Мұрын жырлаған ұлы дастан хақында

Серікбол Қондыбай

Көпшілік 1991  жылы  Ақшымырау  аймағында  дүниеге  келіп, Кетікте ( Форт – Шевченко) дүниеден өткен  Мұрын  жырау  Сеңгірбекұлының   130  жылдық  мерекесі  туралы ұмыта  қоймаған  шығар. Екі  жылға  кешіктірілген  бұл  мерейтой  қазақ  халқының  соңғы  жырауына  көрсетілген  алғашқы  құрмет  еді. Бірақ  ұлт  деңгейіндегі  жыршының  ел  көлемінде  емес, тек  облыс, аудан  аумағында  еске  түсірілуі  көңілді  жайлы  ете  алмағаны  белгілі. Оған   өкпелейтін  рет  жоқ. Өйткені  қалың қазақ халқы  Мұрын  жырауды  да, оның «Қырымның  қырық  батырын»  біле  бермейді, ол  кезінде  насихатталып  көрген  жоқ. Мұрын  жырау  жырының  жалғыз  жанашыры  Қабидолла  Сыдиқов  осы  жырға  қатысты қазақ әдебиеттану  ғылымындағы кезіндегі бір жақсы  пікірлерге  байланысты  мән  беріліп  зерттелмегенін  айтады.

Мұрын  жырау  мен  оның «Қырымы» туралы  жырды  соғыс  жылдарында  қалай  жазып алынғаны туралы оқырман «Маңғыстау» (7 –ақпан 1991 ж) газетіндегі  Қ.Сыдиқовтың  мақаласы  арқылы  білетін  шығар. Сондықтан  қайталай  берудің  жөнін  таппадық. Біздің  баяндамақ  ойымыз «Қырымның қырық батыры»  қай  кезде  қалыптасқан  деген   сауал  төңірегінде әңгімелеу  ғана. Тек   жырдың  тарихи  жолын, негізгі  ойы  мен  идеясын  білу, түсіну  арқылы   Мұрын  жыраудың  халыққа  беріп  кеткен  дүниесінің, өз  еңбегінің  қандай  екендігін  білуге  болады. Тек  сол  арқылы  жырауды  бүкіл  қазаққа  танытуға  болады.

«Қырымның қырық батыры» жырлар  циклі 14 – 16 ғасырлардағы  ноғай дәуірінің  тарихи  оқиғаларына  байланысты  қалыптасқан  деген пікір  әлдеқашан  қағидаға  айналып  кеткен. Бірақ  бұл  жырдың   жасы  әлдеқайда  үлкен, оған қазақ  мифологиясының  мәселелерін  қарастыру  кезінде  көзіміз  жетті. Мифология — әр  халықтың  іздері, дүние, табиғат  туралы  түсінігін, танымын  жырлар, аңыздар, ертегілер, әдет- ғұрыптар, тағы  басқалар  арқылы  ашып  көрсете  алатын ғылым. Бірақ  неге  белгісіз, басқаларда  әлдеқашан  тарих, әдебиетттану  сияқты ғылымның  үлкен  саласына  айналған  бұл  ғылыми пән  қазақта әлі  күнге  дамымапты.

Міне, сол  ғылыми  мәселелерді қарастыру кезінде шежіре  тарих, аңыз, география  және  тілтану  материалдарын өзара салыстыра отырып, зерттеу  объектілерінің  бірі  болған «Қырым»  жырының  өмір  жасын  біршама  нақтылай  алдық.

Жырдың  құрылымы  мен  идеясының өмір  сүру  уақыты қазіргіден  1500 – 2500  жыл  бұрынғы  аралық, бірақ нақты «қазақ  жыры»  кейінірек  қалыптасқан.

«Қырымның қырық  батыры»  жырлары  VІ – Х ғасырлар  аралығында қазіргі  Теріскей  Кавказ далаларында  қалыптасқан.

