Трайбализм, ұлттық идеология және ұлттың болашағы

Зира Наурзбаева

«Барлығың да бір атаның баласысыңдар, бірақ
араларыңда татулық жоқ, алалық бар, сондықтан
осы күннен бастап бөлек-бөлек көшесіңдер»
Ала-ел түрікменнің шежіресі

Аз-маз тарихтан...

Жүзге бөліну, кейбір авторлар айтқандай, көне моңғол қоғамынан тамыр тартпайды. Сондай-ақ, Шыңғыс ханға да тірелмейді. Француздың көрнекті ғалымы Ж.Дюмезиль өткен ғасырдың 40-шы жылдарында үндіеуропалықтардың әлеуметтік құрылысы мен мифологиясы үшемдік құрылымға (триальная структура) бағынатынын негіздеген.

Индоарийлердің брахмандар (абыздар), кшатрийлер (жауынгерлер) және вайшьялар (малшылар, жер өңдеушілер және қолөнер шеберлері сияқты материалдық тауар өндірушілер) болып үш әулетке (каста, варна) бөлінуі басқа да үндіеуропа халықтарына тән екен (төртінші әулет – шудралар есепке кірмейді, себебі, олар боданға түскен бұратана халықтардан құралатын болған). Өз кезегінде үндіеуропа мифологиясындағы құдайлар үш топқа бөлінеді, және белгілі бір әулет-кастаға қамқор, алқаушы болады. Сол себепті дәстүрлі үндіеуропалық қоғамдағы әрбір әулеттің өз құдайы, өз мифологиясы, инициациялық (жетпек) ғұрыптары, мінез-құлық пен Өмірлік Жолдың архетиптері болған. Әулеттердің арасында әрқайсысының өз объектісіне, мақсатына орай, бұлжымайтын иерархия қалыптасқан: абыздар биік метафизикалық өредегі формасыз идеялар дүниесіне шоматын болса, әскерлер – ортадағы, нәзік формалардың космостық деңгейіне ұйысатын болған, ал материалдық өндірушілер тиісінше материалдық нығыз дүниеге («плотный материальный мир») топтасатын болған.

Айтпақшы, мемлекет сияқты әлеуметтік космосты ұйымдастыру, космологиялық деңгейдегі ілімдермен айналысу, сакральдік мағынасы бар ақшаның қозғалысы – бұның барлығы әскери әулеттің компетенциясы болып табылады. Әскери әулеттің ең жоғары архетипі – Құдай алақан патша. Сондай-ақ қандай да болмасын әулеттің өкілі өзінің әулеттік архетипін іске асыру арқылы өзін Әлем Патшасының асқақ, биік архетипіне балай алады. Әулет, әлеуметтік қанаудың формасы емес – адамның ішкі табиғатының көрінісі деп ұғынылатын болған. Әрбір әулет дүниеге деген адамдық қатынастардың белгілі бір типіне сәйкес келеді. Бүгінгі психология дәстүрлі жіктеуден аз-маз ауытқуымен ғана ерекшеленетін үш түрлі типті ажыратады. Олар: таңбалық жүйелермен, адамдармен және заттармен жұмыс істей алатын типтер. Адам өзіне лайық әулетте туып, сол арқылы өзінің болмысын сарқа іске асырып, адамдық табиғаттан биік тұрған дүниеге жетілетін болған.

Әлбетте түрлі қоғамдарда, қауымдарда әулеттік жүйе түрлі вариацияларға ұшырап отырған. Мысалы, Ж.Дюземиль сақ мәдениетінен тамыр тартатын нарт (осетин) эпосында үш әулет – рудың бар екенін көрсетеді. Тәжіктерде триальдік жүйе жершілдік жөнімен құрылған үш негізгі әулет арқылы көрінеді. ХІХ ғасырға дейін еуропалық қоғамда үш сословие болған: жоғарғы екеуі – дін иелері мен дворяндар, үшіншісі – буржуазиялық революциялардың нәтижесінде жетекші орынға ие болған материалдық игіліктерді өндірушілер. К.Маркстің тарихи материализмі (меншік иелену қалпына орай қоғам екі тапқа бөлінеді, қоғамның дамуы негізінде материалдық базистің дамуы тұр, ал қалғанының барлығы идеологиялық қондырғы деген ұғым) – бұл табиғатында материалдыққа ғана негізделетін үшінші сословие өкілінің типтік дүниетанымы. Буржуазиялық кезеңге дейінгі Еуропада адамның орны меншік қатынастарымен емес, оның ата-тегі, тәрбиесі және ождан жайындағы түсінігімен анықталатын.

Қазақ қоғамы триальдік, яғни, үшемдік құрылым А.Тәжуітов келтірген, «Ұлы жүзді қауға беріп, малға қой, Орта жүзді қалам беріп, дауға қой, Кіші жүзді найза беріп, жауға қой» деген әйгілі мақалдан көрінеді. Әлбетте, бұл мақал, рулар мен тайпалар судай сапырылысып, әр заманда әртүрлі тайпалық одақтарға кіріп жататын, территориялық тұрғыдан бір-бірінен барынша алыс отырған, әрқайсысы жоғарыда аталмыш үш функцияны өз бетінше атқара беретін көшпелі қоғамның шындығына емес, бар болғаны типологиялық идеяға құрылған. Сондықтан, үш функцияның құрылымы голограмманың принципімен отбасылыққа дейінгі түрлі деңгейде қайталанып отырған. Кез келген тайпа мен жүздің өз ішінен белгілі бір мінез-құлық стереотипіне бейімделген руды табуға болар еді. Түптеп келгенде әр көшпелі өмірінің әр кезеңінде әскердің де, материалдық өндірушінің де, абыздың да функциясын атқаратын болған. Ал отырықшылық, егіншілік қоғамдарда материалдық өндірушілерлің ішіндегі малшылары өзінің функциясы жағынан әскери әулетке ең жақын тұрған еді.

