Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ
Нұрлан Өнербаев, сөз жоқ, бүгінгі қазақ ән өнеріндегі ең айтулы тұлғалардың бірі. Ол қалың ел, тыңдаушы көпшілік арасында ғана емес, сондай-ақ сыншы қауым, профессионал музыканттардың арасында да кеңінен танымал. Аз уақыттың ішінде осындай әншілік абыройға жеткен, өз өнерімен тыңдаушы санасында осыншама ой мен сезім тудырған өнерпаз кемде-кем.
Нұрланның әнін алғаш рет 90-шы жылдардың басында тыңдаған едім. Ең әуелі таңқалдырғаны оның сахнадағы көркі емеc, келісті тұрысы емес – орындаушылық өнеріндегі биік кернеуге жеткен сұлулық сезімі еді. Ортанқол шығармаларда форма мен техниканы қуалап, орындауға ілесіп, әншіге ойша «көмектесіп» отырасың. Шын кемел туындыда бұның бірде-біреуі көрінбейді. Көз алдыңызда музыкалық бейне ғана тұрады. Нұрланның техникасы айқайдан, әшекейден, қолдан жасалған «сезімдерден», және публиканың алдындағы құлшылықтан туындайтын эффекттерден ада. Әнші өзі қол жеткізген, игерген көркемдік құралдарын бір ғана мақсатқа – музыкалық ойды барынша ажарлы, терең етіп бейнелеуге жұмсайды.
Өз өнерінің биік белестерінен ғана белгі берген дарын – шын суреткер саналмақ. Оның шеберлігі әркелкі болуы мүмкін. Кейде өзі межелеген өреден төмен де түсуі мүмкін. Бірақ өмірінің мерейлі шақтарында ол өнердің биік шындарына шығады, кейінгіге үлгі боларлық қайталанбас өрнек салады.
Нұрланның өнері де осы низамнан тыс тұрған жоқ. Онымен кейде «келіспеуге» де болады (өнерді қабылдаудың дағдылары – өнердің өзіндей шексіз ғой). Бірақ тыңдамау мүмкін емес.
Біз, тыңдаушылар, Нұрланның әнші ретінде қалай жетілгенін, оның әншілік эволюциясын көре алмадық. Алайда, көзі қарақты адам Нұрлан өнерінің өнген топырағын, оның ар жағында тұрған үлкен әншілік текті бірден таныр еді. Нұрлан қазақ әнінің тарихынан мол мағлұматы бар эрудит әнші. Оның әуезінен байырғы, серілер заманындағы қазақ әнінің биік рухы сезіліп тұрады. Әрине, Нұрланның ең үлкен қазынасы – дауысы. Тамаша дикция, оралымдылығы, әнді естілер-естілмес етіп айтқанның өзінде сезіліп тұрар үлкен қажыр – бұл әнші даусының анық сипаттары ғана. Нұрланның даусын белгілі дауыс типтеріне жатқызу қиын. Батыс музыкатануында «дауыстың аспаптық табиғаты» («инструментальность голоса») деген ұғым бар. Міне, әншінің даусын осындай типке, шартты түрде жатқызуға болар еді. Дауыстың да ғұмыры болады. Әдетте, әншіліктен дәмелі көп адамның дауысы балалық кезінде-ақ кесіледі. Бұл, әнді өлшеусіз көп айтудан, немесе физиологиялық яки басқа себептерден болуы мүмкін құбылыс. Бала кезінде жарқырап көзге түскен, кейіннен сахнадан да, жұрт көңілінен де ғайып болған дарындар – осындай қысқа ғұмыр дауыстың иелері. Бұндай тағдыр Робертино Лореттидің басында болған. Нұрланды тыңдап отырғанда оның даусының о баста балғын және биік болғанын ажыратасыз. Дауыстың түлеуі кезінен сәтімен өткен әнші бозбала кезінде гитараға көп әуес болғаны байқалады. Оның даусындағы ерекше зиялы сипат, гитараның қоңыр күмбірінен тамыр тартқан.
