ШЫМДАН: Таласбектің жас кезінде жазған хиқаяты

ШЫМДАН

Повесть

Графический лист из серии "Берельские мотивы", 50х70 см., бумага, карандаш

Сурет: Флобер Мұқанов «Берел нақыштары». Суретшінің мұрагерлерінің рұқсатымен алынды

Серікбай таңды асыға күтті. Әкесі айтушы еді, таң атар кезде, Тәңірінің алдында болатын үлкен думанды тастап, жан тәнге жетуге асығады, деп. Жеткені — сұлық жатқан адамды тірілтеді. Оянған пенде орнынан тұрып, өзінің күнделікті тіршілігін жасайды. Түнде көрген түстерін айтады. Ал, жердегі кебіне жете алмай қалған жан, рух өзінің иесімен зарлай қоштасып, бақиға сіңіп, жоқ болады, деп… Серікбай соған сенеді… Және солай болғанын тілейді… Алдында жатқан арудың ажалымен алысқанына, міне, жарты ай. Жарты айдан бері бел шешпей, қыршын жастың солғанын шарасыз күзеткен қандай қасірет!!!

Үйдің іші сәл ағарғандай болды. Серікбай басын көтеріп, аурудың жүзіне үңілген. Түрулі іргеден себездеген реңсіз сәуле Шымданның солғын жүзін баяу сипап өтті. Кірпіктері дір еткендей еді. Іле көзін ашып алды. Серікбайдың жүзіне мағынасыз қадалды. Кенет шыт-шыт жарылған еріндері сәл ашылып, әлсіз сыбыр естілді.

  • Әке, бәрі де рас… Көгілдірдің ар жағында ел жоқ екен…

Серікбайдың төбе құйқасы шымырлап кетті. Шымданның жансыз жатқан, әбден арыған қолын, томпақ маңдайын сипады.

  • Тыншы, қарағым, — деді одан кейін баяу күрсініп.

Серікбайдың бұл сөзін Шымдан естіген жоқ. Бұл кезде ол өзі жаңа ғана сытылып шыққан елес дүниесіне қайтадан құлап кеткен еді. Көз алдында, жүрегінде, санасында — өткен өмір… Бір қуаныш, бір өксік, қырмызы гүлдің ғұмырындай қысқа… өткен өмір.

***

Сол бір жаз балалықтың соңғы жазы екен. Сол жазда он алтыға жаңа толған Шымданның жүрегінде алау от пайда болды. Ауылдары Аякөздің бойына қонған. Шымдан таң қараңғысынан тұрып, мөлдір сулы, ну орманды үлкен өзеннің жағасына барып, қиялға шомар еді.

Артта — таңғы самалмен баяу аймаласқан қалың терек. Аяқтың астында — кең арна. Ағынды су. Бет алдында — Көгілдір. Әрине, қараңғыда бұның ешқайсысы көрінбейді. Теректің сылдыры, судың сарылы ғана естіледі. Ал, қалғанын Шымдан оймен көріп, көңілмен сезеді. Шымдан солқылдаған көк шым қабақтың үстінде тізесіне басын салған күйі маужырап ұзақ отырады. Тұңғиық қара күмбездің шығыс жақ жиегі сәл тарап, қою көк түске енген кезде басын көтеріп, таң атып келе жатқан ғажайып сәтті тамашалайды. Манағы қою көк енді көк торғын түске енеді. Көкжиектің қанаты баяу керіледі. Осы кезде өзеннің бойында ерке таңғы самал еседі. Міне, көк торғын жиек енді зеңгірге айналды. Лебінен аспан тұтана бастағандай. Көкжиектен қып-қызыл тасқын көрінеді. Сол кезде дала лап етіп қызыл арайға бөленеді. Жан иесі тәтті ұйқының соңғы жұтымын тауысар шақ. Қас-қағым ғана уақыт. Содан кейін жаңағы қызыл тасқын биіктей түсе қақ жарылады да, ішінен алтын күн жарқырап шығады.

Сонау алыс кемерден асып төгілген шұғылалы нұр өзеннің бетіне құйылып, әп-сәтте мың сан алтын жапыраққа айналады. Екі қапталына кезек аунап, толқын ұрып ойнаған өзен алтын жапырақтарды ақырын лекіте бастайды. Судың беті шымыр-шымыр қайнап кетеді. Шымдан өзі талай бақылаған, бірақ қызығына тоймаған сурет.

Осы ерке өзен көктемде таситын көрінеді. Көкесі айтқан. Қыстың ызғары қайтып, қар ериді. Бүкіл даланы жайлап көлкіген су сай-сала, жыра-жықпылмен осы Аякөзге төгілетін көрінеді. Бұл өзен сонау Тарбағатайдың сілемінен басталады-мыс. Жол бойында қаншама ұсақ өзен бар – міне, осы мол су Аякөздің арнасын алады. «Сол кезде – дейді көкесі, — өзеннің жанына барудың өзі қорқынышты». Су, бұрынғы арнасы қайда, тау мен таудың арасын қосқан ұшан дарияға айналатын көрінеді. Және жай дария емес. Екі жағасын аласұра кемірген, дөңбекши аунағанда, толқыны көкке жеткен нағыз тажал дарияға айналады. Ұшқан құс, жүгірген аң, бейсауат адам қарап тұрып құрдымның лебімен тартылып кетеді екен. Мына биік-биік теректің басында топан үйіріліп, шортан ойнайды-мыс. Бірақ, Шымдан сенбейді. Мүмкін емес. Жерде жатқан топанның, суда жүзетін балықтың терек басына шығуы… мүмкін емес. Тіпті, тасу деген не? Қалайша тасымақ? Мына мөлдір өзен мәңгі-бақи осылай ғана аққандай. Екі қапталымен мәңгі-бақи осылай ғана аймаласып жатқандай. Мүмкін емес…

***

Ал, Аякөздің арғы жағында жатқан Көгілдір тауының жөні мүлде бөлек. Шымдан осы тауды тамашалаудан жалыққан емес. Күннің сәулесінен Көгілдір мың құбылып тұрады. Ең алдымен таң көгеріп атқанда, алыста, ту-ту сонау көкжиекте бұғып жатқан бір сұсты мақұлық көрінеді. Ебіге басын беріп, төрт аяғын астына бүгіп, мойнын ішіне алып жатыр. Шоқтығы шодырайып, көкке тіреліп тұр. Өзінің түсін ажырату қиын. Әлде қара шұбар, әлде көкшіл жыланпая. Қайткенде де аса қорқынышты мақұлық. Осындай кезде Шымданның бойы тітіркеніп, бір қанша үрейлі күй кешеді. Бірақ, өзін-өзі жұбатып, ерленіп бағады. Жарық молая, бағанағы мақұлық өзінің сұсынан айрылып, енді кәдімгі тауға айналады. Басы да, аяғы да жоқ. Кәдімгі тау. Тек Ебіге қараған жағы тіктеу. Ойға қарай созылып барып бітеді. Бағанағы шоқтық болып көрінген таудың шыңы екен.

Түске қарай Көгілдірдің ажары көз қарықтырады. Бүкіл дала, орман-тоғай мен өзен шығысқа қарай керіліп, сұлу төр құрады. Төрдің ең басында — Көгілдір. Күн қызып, етегін жеңіл мұнар жапқанда, тау қалқып ұшып кеткелі тұрғандай әсер қалдырады. Мұнар сейіліп, күн еңкейген шақта, кешкі қызғылт шапақпен құбыла ойнаған Көгілдір жасыл сәукеленің кемеріне орнатылған гауҺар тас сияқты көрінеді.

Бірақ, Шымдан тауды бұлтты күні тамашалағанды ұнататын. Жауынның алды. Бүкіл өңір аспаннан төгілер рақметті күтіп, сәл дымданып жайнап жатыр. Осындайда көк шалғын жап-жасыл от шашады. Қоңыржай самал баяу қалқиды. Сол кезде алдыға еміне малдас құрып, бүкіл даланың үстінен төне күңіренген ал қара көк тау ешқашан мызғымайтындай көрінеді. Ел мен жерді қорғап-қоршап, самалымен желпіп, осылай мәңгі тұратын сияқты.

Көзі үйрене келе, Шымдан Көгілдірдің тағы бір кереметін ашты. Күн көтеріліп, таудың үстінде алтын сағым ойнағанда, таудың ар жағында не болып жатқанын көруге болады екен. Міне, сағымның қақ ортасында едәуір үлкен қара сызат пайда болды. Бұл тауды бөктерлей ұшқан қыран болуы мүмкін. Соның көлеңкесі. Сәлден кейін алтын сағым әлденеше жерден кесек-кесек ойылды. Бұл – топ-топ болып жайылымға шыққан киіктер. Әне, кішкентай, жіңішке сызықтар шарқ ұра ойнады. Бұл – киіктің лағы. Асыр салғаны.

Көргендерін көкесіне айтатын. Ол ойланып отырып, «Көзің өткір екен, балам, — дер еді. – Рас айтасың, сол жақта да ел бар. Қыран, киік, саршұнақ пен суырдан басқа, әрине. Ол жақта да ел бар. Өмір бар».

Бірде Шымдан тағы да өзінің көрген-білгендерін айтып отырған. Көкесі кіржіңдей тыңдады. Содан кейін Шымданның басынан сипап, бауырына тартты. Даланың нілі, қорданың хош иісі қапқан көкесінің шапанына бетін басып маужырап бара жатқан. Кенет қақ желкесіне ап-ауыр, ып-ыстық тамшы қадалды. Шымдан басын жұлып алды.  Көкесі жылап отыр екен. Жоқ, жылап отыр деуге де келмейді. Ұзын шоқша сақалының ұшында жалғыз тамшы қалтылдап тұр. Көзі құрғақ. Жыламағандай. Тек нәубез жүзінен, күреңітіп кеткен қабағынан бір сұмдық сырдың табы білінетіндей. Шымданның кеуде тұсы ине қадалғандай оқыс ауырып кетті. Бірақ батып ештеңе сұрай алмады.

***

Күн төбеден ауып, ми қайнатқан ыстық қайтады. Далаға қоңыр кеш келеді. Мұндайда Шымдан үйде отыра алмайды. Биік-биік тастардан секіріп, тынымсыз сылдырап аққан Аякөзге емес, алыста өртше лаулап жанып тұрған Көгілдірге емес, тура қарсы жаққа, еңкейген күннің соңғы шапағы төгілген, қызыл сары сағым ойнаған қырға қарай тартады.

Дала… қызыл жалқынға бөленген кешкі дала аяқтың астында көсіліп жатыр. Құлаққа ұрған танадай тыныштық. Батыс жақта кешкі арай тұтана бастаған. Ал, шығыс жақ қою тотияйын түске енген. Қылаңытып ай көрінеді.

Тамаша. Әне, аса үлкен көлеңке ойдан Бақанасқа қарай баяу жылжып барады. Мол дүбір құлаққа артынан шалынды. Ауыр болғанымен, таза, құрғақ дыбыс. Көкесінің домбыра шертісіне ұқсайды екен… Енді толқынды өзеннің ішінде ары-бері баяу жылжыған кішкентай қара көлеңкелер көрінді. Шымдан қуанғанынан айқайлап жіберді. Шаттығы бойына сыймай секіріп-секіріп алды да, жүгіре жөнелді. Ол осы сәт өзенге құлаған мол жылқыны, құрығын қарына іліп айнала шапқылаған жылқышы жігітті, алаулай жанған ошақ пен аспанға шалқып көтерілген жұпар түтінді, кешкі ас қамымен жүрген әйелдерді, тақырда асық ойнаған балаларды анық көрген еді.

***

Шымдан біледі, ерте ме, кеш пе, әйтеуір, бір күні көкжиек түріледі де, ар жағынан Байшұбарға… жоқ, Тайбурылға мінген Қобыланды… Алпамыс… Қобыланды-Алпамыс келеді. Келе майданға кіреді. Кіммен соғысып, кімді жеңетіні белгісіз. Әлде Қырлы қала, Сырлы қала, әлде Көбікті ханның елі. Әйтеуір, соғысады. Батыр болғаннан кейін, оның жаулары болады. Жауды жеңу керек.

Міне, Тайбурыл-Байшұбарын қарғытып, қақаған майданға кірді. Қылыш пен найза оңнан да, солдан да, алдан да, арттан да шабылып, шаншылып жатыр. Оқ қардай борайды. Бірақ, Қобыланды-Алпамыс тегін жаратылған пенде емес. Оқ та, қылыш пен найза да өтпейді оған. Дарымайды. Ақырында жер қайысқан көп әскерді қырғанын қырып, тірі қалғанын босқынға ұшыратты. Міне, ол қандай батыр!

Айтпақшы, Мыстан мен Қараман бар ғой. Иә, батыр білместікпен Мыстанның қолынан шарап ішеді. Мас болып құлайды. Оянса… зынданда жатыр. Бірақ, батырдың аты не үшін керек?! Шауып келіп, терең шұңқырға құйрығын салады. Тырбана тартып, батырды сүйреп шығады. Шықты. Енді тұра тұр, бәлем. Осы кезде Қараман… сатқындық жасайды. Не істегені есінде жоқ. Әйтеуір, ердің жанында опасыздық жүретіні аян. Баяғыдан солай. Хош, сонымен Қараман — батырды артынан атты ма екен, әлде қамалаған жаудың ішіне тастап қашты ма екен, — әйтеуір, қайткенде де, жасағаны ездік. Бірақ батыр буырқанып-бұрсанып, тағы шабады. Қысқасы, жеңеді. Қаңыраған дала меңіреу ұйқыдан оянып, елге толады, малға толады. Хисса үлкен мерекемен аяқталады. Батыр той үстінде Мыстанның басын шаптырады. Содан кейін Қараманға әбден ұрсады. Той үстінде оған қыздардың бірін алып береді. Иә… Сонымен кеш батады. Отыз күнге созылған ойын-той аяқталады. Жеңгелері әлі құрып жүріп төсек салады. Мұны жасандырып, безендіріп, батыр күтіп жатқан үйге алып келеді. Есікті сырттан бекітіп, сылқ-сылқ күліп кетіп қалады. Түрулі шымылдық ішінде отырған қобаған қой көзді, еңселі жігіт бұған қолын созып шақырады. «Келші… келші, Гүлбаршыным… Шымданым! Келші, жаным! Сағындым ғой!». Шымдан да алқына тіл қатады. «Мен де сені күттім, батыр. Он алты жыл күттім. Туғанда, Тәңірім мені саған арнапты».

Қарулы қол білегінен ұстайды. Ар жағы… одан кейін… одан кейін екеуі бақытты болады.

***

Түс кезі еді. Даладан келген Шымданға апасы кейіп ұрсып алды. Атастырылған жерің бар, деген. Ал, сен бойжеткен қызға ұқсамайсың. Сереңдеп анда бір, мында бір қаңғырып жүргенің. Ителгіге ұқсап. Енді ондайды қой, деген. Үйде қонақтар отыр. Серікбай болыс өзінің тамыры Сансызбаймен келіп жатыр. Таза көйлек, кемзал киіп, қонақтарға шай құюға көмектес, деген. Кермедегі аттарды сонда көрді. Бітімі өзгеше көкторғай ат бөлек байланған. Манаттан тіккен қысқа сәнді жабу. Күміспен қаптаған әбзел. Қалған аттар да үзеңгілері алты қабат байланған жүрістің аттары. Бір ат керменің қарсы жағында көк торғай атпен таласа тұр. Мәстек болғанымен, ұрымтал жүйрік екені білінеді. Үстінде – алдыңғы қасына күміс шаптырған ауыр ер.

Апасына еріп, дастарқанды қоршай дабырласқан қонақтардың үстіне кіргенде, тосылып біраз тұрып қалған. Сұңғақ бойлы, балғын денелі сұлу қызға бәрі бірдей жалт қараған. Ыңғайсыздықты көкесі бөлді. «Осы үйдің баласы» деген. «Пәлен-пәлен деген жер сұрады. Осы күзде қондырамыз ба деп отырмыз…».

  • Жақсы екен… – деді сонда төрде отырған қонақ.

Шымданның кірген бетте көз тоқтатқаны да осы адам еді. Атағы жер жарған Серікбай осы болды. Жігерлі еріндерінен қайтпас қайсарлық сезіледі. Қылаң келген өңді жүзінен, желбезегі жұқа қырлы мұрнынан, қайқайып біткен қара қасынан әлдебір бекзаттықтың лебі есетіндей. Ал, жалтыраған нұрлы көзі кемел жасындағы ер екенін танытқандай.

Бір әлетіге созылған шай бойы Серікбай жалт етіп Шымданға бірнеше рет қарады. Жалыны өртей төгілген аялы, өткір көзден Шымданның бойы дірілдеп, алаулап кетті. Осы кезде бүйірден ине қадалғандай болды. Көзінің астымен жай ғана қараған. Қалай байқамаған?! Серікбаймен жарыса төрге қонған қонақтың бірі. Толықша келген. Жүзі нарттай қызыл. Ал, көзі… Шымданның өне бойын тінтіп, тесіп барады. Шырайлы жүзіне орната салған екі кесек мұз дерсің.

Кенет бетінің сол жағы алаулай жөнелді. Жалт қарағанда, жанары Серікбайдың мұңлы, мейірімді көзімен түйісті. Бойы тағы дірілдеп кетті. Болыс пен қыз арасында лап еткен сырлы көзқарасты әккі шеше бірден аңғарды.

  • Балам, — деген Шымданның құлағына сыбырлап. – Шайды өзім құяйын. Қазан жаққа бас-көз болшы.

Маужырап отырған Шымдан орнынан әзер көтеріліп, аяғын сылбыр басып сыртқа шықты. Артына қарауға батпады. Манағы көзбен тағы бір түйіссе, өзінің шыдай алмасын, іште пайда болған от құрсау екі тізені қалтыратып, құлатып түсетінін анық сезді. Үлкен шатырдың астындағы қан-жоса сойысқа да, қаптаған қазан-ошаққа да қарауға мұршасы келмеді. Өзінің сырласы Аякөзге тартты. Жол соншалықты ұзарып кеткендей. Қабаққа әзер жетті де, құлай кетті. Көзі жұмулы күйі, қолымен сипалап, бір уыс қияқты шыммен қоса қопарып жұлып алды да, бетіне басып, құшырлана иіскеді. Қара жердің хош иісі сарайын ашқандай болды. Алып-ұшқан көңіл, от боп жанған тән бір сәтке байыз тапқан… Көзін жұмып, тәтті қиялға берілді.

Қанша жатқаны белгісіз, бір кезде орнынан баяу тұрып, салқын суға бетін, омырауын жуды. Аптап қайтыпты. Көлеңке ұзарған. Қонақтар есіне түсті де, ауылға жүгіре жөнелді.

***

Алда ұзақ кеш. Шымдан әдетінше қырға жүгіріп шықты да, тұрып қалды. Бағанағы… аз уақыттың ішінде өзін осыншама тосын, тәтті күйге бөлеген адам. Желдеп кетіп барады. Ары қарай. Батысқа қарай. Басын төмен салған. Шымданның өне бойы дірілдегендей болды. Артынша таныс от құрсау ішін қайта бұрай жөнелді. Кенет ұзап кетіп қалған мына адамның көлеңкесі қап-қара арна сияқты көрініп кетті. Аққан суы да жоқ. Жағасына біткен тал-терегі, көк майсасы да жоқ. Қаңыраған өлі арна. Осы қап-қара арнаны бойлап кетіп бара жатқан адам соншалықты жалғыз. Жападан-жалғыз. Шымданның жүрегі шымыр ете қалды. Іші елжірей ауырды. Тамағына келіп қалған түйіртпекті күшпен жұтып жіберді. Сол сәт өзінің кім екенін, мына адамның кім екенін кәміл түйсінген еді.

***

Отырыс ұзаққа созылды. Құрметті қонаққа арналып ұнға салып сақтаған қысқы соғымның шиманды мүшелері мен жаңа сойылған ту биенің еті араласқан мол қонақасы желінді. Енді ән мен күй араласқан келісті мәжіліс басталды. Жанына жақсы әнші, домбырашы, сөзге оралымды шешен жігіт ертетін болыстың әдеті екен. Ауыл да өнерден құр алақан емес. Думан ұзаққа созылды. Ақыры түннің бір уағы болған кезде бас қонақтың қалауымен, үй иесінің рұқсатымен жұрт дем алуға тарасты.

