ТАЛТҮС 3 тарау

Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романын басынан оқу

2 тарауды оқу

3 тарау

Мөлдір қара көзінің аласы көкшіл нұр шашып тұратын. Жайнаған ақсары жүз, құндыз қабақ, иыққа ақтарылған тал жібек шаш. Көркінен көз айыру қиын еді.

Алғаш кластың табалдырығын аттағанда ұлы бар, қызы бар, жиырма шақты бала тегіс аңтарылған. Есікте қымсынып тұрып қалды. Тақтада есеп жазып жатқан Сәулебай мұғалім жаңа оқушыға бір көз тастап өтті де отыруға рұқсат берген. Ортаңғы қатардың соңғы партасына, үнемі жалғыз отыратын Серікболдың жанына барды.

Мына жер бос па?

Бос.

Онда мен отырайын.

Сәулебай мұғалім есепті жазып болып, қолына жұққан борды орамалымен сүртіп орнына отырды. Класс журналын ашты.

Тәәк, бұл жаңадан келген бала Іргебаева ғой, солай ма? Іргебаева Гүлшат.

Иә, — Қыз орнынан тұрды.

Отыра ғой, — деді Сәулебай.

Серікболдың бағы ашылды дей бер, — деді Әжігерейдің парталасы Ерік, — Байғұс, он жыл бойы бір қыз қарамай қойып еді. Құдай берем десе оңай екен ғой.

Үзілісте, кластың қыздары жаңа құрбыларын ертіп далаға шығып кетті. Сол сәтте ұл балалар Серікболға лап қойған.

Құттықтаймын, — деді алдымен жеткен Ерік, бүгежектеп тұрған Серікболдың қолын зорлықпен алып қысып жатып, — Оңайынан, тезінен берді деген осы.

Әй, кетші, — Серікбол қолын босатпақ болып жұлқынды.

Әй, күйеу, сен өйтіп тапырақтама, — деді Ахмет. — Одан да айтсайшы, былай. Қалай екен өзі, былай.

Қылжақбас Марат адам айтқысыз мекер дауыспен әндетіп қоя берген.

Еркем-ау дәнекерсің-ау, айнадағы, Шашақсың жалаулатқан-ей, найзадағы.

Достарының әжуасынан запы болған Серікбол келесі сабақтан қашып кетті. Гүлшат жалғыз қалған. Серікболдың тасасынан дұрыстап көре алмап еді, енді қыздың көркін армансыз тамашалады. Шашы алғаш көргенде шымқай қара сияқты еді. Алдамшы көрініс екен. Жирен мен қоңырдың арасындағы көз қуантатын алқоңыр түс. Шашының арасынан нәзік сырғалығы анда-санда көрініп қалып отырады. Бәденді. Үстіне қоңыр мектеп формасын, аяғына ауылдық жер үшін таңсық қара шілтер шұлық киген. Өзіне сұқтана қадалғанды сезіп, әредік-әредік жалт етіп қарап қояды. Сол сәтте жүзі қызарып кетеді.

– Мә, сілекейіңді сүрт, — деді бұдан көз алмай отырған қушыкеш Ерік, — Партаны былғадың.

Келесі үзілісте ұлдар енді бұны қамады. Бұрышқа тығып, қолын бұрап тырп еткізбей тастаған.

– Опасыздық деген осы, — деді Марат көкірегі қарс айрыла күрсініп, — Бірге оқитын жан досының үйленейін деп жүрген қызын айырып алып, жалғыз өзі иемденеді.

— Не оттап тұрсың өзің? — деді Әжігерей жұлқынып.

— Совет адамының адамгершілік келбетіне лайық емес қылық, — деді Марат күйзеліп.

Бірі атып, бірі қуып осылай зықысын шығарған. Достарының адам төзбес қалжыңдарына шыдап сабақтың аяғына дейін отырды. Мақсат, жаңадан келген қызбен жақынырақ танысып, үйінің қай шамада екенін білу. Қоңырау шылдырлағанда елдің алды болып дәлізге шықты.

Топырлаған оқушының арасынан Гүлшаттың қай тұста келе жатқанын байқап алып, тіркесе жүрді. Шыға берісте, әр қимылын бағып, ащы жымиып Марат тұр екен. Қолпаштай, еркелете күліп, бұған қолымен белгі берген.

– Көресің әлі, — деді Әжігерей.

Гүлшат мектептен шығып кеңсенің сол қапталын ала орналасқан үйлерге қарай жүрді. Әжігерей қуып жетіп қатарласқанда жалт етіп қарап сықылықтай күлген. Өнебойына от төгілгендей болып, тірсегі қалтырап, ыбылжып қалды.

Ұлдар мазақтады ма? — деді Гүлшат.

Иә. Оны қайдан білесің? — деді Әжігерей.

Екеуі бұрыннан таныс адамдардай бірден “сенге” көшкен.

Білемін. Бағана қыздар, барлығымыз терезеден білдірмей қарап тұрдық. Әуелі анау Серікбол деген баланы мазақтады. Содан кейін сені ортаға алды.

Иә, сондай… қылжақбас өздері. Тілдері тура тікенек.

Сенің атың Әжігерей ғой. Орыс мектебінен ауысып келгенсің.

Иә. Оны да айтқан екен ғой. Ал өзің….

Менің атым Гүлшат, — Қолын ұсынды. Алақаны дымқыл, жып-жылы екен.

Әжігерей, — Жұп-жұмсақ алақанды аялай ұстаған.

Біз Абай ауданынан көшіп келдік, — Гүлшат мамыражай әңгімеге ауысты, — Негізінен біз осы жақтың адамымыз. Көкем оқуын бітіріп, сол Абай ауданына жіберіліпті. Міне, көп жылдан кейін, жерсінбей өз ауылына қайтып келіп отыр.

Ал біз ежелден осы ауылда тұрып жатырмыз, — Әжігерей тақырып таппай қиналған.

Бүгінге осы да жетер, — Гүлшат етегі дөңгелене бұрылды, — Сау бол. Көріскенше.

Көрер таңды көзбен атқызған. Гүлшаттың ай жүзін, келбетінің әр қырын ойша елестетіп, тамашалап, қараңғыға көзін қадап қанша жатқаны белгісіз. Таң қылаң беріп келе жатқанда мызғып кетіпті. Түс көрді. Гүлшат… бұның жалғыздығынан, күрсінісінен жаратылған ән болып елестеді. Бірақ… керемет мұңды ән екен дейді. Түсіне алмайды. Олай болуы мүмкін емес қой, алда қаншама бақытты өмір бар, неге бұлай болуға тиіс… түсініксіз… Әйтеуір мұңлы ән… артынан қаншама қайғы ерткен, жүрек елжірететін мұңлы ән санада қалықтап тұрып алады.

Жүрек сайрағанмен, тіл мүкіс. Бұдан кейінгі қатынас бұл ойлағаннан әлдеқайда қиын болып шықты. Гүлшат таныспай жатып суық тартты. Таңертең сабаққа елпілдеп барған көңілі, ыңғай бермей теріс айналған, селқос қана тіл қатысқан қыздың қылығынан мұқалып қалатын. Адамның қас-қабағына көп мән  беретін, көңілге қарағыш Әжігерей сөз таба алмай дал болатын. Осындай не өлі емес, не тірі емес күйде қыс та келді. Мектепте болған бір әдебиет кешінде Гүлшаттың домбырашы екені анықталды. Сахнаға еркекше адымдап шыққан Гүлшат “Көңіл ашар” мен “Адайды” дүрілдете тартқанда өнерпаз ауылдың адамдары шалқасынан түсті. Кештен кейін Гүлшатты жеке құттықтамақ болған Әжігерей оны кеңсенің бұрышынан тосып алған.

Түн. Сықырлаған сары аяз. Бұны алыстан байқаған Гүлшат жақындаған сайын жүрісін баяулатып, таяқ тастам жерге келіп тоқтады.

– Ал, не айтасың? — деді биялайын шешіп, қолын демімен жылытып тұрып.

— Кел, қолыңды жылтайын, — Әжігерей қызға қарай бір қадам жасады.

Гүлшат шегініңкіреп тұрды.

— Рахмет. Керегі жоқ.

Екеуі үнсіз қалды.

— Осылай тұра береміз бе? — Гүлшат Әжігерейдің жүзіне кекете қараған, — Менің қолымды жылыту үшін тосып алдың ба?

– Жоқ, — Әжігерей жөткірінді. Сөз таппағандағы әдеті.

Гүлшат күлді.

– Тақтада жауап бере алмай тұрған сияқтысың.

Әжігерейдің басы әбден шатысты. Гүлшатты не үшін тосып алғанын есіне әзер түсірген.

– Айтпақшы, ұмытып барады екем. Құттықтаймын. Өзің жақсы домбырашы екенсің.

– Рахмет, — Гүлшат қолғабын киді, — Ал, болдық па? Басқа айтарың жоқ қой.

– Бар!..

Әжігерей тағы жөткірінді.

Гүлшаттың түсі ілезде суыған.

Білемін не айтқың келетінін. Жалпы, ұлдардың не айтқысы келетінін мен жақсы білемін. Саған көптен бері айтайын деп жүргенмін. Менен аулақ жүрсең жақсы болар еді. Бүкіл кластың аңдыған-баққаны екеуміз. Қыздардан ұялып біттім. Өтінерім — менен алыстау жүрші.

Әжігерейдің жүрегі мұздай суыған. Неге ұяласың, неден ұяласың, адамның қоры мен бе едім деген. Әрине, іштей айтты.

Айтарым сол, — Гүлшат бұрылып жүре берді.

Осы қазір көңіліндегі ғашықтық сөзін айтпаса, мәңгібақи айырылысатындай көрінген.

Гүлшат, тұра тұршы, — деді жанұшыра.

Тағы не айтайын деп едің? — Гүлшат бұрылып, әңгіме бітті емес пе дегендей бүған аңыра қараған.

Әжігерей қыздың жанына жетіп келді. Бірақ тағы да тосылып сөз таппай тұрып қалды.

Осылай ары-бері жүреміз бе енді? Мені апам тосып отыр. Аяғым да тоңды, — Гүлшат пимасын бір-біріне соқты.

Кенет өзінің не істеп жатқанына есеп бермей қыздың белінен қапсыра ұстап құшағына тартқан.

Тыңдашы… тыңдашы сен… менің саған айтайын дегенім…

Гүлшат айқайлап жіберіп екі қолын бұның кеудесіне тіреген. Әжігерей сасып қалып қолын босатып қоя берді. Гүлшат құлаштап тұрып жұдырықпен бір перді. Әжігерей аузының ішінде қанның кермек дәмін сезді. Қарға бір түкірген.

Бұл саған алғашқы қан, — деді Гүлшат. Содан соң бұрылып, жүгіре жөнелген. Өксіп жылап бара жатқаны естілді.

Гүлшат, тұра тұршы, — деді Әжігерей құлазып.

Ақымақсың, — деді Гүлшат иығынан асыра айқайлап, — Оңбаған! Кет аулақ!

Қар сықыр-сықыр етіп, қақпаның ашылып-жабылғаны естілді. Аязға шыдамай ызыңдаған электр бағандарының әнін тыңдап көшеде жалғыз қалған.

Бойында әлдебір селқостық пайда болды. Үйге ұйқылы-ояу күйде келіп, тамаққа да қарамай жата салды. Ертеңіне сырқаттанып оянған. Ыстығы көтеріліп, маужырап, ып-ыстық өзеннің түбіне шым батқандай, үнсіз-тілсіз жата берді.

Сабыт бұл тұра қоймағаннан кейін, жанына келіп, алақанымен маңдайын сипап көрді.

Түу, күйіп жатырсың ғой, жарығым, — деді мазасызданып, — Суық тигізіп алғансың-ау.

Үшінші күні, ыстығы қайтып, тәуір болғанда кластас достары кіріп-шыққан.

Сейфіл-Мәлік достым, халің қалай? — деді Марат әдетінше, — Бәдиғұл Жамалдың бір рет домбыра тартқанын естіп үш күн ауырып жаттың, бара-бара не болмақсың?

Бәдиғұлы несі? — Күлбағила ернін сылп еткізді, — Баяғы, Аякөзден келіп жол жөндейтін пияншік Бәдиғұл ма?

Иә, сол, — деді Марат мырс етіп.

— Ол домбыра тартушы ма еді?

Ой, қойшы енді кемпір, сен де қазбай, — деді Сабыт кейіп, — Балалар қалжыңдап басқа біреуді айтып отыр, соны да түсінбейсің бе? Одан да шай бер, Әжікеннің достарына.

— Сенің орның бөлек екен, — деді Марат шайды сыңғытып отырып, — Балалардың тең жартысы, кімнен көшірерін білмей екі алды. Тезірек қайт енді сағындырмай.

Әжігерейдің үнсіз сауалына жауап қайтармады.

— Артынан айтам, — деген бар болғаны.

— Гүлшат та ауырып жатқан көрінеді, — деді Ахмет оңаша қалғанда.

– Екеуің сол түні не істегенсіңдер, айтсайшы енді ынтықгырмай, — деді Марат.

– Ештеңе де болған жоқ, — деді шамданып қалған Әжігерей, — Мен мүлдем басқа себеппен ауырдым. Маған  суық тиген.

– Қандай жағдайда? — деді Марат тағы да мырс етіп.

– Қой енді, — деді Ахмет, — Қарамайсың ба? Ыстығы көтеріліп жатыр емес пе.

Ертеңіне мектепке қобалжып аттанған. Сол күні Гүлшат та сабаққа келді. Көзі кіртиіп, жүзі солғын тартыпты. Бұған қараған да жоқ. Әжігерей бірнеше рет, біреу мойнын күшпен бұрғандай Гүлшат отырған қапталға көз тастаған. Тақтадан көз алмай сабақ жазғансып отыр. Тек жалт етіп бір рет қарады. Қайсар, илікпес көзқарас. Бұның әнтек қылығын кешпегені көрініп тұр. Сабақтың аяғына қарай алдына хат келіп түсті. Гүлшаттың қолы. “Әжігерей, сабақтан кейін сол баяғы жерде кездесейікші. Есіңде ме, кеңсенің артындағы бақтың есігінде. Айтатын әңгіме бар. Гүлшат” делінген. Хатты оқып отырып бойын балалық кездегі таныс сезім биледі. Теперіш көріп, меселі қайтқанда көзінің алды қарауытып, бойын осындай мұлғын күй басатын. Бәріне де қолды бір сілтеп кетіп қалғысы келді. Бірақ тағы да… тағы да адамның көңіліне қарағыш, ынжықтықпен шектес бір сезім ұстап жібермеді. У ішсең де тойып іш, бұны да көрейік, не айтар екен деді іштей. Қоңырау шылдырлап мектеп тарап кеткенде, әлдебір міндет атқарғандай, алып-ұшқан көңіл жоқ, ешқандай сезімсіз, келісілген жерге барып тұрды.

Гүлшат кешікпей жетті. Бір қадамдай жерге келіп тұрып Әжігерейге бажайлай қараған. — Сен маған өкпелеп жүрсің бе? — деді көңілсіз жымиып.

Жоқ. — Әжігерей алыстағы қырға көз тастады. Салт атты адам бір жаққа шауып барады. Қайда, неменеге шауып барады, бұл шабыста не мағына бар деген немқұрайды ой келді. Содан соң алдында тұрған қызға бұл да бажайлай қараған. Түсі суық. Мен көрмеген түс пе деді іштей. Кенет күлкісі келді.

Жоқ, өкпелегем жоқ, — деді мырс етіп.

Гүлшат шамданып қалды.

Неменеге күлесің?

Мені тергеуге шақырып па едің? — деді Әжігерей. Тағы да күлкісі келген. — Сен маған өкпелеме, балалық кездегі бір оқиғалар есіме түсіп кетті.

Гүлшатты алғаш көргендегі кешкені, түйсінгені бәр-бәрі бекер болып көрінді. Ешқашан болмайтын, болуы мүмкін емес зая дүние.

Гүлшат бұның жеңіне қол тигізді.

Мен саған бір нәрсе айтайын, түсінсең.

Осы мағынасыз тұрыстан жалыға бастаған Әжігерей шорт кескен.

Тезірек айт. Сонымен қоштасып-тарасайық.

