Оқығам жоқ…

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ

Сөз басы

 

Қазақ осылай дейді. Егерде бір ұлы жазушы келіп бүгінгі қазақ интеллигенциясы жайлы, оның психологиясы жайлы роман жазатын болса, аталмыш «оқығам жоқ» сол шығармаға эпиграф болуға жарайды. Әңгіме, қазақ қоғамын, қазақтың қоғамдық ойын алға бастырмай кейін тартып келе жатқан кежегесі жайында. Құрметті оқырман, бұл өзіңіздің де талай байқаған нәрсеңіз. Демек, мен, сіздің көкейіңізде баяғыдан бар түйткілді әңгіме қылайын деп отырмын.

 

Сонымен, «оқығам жоқ». Хэмингуэйдің айтқан бір сөзі бар, әлеуметтің талантқа деген қатысына қатысты. «Жұрттың, сен жазған шығармаға назар аудармағанына қарап, алғашында қайран қаласың, содан кейін күлесің, содан соң ашуланып күйзелесің. Содан кейін саған бәрібір» дейді ол. Стилі есімде жоқ, мағынасы тура осылай. Хэмингуэй осы сөзін біз жайында айтқан сияқты.

 

Д.Корчинский өзінің «Революция «от кутюр» атты кітабында, қандай да болмасын халық республикаға айналу үшін ең әуелі публика кезеңінен өту керек дейді. Яғни, халық әуелі публика болып қалыпытасуы керек, әрбір мәдени құбылыс, әрбір жаңа қоғамдық ой, идеяны бүкіл халық болып жабыла талқылап үйренуі керек деген сөз.

 

Ағылшын Сомерсет Моэм бір мақаласында, француз жазушыларының бір-біріне телефон арқылы романдарын оқитынын, оқығандарын сағаттап талқылап, талдайтынын айтады. Батыста солай. Себебі батыста публика бар. Ал бізде олай емес. Және біраз уақытқа дейін (немесе, көпке дейін) олай болмайтын сияқты.

 

Қазақтың қаламгері, жазушы болсын, журналист я басқа болсын, ізденеді, тер төгіп жазады, жазғанын түрлі амалмен газетке, журналға басады, кітап қылып шығарады. Содан соң әлеуметке қарайды. Ал әлеумет… ләм-мим демейді. Қазақтың аспаны мақтадан жасалған сияқты. Дыбысты жұтып алады да тұнжырап үнсіз тұра береді. Басымыздан талай өткен нәрсе. Ізденесің. Жазасың. Жариялайсың. Дыбыс жоқ. Содан соң «ағаларға», «көкелерге» апарып бересің. Бұнда да толып жатқан айла-шарғы керек. Қолдан келгенше жазған дүниеңді «көкенің» өз қолына және мүмкін болғанша куәлардың көзінше ұстату шарт. Себебі, қазақ, жауап бермеудің, пікір айтпаудың техникасын шыңға шығарып дамытқан халық. Егерде шығармаңызды (кітабыңызды, мақалаңызды) «көкенің» ауыз үйінде отырған хатшы қызға беріп кеткен болсаңыз, онда сіз нағыз ақымақсыз. Себебі, ол шығарма адресаттың қолына ешқашан жетпейді. Телефон шаласыз. Хатшы қыз «кітабыңызды (мақалаңызды) ағайға бердім» дейді. Ал «ағай», «мен ешқандай да кітап (мақала) алғам жоқ» дейді. Енді «көкенің» өзіне барып хатшы қыз екеуін беттестірдіңіз дейік. «Көкеңіз» сіздің көзіңізше, бейшара қыздың жер-жебіріне жетіп ұрысады, «кітап (немесе мақала) қайда, жоғалтып жібергенсің ғой» дейді. Көріп отырсыз, бұның да амалы бар. Кітап «көкенің» қолына тимеген. Не дауыңыз бар. Кітапты «көкеге» өткізудің бірінші әрекеті сәтсіз болды. «Көкенің» пайдасына (1-0).

 

Енді екінші шабуылға кірісесіз. Амалын тауып кітапты «көкеңіздің» өз қолына ұстаттыңыз дейік. Бұнда да «көкеңіз» күнара жұмысқа келмей қалады немесе қабылдауында бір «кісілер» отырып, ауыз үйге бір минутке шығып кетуге еш мүмкіндігі болмайды, немесе өзі бір «кісілердің» қабылдауына кетеді, қойшы, қысқасы толып жатқан өткелектер мен нюанстар бар. Жақсы, осының барлығын жеңдіңіз, кітабыңызды (мақалаңызды) «көкенің» өз қолына табыстадыңыз. Енді сарғайған күтіс басталады. «Көке» тағы да жұмысқа келмей қалады, ауырып қалады, телефонға келе алмайды т.т.т. Жарайды, осының барлығынан өттіңіз, «көкенің» шегінетін жері жоқ, тығырыққа тірелді. Міне, осы кезде «көкеңіз» әйгілі «оқығам жоқты» айтады.

 

Әлбетте, құрметті оқырман, сіз, осындай оқиға шынында да бола ма екен деп бір жағы күмәнданып, бір жағы күліп отыруыңыз мүмкін. Себебі, хикая – гротескке ұқсас. Күмәніңіз орынды. Бұл менің басымда болған оқиға емес. Мен бұны өзімнің тұрғыластарымның әр кезде айтқан әңгімелерінен құрастырып шығардым. Біреуге, сен маған пікір айтшы деп жалынатын әдетім жоқ еді. Бұл, біздің ұрпақ, өнер мен әдебиетке өткен ғасырдың 80-ші жылдарында келген қаламдас бауырларымның басындағы ортақ тағдыр. Әр жерде отырған, баяғының қырыс төрелері сияқты қыртиған «көкелер» мен орталарында соқыр күшіктей болып адасқан інілер. «Көкең» әлдебір құдіретті елдің әміршісі сияқты, ал сен соның табалдырығына, соның қабылдауына жете алмай жүрген шетелдің елшісі сияқтысың. Осы айтқанымның артық-кем жері болар, бірақ біз көргенде «алдыңғы толқын ағалар» мен кейінгі толқын інілердің арақатынасы осындай болатын.

 

Орыс әлеуметінде «анкетное благополучие» деген ұғым бар. «Анкеталық баршылық», «анкеталық барақат» деген сөз. Халық ішінде сауалнама жүргізеді. Қағаз жүзінде бәрі де тап-тамаша болып шығады. Бәрінің тамағы тоқ, киімі көк. Ал шындығында олай емес. Осы ұғымды бізге де пайдалануға болады. Біз, осыдан біраз бұрын жарияланған мәліметке сүйенсек он бір (11) миллион болыппыз. Шетелде жүрген қазақты санамағанда. Осы он бірдің жартысы ересек адамдар дейік. Осы жартысының бір миллионы белсенді оқырман (көрермен, тыңдаушы) дейік. Бұл бір миллионның 950 мыңын жастар деп алайық (жастар көп жағдайда пікірін риясыз, жасырмай айтады). Сонда жасы келген гуманитарийлердің саны 50 мың болып шығады (әрине, қазақта сонша гуманитарий жоқ, бұның барлығы шартты есептеу). Осы елу мыңның үш мыңдайын жазушы, ақын, философ т.т. деп алайық та «баспасөзді, әдебиетті, публицистиканы қадағалап отырасыз ба?» деп сауалнама жүргізейік. «Көкелер» барлығын «қалт жібермей қадағалап отырамыз» деп жазып береді. Енді «оқыған нәрселеріңізге пікір айтасыз ба, немесе жазасыз ба» деп сұрау жүргізіңіз. Бірі қалмай «барлық елеулі құбылыстарға пікір айтам немесе жазам» деп жауап береді. Алайда, бұл тамаша мониторинг басынан аяғына дейін … шылғи өтірік. Шындығында, туған мәдениетке пейілді бірді-екілі адам болмаса ешкім ешқашан пікір айтпайды да, жазбайды да.