Шымдан салқын төсектің үстінде аунап ұзақ жатып, қалжырап ұйықтады. Бір сәтке ғана кірпік ілген еді. Бүйірден біреу түртіп қалғандай болды. Басын оқыс көтерді. Үй іші қапырық. Түндік жабық. Ірге түсірулі. Тас қараңғы. Маңайын сипалады. Лып етіп орынан тұрды. Аяғына кебісін іліп есікті ашты. Қоңыр салқын леп. Шыққа малынған шалғынды жапыра, жол салып жүріп кетті. Бір ғана бағыт. Тек бұл жолы қабаққа емес, өзеннен бөлініп шыққан жіңішке құлақтың жағасына келді. Жан-жағына қарады. Балқып туған ай бүкіл жайлауды әлдебір тылсым ақ нұрға бөлеген. Үп еткен жел жоқ. Аяғын шешпеген күйі, салқын суға тізеге дейін көміп жіберіп, жағада үнсіз отыр. Әлден уақытта… ауылдан оның да шыққанын сезді. Қалай сезгенін білмейді, әйтеуір, ып-ыстық жалын… осылай қарай келе жатыр. Шық жапқан аппақ шалғында бадырайып жатқан іздің үстімен басып, асығып келеді. Міне, тақап қалды. Келді… Шымдан жалт бұрылды. Анадай жерде қорыққандай шошайып тұр екен. Екі қолы сылқ түскен. Кенет шолп еткен дыбыс естілді. Судың беті толқын-толқын болып ойнап кетті. Сол кезде Шымданның да өне бойы қалтырап кеткен. Орнынан көтерілді де, шарасыз күйде тұрған Серікбайға қарай жүрді.

***

Жаздың қысқа таңы жетті. Албырт ару мен қырық алтысында бозбаланың күйін кешкен ер бірін-бірі қимай қоштасқан. Айырылысарда Серікбай бірінші рет жақ ашып сөйлеген. «Күт», — деді. – «Ру басылар менің айтқанымды жықпайды. Айырып алам. Қосыламыз», — деді.

Екеуі ел көзіне түспес үшін екі жолмен қайтты.

Қонақтар түске қарай аттанған. Көңілді, думанды топ ауылдан қара үзіп кеткенде, Шымдан бір жағы сөгіліп түскендей егіле жылаған.

Ертеңіне көкесі елдің үлкендерін дереу шақырып, құпия кеңес ашты. Көпті көрген ақ сақалды қариялар, көксоқтаның қалың ішінде жүрген кемел қарасақалдар, кейін ел ісіне араласпақ ниеттегі дәмелі қырма сақалдар – аталас, рулас қауым ұзақ кеңесті.

Үйге сүйретпеге салып, саба тартқан, табақ-табақ ет, шай тасыған даяшылар ғана қатынайды. Ертеңіне құдалардың ауылына қадірлі қарияларының бірі Қоңыр бастаған шағын топ аттанды. Тойды тездету жайын келіспек. Бірақ, сәлемшілердің барысынан қайтысы тез болды. Ұшан-теңіз қошемет айта келген Қоңырды Қонақай әулеті салқын қарсы алды. Әрине, көрсетілген сый-сияпатта қапы жоқ. Бірақ, дәмнің үстінде әлдебір сезікті сыздың шеті көрінеді. Ит-ырғылжың әңгіменің соңында Қоңыр кесімді сөз сұраған екен. Осыншама мұқият, салқын құрметтің себебін сұраған екен.

  • Оның себебін өздерің де білесіңдер, — депті Қонақай аулының бір әумесері ақсақалдардың әңгімесіне сұраусыз қыстырылып. – Қыздарыңды есіктеріңе байлап қойыңдар, таяу күндері барып аламыз.

Үлкендер жағы келісіп алғандай үндемей қалыпты. Қоңыр қатты ренжіген екен. Бірақ, ақсақалдар шешетін құдалық жайына жандайшаптың араласуы қаншалықты сүйекке батып, намысқа тисе де, артық сөзге бармапты. Бар болғаны, бұл сөз құлпыға сатылған жаман келіннің өсегі, депті.

Ертеңіне мол дастарқандарын жайып, бірақ өрт сөндіргендей отырған құдалармен жылы-жылы қоштасып, елшілер қайтып кетеді. Болған жай – осы.

***

Ауылды мазасыздық биледі. Әйтеуір, бір құқайдың тақағанын Шымдан да сезді. Бірақ, дәл осылай болады деп кім ойлаған. Алпыс шақты адам тапа-тал түсте ауылға кеп төгілді. Құдалар. Бірақ, құдалық жөнімен емес, жаулық жөнімен. Қамсыз отырған ауыл жүзінен жақсылықтың нышаны көрінбеген салт атты топты үрпиіп қарсы алды. Қолды күйеудің өзі бастап келіпті. Осы еңгезердей қара сұр жігітті «күйеуің» деп алғаш таныстырғанда, тіксініп қалып еді. Ерке мен шораға, жақсы мен жайсаңға не отырған отырысы, не түр-сұқпыты келмейді. Маңайын апырып-жапырып, езіп-жаншып отырады. Түрі қандай суық болса, сөзі де сондай, зәр татыған ащы. Бұл жолы да кесек-кесек сөйледі.

  • Иә! – деді тағы да. – Не тұрыс? – Кеудесін кере айқай салды. – Ей, атаңа нәлет Медет! Күйеудің алдынан шығатын кісің қайда? Күйеуге лайық құрмет қайда?

Көкесінің артына тығылып тұрған Шымданның жүрегі үзіліп түскендей болды.

Осы кезде елдің үлкендерін бастап тұрған Қоңыр ақсақал тамағын кенеді.

  • Қарағым, Жарылқап, — деді салмақпен. – Сен күйеулікке жарасаң, атыңның шылбырын мен-ақ ұстайын. Бірақ, жүріс-тұрысыңнан, сөйлеген сөзіңнен бізге абырой әперер жақсының демін, тәтті құда болар еліңнің самалын сезіп тұрған жоқпын. Күйеу бұлай жүрмейді. Түс аттан. Сәлем бер. Үлгіңді көрсет.

Бір сәт құлақ тұндырған тыныштық орнады. Ұшқан шыбынның ызыңы, адамдардың ауыр демі, аттардың ауыздық шайнап есінегені ғана естіледі. Содан кейінгісі… ауру адамның шалықтап жатып көрген түсіне ұқсайды. Манадан бері құтырған иттей аласұрып тұрған күйеудің шыдамы таусылса керек, ышқына айқайлап, тебініп қалды да, Қоңырдың тура қарсы алдына келіп, дік етіп тұра қалды.

  • Сақалыңды… Қақпас! Міне, саған сәлем!

Кәнігі қамшыбек екі ұрғанда, жаңа ғана аққудай сұңқылдап сөз бастап тұрған Қоңыр қария қан-жоса болып шөке түсті. Сол кезде мырзаның қасындағы қарақшы топ ауыл адамдарына лап қойған. Есерсоқ жындыкөс жігіттер ешкімді аяған жоқ. Қатын-қалаш, бала-шаға – ешкім қақас қалған жоқ. Тінтіп жүріп бәрін мұқият дүреледі. Қайрат қылмақ болған бірнеше жігітті сойылмен қата ұрып, естен тандырды. Іркіт төгіліп, сабалар пышақталды. Ең соңында «жеңімпаз» әскер мырзаның бұйрығымен ауыл адамдарын қойша иіріп қойды. Мырза сөз бастады.

  • Ал, халайық, — деді нығыртып. – Менің құсни құрбым қайда? Қайда менің Шымданым? – Шырт түкірді. – Қайда менің ылыққан қаншығым? – деді анықтап. Нөкерлер таяқ жеп тұра алмай жатқан Шымданның қол-аяғын байлап, мырзаның артына өңгерді.
  • Ей, Қоңыр, Қыстаубай, — деді күйеу кетерінде қамшысын білеп тұрып. – Бір қаншыққа ие бола алмадыңдар, сендер қайтіп елге тұтқа болмақсыңдар?! Қалайша ел билемексіңдер?!

***

Күндіз босағадағы тулақтың үстінде кісендеулі отырады. Түскі тамақтың қалдығы тура екіге бөлінеді де, жартысы сырттағы иттерге, жартысы Шымданға тасталады. Бұла болып өскен Шымдан мұндай қорлыққа төзгісі келмеді. Алдына келген асты жемей қойған. Бірақ, уақыт озған сайын аштықтан әлсіреп бара жатқанын сезді. Мұндай текетіреспен ұзаққа бармасын білді. Жеуге тура келді. Үміт, жіптіктей ғана үміт бәріне көндірген. Несі бар. Табақтан артылған демесең, адал ас. Әйтеуір, иттен қалған қалдық емес. Құтжон, Құттыаяқтармен жарыса бас қойғанда, Шымдан осындай қорытындыға келетін-ді.

Ал, енді түнгі құқайды Құдай басқа салмасын. Кеш батып, ымырт үйіріле зілдене басып, «күйеу» келеді. Зып етіп қоса кірген күтушілердің бірі кісенді ағытады да, шығып жөнеледі. Төрдегі қалың бөстекке бір жамбастай жайғасқан «күйеудің» аяқ астынан кісілігі ұстап, етігін шешуге ишарат қылады. Зілдей саптама шешіледі. Шуаш исі аңқыған шылқылдаған шұлғау тарқатылады. Балақ түріледі. Астынан кәдімгі адамның аяғы екені бақайын жыбырлатқанда ғана білінетін, мүк басқан жуан дөңбек шығады. Енді осы дөңбекті қасып, уқалау керектігі өзінен-өзі түсінікті. Шымдан мырзаның аяғын ұзақ қасиды. Ара-арасында тастай қатты өкше кеудесіне, бетіне сарт етіп, ұшырып түсіреді. Қайта тұрып «жұмысын» ары қарай жалғастырады. Недәуір уақыттан кейін мырзаның «махаббаты» оянады. Қорлықтың бәрін тауысып, ақырында теуіп тастайды. Бара бер дегені… Қара терге түсіп, тордағы ауру торғайдай қалтыраған Шымдан сүйретіліп барып босағадағы тулаққа сылқ құлайды.

Құсаға батты. Бірақ, өлмеді. Сенген… Бұның бәрі өткінші. Шыдау керек. Серікбай босатып алады. Рас, ол басқа елдің болысы, мына Барақбайларға әмірі жүрмейді. Бірақ, әйтеуір, бір келеді. Босатады…

Көп ұзамай елдің жақсылары бас қосты. Кәрі билердің бірі Медет ауылын шапқандардың барлығын айыпқа тартыпты. Әбден ұрысқан екен. «Жығынды болған елді ез ғана шабады. Қайта Медет ауылының үндемей қалғанына шүкір. Құдай бір қан төгістен сақтады. Қарағым, депті одан кейін мырзаға, келінді босатыңдар, тең ұстаңдар. Кісенмен ұстайтын шабындыдан келген күң емес. Аталы, ардақты елдің қызы. Құрмет қылыңдар. Ал, енді құдалардың алдындағы айыбымыз зор. Ат-шапан айыбымыз — ол өз алдына. Елдің сорпаға шығар азаматы баудай сөгіліп, бүгін аттансын Медет ауылына. Бүкіл елімен, аймағымен сернеге шақырсын. Және бүгін үйді Биғожа зиратының тұсындағы Айғыздың оң жағасына тігіңдер». Бұдан кейін де көп кеңес айтылыпты. Бұның бәрін Шымданға күңдердің бірі айтып келді. Аузын жиғанша болған жоқ, қолдағы бұғау, үстіндегі шоқпыт шешілді. Қаншама уақыт жуынбаған. Әбден кірлеген екен. Күтушінің көмегімен оңаша үйде ыстық суға қытайдың жұпар сабынын езіп, армансыз жуынды. Су жаңа торғын көйлек киіп, ел қатарлы дастарқанға отырды. Мырзаның да мінезі өзгерді. Ұрмайды, соқпайды.

Бірақ, Шымдан қанша құрмет көрсетілсе де, жіби алмады. Елге, ерге өкпелегеннен емес. Серне де болды. Екі ел Айғыздың бойында нешеме күн думан қылды. Шымдан әке-шеше, туған-туысқанмен армансыз қауышып, мауқын басқан. Бірақ, көңіл орта. Қанша рет хабар жібермек болып оқталды. Лайықты адам таппады. Бүкіл ауыл болып жабыла аңдиды. Бір-бір бұтаның түбінде Серікбайдың бір-бір тыңшысы отыр дей ме екен, әйтеуір, түзге де бірге шығады. Сол кезде дүние тағы да асты-үстіне келіп төңкерілді.

Алтын күздің басы еді. Исі Барақбай жайлауды қымқыра жеп, аяқтап қалған. Борлы мен Ұялы, Айғыз бен Бүргеннің бойындағы қыстауларды жөнге келтіруге топ-топ азамат аттана бастаған. Бір күні үйге бірнеше кемпір келе қалды. Дастарқан үстінде суыртпақ сұрақтар кетті. Тәбеті неге шабады? Ұйқысы қандай? Қай жері ауырады? Шымдан жүрегінің түбінде бұлқынып оянып келе жатқан тіршілікті өзім ғана білемін, өзім ғана төстеймін деп ойлаушы еді. Ашуланып тулаған. Кетіңдер, деп айғайлаған. Тергеуші топ кетіп қалды. Сол беті мырзаға барып, болған жайды баян етеді. «Қарағым, көңіліңе келер. Бірақ, «әкесі өлгенді де естіртеді» деген. Келіннің бойындағы жүк ешбір есепке келмейді. Сондай да сондай, қысқасы, сенің тұқымың емес», — депті.

Сол күні кешке қарай Шымдан өткен күннің елесіне айналып, ұмытыла бастаған қамшы мен темір тағалы етіктің зардабын қайта тартты. Өң мен түстің арасында жатқанында, емдейміз деп, тағы бір топ кемпір келді. Әлденені ішкізді. Әлденені иіскетті. Содан кейін… толғақ басталды. Ем-дом екі күнге созылған. Үшінші күні таң ата, шыңғырта қинап, жаңа ғана тіріле бастаған, сабағы қатты түйнекті қансыратып жұлып алды. Осынша қасіретке салған шарана бойынан кеткенде, Шымдан да тұңғиық елес дүниесіне шомған еді. Жоқ. Елес емес. Шын. Бәрі де баяғыдай. Аякөз… сол Аякөз. Сарқырай ағып жатыр. Жағасындағы орман-тоғай да сол. Көгілдір… Қайран Көгілдір. Жүз жыл көрмегендей сағыныпты-ау өзін. Жүйкені тырнаған ащы дыбыс естілді. Шошып оянды. Сықырлаған есік екен. Үйге емші кемпірлердің біреуі кірді. Шымдан жылан көргендей шыңғырып, бұлқынды. Бірақ, тырп ете алмады. Қол-аяқты мықтап байлап тастаған екен. Кемпір қолындағы қоңыраулы қамшыны жоғары көтеріп ақырып жібергенде, таяқтан запы болған Шымдан дірілдеп үнсіз қалды.

  • Ә, солай ма, — деді кемпір. – Қорқамысың, сайқал. Қорық. Мен сенен күштімін.

Шымданның үстіне төніп келіп, омырауын ағытты. Бусанып жатқан қос анарына тауықтың аяғы сияқты қожыр-қожыр мұздай суық қолы тигенде, қыстыға жылаған. Жылап жатып, жалынған. Жалбарынған. «Апатай, құлың болайын, тек тыныштық беріңдерші. Осы қорлағандарың да жетеді ғой», — деген. Кемпір сыздана күліп: «Зәндемі», — деген. – «Ұйықтап жатсаң да, талып жатсаң да, Серікбайдың атын айтасың. Әзәзілің әлі күшті», — деген. Содан кейін Шымданның бойына қоныстанған әзәзілді қудалау басталды. Ол алдымен әйелдің ерніне, қос анарының арасына, абұйырына қонып қоздырады екен. Осы аталған жерлер мықтап тұрып сиырдың жас жапасымен сыланды. Содан кейін әлденеше рет үшкірілді, бетіне түкірік жағылды. Ақыры ес кетті, жан шықты дегенде, ем аяқталды. Кемпір шығып кетті. Үйді тас қараңғылық басты.

Осыдан кейін бұл ауылдың мейірімінен күдер үзді. Ойы шарқ ұрып, тек қана жалғыз мақсат, жалғыз мұрат – осы ауылдан кетуді ғана көкседі. Бірақ, қалай кетеді? Қол-аяқ байлаулы, күзет мықты. Емшілердің өлтірмей тынатын түрі жоқ. Шымдан ойлап-ойлап, ақыры ұйықтамауға бекінген. Ұйықтаса, өзінің іңкәрімен қайта табысары хақ. Ал, үйдің сыртына төсек салдырып, қыбыр етпей аңдыған емшілер «әзәзілдің» атын естісе, тағы қинайтыны анық. Бірақ, шаршаған көңіл, талған жүрек ұйқыға, елеске бейім екен. Қоя алмады. Таяқ пен ем-дом, елес пен азап тағы екі айға созылды. Шымдан ара-тұра түрілген іргеден салқын қоңыр күзді, сарғайған даланы көрді. Ықылым заманға созылған қапас қайғы бір сәт жеңілдегендей болды. Қарашаны ерткен қарабас жел бүкіл Арқаны ұйпа-тұйпа қылып, тура он күн соқты. Барақбай ауылдары қопарыла көтеріліп, етектегі қыстауларға көшкен. Серікбайдың талайсыз хабаршысы осы кезде жетті. Киіз үйде басталған сиқырлы емдер енді там үйде жалғасып жатқан. Өзін «емдеп» жүрген кемпір «біздің келіннің немен жадыланғанын таптым» деп жариялап, Назарқұл байдың ауылына қос аттап кісі шаптырыпты. Барғандар қораның іргесінен, расында да, қызыл-жасыл жіппен шандылған әлдебір үшбұрышты қағазды алған. Міне, дүйім жұртты қаншама әуреге салған тұмар кемпірдің қолында тұр. Қайтарғы дұға оқылды. Оңбаған тұмар иманын айтып оттың үстінде қалтылдап тұрып қалды. Осы кезде есік сықырлай ашылды да, үйге ұмар-жұмар болып бірнеше адам кіріп келді. Мырза мен жандайшаптары екен. Бәрі түтігіп кеткен. Қолдарында салақтап тұрған әлдебіреуді жерге дүрс еткізіп тастай салды.

  • Шеше, — деді мырза алқынып. – Мынаны ана салдақымен беттестір. Ауылды торып жүрген жерінен ұстадық.
  • Оңдап отырғызыңдар, — деді кемпір.

Шымдан талықсып әзер отырған адамды бірден таныды. Серікбайдың ардақты жігіттерінің бірі. Сол кеште сылқылдатып небір тәтті күйлерді тартып еді-ау. Қазіргі түрі… адам танымастай. Таяқтан денесі күп болып іскен. Алыс-жұлыста бір көзі ағыпты. Шымдан шыңғырып жібере жаздап, ернін тістеді. Көзін тайдырып әкетті.

  • Таныды, — деді мұны бағып тұрған кемпір. – Жақсы болды, — деді одан кейін серпіліп. – Бұл да әзәзілдің жанында жүріп соның салқынына ұрынған пенде ғой.

«Бісміллә» деді де, еңкейіп барып жігіттің самайынан бірнеше тал шаш жұлып алды. Жұлынған шаш тұмарға қосылып отқа салынды. Кемпір оттан қашып шықпақ болған сайтандарды қамшымен ұрып қайтадан қуып тықты. Сиқыр бітті. От өшті. Жұрт жаңағы жігітті алып сыртқа кетті.

Кеш бойы Шымданның ойлағаны қуғыншы жайы. Иә, Серікбайдан келген. Оған ешқандай күмән жоқ. Тек Барақбай ауылын торып, бұны іздеп жүріп, қапияда ұсталған. Артынан іздеуші шыққанға көңілі босаса, жоқшының аянышты халіне қабырғасы қайысты. Осындай ылай көңіл, әрі-сәрі күймен неше күн өтті. Ақыры ертең боқырау дегенде, ауылға әлдеқайдан бір дуана келе қалды. Тамақ ішпей, ұйықтамай, үндемей, меңірейіп жатқан Шымданды көрмек болыпты.

Жүнін сыртына қаратып тіккен ұзын шошақ бөрік киген қағанақтай сары шал үйге кіре сала елдің бәрін қуып шықты. Есікті мықтап бекітті. Тақау келіп тізе бүкті. Қимылсыз жатқан қолдың тамырын басып көріп, күбір етті. «Шүкір». Содан кейін баяу ғана «Лә-илаһа-илла-алла, Лә-илаһа-илла-алла» деп әндете бастады.