А.Тәжуітов жүзге бөлінуді қазақ қоғамының, күнделікті тұрмысқа айналап кеткен шындығы деп санаса, ұлы этнолог және дін зерттеушісі Мирча Элиаде үндіеуропалықтар мен түрік-татарлардың көне діни жүйелері жалпы алғанда, бір-біріне ұқсайтынын айтады. Бұл жерде бір ғана айырма бар дейді ғалым: үндіеуропалықтарға тән үшемдік (триальдік) жүйе түріктерде жоқ екен. Не айтуға болады?

Абыздар әулетінің неге Орта жүз атанғанын, материалдық өндірушілердің неге Ұлы жүз, әскери әулеттің неге Кіші жүз атанғанын тап басып айтып беру қиын. Бұның негізінде түрік-моңғол көшпелілерінің көне стратегиясы жатуы мүмкін. Ұрысқа дайындалып шеп түзеген әскер үш бөлікке бөлінеді. Бас қолбасшы ханның ордасы – маңдай сүбе, яғни, орта тұс, қалған әскер екі қанат болып екі жаққа бөлінеді. Оң қанат – жаудың белін сындыратын, хан ордасы мен сол қанат шегінген жағдайда шығынға қарамай, позициясын сақтайтын, содан кейін жаудың әскерін қаусырып қоршауға алатын негізгі күші. Тарихшы Ю.Зуев, көнетүрік заманынан бастап «Кіші жүз», «Алаш Орда» – ханның кіші әйелдерінен туған ұлдары бастайтын, негізгі қосыннан озып, жауға таман жақын баратын ертауыл әскер, жастардан құралған жасақ дегенді білдіреді дейді. Сол қанат резервтегі әскер, тосқауыл, оларға арқұқтың (обоз) және бас әскерді азық-түлікпен, тағы басқа керек-жарақпен қамтамасыз ететін тиянақ ауылдың (тыловое обеспечение), материялдық базаның міндеті жүктеледі. Көшпелілер негізінен шығыстан батысқа қарай жылжыған, сол себепті шебі де батысқа бет бұрып тұрған. Шыңғыс ханның әскерінде түріктер оңғар немесе баруңғар, яғни, оң қанатты құраған, ал қалмақтар – жоңғар, яғни, сол қанатты құраған.

Қазақ Ордасының үшемдік құрылымы Шыңғыс ханнан тарайтын, бірде бір жүзге жатпайтын, жүзден биік ұлттық мүддені ғана көздейтін төрелер әулетіне бағындырылған.

Ақас Тәжуітов Ұлы жүз өзінің табиғаты, бітімі бойынша билеуші әулет болып табылады деп жазады. Бұл совет және постсовет кезеңінде анық байқалады. Ф.Энгельс, заманында, Индия сансыз жаулауға ұшырағанда ең әуелі саяси және идеологиялық қондырғылар қирайтын болған, бірақ, үнді өркениетінің негізі – дихандар, малшылар және қолөнершілердің арасында еңбек бөлісудің мыңдаған жылдың дәстүрлеріне сүйенетін ауылдық община – ғана өзгермейтін болған деп жазған. Әлбетте, отарлық жағдайда абыздар әулеті мен әскери әулет өздерінің шын мәнісіндегі функцияларын іске асыра алмайды, ал материалдық өндірушілер кез келген саяси құрылымға, саяси жүйеге сіңіп жүре береді. (Бұл жердегі әңгіме адамдардың кәсібі тұрғысында емес, олардың ішкі табиғатының типологиясы жайында екенін естеріңізге қайыра салғым келеді).

Бұның сыртында бүкіләлемдік ситуацияның, уақыт факторының да маңызы зор: индуизмнің жыл санауына сәйкес адамзат қазір Қали Юганың соңғы кезеңінде, немесе, басқаша айтсақ ақырзаманда, темір ғасырда, түптеп келгенде «бүкіл әлемде буржуазиялық революция жеңіске жеткеннен кейінгі кезеңде» өмір сүріп жатыр. Сол себепті үшінші сословиенің билік құрып отыруы – бұл адамзат үшін, оның ішінде қазақ үшін табиғи ахуал.

Екінші жағынан алғанда, континентальді масштабта көшпелі түрік-моңғолдары Евразияның әскери әулеті, кшатрийлер деп тұрғылауға болады. Бұл, көшпелілердің мыңдаған жылдарға созылған әскери үстемдігінен, стратегиясы мен тактикасынан, қару-жарағынан ғана емес, басқа факторлардан да көрінеді. Көнетүрік әдебиетінде әдам (түрік халқы) «аспан-адам-жер» үшемдік жүйесінде (триальная система) орта элемент, аспан мен жердің арасындағы дәнекер ретінде аталады. Бұл –кшатрийлік, космологиялық деңгейі. «Түрік» сөзінің этимологиясын кейбір лингвистер вертикальдік позициямен байланыстырады. Дүниенің кіндігі – аспантекті адам жайлы түсінік түрік мифологиясында кеңінен етек алған. Вертикаль позицияда тұру, өзінің нұрлы табиғатын таныту, басқа емес – осы, патшалық-әскери әулетке ғана тән.

Екінші жағынан, көшпенділер үшін шеңбер бойынша айналмалы, циклдік қозғалыс, бұл жай өмірлік реалия ғана емес – үлкен дүниетанымдық тұғырға негізделген тіршілік принципі. Мәңгі, өзгермейтін принциптерге шому үстінде болатын абыздардың басты типологиялық белгілері тыныш күй, медитация, ғарыштық оқиғалардан тыс тұру болса, ал вайшья материалдық дүниенің белгілі бір секторына бекіген, тұрақталған және соны жарастыру үстінде, оның табиғаты үздіксіз алға ұмтылған қозғалыс үстінде ашылатын болса, кшатрийдің жолы ғарыштық көлемдегі тіршіліктің динамикасымен, орталықтан сыртқа тепкен тенденцияларды орталыққа ұмтылған әрекетпен жеңу болып табылады.

