Мен ол кісіні 2007 жылдың күзінде көрдім. Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында күйшілік дәстүр өкілдерінің түгелі бас қосқан «Мәңгілік сарын» атты күй кеші өткізілді. Мен сол кешті тамашалауға бардым. Концерт залының кіре берісінде Таласбек ағамыз тұр екен. Ол кісіні сыртынан жақсы білем, жүгіріп барып сәлем бердім. Қабағы қатулы, әлдебір нәрсеге ренжіп тұрғаны байқалады. Біздің қоғамда шынайы өнерпаздың бағасын беруде «биогра-фиясы келсе де, географиясы келмейді» деген жаман әдет қалыптасқан. Әрине, өнерден сырт ортаның адамына бұл күнделікті өмірде кездесетін қайшылықтың бір түрі іспетті көрінгенімен, Таласбектей тұтас бір күйшілік дәстүрдің өкіліне ауыр тигені көрініп тұр. Бұл жолғы өнер көр-сететін күйшілердің тізіміне Таласбек ағамыз енгізілмепті. Міне, бұл менің Таласбек ағамен алғаш жүздесуім еді.
Уақыт зымырап өтіп жатты. 2009 жылы Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжін тәмәмдап, кыркүйек айында Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне (бұрынғы музыка академиясы) күйші Жанғали Жүзбайдың сыныбына оқуға түстім. Сүгірдің күйлерін Қаратау күйшілік мектебінің тікелей мұрагері Жанғали ағадан үйренудің сәті түсті.
Бір қызығы, оқу бағдарламасында болмағандықтан ба, колледжде оқыған 4 жыл ішінде тарих тұңғиығынан тамыр тартқан Байжігіт күйлерінен бірде-бір күй үйретпепті де, үйренбеппін. Сөйтіп жүргенде белгілі күйші, ұстазым Мұрат Әбуғазының мұрындық болуымен 2010 жылдың қазан айында Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан күйлерінің І Республикалық конкурсы өткізілді. Конкурсқа қатысушы күйшілерге арналған бағдарламаға Байжігіттің «Бөкен жарғағынан» бастап бірнеше күйі енгізіліпті.
Талас ағаның орындауындағы күйлерді бұрын үнтаспадан тыңдағанымыз болмаса, қолдан көріп үйренудің қисыны келмей жүрген.
Бұл күйлерді алғаш нотаға түсірген — күйші Мұрат Әбуғазы ағамыз болатын. Түсінбеген жерімді осы кісіден сұрайын деп хабарласып ем:
— Ардаби, Байжігіттің бүкіл күйлерін тірілткен Таласбек ағаларың қастарыңа барды ғой, өз қолынан үйренбейсіңдер ме? — деді.
Құдай қолдап, сол жылы, яғни 2010 жылдың мамыр айында Таласбек ағамыз отбасымен Астанаға көшіп келген еді. Осы орайлы сәтті қолдан жібермейін деген оймен Таласбек ағаға хабарласып, күй үйренгім келетінін айттым.
— Үйге кел, — деді.
Үйіне бардым. Тәкең аса жылы жүзбен қарсы алды. Аман-саулықтан соң, жұмыс бөлмесіне кіріп жайғастық.
Төрдегі терезе жақтағы жұмыс үстелінің үстінде жазылған бірнеше қағаздар мен кітаптар тұр. Кітап сөресінің қарсы алдындағы жалғыз кісілік төсектің үстінде қашаған пернесі («си» мен «до» дыбысының арасында) байланған қызыл домбырасы тұр.
— Домбыраңды ал, қай күйді үйренгің келеді? Қане, тартшы, — деді.
«Бөкен жарғақты» өз үйренгенім бойынша тартып бердім.
— Жақсы. Бірақ, мынау бір-екі жері былай шертіледі, — деп күйдің басын тұншықтыра бастап, сағаға қарай аса зарлы әуенді өксітіп, тегеурінді шертісімен қашаған пернені бойлатып көсілте жөнелгенде, жүйкем шымыр¬лап, көкірегіме өксік тығылып, көзіме жас байланды. Бір жағынан өзімнің келе сала қалыптасқан күйшілердей, Тәкеңнің алдында тартқан «Бөкен жарғағыма» қысылып та отырмын.
Естіп үйренген мен көзбен көргеннің айырмашылығы жер мен көктей ғой.
