БОЛМАШЫ ӘҢГІМЕ (Мейманханадағы бір кеш)

Ерте көктемнің суық, көңілсіз кешінде Аягөз қаласының бір мейманханасында үш адамның басы бірікті. Бірі бойшаң, сымбатты келген жасөспірім бала. Қалған екеуі – ауыл қазақтары.

Бірі орта бойлы, қызылсары өңді, ерте кексейген жігіт. Бір көзіне ақ түскен. Онысы түріне жымиып күліп тұрған адамның райын береді. Бетінің қызылтамырланып, бұғағының салбырағанына қарап, өмірдің түрлі қызығына көп салынған адам екенін ажыратуға болар еді. Басына уытты сары түсті түлкі малақай киген. Үстінде қаракөл жағалы, қалың, көк драп пальто. Аяғында осы кеспелтек дененің табиғи жалғасы сияқты резеңке галошты талпиған пима. Отызыншы жылдардың үлгісімен жасалған, бір жағы ойсырап иіліп кеткен қара саквояжды немқұрайды нәшпен бұлғақтатып ұстайды.

Екіншісі бүкіл бет-әлпетінен еріксіз бөгеліске шаршай келіскені көрініп тұрған орта жастардағы адам. Қаршығадай отырысына қарағанда, денесінің жеңіл екенін, кез келген сәтте лып етіп, жүріп кете алатын ширақ екенін байқауға болады. Орта бойлы болғанымен етсіз дене сұңғай көрінеді. Сарғыш келген жүзіне ірі-ірі әжімдері ерекше әр бергендей. Бетінің көкпеңбек тұқылынан көп қырынатындығы көрініп тұр. Үлкен аялы көздің түсі оңып, сұр тартып кеткен. Дүниеге үркектей қарайды. Үстінде қара күпәйке, басында мектеп оқушылары киетін қара малақай.

Үшеуі бірінен кейін бірі келіп регистратордан орынның бар-жоғын алдыңғысы алған жауапты қалғаны естісе де, мұқият сұраған. Регистратор мол денелі, қысқа, тықырға жақын, әр жерінен құйқасы көрініп тұрған бұйра шашты орыс әйелі, саусағын шошайтып «Орын жоқ!» деген жарнаманы көрсетті.

Тағдыр жолдарын қиыстырған үш адам рәсімді жөн сұрасқан.

− Қайдан келесіздер? – деген алдымен сөйлеген қызылсары жігіт.

− Шар ауданынан қонақтап келемін, − деді орта жастардағы адам, бір аяғын созып, қалтасынан темекісін алып жатып. – Өзім шұбартаулықпын.

Қызылсары студентке қарады.

− Алматыдан келемін, – деді студент. –  Өзім шұбартаулықпын.

− Дұр-е-ес, – деп қызылсары. – Жақсы. Ал мен неше күннен бері қайта алмай жүрмін. Мен де шұбартаулықпын. Мына әйелмен әбден таныс болып алдым. Күнде таңертен бөлмесін өткізіп кетем. Автобус жоқ. Күнде кешке осында қайтып келемін. Кеше боран болып қар жауды ғой. Тіпті жүк машиналары кергіп алмай қойды.

– Алуға қорқады ғой, – деді орта жастардағы адам «Беломордың» хош иісін шығарып тұтатып жатып. – Ана жылдары талай адам жолай үсіп қалған. Содан бері ешкімнің обалына қалғысы келмейді.

− Қазір орын болады, – деді қызылсары жымыңдап. – Мына менің тәтем,– иегімен регистраторды көрсетті, – күнде орын жоқ деп отырып алады. Бірақ күнде тығып қалған бес-алты орны бар болып шығады.

Сыртқы есік сықырлай, шықылдай ашылды да, бір топ адам кірді. Қызылсары регистратордың жанына жүгіріп барып, терезеге басын сұғып, апыл-ғұпыл бірдеңелер айтты. «Тәтесі» жымиып, басын изеді.

–  Осылар қандай келеді екен осы, – деді қайтып оралған қызылсары тағы да жымыңдап, – кавказдықтар ғой деймін. Жүрмейтін жері жоқ өздерінің.