Міне, көрдің бе, бұл да сенің балалығың, — деді Гүлшат. Дауысы бір түрлі шаршап, сынып естілді, — Менің айтайын дегенім — мен сенен үлкенмін. Түсінесің бе, үлкенмін.

Түсіндім, — деді Әжігерей, — Сенің жасың менен үлкен. Мен сенен кішімін. Осынша жұмбақтамай баяғыда айта салатын адамсың ғой… Мен де…

Сөзі аяқталмай қалған. Гүлшаттың көзінен қос тамшы жас үзіліп түсті.

Ақымақ-ау, қалай түсінбейсің, — деді қыз өксіп тұрып, — Менің көңілім ересек қой сенен. Осыны да түсінбейсің бе?

Әжігерейдің бойын қуаныш кернеді.

Тұра тұршы, — деді Гүлшаттың қолынан ұстап, — Тілге келейікші.

Сен жақсы баласың, — деді Гүлшат.

Ал, сен жақсы қызсың, — деді Әжігерей.

Саған неге кездестім екен, — деді Гүлшат баяу күрсініп. Даусынан өкініш сезілді.

Маған өмірімде бұндай сөзді ешкім айтқан емес, – деді Әжігерей.

Гүлшат жауап бермеді. Шегініңкіреп барып бұрылды да артына қарамай, жылдам басып жөнелді. Еңкеңдеп, асығып кетіп бара жатқан қыздың соңынан қарап тұрып Әжігерейдің көкірегін түсініксіз түйсік биледі. Мұң да, өкініш те, сонымен қатар, Әжігерей бұны тіпті іштей мойындаудан қорқатын, болашақ айырылысуды аңсаған және бір түсініксіз сезім бар.

Қыс өтіп көктем келді. Бір күні класс жетекшісі Сәулебай мұғалім сабақтың соңын ала, түстен кейін мектепке келіңдер деп  тапсырма берген. Тамақтарын ішіп тыңайып алған балалар қайта жиналғанда, совхоздың парторгын ертіп мектеп директоры класқа кіріп келді. Елдің барлығы дүркірей  орнынан тұрған.

Отырыңдар, балалар, — деді Сәулебай.

Ал, балалар, сөз қысқа, — деді парторг орындыққа жайғасып жатып, — Осы таяу күндері ауданда совхоздардың арасындағы көркемөнерпаз сайысы басталады. Ауылдың өнерпаз жастары жеткілікті. Ән айтатын, басқа өнер көрсететін адамнан кенде емеспіз. Бірақ мәселе былай болып тұр. Ауданнан түсірілген разнарядка бойынша бір жеке домбырашы Тәттімбеттің “Саржайлау”, “Сылқылдақ” деген күйлерін орындауы керек екен. Араларыңда сондай бала бар ма?

Гүлшат, — деді барлығы бірдей. — Гүлшат домбырашы.

Кәне, айналайын, — Парторг Гүлшатқа жылұшырай қарады. — Осы күйлерді тартып көрсетші. — Күйсандықтың үстінде тұрған домбыраны иегімен меңзеген. — Кәне, кәне, қысылма. Өзіңді сахнада тұрғандай сезін.

Орнынан созалаңдай тұрған Гүлшат қызарып төмен қарады.

Аға, кешіріңіз. Мен ондай күйлерді тарта алмаймын.

Парторг ілезде селқос тартты.

Енді не тартасың? Домбырашы деген бәрін тарту керек қой.

Менің тартатыным “Кеңес”, “Келіншек”, “Көңілашар”…

Гүлшат тағы бір күйлерді есіне түсіре алмаған адамдай төмен қарап мүдіріп қалды.

Парторг Сәулебайға қарап күлді.

Енді не істейміз, Сәке? Айтылған шығарма орындалмаса бағамыз төмендейді. Ең соңғы орынға түсіп қалуымыз мүмкін.

Сәулебай иығын қиқаң еткізді.

Оңбайсыңдар, — деген содан кейін бүкіл класты шолып шығып, — Сөйлегенде сөздің түбін түсіресіңдер, біреуің домбыра ұстай алмағаның ба, ей?

Әжігерей орнынан тұрды.

Маған бола ма?

Бүкіл класс Әжігерейге аңтарылды.

Сен бе-ей? — Сәулебай Әжігерейге ықыластана қараған.

– Иә, мен, — деді шамданып қалған Әжігерей.

– Несіне таң қаласыз, бұның атасы домбырашы ғой,  – деді өзін оқушы емес, енді мұғалімнің әріптесі сезіне бастаған Марат.

– Бұл  кімнің баласы? — деді парторг.

Директор Әжігерейге қарап ризашылықпен бас изеген.

– Осы ауылдың баласы ғой. Сабыт ақсақалды білесіз бе? Сол кісінің баласы.

– Ал, кәне, тарт, — Парторг ыңғайлана отырды.

– Мына домбыра жарамайды, — деді Әжігерей, — Егер күтсеңіздер, мен үйден атамның домбырасын алып келейін. Сол домбырамен тартып берейін.

Сүт пісірімнен кейін қайтып келген Әжігерей тақтаның алдындағы орындыққа жайлана отырып домбыраның құлақ күйін баппен келтірді. Содан соң “Саржайлаудан” бастады. Әдетінше қолы кібіртіктеді. Бара-бара, бірінші буынның орта тұсына келгенде саусақтары өзінің қалыпты қимылын тапқан. Бәрін ұмытып күй тұңғиығына шомды.

… Күйден басқаның бәрі бекер, бәрі пәс. Күй ғана алдамайды. Күй ғана ішіндегі сырын күлбілтелемей, риясыз ашық ақтарады. Тәттімбеттің соңғы демімен шыққан қамырықты күй бөлме ішін кернеп бара жатты. Ешқашан бұлай тартпағанын сезіп отыр. Перненің жоғарғы шекесінен түскен саусақтары ішекті ырғап жіберіп дір етіп тұра қалғанда домбыра адамша күрсінеді. Сонымен қатар, енді осылай тарта ма екенмін деген өкініш күйдегі құсамен бірге көтеріліп, ескінің кемел өрнегі бүгінгі өрнекпен астасты. Әжігерей жұрт алдында отырғанын баяғыда ұмытқан. Атасы көп айтатын Жерұйықта, көк майсаның үстінде, алқаракөк аспанның аясында, бетін самал желпіп отырғандай. Самалдай салқар күйлер бірінен кейін бірі төгіліп, маңайды нұрға бөледі. “Саржайлау” мен “Сылқылдақтан” кейін қанша күй  тартқанын білмейді. Арасын бөлмей, еш кідіріс жасамай шерте беріпті. Бір кезде оң қолының салыққанын сезді. Ертегідей ғажап дүниемен қимай-қимай қоштасқан.

Аплодисменты! — деді парторг орнынан тұрып. Өзі бастап қол соққан. Кластың іші дуылдап кетті. Директор келіп үлкен адамдай қолын қысқан.

– Бұл сенің алғашқы концертің ғой деймін, ә, – деді риза кейіпте, — Өнерің өрісті болсын, айналайын.

– Слушай, мына бала өзі қалай… — Парторг сөз таппай мүдіріп қалды, — Сөзім жоқ. Барасың! Ауданның аузын аңқитып кетеміз. Поздравляю, айналайын. Біздің мектептен бұндай өнер шығады деп кім ойлаған.

Бірақ ең үлкен құттықтау бұл емес еді.

Кластастар бұны ортаға алып, жау түсіргендей шуылдасып далаға шыққан. Осы боймен үйге дейін шығарып салды. Бәрі қайтып кеткенде Гүлшат топтан жырылып қалған, қарсы келіп, екі қолын артына айқастырып, Әжігерейді көзімен елжірей аймалаған.

Әжігерей, алыстап кеткен, болмастай көрінген дүниенің енді қайта қайрылып, қол созым жерге келгенін сезді.

Әжікен, — деді Гүлшат баяу дауыспен. — Сен мен туралы жаман ойлама. Мен сенің қадіріңді білем. Сен жақсы баласың. Бірақ бүгін бұрынғы білгенім жайына қалды. Мен енді сенің мүлдем басқа адам екеніңе көзім жетті.

Кенет Әжігерейдің қалжыңдағысы келіп кетті.

Баяғыда серілер мен салдар ауылдың сыртына келіп жығылады екен. Сұлу қыз бен сұлу келіншектер сұлап жатқан серілерді бетінен сүйіп, кілемге салып, ауылға алып келеді екен. Аяғының ұшынан жүріп қызмет қылады екен. Қандай тілегі болса да жерде қалдырмайды екен. Ал сендер, бетімізден сүймей-ақ қойыңдар, кілемге салмай-ақ қойыңдар, бір ауыз жылы сөздеріңді қиюға болады ғой. Әлде татымаймыз ба?

Гүлшаттың көзі жарқ етті.

Енді қандай тілегің болса да жерде қалмайды, Әжікен.

Осы көріп тұрғаным түс емес пе, айтшы маған, — деді Әжігерей, — Әлде түс пе?

Гүлшат күміс шашқандай етіп сықылықтай күлген.

– Жоқ, түс емес. Бәрі де өңіңде болып жатыр.

Артынша күлкісін тыя қойды.

– Айтшы, Әжікен, осынша өнерді қайдан үйрендің? Күй шерткеніңді тыңдап, радио тыңдап отырғандай болдым ғой.

– Атам домбырашы ғой.

–  Атаңның домбыра тартқанын тыңдауға бола ма?

– Болады. Міне, біздің үй. Кір, дәм тат, қонақ бол.

– Жок, қазір емес. Арнайы дайындалып бір күні келейін.

Гүлшат қоштасып кетіп бара жатып, жалт етіп кері бұрылды. Әжігерейдің жанына жүгіріп келіп қолынан жұлқып қалды.

— Сау бол, алтыным! Мен сені жақсы көрем.

Кешке жатқаннан кейін ұзақ аунап, ұйықтай алмай қойды. Түннің бір уағында әлдебір гуілді сезді. Киініп далаға шыққан. Төңірек әлдебір сұрғылт реңге батып тұр. Жып-жылы. Есік алдындағы орындыққа отырып, енді оянып келе жатқан жаңа тіршіліктің лебін, жердің даусын селт етпей тыңдады. Атасы да далаға шықты. Үн-түнсіз Әжігерейдің  жанына келіп отырған.

— Естимісің, — деген сәлден кейін.

— Иә, естіп отырмын, — деді Әжігерей.

— Көктем келіп, жер зорайып барады. Енді көп ұзамай көк шығады. Ее, дүние-ай, өлмеген құлға… — Сабыт төмен қарап мұртын қайзады.

— Баяғыда, — деді содан соң сөзін жалғап, — Біздің бала кезімізде, наурыз басталатын кезде, түн осындай жылы  болушы еді. Наурыз күні жұрт ерте тұрады. Көже пісіреді. Ол кезде мұндай үлкен ауыл болып отыру деген жоқ. Шағын-шағын. Осындай түн ортасында тұрып алып тойлауға кіріседі. Әлі есімде, жайлауға көшіп бара жатырмыз. Маған атап қойған ат бар еді, ағаларым желігіп соны ерттеп, мені отырғызып, аяғымнан шандып байлап тастады. Көбегеннен асып, қонатын жерге тақап қалғанбыз. Екі жағынан қыспақта келе жатқан шу асау, қалай сытылып шыққанын білмеймін, тасырлатып ала жөнелді. Шылбырды қолынан шығарып алған ағам ойбай-аттанға басты. Қапелімде ешкім қайрат қыла алмады. Арындаған асау, өзі майбалықтай семіз анда да соқты, мында да соқты, қалың тоғай ішіне жапырып кіріп барғанда бетімді, үсті-басымды бұтақ сыдырды. Әкем жарықтық бірнеше жігітпен әлгі асауды қуалап жүріп тоғайдан айдап шықты. Жазыққа шыққаннан кейін маған ертоқымға жат деп айқайлады. Ердің алдыңғы қасына еңкейдім. Сол-ақ екен бірнеше жылқышы жігіт сарт-сарт еткізіп шалма тастады. Шалманың барлығы дарыды. Сонда әлгі асау төрт-бес бұғалық, әрқайсысы білектей қыл арқан, соның өзіне бой бермей жұлқынып жүр. Аттан түсірді. Төрт-ақ жастамын. Сүйек-сүйектің бәрі сынған. Сынықшы келіп киізге құндақтап тастады… Жаз жайлау бойы сол бөленген күйде жаттым… Өмір деген қызық қой. Қазір есіме түсірсем, көрген түс сияқты. Болды ма, болмады ма, тіпті соған күмәнім бар.

Екеуі бүкіл дүниені кернеп келе жатқан қуатты лепке құлақ тосып тағы да үнсіз қалды.

Балам, неғып мазасызсың. Неге ұйықтамайсың.

Әжігерей жауап берген жоқ.

Қанаты сусылдап бір құс ұшып өтті.

Ата, бұл не құс?

Ұзақ қой. Енді қыстың шегінетін жері қалмады, – Сабыт мейірлене күлген.

Сүйегі сықырлай орнынан тұрды. Аулағырақ барып беті-қолын жуды. Шәугімнің салдырлағаны естіліп тұр.

Әлі де біраз уақыт бар. Сабақтың алдында тынығып ал, — деді Әжігерейдің жанынан өтіп бара жатып.

* * *

Күй барған сайын қабындаған. Әжігерей атасынан көз ала алмады. Сабыт екі беті алаулап, көзі жарқырай төңкеріліп, жастық алауы бойына қайта құйылғандай әлі толғап отыр. Құж-құж әлуетті саусақтары, отқа қызғандай от шашқан ішектің үстінде тасырлатып небір өрнек салған. Кенет Әжігерейге атасы домбыраны соңғы рет тартып отырғандай көрінді.

Гүлшат та үнсіз. Басы салбырап, қоңыр жібек шашы оюлы текеметке жете төгіліп, сарасын тапқан сөзге мойынсұнған адамдай бұйыға тыңдауда. Анда-санда ғана ақсары жүзіне лыпып шыққан қызыл бояу мен Сабытқа жалт етіп елжірей караған көзінен күйге елтіп, босап отырғанын аңдауға болады.

Күлбағила жұмсақ мәсісімен естіртпей басып үнсіз дастархан қамдауда. Тағы бір күйден кейінгі үзіліс кезінде, – Саба, шай дайын, — деген ақырын ғана.

Сабыт домбыраны алдына көлденең қойып қақпағын сипап, тамашалап сәл отырды да қабырғаға сүйеді. Шаршаған саусақтарын сытырлатып, Күлбағилаға жымия қараған.

— Бүгінгі өнерім қалай, Күлеке?

— Баяғыда, ұрын барғанда да бұлай тартпаған шығарсың, – деді Күлбағила, ол да жымиып.

Мына балам келгеннен кейін, ұятқа қалмайын деп жатқаным ғой, — Сабыт Гүлшатқа қарай иек қақты, — Баяғыда Кемпірбай деген ақын болған. Сол Әсетке айтыпты деген бір өлең бар. Бір жерінде, «шаба алмай кәрі тарлан сылпылдасын» дейді ғой. Сол құсап сылпылдадық қой.

Бағана, шаруаға айналып ести алмай қалдым, қарағым. Қай үйдің баласысың? — Күлбағила Гүлшаттың жүзіне сынай қараған.

Былтыр көшіп келген Сабырды білесіз бе, соның баласымын, — Гүлшат алдында тұрған кесеге имене қол созған.

Жей ғой, қарағым, — Сабыт үстел үстіндегі дәмді Гүлшаттың алдына сырыңқырап қойды. — Жақсы бала екенсің. Өзің Әжікенмен бірге оқиды екенсің. Риза болып отырмын. Баяғы әлгі, кейін піркәншік болып кеткен Сағадаттан соң күй іздеп, күй сұрап келген қыз бала өзіңсің. Өзіңнің де өнерің бар-ау?

Домбыра тартады — деді Әжігерей.

Қай Сабыр, әлгі мал емдейтін зартехник Сабыр ма? — деді Күлбағила.

Гүлшат қымсына күлген.

– Иә, зоотехник.