Құрметті оқырман, Таласбек ағамыз жеткізген Бай¬жігіт күйлеріндегі ескіден келе жатқан әдіс-амалдардың нота жүйесіне түсе бермейтінін айта кетуіміз керек.
Жалпы, күй мен нота арасындағы қарым-қатынасты қысқаша айта кетейін. Қарапайым тілмен айтсам, мәселен, сурет өнерінде «жай сызба» деген болады. Адамның тұтас тұлғасын сызбақшы болдыңыз дейік, әуелі адамның басы (дөңгелек формада), дененің мойыннан бастап белге дейінгі бөлігі (бір тік сызықпен), ал екі қол, екі аяғы (жеке-жеке сызықпен) ғана бейне¬ленеді. Күйді нотаға жазғанда, осы «жай сызба» сияқты қаңқасы ғана бейнеленеді де, күйдегі ең керекті деген дыбыстық бояулар, әдіс-тәсілдер қалып қояды.
Қазіргі өнерде ізденіп жүрген жас буын неге ертеректе нотаға жазылған ән-күйлерді мойындағылары келмейді (мысалы, Затаевич нотаға түсірген қазақтың халық әндері)? Нота мен әннің түпнұсқасын салыстырғанда, айырмашылық үлкен. Оның себебі, Затаевичтің басқа ұлттың өкілі екендігінен бұрын, нотаға әннің немесе күйдің ең қажетті иірімдерінің дәл түсе бермейтіндігінде. Ал жай адам түгілі, өнерде жүргендердің көбі олай түсінбейді. Өзінің жазған нотасын түпнұсқа үнтаспадан жоғары қояды.
Осы айырмашылыққа Тәкеңнің қолынан күй үйренгенде тағы да куә болдым.
Осы отырыста 5-6 күй тартылды. Байжігіттің көп тараулы «Ағаш ат» күйінің ең соңғы тарауы «Маршты» тартып болған Тәкең «міне, осылай», — деді.
Конкурстың уақыты таяғанша аптасына үш-төрт мәрте барып, «Бөкен жарғақты» үйреніп тұрдым. Менің құлшынысыма бастапқы күндердегідей емес, Талас ағаның пейілі де арта түсті. Күйдегі әр пернеде дыбысты сауып алу (екі перненің арасында сырғытып, тербеп алатын әдіс) әдісі мен қашаған пернені қалай басу керектігін шұқшия, бар ықыласымен үйрете бастады.
Дәл осы жерде адамның пейілі, ризалығы туралы басымнан өткен бір қысқа ғана жағдайды айта кетейін. Мектепті жаңа бітіріп, арман арқалап Қазақ еліне келуді аңсап жүрген кезім. Бір күні Қазақстанға шығуға құжаттар толық дайын болып, жөн-жосық бойынша ауыл ақсақалдарынан бата алып, жолға шығуға бір шәугім шәй бердік. Үй толы ауылдың аузы дуалы ақсақалдары арғы-бергіні қозғап, ортаны қыздырып отыр. Бір уақытта алдыға үлкен табақ келіп, бата сұралды. Жиналған ақсақалдардың ішіндегі жасы ең үлкені (есімі, ұмытпасам, Сыламғазы) бата беріп жатып, маған қарап:
— Балам, білім-ғылым, өнер іздеп бара жатырсың, ер-азамат үйден қырық адым аттаған соң мүсәпір деген бар. Мына сөзімді жадыңда берік сақта. Барған жеріңде кімнен, қандай өнер-білім үйренбес бұрын, ең бірінші сол пенденің ниетін алуың керек, ұстаздың ниетін алмай тұрып, саған ешқандай білім-өнер дарымайды, — деп бет сипады.
Міне, әлі күнге дейін сол кісінің шынайы батасы, аталы сөзі жадымда.
Талас ағаға күй үйренуге барған сайын өзін жастайынан бауырына басып, күйге баулыған тікелей ұстазы, нағашы атасы Жүнісбай Стамбаевтың күйшілігіне тамсана:
— Осы «Бөкен жарғақтың» сағаға түсетін жерін атам тартқанда аса қайғылы, күңірентіп тартушы еді. Мен әлі күнге дейін атамның сол дыбыстарын ала алмай жүрмін, — деп ұстазына деген шексіз құрметін білдіретін.
