Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ
Бүгінгі қазақ кинематографы жайлы басталған қандай да болмасын әңгіме, түптеп келгенде бір ғана мәселеге – қаржы мәселесіне тіреледі. Кино өндірісінің құлдырап бара жатқандығын көрсететін жүздеген мысалдар келтіріледі. Осының аяғында, көзі қарақты адам оны бірден байқайды, өндірілген өнімнің сапасы туралы әңгімеге тыйым салатын құпия келісім бар сияқты. Иә, мойындау керек – бүгінгі қазақ кино өнері қожырау үстінде. Түлеудің заманы, жаңа толқынның келуі, жаңа фильмдердің тууы өте алыста жатыр.
Түсіріп жатқан фильмдер тіпті орта сападан да төмен, кинематограф үшін әліпби саналатын профессионал әдептен жұрдай. Өренің түскендігі сондай, қазір ең нашардың өзі содан асып отандық киноөнеріне шетелден олжа салып жүр. Сұрқай ағымның ортасында нашар кино түсірудің еш қорқынышы жоқ. Өйткені…бүгінгі ағым сондай, бүгін…кино сондай.
Бұл не керемет?! Тоталитаризм кезінде өмір сүрген режиссерден бүгінгі, егемен, еркін заманда қалыптасқан режиссер неге төмен тұр? Ойымызша, мәселе тек қана экономикалық тоқырауда емес. Бізде мазмұнның, көңіл-күйдің, экзистенциалдық жүйенің түбегейлі кризисі етек алып отыр. Авторлар өз ойымен, өзінің ескі тәжірибесімен, санасында қалыптасқан байырғы стереотиптерімен оңаша қалып қойған. Кейде «көркем туындының жалғыз-ақ өлшемі бар, ол – шеберлік деп жатады. Кімнің дауы бар? Бірақ нәтиже шеберліктен ғана тұра ма екен? Қазіргі проблемалардан қалыс қалған туынды (мейлі шебер түсірілген фильм болсын-ақ дейік) – асса кемел айтылған бос сөз болып қана шығады. Бір сәт Батысқа көз тігіңіз. Кинофестивальде ғана, ат төбеліндей талғампаз гурмандарға ғана көрсетілген элитарлық фильмдер ол жақта да түсіріледі. Алайда ол – бір ғасырға жуық қағажу көрмей дамыған кинематографтың қалтарыс бір көрінісі ғана. Ақшаң болып, күшің жетіп жатса, өзің ғана түсінетін фильмді күнде түсірсең де өзің біл. Алайда батыс ұлттарының абыройын асырған фильмдердің басты қасиеті неде еді? Халықтығында! Көптің (тобырдың емес) көңілінен шыға білгендігінде. (Әрине, кемел туынды көпке де, сол көптен өресі биік шыққан талғампазға да ортақ қой).
Шектеулі кеңістіктің өзінде жаңа ұлттық эпос деуге тұрарлық фильмдерді түсірген ұлылар кетті. Қазақ киносында ортадан төмен деңгей (көп төмен!), сұрқай бейнешілік, нысанасыздық (беспредметность) әдепкі бейнелеу салтына айналды. Киноның тұлғасы осындай болғаннан кейін, оның сыны да осындай кепте қалыптасты. Біздің кино сынымыз мазмұндап беруден, жеңіл-желпі комментарийден, ресми репортаждан аспады. Міне, осындай жағдайда, дүрмектің арасында айтылған шын жақсы сөз елеусіз қалатын дағды қалыптасты. Ойымызша, біздің жаңа буын режиссерлеріміздің шығармашылығы қайыра сын сүзгісінен өтуі керек сияқты.
Себебі, тобымен мақтала салған немес сынала салған туындылардың ішінде сырын ішіне бүккен, ағымдағы сын елемеген шын талантты туынды болуы әбден мүмкін.
Осы орайда, режиссер Аманжол Айтуаровтың «Қауышу» («Прикосновение») фильмі топтан бөліп қарауға лайық туынды. Бұл фильмді сол кездегі басқа шығармалардан бөлекше алып қарауымыздың себебі не? Фильмнің ұнамды сипаттары қандай?
Ең әуелі, бұл фильмнің жетістігі – концептуальдық жетістік. Советтік миф ыдырап, жаңа ұрпақ өз жолын іздей бастағандағы екі арада, өліара шақта бұл фильм үлкен ізгілік проблемасын күн тәртібіне қойды.
