Аттиланың отаны немесе қазақ тарихының белгісіз бағыттары

Серікбол Қондыбай

Аттила – тарихи деректерге жүгінсек, қазақ жерінде дүниеге келмеген, өйткені ол өмірге келместен бірнеше жыл бұрын ғұндар Европаға жорықты бастап та кеткен болатын. Бірақ Европаға ғұн  атаулының бәрі үдере аумағаны белгілі, осындай оқиға барысында «Аттилаға дейінгі және оның қазасынан кейінгі  қазақ даласының жайы қалай болып еді?» деген сауалдың туындары сөзсіз. Ғұндардың (хуннулардың) Қазақстан территориясындағы  тарихи тағдыры туралы арнайы тақырыптық зерттеу жүргізілмегенге ұқсайды. Артамоновтың, Гумилевтің азын- аулақ, жолшыбай пікірлері болмаса, біздің заманымыздың І –VI ғасырларының аралығындағы Еділ мен Ұлытау, Маңғыстау мен Тобыл аралығындағы батыс дала туралы ештеңе жоқ деуге де болар.

Қазақ тілі мен ауыз әдебиетінің материалдарын «Қазақ мифологиясы – тарапынан сараптай келе, кейбір «белгісіз тарихи сипатты сөз шоғырларының» бар екендігін байқадық. Яғни, бір тарихи, мәдени – этникалық ортаның ұғымдары болуы ықтимал сөздер тобын бүгінгі қазақ тілі мен фольклорының сақтап отырғандығын көруге болады. Мысалы, Асан қайғы мен оның Тана есімді бәйбішесі, Абат немесе Абақ есімді баласы, Ормамбет пен Манашы, Балқантау, Ұрым мен Қырым сияқты есімдер мен атаулар көпшілікке таныс. Әдетте оларды ХV- ХVI ғасырлардағы «ноғайлы» деп аталатын дәуірдің меншігіне береді, бірақ мифологиялық – лингвистикалық сараптау, талдау нәтижесінде олардың барлығы да олардың нақты тарихи «белгісіз уақытта» өмір сүрген бір мәдени-тілдік қауымдікі екені айқындалды. Бұлардың барлығының есімдері Қазақстанның картасынан орын алған.

Мысалы, Асан қайғы туралы негізінен Торғай – Ұлытау және Еділ –Жайық аймағына меншіктелген, оның баласы Абаттың моласы екеу, біреуі — Ақтөбе облысында, біреуі – Торғайдың Қызылбелтауында, Асанның бәйбішесі Тананың бейіті Ұлытауда, Ормамбет пен Манашы батырдың өлген жері Үстірттің ернегінде,…  осылайша жалғастыра беруге болады. Әрине, әлгі молалар мен оқиға болған жерлерде тарихи тұлғалардың бейіттері  деген әңгіме нақты айғақ емес, өйткені, олардың барлығы да – мифтік бейнелер. Соған қарамастан олар – белгілі бір тарихи –географиялық мәдени ортаның туындылары, сондықтан олардың қазақ картасында орналасуы бізге бір мәдени ареалдың долбар – жобасын көрсетіп бере алады.

Асан есімі тек батыс даланың  татар, башқұрт, ноғай, қазақ, қарақалпақ сияқты халықтар фольклорында бар, ал оның тегі арий – тұрандық бейне – Франграсйанда (парсыша – Афрасиабаб, қарахан дәуірінің түркілерінше – Алып Ер Тұңға ) және көктүріктер туралы қытай дерегінде сақталған Көкбөрінің ұлы Асянь – шадта жатыр, Асан есімі, сондай-ақ,  европалық болгарларға да кең танымал, орыс тарихшысы Н.Карамзин «Великосан», «Асан», «Авехасан» есімдерінің орыстың кітаби шежіресіне енгізілгендігі туралы жазып қалдырғн. Осылай таралу ауқымына қарап,  Асан қайғы образының V-VI ғасырларды батыс қазақ жерінде мекендегенін анықтауға болады. Оған қосымша дәлел – Балқантау атауының Түрікмен, Қазақ, Башқұрт және бүгінгі славян болгарлары мекендеген «Балқан» жерінен кездесуі. «Балқан» жер-су атауын қазақ жерінен Европаға алып кеткен түрік-селжүктер не оғыздар делініп жүр, дұрысы – оны «тасымалдаушылар» ежелгі бұлғарлар (протобулгарлар).