Өскемендегі конкурста шығыс өңірінің арыдан қазірге дейінгі халық композиторларының шығармалары толығымен қамтылыпты. Солардың ішінде қазіргі Шыңжаң жеріне, тіпті, күллі қазаққа танымал Әшім Дүңшіұлының «Кеңес» күйі де сахнада орындалды. Мен бұл күйді Әшімнің көзін көріп, қолынан үйренген Шыңжаң өлкесі Іле қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа қаласында тұратын 90-нан асқан абыз күйші Камал Мақайұлының өз қолынан үйренгем. Таласбек ағадан күй үйреніп жүрген күндердің бірінде осы күйді тартып бердім. Ол кісі күрсініп, біраз үнсіз отырды да:
— Не деген сүйекті, не деген асқақ күй еді, ой, Алла! Осы уақытқа дейін неге естімегенбіз, бұны сен қайдан үйрендің? – деп сұрады.
— Камал Мақай деген кісіден.
— Ол кісі қазір тірі ме?
— Иә, Шыңжаң өлкесі, Іле қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа қаласында тұрады.
— Е, е, Іле бойының күйшісі де, ордалы күйші екен, жарықтық, — деп үлкен ілтипат білдірді.
Шығыстағы сол конкурста Талас аға қазылар алқа¬сының мүшесі болумен бірге, жиналған жас өнерпаздарға шеберлік дәріс берді. Осы ортадан кейін біздің арамызда шынайы ұстаз бен шәкірттік қарым-қатынас басталды. Әр апта сайын бірнеше рет барып үйреніп тұрдым.
Құрметті оқырман, естеріңізде болса, Талас ағаның 1989 жылы «Жұлдыз» журналының №5 санында «Дом¬быраға тіл бітсе» деген мақаласы жарияланған. Домбыра мойнындағы ұмыт болған пернелердің қазақша атаулары және олардың дыбыс шығару әдістері сонда айқын жазылған. Осы мақалада айтылған күй тарту өнерінің байырғы үлгілерін Талас ағаның қолынан көріп, көп қайталап, сол қол перне басатын саусақтарымды зорға қалып¬тастыра бастадым. Талас ағамыз көзін көрген далалық дәстүрдің өкілдері, қазіргі домбыра үйрену бағдар¬ламасына жат көрінетін, байырғы қазақы дыбыстарды неткен шеберлікпен алады десеңізші.
«Бөкен жарғақтан» кейін естіген адамға жеңіл, бірақ, шын мәнінде зер салып үйренген адамға аса қиын перне басу әдісімен тартылатын әйгілі «Ағаш аттың» төрт тарауын үйрендім. Осы «Ағаш ат» күйінің бірінші тарауында бір қағыспен 3 нотаны, яғни, 3 дыбысты қатар алатын әдіс кез¬деседі. Әсірелеп айтты демеңіз, алғаш үйрене бастағанымда саусағым сынып қала жаздады. Бірақ, Тәкең тартқанда қазақы мәнерді бойына әбден сіңірген саусақтары әр перне сайын дөңгеленіп отырушы еді. Күйші-домбырашылар біледі, Таласбек ағамыздың жеткізуіндегі Тәттімбеттің «Молқара» деген күйі бар. Осы күй орындала бастағанда астыңғы ішек «ми», «фа», «соль» дыбыстары арқылы жүретін тамаша буыны бар. Осы жерде тыңдаушының ындынын құртып, әттеген-ай дегізетін бір тылым дыбыс естіледі. Мен ол дыбысты Таласбек ағаның қолынан көргеніме дейінгі домбырашылардан астыңғы «ми» мен «фа» дыбысының ортасындағы қашаған пернені алу әдісі арқылы тартылатынын көрдім. Сол әдісті мен де дұрыс деп жүргем. Ал шынтуайтында, Таласбек аға ол дыбысты «ми» мен «фа» дыбысының ортасындағы қашаған пернеден емес, «фа» мен «фа диез» дыбысының арасындағы қашаған пернеден алады екен. Әрине бұл дыбысты есту түйсігі барынша дамыған, зерделі музыкант қана ести алады.
