Тұмар падиша

Таласбек Әсемқұлов

1 эпизод

Дүние тамылжып тіршілік жырына ұйыған көктем еді. Алыста Нақшы – Рүстем тауларының көгілдір сілемдері көрінеді. Бүкіл түстік Азия халықтарының өкілдері Тақта-Жәмшит қаласына Наурыз мерекесін тойламаққа жиналған.
Қаланың көшелері толған халық, барлық жерде ән айтып, күй тартып, би билеген әнші-күйшілер. Көше бойлап сақырлап отта тұрған қазандар. Сондай-ақ қалада қаруланған парсының әскерлері көп еді.
Қаланың қақ ортасындағы тастан қаланған алып ғибадатхананың есігінде шұбырған халық. Бұлар қолдарына бидай мен арпаның дестесін ұстаған Бабылдың диқандары, халдейлер, ерте шыққан жеміс-миуа арқалаған соғдының тәжіктері, тарту-таралғы көтерген тағы да көптеген елдердің өкілдері еді. Топтың соңын ала Қондыгер құба жұрттан келген қисарылар тұрған болатын. Бұлар бабына келтіріп бордақылаған қой менен ешкі теріден тігіп безендірген киім мен түрлі ыдыс-аяқ және қыран құстарды алып келген еді.
Ақыры қисарыларға да кіруге белгі берілді. Ғибадатханаға жіті басып кірген олар қабырғаға жағалай орнатылған алау шамдарға таңырқай қарап тұрып қалған. Оң жақта тастан қалап, жезбен құрсаулаған, құрбандық шалатын ошақ тұр. Сарайдың төбесін тастан шапқан, қанатты ғажайып өгіздер тіреп тұр.
Бүйірдегі есіктен, соңына парсының әскерін ерткен сахаба шығып қисарыларға тақау келген.
– Қисарылар! – деген ол, әтектерге тән жіңішке дауыспен ышқына айқайлап, – Біздің Жаратқан Иеміз Ахурамазда, өзінің ықтиярымен Ұлы Құрыш патшаның кейпіне еніп жерге түсті. Қуаныңдар, қуаныңдар да осы ізгі хабарды елдеріңе жеткізіңдер. Осы күннен бастап жер бетіндегі барлық халықтар өздерінің рәсімдерін осы жерге келіп, Ахурамазданың атына, соның құдірет-киесіне деп атқаратын болады.
Бір сәт үнсіздік орнады. Қисарылар сахабаға таңқала қарап қалған.             -Ал енді алып келген тарту-таралғыларыңды жерге қойыңдар да, Ахурамазданың алдына тізерлеп тұрыңдар, – деді парсының жауынгері зор дауыспен.
Қисарылар иықтарына салып көтеріп тұрған қой мен ешкіні және басқа тартуларын тас еденге қойды. Бірақ бірде біреуі тізерлеп тұрған жоқ. Сахаба мен жауынгер бір-біріне қараған.  
– Қисарылар, естімедіңдер ме? – деді жауынгер қайталап, – Кәне, тізерлеп тұрыңдар. Бұйырамын.
Қисарылардың ортасынан еңсегей бойлы бір жас жауынгер алға шыққан.
– Ей, парсы, бізге бұйрық ететіндей сен кім едің, — деді ол кеудесін керіп, — −Сенің құдайың мен патшаң былай тұрсын, біз тіпті десең өз құдаймыз бен өз патшамыздың алдында тізерлеп тұрмаймыз. Біз Ахурамаздаға табынайын деп емес, біз Наурызды тойлауға келдік.
Парсының жауынгері қолын сермеп қалды. Сол сәтте бүйірдегі есіктер ашылып, сарай іші әскерге толып кеткен. Жер қайысқан парсының әскерлері найзаларымен тықсырып қисарларды қоршап тыпыр еткізбей тастаған.
—    Сұрағыңа жауап берейін, тоңмойын қисары, — деді парсының жауынгері, — Менің атым – Сатибарзан. Осы уақытқа дейін бұл есімді естімесең — өз сорың.
Парсының екі әскері, ағаш тығып жағы қарыстырылған, байлаулы қасқырды алып кірді.
—    Мына қасқырды сендер құрбандыққа деп алып келдіңдер ғой. Жақсы, біз оны Ахурамаздаға деп шаламыз, — Сатибарзан қасқырды өлтіруге белгі берді, — Міне, құдайларың өлді, қисарылар. Мойынсұнып тізерлеп тұрыңдар.
Қисарылар қозғалмады. Сатибарзан қолын сермеп қалды. Сол сәтте парсылар найзаларын толғай ұрған. Қарусыз қисарылар ешқандай қайран қыла алмады.
1. Тақта – Жәмшит,  көне грек дүниесінде Персеполь атанған, тұрғын қала емес, түрлі діни шаралар мен рәсімдер өткізілетін парсының салтанат қаласы. Кейіннен бұл қаланы Ескендір Зұлқарнайын қиратып өртеп кеткен. Тақта–Жәмшиттің орны қазіргі Иранның оңтүстік – батысындағы Шираз қаласынан 70 шақырым жерде жатыр. (1- бет)
1. Қондыгер құба жұрт –  Дәштінің, яғни қазақ сахарасының Тұмар падиша заманындағы ескі аты.
2. Қисарылар – қазақтың ауызекі шежіресінде сақталған, бүгінгі ғылым «массагеттер» деп таныған, қазақтың арғы атасы болып саналатын көшпелі қауымның аты. (2 -бет)

