбайсыздар ма, «юрлать» деген сөз түсініксіз екен, – дедім.
Ғалым тағы да күлді.
– «Юрлать» деп жазылады, «жырлайды» деп оқылады, кей жерлерде «йырлайды» деп оқылады, – деді содан соң.
– Олай болса «ю» қайдан келді? – дедім мен.
Чуваш ғалым сәл мұңайыңқырап қалып барып жауап берген.
– Не істейсіз. Тағдыр деген сол. Бізге жасап берген әліпбиінің түрі осы.

Империялық, тоталитарлық идеяны басшылыққа алған советтік тіл ғылымы осындай қылмыстарға барған. Бірақ, осы істің басы қасында жүрген ғалымдарды айыптауға да болмайды, себебі, барлығы да қызыл дуалдың ар жағында отырған мұртты әміршінің айтуымен жасалған.
Әрине, бүгінде байырғы түрік санасын қалпына келтіру мақсатында көптеген орталықтар, жекелеген адамдар жұмыс істеп жатыр. Ең әуелі тындырылатын іс – әліпбиді унификациялау, ортақтастыру. Бұл тарапта біршама игілікті шаралар іске асқан сияқты. Ең бастысы түрік халықтарының филологтары бірыңғай латын әліпбиі жайында пәтуаласқан. Егер осы іс аяғына дейін жеткізілсе онда түрік тілі ағылшын мен қытай тілінен кейінгі үшінші орынға шығуы мүмкін. Компьютер тілін білетін мамандардың айтысына қарағанда осы күнгі флективті (қопарылмалы) тілдерден гөрі компьютерге агглютинативтік (жалғамалы) түрік тілі қолайлы көрінеді. Әрине, бұл болашақтың ісі.

Гумилевтiң айтқан әңгiмесi

1988 жылдың күзiнде мен Ленинградқа бардым. Сондағы Салтыков-Щедрин атындағы мемлекеттiк кiтапханада екi аптадай отырып жұмыс iстеудi жоспарлаған едiм. Ленинградта оқитын аспирант достарым жақсылап қарсы алды, сонымен ертеңiне жұмысқа кiрiстiм. Айта кету керек, Мәскеудегi Ленин атындағы мемлекеттiк кiтапханадан кейiнгi екiншi орында тұрған бұл әйгiлi кiтап қоймасы әлемдегi ең iрi кiтапханалардың бiрiнен саналады.

Осы қисапсыз байлықты ақтарып жүрген күндерi мен бiр қазақтың баласымен таныстым. Түсте асханада шай iшiп отырғанымда жаныма ұзын бойлы, аққұба, түрi орыстың актерлерiне таман келетiн бiр жiгiт тақап, таза қазақ тiлiнде амандасқан. Алыста жүрiп отандасыңды, қандасыңды кездестiрген үлкен қуаныш. Iлезде шүйiркелесiп кеттiк. Аты – Қайрат, фамилиясы Данабаев екен. Ұмытпасам, экономика мен философия саласының маманы.

– Сiз сирек қолжазбалар қорында отырсыз, мен бұл кiтапхананы бес саусағымдай бiлем, осында жүргенiмiзге он жылдай болды, өз үйiмiз сияқты, – дедi жаңа танысым. – Айтыңыз, не iздеп жатырсыз? Көмектесiп жiберейiн.

– Геродот, Страбон, Ксенофонттан басқа, скифтер туралы жазған авторлар болса, – дедiм мен.

Қайрат ойланып қалды.

– Қиындау екен, – дедi содан кейiн. – Бiз былай iстейiк. Кешке бiрге шығайық. Мен бүгiн Гумилевтiң үйiне бара жатырмын. Айтайын сiзге, Лев Николаевич әлемдегi ең мықты источниковед-жәдiгертанушылардың бiрi. Ойымша, проблемаңызды сол кiсi шешiп бередi.

Кешке бiрге шығып, Ленинградтың алыс аудандарының бiрiнде тұратын ұлы тарихшының үйiне осылай барған едiм. Артынан естiдiм, қазақ аспиранттары ол кiсiнiң үйiне емiн-еркiн кiре бередi екен. Есiктi бiр қыз ашты. Гумилев орта бойлы, нығыз денелi, сары өңдi адам екен. Аман-саулық сұрасқаннан кейiн Қайрат сөмкесiнен төрт кiтап алып, үй иесiне ұстатқан. Гумилев бiр журналды ашты да, кiтаптардың мұқабаларына қарап отырып, бiр белгi жасады.

– Бесiншi кiтабыңызды кейiн қайтарам, – дедi Қайрат.

– Жарайды, келiстiк, – дедi үй иесi.

Гумилевтiң кiтап қоры қазақ аспиранттарының атаусыз кiтапханасы екен. Бiрiн алып, бiрiн қайтарып жатады. Кiмнiң не алғаны журналда тiркеледi.

Жасы келген кәрi адам. Жалғыз тұрады. Тарих-этнография институтының аспиранттары кезектесiп үйiн қарап, тамағын пiсiрiп бередi екен. Аздан соң алдыға шай келдi. Гумилев сонда ғана сұраулы жүзiн маған бұрған.

– Бұл жiгiт Алматыдан келдi, сирек қолжазбалар қорында жұмыс iстеп жатыр, – дедi Қайрат.

– Аты-жөнiңiз кiм? – дедi Гумилев.

Мен аты-жөнiмдi айттым.

– Қазақсыз ба? – дедi Гумилев.

– Иә, қазақпын, – дедiм мен.

Үнсiз шай iшуге кiрiстiк.

– Руыңыз кiм? – дедi бiр кезде үй иесi.

Айдаладағы Ленинградта отырған орыс ғалымының руыңды сұрағаны бiртүрлi… жабайы (Құдай кешiрсiн) естiледi екен. Сасып қалдым. Содан соң руымды айттым.

– Кет Бұғаның руы ғой, – дедi Гумилев. – Менiң «Этногенез және жердiң биосферасы» деген кiтабымда Кет Бұға нойон жайында тұтас тарау бар. Оқып па едiңiз?

Кет Бұға жайлы бiраз әңгiмелеп бердi. Оның тамплиер рыцарьларына көмекке барғаны, рыцарьлардың сатқындық iстегенi, Кет Бұғаның жеңiлгенi, өлгенi, сүйегi сол Палестинада қалғаны… жүрек елжiрететiн көне шежiре.

– Кет Бұғаның тұқымдары бар ма? – деп сұрады әңгiмесiнiң аяғында үй иесi.

– Жезқазғанның Ұлытау ауданында Балталы-Бағаналы деген Найманның бiр атасы жайлайды, Кет Бұғаның елi сол, – дедiм мен, – Кет Бұғаның күйлерi қазақта әлi тартылады.

Гумилев сәл таңқалып қалды.

– Ол музыкант болған ба?

– Иә, күйшi болған, «Кертолғау», «Сынған Бұғы», «Емен толқын» деген күйлерi болған, – дедiм мен.

Гумилев аз үнсiз отырып барып сөзiн сабақтаған.

– Әрине, оның таңқалатын ештеңесi жоқ. Ол заман ерлiк заман, ерлердiң заманы ғой. Ол кезде өмiр мен өлiмнiң арасында, ақыреттiң алдында тұрған адам кейiн өзiнiң басынан кешкенiн тамаша музыкаға айналдыра бiлген ғой. Мен басымды иiп өткен адамдардың бiрi – осы Кет Бұға.