–  Біздің ауылда жаз болса армяндар қаптап кетеді, – деді студент кірген адамдарға көзінің астымен қарап. – Бүкіл құрылыс осылардың қолында.

–  А, бала, –  деді көзінде әлдебір сыр пайда болған қызылсары студентке сынай қарап. – Жергілікті бастықтар неге шет жақтан келген құрылысшыларды жалдайды? Соны білмек керек!

– Білетін ештеңесі жоқ, – деді студент кіргендерден көз алмай. – Осылар құрылысты бізден жақсы біледі деп ойлайсыз ба? Мен, міне, құрылыс техникумын бітірдім, одан кейін архитектура-құрылыс институтына түстім. Оны да аяқтап қалдым. Одан, кейін…

– Тұра тұршы. Сөзің аузында, – деді қызылсары манағы кіргендердің регистратормен шүйіркелесіп жатқанын байқап. Жүгіре басып қайта кеткен. Терезенің аузында аз-маз дау туды. Қызылсарының «Я первый, я первый» деген дауысы естілді.

– Қойыңдар, ей, балалар, − деді орта жастардағы адам. – Бостан-босқа жанжалдаспаңдар.

– Қазір сөйлесеміз, – деді студент.

– Кәне, не болды? – деді ол орта бойлы, нығыз денелі бірнеше кавказдықтың үстінен төне қарап. – Қайсыңа тоқмаш керек?

– Сен кімсің және саған не керек? – деді орысшалап, қаракөл папахы бар жастау жігіт студенттің көзіне тесіле қарап.

Сәл шегінген студент «һа» деп дем шығарды, сол сәт қаракөл папах жерге домалап түсті.

– Каратэ, қара белдік дегенді естуің бар шығар? – деді студент, үрейден сілейіп қалған кавказдық жігіттің иегінен сипап. – Міне, менің жауабым. Бұл аяқпен ғана ұрғаным. Папахыңды ғана ұрғаным. Бас пен қол, шынтақ іске қосылатын  жағдайлар болады.

– Жерлес, біз алыстан келе жатқан адамбыз, – деді орысшалап мосқалдау бір кавказдық студенттің шынтағынан қорқақтай түртіп. – Баламыз осы Аягөзде әскер қызметінде еді. Сағынып жолығайық деп келдік. Жататын жерлері жоқ екен. Содан кейін осында келіп тұрмыз.

– Біз де оңып тұрған жоқпыз, – деді студент міз бақпай.

– Бізден кейін аласыздар, – деді қызылсары қоразданып. – Біз неше сағат бұрын келгенбіз.

Амалдары таусылған, шаршап-шалдыққан кавказдықтар терезеден ығысыңқырап тұрды. Қызылсары мен студенттің терезе түбінде қалғанына қарап, олардың жеңіп шыққанын шамалаған регистратор әйел әлдебір қуыстан бір кілт алды. Алдындағы журналға бір нәрсені жазды да кілтті қызылсарыға ұсынған.

– Ал бауырым, бағанағы әңгімеңді ары жалғастыр, – деген қызылсары бөлмеге орналасып болған соң. – Бөлме жылы. Қазір шай қоямыз. Ұзақ кеш.

– Жалғастыратын ештеңесі жоқ, – деді студент төсегін ыңғайлап жатып. – Архитектура-құрылыс институтын бітіргеннен кейін жол-құрылыс институтының үшінші курсына бір-ақ түсемін. Айтайын дегенім, мен өмірдің басқа саласын білмеймін, ал өз саламды – құрылыс саласын осы қазақ ауылдарына келіп жүрген қаңғыбас құрылысшылардан артығырақ білемін.

– Оның жақсы екен, – деді қызылсары төбеге қиялдай қарап, – Мықты маман боламын деші. – Жағы шықырлап ұзақ есінеп алды. – Ал мен де өз саламды жақсы білемін.

– Апырмай, бағанағы жолаушылар не болды екен? – деді орта жастардағы адам. Ол шешінбеген күйінше темекі тартып отыр.

– Не болушы еді? – деді қызылсары. – Сапырылысқан халық. Біреу келіп, біреу кетіп жатыр. Оларға да біраздан кейін орын тиеді.

– Сонау Кавказдан баласына келген дедіңдер ме? – деді тағы да орта жастардағы адам. – Апырмай, обал болды-ау.