2 эпизод

Қондыгерлер Наурыз мерекесін тойлап жатыр еді. Моншақтай тізілген көгілдір таулармен көмкерілген ұланғайыр жасыл жазираға мыңдаған киіз үй тігіліпті. Ұлы Қондыгер елінің барлық рулары дерлік осы мерекеге жиналған. Сойысқа айдаған үйір-үйір жылқы мен қой, жүздеген арбаларға тиелген кісі бойы, алты піспекті сабалар. Қызылды-жасылды киінген қыз-жігіттер, келелі қарт пен мама бәйбішелер, жас әйелдер мен еркектер. Көбінің үстінде әскери киім, және кәрі мен жас бәрі тегіс қару асынған жауынгер жұрт.
Әуелі әлденеше жерден, ортасынан үйірлі мал, топты адамды өткізуге болатындай етіп қосар оттар жаққан. Жұрт алдына Тұмар падиша шықты. Бұл барлық қисарылар сияқты бойы биік, сүйекті, қырау шалған шашын екі бұрым қылып өріп арқасына бос тастаған, әлі өңі тоймаған жасамыс әйел еді. Ол әуелі қолын кеудесіне айқастырып жерге тағзым етті.
—    О, кеудесі түкті Жер – Ана! 
Содан соң шалқайып қолын екі жаққа жайып аспанға тағзым етті.
—    О, жарлығы қатты Көк Аспан!
Содан кейін қолын қайтадан кеудесіне айқастырып отқа тәу етті.
—    Демінен таулар күйіп, тас жанған Алау Ана! Тағдыр─талайымыз да, ризық-несібеміз де сендерден!
Содан кейін «Шыңырау» ғұрпы басталды. Өзінің алтынды ер арғымағына мінген Тұмар падишаның жанына бірі ұябасарды, екіншісі мұзбалақты, бір-бір қыран ұстаған екі жауынгер келіп тұрды. Тұмар әуелі мұзбалақтың мойын жүнін салалап басына басын тигізген. Содан соң ұябасардың арқасынан сипап, өтініш-арыз айтқандай күбірледі. Падишаның көңілі босағаны бүкіл қимыл-қозғалысынан көрініп тұр еді. Біраз адамдар көздерін сүрткен.
—    Меркіт Баба!- деді Тұмар мұзбалаққа қарап. Артынша ұябасарға қараған, — Баршын Ана! Шыңырау көк, жеті қаттан асып, Жаратқан Иемізге біздің мұң-мұқтажымызды жеткізіңдер! Жандасқанмен жандасып, достасқанмен достасқан өзінің қосыны, қондыгер жұртын қаһарынан тысқары етсін! Темір кісеннің демімен, дұшпанның табасынан сақтасын!
Осылай деген Тұмар екі жауынгерге иек қағып белгі берген. Жауынгерлер шапқан бойда қырандарды босатып қоя берді. Тебіне ұшқан қырандар көктің төріне ұмтылды. Бүкіл қондыгер жұрты Меркіт Баба мен Баршын Ананың, қанаттары сатырлап Жаратқан Иеге елші болып аттанып бара жатқанын тамашалап қарап тұрды. Көп адамдар, әсіресе кәрілер жағы көздерінің жасын сүрткен.
Артынша мерекеге жиналған жұрт оттан өте бастады. Ру-ру болып бүкіл халық көктемгі самалдың демінен гүрілдеп жанып жатқан оттың арасынан өтіп жатыр. Содан кейін үйір-үйір мал, үйдің түрлі мүлкі мен жиһазы, ыдыс-аяқ барлығы отпен тазартылды.
Киіз үйден тігілген алып қаланың қақ ортасында он екі қанат ақ орданың алдында қисарының ақсүйек әулеті Тұмар падишаны алқалай отырған. Ру көсемдері мен бектер әрқайсысы өзінің жасағымен келіп бір тізерлеп падишаға сәлем бере бастады. Тұмардың жанында тақ мұрагері ханзада Аспараның ұстазы атабек Ергене сөйлеп тұр.
—    Падишам, мынау келгендер – Аюалпаң бастаған кердерілер.   
Аюалпаң ақ текеметтің шетіне бір тізерлей отырып басын иген. Оның алып келген тартуы – алтын жалатқан қару-жарақ, томар тұғырға отырғызылған ақсұңқар және аңды құйындай соғатын құмай тазылар еді.
—    Падишам, Елше бастаған тоқарлар келді.                      Бүкіл қондыгер тұлым таққанда, кейде таздар деп атлатын тоқарлар бастарын тақыр етіп қырады. Өздерінің рулық салт-санасы. Елше, падишаға тарту ретінде сеңсеңнен тіккен бір киер тамаша киім мен алтынды ер алып келіпті. Жаңадан киіз жайылып дастарқан ұзара берді.
—    Ал мына келгендер, падишам, Соғды мен Ғажамның,  Шын -Машынның гауһарпруш саудагерлері.                         Ергене саудагерлерге қарап сәл ғана бас иген.
Шетелдің қонақтары күміс табаққа салып кепкен жеміс пен жұдырықтай-жұдырықтай науат, артынан үлкен бір орау қызыл мауытының үстіне салып бас алтын тартты.
