БАҚАЛАР МЕН ЖЕНДЕТТЕР

Таласбек Әсемқұлов

Таяуда дүкеннен сатып алған жаңа кітаптарды парақтап отырғанымда бір мақала көзіме оттай басылды. Сол. «Даудың басы – Басеның бақасы». Баяғыда өтіп кеткен бір хикмет санамда қайта жаңғырғандай болды. Мақаланы асықпай, байыптай отырып тағы бір оқып шықтым. Оқып шықтым да ойға қалдым. Аталмыш шығарма осы түрысында қазақ мәдениетінің көлденең қимасы сияқты, оның жеткен биігін, білігін, кісілігін айна-қатесіз бейнелеп тұр. Есіме түсті, кезінде бұл шығарма «тамаша памфлет» деп бағаланған (әдеби қауымның бірауызды пікірі). Білмеймін. Менің ойымша қазақ әдебиетінде бұрын-соңды болмаған, жауаптасудың жаңа мәдениеті қалыптасып жатыр. «Даудың басы…» осы жаңа бағыттағы даусыз классика.

Әйтседе, бұл, жер астынан жік болып шыққан бір бүгін қалыптасқан дағды емес. «Жанрдың» өзіндік шежіресі, жетілу логикасы бар.

Сонымен, құрметті оқырман, әдеби полемика болғансып басталған, ақырында асқынып осы қазіргі түріне енген бұл құбылыстың түп-тамырын салалап, бірнеше жылдан бері өршіп келе жатқан бұл жұмбақ тартыстың сырын өзіңізге түсіндірмекке ниет еттім.

Детектив романға ұқсас осы шытырман хикаяның ізін қуалаған көзі қарақты адам жол соңында « Заман-Қазақстан» газетінің 1997 ж. 31 -ші қаңтары күнгі номерінде жарияланған «Басеның бақасы және түсіндірудің пайдасы туралы», атты топтамаға тірелер еді. Әңгіме, атынан көрініп тұрғандай өткен

Заманда өмір сүрген жапон ақыны Басеның бір шумақ өлеңі жайында. Оқыдық. Әрине, мәселенің байыбына тереңірек баруға болар еді. Әйтседе, қуандық (баланың «а», деп аузын ашқанына да қуанамыз ғой). Сыншылардың осы талпынысына, қиырдағы халықтың мәдениетін тануға деген ұмтылысына сүйіндік. «Қазақ жапонтануының алғашқы қадамдары» деп көңіліміз босады. Арада алты ай өтпей алыстағы Көкшетаудан оқырманның пікірі де жетті. Қани Қабдиұлы деген азамат жапон мәдениеті, жапон поэзиясы жайлы ойларын ортаға салыпты (оқымағандарға — Қани Қабдиұлы, «Башеның бақасы» «Заман-Қазақстан», 1 тамыз, 1977 ж.).

«Даудың басы…» көкшетаулық авторға жауап ретінде жазылған.

Мойындау керек, Т.Шапай тілді жете меңгерген ділмар ғана емес, кәсіпқой сайыскер-софист. Бір қарап-ақ полемиканы дайындау жүргізу, індету, түйіндеу машығына тәнті боласыз. Қараңыз.: Қ.Қабдиұлы «Жалпы қандай бір ғылыми жаңа жорамал, долбарды баспасөз бетіне шығармас бұрын алдымен мамандардың сарабынан өткізіп, пікір алып, сол екеуін қатарластыра жарыстырып жариялаған дұрыс болады. Бұл «Білмеген у ішеді» дейтін халық емеспіз бе, жаңсақ кетуден де сақтандырады» деген уәж айтады. Мақаласының басты тезисі де осы. Жетіп айтқан сөз. Өскен жұрттарда мынадай дәстүр болады. Бірнеше адам жиналып қиырдағы бейтаныс елдің мәдениетін алғаш рет сөз еткенде ол сұхбатқа арнайы маман шақырылады. Ол маман әңгімені байыпты арнада ұстап отырады, жаңсақтыққа жол бермейді. Көкшетаулық автордың айтып отырғаны осы.

Ал енді аталмыш сауалға сыншымыз қалай жауап беріпті? Ол жауабының басында Атекең жайлы үлкен тарау енгізген. (Құрметті оқырман, бұл жерде аталмыш мақаладан құлаш-құлаш цитата келтіру шарт емес, өзіңіз оқыңыз!). Бұл не үшін керек дейсіз ғой? Мақсат айқын – оппонентті полемикаға жеткізбей жеңу керек, масқара ету керек. Сол себепті шалшыққа аунатып-аунатып отырғызып қойған. Отыр. Сол жақта – білгенін биязы ғана жеткізген, даусы сыбырға жақын көкшетаулық автор. Оң жақта – қаламын ойнатып ащы жымиған (құдды тергеуші) сыншы достымыз. Нөпір сөз. Қабындаған кекесін. Шынын айту керек, көне билердей қаулай сөйлеген сыншы кімді болса да еліктіріп әкеткендей. Әрине, құрметті оқырман, бұдан кейін қандай кеп болса да сіз сыншы жағындасыз. Бұны шеберлік дейді. Теңдесі жоқ шеберлік. Дәлірек айтқанда, теңдесі жоқ шулерлік. «Уникум шулерлік» дер еді бұндайда Асекең (Асқар Сүлейменов).

Көк базардағы сарттардан өрік-мейіз алып көріп пе едіңіз? Алыс өлкеден келген ала шапанды ағайын көзінде әлдебір мейірім нұры ойнап, Құдай атына салиқалы аппеляция жасай тұрып («Бәріміз де Құдайдың баласымыз») өрік пен мейізді өлшей бастайды. Бәрі де дұрыс, таразы түзу. Риза болып пұлын артығымен төлеп, қауқылдасып айрылысасыз. Үйге келіп ашып қарасаңыз, о, керемет, дорбаңыз толған құм мен тас, қыл-қыбыр, әктің сынықтары. Қайта барып дауласып әуре болмаңыз. Дәлелдей алмайсыз. «Мен өрік-мейіз өлшеп бергем. Бәріміз де Құдайдың баласымыз» дейді. Бітті. Біздің сыншымыздың берген жауабы да осы сарттың саудасына ұқсас. Ештеңені дәлелдей алмайсыз. «Мен Атекеңді, сол арқылы тенденцияны әңгіме  етіп  отырмын» дейді. Бітті. Бірақ сауда жүріп жатыр. Жымысқы кекесін оқырман көкірегіне егіліп кете барды.

Құрметті оқырман, сіз риторика тарихын сонау антика заманынан бері қарай ақтарсаңыз да бұнымен шендес айла-шарғы таба алмайсыз. Аталмыш тәсіл сыншымыздың тұла бойынан жаратылған төл перзенті. Өзі ғана пайдалануга хақысы бар.

Кітапта жиырма екі бет, газетте тұтас екі бет – ұлан-ғайыр көлемге салиқалы орналасқан топан сөздің, лайсаң көбіктен қиыстырылған мақаланың екінші тармағына келіп түсесіз. Мағына іздейсіз. Бірақ ештеңе таппайсыз. Білместікті білікке (дәлірек айтқанда – білгіштікке), жөн сөз айтқанды ақымаққа айналдыруды көздеген кесірлі ойынның жалғасын ғана көресіз. Ғиззатлу сыншымыздың ойына алғанын келістіріп жаза білетін биік қабілетіне тағы бір рет тәнті боласыз. Ебінің желіндей қақаған боран сөз кімді болса да нандырғандай.

Үшінші тармаққа келгенде барып ғылыми пікірге ұқсас бір нәрсе елес береді (бұл түсінікті де, себебі біздің сыншымыз ол да осал адам емес, өлетін жерін біледі, осылай індете берсе оқырманның ықыласынан айрылып қалатынын сезеді, сондықтан ғылыми әдепке ұқсас бір нәрсенің нобайын жасамақ болады). Міне, автор білінді. Енді пікіріне құлақ түрейік.