Қазіргі балалар басқа өнер жолына түсті ғой. Баяғыда ауылға әнші-күйші келсе бір адамдай жиналып, соның аузына қарайтынбыз, — деді Сабыт қонағының жүзіне жұмбақтай күле қарап, — Ал қазір… домбыра ұстаған адам аспаннан түскендей болып көрінеді. Әр заманның өз өнері бар деген осы.

Шайдан соң Сабыт домбыраға қол соза қоймады. Бұл жолы домбыраны Әжігерейге берген. Анда-санда ғана қатені байқағанда, қабағы дір ете қалады.

Әкелші, — дейді шыдай алмай. Пештің бойын жағалай төселген қалың бөстекте көлбей жатқан жерінен атып тұрып домбыраны қолына алады да Әжігерейдің қателескен жерін түзетіп, қайыра тартып шығады.

Міне, осылай, — дейді қайтадан жайғасып жатып. :

Гүлшат әкелі-балалы екеуінің күй дәрісін аузы аңқия тамашалаған. Анда-санда ғана таң қалып басын шайқап қояды.

Өмір бойы осылай үйретіп келе жатырсыз ба? — деген шыдай алмай.

Өмір бойы осылай, — деді Сабыт төбеден көзін айырмаған күйі, — Мына жатысымды кешір, қарғам. Бұрынғыдай сағаттап қақайып отыра алмаймын. Оның үстіне мына ауыруы түскір де шаршатып жіберді. Отыра алмаймын. Бұл Әжігерей деген баланы осылай үйреттік қой. Өзімді қалай тәрбиеледі, мен де солай тәрбиеледім. Ең әуелі домбыраның құлағын босатып тастайсың. Соны бұрап үйренеді. Оң бұрау, теріс бұрау, үш ішекті домбырадан мына қос ішектіге көшкен шалыс бұрау деген болады. Асан-қайғының “Желмая” деген күйі тартылады. Осыларды үйретесің. Содан соң бір-екі қайырым әндерді тартқызасың. Осылай кете береді. Күндердің күнінде күй шертуге де жетесің.

Алғашқы үйренгенің қай күй? — деді Гүлшат Әжігерейге қарап.

Алғашқы үйренгені “Сылқылдақ”, — деді Сабыт бұрынырақ жауап беріп, — Кәне, мына балама соны тартып берші.

–  Ол кезде Әжікеннің бойы осы домбырадан сәл ғана қалқыңқы, — деді Сабыт күй шертіліп болғаннан кейін сөзін сабақтап, — Кішкентай. Қолы жетпейді. Саусақтары да қысқа. Амал жоқ, өзіне арнап домбыра шабуға тура келді.

Кеш ұзаққа созылған. Терезеге, батып бара жатқан күннің қанқызыл арайы шағылды.

Рұқсат болса мен қайтайын, — деді Гүлшат орнынан тұрып.

Бір малдың басын жеп кет, — деді Сабыт қалжыңдап. Гүлшат күлді.

— Рахмет, ата.

Әжігерей мен Гүлшат сыртқа шықты. Жер едәуір құрғағанымен, ауада дымқыл леп бар. Екеуі үн-түнсіз қырға қарай жүретін жолға түсіп, сарқырап жатқан арықтың жағасына келді. Лай су ағаш көпірдің үстімен жүріп кетіпті. Гүлшат қоймалжың ағынға қарап бір сәт үнсіз қалды.

— Осы жерден қал, ары қарай бармай-ақ қой, — деді баяу дауыспен әндете сөйлеп.

Әжігерей қыздың қолынан ұстады.

Керегі жоқ, — деді Гүлшат, — Бүкіл ауыл қарап тұр.

Әжігерей күрсінді.

— Сені жібергім келмейді.

— Сенің атаң керемет адам, — деді Гүлшат. Ағыннан көзін алып Әжігерейге мұңая қараған, — Мен бір нәрсе айтайын. Бағана домбыра тартып отырғанда, басына байлаған ақ шыты оқшырайып, биік таудың басындағы қардай болып көрінді Мәңгі ерімейтін қарлар болады дейді ғой.

Әжігерейдің есіне осыдан бір апта бұрынғы оқиға түсті. Ауылға жылжымалы флюрография келген. Бір айдай ауыз жаппай жөтелген атасын ертіп апарып сүретке түсірткен. Ертесіне дәрігер Әжігерейге сүретті көрсетіп отырып, — Аякөзге рентгенге апару керек. Бұл кісінің жөтелі мүлдем басқа себептен болған сияқты, — деді.

Дәл сол күні Алматыдан бір жылдан бері хат-хабарсыз кеткен Базаралы ағасы келген. Болған жайды естіп сәл тіксініп қалған ол әкесі мен Әжігерейді машинаға салып алып Аякөзге барды. Рентгенге түскеннен кейін қаладағы жамағайындардың үйіне қонып қалған. Ертесіне Базаралы екеуі ауруханаға барды. Көзінде үлкен көзілдірігі бар, ақ шашты, мол денелі рентгенолог екеуін кабинетіне алып кіріп, алдарына бірнеше сурет қойған.

Аксақалдың жағдайы қалай? — деді Базаралы.

Кеш қалдыңыздар, — деді рентгенолог, — Өте кеш. Ақсақалдың жағдайы қиын. Енді тек демалып үйде жату керек. Асқазан рагы. Міне, қараңыз, — деді сүретті жарыққа тосып, — Тармақталып метастаза берген. Метастазаның біреуі өкпені қытықтап тұр. Жөтелген себебі сол.

Ешқандай шара жоқ па? — деді Базаралы дәрігердің жүзіне үміттене қарап.

Операция жасауға болады. Алматыда онкологиялық орталық бар, сонда сәуле терапиясын жасайды. Бірақ, ақыл білсеңіздер оның ешқайсысына бармаңыздар. Сіздер дұрыс түсініңіздер, мен ақсақалға шын жаным ашып айтып отырмын. Пышақ тисе ісік өршіп кетеді. Ал сәуле бүкіл ішкі ағзаны өртеп жібереді. Қарияның азабын көбейтіп қайтесіздер. Үйге қайтып тыныш қана жату керек.

Екеуі далаға шығып, аурухананың ауласындағы орындыққа отырды.

Аға, енді не істейміз? — деді Әжігерей.

Базаралы жауап берген жоқ. Алыстағы бір нүктеге көзін қадап не замат үнсіз отырды.

Қайран әкем, — деді күрсініп, — Қайран менің әкем. Көргенің аздай, бұл ненің зауалы болғаны сонда?

Дәрігер жазып берген азынаулақ дәріні алып үйге келгенде Сабыт буынып-түйініп дайын отыр екен. Базаралы екеуіне сұраулы жүзбен қараған.

Мына дәріні ішіңіз, — деді Базаралы әкесінің бетіне қарамай көзін тайдырып, — Асқазанда аз-маз кінәрат бар дейді.

Сабыт күліп басын шайқаған.

Әй, балам-ай, соныңды мен Аякөзге келмей-ақ, ауылда отырып білдім ғой. Несіне сонша әуре болдың?

Үй иелерімен қауқылдаса қоштасып, етігі даңғырлап далаға шықты.

Қой, қайтайық, — деді кеудесін кере дем алып, — Мына қалаңның ауасы тар екен, өкпем қысылып бара жатыр.

Жол бойы терезеден қырға көз тастап, күрсініп келді.

Анда-санда қалжыңдаған болады. Базаралы мен Әжігерей күлген болады. Атасы басқа дүниенің шегінен аттап кеткендей жат көрініп суық тартқан. Араларында бір түсініксіз, ыңғайсыз сезім, жазаға кесілген адамның алдындағыдай ыңғайсыз сезім орнағаны есінде.

Атамды өлімге қимаймын, — деді мұңайып.

Гүлшат шошына жалт қарады.

Неге олай дейсің?

Кенет Әжігерейге, бүкіл дүниеде осы Гүлшаттан жақын адам жоқ сияқты көрініп кетті. Қолынан ұстап, бетіне төніп барып, бір кезде, бала кезінде атасына шағынғандай асыға-аптыға бар сырын айтып салған. Гүлшат ауа жетпегендей ентігіп омырауын ағытты. Содан соң әлдебір шарасыз күйде еңіреп жылап жіберген. Теріс бұрылып көпірден өтті де еңкеңдеп жүгіре басып жөнелді.

Бекер айттым деді Әжігерей. Неменеге елжірей қалдым, қызды жылатып өзіңе табындыру, ол не әдет, деді қынжылып. Ауыр ойда үйге келген. Сабыт төрде әдетінше малдас құрып, өзінің жалғыз кітабы Құранды алдына өңгеріп отыр екен.

Атаң оқымысты болып қалды, — деді Күлбағила. — Кел, шай іш.

Мешайт етпе, — деді Сабыт. Құранды жауып дорбаға салған. — Көрдің бе, ойымды бөліп жібердің.

Енді не оқысаң да күнәң жуылмайды, — деді Күлбағила, — Құранды қайтесің, шал-ау. Одан да пештің түбінде шайыңды ішіп тыныш қана жатпайсың ба.

Баяғының қазағы, аяғым үзеңгіде, қаруым қолымда, жау қолынан өлсем деп тілейді екен. Қартайып, төсек тартып өлгенді қорлық санайды екен. Енді түсіндім. Қартайғанның, қайратың қайтқанның қорлығы осы екен ғой, — деді Сабыт Әжігерейге көзін қысып, — Байқайсың ба, қолымнан күш кеткеннен бері, мына әжең күшейіп кетті.

Шайды сораптап, табақтағы тураулы қазының бір тілімін ұзақ шайнап әзер жұтты.

Бір қызық айтайын саған. Баяғыда біреу, жасы келген адам болса керек, бәйбішесі өліп тағы бір үйленіпті. Алғаны жастау біреу екен. Бір күні соғым сойып, етті бұзып отырып, мә, мынаны ұзынсары келгенде асып жейміз деп шимайлының барлығын әйеліне бөлек қойғыза беріпті. Күндердің күнінде әлгі адам жол жүріп кетеді. Сөйтсе бір бойы ұзын сары адам қонаққа келе қалады. Әлгі әйел жылы-жұмсақтың барлығын қазанға салып, асып береді. Риза болып ол кетеді. Енді күйеуі қайтып келеді. Көктем кезінде, бір күні, ал қатын, әлгі мүшелеріңді ас депті. Қайдағы мүше. Әлгі, ұзынсары келгенде асатын мүшең ше. Мен оны, бір ұзынсары адам келді, соған асып бердім депті. Қап, мен саған күн ұзарған, көктемнің кезінде жейміз деп едім ғой деп санын соғыпты әлгі бай.

Күлбағила мен Әжігерей қосыла күлді.

Әкем жарықтық осы әңгімені айтып, сол ұзынсары, әй, бір үңіреңдеп жеген шығар деп күліп отырушы еді, — деді Сабыт өзі де күліп.

Шай ішіліп дастархан жиналды.

Ал, Әжікен, — деді Сабыт жүзі нұрланып, — Бұл қай бала? Жіп таққаның осы емес пе?

Қой, әрі, — деді Күлбағила, — Шашын қырыққан, етегін шолтитқан жаман қыз. Ол келін болып жарытпас.

Шашын қырықса, етегін шолтитса, ол да өз заманының сәні шығар. Баяғыда қыздар, осы, ауылда өскен байдың еркетотайлары-ақ қалаға барып, ілезде қалаша киініп, жүріп-тұрып кететін, — Сабыт Күлбағилаға қызыға қараған, — Сенің де шашыңды қиып, жуындырып, киіндіріп қойса, әлі де жорға шығатындай шамаң бар-ау.

Мына шал жынданайын деген екен — деді Күлбағила кейіп, — Құдай-ай, тәубасынан жаңылмай, алжымай кетсе деп едім. Құдай ол тілегімді де бермеді ғой.

Сабыт Күлбағиланың сөзін құлағына да ілмеді. Ыңғайлана отырып Әжігерейге ықыластана қараған.

Апырай, не деген көргенді бала еді. Баяғының қыздары сияқты. Сөзі тамшылап, қылығы қамырдан қыл созғандай неткен жан еді. Әр лебізінен бойым балқып отырды. Саған шын өмірлік жар болатын адам осы. Қадіріңді біледі. Осы баладан кейін көз жазып қалмайық, Әжікен.

Бұрын атасымен бұндай тақырыпқа сөйлесіп көрмеген  Әжігерей, не айтарын білмей састы. Есіктен жау түсіргендей даңғырлатып Шерім атасы кіріп келгенде “үф” деген.

Бұл әңгімені ұмытады деп ойлама, — деді Сабыт Әжігерейге, орнынан қозғалмаған күйі, Шерімге қолын ұсынып жатып, — Бұл әңгімені қайтадан пысықтаймыз әлі.

Ол не әңгіме? — деді Шерім жайғасып жатып.

Кемпір, шай әкел, — Сабыт бұрышта сүйеулі тұрған домбыраны алып Шерімге ұсынды. — Мына Әжікен, бүгін бір баланы ертіп келіп көрсетті. Соны келін қылып түсіріп алсақ деген ой ғой.

Шалың албытып, алжып отыр, — деді Күлбағила.

Е, несі бар, баяғыда он төрт-он бесінде үйленетін, — Шерім домбыраны тыңқ еткізіп бір шертті де іргеге қоя салды.

Әңгіме қалыпты арнасына түсті. Аздан соң домбыра қайтадан қолға алынды. Әжігерей өмірінде бірінші рет ән мен күйді селқос тыңдаған. Бар ойы далада. Көз алдынан Гүлшаттың жүзі кетпейді. Әбден қас қарайғанда амалын тауып сыртқа шығып кетті. Асыға басып таныс қақпаның алдына келді. Ай жарық.

Кең ауланың ортасында тұрған көк шатырлы үйдің барлық терезелері самаладай жарқырап тұр. Қоршауды жағалап үйді бір айналып шыққан. Тым-тырыс. Терезеден ешкім көрінбейді. Бір кезде көкшіл пердеге көлеңке түскен.

Гүлшат, — деді ақырын ғана.

Көлеңке тосылып қалды. Аз тұрып ішке қарай беттеді. Сыртқы есік ашылған. Гүлшаттың жүрек елжіреткен даусы естілді.

Әжікен, бұл сен бе?

Иә, мен.

Кірмей тұра тұр. Мен қазір.

Үстіне жылы күрте киіп, басына түбіт шәлі орапты. Әжігерейдің білегінен мықтап ұстап, жетелеп қораны айналды. Бетіне бетін тақап, — Неге ұйықтамай жүрсің? — деді. Көзімен аймалап сәл тұрды да Әжігерейді мойнынан құшақтап бетінен ақырын ғана сүйді. Дүние шыркөбелек айналған. Бас салып ернінен құшырлана, тістей сүйді. Гүлшат жалына ыңыранып, басын шайқады. Содан соң Әжігерейдің тегеурініне мойынсұнып, бойы қалтырап тұрып қалды. Қаны басына теуіп көзі қарауытқан Әжігерей аяғы тәлтіректеп, қызды құшағынан шығармаған күйі қораның қабырғасына сүйенді.

Мас болып қалдың ба? — деді есін жиған Гүлшат.

Иә, маспын. — Әжігерей қыздың иісі аңқыған омырауына басын тықты, — Сені көрген күннен маспын.

Гүлшат күліп Әжігерейдің шашынан сипады.

Шашың керемет қалың.

Әжігерей қыздың құлағынан иіскеді. Сырғасы мұздай суық екен. Дымданып тұрған ернінен қайтадан өпкен. Гүлшат бұл жолы демі үзіліп кете жаздап, құшырлана жауап қатты. Артынша Әжігерейдің қолын сырып тастап, кейін шегініңкіреп тұрды.

Менің де есім шығып кетті, — деген қулана жымиып, — Енді бір рет сүйсең, не істеп, не қойғанымды білмей қалармын. Осымен тоқтайық.

Әжігерей қызды тағы да құшағына тартпақ болды.

Жоқ, — деді Гүлшат қолын бұның кеудесіне тіреп, — Енді қайт, Әжікен.

Кірпік қақпай таңды атырды. Мектепке дел-сал күйде барған. Гүлшат, сәл кешігіп келген бұған “назар аудармады”. Тек жалт етіп бір қарағанда байқады, көзі кіртиіп кетіпті. Үзілісте қыздар әдетінше бөлек жиналып, өздерінің бітпейтін әңгімелеріне кіріскен. Әжігерей қызға қалай жақындасарын білмей дал болды. Ақыры Серікболға өз орнын беріп Гүлшаттың партасына ауысқан.