 

«Кітапты өртегеннен де өтіп кеткен ауыр қылмыс бар. Ол – кітапты оқымау» депті Иосиф Бродский. Бұған «кітапты оқымаудан да өтіп кеткен ауыр қылмыс бар, ол – оқыған кітапқа пікір айтпау» деп қосар едік. Және ең өкініштісі, бұл сұмдық дағды біздің ұрпаққа және ішінара бізден кейінгі ұрпаққа да жұғыпты. Менің бір бауырым. Бар гуманитарий. Қай сала екенін айтпаймын, себебі ол менің айтқан әңгімемнен өзін танып қоюы мүмкін. (Мен бұл жерде бір адам жайында емес, ұлттық мерезге айналған дағды жайында айтып отырмын.) Сұлу ат сияқты ізетті. Қысқа мерзімде кандидат болды, доктор болды. Жақын болашақта академик болып қалуы да ғажап емес. Әйтеуір алаштың бір баласы ғой, өсе берсін. Бірақ осы бауырым … біртүрлі … қызық. Кірпияз бекзаттығы мен мәдениеттілігі сондай, өзіне не керек екенін түсінбейсің. Ешқашан анық пікір айтпайды. Үнемі дзэн-буддашыл монахтар сияқты қашыртып, жұмбақтап айтады. Мағынасына жетіп көр. Таяу арада осы Астанада өткен бір наурызда дастархандас болып қалдық. Өлшеулі құрмет, екшеулі ізет. Бір кезде отырып «Егемен Қазақстанға» сіздің бір мақалаңыз шығыпты. Бәленше, жақсы мақала деп мақтап отыр. Тауып оқимын» деді. «Егеменге» менің, әліпбидің ауысуына байланысты жазған «Әріптің тағдыры» атты мақалам шыққан. Бауырым соны айтып отыр еді. Сол жерде визиткамды бердім. Телефон алмастық. Бауырым сол күйі ізім-қайым жоғалды. Білем, мақаланы оқыды. Бірақ пікір айта алмайды. Ал егер мен оған телефон шалсам, жауабының дайын тұрғанын білем. «Оқығам жоқ!»

 

Оңай жолдан қиын соқпақ артық

 

Бір француз жазушысының айтқаны бар, «Кітап – ол ашық теңізге тасталған құмыра» («Книга – это бутылка брошенная в открытое море») деп. Қазақ кітабы, қазақ ойы жайында айтылған сөз. Ол құмыра біреудің қолына тие ме, әлде не заманнан кейін қаңғырып өзіңе қайтып келе ме – оны Құдай біледі. Әрине, теңіз бен құмыра – ол метафора. Ал шындығында тасқа басылған сөздің болжаусыз тағдыры қолдан жасалады. Басқа халық, басқа қоғамда біздің шаруамыз жоқ. Біздің білеріміз қазақ қоғамы және сол қоғамның өз мәдениетіне деген пейілі.

 

Қазақ қоғамы уақытты жұмсау тұрғысынан алғанда – ысырапшыл қоғам. Қарапайым мысал: бір беттік қана мақаланы алыңыз. Бұндай мақаланы оқуға, көп болса, бір сағат уақыт кетеді. Оқып шыққан соң авторға өз пікіріңді айтуыңа бес-он минут уақыт кетеді дейік. Оп-оңай. Ал неге «оқи алмағаныңды» түсіндіру үшін ар мен ұятты белден басу керек. Қазақ осы екінші, қиын жолды таңдайды. Оқиды. Бірақ автормен кездескен сайын неге «оқымағанын» (немесе «оқи алмағанын») түсіндіріп әуреленеді. Осыған қанша уақыты кетеді. «Оқыдым» деген бір-ақ сөз. «Оқығам жоқ» – миллион сөз. Шындықтың жолы (мысалы, оқып шыққаның) – бір ғана жол. Өтіріктің жолы (оқи тұра «оқымадым» деу) – мың жол. Қазақ ерінбей – жалықпай сол мың жолдың барлығын шиырлап шығады. «Оқымағанын» өмір бойы түсіндіруге бар, әйтеуір пікір айтпаса болды.

 

Бұл, жазған дүниеңізді «оқымағандардың» ішіндегі инабаттысы. Ары-беріден соң осындай «оқымағандарға» зар боларсыз. Себебі, сізді «оқымаған» басқа бір әулет бар. Адамды шошытатын осы әулет. Бұл әулет, бір қызығы, сізге пікір айтады. Бірақ пікір айтуы… қалай түсіндірсем екен. Қысқасы своеобразный пікір. Мәдениеттануда «тәннің тілі» («язык тела») деген ұғым бар. Бұл ықылым заманнан келе жатқан мәдениет. Дәстүрлі, байырғы қоғамдарға тән. Қысқашалап айтсақ, әрбір кәсіптің өзіне ғана тиесілі тәннің тілі бар. Көне қоғамдардан тамыр тартатын би мектептерін былай қойғанда, естуімізше Индияның Ахмадабад деген қаласында қайыршылар мен тіленшілерді оқытатын арнайы университет бар екен. Бұл оқу орнын бітіріп шыққан профессионалдар, көшеде тұрған тұрысымен, бет әлпетімен, қысқасы «тәннің тілінде» сөйлеу шеберлігімен ең қатыгез деген адамның жүрегін жібітіп, қалтасындағы тиынын қағып кетеді екен.

 

Біздің қазақ осы «тәннің тілін» теңдесі жоқ дәрежеде меңгерген халық. О, сіз бір, қоғамның көңілінен шығатын мақала жазыңыз! Ертеңіне көресіз. Оқырмандарыңыз қас-қабақпен, күжірейген жауырынымен, тоң болып қатқан мойнымен, тұрған тұрыс-позасымен, саусақ-башпайымен, даусының ырғақ-интонациясымен сізге қатысты өзінің «пікірін» айтып береді. Біздің қазақ, желкесімен ғана тұтас романдарды баян етіп бере алады, кеудесінде тұнып жатқан, жақсыға, талантқа, барлық жарқын құбылыстарға деген ұшан-теңіз өштігін жеткізе алады.

 

Мен 1996–98 жылдары қазақ-түрік «Заман – Қазақстан» газетінің орыс бетін шығарып отырдым. Бірде өзіммен қызметтес, жазушы Дидар Амантай екеуміз бір сұхбат өткіздік. Қазақ және әлем әдебиетінің, мәдениетінің біраз проблемаларын сөз еткен едік. Совминнің ауруханасында емделіп жатқан бір белгілі адам, редактор Жұмабай Шаштайдан газет сұратыпты. Апарып бердік. Ол адамның жанында қазақтың тағы бір белгілі «кісісі» бар. Көрші палатада, ол да емделіп жатқан көрінеді, көршісіне келіп шай ішіп отыр екен. Менің бұл куә болғаным, өмірдегі сирек құбылыс. Көршісіне келіп шай ішіп отырған сол «кісі» біз есіктен кіргеннен көкпеңбек көкталақ болып бетімізге қарады да отырды. Көзқарасы қорғасындай ауыр, өнебойымызды қарып бара жатыр. Бірден түсіндім. Сұхбатты оқыған («оқымаған»). Қылмыс істеп қойғандай ыңғайсызданып, Дидарға кетейік дедім. Бірақ палатаның иесі, қазаққа пейілді адам еді. Әңгімесі таусылатын емес. Сұхбатты кеше кешке көршісінен сұрап оқып алғанын, содан соң Жұмабайдан өзіне арнайы бір дана сұратып алып отырғанын, қазақ мәдениеті осындай жақсы жазылған дүниелермен көркейетінін, өзінің бір журнал ашқалы жатқанын, ол журналға Дидар екеуміздің міндетті түрде қатысуымыз керек екенін т.т. айтты. Міне ақсақалдың осы әңгімесінің барысында қонаққа келіп шай ішіп отырған «кісі» бізге ажырая қарап, көзімен өртеді де отырды. Қоштасып шығып бара жатқанымызда аталмыш «кісі» ақыры өзінің пікірін айтты-ау.

 

– Жұмабай да, әйтеуір қызық, бала-шағаны жинап алып, көсемсітіп пікір айтқызып. Неменеге керек бұл.