Ат ойыны басталды. Соғды мен үндінің саудагерлері еңгезердей қондыгер жауынгерлерінің көкпарды қалай тартқанын, аттардың болат тұяғы қара жерді соқадай қалай жыртқанын қайран қалып тамашалаған.
Артынша қондыгер жұртының ең даңқты сайысы – садақ ату басталды. Бір-біріне қиыс қылып тоғыз щеңбер орнатылды.
Әуелі жас жауынгерлер шығып өнерлерін көрсетті. Бірақ бірде-біреуі садақтың оғын тоғыз шеңберден өткізе алмады. Ең мергені бес шеңберден өткізіп, күміс тайтұяқ жүлде алды.
Содан кейін абысын жасақтың қыздары шықты. Өгей ана берген белгі бойынша тебінге бірінен кейін бірі келіп тұрған қыздар сықырлата садақ тартты. Әйгілі мерген қыздардың әрқайсысы оғын тоғыз шеңберден өткізіп алтын жамбы жүлде алған.
Келесі ойын абысын жасақ пен бозбалалардың арасындағы белдесу еді. Күресте жеңген бозбала сол қызды қалыңдық қылып алуға хақысы бар болатын. Бұнда да бір ғана жігіт әбден қалжырап барып жеңген қызын өзімен бірге жетелеп алып кетті.
Ортаға жаршылардың біреуі шығып айқай салды.
—    Енді ағаш семсермен сайыс. Патшазада Аспара өзінің ұстазы- атабек Ергенемен жекпе-жекке шығады.
Патшазада Аспара торы жүзді әсем бозбала ортаға шығып жерде жатқан ағаш семсердің біреуін алды. Ергене өзінің үстіндегі қалың былғары кіреукені шешті. Екеуі бір-біріне қарсы тұрды. Жекпе-жек басталды. Барлық жас жауынгерлер сияқты Аспара да қарсыласын қажыр-қайратпен алғысы келген. Алайда, тәжірибелі жауынгер Ергене патшазаданың семсерін бойына дарытпады. Жауынгерлер ағаш семсермен сайысты демесе, бұл нағыз аяусыз жекпе-жек еді. Ақырында шебер машық өз дегеніне жетті де, патшазаданың жойқын шабуылдарының бірінде Ергене семсерді төбесінің үстінен өткізіп жіберіп, өз семсерімен Аспараны оң бүйірінен түйреген. Патшазада шалқасынан құлады. Жұрт айқайлап Ергенені ұлықтап жатты. Қызарып кеткен Аспара орнынан жеңіл көтеріліп, қымсына жымиып ұстазын құшақтады.
—    Кәрі аю, – деді патшазада атабекті арқасынан қағып.
Тойдың нағыз қызған шағында алыстан өгіз мінген жалғыз жолаушы көрінді. Мереке сап тиылған. Себебі, бұл соқа басы жалғыз тұратын сәуегей бақсы еді. Оның таудан түсіп, ел ішіне келуі ешқашан да жақсылық әкелмейтін.
Бақсы отырған жұртты қақ жарып тура падишаның дастарқанына келіп бір-ақ тізгінін тартқан. Таудай өгіз өзінің қызыл жиекті қорқынышты көздерімен жұртты шолып өтті. Дастарқан басында отырған үндінің саудагері өзімен тізелес қондыгер қолбасшысына бұрылды.
—    Бұл кім? Жұрт неге үндемей қалды? Елдің барлығы бұдан қорқады-ау, шамасы?
—    Бұл сәуегей бақсы, — деп жауап берді қондыгер
—    Бұл адам өткен менен кеткенді де, болашақ пен келешекті де біледі. Бұдан сыр жасыру мүмкін емес, жұрттың одан қорқуының себебі осы.
Саудагер қанағаттанып басын изеген.
—    Амансыз ба, Құтырғыр әкей?, — деді Тұмар.                     Бақсы падишаның сәлемін алған да жоқ. Бар болғаны дастарқан басында отырған жұртты ажырая бір шолып өткен.
—    Тұмар, — деді ол қырылдаған дауыспен, —     Отыз оғланды Тақта – Жәмшитке неге жібере қойдың? Олардың барлығын парсылар өлтірді. Қондыгер еліне үлкен зобалаң келе жатыр.
Осыны айтқан ол, өгізін тебініп жүре берді. Үрейленген жұрт жарылып жол берген.   
1. Қондыгер- грек мифологиясындағы «Ат адам» яғни Кентавр бейнесіне негіз болған бүкіл көшпелі халықтардың жиынтық атауы. Әлемдік ғылым қондыгер қауымын «скиф» деген атпен таныған. (6 бет)
2. Гаухарпруш-алтынмен және асыл таспен сауда жасайтын саудагер
3. Абысын жасақ – Европа халықтарының тілдерінде «амазонка» деген атпен белгілі, көшпелі жауынгер тайпалардың әйелдерден құралған жасақтары.
4. Өгей ана – абысын жасақтың тәлімгер-тәрбиешісі және қолбасшысы. (12 бет) 
3 эпизод