Фильмнің оқиғасы өз логикасымен ойналып-ақ межелі жерден шығаратын шедевр-сюжет емес. Әйтеуір бір кезде, әйтеуір бір жерде болды-болмады бір оқиға. Арба сүйреткен соқыр қыз. Тағдырдан қашып құтылмақ болған жігіт. Тәні кеміс, бірақ көңілімен ару болған қыз бен қашқын жігіттің арасында махаббат өрті қаулайды. Адамның жүрегіне мәңгілікке байлаған Тәңірі күй кереметке жеткізеді. Су қараңғы көз ашылып, қыз көретін болады. Алайда, татар дәм алда екен. Екі ғашық ел билеген қатал әміршінің қолына түседі. Қыздың көркіне көзі тойған хан жігітке төтенше, тентек талап қояды. Сүйгеніңді маған әйелдікке бер дейді. Алайда, жігіт қайыспас ер болып шығады. Тіпті жаңғырыққа салып басын шаппақ болғанда да, көз алдына анық ажалдың елесі келгенде де қасарысып, айтқанынан қайтпайды. Қас қарайып, түн болғанда хан жігітті алдына оңаша алдырады. Енді талапты басқа қырынан келіп қояды. Менің жер қайысқан дәулетім бар. Соны мұралан дейді. Өлім алдында тайсалмаған ер, малдың алдында әлсіз болып шығады. Ертеңіне байдың асыранды ұлы айтқанынан қайтып, сүйгенінен бас тартады. Қыз құздан құлап өледі.
Әрине, бұл нақты адамның басында болған оқиға емес. Сюжеттің аңызға құрылғаны анық көрінеді. Бірақ режиссер аңыздағы уақыт пен кеңістіктің белгілерін алып тастаған. Оқиға кеңістіктен тыс (внепространственно) және уақыттан тыс (вневременно). Бұл хикая кез келген жерде, кез келген адамның басында болуы мүмкін, өмірдің кез келген сәті арың мен ұятыңа сын деген идея – фильмнің негізгі түпқазығы. Және де бұл адамның басында болып, артынан арылатын күй емес, керісінше, адамдардың арасында мәңгі қайталанып отыратын қатынас архетипі, онтология.
Жігіт бір сөзінде «мен қашқан құлмын», «құлдықтан, кісеннен қашып келе жатырмын» дейді. Бірақ фильмнің аяғында оның құлдықтан қашып құтыла алмағандығына, кісеннен арыла алмағанына куә боламыз. Өмірдегі барлық арманыңыз орындалатын, үмітіңіз ақталатын алтын сарай бар дейік. Көптен сыннан өтіп, тіпті ажалдың аузында болып, сол сарайдың табалдырығына жеттіңіз дейік. Бірақ…ары аттамадыңыз. Міне, құлдықтан қашқан жігіт осындай адам. Асқақ махаббат – алтын сарай болса, табалдырықтан аттау керек сәтте санадағы құлдық дағды аяғын байлайды. Махаббат Тәңірінің сыйы ғана емес. Махаббат үшін үлкен ерлік керек. Өлімді өмір жеңді. Бұл жердегі өмір – желдің өтінде жанып кететін өрт-өмір емес, күнделікті күйкі-тіршілік. Байдың ұлы үлде мен бүлдеге оранып, байлыққа бөкті.
Өмірді өлім жеңді. Бұл жердегі өлім, тәннің жердегі ісін бітіретін фәни өлім емес, метафизикалық ерлік мағынасындағы биік өлім. Асқақ махаббаты аяқ асты болған қыз осындай өлімді таңдады. Махаббатын өзімен бірге ала кетті.
Бұл фильмнің ашқан жаңалықтары, модернизмнің табиғи ырғағында бір ғасырға жуық өмір сүріп келе жатқан батыс әлемі, батыс ортасы үшін еш ерекшелігі жоқ нәрселер. Бірақ біз үшін бейнелеу тілі, көркемдік кестесі тұрғысынан алғанда, аталмыш фильм – шетін көркем құбылыс.
Режиссердің әлемдік кино өнерінің озық үрдістерін жете танығандығы, қорыта сіңіргендігі бірден танылады. Әсіресе Бернардо Бертолуччиден көп үйренгендігі аңғарылады. Мысалы Б.Бертолуччи түсірген әйгілі «Париждегі соңғы танго» фильмін тағы бір еске түсірейікші. Оқиға әлдебір еркектің Париж көшелерін кезген мағынасыз қыдырысынан басталады. Бұл жерде Бертолуччи «үнсіз камера» тәсілін ұтымды пайдаланған. Сезімсіз объективке ілесе отырып қаңғырған көшелерді ойша аралаған адамның көкірегінде әлдебір ылай сезім пайда болады. Біздің замандасымыз, шетелдік бір дегдардың айтқан мынадай сөзі бар: «Батыс адамдары бір-бірінен шаршағандығы сондай, мәдениетті болудан басқа амалы да жоқ…Бертолуччи камерасы қаңыраған көшені көрсету арқылы адамның ішкі дүниесін жайлаған жалғыздықты сипаттайды. Бір-біріне айтатын ештеңесі қалмаған, бір-біріне ұғындырудан шаршаған адамдар үнсіздікке бейім болады. Бұл фильмдегі диалогтың барынша аз болуы да содан.
Алайда, бұл – жұмсар орнын тауып пайдаланбасаң, ыңғайына мағынасыздыққа алып баратын қатерлі тәсіл.