 

Бала-шаға! Ал сол 1997 жылы бұл бала-шағаның, яғни менің жасым тұп-тура қырық екіде екен.

 

Осынша өштіктің сыры, себебі неде? «Автоматтық өштік» («автоматическая ненависть») деген ұғым бар. Бұл әдетте тарих сахнасында – бір-бірімен аяусыз жауласқан халықтардың арасында болатын өштік. Мысалы, неміс пен орыстың бір-біріне деген қатынасы. Екі халықтың өкілі бір жерде ұшырасып қалды дейік. Орыс, танысып, немістің неміс екенін білгеннен кейін, оған деген өштігі лап етіп оянады. Ешқандай себепсіз. Неміс, орыстың орыс екенін білгеннен кейін тура осындай реакцияны бастан кешіреді. Міне, бұл «автоматтық өштік», яғни, өштік генетикалық деңгейде ұлттық әдетке айналған.

 

Мынадай бір оқиға есіме оралады. 2007 жылы мен әйел-баламмен Анталияның Чамюва деген жерінде демалдым. Отельдің кафе-барында қызмет ететін Халит деген бір жас түрік сол жылы болған бір оқиғаны айтып берді.

 

– Сіздің алдыңызда демалған Ресейдің орыстары осы жерде шатақ шығарды. 9 мамыр күні араққа тойып алып, осы отельде демалып жатқан Германияның туристерін іздеп барып төбелес шығарды. Өздері көп. Әл бермей қойғаннан кейін Анталиядан полиция шақырдық. Бір автобус полицейлер келгенше қаншама немісті соққыға жығып, жаралап тастады. Содан соң орыстардың барлығын автобусқа тиеп Анталияға апарып, ұшаққа мінгізіп еліне қайтарып жіберді. Солардың барлығы «персона нон грата» болып қара тізімге ілінді. Енді Анталияға келе алмайды.

 

1945 жыл мен 2007 жыл Есептеңіз. Жеңістен кейін 62 жыл өткенде болған жәйт. Алайда бұл бір-біріне жау болған екі халықтың өкілдері. Ал Совминнің ауруханасында кездескен «көкеміз» бізді бірінші рет көріп тұр. Оның үстіне ол қазақ қой. Аталас, қандас. Жасы үлкен аға.

 

Бірінші рет көріп тұрған, танымайтын адамға көрсетілген бұл қаскөйліктің шын аты, ғылыми аты – «автоматтық өштік».

 

Кемеңгер Асекең, Асқар Сүлейменовтың айтқаны бар ғой, «Қазақтың полемикасының бытысқан-шытысқан терминологиясын алып тастасаң, түп негізінде адамның адамға деген жаулығы ғана жатады» деп. Рас сөз. Жетіп айтқан сөз. Ұлттық мәдениетке, жалпы өнер идеалдарына адал, қазаққа болсын дейтін ат төбеліндей азшылықты есептен шығарып тастасаңыз, қазақтың жарқын құбылыстарға деген реакциясының түп негізінде жаулық, өштік жатқанын ғана көресіз.

 

Үнсіздік қоршауы және тағы басқа «қазақы» келісімдер

 

Жақсыға, талантқа, талантты құбылысқа қазақтың көрсететін тағы бір қыры бар. Ол – бүкіл қоғам келіскен үнсіздік. Қазақтың дарынды баласы әлемдік деңгейде бір шығарма жазды дейік. Сол күні қазақ әлеуметін жым-жырт тыныштық басады. Жаңағы бейбақты барып құттықтайсың, жұбатасың. Содан соң сонымен бірге пікір күтесің. Алайда қара жамылған әлеумет әлі үнсіз. Бұл траур қашан аяқталады, әлде сол аяқталмаған күйде кете ме – ол бір Құдайға ғана аян. Асекеңнің және бір айтқаны бар, «Промолчать – значить солгать» деп. Ол кісі өзі ойлап шығарған афоризмдерінің кейбіреуін орысша айтатын. Бұл оның «Үндемегенің – өтірік айтқаның» дегені. Себебі сен үндемей, жақ ашпай отырғаныңмен жамандыққа қолқабыс етіп отырсың. Сенің үнсіздігіңнің арқасында қиянат салтанат құрып отыр.

 

Палестиналық монах Авва Дорофейдің айтқаны бар, «Біреу ойша өтірік айтады, біреу сөзбен өтірік айтады, ал базбіреу бүкіл өмірімен өтірік айтады» («Иной лжёт мыслию, другой лжёт словами, а иной самою жизнию своею») деп.

 

Басымнан өткен бір хикаяны айтайын. Бір бай қазақ біреу арқылы «қазақтың ескі өмірінен бір сценарий жазыпбере алар ма екен» деп қолқа салды. Қазақ – қалмақ соғыстары кезіндегі мифологиялық оқиғалардың біреуін негізге алып «Жезтырнақ» атты сценарийді жаздым. Бірақ жеме-жемге келгенде инвесторымыз «сценарийдің ішінде қазақ пен қалмақтың үлкен соғысы бар екен, бұл өте қымбатқа түсетін фильм» деп жобадан бас тартты. Кейіннен бұл сценарий Оңтүстік Кореяда өткен сценарийлер конкурсында екінші жүлдені жеңіп алды. Енді бес жылға дейін ол шығарма Оңтүстік Кореяның меншігі болып саналады. Әрине, олар, сценарийді адаптациядан өткізеді, оқиғаны Кореяда өткен қылып көрсетеді, өздерінің ұлттық тарихының дерегіне айналдырады. Өкінішті, бірақ амал жоқ. Алайда, әңгіме онда емес. Осы конкурстан пәленбай жыл бұрын аталмыш сценарийді қазақтың белгілі режиссеріне ұсындық. Пікірін … алты жыл күттік. Алты жылдан кейін қайтарып берді. Қара жамылып тұрған режиссерден пікір сұраудың өзі былай… ыңғайсыздау ғой. Үндемеген күйі алып жүре бердік. Алайда, әңгіменің қызығы алда. Ұмытпасам, 2010 жылдың көктемінде ғой деймін, Алматыдағы Кино үйінде бүкіл қазақтың киноқайраткері бас қосқан жиын болды. Сол жиында аталған режиссер ашынып бір сөйледі.

 

– Осыдан бір ай бұрын мен «Қзақфильмге» өзімнің сценариімді ұсындым. Әлі күнге дейін жауап жоқ. Сценарийге деген бұндай отношениемен (ықылас-пейілмен) кино өнері қалай өркендейді, айтыңыздаршы, кәне, – деді режиссер күйзеліп.

 

Байыптай қарадым. Кереметі, ол шын күйініп тұр еді!

 

Жақсының атын өшірудің, жақсыны мұқатудың енді бір амалы бар. Ол – жаманды мақтау, қортықты, бәкене бойлыны асқақтату. Баяғыда, өткен ғасырдың ар жағында болса керек, әлеуметтің осы аюани кесір салтының арқасында даңқы күнмен теңескен, орыстың бір боқташақ жазушысының айтқаны бар, «дүниеде Достоевский мен Чеховтың бар болғаны қандай жақсы, бұлар болмаса мен ешқашанда мынадай атаққа жете алмас едім» деп. Яғни, Достоевский мен Чеховтың кегіне, осы екі алыпты мұқату үшін ақымақ әлеумет аталмыш жазушыны аспанға көтерген.

 

Біздің қазақ осы амалды тамаша меңгерген. Талай көргенбіз, ағалардың бұра тартып, езулей шапқанын, бүйректен сирақ шығарып, жақсыны мұқатып, жаманды шыңға шығарғанын. Бірде, Ә.Қашаубаев конкурсына қатысып, өзінің қылтасынан келетіндерден жеңіліп, тауы шағылып, жападан-жалғыз қайтып келе жатқан тамаша әншімен пойызда ұшырасқаным бар. Вагон-ресторанға ертіп апарып, коньяк әперіп жұбаттым. Қолымнан басқа не келеді. Кейіннен осы эпизодтан туған ойларым «Біржан Сал» фильміне енді. Біржан мазардың қабырғасына маңдайын тіреп тұрып, «Аяқ-табақ жалаған сарай әнші, сарай күйші етігімен төрге шыға ма деп қорқам. Шын өнердің бағлан басы табалдырықта қала ма деп қорқам» дейтін жері бар емес пе. Міне, бұл сөзді айтқызған, баяғы Біржанның бүгінгі адал мұрагері, адал інісі, сол пойызда кездескен әншінің күйзелген көңіл-күйі еді.

