Балкенже АҚБЕРДИЕВА: СЕРIКБОЛДАН МИФКЕ НЕМЕСЕ «КӨРЕСIННЕН КӨРIЛМЕСКЕ» ҚАРАЙ

круглый стол памяти Кондыбая


круглый стол памяти Кондыбая

            Кез-келген тiлдiк құбылыстың табиғатын тiлдiң өзiнiң iшкi заңдылықтары негiзiнде ғана немесе тiлдiк шеңберде қарастырып зерттеу тiлдiң даму, өзгеру, қалыптасуының тарихи барысын, жүйе-құрылымын, бай мазмұны мен iшкi мәнiн жан-жақты ашып, өз дәрежесiнде таныта алмайды. Сондықтан, тiл ғылымының қазiргi таңдағы мұраты – тiлдiк құбылыстардың табиғатын тану жолында кешендi, жүйелi түрдегi жаңа бағытты дамыту.

            Ол  бағыттың арқауы – тiл туралы онтологиялық зерттеудi сол тiлде сөйлеушi халықтың рухани дүниесi, ой-санасы, тiл-санасы қалыптасуымен, соның негiзiнде дамитын ұлт санасымен тығыз байланыста қарау.

            Атап айтқанда, ол байланыс гуманитарлық ғылым ретiндегi лингвистиканың әдiстемелiк мүмкiншiлiктерi арқасында адамның дүниенi бiртұтас күйiнде тануын анықтайтын, тiл мен таным сабақтастығында қарастыратын когнитивтi лингвистика және антрополингвистика ғылымдарының концептуалды бағыттарымен сипатталады.

            Осыған сәйкес когнитивтiк лингвистика тiлдiң құрылымдық, функционалдық жүйесiнiң кешендi моделдерiн айқындауды мақсат етедi де, тiл мен таным сабақтастығын адамға қатысты бiртұтастықта қарау когнитивтiк парадигмада бiрнеше жалпы және жеке ғылыми зерттеулердiң тоғысуына әкеледi. Нақтылай түссек, тiлдiк санада қалыптасатын тiлдiң терең құрылымдары логикалық, философиялық, психологиялық, әлеуметтiк т.б. негiздер арқылы санада абстракцияланып, когнитивтiк модель арқылы тiлде көрiнiс табады. (Осы бағытта жазылған Қ.Жаманбаеваның «Тiл қолданысының когнитивтiк негiздерi», Б.Ақбердиеваның «Лексика-фразеологиялық жүйедегi мифтiк-танымдық құрылымдар», т.б. зерттеулер бар).

              Тiл бiлiмiндегi бiрнеше құрылымдардың тоғысында қарастырылуы қажет күрделi мәселелердi тек тiл iшiнде түсiндiрудiң мүмкiн емес екендiгiн соңғы жылдары қорғалған ғылыми зерттеу жұмыстары көрсеткен болатын. Бiз тақырыбымызға арқау еткелi отырған Серiкбол Қондыбайдың қазақтың тiл санасын, тiл рухын, тiлдiк мәнiн қалпына келтiруге, қайта жаңғыртуға жасаған батыл қадамының жемiсi – «Арғы қазақ мифологиясы» атты төрт кiтаптан тұратын еңбегi шешуiн таппай жүрген осындай көптеген мәселелерге жауап беретiнi сөзсiз.

Гуманитарлық ғылым салаларының арасында iс жүзiнде байланыс жоқ, әрқайсысы өз бетiмен дамып, өз бетiмен өмiр сүруде. Жөнi дұрыс қоғамда барлығы да керiсiнше болуы керек едi. Ең сорақысы, ғылыми салалардың барлығының да сүйенер ортақ парадигмасы, басы жоқ. Гуманитарлық ғылым салаларының барлығы да бастапқы ғылым – мифологияға арқа сүйеуi керек, олай болмайынша аталмыш салалардың жүйелi дамуы мүмкiн емес дейдi ол. Демек, мифология – адам мен табиғат туралы ғылымның қай-қайсысының да күрделi негiздерiнiң бiрi. 

