МӘЖІЛІС: Таласбектің жас кезінде М.Мағауинге арнап жазған әңгімесі

Бұл – Таласбектің ерте, бәлки, студенттік кезде жазған әңгімесі. 2011 жылы прозалық шығармаларының жинағын әзірлеу үстінде ол аталмыш әңгімені дүмбілездеу, көркемдік тұрғыдан әлсіздеу көріп, жинаққа қосқысы келмеген еді.  2000 жылдардағы М.Мағауин төңірегіндегі айтыс-тартыс кезінде Таласбектің аға жазушыны жанын сала қорғаштауы, оның қарсыластарын ауық-ауық аяусыз төпелеуі турасында алып-қашпа әңгіме, қысыр сөз көп болған-ды. Таласбекті, тіптен, «қазақ әдебиетіндегі бірінші киллер» деп те атап жүрді. Ал, шынтуайтында Таласбек сонау бозбала шағында-ақ М.Мағауинді өзінің ұстазы һәм жасы мен жолы үлкен ағасына балағаны былай тұрсын, оны пір тұтты. Студент кезінен бастап, «Мағауиннің інісі» ретінде, талай қиындыққа тап болды. Мысалы,  М. Мағауин факультет деканымен жау болғандықтан, Таласбек өнебойы стипендия, жатақханадан құр қалатын еді. Осы балаң әңгімесінің өзі, берісі, образдар деңгейінде М.Мағауиннің әлдеқайда кейін жазылған «Мен» романымен сарындас. Таласбектің әу баста екі бөлімнен тұрған, екінші бөлімі мазмұн жағынан осы «Мәжіліс» әңгімесіне жуық келетін «Кәрі ат» аталатын тағы бір әңгімесі де Мағауинге бағышталған. Аяғындағы кісені алынса да, шоқырақтап жүретін дағдысынан арыла алмаған кәрі ат – қазақ ғылымының, М.Мағауиннің қарсыластарының метафорасы. Қуғын-сүргін заманы келмеске кетсе де, іште қатқан үрей, қырағы қадаға оларды Сталиннің тұсында өмір сүріп жатқандай-ақ, тырп еткізбейді… Таласбектің аға қаламгерге қатынасы өмір барысында өзгерді, бірақ, бұл – өз алдына жеке, күрделі тақырып.

МӘЖІЛІС

–       Қай костюміңді киесің? – деді әйелі.

–       Ең кереметін! – деді әдетінші шалқи сөйлеп. – Ең сұлуын! Бүгінгі  күні киілмеген костюм өртеніп кетсін! Білесің ғой бүгін қандай күн екенін, бәйбіше?

–       Қой, көкесі, – деді «бәйбіше», орта бойлыдан сәл биіктеу, тік иық, кейін қараға айналар торы жүзді, боталаған мойылдай қара көзді келіншек. – Болсын, болмасын, ал өртенгенді айтпа. Кебін емес қой.

–       Иә, иә, – деді Садуақас. – Кебін емес. Ал сен Женни емессің.

–       Женни деген кім? – деді әйелі.

–       Женни деген бір ұлы адамның жары. Еріне сүйеу болған. Пана болған. Жақсы әйел… жақсы хозяйка деген мағынада… Жо-жоқ, сені жамандап, сол Женнимен шендестіріп тұрған жоқпын. Сен жақсысың. Ыстық-суығымның бәріне де көндің. Рахмет саған. Оның үстіне кейбір жылтсыз әйелдер құсап менің шаруама араласқан жоқсың. Сенің осылай үндемей отырғаныңның өзі бал ғой, шіркін!

«Өзің де балсың ғой» деді одан кейін іштей, қою шайды ұрттай отырып, келіншегінің сұлу жүзіне сүйсіне қараған Садуақас.

Иә, өткен аласапыран сегіз жыл, табысты өткен диссертация, бүгінгі жеткен мәре-бәрі осыныкі. Садуақас өз ойымен өзі болып кетті. Міне, бүгін неше жылдың, жо-жоқ бірнеше жыл жансыз хронология, архивте өткен неше ғасырдың қасиреті мен азабы, күйініші мен сүйініші бүгін паш етілмек. Бүгін диссертация негізінде құрылған бес ғасырдың тірі шежіресі – бес ғасыр поэзиясының антологиясы мәселесі шешілмек – оның кітап болып шығуы шешілмек.