 

Жақсыны мұқату үшін, оның атын өшіру үшін жаманды, боқташақты көтеру. Бүгін бар, әлі тірі жақсы өнерпазды мұқату үшін өліні асқақтату, өліні құрметтеу. Бұл күнделікті болып жататын, өмірдің заңына айналған көріністер. Қазақта «Өлген арыстаннан тірі тышқан артық» деген мақал болыпты. Бұл мақал баяғыда өзгеріп кеткен. Ендігі кесір мақал – «Тірі арыстаннан өлген тышқан артық».

 

Құрметті оқырман, мен, жазған дүниеңді «оқымайтын» қауым және әншілер конкурсының тағдырын шешетін әділетсіз жюридің арасын бөліп қарамаймын. Екеуі, жоқ, екеуі ғана емес – барлығы, бір табиғаттан тамыр тартады. Барлығы да – «оқығам жоқтар».

 

Енді бір «нәзік» құбылыс бар. Осы «нәзіктігінен» болар, әзірге зерттеушілердің назарына ілінбей, тыс қалып келе жатыр. Бұл да «оқығам жоқтың» адам танымастай болып құбылған бір формасы. Мынадай мысал: менің бір бауырым бар. Қолдан жасалған «қоғам қайраткері». Әр нәрсенің басын шалып бір әдеби газетте жүрді, содан соң теледидарда қызмет істеді. Сол бауырымның, ұмытпасам «Қазақ әдебиетінде» жарияланған бір мақаласын оқып отырып күлкіден жығылып қала жаздадым. «Мақаласының» бір жерінде ат жоқ, жөн жоқ (орыстар бұны «ни с того, ни с сего» дейді) «мен Абай заманында өмір сүрген қазақтардың табанын жалар едім» деп тоңқ еткізеді. Құрметті оқырман, мақтанайын, мен ес білмеген кезімнен осы бүгінгі күніме дейін өмірдің де, өнердің де, есебіне сан жетпейтін өткелектерінен өткен өте тәжірибелі адаммын. Мен адамның көзіне, тұрған тұрысына, ернінің емеурініне, даусының ырғағына, қаламының дір еткеніне қарап оның ішінде нендей иттің өліп жатқанын қапысыз ажыратамын. Бірақ білгенімді айтпаймын, интуициямды сездірмеймін. Сол себепті менімен отырған, менімен әңгімелескен ыңғайлы.

 

Мәселеңки, жаңағы бауырымның «мақаласындағы» «ойдың» шыққан тегін, мені оқығанын, оқыса да неге «оқымағанын», сілтеменің не себепті жоқ екенін – осы толып жатқан нюанстарды, нансаңыз айтайын, цитатаның алғашқы әрпінен, секундтың мыңнан бір бөлігіндей уақыттың ішінде тауып қойдым (кешіріңіз).

 

Дәлел керек болса, мархамат. Басқа бір шығармадан цитата келтірейін:

 

«…Біраз біз қандай халықпыз? Кімдер едік, кімдер болдық? 1456 жылдан бастап бес ғасыр кескілес барысында біз биологиялық ең текті, таза, ғазизлеген қанымыздан айрылдық. Бес ғасырға созылған соғыстың, бес жүз жылдық «кері селекцияның» шығынына ешбір генофонд төтеп бере алмайды. Керей мен Жәнібек, Еңсегей байлы ер Есім, Салқам Жәңгір мен Абылай заманының қазақтарын былай қойып қойыңыз, біз тіпті Абай заманындағы қазақтармен қай жағынан болса да шендесе алмаймыз. Иә, иә, таңқалмаңыз, себебі қандай тайғақ кешуден өтсе де, қазақтың қаны өшіп бара жатқан инерция бойынша Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сияқты тұлғаларды жаратты».

 

«Қоғам қайраткері» бауырым, менің «Аштық және соғыс» атты, кезінде жақсы резонанс тудырған мақаламды оқыған (яғни, «оқымаған»). Абай заманындағы қазақтар туралы ой ұнаған. Бірақ қалай алу керек? Артта, мені мақтау, немесе маған сілтеме жасау былай тұрсын, менің атымды атаған үмбетін аямай, шықпыртып сойып алатын «режиссер» көкелер тұр. Бауырым тамаша амал тапқан. Егер, біз, оқыған-тоқыған мына біздің өзіміз, сол Абай заманындағы қазақтармен қай жағынан алғанда да шендесе алмайтын болсақ, онда … ондай қазақтан неге айналып кетпейміз? Олай болса «Абай заманында өмір сүрген қазақтардың табанын жалау» немесе «сүю» – өз-өзінен келе қалатын нәрсе ғой. Әрі өзі, әрі өзге. Дәлірек айтқанда, бұрынғы тігістің орны көрініп тұрғанымен – өзге. Баяғыда бір ағамыз болып еді. Плагиаттың өте жұмсақ, нәзік түрлерін пайдаланып, не онда емес, не мұнда емес «пікір» айтып, былықтырып отырушы еді, жарықтық. Ең басты мақсат – сілтеме жасамау, сенің атыңды атамау, қолдан келгенше сені «оқымағанын» көрсету. «Самопал» «қоғам қайраткері» менің сол ағамды елестетіп отыр. Оның мені «оқымағанына» шын сендім. (Шыныда да оқымаса, кәдімгідей оқымаса жақсы болар еді).

 

Әрине, «көкелер» оқи тұра неге пікір айтпайтынын түсіндіріп бере алады. Көп жағдайда «ештеңеге араласқым келмейді», «бейтарап болғанды қалаймын» деген уәж айтылады. Алайда, «бейтарап болу, ол да … шылғи өтірік. «Бейтараппын» деген – күштілердің жағындамын деген сөз, соның әдемі түсіндірмесі. Ал, шын өнер адамы қашанда қорғансыз.

 

Нұрғали Ораз деген қаламдас бауырым бар. Көп сезінеді, терең сезінеді. Сезінгенін әдемілеп жеткізе біледі. Бірде, сол бауырым, – Әй, Тәке, басыңды қатырып қайтесің. Пікір айту, рецензия жазу, баяғыда рынокқа айналып кеткен, нарықтың заңымен жүреді. Пікір – кәдімгі тауар, ал тауар сатылады, – деп еді.

 

Рас айтады. Заман озған, ал біз артта қалыппыз. Бірақ мынаны айтқым келеді. Біздің «көкелеріміз» әдебиет кеңістігінен де кеткісі жоқ, яғни, әдебиетші болып та жүре бергісі келеді, сондай-ақ жауларын да көбейткісі келмейді. Күштілердің қас-қабағына қарап «бейтарап» та болғысы келеді, бірақ аздап пікір айтқысы да келеді. Саяси күштердің арасалмағын ежіктей есептеп отырып, екшеп отырып жазған рецензиялары көп жағдайда құлпытасқа таңбалаған эпитафияны елестетеді. Екі қарап емес – он қарап бір шоқыған бұндай «шығармашылық» ақыр-соңында маразмға айналатыны белгілі.

 

Біз, адамның бағасын оны көмгенде ғана, зират басында ғана айтатын ұлтқа айналдық.

