ДОМБЫРА–НАМА

Таласбек Әсемқұлов

 

1980 жылы  мен ҚазПИ-дің филология факультетін тамамдадым. Жаз бойы елде болдым. Бірақ ауылдан жұмыстың реті келмеді. Аудандық оқу бөліміне барғанымда онда отырған қызметкер әйел бүкіл аудан көлеміндегі мектептермен хабарласып бір мұғалімдік орын тауып бере алмаған. Міне, осылайша, не істерге білмей әрі-сәрі күйде жүргенімде Алматыдан Жарқын ағам телефон шалды.

– Алматыға тез жет,–деген ағам сөзге келмей. — Алдымызда үлкен жұмыс тұр.

Екі күннен кейін Алматыға жеттім. Жәкең мәселені егжей-тегжейлі түсіндірді. Алматыда жаңадан ұлт аспаптар музейі ашылғалы жатқан көрінеді. Музейдің қызметкерлерін кілең музыканттардан алады екен.

— Өзбекәлі ағаға сен жайында айттым, — деді Жәкең. –Сені жұмысқа алуға келісіп отыр.

Бірнеше күннен кейін Мәдениет министрінің орынбасары Өзбекәлі Жәнібековтың қабылдауында  болдық. Етжеңді, бойы ортадан сәл биіктеу, қылаң өңді, көрікті адам екен. Көзі сығырайыңқырап, дауысы қарлығыңқырап сөйлейді екен.  Мен жайында бәрін білетін болып шықты.

— 1976-шы жылы «Жұлдызға» шыққан Мұхтар Мағауиннің мақаласын оқыдым. Күйтабағыңды тыңдадым, жақсы домбырашысың, — деген төмен қарап отырып. –Қаласаң музейге жұмысқа кел.

Содан соң жаңадан ашылып жатқан құрылым жайында қысқаша айтып өткен.

— Бұл қазақтың ғана емес, атынан көрініп тұрғандай барлық ұлттардың музыкалық аспаптарын жинап-сақтайтын музей. Сондай-ақ жай жинап қойып қарап отыратын жер емес. Біз, міне, Жарқынмен ақылдаса келе музейдің өзінен фольклорлық-этнографиялық оркестр ашайық деп шештік. Бұл ансамбль мына қазіргі ансамбльдер сияқты емес, көне аспаптарда ойнайды. Яғни, жай емес, көне аспаптарды тірілтуші оркестр. Сырттан оркестр жалдауға біздің мүмкіндігіміз жоқ, сондықтан музейдің ғылыми я басқа қызметкерлерін музыканттардан алып жатырмыз.

Өз-ағаң сараң жымиған.

— Әзірге директор мен бас бухгалтер, бір орыс әйел бар. Сен келсең үшінші қызметкерсің.

Сонымен, әзірге қолымызда Министрлер Кеңесінің Жарлығынан басқа ештеңеміз жоқ, жаңа музей қызметкерлері жұмысқа кірістік. Қазір, әрине, қаншама уақыт өткеннен кейін, бәрі де өз-өзінен оп-оңай бола салған сияқты. Бірақ советтік бюрократиялық жүйеде жаңа құрылым, жаңа мекеменің ашылуы  деп аталатын  тозақтың бастан-аяқ куәсі біз болдық.

Сонау Москвадан, Қазақстандағы ең соңғы шенеуніктің арасындағы  мәселе шешетін ондаған инстанциялар бар. Осылардың әрқайсысымен жеке-жеке сөйлесу керек. Әрқайсысына жеке-жеке ұғындыру керек. Мен кей-кейде ойлаймын, осы Өзбекәлі ағамыз өмірінде ұйықтады ма екен деп. Қай кезде демалады, қай кезде тамақ ішеді түсініксіз. Ешқашан кабинеттен шықпайтын сияқты, телефоннан түспейтін сияқты. Кабинетке шақырады, әңгімелесеміз. Ақылдасамыз. Сергек. Сөзден, ойдан жаңылмайды. Алайда жүзінен, маңдайынан ұйқысыз өткен түндердің кірбіңі көрініп тұрады. Ешқашан ештеңені ұмытпайды. Мысалы, осыдан бірер ай бұрын бір жерден жүз килограмм шеге, музейдің концерт залының  сахнасын немесе басқа бөлмелерін өрнектеп безендіруге керек бірнеше центнер гипс алу тапсырылады.  Бұны шаруаның жайымен жүріп сен ұмытып кетесің. Ал Қазақстандағы бүкіл мәдени объектілердің кураторы, ондаған жобаларды қатар жүргізіп отырған ол ұмытпайды. Өзінің қырылдаңқы дауысымен «Әлгі шаруа не болды?» деп сұрағанда есіңе бір-ақ түседі. Жұмысқа келгенда аяусыз адам еді. Жақсылықты жасайды, бірақ жұмысты да қатал сұрайды. Бірде ұмытшақ бастықтардың біреуіне үстелінің тартпасынан су жаңа үлкен блокнотты алып: «Міне, миыңда ұстай алмайды екенсің, тапсырмаларды мынаған жазып жүр», — деп бергені бар.