– Енді не істеу керек еді? – деді қызылсары әкесіндей адамға ажырая қарап. – Онда әлі кеш емес, барып ертіп келейік. Өзіміз сыртта жүре тұрайық.

Орта жастардағы адам үнсіз қалды.

– Томырық мінез көрсеткендерің дұрыс болмады, – деді сәлден соң күңгірт дауыспен.

– Қазір атом ғасыры. Бәрі де осылай жылдам шешіледі, – деді студент ащы жымиып. – Еріксіз болған нәрсе. Олай етпесек, қазір осы бөлмеде жатпас едік.

– Құдай куә, – деген одан кейін төсектен асылып. – Керек болса, сол арада бір-екеуін жатқызар едім.

Қызылсары төсектің үстіндегі басы салбырап үнсіз отырған орта жастардағы адамға бір қарап алды да, студентке бұрылып,«осыны қайтесің» дегендей қолын сілтеді.

Сәлден кейін электр шәугімге шай қойылды.

– Ал, жолдастар, кімнің қандай тамағы бар, шығарыңдар, – деді қызылсары столдың үстіне бір қарыстай піскен қазы, бес-алты жұмыртқа, бір бөлке нанды қойып жатып.

– Менде ештеңе жоқ, – деді студент. – Бүгін ауылға жетіп жығылам деп ойлаған едім. Ештеңе алмаппын.

– Бүгінгі ерлігің үшін сенен ештеңе алмаймыз, – деді қызылсары.

Орта жастардағы адам сумкасынан бір құты сүт, піскен құйрық пен қойдың жілігін шығарды. Майлы, нәрлі тамақпен бір шәугім шай лезде ішілді. Екіншісі қойылды. Ел-сел болып терлеген қызылсары саквояжынан жарты шиша армян коньягін суырған.

– Жылыну үшін ғана.

– Мен ішпеймін, – деді орта жстардағы адам.

– Өкінесіз, – деді қызылсары.

– Рахмет, қарағым. Өздерің іше беріңдер, −  деді орта жастардағы адам.

– Жарайды онда, – деді қызылсары коньякты екі кесеге тең бөліп құйып жатып. – Зорлық жүрмейді. Ал, бауырым, алып қой.

Не заматтан кейін демалып қунап алған студент пен қызылсары түнгі үлкен ұйқының алдында ұзақ-ұзақ әңгіме шертіскен. Қысыр әңгіменің бір керемет қасиеті айналып-айналып келіп махаббат мәселесіне, еркек пен әйелдің арақатынасына тірелетіндігінде.

Мұңлық тақырыпқа алдымен қызылсары түскен.

– Бауырым, ертеде атам қазақ айтқан екен, «Қолыңнан келсе қонышыңнан бас» деп. Мен сол аталар қағидасын берік ұстанған жанмын. Дүниені жалпағынан басып жүрген жанмын. Заготскот саласында істеймін. Табыс деген шаш етектен. Ақшаны қалтаға басып аласың да, Аягөз асып, Семейге барасың. Ең тамаша гостиницаға жатасың. Администратор, этаждағы кезекші әйелдердің бәрі таныс… және… және тамыр. Амалымды ешкім таба алмайды деген әйелдің жаны шықсын. Ер жігіттің өтінішін жерде қалдырған  әйел затын өз басым көрген емен. Оның үстіне қалтаң қалың, нығыз отырсаң, қиынның өзін оңай етіп берсең, болмағанды болдырсаң, аспандағы жұлдызды алып берсең, одан кейін илікпеген әйел, әйел емес –шайтан.

