Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ
Асқар Сүлейменов оптимист еді. Маған да осы мінезі жұқты. Сол себепті бұл хиқаяны мұңлы нотада аяқтағым келмейді.
Асқар Сүлейменовтың өз таланты мен білімінен айтқаны бір бөлек те, әңгімешілдігі бір бөлек болатын. Әсіресе ертегіні, мысал әңгімелерді тамаша айтатын еді. Өзінің бұйығылау қоңыр даусымен жай бастап, көзі бір тұнжырап, бір күліп, жүзі құбылып, әрбір кейіпкердің рөлін өзі ойнап ертегіні баян еткенде, соңында ұлы нақылды қорытып, «сондай да сондай кеп болған екен» деп аяқтағанда ішкі дүниеміз сауығып, қуанып қалатынбыз. Ал оның мысқылдап айтқан қанатты сөздері бір төбе. Асекең шын тілектестікпен, пейілмен, бірдеңе үйренсем деп келген адамның сауалына жақсылап ойланып жауап беретін. Бірақ ақылдыңың ұлағатын тыңдау үшін емес, қиястықпен, дұшпандық ниетпен салғыласуға, қолдан келсе мазақ қылуға келетін адамдар да болатын.
Бұндайлармен Асқар ағаның сөзі қысқа болушы еді. Шатақ, жанжал іздеп келгеннің сауалы айтылып болғанша Асекеңнің жауабы да дайын тұратын. Мейманасы тасып өңмендеп келген наданды бір-ақ ауыз сөзбен өзінің тиесілі орнына отырғызғанын талай көрдік.
1991 жылғы ГКЧП-ден кейін «Қаламгер» кафесінде отырғанымызда жанымызға бір адам келді. Қартаңдау болғанымен Асекеңмен тұстас болып шықты. Аз-кем отырғаннан кейін Асекең жымиып күліп алып сол адамға қаратып әңгіме бастаған.
— Осы сен баяғыда қандидаттықты қорғағанда, диссертацияңда «поэма-жауынгер жанр» деген бір сөз бар еді ғой. Сол есімде қалып қойыпты.
— Иә, оны неге айттың? — деді қонақ.
— Ол кезде айтуға болмайтын, — деді Асекең күлмей. – Міне, енді Совет өкіметі құлады. Енді айтуға болады. Поэма ешқашан жауынгер жанр болған емес. Жауынгер мүлдем басқа.
— Сонда ол жауынгер кім? – деді қонағымыз күліп.
— Анекдот, – деді Асекең.
— Қойшы, сен де, Асқар, – деді қонақ жымиып, қолын сермеп, – Айта бересің, әйтеуір.
— Сенбесең, түсінбесең айтайын, – деді Асекең, – Совет заманында әдебиет идеологияға қызмет қылды. Роман, повесть, әнгіме, поэзияның барлық жанрлары – хаммасы советтік системаны жырлады. Бірақ қашан болсын шындықты айтып, системамен қайыспай күрескен жалғыз жанр, шын халықтық жанр – анекдот еді. Мен қалжындап отырғам жоқ. Совет өкіметтін құлатқан Горбачев та, Ельцин де емес – анекдот.
Отырғандар ду күліп қол шапалақтаған. Қонақ күліп, басын шайқап төмен қарады.
80-ші жылдары аты қауырт шыққан, бірнеше жыл бойы шығармалары культке айналған бір жазушы болды. Барды құрдымға кетіріп, жоқтан тұлға жасайтын біздің әдеби сынның еңбегінің нәтижесі еді бұл культ. Бірде Бәтима шешеміздің мол дастарханында отырғанымызда сол жазушының табынушы-поклонниктерінің бірі қараптан қарап Асекеңе ұрынған.
– Осы сіздер, әдебиетшілер, көре алмайсыздар ма, әйтеуір осындай ұлы құбылыстарды елемейсіздер, – деген еді танаулап, – Қолдан келгенше мұқатқыларыңыз келіп, атын өшіргілеріңіз келіп тұрады.