Түрік-моңғол мәдениеті болмыс шындығынан қиыс кеткен метафизикалық материяларға көп ықылас таныта қоймайды, намыс, парыз, адалдық, ерлік сияқты әскери принциптің ең жоғары үлгілеріне ғана мән береді. Түрік өнері, оның ішінде қазақ өнері негізінен әскери әулеттің өнері ретінде туып, қалыптасты. Бұндағы басты тақырыптар махаббат пен өлім – Жауынгердің инициациялық Жолының басты тақырыптары болып саналады.

Көшпелілердің әскери демократиясы, басқа емес, кшатрий әулетіне тән, мұндағы Патша – тең адамдардың ішіндегі бірегейі ғана. Еуропаның актуальдік аристократиясы тұтастай дерлік түріктекті (А.Дугин). Орта ғасырлардың өзінде-ақ шетелдіктер, түріктердің, әсіресе әскери, мемлекеттік және сәулет-құрылыс саласында ерекше ұйымдастырушылық-әкімшілік қабілет танытатынын байқаған. Бүгінгі таңда, біздің балуандарымыздың әлемдік аренадағы жеңістері, содан кейін анекдотка айналған қазақтардың бастық болуға, түк болмағанда учаскелік полицей болуға деген құмарлығы біздің кшатрийлік табиғатымыздың белгісі, айғағы, патшалық-әскери архетиптің рудименті.

Мен А.Тәжуітовпен толықтай келісемін: бойымызға табиғат дарыған, Құдай берген қасиетпен күресіп, оны жоюға тырысып керегі жоқ. Бүгінгі өскелең дүниеде өзіміздің ішкі табиғатымызды ізгілікке жаратып өмір сүріп үйренуіміз керек. Бұның толық мүмкін екенін Ұлыбритания мен Жапонияның тәжірибесі көрсетіп отыр. Ұлыбританияның мемлекеттік жүйесінде қызметкерлер әлі күнге дейін джентельмендік намыс кодексін ұстанады. Жапония, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, самурайлық намыс кодексінің негізінде ғылыми-техникалық тұрғыдан жетілген ел ретінде қайта жаратылды. Бірақ, бұл үшін кешегі Ер Түріктің ұрпағы, Тәңіртекті Бөрі қалайша бүгінгі парақор шенеунік, полицейге айналды – осыны зерделемек керек.

Жалғыз жортқан тәңіртекті бөрі және топпен жүретін «көкжал егеуқұйрықтар»

Біз трайбализм сияқты бүгінгі қазақ қоғамын сансыратқан ауыр сырқат жайын жазғанда, әңгіменің шын мәнісіндегі рулық-тайпалық құрылым жөнінде емес, оның инверсияланған, азып кеткен формалар жөнінде екенін бір сәтке де естен шығармауымыз керек. Әйтпесе, біз, қазақтар, өмір бойы жел диірмендермен соғысумен өтеміз, ал «өркениетті» бақылаушылар бізге ат қойып, айдар тағып, бізді жабайы етіп көрсететін әдетінен танбайды.

Сонымен, рулық-тайпалық құрылыс – көшпелі мал шаруашылғына сәйкес қалыпты, тиімді жүйе. Мыңдаған жылдар барысында бұл жүйе көшпелі қоғамды ұжымдастырып, оның әр мүшесін әлеуметтік тұрғыдан қорғап келді. Көшпелілерде абақтының, полицияның, проституцияның, балалар мен кәрілер үйінің болмағаны жайында көп рет айтылды да, жазылды да. Бұны қайыра айтып жатудың да реті жоқ. Оның сыртында, общиналық психологияға сүйенген рулық-тайпалық жүйе талантты адамның қабілетін толықтай іске асыруынан толықтай мүмкіндік жасайтын.

Бәсекешілдік қасиет көшпелі өмірдің барлық салаларында ынталандырылып отырады. Ру немесе тайпа, оның көсемдері, рудың абыройы үшін ең талантты деген ақындарды, әншілерді, күйшілер мен балуандарды алға жылжытуға мүдделі. Келеге сыймаған, ру мен тайпаны тар көрген адам ханның ордасынан еңселі орын иемденеді, олардың өнері,  қызметі енді жалпыұлттық деңгейге көтеріледі. Ал, одан асқан уникалды таланттар, тұлғалар үшін сал-серілердің әскери одағы сияқты өз табиғатын танудың, танытудың биік жолдары болған. Көшпелі мәдениет бір жағынан «Жалғыздық Құдайға ғана жарасады» деген қағиданы ұстанса, екінші жағынан «Асықтың жолы – ерекше жол» дегенді де мойындайтын болған. Бұл ерекше жолға музыкант та, бөрізат батыр да хұқықты деп келісілген.

Жекпе-жектің айрықша этикасы қалыптасқан, батырлар кездескенде бір-бірінен «кезек беру» дәстүрі болған. Тұжырып айтатын болсақ, рулық-тайпалық жүйе өзінің қалыпты ахуалында панасыздарға пана болған, асып туғандарды биік дәрежеге жеткізген, осылайша өзін өзі қайта жаратып, өркендеп отырған. Ал енді қазіргі қазақтың «трайбализмі» дегеннің не екенін байыптап көрейік (Қазақтарда деп баса айтамын, себебі, басқа халықтардың тайпалық жүйесі, мысалы, шешендердің тейптері әлі күнге дейін өміршең, көптеген әлеуметтік мәнді функцияларын іске асырып отыр. Бір шешен өзінің интервьюінде, шешен ешқашанда да екінші шешенді алдап, бізше айтқанда «лақтырып» кете алмайды, себебі, бұл екі тейптің қақтығысына әкеліп соғады. Шешен «лақтырса» басқа ұлттың өкілін, кек қуа алмайтын ынжықты «лақтырады» дегені бар-тын.).

