Таласбек сыйлығы 2021: Рүстем Нүркенов. «Кемеңгерден» «Еңлікке» дейін

Таласбек Әсемқұловтың авторлық күйлері жайында.

« …Бір кезде осы әуен ойыма келді. Ұмытып қалмау үшін қайта-қайта ішімнен айтып отырдым. Үйге барған соң домбыраға салдым. Шаһит болған есіл ерлер-ай, аруақтарына тағзым ретінде туған күйім ғой» деп айтқаны есімде Таласбек ағаның. Бұл әңгіме Қараөткел күйі жайында еді.

Әсемқұлов десе алдымен көпшілік оның жазушылығы жайлы айтар. «Құнанбай» мен «Біржан сал» кинофильмдері жайлы пікір қосар. Музыкадан хабары бар адамдар сыншылығы мен күйшілігі туралы жазар. Домбырашылар мен музыкатанушылар Байжігіт пен Тәттімбет күйлерін бізге жеткізген дер. Бәрі де дұрыс. Дегенмен Таласбек Әсемқұлов өнерінің бір қыры туралы көп айтылмай, жазылмай жүр. Ол — авторлық күйлері.

Күй тарихы еуропалық музыка тарихы сияқты емес. Еуропада композитор музыка шығарса, соңғы нотасы жазылған соң партитураға бәленбай ай мен күн, түгенінші жыл деп жазып қояды. Музыка зерттеушілеріне өте оңай. Бізде болса көбіне өнерпаз бір күй шығарса, кейін оны өндеп, алып-қосып тарта береді. Атаулы дата болмаса, нақты шығу уақытын табу қиын. Таласбек күйшінің өзі шығарған күйлерін де әу дегеннен шығу мезгілін анықтау қиын болды. Әрқайсының кімге, неге арналғанын білсек те нақты күнтізбелік уақытты табайық деп шештік. Тарихқа, күйтану ғылымына кейін керек болар деген үмітпен Зира жеңгейден сұрап білдік. Күйшінің өмірлік ситуацияларымен сәйкестендіріп, реттік тізім жасағандай болдық.

Әуелі «АҚҚОЗЫМ» күйі дүниеге келсе керек. Күйдің екінші аты «Хадиша». Күйшінің қызы Хадиша Таласбекқызы дүниеге келгендегі арнау. Бұл 1998 жыл. Күй Арқа күйшілік мектебіне сай, жетім мен көсем пернелерге тұрып басталады. Қайырып шертілетін әуен шешен пернеге барып қайта оралады. Екінші әңгіме де (бөлім де) шешен пернені негізгі тұрақты дыбыс ретінде қолданады. Құсар пернеге дейін жеткемен қайта-қайта орала, алғашқы тұраққа келіп тоқтайды. Күйді шерту бір қарағанда оңай болып көрінгенімен, автордың сол қол басу және оң қолдың шерту ерекшелігін сақтаса, техникалық жағынан едәуір қиындық тудырады.

КЕМЕҢГЕР – арнау күй. 2005 жылы дүниеге келген. Арысы қазақтың хан мен билері, берісі Алаш арыстарының жасаған еңбектеріне сүйіспеншілік, сол ардақтылар, сол кемеңгерлер сияқты болсын, соларға ұқсасын деген ұлы Жансүгірге арналған күй. Күйдің өне бойында асқақ рух, қайрат бар. Соңғына таман кенеттен тоқтап, қайта жалғасатын жері бар. Біздіңше күй желдірте келе кілт тоқтап, артына қарап, бағамдап, есеп беріп, қайта болашаққа ұмтылған сәті деп есептейміз.

Осы 2005 жылдары тағы ЖЕҢЕШЕ атты күй дүниеге келді. Күй Шәміл Әбілтайдың жұбайы Өрікгүл Өтемісқызына арналады. Күй барысында айтарлықтай аптығу жоқ. Әр буын нақты орындалады. Күй барысында еуропаша айтсақ, музыкалық ауытқу бар. Алқоңыр (мажор) әуенде қоңыр (минор) саздың дыбысы, яғни мұңлық перне бірнеше рет кездесіп отырады.