 

«Аялы алақан»

 

Адамгершіліктің, адамдықтың, адамшылықтың тарихынан бір мысал. Бұл, хадисте бар ма, жоқ па, білмеймін. Мүмкін бар, мүмкін жоқ. Адам сырының басы мен аяғы хадис емес қой. Мүмкін жүрегі дауалап, бір ақылды адам ойлап шығарған бұл хикаяны. Былай болыпты. Бір адам өмір бойы құдайға құлшылық қылыпты. Намазын қаза қылмауға тырысыпты, ал қаза болған намазды он есе қылып қайта оқып, мүшесінің барлығын жуып таза сақтапты. Алайда о дүниеге барғанда, Алла тағала оны тозаққа жіберіпті. Сонда, әлгі мүмин, бұның қалай, мен өмір бойы саған ғана табындым, сенен басқа білерім болмады, бар ақыл-ойымды, иманымды саған бағыштадым депті. Алла тағала, сол кезде айтыпты, бұл сенің намазыңның санын есептейтін жер емес, есіңде ме, сен бірде айдалада намаз оқып отырғаныңда шөл даладан бір ит еңбектеп келіп сенің жаныңа жатты. Сонда сен, қолыңда құман толы суың бар, сол суды дәретке қиғаныңмен жаныңда шөлдеп өліп бара жатқан тірі жанға қимадың. Сол ит көзіңше өлді, депті. Иә, есімде депті мүмин. Сол – ит бейнесінде келген мен едім депті Алла тағала.

 

Осы орайда тағы бір «оқығам жоқ» есіме оралады. Қазақта бір классик жазушы бар. Шынында да шебер. Ұлыстың қамын жеген адам. Өзін ұлттың әкесі (отец нации) санайды. Бір күні сол кісі, әдетінше ұлыстың қамын жеп отырған кезінде есіктен бір жігіт кірді. Бұрыннан таныс ақын. Жолы болмай, бағы жанбай жүргендердің бірі. Әбден арыған, шаршаған. Қоңырқай жүзін ерте әжім торлаған. Амандасып өзінің ақын екенін айтты.

 

– Ештеңеңді оқымаппын, – деді классик.

 

Ақын жігіт бөлмеде отырған адамдарға бір қарап алып (Классикке бірнеше классик қонаққа келіп, келелі әңгіме үстінде отырған. Ұлттың, ұлыстың қамы) классикке жалына-жалбарына тіл қатқан. Пәленбай жылдан бері үйсіз-күйсіз екенін, әйелі мен екеуі балаларын арқалап пәтерден-пәтерге көшіп жүргенін, өзінің жоқ-жітік кедей екенін, яғни өз ақшасына ешқашан үй сатып ала алмайтынын, кредит алуға жалақысының мөлшері жетпейтінін, тағы басқа, бүкіл қайғы-қасіретін сол жерде айтып салған. Бір кездегі өз басымның қиыншылықтарын көргендей, көңілім қатты босап кетті.

 

– Сол себепті әкімге хат жазып (ол кездегі әкім Храпунов еді) пәтер сұрайын деп отырмын. Сіз сияқты қазақтың үлкен кісілеріне жағалай қол қойдырып келе жатырмын, – деген ақын жігіт, қолындағы арызын классиктің алдына еппен қойған.

 

Классик, қағазға немқұрайды бір көз жүгіртіп жігіттің өзіне қайырып берді.

 

– Бауырым, мен мұндай қағазға қол қоймаймын. Бұндай мәселелермен уақытымды, мазамды алмаңдар.

 

Ақын жігіт төбесінен жай түскендей меңірейіп сәл тұрып қалды. Бөлмеде аз ғана ыңғайсыз үнсіздік орнаған.

 

– Жарайды, аға, – деді ақын жігіт.

 

Арызын алып, шығып жүре берген. Мен аз кідіріп соңынан шықтым. Жазушылар одағының алдында тұр екен. Содан бері пәленбай жыл өтті. Бірақ сол ақын жігіттің, одақтың алдында, барар жер, басар тауы болмай, шарасыз, нәубез күйде тұрғанын ұмыта алмаймын. Оның үйсіз, панасыз жүргеніне мен кінәлі сияқтымын. Оны қалай жұбатқаным да есімде. Жымиған болып, маған алғысын айтып кете берді. Қайта кірдім. Әңгіме қалыпты арнаға түсіп, классиктер келелі кеңесін ары қарай жалғастырыпты. Ұлттың, ұлыстың қамы. Ал енді, осы, бір жапырақ қағазға қол қоюға жарамаған, аға болуға жілігі татымайтын осы классик, ұлттың тағдырын егіле жазып, елдің барлығын босатып, жылатып жүрген адам.

 

Адамзатты, ұлтты сүйген оңай, себебі оның бәрі – декларация. Өлгендерді сүйген, оларды дәріптеген оңай, себебі өлгендерге енді ештеңенің керегі жоқ. Ал жаныңда жүрген тірі адамды, осы өзіңдей, ауыратын тәні бар, жаны бар адамды жақсы көру қиын. Себебі, ол – әрекет. Қазір бәрі сатулы. Ешкім де артық әрекетке барғысы жоқ. («Басқаның қиналысын, басқаның ауруын сезінбеген адам – ауру» депті ғой бір классик).

 

Алпамыстан қалған мирас

 

Енді осы бәддұға, осы теріс бата бізге қайдан келді? Бұны білу үшін өткенге шому керек. У.Фолкнер айтпақшы «өткенің ешқайда кетпейді, өткенің де, кеткенің де сенімен бірге, сенің мәңгі бүгінің».

 

Егерде, қондыгер-қаңлы әулетінің және одан тамыр тартатын қазақ деген халықтың егжей-тегжейлі тарихын жазып бүгінгі ұрпаққа оқытса, бәрі де түсінікті, бабалардың әр істеген ісінің уәжі, үлкен себебі бар. Алайда, аталмыш тарихты уақыт жағынан сығымдап, өте қысқа қылып баяндасаңыз, онда адам нанбайтын кітап болып шығады. Мен осы адам нанбайтын тарихты баян етіп берейін деп отырмын. Сізге, жас оқырман.

 

Батырлар жырын талай оқығанда байқаған шығарсыз, Алпамыс жауға аттанғанда елді күңнен туған Ұлтан деген құл билеп қалады. Эпоста тағы бір сұмдық деталь бар. Қарындасы Қарлығаш ағасымен қоштасып тұрып, «тоғай толы малыңды кімге тапсырдың?» деп жылағанда, Алпамыс «тоғай толы малымды бөріге тапсырдым» деп жауап береді.

 

Кемеңгер бабаларымыз, тоқтаусыз жаугершілік жолына түскен елдің азып-тозатынын, ондай елді ақыр соңында Ұлтан сияқты құлдар билейтінін, ондай елдің «тоғай толы малы» (солардың ұрпағы, мына бізге тиесілі игілік пен дәулет) ақыр соңында ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететінін болжаған. Бірақ қандай кемеңгер, қандай болжампаз болса да, ат тұяғы жететін жерді, бүкіл әлемді әлденеше рет жауласа да осы жаугершілікті қоя да алмаған, тоқтата да алмаған. Артындағы келер ұрпағы (мына біз) кейіннен қандай кепке түсетінін, қандай несібе тататынын біле тұра.

 

Құрметті оқырман, мынадай эксперимент. Сіз – сардарсыз. Соғыс жүріп жатыр. Бір шытырман тапсырманы орындауға біреуді жіберу керек. Алдыңызда екі адам тұр. Біреуі еңкіш, қорқақ, ақымақ. Екіншісі ержүрек, ақылды, ардагер. Тапсырмаға кімді жібересіз? Әлбетте, екіншісін. Ол ардагер басын бәйгеге тігеді, қан кешеді, өледі. Бірақ өзіне жүктелген міндетті орындайды. Ал алдыңғы айтылған нашар тірі қалады. Әрине, мен гротескілеп, әсірелеңкіреп айтып отырмын. Бірақ қалай айтсаң да соғыстың негізгі заңы – осы. Соғыс ардагерлерді жалмайды, Отан, елдік, еркіндік жайлы түсінігі жоғары, текті тұқымдар соғыс өртінде алдымен жанып кетеді. Осылайша қондыгер, одан кейін хұн, одан кейін түрік, одан кейін қазақ замандарындағы бітпейтін аяусыз қанды майдандарда «кері сұрыптаудың» («обратная селекция») қатыгез заңы жүріп жатты. Осы қисапсыз соғыстарда бетіне жан қаратпаған ержүрек қондыгер әулетінің тұқымындағы алдыңғы қатарлы элементтер үздіксіз шайылып, екінші қатардағы элементтер аман қалып отырды. Ардагердің жесірін солар, аман қалғандар алды, бала туғызды. Енді халықтың тамырында солардың қаны ақты.

