Таласбек Әсемқұлов
— Көкесі-ау, осы ауылға бір қасқыр келіп жүр дейді, — деді әйелі.
— Қасқыр дейді? Қазір қыс емес, ол қандай қасқыр? — деді Көпжасар.
— Үш аяқты қасқи — деді кішкентай Асқар (Онысы “Үш аяқты қасқыр“ дегені).
— Иә, бір аяғы маймақ көрінеді, — деді әйелі. — Үш аяқпен жүгіргенде иттерді шаңына ілестірмейтін көрінеді.
— Бұл ауылда қасқыр қуатын ит бар екен-ау, — деді Көпжасар күліп. — Әй, қайдам. Касқыр, тіпті бола қалған күннің өзінде, бөлтіріктерін өргізгенше адамға тиіспеуге, ашындырмауға тырысады. Қайдам.
— Ел бекер айтпайды, — деді әйелі тағы да. — Жұрт, “күйеуін охотнадзор
ғой, қусын, атсын“ дейді.
— Шығын бар ма? — деді Көпжасар енді әйелінің сөзіне сене бастап.
— Малға шаппапты. Ал жаюлы еттен біраз ұрлапты, — деді әйелі.
Көпжасар ойланып қалды. Таяу мандағы тоғайды аралап, ағаш кескіштерді андып, Аягөздің жағасына дейін барып енді келген еді.
Жоқ. Орманшы, аңшы деген аты бар. Түс ауа ұйқысын қандырып, әйелінің жан жадыратар шайын ішіп әбден тыңайған Көпжасар жолға шықты. Алдымен өзі бала кезінен білетін қасқырдың ойнақтарын ақтарып шықты. Бәрі де ескі, тіпті қасқырдың қағы да жоқ. Күзекке ауып ауыл маңайына келіп қалған мал отарларына да барды. Ешкім ештеңе көрмепті.
ТҮн жарымында үйге оралған Көпжасарды абыржыған әйелі қарсы алды.
— Не болды? Неғып ұйқтамай жүрсің? — деді Көпжасар аттан түсіп жатып.
— Көкесі, әлгі қасқыр біздің тошаладан қойдың санын алып кетті, — деді әйелі көзі бақырайып.
— Әй, байбіше, бос сөзді қой енді, — деді осы әңгімеден шаршай бастаған Көпжасар. — Давай шайыңды әзірле. Ешқандай да қасқыр жоқ. “Қорыққанға қос көрінеді“ деген. Соның кері.
Бірақ ауылдағы гу-гу әңгіме, үш аяқты қасқырдың хикаялары толастамады. Ақыры сәті түсіп ауыл торыған қасқырды Көпжасар өз көзімен көрді.
Асықпай таңертеңгі шайын сораптап отырған. Кенет иттердің жапатармағай үрген дауыстары естілді. Ауыз үйдегі шелектерді аударып біреу кіріп келді. Көршінің баласы екен. Ентігіп тұр.
— Көке, қасқыр!
Көпжасар төсектің басындағы винтовканы жұлып алып далаға тұра жүгірді. Ауылдың сыртындағы тақырда ұмар-жұмар шайқас. Тәрізі қасқыр топ иттің ортасына түсіп малтығып шыға алмай жатса керек. Көпжасар
ертеулі тұрған Торшолаққа міне сала борбайлап шаба жөнелді. Аттың дүбірін естіген иттер арқаланып, орталарында шаңға батып, төрттағандап құламай жүрген, қасқырға ұқсас, бірақ дәл не екенін ажыратып болмас махұлықты жұлмалай түскен. Көпжасардың көз алдында ию-қию төбелестен құлағы жүлынған, шала тамақталған бірнеше ит бөлініп шығып қыңсылап тұрып қалды.
Мидай араласқан топ иттің ішінен тауып ату қиын. Тізгінді тежеп Торшолақты жортақтатып жеткен Көпжасар аспанға қарата екі дүркін оқ атты. Топпен жүргенде ғана дүр жайшылықта қорқақ ауылдың тобанаяқ иттері мылтық даусын ести сала шар-шар етіп тым-тырақай қаша жөнелген. Майданның ортасында жалғыз қалған қасқырға ұқсас махұлық, жерде жатқан, осы айқастың себебі болған мойын омыртқаны қағып алып, ол да қаша жөнелген. Шынында да үш аяқтап жүгіреді екен. Алдыңғы оң аяқ жарадар болу керек. Артқы екі аяқтың серпіні мықты болғанымен алдыңғы екі аяқ жерге ауырсына төселеді. Тек өлермендіктің арқасында ғана өнген берекесіз жүгіріс.