Ән өнерінде «өз өзіне жетілген шедевр – дауыс» («самопоющийся голос–шедевр») деген ұғым бар. Бұндай дауыстың иесі ән айтпай-ақ қойса да болғандай. Себебі жай сөйлеген сөзінің өзі әнге бергісіз. Міне, Нұрланның дауысы – осындай дауыс. Сырт көзге әнші, әнді еш қиналмай орындайтындай, мелодияны қалыпты шеберлікпен шарлап шыға салатындай көрінер еді. Бірақ бұл шынында да сырт көрініс. Нұрланның орындау шеберлігі үздіксіз жетілуден өткен үлкен шеберлік. Кез-келген өнерлінің жеткен жетістігі жарым-жартылай өзінің жеке басының қабілеті мен дарынынан және сол замандағы мәдениеттің контексінен құралады. Үстіміздегі ғасырдың 30-шы жылдарында қалыптасқан «советтік көпшілік ән» («советская массовая песня») ұлттық мәдениетке белгілі дәрежеде ықпал еткен құбылыс еді. Бірақ ән өнері үнемі өндіріс жетістігі мен майдандағы білікті жырлап отыра алмайды. Ерте ме, кеш пе қандай болмасын ұлттық мәдениет коллективтік санадан жеке бастың көңіл күйіне бет бұрады. Сол советтік заманның өзінде-ақ көрініс бере бастаған бұл үрдіс 80-ші жылдардың аяғы мен 90-шы жылдардың басында кең етек алды. Өнер идеология диктатынан арылды. Бұрын композитордың да, орындаушының да өнерінің құны системаға деген адалдықпен өлшенер еді. Енді өнерлі адам тыңдаушымен бетпе-бет қалды. Ортада дәнекер жоқ. Тыңдаушыға танылып, сүйікті әншіге айналсаң, абыройға жетсең – бағың. Орындаушылық карьераң бір-екі концерттің маңайында аяқталып, түнекке сіңіп ұмытылсаң – тағдырың.
Цензурадан құтылып аңсаған еркіндікке жеткен өнер әулеті осы азғантай жылдың ішінде таңғажайып тіршілік кешті. Басқа мәдениеттің бір ғасырда татар дәмін қазақ мәдениеті бірнеше жылдың ішінде татып шықты. Шетелден, атасын атамыз білмеген өнер түрлері келді, түсімізге кірмеген түрлері қалыптасты. Міне, қазақ әлеуметі, төрт тарап жеті ықылымды, бүкіл әлемді сыйлаған көпшілік мәдениеттің (массовая культура) аңғарына тартылып бара жатқан заманда, ұлттық сахнада орындаушылықтың небір анайы түрлері етек алып отырған осындай заманда Нұрланның өнері алыстан алаулап, қадір-қасиеті зорайып көрінеді, мән-мағынасы ашыла түседі.
Нұрланды эстраданың әншісі деп айтудың өзі қиын. Эстраданың барлық уақыттағы басты принциптері – ірі план, гротеск, күтпеген жерден шендестіру болып келсе, Нұрланда мұның бірде біреуі жоқ, дәлірек айтқанда ол бұған ұмтылмаған да. Оның әнін, сахнадағы келбетін тамашалап отырғанда көз алдыңызға «ғиззатлу» деп басталатын қазақтың ескі хат жазу мәнері елестейді. Иә, Нұрлан ізетті әнші. Оның өнері арқылы қазақ әнінде байырғы ізет пен инабат, сөз айтудағы кісілік қайтадан оянды. Әрине, заманға лайық жаңа сипатта. Нұрланда драматизм де, трагизм де бар. Ол партитурада көрсетілген эмоциялардың барлығын дерлік бейнелеп шығуға тырысады. Бірақ ол ешқашан әдептен озбайды. Ішінде лақылдап жатқан сезімнің жайын еміс-еміс қана шырамытасыз. «Айтылмаған сөз – қадірлі» деген осы.
Нұрланның репертуарындағы ең көрікті әндердің бірі – «Таңғы тілек». Бұл арманына жеткен, енді бақытының ертеңін жүрегі қобалжи ойлаған жігіттің сөзі.
Өмір бойы қол ұстасып өтерміз,
Армандар мен мұраттарға жетерміз.
Домбыраның екі шегі сияқты,
Өмір әнін
Өмір әнін
Қосыла айтып екеуміз
Сен дегенде,
Сен дегенде,
Таңмен бірге ояндым.
Сен дегенде,
Сен дегенде,
Күн нұрына бояндым.
Екеумізге ауысса екен, аяулым,
Адалдығы
Адалдығы
Қозыменен Баянның.