Осындай мифологиялық жағдаяттарды тарихи-географиялық кеңістікке шығару қазақ жеріндегі «ықтимал бұлғар дәуірінің» (II-VI ғғ) жер-су атауларын іздестірумен қатар жүргізілді. Әзірге белгілісі – соңында «із», «іл» жалғауы бар өзен аттары. Қазақ жерінде бұл тізімге Еділ, Ойыл, Қиыл, Есіл, Тобыл және Сағыз, Ырғыз, Дайкс (дайғыз, жайық) топонимдері, Түрікменстанның солтүстік бөлігіндегі Балқантауы, Башқұрт жеріндегі екі Балқантау, қазақтың Қарқаралы аймағындағы (жорамалданған) Балқантауы, Маңғыстау, Отман, Маната, Манашы, Мансуалмас, Маныссай, Мані әулие, Асмантай, — міне, осы жер-су атауларының таралу аймағы ертедегі «бұлғар», «вар», «теле», «батыс ғұндар» деген әртүрлі атпен аталып жүрген қауымның таралу ареалын көрсетеді.  Осындай мифтік – фольклорлық, лингвистикалық, тарихи, географиялық мәліметтерді өзара ұштастыру нәтижесінде І –VI ғасырлардағы қазақ жерінің тарихи бейнесін қалпына келтіріп, қысқаша таныстыруға болады.

І ғасырда батыс қазақ жерін мекендеп жатқан сармат (қытай дерегінде («Яныцай») қауымында бізге белгісіз саяси өзгеріс болып, жаңа мемлекет аты «Алания» болып өзгертілді. Билік басына келгендер, сірә, Маңғыстау, Түрікменстан жеріндегі дай тайпаларының бірі болуы керек. Аландар Еділ мен Мұғалжар арсында ұзақ билік құра алған жоқ. Өйткені, І –ІІ ғасырларда бүкіл Дала мен Орта Азияда миграциялық қозғалыс басталған еді. Бұл IV – VI  ғасырларда болған «ұлы қоныс аударулардың» бастапқы күйі болатын. І – ІІІ ғасырларда Орта Азияда  Кушандар империясының билігі күшейді. Оны құрушылар да  ертедегі сақ – юечжи көшпелілері болғанымен, олардың күшеюі Қарақұм аймағындағы, Амудария мен Сырдарияның орта ағысындағы жергілікті жартылай көшпелі, жартылай отырықшы қауымдардың кейбір бөліктерінің терістікке қарай – қазақ даласына  лықси көшуіне мәжбүр етті.

Олар бүгінгі Маңғыстау мен Ұлытау, Торғай аймақтарына ығыса бастады. Бірақ бұл аймақта тыныш емес еді. Шығыстаудағы хуннулар Қытайдың жаулап алу соғыстарының салдарынан Алтай, Сарыарқа арқылы Батыс Қазақстанға қарай ығысты, олар  жолшыбай Оңтүстік Сібірдегі протоугор ( бүгінгі венгрлердің арғы аталары) тайпаларын да қозғалысқа келтірді. Ал ІІІ ғасырдың басындағы атақты  Парфияны парсының Сасан әулетін құлатып, парсылардың Орта Азияға экспанциясы басталды, бұл өз кезегінде осы аймақтағы ежелгі дай- массагет, кангюй тайпаларының біраз бөлігінің тағы Батыс және Орталық  Қазақстанға (тіпті, Жетісу мен Алтайға) жөңкіле көшуін туғызды.