Алтыншы ғасырда Дон өзені (Тана өзені), Азов теңізі (Азаулы  теңізі) жағалауындағы  далаларда  ғұндардан қалған  тайпалар өмір сүрген. Көне заман  тарихшылары  оларды  әртүрлі  атпен  атайды. Солардың  бірі  гот – латын  тарихшысы  Иордан әлгі тайпалар қауымын  екіге бөліп болғарлар  мен альцингарлар, екеуін  жалпы  түрде  болгарлар  деп  жазып  кетіпті. Сол ғасырдың  бұл  аймағына  аваржужан, іле –шала  көктүріктер  келіп  жетті. Олардың араласуы  нәтижесінде  Еділ, Дон, Кавказ  далаларында  екі  бірдей  түркілердің  көшпелі  мемлекет – Хазар қағандығы  мен  ұлы  Болғар  хандығы құрылды. Альциагарлар  Азовтың  шығысында  тұрып, Болғар  ханы  дулат  руынан  шыққан  Кубратқа  бағынған. Осы  альциагар  деп  отырғанымыз  қазіргі  кіші жүз алшындар делінетін қазақтардың арғы  бабалары. 660 – 680 жылдары  болғарлар  хазарлардан жеңіліп, бір  бөлігі  батысқа  көшіп, сол  жақтағы  халықтармен  араласып, тілін  ауыстырып  қазіргі  болгар  халқының  негізін қалады, ал қалған  бөлігі  хазар  ханына  бағынып,  810 – 820  жылдарда  қазіргі  чагар жеріне  ығысып, қоныс  аударды. Бұл қазіргі  татар  халқы. Ал  хазарға  бағынған  болгарлардың  альциагарлар  деп  аталған  бөлігі  660 – 680  жылдары  Азов  теңізі  төңірегінен   оңтүстікке, қазақ  аңыздарында «Қондыкер Қобаң жұртына» (Кубань өзені алабы) көшіп кетіп, хазарға жартылай  бағынғанымен  олармен  екі  жарым ғасырдай  жауласты. Осы  уақыт  ішінде  түркі  тілді  альциагарлар  теңіз  жақтан  келген  адыге  руларымен  араласып, қыз  беріп, қыз  алып, құранды қауым  құрды. Міне,  осы  қауым Х ғасыр  басынан  бастап «касог»,         «қазақ» деген  атпен тарихта  белгілі  бола  бастады.

Касог – «аспан  руы» (кас – аспан, оғ – ру) дегенді  білдіреді. Ол  аңызды (мифтік  есім) «Қырымның қырық  батыры»  жырының  алғашқы  нұсқалары  осы   альциагар – адыге  қауымы арасында қалыптасқан. Бұл  жырда  белгілі  бір  аңыздық  ел  туралы  айтылады. Бұл  біздің  мифологиялық, тарихи  талдау  арқылы  анықтауымыз  бойынша  Алағйер, Алағ, Алғи  деп  аталған ел  Қашағанның :

Алғыр  судың  бойында

Алшын  деген  аз  ауыл, — деген  өлең  жолдары  алғашқы  дәуірде сол  аңызға  байланысты айтылған. Міне  сол  «аңыздық  елдің» үш  ауылы жоғары, орта, төменгі  болып, жоғары  ауылдың аңыздық батырлары  ерлігімен  аты  шығып, ала —  құла  тілді ( адыге , түркі, алан)  ортада  олар  касог, черкас ,алағ  немесе  алғатайлар  деп  әртүрлі  атала  берген, мұндағы  черкас (түркі  тілінде  «черік – әскер») сөзі  аспан  әскері  немесе әскердің  таңдаулысы ( әзі, асы дегенді ал «алағ» — от, күн  тектілер)  дегенді  білдірген.

