Әлия БӨПЕЖАНОВА: Т. Әсемқұловтың «Қазіргі қазақ романы» конкурсына түскен «КӘРІ КҮЙШІ» атты қолжазбасына пікір

Әлем әдебиетінде, оның ішінде қазақ әдебиетінде де таза өнер, өнер адамы  туралы шығармалар баршылық. Ал, күй  мен күйші құдыреті туралы шығармалар, әрине, тек қазақ әдебиетінде бар. Дей тұрғанда күй мен күйші оқиғаларға орай шығатын шығармаларды айтпағанда негізгі сүйегіне айналатындары  санаулы. Мұндайда еске бірден Ілияс Жансүгіров пен  Тәкен Әлімқұлов  туындылары оралады. Жұмекен романдары еске түседі.   Біз бұл ретте күй құдыреті мен сол құдыретті тудырушы күйші,  жеткізуші  домбырашының  жан дүниесіне үңіліп, екі ішек домбыраның, одан шығар  құдыретті  күй толғаудың  философиясы мен эстетикасын, жеке өнер адамының мұраты  арқылы  халық болмыс бітімін ашуға ұмтылған  суреткерлер туралы айтып отырмыз. Ілиястың Молықбай шалы, Тәкеннің Тәтекең — Тәттімбеті, Ықыласы сияқты бейнелерді айтып отырмыз.

Біз бірер ауыз пікір білдірмекке ниет етіп отырған роман  әдебиетіміздегі  осы дәстүрді жалғастырғандай. Бұл – дәстүрді өз қырынан, өз тарихымен жалғастырған роман. Дәстүрлі роман. Шығарма идеясы мен материалы, әрине, дәстүрлі роман формасына сұранып тұр. Автор, енді бір есептен, халық ауыз әдебиеті, яғни қазақтың классикалық әдебиетінің шеңбер принципін  (әңгімеден әңгіме туындайтын)  шебер пайдалана отырып, арғы-бергі тарихты да қамтитын тұстары бар. Осыдан да келіп романда қазақтың ХХ ғасырдағы, әрауық ХІХ ғасырдағы да тарихы жүлгеленіп шығады.

Бүткіл бір ұлттың тұрмыс салтының өзгеруі – үлкен сын. Осы сынға төтеп бергендер беріп, бере алмағандар қасіретін шегіп күн кешкен халық өмірін роман  подтекстінен оқып отырасыз.

Әлімсақтан белгілі: ұлтты, этносты өзгеден ерек танытатын мәдениеті, оның ішінде өнері, салт-дәстүрі. Осы арқылы ұлттың дүниетаным, өмірсезімі танылады, қысқасы болмысы танылады. Романда осы ұлттық болмыс, ұлттық жансезім бар. Ірі, кесек мінездер, қысқасы, нағыз қазақтар бейнелері бар: Сабыт ақсақал, Ахметжан, Шерім, Сәруар, тағы да басқа.

