Жантас Еркін “Ақмайдандағы” даусы жоқ балықтар (Әңгіме). Таласбек сыйлығы 2026

“Ақмайданның айдыны толар ма екен,

Аққуы қайта айналып қонар ма екен”

 

Мен бұдан әріректе, Ертіске қармақ салып, үнсіз отыратын бір орыс шалы жайлы жазғам. Кездескен адамның бәріне “мужик” деп сөйлейтін. Тіпті оның қыз-келіншектерге де “мужик” деп айтқанын бірнеше рет естідім. Қазір ол кісі жоқ, дүние салды ғой деймін. Интернет алаяқтарына алданып қалды да, балыққа барып жүрген ақ нивасын сатуға тура келді. Сосын бір жаз бойы Ақмайданға белсебетпен барып жүрді. Күнде кездеспесек те, көрген сайын жылы шырай танытып, мәз боп қалатын. Көбіне ол сөйлейді, мен тыңдаймын. Көзін кіжірейтіп ап, сіресіп қатқан қолын сермеп-сермеп, әлдебір өткен өмір жайлы, Ақмайдандағы балықтар жайлы ұзын-сонар әңгіме бастайды. Кейде өз сөзінен өзі жаңылып, бір айтқанын бірнеше рет қайталап, әлек болады. Ал кейде баяғының дана қарттарындай көсіліп сөйлейді.

Бірде ол маған Ақмайданның тарихы жайлы былай деп еді; “Ақмайдан 60-жылдардың басында ұжымшар болып құрылды, мужик. Ал оралмандырдың келуі 2000-жылдарға саяды. Маңайдағы бес ауылдың мұржасы осы Ақмайданға қарап тұрды. Мен мынау іргедегі Байсалдыдан кеп оқып жүрдім. Сібірге деп аулаған камаз-камаз балықтарды өз көзіммен көрген орыспын (осы сәтте мақтанып, кеудесін соғып қойды). Пай-пай, қандай семіз сазандар еді! Қазір солардың тұқымы да қалмады. Жекешелендіру кезінде бәрі ыдырады… Әйтсе де, осында туып, бүкіл ғұмырым осы ауылда өтсе де, жатсыну сезімі соңымнан қалған емес. Кейде адырларға қарап “бұл жердің иесі кім өзі?” деп сұраймын, бірақ жауап орнына тек қурайдың ызыңдаған даусын ғана естимін. Мен тіпті Омбыға барып, қызымның қолында бір-екі жыл тұрып келдім. Жоқ-жоқ, атай көрме! Өз орыс-қазағым жақсы екен дедім. Сенің келгеніңе қанша жыл болды?”

— Он бес жылдай.

— Жатсыну сезіміне үйрене бер. Адам өмірге жат боп келеді, жат боп кетеді.

Ал осы жазда ғана жұмыс демалысынан ауылға келе жатып, ол кісінің кемпірімен бір таксиде ұшырасып қалдым.

— Мына жерге тоқтай сал, — деді әжей ескі дачаның артын нұсқап.

— Бірақ бұл соқпақ ғой, құлап қалмайсыз ба? — деді таксист қамқор үнмен. Сөзіне қарағанда ол кемпірді күнде үйіне жеткізіп жүрген сыңайлы. Кейін білдім, шалы дүние салысымен еден жуушы боп қалаға жұмысқа кіріпті.

— Ештеңе етпейді. Атаңның балыққа шығатын жалғыз аяқ жолы еді, шөп баспасын деп арасында жүріп қоям, —. Осылай деді де, апам ақсаңдап ескі “аудидан” түсе берді. Сонда ғана үй іргесіндегі өзіме таныс белсебет пен қармақ көзіме оттай басылды. “Продам” деген жазуды да жақында ілгенін аңғару қиын емес.

— Қаншаға сатасыз, бабушка? — дедім бірден белсебет жақты нұсқап. Әжем сәл аңтарылып қалды да;

— Білмейм енді… Коммуналкаға жетсе болды, — деді.

  • Келістік! — дедім асығыс жеті оң мыңдықты әжемнің қолына ұстатып. — Ертең кеп, ап кетем.
  • Мынауың тым көп ғой… — деп үлгерді әжем артымнан.

Мен үйге жеткенше белсебет пен қармақ жайлы ойлаумен болдым.