Бұрынғы тиімді жүйеге бүгінгі «трайбализмнің» ешқандай қатысы жоқ. Жоқшылықта отырған қорғансыздарды трайбализм қорғай алмайды, асырай алмайды. Және де ол қазақтың бойында қазаққа деген, яғни, өз ұлтына деген құрметті оята алмайды. (Қазақтар осылай бір-бірін сыйламаған, құрметтемеген күйде кете ме деп қорқамыз). Мен бұл жерде туыстар арасында болатын, туыстық сезімге құрылатын ұйымшылдықты айтып отырғам жоқ. Әңгіме система жайында. Бізде, өзінің ауылдастарына процентсіз кредит бере алатын, сол арқылы, тымқұрмаса, өз ауылындағы жұмыссыздық мәселесін шеше алатын, жетім мен жесірге, қаріп пен қасерге көмектесе алатын, жергілікті мектеп пен аурухананы қамқорлығына ала алатын «жаңа қазақтар» бар ма? Бар болса, бұл біздің қоғамымыздың жүйелік қасиеті емес, жеке бастың ынтасы, ықыласы ғана. Бізде, билік басында отырғандарға сөзін өткізе алатын ру мен тайпаның кеңесі бар ма?

Біз біреу өлгенде ғана басымыз құрылады. Осы әдеттің бар екеніне де шүкір. Бірақ, рулық-тайпалық жүйе, егер оның бар екені рас болса, адамды о дүниеге шығарып салатын жерлеу бюросы болмау керек, бүкіл тайпаның, рудың және оның  әр мүшесінің тіршілігін қамтамасыз ету керек. Бірақ, бұл бізде жоқ. «Жаңа қазақ», жо-жоқ, шала қазақ та емес, мәңгүрт те емес – «жаңа қазақ» ақшасын одан гөрі казиноға жұмсайды, асып кетсе, атасына ас беріп, ұлы жиын той жасайды. Ол тойда оның шын қиналып, жоқшылықта жүрген туыстарына табақтың түбіндегі қалдық қана бұйыратыны анық.

Сонымен ұлттың бүгінгі өмірі мен ертеңгі тіршілігіне «трайбализмнің» ешқандай қатысы да, шарапаты да жоқ екен. Мүмкін, «трайбализм» ұлт өмірінің ең биік деңгейлеріне, дамуының стратегиялық бағыттарына ықпал етіп отырған шығар? Осыдан бірнеше жыл бұрын Жәнібек Сүлеев «көкжал егеуқұйрық» («крысиный волк») деген ұғымды ендірді. Бұл терминді қазақ әлеуметтануының аксиомасы дер едік. Қысқаша түсіндіріп кетейін: егеуқұйрықтармен күресудің мынадай амалы бар; бірнеше егеуқұйрықты ұстап алып торға аш күйінде қамап қояды. Әбден ашыққан тышқандар ақырында бірін-бірі жей бастайды. Ең соңында барлыған жеп бітірген ең күштісі – «көкжал егеуқұйрық» қалады. Бұл «көкжалға» анда-санда тағы да егеуқұйрықтан тастап отырады. Осындай қиындықтан өткен «көкжал егеуқұйрықты» босатып қоя береді. Өзінің аталастарын жеп дәндеген «көкжал» босап шыққаннан кейін егеуқұйрықты қынадай қырады.

Россияның және кеңестік отарлық әкімшілік жүйесі «Бөліп ал да, билей бер» деген ежелгі империялық принципті барынша жетілдірді. «Көкжал егеуқұйрықтарды» таңдап іске жарату механизмі, әсіресе, қазақ «элитасының», дәлірек айтқанда, отарлық жағдайда ұлттық элитаның орнын басқан «әулеттің» бойына қона қалды.   Бұл жүйенің қазақтар арасында аса тиімді болуының, үлкен «жетістіктерге» жетуінің көптеген себептері бар. Олардың ішіндегі басты себептер – біздің, бақастыққа айналған бәсекешілдігіміз және атақ-даңқ, құрметке деген құмарлығымыз. Бұл «қабілеттердің» тиімділігі көптеген мақалдарға негіз, анекдоттарға тақырып болған.

«Көкжал егеуқұйрық» концепциясына бір-екі қосымша айтқым келеді. Біріншіден, білімге ұмтылған талантты адамнан гөрі, дарынсыз интриганның «көкжал егеуқұйрық» болуға, яғни, жетістікке жетуге және ұлт өміріне ықпал етуге мүмкіндігі әлдеқайда мол. Екіншіден, қазақтың «көкжал егеуқұйрықтары» топ болып қимылдауға бейім. Егер қалыпты рулық-тайпалық қоғамда ру өзінің ең талантты ақынын, я басқа өнерлісін алға шығарып, ру намысы үшін адал сайысқа салатын болса, бүгінгі әулеттер ең кісілікті, талантты деген адамдарын сыртқа тебеді.

«Көкжал егеуқұйрық» өзінің жанына өзінен айнымайтындарды, бірақ өзінен сәл ғана әлсіздерді жинайды. Құдайдан келген дарын, күш пен білім дәстүрлі сайыста ғана ғанибетке жеткізетін болған. Бүгінгі әулеттерге бұның керегі жоқ, олардың жетістіктері бір нәрсеге – билікке жақын болуға ғана тәуелді. «Көкжал егеуқұйрықтарда» ру да, жүз де жоқ. Тұлға – егеуқұйрық әулетіне сиыспайды.

Және замандас талантты адамдарды сыртқа тебумен қатар, өмірден өткен ұлыларды «жекешелендіру» («руландыру»), ұлттық, әлемдік деңгейден төмен сүйреп, өз деңгейіне түсіру, етек алған құбылыс. «Тегің басқа, біздің ата-бабамыздың мұрасында нең бар, ол туралы неге жазасың, неге кино түсіресің, оның ән-күйін неге орындайсың», – осындай сасық пиғыл сезіліп тұрады. Бұл казіргі заманның құбылысы, өйткені дәстүрлі қоғамда өнер адамдары бір-бірін насихаттаған, ру-жүзге бөлінбей араласқан, ұстаздық еткен. Сол «көкжал егеуқұйрықтар» ұлы атасының мұрасына шын мұрагер бола алса, жөн ғой, бірақ қайдам…

Қазақ қоғамының сырқаты, айықпас дерті, рушылдық, жүзшілдік емес – әулетшілдік (клановость). Трайбализм – әулетшілдіктің сыртқы бетпердесі ғана. Басқа қоғамдарда бұл басқа кепке кіруі, көп жағдайда бұл жерлесшілдік (землячество) болуы мүмкін. Англияда «бір галстуктылар» деген ұғым бар. Элитарлық жеке мектептер мен университеттердің түлектері, карьералық өрлеу барысында бір-бірін қолдап отыратын әулет құрайды. Әрбір элитарлық мектептің өзінің арнайы рәсімдерге киетін, басқа мектептердікіне ұқсамайтын галстуктері болған себепті, әулет мүшелері «бір галстуктылар» атанған. АҚШ-та билік әулеттерін қалыптастырғанда жерлесшілдік, «бір галстукшылдық», партиялық династиялар принциптері аралас қолданылады.