«Мен нақ батыс та, анық шықыс та емеспін», «Автордың айтуынша, Батысқа орыстың көзімен қарауымыз – дұрыс екен де, Шыгысқа олай қарасақ, дұрыс емес екен. Екен де екен. Шатқан-бұтқан, балдыр-батпақ небір қыңыр қисынға қыңбайтын едік…» (бұнысын енді кешіріңіз, оқырман, сыншымыздың осылай төтеден тартып кететіні бар).

«Шығысқа мен қай шығысша қарауым керек? Көзі қысық Шығыс бар. Көзі онша қысық емес Шығыс бар» (жүйелеу машығына назар аударыңыз), «Буддалык, исламдық, иудейлік т.б. шығыстар бар. Батысырақтағы Шығыс, шығысырақ жақтан Шығыс бар… Қалай қараған жөн?»

Сыншым «Батыс» пен «Шығыс» дегенді не деп түсінеді – түсініксіз. Географиялық ұғым ретінде ме, әлде басқаша ма? Егер географиялық ұғым десе, онда… Колумбтың маршрутымен Батысқа жүретін болсаңыз бүкіл әлем – Батыс. Жер шарын айналып келгенде Қазақстан да Батыс болып шығады. Марко Полоның маршрутымен шығысты бетке ұстап жүріңіз, бүкіл әлем – Шығыс. Ұғымға лайықтасақ сыншымыздың сөзінің мағынасы осы болып шығады. Оған салсақ Батыс та жоқ, Шығыс та жоқ. («Весь мир – бардак, все люди – братья», деген сияқты бірдеңе). Бұл ұғымдарды қандай мағынада пайдаланса да, қалай қақпақыл ойнатса да сыншымның өзі біледі, бірақ көкшетаулық автор «Батыс» пен «Шығыс» дегенді қабылданған мәдени нормада, яғни географиялық ұғым ретінде емес – мәдениеттің типін белгілейтін термин ретінде пайдаланып отыр. Бұл ұғымдарды өркениетті дүние осындай мағынада қолданады. Дәстүршіл Шығыс және жаңашыл Батыс (Традиционалистский Восток и модернистский Запад). Бұл ұғымдар Киплингтің поэмасы жазылмас бұрын болған, мәңгіден келеді. Киплинг өлгеннен кейін де бар және бола бермек.

Бұл жерде сыншымдікі – тамаша қисын ғана, ал көкшетаулық автордікі – жүйе. Батыс пен Шығыс ешқашан қосылмайды. Жолбарыс пен елік ешқашан қатар жайылмайды. Бұл тарапта сыншы достым алаңдамай-ақ қойса да болады.

Көріп отырсыз, сыншымыз «алик-малик» ойнайтын шебер сияқты ұғымдардың орнын көз ілеспейтін жылдамдықпен алмастырып, баяғыдан белгілі нәрселерді қолдан қиындатқанды, бұлдыратқанды тәуір көреді. Онысын және үлкен тапқырлық, үлкен эрудиция етіп көрсете біледі.

Келесі бір айналымда сыншымыз «…Акутагава өзі анық түпнұсқа тілде оқығап ағылшындардың сыртында, мәселен, Данте, Гете, Бодлер, Ли-Тай-Бо… туралы сөз қылады (прозаиктер өз алдына). Оларды итальян, неміс, француз, қытай тілдерінде оқып па? Әлде ол кісі де өзіміз сияқты аудармадан алғап «жалған» білімді қанағат тұтты ма екен ?», Гете аудармаға сенді. Ақсақал 65 жасында Хафиз өлеңдерінің И.Гаммер жасаған немісше аудармасымен танысыпты. Танысыпты да, тотының, қауырсынындай құлпырған шығыс поэзиясына құлай ғашық болыпты… Абайдың, Пушкин мен Лермонтовтың жасаған аудармаларының қасиеті түпнұсқадан кем десек, аузымыз қисайып-ақ қалар. … Немісше, ағылшынша, полякша білмеген Абай «жаман» орысшасымен Гетені, Байронды, Мицкевичті сырлас қылыпты» деп жаңа бір әңгіме бастайды. Содан соң Герольд Бельгер мен Баукеңнің күәландыруына сүйеніп Абай аудармасының Гетеден де өрістірек, Лермонтовтан да тыныстырақ шыққанын айтады. «Автордың айтуынша «поэзияны ешқашан да ayдаруға келмейді дейтіндердің қатары» бар көрінеді. Және өзін сол қатарға құрметпен қосып қойыпты… Әлемдік әдебиетке негізінен орысша аудармалар арқылы жол тапқан Абай, Мағжан, Әуезовтен бастап, қазақтың бүгінгі ең соңғы әдебиетшісіне дейінгілердің білігі – жалған да, жапонша таза сөйлейтін пәленшекенікі ғана – шын. Бәріміздікі – өтірік, сіздікі – рас» дейді содан соң сөзін үстеп.

Осы жерде көмейіме бір сұрақ тіреліп отыр. Акутагаваның Ли-Тай-Боны түсінуі, И.Гаммердің Хафизді аударуы, Абайдың Гетені, Байронды, Мицкевичті аударуы қалай мүмкін болды, сыншым осы жайында тымқұрмаса бір рет ойланып көрді ме екен? Ойланбағаны болуы керек. Сыншымның бойында «идея фикс» дәрежесіне көтерілген, сөздің қүдіретіне деген соқыр сенім бар. Оған салса, тілді жете меңгерген ақын бәрін де аудара алады. Әрине, қатты қателеседі. Аудармамен көп айналысқан маман ретінде айтайын – сөздің мүмкіндігі шексіз емес. Аударманың да қаққан қазықтай орнынан қозғала алмай тұратын кездері болады. Кейбір текстер принципті түрде аударылмайды. Бұл жердегі мәселе неде?  Мәдениеттердің түрлі жаратылысында. Мәдениеттердің типологиясы деген бар. Құрметті сыншы осы жайында біле ме екен? Бұл типология бойынша әлемдегі барлық мәдениет вербальдік және визуальдік болып екіге жарылады (әрине, жіктеудің бұдан басқа да толып жатқан жосықтары бар, біз соның біреуін ғана әңгіме етіп отырмыз). Вербальдік мәдениет өз-өзін сөзбен әспеттейтін мәдениет. Бұндай мәдениетте барлық текст сөзге айналдырылады, хатқа түсіріледі. Бұндай мәдениет иесі үнемі сөйлеумен жүреді, өмірден көрген-түйгенінің барлығын сөзге айналдырады. Басқа мәдениет өкілінен де ол сөзді ғана талап етеді. (Құрметті оқырман, тым қарапайымдап түсіндіргенім үшін кешіріңіз. Бұл барлығын тәптіштеп отыратын трактат емес қой. Бұл мақала. Сондықтан осы үстірт мәліметке риза болыңыз). Сөз жоқ жерде вербальдік мәдениет өкілі ештеңе түсінбейді, өзін қорғансыз сезінеді.

Ал визуальдік мәдениет негізінен символдарға, иероглифтерге т.т. яғни визуальдік таңбаларға құрылады. Бір қарағанда визуальдік мәдениетте дамыған сөз өнері жоқтай көрінеді. Визуальдік мәдениеттерде өз топырағынан тамыр тартқан Батыс үлгісіндегі дискурсивтік философия да кездеспейді. Әрине, визуальдік мәдениетте сөз бар. Бірақ тым сараң сөз. Басты нәрсе форма емес – pyx болғандықтан сараң сөз барлығын тыңдаушының (яғни, көрушінің) қиялына жүктейді. Жапон, Қытай поэзиясының сөзге тапшы болып келетіні сондықтан (бұны кейінірек әңгіме етеміз). Бизуальдік мәдениет өкілі жазуды белгілі бір грамматикалық мағына деп емес, таңбалардың жиынтығы деп қарайды, сол себепті таңбадан туындаған ой оны Абсолютке дейін жетелеп алып кетуі мүмкін.