Ұйықтамағанбысың, — деді Гүлшат ернінің ұшымен.

Қалай ұйықтаймын? — деді Әжігерей. Көзімен “кешегіден кейін” дегенді айтты.

Гүлшат жымиды.

Өзің де… ұйықтамаған сияқтысың, — деді Әжігерей.

Қалай ұйықтаймын, — деді Гүлшат.

Екеуі қосылып дыбыссыз күлген.

Әй, анау екеуің, не істеп отырсыңдар? — деді Бибігүл апай, — Әжігерей, осы сен жұп-жуас бала сияқты едің, бітіретін жылы өзіңе бір желік біткен сияқты ғой. Кәне, тыныш отыр.

Кешіріңіз, — деді Әжігерей.

Екеуі қайтадан күлген. Гүлшат бір жапырақ қағазға хат жазды. “Тыныш отыр. Өтінем” депті. Әжігерей “Бүгін кешке кездесеміз бе?” деп жауап жазды. Енді Гүлшат жауап жазды. “Тәртібіңе қараймыз. Тәртіпті болсаң, кездесеміз”.

Бұдан кейінгі кештер мүлдем жаңа дүниеге есік ашты, тіршілігіне мүлдем жаңа өлшем әкелді. Ессіз құшақ, риясыз ақтарылған сыр… Бұрын өзін тасбауыр жетім қозы сезінетін, қатыгез санайтын. Енді бойынан осыншама мейірім табылғанына өзі таң қалды.

Соңғы жылы балалардың арасында ерекше бір ықылас пайда болған. Бұрын қысылып-қымтырылып, бір-біріне деген сезімін көзбен ғана жеткізетін қыз-жігіттер енді тартынбай сөйлесіп, ашық қалжыңдасады. Жиын көбейген. Бүкіл класс болып аз-маз ақша жинап, оның біразын тамақ алыңдар деп қыздарға береді де қалғанын ұлдардың өздері жұмсайды. Арақ-шарап ішу қашаннан ересейгендіктің белгісі саналатын. Апта сайын, кейде екі-үш күн сайын бір кластастың үйіне жиналады. Ән, күй, би. Масайып қалу, мастықтың үстінде ерсілеу әңгімелер айту, кейде тіпті жұдырықтасып төбелесіп қалу үйреншікті нәрсеге айналған.

Бұл жолғы қонақ қабылдау кезегі Ахметтікі еді. Кеш бата бүкіл класс бір адам қалмай жиналған. Ұлдар жағы ертерек “тастап алып” қыз-қыз әңгіме үстінде отыр. Қыздар Ахметтің шешесімен бірге далада дастархан қамымен жүр.

Қашанғы отырамыз, әкелші анауыңды — деді масаңдау Марат, — Құйшы. Әжігерей қалып келді, бұған штрафной.

Мен ішпей-ақ қойсам қайтеді? — деді Әжігерей.

Неге? — Марат ажырая қараған.

Атам ауырып жатыр еді.

Мынау қызық-ей, — деді Серікбол, — Ауырып жатқан атаң ғой. Сен емес. Давай, кәне.

Атаңды құрметтейміз, — деді Марат бұған ұсынылған стақанға көзін төңкере қарап, — Бірақ сен ішесің.

Амалсыз қолына алған. Аз тұрып, қайтарса, ұлдардың бәрібір қоймайтынын, ары-беріден соң келемежге айналатынын ойлады да, іше салды. Қыл арқан жұтқандай тамағын қырнап, көзінен жас шықты.

Мә, кері қарай шығып кетпесін, мынаумен тығындап жібер, — деді Серікбол шанышқыға түйрелген қиярды ұсынып жатып.

Па, шіркін! — деді Марат тамсанып, — Әжігерейдің ішкеніне қарап Сабыт ақсақалдың тастасын танып тұрмын.

Әй, кетші. Не айтып тұрсың өзің? — деді Ерік. — Бұл орыс класынан ауысып келгенде ішкіш болып келген. Ақсақалың не, айтып тұрған?

Атасынан үлгі алған, ақсақалдың тәрбиесін көрген деп мына біздің Сәкенді айтсайшы, шіркін, — деді Серікбол Сәкенді құшақтап, — Стақан ұстасына дейін атасынан айнымай қалған, жарығым.

Аздан соң бастаңғының өзі басталды. Әжігерейдің көз алдында дүние көгілдір нұрға бөгіп, денесі жұмсарып, былқ-сылқ болып қалды.

Мына шоқыншық орыс, кәйіп болып қалған ба-ей? Не болған-ей саған? — Марат Әжігерейді иығынан ұстап ары-бері ырғады.

Әй, қойшы сен, — деді Гүлшат Мараттың қолын ысырып, — Қазақ деген осы Әжігерейдей-ақ болсын.

Қарашы, жігітін қорғап өліп барады, — деді Марат көзі жарқ етіп, — Екеуі тура ерлі-зайыпты сияқты.

Шіркін-ай, — деді Ерік аузын кемпірлерше сылп еткізіп, — Нағыз адал әйел болатын адам осы Гүлшат қой.

Әжігерей күлді.

Марат Әжігерейге мүсіркей қараған.

Өзі күледі. Кәдімгі жас сәби сияқты.

Әй, қойыңдар енді, Әжігерейден басқа айтылатын әңгіме таусылып қалып па, — деді Мәриямхан, — Одан да ән айтайық.

Әжігерейге күй шерткізейік, — деді Гүлнар.

Әжікен қазір қателесіп басқа пернелерді басып қоюы мүмкін, — деді Серікбол, — Ол қазір күй шертетін жағдайда емес.

Сендердің жағдайларың оңып тұр, — деді Мәриямхан. Ахметтің шешесі үйеме табақ буы бұрқыраған қуырдақ алып кірді.

Жасасын Ахметтің мамасы! — деді Марат табаққа қасық салып жатып.

Аздан соң Әжігерейдің мастығы тараған.

Енді ішпе, — деді Гүлшат бұның құлағына сыбырлап, — Қазір менің қайтатын уақытым болып қалды. Мені шығарып саласың.

Кеш ұзаққа кетті. Әлденеше дастархан ауысып, жұрт дүрлігіп далаға неше рет шығып, әбігер тоқтайтын емес. Үстелдер қабырғаға жылжытылып биге дайындалғанда, Гүлшат орнынан тұрды.

Ал, рұқсат болса, мен қайтам.

Рұқсат жоқ, — деді масайып қалған Марат, — Жалпы бүгіннен бастап, кім қайда барады, бәрінің рұқсаты менде. Болашақ комсомол-жастар бригадасының бригадирі екенімді ұмытпаңдар.

Мына түріңе қарап, бригадаңның немен айналысатынын шамалап тұрмын, — деді тілі ащы Ерік.

Алматыға оқуға кетіп бара жатырсың, әйтпесе қолыма түссең қара өгіз құсатып жұмысқа салар едім, — деді Марат, — Әттең дүние, Құдай тілегімді бермеді ғой.

Содан соң Гүлшаттың білегінен ұстаған.

Рұқсат жоқ, ұқтың ба? Қазір бәріміз билейміз.

Маған сенің билігің жүрмейді, — деді Гүлшат қолын босатқысы келіп жұлқып.

Рас айтады — деді Ерік, — Ұмытып қалғансың ғой, Гүлшат қойдан босатылған, оқуға аттанып бара жатқан ат төбеліндей аз адамның бірі. Мал бағып қалатын сендер ғой бұл жерде.

А, иә, айтпақшы, солай екен ғой. — Марат Гүлшаттың қолын босата салды, — Жалғыз қорықпайсың ба? Шығарып салайын ба?

Жанымда арыстай болып Әжігерей тұрғанда неден қорқам, — Гүлшат Әжігерейге көзін төңкере қараған.

Қарашы, көзді бір ойнатып жіберді, — деді Гүлшаттың әр қимылын қалт жібермей бақылап тұрған Ерік, — Бүгін бір керемет болады-ау, сірә.

Сендерге қызыға қараймын, — деді Марат, — Жоқ, бұл қызғаныш емес. Басқаша түсініп жүрмеңдер. Риза болып қараймын. Бірақ шынымды айтсам, мектепті қимаймын. Қайтадан оқы десе оқыр едім.

Гүлшат құрбыларымен қоштасып, төртеуі далаға шықты. Есіктің алдындағы ошақтың қасында қараң-құраң адам. Марат шалқыған түтінді рахаттана иіскеді.

Тамаша. Қидың иісіне не жетсін. Содан соң көктемде үй ішін жусан сыпыртқымен сыпырады ғой. Соның иісі де керемет.

Содан соң жаңа ашылған бөтелкеден шыққан иіске не жетсін, — деді Ерік кекетіп.

Марат досының қалжыңына назар аударған жоқ. Әжігерей мен Гүлшатты қолынан мықтап ұстап алып жай басып сыртқа беттеген.

Сендерді қимаймын. Қызығамын. Ертең жан-жаққа тарайсындар. Алматы, Семейге барасыңдар, оқуға түсесіңдер. Көп ұзамай бізді де ұмытарсыңдар.

Сендей адамды қалай ұмытамыз, — деді Ерік қайтадан кекетіп, — Сен менің жүрегіме мәңгілікке байландың. Басқаңды айтпағанда, сенен жеген таяғымды қалай ұмытайын.

Әжігерей күлді.

Несі бар, ол таяқты қайталап жіберуге болады, — деді Марат зілсіз, — Иә, мектепті қимаймын. Қайтадан оқы десе оқыр едім.

Он жыл не қарап жүрдің, — деді Ерік, — Кезінде дұрыстап оқу керек еді. Енді осы онжылдықты үш қайтара оқысаң да ештеңе шықпайды. Сенен вообще ештеңе шықпайды. Мектепті қимаймын деген әншейін сөз ғой. Ұялғаныңнан айтып тұрсың.

Бұл жолы төртеуі қосыла күлді. Қазан-ошақтың жанындағы адамдар да бұлардың әр сөзін естіп отырса керек, олар да күлген.

Мына Ерік пе, бұл оңбайды, — деді Гүлшат.

Жарайды, ғашықтарды босатайық, — деді Ерік, — Сау болыңдар. Ертең кездесеміз ғой.

Біздің ұлдар сұмдық қылжақбас, — деді Гүлшат былай шыққананн кейін.

Иә, — деді Әжігерей, — Серікбол, Ерік, Ахмет пен Марат адамды ортаға алғанда, кірерге есік, шығарға тесік таппай қаласың.

Сені ерекше қыжыртады. Бағана шоқыншық деді ғой, есіңде ме? — Гүлшат көзін төңкеріп күлген.

Әжігерей де күлді.

Орыс мектебінен ауысып келгенімді айтады ғой. Мектеп басқа болғанымен ауыл бір. Бәріміз де қитабан қазақ ауылында өстік қой. Орысша оқығаныма өкінбеймін. Екі тілді де біліп шықтық.

Орыс мектебіне қалай барып жүрсің?

Атам, орыстың тілін білу керек деп апарған ғой.

Гүлшат шашын сілкіп қалып сыңқ етті.

“Орыстың тілі — дүниенің кілті”.

Дұрыс айтылған сөз, — деді Әжігерей.

Екеуі қол ұстасқан күйі ауылдың шетіне, өзеннің жарқабағындағы бұзылған ескі тамның жанына келді. Гүлшат аспандағы алтын қоңыз сияқты құж-құж жұлдызды, күміс нұры шалқып тұрған балғын айды тамашалап сәл тұрды да Әжігерейге бұрылды.

Айтшы, Әжікен, мына тұрған ай неге ұқсайды?Орыс кітаптарында не айтады ай туралы?

Қалай айтсам, — Әжігерей маңдайын уқалады, — Орыс кітабынан ай туралы не оқығаным есімде жоқ… Қауынның тілігіне ұқсайды.

Ол көп айтылған сөз, — Гүлшат жарамайды дегендей қолын сілтеді. — Басқа бір нәрсе айт.

Ай саған ұқсайды, — деді Әжігерей.

Гүлшат еркелей күлген.

Қойшы.

Өзеннің жағасына барып, бұрала басып ары-бері жүрді. Қызғылт қоңыр шашы аймен шағылысып, иығына от төгіліп тұрғандай. Қозғалған сайын дір-дір етіп тұрған анары мен жырта қарыс биік өкше қызылкүрең туфли киген мәрмәр діңгектей аяқтарына көзі түскенде ішін от құрсау алып, тізелері қалтырап кетті.

Тоңып тұрсың ба? — деді Гүлшат қулана күліп.

Иә, тоңып тұрмын, — деді Әжігерей, лақылдаған демін естіртіп алмас үшін керенау сөйлеуге тырысып.

Гүлшат қарсы алдына келді де бір аяғын алға созып, тілін шығарып күлді. Содан соң өкшесін Әжігерейдің аяғына қадаған.

Ауыра ма?

Жоқ, ауырмайды.

Ауырғанша басамын, — Гүлшат бар салмағымен өкшесіне тұрды.

Әжігерей енді шыдай алмасын білді. Гүлшаттың мамықтай белінен ұстап өзіне тартты.

Жүр, қыдырайық.

Қай жаққа?

Өзеннің ар жағына, екінші арнаға барайық.

Ол жақта су перісі жоқ па? Сүйреп алып кетпей ме? — Гүлшат төніп келіп, шапалақпен ақырын ғана бетінен ұрған, — Ақымақ.

Бұрылып, түйетайлы жерден өзеннің арнасына түсті де туфлиін шешпеген күйі суды кешіп өтті. Әжігерей өз бақытына өзі сенбегендей, демін ішіне тартып, Гүлшаттың соңынан ерді. Бұрқыраған қара топырақ, қалың шилеуіттен өтіп, екінші арнаға түскен. Әжігерей қыздан озып барып, тез-тез шешінді де суға күмп берді. Қолын еспей, жып-жылы су түбіне баяу батып, жұмсақ балдырдың үстіне етпетінен жата кеткен. Демі таусыла бастағанда барып шөп аралас құмдауытты сипалап асықтай бір тасты тауып алды да су бетіне қалқып шықты. Гүлшат жағада, үңіліп қарап тұр екен.

Мені қорқытпашы өйтіп, — деді еркелеп, — Әйтпесе шынында да су перісі сүйреп алып кетер.

Әжігерей үстінің суын сорғалатқан күйі Гүлшаттың жанына жетіп келді де солқылдап тұрған талшыбықтай денені қолына көтеріп алған.

Бір ғана су перісі бар, ол — сен!

Әжікен, суға түскеннен кейін өзіңе бір күш біткен сияқты ма, қалай? — деді Гүлшат бұның шашынан сипап.

Бірнеше аттап барып көк шөпке тізерлей отырды. Аймен шағылысып жалтырап тұрған көзінен, ернінен құшырлана сүйді. Гүлшат көзін жұмып, үзілдіре жауап қатқан. Ар жағы… отты сандырақ. Түннің қай мезгілі екенін білмейді. Гүлшаттың төсіне басын салып дамылдап жатыр екен. Кенет қолын екі жаққа жайып, атқалақтаған жүрегін әлі баса алмай жатқан Гүлшат сақылдай күлген. Ләззаттың дәмін енді ғана татса да көкірек көзімен құштарлықтың небір хикметтерін бұдан әлдеқайда балауса кезінде түйсініп болған Әжігерей, қыздың күлкісін, ондағы сезімсал сыр мен тілекті жырынды еркектей таныды. Өнебойына қайтадан от құйылып, қыздың балғын денесін бауырына алған. Таң атып келе жатқанда ұйықтап кетіпті. Гүлшат түртіп оятқан. Қайтадан құшағына алмақ еді, қолын кеудесіне тіреп тоқтатты.

Болды, жетеді енді.

Күшке салайын деп еді.

– Ренжимін. Өкпелеймін, — деді кеудесінен итеріп тастап, — Қарамайсың ба, ауыл жақтан бір кісі қой жайып келе жатыр.

Екеуі келіскендей көк шөптің үстімен домалап барып қалың шидің арасына жасырынды. Күн бұлыңғыр. Үстіне қойқиған брезент плащ, басына малақай киген қария астындағы құла қасқа атын сипай қамшылап шағын отарды айдап келеді.

