Серікбол Қондыбай
(«Арғықазақ мифологиясы», 1 кітап, 8 бөлімнен үзінді)
…“Инициация” терминiнің дей-түркілiк баламасы – осы “жет” (*нгенгт) ұғымы. Бұл жерде екi мәселенi шешiп алған жөн немесе көрсету қажет.
Бiрiншiсi – “инициация” деген терминге негiз болған латын тiлiнің түбірiнің iс жүзінде дей-түркілiк екендiгiн дәлелдеу керек. Латын тiлiндегi “initio” – “начинать, посвящать, вводить в культовые таинства” дегендi, ал “initiatio” – “совершение таинств, мистерий” дегендi бiлдiредi, этимологиялық тұрғыда “инициация” ұғымын “вхождение внутрь” (iшке ену) немесе “приступание к чему-либо” (әлдебiр iске дендеп кiрiсу), яғни “ступание вплотную” деген мағына бередi. Мiне, осы тұрғыда латынның “initio” сөзiнің қазақтағы “ену”, “ентелеу”, яғни “ен ет” әрекетiн сөз түрінде де, мағына түрінде де көрсетiп тұрғанын байқауға болады. Латындық “initiatio” сөзiнің, сол сияқты “инициация” терминiнің iс жүзінде осы дей-түркілiк “жет” < ”неңт/нгенгт” праформасы негiзiнде қалыптасқандығын да көрсете кетуге болады: “initio” етiстiгiнің өзi “ng-ng-t” > “ing-ing-t” > “in-i-t” > “initio” немесе: “ng-ng-t + t” > “init +(a)t” > “initiatio”. Мұндағы праформалық “ng-ng-t” сөзiндегi “ng” – “iн” (внутрь, нутро, нора) және “ену” (вхождение, войти) дегендi бiлдiрсе, “ng-t” – “iш” (внутрь; “іңт” > “iш”), “есiк” (“еңт” > “еш” – еш-iк, ес-iк), сондай-ақ “ент-елеу” (жақындап қалу, ену, тақалу) деген мағыналарды күнi бүгінге дейiн қазақ тiлiнде сақтап отыр. Қазақ тiлiндегi “iшке ену” < “iш ен” сөз тiркесiнің дей-түркілiк варианты “іңт ең” – “ingt eng” болар едi; мұндағы сөздердің орнын алмастырсақ, латындық сөз шығады: “eng ingt” > “ing ingt” > “in-it”. Яғни сөз жасаушы автордың латын емес, дей-түркі болғандығы дау туғызбауы тиiс.
Екiншi – “инициация” терминiне бүгінгі қазақ тiлiндегi баламасын жасау. Латындық “initio” немесе “initiatio” естiстiктерi мен қазақтағы “жет” (жалпы түркітегi “йет”) етiстiгiнің бiртектi екендiгi анық: “жет/йет” < “нг-енгт” немесе “ngengt”, мағынасы – “iшке, iнге ену”, “жақындау, тақалу”. Бұл тұрғыдан алғанда “инициация” терминiнің төте баламасы “жету” не “жетпе” (йетме), “жетпiс” (йетмiш) болып шығар едi. Бiрақ бұл сөздер қазақтың күнделiктi тiлiнде орнықты түрде басқа туынды мағыналарында қолданылып отырғандықтан, термин ретiнде қолдана алмаймыз, өйткенi ғылыми нақтылықтың орнына жаңа шатастыру туғызып алатынымыз анық. Сондықтан да нақты балама ретiнде “жетпек” деген терминдi “инициация” сөзiнің баламасы ретiнде қолданатын боламын.
Жет – инициация мұраты, абсолют, кәмiл.
Жетпек – инициация.
Жетпекшi – инициациялық сынақтан өтушi.
Жетекшi – жетпекшiнi инициациялық сынақтан өткiзушi, жол көрсетушi.
Жетiм
“Жетпек” сөзiнің көне қазақтық нұсқасы ретiнде “жетмек”, яғни “жетiмек” сөзiн атап көрсетуге болады. Бұл сөзбен қазақтағы “жетiм” сөзi де сабақтасып жатыр.
Жетiм – бүгінгі мағынасымен түсіндiрер болсақ, әке-шешесiнен айырылған төл бала. Осы сөздің байырғы мағынасы қандай? Байырғы мағынасындағы “жетiм” – реалды жетiм емес, инициациялық сынақтан өтушi жасөспiрiмнің атауы. Түсіндiрейiк. “Инициация” ұғымы, тар мағынасында “баланың ересектер, некелесе (үйлене, күйеуге шыға) алатындар қатарына қосылуын айғақтайтын сынақтар” дегендi бiлдiредi. Инициациялық жоралғылар үш кезеңнен тұрады.
