Бәйті Қорғаны және Валгалла

Серікбол Қондыбай

1980 жылдардың орта тұсында Үстірттен табылған «Бәйті» археологиялық нысаны туралы деректер облыстық «Маңғыстау», «Местное время», аудандық «Жаңа өмір» газеттерінің бетінде әлденеше рет жарияланды. Мәскеулік археологтардың ғылыми баспасөзде айтқан пікірлері, ескерткіштің құндылығы мен ғылыми маңыздылығы Маңғыстау өлкетанушылар қауымын қуантып тастаған еді. Қуанбағанда, өз жері үшін мақтаныш сезімі туындамағанда ше? Бәйті ескерткіші өзінің сипаты жағынан «аса құнды мұрағат» деп ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай дүние. Уақыты жағынан біздің заманымызға дейінгі 5-2 ғасырларға жататын, тарихта «дай-массагет» және «алан-сармат» көшпелілерінің өркениетінің көрнекті ескерткіші болып табылатын «Бәйті кешені» көне Маңғыстаудың ғана емес, бүкіл Арал – Каспий өңірінің ежелгі тылсым тарихына сәуле түсіргендей. Археологиялық нысанның алғашқы қазыла бастаған жылдары табылған дүниелерді мәшінге тиеп, Мәскеуге тасып әкету оқиғалары болғанын бүгін біреу білсе, біреу біле бермес. Өлке мұраларының жанашырларының бірі Мақсот Нығметуллаевтың көтерген айқай-шуының арқасында қазып алынған ескерткіштер Маңғыстау музейлеріне беріле бастады. Бүгінгі күні сол мұраның дені Ақтаудағы «Маңғыстау мен Үстірттің мұражай – қорығында» сақтаулы. Ал осындай мұраға ие болып отырған біз, маңғыстаулықтар, ескерткіштің тарихын анықтай аламыз ба? Осы ескерткішті бүгінгі мәдениетіміздің ауқымында практикалық деңгейде қажетімізге жарата аламыз ба? Әрине, мынау түсініксіздеу нарықтың заманында тікелей Бәйтіге тіреліп тұрған ештеңе де жоқ шығар, бірақ сонда да осындай сұрақтар кез келген көкірегі ашық маңғыстаулықтың назарын аударары хақ.

Бәйті кешені Үстірттің тегістігінде орналасқан үш қорғаннан тұрады. Археологиялық «қорған» ескерткіштер Қазақстан үшін таңсық та бола қоймас, өйткені еліміздегі ертедегі көшпелілер мұрасы негізінен осы қорған-үйіктер арқылы белгілі. Бәйті кешенінің басқа нысандардан ерекшелігі – жауынгер сарматтардың тастан қашалған мүсіндерінің  болуында. Барлық нысаннан орташа биіктігі 2 метр болатын (4 метрге дейін жететіндері де бар) жалпы саны 70-80 мүсін табылып отыр. Яғни Бәйтінің екі қорғанынан және Қарамөңке қорғанынан табылған жауынгер мүсіндері оны Қазақстан мен Орта Азия көшпелілер аймағының ауқымында әлі теңдесі (аналогы) жоқ ескерткіш екендігін көрсетеді. Осы археологиялық нысанды 1988 жылдан бері қазып жатқан мамандардың (З. Самашев, Л. Галкин, А. Ольховский) алғашқы қорытындыларына қарағанда, Бәйті және Қарамөңке кешендері – бастапқыда адам жерлеп, кейін белгілі бір уақыт сайын тірі адамдардың жиналып, құрбандық шалып тұратын (ас беріп, жиын-той, алқа өткізетін) рәсімдік-ғұрыптық орын болып табылады. Оның ғылыми атауы – «героитисьон», яғни баяғыда өмірден өткен, қаза болған батыр бабаларға арнап тұрғызылған комплекс. Мұндағы «жауынгер-мүсіндер» белгілі бір көшпелі жұрттың реалды жауынгер-баба тұлғалары болып табылады. Зерттеушілер Бәйті кешенінің функционалдық жағынан Түркие жеріндегі Нимурд тауынан табылған ескерткішпен ұқсас екендігін атап көрсетеді. Нимруддагтағы құдайлардың «бас бейнелері» Бәйтідегіден кейінірек, біздің заманымыздан бұрынғы 62 жылы салынған. Оны салдырған Коммагена деген шағын мемлекеттің патшасы Антиох. Даңқұмар патша ескерткішті салдыртқанда грек, парсы құдайларын да, грек, парсы сәулет дәстүрлерін де араластыра пайдаланған, бірақ Бәйті кешенінің табылуы, оның Нимруддагтікіне ұқсас болуы және көнелігі ғалымдар арасында «Антиох осы кешенді салдыртқанда өзінің шығыс көршісі – Парфияның дәстүрін, оның ішінде сол Парфия империясын құрушы Дай көшпелілерінің дәстүрін пайдаланған» деген жорамалды туғызып отыр. Яғни Бәйті – атақты Нимруддаг кешенінің бастапқы прообразы болып табылады. Міне, Бәйті ескерткіштерінің авторларының дай-пари немесе дай-сармат көшпелілерінің болуы бізге ықтимал зерттеу бағытын шамалап көрсетіп бере алады.