Көз алдыңызға таң нұрымен оянып, толқын-толқын шашына көміліп алаңсыз ұйқыда жатқан сүйген жарын бір жағы сүйсіне, бір жағы мазасыз көңілмен тамашалаған жігіт елестейді.
Бұл, жүректе тұрған, сыртқа шықпаған, айтылмаған сөз. Әлі күнделікті күйкі тірлікке араласпаған таза сана, таңғы тұнық ой, лайланбаған сезім…
Ғұмыр бойы екеумізді қолдасын
Махаббаты
Махаббаты Еңлік пен Кебектің, – дейді жігіт соңында. Әнші, әсіресе үшінші шумақтың қайырмасын бір түрлі шаршай айтады. Бірақ бұл шын шаршау емес, ең биік махаббаттың жанында жүретін бақыттың мәңгі сыңары – қасіреттің астарлы бейнесі.
Бұндай өреде орындау – әншінің поэзиялық тексті жете тануының айғағы.
Нұрланның репертуарындағы ең сұлу әндердің бірі — «Махабба көктемі».
Ән махаббат жайында. Алғашқы, кіршіксіз махаббат жайында. Кейіпкері – бойын билеген асқақ сезімді айтып тауыса алмаған, махаббатына теңеу таба алмаған бозбала.
Қайткенде гүл — сезімім шығар естен,
Жанымды жадыратып самал ескен.
Көктемнің құдіреті жанды билеп,
Жүрегім Мұңлық-Зарлық күйін кешкен,– дейді ғашық.
Махаббатта да ғұмыр болатынын, ертең гүл-көктем де, шілденің аптабы да өтіп күздің ызғары келетінін, қартайып бой суйтынын… ештеңені білгісі келмейді. Нұрлан осы онде кейіпкердің ахуалына түсіп кейіптелудің биік үлгісіне жеткен. Үлкен инабатпен айтылған махаббат сыры нандырмай қоймайды. Ұлы сезімді жырлаудағы ізет пен құрмет. Күнделікті өмірдегі ар мен ұят – барлығы бір-ақ нәрсе екеніне көзіңіз жетеді.
Нұрланның репертуары сан қырлы, әнші қазақ сахнасын көптеген бейтаныс тұлғалармен, бір-біріне ұқсамайтын характерлермен байытты. Алайда оның репертуарындағы екі әннің орны бөлек. Бұл «Салшы қалқам, әніңе» және «Мен сені сағыныппын» әндері.
Біріншісінде, мейрамхана я басқа көпшілік жерде, топ ортасында ән салған қыздың көркін тамашалап отырып өзінің ескі дертін қозғап алған жасамыс еркектің жайы баян етіледі.
Ұмыт болған махаббат елесі көкірегінде қайтадан тірілген кейіпкер:
— Қайталашы әсем толқын ырғағын,
Бір қозғалсын көңілдегі сырқауым.
Айқабағың аумайды екен сол қыздан,
Келіп отыр қайта-қайта тыңдағым – дейді.
Содан соң өзін билеген күйді нақтылап ұғындырады:
Айтылмаған арыз-назым бар саған,
Бір сұлуды еске салдың аңсаған.
Салшы қалқам жаным құштар әуенге,
Дертті жүрек демін алсын шаршаған.
Бұл жердегі дерт – кейіпкердің бағы. Өзінің бұл дертін ол басқаның бақытына айырбастамайды. Ол, топ ортасында ән айтып тұрған қыздың жүрегіне емес, көркіне ғана ғашық. Ал өз жүрегінде – басқа махаббат. Көз алдында тұрған тірі адам оның бір кездегі ғашығына ұқсастығымен ғана қадірлі. Сондықтан ол қызға «көңіліме тұтар медеу бол» демейді — «ән салшы… ескі дертім қозғалсын» дейді.
«Мен сені сағыныппын» әнін тыңдағанда М.Цветаеваның «Мне нравится что вы больны не мною» деп басталатын өлеңі ойға оралады. Ақын «менімен дерттенбегеніңізді ұнатамын, табанымыздың астындағы қара жердің шыр-көбелек айналып жоғалмасын білемін. Мені білмей тұра осынша сүйгеніңіз үшін, айлы түнде қол ұстасып серуен құрмағанымыз үшін, мені әттең, сүймегеніңіз үшін, менің сізді, әттең сүймегенім үшін жүрегіммен де, алақаныммен де алғыс айтамын» дейді емес пе.