Халық өлеңіндегі: «Алаштан қазақ тараған» уақыт осы VІІ – Х ғасырлар  аралығы. Әлгі  «аңыздық  жауынгерлер»  есімі  ішінен  касог, қазақ  есімі  беделдірек  болып  шықты. Әуелде  ол  нақты  ерлігімен  көзге  түскен  батырларға  теңеу  ретінде  қойыла бастаса, кейіннен ол бүкіл қауымның жауынгерлеріне  берілген  атақ  болды. Ал, үнемі  жорық  жасау  арқылы  көршілеріне  «қазақ» деген  атпен  танымал  болған альциагарлар да өздерін «қазақ» деген  есіммен  атай  бастайды. Аңыздан  тарихи  есімге  айналу  уақыты  шамамен  700 – 900  жылдар  аралығы.

Қазақтардың  Х ғасырдан кейінгі  тарихы  күрделі. Оны  баяндау  ұзын – сонар  әңгімелеуді  қажет  ететін  болғандықтан  қысқа  қайырсақ, қазақтар Х – ХІІ ғасырларда  Қазақстаннан  келе  бастаған  печенег, оғыз, қыпшақ  тайпаларымен  араласып, тілін  қыпшаққа  өзгертіп,  бірте – бірте  Кавказдан  Киев  маңындағы «Орыс  далаларына» ауысты, ал Кавказда  қалғандар  бірте – бірте  түркілігін  жоғалтып, адыге тілдес  черкестер  мен  кабардиндерге  айналды.

Қазақтар  ХІ – ХІІ ғасырларда  орыс  даласындағы «Каза  Клобук»  бірлестігі, көбіне «тағы қыпшақтар» (дикие  половцы) делінген  қыпшақ – оғыз, печенег   аралас  қауымында  өмір  сүріп, өз  есімін, өз  жырын  батыс  қыпшақтарға әйгілі  етті. Міне осы ғасырлардағы  қазақ – печенег, қазақ – оғыз  араласы  «Алаш  шежіресінде»  Жайылған  мен  Сейілхан, қазақ  пен  созақ  дәуірі  делінеді.

Қыпшақ  тілінде  жырлана  бастаған  көне  алаш – қазақ  жыр – аңыздарының  жалпы  аты да, батырлар атауы да өзгерді. Аңыздық ел енді « Қырым» (Қорым ) делінсе, ұғым  кейінгі  ноғайлы  дәуірінде де өзгерген  жоқ. Аңыздық  Қырымның  аңыздық  үш  ауылы  оғыз – қыпшақ үлгісімен «Үш қиян» аталып  кетті.

ХІІІ ғасырда  бұл  далаға моңғолдар, оларға  ерген  арғын, маңғыт, керей, қоңырат  тағы басқа жаңа түркі тілдес көшпенділер келді. Оларға қосылған қыпшақ – половецтердің  ішінде  «алаш қазақтар» бар еді. Әуелі  Ноғай ұлысына кіріп, атағы  дүрілдеп  шыққан қолбасшы  есімімен «ноғайлар» деп  атала  бастағандар  1306 жылы  Украинадан Еділ, қазіргі  Астрахань  төңірегіне еріксіз  көшірілді. Осы  дәуірден  бастап  Ноғай  Ордасына  кіріп  ноғайлар  деп  аталғандар  ішіндегі қазақтар өз «жыры»  арқылы  есімін  бүкіл  далаға  таратты. «Еркін  жауынгер»  мәніне  ие  болған «қазақ» атағы Ноғай есімімен «ноғай» Өзбекхан есімімен «өзбек» атанған көшпелілерге  ортақ, мақтанышты  есімге айналды. Бұл  өлеңдегі

Алаштан  қазақ  тараған,

Ноғайлыға  қараған, — деген  уақыт  осы  дәуір  белгісі.