 

Біз ұлтымызды көп сынаймыз. Нашармыз, жалтақпыз, басымыз бірікпейді, күншілміз т.т. дейміз. Құрметті оқырман, біз бір күнде осындай болған жоқпыз. Біз – бабаларымыздың істеген істерінің нәтижесіміз. (Бабаларымыздың тарихтағы талай ғапыл істерін, талай қатесін көзге шұқып тұрып көрсетуге болар еді, бірақ оларды ақымақ болды деуге бәрібір аузымыз бармайды, себебі, біздің басқа бабаларымыз жоқ. Бабамыз – осылар).

 

18 ғасыр – сайын сахарадағы көшпенділер кешкен дүбірлі дәуреннің соңғы ғасыры. Әбілқайыр мен Абылай сияқты ардагерлер бастаған соңғы жеңімпаз жорықтар қондыгер өркениетінің соңғы, аққу әні екен. Қалмақты жеңгеннен кейін біз тыным тауыппыз. Содан кейін моральдік, интеллектуалдық азып-тозудың заманы басталыпты. Зар заман ақындарының жырларын оқыңыз. Қазақ қоғамының иман, ақыл, кісілік тұрғысынан кері кетіп бара жатқанын жазады. Бір ақынның өлеңі таңқалдырды. Сол замандағы ұлықтың болмысын суреттеп келіп:

 

– Елін талап жей берер

 

Қасқырменен аралас, – дейді.

 

Бұл не деген сөз? Бұл, қазақ өзіне өзі ауыз сала бастады, өз елін жемтік қыла бастады деген сөз.

 

Тіпті атадан асып туған кемеңгер Абайдың өзі туған елінің болмысын байыптай отырып, бұл қазаққа не болғанын түсіне алмайды. Нәтижесінде хакимнің қаламынан «Масғұт» деген қорқынышты поэма туды. Ақын, кемшін сана, интеллектуалдық деңгейі өлшеусіз төмендеп кеткен елді, жынды су ішіп құтырып кеткен қауым қылып суреттейді. Таза су жиып, соны ішіп құтырмай аман қалған Масғұт уәзір мен патша – әр халықта болатын азғантай ақылды адамдар. Алайда халық патша мен уәзір жынданған деп екеуін өлтірмек болады. Көпшіліктің ештеңеден тайынбайтынын көрген Масғұт пен патша амалсыз жынды су ішеді. Құтырып алаңға жетіп барғанда халық екеуіне бас иеді.Енді бұдан былай ақымақ тобырдың ақылды азшылыққа үстемдік ететінін қазақта Абайдан артық ешкім айтпаған шығар. Абайдың жолын берік ұстанған Сұлтанмахмұт ақында «Бір жерде жиюлы екен қазына-мал» деп басталатын тамаша өлең бар. Өлеңнің соңында елін сатып, елдің мүддесіне айырбастап алған орден-медальдарын (Сұлтанмахмұттың тілінде «оқа, түйме, сылдырмақ, теңге») мақтан етіп тұрған қарияға ақын:

 

– Дедім мен, құтты болсын шекпеніңіз,

Артқыға қандай егін еккеніңіз.

Жусақ та тәнімізден кетер емес,

Сондағы тұқым шашып сепкеніңіз, – дейді.

 

(Құрметті оқырман, сіз Абайдың «Масғұты» мен Сұлтанмахмұттың аталған өлеңінің, мақаламыздың өзегі болып отырған «оқығам жоққа» не қатысы бар деп қайран қалып отыруыңыз мүмкін. Тікелей қатысы бар. Сол «егілген егін» қазақ санасында жайқалып өсіп, мол өнім берді. Содан бері ұлт мүддесі түкке де тұрмайтын болды. Ақын-жазушы, сыншы, көсемсөзші, жалпы талантты адамның қолынан шыққан жақсы туындыға деген немқұрайдылық, айналып келгенде төл мәдениетке деген немқұрайдылық. Жамандық болсын, жақсылық болсын, бір жүректен, бір көңілден өрістейді).

 

Алаштың қайраткерлері – қазақ қоғамының соңғы пассионарлары еді. Бірақ олардың мүддесі кеңестік тоталитарлық империяның мүддесіне қайшы келді. Сол себепті тоталитарлық жүйе олардың бірде-біреуін тірі қалдырмады.

 

Әрине, біз советтік социалистік системаны, және сол системада өткен жетпіс жылдық тарихымызды толықтай жоққа шығара алмаймыз. Социалистік системаның өзіне ғана тән артықшылықтары, тіпті десеңіз озық сипаттары болды. Алайда, социалистік жүйеде адамның ең басты керегі – еркіндік жоқ еді. Гуманист Пушкиннің мынадай өлеңі бар:

 

–​ Паситесь мирные народы,

Вас не разбудит чести клич,

Наследство вам из рода в роды,

Ярмо с гремушками и бич,

Зачем стадам дары свободы?

Их должно резать или стричь.

 

Ұлы гуманистің өлеңін қазақшаласақ төмендегідей болады.

 

Бейбіт халықтар, осылай жайылып, жусап жата беріңдер,

Сендерді намыстың ұраны енді оята алмайды,

Атадан балаға өткен несібелерің –

Сылдырмақ таққан ажырғы (мойынға кигізетін кісен) мен бишік,

Отар-отар малға бостандықтың не керегі бар?

Оларды не сойып жеу, не жүнін қырқып алып отыру керек.

 

(Нашар аудармам үшін кешірім өтінем).

 

Артық болар, кем болар, бірақ Пушкин Еуразиялық алып империяның бұратана халықтарға деген пиғылын айна-қатесіз бейнелеген.

 

Совет заманында «Октябрь революциясы Ресей империясының езгісінде отырған бұратана халықтардың барлығын құлдықтан құтқарды» деген әуенде мыңдаған «зерттеулер» жазылатын. Әрине, шылғи өтірік. Совет өкіметі бұратана халықтарды құлдықтан құтқарған жоқ – тек сол халықтардың қол-аяқтарындағы кісенге алтын жалатып қойды.

 

Енді бүгінгі «оқығам жоқтың» генезисін шама-шарқымызша пайымдап көрейік. Адамның тәрбиесі шыр етіп дүниеге келгеннен басталады. Әуелі отбасы-ошаққасы тәрбиесі, содан соң мектеп тәрбиесі, содан кейін азаматтық өмір… осылай кете береді. Құрметті оқырман, Алаш қайраткерлерінің өмірбаяндарын оқығанды, «алғашқы білімді ауыл молласынан алды» деп келетін елеусіз ғана мәліметті талай рет көзіңіз шалған шығар. Солай болған. Адам әуелі діни тәрбие алуы керек. Алаштың арыстарына бала кездерінде, иманның, ұят-аят, ар, кісіліктің әліппесін үйреткен, көбінің аты белгісіз қарапайым ауыл моллалары елі.

 

Біім деген не? Жай ғана информация. Ол информация бір халықта көп, бір халықта аз. Ал адамның кәмелеті оның өзі игерген информацияның көлемінде емес – иманында, кісілік салттарында. Білім – алмас қылыш болса, рухани кәмелеті толмаған адам – бала. Ес білмейтін баланың қолына қылпыған қылышты ұстатыңыз – содан кейін не болатынын көресіз.

 

Тарихты зерделеңіз. Жамандықта міні жоқ имансыз қауымдардың заңсыз егемендік алып, сиқырлы білімге қол жеткізіп, адамды мыңдап-миллиондап қыратын құдіретті қаруды меңгеріп, кенеусіз аюандықтың жолына түскенін, ақыр соңында адамзатқа ұлы апат, қасірет әкелгенін көресіз. Әрине, бүкіл әлем озық технологияларды меңгеріп жатқанда, қазақ ұлының бұдан шет қалатын жөні жоқ. Біздің айтпағымыз, иман білімнен озып отыруы керек. Советтік оқу жүйесінің кемшілігі осы ма деп те ойлайсың. Алайда, жаңа қоғамды құрушылар дінді мемлекеттен аластады. Дін енді ешқашанда мектепке жолай алмас еді, тәрбие ісіне араласа алмас еді.