(«Мне нравится, что вы больны не мной. /Мне нравится, что я больна не вами./ Что никогда тяжелый шар земной/ Не уплывет под нашими ногами…/….Спасибо вам и сердцем и рукой/ За то, что вы меня – не зная сами!–Так любите: за мой ночной покой,/ За редкость встреч закатными часами./ … За то что вы больны – увы – не мной,/ За то, что я – увы – больна не вами!»)
М. Цветаеваның болған жас кезінің туындысы – осы шедеврде ешқашан кездеспеген екі адамның арасындағы махаббат жайы айтылады. «Мені сүймесеңіз де, жүрегіңізде махаббаттың болғандығы үшін ғана рахмет сізге» деген өксік әуен-өлеңді көктей өтетін лейтмотив.
Қазақ әнінің кейіпкері тура осындай болмаса да осыған ұқсас күй кешеді. Бір сөзінде ол:
– Мен сені көрмесем де ғашық боппын,
Жүріппін мұңға батып, жасып көп күн.
Самалмен бірге кіріп көкірегіме.
Көңілімнің терезесін ашып кеттің, – дейді.
Және бір сөзінде:
– Мен сені көрмесем де сағыныппын.
Алдымда бір арманның барын ұқтым, – дейді.
– Бірақ сен елемедің, танымадың,
Қиялмен барып жүрдім жаныңа әр күн, – дейді тағы да.
Хияли қайғы болмайды. Ойша болса да жүрекпен кешкен қайғы – шын қайғы, санаңда елестете алған қасірет – шын қасірет. Ал көкірегіңдегі махабаттың жер бетінде ұқсасы жоқ екеніне көзің жеткен сен екі есе бақытсызсың, өйткені сенің махаббатың мұраты ешқашан хасыл болмайтын, бақытына ешқашан қауыша алмайтын махаббат.
Нұрлан бұл әнді испан бардтары сияқты қасіреттеніп, биік сезіммен орындайды. Әннің соңғы қайырмасы сол қарлыққан дауыспен, немқұрайды айтылады. Әншінің өзі ойлап шығарған, партитурада жоқ бұл психологиялық реңк үлкен сыр айтқаннан кейінгі шаршаңқы қөңіл күйді бейнелесе керек. Осы әнді сахнадан бір тыңдаған едім. Ән айтылып болғаннан кейін залда бір сәтке тыныштық орнады. Көрермен ғұмыры әлі жалғасып жатқан көркем күйді үркітіп алмайын дегендей сілтідей тынып отырып қалғаны әлі есімде. Осындайда үнсіздіктің бағасы аплодисменттен әлдеқайда жоғары ма деп қаласың.
Бірде Нұрланмен өнер жайында, орындаушылық жайында ұзақ сөйлескеніміз бар.
– Әнге байланысты «драматизм», «драматургия», «шағын спектакль» деген сөздер көп айтылады, – деген еді ол ойланып отырып. – Жауыр болған сөзді қайталамай-ақ қояйын. Ән өнеріне басқа қырынан келейік. Әнші сахнаға шығып әңгімесін бастағанда, концертке кемінде екі адам қатысып отырғанын есінде ұстауы керек. Біреуі – әнші, екіншісі – көрермен. Әнде екі партитура болады. Біреуі – орындаушылық партитура, екіншісі – тыңдаушылық партитура. Орындаушы осыны ұмытпауы керек. Кейде әнші тыңдаушының жетегіне қалай еріп кеткенін өзі де байқамай қалады. Адам айтқысыз биік сезімді жеткіземін деп делі болып кеткен, тыңдаушымен емен-жарқын араласамын деп сайқымазақ әулекі болып кеткен кейбір әншіге жаның ашиды. Әріптесіңнің кем соққаны саған жаман.
– Олай болса, өз жетістігіңнің сырларынан бөліссең қайтеді? – дедім мен.
– Айтайын, – деді Нұрлан, – Менің өз әріптестерімнен бөлек мүддем жоқ. Мен де сахнаға тыңдаушымен тілдесу үшін шығамын. Алайда мен әңгімені бірден зиялы, байыпты, сыршыл арнаға бұрамын, көрерменнің терең кісілік қасиеттерімен тілдесуге тырысамын.