Енді осы екі түрлі мәдениет бір-бірімен қалай қатысады екен. Типтес мәдениеттердің арасында ұғынысудың еш қиындығы жоқ. Мысалы, түрлі вербальдік мәдениеттер бір-бірін жатсынбай араласа береді. Бұл жерде мәселе интерпретацияның күшіне, аударманың қабілетіне ғана тіреледі. Визуальдік мәдениеттердің арақатысы да осындай кепте. Аздаған айырмашылықтар болғанымен мәдениеттердің тексі ортақ.

Ағылшын, неміс, поляк, орыс, қазақ мәдениеттері – вербальдік мәдениетке жатады. Сол себепте Абай атамыз, Гете, Байрон, Мицкевичті орыс аудармасынан алып, қазақша тәржімалай алды. Қытай мен жапон мәдениеті – визуальдік мәдениет болып табылады. Акутагава осының арқасында Ли-Тай-Боны оқып өз мағынасында түсіне алды.

Бірақ тегі бөлек мәдениеттерге келгенде аударма, тасымалдау өнері үлкен қиындықтарға ұшырайды. Жанның ең нәзік қозғалысын сөзбен ғана бедерлеп үйренген, алып текстерге төселген неміс, ағылшын, орыс, қазақ үшін он жеті-ақ буыннан тұратын хайку, әлбетте еш мағына бермейді. Әрине, Қиыр Шығыс мәдениетінің философиясын түсіндіріп он жеті буындық өлеңге он беттік комментарий беруге болады. Бірақ бәрібір хайкудың аудармасы (мейлі орысша, қазақша, ағылшынша, французша болсын) мен комментарийін қосқанда оригиналдың өзіне маңайлай алмайды. Себебі, ілкі текст (пратекст) хайкуде емес, жапон санасында жазулы тұр. Хайку соны қозғалысқа келтіруші ғана.

Ойымызша Абай атамыздың қолына жапон хайкуы түсе қалса, ол оны ары-бері айналдырып қарап, өлеңнің тасасында тұрған контекстің сырына қанар еді де… аудармай қоя салар еді. Себебі хаким, хайкуды басқа тілге аударып мағына шығарудың мүмкін еместігін, ол жерде ақындық шеберліктің еш қатысы жоқ екенін… әрине, ақылмен ойлап білер еді.

Сыншы достым мені ертегі айтып отыр деп ойлайтын шығар. Ертегі айтқанан Құдай сақтасын. Біз, әлемде бір-біріне жанасуы өте қиын мәдениеттердің бар екенін ғана айтпақпыз.

Сөз соңында сыншымыз тағы бір таңғажайып пассаж жасайды.

«Сөйтеді де, бамбуктың қабығына (өзі айтты) жапон иероглифімен жазылған үш жолдық ирек-шатпаққа(!) көзі жасаурап, тамсана қарап, ұзақ отырады».

(Сыншымыздың бұнысы жарамады. Мақтаған қыздың тойдағы қылығы сияқты ұят мәселе. Әйтседе, табиғилығы үшін, риясыздығы үшін кешіресіз).

Құрметті оқырман, (сыншымыздың құлағына – алтын сырға), осы сөзді басқа біреу, мысалы жапон айтты деп елестетіңізші. Әрине, ол мүмкін емес нәрсе, әйтседе. Мысалы жапонның бір зерттеушісі «Абайдың өлеңі… ирек-шатпақ» десе. О, онда… онда бітті дей беріңіз. Әлемдік скандал! («Оның қандай хақысы бар! Какое он имеет право! Ол қайдан келген әулие!»). Бірақ… жапонның Басесі, жапонның өлеңі жайлы мынадай пікір айтатын біздің Шапай кім еді! Алайда біз …айта береміз. Біз сондай … табиғимыз, пәкпіз. Біз сондаймыз.

Бір Еуропа ойшылының Бакунин жайлы мынадай айтқан сөзі бар: «Біздің орыс балаларында (Достоевский айтқан «русские мальчики») «аз-маз» бір нәрсе ғана жетіспейді. Бәрі де Еуропадағыдай. Тек осы «аз-маз» ғана бәрін бүлдіріп тұр. Осы «аз-маз» болмаса біздің Мишельдің (Бакуниннің) Еуропа дендилерінен қай жері кем» («Если бы не наше это «чуть-чуть» чем наш Мишель хуже блистательных европейских денди)

Біз де осы орыс сияқтымыз. (Тереземіз сол жаққа ашық тұрғандықтан болар). Бізде бәрі де бар, бәрі де Еуропадағыдай. Тек осы қарғыс атқыр «аз-маз» бәрін былықтырып тұр. Осы «аз-маз» болмаса біздің сыншымыздың Еуропа ойшылдарынан қай жері кем? Біз осындаймыз. Алғашқы кавалериялық шабуылмен ала алмадық па, тұздықтап боқтап, тұрған орнымен өртеп («үш жолдық ирек-шатпақ») күйе-күйе болып қайтып келеміз. Осылайша орта жолдан қайтып келеміз де бірдеңені тындырып тастағандай болып қоқиланып отырамыз.

Сыншымның қызық мінезін тамашалап отырып негізгі нысанадан ауытқып кетіппін. Айтылмай қалған тағы бір әңгіме бар, оқырман. Басеның өлеңінің жайы.

Мақаламыздың басында айтылған топтамаға көңіл аударайық. («Басеның бақасы және түсіндірудің пайдасы туралы»). Сөз жоқ, бұл топтамадағы ең өресі биік мақала – сыншымыздікі. Автор қолындағы азғантай информацияның өзін өте сауатты тұжырады, терең пайымдауларға баруға тырысады. Сөзіміз құрғақ, болмас үшін мысал келтіре отырайық.

«Алдымен, бұл біздің бүгінгі түсініктегі лирика емес. Басеның өлеңі жазылған тұстағы эстетика шарты бойынша объект (әлем, табиғат) пен субъект, (адам, ақып) ажырағысыз гармониялық тұтастықта. Өлең кеңістігінде автордың автономды түсінігіне, дербес көзқарасына орын жоқ. Табиғаттан (бақа мен көлден) бөлек тұрған адам (ақын) жоқ. Ол жаңағы «информацияға» сіңіп, кірігіп кеткен. Басеның (лирикалық кейіпкердің) сезімі, айташағы сол бақаның, секірісінде, сол судың үнінде. Ақын үшін табиғаттағы сәттік құбылыс мезеттік діріл, оқыс шыққан дыбыс сөйлейді», «Ақынды бақаның суға секіруі секілді үйреншікті ұсақ нәрсеге назар аудартқан не деген сұрақ алдымен көлденеңдейді. Меніңше, табиғаттағы тыныштық пен адамдағы жалғыздық сезімі… Ұйып тұрған тыпыштықтың меңіреу пердесіне соғылған болымсыз жаңғырыққа дір етіп жалғыздықта жабыққан Жан ғана жауап қатады… Сонда бұл өлең, менің қисынымда, табиғаттағы тыныштық, жандағы жалғыздықпен келісім, мәміле тапқан. Мұның суреті болып шығады.

Әрине, бұл қазақ өлеңі жайлы айтылған пікір болса керемет деп мойындар едім. Бірақ әңгіме жапон хайкуы жайында болғандықтан бұл пікірдің ешқандай мәні жоқ. Асса кемел айтылған бос сөз. Бұл, Басеның кім екендігін білмеуден, дзэн-буддизмнің не екенін білмеуден туған жаңсақтық, дүниетанымдық қате.