Тұмар ұзақ үнсіз отырды. Содан соң алақанын шарт еткізді. Ордаға қарулы жауынгер кірген.
—    Бахрамды шақырыңдар – деді Тұмар.                         Аздан соң ордаға Бахрам кірді.
—    Отыр, Бахрам, – деді Тұмар баяу дауыспен.
Үнсіздік орнады. Содан соң падиша сөз бастаған.
—    Бахрам, сен Парсыға жол жүресің… Біз ол жақта не болғанын білмейміз… сен осыны анықтап келуің керек… Құтырғыр бақсының айтқаны келмей қоймаушы еді… Егерде отыз оғлан бірдей өлтірілген болса… онда парсылар бізді жарты биліктен айырды дей бер… Әрине, ол жаққа барып қайту оңай емес. Бірақ, естуімізше сенің қарындасың Жаһанбану, Құрыш патшаның әйелі екен. Қарындасың арқылы патшаға жолығу оңайырақ болады.
Бахрам басын иді.
—    Иә, падишам.
—    Сендер бүгін, осы қазір аттанып кетесіңдер, – деді, Тұмар – Жасаған Ием жар болсын өздеріңе.

4 эпизод

Қараңғы зындан. Қабырғаларға үлкен алау шамдар бекітілген. Сатибарзан шынжырлаулы күйде төбеге асулы тұр. Аяғына кигізілген зілдей ауыр ағаш қалыптар денесін төмен тартып тұр. Бөлмені ары-бері кезіп тергеуші жүр. Тақау келіп Сатибарзанның жүзіне жиіркене қараған ол:
– Ал, не айтасың? – деген кекетіп.
—    Әй, жендет, менің кінәм неде, түсіндірші сен маған! – деді Сатибарзан айқайлап – Сенің бұл айтып тұрған сатқындығың – қай сатқындық? Мені неге қамады? Кімді сатыппын мен?
Тергеуші қарқылдап күлді. Кішкентай жозының жанына келген ол шербеттен бір жұтып тамағын жібітті. Содан соң қайтадан күлген.
—    Парсылар, сендер ақымақ халықсыңдар. Сендердің ойларыңша, жауды жеңгеннен кейін бел шешіп демалуға болады екен. Сендердің ойларыңша соғыстан кейін бейбітшілік келеді екен. Міне, сендердің қателерің. Ешқандай да бейбітшілік жоқ. Ешқандай жеңіс те жоқ. Сонда не бар дейсің ғой? Ешқашан бітпейтін күрес қана бар. Дүние дегенің сол – мәңгі күрес, мәңгі соғыс.
Тергеуші екі қадам шегініп тұрды.
—    Сен жеңістің миуасын жеймін деп сарайдан алшақтап кеттің. Саясаттан қарайып қалдың. Сенің ең үлкен қатең осы. Сен сарай өмірін де, патшаны да тастап кетіп қалдың – сол үшін опық жедің. Ал сарай, біреуді құрбандыққа, өлімге кескенде – ол адам шынында да кінәлі ме, жоқ па – оны ешкім де анықтап жатпайды. Сарай солай деп шешкен екен – жендетке сол жетіп жатыр.

5 эпизод

Таң алагеуіммен  парсының бас шаһары Пасарғадыдағы патша сарайында үлкен жиын басталды. Бұл жиналғандар, Бабылдың ескі ақсүйек және парсының аты енді ғана шыға бастаған жаңа ақсүйек әулеттерінің өкілдері – парсы империясындағы ел иелері еді. Келісілген уақытта атшаптырым сарайдың ең түбіндегі алтын зерлі ауыр перделер баяу ашылып ар жағынан жарты дүниенің әміршісі, патшалардың патшасы, құдіретті шах-ин-шах Құрыш өзінің көз қарықтырған салтанатымен көрінген. Елдің барлығы жүгіне құлады. Алтын тақтың екі қапталында әйгілі «ажалсыз шеріктің» таңдаулы жүздіктері тұр еді. Бірақ сарай төңірегіндегі адамдар, алтын тақтың тасасындағы құпия дәліздерде тағы да әлденеше мың «ажалсыз әскердің» жасырынып тұрғанын білетін.
Өзінің сүйікті шәкіртінің сарайында рәсім атқаратын нәзірге айналған Қарпық, малынып киінген, еңсегей бойлы, ашаң, аппақ қудай қария қолын сермеп қалып жерде жатқандарға көздерін алға қадау керек екені жайында жарлық берді. Рәсімді уақыт өткеннен кейін Қарпық тағы да қолын сермеп, тұруға рұқсат берген. Патшаға рұқсатсыз жақындауға құқығы бар Ардашир баяу басып тақтың жанына келді де, тағзым етіп тұрып қалды. Сонда ғана Құрыш жақ ашып алғаш рет сөйлеген.
—    Бүгін нені талқылаймыз?                            Қарпық басы жерге жеткенше иілді.
—    О, шахиншах, бүгін бірінші қарайтыныңыз Сатибарзанның ісі.
—    Бастаңдар! – деді Құрыш патша келте қайырып.             Ардашир демін терең алып сөйлеп кетті.
—    Патшалардың патшасы, Сатибарзанның Сізге жасаған сатқындығын қайғыра тұрып хабарлаймын. Наурыз тойы кезінде Ахурамазданың ғибадатханасында Сатибарзанның бұйрығы бойынша қисарының отыз оғланы өлтірілді. Өзінің аяр ісімен ол бізді сахара жұртына жау етіп отыр, соғысқа итермелеп отыр.                         Құрыш аяғына дейін айтқызбай киіп кеткен.
—    Біз онсыз да қисарылармен соғысқа дайындалып жатқан жоқпыз ба?
Ардашир басын иіп тосылып тұрып қалды. Алға бабылдық Сиямақ шықты. Қарпық оған бас изеген.
—    Патшалардың патшасы,- деді Сиямақ зор дауыспен, – Иә, біз алдағы жазда сахараға қарсы соғыс ашамыз. Бірақ біз аттануға әлі дайын емеспіз. Қондыгердің атты әскері қалай шабатынын білесіз. Егерде Тұмар падиша хабарланып, ендігі бері қарай аттанған болса онда апатқа ұрындық дей беріңіз. Олар бізден бұрын шабады, бүкіл терістік пен солтүстік оттың астында қалады.
—    Сахара хабарланып үлгерді дейсіңдер ме? – Құрыш ойлы көзін Сиямақтың жүзіне қадаған.
—    Иә, әміршім, – деді Сиямақ – Ұзынқұлақ деген бар ғой.
Сарайда сілтідей тыныштық орнады. Осы тыныштықта Құрыштың даусы түңілісті естілген.
—    Ол қандай өлімге лайық деп ойлайсыңдар?
—    Патша – садақ болғанда, біз – жебе, – Сиямақ басы жерге жеткенше иілді, – Сен не айтсаң, сол болады, әміршім.
—    Әрине, Сатибарзан соғыстың қарсаңында жауға сырымызды білдіріп қойып отыр. Бұл ауыр қылмыс, кешірілмес күнә, — Құрыш  әлдебір  нүктеден көз алмай сәл отырды, — Бірақ біз оны қарасүйек құсатып дарға аса алмаймыз. Ол жауынгер. Оның, ұлы Парсыға сіңірген еңбегін ескерейік. Сондықтан жауынгерге – жауынгердің жазасы. Басын семсермен шабыңдар!