Ән айтудағы алғашқы ұстазым – туған жұртым еді. Өнер тұнған ауылда тудық, қазақтың ескі жырын, әні мен күйін тыңдап өстік. Күндердің күнінде жырдың бір керемет сипатына көзім жетті. Жыршылар әр сөзді әндетіп айтады екен. Содан соң мен де сөзді әндетіп айтып үйрене бастадым. Байқағаның бар ма, ескі көз адамдардың жай әңгімесінің өзі өте әуенді болады. Неге дейсің ғой? Әрине, сөздің жарты құны – мағынасында. Ал жарты құны – әуезінде. Міне, ән өнері сөйлеу мәнерінің биік үлгісі екеніне осылайша көзім жетті. Маған әннің сыншылары «сен сахнада ән салып емес, әңгіме айтып тұрған сияқтысың» дегенді жиі айтады. Шамамен дұрыс айтылған сөз. Алайда бұл менің шеберлігімнен емес, ел ішінде әуезді сөйлейтін шешен адамдарды көп тыңдағандығымнан.
Нұрлан сәл ойланып отырып әңгімені басқа тарапқа бұрды.
– Әншінің кісілігі оның көрерменге деген қатынасынан байқалады. Әнші және әнші ғана емес, жалпы орындаушы өзінің тыңдаушысын өзі қалыптастырады. Бұл ежелден белгілі ақиқат. Бүгінгі орындаушылық, әсіресе оның батыс үлгісімен қалыптасқан бөлігі сенсациялық сипатқа құрылады. Сахнадағы жүріс-тұрыс, киген киім, орындау мәнері – барлығы да сенсация болу керек. Және аталмыш сипаттар күнде-күнде өзгеріп отыру керек. Ақырында, жеңсікқой тыңдаушыға ұнаймын деп ұшы-қиыры жоқ бәйгеге қалай кіргеніңді өзің де байқамай қаласың. Түптеп келгенде бұндай орындаушылық көрерменнің ығына жығылып күнде-күнде комплимент айтумен бірдей нәрсе. Бұндай тартысқа ешкім де төзе алмайды. Ақыр соңында сол орындаушы сахнадан түседі де орнына күші бойына симай тұрған тағы біреу келеді. Орындаушылардың, стильдердің сахнада көп тұрақтамай бірің бірі жиі алмастыруының сыры, міне, осы. Менің көздегенім бұл емес еді. Мен ең әуелі тыңдаушының кісілігіне сендім, оның асқақ сезімдерді түйсініп кеше алатынына сендім. Қателескен жоқпын деп ойлаймын. Адамды кісілікті етудің басты амалы – оған басқаның қайғысына иіле білуді үйрету. Мен осындай аудитория қалыптастыруға тырыстым. Мені дұрыс түсін. Мен көрерменге ақыл айтпаймын. Мен онымен сырласамын.
Көп жағдайда, суреткердің жұртқа танылуы – «ажалының» басы болмақ. Артистер өңерінің үлгіге айналғанына қуанбау керек, керісінше одан қорқуы керек сияқты. Себебі, бүгінгі үлгі – ертеңгі ескі.
«Бүгінгі модадан шығьт қалғаның
Бір кезде модада болғаныңның жазасы» депті бір ақын.
Кейде бір орындаушы жайында, «оның орындау мәнері өскелең бе, жоқ па» («современно или нет») деп дауласып жатады. Бұл сұраққа, нені өскелең деп түсінетініңізге байланысты әртүрлі жауап беруге болады. Бізде көп жағдайда өскелеңдік ұғымын қазіргі модадағы үлгімен шатастырады. Нұрлан өз орындауында көрініске, әшекей сұлулыққа ұмтылған жоқ. Ол барлық уақытта табиғи адамдық қалыптан айныған емес. Ал бұл барлық уақытта өскелең қасиет саналмақ. Өнер шындығы – өте қиын шындық. Айтылуына қарай өнер шындығының жалған сөзге айналып кетуі де ғажап емес. Көркемдік шындықты жеріне жеткізіп, мұратын түгесіп бейнелеу – харизма, мыңнан біреудің ғана қолынан келетін іс. Нұрлан, өнерде аяғына дейін адал болған орындаушы. Сол себепті оның өнері ешқашан ескірмек емес.
1997