БЕКТОРЫНЫҢ ҚАЗЫНАСЫ

 

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ

Бала кезінде ең жақсы көріп тыңдайтын ертегісі «Ер Төстік» еді. Әжесі таңғажайып хикаяны айтып болып, – Міне, немелтайым, осындай да кеп болған екен, – дейтін күрсініп.

Түнде түсіне, Ерназарды құдықтың жанында ұстап алып азапқа салған Бекторы кіреді. Оянғанда көргенін әжесіне айтатын.

–  Ол жын-пері ғой, ойлама, – деуші еді бұндайда әжесі, –  Құдай Бекторыны кездестіргеннен сақтасын.

Қайырболды есейіп ержетті. Әскерден кейін Алматының орталығындағы ресторанның біріне жұмысқа тұрды. Ет пен көкөніс турап, қамыр илейтін ас үйдің қызметшісі болып бастаған талапты жігіт бес жыл дегенде түнгі ресторанның даяшысы дәрежесіне көтерілген.

Бұл егемендік алған кез еді. Ағыны қатты осы азғантай жылдың ішінде қоғам танымастай болып өзгерді. Көп адам өрге шықты, көп адам заманның тұңғиығына құлдырады. Құдайға шүкір дейтін. Тамақ тоқ, көшеге киіп шығатын бірсыдырғы киім бар. Тапқан-таянғаны қаладан тәп-тәуір пәтер жалдауға да, атасы мен әжесіне жәрдемдесуге де жететін. Бірақ көңілдің терең түкпірінде әлдебір мазасыз ой күнінде неше оянып жегідей жеуші еді. Бұл кезде адамдар жаппай өмірдің қызығын кешуге кіріскен. Алматының орталық көшелері қызыл-жасыл шамдармен сәулеленіп түнгі өмір басталады. Қымбат мейрамханаларға қымбат автомобиль мініп келіп түсіп жатқан, ақылға симас қымбат киім киіп, әшекей тағынған адамдар… Қайырболдының басы айналып қалатын. Әсіресе түнгі кафе-барларға келіп таң атқанша отырып шығарда ақшаны дестесімен төлей салатын бай баласы – көркем қыздар мен көрікті жігіттердің қылықтарын көргенде «апырау, бесіктен белі шықпай жатып қона салған бұл қандай бақ» деп меңірейіп, бір жағы күйзеліп тұрып қалатын. Кедейшілікте, әрбір жапырақ нан санаулы жоқшылықта өткен балалық шақ есіне түседі. Пәтеріне қайтып келіп, осындай көңілсіз оймен күнін өткізген Қайырболды демалмаған күйі қайтадан кешкі жұмысқа кететін.

Әлі есінде, жұмадан сенбіге қараған түн еді. Түн ортасында рестораннан шыққан үш бойжеткен барға келіп отырды. Валютаға ғана сатылатын қымбат коктейль алдырып, өздері ұнататын блюзді қойғызып қойып көңіл көтерген қыздар таң ата есеп айырысқанда бармен жігітпен арада әдептен аспаған, бірақ ыңғайсыз жағдай болып қалған. Қайырболды қыздардың абыржыған түрлеріне қарап ақшаларының жетпей тұрғанын түсінген.

Біреуі бұрыннан келіп жүрген сенімді адам. Жұқа көк жібек көйлек киген сұлу қыз барменнің алдына өзінің куәлігін қойып жатқанда шыдай алмай кетті. Қыздардың жанына жетіп барған.

– Қанша жетпейді?

Бармен куәлікті көрсетті.

– Міне, куәлігін беріп тұр ғой.

– Олай болмайды, – деді Қайырболды.

Куәлікті алып иесіне ұсынды.

– Қанша жетпейді? – деді содан соң барменге қарап.

Бармен ақшаның сомасын айтты. Даяшының бір айда табатын шайлығы. Қайырболдының іші удай ашыған. Бірақ айтылған сөз – атылған оқ. Сөзге келмей ақшаны санап берді.

– Рыцарьлар әлі бар екен, – деді қыздардың бірі.

Бәрі риза кейіпте күлген. Көк көйлекті қыз шығар есікте тұрып Қайырболдыға белгі берді.

– Ыңғайсыз болды, – деген Қайырболды жанына келгенде, – Міне, мынаны алыңыз.

Көркіне көз тойғандай, гаухар орнатылған ауыр алтын жүзікті жігіттің

алақанына салды.

– Қойыңыз, – Қайырболды жүзікті қыздың өзіне ұсынды, – Мен сізге сенемін ғой.

Қыз жымиып күлді, бірақ жүзікті алмады.

– Мен де сізге сенемін, Қайырболды.

Жігіт  қайран қалған.

– Менің атымды қайдан білесіз?

– Секрет, – деді қыз бұрылып кетіп бара жатып, – Әлі кездесеміз деп ойлаймын.

Арада екі айдай уақыт өтті. Қыз енді келмейтін шығар деп шешкен Қайырболды бір іске белін буған. Ломбардта сарапшы болып істейтін Сәрсен деген зергер досы бар еді. Жүзікті соған көрсетті. Сәрсен, көкшіл алау шашып тұрған жүзікті көргенде меңірейіп қалған.

– Слушай, – деді есін әзер жиып, – Бұны кімнен алдың?

–  Оны қайтесің? – деді Қайырболды масаттанып, – Одан да бағасын айт. Қанша тұрады?

Сәрсен алабұртып, жүзікті аударып-төңкеріп ұзақ отырды.

– Мен саған былай дейін, – деді содан соң көзі жайнап, – Сенсең, мен жүзікті әлемдік қаталогтан тексертіп берейін. Егерде коллекциялық нәрсе болмаса, егерде бір байдың үйінен немесе мұражайдан ұрланып іздеуде жүрген нәрсе болмаса, онда шаш етектен байыдың, бала. Бірақ тексеру үшін бұл жүзік бірнеше күн менің қолымда болуы керек.

Екеуі осыған келіскен. Төрт күннен кейін досы ломбардқа келіп кет деп телефон шалған. Бұларды ақ шашты, ашаң жүзді адам қарсы алды.

– Молодой человек, – деді ол, жүзікті қардай аппақ шынының үстіне қойып, – Біз каталогтан тексердік. Сізге бұл зат қашан келді?

– Екі айдай уақыт болды, – деді Қайырболды, – Аты-жөніңізді білмейді екем.

– Аристарх Никанорович, – деді ашаң жүзді адам, – Енді жақсылап тыңдап алыңыз. Мен, өзіме ұнаған асыл мүлікті, иесінің тәжірибесіздігін пайдаланып арзанға түсіріп алатын алаяқ емеспін. Сондықтан маған сеніңіз. Бұл өте қымбат жүзік. Ақылға симайтындай қымбат. Алайда, өкінішке орай, бірде-бір каталогта аты аталмайды. Сонысымен күмән туғызады. Түсінесіз бе?

– Мен, өзіңіз айтпақшы, тәжірибесіз адаммын. Сондықтан ештеңе айта алмаймын, – деген Қайырболды.

Аристарх қолына жұқа ақ биялай киіп жүзікті алды да ежіктей түсіндіре бастады.

– Міне, мынау, әдепкідей ақ, сары немесе қызыл алтын емес. Жасылдау, яғни, бұл кеніштен қорытылып алынған алтын емес. Сиқыр арқылы жасалған алхимиялық алтын. Кәдімгі алтыннан екі жүз есе қымбат.

Қайырболды күлген.

– Астапыралла!

– Ал мынау жер бетінде өте сирек кездесетін гаухар. Зергерліктің тарихында бұндай асыл тас бір-екі ғана жерде айтылады, – Аристарх жүзікті шынының үстіне қойды.

– Сонымен түйін сөз, – деді Қайырболды.

– Түйін сөз былай, – Аристарх сәл ойланды, – Бұл кем дегенде сегіз миллион тұратын жүзік.

– Сегіз миллион теңге ме? – деді Қайырболды.

Аристарх осы әңгіме барысында бірінші рет күлген.

– Жоқ, молодой человек. Теңге емес. Доллар. Сегіз миллион доллар.

Қайырболды аңырып қалды.

– Сегіз миллион доллар? Қылжақтап тұрған жоқсыз ба?

– Жоқ, – деді Аристарх, – Өкінішке орай, қылжақ емес.

– Өкініші несі? – деді Сәрсен сөзге араласып.

– Өкініші сол, – деді Аристарх, – Бұл жүзікті сіздер ешқайда өткізе алмайсыздар. Өйткені бұндай мүліктің бағасын білетін рынок әлі қалыптаспаған. Ұмытпасам қазақта «Итке темір не керек» деген мақал бар еді ғой.

Қайырболдының көңілі су сепкендей басылған.