Дай-массагет тайпалар одағынан шыққан парн (парндай, апарндай) тайпасы Аршак деген көсемнің басшылығымен б.з.д. 250 жылдары Парфиядағы (Бүгінгі Оңтүстік Түрікменстан) билікті иемденіп 450 жыл өмір сүрген үлкен империяның басында болды, (ал бүгінгі адайлардың тікелей ата-бабалары дәл осы парн руының құрамында болды деп айта алмаспыз, бірақ олардың Түрікпен жері мен Маңғыстау – Үстіртті, не болмаса Жайық-Еділ далаларының бір пұшпағында өмір сүрген рулардың бірінде болғандығын сеніммен айтуға болады).

Осы тұста әңгімені басқа тақырыпқа аударуға тура келеді. Герман халықтарында, ең алдымен терістік Европадағы исланд, норвег, швед халықтарының мифологиясында «асстәңірлер» туралы жырлар (сағалар) бар. Оның 13 ғасырда исландиялық діндар-машайық Снорри Стурлосон жазып алып, болашақ герман мәдениетіне орасан зор үлесін қосып кеткен болатын. 18-19 ғасырлардағы неміс романтизмі осы «асстар туралы мифтерді»  «таза, төл германдық мұра» ретінде игере бастады, оның образдары мен ұғымдары өнер мен мәдениетте кеңінен кәдеге жаратылды, сонымен қатар, асстар мифологиясы – герман фашизмінің «арийлық артықшылықты дәлелдейтін дүние» ретінде 20 ғасырда кеңінен пайдаланылды. Міне, басында Один (Водан) тұрған асс-тәңірлер туралы мифтердің шығу тегі Азиямен, Солтүстік Кавказбен байланыстырылады. Осы «азиялық қайнарды» дәлелдеуші ғалымдардың ішіндегі ең сенімдірек, көрнектірек пікір Щербаков деген орыс ғалымынікі, оның дәлелдеуі бойынша, «асстар Дон өзенінің шығыс жағынан шыққан, асс дегеніміз – ежелгі дай-массагеттер», тек зерттеуші бұл мәселеге тек «асстар дегеніміз – осетиндер, яғни арийлар» деген үлгі-қалыппен қараған. Оған күдікпен қарасақ та «асстардың дай көшпелілерімен байланыстылығы» жөніндегі пікірі бізге маңғыстаулық дайлардың мұрасы – Бәйтінің табиғатын түсінуде германдық «асстар мифологиясына» үңілу қажет екендігін көрсетеді.

Аталмыш «асс-тәңірлердің мекені Асгард деп аталады», тәңірі Одан (Водан) деген асс шарбақ қоршауы») аспан дүниесінде орналасқан. Асгард ауылының ортасында бас тәңірі Один (Водан) деген асстың сарайы бар, ол Вальхалла немесе Валгалла деп аталады. Мұнда шайқас кезінде ерлік көрсетіп мерт болған жауынгерлер – эйнхерийлер тұрады, мәңгі-бақи той-думанмен уақыт өткізеді. Оларға жауынгер қыздар – валькириялар қызмет көрсетеді. «Вальхалла» сөзінің сөзбе-сөз аудармасы «өлгендер сарайы», мұндағы «валь» сөзі қазақша «өл», «өлік» дегенді білдіреді, яғни бұл сөз (валь-өл) батыс прототүркілік сөз. Сол сияқты «валькирия» сөзі де түркі тілінің сөзі, қазақша «өлік іріктеуші» дегенді білдіреді. Мұның өзі ежелгі асстардың да, дайлардың да түркі тілдес болу мүмкіндігін көрсетеді.

