Әлібек Қажғалиұлы: «Көрнекі архетип» кітабының қорытындысы

Алибек Кажгалиулы «Визуальный архетип». Алматы, Интерпринт, 2014. 486 б.

Скиф алтыны мен Таулы Алтайдың мұз құрсаған обаларынан табылған әлемдегі аса көне киіздер мен кілемдердің есіл-дертті баураған құпиясы бір кезде осынау зерттеудің басталуына түрткі болған еді. Ежелдегі ардақты ата-бабаларымыздай, біз де Тұманды Альбионның сонау жырақ аралдарына дейін жетіп, мыңжылдықтар бойы Еуразияның ен даласында үстемдік еткен көшпелі түркі тайпаларының бүтін һәм біртұтас ою-өрнектер жүйесін оқырман алдына жайып саламыз. Есте жоқ ерте заманда Ергенеқон шатқалын (күллі түркілердің түп отаны саналатын Алтай тауларындағы оқшау кеңістікті) бұзып-жарып шыққан түркі ру-тайпасы іспетті, ол жүйе де ұлан-ғайыр Ұлы Дала төсінен тамыр тартып, кең-байтақ орыс жазықтарына жайылып, Сібірдің қалың қарынан көктей өтіп, Әзірбайжан, Армения, Түркия тауларының тік беткейлерін қиялай, өктей жетіп, Украинаның сарғайған далалық қорғандары мен Венгрия мен Молдавияның жайқалған жасыл алқаптарының үстін шиырлап, сан тарам жылғалар мен тармақтарға салалана келе, ақыры телегей толқын ағынға ұласады, сөйтіп, батысқа бет алған аспан шырағына ілесе, ендігі нешінші мәрте Еуропаға ентелей иек артады.

Оқырманның көз алдында әлі де беймәлім «terra incognita» — сэр Хэлфорд Макиндер «Дүниенің қолқа жүрегі» атаған Ұлы Дала көсіліп сала береді.

Ою-өрнекті зерттеудің жаңа әдістерінің арқасында біз Орталық Азияның төлтума мәдениетінің күллі Еуразия құрылығының мәдениетімен көзге көрнекті, ал, бастысы, есептеуге, өлшеп-пішуге, жіктеп-жіліктеуге, яғни, қатаң түрде тексеруге келетін байланысын паш етеміз.

Ілгерідегі аға буындардан мирас болған ою-өрнек өмірлік тәжірибе ретінде біздің тұрмыс-тіршілігімізде ойып тұрып орын алады, тек ою-өрнекті тиісінше оқи білу алты қырдың астындағы құпия болып қалуда.

Ою-өрнек бейтаныс тілдегі мәтін тәрізді. Біз оны көреміз, оның әсемдігі мен кемелдігін бағамдай аламыз, бірақ, осы бір тылсым таңбалардың мәні мен атқарар міндетіне бойлай алмаймыз. Бөгде тілдегі мәтінді оқу үшін сол тілді білу қажет.

Барша халықтардың өзіндік сазы мен ою-өрнегі бар. Саз бен ою-өрнек, тіл білуді талап етпей-ақ, жүрекке жетеді. Келісті өрнек, кемел саздайын, бізбен биік сезімдер тілінде сөйлеседі. Әйтсе де, осыншалық жетік сызық-бедерлер мен пішіндер қайтсе әлдене мағына үстеуі тиіс деген ішкі түйсіктен арыла алмайтынымыз тағы рас.

Өкініштісі сол, ою-өрнектің қадір-қасиеті әркім ойына келгенді айтуға ерікті болатын абстракционист-суретшілердің кескіндемелік суреттеріне қатысты қолданылатын өлшемдермен шамалас бағаланады.

Алайда, олай емес. Ою-өрнек — тап біздің сөйлеу тіліміздей-ақ, қатаң әрі түсінікті тіл. Ою-өрнек – Мифологиялыққа көрнекі пішін дарытатын таңбалық құрал. Мифтің иерархиялылығы ою-өрнектің иерархиялылығын діттейді. Ою-өрнектің міндеті сол иерархияны бейнелеуден көрінбек.