– Сонда түкке тұрмағаны ма?

– Неге түкке тұрмасын, – Аристарх жүзікті қайтадан қолына алып мейірлене тамашалаған, – Келісуге болады.

Қайырболды алға ұмсынды.

– Қанша?

– Мысалы, мен сізге жиырма бес процентін бере аламын, – деді Аристарх, – Әрине, сегіз миллионның емес. Бес жүз мың доллардан жиырма бес процент.

Қайырболды өз құлағына өзі сенбеген.

– Жүз жиырма бес мың доллар ма?

– Иә, – деді Аристарх, – Келісесіз ғой?

– Әрине, – деді қуанғаннан іші ауырып кеткен Қайырболды, –    Келіспегенде.

– Ендігі әңгіме былай, – Аристарх орындыққа отырып үстелдің тартпасын ашты. – Мен сіздерге ақшаны осы жерде беремін. Бірақ бұл жайында ешкімге ештеңе айтпайсыздар. Мені білмейсіздер. Егер сіздер мені ұмытсаңыздар, мен де сіздерді ұмытамын…

Пәтерге келгеннен кейін Қайырболды бес мың долларды Сәрсеннің қолына ұстатты.

– Комиссионныйың.

Екі аптадан кейін аэровокзалдың жанындағы ескілеу үйден үш бөлмелі пәтер сатып алды. Нотариуске апарып құжаттарын заңдастырды.

Әзірге ешкімге ештеңе айтпайын деп ұйғарды. Себебі көңілі алаң болатын. Я бақ, я сор екені белгісіз, әйтеуір түсініксіз бір нәрсенің тақап келе жатқанын сезген.

Арада төрт ай уақыт өткенде бейтаныс қыз бой көрсетті. Тағы да жұмадан сенбіге қараған түн еді. Түн ортасынан ауа барға үш қыз кірді. Қайырболды қайран қалған. Үш қыздың үшеуі сол өткендегідей киінген. Содан соң, таң ата тағы да… барменмен шағын дау-дамай болды. Қайырболды күліп қыздардың жанына келген.

– Сіздерді құтқару менің мамандығыма айналған сияқты. Қанша жетпей тұр?

Бармен калькуляторға қарады.

– Үш жүз қырық доллар.

Бұл жолы ақшасы көп Қайырболды жап-жаңа жүз долларлық төрт банкнотты барменнің алдына тастай салды.

– Артығын ал, – деді бармен.

– Кетерде аламын, – деді Қайырболды.

Қыздардың біреуі бұның қолын қысқан.

– Рахмет сізге. Сіз нағыз жігітсіз.

– Оқасы жоқ, – деді Қайырболды.

– Сізбен оңаша сөйлесуге бола ма? – деді көк көйлекті қыз.

Қайырболды кезекті клиентке қызмет көрсетті де үсті-басын түзеп сыртқа шықты. Қыз есіктің алдындағы орындықта отыр екен.

– Менімен әңгімелесуге уақытыңыз бар ма? – деді Қайырболды қасына келіп жайғасқанда.

– Иә, – деген Қайырболды, – Мен боспын. Жұмыс аяқталды десе де болады.

– Олай болса жүріңіз, қыдырып қайтайық, – деді қыз.

Екеуі опера театрының жанындағы паркті аралап ұзақ жүрген. Жазғы таң. Ауа қоңырсалқын.

– Сізге рахмет, – деді қыз, – Міне, бізді екінші рет құтқарып жібердіңіз.

Қайырболды күлген.

– Мен сізді тағы да бір жүзік берейін деп тұр екен десем.

Қыз да күлді.

– Жоқ, бұл жолы ондай жүзік бере алмаймын.

Екеуі скамейкаға отырды.

– Ал, енді менің бір сұрағым бар, – Қайырболды қыздың жүзіне бажайлай қараған, – Мен сіздердің ақшаларыңыздың жетпей қалғанына ешқашан сенбеймін. Сіздің тастап кеткен жүзігіңіз қанша тұрады, білесіз бе?

– Білемін, – деді қыз әлдебір нүктеден көз алмаған күйі. – Сегіз миллион доллар.

Қайырболды түршігіп кеткен. Қыз басын көтеріп күле қарады.

– Сондай-ақ, әлемдегі ең асыл, ең қымбат әшекейлерді есепке алатын каталогтардың бірде-біреуінде ол жүзіктің жоқ екенін де білемін.

Қайырболдының жүрегі әлдебір жамандықты сезіп сыздай ауырған. Алыстан талықсып бір қорқынышты әуен естілгендей болды.

– Олай болса… осындай қымбат мүлік иесінің… бір фужер коктейльге ақшасы жетпей қалғанын қалай түсінуге болады? Сіз кімсіз өзі?

Қыз үндемеген күйі төмен қарады.

– Жауап беріңіз, – деді Қайырболды.

Кенет қыз… бұның жүзіне тағы да күле қараған.

–Айтпақшы, пәтеріңіз құтты болсын.

– Қайдағы пәтер? – деді Қайырболды.

– Жүзіктің ақшасына сатып алған пәтеріңізді айтам.

Қыз шалқая бере сақылдай күлген.

Алдау мен арбау туралы, жырынды алаяқтардың аңғал адамдарды түрлі пәлекетке ұрындырып кететіндігі туралы әңгімелерге қанық Қайырболдының ойы сан саққа жүгірді. Мынау алдында отырған қыз әлдебіреуге қызмет қылып жүрген кәззап. Біреулер бұны құртпақ болып осы қызды жалдаған. Жүзікті бұған әдейі берген. Енді осылайша іліндіріп алып, өмір бойы бопсалап қызметіне жүргізбек. Осылайша қор қылмақ.

– Қателесесіз, – деді қыз. – Мені ешкім де жұмсаған жоқ.

Қайырболды тағы да қайран қалған.

– Мен сізге ештеңе айтқам жоқ қой.

– Айттыңыз не, ойладыңыз не, бәрібір емес пе, – Қыз суық жымиған, – Ең бастысы көңіліңізде тұр.

Бұл қыз адамның ойын оқи алатын болып шықты. Шарасы таусылған Қайырболды енді жалынуға көшкен.

– Айналайын, қарындас, айтыңызшы, сіз кімсіз? Менде неңіз бар? Бұл арандатуыңыздың мағынасы не? Сізге не керек?

Қыз тағы да жұмбақ жымиған.

– Әзірге секрет. Уақыты келгенде естисіз.

Қайырболды орнынан айқайлай көтерілген.

– Слушай, атаңа нәлет хайуан! Жоғал әрі! Мен қазір милиция шақырам!

– Милиция дейсіз бе? – Қыз Қайырболдының жүзіне бажайлай қараған. –  Мынауыңыз жақсы идея екен. Шақырсақ шақырайық. Мен жүзігімнің ұрланғандығы жайлы арыз берем. Аристарх Никанорович менің сөзімді растайды. Өзіңіз ғана емес, абақтыға Сәрсен досыңызбен бірге барасыз.

Қайырболды орындыққа сылқ етіп отыра кетті.

– Мен сені іздеп келдім, Қайырболды, – деді қыз аяқастынан «сенге» көшіп, – Жүзіктен басталып төрт айға созылған хикаяның бар сыры осы – ақ.

Қайырболдының көзінен қос тамшы жас сорғалап түскен.

– Сіз мені құртуға келгенсіз ғой, – деді даусы қалтырап.

– Жо-жоқ, – деген қыз бұны иығынан сипап, – Жүзік турасында қорықпай-ақ қой. Бопсаға бопса қылып айта салғаным ғой. Ұмыт оны.

Түнгі кафе-бардан көңіл көтеріп шыққан бірнеше адам жандарынан өткен. Қыз үндемей қалды. Қайырболдының көз алдына бүкіл өткен өмірі елестеп өткен.

– Тыңдасаңыз айтайын, – деді қарлығып, – Мен… әке-шешеден ерте жетім қалып ата-әжемнің қолында өстім. Кедей болдық. Ит басына іркіт төгілген заманда қара нан, қара сумен отырушы едік. Ақырында ержеттім. Тәуір кәсіпке іліндім. Жолым ешқашан оңай болған емес. Басқаға өзінен өзі келе салатын нәрсе маған жүз есе қиынға түсетін. Өмір бойы өзімнің талабыммен, өзімнің адал еңбегіммен ғана нан тауып жүрген адаммын.

Қыз сөзді бөлмей тыңдаған.

– Жалғанды жалпағынан басқандарға емес, маған келіп ұрынғаныңыз қалай. Жарайды, міне, азғантай ғана тіршілігім бар. Әбден қартайған, қорғансыз атам мен әжем бар. Қаланың түбінде тұрады. Егер мен кетсем олар өледі де қалады. Кәне, қаматыңыз, айдатыңыз.