Жапон мәдениеті тұтастай дзэн-буддизмге негізделген десек-артық айтқандық болмас. Дзэн-буддизмге арналған әдебиет ұшан теңіз. Осы мәселемен арнайы айналысқан мамандардың пікірін байыптасақ, дзэн-буддизмнің дін де емес, философия да емес екеніне көзіміз жетеді. Дін емес дейтін себебіміз дзэнде табынатын Құдай жоқ, діни рәсім жоқ. Ұжмақ пен тозақ, жан, жанның өлместігі дейтін ұғымдар жоқ. Дзэн бұндай дотматтардан ада. Сондай-ақ дзэн логикалық анализді мойындамайды, тезис пен антитезистің қайшылығына құрылатын дуалистік ой жүйесі – дзэнге жат. Сол себепті дзэн философия саналмайды. Дзэн логикадан жоғары тұруға, антитезисі жоқ биік байламға жетуге ұмтылады. Дзэннің парадоксальдік психотехникасы осыдан келіп шығады. Кейбір авторлар дзэннің басты мақсаты «менді жою, «меннен» арылу деп түсіндіреді. Жаңсақ пікір. Дзэн ешқашан алдына мұндай мақсат қойған емес. Дәлірек айтқанда дзэн «менді» жойып әуре болмайды. Әуре дейтін себебіміз, дзэн «менді» көлеңке деп қана ұғады. Ал көлеңкені жоя алмайсыз. Көлеңкені түсіріп тұрған не нәрсе – дзэн осыны жоюға тырысады. Бұл жерде «меннің» тамыры ақылда жатыр. Ақыл-себеп, «мен»-салдар. «Мен» – ақылдың көлеңкесі ғана. Ақылдан арылғанда «мен» өз-өзінен жойылады. Ақыл барда «мен» ешқашан жойылмайды. Оқырман, дұрыс түсініңіз, ақылдан саналы түрде арылу – ақылдан айрылу, не алжасу емес. Бұл ерекше ахуал. Жапондар бұны «сатори» дейді. Бізде ғылыми аппарат жетілмегендіктен бұл ахуалды жеткілікті дәрежеде сипаттай алатын термин таба алмай отырмыз. Орыстың дзэнге арналған әдебиетінде бұл күй «состояние безмыслия», «состояние не-ума» деп аталады. Жапон мен қытайдың ескі трактаттарында бұл ахуал «Ұлы қарапайымдылық» (орысшасында – «Великая простота», ебедейсіз аудармам үшін кешірім өтінем), «Ұлы тылсым» немесе «Ұлы бостық» («Великая пустота») деп аталады. Батые ойшылдарынан бұл түсінікке ең жақын келетіні – протестант мистигі Якоб Беме. Ол айтқан «ungrund», яғни «Тәңіртекті тылсым» («божественное ничто»), «иррационалдық шыңырау» («иррациональная бездонность») өзінің сипаты жағынан саториге ұқсас.

Мацуо Басе ең әуелі дзэнгецу (дзэн буддашыл монах), Ұста (Мастер), Нұрлы Адам (Просветленный), содан соң ғана барып – ақын. Басеның бүкіл поэзиясы – саторидің үлкен сипаттамасы. Құрметті оқырман, сыншымыздың өлең талдауын зер сала қараңызшы, «менсіз» бір ауыз сөз айтылып па?

Оқиық: «…объект (әлем, табиғат) пен субъект, (адам, ақын) ажырағысыз гармониялық тұтастықта». Субъект деген – «мен «Ажырағысыз гармониялық тұтсатық» — ешқашан болмайтын нәрсе, себебі «гармония» дегеннің өзі «екі» деген сөз (өйткені «бір» өзімен өзі гармония бола алмайды ғой). Гармонияда «мен» бар. Ал «мен» бар жердегі «тұтастық»- нонсенс. «Өлең кеңістігінде автордың автономды түсінігіне, дербес көзқарасына, орын жоқ» – орын ғана жоқ, ал «автономды түсінік» ешқайда кеткен жоқ, бар болғаны жіңішкерді, бір жерде жасырынып қана тұр.

«Табиғаттан (бақа мен көлден) бөлек тұрған адам (ақын) жоқ. Ол жаңағы «ипформацияға» сіңіп, кірігіп кеткен» — адам (ақын) табиғаттан бөлек тұрған жоқ, табиғат аясында өзінің «менімен» тұр. «Сіңу, кірігу» – ол да гармония, бұның бәрі «менді» қимаудан шыққан амал ғана.

«Басеның (лирикалық кейіпкердің (!) сезімі, айташағы (!) сол. бақаның секірісінде, сол судың үнінде. – Басе деген – «мен». Өйткені оның «айташағы», «сезімі» бар. Бұл жерде де «тұтастық» атымен жоқ. Табиғат – Басеның бейнелеу құралы ғана. (Осы жерде Шопенгауэрдың «Дүние деген – менің түсінігім» – «Мир – это мое представление» деген әйгілі сөзі еске түседі).

«Ақын үшін табиғаттағы сәттік құбылыс, мезеттік діріл, оқыс шыққан дыбыс сөйлейді» – Ақын үшін. Табиғат өзі сөйлемейді, ақын үшін, яғни ақынның «мені» үшін сөйлейді.

Бұдан кейінгі «табиғаттағы тыныштық пен адамдағы жалғыздық сезімі» «…жаңғырыққа, …жалғыздықта жабыққан Жан ғана жауап қатады», «… табиғаттағы тыныштық жандағы жалғыздықпен келісім, мәміле тапқан Мұңның суреті…» – бұның барлығы сол баяғы «меннің» түрлі варианттары.

Әрине, сыншымыздың тағы бір пікірін атамай кетсек көпе-көрнеу қиянат болар еді. Өзінің «Шын жүрек – бір жүрек» атты кітабында сыншы Қиыр Шығыстың өлең өнері жайында тағы бір толғанып өтеді. Автордың өз пікірін едәуір «жетілдіргені», бұл жолы үлкен авторитеттерге сүйенгені байқалады. Бірақ пікір сапалық жағынан өзгермеген, сандық жағынан ғана зорайған.

Оқиық: «дзэн поэзиясында пейзаждың өзіндік қатаң қызмет аясы бар: ол бәрінен бұрын адамның дүниедегі жанды-жансыз атаулымен, бүкіл әлеммен ажырамас байланыста екендігі туралы дзэндік идеяны бейнелеу үшін алынады. Бұл байланыстағы құрамдас компоненттер (!) — адом мен табиғат. егіз-қатар көрініс табады» (М.Кабановқа сілтеме) — тағы да адамның, яғни «меннің» ажырамас байланысы. Мұнда адамның «мені» мен табиғат құрамдас компоненттер болып шыққан. «Құрамның» не екенін түсіндіру артық деп ойлаймын.

«…жапондық түсінікте адамсыз табиғат жоқ, ол тек адам арқылы ғана бейне-тұрпатқа ие болады» — бұл сыншымыздың өз пікірі ме, әлде В.Н.Гореглядтің пікірі ме – беймәлім. Әйтеуір, ар жағында Шопенгауэр тұрғаны анық. «Адамсыз табиғат жоқ» – яғни тағы да адамның «мені» болмаса деген сөз.

«Сондықтан да жапон лирикасында ақын табиғатқа сіңіп кетуге, оның бір бөлшегіне айналуға ұмтылады» – сіңу, кірігу, астасу, гармонияның не екенін жоғарыда айттық.

«Мұнда субъект («мен») жоқ, ол әлеммен органикалық (!) бірлік – тұтастыққа көрінеді» Бірлік – тұтастық – «мен».

«Суреткер – әлемнің құпия қозғалыстарын нақты образдарымен көрсетіп тұрған медиум (дәнекер) Дәнекер – «мен».

«Қарағайды суреттеу үшін – қарағай бол. Өзіңді ұмыт, өзіңнен кет… «Предметке сіңіп кет, мәнін аш, оны нақты сезін» Басеға сілтеме. А.Долин аударған болуы керек. Мен Долиннің жапон текстерін қандай дәрежеде аудара алатынын білмеймін. Білетінім – батыста, оның ішінде орыста дзэн терминдерінің мағынасын айна-қатесіз бере алатын балама өте аз, жоқ десе де болады. Батыс терминологиясы бұл тарапта әлі жетімсіз.