Етпетінен жатқан Гүлшат қарияға иегімен меңзеп тілін шығарып күлді. Әжігерей де шыдамай күліп жіберген.

Атқа мініп бара жатқан аюдың қонжығы сияқты, — деді аузын баса сыбырлап.

Үстіне плащ, басына малақай киген қонжық, — деді Гүлшат.

Қойшы көзден таса болғаннан кейін де, ешқандай себепсіз, көздерінен жас аққанша күлген.

Қой, қайтайық, — деді аяқ астынан мұңайып қалған Гүлшат. Орнынан созалаңдай көтерілген. Әжігерей қыздың жолына кес-кестей тұрды.

Жібермеймін.

Кетші, — деді Гүлшат. Жұп-жұмсақ жұдырығымен Әжігерейді кеудесінен бір перген, — Бір түрлі тоқмейіл жымиясың. Противно.

Несі противно?

Бір түрлі.

Несі бір түрлі?

Кексе еркек сияқтысың. Мен сені ондай кекселікке қимаймын. Мәңгілік бала күйіңде қалсаң деймін.

Ол қандай бала бейне?

Сені алғаш сүйгендегідей.

Алқынып кеткен Әжігерей қызды бас салып құшақтаған.

Тоқташы… сен не дедің… Тоқташы… Қайталашы…

Гүлшат Әжігерейдің қолын қағып тастап жерге жүресінен отыра қалды да еңіреп жылап жіберді.

Әжігерей сасып қалды.

Неге жылайсың? Неге? Ренжіп қалдың ба? Әлде өткен түніңе өкінесің бе?

Гүлшат басын көтерді. Өксігі басылмаған. Жүзінде я шаттық, я мұң екені белгісіз, бір түсініксіз сезім.

Мен бе? Мен неменеге өкінем? Мен жыласам… енді ешқашан бұлай болмайды… соған жыладым. Өткен түнгідей.. енді ешқашан да олай болмайды… енді ешқашан да қайталанбайды.

Екеуі өзеннің арнасынан шығып шилеуітпен жүрген.

Ерме артымнан, — деді Гүлшат.

Әжігерей кетіп бара жатқан қыздың сұлу бәденінен көз айыра алмай, мас адамдай мәңгіріп тұрып қалды. Жауыннан шылқыған көйлегі етпен ет болып жабысып қалыпты. Бұрала баскан күйшіл, сылқым жүрісіне қарап тұрып, әйел затының жаны қайғырса да, табиғаты қайғырмайды екен ғой деген ой келді. Гүлшат көзден таса болғаннан кейін жауыннан қайнап жатқан өзенге түсіп, жып-жылы суды армансыз кешкен.

Көкірегінде өткен сиқырлы түн, қыздың ұмытылмас қылықтары… Түйетайлы жолмен өзеннің жарына шықты. Жауынның кіреукесі астында бұйығып жатқан ауылын жаңа көргендей тамашалап ұзақ тұрды. Мұрнына қидың қоңырсыған иісі келді. Тізеден батпақ кешіп жүріп үйге жеткенде есік алдында самауыр қойып жатқан Күлбағила жақтырмай күңк етті.

– Қайда жүрсің қаңғырып? Әне, атаң түнде қысылып қалды.

— Қысылғам жоқ, — деді түпкі үйде жатып даладағы әр дыбысты қалт жібермей тыңдап жатқан атасы, — Әжікен мұнда кел.

— Қазір, ата.

Сүртініп, киімін ауыстырып төргі бөлмеге кірді.

— Кемпір айта береді, — деді Сабыт, — Кел, жаныма отыр.

Әжігерейдің жүзіне бір қарағанда-ақ бәрін түсінген.

— О, жарығым, — деді күбірлеп.

Әжігерейден көз алмай жүзі нұрланып сәл жатты.

Атасының көзінен әлдебір мазасыз ой, мұңның кіреукесі арылмаушы еді. Бұл жолы басқаның бақытына деген шексіз құрмет қана бар.

Бара ғой, балам, — деді Сабыт естілер-естілмес, — Бара ғой.

* * *

Гүлшатпен бұдан кейін де бірнеше рет кездесті. Әр кездесу айтып  жеткізгісіз хикаяға айналады. Қыздың қылығы дегенді талай естіген, бірақ оның шын мәнінде не екенін енді түсінгендей. Гүлшаттың қылығынан бір суып, бір ысып, бір сәтте қаншама күй кешеді. Ессіз қыз жанында отырып сағындырады, бір ауыз сөзбен жалт беріп жат қылады, сол сәтте қайтадан үзілдіріп ғашық қылады.

Өз күйін күйттеп жүріп атасының ауруы меңдегенін де байқамай қалыпты. Бұрын жігіттей болып бой түзеп жүретін Сабыт белі бүгіліп, аяғын әзер басатын болды. Уақытсыз уақытта демалу дегенді білмейтін қайратты, қажырлы еді. Енді жиі-жиі жатып қалады, кей күндері тіпті төсектен тұрмайды.

Күн бейсенбі еді. Әжігерей мектептен ертерек келіп, киімін ауыстырып жатқан. Сырттан атасы кірді. Сақал-мұртын жақсылап бастырған. Үстіне тойға ғана киетін көк барқыт пенжегін киіпті. Күндегісінен қунақ. Әжігерей аңырып тұрып қалды. Сабыт жымия тіл қатқан.

Әжікен, қайда барайын деп жатырсың?

Көшеге, — Әжігерей әлдебір толқу үстінде тұрған атасының жүзіне қадала қараған.

Бүгін бармай-ақ қой, — деді Сабыт төмен қарап. Кібіртіктеп сәл тұрды, — Екеуміз, осы, ауылдың сыртына қыдырыстап қайтсақ қайтеді.

Әжігерей әлдебір кептің тақағанын сезді.

Жарайды, ата, — деді естілер-естілмес.

Бала кезіндегі серуендері есіне түсті. Атасы пішен шауып, кешке қарай екеуі арбамен үйге қайтып келе жатады. Ауада балғын құрақ, қияқтың иісі. Жолдың екі шетіндегі қалың шөп ормандай тіреліп тұрады, анда-санда иіліп келіп бетіңді қытықтайды. Өткен өмірдің елесі жүрегін жадыратып өткен.

Сабыт өзінің қара биесін, Әжігерей Торытөбелді ерттеді.

Көктем енді маздап келеді. Жаңа ғана ақ жауын себелеп өткен. Жеңіл, шарбы бұлт батысқа қарай қалқып барады. Жауынмен жуынған өлке, мың сан асыл тас шашылғандай жайнап жатыр. Сонау биікте, шатыр көкте бозторғай өзінің тынымсыз жырын жырлайды.

Сабыт көктемнің жұпар ауасын рахаттана жұтып келеді. Алыстағы Сағаның көгілдір тауларын, енді ғана жасыл киіне бастаған қалың тоғайды, арыны әлі басылмай сарқырап ағып жатқан өзенді сүйсіне тамашалап, Әжігерейге қарап, мына кереметті көрдің бе дегендей ризашылықпен бас изеп қояды. Асықпай жүріп отырып Ысқақтың қорасынан асып, калың өскен долана, ұшқатпен көмкерілген шағын алаңқайға келіп тоқтады.

Аттарды тұсап жібер, — деді Сабыт ертоқымды алып жатып. Тоқымды жерге төсеп ошарыла отырған, — Қартайғандікі ғой, астымнан сыз өтетін болыпты. Ой, дүние-ай, баяғыда ат үстінде жүргенде деймін, талай рет ақ қар көк мұзда далада түнедік қой. Сонда суық дегенді миземейтінбіз. Енді, міне, көрдің бе…

Әжігерей қалың қияқтың үстіне малдас құра отырды.

Оқуың қалай болып жатыр, балам? — деді Сабыт.

Жақсы бәрі. Ойдағыдай, — деді Әжігерей. Бұның бәрі үлкен әңгіменің алдындағы көр-жер кіріспе екенін сезіп отыр.

Сабыт үнсіз қалды. Алдында, қалың шөптің ішінде быж-быж қайнаған тіршіліктен көз алмайды. Әжігерей атасының қалай жүдеп, арығанын енді көрді. Әдемі дөң мұрыны қоңқиып кеткен. Көзі оңған шүберектей сұрғылт тартыпты. Жағы суалған. Алып денесі жиырылып қушиып қалыпты. Бірақ еңсесі әлі биік. Бұның тесіле қарағанын сезіп басын көтерді. Көзінде кәрі адамдарға тән беймазалық, үрей атымен жоқ. Тек тағдырдың дегеніне амалсыз көнген тәкаппарлық бар.

Азамат болып қалыпсың ғой, балам, — деді Сабыт. Сырты құж-құж, күректей алақанымен Әжігерейдің басынан сипады. Артынша жеңіл күрсінген. Әжігерей басын көтергенде атасы әлдебір аңсарын күткендей көкжиекке көзін қадап отыр екен. Тағы да үнсіздік орнады.

– Иә, — деді Сабыт, — Өмір деген осы екен… Менің әкем Стамбай үш ағайынды болыпты. Стамбай, Арыстанбай, Шәкіжан. Әкем кенжесі екен. Әкеден қалған дәулетті шашау шығармай, еселеп өсіріп, ақырында жер қайысқан мал иесі болды. Елдің бәріне жаға алмайсың. Ағайынға пана болғанда да сыртынан талай өсек естігенбіз. Бірақ жұрт ойлағандай сараң емес еді. Үнемшіл болатын. Ысырап, кепиет дегенді білмейтін. Иә. Сөйтіп жүргенде, Құдай баладан қысыпты. Бір ұлға зар болыпты. Үш рет үйленген. Баланың бәрі қыз. Шаңырағымды иеленіп қалатын бір ұл бермегені ме, деп қапаланып жүреді екен. Бірде жоғалып кеткен бір үйір қысырақтың ізін қуалап бір ауылға барыпты. Сонда, ұрлығын тыймаған барымташы ауылдың бір үлкені: “Әй, саған малдың не керегі бар. Сырты түк, іші боқ бес жандықты қуалап келіп отырсың. Артыңда ізіңді басқан ұлың да жоқ, қубас емессің бе”, — депті. Содан әкем, мынадай ауыр сөзді көтере алмай, үйге келіп, теріс қарап жатып қалыпты. Нәр сызбай, қайғы жеп жата беріпті. Ақырында жеңгелері ақылдасыпты. Қой, Стамбайды тағы бір үйлендіріп көрейік. Құдайдың алды тар, арты кең деген, мүмкін енді ұл берейін деп тұрған шығар депті. Маңайдан жақсы қыз іздейді. Ақыры үлкен жеңгесі тектіден текті аралап жүріп, мынау Тарақтының ішінде Таңдай деген ақынның Қали есімді, оң жақта отырған жақсы бір қызы бар екен, соны айттырыпты ғой. Сол Қали біздің анамыз еді. Төрт ағайынды болдық. Жүніс — үлкен ағамыз. Одан кейін — мен. Менен кейін Зухайра деген қарындасымыз болды. Одан соң Жұмагелді деген кенже ініміз болды. Тоқалдан туды демесең жолымыз үлкен болды. Үлкен анамыз, бәйбішенің өзі, Қалиды ардақтап төбесіне тұтты. Иә. Сондай да сондай кеп болған.

Олардың барлығы қайда? — деді Әжігерей, — Біз неге жалғызбыз?

Олардың барлығы… — Сабыт сәл мүдіріп қалды… — Жасы жетіп, дәмі таусылып өлді… Зухайра мен Жұмагелді, мен айдауда жүргенде аштық жылы өліпті… Әкенің дәулетінің арқасында уайым-қайғы көрмей бұлғақтап өстік. Жүніс пен Жұмагелді шаруаға шөгел еді, қойшы болды. Мен өнер қуалап тойшы болдым. Он бесте отау тіктім. Он алтымда перзент сүйдім. Сенің әжең, мына жүрген Күлбағила емес. Әжеңнің есімі Ақзиба еді. Күлбағиламен елі бір Қырғыздың қызы болатын.

Сабыт жер шұқылап үнсіз отырып қалды. Күреңіткен қабағынан, томсырайған жүзінен ықылымға кеткен сол заманды қайта кешіп отырғаны анық сезілді. Әжігерей бойын кернеген алай-дүлей сезімді тежеп, үндемеуге тырысқан.

Содан соң зілзала заман келді. Бірақ сендердің кітаптарыңда айтылғандай емес, мүлдем басқаша болған. Лек-лек, бірінен кейін бірі келген аузы түкті кәпір қазақтың қанын судай шашты. Арқадағы ел пана таппай, тоз-тоз болып кетті. Біреу сартқа қарай, біреу шүршітке қарай ауды. Қаншама адам қолына қару алып кескілесті. Тайталаста каншама ер өлді. Жазмыштан қайда қашып құтыласың. Ел қарасы болып біз де жүрдік. Әкеден қалған мал кім көрінгеннің тақымында, жетегінде кетті.

Әжігерейдің көз алдына, Құдайдың өзі қамқор болуға лайықтаған, бірақ қамқор бола алмаған адаммен екі арадағы сиықсыз туыстық, бағасыз дәм-тұз қайтадан елестеп өткен.

Мына жүрген адам туған әжем емес екен… олай болса менің өз әжем қайда? — деген қыстығып.

Сабыт әр сөзді қинала теріп сөйлеген.

Әжең… Айтайын, балам… Балшабектің әңгімесіне қандық. Опа таппайтынымызға көзіміз жетті. Енді Қытайға ауатын болдық. Осының алдында ғана бірнеше рет көш бастап өткенбіз. Аман-есен Алтайға жеткізіп салғанбыз. Енді өз ауылымды алып өтетін болдым. Осы… мына Көгілдірдің тұсында, қаншама ел жиналды. Елу-алпыс шаңырақ. Отыз шақты жігіт қаруланып, сайланып шыққанбыз. Әуелі Қапал жақтан келетін қара жолға соқпай, шығысты бетке ұстап қиялай жүрдік. Содан соң Ақшатауға күндік жер қалғанда оңға бұрылып, Аякөздің жоғарғы сағасынан өттік те, тау-таудың арасындағы қалың тоғайды сағалай көштік. Күндіз тығылып жатамыз. Түнде ғана жүреміз. От жағылмайды. Содан Қытайға таман бардық-ау дегенде жау қолына түстік. Дәмге дауа бар ма… Қанша елді аман алып өткенде, өз ауылыма пана бола алмадым… Таң алды болатын. Межелі жерге жете бергенде алдымыздан тосқауыл шықты. Жасырынып күтіп тұрған ғой. Дүркімен атқанда жанымдағы отыз жігіт қаруын да суырып үлгермей ат бауырына түсті. Самсаған әскер қоршап алды. Әлі есімде, қариялар белдіктерін мойындарына салып, қызыл кәмәндірдің аяғына жығылды. Бірақ кәмәндір илікпеді. Содан қырғын басталды. Шашылған жүк, жылаған бала… Құдай ондайды саған көрсетпей-ақ қойсын, құлыным.

Сабыт алқынып барып тоқтады. Дірілдеген саусақтарымен омырау түймесін ағытқан.