            Тiл адам санасының материализациялануы болса, онда сананың қоршаған әлемдi тану сатыларының алғашқы нүктесi – мифтiк ойлау өзiнiң субстанциясының да бастапқы «нүктесi» болуға тиiс. Сондықтан, тiлдiк таңбаның тұрпаттық жағынан оның мазмұндық жағына қарай бағытталған лингвистикалық зерттеуден гөрi, алғашқы нүктеден берi қарай, яғни, мифтiк ойлаудан тiлге, «көрiлместiң көресiндерiне» қарай зерттеу жүргiзудi бастап бергендiгi — Серiкбол зерттеуiнiң жасампаздығы болып табылмақ.

            Серiкбол армандаған, тек жай армандап қана қоймай, оны iс жүзiне асырып, өзi негiзiн қалап берiп кеткен «қазақтың мифтiк-лингвистикалық» мектебiнiң бүгiнi мен ертеңi, даму бағыттары мен зерттеу әдiстерi ежелгi заман танымының, ақиқатының ақпаратын сақтаған техникалық тiл мифологияның сегiз қырлы, бiр сырлы табиғатынан туындап, оның онтологиялық негiздерiне бағындырылуы керек.  

            Ғасыр басында адамзат қоғамы әлем, дүние, қоршаған орта туралы барлық мағлұмат лингвистикалық каналдар арқылы берiлiп, сонда сақталатынына көзiн жеткiздi. Адам сөз дүниесiнде өмiр сүредi, орасан зор ақпараттарды адамзат сөз арқылы меңгерiп, сөз арқылы түсiне алады. Серiкболдың зерттеу еңбектерi мифологиялық сөздiктi көзге елестетедi. Бiр қарағанда түсiнiксiз, мағынасы күңгiрттенген сөздер Серiкболдың баянында кенеттен қайта жаңғырып, көкейiңе қонып шыға келедi.     

            Адам баласын түпсанадан бiрiктiрiп тұрған мифтiк архетиптiк символдар адамдардың психо-соматикалық, рухани-танымдық iс-әрекеттерiн басқарады. Бiрақ, Серiкбол мифтiк танымның жалпыадамзаттық табиғатын мойындай отыра, мифтiң арғықазақтық, дейтүркiлiк негiзiн сақтап қалуға, ондағы ұлттық танымдық құндылықтарды барынша жарқыратуға көңiл бөледi. Себебi, дейдi ол, әлемдiк мифологиялық жүйелердiң қаймағы бұзылмай сақталып қалған жалғыз көз — қазақтың ұлттық тiлi мен мәдениетi. Бiздiң тiлiмiздегi кез келген сөз — символ. Себебi, оның ар жағында мифтiк мазмұн жатыр.

            Әр халықтың, мәдениеттiң, дiннiң өз мифi бар. Тек осы мифтiң танымал болу дәрежесi әр халықта әр түрлi. Бiреулер оны дамыған күйiнде сақтай алса, екiншiлерi оны сақтай алмаған, ал үшiншiлерi өздерiнiң тiлiндегi, фольклорындағы, мәдениетi мен өнерiндегi мифтi танып, таба алмайды. Өйткенi, әр халықтың тарихи тағдыры әр түрлi болып шыққан, сондықтан, мифтiк мұраны түсiнудiң, оның жасырылған шифрларының кiлттерiн тауып ашудың нәтижелерi түрлiше болып шығады, дейдi Серiкбол [1.26].

Расында да ұлттық мәдениеттiң кiлтiн кез-келген халық өкiлi аша алмайды, ол үшiн сол тiлде сөйлеп, сол тiлде ойлап, сол халықтың топырағында аунап, суын iшiп, ауасымен демалу керек. Себебi, мәдени кодты ашудың кiлтi сол атрибуттармен тiкелей байланысты.

            Мифке жеке iлiм ретiнде көңiл бөлу 18-шi ғасырда өмiр сүрген итальяндық философ Дж. Виконың 1725 жылы жарық көрген «Основания новой науки об общей природе нации» деген еңбегiнен басталады. Мифтiк шығармашылықтың, алғашқы қауым адамының болмыс жағдайларына бейiмделуiне мүмкiндiк беретiн ерекше тәсiлдерi көрсетiлген мифтер «адамзаттық ақыл-ойы сөздiгiнiң» тұңғыш басылымы деп көрсетедi [2.377].  