Тағы бірде мынадай болды. Өз-ағаң күндіз Түркістандағы Хазіреттің құжырасында болып, жұмысты бақылап, түстен кейін Алматыдағы бір жиынға кетеді. Реставраторлар енді кем дегенде бір апта бос шығармыз деп түні бойы «көңіл көтереді». Таң алдында есіктен …Өзбекәлі Жәнібеков кіреді.  «Түс көріп тұрмыз ба десек Өз-ағаңның өзі екен. Сонда көзіміз тас төбемізден шығып еді» дегені бар еді бір суретшінің.

1981 жылдың көктемі, музейдің ғимараты бітейін деп қалғанда Өз-ағаң бір жарым ай бойы үстіне халат киіп, білекті сыбанып тастап суретші-реставраторлармен бірге еңбек етті. Кешке қарай бір адамды жұмсап түнде жейтін нан, май, самса, ішетін шәй, қант (өз ақшасына) алдырады. Қас-қабақ, кірпіктеріне дейін гипске былғанып түні бойы жұмыс істейді. Таң ата министрліктегі өз қызметіне аттанады. Бірде музейге бір соққанымызда суретшілердің біреуі:

— Нансаң, таңғы сегізге дейін жұмыс істедік. Өзі жаңа ғана кетті, құлайын деп тұрмыз, — деп еді.

Сол жылдары «Казреставрацияның» суретшілері шығарған қанатты сөз болған «Өзбекәлі Жәнібековпен жұмыс істегенде, адал еңбек еткеннен басқа амал жоқ» деген.  Себебі, Өз-ағаң «айналма жол», «бастықтармен келісіп істеу» дегенді білмейтін адам еді. Міндет және соны орындау дегенді ғана түсінетін. Қамқорлығының өзі біртүрлі қатыгездеу болатын. Мысалы, 1982 жылы көктемде «Сазген» ансамблін Шымкент өңіріне гастрольге аттандырды. Шымкенттің  вокзалынан қарсы алған жергілікті азаматтар кетер-кеткенше қол-аяғымызды  жерге тигізбей, алақандарына салып күтті. Қай жерге барсақ жатын орын дайын, сахна жалға алынған, билеттер сатылған, ас-су әзір. Ертегідегідей. Алматыға шығарып салып тұрғанда бізді бастап жүрген администратор жігіт: «Мемлекеттік оркестрді қарсы алғандай болдық қой. Өз-ағаң күнде телефон соғып әкемізді танытып отырды ғой»,-деп еді.

Сөйтсек, Өз-ағаң, обкомды былай қойып қойыңыз, райкомдарға дейін телефон шалып, ансамбльді қалай қарсы алу керек екені жайында күнде нұсқау беріп отырыпты.

Ал енді ансамбльді гастрольге дайындағаны бөлек әңгіме. Әуелі номерді жариялайтын конференсьені қатты сынға алды.

— Даусың реңсіз, сахнаға сүйретіліп шығасың. Құдды біреудің өлімін естірткен адамдайсың. Конферансье деген жайнап тұруы керек,-деген.

Содан соң драмтеатрдан бір профессионал актерді алып келді. Нағыз конферансье дегеннің не екенін сонда көрдік. Осылайша барлығымыз сахна мәдениетінің тәрбиесінен  өттік. Сол жылдың күзінде «Сазген» ансамблі Югославияға барып қайтты. Аты шыққан профессионал коллективтер тұрғанда құрылғанына екі-ақ жыл болған шағын ансамбльдің шетелге шығуы, бұл да Өзбекәлі ағамыздың шарапаты. Бұл жолы да ансамбльді дайындағанда барлығымызды әскерше ойнатқан. Бізбен жұмыс істеуге Халық әртісі Бәйтен Омаров арнайы шақырылған.

Айта берсе, естелік көп. Міне, сол музей алғаш құрыла бастағанда бір күтпеген оқиға болды. Біз білмейтін бір себеппен Болат Сарыбаевтың коллекциясы музейге алынбайтын болыпты. Музейдің ашылуы жайында Мемлекеттің Жарлығы шығарылған, музейдің ғимаратын шеберлер дайындап жатыр. Ал музейдің экспозициясын толтыратын аспаптар аяқ астынан келмейтін болып қалған. Әрине, жаңа мұражайдың ашылғалы жатқаны газеттен де, журналдан да, радио мен теледидардан да барынша жарнамаланып жатыр. Хабарды ести сала Әбікен Хасеновтың бәйбішесі Шәкен апай ұлы күйшінің домбырасын елдің алды болып, Жарқын Шәкерімовтың  өз  қолына ұстатып кетті.