Әжең… сол жерде оққа ұшты, жарығым. Базаралы екеуміз ғана аман шықтық… Түсіме кірсе шошып оянам. Базыкен кішкентай бала ғой ол кезде. Менің алдымда жылап келе жатыр. Атым жүйрік еді. Сытылып шықтым. Бірақ өзенге келгенде күркіреген ағынға беттей алмай осқырып тұрып алды. Қызылдар қуып келеді. Амал жоқ атты тастай салып суға қойдық та кеттік. Арғы жағаға шығып, ұшы-қиыры жоқ қамысқа кірдім. Алдымызды ораған әскердің бір бөлігі өзеннің арғы жағасынан бері қарай сүзіп келеді екен. Аллаға сиынып, Базаралыны бауырыма басып, белуарымнан су ішінде отыра бердім. Құдай сақтап аман қалдық. Қас қарайды. Арғы бетке өттім. Арып-ашып Шәуешекке жеттім. Туыстарын тосып отырған ел… менің хабарымды естігенде аңырап жылағанын көрсең. Иә… Өлген адам өлді, тірі адам тіршілігін істейді. Бір байдың қойын бақтым. Осылайша үш жыл өтті. Байқаймын, балам қой соңында жүріп мақау болып бара жатыр. Бір күні ой келді. Бұл жүрісім қай жүріс. Өзімнің түрім мынау. Баламның түрі мынау. Ертең қара танымай қалса, құрбысынан кем болса, обалы маған емес пе. Қой, қайтайын дедім. Ұстаса ұстасын, өлтірсе өлтірсін. Естуімше, елде балалар үйі, детдом деген ашылыпты. Балаларды оқытып хат танытады дейді. Байдың бір жақсы атын міндім де елді бетке алдым. Аякөзге келіп, баламды детдомға өткіздім. Сол жерде ұсталдым. Айдалып кете бардым. Ал Қалима… ол кезде шиеттей еді ғой. Емшектен айырып Сабырбек нағашың алып қалған. Базыкен кейіннен әскердің оқуын оқып үлкен бастық болыпты. Жиырма екі жыл дегенде, ақыры өкімет бостандық беріп елге қайттым. Қызымның жайын Алматыдан естідім. Ақтоғайда тұрады екен. Келдім. Ес білмейтін кезде қалып еді ғой. Көзіме оттай басылды. Шешесінен айнымай қалыпты. Ол да бірден таныды. Қызым осылай, мен жоқта бойжетіпті, мен жоқта тұрмыс құрыпты. Ақсақ құдам үшеуміз, құлындай бір шұрқырастық қой. Арада төрт жыл дегенде ұлымды да көрдім. Үсті-басы сарала киім. Әскербасы. Е, дүние-ай. Құдай азаматты жылата көрмесін. Теректей жігіт алдыма тізерлей жығылып аңырап жылағанда төбе құйқам шымырлап, сай-сүйегім сырқырап кетті.

Ал енді бүгінгі әңгіменің үлкені бұл емес, жарығым, — деді Сабыт сәл дамылдап алып, — Сен… сен менің балам емессің. Сенің әкең Баймұқан, шешең — анау жүрген Қалима.

Сезетін. Жалт еткен көзқарасынан, шамадан тыс ықылас-кұрметінен. Бірақ жөн сұраудан, анығына жетуден қорқатын.

Мен… өз өмірімде әжеңді жақсы көргендей ешкімді жақсы көрмеппін… Әжеңді ғана шын жақсы көріппін.

Ал… мына кісі ше?

Бұл кісі… Ештеңенің анығын білмегеннен кейін айтып отырсың ғой, жарығым… Бұл да… бұл да бір бейбақ… Құлыным, саған айтар ақылым, кешірімді бола біл. Білмесең айтайын. Сол Ақзиба әжең өлетін шамада кездескем бұл Күлбағиламен. Бұл өзі… ертеде, мына қырғызда Тұрлыбек деген би болған, соның қызы ғой. Ол кезде… оннан жаңа асқан тырнақтай қыз еді. Өзіңді айтайын, он жасыңда не біліп едің. Иә. Солай. Ол кезде адамның өлімі үйреншікті нәрсе. Бүкіл дала қан сасып жатқанда, оның несіне таңқаласың. Бір күні жол жүріп келе жатып тоғай ішінде шырт ұйқыда жатқан, әбден арыған, үсті-басы алба-жұлба бір қыз балаға жолықтым. Аяп, ит-құсқа жем болмасын, ала кетейін деп оятқанымда шыңғырып, жылап тұра қашты. Содан әке-көке деп әзер жұбатып, жөн сұрағанымда Тұрлыбек бидің қызы болып шықты. Бидің ауылын қызылдар шауып, бала демей, шаға демей бәрін қырып кетіпті. Күлбағиланың қалай аман қалғанын бір Құдайдың өзі біледі. Артынан баспалап бидің ауылын көріп қайттым. Небір сұмдықты көргенде тітіренбеуші едім. Бірақ мына кепті көргенде көзім қарауытып кетті. Ал соны көрген бала… қандай күйде болады… Кейіннен абақтыдан босап елге қайтқанда екінші көрдім. Көркіне көз тойғандай әйел болыпты. Күйеуі соғыста өлген. Басы бос. Адам жалғыз жүре алмайды ғой… Қиын ғой… Көркіне қызығып үйленіп едім. Одан кейінгіні өзің көрдің, несін айтайын.

Ақылың бар ғой, түсінерсің. Сені анаңның емшегінен айырып бауырыма басқанда, өнерімді ғана ойлап едім. Күн төбеден ауды. Ешкім мені іздеп келмеді. Өнерлі едің ғой деп елеп-ескерген ешкімді көре қойғам жоқ. Ойға қалдым. Жасым болса келді. Шәкірт жоқ. Өнерімді ұстап қалатын бір адам табылмады. Енді не істеймін. Жатсам-тұрсам ойлағаным осы қайғы. Ауылдың өнерлі-ау деген балаларын баулып көрдім. Ештеңе шықпады. Міне, сені анаңнан тартқандай қылып алып кеткенде, асылық айтты деме, мені Құдайдың өзі жетелеген сияқты. Білем, өміріңді өксіттім. Кеш мені, қарағым. Мен енді саған ештеңе де айтпаймын. Өзің білесің. Қайтадан анаңмен табысасың ба, әлде… мына адаммен қаласың ба, менің шаңырағымды ұстайсың ба — өз еркің. Орнымды басып қал деп қолқаласам, менің кім болғаным. Бірақ, қайда жүрсең де өнерімнің қара шаңырағы сенде. Есіңде болсын, құлыным, сен менің қанатымсың.

Кенет сол баяғыдай… естен кетпес сол бір кештегідей атасы екеуінің арасынан періште ұшып өткендей болды. Атасының дауысы алыстан талығып жеткен.

Бір ғана тілек, бір ғана өсиет, құлыным. Басыңа әлі талай қиын-қыстау күн туады. Өнеріңді саудаға сал, бірақ өнермен саудаласпа. Өнермен саудалассаң, өнердің кәріне ұшырайсың, киесі соғады. Міне, мен бүгін күйді қайырдым. Ендігі күй сенікі.

Жаңбыр сіркіреді. Кенет аспан қақ айрылғандай болып жер дүние солқ ете қалды. Әжігерейге күннің күркіреп найзағайдың ойнағаны, атасының аузынан шыққан сөздің жалғасындай көрінді. Содан соң аспанның түбі түскендей сарқырап мамырдың дүркіреген қалың жауыны басталды. Сабыт орнынан ауырсына көтерілген. Әжігерей атасының жүзіне қарады. Өзі көргенде көзінен бір тамшы жас шығып көрмеген атасы әжім басқан жүзін мөлдір жас шылап, ағыл-тегіл жылап тұрғандай. Әлде тынымсыз сорғалаған жаңбыр бетін жуды ма екен.

* * *

Арада тағы бірнеше күн өткеннен кейін Шерім атасы келді. Сабыт Әжігерейді жанына шақырып алып кеш бойы домбыра шерткізген. Анда-санда басын жастықтан көтеріп, «мынаны көрдің бе” дегендей Шерімге мақтана қарайды.

Тәуба, — деген, ымырт үйіріліп дастарханға отырғанда. – Қазірдің өзінде қолында тегеурін бар. Менің машығым бар. Бірақ жеттім деме. Адам ешқашан да өнердің түбіне жете алмайды. Өзімді айтайын. Арқаны армансыз кездім, алты арыс елдің ішінде небір жорғалар болды, бәрін мойындаттым, бәрін бүгілдірдім. Міне, менің өзім, үйрететін адам болса әлі де үйренер едім.

— Ой, тарланым-ай, — деді Шерім күліп, — Әй, жалықпайсың-ау.

— Ал, ендігі әңгіме былай, — Сабыт дастарханды шұқылап бір сәт үнсіз қалды, — Мен өлгеннен кейін кімге барасың, енді кімнен үйренесің, соны айтайын.

– Ой, шал, қой, ойбай, — деді Шерім, — Осы қазір өлгелі жатқандай…

Сөзді бөлме, — Сабыт кеудесін керіп тіктеліп отырды, — Заманында өзім көрген шеберлердің көбі бұ дүниеде жоқ. Әр кезде хабарын алдым. Біреуі соғыста өлген. Біреуі жасы жетіп өлген. Міне, қаңырап қалған қала сияқтымыз. Ешқашан болмағандаймыз. Ескен желдей кетті бәрі. Ал енді Өксікбай атаңның ізін таба алмадым. Біреулер Үржар жақта дейді, біреулер Ақсуатта дейді. Егерде тірі болса, таба алсаң, ендігі ұстазың сол. Ал енді жастардан бір-ақ адам көрдім. Баяғыда, сен ол кезде ес білмейсің, осы мынау Шұбартау жақтан Жұман деген бір бала сәлем беріп келді. Ойпырай, әлі жиырмаға толмаған, бірақ жас адам да осынша жүйрік болады екен. Екеуміз үш күн бойы ырғастық. Ол баланың өлі-тірісін, қай жерде екенін білмеймін. Тірі болса, ол да сенің ұстазың. Міне, балам, менің айтарым осы.

Кейіннен ол бала сол күйдің оқуына барған дейді, — Шерім сәл қозғалақтап қойды, — Родиядан күй шерткенін естідім. Ойпырай, сенің айтқаныңдай бар-ау. Жетпістен асқан қарияның шертісі сияқты.

Сабыт болар-болмас бас изеді.

Соңғы рет бой жазғаны екен. Келесі күндері біржола төсек тартып жатып қалды. Бойына батпайтын болғандықтан, асқа да қол созбайды. Әжігерей атасы мен екі арада әлдебір шекара пайда болғанын сезді. Бұрынғы сыйластық өзгермей сол қалпында қалғанымен, екеуін әлдебір жаттық бөліп тұратын сияқты. Алғашында бұл жаңа түйсіктің не екенін түсіне алмай, ойланған, ойдың ұшығына жете алмаған. Кейіннен түсінді. Ажал бұл үйдің табалдырығын баяғыда аттапты. Өлім ертең емес— бүгін екен. Ажалдың дені келіп болыпты, атасының басынан өткен замана сол ажалдың еншісінде екен.

Әлдебір ұлы хикаяның соңғы беттері парақталып жатқандай үй ішіндегілердің барлығы селқос, енжар тартқан, бір-бірімен сирек тіл қатысады.

Бір күні ертерек тұрып, әдетінше өзен бойлап, жалғыз жүріп тоғай араламақ болған. Атасы мен Күлбағила сөйлесіп отыр екен. Әңгіме баяғыда басталса керек.

Саба, енді не істеймін? — деді Күлбағила жым-жырт тыныштықты бұзып.

Білмеймін, — деді атасы — Мен енді ештеңе білмеймін. Белуарынан көрде жатқан адамнан не сұрап білгің келеді?

Тағы да сілтідей тыныштық.

Енді көп қалмаған сияқты ғой. Бірақ бұдан да жылдам болса деп едім, — деді атасы сәл ыңыранып, — Асатыдан ажал бер деп Тәңірге жалбарынушы едім. Ол тілегімді де бермеді ғой.

Күлбағиланың сыңсып жылағаны естілді.

Неменеге жылайсың, қарағым-ау? — деді атасы кейіп, — Жылама. Азапқа қалып бара жатқан сендерді жоқтап одан да мен жылайын.

Таңғы шай үстіне Қалима келген. Әжігерей, бар сырға қанған Әжігерей анасының жүзіне бажайлай қарады. Ерекше көркін бүгін көргендей. Бауырына тығылып мауқын басқысы келді. Өзін-өзі әрең тежеген.

Атасының үстіне алып кірді. Аппақ төсеніштің үстінде көзін жұмып баяу ғана дамылдап жатқан Сабыттың денесі ерекше ұзарып, кеудесі бұрынғыдан биіктеп кеткендей. Қалима естілер-естілмес күрсініп, оятып алмайын дегендей, әкесінің жанына еппен отырды. Сабыт көзін ашты.

Әке, амансыз ба? — деді Қалима, — Халіңіз қалай?

О, жарығым, — деді Сабыт. Қызының қолын алып, кеудесіне қойып, көзіне көзін қадады.

Тілеуқорым, — деді күбірлеп.

Үшеуі де үнсіз қалды.

Өзіңнің халің қалай? — деді Сабыт.

Аманбыз, — деді Қалима сыбырға жақын үнмен.

Аман болыңдар… Өзің енді көп ештеңеге қайғыра берме… Әйтеуір өзің ептеп… — Сабыт ентігіп біраз жатты, — Әйтеуір өзің ептеп… өзіңді өзің жей берме, қарағым.

Қалима қалтырай жылаған.

Жылама… Қайтесің… Жылама… — Сабыт қызының қолын сүйді, — Бара ғой, жарығым… Бір-біріңе сүйеу болыңдар.

Кешке қарай Шерім бастаған тұстастары, ішінде Жұмға бар, Сабыттың көңілін сұрай келген.

Мен сендерге бүгін бір еркелейін деп жатырмын, — деді Сабыт аз-маз жөн сұрасқаннан кейін реңсіз жымиып — Мені қырға шығарыңдаршы. Киіз алып, бір тегене қымыз алып шығайықшы.

Бір топ адам үй сыртындағы қыраттан асыңқырап барып, қыстан қалған ақтық жусанның үстіне киіз-көрпе төсеп, қоралана жайғасты. Жұмға менен Шерім Сабытты екі жағынан сүйеп ұстап отырды.

А, шіркін, — деді Сабыт маңайға көз тастап, — Ауа қандай. Сапырыңдаршы қымызды. Иісі аңқысын. Ішіңдерші.

Ой, Саба, — деді Шерім көзіндегі қаймыжық жасты сүртіп, — Тамағымыздан қалай өтеді.

Бәрі төмен қарап үнсіз қалды. Сабыт, ақселеуге шырмалып батып бара жатқан нарт қызыл күнді алғаш көргендей тамашалады.

О, керемет! — деді басын шайқап.

Содан соң алыстан қол бұлғап тұрған Сағаның көгілдір тауларына қарады. Түсі оңған көздерімен кектемнің нұрына балқып жайнап жатқан бүкіл өңірді қимай-қимай шолып өтті.

Қайран елім. Қасап жұртым, — деді күбірлеп, — Бәріне де ризамын.

Кенет талықсып кеткен. Шерім мен Жұмға былқ-сылқ еткен денені еппен жатқызып, қалғандары киізді жан-жағынан қармай көтеріп үйге алып қайтқан.

Шерім, Жұмға, екеуің бүгін осында болыңдар. Енді қанша қалды дейсің. Жанымда отырыңдар, — деді Күлбағила жұрт тарай бастағанда.

Ымырт үйірілді. Төрт адам дастарханға отырды. Бірақ бұл бұрынғы мәз-мереке дастархан емес еді. Ешкім де дәмге қол созбайды. Бір құйылған шай ішілмей тұра береді.

Шай алыңдар, — дейді Күлбағила.

Алып отырмын, — дейді Шерім.

Рахмет, алып отырмын, — дейді Жұмға.

Бірақ екеуі де шынаяққа қол созбаған күйі меңірейіп отыра береді. Күлбағила даладан қып-қызыл шоқ алып келіп, шәугімді қайтадан жылтады. Шай жаңартылып құйылады.

Осылай түн ортасынан ауғанда шешінбеген күйі отырған жерлеріне жата кеткен.

Таң алды еді. Кенет түпкі бөлмеден Сабыттың қатты дауыстағаны естілді.

Естідім, естідім! Амандастым!

Төртеуі бірдей атып тұрып төргі үйге жүгірген. Сабыт, көзі жұмулы күйде сөйлеп жатыр.

Көрдім, көрдім! А, Жаратқан, көрдім! Сендім, сендім!

Шерім еңіреп жіберген. Сабыт бір сәтке ғана есін жиды.

Таңның бозаң жарығымен сәулеленген бөлмені, жанында өзін қоралай отырған адамдарды көзбен бір шолып өтті.

Бақұл болыңдар… — деді соңғы демімен.

Иек қағып жүре берген. Шерім Сабыттың үстіне аңырай құлады.

Ойбай! Ойбай, Саба! Ойбай, Саба! Өлме, ойбай! Өлме! Кетпе!

