2020 жылы Т. Әсемқұлов атындағы Otuken мәдениетті дамыту қоры, жазушының жары, мәдениеттанушы Зира Наурызбай мен шәкірттері ақын, тарихшы Ербол Алшынбай, этномузыкатанушы Рүстем Нүркен “Таласбек сыйлығы” байқауын ұйымдастырды. Жыл сайын өткізілетін байқау қаламгерлер мен зерттеушілерге екі номинация бойынша беріледі: Таласбектану және көркем әдебиет. Домбырашылар күйшінің репертуарындағы және жанынан шыққан күйлерін шертеді.

Гүлзат Қанат. КҮЙ МЕН СӨЗДІҢ ШИПАСЫ. «ТАЛТҮС» РОМАНЫН ПСИХОАНАЛИЗ ТҰРҒЫСЫНАН ТАЛДАУ
Егер жанға шипа іздесеңіз, «Талтүсті» оқыңыз. Психологияның том-том теориясы психологтарға керек. Ал жаныңызды шын емдегіңіз келсе, көркем әдебиеттің құдіретіне үміт артыңыз. Бұл роман тарих шындығын ашық айтқан шығарма. Қазақ тарихын, тілін менсінбейтін, қор санайтын кеңестік кездің салқыны бойыңызда болса, міндетті түрде оқып шығыңыз. Адыраспанмен аластағандай құлан-таза айықтырады. Қазақы жаныңызды тірілтіп, ұжымдық санада келе жатқан жараны емдеу үшін оқыңыз. Бұл романда әр үйдің де шындығы бар. Осы кейіпкерлермен тағдырлас қаншама отбасы бар. Ет жақыныңыздан көрген ашу-ызаның, салқындықтың, қатыгездіктің себебін түсінбей, кешіре алмай жүрген болсаңыз, осы шығарманы оқыңыз. Ата-әжелеріміздің, әке-шешеміздің жанын жайпап өткен нәубеттер оларды бір мысқал болса да түсінуге, кешіруге, заманнан көрмеген жылылықты бала көзбен беруге себеп болар, бәлкім…