Осылайша, Манарбек Ержановтың домбырасы, Жамбыл атамыздың, Дина әжеміздің домбыралары, Дәулет Мықтыбаевтың қобызы жеткізілген. Қызыл жырау, Мұрын жыраулардың көне домбыраларын Өзбекәлі Жәнібеков өзі тауып алып келді. Белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбеков кем дегенде бір жарым ғасыр сақталған қара қобызды әкеліп өткізді. Алайда мұның бәрі музейдің бір ғана сөресіне сыйып кететін азғантай ғана мүлік. Музейдің дайындалып жатқан ұланғайыр экспозициясын немен толтырасыз?

Осы кезде Өз-ағаң күтпеген шешім қабылдаған. Бірде музейдің директоры Жарқын Шәкәрімов, мен, қобызшы Ерлан Қуандықов, биші Ботагөз Құспанова, әнші Қожахмет Мұсабеков, барлығымыз Өзбекәлі Жәнібековтың кабинетіне шақырылдық. Өз-ағаңның жанында орта жастардағы орыс әйелі отыр екен. Жұрт жайғасып болғаннан кейін Өз-ағаң бізді қонағына, қонағын бізге таныстырып шықты.

— Бұл Тамара Семеновна Вызго деген әйгілі аспаптанушы, музыка зерттеуші ғалым. Ташкенттегі Хамза атындағы өнертану институтында қызмет етеді. Өнертану ғылымдарының докторы. Бұл жай ғалым емес, музыкатануда үлкен революция жасаған адам. «Афрасиабская лютня» деп аталатын мақаласы кезінде біздің ғылымды дүр сілкіндірген. Орта Азия мен Қазақстанда кең тараған домбыра, тамбур, дутар, ғиджақ сияқты аспаптар Еуразияның ішекті аспаптарының  пайда болуына ықпал етті деген «күпір» ойды алғаш айтқан осы кісі еді.

Өз-ағаң алдында жатқан үлкен кітапты бізге қарай жылжытты.

— Міне, мынау Тамара Семеновнаның соңғы кітабы. «Музыкальные инструменты Средней Азии» деп аталады. Енді Тамара Семеновна, өзіңіздің ойларыңызды айтыңыз.

Ғалым әйел ұзақ сөйлеген. Өте білімді адам, қаншама біз білмейтін деректерді, ғылыми теорияларды алдымызға жайып салды.

— Мен Болат Шамғалиевич Сарыбаевты жақсы танимын. Оны үлкен ғалым деп есептеймін. Ол кісінің өз коллекциясын сақтап қалғысы келгенін де түсінуге болады. Басқалар бұл музыкалық аспаптарды өзімдей күтіп сақтай алмайды деп шешкен шығар. Жарайды, жеке коллекция болып тұра бергені де дұрыс шығар. Несі бар, Третьяковтың галереясы, міне, атақты өнер көрмесіне айналып отыр. Бахрушин жинаған коллекция ақырында музыкалық аспаптар музейіне айналды. Сарыбаевтың коллекциясы да жеке музей-үйге айналар кейін. Алматы сияқты қалаға екі өнер музейі көп емес.

Содан соң біздің музейдің қазіргі ахуалына көшкен.

— Музей міндетті түрде түпнұсқа (оригинал) аспап қана жинау керек деген арнайы нұсқау жоқ. Әрине, оригинал болғаны дұрыс. Алайда, оригинал жоқта, қандай да болмасын мүлік бұрынғы сызба-чертеждердің негізінде жаңадан жасалады. Музыкалық аспап қана емес, кейде жойылып кеткен салтанатты сарайлар, тұтас қалалар суреттің негізінде қайтадан қалыпқа келіп жатады. Мен сіздерге мынадай мысал келтірейін. Германиядағы Дрезден  қаласын Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғына қарай Америка, Англия мен Совет Одағының біріккен авиациясы бірнеше күн тоқтаусыз бомбалап тып-типыл, жермен-жексен еткен. Дрезден үлкен үйіндіге айналған. Алайда қазір Германияға барған адам сол бұрынғы Дрезденді көргендей болады. Себебі, қала бұрынғы сурет бойынша қайтадан қалыпқа келтірілген. Мінеки, қандай да болмасын мүлікті жаңадан жасағанда тұрған ештеңе жоқ. Мысалы, Ленинградтағы Эрмитажда музыкалық аспаптар бар. Мәскеудегі Бахрушиннің музейі аспап жинауға маманданған, ұлттық республикалардың тарихи музейлерінде музыкалық аспаптар бар. Солардың көп бөлігі оригинал аспаптар емес, сурет бойынша жасалған реконструкциялар.

Тамара Семеновна түскі асты Өз-ағаңның үйінен ішті. Түстен кейін әңгімесін қайтадан жалғаған.

— Сіздердің музейлеріңіздің уникалдылығы (ерекшелігі) неде? Сіздердің тек қана аспаптану ғылымымен алаңсыз айналысуға мүмкіндіктеріңіз мол. Ашылған сәтте музейді ғылыми орталыққа, музыкатанудың, аспаптанудың ошағына айналдыруға болады. Кейін, республикалық, Одақтық, тіпті десеңіз, мүмкіндік болса Халықаралық конференциялардың, ғылыми жиындардың ұйытқысына айналдыруға болады.