–       Ет жылытайын, жейсің бе, – деді әйелі.

–       Аа, – деді аспаннан жерге түскендей болған Садуақас. – Аа. Ет дейсің бе? Айтпақшы есіме жақсы салдың ғой, мәжілістен кейін бір топ жігіттер, ішінде ана кітаптың тағдырын шешетін бірнеше дөкейлер бар, осында келеді. Бәрі дайын шығар. Бұндайда қамшы салдырмаушы едің ғой, бәйбіше.

–       Бәрі дайын, көкесі, — деді «бәйбіше» жымиып. – Бір ай бұрын дайындалған.

 

***

 

Садуақас мәжілістен күйреп шықты. Бұлай боларын кім білген. Мәжіліс басталғанда алдымен шыққан жүзі бейтаныс (сұлу аттай иіліп-бүгілген, үсті-басын сыланған біреу екен) орта жастардағы адам бірден қиястыққа басып, кітапты түкке жарамайды деп салды. Академиядан келген салиқалы ғалымдар, кеше ғана диссертацияны қорғауға қатысқан, жас ғалымға игі тілектерін білдірген ақбас профессорлар, Садуақастың өзі – бәрі бірдей аңырған. Бұлардың күткені келелі кең отырыс, келісті мәжіліс еді. Атүсті шешім, үзілді-кесілді пікір айтылған сәтте бәрінің ұнжырғасы түскен. Шенеунік ұзақ сөйледі.

–       Өткен ғасырлар поэзиясын ұлы Абай сынаған. Естеріңізде болар, жолдастар:

Шортанбай, Дулат пенен Бұхар жырау,

Өлеңі бірі жамау, бірі құрау, – деген демократ ақын Абай.

–       Абайды осы сөзді айтуға кезеңдік мәселелер мәжбүр еткен, – деді Садуақас шыдай алмай. – Ал егер…

–       Сіз! – деді шенеунік нығызданып. – Тыныш отырыңыз! Сіз әлі сөйлейсіз! Иә. В общем, Абай солай деген. Бұдан қандай қорытынды шығады? Бұдан шығатын қорытынды – шын халықтық поэзия Абайдан басталады. Ал оған дейінгі поэзияны, жалпы әдебиетті өңкей керітартпа ақындар жасаған. Яғни, Абайға дейінгі әдебиет – тұтастай керітартпа әдебиет. Бүгінгі жарқын заманда сол феодальный сарындарды жаңғырта беріп керегі жоқ. Феодальный сарындарды! – деді саусағын шошайтып. Онысы «аса маңызды мәселе, құлақ  тігіңіздер, жолдастар» дегені болуы керек, – Феодальный сарындар! Міне, мәселе қайда!

Садуақас бұдан кейін ештеңе естіген жоқ. Алтынды галстук пен ұшқынды костюм стол басында қанша тұрды, өткен тарих пен бабалар рухына қанша ғайбат сөздер айтылды – бірін білмеді. Тек оң жағында отырған досы Әбіш қатты нұқып: – Тұр, ей, тұр, – дегенде барып сөз кезегі өзіне тигенін аңдаған. Жұрттың бәрі бұған аңтарыла қарап отыр екен. Буын-буыны қалтырап, орнынан әзер тұрды. Әзер басып столдың басына барды. Сөйлемек еді – еріндері дірілдеп, өзіне бағынбады. Осындай жай осыдан аттай бес жыл бұрын, алғашқы сәтсіз диссертация кезінде болған. Онда да осындай, бастан балғамен үздіксіз ұрғандай, қара түнекке батқандай бір мұлғын күй кешкен. Онда да буын-буыны дірілдеген. «Жұқарып барамын, екі жастың біріне келмей-ақ тозып барамын» деді Садуақас іштей.

–       Сөйлеңіз, – деді манағы адам әмірлі үнмен.