1. “Жетпекшi” (инициациялық сынаққа түсушi) өзiнің туып-өскен ортасынан (руынан, тайпасынан) “аластатылады”, сыртқа шығарылып, жалғыз өмiр сүруге мәжбүр етiледi (выделение индивида из общества).
2. “Жетпекшi” айдалада (орманда, тауда) белгiлi бiр уақыт кезеңiнде жападан-жалғыз өмiр сүредi (пограничный период).
3. Сынақтан аман өткесiн өз ортасына жаңа мәртебеге ие болып қайтып оралады (возвращение, реинкарнация в новом статусе или в новой подгруппе общества)67.
Мiне, күнi кеше ғана ойын-күлкiмен уақытын өткiзген, бүгінде есейiп қалған жасөспiрiм ендi белгiлi бiр уақытқа, қоғам сыртына шығарылып, өзiне бейтаныс, қауiп-қатерi мол кеңiстiкте өз күнiн өзi көруге, өлiп қалмаудың жолдарын iздеу-ге мәжбүр болады. Бұл – нағыз “жетiмдiк”, яғни қоғамнан белгiлi бiр уақытқа кетуге мәжбүр болған жасөспiрiмнің (жетпекшiнің) осы мерзiмдегi әлеуметтiк, инициациялық атауы да – “жетiм”68. “Жетiмдiк көру” деген сөздің де байырғы мағынасы осындай, бұл жерде бiз үшін маңыздысы – “жетiм” сөзiнің “жет” деген түбірден (етiстiктен) шығуында болып тұр; жетiмнің мақсаты, мұраты – “жет”, ол “жет”-ке аман-сау “жетуi” тиiс.
Ал осы инициациялық (“жет”-тiк, “жетпектiк”) процестi абақ таңба, оның iшiнде “жетi абақ” таңбасы арқылы көрсетсек ше? Бұл жағдайда “жет” сөзiнің мұрат, мақсат, арман сипатына ие болған кiндiк-нүктеге, ал оған “жету” жолындағы қиын-қыстау уақыт пен кеңiстiктің, аман-есен жету жолындағы кедергiлер мен iс-әрекеттердің шеңберлерге сәйкес келетiндiгiн көрер едiк. Iс жүзінде барлық инициациялық әрекет те осындай таңба-схема түрінде көрсетiлiп, олардың кiндiк-нүктелiк мұраты мiндеттi түрде “жет” деп аталатын болады.
“Жет” сөзiнің басқа мысалдарынан (жетiлу-жетiлмеу, жетiлген-жетiлмеген, жетiлдiрiлген, жетiмдi-жетiмсiз, жеткiзген, т.б.) бiз осы сөзге қатысты кәмiлдiк мағынаны көре аламыз; “жетiлген” сөзi орыс тiлiнде “совершенство” деп аударылады, “жетiлген” сөзiнің араб-парсылық “кәмiл” деген де синонимi бар, олай болса “жетiлген”, “жет” сөзi “кәмiл” (абсолют) деген мағынаға ие болады; Жет – абсолют, кәмiл.
Осындай сөз саралау барысында мен бiр-бiрiне ұқсап тұрған “жет” және “жетi” сөздерiнің бiр бастаудан өрбу ықтималдығын да қарастырмай кете алмаймын. “Жетi” сөзi де – менің топшылауымша, “нгенгт/ңеңт” праформасынан бастау алған; мұның өзi, өз кезегiнде, осы сан атаудың да абақ немесе шоғым таңбаны “оқу” нәтижесiнде қалыптасқандығын көрсетедi.
Жете – жад және интеллект
Қазақ тiлiндегi “жете” сөзi де осы “нгенгт/ңеңт” праформасы негiзiнде жасалған. Латын тiлiндегi “интеллект” терминiне негiз болған, “разумение”, “понимание” дегендi бiлдiретiн “intellectus” түбірiндегi “int” праформасының да дей-түркілiк “енгт/еңт” праформасының бiр вариантық өзгерiсi екендiгiн ескерсек, “жете” сөзiнің де, “жет” сөзiнің де қандай мағыналық ауқымды екендiгiн аңғаруға болады.
“Жетi” сөзiнiң төркiнi
Жетi санының дүниежүзілiк дәстүрде өте жиi, тұрақты да орнықты болып кездесетiндiгiн бiлемiз. “Жетi анау, жетi мынау…” сияқты сөз тiркестерiнің көптiгi сонша, тiптi оларды қайталап, арнайы тiзiм жасаудың өзi де артық болар едi. Жетi саны – қазақ үшін де киелi. Ал “алты” саны ше? Осы сан да қазақта (басқаларда да), жетiлiктен қалып қойғанымен, аса маңызды сипатқа ие. Оның себебiн қалай түсіндiрер едiк?