Содан соң өзі табынатын жазушысының атын атап, соған бастарыңды иіңдер деген алабөтен талап қойған.
– Сен закускілемей ішкенсің-ау, – деді Төлеген аға күліп, – Қой, бауырым. Сенің ол классигің мақтаудан кенде болып жатқан жоқ қой.
– Оның гений екенін мойындамайсыздар ма, а, – деді поклонник орнынан тұрып, Асекеңе қарап, – А ну, шапки долой!
Осы уақытқа дейін үнсіз отырған Асекең бейбастақ қонақтың бетіне тұнжырай бір қарап алып баяу тіл қатқан.
– Гений екенін мойындаймын. Шляпаны шешемін. Бірақ өзімдікін емес – сіздің шляпаңызды.
Қонақ сылқ етіп орнына отыра кетті. Содан соң бір болмашы сылтауды айтып кетіп қалған.
Зейнолла ағадан естіген әңгімем. Ұлттық тарихты жоққа шығару, ұлттық мәдениетті былғау ғылыми атақ-абыройға жетудің, мал табудың кәсібіне айналған кер заманда болған оқиға екен. Сондай қорлық тақырыпта диссертация қорғап, Мәскеуден дипломын алып, күші бойына симай тұрған бір жас ғылым докторы көңіл көтермек болып «Қаламгер» кафесіне келеді. Зейнолла ағамен көзтаныс екен, солардың үстеліне келіп отырыпты. Сөзден сөз шығып, ақырында қызыңқырап қалған доктор, – Қазақ кеше кім еді? Құл-құтан еді. Міне, бүгін теңдікке жетті. Осының бәрі социализмнің арқасы, – дейді.
Асқар Сүлейменов доктордың бетіне, тұнжырай қарап, аз отырып баяу ғана тіл қатыпты.
– Сіз үшін қуанып отырмын. Біздің жанымызда отыруыңыздың өзі сіз сияқты адамның шынында да теңдікке жеткендігі емес пе.
Меңірейіп отырып қалған қонақ бір кезде ышқынып қалып үстелді жұдырықпен бір қойыпты.
– Байқаңыз, – депті Асекең жайбарақат, – Мынау социалистік үстел мен социалистік стақандарды сындырасыз.
Доктор қып-қызыл болып орнынан көтеріліпті.
– Ах, атаңа нәлет! – депті тістеніп.
– Менің атама нәлет жұқпайды, – депті Асекең, – Рикошет дегенді естуіңіз бар ма? Тасқа тиген оқ кері қарай ұшады. Байқаңыз, нәлетіңіз өзіңізге қайтып келіп жүрмесін.
Доктор жігіт қолын бір сілтеп, барға барып, биік орындыққа отырып алып, нәр сызбай арақты жөппелдеме іше беріпті. Тоқтаусыз ішкен арақ ақырында буынына түсіп, жүре алмай қалғанда бір таныстары жолығып арқалап алып кетіпті.
Көрінген жерде өлең оқып, әркімге арақ алдырып ішіп жүретін ақымақтау, арсыздау бір ақынсымақ бар еді. Бірде «Қаламгерде» отырғанымызда біздің үстелімізге екі-үш рет келіп өлең оқыды. Әңгімеміздің бөліне бергенін жақтырмай қалған Асекең «Гениально» деді естілер-естілмес етіп. Жаңағы жігіт қуанып кетті.
– «Гениальный» дейсіз бе? – деді ыржалаңдап, – Рас айтасыз ба?
– Мен «гениальная глупость» деп айтқым келіп еді, – деді Асекең, – Сколько стоит ваше отсутствие?
– Не дейсіз? – деді дым түсінбеген жігіт.
– Ұғыспадық, – деді Асекең тұнжырап, – Сіздің мына жерде жоқ болуыңыз, мына жерде болмауыңыз қанша тұрады? Бір жарты арақ алып берсем кетесіз бе?
Осы кезде достары келіп, бізден кешірім сұрап, «ақынды» сүйреп алып кетті.