Әйтседе, сыншымыз ренжімес үшін Басеныкі-мыс осы тексті талдап көрейік.

«Қарағайды суреттеу үшін – қарағай бол» (Сен бол, яғни «мен»). «Өзіңді ұмыт, өзіңнен кет» (Сен, яғни «мен» «Предметке сіңіп кет» (сен – «мен»), «мәнін аш» – (сен – «мен»), «оны нақты сезін» – (сен — «мен»).

Сыншымыз осы жерде А.Долиннің тамаша пікірін келтіреді: «Оның мұндай герметикалық сипатынан (яғни, тұйықтығынан), аралығында мың жыл мерзім жатқан екі танканы бір-ақ автор жазғандай болып көрінеді. Уақыт белгілерін, нақты тарихи оқиғаларды бейнелеу дәстүрлі лириканың табиғатына жат». Шіркін, «меннің» кіреукесі болмаса осы жерде ақиқаттың өзі адамға қол созып тұр ғой. Бірақ сыншымыз «меннен» тыс ойлап үйренбеген. «Идея фикс» дәрежесіне жеткен «мен» басқа ештеңені ойлатпайды. Ал шындығына келсе бұның сыры мүлдем басқа тарапта, дәлірек айтқанда көз алдында тұр. Қолыңды соз да ала бер. Аралығында мың жыл мерзім жатқан екі танканы бір-ақ автор жазғандай көрінуі бір ғана нәрсенің – екі ақынның да бір ахуал-саториді кешкендігінің айғағы. Ақиқат біреу-ақ. «Ақыл емес» ахуалына (состояние не-ума) жеткен екі ақын осы жалғыз ақиқатқа куә  болған.  Сол себепті өлеңдері бір-ақ өлең болып шыққан. Бұл жерде «герметикалық сипаттың», еш қатысы жоқ.

Дзэн-әлемдегі ең парадоксальді ілім. Басқа діндерде трансценденттік дүниге жетудің нақты техникалары бар. Дзэн бұндай техникалардың бірде-біреуін мойындамайды, жалған нәрсе деп санайды. Себебі техника, әрекет-адам, яғни «мен». Ал «мен» бар жерде дзэн жоқ, сатори жоқ.

Яғни адам өз еркімен, өз қалауымен саториге ешқашан жете алмайды. Өйткені ерік пен қалау-тағы да «мен». Аталмыш қасиеттер адамның «менінен» ғана өрістейді.

Дзэн-буддизм жапон мәдениетіне үлкен ықпал етті, түбірімен жаңа эстетиканың негізін қалады. Әдепкі адамға жапон эстетикасының канондары түсініксіз көрінуі мүмкін. Вербальдік мәдениеттегі ең басты нәрсе-форма мен шеберлік. Қандай да болмасын шығарманың құны ондағы форманың кемелімен және орындаушылық шеберліктің деңгейімен өлшенеді. Ал енді осындай түсінікпен жапон мәдениетіне келген адам антидүниеге тап болғандай күй кешері анық. Дәстүрлі жапон эстетикасын, тұтастай алғанда, қарапайымдылықтың апологиясы деуге болар еді Батыс суреткерінің басты қамы шеберлік болса, жапон суреткерінің қамы – шеберлікті көрсетіп алмау. Жапондық үшін шеберлікті көрсетпеу – шеберлік. «Ұлы тылсым» («Великая пустота»), «Ұлы қарапайымдылық» («Великая простота») – ұлы потенция. Онда бәрі де бар («тысяча вещей», «тьма вещей»). Шеберлік сол қисапсыз потенцияның бірі ғана. Шеберлікке ұмтылу – потенцияны шексіз кедейлендіру.

Суреттің болсын, өлеңнің болсын бойында сол өзін тудырған «Ұлы қарапайымдылық» туралы естелік тұру керек. Яғни сурет, немесе басқа өнердегі абрис сол «Ұлы қарапайымдылықты» елестету керек. Сол себепті жапонның сурет өнері бояуға, сөз өнері сөзге тапшы болып келеді.

Ал Басеның аталмыш өлеңі («Ескі көлшік») жоғарыда айтқанымыздай саторидің сипаттамасы.

Міне, біз, қысқаша болса да дзэннің манифесін, дәстурлі жапон эстетикасының канондарын талдап түсіндіруге тырыстық.

Әрине, осыдан кейін қазақтан дзэн-буддизмнің, және жапон мәдениетінің небір «білгірлері» шығады, трактатқа бергісіз небір «эсселер» жазылады. Ал біздің әзірге айтарымыз осы. Бұл тараптағы сөз тамам.

Сонымен, бір ағылшынның лорды айтқандай өзіміздің қойларымызға қайтып келейік («Вернемся к нашим баранам»). Себебі, әңгіме дзэнде де, Басеның өлеңінде де емес, мақаламыздың басында айтылғандай қазіргі қазақтың жауаптасу дағдысы, қазақ мәдениетінің бүгінгі өресі, білігі, кісілігі жайында.

Құрметті оқырман, көкшетаулық автор мен сыншымыздың мақалаларының көлемін салыстырып көрдіңіз бе? Көкшетаулық автордың мақаласы шап-шағын, екі-ақ баған. Осы шап-шағын көлемде бірнеше көңілге қонымды ой айтылған. Ойымша Қ.Қабдиұлы не жапон мәдениетімен арнайы айналысқан маман, не мәселенің анығына жетуге тырысқан, арнайы әдебиетті оқыған сауатты оқырман.

Ал сыншымыздың жауабының көлемі – айқарма бет. Білігінің сиқын көрдіңіз.

Бұл жерде «білігін» адалдығы үшін кешіресіз, себебі сыншымыз мақаласының бір жерінде «Білімім жеткен жерге дейін адалмын» деп Ғабиден Мұстафин ақсақал айтпақшы, білігіміз жеткен, тіліміздің икемі келген жерге дейін «түзу» болып бағамыз да» деп ескертіп кетеді. Ар жағы… получится» «Уж как Бог на душу положит»

Оқырман, осы мақала не үшін жазылғанын, дәлірек айтқанда осы үлкен байбалам, үлкен қиғылық не үшін керек деп ойлайсыз? Білмейсіз! Оны мен білем.

Кейбір әдебиетшілердің жорамалы бойынша біздің сыншымыз XXI ғасырда оқылатын ат төбеліндей бақытты топтың өкілі екен. Бұл әдебиетшілердің прогнозына сенсек үстіміздегі ғасырда бүкіл қазақ әдебиеті адыра қалып, екі-үш қана адам оқылады екен. Сөз-ақ қой, шіркін! («Қазақ әдебиетінің» сауалнамаларын оқыңыз). Әрине, мақтаушылардың мадақ сөзіне сыншымыздың еш қатысы жоқ. Өйткені ол өзін-өзі өтініп мақтатып отырған жоқ қой. Қазір кім не айтса да еркі. Бірақ сыншымыз өзінің ұлы мұратын осы мадақ жырлар жазылмас бұрын кәміл сезінген. «Даудың басынан…» осының лебі айқын сезіліп тұрады. Мінеки, тарих осындай міндет жүктеген, қазақ мәдениетін, әдебиетін келесі ғасырлармен қауыштыратын, қымбат, керекті адам провинцияда жатқан әлдебіреуден қалай жеңілмек? Сыншымыз өзінің қызметі бойынша, статусы бойынша жеңілуге хақысы жоқ. (Провал недопустим!) Сол себепті жеңген.

Сыншымызбен тіреспек болған нахал-провинциал жер болып жеңілді. Күпір сөз иесі өзінің зауалын тапты. Осымен тоқтасақ керек еді. Бірақ олай болмай шықты.