«Өзіміз-бөгде» деп бөліну адамзат қоғамының ежелден дамудың барлық сатысында ұйыстырып келе жатыр. Бұлай бөліну хайуанаттар дүниесіне де тән. Шамасы, бұлай жіктелу және биліктің әулетшіл болуы – фәнилік өмірдің ажырамас сипаты. Бірақ, бұл бұлжымайтын заң біздің өркениетіміздің даму деңгейіне қарай әртүрлі формада болуы, түрлі нәтижеге жеткізуі мүмкін. Азамат соғысының салдарынан Тәжікстан жіктелді… Бұның басты себептерінің бірі – үш түрлі жерлесшілдік әулеттің өзара қырқысы. Ағылшынның элитарлық мектептері өзінің шәкірттеріне жоғары білім берумен қатар олардың тәрбиесіне, тәртібіне қатаң талап қояды. Себебі, бұлар – ертеңгі ел билеушілер. Міне, ұлттың болашақ билеуші элитасы осылайша мақсатты түрде дайындалады (ХХ ғасырдың аяғында ғана ағылшын парламенті элитарлық жеке мектептердегі таяқпен дүрелеу жазасына тыйым салды. Ал басқа мектептерде бұл жаза баяғыда ұмытылған. Міне, мызғымас аристократиялық және мемлекеттік дәстүрлері бар мемлекет осындай шаралардан әлі бас тартпаған. Болашақта ел билейтін бүгінгі балалар осы бала кезінен тәртіп пен жауапкершілікке үйрену керек, қиындыққа төзе білу керек деген ұғым бар бұларда. Біздегі жағдаймен қандай контраст!).

Оның үстіне, бір әулет мүшелері арасындағы ынтымақтастықтың, түрлі әулеттер арасындағы қырқысқа айналып кетпеуіне джентельмендік этика кепіл болады.

Ақпараттық мәліметке сенетін болсақ, Дж.Буш американдық президенттердің ішінде интеллектуалдық тұрғыдан алғандағы ең төмені, орта деңгейден де төмен екен. Өзімен бірге Ақ үйге ол өзінің командасын алып келді. Кабинет өзгерсе де, орнында қалатын мемлекеттік чиновниктер аппаратының консерватизмі мен профессионализмі саясаткерлердің жойдасыз білімсіздігінің орнын толтырып, таразы басын тең ұстап отырады.

Қазіргі қазақ қоғамының ішінен шірітіп отырған әулетшілдіктің ең жаман формасы – ешбір игілік тудыруға қауқарсыз, бірақ жолындағы игілікті, ізгілікті, талантты атаулының барлығын жоятын «көкжал егеуқұйрықтардың» әулетшілдігі. «Көкжал егеуқұйрықтың» комплексі жастарға да, оның ішінде шығармашыл, еуропашыл жастарға да жұққан. Бұл әулетшілдік жойылмайынша, немесе, тымқұрымаса, әулеттік таңдаудың принциптері мен формалары өзгертілмейінше, бір нәрсені өзгертем деу әбестік.

Бұл үшін не істемек керек? Біріншіден, бүкіл қоғам, әсіресе, билік басындағы интеллектуалдық элита «көкжал егеуқұйрық»  комплексінің құлдық, отарлық табиғатын түйсінуі, бойымызда осы сырқат барда ұлттың да, мемлекеттің де ұзақ өмір сүре алмайтынын түсінуі керек. Екіншіден, рулық-тайпалық жүйенің келмеске кеткенін, бүгінгі күннің бірде-бір сұранысына жауап бере алмайтынын түйсіну керек. Рулық-тайпалық жүйенің бүгінде өзіне тән қоғамдық-пайдалы фукцияларды атқара алмайтынын жоғарыда айтқанбыз.

Азулы әулеттердің басшылары әулет мүшелерінің адал, ұжымды болғанына мүдделі. Алайда, ескі рулық жүйе адалдық пен ұжымдылықтың кепілі бола алмайды, себебі бүгінде әлеуметтік идентификацияның бірден-бір формасы ру-тайпа емес, үлкен әлеуметтік дәрежеге жетудің басқа да формалары қалыптасты. Қазақ қоғамының қаймағы билік әулетіне таңдаудың, сұрыптаудың анағұрлым объективті, өскелең критерийлерін тиянақтауы керек. Бұл – ең әуелі, олардың өз игілігі үшін керекті шара. Ал ұлттың алдында әлдеқайда үлкен мақсат – бүгінгі және келер заманның талабына сай жаңа ұлттық мінез, ұлттық дағдыны қоғамдық масштабта қалыптастыру мақсаты тұр.

Жаңа ұлттық идеал

Ұлттық идея – негізгі тақырып, жеке әңгіменің арқауы. Біз мақаламызда бүгінгі қазақтың ұлттық идеалының нақты мәселесін сөз етпекпіз. «Ұлттық идеал – бұл, белгілі бір «ұлттық қасиеттерге», мысалға «нағыз жапондық», «нағыз израильдік», «нағыз американдық» деп атауға лайық ұлттық қасиеттерге ие және сол қасиеттерді ресурс ретінде өз пайдасына асыра алатын адамның бейнесі.