Т. Әсемқұлов отан үшін от кешкен, аянбай еңбек еткен ерлерді әрдайым еске алып отыратын. Осындай бір сәтте АЗАПКЕР (2006 жылы) күйін шығарса керек. Күй сипаты жағынан Кемеңгер күйіне ұқсас келеді. Күй бірнеше рет үш мәрте қайталанған музыкалық фразалардан тұрады. Жетім перне мен шешен перне арасында жалғасқан азынаған әуен.. Шағырмақ перне қосымша дыбыс ретінде ғана кездеседі, ал емірелі пернені қолдану арқылы күй бойынан оптимизмді көрсету үшін пайдаланса керек.

ЖҰБАТУ күйі (немесе «Әбікенді жұбату») қазақ күй тарихындағы сәтті шыққан эксперименттердің бірі деуге болады. 2008 жылы дүниеге келген күйдің негізгі идеясы Ә. Хасеновтың «Қоңыр» күйінде жатыр. Екі-ақ перненің орнын ауыстырып жаңа туынды жасай алды. Қоңыр сазды алқоңырға айналдыра білді. Шарасыздық емес, үміт, ертеңге деген сенімді көрсетті.

Шамамен 2010-жылдары екі күй дүниеге келеді. ҚАРАӨТКЕЛ күйі жайлы сөз басында жаздық. Қазақ-қалмақ соғыс уақыты. Жаудың қалың қолынан қашқан шал-кемпірлер, әйел-балалар Есілдің жағасына келеді. Алда тасыған Есіл, артта жетіп қалған қалмақ. Өткені екінші бетке жетеді, қалғанын жау қырып тастайды. Сол кезде өзен қанға боялса керек. Таласбек Әсемқұлов бүгінгі Астанаға қарап отырып, кешегі кеткен бабалардың қаны төгілген жерге тағзым ретінде арнаған күйі.

ТӘТТІМБЕТ СЕРІ. Ұлы күйшіге арнау күй. Жетім пернеден басталады. Еуропаша айтсақ – субдоминанталық дыбыс. Негізгі тұрақты дыбысқа (көсем перне) келіп орныққан соң, әуелгі иірімге тағы келеді. Күй барысындағы екі әңгіме түрлене-түрлене бірнеше рет қайталанады.

Өмірінің соңғы жылдары атақты АРЫНҒАЗЫ ТӨРЕГЕ арналған күйін шығарған. Өкінішке орай, таспаға жазылған аудио/видео жазылған мәлімет қалмады. «Күйім әне-міне жетіледі» деп жүргенде өмірден озды.

Таласбек Әсемқұловтың өмір бойы ойланып, алып-қосып келген бір күйі бар. Ол – ЕҢЛІК атты күйі. 2006 жылы алғашқы идеясы келгенімен, өмірден кеткенше дейін идеалға жеткізуге тырысқан. Жары Зира Жетібайқызына арнау күй. Жалғыз ішектегі көсем пернеден басталып, қос пернені қара қағыспен шертіп аяқтайды. Күй үш әңгімеден құралады. Бұл жарына деген кешегі күнге алғысы, бүгінгіге шүкірі, ертеңгі күнге аманаты деп есептейміз.

Өнерпаз шығарам деп әдейі күй шығармайды. Сөз жоқ, арнайы тапсырыспен немесе белгілі бір адамға/оқиғаға әдейі күй арнауы мүмкін. Бірақ ол табиғи жаратылыс болмайды. (Ия, күй деген де жаратылыс). Жартылай фабрикат бірдеңе. Ондай күйдің де ғұмыры ұзақ емес. Жанынан шын ниетпен шыққан, шын ниетпен ғана дүниеге келген күй ғана тарихта қалады. Күй шығарғанда өмір сүрген ұрпақ бағаламаса да, кейінгі буын құдыретін түсінеді. Белгілі бір толқын өткен соң ғана «алтынның қадіріне жетеді». Әрдайым осылай болмаса да, көп күйдің тағдыры осындай. Т. Әсемқұловтың авторлық күйлері осылардың қатарында.