Көпжасар Торшолақты борбайға тартып жіберіп соңынан шаба жөнелген. Аттың үстінен бір рет атып көрді. Оғы мүлдем лағып кетті.
Олжасын аузынан тастамаған мақұлық жардың су сойған жерінен бір-ақ қарғып өзеннің жағасына түсті. Ары қарай қашар деген. Қашпады. Көпжасарға бір қырындай тұрып алая қараған. Айбат шеге гүрілдеген.
Аттан түсіп тізерлей отыра қалған Көпжасар қос өкпенің тұсын көздеп шүріппені жайымен басып қалы. Сәлден кейін жерді әлсіз тырналап жатқан мақұлықтың жанына келген Көпжасар винтовканың оқпанын оның құлағына тіреп тұрып тағы бір атты. Одан кейін серейіп жатқан жан иесін бажайлай зерттеген. Қасқыр емесіне бірден көзі жетті. Әбден тағыланып кеткен ит болу керек. Ерекше зор. Аяқтары жақсы дүрегейдің аяғындай. Езуі жырта қарыс, қарпымы мол. Тек алдыңғы оң аяқтың басы жоқ. Тік шабылған. Әлде қақпанға түскен, әлде басқаша болған.
“ Қайда көмсем екен?“ деді Көпжасар жан-жағына қарап. Сол сәт құлағына біреудің ақырын жөтелгені, өксіп жылағаны естілді. Жалт бұрылған Көпжасар таң қалып тұрып қалған. Биік жардың астында, шала-пұла қазылған ұяда басын алдыңғы аяғына салып бір ит жатыр. Көпжасар тақау барған. Бірақ ішін тартып, адамша солқылдап жылап жатқан қаншық бұған назар да салған жоқ. Екі козі өзеннің жағасында бір бүйірлей бүгіліп жатқан аталасында. Қаншық екен. Қызылға жарымай әбден арыған. Бауырындағы бірнеше қызылшақа күшік шиқ-шиқ етіп емшек іздеп әуре. Ұяның маңайында жаңада мүжілген сүйектер.
Бойын біртүрлі ыңғайсыз сезім билеген Көпжасар тез-тез басып жардан шықты да атын жетелеп ауылға бет алды. Күні бойы көз алдыңан аш қаншық кетпей қойды. Кешке әйеліне болған жайды толқып отырып айтқан.
— Бұлай боларын қайдан білейін. Жүрттың бәрі “қаскыр, қасқыр“ деп дүрлігіскесін, қасқыр болмаса да ұры, сұғанақ ит екен деп ата салған едім. Сөйтсем жардың астында ұясы, қаншығы, жас күшіктері бар екен.
Әйелі екеуі біріне бір қарамай, қарағысы келмей көп отырған.
— Мен де ештеңе білгем жоқ, — деген әйелі дастарқанды саусағымен шұқылап отырып. — Ет ұрлады. Саған айттым. Менің не жазығым бар?
Түнде дөңбекшіп ұйықтай алмаған Көпжасар орнынан тұрып ауыз үйге барды. Өлеусіреген шамның білтесін молырақ шығарып темекі тұтатты.
Күрсініп ұзақ отырды. Күндізгі оқиға басқа бір оқиғаны, бағзы бір заманда, балалық шағында болған оқиғаны еске түсірген. Алпыс екінші жылдың жазы еді. Қиыр қонып шет жайлаған ағайынның айналып өз өрісін тапқан кезі. Арғы беттен келген, бір семья бұларға көрші болды. Бір ұл, бір қыз ерткен тұл еркек еді. Ұлдың аты Сапия. Сүтке жарымаған қатпа қозы сияқты шидей арық. Момақан. Қыздың аты Құралай. Көзі шегір. Шашы жалбыраған, өте әлжуаз еді. Күні бойы үйдің іргесінен көрпе төсеп алып қыздырынып отырады. Бірімен бірі тату. Ауылдың балалары жандарына келсе апалақтап қалады. Ойынға үркектей араласады. Ал өздері ешкімді іздеп бармайды. Екі баланың да сүйектің сұмдық сырқатына ұшыраған зағип жандар екенін бұлар кейін, Құралай қайтыс болып, Сапияны Алматыға емдеуге алып кеткеннен кейін білген. “Білмеген у ішеді“ деген осы.