Сабыр ет, Шерім. Сабыр ет, — деді Жұмға. Шерімді иығынан тартқан. Бірақ ағыл-тегіл жылаған Шерім Сабытты тас қылып құшақтаған күйі айрылмады. Жұмға теріс қарап көзінің жасын сүрткен. Күлбағила да дауыс салып жылады.

Әжігерей далаға шықты. Күйіп-жанған бетін таңғы самал аймалады. Жай жүріп көрші-қолаңға хабар беріп шықты. Содан соң өзеннің жағасына жетіп, арнамен жоғары өрледі. Қызық деді іштей, беті ауған жаққа кетіп бара жатып. Неге жылағым келмейді. Неге ішім боп-бос. Жоқ деді содан соң, атамды өзімше жақсы көрем, өзімше қайғырам. Бірақ дәл қазір жылағым келіп тұрған жоқ. Атасы екеуі отырып әңгімелескен алаңқайға жетіп, қалың шөпке бауырлай жығылған. Өзінің қалай ұйықтап кеткенін білмейді. Ешқандай түссіз, елессіз, қап-қара түнекке батып кеткендей. Шекесін күн қыздырып оянды. Түс болып қалған екен. Өткен түн мен таңның оқиғалары біртіндеп есіне түсті. Иә, айтпақшы, мен кісісі өлген қаралы адаммын ғой деді іштей. Қаралы және… жаралы. Еңді не қалды… Әке баяғыда өлген. Баяғыда өліпті. Оның әке екенін енді ғана анық біліп отыр. Атасы өлді. Енді не қалды… Он жетіден асқанда жаңа туыс іздеу… Содан соң… Кенет атасының көз жұмардағы түрі елестеген. Түршіккен жоқ. Басқа, бөтен адамдай. Атасы сонша алыстап кетіпті… Неліктен… Кім біліпті… Осылай болу керек… Иә… Бәрі дұрыс… Балалық өтті, не білдің депті ғой біреу… Балалық өтті… Балалық болып па еді… Иә… Болған… Енді сол  балалық өтті. Енді не қалды… Үйге қайту керек. Айтпақшы, қайтқанда, қай үйге қайтпақсың… Үйің қай үй… Анамның  үйі… Кенет Қалиманың қалтырай жылағаны көз алдына келіп қалды. Бұрын атасы сияқты қайратты болатын. Еңсесі биік болатын… Соңғы рет иығының сұлқ түскенін, белінің  бүгілгенін аяныштан жүрегі елжірей байқаған. Ол енді Сабыттың қызы емес, ол енді кәрі әйел… Өмірдің тауқыметін көп көрген, ауыр еңбектен белі бүгілген, кішкентай ғана қап-қара  қолдары қағаздай жұқарған… кәдімгі кәрі әйел… Самайына ақ жүгірген, беті әжім-әжім… Әр әжімінен мейірім нұры төгіліп тұрады… Шашынан сипап, бетінен сүйсем, қап-қара алақанынан сүйсем… суалған омырауынан иіскесем… мейірім қанар ма еді…

Бұл келгенде аулаға екі киіз үй тігіліп үлгеріпті. Есіктің алдында қолдарына ақ таяқ ұстаған бірнеше туыс қатарлас отырыпты. Кірген-шыққан, ат қойып келіп жатқан адам көп. Үйге кірді. Күлбағила белін таянып дауыс салып отыр.

Алтын ерден қас кетті,

Бір рулы елден бас кетті.

Ауа жетпегендей тұншығып далаға шықты. Туыстардың біреуі қолына таяқ ұстатқан.

Мен одан да шаруашылыққа көмектесейін, — деді таяқты қабырғаға сүйеп…

Бел жазбай жұмыс істеді. Мал сойды. Су тасыды. Отын жарды. Ертеңіне кластастары, достары келіп көңіл айтқан.

Марқұм жерленді. Қарасы өтті. Ештеңе өзгермегендей. Әлдебір жанды тетік сияқты ештеңеге селт етпей, талмай қызмет етумен жүрді. Тек жетісі өткізілгеннен кейін, туыстар өздері қалғанда қаншалықты шаршағанын сезді. Шешемен сөйлесудің реті сонда келген.

Ағайын-туған естерін жиып, киіз үйге жиналып шайға кіріскенде Әжігерей тамға барып төр алдына аяғын созып рахаттана жатқан. Үстіне Қалима кірді.

Барып шай ішпейсіз бе, — деді Әжігерей, — Шаршадыңыз ғой. Қанша күн жүрдіңіз.

Ішіледі ғой, — деді Қалима. Төмен қарап текеметтің оюын сипап, әлдебір толқыныстан жүзі нұрланып үндемей ұзақ отырды. Басын көтеріп көзімен аймалай қараған.

Әкей… бәрін де айтқан шығар сізге, — деді сәл мүдіріп.

Иә, айтты, — деді Әжігерей. Шынтақтап тұрып, малдас құра отырған. — Бәрін де айтты. Мен… қуаныштымын. Қуанып отырмын.

Енді не істейсіз? — деді Қалима бұның жүзіне үміттене қарап, — Өзіме қайтып келесіз бе?

Әжігерейдің көңілі босап кетті.

Иә… қайтамын… Бірақ… бірақ… бүгін емес, — деді бөліп-бөліп. Тоқтамай кідіріссіз сөйлесе тамағына тығылған жас ақтарылып кететінін сезіп отыр.

Қалима Әжігерейдің күйін жазбай таныды.

Жарайды, — деді орнынан тұрып. Даусы өксіксіз естілді. — Өмір бойы күттім ғой. Енді бес күннің арысы не, берісі не.

Қырқы өтсін, шеше, — деді Әжігерей. Даусын меңгеріп, бойын жиып алды. — Қырқы өткеннен кейін қайтамын.

Сағыздай созылған күтіс басталды. Күндіз көр-жер шаруамен айналысады. Өлікке келе алмай қалған алыс ағайын бірінен кейін бірі келіп көңіл айтып жатты. Үйде кісісіз болмайды. Алғашқы қайғы басылған. Енді өткенді еске алған, бүгінгіні күйттеген мамыражай әңгіме ғана қалған. Кешке, ел жатқаннан кейін өзімен өзі қалады. Шарқ ұрған ойы тек қана атасының маңайын кезеді. Таудың шын нобайы алыстан ғана көрінбек. Күн өткен сайын ұзап бара жатқан адамның шын қадірін, шын сырын енді біле бастағандай. Адам, бар болғаны жел өтінде өскен бір тал құрақ, жаратылыстың ішіндегі ең әлсізі. Бірақ та ол — ойлай алатын, сезе алатын құрақ. Оның ғұмырын қию үшін бүкіл болмыстың күшінің керегі жоқ. Бір тамшы судан қысса болды, семеді де қалады. Артынан қара боран соқса, тамырынан жұлынып кете барады. Бірақ болмыс адамды жоя алғанымен, адам бәрібір болмыстан биік, себебі ол… болмыстан әлсіз екенін, өмірінің таусылғанын сезе алады, жанын қиып кете алмай қиналады, ал болмыс ештеңені сезбейді, ештеңені түйсінбейді. Адам өзі жақсы көретін етжақын адамының өлгенін көрмейінше өлімнің не екенін пайымдамайды, түсінбейді. Жақсы көрген адамың өлгенде ғана өліммен шын жолығысасың. Өлімде ешқандай мағына жоқ. Баяғыда атасы айтқан әңгіме есіне орала береді. Бақса ол әңгіме ешқашан есінен кетпепті де… Дүние есігін жаңа ашқан періште баланың өлімі. Енді, міне, атасы кетті бұл дүниеден. Өлімде ешқандай мағына жоқ. Жасың сегізде ме, сексенде ме, дүниеге жаңа келдің бе, я қартайып талқаның таусылды ма, оған бәрібір. Адамың өлгенде, өзің жақсы білген, жақсы көрген, жаныңның бір бөлігіне айналған адамың өлгенде, сенің ішіңде де бір нәрсе өледі. Адам болғаннан кейін, пенде болғаннан кейін қайғырасың, ойың құлазиды. Өлім — адам өзгерте алмаған жалғыз ғана байлам екен. Басқаның бәрін өз ақылына бағындырды, айтқанымен жүргізді. Өлім ғана адамның билігінен тыс, пәк күйінде қалыпты. Пенденің арманы таусылған ба. Қолынан келсе өлімге де билік жүргізер еді. Бірақ өлім адам ешқашан аттай алмайтын шектің ар жағында, тылсым дүниесінде тұр. Адамның қолы оған ешқашан жетпейді. Адам тек қана өле алады. Бірақ өлімнің сырына ешқашан қана алмайды. Сондықтан, өлім дүниедегі жалғыз ғана шындық, кір шалмаған жалғыз ғана ақиқат. Өлім бұрыннан белгілі, қалыпты дүниеңнің босағасын бұзып кіргенде өмір өзінің барлық мәнінен айрылады екен. Иә. Өмірде шынында да мағына жоқ. Өлім барлық ақиқатты ашады, әр заттың дүниедегі шын орнын көрсетеді. Өліммен бетпе-бет келгенде қара жер табаныңның астынан тайып, шыр айналып жөнеледі. Кенет… жақыныңның бұл өлімі өзіңнің өліміңе меңзеп тұрғанын түйсінесің. Себебі, әр өлім — әркімнің өлімі. Себебі, әр өлім — бәрінің өлімі. Бақидың табалдырығын аттағанда не сезінді екен. Кім біледі… Бірақ соңғы шекке жеткенде, қажыр мен үміттің соңғы тамшысы түгесілгенде, өзінің махаббаты, қамрығы мен қасіреті, басқаға деген жанашырлығы қолтығынан демегені, иығына қонған періштесі болғаны анық. Атасы мейірімді болатын. Түсі суық болса да… Жүрегімен мейірбан болатын. Ол өз ойымен… және басқаның қасірет-қайғысымен, басқаның қуанышымен ғұмырын кешті. Әр таңның атқанын Тәңірінің сыйы деп қабылдады. Адам  болу үшін көп көру керек. Өнер алды — адам болу. Атасы өз бағасын өзі айтқан адам болатын. Өз бағасын білген адам басқаны да түсінеді, барлық адамды түсінеді. Атасын жақсы көретін. Жақсы көретін жөні көп, бірақ ең бастысы бұның ырқы мен ықтиярына деген құрметі үшін жақсы көретін. Түптеп келгенде өмір деген рахат та емес, қасірет те емес. Өмір деген — іс. Атасы өз ісін аяғына дейін адал жеткізді. Бір адамға осынша хикметтен өту оңай ма. Таң атқанша ықылымға сіңген аяулы бейнені ойша әлденеше рет елестетеді. Көзінің алды буалдыр тартып, көңілі босап, өзін қанша жұбатып, алдарқатқанымен санасымен құлазып қалады.

Айтылған күні қырқы өтті. Адам көп жиналды.

Ал, Күлбағила, қарағым, енді көп қайғырып, тоза берме, — деген Шерім атасы жұрт тарағаннан кейін, — Ажалға не шара бар. Қайтейік, бәріміз де қайғырамыз. Міне, қарап отырсам, сексен екісінде қайтыс болыпты. Арамызда жүре тұрғаны жақсы еді. Бірақ, өлмек — парыз деген. Парызын атқарды. Өлген өлді. Тірі кісі тіршілігін істейді. Енді бой жазып, еңселеріңді көтеріңдер. Ертең Әжікен, Қалима үшеуің біздің үйден дәм татып кетіңдер.

Ертеңіне кешке қарай Күлбағила екеуі бір қабат таза киімдерін киіп Шерімнің үйіне барды. Есік алдында қазанның астын қағыстырып отырған Келбет, бұларды көріп орнынан тұрып қарсы жүрді. Күлбағиланы құшақтап, бауырына басып, үнсіз жылап тұрып қалған.

Жарайды енді, — деді өзінің де көңілі босап кеткен Шерім, — Жарайды, — Есікті меңзеді, — Үйге кіріңдер. Төрлетіңдер.

Сәлден соң Қалима келді. Келбет оны да құшақтап көзіне жас алған.

Ой, дүние-ай, — деді Шерім, жұрт мауқын басып дастарханға отырып жатқанда, — Қасиетіңнен айналайын, Сабам. Бір рулы ел жер бетінен көшіп кеткендей болды ғой.

Өмір деген осы, — деді Келбет, — Қалима, әкем өлді деп қайғырма, қарағым. Әкең өлсе де әкеңнің көзін көрген өлмесін деген ғой.

Қалима алақанымен көзін басты.

Қиын екен, — деді содан соң жасын сүртіп.

Ой, қарағым-ай, — деді Шерім, — Әкеңді өмір бойы осылай жаныңа байлап жүрмексің бе? Мен өлме, шал өлме, кемпір өлме, сонда кім өледі-ей?

Жұрт ду күліп бір серпіліп қалды. Шай орталанып қалғанда Шерім домбыраны қолына алып, әлі де томсырайыңқырап отырған Қалимаға қарады.

Қалима, мен енді бүгін сенің қабағыңа қарайын. Әкеңнен шалып қалған күйлерден біраз тартайын.

Ауыр қара домбыра ақырын күрсінді. Шерім бойына алау құйылып, екі беті қызарып, ескі сарын бірнеше күйді шертіп берді. Күлбағила жаулығының ұшымен көзін сүртті.

Ал, енді домбыраны мына жас періге берейін, мынадай домбырашы отырғанда шерте бергенім жарамас, — деді Шерім домбыраны Әжігерейге ұсынып.

Әжігерей атасы ерекше ұнататын бірнеше күйді шертті.

Көңіліңнің хошы жоқ сияқты, — деді бұның бет-әлпетінен, қағысы мен ішек басысынан көз алмай отырған сыншыл Шерім, — Жарайды, маған бер олай болса.

Домбыраны бабына келтіріп бұрап алып бірден “Гаухартасқа” басқан. Қайырмасына келгенде ерекше арқаланып кетті.

Беу, беу, гаухартас

А, құсни құрдас

Раушан жүзіңді көргенде

Сабырым қалмас.

Әжігерейдің көз алдына ақылмен танып болмас, тек жүрекпен ғана түйсінілетін ел өмірінің суреттері, атасының тағдыры қайтадан елестеп өткен.

Келбет дастарханның үстін реттеп жіберіп, ортаға үйеме табақ ет қойды. Шерім қойдың басын бөлек табақшаға салып жанына пышақ қойды да Әжігерейге ұсынды. Әжігерей сәл тосылып қалған.

Ал, ал, — деді Шерім, — Әкең өлді, енді бас ұста.

Әжігерей осы кеште Шерім атасына қатты риза болған. Ақылды қария дастархан бойы күлдіргі әңгіме айтып, ән салып, жалықпай жұрттың көңілін аулады. Тек анда-санда әңгімесін үзіп алып, сәл меңірейіп отырып қалатынына қарап, оның да қайғыдан арыла алмағанын аңдауға болар еді.

Ойхой, дүние-ай, — деді Келбет, — Баяғыда деймін, Сабаң біздің ауылға келді ғой. Бұлғақтаған байдың ұлы. Үстіндегі шапаны тазадан тіккен. Тазадан. Басында құндыз бөрік. Аяқта санжұтқан саптама. Сонда, қырғыздың қыздары, күйеуді талаймыз деп лап қойғанда, қалтасынан тек Мекалайдың қып-қызыл сөлкебайын уыстап алып шытырлатып үлестіріп келеді. Қыз-қырқын күйеумен айтысамыз деп жиналып, қамап отырып алды. Сабаң сонда домбырасын күркіретіп, көзі жайнап отыр. Айтысуға сол бойы ешкім батпады ғой. Жездем керемет еді ғой. Айтсақ сол Сабыттың әңгімесін айтайық бүгін.

Қырғызға қыз алуға барғаны ғой, сенің айтып отырғаның, — Шерім домбыраны бауырына басып Келбетке ойлана көз тастаған.

Алғанының барлығы қырғыздың қызы еді ғой, — деді Күлбағила.