Шымдан көптен бері көрмеген әлдебір мейірімнің нұрына балқып бара жатқан. Құлағына жеңіл әуез жетті. «Шымдан, қарағым… шыда… Ертең… кетеміз бұл қарғыс атқыр ауылдан». Шымдан өз құлағына өзі сенбей сәл жатты. Кіреукеленген үміт қайта қоздап, лау ете қалды. Жүрек өрекпіді. «Ата!» деп айғайлаған сияқты еді. Соншалықты әлсіреп қалған екен. Аузынан тек леп қана шықты. Дуана мұның маңдайынан бірнеше қайтара сүйді де, кетіп қалды. Кеш батты. Түн келді. Тура бір жылға созылған түн. Таң ата боқыраудың қарлы боранымен бірге ауылға Серікбайдың жігіттері келіп кірді. Ауылдың ақсақалдары кіселерін тағынып жолдарына тұрыпты. Ұзақ сөйлеген екен. Екі елдің арасын ашпаңдар, депті. Дүниедегі қырық әзәзілдің бірі – әйел. Серікбай болыс арыстан басымен мұндай шатақ іске ұрынбасын, депті. Құдайдың заңына қарсы шықпасын, депті. О заман да, бұ заман, азаматтың әйелін ажыратып алғанды қайдан көрдіңдер, депті. Тағы көп нәрсе айтыпты. Жігіттерді бастап келген Шымданның туған нағашысы, Бөдестің батыры Райымхан қолын жүрегіне қойып, басын иіп ақсақалдардың сөзін құрметпен тыңдайды да… қысқа қайырып, екі тұтқынды алып шығуға әмір етеді. Бұдан кейін мырзаның ауылы тырп ете алмады. Шымданды да, суық шошалада ыстығы көтеріліп шалықтап жатқан Төлеуді де (домбырашы жігіттің аты Төлеу еді) шығарып берді. Қамшысын бүктеп ұстап, тымағын алшысынан киіп, буы бұрқырап тұрған Райымхан нағашысын көргенде, Шымдан өксіп жіберген. Райымхан да қарсы ұмтылып келіп, Шымданды балаға ұқсатып көлденеңнен көтеріп алды.

  • Құлыным, — деді көзі жасаурап. – Айналайын, құлыным. Жалғыз жарығым. Шүкір Аллаға. Шыбын жаның кеудеңде екен. Шүкір. Түк етпейді.

Жоқшылар бәрін қамдап келген екен. Төлеу екеуін көрпеге орады. Әлденеше киіз төселген шанаға салды. Үстеріне қабат-қабат ішік жабылды. Сүт пісірім уақыттан кейін жалғыз шананы қоршаған отыз шақты салт атты Бақанасты бетке ұстап тартып кетті.

Шымдан бұдан кейінгі жол үстінде не өң екені, не елес екені белгісіз бір күйге түсті. Тұмшаның астынан ақ түтек боранды, аттардың сирағын, сүйретілген сойылды көріп келеді. Құлағы түк естімейді. Міне, боран басылды. Шаңқай түс екен. Ауа мөп-мөлдір. Дала аппақ. Міне, елдің бәрі тоқтады. Арттан біреулер келіп бөгеп тұр. Райымхан ағасы сойылын бұлғап бірдеңе деді. Ана топтан біреу шығып сойылын төбесіне көтеріп аузын жыбырлатады. Екеуі ұмар-жұмар айқаса кетеді. Райымхан ағасы ана жігіттің сойылының ұшынан ұстап алады да, өз сойылымен оның тізесінен бір қояды. Аузын арандай ашып, көзі бозарып созыла серейіп бара жатқан жігітті өз сойылымен өзін итеріп, аттан аудара салады. Енді шананың қасында төрт-бес адам қалады да, басқасы қарсы топқа лап қояды. Міне, бірнеше жігіт аттың жалын құшты. Бірнеше ат ойнап шықты. Біреу, аяғы үзеңгіге ілініп қалса керек, аттың артында сүйретіліп бара жатыр. Бір қанша уақыттан кейін шана қайтадан лықси қозғалды. Көз алдында тағы да аттың сирақтары. Күпсек қарды есіп кетіп бара жатыр. Қас қарайды. Аязды аспанда бадырайып-бадырайып сап-сары жұлдыздар пайда болды. Шанамен бірге тербеліп, жымыңдасып, Шымданнан көз алмайды. Шана тағы тоқтады. Бір үлкен қораның алды ығы-жығы халық. Біреу бұны көтеріп алды да, ішке кіргізді. Ұзын дәліз. Діңгекке шеге қағып, ондық шам іліп қойыпты. Күңгірт жарық. Қатар-қатар салынған ұзын сырғауылдар. Қаптаған сүңгі баяу тербеледі. Бүйірден бір есік ашылды. Бұлар мол жарыққа кірді. Шымдан қолдан қолға өтті. Үстіне біреу төнді. Серікбай! Сол кезде күн ұзақ бітеулі келген құлағы ашылды. Үйдің іші қуанышты, ду-ду. Жыламады. Тек әлсіз ышқынды да, Серікбайдың мойнынан құшақтаған күйі қатты да қалды. Өне бойы қалш-қалш етеді. Түс емес. Шын екен.

***

Шымдан тез оңалды. Жайлы, жылы үй, жақсы күтім. Отағасы мен бәйбішенің риясыз таза көңілі. Ал, ең бастысы, Серікбай… Серікбай жанында ғой. Бұдан артық не керек?! Бір жеті дегенде бас көтеріп, тіктеліп отыратын дәрежеге жетті. Жарты ай шамасында таяққа сүйеніп жүретін болды. Бетінің нұры, көзінің оты қайта жанды.

Қыстың кеші тез түседі. Алда ұзақ түн. Бірнеше жерге ілінген шамның жарығы үйді самаладай қылады. Жарма пеште гүрілдеген от. Үлкен қазанға аңның, жылқының еті толтыра салынады. Ортаға жез самауыр келеді. Отағасы, Серікбай, Шымдан төрде, төменіректе бәйбіше, қарсы қабырғаны жағалай бес-алты нөкер жігіт, үлкен дастарқанды қоршай отырып, ұзақ-ұзақ шай ішуге кіріседі.

Отағасы екі шыны күрең шайдың арасында алдыға өңгерген домбырасын күркірете тартып, қызықты хикаялар айтады. Бұл кеште отағасы қолындағы қолақпандай женттен бір тістеп, шайдан бір ұрттап:

  • Мына қаршыға деген құс қыранның ең бір тамашасы. Оның дуадақ аулағаны тіпті қызық, — деп бастап келе жатыр еді. Серікбай тұтқиылдан киіп кетті.
  • Уай, Жөгі, қайдағыны айта бердің ғой, — деді кеңкілдей күліп. – Одан да мына құрбымды қалай алып қаштың, қандай кеп көрдің, жортуылдың жолына қалай түстің, соны айт. Жастар тыңдап, мәз болсын. Үлгі тұтсын.

Жөгі төмен қарап, ұзақ үнсіз отырып қалды. Содан кейін тіктеліп отырды. Жүзі қуарыңқы екен.

  • Әй, Серікбай-ай, — деді қарлыққан дауыспен. – Сол жортуыл кімге опа берді дейсің. Жастықпен білмей жүре беріппіз. Шаптық. Айдап әкеп бердік. Енді ойлап қарасам, бәрі де бекер нәрсе екен. Кімнің намысын қорғадың? Байдың ба? Сол бай ең соңында сойылын соғып, қызметін өтеп берген азаматты айдатып жіберді. Елдің бе? Ұрлық істеп, зорлық істеп елдің даңқын шығарамын дегеннің үйі күйсін… Жортуылды айт дейсің. Айтайын. Жастар үлгі тұтса, тұтсын. Тек мәз болмасын.

Жөгі демін ауыр алып, бір сәт дамылдады да, баяу дауыспен әңгімесін ағытты.

  • Иә, балаларым, мына алдарыңда отырған мыж-мыж шал кезінде шығыста Ерен Қабырға мен Жайсаңды, қырда Тоқырауын мен Ақтауды, Қарқаралы мен Баянауылды, ойда Сарысу мен Таласты тегіс шулатқан, қан қақсатқан әйгілі барымташы еді. Әке-шешеден ерте айрылдым. Нашар атаның баласымын. Қонақай бай қозының соңына, қойдың соңына салды. Бозбала шағымда қолыма құрық ұстадым. Содан кейін бай мені әйгілі ұры Ақжігіттің соңынан ертіп қоя берді. Бес жыл жүрдім. Осы азғантай уақыттың ішінде небір құқай бастан өтті. Тас қараңғы түнде, қарлы боранда жорттық. Айлы түнде, салқар самалда жорттық. Адамның еті үйренгеннен кейін қызық көрінеді екен. Жастық, мастық қой. Түн ішінде жылқыға тиіп, бөліп алып қашып, қуып жеткендерді бір-бір ұрып түсірген керемет батырлық, ерлік болып көрінетін. Кейде өзімізден де жараланып, мертіккендер болады. Бірақ, өлім-жітімді көре қойған жоқпыз. Атқа өңгерілген азаматын аңырап қарсы алған ананың зарын талай естідік. Бірақ, мына жынды басқа «олжалының халі мынау болса, шабылғанның халі нешік» деген ой келіп көрген емес. Сөйтіп жүргенде Ақжігіттен айрылдық. Қайран, Ақжігіт! Жігіттің сырттаны едің-ау!

Әлі есімде, Жайсаңнан асып, маңғұл жерінің шетінде отырған ұраңқай қалмаққа таман бардық. Неше күнгі жүрістен шаршаған жігіттер дамыл сұрады. Бір күн демалдық. Қу тезекті тұтатып, түтін шығармай, бу шығармай ыстық ас дайындадық. Сөйтіп, ес жиып, кешке қарай тас түйін болдық. Осы кезде шолғынға кеткен Ақжігіт оралды. Ерекше көңілді. Мол жылқының үстінен шығыпты. Тәрізі бір жерге айдағалы жатқан болу керек. Әйтеуір, ұшы-қиыры жоқ көп мал деді. Сам жамыраған шақта топ атты алыста қарауытқан тауды бетке ұстап жүріп кеттік. Аз уақыттан кейін мол дүбір естілді. Расында да, орасан көп жылқы екен. Шамасы, он қостай. Ақжігіт күні бойы жер жайытын әбден барлаған екен. Күттірмей әмір берді. Лап қойдық. Жапа-тармағай мылтық атып, дабыл ұрып, жылқының бір қанатын, үш мыңдайын ойып алдық та, айдап жөнелдік. Қамсыз отырған қалмақтар атқа қонғанша, қырдан асып та кеттік. Есіме түссе, жүрегім тас-төбеме шығады. Ақ түн, Ақжігіт он адамды жылқымен бірге оздырып жіберді де, қалған жиырмамызды төрт топқа бөліп, бірін-бірі көретіндей жерде қашып отыруға бұйрық берді. Мен Ақжігіттің қасындамын. Небір заматтан кейін арттан қуғын көрінді. Таң қалдық. Қалмақтар аңға шыққандай ит ертіп алыпты. Арс-арс еткен, қанша ит екені белгісіз, жердің апшысын қуырып зымырап келеді. Келіп қалды. Састық. Осы кезде Ақжігіт айқай салып қалғандарын шақырды. Екі қанатта жүрген он бес жігіт шауып келді. «Не істейміз» дестік. «Атыңдар» деді Ақжігіт. Төрт адамда мылтық бар еді. Иттерді көздеп бірнеше дүркін атты. Бірнешеуіне оқ тиді. Қыңсылап өздерін өздері қауып жатыр. Қалғандары ұйлығып тұрып қалды. Мылтық тағы атылды. Иттер арттағы иелерін айналып өтіп, тым-тырақай қаша жөнелді. Сойылдарымызды оңтайлап қалмақтарға тап бердік. Ығы-жығы. Әп-сәтте опыр-топыр қылдық. Ұрғанын ұрдық. Жусатып салдық. Тек бір қалмақтың аты жүйрік екен, ұстатпай кетті. Босап шыққан аттарды жетекке алып, Тәңіріге сыйынып, шыбын-шіркей безе жөнелдік. Ақжігіт талай бұлтаққа, қиыр-шиырға салды. Бірақ, құтыла алмадық. Екі күннен кейін алға озған топ туған елдің шетіне ілінді-ау деген кезде, біз де майданға кірген едік. Қырық шақты қалмақ ұтылап қуып алдымыздан шығыпты. Әрбіреуімізге екі-екіден келейін деп тұр. Не істеу керек? Төбелестен басқа жол да жоқ. Ашулы қалмақтың әлпетінен ешқандай рахымның белгісі көрінбейді.

«Ал, жігіттер! – деген еді Ақжігіт, неге екені белгісіз көңілденіп. – Сойылдарыңды нық ұстаңдар. Име басыңды. Аянбаңдар. Алда-жалда біреу бұзып-жарып шыға қалса, елге дұғай сәлем айтсын. Ал, кеттік!».

Марқұм өлерін білді ме екен?! Осы сөзді аузына Құдай салған болуы керек. Сонымен не керек, аттың басын жібердік. Қарсы топтың алдында келе жатқан жалғанның жартысындай қалмақ Ақжігітке дүрсе қоя берді. Әй, Ақаң да нар жыққан қайратты еді-ау. Екеуі бір жанасып өткенде, Ақжігіттің беліндегі белдігі үзіліп түсті. Соққының күштілігі ғой. Қалмақ ат-матымен омақаса құлады. Содан тұрған жоқ. Топырдың астында қалды. Иә, ұзын сөздің қысқасы, басым жау жеңбей қоймады. Жігіттердің барлығы сол арада жайрады. Қашып құтылған Манияз екеуміз ғана. Тіпті жаңағы барымташылар тірі қалған күннің өзінде оңды дейсің бе. Ал, Ақжігіттің топ қалмақтың ортасында басы парша-парша болып құлап бара жатқанын өз көзімізбен көрдік. Шоқпардай сом құйма үзеңгіні таралғысымен ағытып алып ұрса, парша-парша болмағанда несі қалады. Кейін Ақаңның Кербұғы атын шұрқырап жүрген жерінен ұстадық. Марқұм ұрыстан бұрын мойнындағы тұмарын қанжығаға мықтап тұрып байлапты. Елге жетпей тұмарды да жерледік, атын да шалдық. Елге әбден қажып жеттік. Келгеннен кейін Қонақайға барып, енді барымтаға бармайтынымызды айттық. Бірақ, бай қатты. Тырп еткізбеді. Сонымен не керек, былғанған ауыз былғана түсті, ию-қию барымтаға қайтадан кірдік те кеттік. Қысы-жазы бір отырғызбайды. Пәленше пәлен атамның пәлен жылқысын алған. Пәленше пәлен жерде пәлен малымды алды. Пәлен сүйтті, түгілен бүйтті, бар, дейді. Қырық-елу жыл бұрын ауысқан малдың қарымтасын алуға жөнеліп береміз.

Ерді жасына жеткізбей тоздыратын осы барымта ғой. Көп ұзамай Манияздан да көз жаздым. Шіркін, Манекем! Ұшқан құс, жүгірген аңды, жердің жайын, күннің райын ондай білетін қазақ бар ма еді! Адамның данышпаны еді-ау! Түтек боранда бір ауылды шаптық. Алдында «Әй, Жөгі, иінімді жер тартып жүр. Көп ұзамаймын. Ана боқташақтарға бас-көз бол» дегені бар-тын. Күлдім де қойдым. Жарықтық білген екен. Қалың жылқыны алуын алып шықтық та, адаса бастадық. Ақыры малы құрысын деп бетіміз ауған жаққа жүре бердік. Бір ауылға келдік. Сөйтсек… бір күн бұрын өзіміз шапқан ауыл. Ауыл иелерінің ойларында ештеңе жоқ. Адасып келген он шақты жүргіншіні жақсылап күтті. Бір шай іштік. Манияз қабағы күреңітіп, алабұртып, бір түрлі жайсыз күйде отырды. Біздің де оңып отырғанымыз шамалы. Ұйықтап алайық деп төрдің алдына құлай кеттік. Кеш батты. Тұрдық. Алдыға ылжырап піскен ет келді. Бәкімізді жуып, турауға кірістік. Манияз әлі жатыр. Етті орталап турап болып, сүйек үлестіре бастағанда бұрылып: «Манеке, тұрыңыз» деп түртіп қалдым. Жүрегім тас төбеме шықты. Баяғыда суып қалған. Ешкімді оятпай, ештеңе айтпай жүріп кетіпті. Бүкіл ауыл болып арулап көміп, жетісін, қырқын өткізді. Не керек, жердің үстімен барып, астымен қайттық. Келдік. Тағы барымта. Бұл жолы қырдың еліне тыныштық беріп, ойға аттандық. Ой еліне барып, Қонақайдың жетпіс жеті атасының намысын түгендеуге кірістік. Бірақ, жігіттер көңілсіз. Мен де шаршағанмын. Зауқым жоқ. Тиіп-қашып он бес-жиырма, қырық-отыз жылқыны айдап әкелеміз. Байекеңнің қабағы ашылмайды. Қайта жұмсайды. Осындай ит-ырғылжыңмен көктем шығып, жаз келді. Барымтаның нағыз қызар шағы. Бір күні байекең қиқалақтағанды желкелеп, қашқанды қамшылап, бәрімізді жинады. Тағы біреудің жылқысын аласың, деді. Пәлен күні пәлен жерде үлкен ас беріледі. Елдің бәрі тайлы-таяғы қалмай сол араға жиналады. Нағыз ұрымтал шақ. Ақшатаудың сыртында отырған Бөгендік байдың кем дегенде жарты қос жылқысын алып келіңдер, деді. Аякөзді айналып, Ақшатаудың тастағымен келу керек. Қара түнек күйде атқа отырдық. Жүріп кеттік. Мерзімді күні жылқыға тидік. Бәрі ойдағыдай. Қалың жылқының шетінде шошайып үш-ақ адам жүр. Бір-бір ұрып түсірдік те, байлап тастап, тартып жөнелдік. Осы кезде арттан дүбір шықты. Жалғыз адам екен. Бірден таныдым. Бегендік байдың бас жылқышысы Қарынжа деген адам. Жасында атақты барымташы болған. Сойылдың шебері болған деседі. Қартайған шағында байдың қолына келген. Кім болса о болсын, қуғынның аты қуғын, бетін қайтару керек. Ат басын бұрып, мен үшін қызығы кеткен жекпе-жекке дайындалдым. Шынымды айтсам, қаусаған шалдан мұндай оқыс қимыл күтпеген едім. Сойылын оң жағында ұстап келе жатқан сияқты еді. Мен де қаруымды көтердім. Сол кезде бүйірден ұрылуға тиіс білектей қайың кеудеме найзадай қадалды. Өмірімде мұндай соққы көрмедім. Көзім қарауытып, аттан ауып түсе жаздадым. Астымдағы Ақтамақ ат малдың естісі еді, жарықтық. Иесінің нендей күйде екенін бірден сезсе керек, шапшып тік тұра қалды да, бір жағына бұрыла шапты. Кеудеме пышақтай қадалған пәлекет тайып кетті. Тынысым ашылды. Былайырақ барып оңалып қайттым. Ашулы едім. Шал деп, аяп, түртіп түсіре салам деп жүрсем, шалым мынадай өнер көрсетті. Қоймайын дедім. Аққан бойымызбен бір-бір қағыстық. Қолы темірдей. Бірақ, мен де азғана өмірдің ішінде мұндай майданның мыңын көріп едім. Сойылым қатты тисе керек, қопаң етіп ауырсына бүгілді. Келесі айналымда тізеден ұрдым. Түспеді. Тек аяғын бүгіп алды. Тағы бір қағысқанда, жотадан көміп өттім. Аттың жалын құшты. Бірақ, құламай кетті. Күзенше бүктетіліп, жентек-жентек қан құсып бара жатқан Қарынжаның соңынан қарап қалдым. Жүрегім шымыр ете қалды. Неге ұрдым? Білмеймін. Жігіттер асықтырып ала жөнелді. Хош. Сонымен айдап келеміз. Ну орманды бір өзеннің тұсына келіп қалған екенбіз. Жігіттердің бірі арт жаққа қолын шошайтты. Қарасам, жалғыз біреу екен. Жанынан безген бұл кім деп тұра қалдық. Тақағанда көрдік, мұрты тебіндемеген жас бала. Керемет өңді. Тура қасымызға тақап келіп, айқай салды:

  • Ағалар, сауға! Бір жолға ғана. Сауға!
  • Сауғаны барып біздің байекеңе айт, — деді жігіттердің бірі.
  • Онда жекпе-жек, — деді бала.

Жігіттер біріне-бірі қарап көңілсіз күлген. «Балақай, үйіңе қайт, біз ерігіп жүрген жоқпыз» деген. Бала көнбеді. Не істеу керек? Тәжікемен уақыт өтіп барады. Содан кейін Ораз деген біздің бір жігіт: — Жарайды, — деді сойылын оңтайлап. – Болсын сенің айтқаның. Мен қазір жекпе-жектің ырымын жасайын. Содан кейін сен үйіңе қайтасың. Жарай ма, бауырым.