– Пушкин айтқан ғой, «Поэзия әпенделеу болуы керек» («Поэзия должна быть глуповатой») деп, – деді Асекең күліп басын шайқап, – Бірақ ақынның өзі дурак болмауы керек қой.
Отырған жұрт, бір сағат күлдік.
Бірде бір отырыста, Мәскеуге барып докторлық диссертациясының тақырыбын бекіте алмай тауы шағылып қайтқан ғалым жігіт, ғылымдағы ахуалды айтып, күйзеліп ұзақ сөйлеген.
– Ұлттық тақырып қалай майласаң да, қалай бүркемелеп астарласаң да өтпейді екен, – деген еді ғалым, – Жас болдық. Әуелі атақ алып, табан тіреп алу үшін социалистік тақырыптан қорғадық. Арада қанша уақыт өтті, енді сөзімізді өткізе алатын шығармыз деп ұлттық әдебиет, ұлттық тарих мәселесін көтермек едік. Сөйтсек баяғы жартас, сол жартас. Мызғылмайтын тас қабырға екен.
Асекеңнің сол адамға пейілді екені байқалды. Кеш бойы соны жұбатып сөйлеп отырды. Сондағы айтқан бір сөзі есімнен кетпейді.
– Тас қабырға деген не тәйірі, білімің жетсе ондай қабырғаны сүзіп құлата салу түкке де тұрмайды, – деген еді қорқордың хош иісін аңқытып отырып, – Ал сол қабырға кірпіштен емес, совет академиктерінің маңдайларынан қаланып жасалса, онда бітті дей бер. Ондай қабырғаны сен түгілі бульдозер құлата алмайды. Ол аз десең айтайын, сол қабырғаның астына атом бомбасын қойып жарсаң, түтін сейілгеннен кейін қарасаң сол қабырға әлі тұрғанын көресің.
Осыдан кейін ғалым жігіт көңілденіп, кеш бойы жарқылдап күліп отырды.
Бірде сол 70-ші жылдардың аяғы мен 80-ші жылдардың басында аяқ астынан классик атағына жеткен жазушының кезекті гонорары әңгіме болған. Баспада істейтін бір адам аузын ашып, көзін жұмып көргенін баян еткен.
– Астапыралла, – деген жағасын ұстап отырып, – Жалақы алатын күніміз еді, барлығымызды былай ысырып тастап, жиырма бес мың сомды кірпіш құсатып тұрып қолына ұстатты ғой. Бір қап ақша болды. Жанында екі күзетшісі бар, алды да шығып жүре берді.
Елдің күйзеле бастаған кезі еді. Ауылдан келген бір адам күле сөйлеген.
– Орташа семья жиырма бес жыл азық қылатын ақша ғой.
– Өзінің несібесі ғой, – деді Төлеген аға жымиып.
– Бұл, ақшаға деген құрметтің жойылғандығын көрсететін белгі, – деді Асекең, – Пример явного неуважения к деньгам.
Сол отырғандар Асекеңнің осы сөзін ұмытпай, талай жерде айтып жұртты күлдіріп жүріпті.
Айтысқа қатысып жүретін бір ақын болып еді. Домбырасының бұрауы бір бөлек, өзінің даусы бір бөлек болғандығымен аты шыққан. Және домбыраны апта емес, ай емес – жылдар бойы осылай «тартып» жүре беретін. «Осының құлағын аю басып кеткен бе, дыбысты қай жерімен естиді» дегендерге, Асекең «Сендер түк түсінбейсіңдер, домбыраға ілеспей жылдар бойы өз бетінше ән айтып жүру – бұл естудің басқа бір түрі. Бұл таланттың беймәлім түрі» деп «тойтарыс» беретін. Көп адам бұны Асекеңнің мысқылы екенін түсінбей, «қойыңызшы, сіз де айта бересіз» деп өкпелеп жүретін. Бір күні дастархан басында отырып сол ақын, – Кеше менің басыма бір гениальный ой келді, – деді алабұртып.
Оның өресін, «талантының» «деңгейін» жақсы білетін Асекең әдетінше тұнжырай жымиып алды да, –
– Сіз өйтіп алданбаңыз, – деді шылымын тұтатып жатып, – Ол, адасып кетіп басқа есіктен басқа бөлмеге кіріп кеткен ой болуы әбден мүмкін.
Ақын меңірейіп отырып қалды. Асекеңнің бұл мысқылы да қанатты сөзге айналып елге тарап кетті.
Пиарды, ештеңе тындырмай танылу өнерін жете меңгерген бір «жазушы» өзінің кезекті бір «романын» Асекеңе әкеліп беріпті. Асекең Төлеген ағаға телефон шалса онда да ол шығарма бар болып шығады. Содан соң Асекең Зейнолла ағаға телефон соғады. «Жазушы» өзінің «романын» ол кісіге де сыйға тартқан екен. Пікірін сұраса, Зейнолла аға, – Нашар. Суын сығып көріп едім мұқабасынан басқа ештеңесі қалмады. Өзі, рецензия жазсаңыз деп емеурін білдіріп отыр. Адамның күлкісі келеді екен, – депті.
– Маған да сондай намёк тастады, – депті Асекең, – Менің кім екенімді ұмытып кеткен болуы керек.
Бірнеше күннен кейін, «жазушы», Асекеңді ресторанға шақырады. Сонда Асекең, – Бауырым, сен ресторанға қонақ қылып, құрмет көрсетіп адамның мысын құртқың келеді. Айтайын саған, бұның ешқайсысының керегі жоқ. Жазушы жақсы шығарма жазса – басқа адамдарға, өзінің халқына жасаған құрметі сол болады, – деп телефонды тастай салыпты.
Өзін «отец нации», ұлттың әкесі етіп тағайындап алған бір «классик» сахнада сәнденіп сөйлеп тұрғанда, Асекеңнің жанында отырған бір жас әдебиетші, – Осы кісі өзінің позаларымен адамды шаршатып бітірді. Өзінің қандай күлкілі екенін шынында да білмейтін болуы керек, – депті.
Сонда Асекең әдетінше жымиып алып, – Өзінен ұлттың әкесін сомдап шығарғысы келеді, бірақ құрылыс материалы аздау болып тұр, – деген екен.
– Сын, ғылыми полемика, тағы басқа дау-дамайдың бытысқан-шытысқан терминологиясын алып тастасаңыз, оппоненттердің бір-біріне тек жау екенін ғана көресіз. Полемика, әсіресе қазақтың полемикасы – ғылыми, эстетикалық, тағы басқа, тиісті салалық ұғымдармен боялған жаулық қана, – депті Асекең.
Жыл сайын кітап шығаратын бір жазғыш «мені елемейді», «мен туралы ешкім жазбайды» деп сыншыларға өкпелі екен. Бір жиында сол адам, Асекең жаққа қоқиланып бір қарап алып, – Сыншыларға түкірдім. Мен әлем (!) әдебиетінде өз жолымды салып келе жатқан жазушымын. Менің атымды, менің ізімді ешкім де өшіре алмайды, – дейді.
Бұл, ауаға айтылғанымен өзіне арналған сөз екенін ұққан Асекең мейірлене (!) жымиып алып, – Әдебиетте жол салу мен әдебиетті былғап кету, екеуі екі басқа нәрсе. Сіздің айтып отырғаныңыз қандай із? – депті.
Мәскеуден келген орыс жазушысы дастархан басында отырып, – Совет одағында алкоголиктер неге сонша көп? – дейді.
– Біз жеңістен жеңіске жеткен қоғамбыз, – депті сонда Асекең, – Ал жеңіс адамды мас қылады. Сол себепті бізде мас адамдар көп.
Қонақ күліпті.
– Жоқ, Асқар, менің айтайын дегенім, біз неге арақты сонша көп ішеміз? – депті содан соң.
Сонда Асекең, – Тіске басатын нәрсе болса, халықтың арақ ішіп несі бар («Было бы чем закусывать, да разве народ наш стал бы выпивать») депті.
Бұл азық-түлік азайып, советтік жүйе шайқала бастаған кез екен.
Айта берсе әңгіме көп. Мен Асекеңнің қанатты нақылдарын, мысқыл әңгімелерін көп жинаппын. Әлбетте, бұл бір мақалаға симайды. Алайда, Асекең айтқан, ұлттың мәдениетіне, оның болашақ тағдырына тікелей қатысы бар тамаша бір ғақлия-ертегіні жаңғыртпай кету күнә болар еді. Сонымен, құлақ салыңыз, құрметті оқырман:
– Ел билеген падиша, кемеңгер Қожанасырды сарайға алдырып өзінің ұлы, болашақ тақ мұрагеріне тәрбиеші – атабек қылып тағайындапты. Қожекең сол баланы тәрбиелеп кәмелетке жеткізгеннен кейін падишадан рұхсат сұрап, қоржынын арқалап ел кезіп кете беріпті. Арада біраз жыл өтеді, падиша өліп, таққа баласы отырады. Әкеден қалған үлкен жұртты билеп, қазынадағы малды төгіп-шашып, күндіз-түні ойын-сауықпен жүре беріпті. Күндердің күнінде шараптан да, әнші-күйшіден де, қисапсыз кәнизактан да жалығады. Содан ойланып отырып, апырау, менің Қожанасыр деген ұстазым болып еді ғой. Жетелеп жүріп қанша ұлағат айтып тәрбиелеген, көп нәрсеге көзімді ашқан данышпаным еді ғой. Аман ба екен, тірі ме екен. Қой, одан да мен оны таптырып, сарайға алдырып мәжілісін тыңдайын дейді. Сонымен жер-жерге Қожанасырды іздеттіріп шабарман аттандырады. Шабармандар шапқылап жүріп Қожекеңді Үнді патшасының сарайынан тауыпты, падишасының сәлемін айтыпты. Қожанасыр жарайды, сіздер қайта беріңіздер, артыңыздан мен де жетем дейді. Шабармандар қайтып кетеді. Қожекең іле-шала жолға шығып, өзінің шәкірті билеп отырған патшалыққа келеді. Бірақ сарайға бармай ел ішін аралап, халықтың аужайын түйеді. Содан аз жүріп, көп жүріп сарайға да келеді. Өзі жаяу, жетегінде есек, қолында екі тор. Біреуі темір тор, ішінде шымшық, екіншісі алтын тор, ішінде тотықұс. Падиша Қожанасырды тақтан түсіп қарсы алады, құрметтеп төрге отырғызады, алдына алтын табақпен небір дәмді қойғызып, нешетүрлі ойын-сауық көрсетеді. Кеш соңында, ал халайық, мынау адам менің ұстазым, енді осы ұстазымның мәжілісін тыңдайық дейді. Сонда Қожекең ортаға алып шығып есектің алдына кітап қойыпты. Есек кітапты ашып, әр беттің арасындағы жемді тауып жеп, ақыры кітапты парақтап бітіріпті. Содан соң алтын торды ақ шүберекпен жауып қойып сөйлегенде, тотықұс Қожанасырдың сөздерін адамша қайталап шығыпты. Ендігі кезек шымшықта. Қожекең торды ашқанда шымшық сыртқа шығып, қолдан жем жеп содан соң торға қайта кіріп кетіпті. Ешкім ештеңе түсінбейді, қадірлі мұғалім, мәжілісіңіз осы ма дейді. Иә, осы, дейді Қожекең. Тек падиша ғана бір қызарып, бір сұрланып үнсіз қалыпты. Түн болады. Осы түн ішінде жеке бөлмеде жатқан Қожанасырға падишаның жасауылы келіп, сізді әміршім шақырып жатыр дейді. Қожекең басындағы сәлдесін тарқатып, бүктеп қолтығына қысып шәкіртінің алдына келеді. Ұстаз, сәлдеңізді неге тарқатқансыз деп сұрайды падиша. Сонда Қожанасыр, сіз мені өлімге бұйырдыңыз ғой, сондықтан кебінімді дайындап келдім депті. Иә, ұстаз депті падиша, алғашында өлтіргім келді, бірақ артынан ойлап отырып сіздің айтқаныңыздың ақиқаттығына көзім жетіп, ойымнан айныдым. Менің жанымда отырған үәзірлерім мен үлемдерімнің барлығы кітап оқи алатын есектер екен. Мен алтын сарай – алтын торда отырған тоты құс екенмін. Есектер мені ертегі айтып ұйықтатып қойған екен. Ал менің халқым темір торда отырған, торды ашқанда да ешқайда кете алмайтын, барар жер, басар тауы жоқ сорлы шымшық екен. Енді шын ұстаз болсаңыз, мен не істеуім керек, осыны айтыңыз дейді. Сонда Қожанасыр, егер сөз тыңдасаңыз айтайын дейді. Айтыңыз, іркілмеңіз дейді падиша. Қожанасыр айтыпты, ең әуелі мына жаныңыздағы есектерден құтылыңыз, әр әулеттен бір-бір үәзір сайлаңыз, бірақ олар сізбен құрдас болып, қазынадан ішіп-жеп алтын сарайда отырмасын, тізгіні де, несібесі де елден болсын. Сонда сіз еліңіздің ахуалын біліп отырасыз. Сарайдағы ақылшы үлемдерді, сіз, кітапты көзбен көріп емес, жүрекпен көріп оқитын шын білімділерден жинаңыз. Міне, осылай еткенде еліңіз бай болады, қуатты болады, ал еліңіз бай-қуатты болса сіздің тағыңыз да биіктей түседі дейді. Падиша осы айтқандарды орнына келтіріп, ақырында әлемдегі ең әділетті патша атаныпты, маңайдағы әміршілердің барлығы оның атынан айбынып тұратын болыпты.
Осы ертегіні айтып болып, кемеңгер Асекең қорқорының хош иісін аңқытып аз-кем отырып сөзін сабақтайтын.
– Хат танитын, кітап оқи алатын есек – ең қорқынышты, ең қатерлі жау. Осындай есектерді көбірек оқытып ел ішіне жіберсеңіз болды, одан соң олар ешқашан құрымайды. Есектерде керемет интуиция бар. Олар ақылды, білімді адамды бірден таниды. Ақылды, білімді адам олардың болашағына, олардың ұрпағына қауіп төндіретін қатерлі адам ғой. Сондықтан олар қоймай жүріп сол адамның түбіне жетеді. Есектерде керемет «дәстүр» сабақтастығы, болашақты, келешекті көздеген керемет қам-қарекет бар. Олар жас ұрпақты қарап отырып, сұрыптап отырып, болашақта тамаша есек болатын қодықты жазбай таниды, жаңылмай табады. Күндердің күнінде, кәрі есек әулеті дүниеден көшкенде, қарасаң, олардың орнын басып, барлық тұтқаларда, күші бойына симай тепсінген жас есектер отырады. Ақырында елдің бүкіл жүйесі осылардың қолына көшеді. Одан кейін ол елдің ешқашанда көсегесі көгермейді, ол елдің ешқашанда ісі алға баспайды.
***
Қаламымды үстел үстіне қойып сағатқа қарадым. Түнгі он бір. Терезені аштым. Сырттан кірген суық ауаға бетімді тостым.
… Осы хикаяны жазып бітіргенімше басымнан тұтас бір дәуір өтіп аяқталыпты. Баяғыда тылсымға сіңген қасиетті тұлғалар, ізгі аруақтар, барлығы келіп, менің үйіме қонақ болып кетіпті. «Тәмәм» дедім, аяз буып шытынаған Астананың түнгі аспанына қарап тұрып. «Тәмәм».