Арада табаны күректей төрт жыл өтті. Бірде мынадай бір оқиға болды. 2014 жылы қаңтар айының ішінде түнгі сағат бір шамасында Таласбек аға қалта телефоныма қоңырау шалды. Бірдеңеден секем алғандай, даусы ширақ:
— Ардаби, халдерің қалай? Мен саған бір қызық айтайын, бір нәрсенің шешімін таптым. 2010 жылы сен маған Әшімнің «Кеңес» деген күйін шертіп беріп едің ғой. Шынымды айтайын, сол күй жатсам да, тұрсам да құлағымнан кетпей, шертіледі де тұрады. Мен күй танитын қазақпын. Әруақтар сездірді ме, білмеймін, Әшімнің бұл күйі сендер айтқандай ауылдағы шал мен кемпірдің жай-күйінен туған жоқ. Бұл күйде ауыр өкініш, үлкен күрес¬керлік рух бар. Менің санамда желбіреп тұрған тудың көрінісі елестеді. Міне, Әшім сол өңірдегі қазақтың басы¬нан өткен зар-заманды көрген адам. Сондықтан «Кеңес» күйі халқының күреске толы өмірінен туындаған, – деп нық сеніммен айтты.
«Кеңестің» шығу тарихы басқа мазмұнда бала күні¬мізден жадымызға жатталып қалғандықтан, Талас ағаның бұл әңгімесіне, күй жүрегіне жетіп, буынына бекіген соң, өнер адамына тән асқақ сезіммен әсерленіп айтқан шығар деп соншалықты мән бермедім.
Біраз уақыттан кейін Талас ағаның айтқаны жай ғана болжам емес, керісінше, тірісінің тілегі, өлісінің аруағы бар сол жақтағы (Қытайдағы) құлан өрісті қазақтың өмірі мен өнерінің басынан кешірген шынайы тарихы екендігіне көзім жетті. Жай ғана көз жеткізбедім, нақтылы дәлелімен көз жеткіздім.
Астанада «Қазақ радиосында» жұмыс істеймін. Қазақ¬тың байтақ даласындағы күйшілік мектептермен қоса, бала жастан көкірегімізге құйып өскен Шыңжаң жеріндегі күйшілік өнерді де тыңдарман қауымға таныстырсақ деген мақсатпен Бейсенбі, Қайрақбай, Әшімдердің күйлерін қазақ радиосының эфирінен беріп тұрдық.
2014 жылы наурыз айының аяғы болатын, бір кісі қалта телефоныма қоңырау шалып:
— Сіз Ардабисіз бе? Мен сіздің тартқан күйлеріңіз бен хабарларыңызды радиодан тыңдап, хабарласып тұрмын. Есімім – Елшат. Сіз менің Әшім атамның күйлерін тарттыңыз, естіп қатты қуандым. Келер аптаның сенбі күні дайын болыңыз, біздің үйге келесіз, қалған әңгімені сол кезде айтамыз, — деп қысқа қайырды.
Уағдаласқан күні Елшат ағаның үйіне бардым. Таныса келе, ол кісінің Әшім күйшінің немере інісі екенін білдік. Яғни, Әшімнің әкесі Дүңші Тыңшы деген кісімен бір туысады. Дүңшіден — Әшім, Әуелқан, Бәкір деген үш ұл, бір қыз тараған. Тыңшыдан – Божықан туады. Божы¬қаннан – Жамалқан, Қамбарқан, Мырзақан, Оразқан тарайды. Мені үйіне шақырып отырған кісі Мырзақанның баласы Елшат екен. Осы Елшаттың әкесі Мырзақан Іле аймағының Күнес ауданында 1919 жылы дүниеге келіп, 1940 жылдарға қарай үш аймақ әскерінің сапында болып, әйгілі Шығыс Түркістан республикасының құрыл¬ғанын және күйрегенін өз көзімен көргендердің бірі. 1955 жылы Елшаттың 1 жасында Мыр¬зақандар отбасы кеңес жеріне қоныс аударып¬ты. Елшат ағамыз әңгіме үстінде әкесі Мыр¬зақанның үш аймақ төңкерісіне қатысқанын дәлелдейтін Шығыс Түркістан үкіметінің мөрі басылған түпнұсқа куәліктерімен қоса, 1955 жылы ала келген атасы Әшім күйшінің фото¬ларын (08.04.1954 домбыра ұстап түскен фотосурет), 1953 жылы 27 қазанда жарық көрген Әшімді арнайы таныстырған Шыңжаң газетінің түпнұсқасын қолыма ұстатқанда, «Таласбек ағаның құлағына аруақ сыбырлады ма?» — деген ауыр ойға қалдым. Осы уақытқа дейін Әшім күйлері ел арасындағы той-томалақ, ауылдың алты ауызы бас қосқан жиындарда шығарылған деген пікірдің мүлдем жаңсақ екенін толық түсіндім. Жаратушы менің осы ақиқатқа көз жеткізетінімді алдын-ала сездіріп, Таласбек ағаға аян берген сияқты. Ол кісі дәл тауып айтқан екен.