Қоғамның жаңа идеалды мойындауы, маңайындағы адамдардың оның осы идеалды іске асыру әрекетіне деген ұнамды көзқарасынан танылады. Өзін «жапонша», «израильдікше», т.б. ұстаған адам құрметке ие болады, ол адам бұл құрметті ерекше ресурс ретінде өз мақсатына жету жолына пайдалана алады» (К.Крылов). Ұлттық идеал, принципінде өзгеріске ұшырай алады, көп жағдайда ол ұлттық мінездің кейбір қырларымен сәйкес бола бермеді. Ол аз болса, көп жағдайда ол ұлттық мінездің кейбір жағымсыз қырларын жоюға бағытталады.

Израиль мемлекетінің тарихы – осының классикалық мысалы. Сионизмнің идеологтары мен практиктері еврейдің жаңа бейнесін тиянақтап шығарды. Әлбетте, ол еврейлердің бұрыннан бар ұлттық ерекшеліктеріне сүйенді, бірақ, мұның бәрі ұланғайыр ұлттық проект – Израиль мемлекетін құруға кедергі болады-ау деген басқа ерекшеліктерді жою үшін жасалды. Мысалы, түрлі елден «ата-баба жеріне» оралған еврейлер негізінен саудагерлер, клерктер, заңгерлер, қолөнершілер, шығармашыл интеллегенция болатын. Ондаған ғасырлар бойы еврейлердің әскери іске ешқандай қатысы болған жоқ. Ал, Израильге солдаттар ғана емес, полицейлер де, өнеркәсіп пен ауылшаруашылық жұмысшылары да керек еді. Ұлттық идеалды іске асыру сәтімен өтті, бүгінгі израильдіктер өздерінің иммигрант әкелеріне мүлдем ұқсамайды.

Жапонияның екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қайта өрлеуі «қиындыққа төзу қабілеті» сияқты әскери идеалды өнімді еңбекке айналдырған жаңа ұлттық идеалды іске асырудың арқасында мүмкін болды. Американы жаулағандардың көбі, түрлі себеппен өз елдерінен кеткен еуропалықтар еді. Өз елінен қуылған қаңғыбастың бойындағы төменшік комплексты жеңу үшін, «жеңімпаз» бейнесі, қиындықтарды жеңе білетін қажырлы, қайтпас ердің бейнесі жасалды. «Нағыз американдықтың» идеалы осы бейнеден тамыр тартады.

Он жыл тәуелсіз өмірдің барысында қазақ қоғамы егемендіктің алғашқы эйфориясынан арылды, көптеген түңілістен өтті, ақыр соңында қазақтың басты проблемасы екіғасырлық отарлық езгінің салдарынан қалыптасқан ұлттық мінездің кейбір қырлары екенін түйсінді. Оларды жіпке тізіп айта беруге болады. Бірліктің жоқтығы, ұлттық ортақ мүддені түйсінбеу, өз ұлтына деген, өз мәдениетіне, тіліне, өз өкілдеріне деген құрметтің жоқтығы, сөзде тұрмау, көпсөзділік, бос жүріске бейімділік, кәсіби қабілетінің дәрежесінің, бағасының төмендігі, таланттарға деген өшпенділік, адамның жеке пікірімен санаспау, интрига мен былыққа бейімділік – толып жатыр. Бұл жайында Абай да, Н.Масанов та айтқан, қазақстандық орыстар да айтқан және айтып келе жатыр, ас үйіндегі әңгіменің үстінде өзіміз де бір-бірімізге айтамыз, газетте де жазылады. Өзіндік сыннан енді жаңа ұлттық идеалды тиянақтауға, жасампаз іске бет бұратын кез келді. Ескі дүниеге, Қазақ Ордасына қайта бара салу мүмкін емес: дүние де, заман да өзгерді, біз де өзгердік.

Қазақ Ордасы пассионарлықтың өрінде қалыптасқан еді, «ұзын ерікті адамдардың» басын біріктірген еді. Орта Азиядағы Шәйбанилердің гарем-мемлекетінің қапырық атмосферасына, былығы мен интригасына шыдамаған, еркіндік аңсаған бабаларымыз азаттық үшін, ождан үшін, ар үшін төңіректің төрт тарабына қылыш сілтеді. Осы еркіндік үшін ғасырлар бойы қан төкті. Тоқтаусыз күрес ізсіз кеткен жоқ, пассионарлыққа кері әсерін тигізді. Қазаққа қарсы жасалған сойқырғыны (геноцид) мен отарлық «сұрыптау жүйесі» («көкжал егеуқұйрықтарды» сұрыптау) де пассионарлықтың деңгейін төмендете берді.

Тіпті, ұлттың басынан кешкен орасан ауыр тарихи тағдыры былай қойып, таза хронологиялық тұрғыдан келген күннің өзінде Л.Гумилевтің теориясына сәйкес қазақ этносы өзінің өрлеуінен өтіп, енді пассионарлығының деңгейі құлдырап төмендейтін (фаза надлома) кезеңге келді. Биік пассионарлық кездегі мінез стеореотиптері енді еш нәтиже бермейді. Құлдырап құздың түбіне түспес үшін, пассионарлықтың қазіргі деңгейіне сәйкес жаңа мінез, жаңа дағды қалыпастырмақ керек. Әрине, Л.Гумилевтың теориясын мінсіз деп айту қиын. Мен оны абсолюттендіріп отырғам жоқ. Түптеп келгенде, барлығы да Жаратушының қолында. Бірақ, үлкен эмпирикалық тұғырға негізделген бұл теория «Бір суды екі рет жалдау мүмкін емес» деген ескі мақалды растай түсетіндей. Бүгінгі қазақ қоғамының жағымсыз сипаттары пассионарлық кезде қабылданған дәстүрлі бейнеге қарама-қайшы. Қазақтың жүрек қалауымен ғана емес, ақылға сүйеніп те әрекет қылатын кезі келді.