“Ақмайдандағы” балықшылар маусымында кім қай жерге қармақ саларын ешкім дөп басып айта алмайды. Көлге барар жолда мен кездестірген әрбір балықшы бұл жайлы жұмған аузын ашқан емес. Ал егер балықшы балық көп жүретін жарғабақ жайлы, судың тереңдегі мен тазалығы жайлы әңгіме айта бастаса, оны нағыз балықшы деуге келмес. Жай турист немесе әуесқой біреу болуы мүмкін. Өзің де балық жайлы тықақтап сұрай бергеннен аулақ болған жөн. Осыған байланысты таяқтың бір ұшы менің де басыма тиген. Қалай дейсіз ғой?

Маусым аяқталып, шілденің тамызға жалғасар тұсында күнделікті әдетіммен ой кешіп, аулаққа кетіп қалыппын. Қас қарайып кеткен. Жолым болып, жолай әлдебір балықтан қайтқан бір көлік тоқтады. Жүргізуші көліктің есігін ашты да, “отыр” дегендей ишара жасады.

— Здравствуйте! — дедім мен орысша амандасып (не үшін орысша амандасқанымды өзім де әлі түсінбеймін). Ол үндеген жоқ, жай ғана басын изеді. Балықшылардың бұл үнсіздігі маған бесенеден белгілі, мән бермедім. Радиодан “Седая ночь” әні бажылдап келеді.

— Как рыбалка? — дедім тағы жай отырмай. Ол мені көгілдір көк көзімен бір түйреп өтті. Бұл көз — мені ешқашан көрмеген, білмеген көз. Бұл көз маған қарап тұр, бірақ мені ешқашан көрмейді, көргісі де келмейді. Жай қарап тұр. Бір қызығы сол — мен де бұл көздің артындағы жанды бұрын-соңды ешқашан кездестірген емеспін. Қалай айтсам екен, Ақмайданға келетін балықшыларды шырамытып болсын айыруға болады; анау жергілікті орыс, ал мына біреулер Омбыдан келген турист орыстар т.б. Бірақ дәл қарсы алдымда отырған адамның кім екенін, қайдан келгенін аңди алмадым. Колумбтың кемесін алғаш көрген байырғы тұрғындар сияқты, ол да мен жайлы беймағлұм. Осылайша бір-бірін іздемейтін “жасырынбақ” ойынын ойнап, ауылға жеттік. Көліктен түсіп бара жатқанда;

— Қазақша сөйле! — деді ол есігін тарс жауып.

Балықшы есікті емес мені жапқандай меңіреу күйде тапжылмай біраз тұрдым. Сол сәтте ғана мен әлгі шал айтқан өзімнің бөтендігім жайлы алғаш рет ойладым. Тіпті туған өлкемізді тастап, атамекенге ат басын бұрғанда да мұндай бөтенсу сезімі болмаған шығар. Әлі есімде орыстың шекарасына кіргенде (Ташанты) бала санамды қым-қуыт ойлар биледі. Айнала жап-жасыл; күзгі жаңбырдан кейінгі табиғат мүлгіп тұр. Қобда Алтайда мені шығарып салған балалық шағымның жаңғырықтары осыбір алып орманда құмығып қалған сыңайлы. Елден алып шыққан қазы-қартамызды жолай құрап алған. Амалсыз, шекарадағы дүкендерден май шабақ (килька) алып жедік. Қанша жерден қарны ашып отырса да, анамның сол шабақтардың иісінен жиіркеніп, нәр татпай отырған бейнесі көз алдымда әлі көлбеңдеп тұр. Қазір ойлап отырсам, ол сол кездің өзінде-ақ жатсыну сезімін бастан кешірген екен. Осы ойымды әлгі балықшы қартқа айтып едім, “уайымдама мужик, бұл үнемі солай” деді саспастан. Бірақ “оның жатсынуы” мен “менің жатсынуымның” арасында үлкен айырмашылық бар еді.

Бүгінде Ақмайданның басым бөлігі арғы беттен көшіп келген қандас қазақтар. Бірақ олардың өзі де сапырылысып, алқақотан араласып жатады дегенге көңіл сендіру қиын. Қалаға баратын автобуста ғана бас изесіп амандасқаны болмаса, бұрынғыдай мерекелерде бір-бірінің үйіне бас сұғуы сирек. Ал бұрынғы тұрғындарының алды анау ескі қорымда, арты Ресей асып кеткен. Тек кейбіреулері ғана жазғы маусымда ауылға келіп, ата-әжесінен қалған ескі тамдарды суретке түсірумен болады.