Себебін қараңыз, Дүңшінің баласы Әшім 1896 жылы туып, 1962 жылы дүниеден өтті. Ал Тыңшының немересі үш аймақ төңкерісіне қатысқан Мырзақан 1919 жылы туып, 1955 жылы кеңес жеріне кеткен. Кеткенде де белгілі себеппен кеткен, әрине. Сонда Мырзақан 40-50 жылдары қолына қару алып, алдыңғы шепте болған болса, сол тұста Әшім де қолына дом-бырасын алып, азаттық үшін қан төккен асыл ерлердің арманын күймен күңірентіп жырлады. Мысалы, Әшімнің сол зұлмат жылдарда өмір сүрген ардагер ақын «Таңжарыққа арнау» күйі, «Нүсіпқан полковникке арнау» күйі, «Бозтор¬ғайдың шырылы», бір оқиғаның төңірегінде туған жеті тараудан тұратын әйгілі «Кеңес» күйлерінің бәрі-бәрі де сол кезеңдегі халықтың көз жасынан, күрескерлік рухынан туған екен. Әшім күйшінің әулетіне қатысты осы деректерді қолыма алғанда қайран қалдым. Сонымен дереу Таласбек ағаға барып, мән-жайды айт¬қанымда:
— Мен саған айттым ғой, сендер айтып жүрген күйлердің тарихы басқа да, айтар ойы мүлдем басқа. Мысалға, Әшімнің «Кеңесін» тартшы, — деді. Күйді бастап тарта беріп ем, әр¬бір буынындағы айтылар ойды былай талдай бастады:
— Мақтанғаным емес, мен өзім күйші-домбырашы болғаннан кейін, бір нәрсенің соңына түссем, қайткен күнде де сол нәрсенің шешімін адаспай табам. «Кеңес» деген күй қазақта кең тараған. Тіпті, кеңес заманында «Кеңес» деген күйлер болған. Ол күйлер сол кеңес заманына арналған болуы керек. Сол сияқты Уәли ағамыз әкелген күйлердің бірі – Бейсенбінің «Кеңес» күйі тамаша, адамға жұғымды күй. Бірақ, осы Бейсенбі мен Әшім¬нің «Кеңесінің» арасында елеулі айырмашылық бар. Өйткені, екеуінің бейнелеу нысанасы екі бөлек. Бейсенбінің «Кеңесі» Алтайдағы билердің кеңесінде, анығырақ айтсақ, төрт бидің кеңе¬сінде тартылған күй дейді. Бейсенбінің зама¬нында Алтайдағы ел үлкен тарихқа араласа қоймаған, мамыражай тіршілікте отырған. Ел іші тыныш, азаттық күрес басталмаған кез. Сондықтан бұл кездегі «Кеңес» күйлері ел ішіндегі күнделікті болып отыратын жер дауы, жесір дауы сияқты мәселелерді бейнелейді. Ал мына Әшімнің «Кеңес» күйі тұлғасы өте биік. Өзім күйші ретінде айтайын, жалпы, өнерде көп нәрсені бейнелеу өте қиын. Әдебиеттен мысал келтірейін, шын суреткер бейнелеудің тәсілін табады. Мопассан деген француздың атақты жазушысы бар, сол әдебиетте бір таңғажайып тәсіл тапқан. Табиғат көріністерін бейнелеу арқылы адамды әжуалайды. Былай қарағанда, мүмкін емес нәрсе сияқты, бірақ, шын мәнінде айтар ойын дәл бейнелейді. Сол сияқты Әшім — күй өнерінің шын суреткері. Мен осы күйді алғаш сенен естігеннен бастап, бір дертке шалдықтым. Яғни, музыкада адам айтса нанғысыз мынадай бір қызық жағдай болады. Айтар ойы арыда жатқан, эстетикалық мәні жоғары бір әуендер болады. Сол әуен адамның санасына кіріп алса, шықпай қояды. Ол, тіпті, сол адам¬мен көрге бірге кіреді. Әрине, күймен ауырасың, Тәттімбеттің «Көкейкестісі» де айлар бойы менің басымда жүрді. Сөйтіп жүріп үйрендім. Қолыңа күй