Бала үндемеген күйі шабатын жеріне барып тұрды. Жұрт жымыңдасып, «күшік пен иттің төбелескенін көреміз» десті. Бұдан кейінгісі тіпті қызық. Ораз орнында қарсы алмақ болып жайылып тұрған. Құйындай ұшқан бала сойылмен салып өткенде, Ораздың аттан қалай ауып түскенін байқамай да қалдық. Елдің бәрі аңтарылып қалған. Біріне-бірі қарасты. Содан кейін біреу: — Мына жүгірмек қайтеді-ей, — деп, ғажайып балаға тап берді. Міне, қызық! Екі-үш қағысқанда, жігітіміз томп етіп жерге түсті. Енді елдің бәрі маған қарады. Еріксіз шығуға тура келді. Бір-бір қағыстық. Расында, керемет қайратты және айлакер екен. Сойылды шыбықтай ойнатады. Бір-екі рет тіземе, арқама соққы тиді. Әлі де қомсынып жүр едім, енді ұрысқа шындап кірістім. Және жауымның бала емесіне көзім жете бастағандай. Бір анталап келгенде, сойылын ортасынан ұрып сындырдым. Өзім де сойылымды тастадым. Ат үстінен алысуға келдік. Ойым түзу екен. Бұл бала да емес, бозбала да емес, толықсыған қыз еді. Солқылдап тұрған белге қолым тигенде, өне бойы дір ете қалды. Мен де қалтырап кеттім. Өмірімде сезініп көрмеген әлдебір отты күй билеп жөнелген еді тұла бойымды.

Қоян-қолтық ұстаса кеткенде, талдырмаш дене бауырыма кіріп кетті. Мұрным жұпары аңқыған желкеге жанасты. Балқып, маужырап бара жатқан едім. Сол кезде аспан айналып, жерге түскендей болды. Шаңға аунап жерде жатырмын. Маңайым қарқ-қарқ күлкі. Аттың үстінде не күлерін, не ашуланарын білмей балам… қызым тұр. Нұрлы бота көзінде күлкі. Бірақ, нәзік, жұқа өңінде өткен айқастың табы бар. Ентігіп дайын тұр. Мен жеңілдім. Жеңілгенім былай тұрсын, қол-аяғым маталып тұтқынға түстім десем болады. Жылқыны баланың алдына салып бердік. Жігіттерді ауылға қайтардым. Сарқыраған өзеннің жағасында отырып кешті батырдым. Күттім. Күмән де, үміт те мол. Ақыры түннің ортасынан ауа бастаған кезде, алыстан ат дүбірі шалынды. А Құдайлап орнымнан тұрдым. Өзі екен. Жападан-жалғыз. Аттан қарғып түсіп тұрып қалды. Ал, мен біреу тағандап тастағандай… қозғала алмаймын. Есім кіресілі-шығасылы. Бір кезде тізгінді тастап, жаныма өзі келді. Бір қолын иығыма салды. Құшақтаса кеттік… Ертеңіне байдың еркетотай қызын жетектеп ауылға кірдім.

Жөгі әңгімесін кілт үзді. Суыған шайды бір-ақ ұрттап, кесесін бәйбішеге ұсынды.

  • Ары қарай не болды? – деді жұрт тағатсызданып. Үнсіз қалған шалды қоймай түрткіледі. «Ары қарай…».
  • Ары қарай… ары қарай не болушы еді. Үй болдық. Астапыралла, ұмытып барады екенмін. Манияз қайтқаннан кейін, көп ұзамай әйелі де қан құсып өлді. Бұрыннан дімкәс байғұс еді. Артында шулап қалған шиеттей баланы үйсіз-күйсіз жүрген мен асырап алдым. Үйленбей балалы болған жайым бар еді. Нағайым соларға шеше орнына шеше болды. Содан кейін әкесінен шұғыл шақырту келді. Алдында дау болған екен. Бөгендіктің әулеті «қызды қайырып алу керек» десіп шуласыпты. «Әлдебір қаңғырған барымташыға қалыңсыз қыз беретін біз кімбіз» деген екен. Бөгендік марқұм ғақыл адам еді. Даурыққан жұртты бір-ақ ауыз сөзбен тоқтатыпты. «Біле білсеңдер, күйеу қалыңды артығымен төледі. Қалың малдарың – сол қайтарылған мал. Одан артық не керек. Ал, ұл орнына ұл, қыз орнына қыз болған Нағайым білмей барған жоқ. Кісісін танып барды. Ақылынан айналайын» депті. Қайын жұртқа күмәнді күйде аттандық. Күмән сейілді. Аяқты жерге тигізбей күтті. Алдыға мал салып берді. Сөйтіп, өзіміздің Барақбайдан, немере аталас Қонақайдан көрмеген жақсылықты айдаладағы өзім жаудай тиген елден көрдім. Енді дүниенің кереметін қараңдар. Сақалыңды… Қонақай тоқсанға келіп өлгенде, бүкіл қазақты сол асырап-сақтағандай, бүкіл ел, игі жақсының барлығы келіп жылап, азан тауды ор қылып жіберді. Ал, Ақжігітті, өмір бойы аттан түспеген, тоқымы кеппеген, ақыры Қонақайдың аранын толтырам деп жүріп ит сыртта өлген Ақжігітті кім біледі? Қар жастанып, мұз төсенген Маниязды кім біледі? Қайран, қос ардагерім, өмір бойы жапырақ жамылып өтіп еді, енді топырақ жамылып жатыр. Жаны жаннатта болсын, қос арыстанымның! Жұртына қайыр-береке берсін!

Жөгі көзі жасаурап, үнсіз отырып қалды.

  • Ал, енді сол Нағайым қайда? – деді Шымдан ауыр тыныштықты бұзып. Көңілсіз қалған жұрт серпіліп, ду күлді. Жөгі де мейірлене күліп, Шымданның басынан сипап, бетінен сүйді. Содан кейін:
  • Әне, анау самаурынның түбінде отырған қара кемпір – сол Нағайым, — деді.

Шымдан бәйбішенің әжім басқан мейірбан жүзіне аңтарыла қарап сәл отырды да, «Апа!» деп бас салды.

***

Шымдан жолға жарағаннан кейін, бұлар бөгелген жоқ. Желтоқсанның он төрті күні түске таман Медет ауылынан тағы жеті-сегіз жігіт келді. Азырақ ат шалдырғаннан кейін, түс ауа, он бес салт атты Бақанасты бетке ұстап жол тартты. Жөгі қонақтарын жарты көш жерге апарып салды.

  • Серікбай, — деген қоштасарда. – Мен енді талқаным таусылған адаммын. Бір аяғым жерде, бір аяғым көрде. Жылқыны ноқта, адамды Құдай қосады деген. Құдай қосып әкең Әбдірахманмен дос болдым. Өзіңмен арсыз құрдас болдым. Енді күн еңкейген шақта, тоғыз жолдың торабында өзімнен ғұмыры озған екеуіңді шығарып салып тұрмын. Бақытты болыңдар, қарақтарым. Көсегелерің көгерсін. Ал, қош!

Жүргіншілер борандата шапқан жалғыз аттының соңынан ұзақ қарап қалған.

***

Серікбай күні бойы аулағырақта салынған кеңсе тамда болады. Ірілі-ұсақты дау-шар, жазғы жайлау жөні, келе жатқан съез. Әйтеуір, ел ісі. Содан кеште бір-ақ келеді. Шымдан үлкен үйде қонақ күтуден босамайды. Әр түрлі шаруамен келген келімді-кетімді кісі. Елдің құрметті адамдарының жөні бір бөлек. Соғым басы, шеке қыс бойы беріледі. Серікбайдың құрдастары, тұстастары сыбағасын даулап келеді. Әйтеуір, болыстың кең сарай үйіндегі көңілді думан бір сәтке толастамайды. Кеш батады. Қонақтар табақ-табақ ет жеп, әлденеше шай ішіп болған соң, ығы-жығы көп бөлмелерге төсек салынады. Шам өшіріледі. Жалғыз терезесі қырға қараған үлкен бөлмеде Серікбай мен Шымдан ғана қалады. Екеуден екеу. Кейде бүкіл жарық дүниеде екеуі ғана бар сияқты көрінетін. Шымдан Серікбайдың арсақай биік тізесіне қонжиып отырып алады. Мойнынан құшады. Өзінің оны жақсы көретінін айтады. Салыққан қабағын қолымен сипап, жазып жібереді. Серікбай да Шымданды жаңа көргендей асыға құшып, алқына сүйеді. Қыстың ұзақ түн, ұзақ таңында ыстық ықылас пен асық көңіл кемерінен лықси төгіліп, бір кеміген емес. Бәрін ұмытатын. Сыртта аударылып-төңкеріліп, аспандағыны жерге түсіріп, жердегіні аспанға шығарып тулаған қатыгез өмірдің барын, содан туған қатал заңның барын… бәрін ұмытатын.

Қайғы күтпеген жерден келді. Ең алдымен Нағайым өлді деген хабар жетті. Нағ апа, қиындықта қол ұшын берген (Шымдан кейін естіді, өзінің Барақбай ауылынан сытылып шығуына дәнекер болған, әл үстінде жатқан кезінде Серікбайға кісі шаптырған осы Нағ апа екен), әлсізінде әл беріп, жолға салып жіберген қайран Нағ апа өлген екен!

Ауыл-үй болып тік көтеріліп, апаратын малды қамдап жатқанда, төбеден жай түскендей болды. Шымданның әкесі мен інісі, алпыстағы Қыстаубай мен тоғыз жасар Қазболат қатар қайтыс болыпты. Шымданның есі ауып қала жаздады. Қалайша өлмек? Қалай өлген? Болыс ауылы өлік шыққан үйге ат қойып келіп, алғашқы жылау басылып, болған жайға қанғанда, төбе шашы тік тұрды. Кісі қолынан өлген. Қысырақтың үйірі жоғалады. Бүкіл ауыл болып іздепті. Ақырында Қыстаубай мен Қазболат қайтпай қалады. Жылқышылар сол күні кешке тауыпты. Марқұм Қыстаубай ұрылардың үстінен түссе керек, жатқан жері қиыр-шиыр көп із. Жылқының ізі. Қазылған ошақ. Қалай болса солай былапыттап сойған малдың қан-жыны, шала мүжілген сүйек. Екеуін де сойылмен ұрғанға ұқсайды. Шымдан суық үйде жатқан мәйітті көруге дауаламады, жылқышылардың айтқанына сенді. Қыстаубай тура ошақтың жанында жатыпты. Шамасы, қарақшылардың жанына барып, аттан түспей сөйлескен. Сол арада соққыға жығылған. Бел омыртқасы сынған. Қарақұсы ойылған. Қазболат, көкесі сөйлесіп жатқанда, аулағырақ тұрғанға ұқсайды. Қарақшылар Қыстаубайды ұрып түсіргенде, шыбын-шіркей қашқан болуы керек. Денесі қозы көш жерден табылыпты. Оң жақтан тиген соққы басын қақыратып жіберген. Бірнеше қабырғасы сынған. Екеуінің де атын алып кеткен екен. Қыстаубайдың ала аяқ торысын да, Қазболаттың ауыл арасындағы жарысқа түсіп жүретін бәкене бойлы жүйрік көк тайын да.

Ақсақалдардың бірі малды әкеткен қыр жақтың ұрысы шығар деп жорамалдаған. Жылқының ізі қырға қарай, Емелтауға қарай барады да, Бақанас өзенінен асып, кілт үзіледі. Наурыздың қары басқан.

  • Жоқ! – деп, айқай салды Серікбай. – Қырдың ұрысы емес! Кім болса да өзіміздің қандықол айуандардың бірі. Солардан келген кеп. Және бізді қыр еліне айдап салғысы келді. Қырмен біздің атысқанымыз болашақта біреуге керек деген сөз.

Жетісі өткеннен кейін, Шымдан науқас шешесімен қалды да, Серікбай бірнеше жігіттерін ертіп, Жөгінің ауылына аттанды. Кетерінде барымта, қарымтаға қатаң тыйым салған. Әсіресе Барақбай жеріне аттап баспаңдар, біреу-міреу малыңды айдап жатса, қайтарып қана ал, ешкімді шығасы қылма, абай бол, сақ бол, деген. Қолдарына түкірісіп отырған жігіттер амалсыздан аттарын қаңтарған. Серікбай он күннен кейін қайтып келді. Жөгі бірге келіпті. Есіктен қауқиып кіріп келе жатқан шалды Шымдан әзер таныды. Сақал-мұрты, шашы аппақ қардай. Өзі бүгіліп, шөгіп кеткен. Екеуі шер тарқатысқан. «Нағ апамның топырағы торқа болсын», — деді Шымдан. «Қыстаубайдың артын қайырлы қылсын, жасамаған жасын сендерге берсін, ал, бала періште ғой, өздеріңе шапағатшы болсын», — деді Жөгі. Содан кейін сол күні кешке Шымдан мен Серікбайды оңаша алып, жол жайын айтқан.

  • Қарақтарым, өлгеннің артынан өлмек жоқ. Тірі кісі тіршілігін істейді. Естуім, екеуіңнің дауың елден асып, орыстың ұлығына таман барыпты. Қонақай әулеті ғой, қимылдап жатқан. Енді сендердің бөгелетін жөндерің жоқ. Серікбай, сен орысша оқыған-тоқығаның бар, оязбен тіл табыс. Аттаныңдар, қырқын ел болып, бас болып өзіміз өткіземіз ғой.

Бірақ, Серікбай да, Шымдан да көнбеді. Басы-қасында боламыз, содан кейін аттанамыз, деген. Жөгі тағы да уақыттың озып бара жатқанын айтып қажады. Шымдан илікпеді. Шымданға қарайлаған Серікбай да басқаша болуы мүмкін емес деген. Жөгі дау айтпады. Сонымен тынған. Қырқын өткізіп, кәденің барлығын атқарған кезде, жер арқасы кеңіп, мамыр да туды. Бұлар асығыс жолға шықты.

***

Шағын топ алдымен ара қонып Шағырайға келді. Одан кейін шығысқа қарай тік жол тартып, әлі тасып бітпеген Аякөздің жағасынан бір-ақ шықты. Аз жүріп Құйғаннан асып, Құрайлы өзеніне жетті. Содан кейін бір жағы боз селеулі қыр, биік-биік қыртыс таспен, бір жағы ит тұмсығы өтпейтін ну орманмен көмкерілген ат шаптырым кең, ұзыннан-ұзақ саймен жоғары өрледі.

Бүкіл өңір мүлгіп, ұйықтап тұр. Тыныштықты саябырси бастаған өзеннің сарылы ғана бұзады. Анда-санда даланың қоңыр желі баяу есіп өтеді. Жібек қияқ, шоқ-шоқ боп өсетін қырықбуын, қара көк бидайық, жапырағынан аппақ сор арылмайтын түзген, үстінен шіркей кетпейтін сүттіген, қымыздық пен саумалдық, пышақтай өткір жыланқияқ, қой бүлдіргенге ұқсайтын сүйкімді қызыл беде – мың сан шөп ақырын тербеле толқиды.

Сонау көкжиекте көздің жауын алып көгерген таудың ығынан үлкен бұлт қалқып шықты. Екі қанаты аспанның шетін алды. Асты қап-қара, үсті сұрғылт сағал, аппақ, сабаудан өткен түбіттей ұйпа-тұйпа… тақап келеді. Бұлттың жер бетіндегі көлеңкесі тіпті жүйрік. Міне, сонау алыста көрінген шоқытастан асып түсті. Зымырап келеді. Келді. Жарқыраған күннің астында келе жатқан жолаушылар лезде сұрғылт көлеңкенің ішінде қалды. Ал, бұлт… тоқтайтын емес. Ары қарай, алтын шұғыла ойнаған далаға қарай сұғына еніп барады. Күннің көзі толық жабылды. Бүкіл аймақ тұнжырай қалды. Тек айыр құйрық қарлығаштарда тыным жоқ. Жалт-жұлт ойнап, дыбыссыз сорғалап келіп, шөптен аспай құж-құж қайнаған шыбын-шіркейдің ортасына күмп береді де, бауыры жарқ етіп қиғаштай тартады. Осылай жоғарылы-төменді үздіксіз ұша береді. Сайдың ішінде топырлап жүрген сансыз қара доп сияқты. Қапырық барған сайын күшейе түсті. Міне, алғашқы баданадай ауыр тамшы бетке тамып кетті. Тамшы жиілей түсті. Одан кейін аспанның түбі тесіліп, бір-ақ ақтарылғандай болды. Жер мен көк дүркірей тасыған бір дарияға айналды. Түк көріп болмайды. Маңайдың бәрі гүрілдеп көшіп жатыр. Жоғарыда алыптар соғысып жатқандай. Алдымен көктемдегі сеңнің сынғанына ұқсайтын дыбыс шығады. Барған сайын күшейе береді. Бұл екі дәудің біріне-бірі кіжіне ұмтылып келе жатқаны. Ақырында аямай салысып өтеді. Қарулары мұншама қатты болар ма. Жер-дүние солқ ете қалады. Бір басталған ұрыс жуық маңда тоқтамайды. Найзағай үсті-үстіне ойнайды. Шатыр-шұтыр, шатыр-шұтыр.

Арқаның жауыны қалай тез келсе, солай тез кетеді. Көкжиек лезде түрілді. Бұлт батысқа қарай жөңкіле жөнелді. Адамның сарайын ашатын хош иісті леп пайда болды. Сулықтарын шешкен жолаушылар жаңа ғана жуынып, ажарлана түскен өлкенің бойын тамашалап ұзақ тұрған. Барлығы үнсіз. Тыныштықты Шымдан бұзды.

  • Шіркін! – деді кеудесін кере дем алып. – Ұжмаққа апаратын жол ғой мынау.

Әрбір көкіректің сым пернесін басса керек, Серікбай да, жігіттер де көздері жасаурап Шымданға бір-бір қарасты. Одан кейін көшір жігіт ғажайып көріністі үркітіп алмайын дегендей, делбені елбірете қаққан. Пәуеске ақырын лықсып қалып, баяу жүзе жөнелді. Арттағы жігіттер де бұлаң құйрық жүріспен келеді. Тіпті аттардың аяқ алысы да естілмейді. Шымдан бұл-бұл қағып артта қалып жатқан орман-тоғайды, қыр мен өзеннің сорабына қарай бірде тарылып, бірде кеңейген салқын сайды, ат бауырынан келген биік шалғынды, алыста, осы Қурайлы өзенінің барып тірелетін жеріндегі етегін мұнар жауып, иін тіресе қол бұлғаған ал қара көк тауларды рахаттана тамашалап аз отырды да, Серікбайға бұрылып:

  • Жарысасың ба? – деді аяқ астынан.

Серікбай Шымданның жүзіне қадала қарады да, күліп жіберді. – Жарысайық. – Көшірге бұрылып айқай салды. – Бағланбек! Тоқта! Аттардың ертте!

Шымдан шатырдай аппақ сұламасын шешті. Жуан қос бұрымын төбесіне мықтап түйді. Содан кейін пәуескедегі қобдишадан мөлдіреген қара пүліш жығаны алып басына киді. Бауын тартты. Бұл кезде Бөкенше де ерттеліп қалған. Көкторғайдың үстіне күміс қаптырған жеңіл ер салынып, айылдар шірей тартылғанда, Шымдан атқа қонып та үлгерді. Серікбай үзеңгіге аяқ салғанда, онсыз да сұранып тұрған Бөкеншенің сауырынан қамшымен салып өтіп, жер топылта зымырай жөнелді. Арт жақтан бүкіл өзенді жаңғырықтырған айқай естілді.

  • Е-еей!

Шымдан артына бұрылып, тақ тұрған Көкторғай мен қамшысын көкке білеген Серікбайды, аттарының басын әзер ұстап тұрған жігіттерді көрді. Келесі сәтте мүлгіп тұрған өзеннің бойы аламан-тасыр шабуылдың дүбіріне толып кетті. Кіл жүйрік мінген шағын топ қиқу үстіне қиқу қосып, ойға да, қырға да ақтарылды. Ең алдында – Шымдан. Одан кейін Көкторғайын ентелеткен – Серікбай. Соңдарында – қалыспай ерген алты жігіт. Көлеңке ұзарып, кеш батты. Алыста түтіні шалқыған ауыл көрінді. «Қажының қыстауы» десті жігіттер.