Сыншымыздың кейін талай рет ах ұрып өкінгеніне ешқандай күмәнім жоқ. Қанша сөз босқа кетті. Қанша сөз айтылмай қалды. Ең бастысы – көрермен аз болды. Даңқты сайысқа, даңқты жеңіске аншлаг жарасады. Не істемек керек? Қой, болмас, деген болу керек сыншым. Осылайша фәни дүниеге «Әкелер мен балалар» атты шедевр келді.

Біздің сыншымыз-нарықшыл сыншы. Ол біледі, егемендікке енді жеткен, көп нәрседен құр қалған, әбден есесі кеткен жамағат Колизейдің есігін бұзып кіріп трибунаға орналасып отырып жатыр. Оған (жамағатқа) нан мен қызықтан басқа ештеңенің де керегі жоқ. («Хлеба и зрелищ!») Сыншымыз нарық конъюнктурасын өте жақсы таныған. Ол үшін клиенттікі қашан да болсын дұрыс. Клиенттің қандай да болмасын тілегі – заң. Бұлжытпай орындалуға тиіс. Ал клиенттің қашанда болсын сұрайтыны… Орыста «пошлость» деген сөз бар (әттең, қазақшаға аударылмайды!) Клиенттің сұрайтыны осы «пошлость». Бұл «пошлость» қашанда болсын қазақ арасында үлкен сұранысқа ие болған. Тек Кеңес дәуірі кезінде, белгілі бір тыйым бар, етек ала алмаған. Клиент пен сатушы бір-бірімен ынтыға ымдасып, мысы құрып келген. Ал енді егемендік, сөз бостандығы келді. Клиент пен сатушы (сатушы бұл жерде әдебиет бола ма, кинематограф бола ма (без разницы) алқына айқаласты. Құрметті оқырман, сатушы мен клиенттің арасындағы хикметті жай көңілдестікке теңгере көрмеңіз. Көңілдестік те аяқталады, тән құмарлығы басылады, бірақ клиент пен сатушының арасындағы махаббат ешқашан өшпейді. Себебі ол тәннен емес – сұраушы мен берушінің жанынан, рухынан нәр алады.

Сыншымньщ қолына қалай қалам алғанын білмеймін. Әлде сол күні әлдебір газеттің бас редакторы телефон шалып, «осы мәселені жазып бере ғой, әке» деді, немесе сол күні таңертең кітап сөресін ақтарып тұрып қолына Тургеневтың романын іліндірді. Білмеймін. Әйтеуір жазу керек.

«Әкелер мен балалар» шедеврын оқыған көзі қарақты адам мәселенің байыбын бірден аңғарады. Әкелер мен балалар проблемасы… әншейін нәрсе. Автордың айтуы бойынша әдебиеттегі, өнердегі дәстүр сабақтастығы насыбай төбелестірумен (өзінің айтуында «шуметей») шектеледі екен. (Оқырман, кешіріңіз. Бұлай жазуды, яғни белден төменгі мүшелердің атын атап, түсін түстеуді біз шығарған жоқпыз. Біздікі тек констатация).

Шығармадағы ең басты кейіпкер – Сөз.

Орыста «блуд» деген сөз бар. Осы сөзден пәленбай түбір тарайды. Мысалы, «словоблудие»- бұлдыраған көп сөз, нысанасыз көбік сөз. «Рукоблудие» деген сөз бар – «онанизм» (Иван Грозныйдың кезінде осы «рукоблудие» үшін талайдың басы шабылса керек). Біздің сыншымыздікі осының екі ортасындағы бірдеңе. Сөздің онанизмі (Словесный онанизм). Оқыңыз, оқырман, дұрыстап оқыңыз. Памфлеттегі сөздер бір-бірімен қалай құмарлана жанасады, қалай жаныға ынтызарлана шаптасады екен, оқыңыз.

Өз өзінен жаратылған, өзін-өзі тілеп, дүниеге өзін өзі келтірген сөз. Жоба да жоқ, идея да жоқ (қозып, жанығып тұрған сөз барда жоба мен идеяның не керегі бар, тәйірі). Тыржалаңаш шешініп өзінің түп табиғатын, стихиясын ашқан, дүниеге өзінің тәнімен жар салған сөз.

Әйтседе талдап көрейік, оқырман. Әңгіменің ортасында төбелестен репортаж: жүргізуге телерепортер келеді. Ол жерде жоба (замысел) бойынша репортер болмау керек. Ол бейне қайдан пайда болды? Сөздің тілегінен! Құрметті оқырман, бұл жерде жария болуға сұранып тұрған нәрсе төбелес емес – сөз. Жалаңаштанып, нәпсіге уланып алған сөз бойын жасырып та әуре болмайды. Керісінше, оған жұрттың көргені керек, масқараға күә керек. (Эксгибиционизм!) Құмары сонда ғана тарқайды. Мұраты сонда ғана хасыл болады. Сондай-ақ телерепортерға интервью берген алтау да – сөздің тілегінен, егер солай деп айтуға болса, сөздің диалектикасынан туындаған кейіпкерлер. Бойын махаббат билеген, ессіз күйге түскен сөз өзінің қылығын көретін алты кісі – әлеуметтік пікір бейнесін өзі тудырып, оны өзі мазақ етеді, яғни ессіз сөз өзі тудырған пуритандық фон арқылы өзінің қозмышын күшейте түседі (ертедегілердің біреуі айтыпты ғой, зинаның әлеуметтік пікірді, әдепті таптауында әлдебір әзәзіл көрік, құмарлықты ұштай түсетін әлдебір нәш (шик) бар деп). Бұл «ақсүйек» әдебиетте ғана болатын сөздің биік ойнасы (утонченный словесный разврат).

Мен бұрын лингвистік проза дегенге сенбеуші едім. Ол не дейтінмін. Бірақ сөздің кей кезде жазып отырған адамға ырық бермей кететінін ептеп шырамытатынмын. Бұл жайында ұлылардың өздері де талай айтқан ғой. Міне, мен енді сендім-лингвистік проза бар екен. Сыншымның лингвистік прозасында сюжет, идея, тақырып, т.т.т. – тек жазудың желеуі ғана. Ар жағы… ар жағы қандай дәрежеде лаққысың, қаламың қандай дәрежеде ерке – соған ғана байланысты.

Қазақтағы лингвистік прозаның атасы Пәленше, жоқ олай емес, Түгіленше деп дауласып жатады. Осымен бұл дау тынсын. Лингвистік прозаның жалғыз ғана атасы бар, ол – менің сыншым.

Айтпақшы, ұшбу памфлетте таяқ жеген персонаждарды ұмыт қалдырыппыз. Біріншісі – Атекең (шүметейі шіріп кеткен Атекең) Екіншісі… Осы екіншісінің атын атауға келгенде сыншымды бір сырлы үнсіздік билейді. Атамайды. Адамның ындынын құртады. Міне, пәленбай жыл болды, әлі айтып келеді. Бірақ атын атамайды. Кім біледі, бұның ар жағында үлкен бір себеп бар шығар. Біз де атамай-ақ қояйық. Әйтеуір бір бала дейік. Бізден кейінгі ұрпақтың өкілі. Ол бала қудаланды, қудаланды, қудаланды. Тағы қудаланды. Және қудаланды. Әлі қудаланып келеді. «Заман-Қазақстанға» мақаласы шығады. Өзінің әдеби ойлары, философиялық толғамдары. Бүгінгі мәдениеттің қамы. Және тура сол номерге сыншымның сол баланы қудалаған мақаласы шығады. Сатқын батысшылар. Тілі айыр біткен, азып туған ұрпақ, и.т.д.и.т.п. Өртеніп кетпесе сол газет тігінділері тұрған шығар, алып оқыңыз. Әйтеуір тыныштық бермеу, әйтеуір түрткілеу, әйтеуір мазақ қылу.