Міне, ІІ – IV ғасырлар аралығында Еділ мен Қарқаралы аралығында шығыстан келген хунну –түркілер, терістіктен келген угорлар, оңтүстіктен келген  Орта Азиялық түркі («басқа түркі тілді», әдетте оларды иран тілді дейді)  тілді көшпелілер (оларды шартты түрде «балқандық » деуге болады), жергілікті сармат – аландардың өзара бірігіп, араласуы нәтижесінде тарихи деректерде «Вар», «Бұлғар», «Теле» деп аталып жүрген мәдени – этникалық  орта қалыптасты. Мұндағы саяси билікті Шығыстан келген хуннулар қолына алғанымен мәдени – рухани келбетті жасаушылар – Орта Азиялық «балқантаулықтар» болатын. 200 – 300 жылдық араласу нәтижесінде жаңа қауымның нәсілдік бейнесі де, ортақ тілі мен мәдениетінің алғы шарттары жасалынды. Бірақ бұл қауым қатаң тәртіпті мемлекетке бағына алған жоқ, бұл жөнінен оларды VIII –XIII ғасырлардағы «Дешті Қыпшақ» халықтарымен ұқсастыруға болады.

375 жылы жаңа қауымның белсенді бөлігі — ғұндар Еділден өтіп, алдарына аландарды салып алып, бірнеше жылдан кейін Европаның қақ төрінен бірақ шықты. Оның жайы белгілі. Европадағы Аттила тарихы туралы аз айтылып жүрген жоқ. Олардың Европалық мемлекеті шамамен 480 — 500 жылдарға шейін өмір сүрді де, Европа халықтары арасына сіңіп кетті. Ал IV ғасырда «бұлғар» деп аталған тағы бір тобы Дон мен Кубань далаларына қоныс аударып, тарихта «болгар» (утригурлар) және «альцигар» (кутригурлар) деген атпен мәлім болған. 580 – 590 жылдары Ашина әулеті билеген туыстас көктүріктер билігін таныған бұлғарлар 50 жылдан кейін өз мемлекетін – «Ұлы Бұлғар хандығын» құрды. Оны Кубрат деген билікке ие болған «теле» (дуло, дулат) руының өкілі басқарды.

Бірақ болгарлар мемлекеті 630 — жылдан 680 жылға дейін өмір сүре алды, өйткені, олардың күшін шығыс жағындағы көршісі ( ол да ғұн – теле ұрпақтары, тек Ашина (көкбөрі) әулеті билеген хазарлар күйреткен еді. Кубрат баласы Аспарух хан бір бөлігін Европаға әкетіп, Дунайдың сағасында басқа бір бұлғар мемлекетін құрды, бұл – бүгінгі славяндық  Болгарияның іргетасы. Ал хазарға бағынған бұлғарлардың бір бөлігі VIII ғасырдың басында Еділ – Кама өзендерінің тоғысқан жеріне көшіп, сол жерде «Еділ Бұлғариясының» негізін қалады. Бұлар бүгінгі қазан татарларының арғы бабалары. Хазар тағдыры да баянды болған жоқ, бүгінгі «чуваштар»- осы орданың «бір сынығы».

Ал қазақтардың сол «вар-телебұлғар-ғұн» деп аталған ортаға қандай қатысы бар? Мұндай сұрақтың қойылуы заңды да. Түркі қағандарының бүкіл далаға өз билігін таратуы және ыдырауы заманында әлгі қауым тайпалары Ертіс пен Алтайға, Солтүстік Кавказға тарады. VІІ ғасырдан аты шыға бастаған «имектер» (яньмо) – осы ортадан шыққандар, ал имек (қимақ) тегі бүгінгі қазақтағы кіші жүздік жетіру тобының «телеу» деген аз руының (Телеу – Теле, шежіре бойынша, оның әкесі – Арғымақ, «аруғ имақ»), орта жүздік «найманның» (Ана Иман), оның ішіндегі «ергенекті-саржомарттың» (имен), кіші жүз алайдағы «саржомарт-жеменейдің» (Има ене) қанынан табылады. Ал ұлы жүздік «дулат» тобы (жаныс-Яныцай, сиқым – альциагар, ысты, ботбай) мен кіші жүздің «байұлы» (сиық, шеркеш, шенеш, ысық) тобы өз тектерін бұлғарлардың альциагар (кутригур), утригурларынан таратады. Қарап отырсақ, бүгінгі қазақтың ана шеті мен мына шетіндегі руларының туыстығы ғасырлар тұңғиығына кетіп жатыр.