Қыз үндеген жоқ.

– Менің бар жазығым, жетпей тұрған ақшаңызды төлеп бердім.  Мен не қылдым сізге? Әлде жақсылыққа қайтарған жақсылығыңыз осындай ма?

Қайырболды, айтарымды айттым, енді не істесең де өзің біл дегендей қыздың бетіне қараған. Қыз бұның қолының үстіне қолын қойды.

– Мен сені сол себепті іздеп келдім ғой, Қайырболды. Енді менімен жүр.

Қыз орнынан тұрды.

– Қайда? – деді Қайырболды.

– Менің үйіме, – деді қыз.

Медеуге баратын жолдың оң қапталындағы қымбат аудандардың бірінде тұрады екен. Екеуі таксиден түсіп қалың бақтың арасымен бұлдырап ұзақ жүрген.

– Міне, келдік, – деді қыз, патшаның сарайына бергісіз үш қабат зәулім үйдің ауыр есігін ашып жатып.

Ақ, қара, сары, қызыл мәрмәр діңгектер, әр бұрышта зүбәржаттан қашап жасаған алып вазалар, төбеден салбырап тұрған алтын люстралар. Ат шаптырым залда кем дегенде жүз адам сиятын үстел. Ақ дастарханның үсті қисабы жоқ тамақтың, шараптың түрлері… Қайырболдының көзі бұлдырап кетті.

– Үй өзіңдікі, – деді қыз, – Қалаған уақытыңда келесің, қалағаныңша жайлайсың.

Екеуден екеу отырып жақсылап тамақтанған. Бірнеше даяшы үнсіз қызмет қылған.

– Ал енді мән-жайды түсіндіріңіз, – деді Қайырболды сәл шалқайыңқырап отырып, – Мені бекерден бекер әкелмеген шығарсыз бұл жерге.

Қыз орнынан тұрды.

– Ер соңымнан.

Екеуі ұзын дәлізбен жүріп жер астындағы қабатқа түсті. Қызыл ағаштан шауып шыңылтырмен қапталған ауыр есік өзінен өзі ашылған. Бұлар күңіреніп тұрған тағы бір үлкен бөлмеге кірді. Самаладай жарық. Қабырғаны жағалай орнатылған қисапсыз сөрелер. Биікке қанша кететіні, бөлменің алға қарай қанша созылатыны белгісіз.

– Бұл бөлме осылай созылып барып гиперкеңістікке, яғни, шексіздікке кетеді, – деді қыз.

Қайырболды жан-жағына үрейлене қарады.

– Ал, енді танысуға болады, – Қыз жақындап келіп Қайырболдының көзіне көзін қадаған, – Мен Бекторымын.

Қайырболды үндемей тұра берді.

– Иә, иә, сол баяғы перінің қызы Бекторымын, – деген қыз, адамның ойын оқитын әдетімен, – Әжең талай айтып  берген «Ер Төстік».

– Мен сізден шаршадым, – деді Қайырболды, – Қорыққаннан шаршадым.

– Қорқатын себебің – сенде жүрек жоқ, – деді Бекторы.

– Менің жүрегім ешқайда кеткен жоқ, – деді Қайырболды түршігіп, –Өзімде.

Бекторы сәл үнсіз қалды.

– Қазақта қорқақ адамды жүрегі жоқ адам дейді, менің айтайын дегенім осы ғана, – деген содан соң, – Әрине, сенде жүрек деп аталатын нәрсе бар. Бірақ сендегі жүрек тек қанды ары-бері айдайтын мүше ғана. Ертеңгі күнді ойлап сарғайған, бітпес үрейден әбден жансызданған бір жапырақ ет қана.

– Осы, адамның жүрегі деген қызық нәрсе, – деген тағы да Бекторы, – Өзі бар, өзі жоқ. Өзі жоқ, өзі бар.

– Сөзіңіз жұмбақ, – деді Қайырболды, – Бірін түсініп, бірін түсінбей тұрмын.

Бекторы көңілсіз жымиды.

– Айтайын дегенім, жүрек, бар болғанда – жоқ. Ол, өзі жоқ болғанда ғана бар.

Қайырболды Бекторының жүзіне таңдана қараған.

– Мысалы, осы сені-ақ алайықшы. Сен өзіңмен бірге даяшылықта жүрген қызды сүйесің. Есің кете сүйесің. Әрбір жүрген жүрісін, әр сөйлеген сөзін тамашалап елжіреп тұрасың. Бірақ сөз айтуға батпайсың. Себеп? Себеп, кеудеңдегі жүрек деп аталатын зиянды мүше айтқызбайды асықтық сөзіңді, яғни, жүрегің бар, бірақ жоқ. Мысалы, талай рет әлі жеткен адамдар көшеде саған тілі тиді, қиянаттап кетті. Өзің жұмыс істейтін түнгі ресторанда бай клиенттер талай рет қорлап, жәбірлеп кетті. Сен осының бірде-біреуіне жауап қата алмадың? Неге? Өйткені, кеудеңдегі жүрек деп аталатын түкке де керегі жоқ нәрсе тіліңді байлады, айтқызбады. Яғни, жүрегің өзі бар, өзі жоқ. Сенің басыңнан өткен азғантай өмірің – кеткен есе мен кек, тапталған арманның тарихы.

Бекторының бет қаратпай сөйлеген сөзінен есеңгіреп қалған Қайырболды қабырғаға сүйенген.

– Ешкім де… менің ішімді… бұлай ақтармап еді.

Тағы да үнсіздік орнады.

– Ал сол жүректі… бар қылу үшін, не істеу керек, – деді бір кезде Қайырболды.

Бекторы шорт кесті.

– Бар қылу үшін ол жүректі жоқ қылу керек!

Қайырболды Бекторыға бұрылған.

– Яғни…

– Яғни, ол жүрегіңді маған беруің керек, – деді Бекторы.

– Қалайша? – Қайырболды тағы да аңырып қалған, – Мен өліп қалмаймын ба?

– Ұғыспадық, – деді Бекторы, – Біз қазір фәни дүниеде тұрған жоқпыз. Осыны қалай түсінбейсің.

– Сонда біз қайдамыз? – деді Қайырболды, – Мына үй… мына байлық…

– Сен осы үйдің табалдырығын аттағанда-ақ фәниден кеткенсің, – деді Бекторы, – Сен қазір өңіңде емессің.  Анықтап айтатын болсам, біз қазір сенің  түпсанаңда отырмыз.

– Ішімде осынша салтанат бар екеніне ешқашан сенбес едім, – деді Қайырболды даусы дір етіп.

– Сендер, адамдар өздеріңді өздерің білмейсіңдер. Түк те білмейсіңдер. Осы бүкіл дүние, не керектің барлығы, бүкіл ғарыш өздеріңде екенін, өздеріңнің іштеріңде екенін білмейсіңдер, – Бекторы тақау келді, – Сонымен жүрегіңді маған бересің ғой?

– Ал орнына? – деді Қайырболды.

– Ал орнына мәрмәр жүрек салып берем, – деді Бекторы, – Мен сенің жүрегіңді кеудеңнен ауыртып алайын деп жатқам жоқ. Мәрмәр жүрекке келіссең болды. Сол сәтте жүрегің өзінен-өзі маған көшеді.

Бекторы сөрелерді аралап кетті.

– Міне, қара. Мынау өзің білетін адамдардың жүректері. Мынау, сен жұмыс істейтін ресторанның бастығының жүрегі.

Қайырболды қыздың соңынан еріп отырып қайран қалғаннан танбады. Банкілерде әлдебір сұйықтың ішіне салынған жүректер. Бекторы иелерінің аттарын атап келе жатыр. Қайырболды өзі танитын бірнеше кеденші офицерлердің, полиция қызметкерлерінің, жұмыс бабымен  алдарына барған тағы да  талай үлкен шенеуніктердің жүректерін көрді. Олардың, адамға деген аяусыздығының, зорлық-зомбылықтарының сырын енді түсінген. Адамдардың бір-біріне неге қиянат жасайтынын ұққан.

– Міне, барлығының жүрегі осы жерде деуге болады, –  Бекторы сөрелерді иегімен нұсқады, – Мәрмәр жүрек ыңғайлы. Бірді-екілі адам болмаса өзінің тірі жүрегін іздеп келген ешкім жоқ.

– Барлығы болғанда қалай? – деді Қайырболды, – Бұл жерде қанша адамның жүрегі тұр?

– Әлмисақтан, дүние жаратылғаннан бергі адамдардың барлығының жүрегі, – деді Бекторы. – Бүгінде көзі тірі адамдардың барлығының жүрегі осы жерде десе болады. Сен сияқты азғантай ғана адам өз жүректерімен жүр.