Бұндайға кім шыдасын. Қандай көнтерілі болсаң да бір күні жарыласың ғой. Сол бала, тынымсыз қудалаудан шаршаса керек, бір күні қуғыншыға жауап беріпті.

О, сіз көрсеңіз, не болғанын! Бүкіл қазақ қоғамы түптен тебіренді. «Ол неге жауап қайтарады! Қандай хақысы бар! Не деген сұмдық! Не деген күпірлік!» (Сол бала бұғып үнсіз отырсын, сыншым оны үздіксіз төмпештесін деп Құранда солай айтылған сияқты). Түрлі-түрлі мекемелерде сыншыма жақтасқан митингтер болғаны анық.

Бірақ ең үлкен наза – сыншымдікі. Тең отырудың, тең сөйлесудің өзін басына қорлық санайтын менің сыншым, Алматының еркесі, қазақ әдебиетінің сүйіктісі менің сыншым әлдебір «пацанның» кезек алып, өзін қорғап сөз сөйлегеніне қатты шамданды. Менің сыншымның бұрынғы кредосы – «Дұшпандарым бар болсын, аузы-мұрны, қол-аяғы жоқ, шибұт, әлжуаз болсын». Кейіннен «Бәйге!!! Бәйге? Бәйге…» атты шығармасын оқып қатты қуандым. Орысша айтқанда «Был приятно удивлен». Сыншым былай дейді: «Жығылған – күреске тоймайды» – маған шығарылған сөз. Мен бәйгеге тоймаймын – мен бәйге сайын жығылам. Бірақ жыққандардың да жыққан сайын, араны ашыла түседі екен – жыққан сайын, құтырынып, «енді қайда бәйге бар?!» деп, көздері алақ-жұлақ етеді… Әділет қайда? Қанағат, ынсап қайда? Бip жыққан соң, басқа палуандарга кілемді босатып, демала тұру керек емес пе?»

Сыншым, сайыста кезек бар екенін, аралық беру керек екенін ұғыныпты. «Құдая, тәуба! Тек ұзағынан сүйіндіргей!» дедім. Бұл үлкен прогресс. «Браво, коллега! Виват!» дедім. Әрине, бұл кейін болған нәрсе. Енді оқиғаның басына, 1999 жылдың көктеміне қайтып келейік. Қатты шамданған сыншы досым отыра қалып өзінің ең үздік туындысы – «Жендеттер мен құрбандарды» жазып тастады (оқымағандарға – «ҚӘ», 1999ж., 7 мамыр).

Шығармада… иіс көп. Тым көп. Сыншым сол өзінің амплуасынан табылған. Әрбір сөзі зәр татыған, адамның адамдығын таптаған, әулекі кекесінге толы осы памфлетті оқығанда жиіркеніштен басыңыз айналып жүрегіңіз лоблиды. Сыншым өзінің санасының терең қабаттарында (подсознание) өрістеп жатқан процестерді дайын әдебиет деп ойлайтын болуы керек, елестеткенін сол елестеткен күйінше еш өзгертпестен берген (әрине, бұл елестер еш әдебиет емес, бар болғаны өзінің психоаналитигін, өзінің Фрейдін тосып жатқан дайын материал ғана).

Біздің уролог-сыншымыз бұрынғы ашқан анатомиялық жаңалықтарын місе тұтпайды, бұрынғы жетістіктеріне жібімейді, бар білігін жұмылдырып ары қарай қозғалады. Шарқ ұрған ой, тынымсыз ізденіс өзінің жемісін берген. Біз енді шүметейдің төңірегінде… тесік бар екенін білеміз. Кешірім өтінем, құрметті оқырман, тағы қайталап айтайын, бұндай стильді «ашқан» біз емес, біздікі тек сыншының ығына жығылу, әңгіменің шырқын бұзбау, сырлы ағысын лайламау. Орыстар бұны «Поддержать разговор» дейді.

Әрине, бұл «памфлет» – ой саласындағы, сөз саласындағы тағылықтың биік үлгісі. Біз жеттік-жетілдік, мәдениеттіміз дейміз. Жоқ, достым! Бізде ешқашан мәдениет болған емес. Ең мәдениетті, ең оқымысты деген қазақтың бетін тырнасаң ар жағынан Мырқымбай, Батыраш, Қотыраштар маңырап шыға келеді.

Осы «памфлетті» оқып шыққаннан кейін маған ой келді. Мынадан кейін жалпы жауап жазып, әуреге түсіп не керек? Оның орнына арттың суретін бере салса болды емес пе? Мысалы фотоаппаратты белгілі бір биіктікке орнатып, шалбарыңызды, дамбалыңызды (кешіріңіз) шешіп, объективке аталмыш мүшеңізбен қарап тұрасыз да түсіре саласыз. Ертеңіне суретке «Жендеттер мен құрбандар» (немесе басқадай) деп ат қойып редакцияға жолдайсыз (то бишь, «Жеті қарақшы» журналына және Пәленше мен Түгіленшеге бағышталады т.т.т. деп автограф қойып). Өйткені аталмыш «памфлеттің» мағынасын арттың суреті айна-қатесіз, және әлдеқайда көркем етіп береді. (Әлдеқайда адекватты). Себебі, адамның арты ешқашан өтірік айтпайды. Оның тұрған тұрысы – шыны. (Міне, қысқа жазу дегенің осы. Ұмытпасам «Қазақ әдебиетінде» ең қысқа әңгімеге арналған конкурс жүріп жатыр ғой. Гарантия берем, біздің сыншымыз бас бәйгені шаппай алады). Бұл жерде кімнің жендет, кімнің құрбан екенін кемеңгер оқырманым өзі ажыратып алсын. «Даудың басы – Басеның бақасы» сияқты «шедеврге» қол соққан оқырман, аталмыш «шедеврге», бұрынғыдан да мәнді «шедеврге» неге қол соқпасын.

Осы «памфлетті» оқығанда сыншыма қатты ренжідім. Мынасы несі дедім. Содан соң қайыра оқыдым. Өзіңіз қараңыз оқырман: «Ат мені, дәл қазір ат, әкеңнің!», «Ор қазып қойдым, шешеңнің…», «Бұл жетім тағдырлы жеке сөйлем, сақалыңды-с!», «Мені шиті мылтықпен ат, күректей мұртыңды-с!» «Тұрмын… азу тісіңді-с!», «Құдайдан қайтсын, көнектей басыңды-с!» Қайыра оқыдым да ойландым. Көп ойландым. Ақырында Тәңірі ісінің сырына жеткендей болдым. Жоқ, бұл өштік емес. Бұл басқа, мүлдем басқа құбылыс. Мәдениетте, тазару нүктесі» («точка катарсиса»), «тазару аймағы» («зона катарсиса») деген ұғымдар бар. Барлық мәдениетте бойды тазартып ұстаудың тетігі, нүктесі болады. Міне, біздің сыншымыз осындай нүкте, осындай аймақ. Мәдениетіміз осы сыншымның бойынан тазарады. Мәдениетімізде жиналған шлактар, күл-қоқыс, нәжіс т.б. осы сыншымның бойынан канализацияланып сыртқа шығарылады. Ұлттық мәдениет осылайша жасарып, жаңғырып отырады. Ал енді сыртқы формасына келетін болсақ… Қазақта «Хан жарлығы күшті ме, б…қ жарлығы күшті ме?» деген мақал бар. Ол шіркін келіп қалғанда этика, эстетика, мораль, мәдениет сияқты биік материяларды ойлап жатуға мұрша бар ма, тәйірі. Ол жердегі бар мәдениет – шалбарды шешіп үлгеруде ғана. Сондықтан сыншымның өнімінің сыртқы түріне қарап «алай екен, былай екен, алай ету керек еді, былай ету керек еді, ұқсата алмапты» деп мін тақпағын, оқырман. «Уж как получилось!». Осыған риза болыңыз. Алда-жалда ғиззатлу вә қымбатлу сыншымның туалетте ыңырсып жылап отырғанын көрсеңіз – күлмеңіз. Сіз оны аяңыз. Ол өзі тілеп сондай болған жоқ. Жоғарыда айттық қой – Тәңірінің ісі, катарсис нүктесі, тазару аймағы. (Қазақ мәдениеті тазарып жатыр. Факт!). Өмірде сондай бір сәттер болады. Ол сәттерде егжей-тегжейлі, тәптіштеген сөздің керегі жоқ. Тек сол құбылысты қолмен көрсетіп өте шығу керек.