Бірде терезенің алдында сабақ оқып отырған Көпжасар аулаға ұрлана басып Сапияның кіргенін көрді. Ол кезде ауыл балалары шекарашыларға еліктеп “шпион“ ойнайды. Орнынан лып етіп тұрған Көпжасар ауыз үйге жүгіріп шығып табалдырыққа жата қалып сығалады. Өзінің ойлап тапқан амалы. Сапия қораның іргесіндегі өреге барып жан-жағына қаранып біраз тұрды. Содан кейін орындықтың үстіне шығып алып шидің үстінде бырдай болып жатқан аппақ құртты бірінен кейін бірін қойнына тоғыта бастады. Көпжасар қалтасынан тастамайтын ойыншық тапаншасын суырып пистонмен оқтады. Жай басып ұрының ту сыртына барды. Ал ол ештеңе байқайтын емес.
— Сапия! — деді Көпжасар. Сол сәтте тапаншаның шүріппесін басып жіберген. Шаңқ еткен тапаншаның даусы мен Сапияның “Ойбай!“ деп баж еткені қоса шықты. Орындықтан құлап түскен ол атып тұрып тері дамбалы қаудырлап қаша жөнелді.
— Тоқта, шпион! — деді Көпжасар шынында да жау қуғандай екіленіп. Үңгірдей қараңғы үйге Сапиямен құйрық тістесе кірген Көпжасар өзінің иығынан ғана келетін әлжуаз баланы белден ұстап көтеріп ұрған. Ыңқ етіп арқасымен жерге түскен Сапия бетін қолымен қорғады.
— Ұрмашы, ұрмашы! — деді жан ұшыра.
— Мен саған көрсетейін құрт ұрлағанды, — деді Көпжасар әлінің жеткеніне масаттанып. Астында жатқан ұрының кеудесін тіземен асықпай езгілей бастады. Кенет құлағына біреудің сыңсып жылағаны жетті. Бір бүйіріне көз тастаған Көпжасар түпкі бөлменің есігінде тұрған Құралайды көрді. Жақтауға жабысып бұлардан көз алмай ақырын ғана жылайды.
— Жарайды, тұр, тұр, — деді сасып қалған Көпжасар Сапияны қолынан тартып. — Ала бер құртты. Жей бер. Керек болса тағы ал.
Әлжуаз Сапияның танауынан қан ағып кетіпті. Демігіп ұзақ отырды.
— Маған емес… — деген одан кейін, – Құралай… Құралай құртты жақсы көреді ғой. Маған керек емес.
— Қанша алсаң да ала бер, Сапия, — деді елбіреп жылағысы келіп отырған Кепжасар.
Кешке дсйін өзен жағасында жападан жалғыз отырды. Өмірінде бірінші рет кембағал тірлік пен қамкөңіл адамдарды көрді. Енді ешқашан ешкімді ренжітпеймін, Сапия мен Құралай сияқты балаларға өмір бойы қамқор болып өтемін деп серт берген. Көп ұзамай Құралай қайтыс болды. Дәрігерлер зерттеп оның сүйек туберкулезінен өлгенін анықтаған. Бұл ауру Сапиядан да табылды. Сонымен сегіз жасар Сапия Алматыға жөнелтілді. Екеуі құшақтасып қоштасты. Көпжасардың тиын жинайтын құтысы болған. Соны сындырғанда ішінен бақандай жиырма сом ақша шыққан. Қаттап досының қалтасына салып берді. Бір жылдан кейін Сапияның әкесі Алматыға қоныс аударды.
— Баламның жанында болайын, — деген еді отағасы бұлардың үйінен дәм татып отырып. — Сол маңайда колқоз-сапқоз көп екен. Бәріне жұмысшы керек екен.
Содан бері аттай жиырма жыл өтті. Көпжасар Ауыл шаруашылық институтын бітірді. Студент кезінде астананың маңайындағы колхоздардың талайын шарлап досының ізін таба алмаған. Көзден таса — көңілден үміт болады екен. Балалық қайғы сейіліп бұл үлкен өмір табалдырығын аттады.
Міне, жар астындағы ойран болған иттің ұясы Көпжасарға осы оқиғаны елестеткен.
жақсы жазылған