Садуақас графиннен бір стақан суды құйып алып, асықпай сораптай ішті. Уақыт ұту үшін, оңалу үшін әдейі істеген. Содан кейін есеңгіреген адамдай теріп-теріп сөйлеп кетті. Алдымен қазақ әдебиетін жайлаған солақайшылық пен тұрпайы социология жайында айтқан.

–       Әй, слушай, – деген тұтқиылдан киліккен манағы адам, – Слушай! Давай, тоқтат! Ол не, тұрпайы социология деген!

Одан кейін ұзақ тізімдер мен кесек-кесек пікірлер кеткен: » – Пәленшекең былай деген. Түгеншекең былай деген. Сен немене, соның бәрін теріске шығармақсың ба? Кімсің өзің сонша? Солардан мықтымысың?».

¬¬ Мықты емеспін, – деген Садуақас. – Мен бедел жайында айтып тұрмын. Олардан қызметім де, атағым да төмен. Бірақ әдебиет саласында менен… яғни… – деді одан кейін, мәжілісте сол шалдардың кейбірі отырғаны есіне түсіп кеткен Садуақас, – яғни, менің айтайын дегенім, басқа елдерге қараңыз, адамзат тарихына қараңыз, қаншама революция болған, сонда да өткен мұра қиратылмаған. Біз орыс халқынан үлгі алуымыз керек. Революциядан кейін патша әулетінің соңындағы рухани қазынаға қылдай қиянат жасалмаған.                  » – Мысал келтір» – деген манағы адам.

–       Мысалы, – деді қанаты жайылып кеңейе бастаған Садуақас, – мысалы Петродворец – Петр патша сарайы.

–       Ол — архитектура, – деді манағы адам.

–       Ол — мұра, – деді Садуақас. – Орыс тарихының мұрасы. Ал біздің мұра –  осы өзіміз талдап отырған орта ғасырлар поэзиясы!

–       Байшыл поэзия, – деді манағы маман.

–       Петр сарайы да патша әулетінің сән-салтанатын, барлығы мен байлығын паш етеді, – деді Садуақас жеңілмей.

–       Жолдастар! – деді осы кеңсенің мықтыларының бірі. – Давайте по существу. Біз екеуіңіздің философиялық турнирларыңызды тамашалауға келген жоқпыз. Бүгінгі тақырыпқа ойысыңыздар.

– Хош, – деді Садуақас, – Бүгінгі тақырыпқа ауысайық. Сонымен жолдастар, біз өткен мұраны заманына қарап бағалауымыз керек. Өткен заманның ақындары мен жазушылары болашақты болжай алатын сәуегейлер емес. Бес ғасырдан кейін келетін шындықты олар қалай жырламақ. Осындай тұрғыдан келетін болсақ, онда біз Вольтердің «Генриадасын», Арыстан жүректі Ричардтың ерліктерін жырлайтын Вальтер Скотт романдарын, миннезингерлер поэзиясын, жалпы Еуропаның куртуаздық романтикасын – осының бәрін теріске шығаруымыз керек. Алайда Еуропа жұртшылығы олай істемейді. Жаңағы аталғанның барлығы да тірі тарих, әдеби мұра ретінде сақталған.

– Сақтау бір басқа да, уағыздау бір басқа, – деген манағы адам.

– Архивте шірітуді сақтау деп айта алмас едім, – деді Садуақас. – Көне мұра ат төбеліндей тарихшы мен әдебиетшінің несібесі емес. Көне мұра – сол мұраны жасаған халықтыкі! Халыққа қайтарылуы керек.

Бұл көкіректі кернеген қаншама сырдың бір ұшығы ғана еді. Алайда жүйемен айтылған тура сөз кімді болсын буып тастағандай.