– Ал өз жүрегіммен қалсам ше? Жүрегімді сізге бермесем ше? – деді Қайырболды.

– Өзің білесің, – деді Бекторы, – Өз қалауыңда. Байырқа мен байлықта болғың келсе жүрегіңнен құтыл. Бүгінгі бостандық, бүгінгі азаттық пен еркіндік – ақшада. Азат болғың келсе, ерікті болғың келсе, жүрегіңнен құтыл. Ал қалған күніңді кіріптарлықта, құлдықта өткізгің келсе – осы  жүрегіңмен қал. Қайталап айтайын, бәрі де өз қалауыңда.

Қайырболды қинала ойланып тұрып қалды.

– Түсінем, – деді Бекторы, – Мұрсат берейін. Шыға тұрайын.

Бекторы шығып кетті. Қайырболды екі қолымен шекесін сығымдап, меңірейіп қанша отырғанын білмейді.

– Ата-бабаның аруағы, көмектессеңдер қайда қалдыңдар, – деді ақырында тістеніп, – Міне, мен аяныңды, жәрдеміңді күте-күте шаршаған жетім қозы, өз несібемді татуға кеттім.

Содан соң есікке қарап қатты дауыстаған.

– Бекторы, мен дайынмын!

– Келісетініңді білдім ғой, – деді Бекторы кіріп келе жатып.

– Не істеу керек? – деді Қайырболды.

– Ештеңенің де керегі жоқ, – деді Бекторы, – Келіссең болды.

Қайырболды оң қолын кеудесіне қойды.

– Келістім.

– Жеткілікті, – деді Бекторы, – Жүрегің менде.

Екеуі салтанат бөлмесіне қайтып келген.

– Менің үмбетім болдың, – деді Бекторы, – Енді біз осыны тойлап көңіл көтереміз.

Даяшылар екі бокалға шарап құйды. Қайырболды орталай ішті. Мұрынның қанындай қою күрең шараптан нешетүрлі жеміс пен жидектің хош иісі шығады. Даяшы тағы толтырған. Бұл жолы түбіне дейін ішті. Содан соң тағы ішті… Тағы ішті… Және ішті… Одан кейін не болғанын білмейді.

Көзін ашып өзінің қайда екенін түсінбей ұзақ жатқан. Ақырын тұрып жан-жағына қарады. Аэровокзалдың жанындағы жұпыны пәтеріне мүлдем ұқсамайды. Үйді қарап шықты. Он бір бөлме екен. Бір-біріне ұқсамайды. Бөлменің біреуі қымбат таспен қапталған болса, біреуі заты түгіл аты да белгісіз ағашпен көмкерілген. Бірнеше жерде телефон аппараттары тұр. Ванна көздің жауын алатын қара мрамормен безендірілген. Ат шаптырым ас үй. Үстел үстінде бір шиша тұр. Бірден таныды. Бұл жұмыс істейтін түнгі ресторанның бай клиенттері ғана ішетін қымбат шарап. Бір бокал шарапты қағып салған. Басы ілезде шайдай ашылды. Осы кезде телефон шыр ете қалды. Ақырын алып құлағына тосқан.

– Алло.

– Бұл Қайырболды мырза ма екен, – деді ар жақтан Бекторы.

Қайырболды қуанып кетті.

– Иә, мен, мен ғой. Бір жұмбақ сарайда жатырмын.

– Ол сенің үйің, Қайырболды, – деді Бекторы, – Залдағы үстелдің үстінде үлкен сары сөмке жатыр ғой. Құжаттың барлығын соның ішінен тауып аласың. Керек қылғанда мені ойласаң болды, жетіп келем. Ал жайла үйіңді. Жаңа өмірдің қызығын көр.

Телефон сырт етіп өшті.

Қайырболды сары сөмкенің ішіндегі қағазды үстелдің үстіне төге салып шетінен қарай бастаған. Заңдастырылған үйдің құжаты. Содан соң… содан соң «Меркурий» халықаралық қаржы жүйесінің депозиттері, швейцар банкісінің депозиттері. Депозиттер, депозиттер, депозиттер… Қайырболды жан-жағына ұрлана қарады. Өзінен басқа ешкім жоқ. Түс көріп отырғам жоқ па деп өзін-өзі шымшып көрді. Өңі. Өңінде болып жатыр!

Үстел үстіндегі калькуляторды алып депозиттерді есептегенде ақылға симайтын миллиондаған доллар болып шықты.

– Болды! – деді айқайлап, – Қош бол, кедейлік, құрдымға кет, жоқшылық!

… Жаңа өмірін меншік иеленуден бастады. Әуелі өзі жұмыс істейтін ресторанды қаланың маңайындағы, алыс аймақтардағы, ет, көкөніс, жеміс-жидек өндіріп, өсіріп жеткізіп тұратын шаруашылықтарымен қоса сатып алды. Кезінде өзіне теперіш көрсеткен басшыларды, өзіне ұнамайтын адамдарды әй-шайға қарамай жұмыстан босатты. Ешкім қарсылық қылмаған, құжаттарын алып үн-түнсіз кете берген. Сол күні бұның қоластына келіп ресторанның директоры болып бекітілген Сәрсен досы қарсыласып көрмек болды.

– Қайырболды, «Кең болсаң, кем болмайсың» деген, кешіре салсаң қайтеді, – деген досы, – Бұрынғы жаудан адал дос жоқ, есіңде болсын. Көбінің бала-шағасы бар дегендей.

– Олар кімді аяпты, – деді Қайырболды күліп, – Керек болса сені де қызметтен босатам. Бар, жұмысыңды істе.

Содан соң жанына шетелдің тілдеріне жетік, жөн білетін бірнеше адамды алып дүниені аралап сайранды салды. Аз жылдың ішінде бармаған жері қалмады. Париж, Лондон, Рим, Мадрид, Амстердам… Мұхиттан өтіп Нью-Йорк, Токио, Гонконгқа барды… Әлемдегі ең ірі буржуазиялық курорттардың көбінде болды… Қызық үшін Ресей олигархтары таңдап алған Куршевельде екі апта болып Швейцарияның қысқы көркін тамашалап қайтқан. Және барлық жерде «Меркурийдің», швейцар тағы басқа банктердің сиқырлы кредит кәртішкесінен ақша тоқтаусыз төгіледі, есіктер өздерінен өздері ашылады, қызмет өз-өзінен көрсетіледі. Ақша әкелетін бостандықтың не екенін енді түсінгендей.

Жанындағы көмекшілері дүниенің қай түкпірінде жүрсе де Алматыда не болып жатқанын Интернет арқылы біліп беріп отырады. Бұл кезде Сәрсен дәрежесі өсіп енді Қайырболдының іс басқарушысы болып тағайындалған.

– Шеф,  келгенде айтатын әңгіме бар, – деген бірде, Парижге телефон шалған Сәрсен.

Қыс бойы демалып көктемгі Алматыға қайтып келгенде іскер жігіт алдына үлкен мәселе қойған.

– Әрине, сенің капиталың рентаға, процентке өмір сүруге жетіп жатыр, – деді Сәрсен, – Бірақ процентке тіршілік кешкен рантье болу саған жараспайды.

– Сонда не істеу керек? – деді Қайырболды.

– Біз енді ақша сатумен айналысуымыз керек, – деді Сәрсен сигараның хош иісті түтінін бұрқ еткізіп.

Қайырболды ойланып қалды.

– Яғни, кредитпен айналысу керек қой, солай ма?

– Дұрыс айтасың, – деді Сәрсен, – Сен «Меркурийдің» ең бай клиенттерінің бірісің. Келісіп Алматыдан бір офис ашсаң.

Қайырболды күлді.

– Банктің клиенті филиал, офис ашқанын қайдан көрдің?

Сәрсен де күлді.

– Ниетің болса болды, бәрін де жасауға болады.

– Банк акция сатпайды ғой. Мен ол жерде клиент қана бола алам, – деді Қайырболды.

– Олай болса салған ақшамды бүкіл проценттеріммен қайтарып алам де, – деді Сәрсен, –  Олар өздері де кредитпен айналысады. Ал сен пәленбай миллион долларды қайтарып аласың. Әрине, «Меркурий» қайыршы  болып қалмайды, бірақ қарымы, мүмкіндігі сонша ақшаға азаяды. Ойымша, сен осыны айтсаң, олар Алматыға жүгіріп келіп бәрін өздері жасап береді.

Сәрсен қолмен қойғандай қылып айтыпты. Бірнеше айға созылған заңдастыру жұмыстарынан кейін Қайырболды несие беретін банктің иесі болып шыға келді. Енді бір доллары ілездің арасында он долларға айналатын болды. Алғашқыда несие сұрап келгендерді өзі қабылдайтын. Кейіннен қаптаған көмекшілер барлық жұмысты өз мойындарына алған. Аса ірі кредитті ғана бұнымен ақылдасады. Ал ұсақ-түйек болып жатқаннан толық бейхабар.