көшкеннен кейін, уақыт өте келе, санадан ұмы¬тыла бастайды. Бірақ, қолыңда тұрады, қолдың өзінің санасы бар, ұйықтап жатып та домбыраны тартып бере аласың. Мен мына Әшімнің «Кеңесін» тыңдағалы бері, күндіз-түні басымда шертіледі де тұрады. Сонда аруақтар осының жұмбағын сен ғана шеше аласың деп тұрғандай болады. Сонымен тыңдай-тыңдай, ақыры, санамда желбіреп тұрған тудың суреті шықты. Содан барып түсініп жеттім. Бұл ешқандайда ауылдағы кемпір-шалдың жай-күйі емес, Әшім Тәттімбетті тыңдады ма, білмеймін, Әшімнің «Кеңесінің» басы мен Тәттімбеттің «Былқылдағының» басы ұқсай¬ды. Екеуінің әуені бір, ырғағы басқа. Оны неге айтып отырмын. Тәттімбеттің «Былқыл¬дағын¬дағы» бастапқы әуен ол салиқалылықты, көше¬лілікті бейнелейді. Күй Құнанбайдың шешесі Зеренің кемеңгер тұлға¬сына арналған. Ал Әшімнің «Кеңесіндегі» айтар ой басқа. Әшімнің күйлеріндегі бейнелеу әдістері қырғыздың жырларында, Иранның музыкасында кездесетін бейнелеудің аса қиын тәсілі саналады. Яғни, күрескерлікке толы рухты, желбіреп тұрған туды бейнелейді. Ал қазақ күйлерінде адамның өкінішін бейнелеу аса қиын. Әшім өз күйлерінде адамның өкінішін шертіп келе жатып, ауыр кідіріс, дыбысты созып алу тәсілі арқылы шебер бейнелеп отыр. Бұл тәсіл қырғыздың «Насихат» деген жырларында, Әзір¬байжан мен Иранның ерлік шежіресін жырлайтын «Мырза гүсейін» деген ұлы күйі бар, сонда осындай тәсіл пайдаланылған. Сондықтан Әшімнің «Кеңес» күйінің айтар ойы өзі туған өлкедегі халықтың ерлік тарихынан сыр шертеді.
Біздің қазіргі музыкатану саласының ең олқы жері, күй тек осы Қазақстан жерінде ғана пайда болып, басқа жерде болмаған сияқты сыңар¬жақ түсінікпен қарайды. Ал ана жақта (Қы¬тайда) үлкен ел бар екенін мойындағысы келмей¬ді. Біз¬дің музыка зерттеу ғылымы, меніңше, бұрылып, сол жаққа барып, арнайы зерттеулер жүргізу керек. Арғы бет, бергі бет дегенді қою керек. Тек шартты шекара ғана бар, өнерде шек-шекара болмайды, — деп «Кеңесті» шертіп болға¬нымша, әрбір буынының айтар ойына тоқталып, талдап берді.
Таласбек ағамыздың кемеңгер тұлғасы, ұстаз¬дық ұлағаты тек маған ғана емес, туып-өскен өлкемнің өнерінің ішіне бүккен сырын осылай ашып берді. Сондай-ақ, сол көмулі жатқан өнерге қызмет етуіме шынайы жол сілтеді.
2013 жылдың басында алаштың ардақты ұлы, марқұм Әбіш Кекілбайұлынан өзінің балалық шағы өткен өлкедегі күй өнері туралы сұхбат алғанымда:
— Ән байқұс не көрмеді, быт-шыт қылып тексін өзгертті, әнге істемеген қиянат қалмады. Ал күйге аса қатты қиянат жасай алмады. Себебі, қай заманда да күйдің ішіне бойлап кірер түсінік, рух көп адамның қолынан келе бермеді де, келе бермейді. Мықтағанда, аты мен тарихын ғана өзгерте алды. Ал зердесі бар болашақ жас ұрпақ қиянатқа ұшыраған күйлердің сарын-сазынан, толық тартылған фактурасынан аты мен тарихын түгендеп алады. Қай ғасырда болмасын қазақта сөз араласпаған, былшыл араласпаған саф мұра¬сы, ол — күй дер едім, — деп еді.