Тауға жапсыра салынған үлкен қораға ымырт үйірілген шақта бір-ақ жетті. Төменіректе өзеннің жағасына таман бес-алты киіз үй тігілген. Алаулай жағылған от. Дабырласып ерсілі-қарсылы жүрген адамдар. Өре түрегелген иттерді жасқап қуып біреу шықты да:

  • Бұл қайсың? – деген.
  • Біз ғой, — деді Серікбай.
  • Апырым, мынау Серікбай ғой. – Ауыл адамы емпеңдеп келіп, үзеңгіге жармасты. – Түс, түсе ғой, Серікжан. – Артына бұрылып айқай салды. – Ау, бері келіңдер, түге. Болыс келді. Серікбай келді.

От басындағы жұрттың барлығы осылай қарай жүрді. Жапырлай амандасып жатыр. Қарт әжелер, бүкшиген шалдар, жасамыс еркектер, жас келіншектер, бала-шаға – қараша ауыл адамдары.

  • Міне, Секенжан, — деді манағы адам маңайын қолымен шолып. – Ел жайлауға шықты. Біз әлі отырмыз омалып. Кәріпжан ағаң үйде. Сол хақтың жолы баяғы.
  • Сонда кіріп шығайық, — деді Серікбай, қырдағы үйге қарай ишарат жасап. – Амандасайық.

Ұзыннан-ұзақ қылып салынған үйдің дәлізі суық және қараңғы екен. Серікбай сипалап жүріп бүйірдегі бір есікті ашты. Шағын ғана бөлме. Жабдығы жұпыны. Төрге арабтың хатын қызыл жіппен кестелеп жазған қап-қара тұс кілемше ілінген. Кілемшенің астында жер төсек. Төсектің басында шүмегі қаздың мойнындай иілген биік жез құман. Шегеде ақ дорба ілулі тұр. Ішінде әлдебір төрт бұрышты заттың бары білінеді. Шамасы, құран. Шамды өлеусірете басып тастаған екен. Бөлменің іші күңгірт сәуле… Күбірлеген дауыс естілді. Шымдан бұрышқа қарап алып намаз оқыған тұрымтайдай шағын денелі адамды сонда барып көрді. Күбір басылды. Жаңағы адам алақандарын құлағына қойып, алыстан тың тыңдағандай қақайып қалды. Сәлден кейін алақандарын алдына кітапқа ұқсатып қойды. Күбір жалғасты.

  • Бұл кісі кім? – деді Шымдан сыбырлап.
  • Ақырын, үндеме, — деді Серікбай да сыбырлап. – Бұл менің туған ағам – Кәріпжан қажы.

Намаз оқылып бітсе керек, сөздің аяғы арабша емес, қазақша болып кетті.

  • Найсап! Аһ, найсап! Естіп жатырмын. Бір ұрғашыға бола елді алатайдай бүлдіріпсің!

Қажы шаршап қалса керек, басын төмен салып отырып қалды. Кенет кішкентай шақша бас шошаң етіп көтерілді. Сұқ саусақ Шымданға қарай оқталды.

  • Зина! – деп айқай салды қажы. – Әйел емес мынау. Әйел бейнесіндегі зинаның нағыз өзі, мынау! Құтыл мына әзәзілден! Құтыл! Құтыл, Серікбай! Немесе құрисың. Тауық құрлы құның болмайды. Екеуміздің бір кіндіктен жаралғанымыз рас болса, осы айтқанымды орындайсың. Тура осы арада талақ тастайсың. Мына қаны қарайған салдақыны дәл осы арада байлап-матап Барақбай ауылына аттандырамыз.

Кәріпжан қажы Серікбайдың жанына келіп, жүзіне қадала қарады. Бұдан кейін не айтылмақ. Серікбай көзін төмен салып, оң қолының сұқ саусағымен мұртын шұқылап үнсіз қалды.

  • Көңіліңде алалық бар, — деді қажы шегіншектеп. – Жады болғансың, найсап! Теріс бата саған! Теріс бата! Өшір қараңды!

Шымдан мен Серікбай жол бойы үндескен жоқ. Көңілсіз ауыл екі-үш кезеңнің астында қалды. Бұлар ат басын өзен жағасындағы үлкен сазға тіреген. Жігіттер пәуескенің артындағы жәшіктен бір-бір орақты ала сала, белден келетін қалың шалғынды отап салды. Пайда болған шағын алаңды айналдыра қыл шылбыр тастап, шылбырдың әр жерін ер-тоқымдарымен бастырды. Күні бойғы жүрістен салыққан жолаушылар отты жағалай жамбастап жата кетті.

Шымдан мен Серікбай оюлы қалың текеметтің үстінде ұйықтамай ояу отыр. Мұстафа отты қағыстырып, үлкен самаурынға дем береді. Шымдан ошақтан көзін аударып аспанға қарады. Құж-құж қаптаған жұлдыз. Ұшы-қиыры жоқ қараңғы аспанға сансыз ауыл қонып, қисапсыз от жаққандай. Мыңдаған ошақтан шыққан жұпар түтін шалқи көтеріліп, тұтас өзенге – Құс жолына айналып, бұл жақта да ел барын, ол елде тіршілік-мүдде барын айғақтағандай, самаладай жарқырап баяу ағады. Балқып туған айға көзі түскенде, Шымданның жүрегі дір ете қалды.

  • Серікбай… есіңде ме, жайлау… біздің жайлау, — деді Шымдан алқынып. – Сонда да осылай еді-ау…
  • Иә, — деді Серікбай күрсініп. Шымданның басынан сипап, бауырына тартты. – Бәрі де есімде… Көп алаңдап абыржи берме, — деді сәлден кейін. – Үмітім зор. Бәрі де орнына келеді.

Не заматтан кейін Мұстафаның даусы естілді. «Мырза, тамақ дайын болды».

***

Қалың ел, алты ай қыс бойы там үйде қамалған, енді кеңдікте көсіле қонған қауым азғантай жүргінші топты арқасынан түсірмеді. Көңілді қоналқа. Думанды жол. Неге көңілденбеске. Алда қарауытып Семей тұр. Сусызға сусын берген, адасқанға жол сілтеген – шаһарлы Семей. Онда ұлық бар. Үлкен әділ билік бар.

Жетінші күні түске таман жолаушылар садақ сияқты иіліп аққан үлкен өзеннің жағасына келіп, аттарының басын әзер іріккен. Көгілдір буға бөккен дала маужырай керіліп жатыр. Алыста өзеннің арғы жағасында шағаладай аппақ үйлер, алтын күмбез көрінді.

  • Келдік, — деді Серікбай көңілдене. – Семей деген осы. Ал, мынау – ұлы Ертіс.

Шымдан алыстағы қаладан көз алмай тұрып қалды. Тымық ауада әлдебір дыбыс құлаққа талықсып шалынады. Шымдан ең бірінші ұсталардың қабаттаса ұрылған балғасының дыбысы ма деп ойлаған. Бірақ, уақыт өткен сайын әлсіз естілген дауыс күшейіп, енді аударылып-төңкерілген қуатты үнге айналды.

  • Бұл не? – деді Шымдан түк түсінбей.

Шымдан мен қалада бұрын болып көрмеген жігіттерге алма-кезек көз тастап тұрған Серікбай мырс етіп күлді.

  • Қоңырау, — деді содан кейін. – Қалада шіркеу бар. Орыстардың Құдайға құлшылық ететін жері. Уақыты тақағанда, қоңыраушы биік мұнараның басына шығады. Үлкенді-кішілі қоңыраудың бірінің жібін қолына алады да, бар пәрменімен тартып қалып, қоя береді. Осылай алақаны қызарып, қолы талғанша соға береді, соға береді.
  • Жалғыздың даусы сияқты естіледі екен, — деді Шымдан құлағын алмай тұрып.
  • Жігіттер! – деді Серікбай. – Не тұрыс. Іздеген Семей, міне, тұр. Кеттік.

Шағын топ қиқу салып, көз көрімде құбыла ойнап тұрған ақ шаңқан қалаға қарай аттың басын төкті.

***

Татар байы Смағұл өзінің тамыры Серікбайды жақсы қарсы алды. Іскер адамдарға тән әдетпен жолаушыларды аттан түсіре салысымен жөн сұрады.

  • Ояз бүгін қабылдамайды, — деген мән-жайға қанғасын. – Сондықтан бүгін кеш алаңсыз отырамыз.

Аттар қораға қойылды. Болыстың жігіттері флигель деп аталатын далаң үйге байдың жұмысшыларымен қатар орналасты. Аспазға тиісті нұсқау берілді. Осы елеусіз көрінгенімен, аса мәнді шаруаны тап-тұйнақтай қылғаннан кейін, Смағұл өзінің құрметті қонақтарына бұрылды да, ауланың төріндегі ағаштан қиып салған еңселі үйге қарай қолын сілтеп, жүруге ишара қылды. Бұлар есіктен кіре бергенде, алдарынан әдемі киінген, сұлу, жас келіншек шықты. Адаммен қытықсыз араласатын әдет танытып, ақ жарқын жүзбен Серікбайға қолын ұсынды.

  • Гюленвер.
  • Менің зайыбым, — деп қосып қойды Смағұл.

Гюленвер Серікбаймен танысып болған соң, Шымданды туған сіңлісіндей құшақтап, бетінен сүйді. Еркектер Смағұлдың бөлмесіне өтті. Гюленвер жаңа табылған сіңлісін ертіп, өз бөлмесіне кірді. Шымдан қала әйелінің тұрмысын бірінші көруі еді. Ұядай екі бөлменің бірі ұйықтайтын бөлме болса керек, қақ ортасында шымылдығы түрулі екі кісілік биік кереует тұр. Кереуеттің басы мен аяғына ағаштан, жезден ойып әшекей жапсырған. Жібек кестелі қытайы жамылғы. Шеті желбіршекті үлкен жастықтар. «Перина» деп түсіндірді Гюленвер. Бұл бөлменің терезесі бір жабар екен. Шегелеп тастаған. Ашылмайды. Ал, түпкі үйдің ерекше бір белгісі – терезесі айқара ашылады. Бір бұрышты тұтас алып үлкен айна тұр. Айнаның жанындағы үш аяқты биік үстелдің үсті толған – опа-далап, иіс май, әтір. Бір қабырғада киім қоятын үлкен қорап тұр. «Шкаф» деді Гюленвер. Тағы көптеген заттармен таныспақ еді. Кенет қоңырау шылдырлады. Түскі асқа берілетін белгі екен. Шымдан мен Гюленвер ас үйге кіргенде, жасаулы үлкен стол жанында әңгімелесіп тұрған Смағұл мен Серікбай бұларға қарсы жүрген. Смағұл Шымданды, Серікбай Гюленверді қолтықтап дастарқанға қарай жүрді. Шымдан етіне бөтен еркектің қолы тигенде, тіксініп дір ете қалған. Смағұл жетелеп алып келіп, арқалығы биік орындыққа нық отырғызып барып қолын босатқанда, жеңілейіп «уһ» деді. Серікбайдың жүзіне ұрлана көз тастады. Осылай болу керек дегендей, түк болмағандай жайбарақат отыр. Шымдан үй иесіне көз аударды. Бағана үйге кіргенде, одан кейін ас алдындағы шалт қимыл кезінде бетіне көз тоқтатып қарамап еді. Орта бойлы, ақ құба, толықша келген адам екен. Жүзі бір қарағанда момақан көрінеді: көзі жасаурап, әлдебір мұңлы ойды білдіргендей. Бірақ, кейде аяқ астынан жарқылдай күліп қалжың айтқанда, көзінде балаға тән әлдебір күлегеш ұшқындар пайда болады. Қонақ күтуде еркін, қарапайым екен. Қыр елімен бірге жасасқандай, арғы-бергі мәнді оқиғаларды жақсы біледі екен.

  • Сіздің әкеңіз Қыстаубай марқұмның жаны жаннатта болсын, өте момын, бірақ, ешкімге құл болмаған бірбет адам еді. Қайғыңызға ортақпын, Шымдан, — деген асты орталап қалғанда. – Иә. Жас кезімізде кіре тартып жүріп талай жауын-шашынға ұрынғанда, ол кісінің есігі біз үшін қашан да ашық еді. Дастарқаны қашан да жаюлы еді. Ажал шіркінге бәрібір ғой. Е-е, өмір-ай, десеңші!

Шымданның таңданысын сезсе керек, сәл жымиып алды да, сөзін ары қарай сабақтады.

  • Қыр қазақтары қаланы нашар біледі. Білуге тырыспайды да. Ал, біз, керісінше, қыр өмірін өте жақсы білеміз. Серікбай, Шымдан, мен өз өмірімнен көрген-түйгенімді айтайын. Уфаның лас көшесінің жалаң аяқ баласы едім. Переселен көшпен осы қазақ даласына келдім. Міне, осы елмен қырық жылдан астам уақыт жасасып келемін. Өз халқымдай болып кетті бұл қазақ… Оның жақсысына қуанам. Кем-кетігіне күйінем. Мына сізді алайық, Серікбай, тағы да өзім көрген көптеген адамдарды алайық. Сіздер бір-бір елге тұтқа боларлық ойлы, зерек азаматсыздар. Бірақ, қазақ қауымы ондай іске мойын бұрғызбайды. Ылғи ұсақ-түйек дау-шар, жанжал, тағысын тағы. Жо-жоқ, Серікбай, Шымдан. Көңілдеріңізге келмесін, мен сіздерді осындай өнбейтін дауды іздеп келді деп отырған жоқпын. Айтпағым мүлде басқа нәрсе. Осы келістеріңіздің өзінде де үлкен мән жатқан жоқ па. Қонақай әулеті осы ылаңды індетпесе, сіздер жер түбіндегі Семейге келер ме едіңіздер?!

Томсырайған Гюленверге, үнсіз қалған Серікбай мен Шымданға қарап бір сәт отырды да, мейірлене күлді.

  • Сөзім жүйесіз болды, білем. Өкпелеп қалдыңыздар. Шын жүректен кешірім өтінем.

Гюленвер мен Шымданның алдындағы хрусталь фужерлерге толтыра шарап құйды. Табақтарына қазы мен қартадан салды. Серікбай мен өзіне үлкен құмырадағы романеядан құйды.

  • Қайдағыны айтасыз, — деді Гюленвер бұртиған күйі. – Они по своему ищут правду. Жизнь такова.
  • Жарайды, жарайды, — деді Смағұл. – Айттым ғой, шын жүректен кешірім өтінем, деп.

Көңілде пайда болған кірбің лезде жоқ болды. Кеш өте көңілді өтті.

***

Ертесіне Серікбай мен Шымдан ояздың кеңсесіне аттанды.

  • Секе, — деді Смағұл шығарып салып тұрып. – Қолымнан келген көмегімді аямаймын. Қысылмаңыз. Айтыңыз. Тамыр-таныс… тіпті, жетпей бара жатса, қаржы да табылады. Және кетер-кеткенше осы үйде боласыздар, осы үйден аттанасыздар.

Болыстың қос ат жегілген пәуескесі Семейдің таңғы ұйқыдан арылмаған көшелерінен өтіп, ояздың кеңсесіне – екі қабатты, жапырлаған көп терезелі ақ үйге келіп тоқтады. Тастан қиыстырып қалаған басқышпен жоғары көтеріліп, қос жаппалы есікке тақағанда, Шымданның жүрегі дүрсілдеп кетті. Серікбайға қараған. Ол «аптығыңды бас, бұл ысынып-суынатын жер емес» дегендей көзін жалт еткізе бір қарады да, шығыршықты жез қоңырауға қол созды. Есік бұларды күтіп тұрғандай лезде-ақ ашылды. Ар жағынан оқалы киім киген, орта жастардағы сұсты адам шықты. Бұларға сұраулы жүзбен қараған. Ояз осы шығар деп ойлаған Шымдан бойын тіктеді.

  • Бұл есіктегі күтушісі ғана, — деді Серікбай. Содан кейін жаңағы адамға тік қарап, орысша тіл қатты. «Доложите Его Сиятельству. Волостной управитель Серикбай Абдрахманов по очень важному делу».
  • Извольте-с, — деді күтуші. Лып етіп ішке кіріп кетті. Көп ұзамай қайта шықты. – Пожал-те-с…

Бұлар ішке кіріп, күңгірлеп тұрған үлкен бөлмелерден, әлденеше есіктен өтті. Ақырында оюлы, биік есікке келгенде, Серікбай үсті-басын қолымен бір сипап қатая қалды. Шымдан ояздың қабылханасына келгендерін ұғып, бұл да киімін түзеді.

  • Я, Алла, жолымды оңғар, — деді Серікбай. Жез тұтқаны баяу тартып есікті ашты да, Шымданға кіруге ишара қылды. Шымдан қорқақтай басып табалдырықтан аттады да, тұрып қалды.

Бұл ояздың ауыз үйі еді. Ат шаптырым кең. Төбесі биік. Терезелері екі жақ жақтаулары көтеріліп келіп сағана тамның күмбезі сияқты иіліп кетеді екен. Қызыл ағаштан жасалған ауыр есіктің түбінде ғажайып өрнекті, буылтық-буылтық шомбал аяқты үлкен үстел тұр. Столдың басында үсті-басы қара ала, сары ала оқадан көрінбейтін отыздар шамасындағы жігіт отыр. Ояздың хатшысы екен. Шашы мен мұрты сап-сары. Ерні жұқа көрінді. Бұлар есіктен кіргенде, орнынан тұрмаған күйі көзін кеңірек ашып, ақырын тіл қатты.

  • С кем имею честь?

Серікбай Шымданнан сәл алға озып шықты да, басын болар-болмас иді:

  • Я — волостной управитель Ельгонды-Каржауской волости Серикбай Абдрахманов.

Хатшының даусы да нық шықты.

  • Чем могу служить?
  • Прошу записать нас на аудиенцию к Его Сиятельству, — деді Серікбай.
  • Минуточку. – Хатшы стол үстіндегі қағаздарды сапырылыстырып қарай бастады. – Так-с. Абдрахманов… Абдрахманов-с…

Іздегенін таппады. Орнынан созалаңдай көтеріліп, бұрышта тұрған есігі айқара ашылатын шкафқа барды. Аяқталған істер сақталады екен. Әбден ақтарды. Ақыры бір үлкен парақ қағазды бажайлай оқыған күйі орнына барып жайғасты. Алдындағы іске ұзақ тесілді. Тіпті сұраушылар барын ұмытқандай. Небір уақыттан кейін орнынан тұрды. Киімін түзеді. Содан кейін қолын жайып, қинала күлімсіреп тіл қатты.

  • Прошу прощения, господа, но аудиенции не будет…
  • Как это так? – деді Серікбай алға ұмсынып. – Я ничего не понимаю, милостивый государь! Извольте объяснить.
  • Как вам сказать, — деді хатшы сол қиналған күйі, — Об этом весьма скандальном деле Его Сиятельству уже подробно доложено. И заметьте, доложено в весьма неблагопристойном свете…
  • Кем доложено? – деді Серікбай булығып.
  • Об этом говорить не велено, — деді хатшы жалма-жан.

Бір сәт зілдей тыныштық орнады.

  • Ждите повестку, — деді хатшы түңіліске толы үнсіздікті бұзып. – К середине лета намечается инспекция отдаленных волостей нашего уезда. Его Сиятельство намереваются решить этот спор там же, на месте-с. – Қабылдау осымен бітті, дегендей, басын иді. Басын қайта көтергенде, Шымдан хатшыны танымай қалды. Түсі суық. Мүлдем бөтен, ат жанаспайтын адам. Көзінде бағанағы немқұрайды суық жарқыл.

Бұлар салы суға кетіп қайтып келгенде, Смағұл үйде жоқ екен. Түскі асқа бір-ақ келді. Болған жайды естіп, қатты қиналды. Ұзақ ойланды.

  • Куницынге бару керек, — деген үнсіз өткен астың аяғында. – Ояздың көмекшісі. Жақсы адам. Тура үйіне бару керек. Бүгін… Осы қазір.

Үшеуі із суытпай жүріп кетті. Ояздың көмекшісі түкпір көшенің бірінде тұрады екен. Өзі шығып қарсы алды.

  • О, Смағұл Валиевич, — деген, орта бойлы, мейірбан жүзді адам Смағұлдың қолын алып жатып. – Қай Құдай айдап келді сізді?

Серікбай мен Шымданға да құрметпен сәлем берген. Смағұл екеуі аулағырақ шығып, шүңкілдесіп сөйлесті. Ара-арасында ояздың көмекшісі бұларға жылы ұшырай қарап қояды. Содан кейін Смағұл: «Ал, Секе, мына кісі тұтқаның біразын ұстап тұр. Өздеріңіз сөйлесіп көріңіздер. Кешке жолығысамыз», — деп, кетіп қалды. Бұлар үйге кірді. Үй иесі дәлізде біраз бөгеліп, танысу рәсімін жасады.

