Қылыш жеткеру

Таласбек Әсемқұлов

Қылыш – қазақ халқының соғыста көп қолданған ең қастерлі қаруларының бірі. Өзім көрген және естіген нәрселерімді яғни «қылыш жеткеру» деп аталатын байырғы шыңдау технологиясына қатысты деректерді жинақтап беріп отырмын. Қылыш жеткеру үшін төрт нәрсе керек болған.

Олар: 1) Темірдің кені

2) От

3) Суғарынды

4) Қасат

Енді осы аталмыш нәрселерді жеке-жеке айтайық.

1) Темірдің кені

Әлбетте қылыштың нәсілі темір болғандықтан, оны жасауда кеніш бірінші орында тұрады. Қазақтың дархандары қолдан келсе Шын-Машыннан (қазіргі Индия мен Цейлон болуы керек) немесе Иранның Исфахан деген жерлеріндегі темірдің ордаларында қортылған тайтұяқ темірді пайдаланатын болған. Салмағы шамамен 300 грамм, сырты майланған және былғарымен қапталған бұндай тайтұяқ Орта Азия базарларында өте қымбат тұрады екен.

Бұның сыртында қазақтың өз жерінде бұрынғы скифтерден қалған темір кеніштері болған. Кейбір қазақтың дархандарының айтыстарына қарағанда (мысалы: Дархан Дәркембай Шоқпарұлы, ағайынды Тұрсынжан, Махмұт, Айтберген Құлмановтар) қазақ сахарасындағы кеніштерде өндірілген темір, сапасы жағынан Исфаханның темірінен артық екен.

Темірдің кенін көмірмен араластырып «қоза там» деп аталатын биік пешке (биіктігі шамамен 2 метрдей) салады. Осы пеште құрамында қоспасы көп алғашқы темір қортылады.

Енді от үрлейтін көрік жайын арнайы айтып кетейін. Қазақ ұсталары (менің естүімде) үш түрлі көрік пайдаланған. Оның біріншісі – жай көрік, немесе бір көмейлі көрік.

Екіншісі – қос көмей көрік. Мұнда көріктің біреуі ішін тартып жатқанда екіншісі отты үрлеп жатады. Бір көмейлі көрікте ауаны сорып пешке айдау үшін бірнеше секунд уақыт кетеді. Ал қос көмей көрікте бұл уақыт азайған. Алайды бұны да үзіліссіз үрлеу деп айту қиын.

Ал енді көріктің ең озық түрі – желбуаз. Мұнда тұңғыш рет далалық металллургияның теңдесі жоқ жетістігі көрініс тапты.

Желбуаз көрікте бүгінгі компрессорлардағы ауаны жинап, үздіксіз қысым тудырып отыратын ресивер сияқты арнайы камера болған. Жан-жағынан осы камераға бірнеше жай көрік ауаны үрлеп отырады. Міне, осы үздіксіз ауа үрлеу арқылы шамамен қазіргі конвертор пештеріндегідей процесс жүрген.

Алғашқы лас темірді балшықтан күйдіріп жасаған «қорама» деп аталатын ұзыншақ қалыпқа құяды. Қораманы ұрып сындырғанда ұзындығы екі қарыс (шамамен 45 см), жуандығы баланың білегіндей кеспелтек пайда болады. Осы жүздеген, кейде мыңдаған кеспелтекті су көп жиналатын ойпаңдау, сортаңдау жерге екі тізе бойындай тереңдікке тікесінен қойып көмеді. Ар жағы ауа райына, сордың құрамына, тотығу реакциясының жылдамдығына байланысты. Кем дегенде 6-7 жыл, кейде тіпті он жыл уақыт кетеді. Сондықтан тәжірибелі дархандар бүкіл өміріне жететін темірді бір-ақ қорытып алуға тырысқан. Темір шіріп, құрамындағы қоспалар тотығып болғаннан кейін, кеспелтекті қазып алып әуелі балғамен ұрып үгіткен. Артынша қиыршық темір тотығын үлкен тас диірменге тартқан. Осылайша темір тотығы ұнға айналдырылған.

Соңыра осы ұнды қазанға салып су құйып қайнатады. Тотықтың құрамындағы біраз қоспа суға еріп кетеді. Қазанды суытқаннан кейін, суын бөлек алып төгіп тастайды. Қайтадан су құйылады, қайтадан қайнатылады. Осылайша бірнеше рет қайталанады. Темір ұнтағының құрамындағы суға ерітіп қоспалардың барлығы кеткеннен кейін, енді оны кептіріп алып қайтадан қорытады. Бірақ қоза тамда емес, болат қазанда. Осылайша барынша таза темір қортылып болады. Темірді тайтұяқ қылып құйып, сыртын құйрық маймен сылап, киізге тігіп тастайтын болған.