Ресейлік зерттеуші К.Крылов жаңа ұлттық идеалдың тиімді жұмыс істеуінің, қоғамды жұмылдырушы күшке айналуының басты шарттарын атап көрсетеді. Қоғам ұлттық идеалға сәйкес болуға тырысатын адамдарды құрметтегенде ғана өміршең болмақ, ұлттық жобаны іске асырудың тиянағы болмақ. Ол адамдарың арасындағы өзара сенімге кесірін тигізбеуі керек. Қоғамда жаңа бір жік – ұлттық идеалға сәйкестік бойынша жіктелу басталғанда ғана ол қоғам ұжымдаса бастайды. Яғни, ұлттық идеал «Мен – қазақпын, мен сондай да сондаймын, басқа қазақтар сияқтымын. Осының өзі жеткілікті» деп айту үшін ғана керек емес. Ұлттық идеал ұлттық мінездің кейбір бірегей қасиеттеріне сүйеніп, басқаларын теріске шығаруы керек.

Сонымен қатар, жаңа идеал ұлттың түпкі табиғатынан, оның өзі жайлы қалыпты түсініктерінен де тым алшақтап кетпеуі керек. Алғашында жаңа ұлттық идеалды ұстанған, оған сәйкес адам көп болмауы мүмкін. Екінші жағынан ол элитарлық болмау керек. Адам оған өзінің ескі өмірін аса көп қиратпай-ақ қол жеткізе алатындай болуы керек. Адам оған өзінің ескі өмірін аса көп қиратпай-ақ қол жеткізе алатындай болуы керек. Жаңа идеал қызығушылық тудыра білуі керек, сол үшін ол провокативтік формада болуы керек, қазіргі тәртіпке қарсы жаңа қасиет белгісі болуы керек. Сәтімен табылған ұлттық идеалға, жақтаушысы бар, қарсыласушысы бар – бүкіл қоғам тартылады, нәтижесінде өз елінде болып жатқан құбылыстар ғана ең мәнді нәрсе болып саналады да, сыртқы дүние өз бетінше тұрған дүние емес, жаңа идеялардың және ресурстардың қайнар көзі болып қана қалады.

К.Крылов сәтті жобаның мысалы ретінде Петр патшаның реформаларын келтіреді. Россияны жетілдіру, қаландыру әрекеттері І Петрге дейін де болған, бірақ, бұл әрекеттердің екі үлкен кемшілігі бар еді. Үлгі ретінде православие халқы көп ұната бермейтін католик мемлекеттері алынатын. Реформалар тым баяу, сатылап жүргізілетін. Бұндай қарқын, әрине, ұлтты жұмылдыра алмас еді. І Петр, шіркеулік рәсімі қарапайым, сол себепті православиемен қайшылыққа келмейтін протестант елдерін үлгі етті. Екінші жағынан реформалар қауырт және ескі мәдениетке қыр көрсете жүргізілді: сақал қыру, опаланған парик пен голланд кафтандары әншейін символ ғана еді. Қоғам екіге жарылды, бірақ үлкен іске жұмылдырылды. Петр проекттері бүкіл елдің назарында еді. Адамның оған деген қатысы әлеуметтік және мәдени жіктелуден мәнді болып шықты.

Біздің бүгінгі ахуалымызды зер сала қарайтын болсақ, ортақ қазақстандық қана емес, айтуға тұрарлық ұлттық жобаның да жоқ екені аян болады. Халықтың көп бөлігі, әсіресе жастар жағы шетелден келген масс-мәдениеттің аясына тартылып бара жатыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақтар «Қазақтың ұлттық киімі – Қытайда өндірілген «Адидас» деп қалжыңдайтын». Осыны біздің музыкамыз, мінез-құлқымыз туралы да айтуға болады. Этномәдени элита барған сайын беделінен айырылуда және ұлтты жұмылдыра алатын идеяны тиянақтай алатын түрі көрінбейді. Өзінің рухани соқтасынан ажырап қалған дәстүрлі мәдениет әзірге тұйық қорғаныста отыр.

Вестернизация ұлттық жоба ретінде емес, жекелеген ауқатты адамдардың, арман қуған, талабы биік, бірақ, шетелді аңсаған, эммигранттық көңіл-күй билеген жастардың жеке басының шаруасы ретінде іске асып отыр. Ұлттық жобаға ұқсас бір нәрсені осы күні шетелден келген «жаңа ислам», «исламдық фундаментализм» деп аталатын діни ағымдар іске асырып жатқан сияқты. Бір ғана мақсатты көздеу, өз идеясына адалдылық, ұжымдылық қасиеті оларды жұмылдырушы күшке айналдырып отыр. Бұрындары жұрт ұната қоймайтын мұсылман әйелінің киімі бүгінде тазалық пен ізгіліктің белгісіне айналып отыр. Орыс қыздары көп кезде мұсылман общиналарына әлдебір рухани қажеттіліктен бармайды, ұзын көйлек пен шашын жасырған орамал әйелді әлдеқайда көрікті және жұмбақ етіп көрсететіндіктен барады. Мұның мысалы көп.

Қазақстандағы исламның позициялары бұдан былай да күшейе бермек. Бұның себебі бүкіләлемдік ситуацияда ғана жатқан жоқ. Бұның басты себептерін кейінірек, ұлттық идея жайлы еңбегімізде айтып кетерміз. Қазақтың ұлттық жобасы іске асатын болса, ислам оның рухани тірегі болмақ.  Бірақ, ол қандай ислам? Шетелден келген исламның түрлі ағымдары бір-біріне қайшы, кейбіреулері қоғам үшін қатерді сипаттағы ағымдар, және барлығы жиналып келіп, біздің мәдениетіміз бен тарихымызға қарсы, пікір бостандығына төзбейтін зорлықшыл дүниетанымымен көзге түседі.