Ғалым жадырай күлген.

— Мен де, шақырсаңыздар, ол жиындарға қуана-қуана қатысар едім.

Тамара Семеновна Мәскеуге бара жатыр екен. Өз-ағаңның өтініші бойынша Алматыға екі күн аялдапты. Тағы бір күн бізбен болып, жиналған аспаптарды тамашалап, құнды пікірлерін, аспаптарды қалай сақтау керек екенін айтып, үшінші күні аттанып кетті.  Ғалымды Өз-ағаңның өзі аэропортқа алып барып, ұшаққа отырғызып шығарып салды.

Ертеңінде белгілі шебер Дәркембай Шоқпаровты бүкіл бригадасымен Мәдениет министрлігіне шақыртқан. Әлі есімде, Мәдениет министрлігінің конференц-залында отырмыз. Өзбекәлі Жәнібеков барлық жайды егжей-тегжейлі түсіндірді. Егер де аспап жеткілікті болмаса музейдің жоспарланған мерзімде ашылмауы мүмкін екенін айтты.

— Сонда бізден не көмек?-деді Дәркембай.

— Шамамен жарты жылдың ішінде ұлт аспаптар музейінің экспозициясын толтырып берулерің керек,-деді Өзбекәлі аға. – Мен ұзақ ойландым. Қазақстандағы барлық шеберлерді ой елегінен өткіздім. Сенен басқа лайықты адам таппадым, Дәркембай. Жағдай қиын. Бұл шаруа сенің қолыңнан ғана келеді. Көмектес.

Шеберлер бір сәт бір-біріне қарап үнсіз қалған.

— Өз-аға-ау, біз бұрын музыкалық аспап жасаумен айналысқан жоқпыз ғой,-деді Дәркембай. – Қалай болар екен. Мысалы, менің мамандығым ат әбзелі, түрлі әшекей. Мына жігіттер де сондай.

— Сен, туғанда ат-әбзелін біліп туған жоқсың ғой,-деді Өзбекәлі аға. – Жүре үйрендің. Адам қандай да болмасын өзі білмейтін бір істі әйтеуір бір күні жаңадан үйренеді. «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген. Мен сендерге, енді музыкалық аспап жасауды меңгеріңдер деп отырмын.

— Болат Сарыбаевтың коллекциясы қайда?-деді жігіттердің бірі.

— Сарыбаевтың коллекциясы келмейтін болды, — деді Өз-ағаң.

— Біздің жасағанымыз бутафория болып жүрмей ме? — деді Дәркембай.

— Музейде, коллекцияда тұрған заттың барлығы бутафория, — деді Өз-ағаң.– Мысалы, сол Сарыбаевтың коллекциясында тұрған аспаптар, кезінде ойналса ойналған шығар, бірақ қазір бірде-біреуі ойнауға жарамайды. Әне, әнеукүні Әбікен Хасеновтың домбырасы келді. Жігіттер ішек тағып шертіп көрді. Дауысы шықпайды. Әбікен ақсақал қайтыс болғаннан кейін ешкім қолына алмаған. Осылайша адамның қолына жат болып кеткен.

— Ойланайық, — деді Дәркембай.

— Ойлануға уақыт жоқ, — деді Өз-ағаң. – Жауапты қазір беріңдер.

Дәркембай күлген.

— Дәлізге шығып бес минут ақылдасуға болатын шығар?

Өзбекәлі аға суық жымиып сағатына қарады.

— Міне, уақыт кетті.

Шеберлер сыртқа шығып аз-маз сөйлесіп қайта кірді.

— Өз-аға, екі мәселе бар,-деді Дәркембай.. – Біріншіден, біздің  пәленбай мекемемен жасасқан келісім шарттарымыз бар. Екіншіден, бізге аспаптардың өлшемдері, суреттері, мүмкін болса түрлі-түсті суреттері керек.

— Мекемелеріңнің тізімін, телефонын бер, келісім шарттарыңды тоқтатып берем. Музейге жұмыс істеңдер,-деді Өзбекәлі аға. – Ал өлшем де, сурет те, барлығы мына кітаптарда.

Өзбекәлі аға Тамара Семеновна Вызгоның жоғарыда айтылған «Орта Азияның музыкалық аспаптары» («Музыкальные инструменты Средней Азии») атты кітабын және Болат Сарыбаевтың екі кітабын Дәркембайдың алдына қойды.

— Аспап туралы бұлардан артық айтқан ешкім жоқ.

Дәркембай «не істейміз» дегендей жігіттерге қарады.

— Келістік пе?-деді Өзбекәлі аға.

— Келістік,-деді Дәркембай.

— Онда әкел қолыңды,-деді Өзбекәлі аға орнынан тұрып қолын ұсынып.

Екеуі шарт еткізіп қол алысқан.