  • Менің аты-жөнім – Петр Васильевич Куницын. Петр Васильевич дей берулеріңізге болады, — деді.

Сосын есікті айқара ашып, қонақтарын ішке кіргізген. Бірінші бөлмеде жасаулы дастарқан тұр екен.

  • Бұл орыстың түстен кейінгі шайы, — деген үй иесі. – Аграфена Никитична, давайте чай.

Төр үйден толықша, егде тартқан әйел шықты. Үстінде етегі жерге сүйретілген қоңыр гүлді қара шыт көйлек. Сирей бастаған шашын баппен өріп, төбесіне айналдыра салыпты. Қонақтарға күлімсірей тіл қатты. – Пожалуйте к столу, гости дорогие.

  • Неғып кешіктіңіздер? – деп сұрады үй иесі шай үстінде.
  • Қазаға қайрылдық, — деді Серікбай.
  • Иә-ә, — деді Петр Васильевич Серікбайдың жүзіне ойлана қарап, қолындағы стақанды ары-бері айналдырып. – Қазаға қайрылдыңыздар. Ал, Қонақай әулеті бұл кезде шаруаны тындырып үлгерген сияқты.
  • Маған қарамаңыздар, — деген одан кейін орнынан тұрып. – Іше беріңіздер. Мен темекі тартып алайын.

Терезе алдына барып, қорқорды тұтатып, ұзақ-ұзақ ойланған. Содан кейін сәл қырылдаңқы кесек дауыспен сөйлеп кеткен.

  • Бұл жай осыдан қырық шақты күн бұрын болған. Күндегі әдетпен кеңсеге келдім. Оязда біреу отыр екен. Қыр қазағы. Қасқыр ішік, түлкі тымақ… Шешен адам екен. Екі жағына кезек қаранып, екпіндетіп есіп-есіп сөйлейді. Орта бойлы, қызыл сары. Көзі көк. Ояз маған дереу жазуға бұйырды. Осы сіздер айтқан әңгіме. Әрине, тонын теріс айналдырған. Шынымды айтсам, жөнді сенбедім. Бірақ, былапыт тілмен айтылған аса лас хикаяны жазуға мәжбүр болдым. Менің ойымша, сіздердің үкімдеріңіз сіздер жолға шықпай жатып-ақ айтылып қойған сияқты.

Сәл үнсіздік орнады.

  • Жөгі атам дұрыс айтқан екен, — деді Шымдан шарасы таусылып. – Ертерек шығу керек еді.
  • Шымдан, кешіріңіз, — деді Петр Васильевич, — Сіз «Жөгі» дедіңіз бе? Айтып отырғаныңыз қай Жөгі? Байсарының Жөгісі ме?
  • Иә, — деді Шымдан таң қалып. – Оны қайдан білесіз?
  • Түйіскен жерімізді қара, — деді өзімен-өзі болып кеткен Петр Васильевич мұңлы жымиып. – Адаммен адам қайтсе жолығысады екен-ау…

Шымданға бір, Серікбайға бір қарады.

  • Мен Жөгімен баяғыдан таныспын… дәмдеспін. Ол кезде мен жас едім. Шекарада әскери қызметтемін. Сол бір жылдар естен кетпейді. Әй, Жөгі! Әбден әуреге салды-ау. Ондай барымташыны көрген емеспін. Жанында атақты із кесер Манияз бар. Салды сайранды. Монголия, Ерен Қабырғадағы қалмақ… жосылтпаған жері жоқ… Тура тұмсығымыздың астынан үйір-үйір жылқы айдап өтеді. Ұрымтал жерге тосқауыл қоямыз. Ала жаздай соңынан салпақтаймыз. Шалдырмайды. Иә. Ақырында Манияз өлді деп естідім. Көп ұзамай Жөгі ұрлықты қойды дегенді және естідім. Қызық. Бір күні алдымнан шығады деп ойлаған емеспін.

Петр Васильевич тағы үнсіз қалды.

  • Хош, — деді одан кейін серпіліп. – Сіздерге қалада қалудың керегі жоқ. Қайта беріңіздер. Хатшы рас айтады. Жаздың аяғына таман ояз шалғай болыстарға тексеру жұмысымен және кезекті нәпақасын жинауға барады. Сол кезде жолай осы дауды да шешуге тиіс. Мен сіздерге тілектеспін. Барынша көмектесуге тырысамын. Оязға тағы кіремін.
  • Айтпақшы, ұмытып барады екенмін, — деді қоштасып тұрып. – Дауға қатысатын билердің аузын алуға тырысыңыз.

Серікбай былай шыққасын күліп, басын шайқады.

  • Қызық адам Петр Васильевич. Бәрін біледі. Бірақ, қазақта билердің аузын алу жоқ әдет екенін білмейді. Ал, біздің үкіміміз, – деді одан кейін, — кеше емес, қырық күн бұрын емес… әлдеқайда бұрын… біз тумай шығарылып қойған сияқты…

***

Жайлау қызықсыз болды. Болыстың ауылы өзінің жылдағы еншілі жері – Балқыбектің бойындағы салқын сазға қонды. Желі толған құлын. Сары қымыз. Бірақ, көңілге қанат бітпеді. Шымдан жаз бойы мазасыз ой жетегінде жүріп, дүниенің бар қызығын ұмытқан. Қара шаңырақта түтін түтеткенсіп отырған, қырық жерден ауру шешесін ойлайды. Өзін анық ажал тырнағынан алып шыққан Нағ апасын ойлайды. Кісі қолынан өлген әкесін, інісін сағына еске алады. «Бәріне мен кінәлі… мен» — дейді күрсініп. Шыбынсыз жаздың талма түсінде де, әупілдектің әніне ұйыған, бозғыл тұманды, самала жұлдызды сырлы түнінде де маза таппады Шымдан. Жегідей жеген қайғы, күмәнді болашақ жаңа жетілген көңілді тапап тастағандай. Екі жастың біріне де келмеген Шымданның кең маңдайын қақ жарған, қасірет көлеңкесіндей әжім пайда болды.

Шілденің ми қайнатқан аптабы өтті. Далада салқын самал ойнап, күздің демі білінді. Айтылған мерзім. Болыс ауылы етекке жіберетін кісісін қамдап жатқанда, көптен күткен хабаршы да жетті. Баяғы хатшы. Ояздың хатшысы. Мүлдем танымайтын адамдай сәлем алыспастан, тілдей қағазды, шақырту екен, Серікбайға ұсынған да, аруақ көргендей тырағайлап шаба жөнелген. Үрпиіскен ауыл адамдары Серікбайдың жанына келді. Серікбай басқаға қаратпай тек Шымданға тіл қатты. «Бүрсігүні» деген. «Бүрсігүні Батпақтың бойында… Жинал» деген.

***

Петр Васильевич дау болатын күннің таңертеңінде, бұлар Батпақтың бойына орнап үлгерген қырық үйлі ауылдың шетіне келіп, алты қанат ақ үй тігіп, ұзақ күтіп, ақыры үміт үзіле бастаған шақта бір-ақ келген. Сәлемнен кейін дастарқанға отырған кезде, көп созбай болған жайды айтты.

  • Сендер қаладан қайтқаннан бастап, мен осы істің басы-қасында болдым. Оязды иліктірудің амалын іздедім. Бірақ… – Петр Васильевич қолын жайып күрсінді. – Амал қанша. Бұратаналардың, кешіріңдер, бұл сөзді мен ойлап шығарған жоқпын, бұратаналардың арасындағы дау-шардың ақ-қарасын айырып, әділ үкім табуды ояз өзінің кісілігінен төмен нәрсе деп санайды. Алдымен жетіп, параны көбірек берген адамның сөзі – сөз. Және бұл барлық жерде болып жатқан жайт… Патша мен жергілікті бай-манаптар ауыз жаласқаннан кейін, кедейдің күні осы болғаны да…

Бір-екі шыны шайды іше сала орнынан тұрды. Есікке барып күрсініп, бұларға қараған. Шымдан сонда ғана осы жылы жүзді орыстың қаншалықты босап тұрғанын сезді.

Петр Васильевич есікті ашып тұрып: «Сендерді қазір екіге бөліп жібереді. Сондықтан сөйлер сөздеріңді осы арада келісіп алыңдар», — деді. Содан кейін ақырын басып шығып кетті.

***

Билер мәжілісі салған жерден тығырыққа тірелді. Қонақай әулеті әкіреңдеп, өкім көрсете сөйлеген, Медет жағы тайсалмаған.

  • Ей, Медет, — деген алдымен сөз алған Дайрабай би. – Сыртқа қыз бермейтін, берген қызыңды қайырып алатын заңың не деген жаман еді? Осы жолда бас тігіп, қан төгуден тайынбайтын ерің не деген затсыз еді? Аруағыңнан айналайын Қонақай өлерінде, осы Медетпен бір туысатын кездерің келді, деп еді. Медеттің кедейі болса да, үйлісі Қыстаубайдың қызын Барақбайдың Қонақайдай сыйлысы сұрады. Екі елдің мерейі тасар-ақ дедік. Ақтылы малымызды айдадық. Ақ сақалымызды төседік. Бірақ, қызың қар, ерің қор болып шықты, ей, Медет! Татулыққа деп берген қызыңның етегін жел соғып кетіпті. Осыған жауабыңды бер!
  • Ей, Барақбай! – деген Қартбай би қамшысын ортаға лақтырып тастап. – Шын ел болуға ниеттенген болсаң, тұлпарымның кетілген тұяғын нұқыма. Қайта күміспен шекіп жібер. Қосымның жыртығын шұқыма. Жамап-жасқап білдірмей жібер.
  • Артынан дау шығарарың бар, өзегі жаралы қызды неге аласың? – деді сөзге тұтқиылдан кірген Есмағамбет би. – Сөз шыққаннан кейін малын қайырып алса, Жарылғап мырзаның қолын кім қақты? Малын Медеттің басқа үйіне аударып, басқа қызды аламын десе, кім қой деді?
  • Ей, Медет, — деді Барақбай биі Жақып. – Құныкерімсің. Мына қос сайтаныңның жолында азаматым мерт болды. – Сұқ саусақ тікесінен тік тұрған Серікбай мен Шымданға қадалды. – Өткен боқырауда Райымхан бастаған топ ауылымызды шауып кетті. Артынан қуып шыққан жігіттерді тегіс соққыға жыққан. Қазір азаматым оңала алмай жатыр. Қан құсып жатыр. Қонекеңнің қасиетті малы ешқайда кетпейді. Қайтады. Менің айтпағым – сол тұра алмай жатқан ерлерге бөлек құн төлейсің.
  • Жақып би, — деген Қартбай қайтадан сөз алып. – Құн сұрасақ, біз сұрайық. Ауылымызды шауып, қызымызды өңгеріп әкеттің. Қанша кісімізді жазым еткеніңді білесің бе?
  • Онда менің шаруам жоқ, — деген Жақып. – Ол сернеге дейін болған жай. Оны серне жуып кетті.
  • Серне болса, сол сернең Шымданның абыройын неге жуып кетпеді, — деді Қартбай мырс етіп. – Не бықсытып отырсың, Жақып?

Жақып үнсіз тұқырып қалған. Қартбай күшіне енді.

  • Ей, Барақбай, құн сұрасақ, біз сұрайық. Қызымыздың пұшпағын күшпен қанатыпсың, шикі шаранасын итке жегізіпсің. Сол шарана арыстай ұл, арыстан ер болмасын қайдан білдің? Оның құнының қанша боларын қайдан білдің? Жаман салт, ездікті сенен көрдім. Мырзаң Жарылғап адамның намына кір келтірді. Қызымызды кісенмен ұстапсың. Бұл қай сұмдығың, ей, Барақбай! Осы жиында Жарылғаптың басы неге тартылмайды? Кімнің әулиесі ол?

Билер ашық жанжалға шығып, ақылдан гөрі доңайбатқа көше бастаған. Төрде отырған жетекші би Арғынбек – сақал-мұртын қырау шала бастаған, ақ сұр, суық өңді адам қолын көтерді.

  • Билер! – деген салмақпен. – Сіздер мұнда дау шешуге келдіңдер ме, әлде жаңа дау шығаруға келдіңдер ме? Ымыраға келіңдер. Қызыл қамшы мен қақ сойыл – ең оңай жол. Билік қуып, салтанат құрмай-ақ, сол кең далада жүріп сілтесе беріңдер олай болса.

Сәл тыныштық орнады. Одан кейін… манағы дау қайта басталды. Барақбай жақтың билері ел бірлігіне, ел шырқына салмақты көбірек салып, еңсеріп жеңуге айналған.

  • Қай Құдайға барсаң да, менің сөзім дұрыс, — деген Дайрабай. – Атастырылған жері бар, ен тағылған қыз бен ел ағасы Серікбай – екеуі күнәһар. Айтсын екі сайтанның екеуі де, қашан, қай жерде басталған екен бұл әуейілік…

Жұрт Шымданға қараған. Жетекші би бірдеңе деді. Қашан басталды, деген болу керек. Бірақ, өз ойымен өзі болып кеткен Шымдан ештеңе естімеді. Жағасында салқын самал ойнаған мейірлі Аякөз елестеді. Күмбірлете күй төккен асқақ Көгілдір. Бәрі де баяғыдай… Тылсым ақ нұрға бөленген жайлау. Шыққа малынған жібек шалғын. Қасында… Серікбай. Әлуетті қолдарымен белінен құшып, бауырына тартты. Аласұрған көңілге қанат бітіп, көкке қалықтай көтерілді. Дүрия дала! Сенен артық төсектің керегі не? Көк аспан! Сенен артық жамылғының керегі не? Аппақ ай! Сенен адал атқосшы бар ма!

Шымдан жетекші биге не айтқаны есінде жоқ. Тіпті сұраққа жауап берген-бермегенін білмейді. Өзінің жылап тұрғанын аңдады. Осы кезде етек жақта елеусіздеу отырған бидің біреуі қамшысын жоғары көтерді:

  • Дат!
  • Айт датыңды, — деді Арғынбек би.

Би, қайқы қара қасты, қылаң жүзді, кішіректеу қой көзді, қылшылдаған жас жігіт қамшысын ортаға тастады да, сол қолымен беліндегі жалпақ белбеуді қыса ұстап, оң қолының алақанын сыртқа қарата созып, сөйлеп кетті.

  • Қадірменді билер! Қара таста ғана тамыр болмайды. Ал, тірі жанның әрбір демі, әрбір қадамы Тәңірінің алқауынан туындамақ. Дүниеде Тәңірінің бары қандай хақ болса, аспанда ай мен күннің бары қандай хақ болса, табанның астында қара жердің бары қандай хақ болса, адамда өзектің бары да сондай хақ. Ол өзектен ыстық қан ағар еді, жан ағар еді. Міне, қыс келеді. Бірақ, мәңгі қыс емес. Мезгілі жетеді. Аспанда Күн тасиды. Тоң боп қатқан жерге жан бітірген, сай-саланы суға толтырып, балық жүздірген, шөпті көк еткен, аспанды зеңгір етіп, құс ұшырған батыр Күннің өктемін кім тоқтатпақ!.. Ал, сәуірдің ақ шапағымен келетін жан көктемін кім тоқтатпақ!

Уа, алтын тонның жағасы! Айтшы, кәне, жақсы құрбымен қыр аспадым деп, сырласпадым деп! Күймедім деп, сүймедім деп, айтшы, кәне!.. Айта алмайсың ғой… Айта алмайсың…

Сәл тыныштық орнады. Жұрт тұқырып кеткен еді. Үйдің ішін жас бидің кіреуке мұң торлаған құлаққа жағымды мақпал даусы қайтадан жайлады.

  • Қадірменді билер! Жігіттіктің, серіліктің асқарына шыққан, кемел ағалар! Олай болса, мына тұрған Серікбайды бір кездегі өздеріңе, талай қияға, қиын тасқа түсіп қиналған өздеріңе балаңдар. Мына тұрған Шымданды осы күнге жеткені бар, жете алмай қапаста көз жұмғаны бар, өздеріңнің сүйген жарларыңа балаңдар. Содан кейін күнәсін таразылаңдар. Билер! Мен айтарымды айттым. Қалғаны сіздердің құзырларыңызда.

Бұл жолы зілдей тыныштық орнады. Билер біріне-бірі қарамауға келіскендей, бәрі жер шұқып кеткен. Үнсіздікті Арғынбек би бұзды. Даусы қарлығып шықты.

  • Бәрекелді, Бекбосын. Майқыдай тату бидің сөзі бұл.

Жұртқа жағалай көз тастады.

  • Билер! Тоқтайық осы сөзге.

Билердің бәрі бірдей құлап түспесе де, дені Арғынбекті қостаған. Дұрыс, дескен дабырласып. Енді кесімді сөз айтылсын.

  • Кесімді сөзді Бекбосынның өзі айтсын, — деді Арғынбек би. Осыдан кейін жұрттың бәрі жас бидің аузына қараған.
  • Хош, — деді Бекбосын басын жоғары ұстап. – Құрметтеріңізге рахмет… – Кеудесін кере дем алды. – Кесімді сөз мынау: Жарылғап мырза Медеттің оң жақта отырған қыздарының қайсысына жіп тағамын десе де, қалауы. Бірақ, естеріңізде болсын, бұл арада да ағайынның ықтиярлы болғаны керек. Барақбай баласы. Үнемі сақалмен, малмен кимелей бермей, сен де бір уақыт жөнге кел. Ағайынның ығын тап, қыздың тілін тап. Сонда ордаң биік, қордаң тыныш болады. Ал, Шымдан Қыстаубайқызының басы азат етілсін. Содан кейін, бұл енді, зия дауының басты шарты – Қыстаубай әулеті қалың малды үш жылқы өсімімен қайтаруға тиіс. Ол малды қайдан табады, қалай қайтарады – Медеттің өзі біледі. Билер! Білем, елдің бәріне жағу қиын. Бірақ, бұдан оңтай шешімді тағы таппадым. Менің сөзім — осы. Қосатын сөзіңіз болса, айтыңыз.

Бұдан кейін мәжіліс қалыпты жүйеге түскен. Кесімді сөз айтылған соң, билер саябыр тартып, енді жұрт алдына шығамыз ба дескен. Шымдан жеңілейе күрсініп, Серікбайға қарады. Серікбай қуана толқығанын жасырып, төмен қарады. Осы кезде сырттан қатты дабырласқан дауыстар естілді. Сол сәт есік қатты серпіле ашылды да, сырттан іркес-тіркес бір топ адам кірді. Елдің алдындағы оқалы әскери киім киген, сары шашты еңгезердей адам ешкіммен сәлемдеспеген күйі, ентелей басып, төрге озған. Билер ығысып жол ашқан. Жаңағы адам жандаралдарын соңынан шұбыртқан күйі, арт жақта тасада тұрған жозының ең биік жеріне орналасты. Шашақты ақ дастарқанның үсті түрлі-түсті шөлмек, табақ-табақ ет, қымыз. Өктем қонақ қырлы үлкен құтыдан тостағанға әлдебір мөлдір сұйықты құйып алды да, басын жоғары көтеріп, аузына қотара салды. Құшырлана «Қха» деді де, бір жапырақ етті иіскеп, орнына қойды. Сұраулы көзін Арғынбек биге қадады. Би орнынан тұрған. Шымдан сонда барып бұл адамның ояз екенін ұқты. Жүрегі сыздай ауырып, істің артын күткен.

  • Мәртебелі ұлық! – деді Арғынбек би салтанатты дауыспен, — Билер мәжілісі мынадай ұйғарымға келді…

Ояз көзінде, бүкіл бет-әлпетінде әлдебір кекесінді күлкі ойнаған қалпында Арғынбек биді бөлмей, бастан-аяқ тыңдаған. Содан кейін таза қазақша сөйлеп кетті.

  • Шалғай болыстарды тексеру ойымда баяғыдан бар еді. Бірақ, қол тимей жүрген. Биыл жазда сәті түсті. Міне, бір ай болды, Елқонды-Қаржау, Арғанаты, Едірей болыстарын аралап келеміз. Ел мен жердің жайына қандық. Көп мәжіліске қатыстық. Мына бүгінгі билердің кеңесін көрдік. Бір нәрсе айдан анық – ел босаңсып кеткен. Босаңсып кеткенсіңдер. Қара халқың да, биің де, болысың да. Мысалға, Арғынбек би, сен айтасың, билер мәжілісі пәлен-пәлен шешім қабылдады, деп. Ал мен бұл шешім дұрыс емес деймін.
  • Бұл – халық соты, — деді күреңіте қызарып кеткен Арғынбек би. – Халық сотының шешімі.