Герман мифіндегі Асгард бейнесіне негіз болған нақты, тарихи үлгіні зерттеушілер, оның ішінде Щербаков ежелгі Дай-Парфияның астанасы болған Партавниса қаласы болған деп шамалайды. Ал Партавниса қаласының орны бүгінгі Ашхабат («Асг-абад» — «аспан қаласы») қаласына таяу жерде. Партавнисадағы үлкен ғимарат-сарай, Щербаковтың айтуына қарағанда, «Асгардтағы бас тәңір – Одиннің (Воданның) тұрағы Вальхалланың» (Валгалланың) образына негіз болған түпнұсқа болған, өйткені әлгі сарайдың ішінде жауынгерлердің мүсіндері орналасқан. Ал Парфия империясын құрушылардың дай көшпелілері екендігін ескерсек, сол Партавнисадағы мүсінді сарайдың функционалдық прообразы Маңғыстау, Үстірт, Түрікпен жерлерін мекендеген көшпелілерде жатқандығын тұспалдауға болады. Бұл жағдайда табылып отырған Бәйті кешені үш басқа нысанның, бірінші – Ашхабат-Партавнисадағы сарайдың, екінші – Нимруддагтағы мүсінді кешеннің, үшінші – герман-скандинав мифіндегі «Валгалла» сарайының прообразы, бастапқы нұсқасы болған деп сенімді болжам айтуға болады. Мұның өзі Біздің Бәйтінің маңыздылығын түсіну үшін жетіп жатқан жорамал болмақ.

Одиннің (Воданның) «Валгалла» сарайында, миф дерегі бойынша, кілең ерлікпен қаза тапқан жауынгерлер өмір сүретін көрінеді, ал Щербаков Ескі Нисадағы ғимараттың дөңгелек залының екінші деңгейінде орнатылған мүсіндерді де парфиялық дай тайпаларының өлген «баба-жауынгерлеріне» арналған дегенді айтады, бізде осылардың қатарына Үстірттегі «Бәйтіні» қоямыз, өйткені мұндағы қорған үйіктің маңына шоғырлана орналасқан мүсіндер де — өлген жауынгерлер, өлген жауынгер бабалардың мүсіндері. Дайлар Бәйті сияқты киелі орынға келіп, мүсіндерде бейнеленген батыр бабаларын еске түсіріп, құрбандық шалып, ас беріп, кейбір саяси, әлеуметтік сипаттағы кездесу жиындарын өткізіп тұратын болған. Маңғыстаудың аңыздарындағы Бекет-Атаға қатысты айтылатын Қараман-атадағы «ант беру» оқиғасының болуына қарап, «ежелгі дайлар да Бәйтіде осындай кездесулер өткізіп тұруы мүмкін-ау» деген ойлар келеді. Бұл – тек бір сөздің немесе бір археологиялық нысанның герман-асс мифіндегі «тәңір сарайы» — «Валгаллаға» ұқсас болуы арқылы дәлелденіп отырған шалағай тұспал емес. Тарихи, фольклорлық және тілдік деңгейдегі көптеген салыстырулар «белгісіз асстардың» Үстірт пен Маңғыстауда бір кездері мекендеуінің ықтималдығын көрсетеді. Бүгінгі Үстіртте, әлгі Бәйті кешені орналасқан аймақтағы Сисем-ата қорымының күнгей жағында «белгісіз Әз әулиенің» бар екендігі «Маңғыстау энциклопедиясында» келтірілген, осы «Әз-әулиенің» сол баяғы «ас», «асс» этнониміне қатысты болу мүмкіндігін еске сала отырып, Маңғыстаудың «ман» атауы, жалпы «мандардың» (Отман, Маната, Манашы, Мансуалмас, т.б.) көптігі, осы сөздің «германдық құпиясы» бізге тарихтану жолының бір сүрлеуін көрсетсе, Мұрын жыраудың айтуымен сақталып қалған «Қырымның қырық батыры» жырлары да екінші бір соқпақ жолға түсіргендей. Мысалы, жырда айтылатын «ноғайлыға жау халықтың аты – ындыс», ал герман-скандинав мифіндегі «асстарға жау халықтың аты – ван». Осы «ындыс» пен «ванның» сыртқы ұқсастығымен қатар, тарихи-географиялық ұқсастығы бар: олардың екеуі де Еділ-Дон аймағында өмір сүрген халық. Аңшыбай, Парпария батырлары туралы эпостардың ежелгі Дай-Парфия бастауына жату ықтималдығы – осылардың бәрі Маңғыстау мен Үстірттің ежелгі тарихын танудағы басқа да балама әдіс-тәсілдердің бар екендігін көрсетеді. Бұған мән беру – Ақтаудағы университеттің тарихшылар қауымының, өлкетанушылардың есінде жүрсе оң болар еді.