— Куә болыңдар,-деді Өзбекәлі аға әдетінше суық жымиып бізге қарап.

Содан соң Дәркембайдың қолын сілкіп қалды.

— Есіңде болсын, Дәркембай, жарты жыл ғана уақытың бар. Сенеміз сендерге.

Жаңа музейді аспапқа толтыру эпопеясы осылай басталған еді. Әдетте қандай да болмасын музейдің экспозициясы жылдап жиналады. Дәркембай бастаған шеберлер бригадасы айтылған мерзімде жұмысты тындырып  берді. Әрине, Өзбекәлі аға бүкіл процесті тырп еткізбей қадағалап отырған, керек-жарақтың барлығын тауып беріп отырған. Соның өзінде талай анекдоттық оқиғалар болды. Мысалы, даңғыра, дабыл, шыңдауыл сияқты аспаптарға керекті түйенің терісін Маңғыстаудан алдырған. Жидітілген теріні тиеп алып келе жатқан баланы «мына заттарыңның иісі жаман, жолаушылар арыз айтып жатыр» деп жолсеріктер Ақтөбенің жанындағы «Қанды ағаш» станциясынан түсіріп кеткен. Сол бала әлденеше пойыз ауыстырып Алматыға әзер жеткен.

Дәркембай үйінің бірнеше бөлмесін, даладағы жазғы далда, бәрін босатып, шеберлерді жанына алған. Барлығы сонда жатады, сонда тамақтанады. Күндіз-түні тоқтамай жұмыс істейді.  Бір барғанымызда Дәркембайдың әйелі: — Мен тұтас бригадаға тамақ пісіретін аспаз болып алдым. Мына Дәркембайға «маған да жалақы төле деп отырмын»,-деген еді күліп.

Шамамен  бір жарым айдан кейін керемет шеберлікпен жасалған алғашқы аспаптар келе бастады. Ол кезде Мемлекеттік  Орталық музей Панфилов паркіндегі Орыс шіркеуінің ғимаратында отыратын еді. Осы тарихи музеймен келісіп экспонаттарымызды солардың бір бөлмесіне жинай бастадық. Аспаптарға бас-көз болу қызметкеріміз Оразғазы Бейсембаевқа тапсырылған. Бірде Оразғазы жұмысқа күйініп келді. Қолында – қисайып, жапырылып қалған шыңдауыл. Бұны көргенде Өзбекәлі аға меңірейіп отырған да қалған.

— Кім осыны істеген?-деді содан соң қырылдап.

— Өзеке, осындай іс бола ма?-деді Оразғазы. – Мына шыңдауылды күйіп тұрған батарейдің жанына қойған. Ыстықтан тартылған тері шыңдауылды екі бүктеп кеткен.

Тарихи музейдің сол кездегі директоры Қосмамбетова Райхан Ескендірқызы деген әйел еді. Өзбекәлі аға оны да, Дәркембайды да алдына шақыртты. Әуелі Дәркембай келді. Қисайып жатқан шыңдауылды көріп сұп-сұр болып үнсіз қалған.  Барлығымыз үндемей отырмыз.

— Ой, Алла,-деді кенет Өзбекәлі аға, шыңдауылды аударып-төңкеріп қарап отырып.– Мен Әбіш Кекілбаевтың әңгімесін енді түсінген сияқтымын.

— Ол не әңгіме?-деді Дәркембай.

– Әбекеңнің бір әңгімесінде түркімендер тұтқынға түскен бірнеше адайдың баласын айдалаға апарып, шаштарын тақырлап алып, қол-аяқтарын шешілместей қылып байлап, бастарына жаңа сойылған түйенің терісін таз кепеш қылып шаптап кетеді. Жас тері тақыр басқа желімдей болып жабысады. Содан соң, шыжыған ыстықтан тартылған тері балалардың бас сүйектерін сығымдап есінен тандырады.  Сол балалар айдалада айқайлап-айқайлап есінен толық айырылады екен. Бұндай адамды мәңгүрт дейді екен. Бұндай адамды қоя берсең, еліне қашу дегенді білмейді, себебі, азаптан өзінің бұрынғы өмірін ұмытып қалады екен. Міне, қараңдар. — Өзбекәлі аға шыңдауылды бізге қаратты. – Жезден жасалған, темірден шеңбер салып күшейткен шыңдауылды екі бүктеп жапырып кеткен түйенің терісі адамның  бас сүйегінен не қалдырады?

— Не деген қатыгездік,-деді отырғандардың бірі. – Адамды осылай азаптауға болады екен ғой?!

— Менің байғұс шыңдауылым, өзінің бұрын шыңдауыл болғанын ұмытып кетіпті ғой,-деді Дәркембай қалжыңдап.

Отырғандар қыран-топан күлкіге батты. Осы кезде есіктен рұқсат сұрап тарихи музейдің директоры кіріп келген.

— Райхан Искандеровна, — деді Өзбекәлі аға шыңдауылды қолына алып.–Мынау не?