Ояз көз қиығын екі қапталына кезек тастап алды да, «мынаны көрдіңдер ме» дегендей, басын Арғынбек биге қаратып, шекелей шұлғып қалды. Өңшең алтын иық жандаралдар мырс-мырс күлді.

  • Арғынбек би! Билер! – деді түсі суып кеткен ояз. – Әттең… ақылдарың өздеріңнің сақалдарың сияқты ұзын болса ғой. Қай жерде, қай заманда өмір сүріп отырғандарыңды ұмыта бастапсыңдар. Естеріңе салайын. Қазір он тоғызыншы ғасыр. Сендер ақ патшаның үмбетісіңдер. Ұлы Россия – бөлініп-жарылмас біртұтас империя. Ал, империяның жерінде бір ғана сот бар. Ол – империялық сот.

Ояз басы салбырап кеткен Арғынбек биге қадала қарап, біраз отырды да, жадырай күлді. Шымдан тіксініп қалды. Ояздың көзі мұздай суық күйінде қалады екен.

  • Жарайды, — деген ояз одан кейін. – Сен маған өкпелеп тұрсың, Арғынбек би. Бірақ, ойлашы өзің. Мына екеуіне теңдік бердік. Бұдан кейін Қойшыбай келеді. Оның ізін басып Қамысбай келеді теңдік сұрап. Босаңси берсең, үкіметте, билік атаулыда не салмақ қалады? Тілегін қабыл ете берсең, қалған жұрттың көңіліне күпірлік кірмей ме? Ал, ертең қалың қайсақ тегіс атқа қонып, басына теңдік сұрап келсе, алдымен сенің шаңырағың шайқалмай ма, ей, данышпан би!

Ояз елдің бәріне сынай қараған. Осы кезде Бекбосын би екі иығын қомданып, тамағын кенеген. Ояз арс ете қалды.

  • Кім де болсаң тыныш отыр! Саған келген сөз жоқ!
  • Білем, — деген одан кейін тағы да жағалай көз тастап. – Білемін, көмейлеріңде тұрған сөзді. Мынау тұрған Серікбай қара табан кедей емес, өзі болыс, өзі бір кездерде қадірлі бай Әбдірахманның баласы демексіңдер ғой. Ал, мен айтсам, — ояз сұқ саусағын жоғары көтерді. – Серікбай Абдрахмановтың кінәсі екі есе ауыр. Патша сеніп тапсырған қызметте жүріп, осындай шатақ іске ұрынғаны үшін… тиісті жазасын алады.
  • Үкіміңізді айтыңыз, тақсыр, — деді Арғынбек би басын жерден алмай күңгірт дауыспен.

Шымданның екі шекесі шанышқылағандай болып, өне бойын тер жапты.

  • Үкім былай, — деді ояз алақанын шарт еткізіп. – Серікбай өзінің сүйгенін Барақбай ауылынан алып шығарда, алты кісіні мерт қылған. Осы адамдарға жүз елу жылқы құн төлейді. Содан кейін осыншама әуренің, осыншама сабылыстың төлемі ретінде тағы жүз жылқы төлейді. Екі жүз елу жылқы. Ал, мен өз тарапымнан үш жүз сом күміс ақша штраф салам.

Ояз маңайына көз тастады. Ешкім үндеген жоқ. Ояз бипаздай сөйлеп ары асқан.

  • Серікбай Абдрахманов бұдан былай болыстық сияқты жауапты қызметте жүре алмайды. Мен қазірден бастап болыстықтан аламын және оның шен-шекпенін жоққа шығарамын…

Ояз «осыным қалай» дегендей, билерге қараған. Бірі төмен, бірі бет алды төбеге қараған билер ләм-мим демеді. Ояз шатынаған көзін Серікбайға қадады.

  • Погоны и знаки на стол, мерзавец!

Серікбай ақырын басып ояздың алдына келді де, мойнындағы жез алқаны, кеудесіндегі әлдебір сылдырмақтарды, иығындағы әлдебір желбіршектерді бір-бірлеп ағыта бастады. Ақырында бір уыс темір мен шашақты шүберекті ояздың алдына сау еткізіп төккен. Ояз маңайындағы жандаралдардан кешірім сұрағандай қолын жайды.

  • Ради сохранения спокойствия на окраинах империи, ради благоденствия царствующей фамилии и столбового дворянства, мы вынуждены пожертвовать одним чумазым киргизом.
  • За такие делишки полагается рвать ноздри и в Сибирь, — деді жандаралдардың бірі Серікбайға ызалы жиіркенішпен қарап.
  • Нет, — деді ояз күліп. – Это слишком большой соблазн для враждебной партии.

Шымданның тамағына тас түйіртпектеліп, көзіне жас келді. Серікбай… ерлігіне, ірілігіне өзі талай сүйсінген Серікбай… үнсіз тұр. Тек күреңітіп кеткен қалың қабағынан, теңселген шарасыз тұрысынан, салбыраған иық пен сұлқ түскен қолынан оның қаншалықты дәрежеде қорланғанын, қаншалықты дәрежеде сынғанын аңдауға болар еді.

Ояз тобы дүрк көтерілген. Жұрт аңырып біріне-бірі қарады. Алдымен ес жиған Арғынбек:

  • Мәртебелі ұлық, — деген ояздың жолын кес-кестей. – Ал… Шымдан ше… Оның жайы не болмақ?
  • Қызықсыңдар, сендер қазақтар, — деді ояз мырс етіп. – Не болушы еді? Бұл әйелдің күйеуі тірі ме? Тірі. Яғни, о баста атастырылған жеріне барады. Бұл туралы тіпті сөз болмауы керек.

Шымданның есі шығып кетті. Не дейді? Қайтадан… қайтадан Қонақай ауылы… Сол баяғы ит қорлық… Жоқ… Серікбай… жаным Серікбай… Опасыз дүние сенің де жер болғаныңды көрсетті-ау. Жиынның қалай тарағанын Шымдан көрген жоқ. Әлсіз шешесінің барып Жарылғаптың аяғына жығылып, жалынып-жалбарынғанын, жылап тұрып «қолымнан алыңдар, ауру еді, жазылсын» деп сұрағанын білген жоқ.

***

Бүгін ғана емес. Іштен қан кетіп, үздіксіз құсқанына, міне, алты күн болыпты. Маңайдағы бақсы-балгер, құшнаш-тәуіп атаулының бәріне қос аттап кісі шаптырылған екен. Біреуі келмепті. Ақыр соңында қара суды теріс ағызған, әулие атанған бақсы Кенжебай келеді. Кенжебай — Серікбайдың жақсы досы. Келген екен. Есінен адасып жатқан Шымданның тамырын басып, ары-бері қарап, «қылқын» депті. Бұл аурудың аты – қылқын. Серікбайға «артын күт» депті. Жан ауруына ем қонбайды. Бекем бол, депті. Бір сәтке ғана есі кірді. Серікбай, жағы сорайған, жүдеу… Бұдан көз алмайды. Шымдан қолын созып, жеңінен сипады. Бірдеңе айтпақ еді. Бірақ, айта алмай қалды. Әлдебір қап-қара тылсым үстіне жаныштай құлады. Сол сәт жарық дүние соңғы рет зымырай жарқ етті де, жоқ болды.

***

Марқұм аруланды, тыныстатылды. Содан кейін дүрк көтерілген жұрт киіз тұлыпқа салынған Шымданды қара жерге көміп қайтты. Жетісі өтті. Қырқы өтті. Қанша отырмақ, жұрт та тарасты. Қаңыраған үйде жалғыз Серікбай қалды. Күні-түні жатады да қояды. Не ұйқы, не өң емес. Жүрек айнытқан ылай көңіл… азапты күндер еді бұл. Кей-кейде ауыл сыртындағы қырқаға шығып, күзгі көңілсіз даланың алыс жиегіне көзін мағынасыз қадап отырып қалады. Тек жігіттердің бірі келіп асқа шақырғанда ғана ес жиып, жан-жағына қарап, кеш батып, ай туғанын байқар еді. Бірде сабалаған суық жауынның астында кешке дейін отырыпты. Шай үстінде қарындасы Нұрғаным:

  • Секен, сергісеңші, серпілсеңші, — деген аянышпен. – Азамат емеспісің. Өлсе, Шымдан өлді. Елің идерімен қырылған жоқ. Қызығың, шыжығың таусылатын шақта емессің. Ас алшы.
  • Иә, — деген Серікбай Нұрғаным ұсынған бір кесек етті зорлықпен шайнап жұтып жатып. – Ел аман. Бірақ, сол елдің ішінде Шымдан жоқ!

Кешкісін ыстығы көтеріліп, құлап түсті. Содан кейін ештеңе білмейді. Қайдағы бір ұжмақ елестеді. Қордың қыздары. Сарқырап аққан таза бұлақтар. Хауыз. Қызық. Бұрынғы аталары екен дейді. Сақалдары сапсиған шалдар бұны дастарқандағы ғажайып тағам мен шараптан татуға шақырады. Таста, дейді біреуі қол сілтеп, таста сол дүние, сары боқты. Кел бері, фәнде. Жұпар иісті пейіштің төрі сенікі. Бірақ, Серікбай қанша ұмтылса да, сары дүниенің шегінен өте алмайды. Біреу тағандап тастағандай. Артынан біреу көрінбейтін бұғаумен ұстап тұрғандай. Ол не екен, деп, артына қараса… Шымдан! Ар жағында Қыстаубай, Қазболат. Көзін жерден алмай Нағайым тұр. Серікбай жылап жіберді. «Кешіріңдер» деген өксіп тұрып. «Кешіріңдер».

Сандырақ елес өтіп, ауруымен алысып, сең соққандай шаршаған дене баяу тыныс тапқанда, Серікбай өмір мәнін жаңаша пайымдаған. Аруақтардың алдындағы парызбен салыстырғанда, өзінің өткен қайғысы, соқа басының түңілісі елеусіз нәрсе болып қана көрінді.

Сырқатынан оңалып, орнынан тұрғанда, тағы бір ауыр хабар жетті. Жөгі әл үстінде жатқан көрінеді. Тез жетсін, депті. Бұл дереу атқа қонып, суыт жүріп жеткенде, байғұс шал төмендеп қалыпты. Серікбай Жөгінің қолын уқалап, аузына су тамызып ұзақ отырды. Танауы қусырылған, көзі жұмулы, ентігіп жатқан Жөгі бұның келгенін білген де жоқ. Өткен өмір елесі маза бермей жатса керек. Әр нәрсені айтады. Тек есі бір кіргенде, Серікбайдың қолын сұп-суық саусақтарымен бүре ұстап, бетіне басып үнсіз жатып алған.

  • Мен айдап әкелген көк алалы көп жылқы Шымдан қарағымды жеп тынды ғой, — деген солығы басылған соң.

Кешке қарай қайта шалықтады. Таң ата, шөлдемей, зарықпай оқыс үзілді.

***

Серікбайдың қайратты қара шашын ақ қырау шалды, сақал-мұрты бурыл тартты.

Шау тартпаған көңіл ғана аласұра шапшып маза бермейді. Бірақ, Медетке сыйлы болғанымен, орнынан алынған болыс, бүлікбасының қолынан не келеді. Бар бітіргені – күні-түні «кім кінәлі, кім кінәлі» деп бас қатырады. Сезеді, көктемнен бергі өз ауылын, өз әулетін айналдырған ажалдың шын тізгіні жер бетіндегі әлдебір адамның қолында. Бірақ, қалай табады ол адамды?

Күздің салқын кеші еді. Серікбай Шымданның зиратына Құран оқып, қайтып келе жатқан. Қара жолдың үстінде атын көлденеңдетіп тұрған ақ сақалды адамға көзі түсті. Жақындап келгенде бір-ақ таныды. Өзінің бас жылқышысы Жаролла. Шаруа жайы шығар, деген Серікбай. Бірақ, шаруа жайы болмай шықты.

  • Қарағым Серікбай, — деді Жаролла амандықтан соң. – Азаматтың ары, кісілігі – тірлікте. Өлгеннің артынан өлмек атаң қазақтың салтында жоқ. Қайраттан.

Содан кейін қойнынан шүберекке оралған бір зат алды. Онысы шақша болып шықты.

  • Кеше ана жылқышылардың бірі жұртқа осы шақшадан насыбай үлестіргені, — деді Жаролла Серікбайдың көзіндегі үнсіз сұраққа жауап беріп. – Қайдан алдың десем, күліп айтпайды. Бір серкелік шақша қайдан келсін оған. Содан желкеден бір түйіп, шынын айтқыздым жүгермектің. Сонау көктемде Қыстаубай өлген жерден тауыпты. Жасырып қалған. Енеңді ұрайынның насыбайқұмарын қарашы. Кейбіреуге жай шақша болса, кейбіреуге айғақ.

Серікбай жарты мүйізден жасалған салмақты шақшаны ары-бері айналдырып көрді.

  • Кімдікі екен, — деді ойланып.
  • Жарайды, — деді одан кейін шақшаны қойнына тығып жатып. – Үйге барып асықпай анықтап қарайын.

Кешкі ас үстінде күндізгі әңгіме есіне түсіп, қойын қалтасынан бағанағы шақшаны алды да, ұзақ қарады. Таныс сияқты. Бір жерден көрген сияқты. Міне, мына біреу сыңар мүйіз оюды, үш қабат күміс шашақты қолы талай сипаған. Бірақ, қай жерде? Есіне түсіре алмады. Неше айдан бергі аласапыран өмір, аяулы адамдардың өлімі көңілін кіреукелеп кетіпті. Қойнына салып, жантая кеткен. Түс көрді. Аякөздің жағасы екен. Бұл… ақ шалғындағы Шымданның ізін басып асығып келеді. Міне, келді. Шымдан… тізерлеп үйірмекіл ойнап отыр. Бір кезде басын көтерді. Жүзі мұңлы. «Мені өлтірген, әкемді, інімді өлтірген адамның аты, сыры сенің қолыңдағы шақшада жазулы тұр» дейді. «Анықтап қара» дейді. Бұл: «Шымдан, сағындым ғой сені!» деп ұмтыла бергенде, аспаннан түскен әлдебір от бүкіл жайлауды алады. Серікбай шегіншектеп, жалыннан бетін бүркейді.

Бастығырылып оянды. Кеудесіне тас батқандай. Қалтасына қол салып, шақшаны суырды. Шамның білтесін молырақ шығарып, тағы да қарады. Кенет сұмдық ой санасын қарып өткен.

  • Мүмкін емес, — деді күбірлеп. Қалтыраған саусақтарымен шақшаның қақпағын ашты да, арабша жазылған адам аты көзіне ілінген сәтте, — Астапыралла! – деп, жағасын ұстаған күйі отырып қалды.
  • Уа, жалған! – деді сәл үнсіздіктен кейін көкірегі қарс айырылып. – Жақсы мен жаманды жолдас қылған, ер мен езді теңестірген талғаусыз дүние ит!

Шытырлай жанған шамның білтесінен көз айырмай ұзақ отырды. Семейдегі ояздың табалдырығынан қайтқаннан кейін пайда болған күмәннің ұшығына жетіп, ойын күрмеді. Жау алыста емес екен. Жақында, дәл іргеде екен. Өмір бойы бір дастарқаннан дәм татысқан дәмдес екен. Өмір бойы үзеңгі қағысқан дос екен.

Серікбай таң ата көз ілді. Аз ұйықтаса да ширап қалыпты. Ерте тұрып, үй ішін де ерте оятты. Бұрынғы әдетінше есік алдындағы жыланшықтың мұздай суық суына белуарына дейін шомылды. Қайтып келе жатып Көкторғайдың алдындағы отын көрді. Ерні салпиып, сұлық тұрған ат иесіне ақырын ғана оқыранған. Серікбай Көкторғайдың мүйіздене бастаған қабағын сипады. Қолы төмен сырғанап, үрпиген жақ жүнге тиді. Жүрегі шымыр ете қалды. Көзіне жас келген. Жағы, тамағы тұтас ақ қылшық!

  • Сен де қартайыпсың-ау, Көкторғай, — деді елжірей. – Жарайды. Бүгін кең даланы соңғы рет жарып өт. Содан кейін азатсың. Ер-тоқымың алынып, жылқыға кетесің.

Аспанға қарады. Асты қара жағал, тұтасқан сұр бұлт. Дым бүріккен сұрғылт тұман. Серікбай күбір етті. «Соңғы рет».

Үйге келгенде шай даяр екен. Жылытпа еттен қарбыта жеді. Бес-алты шыны қою күрең шайдан қабағы ашылды. Содан кейін апыл-ғұпыл тез киініп, сыртқа шыққан. Үзеңгіге аяқ салғанда, үйден қолында қоржыны бар Нұрғаным көрінді.

  • Қоржынның керегі жоқ, — деді Серікбай. – Алысқа бармаймын.

Атын тебініп қалып жүріп кетті. Ширек сағаттан кейін елеусіз ескі соқпақты тауып алды. Тұман қалыңдай түсіпті. Бірақ, ат құлағы көрінеді. Күздің ызғары өңірі жабылмайтын қаусырма шекпеннен өтіп, сүйекке жетті. Серікбай Көкторғайды сауырынан сипай қамшылап жортақтатып алды да, оқыс тебініп қалып, жосылта жөнелді. Неше күн байлаулы тұрған аттың адымы ашылып, құлағының түбі терлегенше, қамшы үстіне қамшы ұрып ұзақ шапқан. Күзгі жауыннан тасып жатқан Бүргеннің жағасынан шыққанда, тізгін тартты. Аз жүріп, желке қыстауда отырған Сансызбай ауылына да жетті. Түстің шамасы. Тұман сейілген. Даланың үстінде үздіксіз төгілген сірке жауынның ар жағынан тұмсық-тұмсық адырлар көрінеді. Жауынның астында бұйығып үнсіз ұйықтаған далада жалғыз тірі мақұлық қарға сияқты. Тамағынан қырылдай қарқылдап, топ-топ болып, біресе анда, біресе мында қонады. «Жемтік іздеп жүр» деді Серікбай. Тізгінді қағып қалып, ауылдың ортасында тұрған төрт қанатты, ақ киізі су тиіп, сұрғылт тартқан үйге ат басын тірей тоқтады. Маңайда тіршілік белгісі көрінбейді. Су толып көлкілдеген ошаққа көзі түскен. Ат оқыранғандай болды. Шағын қалқаның астында тұрған таныс мәстек торыны сонда көрді. Өзінің не үшін келгені есіне түсті. Аттан түсіп, тізгінді бос тастады да, үйдің жанына келіп, сықырлауықты аямай итеріп қалды. Есік байлаулы сияқты. Екінші қайтара итергенде, іштен ызалы дауыс естілді.

  • Бұл кім, әй? Жөніңді айтпаймысың?

Серікбай тістене жауап қатты.

  • Менмін. Тапай-тал түсте қыз ойнақ жасап жатырсың ба? Аш есігіңді!

Жіп шешілді. Ар жақтан Сансызбайдың көкшіл көзі мен қызыл шырайлы жүзі көрінді. – Аманбысың? – деген күлімсірей қолын созып. – Неғып суыт жүрсің?

Қолы созулы күйі қалды. Серікбай үндемеген қалпы Сансызбайды қағып өтті де, балшық-балшық етігімен атлас, қыжым құрақ көрпелер мен құс жастықтарды тапап, төрдің ең сұлу жеріне нығыздана отырды. Жозының үстінде астау толы ет. Жерде бір шара қымыз бен тегене толы сорпа тұр. Бидай өңді сұлу тоқал Серікбайдың етігіне жақтырмай қарады. Бірақ, Сансызбай сыр бермеген. Төрін тартып алған қонақпен жарыса отырып, майда тіл қатқан:

  • Иә, Сәке, ат-көлік аман келдіңіз. Қатын, әй, қымыз құйшы. Сәке, ас алыңыз.
  • Атау-кереңді өзің іш, — деді Серікбай жайбарақат дауыспен ап-анық қылып. – Егер жазатайым қақалып өлмесең, әңгіме содан кейін болады.

Құлақ тұндырған, адам өз жүрегінің дүрсілін еститін тыныштық орнады. Алдымен сұлу тоқал ес жиды.

  • Үйбай-ай, көтек-ай, — деді Серікбайға үрейлене қараған күйі орнынан өре түрегеліп. – Құрдас, бұның не? Екеуің тамыр емеспісің. Әлде қалжыңың ба?
  • Жоқ, қалжың емес, — деді Серікбай суық жымиып. – Құдайға шыным.

Жүзі сәл бозарыңқы Сансызбай тоқалына «шығып кет» дегенді ишарат қылды. Көзі бақырайған тоқал Сансызбайға бір, Серікбайға бір қарады да, сүйретіле басып шығып кетті. Сансызбай «құлағым сізде» дегендей момақан кейіпте басын тұқыра отырып қалған.