Шынын айту керек, А.Айтуаров тәсілді шебер пайдаланған, көндіріп, бейнелеудің жаңа қырын ашқан. Махаббат тілі – тілсіз тіл. Ол – ереуілдеген тәннің, асқақ тілектің тілі. Шын махаббат дүниедегіні ақыл таразысынан емес, жүрек таразысынан өткізеді. Қыздың соқыр болуы осы көзбен көріп ғашық болу емес, көңілмен, шын жүрекпен ғашық болуды меңзесе керек. Пластика алынып тасталғаннан кейін камера таза сезім тілін ғана бейнелейді. Жалпы, камераның алдында болып жатқанды біз символ деп қабылдауымыз керек. Символдың шартты тілін меңгерген адам өзі үшін көптеген семантикалық қабаттарды ашар еді. Фильмнің түйінді жерлерінің бірі деп «сықырлаған есік» таңбасын атар едік. Белгілі бір ырғақпен, баппен сықырлаған есік бейнесін «оқып» шығу үшін, әрине, машық керек. Бейнелеу құралдарына сараң, үнемшіл шебер осы елеусіз ғана деталь арқылы уақыттың үлкен бейнесін жасаған. Ертедегі ұлылардың бірі «Адамдар өлген сайын ажалдың маған тақап келе жатқанын сеземін» деген екен. Сықырлаған есік, көз алдыңыздағы махаббат драмасының өлшеулі ғұмырынан хабар беріп қана қоймайды. Бұл тәсілді «Мың бір түндегі» әйгілі «Мыс қала» ертегісіндегі тасқа басылған хаттармен салыстыруға болады. Әрине, мұндай экстраполяцияны режиссер ойламаған да шығар. Бірақ ой игілігі, идея заман талғамай, адам талғамай келеді ғой.
А.Айтуаров – коллаждық метафораның шебері.
Кино басталған сәттен бастап бір деталь – қыздың сүйреткен арбасы адамның назарын мазалап тұрады да қояды. Сюжет ауқымында ғана ойланып үйренген, текстің «сырына» — кинозалда отырып жете салатын адам бұл детальды елемейді, әрине. Елесе де мән бермейді, оқиғаға қатысы жоқ, басы артық нәрсе деп есептейді. Алайда, фильмді көріп болып залдан шыққаннан кейін, тіпті арада бірнеше жыл өтіп, санаңызда фильмнің оқиғасы жарым-жартылай ұмытылып, әсері ғана қалғанда да, ойыңыздың бір түкпірінде аталмыш белгі ұмытылмай жүреді. Оқиғаға қатысы жоқ, андағайлап бөлек тұрған осы таңба арқылы режиссердің не айтқысы келгенін кейіннен, уақыт өте келе пайымдайсыз. Детальдың басқа мазмұннан келгенін түсінесіз. Өйткені бұл деталь финалдан өтіп, сюжеттің сыртына шығып, метасюжет кеңістігіне кіргенде ғана ұғынылады. Қыз сүйреткен арба – сүйгендердің фәниде де, бақида да – екі дүниеде де арыла алмайтын масыл тағдырдың, пешенесіне жазылған жазудың символы. Фильмнің соңында, өткенге ой жүгіртіп, қиял сапардан оралған, кәдімгі біздің замандасымыз, өзіміз күнде көріп жүрген Айбақан қыздың бүгінгі келбетіне де, бүгінгі тірлігіне де сол жазмыш өз нұрын түсіріп тұр. Шебер түсірілген фильмнің соңғы нүктесі де шебер болады. Хикаяның басында өзінің өткен замандағы тағдырын елестеткен қыз хикаяның аяғында бүгінгі адамдардың бетіне үңіле қарайды. Үнді философиясы арқылы келіп, рухани айналысымызға түскен идеяны, режиссер фильмнің ыңғайына қарай қалыптап, ойдың бейтаныс бір қырын ашқан. Шын ізгі махаббатта өткен мен кеткен болмайды. Шын ізгілік, шын махаббат бір-ақ рет және мәңгілікке беріледі.
Міне, біздің замандасымыз Айбақан Алматының көшелеріне автобус әйнегінен көз салып келеді. Сүйгенін тани алар ма екен?! Кім біледі.
Бұл фильм шулы даңқпен келген «жаңа толқын» тарихының басында тұр. Әдетте, кемеліне келген өнер ғана үлкен жеміс берер еді. Алайда «жаңа толқынның» алғашқы қадамынан осындай естияр дүние ұсынуы таңғажайып нәрсе. Кино сыны кезінде елемеген бұл фильм қазір әредік-әредік теледидардан көрсетіледі. Бірақ негізгі мекені – архив.
Айтарымыз – ұлт мәдениетінің өресі ең әуелі сыншыл ойдың деңгейінен көрінеді. Барын бағалап, базарлай алмаған мәдениет ешқашанда алға баспайды. Кино сияқты шытырман, қиын өнерге бетін бұрған әр адам ең әуелі осыны ұққаны абзал.
«Жетісу», 1999