— Шыңдауыл,-деді Райхан апай.

— Зеңбірек емес екенін көріп тұрмын,–деді Өзбекәлі аға. – Сіздердің кінәларыңыз. Быт-шытын шығарыпсыздар.

Райхан апай сасып қалды.

— Қап. Жұмысқа айналып, экспонаттарды қадағалауға қолым да тимеді. Кешірім өтінемін. Біздің реставраторлар жөндеп берсін.

— Кешіріңіз, сіздердің реставраторларыңыздың қолдарынан келмейтін шаруа бұл,-деді Өзбекәлі аға. – Экспонат тұрған бөлмеге біреу кірген ғой. Кімнің істегені бұл?

— Кім біледі,-деді Райхан апай.

— Жарайды, жүріңдер, музейге барайық, болған жайды көрейік,-деді Өзбекәлі аға орнынан тұрып жатып.

Барлығымыз музейге бардық. Домбыра, қобыз тағы басқа да аспаптар сақтаулы тұрған бөлмеге кіріп келгенімізде байқағанымыз, іші өте ыстық екен. Өзбекәлі аға бөлменің есігін айқара ашып тастады.

— Сантехникті шақырыңыз,-деді Райхан апайға қарап. Аздан соң асай-мүсейін арқалап бір орыс жігіті келді.

— Мына батарейлерді жылу жүйесінен ағытып таста,-деді Өзбекәлі аға.

Сантехник сөзге келмей батарейлерді ағытып тастады.

— Міне, көрдіңіздер ме, аспаптар ыстық жерде бүлінеді,-деді Дәркембай. – Тері тартылады. Домбыралардың желімі ашылады. Біз бір жұмыста екі рет жасап әуре боламыз.

— Бөлменің қанша кілті бар, барлығын қалтаңызға салып алыңыз,-деді Өзбекәлі аға музейдің директорына. – Сіздің рұхсатыңызсыз ешкім кірмейтін болсын.

Содан соң қисық шыңдауылды Дәркембайға ұсынған.

— Дәркембай, бір білместік болды. Мына шыңдауылды қайтадан түзеп бер. Енді бұл мәселе менің өз бақылауымда болады.

…Жұмыс осылай жалғаса берді. Осы қыстың ішінде Забира Жәкішева, Сәуле  Мерекеева, Ырысалды Әбдірасілова, Нұрымбет Ешмұхамбетов және тағы басқа да музыканттар жұмысқа алынды. «Сазген» ансамблі музейдің ашылуы қарсаңында репертуарды толық игеріп болған. Әрине, жаңадан жасалған бағдарламаны (программаны)  өзі қабылдап алмаса Өз-ағаң болар ма еді. Қазақ Театр қоғамының тігіншілері, етікшілері тіккен қос етек, бес етек көйлектер, камзолдар, ерлердің камзол-шапан, жейделері, етіктер, әйелдің кебістері, зергерлер соққан әшекейлер, ансамбль тұтынатын аспаптар, осының бәрін бір күн отырып тексерді. Ертеңіне ансамбльдің толық бағдарламасын өзі тыңдап, аз-маз кемшіліктерін көрсетіп, сахнаға шығуға рұқсат берді. Сегіз жарым айға созылған аласапыран осылай аяқталған еді.

Музей салтанатты түрде 1981 жылдың 24 сәуірі күні ашылды. Өзбекәлі Жәнібеков осыдан бірнеше күн бұрын іссапармен Сирияға аттандырылған. Музейдің тұсауын Мәдениет министрі Жексембек Еркімбеков кесті. Бір топ мемлекет басшыларын бастап келген министр өзі экскурсия жүргізіп, күңіреніп тұрған залдардағы қазақ музыка мәдениетінің тірі шежіресі – аспаптарды көрсетіп шыққан. Артынан «Сазген» ансамблі концерт берді. Министр бастаған алғашқы келушілер жаңа музейге батасын беріп аттанып кеткеннен соң ұланғайыр той басталды. Түні бойы отырыппыз. Бұл күнде арамызда жоқ Жәнібек Кәрменов  дауысы көкке жетіп ән салды, Уәли Бекенов күңірентіп күй шертті.

Міне, республикамыздағы айтулы музей осылай ашылып еді. Содан бері табаны күректей отыз үш жыл өтіпті. Аз ба, көп пе? Түсіне білгендерге жүз жылға, тұтас бір дәуірге пара-пар мерзім.