Постскриптум

Құрметті оқырман, әңгімеміз әлі біткен жоқ. Тақырыбымыз сол-сыншымыз және ның творчествосы. Біздің сыншымыз қазақ мәдениеті үшін ғана әдепкі тұлға. Ал шетелде әсіресе, Батыста болса бұл шетін құбылыс саналар еді. Мысалы, Италиядағы Қайта Өрлеу кезінде Пьетро Аретино деген болған. Орыстың бір театр қайраткерінің ол жайында «тексіз әулекі, плебей, памфлетші және шантажист, өзіндік сайқымазақ жазу мәнерін қалыптастырған Аретино» («наглый и беспардонный плебей, памфлетист и шантажист, создатель скандальной писательской манеры…») дегені бар. Оның памфлеттік мәнерінің басты сыпаттары: ештеңеге қарамайтын, ықты-жарды тыңдамайтын жүгенсіздік, шексіз өзімшілдік, кәдімгі күнделікті тұрмыстық тілдегі лас балағат пен патетикалық тираданы жымын білдірмей қиыстыра білу, адамның осал жерін табудағы теңдессіз өнер, және сол жерден сүйегін сындыра, қанын шашырата ұру, жыны сорғалаған таусылмас тіл, т.т.т.

Біздің сыншымыздың сөз сайысын жүргізу машығы осы Аретиноны елестетеді. Қараңыз: «Сорлы бала-ай, отбасылық ләззаттың да дәмін ала алмай кетті-ау!-деп күрсінді отағасы-жендет ертеңінде естерін жиған соң» («Жендеттер мен құрбандар»). Бұл өмірде бар нақты адамның басындағы жайт, яғни, бұндайды айтуға болмайды, бұл тыйым салынған тәсіл. Осы, ең қарапайым деген қағиданы ұғынуға сыншымның өресі жетер ме екен? Бұны «белден төмен ұру» дейді. Бірақ біздің сыншымызға бәрібір. Оппонентті кекету, кемсіту, оның өмірінің деректерін тілге тиек ету – біздің сыншымыз үшін әдепкі нәрсе. Шынына келетін болса, сыншымда ешқандай полемика да жоқ. Үлкен Әулекілік қана бар. («Большая хамская манера спорить»). Асылы, бұндай адаммен сөз таластырмай-ақ қойған дұрыс. Былғанып қаласыз.

Постпостскриптум

Құрметті оқырман әңгімеміз әлі де аяқталған жоқ.

Сыншым өзінің «Шын жүрек — бір жүрек» атты кітабында мынадай бір ой айтады: «Өнерпаз өз өнерінің мазмұнымен әруақыт сәйкес келе бермейді. Өнеріне қараңыз, өзіне қараңыз – қилы-қилы қызықты көресіз: өнерінің жанында – ергежейлі, немесе, өнері өзімен салыстырғанда – қораш. Жібек құртын көрген емеспін. Бірақ, анық: жібегінің жанында – құбыжық. Немесе… Әйтеуір, өнер мен өмірдегі теңдестікті, айталық, өмірдегі пенде мен өлеңдегі бейненің мазмұндастығын табу – екіталай. Әрине, өкінішті!»

Сыншым асыл айтқан! Қаншама ғұлама қалам тартқан, адамзатты пәленбай ғасырдан бері сандалтып келе жатқан шытырман проблеманы үш-төрт ауыз сөзге сиғызып жіберген. Ғажап!

Ал енді осы қағиданы, алысқа бармай-ақ, сыншымның өз бойына өлшеп көрейікші! Несі – өнері, несі – өзі? Жоғарыда аталмыш үш «памфлетті» сол жаққа қояйық. Содан соң таза әдеби, мәдени проблемаларға арналған мақалаларының ішінен көзді жұмып тұрып біреуін таңдайық. «Шын жүрек – бір жүрек». Абайдың өлеңіне арналған тамаша мақала. Әрине, бұл мақаланың да сүрініп, батпақтап жатқан жерлері жетерлік. (Кейін орайы келгенде оны да әңгіме ете жатармыз). Бірақ бәрібір керемет мақала. Ойымен болмаса да ораторлық өнерімен, пафосымен керемет. Енді салыстырыңыз. Қайсысы – өнері, ал өзі қайда? «Шын жүрек – бір жүректі» өнер емес деп қалай айта аласыз? Сөз жоқ-өнер. Ал аталмыш «памфлеттерді» өнер десек, аузымыз қисайып-ақ қалар. Яғни, «Шын жүрек –бір жүрек» – сыншымның өнері, ал анау үшеуі – өзі. Анық өзі. Шын әдебиетте автор әйтеуір бір жерден шығады, әйтеуір бір жерде жасырынып тұрады. Тағы да қайталап айтайық, сыншымыздың өнері – «Шын жүрек – бір жүрек», ал өзі «Жендеттер мен құрбандарда» тасаланып тұр.

Сыншымда арман жоқ. Қан кешу, қатал заманда айтатынының барлығын айтып кетті. Бұл жердегі «кетті» – сыншымның әдебиеттен кеткендігін білдірмесе керек. Әрине, сыншым бұдан кейін де жазады. (Әлі талай памфлетін «оқу бақытына ие боламыз»). Бірақ бұдан ары қарай сапалық өсу болмайды. Тек сандық тұрғыдан өсу болмақ. Себебі бұдан асырып енді ештеңе де айта алмайды. Айтатынының барлығын принципінде айтып болған. Енді не айтса да бұрынғы нұрына жете алмайды. Тірісінде межелеген жеріне жетті, творчестволық мұраты түгесілді. Не арман бар! («Наш критик состоялся, с чем и поздравляем его!» Қазақшам мүкістеу болып тұрғаны. Кешірерсіз, оқырман).

Пост пост пост, скриптум

Қаламдас дос! Рәсімді бұзып енді өзіңе жүгінейін. Сенің кебіңе түсіп мен де біраз бұралқы сөз қуаладым. Сені мазақ қылу үшін емес. Қолыңнан келіп тұрғанда, күшің жетіп тұрғанда адамды қорлағаннан оңай нәрсе жоқ. Осыны ұғындыру үшін айттық айтатынымызды.

Білем, бұл елде ешкім ешкімді ешқашан құрметтеп көрген емес. Бір сөзіңде біз әлемдегі ең жабайы елміз депсің. Бұл сөзді аузыңа Құдай салған болуы керек. Рас айтасың. Жабайы елміз. Бірақ қандай жабайы елдің перзенті болсаң да, яғни қандай жабайы болсаң да сайысқа бел шешіп түскеннен кейін тымқұрмаса рәсімдік мәдениетті ұстану – парызың.

Полемиканың стилі оның предметінен маңызды («стиль полемики – важнее предмета полемики»). Осыны есіңе салғым келеді. Басқаның ойын, нанымын, ырымын, басқаның дүние-танымын, асылын құрметтей білуімізге қарай – адамбыз. Осыны жадыңа мәңгі тұт.

Бұны ұғыну үшін данышпан болу шарт емес. Міне, осындай ең қарапайым, элементар нәрселерді ұғынғаныңнан кейін сұхбатымыз ары қарай жалғасады. Жалғаспауы да мүмкін. Айналып келгенде бәрі де өзіңнің алғырлығыңа байланысты.

 

Оставьте первый комментарий

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован.


*