Әбіш ағамыз айтқандай, тарихы мен тақы¬рыбы өзгеріске ұшыраған Әшім күйлерінің шынайы келбетін түгендеу бүгінгі біздерге міндет.
Құрметті оқырман, Таласбек ағамен өзім куә болған және бір оқиғаны айта кетейін.
Бірде Таласбек аға ұстазы Жүнісбайды тағы еске алды.
— Атам бір отырғанда 70-80 күйді тартып шығу¬шы еді. Біразын үйреніп қалдым. Жас бол¬дық. Ол заманда жазып алатын дыбыс алғыш та тапшы. Амал қанша, көп күйлер атаммен бірге кетті, – деп өкінді.
Атасының аруағы аманаттады ма, Таласбек ағамыз Кетбұғаның «Қараала белдік мойында, сауға Шыңғыс сауға», Тәттімбеттің «Алшағыр-Шаған» сияқты әрқайсысы қазақтың тарихынан сыр шерткен күйлерді қайта тірілтті. Сондай күйлердің бірі — Байжігіттің «Кербалақ» деген күйі. 2013 жылдың тамыз айы болатын, Таласбек аға хабарласып:
— Ардаби, түсімде атам маған Байжігіттің «Кербалақ» деген күйін үйретті, сол күйді сен тез үйреніп алуың керек, – деді.
Мен екі мәрте барып, толық үйреніп алдым. Сарыны Байжігіттің «Көкбалағына» жақындау, әдемі күй. Дәл осы уақытта Хан Абылайдың 300 жылдығы ел болып тойланып жатқан. Мемле¬кеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы хабарласып:
— Ардаби, Қытайдың Тарбағатай айма¬ғынан Абылайдың тікелей ұрпағы Базарбек Ыбы¬р-айымұлы деген ағаң келді. Қазақ радио¬сының тікелей толқынында хан Абылайға байланысты сұхбат болады. Сен бізбен бірге барып, Бай¬жігіттен бірер күй орындап бер, – деді.
Сол сұхбатта Таласбек ағадан жаңадан үйренген «Кербалақты» тартып бердім. Тәкең естіп, қуанып қалды.
Сол тарихи шараның қарсаңы болатын, бір күні Тәкең мені шақырып алып:
— Сен менен Байжігіттің «Ағаш атының» төрт тарауын үйрендің. Мен, негізі, атамнан бұл күйдің бес тарауын үйренгем. Соңғы бір тарауын қазір ұмытып қалдым. 80-жылдары Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптары мұражайында жұмыс істеп жүргенімде, күйші Абдул¬хамит Райымбергенов «Ағаш аттың» бес тарауын нотаға түсірген. Мен сол нотаны алдырайын, сен ұмыт болған бір тарауын үйреніп ал, — деді.
Он күндей уақыт өткен соң, нота келді. Енді мына қызыққа қараңыз, Таласбек аға маған «Кербалақ» деп үйреткен күйі — біз іздеген «Ағаш аттың» бесінші тарауы болып шықты. Талас аға тек атынан ғана жаңылған. Ал күйдің толық фактурасы нотада айна-қатесіз тұр. Талас ағаға хабарласып:
— Сіз тек күйдің атынан ғана жаңылғансыз, маған үйреткен «Кербалағыңыз» мына нотада «Ағаш аттың» бесінші тарауы екен. Ой, Алла! Осы күйдің сіздің түсіңізге кіріп, қайта түле¬геніне қатты таңғалып отырмын, аға, – дедім.
— Иә, Кетбұғаның «Сауға», Тәттімбеттің «Алшағыр-Шағаны», осы сияқты бірнеше күй¬лерді түннің бір уағында шырт ұйқыда жат¬қанымда атам шертіп үйретіп жатады, шыным¬ды айтсам, сонда шалбар киюге де үлгермей, домбырам мен кішкене диктофонға әзер жетем. Міне, осылай тірілді бұл күйлер. Осы күйлер қайта оралғанда қуанғанымнан жылаған күндерім болды. Оған Зира жеңгең куә. Өзім де таңғалам, – деді.