Мәслихатқа қарт профессорлар кірді. Кезектесіп мінбеге шыққан ақ бас шалдар бірі жас ғалымды қылаудай сын айтпай мақтап, бірі жеңіл ағалық сын мен мадағын қоса айтып, ұзақ-ұзақ сөйлеген. Бірақ күшті мекеменің атынан келген алтынды галстук киген орта жастардағы адам былқ етпеген. Ақыры сөйлейтін жұрт басылған кезде стол басына қайта барған. Баяғы сөз. Баяғы пікірлер. Бұдан кейін Садуақас қайтадан шыққан. Нағыз тергеу енді басталды. Студент кезінде, аспирант кезінде, тіпті бірі сәтсіз, бірі сәтті екі диссертация кезінде мұндай қыспаққа түсіп көрмепті. Сұрақ бұршақтай жауды. Қай өлеңді қай жинақтан алған? Ол жинақтар қай жерде жарық көрген? Кім бастырған, дәлірек айтқанда, қандай көзқарастағы адам бастырған? Қолжазбаның аяқ жағында бұның бәрі егжей-тегжейлі, тіпті архивтегі папка мен істің номеріне дейін айтылған, жазылған. Бірақ Садуақас ақырына дейін шыдап бақты. Іш пыстыратын мылжың сұрақтың бәріне де тыңғылықты, бірақ салқын жауап қайырған. Ақырында сұрақтар тоқтап, мәселе «ойланайық, көрейік» деген екіұшты мүйіске тірелгенде, Садуақас өзінің соңғы жүрісін жасады.

–       Жолдастар! – деген алтын галстукке көзін қадап тұрып, – Бұл өлеңдер менің әкемнің өлеңі емес. Олай болса әкесінің даңқын шығарғысы келді дер едіңіздер. Қайын жұртымның да, нағашы елімнің де ақындары емес бұлар. Бұл – бес ғасырлық қазақ поэзиясы. Күні кеше ғана Бүкілодақтық аттестациялық комиссия тақырыбымды рас деп тапқан, кандидаттығымды бекіткен мен – совет ғалымы Садуақас Мақанов сіздерден өтінемін, сұраймын – осы кітапты еш кедергісіз, сүріндірмей, жетесіне балта шаппай шығарып беріңіздер. Мен буынсыз жерге пышақ ұрып тұрған жоқпын.

–       Айттық қой. Көреміз. Байқаймыз, – деді алтын галстукті адам, «кетші, жоғалшы» дегендей, Садуақасқа қолын немқұрайды сілтеп. – Несіне қайталай бересің?

–       Иәә, – деді Садуақас отырып жатып, – Орыс халқының данышпан мақалы бар ғой: «Жалует царь, но не жалует псарь». Яғни «Патша келіскенмен, ит қорада жүрген итбегі рұқсат етпейді».

Әрине іштей айтты.

Қайтадан мәжіліс басталды. Бірақ бәрі де Садуақас ойлағаннан оңай болып шықты. Қолжазба толайымен кесілмесе де, бірнеше ірі ақындар алынды, басқа ақындардың бірнеше мәнді өлеңдері және алынды.

Кеңес аяқталып, істің сәтіне қол соғылып жатты. Бұл да беті күліп, аузы жыбырлап, санадан тыс рәсімді бірдеңелерді айтып жатты. Ал іші, жан дүниесі өлік кейпінде еді.

 

***

Мәжілістен кейін Садуақастың үйінен дәм тату жайы айтылған. Алтын галстукті адам «сенің үйіңнен дәм тату мүмкін нәрсе емес екенін өзің де білесің ғой, пенде» дегенді бүкіл бет-әлпетімен, бүкіл кейпімен білдіріп, Садуақастың жүзіне сынай қараған, кекете күлген. Профессорлар – кілең кәрі шалдар: «Ой, Садуақас, қарағым, үйің алыс екен, өзің пәтерде тұрады екенсің, біз сияқты тұғырды қинап қайтесің» десті. Сонымен сұлбасы енді-енді көріне бастаған, бірақ туар-тумасы белгісіз кітаптың жолын жууға баяғы студенттік достар – Әбіш, Керімтай, Болат, Серғазы және Садуақастың өзі бар – жиыны бес адам аттанған.