Өзі жайлы, қоластындағы банк жүйесі жайлы баспасөзде нешетүрлі сын мақалалар жазылып жатқанын еміс-еміс еститін. Бірақ бұл кезде Қайырболды жердің тартылыс күші әсер етпейтін орбитаға шыққан, ешбір заңға бағынбайтын адамға айналған. «Барға барша береді» дегендей, үсті-үстіне төгілген қисапсыз ақша туыстық сезімді де, арды да, ұятты да, бәрін ұмыттырған. Бақ қонған күні такси жалдап қала түбінде тұратын атасы мен әжесінің үйіне барды. Түн іші еді. Таныс қақпаның алдына келіп ұзақ тұрды. Бірақ өз бойынан ешқандай сезім таба алмады. Қызық деді қайран қалып. Әке-шешемнен ес білмейтін кезімде айрылыппын. Кемпір-шал… атам мен әжем тәрбиелеп өсірді. Әкем де, шешем де осылар еді. Бірақ неге жүрегім селт етпейді. Ішімде неге ықылас-пейіл жоқ. Мынау тұрған жұпыны үйден, бастан өткен кіріптар өмірден неге жиренем… Білмеймін… Әйтеуір мына қақпаға кіргім  келмейді… Осыны ғана білем.

Бұрылып жүре берген. Одан кейін өмірдің қызығына толы қарбалас бәрін ұмыттырды. Тек бір рет, жолы түсіп, жанында қаншама күзетші-оққағарлары бар, әлденеше машина болып ауылдың орталық жолымен сырнайлатып-кернейлетіп өтіп бара жатқанда, Сәрсен артына бұрылып: – Айтпақшы, сенің әжең осында тұрмаушы ма еді. Халі қалай екен ол кісінің? – дегенде сасып қалып, шопырға белгі беріп тоқтатқан. Машинадан түсіп, оққағарларының біріне жүз доллар ақша беріп, ата-әжесінің адресін айтып қоя берген. Содан кейін есіне алған емес.

Бұл кезде қоластындағы банк алпауытқа айналған. Алған несиені қайтара алмай қаншама адам  барынан айрылып тіленшіге айналды, қаншама ошақтың оты өшті. Банкке қарсы қаншама қылмысты іс қозғалды, бірақ пара берудің, коррупцияның техникасын жете меңгерген Қайырболды, бір журналист жазғандай «қандай жауыннан болса да шыланбай құрғақ шығатын». Жаза көрмеу адамды аздырады. Бәрін сатып алып үйренген Қайырболды басқада мүдде бар, намыс бар, тіршілік бар деп білмейтін. Жер бетінде мен және менің тілегім мен қалауым ғана бар дейтін.

Бірде, пәленбай уақыт сұранып жүріп қабылдауға әзер ілінген адам келген алдына. Ашаң, ақ шашты. Көзі реңсіз. Әбден шаршағаны, жүдегені көрініп тұр. Кіре өзінің қиын жағдайға ұрынғанын айтып жалынып-жалбарынған.

– Несие алдыңыз ғой? – деді Қайырболды, – Қайтарудың мерзімі келді ғой?

– Иә, келді, – деді өтініш иесі. – Бірақ бизнес сондай нәрсе. Онда прогноз болмайды. Не болатынын алдынала біле алмайсың. Тағы бір мерзім кешеуілдетсеңіз. Мен міндетті түрде қайтарам.

– Кепілге не қойып едіңіз? – деді Қайырболды.

– Пәтерім мен бүкіл бизнесімді қойған едім, – деді ақ шашты адам, – Аяңызшы. Мені емес, бала-шағамды аяңызшы. Ертең тентіреп кетеміз ғой. Сіз де қазақтың баласы емессіз бе.

–    Жарайды, – деді Қайырболды үстел үстіндегі ноқатты басып.

Есіктен Сәрсен кірді.

– Мына адамның кредитін кешеуілдетуге жарлық шығар, – Қайырболды өтініш иесіне меңзеген, – Әрине, жаңа процент белгілеңдер.

Ақ шашты адам қуанғанынан жылап жібере жаздады.

– Рахмет, айналайын, – деген көзіндегі қаймыжық жасты сүртіп, – Бұл жақсылығыңды ешқашан ұмытпаймын.

– Жақсы. Іске сәт, – деді Қайырболды.

Сәрсенге, сен қала тұр дегендей белгі берді. Ақ шашты адам шығып кетті.

– Қанша кредит алып еді? –  деді Қайырболды.

– Бес жүз мың доллар, – деді Сәрсен. – Бизнесі сәтсіз болып…

– Біз енді, жылап-еңіреп кіргендерге кеңшілік жасай беретін, ақша шашатын меценат емеспіз, демеуші емеспіз, – Қайырболды керіліңкіреп отырды, – Біз банкпіз.

– Дұрыс айтасың, – деді Сәрсен.

– Сондықтан ешқандай кешеуіл болмасын, – деді Қайырболды, – Залогқа не қойды, заң жолымен алыңдар. Содан кейін айтарым, бұдан былай бұндай өтініш иелері маған кірмейтін болсын. Қаптаған қызметкер не үшін отыр. Сол жақтан қайтарылсын. Менің алдыма келмесін.

– Құп болады, – деді Сәрсен.

Бұдан кейін директорлар кеңесінің төрағасы Қайырболдыға ұсыныспен келген адамдар  ғана кіргізілетін болды. Арыз айтушылар келуін тоқтатты. Өзі төмен тап, өтініш  иесі болып жүргенде көрген қорлықтарын ұмытқан жоқ. Сол өткен өмір тәжірибесі бойынша қоластындағы банктің қабылдау бөлмелерінде, операциялық залдарында қандай қиянаттар істелініп жатқанынан толық хабардар болатын. Бірақ не естісе де, не білсе де селт етпейтін.

Адамның дегені емес, Алланың дегені болады екен. Көктемнің шуақты күні мейманханада белгіленген бір сырлы кездесуге асығып келе жатқан. Крем түстес «Бентли» зымырап  келіп мейманхананың алдындағы шағын алаңға бұрыла бергенде қатар-қатар тіреудей қылып су шашып тұрған фонтанның тасасынан қолында шелегі бар бір бала жүгіріп шықты. Шопыр тежегішті аямай басқан. Бірақ бәрі де зая екен. Бала соққыдан автомобильдің капотына шықты да екі қолын жайып барып бір қапталға құлап түсті.

– Не істедің сен? – деді Қайырболды айқайлап, – Неге осынша қатты келдің?

– Кешіріңіз, аға, – деді өңі шүберектей қуарған шопыр, – Мына жерден атып шығатынын кім білген.

Жерде жатқан баланың жанына жұрт жиналып қалды.

– Жарайды енді, – деді Қайырболды, – Болары болды. Бірдеңе қылып құтылармыз. Әуелі көрейік.

Бұлар топқа тақағанда баланың жанында жүресінен отырған мейманхананың швейцары орнынан тұрып қынжыла бас шайқаған.

– Әттеген-ай. Осы жерде машина жуып күнін көріп жүрген бала еді. Сондай жақсы еді өзі.

Содан соң Қайырболдының алдында иіле қалды.

– Мархамат. Кіріңіз. Сол баяғы өзіңіздің жақсы көретін бөлмеңіз. Дайын тұр.

Қайырболды жұртты киіп-жарып баланың жанына барды.

– Тірі ме?

– Жоқ, – деді тұрғандардың бірі. – Өліп қалған сияқты.

Баланың бетіне үңілген Қайырболды кенет айқайлап жібере жаздап, өзін-өзі әрең тежеген. Бала бұның өзінен айнымайды екен! Әзер жүріп машинаның жанына келді. Есікті ашып тағы тұрды.

– Қайтамыз, – деді содан соң, отырып жатып.

Шопыр сәл аңырып қалды, артынша ұйқыдан оянғандай асығыс машинаны оталдырды.

… Үйге жүгіріп кірген Қайырболдының алдынан аспаз әйел шыққан.

– Мырза…

– Қоя тұрыңыз, – деді Қайырболды қолын сілтеп, – Екінші қабаттағы кабинетке сигара, кофе, коньяк келтіріңіз.

Аспаз әйел сұрағандарын алдына әкеп қойғанда меңірейіп отырған Қайырболды коньяктің бөтелкесін дереу ашып жөппелдеме бірнеше бокалды толтырып ішкен. Иесінің бұндай әдетін бұрын көрмеген аспаз әйел ернін жымқырып төмен қарады.

– Кешкі жаңалықтан көрген шығарсыңдар, – деді Қайырболды аспаз әйелге қарап.