Өкіне отырып мынаны айтқымыз келеді: бүгінгі барынша саясиланған дүниеде бейтарап, «таза» ислам жоқ, кез келген ағымның тасасында міндетті түрде біреудің саясаты, біреудің геосаяси мүддесі тұрады. Әрине, бұның барлығы ұлттың болашағы үшін қатерлі құбылыстар. І Петрдің реформалары бұлжымас жолмен большевиктік революцияға қалай алып келсе, шетелден келген ислам ағымдарының экспансиясы да ұлттық мәдениеттің терең қабаттарында, болашақта жарылыстарға алып келетін кернеудің жолдарын солай тудырады. Заманымыздың талабы – ұлттық бірлігі негіз, берік тұғыр болатын, білім – сауатты, ашық, біздің мәдениетіміз бен менталитетімізді риясыз қабылдай алатын, ырым-нанымнан ада, рухани қуатты ислам. Тарихи міндетті түйсіне алатын дінбасылар мен интеллегенция ұлттық болашағы үшін заманның осы талабын қабылдауы керек.

Қорытынды

Жаңа идеал, «нағыз қазақ» идеалын тиянақтап насихаттау – бүгінгі таңдағы басты мақсат. Бұл идеалды тиянақтағанда иллюзиялар мен қалыпты түсініктерге емес, қазақ менталитетінің терең архетиптік негіздерінде, оның инверсияланған, азып кеткен формаларына, қысқасы, қазақ жайлы білетін өзіміздің шындыққа, өзіміз білетін ұлттық мінездің қыр-сырына сүйенуіміз керек. Шындықты айтып және шындықты тыңдап үйренуіміз керек. Біз өз сөзімізді бұл тараптағы соңғы сөз деуден аулақпыз. Біздікі – білгенімізді айту.

Ерік, Парыз, Намыс ұғымдарын абсолюттік деңгейде түсінетін жауынгер архетипі – Орталық Азия көшпелілеріне тән сыйпат. Ұлттың бүгінгі ахуалы – осы архетиптің инверсиялануының нәтижесі. Ұлт өзінің рухани ұстынын құраған осы ұғымдардың жойылып кеткенін санадан тыс, интуитивтік түрде түйсінеді. Әзірге біз бұны демагогияның өзі сол рухани керектің жойылмағанын көрсетеді. Байырғы архетип жаңаша пайымдалып, ұлттың рухани түлеуіне, оның бірлігі мен пәтуәсына жол ашуы керек. Бұл ретте самурайлық намыс кодексін корпоративтік капитализмнің моральдік негізі еткен Жапония біз үшін тамаша мысал бола алады.

Көшпелі әскери өркениетте ұжымшылдықпен қатар индивидуализм, тұлғаның жеке басының намысы әспеттелген. Бұл Құдай мен Адамның бетпе-бет екендігінің, Жаратушының алдындағы адамның, тұлғаның жеке басының жауапкершілігінің көрінісі. Көк түріктерден Қазтуған мен Махамбетке дейінгі аралықта ұлттық рухтың субъекті мен иесі ретінде «Мен» асқақтатылған. Дәстүрге және суреткерлік хұқығына сәйкес өзін өткен, озған заман қаһармандарының мұрагері атаған Мұхтар Мағауиннің «Мен» атты кітабын қазақ интеллегенциясының қалай қабылдағанына қарап отырып біздің қаншалықты дәрежеде азып-тозғанымызды шамалау қиын емес. Ұлы тарихшы, ұлы жазушыға қарсы әрекеттегі кімдердің ұйымдастырғаны және оған кімдердің қатысқаны, немесе, таратып айтсақ, Орта жүзден шыққан Мұхтар Мағауинге қарсы әрекеттің басы-қасында тек осы Орта Жүздің «интеллегенттерінің» жүруі бір нәрсені ғана – бізде ешқандай да рушылдық пен жүзшілдіктің, трайбализмнің жоқ екенін көрсетеді.

Береке-бірліктің жоқтығы, бірін бірі құртып, бірінің бірі орнын алу, бір-біріне деген көмектің жоқтығы – бұның бәрі көшпелінің менталитетіне тән индивидуализм мен бәсекешілдіктің инверсияланған формалары. Бұрынғы өткен заманда бір-бірімен бақас батырлар ортақ мүддеге ғана жұмылған, ортақ жауға ғана тізе қосып шапқан. Жаңа ұлттық идеалдың бойында тұлғаға деген құрмет, тұлға болуға деген ұмтылыс, ортақ ұлттық мүдде түйсігі, отаншылдық астауы керек. Және, бір кезде ханның ордасы – бірлігінің белгісі, кепілі, «ұзын ерікті адамдардың» ұйысатын жері болса, ендігі заманда, бейресми ұйым, немесе баспа органы ретінде тіркелген, отаншыл идеяларды уағыздайтын, шын мәнісіндегі интеллектуалдылық элитаның басын біріктіретін, ел өміріндегі ең өскелең деген, ең мәнді деген құбылыстардың барлығын қадағалап қолдап отыратын, ұлттың ісін жаңа деңгейге көтеретін элитарлық интеллектуалдық клуб ұлт бірлігінің символы және сол бірлікті іске асырушы механизм бола алар еді.

Қазақтың есейетін кезі жетті.
2001

“Алтын Орда”, 2002, 19 сәуір
М. Ақдаулет тәржімалаған

2 Комментарии

  1. Осы мақала 2001 жылы жарық көрген екен, өкінішке орай бізде әлі күнге дейін өзгерістер жоқ, ұлттық идеология, ұлттық идеалы — әлі де алыста тұрған тау шыңдары сияқты

  2. Трайболизм негізі екі жақтық әсері бар құбылыс. жақсы және жаман жақтары айтпай ақ пайдалы және пайдасыз деп айта кетейң. Бірақ оны біздің қоғамға пайдалы жағың колданысқа алу керек. Трайболизм әділетсіздік пен жемқорлықтың бастауы пайдасыз жағың десем бір тумамыздың жағдайы (руxани әлде қаржы) нашарланып бара жатса бүкіл тума туысқан бас қосып әр қайсысы өз үлесің қоса отырып әлгі кісіңі не отбасыны құтқару болса пайдалы жағымыз.
    Ұлттық идеология бізде негізі бар. Тек қана өз тілің, ділің және салт дәстурлерің білетің тұлғаларда ғана. Ол идеология: Ата бабаларымыздың бастаған істі жалғастыру !

Обсуждение закрыто.