Қарағым, Күлбағила, — деді Шерім кенет серпіліп, — Сенің бетіңе шіркеу салғаным емес, дұрыс түсін. Өткен өмір ғой, — Домбыраны қағып қалды, — Екеуміз де он бестеміз. Жасты едік қой. Қырғыздың ауылына аттандық. Үлкендер бөлек. Ертерек жол жүріп кеткен. Жастар жарты күн қалып бардық. Жол бойы ойын-күлкі. Әлі есімде, мынау Қаратұмадан асып шатқалдың ішіне кіргеніміз сол еді, алдымыздан көлденеңдеп бір қасқыр өте берсін. Қиқулап тұра қудық. Жер қара. Адымын аштырмадық. Сонда әлгі қасқыр сасқанынан, кездескен бір інге кіріп кетті. Қамалап қоршап тұрмыз. Жігіттердің біреуі інге бұрау салды. Бұрау жүнін терісімен қосып шиырған болу керек, қаңқ ете қалғаны естілді. Бақыртып жүріп суырып алсақ… көкшулан бір ит екен. Елдің бәрі қыран-топан күліп жатыр. Әлгі итіміз босап шығып қашып бара жатыр. Жолдағы бір бай ауылдың иті болып шықты. Сол ауылға түсіп, қонақасы жедік. Ол да бір  қызық қой. Қыздың ауылына жеттік. Қырғыздардың бір жақсы  әдеті болушы еді. Қызды тұмшаламай еркін ұстайтын. Әлі есімде, Ақзибаның үстіне екеуміз кіріп бардық. Сабыт бір тізерлеп отыра қалып Тәттімбеттің өрт күйін тартты. Сонда  деймін, бүгінгідей көз алдымда, нанасың ба, қарағым, сонау шымылдықтың ішінде отырған Ақзибаның жүрегі аттай тулап алқынып отырғанын естідім. – Шерімнің көзі кенет мөлдіреп кетті, – Содан не керек, түні бойы той. Қаншама жамбы тіктік. Таудай ет, көлдей сорпа. Ішкен мас, жеген тоқ. Қанша ән айтылды. Қанша күй шертілді. Жастық-мастық қой. Көз шырымын ғана алдық. Таңертең түк болмағандай сергекпіз. Қырға шықтық. Көктемнің кезі. Дала інжу төккендей жарқырап, туырылып жатыр. Жусан көкірегіңді қабады. Сабыт пен Ақзиба, Сағаны бетке алып шаба жөнелгенде, аттарының тұяғы менің жүрегімдей дүрсілдеді ғой, шіркін. Ойхой, дүние, ол да бір заман екен ғой.

Шерім көзі жасаурап, төмен қарады…

Түн ортасынан ауа тарасқан. Ай жарық. Ауыл қалың ұйқыда. Төңірек күміс нұрға бөгіп ертегі мекендей елестеген. Әжігерей біреу жетелегендей таныс қақпаның алдына барды. Бұның  келгенін күтіп тұрғандай верандадан біреу қараң етіп өтті. Есік ашылды. Гүлшат екен.

– Мені іздеп келдің бе? — деген сыбырлап.

Сені іздемегенде кімді іздеймін? — деді Әжігерей, –Жүр, кеттік.

Гүлшат қайда баратындарын сұраған да жоқ, еріп жүре берді. Өзеннің жағасына жетіп асығыс айқаласқан. Гүлшат  бәріне де үнсіз көнді. Әжігерей қалай күйіп жанса да қыз мінезінде әлдебір өзгерістің барын байқаған. Әрине, ықыласында мін жоқ, барлық тілегін берді. Бірақ міндет атқарып жүргендей, мұқият қана ықылас. Алқынған құмарлық басылып екеуі үнсіз қалды.

Әжігерей теріс қарап жатқан қызды иығынан тартты.

Гүлшат.

О, не?

Неге үндемейсің?

Не айтайын?

Айтатын нәрсеміз таусылып па еді?

Жоқ, әлі таусылған жоқ.

Әжігерей Гүлшатты бауырына тартып жүзіне зер сала қараған. Қыз бұның қолын жайымен сырып аулағырақ жатқан.

— Үйленейік, — деді Әжігерей.

Гүлшат мырс еткен. Содан соң орнынан тұрып тіктеліп отырды.

Әжігерей сәл тіксініп қалды.

Неге күлесің?

Мен күлгем жоқ.

Онда неге мырс еттің?

Мен күлгем жоқ, — деді Гүлшат күрсініп.

Әжігерейдің бетіне тік қараған. Қыздың әлпеті ілезде өзгергеніне қайран қалды. Түсі сұп-суық. Көзінде қатқыл жарқыл. Бұрынғы Гүлшаттан нышан да қалмағандай.

Мен күлгем жоқ, — деді Гүлшат нығарлап, — Мен жылап отырмын.

Нені жоқтап?

Сені жоқтап жылап отырмын.

Мен әлі өлгем жоқ қой, — деді Әжігерей бір түрлі жайсызданып.

Гүлшаттың жүзінде түсініксіз бір аяныш пайда болған.

Қайран Әжігерей, — деді даусын созып. — Аңғалсың-ау. Осы аңғалдығыңнан талай опық жерсің әлі. Сенің атаңдай адам жер бетінде жоқ. Өткенде, мен сендердікінде қонақ болғанда ол кісінің айтқан бір сөзі есімде қалды. Бақсам, сол сөзді маған айтқан екен.

Не айтып еді?

Өнерді сор ғана көтереді деген. Баламның мандайының соры бес елі, тағдырыңды қоса қалсаң, осы есіңде болсын дегені ғой. Әжігерей, сенің сорың қалың, өйткені өнерің биік.

Мен сені шын жақсы көрем. Есіңде ме, бірде мен, сені неге кездестірдім екен деп едім ғой. Ол сөзді өкінгендіктен айтқам жоқ. Неліктен айтқанымды өзім де білмеймін. Бірақ әйтеуір жамандықтан шыққан сөз емес. Сені кездестіргеніме … бақыттымын. Сенімен кешкен аз ғана қызық… жоқ, сенімен татқан күйік… жүрегімде күйік болып қалады. Тәтті күйік болып…

Сен ештеңенің жөнін білмейтін аңғалсың, бірақ сенің аңғалдығың басқаның ақылынан артық. Өмір бәрін үйретер, білмей жатқаның болса білерсің, үйренерсің. Бәріне де жетерсің. Мен сені шын жақсы көрем. Бірақ сен менің маңдайыма сыймайсың. Жұлдызың биік, арманың асқақ. Сен жүйріксің, мен шабанмын.

Әжігерей басын шайқаған.

Жүйрік, шабан… Ол не? Осы сөзді саған мен айтпасам болды емес пе?

Арамызда сөз болғаннан кейін, сен айттың не, мен айттым не? — деді Гүлшат.

Екеуі үнсіз қалды. Гүлшаттың сөзімен дүниедегі дыбыс атаулы бірге өшкендей. Сілтідей тыныштық. Анда-санда ғана ауыл жақтан маң төбеттің манаурай әуп еткені естіледі. Таң алдындағы өлкектен шидің басы баяу тербеледі.

Мен әнеукүні-ақ Семейге кетіп қалар едім. Сен үшін қалдым. Тілдеспей, түріңді бір көрмей кете алмадым, — Гүлшат еңкейіп бара жатқан айға иек қаққан, — Мен жыладым. Айға қарап көп жыладым. Екеумізді неге осындай қылып жаратты екен деп. — Көзінде жас, Әжігерейге елжірей қараған, — Алғашқы түніміз есіңде ме, Әжікен? Онда да осындай ай туып еді ғой.

Ол түнді қалай ұмытайын, — деді Әжігерей. Кенет ішінен бір нәрсе солқ етті. Іші-бауыры езіліп көзінен дию жас болып шыққан.

Жарығым, алтыным, — деді Гүлшат Әжігерейді жанұшыра құшақтап, бетінен, ернінен сүйіп, — Жыламашы. Асылым. Жыламашы. Еркектің жылағанынан қорқамын. Жыламашы, жарығым. Әлі талай қызды көресің. Бұның бәрі бір күнгідей болмай ұмытылады.

Сендей болмас, — деді Әжігерей өксіп. Жылағанына ұялған жоқ. — Сендей жар маған жоқ. Болмайды да.

Еш адам бір қалыппен жүрмейді, — деді Гүлшат бұны арқасынан қағып жұбатып тұрып. Содан соң құлағын өртей сыбырлаған, — Әжікен, таң атып барады ғой.

Екеуі көк шөпті жапыра құлаған. Бұл жолы қыз сынаптай сырғып естен тандырған. Шығыс жақ қызыл мұхиттай көтеріліп күн шығып келе жатқанда сілесі қатып ұйықтап барады екен. Түсініксіз бір жалғыздықтан шошып оянды. Гүлшат жоқ. Жалғыз өзі. Төңірек жаздың жаухар нұрына шомылып, бүкіл өңір тіршілік жырына ұйып тамылжып тұр. Көз алдына Гүлшаттың шұғылалы жүзі елестеді. Міне, мен сені биік белден асырып, жерұйыққа жеткіздім, енді арманың жоқ шығар, жолыңды тап, қош бол деп артына қарай-қарай кетіп бара жатқандай.

Кенет, жүрегінде Тәңірінің мөріндей таңбаланып қалған, болған-болмағанынан ешқандай дерек жоқ, санасынан арылмайтын мәңгі түс қайтадан бойын билеген. Әлдебір мейірімді адам… кім екені белгісіз… әйтеуір мейірімді екенін біледі… қолынан нық ұстап жетелеп келеді. Жолда, иісі аңқыған қаншама өзен-көлдер… гүлі бұлықсыған қаншама ойран көгалдар кездеседі. Бірақ екеуі ешқайда мойын бұрмайды… Тек алға қарай жүре береді, жүре береді…

***

Кейін көп ойланған. Алғашында асау көңіл ештеңені мойындағысы келмей шапшығанымен, артынан ақыл тоқтата келе Гүлшат айтқаннан артық амал таба алмаған. Шын махаббат қашанда қайғы ғана әкеледі. Бұл — фәнидің бұлжымас заңы, себебі махаббат жүрегіңнен жаңа жол ашады, айрыққа қояды. Махаббаттың дерті келгенде ненің ақиқат, ненің жалған екені ашылады, ненің мәнді, ненің мәнсіз екенін түсінесің. Сол сәтте өзіңнің тамырың фәниде екенін көресің – қайғың осыны білгеннен. Махаббат келгенде өзіңнің мұратың неде екенін танисың, алыстан құзар шың көзіңе шалынады, бірақ сен ол шыңның басында емессің, сен жердесің — қайғың осыны білгеннен. Алдыңа келген — елес, бар болғаны елес. Түсіңде Жаратқанның әуезін естігендейсің, ал оянғанда жаныңды аялаған сол әуезден айрылдың. Білесің, бір нәрсе болды, бірақ шындыққа айналмады. Самалдың лебіндей келді де кетті. Егер махаббат қайғы әкелмесе, онда ол махаббат болмағаны. Себебі, махаббат пен қайғы, махаббат пен қасірет — егіз. Махаббат Жаратқанның алқауымен келген деседі. Екі жүрек бір біріне жақындайды, арасы қыл өтпейтіндей болып қабысады, бірақ сол жақындықтың өзі екеуінің екі бөлек болғандығынан.

Адам жүректен ары бара алмайды — қайғың осыны білгеннен. Мұрат жақын, қол созым жерде, бірақ бәрібір жете алмайсың. Махаббат үміттендіреді, бірақ арманыңа жеткізбейді. Ол үмітіңді ақтамайды — қайғың осыны білгеннен. Бала жасынан қуаныштан, бақыттан қорқатын, себебі бақыттан кейін, қуаныштан кейін келген қайғы екі есе ауыр. Ол қасіретке ғана сенетін. Қасірет — кемеңгер. Қасірет ешқашан алдамайтын адал, себебі ол қашанда жаныңнан табылады.

* * *

Гүлшат Семейге жүріп кеткен түні ұйықтамай шықты. Балалық шағы өткен төрт қабырғаның әр бұрышынан озған өмірдің елестері атойлай көтеріліп, өң мен түс арасында кірпік қақпай жатқан да қойған. Таң алагеуімнен тұрып, ауланы, өзі талай жасырынбақ ойнаған қораны аралап шықты. Күлбағила шайға шақырған. Бір шыны ішіп кесесін төңкерді.

— Тағы іш, — деді Күлбағила.

— Рахмет, — деді Әжігерей.

Екеуі үнсіз қалды.

— Әже… — деді Әжігерей ауыр тыныштықты бұзып. Күлбағила селт еткен жоқ. Осы әңгіменің болатынын күні бұрын білгендей.

— О не? — деді естілер-естілмес, — Бұрын мені былай атамаушы едің ғой.

Әжігерейдің көкірегінде әжесіне деген, баяғыда ұмытылған ықыластың бір нышаны қайта елес берді. Қанша толқып отырса да, көңіліне қаяу түсірмейін деп әр сөзді мұқият теріп сөйлеуге тырысқан.

— Өзіңіз де біліп отырған шығарсыз… атам өлерінде маған барлық сырын айтып кетті.

Күлбағила ештеңе деген жоқ. Тек басын сәл кегжитіп, ішіңдегінің бәрін айт дегенді көзбен білдіріп, тәкаппар отыр. Бірақ осы тәкаппар отырысының өзі аянышты еді. Әжігерейдің жүрегі шымыр ете қалған.

Атам… өзің біл… өзің шеш деген. Жаман болар, жақсы болар, аз дәм татыстық. Осы күнім үшін мен сізге қарыздармын. Қалима менің анам, ал асыраған адам — сіз. Сондықтан мен барлығын да сіздің бір ауыз сөзіңізге тіреп отырмын. Егерде сіз қал десеңіз, міне — Алла, міне — аруақ, қаламын. Өле-өлгенше сыйласып өтеміз. Атам өлді, бірақ атамның орны өлген жоқ.

Құдайы шыны осы еді. Күлбағила жауап бермей сәл тосылды.

– Рахмет, – деді содан соң демін ауыр алып, – Дәм-тұзға адал болғаның үшін рахмет. Сен маған қарыздар емессің, қарағым. Құдайға ғана қарызсың. Өйтіп жаныңды жеме. Сен ішкен бір аяқ көжені қонақ та ішер еді. Бағыңды байлап қайтейін. Арқаң бос, жарығым. Атаң жетпеген биікке өзің жет енді. Анаң да сен келеді дей-дей әбден шаршаған шығар. Бар қуант.

Әжігерей кетуге дайындалды. Ештеңеге қол тигізген жоқ. Тек қабырғада ілулі тұрған домбыраға қол созып, бола ма дегендей әжесіне қараған.

– Ал, ал, – деді Күлбағила – Атаңнан қалған мүлік қой. Сен алмағанда, кім алады.

Әжігерей есіктің тұтқасынан ұстады.

– Сырғалы қыз, сіргелі өгіз бізде де болған. Артыңа қарайлай жүр, – деді Күлбағила күрсініп, – Қайда жүрсең де аман бол.

Әжігерей үн-түн демей ауыз үйге шықты. Осы кезде Күлбағила әндетіп қоя берген.

“Гүлдариға!”

Басында Баянауыл ойнайды арқар,

Арқырап таудың суы төмен сарқар.

Бірге өскен кішкентайдан, сәулетайым,

Қайғы-шер қатып қалған қашан тарқар.

Бұл әнді әжесі жас кезінде бұның атасына алғаш ғашық болғанда айтқан деседі. Кімнен естігені есінде жоқ. Сәл қарлығыңқы дауыспен ешқандай нәшсіз, ешқандай әшекейсіз айтылған ән жанының терең түкпіріне жетіп, бұрын сезіп-білмеген, жүрек елжіреткен аяулы мұңды оятты. Ән, біреу үшін өнер болса, біреу үшін қасірет пен күрсініс екен.

Соқыр адамдай есікті сипалап далаға шықты. Ауладан өтіп қара жолға түсті. Артына бұрылып тағы бір қараған. Төбесі жапырайған, қабырғасы ойдым-ойдым там, батысқа қараған қос терезе жетімсіреп көрінген. Ескі дүние бұған қол бұлғап, қош десіп тұрғандай. Басын биік ұстап жүріп кетті.

Соңы

«Талтүс» романның жалғасын «Кәрі күйші» әңгімесін оқу

Роман туралы Мадина Омарованың мақаласын оқу

Роман туралы «Қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі қасірет пен қайғының орны» сұхбатты оқу

Роман  туралы Әлия Бөпежанованың пікірін оқу

Оставьте первый комментарий

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован.


*