Аздан соң мен проблемамды айттым.

– Геродотқа көңiлiңiз толмай ма? – дедi Гумилев болар-болмас езу тартып.

– Оның барлығы жалпылама нәрселер ғой, – дедiм мен.

Гумилев төмен қарап, ұзақ үнсiз қалды. Содан соң барып әр сөзiн өлшеп, сөйлеп кеткен.

– Геродот қай жағынан алғанда да бiздiң системаның қолайына жағып тұр. Сондықтан оның кiтабын жасырмайды, жұртшылыққа ашықтан-ашық ұсынады. Ол кiтапты қайта-қайта басып шығарады. Ол кiтаптың ешқандай қатерi жоқ. Ал ендi сiзге айтайын, ол кезде, ерте заманнан келе жатқан тағы бiр тарихи мектеп болған.

Мен, жүрегiм аузыма сыймай алқынып кеттiм. Әлемдегi ең ұлы жәдiгертанушылардың бiрi, Геродоттан басқа, парсының ресми тарихынан басқа, беймәлiм тарихи мектептiң болғанын өз аузымен айтып отыр!

– Ол қандай мектеп? – дедiм сабыр сақтап.

Гумилев Қайрат екеумiзге жалт етiп бiр қарап алып, сөзiн сабақтаған.

– Қарабайырлап айтқанда, тарихты таңбалаудың екi түрлi дәстүрi бар. Бiрiншiсi – сарай тарихшылары жазатын династиальдiк тарих. Яғни, патша әулеттерiнiң, патша династияларының тарихын жазатын сарай тарихшы­ларының мұрасы. Бұндай тарих бiздiң тұрғымыздан алғанда шын тарихтан гөрi мифке, аңызға, кейде қиял ертегiлерге ұқсас. Болашақ патша мифтiк тұлға ретiнде жаратылады, оны туғанда бiреулер өлтiрмек болады, ол әлдеқалай, мұғжиза аралас бiр себеппен аман қалады. Содан соң жоқтықта өседi, ақырында тағы да керемет, тылсым күштердiң көмегiмен таққа отырады, жарты дүниенi билейдi, жеңбеген жау қоймайды, тағысын-тағылар. Ал екiншi тарихи мектептi қалыптастыратындар – сарай өмiрiне қатысы жоқ, патшаларға тәуелдi емес, кейде жоқшылықта күн кешетiн тарихшылар. Бұл, бұрын, мемлекеттер, ұлттар жоқ кезде, яғни, ғылым-бiлiмге көлеңкесiн түсiретiн, ықпал жүргiзетiн ұлттық мемлекеттер, ұлттық саясаттар жоқ кезде қалыптасқан, ешкiмнiң қас-қабағына қарамай таза шындықты таңбалайтын көне ғалымдар әулетiнен тамыр тартқан қасиеттi адамдар.

Күтушi қыз алдымызға шайды жаңартып әкелiп қойды. Гумилев асықпай шай iшуге кiрiстi.

– Баяғыда, айдауда орман шауып жүргенде үйренген әдетiмiз, – дедi жымиып. – Ол кезде ақ су iшушi едiк. Қазiр, мiне, кәдiмгi шай iшiп отырмыз.

Мен әңгiменiң жалғасын естiгiм келiп тағатсызданып отырмын. Менiң күйiмдi сезсе керек, үй иесi самайын қасып алып, қайтадан әңгiмесiн жалғаған.

– Индиядағы Мохенджо-Даро, Мысырдағы Мемфис пен Саис, тағы басқа қалалардың қолжазба қорларында адамзаттың шын тарихы сақтаулы тұр. Бiрақ, ол қолжазбалар қатаң бақылауда. Екiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн Сталин Иранға көп көмек қылған. Қаншама мамандарды, ауылшаруашылық техникасын жiберген. Әрине, өзi де талай нәрсенi қолқалап сұрап алған. Бiрде, Иранның шахына «сендердiң құпия тарихи қоймаларыңа бiздiң тарихшыларымыз кiрiп бiраз жұмыс iстесе» деп өтiнiш қылады. Шах, амал жоқ, келiседi. Сонымен, бұрындары ешкiм бас сұға алмайтын, адамзат тарихының ең керемет құпиялары сақтаулы тұрған архивке қазiргi Иранның, көне парсының тiлiне жетiк тарихшылардың тұтас бригадасы кiрiп жұмыс iстей бастайды. Әрине, Сталин өлгеннен кейiн Иран өкiметi ол тарихшыларды, былайша айтқанда «шығарып салған». Бiрақ сол екi арада майталман мұрағаттанушылар қаншама дүниенi Ресейдiң архивтерiне аударып үлгередi. Яғни, менiң айтайын дегенiм, Ресейдiң архивтерiнде көне Шығыс, көне Азияның тарихына қатысты өңiң түгiлi түсiңе кiрмейтiн деректер сақтаулы тұр.

– Ал сiз өзiңiз сол архивпен жұмыс iстеп көрдiңiз бе? – дедiм мен.

– Мен өмiр бойы сол архивтермен жұмыс iстеп келе жатырмын, – дедi Гумилев. – Айтпақшы, сiзге керегi қандай мәлiмет?

– Кир менен Томиристiң соғысы, жалпы скифтер туралы, парсы мен скифтiң арақатынасы, мiне осындай мәселелер, – дедiм мен.

– Ол бар, – дедi Гумилев. – Сасанид заманында жазылған жәдiгерлер. Бiрақ ол сирек қолжазбаларда емес, құпия қолжазбаларда. Оған арнайы өтiнiшпен ғана кiредi. Мен сiздi кiргiзейiн. Бiрақ, кезекке тұрасыз. Кезегiңiз келген күнi оқымасаңыз, болды, айрылдыңыз. Келесi күнi келген адам өз кезегiн сiзге бермейдi. Яғни, кезектен қалмау керек.

Сол жерде ант-су iштiм. Гумилев бiр адамға телефон шалып, аз-маз даудан кейiн, өзiнiң институты алдын ала броньдап алып қойған жүзден астам кезегi бар екен, соның бiреуiн маған алып бердi. Бiз қоштасып шығып бара жатқанда ұлы тарихшының ауыз үйiнде осы Ленинградта оқып жатқан бiр топ қазақ жастары кезек күтiп тұр екен.

…Менiң кезегiм бiр жарым жылдан кейiн, 1990 жылдың көктемiнде келдi. Кезектiң тақағанынан бiр ай бұрын хабардар етедi екен. Ректор Дүйсен Қасейiновке кiрiп, проблеманы айттым.

– Әрине, бару керек, – дедi Дүйсекең.

Көзiмше бухгалтерияға телефон шалып iссапар жасаттырып, жолға, басқа керекке жетерлiктей етiп мол ақша бергiздi. Сонымен, әлi есiмде, 11-сәуiр күнi ұшаққа отырып Ленинградқа аттандым.