Осы музейдің негізін қалаған ат төбеліндей адамдардың  тағдырлары да әрқилы. Алғашқы директор Жарқын Шәкәрімов кейін басқа қызметке ауысып кетті. Қазір зейнетте. Одан кейін музейді басқарған Оразғазы Бейсенбаевтың көз жұмғанына да  бірталай уақыт болыпты. Осыдан бірер жыл бұрын кезінде көптеген аспаптардың жаңғыртпаларын жасауға (реконструкциялауға) қатысқан, ғалым, қазақ мәдениетінің шежіресіндей Омар ақсақал (Хаймолдин), музей қорының алғашқы сақтаушысы «Сазген» ансамблінің конферансьесі Роза Қабдешова, ансамбльдің алғашқы домбырашыларының бірі Нұрымбет Ешмұхамбетов о дүниелік болды деп естідік. Ансамбльдің алғашқы бишісі Ботагөз Құспанова Қазақстанның Италиядағы елшілігінде мәдениет мәселелері жөніндегі атташе қызметінде. «Сазгеннің» алғашқы әншісі Қожахмет Мұсабеков теміржол қызметкері, алғашқы әйел әнші Майра Ысқақова бизнеспен айналысады. Қобызшы Ерлан Қуандықов шығармашылық демалыста. Сырнайшы Зәбира Жәкішева әлі сол музейде, ансамбльдің алғашқы жетігеншісі Сәуле Боранбаева Қыздар педагогикалық университетінде «Ақтұмар» музейінің атқарушы директоры, Ырысалды Әбдірасілова зейнетте, немере тәрбиелеп отыр. Ал «Сазген» ансамблі кәсіпқой жолға түсіп, музейден бөлініп кетіпті.

Мен әңгімемнің ең көңілсіз жеріне келдім. Өзбекәлі аға мен Дәркембай аға жайында айтпақпын. Екеуі де Алаштың үлкен азаматтары еді.  Екеуінсіз музей ашылмай қалар еді десем, артық айтқандық болар. Жарлық шықты, музей қайткенде ашылар еді. Алайда, осы екі адам болмаса бәрі де басқаша болары анық. Көп кешігумен, ырың-жырыңмен әйтеуір бір күні орнына келер еді. Біреуі – ұлттың мәдениетіне адал ұлы администратор-шенеунік, екіншісі – қазақтың дәстүрлі мәдениетін бойына сіңірген ұлы шебер. Міне, осы, қажырлы, қайратты екі адам қаншама кедергілердің барлығын бұзып-жарып өтіп, бүгінде ұлттың айтулы жәдігеріне айналып отырған музейді осылай ашқан еді.

Екеуі де арамызда жоқ қазір. Ардагер азаматтардың ізгі рухына бас иеміз.

Содан бері отыз үш жыл өтіпті. Есіме алам. Түс көргендей.

Қолымда Зәбира Сыпатайқызы Жәкішеваның «Аспаптану» атты түбегейлі монографиясы. Жоғарыда айтылғанның барлығы осы кітапты оқығанда есіме түсіп отыр. «Адамның басы – Алланың добы» деген. Уақыт өтті. Әркім өз тағдырының жетегінде кетті, өз жолын тапты. Қазақ аспапты-музыка мәдениетінің сары жұрты іспеттес музейде сол алғашқы келгендерден, соның ірге тасын қаласқандардан бірді-екілі адам ғана қалыпты. Соның бірі – ғалым әпкеміз Зәбира Сыпатайқызы. Аталмыш кітап кем дегенде отыз жылдық ізденістің, тірнекті ғылыми еңбектің жемісі. Енді осы монографияны зерделегенде туған азын-аулақ ойларымды ортаға салайын.

Еңбек ең әуелі, қазақта қалыптасқан ғылыми дәстүр бойынша ортағасырлық  Шығыс классиктерінің (бұл жерде біз Шығыстың классикалық ғылымына меңзеп отырмыз) еңбектеріне сілтемеден басталады. Хунайна ибн-Исхак, Абу Йакуба әл-Кинди, Бану Мұса, ибн-Аби ад-Дүниа, Абу Тайинба, ас-Сарахси, әл-Муфаддала ибн-Салам, ибн-Хурдазбих, Сабит ибн-Закарийа ар-Рази, Ибн Сина, Әбу Райхан Бируни, Куст ибн-Луки сияқты ғалымдар және  олардың әлемдік аспаптанудағы беделі айтылады.

Бұл жерде ең көшелі орын, жолдың үлкені, әлбетте, біздің бабамыз, әлемде «Мұғалім ас-Сани», яғни, Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған Әбунасыр әл-Фарабидікі.

Фарабидің әйгілі «Китаб аль-мусика аль-кабир» («Музыка жайындағы үлкен кітап») еңбегін ғалымның терең пайымдағаны байқалады. Ішекті аспаптардың генезисі жайлы ойының аяғын Фараби еңбегіндегі өтпелі, ширек, қалдық тондар жайындағы оймен жалғайды.  Ғалым осы күні, темперациялық дыбыстық қатардың орнығуына сәйкес домбырадан алынып тасталған немесе кең көлемде айтатын болсақ, қазақтың аспапты-музыка мәдениетінен кеткен, бізше «қашаған перне» деп аталатын кіші музыкалық өлшемдердің болғанын Фараби кітабындағы дәйекпен орнықтырады. Бұл – қабылданған парадигмадан титтей болса да ауытқуды тыйып тастап отыратын тоталитарлық типтегі ғылым үшін өскелең құбылыс.