            19-шы ғасырдың екiншi жартысында мифологияны қарастырудың негiзгi екi бағытын атап өтуге болады. Оны бiрiншiсi — Я.Гримм, А.Кун, В.Шварц, В.Манхардт, М.Мюллер, А.Афанасьев, А.Потебня, т.б. ғалымдар бастаған мектеп. Ол үндiеуропалық салыстырмалы-тарихи тiл бiлiмiнiң ғылыми жетiстiктерiне және үндiеуропалық тiлдердегi этимологиялық салыстырулар арқылы көне үндiеуропа мифологиясын реконструкциялауға, жаңғыртуға негiзделген. Екiншiсi — анропологиялық және эволюционистiк мектеп. Оның негiзгi өкiлдерi Э.Тейлор, Э.Ленг, Г.Спенсер сияқты ғалымдар болды. Бұл мектептiң негiзгi бағыты — салыстырмалы-этнографиялық зерттеулердi адам дамуы туралы ғылыми нәтижелермен тығыз байланыста қарастыру.

            20-шы ғасыр басында ағылшын этнографы Б.Малиновский этнографиядағы функционалдық мектептiң негiзiн салды. Осымен байланысты ол мифтi символдық, аллегориялық, т.б. мағынаны бiлдiретiн аңыз, әңгiме ғана емес, сонымен бiрге әлем мен адам дүниесiне ұласатын ақиқат шындық деп таниды.

            Француздың социологиялық мектебi – Э.Дюркгейм, Л.Леви-Брюль, т.б. Ғалымдар мифтi әлеуметтiк психологиямен бiрлiкте қарап, тотемдiк мифологияны рулық қауымдастықтың алғашқы моделiн жасаушысы ретiнде көрсеттi.

            Бұдан кейiнгi зерттеулер мифтiң мәнiнен гөрi, мифологиялық ойлаудың танымдық ерекшелiктерiн ашуға бағытталады. Нақтылап айтсақ, мифтiң психоаналитикалық концепциясын жасаушылар З.Фрейд, К.Г.Юнг, т.б. ғалымдар адамның психикасындағы құбылыстарды алғашқы қауымдық кезеңнен қалған «архаикалық қалдықтар» немесе «архетиптермен» байланыстырса, мифтiң құрылымдық теориясын ұсынған француз этнологы К.Леви-Стросс мифологиялық ойлау ерекшелiктерiн негiзге ала отырып, мифтiң сансыз мағыналық трансформацияға бейiм екендiгiн көрсетедi [3.161-171]. 

            Мифтiң символдық теориясының негiзiн салушылардың бiрi – немiс философы Э.Кассирер. Ол мифтi тiл мен өнер сияқты мәдениеттiң дербес символдық формасы ретiнде қарастырады. Оның мифтiк символизмi бойынша, айналадағы деректi-сезiмдiк заттар белгiлi бiр символдарға, таңбаларға айналу арқылы ғана санаға сiңедi, деректi заттар өздерiнiң деректiлiгiнен айрылмай-ақ басқа заттар мен құбылыстардың таңбасы бола алады, осылайша мифология өзiндiк шешуi бар жұмбаққа айналады [4.66].

            Мифологиялық теориялардың барлық түрiнiң тоғысатын жерi – мифтiң жасампаздық қасиетi. Немiс психологиялық мектебiнiң негiзiн салған ғалым В.Вундт мифтiк танымның осындай ерекше қасиетiнiң мәнiн анықтауды ең басты мәселе етiп қойған болатын. Ол мифтiк танымның өмiршеңдiгiн, оның өз формасын өзгертiп отыру арқылы жалғаса беретiн үздiксiз процесс екендiгiн көрсетедi.

            Мифтiк сананың адамның дүниетанымына осылай үздiксiз әсерiн зерттеу iсiн аналитикалық психологияның негiзiн салған швецариялық ғалым К.Г.Юнг одан әрi дамытады. Оның мифологияны архетиптiк образдар арқылы түсiндiретiн мына қағидасы өте құнды: «Архетипические образы всегда сопровождали человека, они являются источником мифологии, религии, искусства. По существу, архетипы представляют собой бессознательное содержание, которое изменяется, становясь осознанным и воспринятым; оно претерпевает изменения под влиянием того индивидуального сознания, на поверхности которого оно возникает» [5.120].

            Мифтiк архетиптi реконструкциялау сөздiң, тiлдiң көмегiнсiз iске аспайды, сондықтан, мифтi қалпына келтiру әрекетiне тiлдi, байырғы сөздi қалпына келтiру әрекетiн қосақтауға тура келедi. Осы екеуi — сөз бен миф – бiр-бiрiне қосақтала, бiрiн-бiрi жетектей жүрiп, бiр-бiрiнiң жетiспес жерiн толықтырады, бiр-бiрiнiң қателiктерiн түзетедi, осылайша бiр-бiрiне көмектесе жүрiп, өздерiн өздерi қалпына келтiредi, жаңадан, қайтадан тудырады.