«Қырым» жыры Ноғайлы (XIV-XVI ғасыр) дәуірінде жаңа поэзиялық қазіргі қазақ тіліне сай үрдісте қайта жасалынды. Біріншіден, ислам діні мен Орта Азиялық, Оңтүстік Қазақстандық түркі-парсы поэзиясы жырға «қырық» санын, шілгіндер, пірлер, тағы басқа ұғымдарды беріп, діни сипатын өзгертті. Екіншіден, Ноғай Ордасында алшын-қазақтар саяси билікке ие бола алған жоқ. Билік тұтқасын басқа рулар, ең алдымен, Едіге батыр шыққан маңғыттар ұстады. Міне, Едігенің ұрпақтары – Нұрадын, Муса, Шах Мамай, Орақ, Қазилар билік құрып, өзара қырқысқан дәуірлерде «Қырым жырындағы» ежелгі батырларының есімінің негізгі бөлігі Едіге ұрпақтарының тарихи есімдерімен алмастырылып, жаңадан жырланды, ескі батырлардың есімінің бір бөлігі ұмтылып, екінші бөлігі – қосалқы, екінші қатардағы батырлар ретінде сақталып қалды. Осы екінші қатардағы – Алау, Шора, Манашы, Әмет, Абат, тағы басқа батырлар – Алшынның ежелгі «аңыздық батырлары». «Бай баласы аузы қисық болса да сөйлеуге құқылы» болғаны сияқты, «Қырым батырларының» ежелгі құрылымы тек кіші жүз қазақтары арасында сақталса, бүкіл дала оның жеке батырларға арналған «ноғайлық» варианты, ал «Алшындық» варианты сақталмаған, бірақ оны Мұрын жырау жырларын басқа нұсқалармен, тағы басқа мифтік, тарихи материалдармен салыстыра отырып қалпына келтіруге болады. Ол үшін көне көз қарттар білген аңыздардан бастап ғылыми теорияларға дейінгі кешенді дүние керек.

Аңшыбай Батыр жырдағы Едіге батыр ұрпаұтарының арғы атасы делінетін «ала тайлы» Аңшыбай батыр іс жүзінде ежелгі бүкіл Қырым батырларының түпкі атасы болып табылады. Аңшыбай, ескі аты Алшы-оғыр делінген, ал тарихи альциагар тайпасы осы Аңшыбай, Алшыбай, Алшағыр есімінде сақталған. Алшыбай мен Алаш, Кіші жүздік Алшын бір образдың есімі, Алаш аңызы ұқсас. Алашты «алапес» деп дарияға ағызып жіберсе, сол дарияға жетім Алшыбанды қуып жіберді емес пе, міне екеуі де батырлығымен танымал болған, сол үшін Алашты да, Аңшыбайды да бұрын «аластаған» елі хан етіп көтереді. Алшыбай жаңа қауым – «алты қабат қырымды» тұрғызса, Алаш алты жұртты біріктіреді (Алты Алаш). Екеуі де екі пері қызын әйел етеді. Екеуінің де егіз баласы болады. Бұл шежіреге «Кіші жүз – Алшын» шежіресі де ұқсас. Алаштан екі бала: Жайылхан мен Сейілхан. Алшыбайдан екі бала: жырда аттары сақталмаған. Алшыннан екі бала: Алау мен Арғымақ.

Осы «екі бала» принципі төменгі ұрпақ тарқатуда да жалғасады. Алаш шежіресінде – Майқыдан екеу: Өзбек пен Сәбиян, Айырқалпақтан екеу: Қазақ пен Созақ. Кіші жүз шежіресінде Алау мен Құдиярдан екеу: Қыдырбай мен Қаракесек. Ал жырдағы «шежіреде» — Баба Түкті Шашты-Әзізден де екеу, бірақ олардың есімдері жырда сақталмаған. Тек біреуінен Құттықия – Перпария – Едіге тараған.

Үш шежіре де бір құрылымға сай құрылған, яғни бір шежіре. Ал, «Қырымның қырық батыры» жай, қарапайым жыр емес, бүкіл қазақтың жалғыз эпопеясы. Оның тарихының басталу дәуірінің «аңыздық-поэзиялық тұлғалануы», осының өзінен-ақ «қырым» жырының қазақ үшін қандай маңызды екендігін көруге болады. Осы арқылы-ақ Абыл, Нұрым, Қашаған, Жаскілен, Мұраттан бастап Мұрын жырауға дейінгі дала жыршыларының ұлт мәдениетіндегі орнын білеміз.