Осы орайда кіші жүздік «байұлы» мен башқұрттық «байұлы» бірлестіктерінің тарихи тағдыры тіпті де қызық. Олар өз тегін VI-VII ғасырлардағы бұлғар-алциагарлардан бастайды. «Альциагар» — бүгінше айтсақ «Ал сиық» (әлсиық есімі көптеген рулардың шежіресінде кездеседі) – байұлының үш «сиығын» (бақытсиық, қадырсиық, сұлтансиық), дулаттың «сиқымын» еске түсіруші этноним. Міне, осы альциагарлар (екінші ата – кутригур, кутри – (хутри) кутр «қыдырбай» байұлының түп арасы) 560<630 жылдары Европа, Украина жерлерінде біресе – тәуелсіз болып, біресе аварларға бағынып, бас ордасы ойран болды. Қалған бөлігі 630 жылы басқа бұлғарларға, Кубраттың Кубань мен Дондағы «Бұлғариясына» қосылды. 680- жылдары Аспарух бұлғарлардың бір бөлігін алып кеткенде, Кавказдың Тамань-Кубань аймағында қалып қойған бұлғарлардың бір тобы – осы альциагарлар еді. Олар хазар билігіне бағынғанымен, бірте-бірте Адыгеа тауларына ығысып кетті де, Хазар билігін мойындамай қойды.

Таулы аймақта алан, адыге руларының аз бөлігімен «қонақтық қарым-қатынас» (куначество) жасаған альциагарлар олармен араласып Х-ғасырдан бастап «черкес» және «касог» деген атқа ие болған әскери қауымды құрды. Осы касогтар хазарларға шамамен 200 жыл бойына қарсылық етті. Мұрын жыраудың «Қырымның қырық батырдағы «біздің батырларға» жау болған эпостық халық – «ындыстар» осы Еділ (Ындыл, Енділ) жағасындағы хазарлар болатын, яғни «Қырымның қырық батырлары» жырларының түпнұсқасының бірі 670-900 жылдары касогтар арасында қалыптасқан деуге толық негіз бар. Кейінгі печенег, оғыз, қыпшақ ноғай (моңғол-татар) этникалық қазынада біте қайнаған касог-шеркештер XV ғасырдағы «қазақ» және «қазақ» атауларын ойлап табушылар болды. Міне, ежелгі «бар-бұлғар-ғұн-теле» қауымның жалғасы осылайша бүгінгі қазақ рухында байыз тапты. Әрине, бұл ежелгі қауымды тек бір қазаққа меншіктеу емес. Сол ортадан қалған «Бас жұрт» (Башыг-Юрт) аты бүгінгі башқұрт (бас қасқыр емес) халқының атына негіз болса, осы ортаның терістік бөлігін мекендеген угор-мадьярлар VIІI ғасырда Европаға кетіп, «хун» (Хунгария) және «он оғыр» (уногур, унгр, венгр) есімін алды.

Бір мәдени бастаудан алған бүгінгі халықтардың шым-шытырық тарихи тағдыры осындай. Сондықтан да қазақ халқы осы ежелгі мәдени қайнардың тікелей ұрпағы ретінде де, қалыптасу территориясының бүгінгі иесі ретінде де ғұн ханзадасы Аттиланы да ұлт бейнесі ретінде төрге шығарып алуына құқылы. Оның атымен ауыл, қала, өзен, тау шыңы, университет, ең ақыры – көше атын атауға міндетті.

«Жас алаш»    13.04.1999 жыл

Оставьте первый комментарий

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован.


*