Таза темір шыңдалмай тұрып өте жұмсақ болады. Осыған байланысты ұсталық өнерге қатысты «темірді қамырша илеген» деген бейнелі сөз пайда болған.

Қылыш, яки қанжар соғарда ұста әуелі темірді өлшеп алады. (қылышқа шамамен 1 кг, қанжарға соның жартысындай темір кетеді). Осы күнгі суық қарудың көрмелерінде пышақ яки қылыш туралы, «1200 қабат, 1500 қабат» деп айтылатын қабаттар қалайша жасалады? Кәдімгі бүктеу арқылы жасалады. Әрине, қылыштың темірін 1500 рет бүктеу үшін бір адамның ғұмыры да жетпейді. Бұл жерде адамдар геометриялық, математикалық прогрессия жайында ұмытып кеткен. 1500 немесе 1200 қабат жасау үшін темірді сонша рет бүктеу шарт емес. Пластикалық қасиеті жоғары жұмсақ темірді 12 рет бүктегенде болашақ қылыш немесе қанжар 4096 қабат пайда болады. Әрине, әр бүктеген сайын қайта қыздырып оның кристалдық тоқымасын (кристаллическая решетка) жаймалап тегістеп отырады. Мұншама қабат қылышқа не үшін керек? Бұл қабаттар болашақ қарудың арматурасы, конструкциясы қызметін атқарады.

Суғару

Қарудың нобайы жасалғаннан кейін енді суғару керек. Бұл — темірді қорытудан еш кем емес қиын технологиялық процесс. Бұл жерде ең басты мәселе – қасат дайындау.

Қазақ шеберлері қасатқа қажетті топырақты қазіргі Шымкент облысының Сайрам ауданындағы бір жерден алдырған. Ертеде сол жерде қыштың кеніші болған деседі. Ал оған қол жетпесе жергілікті жерден соған ұқсас топырақ тауып, қасатты содан жасаған.

Керекті топырақ табылғаннан кейін оны қазанға салып су құйып қайнатады. Артынша суытып қояды. Ауыр бөлшектер шөгіп, суда болашақ қасат қана қалады. Осы суды басқа қазанға құйып, қайнатады. Қазан суалғанда түбінде пышақтың қырындай ғана тозаң қалады. Осы тозаң қасат деп аталады. Қасат не үшін керек?

Қылыш түрлі температуралық режимде 16-17 рет суғарылады. Суғарардың алдында қасатты азғантай ғана суға езіп қоймалжың жасайды да соны қылқаламмен іліп алып отырып қылыштың жүзіне сүрет салады. Сүреттің нобайында да технологиялық сыр, логика бар. Қасат кеткеннен кейін тастай болып қатады. Бұл жердегі шебердің сыры мынадай: қасатпен қапталған жер отқа қызбайды. Қылыш сағаттап жоғары температурада қыздырылғанмен қасатпен қапталған жер суып тұра береді. Қылышты оттан алып суғарындыға салғанда отқа қызған жер ғана шыңдалады, ал қасатпен қапталған жер суғарылмаған күйінде қалады. Осылайша 16 рет суғарылғанда қылыштың жүзіне 16 түрлі сурет салынады. Ол суреттің сыры әр шеберден әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ барлығының көздейтіні – қылыштың кесер жүзі мен сыртқы бірнеше микрон қабаты ғана шыңдалып, қалған жері жұмсақ күйінде қалуы керек.

Қылыштың жүзіне қасаттан сурет салынбай тұтастай суғарылатын болса, ол морт болады, алғашқы шапқанда-ақ сынып кетеді. Яғни 16-17 суреттің техникасы бір ғана нәрсені – қылыштың сыртқы бірнеше микрон қабаты ғана суғарылып, жетесі жұмсақ күйінде қалып, сол жұмсақтық біртіндеп қатайып кесер жүзге жеткенде шар болатқа айналуын көздейді. Қылыштың жүзі суғарардан бұрын шығарылады және бір-ақ рет қайралады. Қылышты суғарғанда отын ретінде қой мен ешкінің құмалағы, сексеуіл мен жыңғыл пайдаланады. Қидан, бетегеге жайылған қоймен ешкінің сары қиы пайдаланылады. Өлең шөпке жайылған сиырдың қара қиы жарамайды. Сары қи мен құмалақты шыжыған күндері ақ тақырға жайып кептіреді.

Суғарынды су әртүрлі аймақтардан алынған топырақ түрлерінен, және шеберлер өздері білетін құпия қоспалардан тұратын.

Арқаның шеберлері «май балшық» деп аталатын суғарындыны пайдаланады. Дарханның, көрікті қозған от үрлейтін көмекшісін «жалынгер» деп атайды.

Осылайша барлық технологиялық талаптары сақтала отырып жеткерілген қылыш атадан балаға мұра, бірнеше ғасыр көнермей, әбден қанға суғарылып барып сынады екен.

Оставьте первый комментарий

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован.


*