Бәйті ескерткіштерін қалай пайдаға жаратуға болады? Біріншіден, археологиялық қазба жұмыстары аяқталып болғаннан кейін, үйреншікті әдіспен көміп тастамай, сол жерде «Бәйті» тарихи-ландшафтық паркін немесе кешенін ұйымдастыру. Қолда бар мүсін сынықтары, әрине, қалпына келтіруге жарамайды, бірақ жергілікті үстірттік әктастан, ұлутастан жасалған осынау қарапайым мүсіндердің дәл көшірмесін жасауға толық мүмкіндік бар. Сонымен қатар жалпы сармат мәдениетінің археологиялық мұраларының негізінде қорғанның да, құрбандық тастарының да көшірмелерін жасауға болады. Мәселе оның абсолюттік дәлдігін де емес, ежелгі көшпелілердің өмірі «осындай болған» деп насихаттауда жатыр. Бәйті кешені теміржолдан да, автомобиль жолдарынан да, Сайөтестен де онша қашық емес.

Екіншіден, Бәйтіні туристік тұрғыдан игеру шөл жағдайында мүмкін емес деп есептер болсақ, онда «Бәйті кешенінің» көшірмесін Ақтауда не Шетпеде, Шетпе маңындағы Айрақтыда орнатуға болады. Мұндай «копияларға» «Мұңал ошақ», «Алау үйі» деген сияқты ат беріле ме, ол жаңа кешеннің атқарар қызметіне байланысты болмақ.

Үшіншіден, Бәйтіден табылған сармат жауынгерінің мүсіні, образы – Маңғыстау символ рәміздерінің бірі бола алады. Осындай үлгіде жасалған мүсіндер тізбегін «Дай-Сарматтар аллеясы» ретінде Ақтау қаласының көрікті жерлерінің бірінде (көше бойында, теңіз жағасында, әкімшілік, мәдени ғимараттар алдында, паркте) орнатып қоюға болады. Жалпы осындай мүсін тізбегін Шетпеде, Жаңаөзен мен Бейнеуде де орнатқанның артықшылығы жоқ.

Төртіншіден, Бәйті ескерткіштерін өнер салаларында пайдалану, игеру жолдарын қарастыру керек, әрине, бұл жеке шығармашылық қабілеті бар адамның ісі. Маңғыстау мен Үстіртте болашақта салынар әртүрлі мақсаттағы құрылыстарда бәйтілік бейнелерді пайдалану.

Соңғы он жылда Маңғыстаудың өткенін біршама жақсы біліп қалдық дегеннің өзінде, білгеніміз соңғы 200 жылдық шеңберден шыға алмаған сияқты. Ал бүгінгі «жұмыртқадан жүн қырқар, қу бастан қуырым ет алар» заманда сол білгенді, сол «барды» рухани қазына етумен қатар аз да болса табыс көзіне айналдырып көруге талпынып көрген жөн. Бұл – қаржы барларға, басшыларға, белсенділерге деген құлаққағысымыз, ал тарихпен таныстыру жағын өздеріміз де лекерлеп жүзеге асыруға тырысып көрерміз. Тек ниет болсын.

27.07.1999 жыл, Маңғыстау газеті