  • Дүниеден Шымдан өтті, не білдің? – деді Серікбай Сансызбайға жоғарыдан төмен қарап.

Сансызбай екі қолын көкке жайып, дұға оқыды. Қысқа қайырып, бетін сипады.

  • Сен де өтесің, — деген одан кейін Серікбайдың бетіне тура қарамай. – Мен де өтем. Бұл жалғаннан бәріміз де өтеміз.
  • Хош, — деді Серікбай кекете мырс етіп. – Өтеміз ғой, әрине. Тозбайтын темір, өшпейтін ғұмыр болмайды. Бірақ, гәп қандай жолмен, қалай өтуде. Солай емес пе?
  • Сөзіңнің сыңайына қарағанда, көңілдің кірін ашуға келіпсің, — деді Сансызбай сәл ашылып. – Орағытпай тура сөйлесең…

Серікбай іркілмеді.

  • Қыстаубайдың, Шымдан мен Жөгінің өлімінен кейін мен көп ойландым. Мал деген не, жан деген не? Адамның адамдық заты неде? Бақсам, осы мал деген адамның бағы емес, соры екен. Сансызбай, бір кісіге жетерлік ақылың бар, ойлашы өзің. Қонақайдың әулеті өмір бойы барымтадан көз ашпады. Ақырында қарақшылық оларға керемет құт әкелді. «Арам жұқпайды» деген бос сөз. Қонақай әулетіне көп малмен бірге зор салмақ келді. Жұрттан айбары асты. Адамның жанын сатып алуға айналды. Сатып алды да. Естуімше, Қонақай ауылында он бес мың жылқы бар дейді. Егер де бір қыздың құны жүз жылқы болатын болса, Қонақай ауылы жүз елу қызды басы бүтін сатып ала алады екен. Жазатайым ердің қаны төгілетін болса, оның да құны осы күні жүз жылқы. Яғни, Қонекеңнің ауылы жүз елу адамды еш сескенбей шығасы қыла алады деген сөз. Осыдан келіп барымта мен қарымтаның тамыры ашылады. Барымтамен келген мал кейін адамның жанын барымталауға, қанын төгуге себін тигізеді екен. Яғни, барымташы жау деген сөз. Ал, қарымташы өзі сияқты адамның қанын төгуге қарсы, өзі сияқты адамның жанына жасалатын барымта мен талапайға қарсы шығады. Яғни, ол — түзу, ақ жолдағы ғазиз жан. Солай ғой. Енді өткен наурыздың орта шенінде Шағырайдың бойында кісі өлімімен аяқталған бір барымтаға келейік. Әлдеқайдан келе қалған қарақшылар Медеттің бір үйір жылқысын айдап жөнеледі. Із Бақанастан асып барып үзіледі. Жылқыны алған қырдың ұрысы сияқты. Бірақ, ол олай емес. Қаскөй жау жылқыны алуымен қоймай, кінәні тыныш жатқан елге аудармақ. Жылқыны қар жауардан сәл ғана бұрын қуған. Баяғыдан келе жатқан сасық, тайыз қулық қой бұл. Сонымен бір үйір жылқы қыр елінің бергі жақ шетін басып, Борлы, Ақшатау сияқты қыстың күні елсіз жайлаулардан ары асады да, суға сіңгендей жоқ болады. Із басылған. Кінә — қыр елінде. Барымташы топтың басындағы данышпан қарақшының есебі түзу. Ол есеп бойынша Медет тік көтеріліп атқа қонады да, тыныш жатқан қыр елін шабады. Бір үйір жылқының орнына бес үйір жылқы алынады. Енді кеудесін ешкімге бастырмаған қыр елі тегіс атқа қонады. Осы кезде оларға манағы «данышпан» келіп, жұртты тоқтатады. Ей, пәленшеке, ей, түгіленшеке, дейді ол, шабуға асықпа. Жаз шығады. Медетке кеткен есеңді сонда аласың. Пәлен жерде дау болады, сол дауда Серікбайдың басы тартылады. Айғағыңды соған сақта, дейді. Иә, есеп мықты-ақ. Бірақ, іске аспай қалды ол есеп. Атасы туыс, баласы сыйлас екі ел жауласпайды. Екі елдің де қырда қан жайлауы, ойда байтақ қыстауы бар – ата жұрты. Шұрқыраған көк алалы көп жылқысы бар – ата малы. Қатар жайлайды, қатар қыстайды. Шабыспайды екі ел. Бұл барымта – қиырдан мал іздеген, қиыннан абырой іздеген атасыз, тексіз қарақшының ісі.

Серікбай сәл дамылдады. Бірақ, дастарқандағы сусынға қол созбады. Құрғаған тамағын кенеп алып, сөзін сабақтаған.

  • Және қарақшылар жылқымызды алғанымен қоймай, екі кісімізді өлтірген. Қыстаубай марқұм ескі салт бойынша сауғаға баласын, сүттен ақ, судан таза, бар болғаны тоғыз жасқа жаңа толған баласын ертіп алған екен. Қайран, Қыстаубай! Сенді ғой. Сауғаға тоқтайтынына. Баланың бетіне қарайды деп сенді. Қарар еді. Адамды жылқы емес, жылқыны адам билеген заманның ерлері болса. Иә… Ұрының бәрі Манияз бен Жөгі емес. Қысқасы, Қыстаубай бел омыртқасы сынып, қарақұсы ойылып, ошақтың жанына құлайды. Ал, бала… бала көргенін айтпақ болып, тұра қашады. Қайран, Қазболат! Құдай сені жеткізбеді ғой. Әлде өзің құлап ұсталдың, әлде тайың шаршап ұсталдың, Батпақтың бойындағы адамның кісілігі мен намысы тапталған жиынға жете алмай, қыршыныңнан қиылдың ғой. Жетсең ғой, кімнің кім екенін айтып берсең ғой. Хош. Өлген өліп кетті. Бірақ, із-түзсіз өлген жоқ. Құмырсқа тасқа басса, Тәңірге аян. Ал, құмырсқаға қарағанда адамның ізі бесенеден белгілі. Ошақтай із қалыпты сол арада…
  • Айтып отырғаның қандай із, — деді Сансызбай манадан тұспалмен айтылған сөздің нысанасын тайдырмақ болып.
  • Мынадай із, — деді Серікбай. Сансызбайдан көз алмаған күйі қойнынан сары шүберекке оралған бір зат суырды. Орауын асықпай жазды. Ішінен күміс шашақты, сыңар мүйіз, оюлы қара шақша шықты. Сансызбай саспады. Шақшаны айналдыра қарап, Серікбайға қайтарып берді.
  • Иә, бұл кімнің шақшасы екен, — деді бүлк етпей.

Серікбай ақырып жіберді.

  • Сенің шақшаң, нәлет! Қан жауғыр, сенің шақшаң! Сенікі болмағанда, кімдікі болушы еді!

Сансызбай енді іркілмеді. Орнынан айқайлап көтерілген:

  • Әй, әкеңнің аузын… Серікбай! Кімсің сен мені тергейтін! Кешегі болыс, бүгінгі қайыршы, қалай тергемексің сен мені!
  • Ей, Сансызбай! – деді Серікбай баяу дауыспен. Дауысында жан шошырлық леп бар. Сансызбай бозарып қатты да қалды. Қорғасыннан ауыр сөз жүрекке келіп соғып жатыр. – Сансызбай… сен сияқты қандыбалақ қарақшыны тығырыққа тіреу үшін, үлкен шеннің де, үлкен шекпеннің де керегі жоқ. Бәрі де айдан анық. Бір ізің Семейде, бір ізің далада жатыр. Мойныңда жас арудың, асыл қарияның, дүниеге көзін жаңа ашқан періште сәбидің қаны жүктеулі. Тәубаңа кел, наяты!
  • Қайран, Сансызбай! – деген одан кейін налып. – Хас жақсының баласы осынша жаман туады екен-ау. Батыр болған, би болған жақсы Бекболаттың баласы, Сансызбай, асағаның арам болды, жақсылыққа жақсылық істей алмадың. Ішсең асқа, кисең киімге жарымай жүрген Сансызбай едің. Медетке арқа сүйеп, ауылнай старшын болдың. Болдың да, қара басты сені. Сен Шымданды, Қыстаубай мен Қазболатты ғана өлтірген жоқсың. Сен еліңнің намысын аяққа таптадың. Әділдікті белінен бастың!

Серікбай алқынып барып тоқтады.

  • Бәрін білесің, — деді алғашқы үрейі тарап, ес жиып оңалған Сансызбай. – Бәрін білесің, бірақ, кеш қимылдайсың, Серікбай. Мөр басылып, іс жабылып кеткеннен кейін тауып әкелген айғағың кімге керек.

Қолын сермеп тастап, тағы бірдеңелерді айтып кетті. Бірақ, Серікбай енді ештеңе естіген жоқ. Сансызбай өмір бойғы бет пердесін сыпырып тастап, өзінің шын кейпімен шошытқан оны. «Алла, — деген Серікбай іштей түршігіп, Сансызбайдың едірейген мұрты мен ырсиған тісі, қызыл жиектенген көкшіл көзіне қарап тұрып. – Құдды қасқыр ғой. Ықты-жарды таңдамайтын, адамның тілін түсінбейтін қасқыр ғой мынау. Ал, құтырған қасқырды… не тоқтатпақ… Темірмен табандатқан сойыл!».

Кенет пайда болған ой шешімге ұласқан. – Тоқта! – деп айқай салды. – Жетті енді! Егеске табанды екенсің, тіздесуге қалайсың?

  • Даярмын! – деді Сансызбай мүдірместен.

Серікбай шалт кетті.

  • Салғыласып отырмайық ендеше! Күн төбеден ауып барады.

Екеуі бұдан кейін бөгелмеді. Асығыс дұға оқылды. Серікбай далаға алдымен шығып, атына алдымен мінді. Сансызбай мәстек торысына ауыр ерді салып, айылдарын сарт-сарт тартып жатқанда, сабырмен қарап тұрды. Содан кейін екі атты алыс адырларды бетке ұстап тартып жөнелді. Сірке жауын ірілеп, аяғы ери жауған қарға айналыпты. Сұрғылт аспан, ауыр бұлттар төмендеп төбеге тигендей. Бүкіл дала түндігі жабулы үй сияқты қараңғы. Ой жерге түсіп, еріп үлгермеген қар ғана ойдым-ойдым ағарады. Ызғырық жел бетті қарып, қойын-қонышты тегіс аралайды. Сансызбай бетке ұрған су-қардан қорғанып, сулығын киген. Серікбай жекей тымақтың құлағын түсірді. Екеуі Бақанасты бетке ұстап, ұзақ жүрді. Бүрген өзенінің сарылдаған даусы естілгенде, келіскендей тізгін тартысқан. Жел басылыпты. Аспаннан кәдімгі аппақ қар бұрқырай төгілді. Екеуі шабатын жерлеріне барып тұрысқан. Кенет Сансызбай сойылын жоғары бұлғай көтеріп, айқай салды.

  • Аруақ!
  • Аруақтан садаға кеткір, — деді Серікбай тістеніп.

Екеуі аттарын бірдей тебініп, біріне-бірі лап қойды. Екі-үш қағысып өткенде, Серікбай өзінің нашар сойылгер екенін сезді. Қолға қалам ұстағаннан бері көп нәрсені ұмытыпты. Ал, Сансызбайдың атқа отырысы, қару сілтесі… керемет! Ұршықша үйіріледі. Бір жанасқанда әлденеше ұрып жібереді. Қолындағы сойылы шыбықтай икемді. Ұрыс басталмай жатып, Серікбай бірнеше ауыр соққы жеді. Тымақтың сыртынан тиген соққыдан басы зеңіді. Оң тізесі қозғалтпай қалды. Өзінің бірде-бір соққысы дарымады. Айлакер Сансызбай тік ұрғанда, жалт береді. Қынай ұрғанда, бұғып қалады. Серікбайдың сойылы әзірге ауаны ғана қауып жүр. Кенет бұл мүлде күтпеген іс болды. Екеуі біріне-бірі арындай ұмтылып келе жатқан. Серікбай үзеңгіні талтая керіп, сол жақтан ұрып түсірмек болып оңтайланған. Межелі жерге келген Сансызбай аттың жалын құшты да, жермен-жексен болып оң қапталдан өте шықты. Серікбай бар қайратын осы соққыға жұмсаған. Сойыл тағы да мүлт кетті. Сол кезде Сансызбайдың ауыр қақ сойылы бел омыртқа мен бүйрек тұсын күйретіп өтті. Жаны қысым көріп, есінен адаса жаздаған Серікбай «аһ» деп ышқынып қалды да, Көкторғайды тебініп қалып, беті ауған жаққа шаба жөнелді. «Құтқар, Көкторғай», деді қинала. Ақылды жануар иесінің күйін сезсе керек, тізгін босасымен еміне шапты. Серікбай Көкторғайдың жойқын шабысын танып келеді. Алдан тұрған қатты желден, аузы мен мұрнынан кірген қардан ес жия бастады. Артына бір қарап, Сансызбайдың артта қалып, мәстек торысын аямай қамшылап келе жатқанын көрді. Тағы тебінді. Көкторғайдың алды көкке көтеріліп, арты жерде қалғандай. Тек қуғыншыдан әбден қара үзгенде, тізгінді шірей тартты. Жерге түсе сала, Көкторғайды ары-бері жүргізіп суытты да, жер бетімен тістесе бастаған қарға жата кеп аунады. Уысын толтыра асады. Арттан келген дүбірді естігенде, оңалып та болған. Қапалақтаған қардың арасынан Сансызбай шыға келгенде, бұл дайын еді. Сансызбай бұның шаруасын бітірдім деп ойласа керек, жайбарақат келді. Серікбай аттың үстінде күзенше бүктетіліп тұрған. Сансызбай жанаса бергенде, оқыс қимылдады. Қорғасын табан сойыл Сансызбайдың құлақ тұсына сарт етті. Таңдана тізгін тартып тұра қалған Сансызбайды бастан тағы бір салып өтті. Сансызбай бір толықсып кетті де, ат бауырына түсті, сыпырылып жерге түсті.

  • Сансызбай! – деді Серікбай ентігіп. Бауырдың тұсында бірдеңенің сырт етіп үзілгенін, ішінің оң жағы ысып бара жатқанын анық сезді.
  • Өлі болсаң, жат, тірі болсаң, басыңды көтер, — деді асығып. – Бір аяғы үзеңгіде қалған, денесі жерде жартылай сүйретіліп жатқан Сансызбайдан үн шықпады. Серікбай аттан түсуге қорықты. Түссе, қайтадан міне алмасын білді. Және өзінің денесін ажал жайлай бастағанын сезді.
  • Кегім қайтты… – деді көзі қарауыта бастаған Серікбай. – Енді тезірек үйге жету керек.

Екі бүйрегінде көрінбейтін екі пышақ тұрғандай, тұщы еті мың жерден кескіленгендей ыңырана қиналды. Одан кейін дүние шыр көбелек айналған. Көзін бір ашқанда, аттың жалын қанға бояп құсып келеді екен. Шалбардың шылқылдап қан болғанын, ішінен лып-лып етіп қан кетіп жатқанын тітіркене сезді.

  • Көкторғай, қайран пырақ, алға… үйге, — деген жанұшыра.

Есінен тағы адасты. Өң бе, түс пе. Қалың қардың ішіндегі жалғыз жолаушы бұны білмеді. Есін бір жиғанда, аттан түспеген күйі әлдебір иесіз қораның қабырғасына сүйеніп тұр екен.

  • Алға, — деген желімделіп қалған еріндерін әзер ашып.

Қап-қара тұңғиыққа қайта батты. Жершіл Көкторғай үйдің алдына келіп тоқтап, абыржыған жұрт бұны аттан түсіріп, үйге әкеліп төсекке жатқызғанда, көзін соңғы рет ашты. Нұрғаным боздап жылап тұр екен.

  • Неменеге жылайсың, — деген Серікбай ентігіп. – Жылама… Не дейін саған, қарағым… Қош… Қош… Сәлем де…
  • Ағаке-ау, кімге? – деді Нұрғаным өксіп.
  • Бәріне, — деді Серікбай. – Бәріне… Елге… жерге…

***

Петр Васильевич Куницын шапанын қымтанып, бетін сабалақ жағаға тығып алды. «Иә, қыс ерте түсті. Бұндай аяз Сібірде ғана болады» деді іштей. Қар басқан даланың бір бұрышындағы, Құдайдың өзі ұмытып кеткен кішкене ауылға не үшін бара жатқаны есіне түсті. «Эх, Серікбай, Серікбай, — деді таңдайын қағып. Бір кезде тілегіміз бір еді. Бір жолда түйісіп едік. Қолымнан дәм татып едің. Енді кек қуып, кісі өлтірген Серікбайды жақсы болса да, тілектес болса да, патша әмірінен шыға алмаған Петр Куницын ұстап әкелуге бара жатыр».

Аю терісімен қапталған кибитка-шана лықсып барып тоқтады. Есік болмашы ғана ашылып, конвоир казактың құрметке толы даусы естілді. – Ваше благородие, киргизский кош. Что прикажете делать?

  • Прямо к ним, — деді Петр Васильевич басын жағасынан көтермей. Казак есікті жаппай сәл бөгеліп қалды. Дем алғаны естіліп тұр.
  • Ну что еще, — деді Петр Васильевич.
  • Ваше благородие, — деді казак тамағын кенеп. – Они тут…

Петр Васильевич ойдан арылғысы келгендей басын ары-бері шайқап қалды да, орнынан тұрып, терезеден қарады. Қарауытқан топ. Петр Васильевич шапанының етегін көтеріп, шанадан түсті. Шағын көштің алдында тұрған қара қасқа ат мінген ақсақалды адамға алдымен барып сәлем берді.

  • Әліксалам, балам, — деді ақсақал. – Қай туғансың? Иманжүзді екенсің, мұсылман емессің бе?

Петр Васильевич жымың ете қалды. Қазақтар жылы жүздінің бәрін мұсыланға жатқызады.

  • Жоқ, — деп жауап берді одан кейін, — Христианмын.
  • Ә-ә, — деді шал түсі оңып сұрғылт тартқан көздерін бұның жүзінен тайдырмай. – Кім де болсаң жақсы бала екенсің. Мына айдауылдарың кім?
  • Бұлар, — деді Петр Васильевич трубкасын тұтатып жатып. – Менің адамдарым. Кісі өлтірген қылмыскерді ұстауға келе жатырмыз. Естуіңіз бар шығар, Серікбай Әбдірахман ұлын. Вот соны.
  • Ә-ә, — деді шал тағы да. Содан кейін сол қолының алақанымен әжімді бетін бір сипады да, бұған тік қарады. – Серікбай дүниеден өткен. Оған енді адамның әмірі жүрмейді, қарағым.

Петр Васильевич бес-алты жігіт қоршап тұрған шананың үстінде жатқан ұзыншақ затты сонда барып көрді. Төбе құйқасы шымырлап кетті. Омбы қарды ақырын кешіп, өліктің жанына барды да, қабат-қабат тұмшаны ашып ұзақ қарады. Өзінің шанасының жанына келіп, көкжиекке көзін қадап тағы тұрды. Үнсіздікті ақсақал бұзды.

  • Қарағым, қонақ болыңдар. Ауыл, міне, мына қырдың астында.
  • Жоқ, — деді Петр Васильевич әлдебір ноқаттан көз алмаған қалпы. – Қырдың астында тұрған қазақ ауылына ешқашан жете алмайтын шығармыз.

Кенет өзінің екі алып дүниенің шарпысқан шегінде тұрғанын анық сезді. «Құдайым-ау, мен кіммін, — деді әлденені есіне түсіре алмағандай қиналып. – Мына далада не үшін жүрмін… Кіммін мен?!». Шалға қарады. Кәрі. Осы дүниенің өзі сияқты кәрі. Баласын қоюға бара жатыр. Ешкімге өкпе артпайды. «Қонақ бол» дейді. Петр Васильевич мұңая жымиды. Көзін тайдырып, аттан түспей тұрған шомбал жігіттерге қадалды. Атқа нық отыр. Бет-ауыздарын үсік шалған. Қара ала-торы ала. Петр Васильевичтің жылағысы келді. Бірақ, жыламады. Оқыс қатайып алды.

  • Жоқ, — деді нық дауыспен. – Жол ұзақ. Кеш батқанша Батпаққа жетіп алуымыз керек. Қош болыңыз, ақсақал. Қош.

Жол екіге айрылды. Недәуір уақыттан кейін Петр Васильевич шананы тоқтатып, жерге түсті. Қаралы көш ұзап қара ноқатқа айналғанша, басындағы бөркін шешіп ұзақ тұрды.