Туындының этикалық пафосы мықты.  Бұл ретте, әрине, ең алдымен Сабыт ақсақал бейнесін айтамыз. Нендей қиындық пен азапта да Тәңірі жаратқанға ғана арқа сүйеген, сабырынан айырылмайтын Сабыт  халық даналығының символындай. Және тағы әшейінгі қазақтан оны ерекшелейтін өнері. Ата балаға мұра етіп қалдырар өнер, қасиетті өнері.
Романда өнердің  нұрлы кеңістігі бар, тазалық бар. Хас өнердің бір аты – тазалық, мүмкін, содан.  Хас домбырашы,  хас қазақ, әңгімесіне қарағанда, Тәттімбет мектебін көрген  Сабыттың  немересі Әжігерейді саналы түрде өз өнерінің мұрагері етіп  тәрбиелеу тәлім-тәжірибесі  ұлттық тәлім-тәрбие мектебімен үндес жатыр. Ықылас, Сүгірлердің, Әйкен домбырашының  өнері кейінге қалай жеткені туралы ауызекі әңгімелерден естігеніміз бар. Ал, шамалап байқағанда, Сүгірлермен замандас  Сабыт ақсақал жинақтық бейне деуге болады. Тәнті етері – мақсатты тірлік кешкені. Өнер алдындағы орасан жауапкершілігі, өнерді кие тұтуы. Сабыт ақсақал  – домбыра, қобыз, халық өнері  атаулы этнография ғана болып, экзотика  болып, “қадірі түскен” кеңестік идеология тұсында, бұлақ көзіндей болған мықтылардың типтік бейнесі. Осы ретте Асқар Сүлейменовтің “самое жуткое, что совершила культурная революция (в советско-китайском варианте) – это то, что  она сообщила понятию творчества массовый облик, понятие ширботреба – одним словом, сознание, как творчество стало субъектом продовольственного магазина” деген пікірі еске түседі.  Ал, кейіпкерін типтік бейнеге көтеру – жазушы шеберлігінің бір көрсеткіші.
Өнер жолы – азапты жол деп жатады, бұған келісу қиын. Өнер азаптан тумайтын шығар, өнер құштарлықтан, тазалықтан туады. Ал, азап дегенде, шамасы, өнердің адамды өзіне  біржола берілуді “талап етері”, басыбүтін  қызмет еткізу құдыреті айтылар болса керек. Романның өмірлік-оқиғалық желісі  Әжігерей, оның   балалық шағын баяндау арқылы өрбіп отырады. Жалғыз бала, апасының қатты мінезінен қамкөңіл баланың жұбанышын домбырадан табуы, көңіл-күйді домбырамен толғауы, кейін өсе келе, тоқи келе шеберлік қырларына үңіле бастауы (Сәруар мен атасының, Ғазиз бен атасының айырмашылығын тануы, Шерімнің әнін өзінше талдауы, т.б.), алғашқы сезімі, қысқасы, бала бозбала болып ер жеткенге дейінгі  рухани тәжірибесі көркем баяндалады. Атасы Сабыттан дүние кешері алдында барлық шындықты естіп – бір, атасынан айырылып – екі, көңілі құлаған қыздан ажырап – үш “естен танатын” бозбаланың бір күй шығаратын немесе домбырамен зар төгетін-ақ тұсы-ды. Шығарма осылай аяқталса ұта түсер ме еді…

Ата өсиетімен өз анасы Қалимаға оралатын бозбаланың бұдан кейінгі тағдыры, бәлкім, шебер домбырашы болып толысуының, өзіндік өнер ортасының, өнер-тағдыр жолының немесе өзгелей тарихы келесі шығарманың үлесінде шығар – кейіпкер бейнесі соған сұранып тұр.

Көркем туынды бүгінгі қазақ әдебиетінде онша көп ашылмаған, өте мәйекті тақырыпты арқау еткен және өз үдесінен шыққан. Ұлттық өнердің сандығын ашып, “біздерде мынадай болған” деп, оның әр қырын, түрін көрсету, көркем бейнелеу де бүгінде сирек кездеседі. Роман, осынысымен де бағалы, толыққанды. Бұл – кітап етіп шығаруға және өзге тілдерге аударуға әбден болатын туынды.

Әлия Бөпежанова
қазан 2003

P.S. Талас, «Талтүс» романыңа кезінде жазған жабық рецензиямды салып отырмын. Реті келгенде айта өтейін, «Қазіргі қазақ романы» конкурсына қазақ тілінде түскен ұмытпасам, 20-дан астам үзінді-заявкадан «қазіргі қазақ романының үш қырын танытады» деп, өзіңнің «Бала күйші», Дидардың «Гүлдер мен кітаптар»,  және Айгүлдің «Мұнарасын»  таңдаған Зейнолла аға (Серіққали)  екеуміз едік. Аға жобаның жетекшісі, мен эксперті болдым. Романдар қолжазбасы толық түскенде рецензент ретінде үшеуіне де қорытынды пікір берген едім. Мына материал сол 2003 жылы қазанда жазылған.  Кейін кітапқа қосқанда, әрине, шамалы толықтырдым.