Мұрын жырау мұрасындағы «Қырым батырларының» жау елі – ындыс деп аталған. Ындыстың таза мифтік сипаты бар. Ал, тарихи тұрғыдан ындыс дегеніміз 630 -990 жылдардың аралығында өмір сүрген хазарлар Солтүстік Кавказдың кейбір халықтарында соңғы кезге дейін Еділ өзенін Ындыл, Индыл деп атаған, ал бұл сөз қазақ жырында «Енділі» деген түрде кездеседі. Еділ, яғни Ындыл өзені бойындағы хазарларды алаш-қазақтар өзен атымен ындыс деген, олармен 250 жыл жауласқандықтан бұл есім қыпшақ дәуірінде де, ноғайлы дәуірінде де ұмытылған жоқ. Тек XVII-XVIII ғасырлар қазаққа жау болған «қалмақ» ұғымымен бірігіп кетті.

Алау мен Қожақ «Қырым» цикліндегі жеке батырдар есімі мен образдарын талдау олардың бір кездері Алау алағ және қазақ, қожақ-қозақ әулеттері делінген деуге мүмкіндік береді. Жырда «қарт» атағы тек Алау мен Қожаққа берліген. Алау (Алағ) образы осетиндер жырында біршама жақсы сақталған. Жырдағы батырлар ішіндегі жалғыз «қырымдық» қарт Қожақ есімі қозақ (қазақ) деген есіммен украин қазақтарында сақталған. Ежелгі қазақтардың шаш қою үлгісі – айдарды (кекіл-хохол) соңғы кезге XVIII-XIX ғасырға дейін сақтаған украиндықтар да «қырым» сөзі «курень» (әскери лагерь, авангард) сөзі болып қалған.

Ал, Кавказ (осетин, адыге, балқар, т.б.) халықтарындағы черкес, қазақ сөздері нақты халықтар есіміне айналғандықтан «аңыз батырлары» XIII ғасырдан бастап моңғолдық нар – «кун» сөзіне байланысты «күн балалары» — нарттар болып өзгерген.

Міне «Қырымның қырық батырларының» қысқаша тарихи тағдыры осындай. Бұл «аспаннан» алынған пікірлер емес, әртүрлі ғылыми салалардың материалдары негізінде айтылып отыр. Әзірге жыр қалыптасып, «бабына» келген уақытын 850-900 жылдар аралығы деп айта аламыз, яғни жырға қазір шамамен 1100 жыл болды дей аламыз.

Осы ретте алда шамамен 1100 жыл болды дей аламыз.

Осы ретте алдағы жырларда Мұрын жыраудың немесе осы жырды жеткізуге үлес қосқан Абыл, Нұрым, Қашаған, Мұрат ақындардың келесі бір мерейтойына деп шай ішіп, ет жеумен шектелетін шара болмауы үшін ең кемі 5-6 жылдық қазақ, басқа халықтар (адыге, осетин, т.б.) ғалымдарының тарихи, мифологиялық, этнографиялық, әдебиеттану, шежіре-аңыздық, тағы басқа зерттеу жүргізіп алып, кең насихаттап, өнердің әр саласы әдебиет, кино, бейнелеу, мүсін тағы басқа бойынша насихаттаған соң ел болып атап өткен жөн.

Ал Мұрын жырау – қазақтың соңғы жырауы ретінде «Ұлт шамшырақтары» қатарынан өзінің тиісті орнын алуы тиіс. Оны адайдың Кеще атасына қалдырып, бүкіл қазақ ұлына айналдырмағанымыз болашақ үшін орны толмас кемшілік болар еді.

Жаңа өмір газеті, 28.01.1998 жыл