6-эпизод

Қол-аяғы кісендеулі Сатибарзан Құрыштың алдында тұр еді. Әбден арыған, күйзелген ол патшаның тағын қоршап тұрған бабыл ақсүйектеріне қарап ащы жымиған.
—    Ақырғы керез сөзіңді айт, — деді Сиямақ.
—    Шахиншах, шыныңды айтшы, мені өлімге кескен кім? – деді Сатибарзан.
—    Мен, — деді Құрыш, — Істеген сатқындығың үшін сені өлімге кескен – мен.
—    Менің ешқандай да кінәм жоқ, ал сен сыпсыңдарға сендің, —  деген Сатибарзан қасқайып, — Мен бүкіл өмірімді  сенің жолыңа сарп еттім, менің семсерім саған ғана қызмет етті, жүрегім сен деп қана соқты. Ал сен мені өлімге бұйырдың. Сен өзіңе адал болған адамдарды көзің қиып ажалға аттандырасың. Айтшы, Құрыш, ақырсоңында сен кіммен қаласың?
—    Жетер, — Құрыш тақтан түсті. —  Сот осымен аяқталды.
— Соңғы сауалым, — Сатибарзан кісеннің шынжырын салдырлатып қолын көтерді, — Менің әйелдерім мен балаларымның, туыс-туғандарымның жайы не болмақ?                                             Құрыш жауап қатпаған  күйі есікке қарай беттеген. Сатибарзанның жанына  бабылдық Сиямақ келді.
—    Туыс-туғандарың жайында алаңдамай-ақ қоюыңа болады, —  деген ол кекете жымиып, — Олар жайында жарлық беріліп те қойған.
Сатибарзан түсі бұзылып Сиямаққа қарады.
—    Олар сені  о дүниеде күтіп отыр, — деді Сиямақ.
Сатибарзан сарайды жаңғырықтыра айғайлаған.
—    Құрыш! Қарғыс атсын сені! Тұқым-тұқияныңа, зәузатыңа қара шешек келсін! Сен иттен жаратылған, ит емген патша! Өлгенде де ит өлімімен өлерсің әлі! Сен баяғыда өлген өлексесің! Сен жоқсың!

7-эпизод

Зынданға екі адам кірді. Бұл Қарпық пен жендет болатын. Сатибарзан қабырғаға шынжырлаулы күйде тұр еді. Қарпықтың жанына  кілтші келді. Қарпық Сатибарзанға қарай иегімен меңзеген. Кілтші Сатибарзанды ілгектен түсіріп, аяғындағы ағаш қалыптарды шешіп, жетелеп Қарпықтың жанына алып келді.
Екеуі бір-біріне қарап ұзақ тұрған. Жендет пен кілтші  шыдай алмай теріс айналып кетті.
—    Сен ешкімнің аяушылығына зәру болып тұрған  жоқсың, Сатибарзан, — деді ақыры Қарпық, — Менің аяғаным – сені қорлағаным болар еді.
Сатибарзан үндемеді.
—    Сен өмірден адал өттің. Сенің ойың мен сөзің ісіңмен бірдей еді, — Қарпық Сатибарзанның жүзіне құрметпен мейірлене қараған, — Сен айырылысар көпірге келгенде,  Митраның өзі саған тағзым етеді.
Сатибарзан үндемей тұра берді.
—    Айтайын саған, балам, құдайдың сүйіктісі – жолы болған адам емес. Құдайдың сүйген құлы – аямай сынға салған адамы, — Қарпық шынжырдың шетінен ұстады.