 

***

Қаһарман Рүстем өз ұлы Зорабты өлтіріп алғанда аспанға, мәңгі көкке қарап тұрып: «Қайдасың, Тулат, мені осындай қасіретке ұрындырған жын, көрінші көзіме» дейді емес пе? Мен де сол сияқтымын. Алдымда не тұрғанын, жаудың қай жақтан келіп соғатынын білмеймін. Бірақ кім соғады? Неге соғады? Елім ендей көшіп өз атамекенін тапқанда, қаңғырған дала елге, малға толып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалап тұрған осы заманда қандай көрінбейтін дию-пері, қандай жын мені сүріндіріп, адымымды аштырмай келе жатқан?

Садуақас ағара бастаған терезеден көз алмай отырып қалды. Санасында балалық шақ, осы тіршіліктен бейхабар, сөзі де, ісі шын балалық шақ елестері бірінен кейін бірі қалқып тұрып алған.

Атасы Мақан кішкентай Садуақас шыр етіп жерге түскенде үйдің тұсына келіп: «Осы немеремді өзіме беріңдер» – деген екен. Кейін әжесі айтушы еді: «Қарағым-ай, мына қырсық шал сені өлтіре жаздады ғой. Емшектен айырып ылжыратып алып келді. Сиырдың сүтін емізікпен бердік. Ана сүтіндей бола ма? Әйтеуір бір ажалдан қалдың ғой» –деп.

Елден өнері асқан, жасында күй мен ән сайысында елдің алдын бермеген өнерпаз, сақина, білезік, қамшы мен ерден бастап, әйел-еркектің киіміне дейін тігетін тігінші, зергер-ұста Мақан шал немеренің тағдырын өзінше шешті. Арыдағы Алпамыс пен Қобыланды, берідегі Қабанбай, Бөгенбай, күні кеше ғана осы топырақты талай басып өткен Жекебай мен Тәуке батырлардың хикаясы құлағына қорғасындай құйылған Садуақас батыр боламын деп шешкен.

Батырлықтың алды – оқу, деген атасы. Қазақта Абайдан өткен батыр жоқ. Ұлы ақын жайлы хикаялар кетеді. Міне, мына қырдың астын жайлапты. Мына Жәнібек өзенінің арғы жағасында талай рет ақ орда тіктіріп, тай сойдырып, иісі қазақтың өнерпаздарын жинап мәжілістер өткізіпті. Көп оқысаң, сондай боласың, деді атасы.

Ауылда жетіншіге дейін оқыған, ары қарай шағын мектепте орыс класы жоқ. Мақан шал орнын, әкесінің қорасын тастап, орысша он класы бар аудан орталығына көшкен. Мектепті алтын медальмен бітірген Садуақас сол жылы университеттің филология факультетіне түскенде есі кете қуанған шал баяғыша  ат шаптырып, көкпар тарттырып, той жасап берген.

Садуақас ешқашан тарыққан емес. «Мен құр қалған оқуды осы тауыссын» деген қағиданы нық ұстанған баба немереден ештеңесін аямады. Бірде арабша, бірде латынша бір де бір  үтір-нүктесі жоқ көңілді хаттар келеді. Апасы, атасы аман-есен. Ел-жұрт тегіс аман. Ауыл сол қалпы. Бұған сәлемін айтып жатыр. «Ауа райы құбылмалы. Бірақ жаз жайлы болатын түрі бар. Өзің өткен қыста көрген Тілеулес қазір тайдай бөрібасар ит болды. Құдай жеткізсе осы кәникөліңде аңға шығамыз…».

Тек университетті қызыл дипломмен бітіріп, сол жылы аспирантураға түсу қарбаласымен ауылға бара алмай қалған кезде, басқа хаттарға ұқсамайтын бір хат келген. Әлдебір мұң сарыны бар. «Қарағым, мына денсаулық шіркін болмай барады. Бірақ маған алаңдама, оқуыңды оқи бер. «Жаман айтпай жақсы жоқ» деген, егер де мен олай-былай болып кетсем, апаңды ренжітпе. Ауылға қайтып келіп, осы кемпірмен қарайып қал демеймін. Қайда жүрсең де аман бол. Сен қайда жүрсең, шаңырақ сонда…». Садуақастың жүрегі шымыр ете қалған. Айналасы жарты ай болмай қаралы хабар келді. Бұл неше көлік ауыстырып, ауылға келгенде, марқұмды жерлеп те үлгерген екен. Өлерінде «Садуақас келді ме?», «Әттеген-ай, бүйтіп жүретінін білгенде Сәдуімнің маңдайынан бір иіскеп қайтатын едім» деп есікке қараумен болыпты. Қырқын өткізіп, жауынды, лайсаңды қара күзде Садуақас жолға дайындалды. Дәл кететін күні әжесі үлкен бір әңгіменің шетін шығарған.