Айтылған күнi айтылған сағатта қолақпандай бiрнеше қолжазбаны арбамен әкелiп жаныма қойды. Едәуiр үлкен зал. Бiр-бiрiне қарамай шаншылып қолжазба оқып отырған адамдар. КГБ-ның екi адамы қатарлардың арасымен асықпай қыдырыстап жүр. Ол кезде басқа жерде болмағанымен, аталған кiтапханада ксерокс бар. Алайда, қолыңа тиген қолжазбаны ксерокстен өткiзуге болмайды. Фотоға түсiруге тағы болмайды. Конспект жасауға және болмайды. Тек қана оқуға болады. Яғни, тек қана өзiңнiң еске сақтау қабiлетiңе ғана, iшiңдегi ксерокс пен фотоаппаратқа ғана сенесiң. Кiтапханада, келiсiп түнге қалуға болады екен. Таңғы сегiзде кiрiп, келесi күннiң таңғы сегiзiне дейiн, тапжылмай бiр сөтке отырып, қолжазбаларды үш қайтара оқып шықтым. Менiң бағыма орай, менен кейiн келетiн адам жарты күнге кешiгедi екен, қосымша ақша төлеп қолжазбаларды төртiншi мәрте оқып шықтым.

Тығулы жатқан кездеме…

Мен осы оқыған қолжазбалардан туған әсерлерiмдi дәл сол кезде пайымдап, зерделеп айтып бере алмас едiм. Кейiннен, «темiр перденiң» ар жағындағы дүниемен кездестiк. Сол кезде «традиционализм» деп аталатын ғылыми бағытпен таныс болдық. Мiне, осы бағыттағы Рене Генон, Юлиус Эвола, Фритьоф Шюон сияқты ғалымдардың қайсысының айтқаны анық есiмде жоқ (және дәстүр­шiлдiктi көктей өтетiн болғандықтан бұл ойдың барлық дәстүршiл мектептерге қатысы бар), көп айтылған ақылды сөздiң бiрi аса таңқалдырып едi. «Бiз татар әулетiне, адамзаттың ұстаздары болып саналатын татар даныш­пандарына, татар нәсiлiне сатқындық iстедiк» дейдi дәстүршiлдер.

Бұл жердегi «бiз» дегенi – бүгiнгi тоқтаусыз дамудың жолына түскен адамзат. Ал «татар» дегендi бүгiнгi «қырым татары» немесе «қазан татарларымен» шатастырмаңыз. Татар – дәстүрлi дүниедегi кшатрий атанған, кейiннен адамзатты билеген патшалардың көбi шыққан көшпелi скиф әулетiнiң жинақты аты. Мiне, «татар әулетiне, әлемнiң ұстазы татар данышпандарына жасалған опасыздық» деген ой менiң сол көне қолжазбаларды оқығаннан кейiнгi жай-күйiмдi айна-қатесiз бейнелейдi. Алматыға мен мүлдем басқа адам болып қайттым. Бүкiл дүнием төңкерiлдi, алдымнан бұрын бiлмеген жаңа бағыт ашылды. Әрине, кейбiр нәрселердi мен бұрын да шырамытатынмын, бiрақ ендiгi жеткенiм бұрынғы түйткiлдерден өлшеусiз биiк болып шықты. Ендi осы мәлiметтер мен соның негiзiнде туған ой-толғамдардан азырақ баян етейiн.

Келелi елде қаңлы бар,

Қаңлыны хан көтерер.

Қаңлысыз хан сайланбайды,

Қаңлыдан өзге хан болмас.

Арғын – ағаң, Қыпшақ – жағаң,

Қаңлысыз қабыл болмас тобаң.

Құрметтi оқырман, сiз қазақ болсаңыз, онда бұл сiздiң талай естiген, мақал-мәтел жинақтарынан талай оқыған, алайда, қанша рет естiп-оқысаңыз да мән бермеген мақалдарыңыз. Асса, әр кезде, ру мен ру абырой жарыстырғанда, әлдебiр қисынға сәйкес айтылған мақал немесе мәтел деп қабылдадыңыз.

Алайда, осы қарапайым ғана қанатты сөздiң тасасында бiздiң болашақ тарихи ғылымымыздың бағыт-бағдарын айқындайтын аса зор мәлiмет жатыр. Себебi, бұл сонау ықылымда, көз жетпес алыс заманда қалған көне елдiктен әлдеқалай жеткен аса құнды жәдiгер.

Осы мақалдардағы «қаңлы» сөзiн пайымдап көрейiк. Әрине, «қаңлы» – қазiргi қазақтың Ұлы жүзiнiң бiр руы. Соның атауы. Ендi бiр сөздi еске түсiрейiк. Қазақтың көнекөз қариялары, ескi қазақты, мысалға Серiкбол Қондыбай айтқан «есен қазақтан» бұрынғы байырғы қазақты, оның жерiн, суы мен нуын жинақтап «Қондыгер құба жұрт» деп бiр-ақ ауыз сөзбен белгiлейдi.

Осы тiркестегi «Қондыгер» мен «қаңлы» сөзiнiң арасында тiкелей байланыс бар. «Қоң» кейiнгi түрiк тiлдерiн тудырған бiртұтас скиф тiлiнде «жылқы» деген мағына бередi. Қазақ тiлiнде «қоңның» үш синонимi бар. Олар «жылқы», «қысырақ» және «жұнт».

«Қоң» кейiннен славян тiлдерiнде «конь» – «ат», «мiнiскер жылқы» деген сөзге айналды. (Сондай-ақ, қазақта жауға мiнетiн сайлауыт күлiктi «алаша ат» немесе жәй «алаша» деп атайды. Осы «алаша ат» сөзiнен орыстың «лошадь» («жылқы, ат») сөзi шыққан). Ендi ойымызды жинақтасақ, «қаңлы» – «жылқы жарататын, жылқы мiнетiн, жылқылы ел» болып шығады. Алғашқы «қоңлы» сөзi кейiннен «қаңлы» сөзiне айналған.

Ендi «қондыгерге» келейiк. Көне түрiк тiлiнде «ебгеру» деген сөз бар. «Үйге қарай» дегендi бiлдiредi. «Табғашгеру» деген сөз бар. «Табғашқа қарай» дегендi бiлдiредi. Бұл сөздi ықшамдап жаңа форма тудырудың амалы әсiресе, қазақ тiлiнде жақсы сақталған. Мысалға «алып кет – әкет», «алып кел – әкел». Сондай-ақ «керек болса – керексе» деген форма да көп кездеседi. Осы заңдылыққа сәйкес скиф тiлiнде «қоңлы жауынгер» яғни «жылқы мiнген жауынгер» сөзi – «қондыгер» болып ықшамдалған. Ал, скиф қоғамының, еркегi мен әйелi де, бала-шағасы да қару асынып жүретiн әскери қоғам екенiн еске түсiрсек, онда жылқы мiнген адамның мiндеттi түрде жауынгер болатыны өзiнен-өзi түсiнiктi.

Яғни «қондыгер» де, «қаңлы» да, екеуi де «жылқы мiнген жауынгер», «жылқы мiнген жауынгер ел», немесе «көшпендi» дегендi бiлдiредi. Осы «қондыгер», «қоңлы» сөздерiн мен алғашқы рет Гумилевтiң көмегiмен кiрген қоймада отырып, сасанид империясы кезiндегi тарихи жазбалардан оқыған едiм. Көшпендiлер өздерiн «қаңлы» (қоңлы) немесе «қондыгер» деп атайды дейдi парсының тарихшылары өздерiнiң көне жазбаларында.