Алла тағала ғаламды алты күнде жасаған
“Ол сондай Алла, көктер мен жердi алты күнде жаратып, сосын ғарышты игердi. Ол жерге кiрген нәрсенi әрi одан шыққан нәрсенi және көктен түскен нәрсенi, оған көтерiлген нәрсенi бiледi. Сондай-ақ ол, қайда болсаңдар да сендермен бiрге. Алла не iстегендеріңдi толық көрушi” (Хадид 57:3).
“Расында көктер мен жердi және екi арасындағы нәрселердi алты күнде жараттық, шаршамадық” (Қаф 50:37).
“Ол сондай. Алла көктер мен жердi әрi екi арасындағыларды алты күнде жаратып, сосын ғарышты меңгердi…” (Сәжде 32:3).
Яғни ғаламды алты күнде жаратқан. Тауратта да жаратылу мерзiмi ретiнде осындай алты күндiк уақыт көрсетiледi. Ал осы “алты күн” деп нақтыланған уақыттың астарында қандай реалды уақыт мөлшерi жатыр? Ол жағын бiз бiлмеймiз, сiрә ешқашан бiле алмақ та емеспiз. Бiрақ жаратылу оқиғасының әлдебiр алты кезеңнен тұрғандығы анық, соны ғана топшылай аламыз. Ғалам жасаудың реалды оқиғасы бiзге белгiсiз, сондықтан оған басымызды ауыртпай-ақ, алты кезеңге бөлінген оқиғаны өзiм түсіне алатын схема – шоғым таңба – алты-шоғым түрінде түсінуге тырысып көретiн боламын.
“Ңеңт/нгенгт” сөзi “әлдебiр шектің iшкi жағын, арғы беттi, төменгi жақты” бiлдiредi. Мұны “алты-дестенi” терiс қараған конус түрінде кескiндеу арқылы түсінуге болады.
Мына кескiндегi алты сәуленi ғаламды жаратуға жұмсалған “алты күн” деп есептер болсақ, осы сәулелердің тоғысу нүктесiн ғаламның жаратылмастан бұрынғы түпнұсқасы, яғни протокосмос деп есептеуге болады. Бұл жердегi тоғысу нүктесi – шын мәнiндегi бастапқы (бiрiншi күн), сондай-ақ ол – жаратылудан кейiнгi соңғы (жетiншi) күн де бола алады. Алты-шоғымдағы тоғысу нүктесiнің көрiнбей тұрған “жетiншi сәуле” екендiгiн бiрiншi болып аңғарған Р.Генон “алты күнде ғалам жасау” оқиғасының сандық символикасын былайша түсіндiредi: “Сформированном септенере (семерке) единица пребывает в центре, а шестерка на окружности; иными словами, такой септенер слагается из единицы и сенера (шестерки), где единица соотвествует непроявленному первоначалу (принципу), а сенер – всей совокупности проявленного. Мы можем установить сходство между этой символикой и символикой “недели” еврейской Книги Бытия, потому что и там тоже седьмой “эон” существенно отличается от шести других: в самом деле, творение есть “дело шести дней”, а не семи; седьмой день – день “отдыха”. Этот седьмой член, который можно было обозначить как “субботный”, поистине является также и первым, потому что этот “отдых” есть не что иное, как возвращение Творящего Первоначала в изначальное состояние непроявленности, из которого, впрочем, оно вышло лишь по видимости, по отношению к творению, и чтобы произвести последнее согласно шестиричному циклу, но из которого само по себе реально никогда не выходило. На точку, выходящую из себя самой, чтобы очертить шесть направлений пространства, не влияет разворачивание пространства; на белый цвет не влияет излучение радуги; подобно этому на непроявленное Первоначало, без которого проявление никак не могло быть, не действует “шесть дней творения”. И точка, и свет, и Первоначало не зависят от своих проявлений. А “седьмой луч” есть “Путь”, которым бытие, пройдя цикл проявленности, возвращается к непроявленному и действительно соединяется с Первоначалом, от которого, однако, и в самой проявленности никогда, кроме как иллюзорно, не отделялось”69.
Менi қызықтыратыны:
1. Алтылықтың iс жүзінде жетiншi элементi байқалмай тұрған “жетiлiк” болуы.
2. Осы түсініктің тым ежелгiлiгi; Құран Кәрiм, Алла тағаланың ақпаратын 7 ғасырдағы тағы арабтарға түсініктi болуы үшін, сол арабтардың сол тұстағы таным-дәргейiне бейiмделген мәтiнмен астарлап берiп отырғанына қарамастан, “алты күнде ғалам жасау” (жетi күнде емес) оқиғасының сандық көрсеткiшiнің бастапқы нұсқасын өзгертпей жеткiзiп отыр. Не себептен? Ол жағына жауап iздеп әрекеттенбейбiз де; бiзге керегi – нәтиженің өзi.