Сондай-ақ, бірінші бөлімнің осы бірінші тарауында ғалым, Орта Азияда кең тарап, танымал болған бірқатар байырғы музыкалық аспаптарды атап өтеді. Осы аспаптарды Фарабидің өзімен бірге жаңа Отанына ала кеткенін айтады, арабтың кейбір аспаптарының генезисі осы аталғандардан бастау алуы мүмкін деген жорамал жасайды. Тараудың соңында бұл жорамал нақты тұжырымға айналады. Ғалым Қытай деректеріне сілтеме жасай отырып Ғұндар шерткен көне домбыраның Қытай және сонымен жапсарлас басқа да отырықшы елдердің аспапты-музыка мәдениетіне зор ықпал еткенін дәлелдейді.

Кітаптың келесі тарауында дәстүрлі музыкалық аспаптар, түрлері, сипаты, жасалатын заты тұрғысынан жіктеледі. Осы жерде автордың музей қорын ғана емес, мүмкіндігінше аяқ жетер жердегі саз өнеріне аз да болса қатысы бар аспаптарды, дерек көздерін тануға ұмтылғанын көреміз. Жалпы кітаптың ғылыми жарағы мол. Автор ұшан-теңіз мол материалдармен жұмыс істеген. Осы мол материалды зерделеудің нәтижесінде көңілге қонымды жорамалдар жасаған. Мысалға, Сібір, Орта Азия халықтарының тұрмысына қатысты этнографиялық деректерді саралай келе, автор, барлық ұрмалы (дабылды) аспаптар о баста магиялық рөл, Тәңірі мен Адамды, әруақтар дүниесін жалғап тұратын дәнекер рөлін атқарған деген ой айтады. Бұл – XIX ғасырдағы орыс діни философтарының литургия туралы айтқан ойларымен ұштасады.

Мәселен, Оптина Пустынь деген орыс халқының діни-рухани орталығында бір монах Н.В. Гогольге: «Колокол – (шіркеудің ұшар басына орнатылған алып қоңырау) әр адамның жүрегіндегі колоколмен үндеседі. Қоңырауды соғу – азан шақырып Құдайға құлшылық ету емес, ол ең әуелі адамның жүрегін ояту» деген екен.

Сондай-ақ, автор соқпалы-дабылды  аспаптардың ғана емес, дыбысталу принципіне қарай алты жікке бөлінген аспаптардың барлық тобының магиялық-мифологиялық сипаттамасын тиянақтайды.

«Түркі халықтарының музыкалық аспаптары» аталатын тарауы – бұл еңбектің ең үлкен жетістіктерінің бірі. Он сегіз беттен тұратын тарауша түркі халықтары саз аспаптарының энциклопедиясы деп айтуға тұрарлық. Алфавиттік ретпен орналасқан анықтама, бүтін түркі халықтарының  тұтынған музыкалық аспаптарын барынша қамтыған. Осыған қарап отырып түркі өркениетінің қаншалықты дәрежеде дамығандығын, әлем мәдениетіне қандай ықпал еткендігін жорамалдау қиын емес.

Аталған еңбек несімен құнды? Ең әуелі бұл, Болат Сарыбаев көз жұмғаннан кейін кешеуілдеп қалған қазақ аспаптану ғылымы саласында жаңадан жазылған ең ірі еңбек. Екіншіден, бұл, қазақ саз аспаптарына қатысты осы уақытқа дейінгі бар мәліметті бойына жинақтаған кешенді еңбек.

Біз, қазақ халқы, осы уақытқа дейін бабалардан қалған мұраны тек жинаумен ғана айналыстық, яғни, этнографияның міндетті бірінші кезеңін ғана өттік. Әлемдік ғылыммен салыстырғанда біз әлі мектеп оқушысымыз. Аталған еңбек біздің, осы, тым ұзаққа созылып кеткен оқушылық кезеңіміздің шеңберін бұзуға тырысқан, әлемдік стандарт-үлгіге теңесуге тырысқан еңбек. Ғалым Зәбира Жәкішеваның аталған кітабының үшінші, және ең биік жетістігі осында.

*   *   *

Кітапты оқығанда сол баяғы өткен ғасырдың 80-ші жылының күзі елестейді. Өзбекәлі аға арнайы шақыртқан ғалымның, әлі он екіде бір нұсқасы жоқ музейдің қызметкерлеріне айтқан ақыл-кеңестері құлағымнан кетпейді. Бақсам, бүгінде арамызда жоқ, баяғыда көз жұмған Т.С. Вызго қазақ ғылымының болашағына сеніп, соншама міндет қойған екен алдымызға. Зәбира Жәкішева осы өсиет-ұлағаттың үдесінен шыққан ғалым. Оның аталған кітабы – қазақ ғылымына үлкен олжа салған еңбек.

22-25 тамыз 2013 жыл. Астана.

«Алматы Ақшамы» , 2013, қырқүйек

Оставьте первый комментарий

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован.


*