8-эпизод

Сатибарзанды зынданның ауласына шығарып, жаңғырықтың жанына  тізерлетіп тұрғызған. Жендет қынаптан қысқа семсерін суырды. Елдің бәрі бір нәрсені күтіп тұрғандай. Сатибарзан сонда ғана бұның дұға оқуға берілген уақыт екенін түсінген. Ол көзін жұмып, санасында туған-туысын, бала-шағасын елестетті.
—    О, Жаратқан Ием! – деді күбірлеп, — Ахурамазда, мен өзіңе келе жатырмын, қабыл ал!
Дұға оқып болғаннан кейін  көз қиығымен жендетке қараған.
—    Білесің ғой, — деген  ақырын ғана, — Азаптамай, бір-ақ ұр.
Сатибарзан  басын жаңғырыққа салды. Жендет семсерін көтерді. Келесі сәтте Сатибарзанның көз алдында сананы қарықтырған аппақ жалын лап етті.

9- эпизод

—    Қарындасым Жаһанбану, мен мұнда үлкен елшілікпен келіп отырмын. Бірақ әуелі мән-жайды сенен білгім келеді. Егерде қисарының оғландары зынданда отырмаса, егерде олардың өлгені рас болса, онда бұны істеген кім? Оғландардың қанын төккен  Сатибарзан дегенге мен ешқашанда сенбеймін.
Бахрам өзінің қарындасы Жаһанбанумен патшайым сарайының ішкі ауласында отырған. Ауладағы хауыздың ортасындағы шашпа бұлақтан жанға жайлы салқын леп есіп, гүлдердің кешкі жұпары аңқып бүкіл ауланы алып тұр.
Жаһанбану біраз үнсіз отырды. Ішкі дүниесінде неше түрлі сезімдердің  арпалысы жүріп жатқаны бет әлпетінен көрініп  тұр. Кенет ол патшайымға жараспайтын қылық көрсетіп,  жан-жағына сескене көз тастаған.
—    Мен кейде қорқамын, — деген ол даусы дір етіп, — Сарай төңірегінде болып жатқанның барлығы мен үшін түсініксіз  жұмбақ. Сол түсініксіздігімен бұрынғыдан бетер  қорқынышты.
Бахрам үндемеген күйі қарындасының  жүзінен көз алмай отыр.
—    Парсының семсері әлемді билеген жоқ және ешқашан билемейді де, — деді Жаһанбану қасіреттене жымиып, — Біз бір бұлтартпайтын жолға түстік. Енді ол жолдан ешқайда кете алмаймыз.
Алдындағы шербеттен бір ұрттаған.
—    Иә, қисарының ханзадаларын өлтірген Сатибарзан емес. Ол сол күні қалада да болған жоқ. Тауда аң аулаған. Қаншама адам осыны куәландырып отыр.
Жаһанбану күйіне күлген.
—    Өз қолымен  қисарының оғландарын өлтіргенін Сатибарзан кешке, аңнан келгенде бір-ақ білген.
Бахрам бүкіл дүниесі төңкеріліп меңірейіп отырып қалған.
—    Және бұл парсының сарайында бүгін басталған  кесапат емес, — деді Жаһанбану  естілер-естілмес етіп, — Бұнда қылмыскер болу шарт емес. Қылмыскер атандырса болды. Адамның  басын алуға сол жетіп жатыр.
Ағасы мен қарындасы бір-бірінен көз алмай ұзақ отырған.
—    Әйтсе де бұл қалай болған, түсіндірші? – деді Бахрам.
—    Бабыл театрының ойыншысы бетіне опа-далап жағып, Сатибарзанның түрін келтіріп, ойнап берген, — деді Жаһанбану, — Сол жерде жүрген жауынгерлер де, сахабаның өзі де оның Сатибарзан екеніне ешқандай күмән келтірмеген.
—    Ал куәлар ше? Олар не дейді? – деді Бахрам.
—    Куәлар не болушы еді? – Жаһанбану күрсініп ернін жымқырды, — Олар толайымен жоқ  болып кетті. Билік маңайында жүргендерден, ол куәлар туралы ұмытыңдар деген емеурін келді. Сонымен  тынды.
—    Ал Сатибарзанды өлтіргендегі шын себеп не? Сенің ойыңша, — деді Бахрам.
Жаһанбану сәл үнсіз отырып қалды.
—    Ол қисарылармен соғысуға қарсы болған, — деді одан кейін, — Дәштіге аттануға қарсы болған. Сол себепті неше түрлі әзәзілдің амалымен оның алтын басын әкеліп жаңғырыққа салған.
Кенет, отырған екі адамның санасында әлдебір қорқынышты күй бас көтерген. Бұл қатерге толы патша сарайының қараңғы түкпірлерінде ешбір үзіліссіз ойналып тұратын ажал менен тылсымның үні еді.
—    Сатибарзан тағдырдың алдында кішірейген жоқ. Ажалды қасқайып тұрып қарсы алды, — деді Жаһанбану баяу дауыспен, — Біз тек ардагердің алдында бас ие аламыз. Қолымыздан басқа не келеді.
Хауыздың суы ақырын сылдыр қағып ағып жатты. Бақшадағы бұлбұлдың әні талықсып естіледі. Бахрамның көңіл көзінің алдында өткен өмір, Сатибарзанның тұлғасы, балалық шақтың жүрек елжіреткен көріністері елес беріп оянған.
—    Содан кейін тағы бір айтарым, — деді Жаһанбану селт етіп, — Сатибарзанның туыс-туғандарының жайын анықтап әуре болма. Ештеңенің де ұшығын таба алмайсың, олардың барлығын әлдебір алыс уәлаятқа жер аударған деседі. Содан соң өз басыңа да қауіп төніп жүрер.
Жаһанбану үнсіз қалды. Бахрам қарындасына қарап, не айтатынын күтіп отыр.
—    Ал шындығында Сатибарзанның әйелдері мен балалары, туыс-туғандары баяғыда бұ дүниеден озған сияқты. Жүрегім солай сезеді, — деді Жаһанбану.
Бұтақта ілініп тұрған қураған жапырақ ақырын сырт етіп сандал ағаштан шапқан жозының үстіне түсті. Жаһанбану жапырақты  қолына алып тамашалап сәл отырды. Содан соң үгітіп жерге  тастай салған. Бахрамға жалт етіп қарағанда көзінде қос тамшы жас тұр еді.
—    Адам деген де осылай, — деді даусы сәл қалтырап, — Сатибарзан…  неше патшалықты күйреткен… қаншама алтын тәж бен  тақты Құрыштың аяғының астына әкеліп тастаған ұлы қолбасшы Сатибарзан… Міне, дүниеде болмағандай… Нышаны да жоқ… Етіктің шаңындай етіп қағып тастап… ары қарай кете берді.
Есіктен күтуші, ашаң келген еңсегей бойлы жасамыс адам кіріп иіліп тұрып қалған.
—    Патшазада Бардия.
—    Кірсін, — деді Жаһанбану.
Екі бозбала кірді. Бардия әкенің де, шешенің де әлпетін алған көрікті  жасөспірім еді. Шығыңқы шықшыты әкесіне, боталаған үлкен көзі шешесіне ұқсаған. Ол Бахрамның жүзіне жасқанбай қараған.
—    Бардия, сәлем бер – бұл менің туған ағам Бахрам сенің нағашың болады, – Жаһанбану ұлына мейірлене қараған.
—    Сен де сәлем бер, Дарьяуш, – деген одан кейін екінші бозбалаға қарап.
Бардия мен Дарьяуш жақын келіп парсыша ізетпен сәлем берген.
—    Шахиншахтың кеңесшілерінің бірі Виштаспаның ұлы, – деді Жаһанбану.
Дарьяуш сұңғақ бойлы, қасы-көзі қиылған, сымбатты бозбала сәл иіліп қымсына қызарып кеткен.
Жаһанбану орнынан тұрды.
—    Мен шахиншахпен сөйлесіп қойдым. Ол сені екі күннен кейін қабылдайды.