– Иә, көрдік, – деді аспаз әйел, – Бірақ біз сенбедік. Сіздің олай етуіңіз мүмкін емес.

Қайырболды тағы бір бокалды толтырып ішті.

– Байғұс, әйтеуір тірі екен, – деді аспаз әйел. – Мырза, бүгінгі қонақтарға не дайындауымыз керек.

Қайырболды селк ете қалды.

– Тірі дейсің бе? Қайда екен?

Аспаз әйел қуанып басын изеген.

– Иә, тірі. Бірақ ауыр екен. Реанимацияда. Сонымен бүгінгі қонақ…

– Қонағыңды қоя тұр, – деді Қайырболды, – Жандосты шақыр.

Аздан соң осы үйдің ұланғайыр шаруасын басқаратын Жандос кірді.

– Шақырдыңыз ба, – деді елулердегі жылы жүзді адам.

– Жандос, жағдай былай, – деді Қайырболды, – Анау бүгінгі апатқа түскен бала қай ауруханада жатыр соны біл. Содан соң менің атымнан Совминнің ауруханасымен сөйлес те, баланы соның реанимациясына ауыстыр. Қанша ақша, қандай көмек керек, бәрін ұйымдастыр. Тындырғаннан кейін айтарсың.

ххх

Қайырболды реанимация бөлмесіне кіргенде шашын қырау шалған, жас өңді дәрігер орнынан тұрып қарсы жүрген.

– Өтінем, – деген биязы дауыспен, – Реанимация жалғасып жатыр. Бала системаның астында. Бір рет қана қараңыз. Ештеңеге қол тигізбеңіз. Шығып кетіңіз.

Түнгі шаммен жарықтанған бөлмеге кіріп баланың жанына отырған Қайырболды көпке дейін қарауға жүрегі дауаламай басы салбырап отырған да қойған. Есіктің сыртында тұрған дәрігер жөтеліп белгі бергенде ақырын көз қиығын тастады да ыңырана тербеліп кетті. Бала кезінде өз басынан өткен бір хикмет көз алдына келіп тұра қалған. Бірінші класты бітірген. Жаз. Қайырболды шөпшілердің ауылында қайрақшы атасына көмектеседі. Бірде мая салып жүрген жігіттер Қайырболдыны сусын алып келуге жұмсаған. Қолына ашыған көже құйылған бидон ұстаған Қайырболды өзіне қарай зымырап келе жатқан жеңіл машинаны көрді. Бірден таныған. Совхоз директорының «Волгасы». Ығысып жолдан аулақтау тұрған. Бірақ ыржалаңдап жалғыз келе жатқан шопыр Қайырболдыны «Волганың» оң қапталымен аямай соғып өткен. Есін жиғанда жолдың үстінде жатыр екен. Шошынған атасы, – Балам-ау, мәшине келе жатқанда жолдан шығып тұрмайсың ба, – деді бұның үсті-басын сипалап, – Құдайға шүкір, аман қалдың.

Реанимациядан шыққанннан кейін бір жыл бойы сынған сүйектерін бітіріп емдеген. Қайырболды ауылға мүгедек болып оралды. Өзінің жолдан аулақта тұрғанын дәлелдей алмаған. Заң орындарын жолатпай, ауыл арасындағы ғана сот болған. Шопыр ештеңені мойындамады.

– Айдалада тұрған адамды машинамен қуып жүріп қағатындай мені жын ұрып кетіп пе, – деген әдетінше ыржалаңдап, – Көрдіңіздер ғой, жолдың үстінде жатты.

Кейіннен ауылдың бір жігіті бұлардың үйінен шай ішіп отырып, –

– Борашты білеміз ғой, – деген, – Баланы қағып, содан соң жолдың үстіне жатқызып қойған ғой. Бидондағы көже жиырма метр жерде төгіліп жатыр. Кім сенеді бұндайға. Әттең заң дұрыс болса, соттатуға болар еді. Амал не.

– Е, бұларға не істей аласың, – деп еді сонда атасы күрсініп, – Нашардың көрген күні сол, әне.

Қайырболды баланың бетіне қайта үңіліп, көңілі бұзылды. Кішкентай әлсіз дененің ажалмен алысып, жанның әне-міне үзіліп кетейін деп жатқаны көрініп тұр. Тәлтіректеп дәлізге шықты. Дәрігер қолтығынан сүйеп тахтаға отырғызды.

– Сабыр етіңіз. Әлі үміт бар. Кіміңіз еді?

Қайырболды даусы қарлыға жауап қатты.

– Ең жақын адамым.

– Жүріңіз, менің кабинетіме барайық, – деді дәрігер.

Қайырболдыны бөлмеге ертіп кіріп, алдына жарты стақан спирт қойды. Үстіне су қосты.

– Ішіңіз, бұндайда пайдасы тиеді.

Қайырболды ішіп салды. Қалтасынан алюминий контейнерге салынған сигараны суырды.

– Бола ма?

– Иә, сізге болады, – деді дәрігер.

Қайырболды хош иісті түтінді құшырлана жұтып аз отырды.

– Дәрігер, тыңдаңыз, – деді содан соң, – Өтінем. Жоқ, жалбарынам. Осы баланы құтқарыңыз. Бар өнеріңізді салыңыз. Өкінбейсіз. Қандай дәрі керек, қанша ақша керек, қысылмаңыз, айтыңыз, бәрін берем. Тек тірілтіңіз. Егер осы бала тірі қалса мен бүкіл өміріңізді қамтамасыз етем. Мынау аурухананы шетелдің ең озық техникасымен жабдықтап берем. Тек барыңызды аямаңыз.

– Бұл біздің парызымыз, – деді дәрігер, – Қолдан келгеннің бәрін де істейміз. Ал сіз, енді үйіңізге қайтыңыз. Демалыңыз.

Бір апта бойы бел шешкен жоқ. Қызметке бармады. Күні бойы үйде, ауруханадан хабар күтіп, меңірейіп отырады да қояды. Сегізінші күні түске қарай дәрігер телефон соққан.

– Құттықтаймын, – деген толқынысын жасыра алмай, – Балаңыз ажалды жеңді. Бірақ өте әлсіз. Тағы біраз жатуы керек.

Жүруге жарағанда баланы үйіне алдырды. Әбден сауыққаннан кейін мән-жайды сұраған. Қаланың түбінде Тұздыбастау деген жерде тұрады екен.

***

Бұлар бір жағына жантайып жатқан қақпаны ашып кіріп келгенде аулада самауыр тұтатып жатқан кәрі әйел қолындағы кернейді жерге түсіріп алып, аузы ашылып тұрып қалған. Содан кейін келіп баланы бас салған.

– Жарығым-ау! Құлыным-ау! Қайда жүрсің! Асылым! Мен сені іздедім ғой! Айрылдым деп жыладым ғой! Жылай-жылай көзім суалды ғой!

Көршілер жиналып қалды. Ауланың сыртында тұрған алтынмен аптаулы машиналарға, қымбат киінген бір топ адамға, көрісіп жылап жатқан ана мен балаға қарап аң-таң. Бір ақсақал адам: – Әй, Жұмағайша, қой енді. Балаңның тірі екеніне қуанбайсың ба, – деп басу айтқан, – Мына адамдарды қаңтарып тұрғызып қойғаның не? Үйге кіргізсейші.

Жұпыны үйде кешке дейін қонақ болған.

– Баламды аман алып қалыпсыз. Рахметтен басқа не айтайын сізге, – деген Жұмағайша қоштасарда,– Бар болсам ат мінгізер едім. Батамен алқағаннан басқа не келеді қолдан.

– Рахмет, ештеңеңіздің керегі жоқ, – деді Қайырболды, – Одан да мен қолқабыс қылайын сіздерге.

Ертеңіне кабинетке Сәрсенді шақыртты.

– Анау әйелдің бүкіл жағдайын білші, қандай көмек керек екен, қалай көмектесуге болады, – деген досының бетіне қарап отырып, – Екі күнде осы шаруаны тындыршы.

– Шеф, оның білетін ештеңесі жоқ, – деді Сәрсен, – Анықтап та қойдым. Бұл, баяғыда, осыдан төрт жыл бұрын бізден кредит алып күйіп кеткен адам. Соның үйелмені. Әйелі, балалары.

– Ол кім? – деді Қайырболды, – Бізден кім несие алмады. Қайсысы есте қалды дейсің. Оның үстіне, мен кейіннен, ірі кредит алатындармен ғана кездестім ғой.

– Есіңізде болар, ақ шашты, ашаң келген адам. Несиені қайтаруды кешеуілдетсеңіздер деп келген, – Сәрсен үстел үстіндегі жәшіктен бір сигара алып тұтатты.