–       Қарағым, – деген әжесі бұның бетіне үміттене қарап, – Ауылға қайтсаң қайтеді. Атаң болса жоқ. Сен оқымаған енді не қалды? Мұратыңа жететін уақыт болды ғой. Елдің баласы оқуды бітіріп келіп, колхозда бір-бір тұтқа болып жатыр. Күні кеше етегіңде өскен баланың алдына барып, табалдырығын тоздырған қиын екен.

Садуақас әжесінің можа-можа жүзіне қарап сәл отырды. Жүрегі езіле ауырған. Азаматтың мұраты ауылда тұтқа болу емес екенін, дүниенің бағы қалаға ауысқанын қайтіп ұғындырасың! Иә. Осы алты жылдың ішінде ғылым жолының азапты дәмін татып үлгірген Садуақас Мақан шалдың есесі ол өзі айтқаннан әлдеқайда көп екенін түсінген. Ашылмаған, айтылмаған тарих, жырланбаған мыңдаған тағдырлар, көмулі күйінде қалған ондаған ғасырлар, келелер. Ал мына кісі, сүтіне рахмет, бір ғана ошақтың тағдырын айтып, тоспақ болады.

Жаны қанша ашыса да, кесіп айтты:

–       Жоқ, апа, орта жолдан тастай алмаймын. Бастадым – аяғына жеткізем.

–       Совхоз директоры немесе райкомның бірінші хатшысы болып бір-ақ оралам, – деген одан кейін қалжыңдап.

Әжесі үнсіз отырып қалды.

–       Жақсы, балам, – деген одан соң жеңілейе күрсініп. – Алдыңнан жарылқасын. Тек менің бір тілегімді орында. Басқа тілек жоқ. Бөрінің ырыздығы – мына мал барда тезірек үйлен. Бірінші шөберемді өзіме бересің.

Астанаға келген Садуақас екі айда бас құрады. Одан кейінгі жеті жылдың ішінде дүниеге келген бір емес, төрт баланың төртеуі де ауылдағы әжесіне аттанды. Жаздыгүні уылдасып-шуылдасып қалаға келіп қайтады.

–       Бас білгі болсын, – дейді әжесі қалжыңдап. – Мен бәрібір өлем. Өздеріңе қа         йтып келгенде «осыларды қайдан көрдік» деп осқырып тұрмасын.

Жары Күлшара ақылды болып шықты. Тұрмыстың қамытын өзіне қарай тартыңқырап ұстайды. Барда бар, жоқты білдірмейді. Садуақас алаңсыз ғылым жолына түсті.

Жастық жалын, қажыр мен қайрат, мұқалды деген артық болар, мүлдем басқа арнаға ауысқан. Қажыр таусылғанда, одан да биік бір қасиет адамды демейді екен. Үш жылдың ішінде Садуақас талай рет түңіліп, тұйыққа тірелді, талай рет түледі. Кейде неше ай бойы қолға ештеңе ілінбейді. Кейде ошақтың астынан табылған тілеу азықтай мол қазына сау етіп төгіледі. Архивтің күңгірт бөлмесіне күміс ақтарылғандай, төбеден күн тасығандай болады.

Қараңғы бөлмеде бабаның аруағы кезіп жүргендей болады. Садуақас мәңгіріп отырып қалатын. Бала емес еді. «Шейбени-нама» сияқты бір ләшкәр бастаған он әскер қазақтың он мың әскерін тырқырата жеңетін «тарихи» эпизодтарға толы бір адамның қас-қабағына қарап жазылған шежіреден студент кезінде-ақ бас тартқан. Көшпенді елде осынша биік, тұтас рух, осындай хас сұлу поэзия болады деп кім ойлаған.