Осыдан үш жыл бұрын біздің «Сарқамыс» совхозына Семейден бір қыз келе қалсын. осы өзіміздің Шұбартаудың қызы екен, тек басқа совхоздан. Семейдегі тері-мех техникумын аяқтап қалған екен. Істейтін саламыз бір. Мен мал қабылдаймын, ол тері қабылдайды. Ауылда қыз торығыш жігіттер көп. Солардың қолына тигізбеу керек болды. Екі-ақ ай практикаға келген сұлу қыз көпке дейін маңына жолатпай қойды. Алдымен менің емеурінімді қалжың деп түсінсе керек. «Ой, кәрі шал» деп күліп жүрді. Артынан мен қаттырақ қимылдадым. Ойланатын болдым. Аягөзге бара қалсам, жолын түсіріп, оны да ала кетем. Ақырындап еті үйрене бастады. Содан істің сәті оның практикасы бітіп, Семейге қайтайын деп тұрған күні түсті. Сәтті аяқталған практикаңды жуамыз дедім. Әзер көнді. Содан қоймадағы жасырын қордан екі шиша армян коньягін (мен армян коньягін ғана ішемін) әкеп қойдым. Ептеп таттырып, бір-екі жұтқызып, ақырында стаканды толтыра ішкіздім. Өмірінде ішіп көрмеген екен. Айналасы он бес минутта тырайды да қалды. Амалын таптым. Қыз екен. Ертеңіне көп жылады. Тағы екі-үш күн ерлі-зайыптыларша тұрды. Одан кейін аттандырып жібердім. Төрт айдан кейін екіқабатпын деп келіп тұр. Ой, бір, қара терге түстім ғой! Әйтеуір, үйге емес, жұмысқа келіпті. Ана үйдегі аю көріп қойса бітті дей бер. Сонымен ақшаны басып алып, тоқалымды ертіп алып, Семейге тарттым. Келе сала бір арзандау үй сатып әпердім. Көмір түсіртіп, мол етіп ақшаны тастап кеттім. Кейін бір хат келді. Босандым. Қызыңның атын Раушан қойдым депті. Мен сені шын сүйген едім депті. Ал сен үй сатып әперіп, ақша беріп бақытты қылмақсың депті. Әрине, онысы бос сөз. Бақыт барға ғана үйіріледі. Қашанда солай болған. Қойшы, қысқасы хош депті. Мына үйіңе ие бол депті. Ал өзінің қай жаққа кеткені белгісіз. Алдынан жарылқасын. Өзі маман. Дипломы бар. Енді не керек?

– Қыздың аты кім? – деді студент осы кеште бірінші рет темекі тұтатып жатып.

– Аты кім еді, құдай-ау? – деді қызылсары маңдайын уқалап. – Ұмытып қалыппын. Қайсыбір есте қалады дейсің.

– Таптым! – деді одан кейін әдетінше жымыңдап. – Аты Нұрғазиза еді, қалқаштың.

Бір сәтке үнсіздік орнады.

– Ех, бауырым-ай, – деді бір кезде қызылсары есінеп. – Қайсыбірін айтайын. Кешті ғой мына жаман ағаң. Ішті де, жеді де. Серілікті де істеді.

Студент оның сөзін естімегендей, алыстағы нүктеден көз алмай әлдебір көңілді ойға қалыпты.

– А, не дейсіз? – деген бір кезде қызылсарыға бұрылып.

– Серілік дейсіз бе? Менің есіме де бір серілігім түсіп отыр.

– Кәне, кәне, – деді қызылсары қолпаштап, орнынан жымыңдай көтерілді. – Сендей мықты жігіттің серілігі қандай болды екен?

– Асып бара жатқан ештеңесі жоқ, – деді студент ерініп.

– Осыдан бір жарым жыл бұрын бір жойқын төбелеске түскенім бар. Түнделетіп жатақханаға қайтып келе жатқан едім. Артқы салонда жұпынылау киінген, бірақ өте әдемі, сымбатты қыз тұр екен. Аялдамалардың бірінде автобусқа қызыңқырап алған төрт жігіт кірді.

– Қазақтар ма? – деді қызылсары.