– Одан кейін не істедік? – деді Қайырболды.

– Не істеуші едік, – деді Сәрсен, – Кепілге қойған үйін, бизнесін, бәрін алдық.

Қайырболдының санасында бір қақпақ сарт етіп ашылғандай болды. Ақ шашты жүдеу адамның, неше ай тұрып бұның қабылдауына әзер ілінгені, осы кабинетте тұрып қалай жалынып- жалбарынғаны, өзінің ол адамды алдап шығарып салғаны, бәрі есіне түскен.

– Бес жүз мың доллар алған. Бәрін ет бизнесіне салған. Бір үйір жылқы алып бақтырып қойған. Содан соң аяқастынан жұт болып малы қырылып қалған. Міне, сол себепті саған жолығуға келген ғой, – Сәрсен орнынан тұрып терезенің жанына барды.

– Әлсіз адам ғой, – деді сөзін жалғап, – Пәтерінен, бизнесінен айрылғаннан кейін көп ұзамай қайтыс болған. Әйелі, бала-шағасы қаладан ауылға көшкен. Тұрмыстарын өзің көрдің ғой. Анау әйел сені танып отыр. Тек көңіліңе қарап ештеңе демеді. Оның үстіне баласын өлімнен алып қалдың.

– Ол баланы өлімнен алып қалған мен емеспін, – деді Қайырболды, – Көресі жарығы бар деген сөз. Одан кейін, ол, дәрігерлердің еңбегі.

Орнынан тұрып кабинетті ары-бері кезіп ұзақ үнсіз жүрді. Үстелге екі жұдырығын тіреп күрсініп тағы тұрды.

– Былай істейміз, – деді тағы бір сигараны тұтатып, – Ересек, кәмелетке толған баласы бар ма?

– Иә, – деді Сәрсен, – Бар.

– Бүкіл бизнесін қайырып беру керек, – Қайырболды орнына отырып тез-тез жарлық бере бастады, – Бізге кеткен пәтеріне парапар пәтер алып беріңдер. Қаладан. Содан соң баяғыдағы бес жүз мың несиені заңдастырып қолдарына ұстатыңдар. Содан соң…

– Шеф, бір отбасына осының өзі жетіп артылатын игілік, – деген Сәрсен. – Осымен тоқтайық.

– Жарайды, – деді Қайырболды – Осы шаруаларды тындыр. Тағы да тілектері болса көре жатармыз.

… Үйге келгеннен соң кабинетке төсек салдырды. Бірақ ұйықтамады. Көрер таңды көзбен атқызған. Балалық шағын, түрін көре алмай кеткен әкесі мен шешесін, бар-жоғы белгісіз атасы мен әжесін, соңғы аласапыран сегіз жыл өмірін ойлады. Таңертең тастүйін бекінген. Шайын баппен асықпай ішті. Жақсылап қырынып, душ қабылдады. Мұздай киінді. Содан соң машинаға мініп тауға қарай тартқан.

Таныс жолмен жүріп отырып іздегенін тез тапты. Зәулім үйдің бөлмелерінде тырс еткен дыбыс жоқ. Сол баяғы байлық пен салтанат. Залда жасаулы дастархан. Ештеңеге қол тигізген жоқ. Дәлізбен жүріп жерасты ұраға келді. Қызыл ағаштан шапқан есік дыбыссыз ашылды. Қайырболды жап-жарық бөлмеге кіріп қабырға бойлай созылған сөрелердің жанына тақаған.

– Келдің бе? – деді таныс дауыс.

Қайырболды селт еткен жоқ. Жаймен бұрылды. Бекторы.

– Иә, келдім, – деді.

Даусы сезімсіз шықты.

– Білгем, – Бекторы елжірей жымиған, – Қайтып келген санаулы адамның бірісің. Сол үшін ризамын.

– Мыналар ешқашан қайтпайды, – Иегімен сөрелерді меңзеді, – Жүрексіз жүрген ұнайды екен. Жүрексіз жүргеннен шаршамайды екен, жалықпайды екен. Көбі құрдымның шетінде тұр. Ал көбі құрдымға баяғыда құлап кеткен.

Кенет жер-дүние солқ ете қалды. Қайырболды жан-жағына қараған.

– Бұл келе жатқан апаттың белгісі, – деді Бекторы

– Ненің апаты? – деді Қайырболды үрейленіп.

–    Жанның, рухтың, иманның апаты, – Бекторы Қайырболдының жанына келді.

–    Бекторы, уақыт өтіп бара жатыр, – деген Қайырболды.

Бекторы алақанын Қайырболдының кеудесіне тигізді.

– Міне, қайтардым.

Сол сәт Қайырболдының бойын баяғыда ұмыт болған сезімдер кернеп жөнелген. Қуаныш та, қайғы да, сүйініш те, қамрық пен мұң да бар еді қайтып келген түйсікте.

.. Сыртқа шыққан Қайырболды машинасын көре алмады. Артынша үстіндегі өзінің бұрынғы қарапайым киімін танып, бәрін түсініп, рахаттанып тұрып күлген. Содан соң Медеудің жолымен төмен қарай асығып жөнелді Алматыға.

Ол кейін әжесімен кешу айтысып табысады, атасының төрт жыл бұрын  дүниеден қайтқанын естіп қайғырады, ақырында өзі сүйген қызға жүрегі дауалап асықтық сөзін де айтады. Бірақ бұның бәрі кейін болады. Ал қазір ол  Алматыға, өзінің Алматысына асығып бара жатыр еді.

***

Сағындық оянғаннан кейін көрген түсін пайымдап өзінің кім екенін есіне түсіре алмай ұзақ жатқан. Қызық деді мырс етіп. Мен неге түсімде басқа адам болдым. Басқа адам болғанына, Қайырболды деген адам болып өмір кешкеніне зәредей күмән жоқ, себебі сол адам болып туғанына, басында сол  тағдырдан басқа тағдыр болмағанына имандай сенді. Себебі, ол жерде Сағындық деген адам жоқ еді. Атымен жоқ еді. Бұл дүниеге жаратылмағандай. Бірақ мен басқа адаммын ғой деді қайран қалып. Неге түсімде менің өмірімнен ешқандай нышан жоқ. Неге Қайырболдымын. Неге ресторанда қызмет қылатын даяшымын. Мен Сағындық Тілешев, шындығында қазақ теледидарында қатардағы тележурналист-редактор болып қызмет етпеуші ме едім.

Бір шыны кофе ішіп жұмысқа аттанды. Келе сала күнделікті қарбаласқа кіріп кеткен.  Түстің шамасы еді. Көшеге шығып келген қызметтес қыз редакцияға даурығып сөйлеп кірген.

– Әй, Сағындық, фойеде сені бір қыз тосып тұр. Такая красавица. Еркек түгілі әйел ғашық болғандай.

Сағындық шашын асығыс түзеп жіберіп сыртқа беттеді. Теріс қарап тұрған қызды бірден таныған. Селт еткен жоқ, қорыққан жоқ.

–    Амансыз ба, Бекторы.

Бекторы бұрылып жылұшырай күлген.

– Амансың ба, Сағындық.

Екеуі сыртқа шықты.

– Қайда барамыз? – деді Сағындық.

– Кавалер деген атың бар емес пе, – деді Бекторы, – Осы  маңайдағы бір кафеге барайық.

– Қарсы болмасаңыз «Алматы» ресторанына барайық, – Сағындық қызға қолын ұсынған.

Күн едәуір ыстық болғанымен ресторанның іші салқын екен. Даяшы дастархан мәзірін алдарына қойып кетіп қалды.

– Мен шай ішсем болады, – деді Бекторы.

Сағындық жеңіл-желпі тамаққа тапсырыс беріп, шылымын тұтатып, орнығып отырды.

– Сенің күйіңді түсінем, – деген Бекторы аз үнсіздіктен кейін, – Менің іздеп келіп саған жолығуым, одан кейін басыңнан өткен өткелек, бұның бәрі ақылыңа әзер сиып тұр. Сұрақ сұрауға бойыңдағы туабітті мәдениетің жібермейді. Сол себепті барлығын мен өзім айтып берейін.

Бекторының даусы қол созым жердегі жұмыр тастан қаланған бұлақтың сылдырымен жарасып, ертегідей тербеп жөнелген.