3. О баста “алты күнде ғалам жасаудың” сандық көрсеткiшiне сай, соның үлгісiн пайдаланып көптеген туынды схемалардың жасалғандығын топшылауға болады. Мiне, осындай “алты” немесе “бiр + алты” моделi, уақыт өте “жетi” моделiне ауыстырылған; бұл модельдi пайдаланушы дәстүрлер, “жетi” санының аса маңызды, киелi символ екендiгiн сезiнiп, осы санды көптеген схемаларда пайдалана бергенiмен, осы жетiлiк модельдің о баста “бiр негiз бен оның алты нәтижесi” (бiр + алты) екендiгiн ұмытып кеткен едi.
Алты санының, дәлiрек айтқанда, оның еселенуi болып табылатын алпыс санының актуалдануы осы күнгi сағаттық, минуттық, жалпы алғанда бұрыштық (градустық) есептеулерден де көрiнедi. Ал мұндай (“алпыстық”) есеп-қисап жүйесi, реалды тарихтың деректерiмен шектелгеннің өзiнде де, Шумер заманынан белгiлi. Бұл да – кездейсоқтық емес, мұндай есептеу жүйесiнің қалыптасуына да бастапқы “алтылықтың” болуы қажет.
Сонымен, Алла тағала ғаламды әлдебiр алты кезеңде жаратып, игерген едi. Ол – бастапқы негiздің, нұрдың алты сыртқы көрiнiсi, алты туындысы, алты нәтижесi, алты сәулесi болатын. Мiне, байырғы замандарда-ақ, адамдар, осындай бiр бастаудан тараған алтылықтың болғандығын бiлгенiмен, оның себебiн түсіне алмаған; бүгінгі адамдар да оны бiлiп отырған жоқ. Сондықтан да олар, осы “бiр + алты” моделiн тұрақты үлгі, матрица деп қана қабылдап, осы матрица негiзiнде басқа, iс жүзіндегi қарабайыр алтылықтар (мен жетiлiктердің) мысалдарын жасаған.
Келтiрiлген кескiнге қарап, Алла тағаланың жасампаздығын “жет” ұғымымен беруге болады. Яғни кiндiк-нүктеде орналасқан, абсолют, негiз, Принцип болып тұрған “жет” сөзi – Құдайдың жасампаздығының атауы, “жетi” саны да осындай мағынаға ие. Осындай сөз жасау, құрылымды түсіндiру үлгісi шумерлiк мифологиядағы Күн тәңіриесi – Уту мен кечуалық (инктiк) мифтегi Күн тәңіриесi – Интидің есiмдерiнің қалай қалыптасқанын көрсете алады: “унгт/уңт” > “ут” > “уту(к)”, “ингт/иңт” > “инт” > “инти”. Арғықазақтық “Жет” ұғымын түсінуде де осы “Уту” мен “Инти” сөздерiнің этимологиялық нәтижелерi қосалқы көмек бола алады.
Шумерлiк Нети – жетекшi
Менің “ңеңт/нгенгт” праформасының iлкiлiгiн, оның “жет” және “инициация” сөздерiне негiз болғандығын дәлелдейтiн жанама айғақ ретiнде шумерлiк мифологияның мысалын келтiруiме болады. Шумер мифологиясындағы “жерасты патшалығының”, яғни “өлiлер дүниесiнің” қақпасын, кiре-берiсiн күзетушi кейiпкердің есiмi – “Нети”. Оның есiмiнің де дей-түркілiк “ңеңт/нгенгт” праформасынан шыққандығы көрiнiп тұр: “ңеңт” > “нет” > “нети”. Оның есiмiнің қазақтағы “жет” сөзiмен бiртектi екендiгiн ескерсек, “нети” сөзiнің мағынасының “жету, жеткiзу” немесе “өткiзу, iшке енгiзу” болатындығына көз жеткiзуге болады. Бұл да – шумер-түркі тiлдiк байланысының ақиқаттығымен қатар, термин жасаудағы шумерлiк тiлдің емес, дей-түркі тiлдің үстемдiгiн, жетекшiлiгiн дәлелдейтiн айғақтардың бiрi.
Нети – жерасты патшалығының жетi қақпасын күзетедi, ол өлген жанды жетi қақпадан алып өтiп (жетектеп, жетегiне алып), о дүниеге өткiзедi. Жетпектiк (инициациялық) мағынада Нети – жетекшi, жетектеушi, жетегiне алушы, ол жетi түрлі инициациялық сынақ сатыларынан жетпекшiнi жетектеп, оған жол көрсетушi, ақыл-кеңес берушi болып шығады. “Нети” есiмiнің дей-түркілiк этимологиясын анықтау маған шумерлiк Шолпан – Инаннаның жерасты елiне жасаған сапары жөнiндегi мифтi түсіндiруге мүмкіндiк бередi.