Құрметті оқырман, мен мұны неге айтып отырмын. Таласбек ағаның сөзімен айтсам, есеймеген күйі қартайған, «оқығам жоқтар» тек әдебиеттің маңайында ғана жүрген жоқ. Олар өнердің, нақтырақ айтсақ, күйшілік-әншілік өнердің төңірегінде де жетіп-артылады. Жас болсам да талай пысықтарды көрдім. Таласбек ағаның тіршілігінде сыйлас дос, қимас шәкірт болып, ағалап-жағалап, өз пайдаларына керегін алған соң немесе ала алмай, көзі кеткен соң, «бұл Таласбек бәрін ойдан шығарған, ондай күй болмаған», — деген арзан ауыз сөзді сапы¬рып, жер басып жүргендер қаншама. Ал менің айтып отырғандарым, «Алла тағаланың ақ жо¬лы, Пайғамбардың хақ жолы» демей-ақ қояйын, шәкірт болған аз-кем уақыттағы өз көзіммен көріп, имандай ұйыған шындығым.
Таласбек ағамыздың ел біле бермейтін және бір қасиеті – домбыра жасаудың шебері еді. Өз аузынан естігенім, қазақтың жезтаңдай әншілері кешегі Жәнібек Кәрменов, Мәдениет Еше-кеевтер Тәкең жасаған қалақ домыраны ұнатып ұстаған. Бала күнінде ауылдың абыз қарт-тарының домбырасының үні жүрегінде қалған¬дықтан шығар, қазақы дыбыс іздеп, көбінде шығыс пен Арқа өңіріндегі ескі үлгілерге негіздеп, қалақ домбыраларды жасаған. Бізге белгілі шеберлердің домбыраларына ұқсамайтын бір ерекшелігі, Таласбек аға жасаған домбы¬расының қақпағын шанақ жағынан жапқан. Яғни, домбырасының алдыңғы бет қақпағы шанақ жағынан бастап ойып (шауып), бітеу күйінде шығарылып, бет қақпақтың орнына жабылатын тақтайшаны шанақ жағынан жауып отырған. Міне, осындай әдіспен жасаған домбырасы Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық асаптары мұражайының қорына алынып, 2016 жылдың 30 наурыз күні «Күйші, жазушы Таласбек Әсемқұловтың дом¬бырасы — мұражай сахнасында» деген тақы-рыпта үлкен концерттік кеш негізінде салта¬натты түрде мұражай қорына табыс етілмекші.
Осы орайда Ықылас атындағы халық музыкалық асаптары мұражайының атқарып жатқан игі жұмыстарының бір парасын айта кетуді жөн көрдік. Қазақтың рухани өміріне өшпес еңбек еткен, Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен 1981 жылы құрылған мұражай қоры, Тәуелсіздікке дейінгі жылдарда көптеген тарихи құнды ұлттық аспаптарымызбен толық¬қаны баршаңызға белгілі. Ал 2015 жыл¬дың соңы¬на қарай мұражай басшылығы¬ның шынайы жана¬шыр¬лығымен қазақ өнерінің марқасқа¬лары Сәдуақас Балмағамбетов, Уәли Бекенов, Дәнеш Рақышев, Жақсылық Мыр¬қаев, Базара¬лы Мүптекеев сияқты тұлғалардың өз қолымен ұстаған аспаптары мұражай қорына алынды. Таласбек Әсемқұловтың домбырасы да осы игі істің арқасында өз орнын тапты.
«Ізделуші әруақ қанша мүбәрәк болса, Алла Тағала оның іздеушісін де сондай құдыретті етіп жаратады» дегендей, Таласбек Әсемқұлов жа¬ра¬ту¬шы сыйлаған қазақ руханиятының нағыз жоқтаушысы еді. Біздің айтып отыр¬ғанымыз, Тәкеңнің шынайы келбетінің бір ғана қыры. Ал Тәкеңнің шынайы болмысын, бергенінен берері көп, әлі жарыққа шықпаған (10 томнан көп) жазбаларынан білеміз деп, зерделі оқырманның күтіп жүргені хақ.
«Алматы ақшамы», 02.03.2016