– Адамзат өзінің осы жолға қалай түскенін, бүгінгі күйіне қалай жеткенін білмейді. Себебі ақылы кеміс. Адамзат бүгінгі ахуалына бір күнде келген жоқ. Және адам, инсан, әлмисақтан арғы көне дүниеде мүлдем басқа болған. Ақ пен қара, жалған мен ақиқат, жамандық пен жақсылық дегенді сендердің миы ауысып кеткен философтарың ойлап шығарған. Дүниеде өз бетінше тұрған жамандық яки жақсылық болмайды. Қандай да болмасын сөз яки іс өзінің айтылуының немесе тындырылуының ыңғайына қарай жаман, я жақсы болып шығуы мүмкін. Ақылды тәуіптің тілектестікпен айтқан өтірігі ауыруға шипа болады. Осыны өтірік деп көрші. Әлемдегі ең ізгі деген ақиқат, антұрған мұнафұқтың аузынан шыққанда былғаныш кептегі жалған сөз болып шығады. Бұдан кейін оны қалай ақиқат санайсың.

Бүгінде сендер жамандық, өтірік, жалған деп санайтынның барлығы көне дүниеде жақсылықтың, шындық пен ақиқаттың жартысы, соларға апаратын жол саналған. Сендердің ұғымдарыңдағы жын менен пері, шайтан мен шерәлі, әзәзіл, көне дүниеде ізгілік жолындағы періште атаулының сыңарлары болып саналған. Ол кездегі адам құр сөзге емес – нақты іске сенетін, істі ғана шын сөз санайтын. Көне адамның ойы, сөзі және ісі бір жерден шығатын. Құдайдың сөзі мен ісі сияқты. Содан кейін жерді ғана емес, бүкіл болмысты астаң-кестең еткен сұмдық апат келді.

Бекторы алдына қойылған шайдан бір ұрттап аз үнсіз қалды.

– Ол не апат? – деді Сағындық, – Қайдан келген?

Бекторы мұңая жымиған.

– Аспанның сырын кім білген. Бұл зауалдың неліктен келгенін, болмыстың қай түкпірінен бізге қарай атылғанын күні бүгінге дейін ешкім айтып бере алмайды. Әйтеуір келді, бәрін күйретті де кетті. Адам, періштеге теңескен ізгі еді, иманды еді, ақылы қиырдағыны шалатын кемел еді. Бірақ осы әлемдік, ғарыштық апаттан кейін адамзат бақытсыз болып қалды. Ақылы кеміс, жарымжан болып қалды. Кеміс ақыл зорлық-зомбылыққа әкелді. Осының бәрі асқына келе ақырында бүгінгі кенеусіз қиянатқа ұласты. Осының салдарынан, біз, адамның көкірегіне, көңіліне періштемен қатар, тең ұялаған біз – перілер, жындар, соңында жамандық иесі болып шықтық. Алайда, біздің атымыз өзгергенмен затымыз өзгермеді. Жаратқан Ие мойнымызға артқан міндетті адал атқарып келеміз.

Бекторы жалт етіп Сағындыққа бір қараған.

– Не айтқың келгенін түсінем. Дүниеге жамандықтан не пайда демексің ғой. Жанында жамандық тұрмаса жақсылықтың жақсылық екенін қайдан білесің. Қарсысында жалған мен өтірік тұрмаса ақиқаттың ақиқат екенін нендей тиянаққа сүйеніп білдің. Жолдың серті – адасу, адасып барып түзелу. Екі түрлі пәктік бар. Біреуі анадан туғандағы, күнә мен зина, қиянаттан бейхабар, тәжірибесіз, мінезсіз пәктік. Екіншісі, бұ дүниенің барлық сатыларынан қан кешіп жүріп өткен, өтсе де лайланбай қалған пәктік. Адам болып қалам десең осының бәрінен өтуге, осының бәрін көруге міндеттісің. Міне, осы қасіретті өткелектің бәрінен өткізетін, біз, жындар, перілер.

– Сөзіңіз асыл, Бекторы, – деді Сағындық төмен қараған күйі, – Тек бір ғана түйткіл бар. Мен неге басқа адамның кебін кидім, осы түсініксіз.

Бекторы шайын ішіп отыра берді.

– Айтайын, – деді содан соң күрсініп, – Дүние барған сайын қиындап, адамдардың бір-біріне деген көңілі барған сайын суып барады. Қазақтан пейіл кетті. Бұрын жақсылығы асып-төгілген, төңіректегі жұрттың бәріне пана болып, шарапаты жеткен қазақ, енді өзіне қайырым қыла алмай отыр. Сен Қайырболдының тағдырын кештің. Қайырболды болып кедейшіліктің қорлығын да, байлықтың игілігін де көрдің. Асып-тасқан меймананың неге апарып соғатынына да көзің жетті. Сен өзің мүлдем танымайтын адамның тағдырына теліндің. Бөгденің тағдырын өз тағдырыңдай кешкендіктен сен сол Қайырболдыны енді өзіңдей көресің. Ұрпақ ендігі жерде бір-біріне осындай бауырмал болмаса, өмір сүру қиын болады.

Бекторы орнынан тұрды.

– Аман бол, Сағындық.

– Бекторы, кетпеңізші, – деді Сағындық меңірейіп отырып.

– Мені кетеді деп кім айтты, – деді Бекторы жымиып, – Мен сенімен ғана амандасып тұрмын. Өйткені саған енді менің керегім шамалы. Мен елден кетпеймін. Ешқашан да. Перінің қызы Бекторы қазаққа әманда керек.

Есікте бір сәт қана бөгеліп, қолын бұлғады. Содан соң басын биік ұстап, шығып жүре берген.

***

… Сағындық түнгі ресторанға келіп шеткі столға отырған. Терезенің алдында сөйлесіп тұрған қыздардың біреуі жанына келді.

– Не бұйырасыз?

– Маған Қайырболды қызмет қылса деп едім, – деді Сағындық, – Оның үстелі қай жерде?

Даяшы қыз таңдана қараған.

– Қайырболды дейсіз бе? Ол кім?

Енді Сағындықтың таңданатын кезегі келді.

– Кімі қалай? Осы ресторанда жұмыс істейтін даяшы.

Даяшы қыз әдеппен жымиған.

– Кешіріңіз, бұл бір түсініспеушілік. Қайырболды деген даяшы бізде ешқашан болған емес.

– Мен он жылдан бері осы ресторандамын, – деген одан кейін, – Завзалды шақырайық. Мүмкін сол кісі білер.

Залдың меңгерушісі, қалың қайратты шашын қырау шалған,  егделеу келген денелі адам екен.

– Қайырболды Намазбеков дейсіз бе, – деді маңдайын уқалап, – Лақап аты емес пе екен?

– Жоқ, азан шақырып қойған аты – деді енді күлкісі келе бастаған Сағындық.

– Онда кешіріңіз, – Меңгеруші қолын жайды, – Мен отыз бес жылдан бері осы қызметтемін. Ондай адам  ешқашан болмаған бізде.

Сағындық орнынан тұрды.

– Жарайды, мазалағаным үшін кешірім өтінем.

– Отырыңыз, дәм татыңыз, – деді меңгеруші.

– Келесі жолы, – Сағындық сыртқа беттеді.

Көңілінде ешқандай күмән, ешқандай сауал қалмаған.

– Сен пері емессің – періштесің! – деген, самаладай жарқыраған Алматының түнгі көшелерін тамашалап келе жатып, – Жаса, Бекторы!

х х х

«Мен заманымда кедейлікті де, байлықты да көрдім. Басыма нелер келіп, нелер кетпеді. Кедей едім. Кедей болсам да көңіліммен бай едім. Бай болдым, Бай болсам да – кедей болдым. Ақшасы көп қайыршы болдым. Тастан сарай салдырдым, алтынды уыстап шаштым. Бірақ кеудемдегі жүрегім де тас еді. Міне, мен қазір ешкімнен артық та емеспін, кем де емеспін. Тіршілігім бір басыма жетеді. Есесіне кеудемде тірі жүрегім бар. Көңілімде адамдарға деген құрмет пен ықылас-пейіл бар…

Сағындық қаламын қойып, үстелден шегініңкіреп отырды да терезеге қарады. Қалың бақтың ар жағынан Алматының ғажайып таңы атып келе жатыр еді.

 

1 Kомментарий

  1. айналайын бауырым, мына шығармаңды оқып бір жасап қалдым. Иншалла сенің жазған заманауй ертегіңді міндетті түрде балаларыма, алла нәсіп етсе немерелеріме айтып берем. Менің балаларым осындай әңгімелерді айтқанымды қатты жақсы көреді, сенің айтпақ болған ойыңды мен оларға ертегі қылып айтып берсем де түсінеді. Мен оларға жастайынан осыған ұқсас әңгімелер айтып түп мағынасын сұрайтынмын. Қазір олар әңгімеден де өлеңнен де терең мағын түсінетін болып келе жатыр. Биік белестерден көріне бер. Қазақ баспалары сіздердің шығармаларыңды жарнамалай білсе ғой шіркін,өскелең ұрпақ теледидардағы түк мағынсы жоқ мултиктерге бет бұрып қарамас та еді ғой.

Обсуждение закрыто.