Бірде әлгі орыс қарт мені “№345” өлкетану-мұражайына ертіп барды. Онда ілгеріде атақты Шоң би мен Қазанғаптың Ақмайдан жағасында жиын құрғаны жазылған. Мұнда олар патшалық ресейге шұрайлы жерлеріне ауыз салған мұжықтардың үстінен арыз-шағым жазыпты. Ал егер жауап болмаса күш қолданатындарын да мәлімдеп, елші жіберіпті. Кейін көл жағасынан қытай қорғанынандай етіп “еңбек лагерін” салған деген алып-қашпа сөздер де бар екен. Бірақ мұны ешкім растамайды. Ол туралы құжаттар да архив қазанынан  ұшты-күйлі жоқ болған. Бір кездері бұл жерде әлдебір оқиғалардың болғаны жайлы Ақмайданға құлаған тал-теректер мен қирандылар ғана бізге там-тұмдап сыр шерткен болады. Мүмкін бұл жерде ештеңе болмаған да шығар. Бәрін ойдан шығарған болармыз?!

  • Мужик?! — деді орыс қарт әйнек ішіндегі суреттерді нұсқап, — менің аталарым да мұжық болған деседі. Сендердің жерлеріңді тартып алған біз шығармыз… мүмкін…

Ол малақайын қолына алып, көзі жасаурап, ескі суреттерден көз алмай біраз тұрды. Оның бұл тұрысы ойыншыққа арбалған баладай шынайы еді.

— Кім тартып алғаны маңызды емес шығар — дедім мен де суретке қарап, — маңыздысы — бар жердің бағасына жету.

Сөзім әсерлі шықты ма, орыс қарт жымиып, арқамнан қағып-қағып қойды. Өзім де мұндай сөзді айтарыма сенбедім білем, бетім дуылдап кетті.

Көктемде басқа ауылды басатын көк тұман Ақмайданның маңайына да жуымайды. Мұндайда терезені ашып, ерте келген көкектің даусын тыңдап жату — көпіршік ойларды естелік теңізіне қарай жетелейді. Көкек даусы қазақ-орыс аралас ескі зират жақтан естіледі. Ал жыланшақтың тамыры сарғая бастаған тұста маубас жапалақтар балықшылардың ығырын шығарады. Ол өзінің алты-жеті секундтық дауыс жиілігімен көл жағасындағы балықшаларға ғана емес, ауылға да ұйқы бермейді. Егер оны атар болсаң, немесе таспен қусаң жапалақ жаңғырығынан құлақ тұнып кетеді. Былтыр жазда сондай бір шудан оянып кеттім. Ауыр жұмыс күнінен кейін сыраның буына балқып, қым-қуыт түс көріп жаттым да, сол түсім өңіме ұласты.

— Қарғаларды қуып жіберді, — деді анам ұйқылы ояу.

—   Кім қуды?

—   Жапалақтар. Біреу жапалақтарды атқан сияқты.

Курткамды сұға салдым да, қытай мотоциклмен Ақмайданға қарай тарттым. Балықшылар турниріне келген бір топ туристер көліктерін оталдыра алмай әлек. Үлгергені шатырын жиып, үлгермегені киімін ғана көтеріп, “аш құлақтан тыш құлақ” деп безіп барады. Дүние алғаш жаратылғандай, шығыстан таң құланиектеніп келеді.

—  Кім атты? — дедім мотоциклді сөндірмей асығыс біреуден.

—   Коля!

—   Қай Коля?

—   Алқаш Коля.

Ақмайданның жапалақтары қаһарына мінген. Дүние астаң-кестең. Қызық қуғандарды жапалақтар ауылға дейін шығарып салды. Мен тағы да өзіме беймәлім, осынау ғажап әлемге қарап үнсіз тұрмын. Бәлкім Ван Гог өзінің “Қарғалы бидай алқабын” * салғанда да дәл осындай сезімде болған шығар.

—    Жатсыну сезіміні үйрене бер, мужик! — деді бір дауыс жапалақтар тынғанда. Жалт қарадым. Орыс шалым үнсіз, айдынға қармақ салып отыр екен.

—    Мейлі мың жасасаң да әлемнің сырын түсінбейсің.

Төс қалтасынан темекісін шығарып, тұтатып алды. Сосын тұманнан айыға бастаған көлге селқос көз тастады.

—    Мен міне қырық жыл бойы балық аулап келем, мужик, бірақ қармағым ешқашан қапқан емес.

—    Онда не үшін шығасыз?

—    Еске түсіру үшін.

Жапалақтар жарықтан ығыса бастады білем, сабасына түсті.

—    Жапалақ пен балықтың айырмашылығын білесің бе? —. Таңғы тұман шалдың бұлыңғыр ойындай айналасына үйіріліп алған. Мен үнсізбін.