Мiне, құрметтi оқырман, бiздiң аталарымыз өздерiн өздерi «қондыгер» немесе «қаңлы» деп атапты. Ал әлемдiк ғылым әлi күнге дейiн пайдаланып келе жатқан «скиф» терминi – ол гректiң сөзi. Ендi «хұн» этнонимiне келейiк. Сол парсының жазбаларының кейбiреуiнде «қондыгер» сөзi «хондыгер», «хондикяр» немесе «хундикяр» болып жазылады. Бұл парсы тiлiнiң өзiне ғана тән сингармонизмiнiң әсерiнен пайда болған әдепкi тiлдiк эффект. Яғни «қаңлының» басқа тiлде (мысалы, парсы тiлiнде) «хунлы» болып кетуi әбден мүмкiн нәрсе. Өкiнiшке орай, совет заманында «хұн» этнонимi жеке этимологиялық проблемаға айналып, осы өнiмсiз бағытта қаншама ғалым өмiрiн, ақылын сарп етiп, уақытын босқа өткiздi. Еуропаша «скифтер», бiзше «қаңлы» немесе «қондыгер» ешқайда кеткен жоқ, осы кең далада қонысын ғана ауыстырып, «өркениеттi» халықтарға бiр көрiнiп, бiр көрiнбей кетiп жүрген. Бiрақ ешқашанда қондыгер немесе қаңлы жойылып кетiп, орнына хұн пайда болған емес. Қондыгер – қаңлы мен хұн үшеуi бiр-ақ халық. Төңiректегi көршiлес халықтар бiз туралы ешқашан ұмытпаған. Бәрiн былықтырып, бүлдiретiн терiс ниеттегi сарай тарихшылары. Ал сингармонизмнiң, дыбыс үндестiгiнiң аударылып-төңкерiлген, мидай сапырылысқан құбылыстары кезiнде «қондыгер» мен «қаңлының» пәленбай рет «хұнға» да, басқаға да айналып кетуi оп-оңай, күнiне әлденеше рет болатын, қайталанатын нәрсе. Этимология, этногенез деген ұшы-қиыры жоқ батпақты тауып берiп, бiздi соған батпақтатып қойған – совет ғылымы. Қазақ ғылымы әрiпке таласып жүрiп, басынан тұтас бiр ғасыр өткiзiп алыпты. Осы керауыз дауға кеткен күш басқа, өнiмдi бағытқа жұмсалса, бiз қазiр қайда отырар едiк?

Бiздiң мұратымыз – совет ғылымы ойдан шығарып алдымызға тартқан, шиесi ешқашан шешiлмейтiн жын-перi жұмбақты шешiп әуре болу емес. Себебi, бұл «жұмбақтың» соңына түсетiн болсақ, ендi бiр ғасырымыз босқа өтедi, босқа кетедi.

Ең басты нәрсе – басқалардың бiз жайлы пiкiрi емес. Ең басты нәрсе – бiздiң өзiмiз жайлы пiкiрiмiз. Бiздiң мұратымыз, әлемдiк ғылымның жетiстiктерiмен санаса отырып, сол жетiстiктердi пайдалана отырып, ұлттық мүдденi ғана көздейтiн ұлттық ғылым қалыптастыру.

Бiздiң тарихымызды бөгде тарихшылар қалай бөлшектесе де, қиыннан зорлықпен қиыстырылған «дәлелдер жүйесi» бiр нәрсенi – көшпендi «қаңлы-қондыгердiң» о баста бiр-ақ нәсiл болғандығын жоққа шығара алмайды.

Ал ендi бiздiң көне, нәсiлдiк атауымыздың қазiргi қазақтың Ұлы жүзiндегi бiр рудың атауы ғана болып қалуын екi түрлi жоруға болады.

Ол жорудың бiрiншiсi мынадай: тоқтаусыз жүрген этногенез процесi кезiнде қондыгер-қаңлы рулары әртүрлi тағдыр жетегiнде жан-жаққа тарағанда, әрқайсысы өзiне жаңадан этникалық ат иемденген. Осы, есiм, ат үлестiру кезiнде қондыгер-қаңлының бiр руы өзiнiң ескi атымен қалған. Ал көнеден келе жатқан қондыгер заңы – «миноратты», яғни кенже ұлдың қара шаңырақты иемденiп қалатын заңын ескеретiн болсақ, онда бүгiнгi Ұлы жүздегi қаңлы руы қондыгердiң (скифтiң) кенже ұлынан тараған қара шаңырақ иесi болып шығады.

Екiншi жору тарихтағы қаңлы мемлекетiмен байланысты. Осы қаңлы мемлекетiнiң негiзiн қондыгер-қаңлы руларының әйтеуiр бiреуi қалаған ғой. Бұл саяси құрылым неге «қаңлы мемлекетi» деп аталады? Жауап бiреу-ақ: жаңа мемлекеттiң ұйытқысы болған тайпа, ру, байырғы, көне елдiктi қайтадан қалпына келтiру мақсатында өзiне «қаңлы» деген ат алған. Өзiн қондыгер-қаңлы санайтын барлық ел жаңа байрақтың астына жиналсын, баяғы төрт тараптың барлығы айбынған айбарлы мемлекетiмiздi қайтадан құрайық деген көне ұран бұл. Ол кезде қазiргi түрiк халықтары қалыптаспаған. Қазiргi ру аттары жоқ, сол себептi «қаңлы» деген ұран әр көшпендiнiң жүрегiне жақын. Ол кездегi «қаңлы» ұраны қазiргi қазақтың «Алаш» деген ұраны сияқты болған. Содан берi ондаған ғасырлар, дәуiрлер өттi. Бiрақ ештеңе де өзгерген жоқ, ағайын. Бiз баяғыдай қондыгер-қаңлымыз. Бiз баяғыдай қондыгер құба жұртпыз.

Ханың қаңлыдан болсын

Ендi жоғарыда аталған мақалдарды еске түсiрiп, хан сайланғанда неге қаңлыдан ғана сайланатынын пайымдауға тырысайық. Әлбетте, бұл қазақтың мақалдары емес. Бұл, қондыгер-қаңлы заманынан келген және көшпендi дәуреннiң аз ғана мұрагерлерiнiң бiрi болып саналатын қазақта ғана сақталған мақал болуы мүмкiн. Әйтеуiр, якут немесе әзiрбайжанда бұндай мақалдың жоқ екенi анық.

Қаңлыдан хан сайлау – қазақта жоқ жосық. Өйткенi, қаңлы қазақтың көп руының бiрiне айналды. Ал, Шыңғыс хан көшпендiлер әулетiн толықтай бағындырғаннан кейiн, бүкiл билiк жүйесi төре атанған осы Шыңғыстың тұқымдарының қолына өттi. Бұл ежiктеудi қажет етпейтiн әмбеге аян нәрселер.

Құрметтi оқырман, қаңлыдан хан сайлау дәстүрiн түсiну үшiн, бiз, кейiнгi 3 мың жылдың беделiндегi заңсыз елдiктер, заңсыз егемендiктердiң күйкi тарихынан бас тартып, азырақ болса да дәстүрлi дүние тарихына жанасуымыз керек.