            Мифтiң дүниежүзiлiк тарихи құбылыс екендiгiн тану – мифтiк бастапқы интуиция (Канттың терминологиясында «синтез первоначального целого») қайдан пайда болды, феноменологиялық жағынан алғаш пайда болғанда қандай мазмұнға ие болды деген мәселелердi анықтаумен қатар жүредi. Серiкболда бұл Нұр немесе Құдайы құдiрет, Абсолют, ал оның адамдарға, жер бетiне түсірiлетiн доктринасы Iлкi төр деп аталады.

            Лингвистикалық палеонтология дегенiмiзжазба дәуiрге дейiнгi материалдық және рухани мәдениеттен мағлұмат беретiн тiлдiк фактiлердi тарихи тұрғыдан зерттеу. Себебi, тiл адамзат тарихының қоймасы тәрiзді. Жердің тарихын бiлемін дегендерге белгiлi бiр тәртiппен бiрiнiң үстiне бiрi орналасқан қатарлар арқылы iз қалдырып, жердiң геологиялық дамуының кезеңдерiн көрсететiн жер қабаттары тәрiздi тiлдiң де әрбiр кезеңі даму тәртiбiне сай тiлде қаланып, қалыптасып сақталады. 

Яғни, мифтiк сананың құрамды бөлшектерi де дәл сондай бiр-бiрiмен өте тығыз байланысқан қабатталу, кiрiгу, бiрiне-бiрi өту, ұласу, тұтасу болып келетiн бiртұтас танымдық жүйенi құрайды, сондықтан оның кез келген бөлiгiн тек осы жүйенiң iшiнде қарастыру қажет [6.149].

Жоғарыда тоқталып өткен мифологиялық мектептердiң идеялары, сөз жоқ, Серiкболдың iзденуiне, оның қиялын шалқытып, батыл шешiмдер қабылдауына әсер еттi. Бiрақ, осы тақырыпқа барудағы оның негiзгi мақсаты – тарихи даму тұрғысынан алғанда ғылыми қисындары бар, бiрақ  бұрмаланып, бiржақты түсiндiрiлiп келген  теорияларға жаңаша көзбен қайта қарау. Мысалы, үндiеуропалық мифологиялық мектептегi адамзаттың белгiлi бiр тобын қалғандарынан артық етiп шығаруды, осындай артық туғандықтың тәңiрлiк негiзi бар екендiгiн қисындаған жалған мифтiк идеяны қалыптасырған [1.27].

            Серiкбол – құбылыс. Құбылыс болғанда, дәл бүгiнгi бiз өмiр сүрiп отырған уақытта болмай қалуы, тумай қалуы мүмкiн емес, нағыз танымдық қажеттiлiктен, рухани шөлдеуден (тарихта мұндай құбылыс «тоска по гению» деген атаумен берiлгендiгi белгiлi) келiп туған құбылыс. Себебi, заман ағымының белгiлi бiр кезеңi өзiнiң бойына мыңдаған идеялардың жаңаша трансформациясын жинаған феномен, идеал, дара тұлғаны жарыққа шығарады, ол кенеттен пайда болмайды, аталған қасиеттердiң бәрi жинақтала келе, жоғарыдағы Ұғанның (Жаратушының) құдiретiмен бiр «нүктеге» тоғысып, белгiлi бiр жан иесiне берiледi, яғни, Серiкболды осылай таңбаланған, белгiленген, Жоғары құдiреттiң адамдарға жiберген елшiсi деп қабылдауға тиіспіз. Оған Серiкболдың бiрiнен-бiрi туындап, жiбек арқанды тарқатқандай есiлiп тұрған, бiр ұшын ұстасаң өзiнен-өзi шешiлiп сала беретiн жүйелерiнен көруге болады. Мысалы: Нұр, Құдайы құдiрет, ноқат, көрiлмес, көресiн, Абақ таңба, шоғым таңба, бинарлық, триадалық жүйелер, елексету, Iлкi төр, Төретам, Не-ме-не, Ң дыбысы (бұл тiлшi-ғалым Б.Сағындықовта силлабофонема деген терминмен өрнектелген). Бұлар  -өзiнiң тереңiне тартып кететiн тылсымдар, жабық жүйелер. Серiкбол  осы деңгейлердiң қай қабатына өтсе де, тереңдей түссе де өзiн әлi де оның табалдырығында тұрғандай сезiнуi де заңдылық. Себебi, тiл мәңгiлiк қозғалыста болатын, тұрақты қайталанып отыратын рухтың күшi [7.349].