Қазақтардың ою-өрнек жүйесі (өзге де халықтардың ою-өрнек жүйесіндей) жекелеген таңба немесе таңбалар жүйесі аясында белгілі бір уақыт пен кеңістік категорияларының арақатынастары түріндегі графикалық формула арқылы кестеленген көнелік адамының іргелі ұғымдарының квинтэссенциясын бойында тұтқан. Бұл формула көрнекі (визуалды) архетип деп аталады.

Сол себепті де өзге еуразиялық халықтардың ою-өрнек жүйелерінің шиесі кітабымызда бұдан былай әмбебап әдістемелік құрал ретінде қолданылатын қазақ ою-өрнектері арқылы тарқатылады.

Кітап трилогияның соңы болып табылады. Бірінші том – «Ою-өрнек органоны» (2003) дербес таңбалық жүйе ретіндегі ою-өрнекті зерттеу әдісін негіздеуге арналған. Нақ әдістің өзі «Ою мен ой» (2004) атты екінші кітапта талданған. «Көрнекі (визуалды) архетип» аталатын үшінші кітап – үш жеке-дара, бірақ, басты тақырыпқа орай өзара бағынышты һәм байланысты шығармаларда баяндалған аталмыш әдіс мүмкіндіктерінің іс жүзіндегі көрінісі.


ШОҚАН. Алтын күзеткен құзғындар.

Скифтің аң стилі өнеріне тән мысық тұқымдас жыртқыштың тұяқты жануарды жәукемдеуін бейнелейтін негізгі желісінің мән-мағынасын ашып, түйінін тарқату — осы еңбектің ғана емес, бүкіл кітаптың да басты арқауы.

Осы стильдің, мәселен, немістің Бремен қаласынан шыққан кезбе музыканттар туралы ертегісінде, аңға түсетін құспен (қаршығамен, сұңқармен, бүркітпен) аңшылық құру идеологиясында немесе көшпелілердің жауынгерлік атты ойыны – көкпарда қылаң беруі, бір қарағанда, экзотикалық көрініс болып қабылданатын жағдайлардан бастап, біз ақырын жүріп, анық баса отырып, Чертомлык қорғанынан табылған күміс амфора, Толстая могила қорғанынан табылған алтын пектораль, Үлкен Цымбалка қорғанынан табылған жыланаяқты Құдай-ана бейнеленген ат кекілдігі, Есік обасынан табылған сақ жауынгерінің алтындатқан киімі тәрізді әлемде кеңінен танымал артефактілер семантикасының толықтай ашылуына жақындаймыз.

Жұмыстың мақсаты – скиф кезеңіндегі сәндік-қолданбалы өнер туындыларында өз кескінін тапқан орталық-азиялық көшпелілердің дәстүрлі ұғымдарын қайта жаңғырту.

Ерте заманғы христиан манускрипттеріндегі қазақ ПИКТограммалары.

Ерте заманғы христиан манускрипттері дегенде, біздің дәуіріміздегі 600-шіден 1200-ші жж. аралығы кезеңінде кельт монахтары жасаған, басқы парақтары ғажайып күрделі өрнектермен әрленген иллюминациялы, яғни, жарықпен әдеміленген манускрипттер айтылады.

Зерттеу әдістемесі мен терминологиялық құрал-аспаптар жиынтығы алғаш дәстүрлі қазақ ою-өрнегін талдауда қолданылғандықтан, бұл жайт, өз кезегінде, жұмыстың атауындағы «пиктограмма» сөзіне қатысты «қазақ» анықтауышының тұруын дәйектейді.

Өз кезегінде, «пиктограмма» сөзінің «ПИКТ» деген түбірі бөліп көрсетілген.

Линдисфарн Евангелиесінің, Келл кітабының, Сент-Виллиброрд Евангелиесінің, Дир кітабының, Дурроу мен Сент Чад Евангелиелерінің «кілем парақтарын» (carpets pages) бедерлеген өрнектердің түп негізі – бір кезде көне Шотландияны, Адриан үйінді-дуалының ар жағын мекендеген құпия жауынгерлер — пиктілер қалдырған аса бай ою-өрнек мұрасынан тамыр тартады.

Бір кездегі қытай императорының Аспан асты елін далалық көшпелілердің шабуылдарынан қорғау үшін Ұлы қытай қабырғасын тұрғызғанындай, пиктілердің шабуылдарына тосқауыл қою үшін, рим билеушісі Адриан дуал құсатып үймек үюге бұйрық берген.