Баяғыда Шығыстың бiр ғалымының айтқаны бар, «Дүниеде Индияның бар болғаны қандай жақсы. Егерде Индия болмағанда бiздiң сөзiмiздiң пәтуасы, дәлелiмiздiң таянышы болмас едi» деп. Бұл жерде, ғалым, Байырғы Iлкi Дәстүрдiң Индияда сақталып қалғанын айтып отыр. Иә, Индия көне, байырғы дүниенiң қатып қалған бiр үлгiсi сияқты. Баяғыда қолданыстан, айналыстан шыққан, өзiнiң барлық мағынасынан айрылып, ендi түсiнiксiз аномалияға, кейде құбыжық құбылыстарға айналған көне дағдылар, ғұрыптар мен заңдарды сiз осы Индияның бүгiнгi тұрмысынан ұшырастырасыз. Мiне, осы Индияда, о бастағы бар бiтiмiмен бұзылмай сақталған құбылыстың бiрi – дәстүрлi дүниедегi қоғамдық бөлiнiс үлгiсi.

Ендi осы жайында қысқаша болса да айтып кетейiк. Осыдан ондаған мың жыл бұрынғы байырғы заманда да дүние осындай күрделi болған. Ол заманда да жер бетiнде қаптаған қалалар болған, мән-мағынасы, мүддесi бiздiкiнен аспаса, кем емес өмiр болған. Бiзден бар айырмасы – ол кезде нәсiлдер, милләттар, халықтар болмаған. Әулеттер ғана болған. Көне үндiнiң жазба тiлi санскритте бұны «варна» дейдi. Голландияның ғалымдары «каста» деген терминдi пайдаланады. Ал бiз қазақ ұғымына жақын «әулет» деген сөздi алайық. Бұндай әулет төртеу екен. Бiрiншiсi, және ең жоғарғысы – брахмандардың, бiзше сахабалардың әулетi. Бұлар Құдаймен, яғни Абсолютпен тiлдеседi, фәни дүние жайында көп ойланбайды, бар ақылы тек қана бақиға бағышталған. Бұдан кейiнгi «кшатрийлер», бiзше әскери әулет. Бұлар бақи жайлы көп ойланбайды, бар керегi фәниде. Әрекеттi ғана мойындайтын бұл қажырлы әулеттен әлемдi билеген патшалар шыққан. Үшiншi әулет – «вайшьялар», еңбек адамдары, қолөнершiлер, саудагерлер, т.т. Төртiншi әулет – «шудралар», ең төменгi тап. Бұлар негiзiнен құлдықта жүретiн әулет.

Қондыгер-қаңлы, әскери қоғам болғандықтан екiншi топ – «кшатрийлер» тобына жатады.

Соңғы зерттеулерге қарағанда дәстүрлi дүние, немесе қарапайымдап айтсақ, Iлкi Дәстүр, осыдан 11500 жыл бұрын күйреген екен. Бiрақ, бүкiләлемдiк апаттан аман қалған халықтардың көбi өздерiн басқаратын, билеп-төстейтiн патшаларды мiндеттi түрде әскери әулет, «кшатрийден», немесе, бiзше айтқанда қаңлыдан, қондыгерден қалап сұрап алу дағдысын, дәстүрiн ұмытпаған. Құрметтi оқырман, сiз осы мәлiметтерге сенуiңiз керек, ақиқат деп қабылдауыңыз керек. Ал сенбесеңiз, онда бұдан кейiнгi әңгiмеде ешқандай мән-мағына қалмайды. Бүкiләлемдiк апаттан кейiн де адамзат есiн жия бастаған мыңжылдықтар барысында дәстүрдi ұмытпаған халықтар қаңлыдан, қондыгерден барып өздерiне патша сұрап алатын болған.

Әрине, осы жолдарды оқып отырған адам «Автор жаңа ғана дәстүрлi дүниеде милләттар, халықтар болмаған – тек касталар, әулеттер ғана болған дейдi де, содан соң аунап түсiп, халықтар қаңлыдан, қондыгерден өздерiне патша сұрап алатын болған дейдi. Сонда қай сөзге сенемiз? Халықтар сонымен болды ма, болмады ма?» деп таңқалуы мүмкiн. Таңданыс орынды. Алайда бұл таңданысқа жауап та дайын.

Құрметтi оқырман, кешiрiм өтiнемiн, бiрақ мен «халық» дегендi, әңгiменi жеңiлдету мақсатындағы шартты термин ретiнде алып едiм. Алдыңғы айтқаным дұрыс. Милләттар, халықтар болмаған. Ұлттар, ұлттық мемлекеттер кейiн пайда болған, дәлiрек айтқанда, кейiнiрек, және қолдан жасалған. Ал бiз айтып отырған қаңлы заманында адамзатта ұлттық сана емес – тек әулеттiк сана ғана болған.

Қаңлыдан патша сұрап әкелу көзкөрiм жердегi кешегi ғана тарихта болған құбылыс. Алысқа бармай, Ресейдi-ақ алайықшы. Борис Годунов таққа заңсыз отырардың алдында Ресейдi Скандинавиядан келген Рюриктер әулетi билеген. Иван Грозный мен оның ұлы Федор – Рюрик әулетiнiң соңғы патшалары. Годунов өлгеннен кейiн неше жылға созылған бұлғақтан соң боярлардың құрылтайы таққа Романовтар әулетiн отырғызды. Романовтар – орыстың өзiнен шыққан «ұлттық патшалар» әулетi. ХХ ғасырдың басында өзiнiң 300 жылдық торқалы тойын тойлап тақтан тайған бұл әулеттiң осы үш ғасырлық билiгi кезiнде Ресейде ешқашан береке болған емес.

Әрине, скандинавтар – Қаңлы емес. Бiз бұл жерде, скандинавтардың, маңайындағы халықтарға патша үлестiретiн әскери әулет екенiн ғана айтқымыз келдi.

Құрыш деген кiм едi?

Олжас Сүлейменов өзiнiң «Аз и Я» атты еңбегiнде Құрыш патшаны бала кезiнде асырап-сақтаған сүт анасының есiмiн талдайды.

Құрыштың өгей анасы Спако – өмiрде болмаған адам екен. Үндi-еуропа тiлдерi деп аталатын тiлдiк жүйеде «спако» немесе «собака» – «ит» дегендi бiлдiредi. Ал ит пен қасқыр – екеуi бiр тотем. Одан әрi қарай тереңдеген ғалым «собака-спаконы» түрiк тiлдерiндегi (мысалы, қазақ тiлiндегi) «иiс бақ», яғни, «иiсшiл, iзшiл, мақұлық» деген сөзден шыққан деп дәлелдейдi.

Мәдениетте бiр құбылыс бар, оны шартты түрде «прессинг-диффузия» («сығылу-кеңею») деп атайық. Үлкен оқиғалар, текстер, т.т. кейде ықшамдалып, кiшiрейiп отырады. Күндердiң күнiнде ұлттық мәдениет өзiн-өзi пайымдап, жаңа сюжеттер iздей бастағанда осы таңбалардың жұмбағын шешедi. Сол кезде таңба өзiнiң алғашқы текст қалпына келедi, ұлғаяды. Құрыш патшаның балалық шағы хикаясын осы заңдылыққа салып пайымдасаңыз, онда «Құрыш патша бала кезiнде итке (немесе қасқырға) табынатын бiр тайпаның тәрбиесiнде болған» деген текст шығады. Ал қасқыр (немесе ит) – қаңлының тотемi екенiн еске түсiрсек, онда Құрыш бала кезiнде «қаңлының», «қондыгердiң» тәрбиесiнде болған болып шығады. Румын ғалымы Мирча Элиаде бiр мақаласында парсы мәлiметтерiне сiлтеме жасап отырып, Құрыштың хаумаварга деген скифтiң руынан шыққандығын атап кетедi. Бұдан нендей қортынды шығаруға болады? Демек, Құрыштың нәсiлi парсы емес – қаңлы, қондыгер. Парсылар, байырғы салт бойынша қаңлының бiр руынан өздерiне патша сұрап алған.