            Бiз Серiкболдың еңбегiне бірден талдау жасаудан гөрi, ең алдымен оны тұтастай қабылдауға, ұғынуға, түйсiнуге, не айтқысы келгендiгiн  сезiнуге кеңес берер едiк.  Сонда ғана келесi бiр таным деңгейiне Серiкболдың түсiрген жарығының көмегiмен өтуге мүмкiндiк туады.

            Серiкболдың ерен еңбегi бiзге заманымыздың дара тұлғаларының бiрi, жазушы Әбiш Кекiлбаевтың «Шыңырауындағы» Еңсеп бейнесiн елестетедi. Осы шығармадан алынған мына бір үзіндідегі жан мен тәннің қоса күйзелісіне көңіл аударып көрейікші:   

…”Еңсеп ештеңеге алаңдамады. Тақтай тасты төкпетете соққылады. Үскiрiк жел астында тұрғанына қарамастан, әуелi маңдайына, сосын омырауына шып-шып тер шықты. Тақтай тас сарт-сұрт сынып жатыр. Осылай қазыңқырай түссе ұлы арнаға да жетедi. Жүрегiн қуаныш кернеп, өне бойынан әл кетiп бара жатқандай… Қайтадан төмпештей жөнелдi. Сүйменi әр тиген сайын тақтай тас күрт-күрт омырылады. Қайқайып тұрып тақтай тасты сарт-сарт сабалайды. Кенет сүйменi тасқа тимей, тесiктiң өзiне түсiп, екпетiнен құлап түстi. Еңсеп зiп-зiлдей кiрпiктерiн әзер көтерiп, көзiн ашып алып едi, жан-жағынан ақ түтек боп сарқырап жатқан ағын су әлдеқайда алды да қайқайды. Жан-дәрмен бiр бақыруға ғана мұршасы келдi. Бiрақ, оны өзiнен басқа ешкiм естiген жоқ… Арада әлденеше жыл өттi. Тусырап жатқан өңiр суға қарық болды да қалды. Жаңбырсыз жылдары қанша шыңыраудың суы тартылғанымен, ол лықылдайды да жатады. Бiреулер қауға түсiрiп алса, артынан сонау көк теңiздiң жағасындағы ақ тұмсықтың астынан табылыпты. Ендi жұрт бұл құдықтың суы сонау ұлы теңiзге барып құяды екен дестi. Не де болса бүкiл үстiрттiң үстiндегi ең терең, ең мол Шыңырау боп атағы жайылды [8.394-395].         

      Иә, Еңсеп ендi өзi қазған шыңырауға, ал шыңырау болса Еңсептiң өзiне айналды. Олай болса, Серiкбол қазған мифология «шыңырауы» да халыққа берерi мол, ғылымның не бiр тылсымдарына сәуле түсiретiн нағыз терең танымдық құндылық болып қалады. Ендi Серiкбол тұлғасы да нағыз мифке айналды….

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 1. Қондыбай С. Арғықазақ мифологиясы. Алматы: Дайк-Пресс, 2004.-512 б. Бiрiншi кiтап.

2. Философский словарь. Москва: Советская энциклопедия, 1983. – 837 с.

3. Мелетинский Е.М. Мифологические теории ХХ века на Западе. Вопросы философии. №7, 1971.

4. Свасьян К.А. Философия символических форм Э.Кассирера: критический анализ. М., 1989.-237.

5. Юнг К.Г. Архетип и символ. М., 1991.

6. Давидсон Б. Африканцы: Введение в историю культуры. М., 1975.

7. Гумбольдт В. Язык и философия культуры. М.: Прогресс, 1985.-396 с.

8. Кекiлбаев Ә. Екi томдық таңдамалы шығармалар. 1 том. Алматы: Жазушы, 1989. 

 

Фото: І Қондыбай Оқуларындағы Дөңгелек үстел (Алматы, 2005). Сол жақтан төртінші Б. Ақбердиева.

Оставьте первый комментарий

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован.


*