– Енді кім болушы еді? – деді студент қолын сілтеп. – Автобусқа кіргесін бірден қыздың жанына барып, қылжақтап тиісе бастады. Қыз автобустан түсіп қалмақ еді, білегіне жармасқан бір құжбан қара тырп еткізбеді. Ауада төбелестің иісі аңқып кетті. Жұрт наразалық білдіріп еді, масайып алған еңгезердей жігіттер көздерін алайтып, әркімнің бетіне үңіліп, автобусты бір аралап шықты. Одан кейін ешкім аузын ашпады. Сонымен келе жатырмыз. Әрине, төрт мықты жігітпен төбелеске шығу – қиын шаруа. Жаттығу кезінде тоғыз адаммен де шыққанбыз. Бірақ, ол жаттығу ғой. Ал мынау нағыз сойқан, шын төбелес болайын деп тұр. Тәуекелге бел будым. Жаймен тұрып, жандарына барып, қызды босатуын өтіндім. Құжбан қара маған қарап, «денсаулығың жақсы ма?» деді. «Жақсы» дедім. «Сол денсаулығыңнан айырылып жүрме» деді құжбан қара. Жанындағылары қорсылдай күлді. Автобустағы үрейлі жұрт та күлген болды. «Бүкіл жалақың дәрі-дәрмекке кетіп жүрмесін» деп қосып қойды құжбан қара. Тағы да қорс-қорс күлді. Шоферға барып, автобусты тоқтатуын өтіндім. Жерге түстік. Түскен сәтте сегіз жұдырықтың астында қалдым. Әй, бір он минут төбелескен шығармыз. Қатты ұруға болмайды. Пәлеге қаласың. Ауызынан қан ағызып қана қойдым. Ақырында милицияның қолына түстік. Бәрімізді апарып тергеді. Ақырында манағы қыз екеумізді босатып жіберді. Түннің бір уағы. Транспорт тоқтап қалған. Таксиге ақша жоқ. Бақытыма орай қыздың үйі сол маңайда болып шықты. Үйіне шақырды. Бір ұйғырдың үйінде пәтерде тұрады екен. Келгенсін әбден жылады. Қыз дегенім келіншек болып шықты. Кішкентай қызы бар екен. Түнде бір оянып кетсем, тағы да өксіп жатыр. Еріксіз жанына барып жұбатып, шашынан сипап отырдым. Ақырында не керек… екеуміз сол түні дінге келдік қой. Таңертен кетейін десем, мойынымнан тас қылып құшақтап алған. Жібермейді. Өне-бойы қалш-қалш етеді. Тағы бірнеше күн тұрдық.  Қал дейді. Мына қызыма әке бол дейді. Бір көргеннен сүйдім дейді. Ана бұзақылардан арашалап алатыныңды білдім дейді. Бірақ көңілім тартпады. Бір күні сабаққа кеттім де бармай қойдым.

– Жақсы, жақсы, – деді қызылсары осы серілікті өзі істегендей рахаттанып.

– Сіз қызығын естіген жоқсыз әлі, – деді студент жымиып. – Ол қыздың аты Нұрғазиза еді, ал баласының аты, яғни бір жасқа толар-толмас қызының аты Раушан еді.

– Не дейсің, ей! – деді қызылсары орнына атып тұрып. Төсектен аяғын салбыратып жіберген күйі студенттің жүзіне, ыржалаңдай қарады.

– А? Нұрғазиза дейсің бе? О, шайтан! Алматыда шайқап жүр деші. Вот, шайтан, а! Маладес!!

– Қайсымыз «маладес»? – деді студент те жымыңдап.

– Екеуің де… – деді қызылсары, – Ау, шал, – бүк түсіп үнсіз жатқан орта жастардағы адамға қарады. – Мына қызықты көрдің бе? Вот, тағдыр қалай түйіседі, ә?

Орта жастардағы адам үн қатпады.

– Шалдың да қайдағы-жайдағысы есіне түсіп жатқан болу керек, – деді қызылсары студентке көзін қысып.

Ертеңіне қызылсарыны іздеп, заготскоттың машинасы келді. Кабинада бір орын бос екен.

– Ал, қайсыңыз отырасыз? – деі қызылсары әдетінше жымыңдап.

– Мен институттан екі-үш күнге ғана сұранған едім, – деді студент қиылып.

– Жарайды, қарақтарым, – деді орта жастардағы адам. – Бірің шаруабасты, бірің оқудағы адамсыңдар. Жолдарыңнан қалмаңдар. Мен бірдеңе қылып жетермін.

Машина қозғалып кетті. Орт жастардағы адам Аякөзің көгілдір тұман бөккен таңғы көшелерін керзі етігімен тарпылдап басып, Шұбартаудың қара жолына шыққан. Сарғыш жүзінде көп әжімге тағы бір әжім қосылды, бурыл, селдір шашының тағы бес-алты талы ағарды. Бұл – Нұрғазизаның әкесі еді.

«Жұлдыз» журналы. 1991, № 12