Олай болса, ендi Тұмар мен Құрыштың соғысы – кiм мен кiмнiң соғысы деген сауал туады. Тұмар – қаңлы, Құрыш – қаңлы. Сонда қаңлы мен қаңлы соғысқаны ма? Иә, дәл солай. Тек аз-маз түзетуi бар. Әрине, Құрыштың әскерi – қаңлы емес (iшiнде Құрыштың аталастары болуы да мүмкiн, болмауы да мүмкiн). Құрыштың әскерi парсы империясындағы жүз түрлi халықтардың өкiлдерiнен жасақталған.

Қаңлының әскерi Құрыш бүкiл әлемнен құрап, жинап алып келген ұлы армиямен соғысқан. Ал бiрiмен-бiрi аяусыз кескiлескен екi армияны да басқарған – қаңлы, қондыгер патшалары. Яғни, бәрi де баяғыдай, кешегiдей, барлық уақыттағыдай, қаңлы, қондыгердiң екi ақсүйек әулетi, екi элитасы бiр-бiрiмен соғысқан. Көшпендi көшпендiмен күрескен.

Бабылдың қазынадарлары

Сасанид тарихшыларының жазбаларындағы ең құнды мәлiмет Бабылдың қазынадар-сахабаларына қатысты.

Әуелi қаланың атына қатысты бiр-екi ауыз анықтама. Батыс әулетi Вавилон деп, бiз Бабыл деп атайтын қаланың өзiндiк аты – Бабилу. Ұлттық тiлдер, ұлттық мемлекеттер пайда болмай тұрғандағы этимология бойынша Бабилу – «Құдайға апаратын қақпа» дегендi бiлдiредi. «Баб» – қақпа, ал «Илу» – Құдай. Яғни, «Алла» деген Құдайдың аты бұрыннан бар. Мысалы, «Алла» сөзiмен «Иллахи» сөзi қатар жүре бередi. Қазақта да «баб» – «қақпа» деген мағына бередi. Мысалы, «Арыстанбаб» – «арыстанның қақпасы» деген мағына бередi. Кейiннен бұл өмiрде шын болған әулиенiң есiмi деп танылды.

Абайдың «Ескендiр» поэмасындағы Ескендiр келiп қаққан, Аллаға апаратын қақпа – осы Бабыл, соның қақпасы. Хәкiм Абай Бабылдың бiраз құпиясын бiлген сияқты, себебi аталған поэмадан әлдебiр қорқынышты, тылсым астар сезiледi.

Бабылдың қалай пайда болғандығы, iргесiн кiм, қалай қалағандығы Вавилон тарихына қатысты кiтаптарда егжей-тегжейлi айтылған. Бiрақ бұл кiтаптар бiрнәрсенi – Бабылдың түсiнiксiз, жұмбақ, қорқынышты құдыретi жайында ештеңе айтпайды. Бiз тек қаланы және шағын мемлекеттi патша әулетi емес, сахаба сиқыршылар әулетi билегенiн бiлемiз.

Сахабалар өте бай болған. Олар патшаларды ғана емес, тұтас мемлекеттердi сатып ала алатын болған. Мысалға, қала халқы мереке күндерi ғана тамашалай алатын Бела Мардука құдайдың мүсiнi саф алтыннан құйылған екен. Салмағы – 8 тонна. Айта кетейiк, 8 тонна алтын – шағын бiр мемлекеттiң бюджетi. Бұл, мүсiннiң өнебойына орнатылған қисабы жоқ гаухар тастың құнын есептемегенде. Ал, сахабалардың құпия ғибадатхана­сында, олардың өздерiнен басқа адам баласы көруге тиiс емес Мардука мүсiнiнiң салмағы 20 тоннадай екен. Әлбетте, бұл мүсiн де таза алтыннан құйылған. Сасанид тарихшылар, бұл алтын (мүсiндi құюға кеткен алтын) сахабалардың бар қазынасымен салыстырғанда теңiздiң жанындағы тамшыдай-ақ деп куәландырады. Бабылдың күнтiзбесiнде арнайы бiр күн болыпты. Қазiргiше тамыз айының бiр күнi. Осы күнi Бабылдың барлық құлдарына, қызметшiлерiне бостандық берiледi екен (бiр күндiк бостандық). Ол күнi олар не iшем, не жеймiн демейдi. Тiптi, еркелеп патша мен уәзiр болып, түрлi сахналық ойындар ойнайтын болыпты. Осындай бiр күндiк мерекенiң кезiнде сахабаның үйiн жинап, дастархан басында шарабын құйып берiп тұратын бiр қызметшi масайып қалып, «бiздiң қожайындарымыз бүкiл жерiмен, халқымен, патшасымен қосып сатып алатын бiр лайықты мемлекет таба алмай жүр» деп айтып салады. Ертеңiне сол қызметшi iзiм-қайым жоғалып кетiптi. Осыдан қалған «Қожайының құдыреттi болған сайын, аузың берiк бола түсу керек» деген бабылдық ескi мақал бар екен.

Сахабалардың анық шыққан тегiн, қай әулет екенiн де ешкiм анықтап айтып бере алмайды. Әйтеуiр дәстүрлi дүниеден, ықылымда қалған Алтын Империядан тамыр тартқан тұқым екенi ғана аян.

Құрыш патша Бабылдың қақпасына келгенде сахабалар Набонид патшаның қол-аяғын байлап, алып шығыпты. Бiр деректе патша өлтiрiлген екен. Ескi салт бойынша қандай жихангер болса да қалаға кiргеннен кейiн ғибадатханаға келiп, бас сахабаға сәлем берiп шығуы керек екен. Құрыштың оққағарлары ғибадатханаға кiрмек болғанда, сахабалар оларды «сендерге кiруге болмайды, патша ғана кiредi» деп тоқтатыпты. Сонымен, Құрыш алтынмен апталған ауыр есiктен ары өтедi де … iзiм-қайым жоғалады. Жасауылдар ұзақ тосып, ақырында ғибадатха­наға бұзып кiргенде, самаладай боп жүздеген шам жанып тұрған үлкен залдың ортасында шалқасынан талып жатқан патшасын көредi. Қабырғаны жағалай үлкен адамның кеудесiнен келетiн ауыр сандықтар. Сандық­тардың iшi толған алтын.

Мiне, осы күннен бастап жихангер Құрыш қанша соғыс жүргiзсе де ешқашан ақшадан тарықпапты. Бiрақ, осы күннен бастап ол солтүстiк-батыстағы Дәштiнi мекендеген қондыгер, қаңлы жұртын қайткенде бағындыруым керек, ал бағынбаса, онда жер бетiнен жоюым керек дегендi айта бастайды. Жауланған жұрттардан қосылған грек, лидиялық, армян, ассириялық әскербасылармен қатар Құрыштың сарайындағы әскери кеңестерге бiрнеше сахаба да қатысып отырады екен. Әрбiр кеңес сайын олар да «жер бетiнде қаңлы-қондыгер (скиф)» барда мемлекеттерiң қауiпсiз бола алмайды, халқың тыныш ұйықтай алмайды» деп қоздатып отырады екен. Құрыштың ғибадатханада талып жатқан жайын сасанид тарихшылар былай деп түсiндiредi. Құрыш кiргеннен кейiн бас сахаба оған бiр iшiмдiк берiп ант алады, ант кезiнде, яғни, iшiмдiктiң құрамындағы жады дәрi әсер ете бастағанда қисабы жоқ алтынды көрсетедi. Яғни, алтынның бейнесi мен қаңлы-қондыгердi жаулау, жою идеясы патшаның санасында матаса байланысып бекiген. Сол себептi, армияның түрлi қажетiне деп әрбiр кезектi алтынның сомасын алғанда сол алтынмен бiрге бекiген идея қайтадан жаңғырып отырады. Құрыштың санасындағы қондыгер-қаңлымен соғысу, оларды жою идеясы ақырында мания дәрежесiне көтерiлуiнiң себебi осында жатыр.