10-эпизод

Күтушілер Бахрамды ертіп алып келгенде Құрыш жазғы бақта отырған. Күзеттің бастығы алға озып есеп бермек еді, шахиншах керегі жоқ дегендей қолын сермеп қалып белгі берді,  жымиған күйі орнынан тұрды.
—    Бахрам, бауырым аман-есенсің бе? —  деген Бахрамды құшақтап тұрып. Қатаң тәртіп пен рәсімге үйренген жасауылдар таңданысын жасырып шахиншахтың шетелден келген елшіні құшақтап өзінің патша екенін ұмытқан қарапайым мінезін тамашалап тұр.
—    Шашың ағарыпты. Жүзіңді әжім торлапты, — Құрыш Бахрамның жүзін мейірлене тамашалаған. – Соңғы рет қашан көрісіп едік сен екеуміз?
—    Соңғы рет Парсыға осыдан жиырма жыл бұрын келіп едім, – деді Бахрам жымиып, – Осы жиырма жылдың ішінде сен жарты дүниені бағындырыпсың.
—    Иә. Енді қалған жартысын бағындыру ғана қалды, – деді Құрыш.
Екеуі қосыла күлген.
Құрыш Бахрамды белі қайысқан дастарқанның жанына алып келді. Екеуі қырмызы кілемдердің үстіне отырды. Күтушілер екеуін дереу бөстекке көміп тастады да, шағын той басталып жүре берді.
—    Саясатты бүгін қоя тұрайық, ертең кешке сені Зәрдүштің сарайына жеткізіп салады, сол жерде әңгімелесеміз, – деді Құрыш-Кейде патшаның өзі де сарай өмірінен жалығады. Тақтың төңірегіндегілер мені ақырындап адамдардан алшақтатып барады. Кейде айдалаға шығып, баяғыдай қарақұйрық аулағым келеді, тіпті құр өзің қоңыр салқын төске алып арғымақпен шапқан қандай. Есіңде ме?
—    Тарғытай патшаның үйінде тәрбиеленген кезімізді айтасың ғой? – деді Бахрам, — Ол дәуренді қалай ұмытуға болады?  
—    Есіңде ме, сен қондыгердің садағын тартуға күшің жетпей, сен үшін үнемі атабегің атушы еді ғой? – Құрыш қуақы жымиып, Бахрамға қараған.                                                 Бахрам да жымиған.
—    Есімде. Бәрі есімде, Құрыш. Ол бір бақытты кез еді ғой.
Екеуі де үнсіз қалды.
—    Ал енді мен — қамбардың перзенті- Парсының патшасы болдым, ал сен – парсының ұлы маған қисарының елшісі болып келіп отырсың,– деді Құрыш сәл мұңайып, — Өмір деген осы екен ғой.
—    Ал біздің қарындасымыз Тұмар қисарының падишасы болды, – деді Бахрам.
Күтушілер үнсіз-тілсіз үсті-үстіне құлпырған дәмнің түрлерін жеткізуден бір тоқтаған жоқ. Шағын әнші-күйшілер тобы мүлгіп патшаның жарлығын күтіп отыр.
—    Сазандар! – деді Құрыш алақанын шарт еткізіп. Бас күйші атып тұрып басы жерге жеткенше иілген.
—    Мен жақсы көретін күйді тартыңдаршы, – деді Құрыш.
Асқақ күй төгіле жөнелді. Сымбатты көрікті дыбыстар біресе қалықтап, біресе тыншып адамның жанын жай таптырғандай.
Блиц – кадр: Тұмар өзінің ақ ордасында ойланып алыстан талып жеткен күйге құлақ түріп отырғандай.
1. Сазандар – парсы тіліндегі күйші немесе сазгердің аты. (34бет)  