Байкалдан Дунайға дейін Ұлы Даланы қоныс еткен көшпелі халықтар ұлы империялардан бөлек, көп кескінді әрі біртұтас төлтума мәдениетті қалыптастырды. Түркі халықтарының ою-өрнек жүйелерінің басқа халықтардың ою-өрнек жүйелерімен ортақ тұстары көп.

Халықтардың ұлы қоныс аудару жолымен жүріп отырып, Еуразияның ою-өрнектерін бірінен соң бірін зерделей келе, олардың өн бойында әлемнің барша ою-өрнек жүйелеріне тән ортақ заңдардың әрекет етуін айқындап, сонымен бірге, ою-өрнек өнерінен көрініс тапқан қайталанбас ұлттық мінез қалыптарын тап басып тани отырып, біз Солтүстік теңіз жағалауына жеттік.

Осылайша, христиан манускрипттерін әрлеген өрнектердің мағынасын түсіну үшін, пиктілердің тас мүсіндерінде бедерленген құпия таңбалардың мағыналарын толық ашуымызға тура келді.

Осыдан кейін, Линдисфарн Евангелиесі мен Келл кітабының кілем бедерлі қырмызы парақтарындағы өрнектерді талдау мысалдарының негізінде иллюминациялы, яғни, жарықпен әдеміленген манускрипттердегі христиан және кельт өнері қоспасының құрамы жіктеліп, құрамдас бөліктердің үлес салмағы анықталды.


ҚАЛИБЕК. Көрнекі (визуалды) архетип.

Маңғышлақ түбегінің тас қашау өнерінің бірегей жәдігерлері мен Irish High Crosses биік ирланд айқыштары (кресттері) зерттеудің өзегіне айналды.

Қазақ құлпытастарының ою-өрнегін саралау үшін, тағы да, әуелі армян хачкарлары – тас айқыштарының мән-мағынасын айқындап алуға, молдавалық қоршаулардың бағандарындағы тас гүлдер мен венгер фейфтері – ойып жасалған ағаш төбеліктердің құрылымын зерттеуге, орыстың Василий Блаженный храмы қабырғаларындағы «өсімдік» өрнектердің талдауымен айналысуға, одан соң барып оларды Маңғыстаудағы сағанатамдардың қабырғаларындағы бедерлермен салыстыруға тура келді.

Кельт айқыштарының мән-мағынасын ашу, өз кезегінде, алтайлық және саамдық шаман бубендерін безендірген әуезелердің шығу тегін айқындау міндетін алға тартты, Қара теңіз жағалауындағы обалардан табылған алтын скиф әшекейлерін безендірудегі таңғажайып заңдылықтарды ашты, Батыс Қазақстанның дәстүрлі сәулет өнерін, вайнах әскери мұнаралары мен ирланд дөңгелек мұнараларын (round towers) талдауға жетеледі. Осымен қатар жүргізілген ноғайлық үйлену тойы киіз үйінің мән-мағынасын талдау күтпеген жерден оның Маңғышлақ түбегіндегі жартасты жынысты оймалап, адам қолымен жасалған айқыш түріндегі Шақпақ ата үңгір мешітінің жобасымен барабар құрылымы бар Ватикандағы әулие Петр соборының композициясымен жасырын байланысын жарыққа шығарды.

Кельтологияның қаусаған дәліздеріне құйылған саф таза қыр самалының қуатты ағыны мен дәстүрлі өнерді түсіндіру мәселесін инновациялық тұрғыдан шешу әдіс-тәсілдеріне сүйенген тосын (қазақ даласынан) пайымдау бағдары ағылшын-саксон халықтарының рухани мәдениетінің түпнегізіндегі түйінді тұстарына жаңаша қарап қана қоймай, сонымен бірге, біршама тұралап қалған кельт мұрасын зерттеу парадигматикасына кейбір түзетулер енгізуге де мүмкіндік береді.

Тізбелеп көрсетілген (сондай-ақ, тізімге сыймаған) сансыз көп мысалдардың семиотикалық және семантикалық жіктеуі бір мақсатты – ою-өрнектегі негізгі уақыт пен кеңістік тұрғысындағы арақатынастарды танытатын графикалық формула — «көрнекі (визуалды) архетип» терминінің өздігінен жетілген дербес таңбалық жүйе ретінде тіршілік етуге хақылы екендігін негіздеуді көздейді.