Үш жылдан кейін есейіп, марқайған, қолына мол мұраны жинақтаған Садуақас диссертацияға отырды. Екі айда сұрыпталған дайын материал негізінде диссертация жазылып та болды. Бірақ ғалымның алғашқы талпынысы астаналық ғалымдар әлеміне сұмдық күпірлік сияқты болып көрінген. Тып-тыныш тұрған теңіз түптен тебіренгендей әсер қалдырған. Алғашқы диссертация сәтсіз болды. Әрине, солай болуы керек еді. Дарын мен сақалды сынастырмаңыз. Міндетті түрде сақал жеңеді. Садуақас алдымен түңілген. Одан кейін бұлқан-талқан ашуланған. Артынан ақылға салып, сабасына түскен. Кімге, неге ренжиді? Жанға жайлы, тайыз, жып-жылы шалшықта отырған адамның үстіне бір шелек мұздай су құйып жіберсе қалай болар еді? Диссертация тақырыбына қатысы бар жұртшылық Садуақастың жолымен жүрер-жүрмес, бірақ ол айтқан нәрселерге еттері үйренуі керек еді. Төрт жылдан кейін астана ғалымдарының дені жаңа көзқарасты мойындап болған еді. Екінші диссертация (дәлірек айтқанда, сол баяғы диссертацияны қорғауға екінші талпыныс) еш кедергісіз, өте табысты өтті. Садуақас дереу антологияны құрастыруға отырды. Москвадағы аттестациялық комиссияның шешімі келгенше даяр етпек. Асықты. Әдеби қауымға, халыққа көне ақынның үнін жеткізуге асықты. Бір жарым жылдан кейін Бүкілодақтық аттестациялық комиссияның шешімі бойынша Садуақас Мақановқа филология ғылымдарының кандидаты деген атақ берілді, оның зерттеп жүрген мәселесі келешекте зор жеміс берерлік мәселе деп танылды. Ал, кітап осы ресми мойындаудан бір жыл бұрын дайын болған. Бірақ Садуақас осы жұлдызды сәтті күткен еді. Енді міне, неше жылғы еңбек, керек деп табылған (Москвадағы ВАК мойындаған!) еңбек әлдебір қирагез жанның талқысына түсіп, шығар табалдырықта жолы кесілейін деп тұр.

Садуақас алтынды галстук пен ұшқынды костюм киген орта жастардағы сұлу өңді осы адам жайлы көп ойланды. Әжесімен салыстырған. Ол кісінікі — қараңғы, қапас өмірдің салдарынан қалыптасқан күйкілік, алыстағы мұраттан бір ошақтың ертеңін жоғары қоятын шалғайсыз пәлсәпа.

Кеше ғана өзімен жаудай жағаласқан, артынан түсінуге тырысқан, артынан түсініп, мойындаған ақ сақалды ғалымдармен салыстырған. Оларда да кінә жоқ. Олар — соғыстың ар жақ–бер жағында қалыптасқан, тізеліктен қан кешкен соғыс ардагерлері, соғыстан кейін отандық ғылым-білімнің аз да болса негізін қалаған, тек жаңа, әлемдік талаптарды қабылдауға кембағал танымдары жібермейтін, бірақ, жүрегі, ниеті таза жандар.

Ал мынау ешкімге ұқсамайды. Қай анадан туған, қандай жерлерде, қандай үлгіде тәрбие алған? Неге осынша көкталақтанып өршеленеді, ел ісіне қарсы неге өре түрегеледі? Бұл жаулықтың сыры неде?

Иығына біреудің қолы тиді. Күлшара екен.

–       Ұйықтамапсың ғой, – деген Күлшара. – Керімтайлар тұрды. Шай ішейік деп жатырмыз.

Терезеден тағы бір күн, қиқаласқан тартыс, итжығыс күреске толы тағы бір күн қарап тұрды.