11-эпизод

Түн. Зәрдүштің ғибадатханасы. Төрт қапталының төртеуін де тастан шапқан қанатты адам кейпіндегі алып өгіздер көтеріп тұрған үлкен зал. Залдың ортасында тастан ойып жасаған құрбандық шалатын үлкен ошақ. Төбедегі терезелерден жеткен желдің әлсіз лебінен ошақтың оты баяу толқиды. Алып тас діңгектердің тасасында тұрған патшаның жасауылдарын байқау қиын емес еді. Құрыш пен Бахрам бөлмені аралап асықпай әңгімелесіп жүр. Сөйлеп жүрген Құрыш.
—    Тағы да қайталайын, қарындасым Тұмарға менің атымнан көңіл айт. Қисарының ханзадаларының өлімі – кездейсоқ болған, менің өзіме опық жегізген оқиға болды. Осы қылығымен Сатибарзан өз басын жұтты.                                         Бахрам, – Сатибарзан… – деп барып үнсіз қалды. Құрыш ештеңе байқамағансыды.
Екеуі құрмалдық ошақтың жанына келіп тұрған.
—    Құрыш, айтшы, – деді Бахрам ошақтың отынан көз алмаған күйі, – Сен қисарылармен соғысуға дайындалып жатырсың ғой. Солай ма?
Құрыш сұстана қалды.
—    Бахрам, бұл ерте ме, кеш пе болмай қоймайтын нәрсе. Әлемдік патшалық құруды басқаның емес, менің маңдайыма жазыпты. Мен осыны аяғына жеткіземін де. Ғажам, Бабыл, Юнан, барлығы біздің алдымызда тізе бүкті. Перғауынның елі Мысыр мен Европаның жахил жұрттарын бағындыру – жақын келешектің ісі. Халықтар азаткер патшаны құшақ жайып қарсы алып жатыр. Парсының семсері жер- жерге бейбітшілік пен тәртіп алып келді, зорлықшыл әміршілердің билігін тыйды, ғылым мен білімнің дамуына, түрлі өнер мен сауданың көркеюіне жол ашты.
Құрыш толқыған оттан көз алмай бір сәт тұрып қалды.
—    Жалғыз қисары ғана емес, бүкіл қондыгер жұрты терістіктен үнемі қауіп туғызып келген. Олар бірнеше рет Ғажам мен Мысырды жаулаған. Сол себепті, мен, шахиншах бұл мәселені қайткенде шешуім керек. Қисарылармен алдағы болатын соғыс – күрестің бірінші кезеңі ғана. Мен Ұлы Көк теңіз бен Долы дарияға дейін жетуім керек. Мен бұл өлкені қайткенде бағындырып тыныштандыруым керек.
Бахрам Құрыштан көз алмай тыңдаған. Алайда оның күйінішті ой үстінде екенін байқау қиын емес еді.
—    Ал, енді құлағым сенде, – деді Құрыш
—    Құрыш, – деді Бахрам баяу дауыспен, Мен айтарымды айтам. Бірақ маған сенің уәдең керек. Барлығын айтып болғанша, мені өлтірме. Патша болып ант бер осыған.
Ғибадатхананың ішінде үнсіздік орнады.
Құрыштың санасында кеше ғана өткен күннің оқиғасы қайта жаңғырды. Құрыштың өзі тақта отыр, ал Сатибарзан тақтың алдында ашулана сөйлеп тұр.
—    Мен сені түсінбедім, шахиншах. Біз Бабылды алдық, енді Мысырға қарай аттанайық деп тұрғанда, сен бүкіл әскерді терістікке, Дәштіге қарай бұрасың. Қисарылар – бізге дос халық. Біз неге олармен соғысуымыз керек? Бұл соғыстың мұраты неде? Мағынасы не, түсіндірші сен маған? Осы азғантай уақыттың ішінде не боп қалды?
Құрыш әлденені күткендей үндемей отыра берді.
—    Есіңде болсын, Құрыш, мен бұл соғысқа қарсымын, – деді Сатибарзан.
—    Олай болса, бұл пікіріңді әскери кеңесте неге айтпадың? – деді Құрыш.
Түңіліске толы үнсіздік орнады.
—    Мен өзімізге тілеулес қисарылармен қалай соғысатынымды ойлағанда қолымдағы семсерім жерге түсіп кетеді, – деді Сатибарзан қасіреттеніп, -Сен біздің алаулаған жастық шағымыздағы алысқан қол, айтысқан серт пен өсиетті ұмыттың. Ал бұл әскери кеңесте талқыланатын нәрсе емес.
Сатибарзан бұрылып сарайдан шығып кетті. