Көк ала үйректің зары.Ақын Несіпбек Айтовтың шығармашылығы жайында

плывущая дикая утка

Таласбек Әсемқұлов

Несіпбек Айтовтың поэзиясы қазақ өлеңінің ең жарқын беттерінің бірі. Сыни ойы кенжелеп қалған қазақ әдебиетінде Несіпбектей ақынның осы уақытқа дейін аты ғана белгілі, ал заты белгісіз болып келуі – табиғи нәрсе.

Машақаты мен шытырманы мол өлең өнерінде талмай қалам тербеген және күнде жетіліп, күнде түлеп отыруды өзіне мақсат тұтқан ақын бүгінде өмірі мен шығармашылығының өріне шығып отыр. Бүгінгі айтылар сөз, бір кездегі сыннан кенде қалған ақынның есесін алып беру ниетінен емес, жаңа заманға лайық жаңа көзқарас тұрғысынан ақынның күрделі шығармашылығына баға беру ниетінен туындап отыр.

*    *    *

Сөз басы – ақынның таяу арада «Әдебиет айдыны» газетінде жарияланған «Көк ала үйрек» поэмасы.плывущая дикая утка Поэмадағы басты бейне көкала үйрек – сөз киесінің символы. Сондай да сондай заман болыпты, ағайын, мына сендердің күнде басып жүрген топырақтарыңа кезінде Кемпірбайдай ақынның табаны тиген екен дейді автор. Әсетпенен айтысында Кемпірбай:

        Кеудемнен көкала үйрек «қош» деп ұшты,

        Сол шіркін жалғыз ұлға қонбас білем, —  деген екен.

Тағы бір замана айналғанда сол ұшып кеткен көкала үйрек ақынның соңындағы жалғыз тұяққа ғана емес, бүкіл алаш ұлына бұйырмай кетті. Зорлық пен зомбылық, жәхилдік пен надандық жайлаған өлкеден үркіп кеткен сөз пірі, өнердің, өлеңнің пірі көкала үйрек Кемпірбайды жоқтап жылайды. Алайда, Кемпірбайдың моласы баяғыда тапалған. Орнына салынған қасапханада қазақтың бір кездегі мыңғырған малының соңы қан-жоса болып сойылып жатыр. Кемеңгер Бұхар, «ұлыңды әскер қылады, малыңды қағазға салады» деп болжаған кер заман қазақ даласына енді келгендей. Бәріне төзген сахара, бәріне көнген ел…

        — Төрлетсе ата жауың кердең қағып,

        Тұрғаның босағада телмең қағып.

        Мазарын мазақ етсе мыңқ етпейтін,

        Намысы сөнген халық — өлген халық.

Бірақ қазақ жанының түкпірінде әлі өлмеген бір аңсау бар. Ол қонатын көкірек таппай ұшып жүрген сөз киесі – Көкала үйрек. Ел есінде оның елесі ғана бар.

        — Кім білсін көктесің бе, жердесің бе,

        Сәулең жүр ақындардың зердесінде.

        — Мүмкін сен дәл қасымда күрсінесің

        Үкілі домбыраның кейпіне еніп, — дейді ақын.

Поэманың соңындағы күрмеуде үлкен астар бар.

        Ол енді қона алмайды – зор қайғыда,

        Зарлайды, жауыздарды қарғайды да.

        Ажалсыз жаралған соң амалы жоқ,

        Жүреді көк аспанда самғайды да.

Қайырсыз заманда, несібеңіз қоғамда туған ұрпақ – дарынсыз. Кемпірбайдың моласын әлденеше іздеп келген сөз киесі – көкала үйректің панасыз болуы, қонатын тиянақ таппай аспанға қайтадан ұшып кетуі – барынан айрылып, жол таппай адасып тұрған қазақ әлеуметінің бүгінгі ахуалын айна-қатесіз бейнелейтін сурет.

Адамның туып есеюін, оның түрлі жас мөлшерінен өтуін белгілейтін анықтама сөздер ақындық рухқа жүрмейді. Ақындық мінез, ақындық рух қай жаста туса сол жаста дүниеден өтеді және ақынның барлық шығармаларында сол жасында қалады, сол жасында жасайды. Несіпбек Айтовтың  өлең өнерін ұстап тұрған мінез – балалықты көрмей, бірден есейген күйінде туған естияр мінез. Әрине, Н.Айтов поэзиясының бұл мінезін қазақ өлеңінің аталық белгісі деп те айтуға болар еді. Себебі, соғыстың ар жақ — бер жағында туған ұрпақта балалық шақ болған жоқ. Көбінің әкелері соғыста өлген, аналарына тете болып өскен жетімдер, соғыстан тірі аруақ болып қайтқан, сағы сынған мүгедектен туған, жетімнен аз-ақ ілгері әлжуаз ұл-қыздар. Қой соңында, бидай таптаған малатастың соңында өткен өмірдің албырт таңы… Алайда поэзияның биологиялық тегі, аталық белгісі бар да, ақынның сыртқы дүние теперішіне қарсы тұра алатын қажырлы көңілі бар. Ақынның қайғысы мен қасіреті де, мұңы мен наласы да, күйініші мен сүйініші де өз ішінде. Өзінің ішкі дүниесінен өрістеп шығады. (Төрт құбыласы түгел Абайды зарлы еткен де осы көңіл).

Несіпбектің өлеңін оқып отырғанда терең астарлы әлдебір мұң еміс-еміс қана құлағыңызға шалынады. «Бақанас – біздің балалық» өлеңіне бір сәт үңілейікші.

        Ұл едік, онда қыз едік,

        Бір емес едік – жүз едік.

        Бақанас деген өзенді

        Олай да кешкен – біз едік.

        Бұлай да кешкен – біз едік!

        Бұрымын иіскеп бал қыздың,

        Жұпарын жұттық жалбыздың.

        Бақанас өзі жұбатты,

        Жабырқап қалсақ жалғыз күн.

Осы орайда өнердегі кейбір көркемдік құбылыстардың сырын ашатын, өткен заман әдебиетінің әйгілі мысалы еске түседі. 19 ғасырда өмір сүрген орыстың бір ұлы ақыны өзінің күнделігіне болашақ өлеңнің мынандай үзіндісін жазады: «Сен маған ғашықтық сөзіңді айттың, Ал мен сенің аяғыңа жығылдым». Содан соң жақшаның ішіне «Ондай ештеңе болған жоқ-тұғын» деп жазып қойыпты. Бұл жердегі ақиқат, шындық неде? Оқиғаның желісінде ме? Бірақ ақын «Ондай ештеңе болған жоқ» деп куәландырып отыр.  Бұл жердегі ақиқат — өлеңнің интонациясында, дәлірек айтқанда өлеңнің кімдікі екендігінде. Ең биік ақиқаттың өзі, айтушы адамына, кімнің аузынан шыққанына қарай жалған сөзге айналып кетуі мүмкін.

Н.Айтовтың аталмыш өлеңі балалықты аңсау. Болмаған балалықты. Кешігіп жеткен несібенің дәмі қашанда ащы. Өкініштің орны ешқашанда толмайды. Бүгінгі ұшан-теңіз бақыт кешегі кемді күннің орнын толтыра алмайды. Міне, осы өкінішті, қамрықты көңіл аясында тұрын бәріне де сенесіз. Бақытты балалықтың болғанына да, есін енді ғана білген баланың қыз бұрымын иіскегеніне де. Бәріне де. Осы өлеңде өмір шындығына жанас екі ғана жол бар.

        Бақанас өзі жұбатты,

        Жабырқап қалсақ жалғыз күн.

Бұл, болашақ ақынның бойында үлкен түйсіктің оянып келе жатқандығы. Миында «шикі өлеңі», бірақ, табиғатты, дүниені кейіптеп, жанды күйде елестете алатын көкірек қиялының жетіле бастағандығы.

Поэзияның заңдарын түсіндіруге керекті мысал іздегенде қандай да болмасын сыншы, өз еркінен тыс Абайға жүгінеді. Бұл, Абай өлеңінде адам жаны біржола, жеріне жете бейнеленді, Абай өлеңі соңғы ақиқат деген сөз емес. Керісінше бізде бар нәрсенің көбі Абайда жоқ. Керек десеңіз, біз білетін көп нәрсе Абайға тән емес. Бұл жердегі себеп Абай өлеңінің классикалық үлгі екендігінде. Абай өлеңінде геометриялық қарапайымдылық, түсініктілік бар. Бұл түсініктілік өлеңді жіктеуге зор мүмкіндіктер береді. Абай өлеңінде математикалық логика бар. Сондықтан да біз Абайға барғанда мәңгі бұлжымас, өзгермес мектеп деп барамыз.

Абай өнерінің төңірегінде бірі шын, бірі ойдан шығарылған қаншама әңгіме өрістеп жүреді. Сол әңгіменің бірі. Абай жол жүріп келе жатып бір ауылға қонақ болады. Жаздың кезі екен. Түн болып жұрт ұйқыға кеткенде жігіт-желең Абай түскен үйдің иесінен алтыбақанға арқан сұрай келеді. Үйдің иесі Қасқырбай деген адам, жігіттердің арқанға емес, өзінің бойжетіп отырған сұлу қызын қарағыштап келгенін сезіп, ұрсып қуып шығады. Сонда байдың бәйбішесі: «Әй, Қасқырбай, өзің де баяғыда қыз торып ауыл сыртында тұрмап па едің. Қызыңды күзетіп отырасың ба осылай. Қыз күйеуге тиме, онда сен кімнен тудың» деген екен. Көзі ілініп бара жатса да әңгімеге куә болған Абай сол кезде мырс етіп «Рас-ау. Жамбы дұрыс айтады. Жеңілдің Қасқырбай» депті. (Байдың әйелінің аты Жамбы екен). Абайдың  «Тұрмап па едің аулақта» деген өлеңі осы оқиғаның әсерінен шықса керек. Бірақ мәселе өлеңнің нендей әсерден шыққандығында емес. Мәселе Абайдың күнделікті қарапайым тұрмыс көрінісінен терең дүнияуи мағына шығара білгендігінде. Хаким өзінің шығармасында қазақ өлеңінде жаңа жол ашты. Жаңа техниканың сырын бір ауыз сөзбен тұжырсақ, ол, өлеңдегі протагонист кейіпкердің позициясының жұмбақтығында жатыр. Қартайған Абай бұл өлеңді өзіне-өзі айтқандай. Алайда бұл күй кез келген заманы озған адамның басында болмақ.

Міне, осындай форманы Несіпбек ақын өзінің «Есіңде ме?» атты өлеңінде қайыра жаңғыртқан. Тек түпкі үлгіден бұл өлеңнің айырмашылығы – бұнда үлкен сюжет бар. Абай өлеңінің өзегі, «бүгінгі бозбаланың ісі зая болса, онда сенің басыңнан кешкен ғашық-машұқтың да жалған болғаны» дегенге меңзейтін ой. Кемел тартқан сезім бүгінгі алып-ұшқан албырт махаббатқа елжірей отырып бата береді. Себебі өзінің тамыры, отаны сонда екенін біледі.

Несіпбектің өлеңінде екі кейіпкер бар. Бірі — бір кездегі сұлу қыз. Бірі – бір кездегі бозбала.

        Жаз күркесін күз келіп жығар әлі,

        Өрекпумен өзендей жыл ағады.

        Шағаласын шақырып шалғай кеткен,

        Көлдерім тұр көзімде жылағалы.

Ақын поэзиясында ой қашанда бәрінен биік тұрады. Мейлі ол философиялық, мейлі пантеистік ой болсын.

        Жаз күркесін күз келіп жығар әлі

«Жаз» — өмір болса, «күз» — солғын тарту, ақырында өлу, бақиға сіңу. Адам да болмыстың бір бөлшегі, табиғаттың бір перзенті болғандықтан осы мәңгі айналыс заңына бағынады. Себебі өлімсіз өмір жоқ.

Бұл жай ғана психологиялық параллелизм емес. Шын тіршілік табиғатта ғана. Адам бар болғаны – табиғаттың қиялы.

Алайда, осы өлеңде Абай өрнегінен қандай айырмашылық бар? Абай ең әуелі өзін-өзі сұхбаттас етеді. Бірі – қартайған, көңілі шау тартқан адам. Екіншісі – үзілмей жалғасып жатқан, қанша рет түлеп жаңадан жаратылса да бір жасқа да келмейтін, өлмес, мәңгі жас табиғат, мәңгі жас өмірдің тұғырына шығып, сол, қартайған адамға жастық шағын есіне түсіретін, көз алдына елестететін ардың, иманның бейнесі. Себебі, ұят, иман, ар ғана осылай өртене сөйлей алады. Несіпбек ақынның өлеңінде мынадай жолдар бар:

        Кірпігіңе ілініп жұлдыз тамшы,

        Шақ тұрдың-ау сен сонда жылағалы.

Көздің жасы – шын махаббат бейнесі. Махаббат дүниедегі құбылыстың барлығын өз орнына қояды, шын атын атайды. Жүректің ең терең түкпірін ақтарсаңыз, көздің жасы шығады. Баяғыда бір испан ақыны айтқандай («Слеза – имя любви») көз жасының шын аты – махаббат.

Өлеңнің бойына тереңдеген сайын көз алдыңыздан тізбектеліп өтіп жатқан табиғат суреттерін бұрын бір жерден көргендей әсер аласыз. Ең соңында ақынның өзі шартты сөзін айтады:

        Есіңде ме?

        Сол бір түн – Қасқа бұлақ,

        Секілді еді секіріп қашқан лақ.

        Қасқа бұлақ

        Ойыма оралғанда

        Жанарымды аламын жасқа бұлап…

Сонда барып оқиғаның Абай ауылында өтіп жатқанын түсінесіз. Дәлірек айтқанда бұл – басқа қаламмен жазылған Абай жыры. Басқа дауыспен айтылған Абай әні.

Кемеңгер бейнелеген, тіршілік жырына ұйыған ертегідей салқар қоңыр түн қайтып келгендей. Осы жайлаудың төрінде ай нұрына шомылып Абай мен Тоғжан тұрғандай. Тек басқа түйсік, жаңа кәмелет.

Ақынның кейбір жырларынан әлдебір шаршау, әлеуметтік мұң сарыны шалынып отырады. «Бесік жыры» өлеңінде қатыгез тұрмыс шырмауында жүрген замандастың бір сәт өмір ағынынан шығып, өткенді, бесікте өткен қамсыз күндерді аңсағанын көреміз.

        Адамның еске түссе есіл күні,

        Есіне түседі екен бесік жыры…

        Қоңыр тау,

        Қоңыр өзен сарылдаған.

        Келеді алыстан сол сарын маған.

        Өз үнім естілгендей өзіме анық,

        Бір кезде бесігімде шарылдаған.

Бұл жерде ақын жеке бастың мұңын мұңдап отырған жоқ. Себебі өткенді аңсау, озған өмірді боямалап елестету екі аяқты, жұмыр басты пенденің бәріне тән түйсік. Бесік жыры – адамның дүние есігін ашқан сәттегі алғаш естіген өлеңі. Уақыт өтеді, адам есейеді. Адаммен бірге өмір — өлең де есейеді. Әрине, әр өлеңнің өз қызығы өзінде. Бірақ, адам арпалыс үстінде қалай шыңдалса да, қатыгез жүрек пен суыған көңілдің әйтеуір бір түкпірінде өшпеген мөлдір сезім бар. Ол – бесік жырына деген аңсау.

        Тыңдатып тау күбірін,

        Мал дүбірін.

        Өзен-су, жартастардың жаңғырығын,

        Қасықтай көкірегіме құятынсың,

        Әкеліп табиғаттың барлық үнін.

        Қағып ап бір қымбатты

        Мұңлы ырғақты

        Құйтымдай қоңырау  — жүрек күмбір қақты

        Үзіліп кете ме деп үрейленем,

        Кенеттен қағып қалсам бір күн қатты.

Күрделі табиғат суреттері болашақ бай өлеңнің тамыры. Осыншама мол тізбек суреттер, бояулар, дыбыстар. Және осының бәріне жауап қатқан «қоңырау-жүрек». Аталмыш өлеңдегі табиғат – сыртқы көрініс емес. Бұл – поэзияның өз табиғатын, өзінің өткен-кеткенін еске түсіруі.

Бұл Несіпбек ақынның аталған өлеңіне ғана емес, бүкіл поэзиясына тән сыр-сымбат.

Поэзияда көркемдік кернеудің бір шегі болады. Одан ары асқанда нашар өлеңдегі табиғат яки басқа суреттер тек жай қайталауға ғана айналады. Ал сол көркемдік кернеудің шегінен аман өткен, кемеліне келіп жетілген поэзияда табиғат суреті, пейзаж атаулы ақынның ішкі дүниесінің сырына, суретіне айналады.

Әдебиетте бейнелеу шеберлігіне қатысты, «техника» деген, әбден жауыр болған бір термин бар. Бұл сөзді елдің бәрі қолданады. Алайда мыңнан біреу ғана терминнің о бастағы байыбына бара алады. «Технэ» сөзі грек тілінде «жанның шеберлігі» («техника души») деген мағынаны білдіреді.

Поэзияның басты екі шарты – талант және сол таланттың тәрбиесі, яғни, аталмыш «жанның шеберлігіне» жету. Ақындық – жанның сипаты дедік. Ол адам сәулетші де, музыкант та, суретші де болуы мүмкін. Ең бастысы – жаны ақын болсын. Мысалға француздың модернист ақындары саз өнерінің, сәулет өнерінің көптеген құбылыстарын бейнелеген. Ондай көркемдік дағды орыс ақындарының ішінен Анна Ахматова, Осип Мандельштам және Софья Парнокке тән еді.

Бұл жерде, өнерде ат жоқ екені («искусство не имеет названия»)  — басты идеал. Негізгі шарт – адам жаны ақын болуы керек, адам жаны шебер болуы керек.

Несіпбек ақынның табиғат туралы айтқаны — өз жаны туралы айтқаны (Қайталап айтайық, бұл психологиялық параллелизм, яки өзінің ішкі дүниесін табиғатқа балау емес. Бұл – бейнелеудің үлкен шеберлігіне жеткенде қалыптасатын тіл). Оның түрлі табиғат құбылысын бейнелеуі — өзінің түрлі көңіл-күйін бейнелеуі. Осы тұрғыдан келгенде Несіпбек ақынның поэзиясын 60-шы жылдардағы қазақ поэзиясында қалыптасқан пантеизмнің ерекше бір түрі деп айтуға болады. Оның өлеңдерінде табиғаттың күнделікті, ретімен келіп жатқан елеусіз құбылыстарынан басталған ой өрістей келе үлкен философиялық пайымдауларға жетеді.

        Шынымен бұрқап тұрған қар ма мынау?

        Табиғат тағы да бір алдадың-ау!

        Мезгілсіз жарықтығым, несін жаудың,

        Бәрібір орындалмас арманың-ау!..

        Күні өтсе не нәрседе қадір қалмас,

        Қара жер қазір саған орын болмас.

        Жаныма ыстық сезім тастадың да,

        Лып етіп еріп кеттік қас қағымда.

        Айналып күз келгенше сағындырып,

        Жақсы еді-ау, тоса тұрсаң аспаныңда…

(«Көкек қары» өлеңінен.)

Адамның көңілі, ішкі дүниесі – аспан болса, түрлі сезім толқыныстары осы аспанмен қалқып өтіп жатқан бұлт сияқты. Бұл жерде ақындық «Мен»  екіге жарылған. «Меннің» бірі мезгілсіз келген күйді кешсе, екіншісі одан биік тұр. Бәрінің зая, бәрінің пәс екенін біледі. Сондықтан да селт етпейді. Жаз ортасында жауған қардың бәрібір артына із тастамай еріп кететінін біледі.

«Ақ қырау – аппақ көбелек» өлеңінен бір мысал.

        Күрсініп іштен көл тынып,

        Жапырақ қурап ұшқанда.

        Көзімді жасқа толтырып,

        Қарадым қайтқан құстарға.

        Тағыда бір жаз өтті-ау деп,

        Күйзеліп тұрдым мен іштей…

        Құстар-ау…

        Келер ме қайтып бұл жазым,

        Айналып сендер келгенмен.

        Салқын бір күздің лебімен,

        Самайға қонар ақ қырау.

Көкжиектің аржағында тұрған бақи, санаулы сағатыңды, санаулы көктем мен жаз, күзіңді ақырын жеп тақап келеді. Ақынның бойы тітіркенбейді, сусып бара жатқан күндерді самарқау ғана көңілмен сараптайды.

«Өлсе өлер табиғат, Адам өлмес» — депті бір ұлы ақын. Фәниден биік басқа өмір, басқа аспан бар екеніне нық сенген, «о дүниені ойламаған адам мұсылман емес» дегенді айтқан адам.

Алайда Несіпбек  ақынның аталған өлеңінен біз мүлдем басқа таным, кереғар болса да бақи туралы ілімді толықтыра түсетін басқа танымды көреміз. Ақынның қамырығы – күндердің, күннен құралып өмірдің өтіп бара жатқандығында. Иә, бақи бар. Бірақ Тәңірі жаратқан екі дүниенің екеуі де – хақ. Егерде фәни – жалған болса, онда бәрі де жалған. Бақи қандай хақиқат болса, фәни дүниенің қызығы мен шыжығы да сондай дәрежеде қымбат. Міне, Несіпбек ақынның аталмыш өлеңіндегі тәтті мұңның асыл бағасы осындай.

«Көңіл дауылы» өлеңінде ақын катарсистік принципті пайдаланған. Алғашында өлеңдегі өте дәл байқау мен пайымға, табиғат құбылысын айна-қатесіз бейнелей алған шеберлікке назар аударасыз.

        Қарап тұр ем бір күні белге шығып,

        Қаңбақтарды барады жел көшіріп…

        Аспан астын жел керіп бара жатыр,

        Сәлден кейін дар етіп жыртылардай…

        Сілкілейді тоғайдың  шаңын қағып,

        Бұғып отыр құс біткен жанын бағып…

        Екіленіп еліріп барады үдеп,

        Шыға келді бір сәтте дала жүдеп…

        Алабұртқан аспанның айығар ма,

        Анда-санда осылай борап алмай.

Ен даланың айнымас серігі — дауылды бейнелегенде, ақын, асып бара жатқан бояу, ерекше тіл іздеп әуре болмайды. Бір сөзді екі адам екі түрлі қылып айтады. Неге? Себебі екеуінің интонациясы екі түрлі. Ақын күнделікті қарапайым тілмен қайталанбас сурет салған. Тағы да қайталап айтайық, Несіпбек ақынның өлеңіндегі мән-мағына оның нені айтып отырғандығында емес – интонациясында, даусының ырғағында. Ұйқастары кәдімгі басқа ақындар күнде пайдаланып жүрген екі буынды, үш буынды толымды ұйқас. Сол ырғақ. Сол өлшем. Бірақ дауыс мәнері басқа.

*    *    *

Несіпбек Айтов екі ғасырдың шарпысқан кезеңін көрген, екі шындықты бастан кешірген ақын. Өлең өнерінде қашанда өз жолымен ғана жүрген ақын. Оның сырлы өлеңі көзге аса көп түсе бермейді, себебі мәні мен мазмұны ішінде, тереңде, өз-өзіне жетілген.

Қазақ сахарасында желдей ескен төл жырда Несіпбек ақынның қайталанбас өз дауысы бар. Өлеңнің өрінде өзінің лайықты орны бар.

Әрине, бұл шағын лебізде ақынның бүкіл өлең өнерін шолып шығу, жіктеп-жіліктеп айтып беру мүмкін емес. Ақынның сырлы, жан-жақты жетілген, кемел поэзиясы жайлы келелі әңгіме – алдағы күндердің үлесі.