 

Міне, осылайша тек қана білім беретін советтік мектеп қалыптасты. «Коммунистік саналылық» деп аталатын басты рухани қағиданың қызуы өткен ғасырдың 60-шы жылдарына дейін ғана жеткен шығар.

 

Теріс қонған білім

 

Қазақтың ғылымы мен білімі шеттен, орыстан, батыстан. Ал жақсыға, жарқын құбылыстарға, талантқа қарсы күреске бастайтын надандығы мен ақымақтығы – жергілікті, отандық құбылыс.

 

Неге осылай болды? Себеп біреу-ақ: біз ағартушылық кезеңнен өтпей бірден информациялық қоғамға айналдық. Осы тұрғыдан келгенде қазақтың ұлы педагогы, қадірлі Ыбырай (Алтынсарин) атамыз бен хаким Абайдың өмірлік ісі мүлдем басқа қырынан ашылады. Мектеп оқулықтарының бірінші беттерінде тұратын «Кел, балалар, оқылық» деген өлеңнің бірінші жолы алынған.

 

– Бір Аллаға сыйынып,

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге,

Ықыласпен тоқылық.

 

Алғашында Ыбырай атамыздың қаламынан осылай болып шыққан екен бұл өлең. Яғни, әуелі Аллаға сыйынып, иманға бас ұрып алайық, содан соң өнер жинаудың жолына түсейік деген сөз. Бұл ұлттық идеологияға айналуға тиіс ұран еді.

 

Қазақ ағартушылығының жасы нешеде? Бір ғасырға да толмайды. Ағартушылық қозғалысты зар заман ақындары және әр кезде әртүрлі амалмен діни білімге қол жеткізген қарапайым ауыл моллалары бастаған. Содан соң бұл үрдіс Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбаевтың шығармашылығына ұласты. Ел ішінде ұлттан шыққан, ұлтына пейілді меценат-демеушілердің көмегімен алғашқы қазақ газеттері, кітаптары шыға бастады. Есенқұл Маманов деген ауқатты қазақ тұңғыш рет қазақ романына бәйге жариялапты. Жазба әдебиеттің қазақ топырағына тамыр салып көркеюіне және бірден батыстық үлгідегі ірі жанрдың қалыптасуына ықпал етуге тырысқан таңғажайып іс. Сахарада ақырындап қоғамдық-әлеуметтік ой жанданып келе жатқан. Содан соң 1905 жылғы орыс-жапон соғысы, Ресей империясындағы әлеуметтік бұлғақ, содан кейін 1917 жылғы топалаң…

 

Алайда, ғасырға толмайтын ғұмырында қазақ ағартушылығы Алаш қозғалысын тудырды. Әрине, Алаш арыстарының тағдыры аянышты, қасіреті көкірегімізден ешқашан кетпейді. Бірақ олардың өмірінің үлгісі көркем, жарқын.

 

Жоғарыда айттық, адамға тек қана білім, яғни, мәлімет қана беретін, рухани бағытта жалған, жасанды құндылықтарды ғана ұстанатын совет мектебі орнықты деп. Бүгінгі қазақ лек-легімен осы мектептен өткен ұрпақ. Осы мақаланың басынан айтылып келе жатқан, келешектен үміті бар халық арылуға тиіс мерез – совет қоғамының руханиетсіз, жансыз тәрбиесінің нәтижесі.

 

Алайда, біз арыла алмадық, әлі арыла алмай әлі тозатын түрі көрінбейді.

 

Бір жағы советтік мектепті де айыптауға болмайды, себебі ол да идеологияның тапсырмасын орындады, идеологияның құралы болды. Рухани тәрбие үшін күрескен педагогтар болмады дейсіз бе. Болған. Совет мектебіндегі тәрбиенің жай ғана формализм екенін, бұлай етуге болмайтынын, мектеп ісін түбірімен өзгерту керек екенін барынша жұмсартып (жоғарыда отырған «көкелерді» шамдандырып алмас үшін) айтқан, рухани тәрбие үшін күрескен талай педагогтар болған. Бірақ жоғары билік, бүкіл әлемде социализмнің жеңісін қамтамасыз етем деп жүргенде бұндай мәселелерге, тіпті, назар аудара алмас еді.

 

Сонымен біз жалаң білім ғана алдық, ал шындығында түк те алған жоқпыз деуге болады. Егер де сізге жоғары білім берсе, бұл сіздің ол білімді алғандығыңызды көрсетпейді. Білім бердім деген сөз, ол білімді біреу міндетті түрде алды деген сөз емес.

 

Ағартушылық кезеңнен, рухани тәрбиеден өтпеген адам үстірт білім алады. Ол білімнен оның ақылы артпайды, керісінше надандығы тереңдей түседі. Арабта «Тағаланған есек қаттырақ тіреседі» («Подкованный ишак крепче упирается») деген мақал бар. Рухани кембағал адам, жинаған азынаулақ білімін, енді, ақиқатқа, шындыққа қарсы күреске жұмсай бастайды. Әлбетте, рухани кембағалдардың барлығы надан емес. Бұлардың ішінде де белгілі бір иерархия бар, адам табиғатын терең таныған, ғылым-білімнің парқына жеткен ақсүйек-аристократтары бар. Бірақ «тартпай қоймас негізге» дегендей, кембағалдың аты кембағал. Себебі, ол аристократ қандай білімді болса да, жинаған білімін маңайындағы адамдардың тұнығын лайлауға жұмсайды. Ол аристократ сайысқан адамының жанын барынша ауыртуға тырысады, оны барынша жарадар етіп қоя беруге тырысады. Шындық, ақиқат – бейтарап нәрселер. Әлемдегі ең ізгі, ең қасиетті ақиқат, білімді подоноктың аузынан шыққанда аса лас, былғаныш шындыққа айналады. Аталмыш аристократқа ақиқаттың да, басқаның да керегі жоқ. Оның жалғыз ғана қамы, мұраты – ішіндегі жиналған мерезден әлсін-әлсін арылып отыру. Орыста «изживать свои комплексы» деген тамаша анықтама бар. Яғни аталмыш аристократ, бойындағы осы комплекстерді сыртқа шығаруды ғана көздейді. Оның маңайындағы адамдармен қатынасы осыған ғана құрылады.

 

Ал шын білімділік, ол мүлдем басқа нәрсе. Оскар Уайльдтің айтқаны бар, «Білімге деген құштарлық ұзақ оқу-тоқудың, білімділіктің нәтижесі» деп. Тағы бір ғұлама айтыпты, «Адам білімге жетілген сайын білімге құштар бола түседі» деп. Яғни, шын білімді адам білімге жетілген сайын бұдан да көбірек оқысам деп армандайды. Және оқыған сайын инабаты арта түседі. «Кәмил инсан», «кемел адам» идеалы бүкіл адамзатқа ортақ. Еуропа, басына мәлімет толтырып алған адамды емес – рухани кәмелетке жеткен адамды аңсайды. Олардың өз тілінде бұндай адам, «жарасым адамы» («гармоничный человек») деп аталады. Қазақ та бір кезде білімді деп, кітапты көп оқыған адамды емес – ізетті, инабатты адамды айтқан. Адамгер адам ғана әділетті бола алады, ақты – ақ, қараны – қара деп әділетті пікір айта алады.

 

Әлеуметтік пікірді, адамның, қоғамның екінші ұяты деседі. Әлеуметтік пікірдің жоқтығы, немесе, бізше – «оқығам жоқ», ол қандай да болмасын міндет, әділет, құқық пен ақиқатқа деген немқұрайдылықты көрсетеді. Қоғамда қалыптасқан, адамның ойына, адамның адамдығына, қадір-қасиетіне деген өштік пен жиренішті көрсетеді.

 

Бір ғұламаның айтқаны бар, «Кітап дегеніміз – айна. Сол себепті айнаға маймыл қаранса, ол, айнадан әулиенің беті болып шықпайды» деп. Сол себепті, біздің «оқығам жоқтардың» бойындағы аталмыш комплекстер, бұл өркениетті жабайылық қайдан келді десеңіз, тағы да айтайын – біздің өткен өткелектерімізден. Бәрін де түсіндіруге болады. Бірақ, түсіндіру – ақтау деген сөз емес.

 

Ленин айтыпты, «Ресей – халықтардың түрмесі» («Россия – тюрьма народов») деп. Алайда, Ленин бастаған большевиктер ешкімді де азат еткен жоқ. Патшалық Ресейден қалған абақтының сыртын бояп-сырлап, әдемілеп қойды. Ал абақты – абақтының адамын ғана тудырады. Абақтыдан абақтының адамы ғана шығады.

 

«Жаралы арыстан комплексі»

 

Құрметті оқырман, Э.Хэмингуэйдың «Фрэнсис Макомбердің баянсыз бақыты» («Недолгое счастье Фрэнсиса Макомбера») әңгімесі есіңізде шығар. Африкаға аң аулауға келген миллионер Фрэнсис Макомбер бір күні бір арыстанды атып жаралайды. Арыстан өзінің түгі түстес қалың шөптің арасына жасырынып көрінбей қалады. Макомбер ары-бері іздейді де, таба алмаған соң, өздерін бастап жол көрсетіп жүрген Уилсон деген аңшыға, «үйге қайтайық» дейді. Бірақ жолбасшы қайтпаймыз дейді. Макомбер шамданып, неге қайтпаймыз дегенде, Уилсон «сіз жаралаған арыстан басқа біреуге жолығуы мүмкін» дейді. Бұл жерде автор, «Аңды жаралаған екенсің, істі аяғына дейін жеткіз, тауып өлтір. Анық өлтіре алмайды екенсің – онда тиіспей қоя бер. Аңда сана жоқ. Сен жаралап қоя берген аң басқа, еш жазығы жоқ, тіпті қолына мылтық ұстап көрмеген басқа бір адамға жолығуы мүмкін. Жаралы аң сол адамды шайнап өлтірсе, бұл өлімге сіз кінәлісіз» деген ойды айтып отыр.

 

Мұхтар Мағауин «Шақан Шері» повесінде Хэмингуэйдің осы идеясын тамаша пайдаланған. Шақан Шерінің лашығына жолбарыс шауып баласы мен әйелін сүйреп алып кетеді. Шақан өмір бойы осы жолбарысты іздейді, жолшыбай қанша жолбарысты өлтіреді. Ақырында баласы мен әйелін жеп кеткен жолбарысты тауып өлтіреді. Жауының терісін іреп жатқанда балтасы шақ етіп бір қатты нәрсеге тиеді. Пышақпен кесіп суырып алып қарағанда ол зат орыс винтовкасының оғы болып шығады. Яғни, орыстың әскерлері жолбарысты атып өлтіре алмай, жаралап қоя берген. Ол жолбарыс қашып келе жатып Шақанның лашығына жолыққан.

 

Хэмингуэйдың осы әңгімесінен кейін әлемдік мәдениеттануда «жаралы арыстан комплексі» («комплекс раненного льва») деген термин қалыптасты.

 

Оның алдында «алданған әйел комплексі» («комплекс обманутой женщины» немесе «комплекс поруганной женщины») деген термин пайдаланылатын. Алданған, абыройы төгілген әйел есін жиып, қайтадан сыланып, тотыдай таранып, соғыстың соқпағына шығады, алғашқы кездескен еркектен қымбат қылып, аяусыз қылып кек алады. Енді, абыройы тапталған еркек, ақылды болса, әйелді кешіреді, кешіруге ақылы жетпесе онда ол да әйел затынан кегін алудың амалын іздейді. Осылай кете береді. Бір-бірінен мағынасыз кек алудың тізбегі ешқашан үзілмейді.

 

Асекең, Асқар Сүлейменов айтып еді, «Қыз Жібек» фильмінде Шеге айтатын «Қан кешу қатал заманда, қайғыны жеңген бар ма екен» деген сөз осыған меңзейді. Өнебойың кекке толып, кімнен есе қайтарсам екен деп келе жатқанада алдыңнан әйтеуір біреу жолығады. Бірақ сен ол адамға еш қиянат қылма, себебі ол сенің алдыңнан кездесті, сенің артыңда қалған тарихқа оның ешқандай қатысы жоқ. Алдыңнан кездескен әр адамды осылайша кектің заңымен емес, адамшылықтың заңымен қарсы ал, әр адамды мұғжиза деп қара» деп.

 

Біздің «оқығам жоқтар», осы әрқайсысымыз сияқты – өткеннің нәтижесі. Оларды осындай қылып шығару үшін тоталитарлық империяның аясында өткен соңғы жетпіс жыл да жетіп жатыр. Арыстан құсатып жаралап, бірақ жарасын емдемей қоя берген ұрпақ, адамдардан, қоғамнан мағынасыз кек алумен өмірін өткізеді.

 

Шығармашылық, өнер игілін жарату – жеке жүрген өнер адамдарының ортақ ісі. Шын өнер адамдарының бастары қосылмауы мүмкін, бірақ олар жиналып келіп ортақ іс тындырады.

 

Бір-бірін түсіну, ортақ пікірден гөрі ортақ құндылықтар деуге келетін нәрсе.

 

Құрмет – тұлғаның тұлғаны куәландыруы. Өнер адамына деген құрметтің аздығы, өнер туындысын «оқымадым» немесе «көрмедім», немесе «тыңдамадым» (оқи тұра, көре тұра, тыңдай тұра) деу – қазақ әлеуметінде тұлғалардың аз екендігін көрсететін айнымас белгі.

 

Бір-біріне ерегіскен мыңдаған «оқығам жоқ»… Ұлттық мәдениетке, ұлттың таланттарына деген бұндай ықылас-пейілмен қайда барып оңамыз?

 

Жарқыраған жарқын құбылыстарға, талантқа, таланттыға деген өштік, «оқымау», оқығанға пікір айтпау, жақсыны мұқату мақсатында жаманның абыройын асыру, тіріні мұқату үшін өліні дәріптеу, плагиат … – осы, қылмысты түйсіктер, өкінішке орай ұлттық мінездің басты сипаттарына айналған сияқты.

 

Мен, аталған мақаланы осындай нотада аяқтағым келмейді. Оған себеп, көңілге тұтатын үлкен медеу – қазіргі жастардың арасында басталған ағартушылық ұмтылыс. Құрметті оқырман, бағанадан бері айтылған әңгіменің маған қатысы аз. Себебі мен оқырманнан кенде автор емеспін. Жолдасым, белгілі философ, көсемсөзші Зира Наурызбаева екеуміз «otuken.kz» сайтын аштық. Құдайға шүкір, оқырманымыздың саны жарты миллионнан асты. Жастар Астанада болып жататын түрлі шараларда кездескенде пікірлерін риясыз бөліседі, интернетке кірген сәтте ең әуелі осы біздің сайтымызды ашып көретінін, біздің жаңа материалдарымызды асыға тосып отыратынын айтады. Бұл, біздің ойымыз қоғамға еркін жетіп жатыр деген сөз. Ал енді он бес-жиырма жылдан кейінгі әлеумет, негізінен осы жастардан тұратынын ескерсек, онда осы мерзімде қазақ халқының өресі өлшеусіз өскен болып шығады. Бұдан асқан бақыт бар ма! Мен бұл мақаламда өзімнің аяулы қаламдастарымды, олардың тағдырын әңгіме еткен едім. Бір жағы жұбату, бір жағы дем беру. Дүниенің басы мен аяғы – «оқығам жоқтар» емес. Олардың пікірі енді ештеңеге де ықпал ете алмайды. Дүниеге жаңа ұрпақ келді. Ол ұрпақ озған елдермен теңесуді армандайды, дарыны мен қабілетін соның жолында ұштайды. Шын өнер адамының заманы енді туып келе жатыр.

 

«Алматы ақшамы», мауысым