Құрыштың жүргiзген жаугершiлiгiн қазiргi жањандық теориялар тұрғысынан пайымдағанда оның тек дарынды қолбасшы ғана емес, сондай-ақ ұлы саясаткер, ұлы жахангер екенiн де мойындауымыз керек. Оның Грекияны (Көне Юнан) жаулағандағы түп мұраты – қондыгер-қаңлы, басына күн туғанда аунай салатын Еуропаның құт қонған жасыл жазира жайлауларын басып алу. Содан соң Ауғанстан тараптан жорыққа шығып тықсырса, бiр-екi жылда Еуропаға қарай шегiнген қаңлы нәсiлi Қара теңiздiң маңайында, шамамен қазiргi Қырым, Румыния, Венгрия жерiнде қыспаққа түсiп, екi майданда соғысып, толық қырылуға тиiс.

Мiне, Құрыш патшаның осы жањандық жобаларын бастан-аяқ қаржыландырған Бабылдың қазынадар-банкирлерi – өзiмiз әңгiме қылған сахабалар.

Бабылды билеген, сиқыршылық-дуахандықты меңгер­ген сахабалардың қаңлы-қондыгер әулетiне деген осынша өштiгiнiң сыры неде? Әскери әулет, «кшатрий» немесе бiзше қондыгер-қаңлы әулетi мен брахмандардың бiр тармағы болып саналатын сахабалар әулетi арасындағы бұл жаулық сонау, ұлы апаттан ары ондаған мың жылдар бұрын құрылған Алтын Империядан келе жатқан сияқты. Француздың дәстүршiл ғалымы Рене Генонның айтысына қарағанда, осыдан әлденеше мың жыл бұрын брахмандар әскери әулетке, «кшатрийлерге» қарсы көтерiлiс бастапты. Осы көтерiлiс барысында брахмандар бiраз жетiстiкке жетiп, әскери әулеттiң бiр бөлiгiн қырып жiберген көрiнедi. Артынша қайта серпiлген әскерилер брахмандарды аяусыз жазалаған екен.

Әскери әулеттiң үстемдiгiне төзе алмаған сахабалар өмiр бойы кек қайтаруды ойлаған. Бiрақ, соғыс өнерiнде өзiне тең жау таппаған қаңлы-қондыгер әулетi сахаба­лардың қандай әрекетiн болса да жаншып тастаған. Тұмар әженiң ұлы әкесi Ишпақайдың көне Мәуреннахр – Иран мен Ғажам өлкесiне жасаған жорығы, бұл да сахабалардың лаңын тоқтатудың әрекетi едi.

Дарьяуштың басына қонған бақ

Құрыштан кейiн патша болған Дарийдiң парсыша аты – Дарьяуш. Патша әулетiне ешқандай қатысы жоқ, Гуштасп деген қызметшi құлдың баласы. Осы уақытқа дейiн әлемдiк тарих ғылымы құл баласының парсы тағына қалай отырғандығын түсiндiрiп бере алмайды. Құрыш патшаның әйелi Жаханбанудан туған Камбиз және Бардия деген екi ұлы болған. Екеуi де қалға, тақ мұрагерi. Осылай бола тұра ата-тегiнде хандық жоқ, беймәлiм бiр адамның парсы империясының тiзгiнiне қол жеткiзуi, әрине, таңғажайып нәрсе.

Мысалға, қазiргi Англиядағы король әулетiн қараңыз. Королева Елизавета қартайса да тақтан түсетiн түрi көрiнбейдi. Шешем билiктi қашан маған табыстайды деп күте-күте принц Чарльз қартайып кеттi. Ендi королева көз жұмғанда Англияның королi болып оның немересi Эдвард тағайындалады деп жоспарланып отыр. Ал ендi Елизавета о дүниеге аттанғанда барлығы басқаша болып шықса, мысалы, Англияның королi болып кезiнде королеваның шайын қай­натқан бiр күтушi-малай тағайын­далып кетсе, қалай болар едi?

Мiнеки, құл баласы Дарийдiң парсы империясына патша болып, таққа отыруы, шамамен осындай құбылыс. Әлемдiк тарих ғылымы осы оқиғалар кешенiнен аса мәндi және ең басты элементтi алып тастаған. «Алып тастағанның» өзi тура анықтама емес. О бастан есепке алмаған. Әлемдiк тарихтың ең үлкен қатесi, ең үлкен қасiретi, бұдан кейiн де талай қатеге ұрындыратын қа­сiретi осы.

Тарихшылар осы заңғар оқиға­дағы басты персонаж – Құрыш патшаны жарты миллион әскерiмен бiрге жоқ қылған қаңлы-қондыгер әулетiн, және осы әулеттiң ұлы әмiршiсi Тұмар патшаны «ұмытып кеткен». Немесе, дәлiрек айтқанда, о баста есепке алмаған, қатыстыр­маған.

Осы жерде шағын шегiнiс жа­сайық. Батыста Карл Ясперс деген ғалым болған. Тарих философия­сымен айналысқан. Сол К.Ясперстiң «Тарихтың мәнi мен мұраты» («Смысл и назначение истории») атты кiтабы бар. Батыс әулетiнiң, батыс жұртшылығының бiзге қатысты мейманасының энциклопедиясы iспеттi тамаша еңбек. Осы кiтабында К.Ясперс тарихтан «осевое время» («кiндiк уақыт») дегендi шығарады. Белгiлi бiр кезеңде адамзаттың содан кейiнгi даму бағытын, бағдарын, адамдық мәдениеттiң мән-мағынасын айқындаған оқиғалар болған. Мiне, осы кезең «кiндiк уақыт» деп аталады. Содан соң К.Ясперс осы өзгерiстердiң басы-қасында тұрған халықтарды iрiктеп алады да, оларды «тарихи халықтар» («исторические народы») деп бөлек сөреге қойып қояды. Бiздiң тарихымыз бұл «кiндiк уақытқа» кiрмейдi. Ал бiздiң өзiмiз «тарихи халықтар» деп аталатын мархаматты тiзiмде, әлбетте, жоқпыз.