  • Жапалақта даусы бар, ал балықта жоқ.
  • Оның маған қатысы не? — дедім біртүрлі мазасызданып. Әрі мені үнемі шалдың бір сөзді қайталай беретіні мезі етті. Мүмкін есте сақтау қабілеті нашарлаған болар.
  • Қатысы сол мужик, жапалақ өз тарихын өзі айта алады. Ал балық ше? Оны бір көлден екінші көлге ауыстыра салуға болады. Ұрық шашатын кезін де бақылап отырасың. Мындағы сазандардың тұқымын мен алтыншы сыныпта оқып жүргенде Сібірге алып кетті… Пай-пай, анау канал тұсынан шолп-шолп еткен сазан даусы әлі құлағымнан кетпейді!
  • Ал оған дейін ше?
  • Не оған дейін?! –. Шал маған үрке қарады.
  • Оған дейін де бірдеңе болды ғой.

Ол сәл күрсініп алды да;

—     Оған дейін не болғанын білмеймін — деді.

Көзі қылтия бастаған таңды бірге қарсы алдық. Қарт алқызыл таңға қарап тағы бір шылым тұтатты. Мен тағы шексіз-шетсіз ойларға баттым.

Бала күнімде, Мойында*, шала туған қарындасымның кіндігін табалдырыққа көміп жатқан анамды көрдім. Жайлаудан күзеуге түсіп, кермеге кемпіршуақ қонған кез.

—  Неге онда көміп жатсыз? — дедім ынтығып.

—   Өскен үйін ұмытпасын деп…

—   Ал менің кіндігім қайда, ана?

—    Қарақұлаққа беріп жібергем -. Анам жымиды. Қарақұлақтың аузында кетіп бара жатқан қотыр кіндігім елестеп, ішіп бүріп әкетті.

— Жә-жә, ойнап айтам. Әкеңе бергем, алысқа ап кеткен.

— Қайда сонда?

— Білмеймін. Қой жайып жүріп бір жерге көмдім деген.

Шаңырақққа сарышымшық қонды. Саңғымаса игі.

—      Мен сонда қайтып келмеймін бе?

—       Қайда?

—       Өз үйіме.

—    Біздің үйіміз мұнда емес — деді анам қазандағы сүтті сапыра түсіп.  Таңғы сүттің жұпар иісіне танауы дедектеп Қарақұлақ келе қалды. Тілі салақтап, есіктен қарап тұр.

—  Қарақұлақ, кіндігім қайда а?! Дала кезбе неме!

Анамның жымиған жанары тағы ақ орамал астынан жылт етті.

Мен мотоциклді оталдырып, қайта ауылға қайттым. Таңғы өкпек жел бетімді осқылап келеді. Желден бе, жоқ әлде сезім түртті ме, көзімнен аққан жас құлағыма дейін жетті. Артымда жаңа шыққан күнмен ноқаттай боп орыс шалы қалды. Бұл біздің соңғы көрісуіміз болса керек…

Кейде мен түс көрем. Түсімде жапандағы жалғыз жартасқа айналам. Арқама гүлдер өседі, тамырым тереңге жайылады. Бірақ сол тамырыммен бірге шырмауықтар да бойымды шырмап, төменге тартып бара жатады. Мен сияқты мыңдаған, миллиондаған тастар жайлы ойлаймын. Олар да мен сияқты тілсіз, үнсіз шөгіп барады. “Бізді жеген уақыт емес” деймін өз тілімде, бізді жеген “кімнің даусы бар — сол сөйлесін” деген қағида.

Ал кейде алқызыл таңға темекі тұтатып Ақмайданның жағасында отырамын. Су бетi әлі тұманнан толық арылмаған. Сол тұманның ар жағында дәл түсімдегідей, бір жартас шөгіп бара жатқандай болады. Мүмкін ол жартас емес, әлгі Сібірге алып кеткен сазандардың сауыры шығар. Ал мүмкін — ол әлі де маған бірдеңе айтқысы келетін ескі зираттағы көкек даусы шығар. Кім білсін.

Балықшылар маусымы аяқтала салысымен мұнда енді ешкім келмейтіні өкінішті… Тіпті орыс шалы да. Тек мен ғана, әр жаз сайын, Ақмайданға қарап отырып, әлі табылмаған кіндігімнің қай жерге көмілгені жайлы ойлаймын — Ақмайданда ма, Мойында ма, әлде мына судың астында ма.

Мойын – Моңғолия мемлекеті, Баян-Өлгий аймағындағы елді-мекен