Осыдан екi жарым мың жыл бұрын болып өткен, адамзат тарихын мүлдем басқа арнаға бұрып жiберген қондыгер-парсы соғысын зерделегенде батыс және орыс тарихшыларының пайымдау дағдыларынан осы ясперстiк принциптiң салқыны сезiлiп тұрады. Тұмар падиша бастаған қаңлы-қондыгердiң, бүкiл әлемнiң құрама армиясын талқандауы  мен алыстағы Парсыда құл баласы Дарьяуштың таққа отыруының арасында ешқандай бай­ланыс жоқ сияқты. Байланысыңыз не, тiптi, түк болмаған сияқты. Қаңлылар парсының әскерiн талқандайды, Құрыштың басын шабады да, тiрi қалған азын-аулақ парсының қолына табыстап шығарып салады. Ал өздерi иен далада … қой құсап жайылып қала бередi. Әрине, олай болмайды. Бұндай соғыстан кейiн жеңген ел өктем болады, жеңiлген ел кiрiптар болады. Жеңген ел жеңiлген елге бүкiл соғыстың шығынын есептеп ауыр салық салады. Содан соң келешек соғыс, қантөгiстi болдырмас үшiн, яғни, пәлекеттiң алдын алу үшiн бұрынғы патшаның әулетiн мүмкiн болғанынша толықтай жояды да, таққа басқа әулеттi, өзiнiң ыңғайымен жүретiн қуыршақ патшаны отырғызады. Барлық уақытта осылай болған, және бұдан кейiнгi барлық уақытта осылай бола бермек. Бұл тарихтың, мемлекетаралық қатынастың мәңгi өлмейтiн, мәңгi өзгермейтiн архетипi.

Құрыш патшаның тұқымы толықтай қырылып кетiп, құл баласы Дарьяуштың таққа отыруын, кейiннен Ескендiр Зұлқарнайын – Александр Македонскийдiң Дарьяушпен соғысқанда майдан даласында қондыгер-қаңлының атты әскерiмен беттесуiн, тағы басқа жұмбақ жәйттердi бiр нәрсемен – кемеңгер Тұмар падишаның Парсы империясын жаулап, оның билiк жүйесiн күшпен өзгерткендiгiмен ғана түсiндiруге болады.

Әрине, бұл мәлiметтер ешқайда кеткен жоқ, құпия қоймаларда, мұрты бұзылмаған күйi сақтаулы тұр. Тек соны қазiргi үстем тарихи мектептер, «ол былай едi, былай болып едi, мынаны былай түсiну керек» деп интерпре­тациялап жеткiзедi. Бiрақ ерте ме-кеш пе, ақиқат ашылады…

…Бiрде әншi Жәнiбек Кәрменов пен ғалым Ақселеу Сейдiмбеков екеуi менi бiр үйге қонаққа ертiп апарды. Үй иесi қария бұрын мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарында қызметте болған екен. Зейнетке шыққан адам әңгiмешiл болады ғой. Сол кiсiден естiген хикаяларымның бiрi. Ермахан Бекмаханов сот алдындағы соңғы тергеуде отырғанда, тергеуге қатысып отырған бiр тарихшы «осы сендер, қазақтар, кеуделерiңе нан пiсiп неменеге керги­сiңдер, бiр-ақ беттiк тарихтарың бар, неменеге кiсiмси­сiңдер?» дептi. Сонда ешқандай аяушылықтың болмай­тынын, өзiнiң өлiмге кесiлгенiн сезiп болған, ажалға мойынсұнған Ермахан ағамыз жымиып тұрып «Қонды­гердiң сол жалғыз-ақ беттiк тарихына бүкiл әлем сыйып кеттi емес пе» («Да, но на этой единственной странице скифской истории уместилось все человечество») деп жауап берiптi.

Сөз соңы

1992 жылдың көктемiнде жолым түсiп Түркiстанға бардым. Жұмыс тындырылғаннан соң жергiлiктi iскер жiгiттер «нендей тiлегiңiз бар?» дедi. «Шиелiге барсақ» дедiм. «Ләббай» дедi үй иелерi. Бiрақ, Шиелi мен ойла­ған­нан мүлдем басқа болып шықты. Менiң елестетуiмде бұл ұланғайыр жазық жер болуға тиiс едi. Ал менiң көрiп тұрғаным кiлең егiндiк, iркес-тiркес бау-бақша, алма, шие бақтары. Жер өңдеп қайшылас­қан халық. Машинамен жүрiп отырып, бiр ашықтау жерге шықтық. Осы биiктеу дөңнен маңайға көз тастадым. Әйтеуiр осы жерде болғанын бiлемiн. Өткен өмiрден iз жоқ. Қазiргiсiн қамдаған бүгiнгi өмiр. Бiрақ бабаларымыз кейiнгi ұрпағым өсiп-өнсiн демеп пе едi. Тек бiз солардың ұрпағы … олардың дiттеген жерiнен шыға алмадық. Бiз тарихтың мүлдем басқа жолына түстiк.

Осы жерге, мiне, мына табанымыздың астындағы қара топыраққа төгiлген қондыгер-қаңлының қасиеттi қаны баяғыда жуылып кеттi. Бабаларымыз шашқан айбынды ұран ауаға сiңiп жоқ болды. Келу, кету, өшу … болмыстың бұлжымас заңы. Қара жердiң белiн қайыстырып қондыгер-қаңлы да өттi бұл дүниеден. Бiз келдiк… Бiз де кетемiз… Басқалар келедi… Жер мәңгi… Мызғымайды… Ел мәңгi…

Постскриптум

2009 жылы «Бiржан Салдың» тұсаукесерi өткеннен кейiн режиссер Досқан Жолжақсынов менi шақырып алды да: – Сен Тұмар мен Құрыштың хикаясын бiлесiң бе? – дедi.

– Бiлем, – дедiм.

– Ендеше сен осы жайында толық метражды көркем фильмнiң сценарийiн жаз. Ендi Тұмар әжемiздi асқақтатайық, – дедi Досқан.

Мәселенi жақсы бiлем. Тапжылмай отырып екi айда сценарийдi даяр еттiм. Iшiнде қондыгер-қаңлының, парсының, Құрыш пен Тұмар әженiң қилы тағдыры, сол кездегi халықаралық ахуал, әлемдiк саясат, соғыстың неден басталғаны, соғыстың өзi және оның қалай аяқталғаны, соғыстан соңғы қондыгер-қаңлы елiнiң ұлан-ғайыр тойы, тойдан соңғы әскери кеңес, Дарьяуштың таққа отырғаны, тағы да көп жәйттер бар. Сценарий Тұмар әженiң өлiмiмен аяқталады.

Оқығандардың барлығы ұнатты. Сонымен сценарийдi «Қазақфильм» киностудиясына өткiздiм. Алайда, бұндай заңғар блокбастердi түсiру үшiн Голливудтың қаржысы керек екен. Сонымен ондай бюджет жоқ, бұл iс тоқырап тұр. Сол екi арада сценарийдi кинохикая қылып, «Жұлдыз» журналына жарияладық, «otuken.kz» сайтына қойдық.

Ойымша, бұл фильм түсiрiлсе, қазақтың ғана емес, бүкiл түрiк нәсiлiнiң даңқы, абыройы асады. Себебi, Тұмар бүкiл қондыгер-қаңлы әулетiнiң және солардан тарайтын түрiк нәсiлдерiнiң ортақ анасы. Ал әзiрге бүкiл iс өнер төңiрегiндегi азаматтардың ықылас-пейiлiне ғана тiрелiп тұр. Әрине, игiлiктi iс қашанда өз жалғасын табады, түптiң-түбiнде мұратына жетедi. Осылай болсын деп сенейiк, ағайын.

«Алматы ақшамы», №78, 79, 82, 84, 28-маусым – 12-шілде, 2012 жыл

Жалғасын оқу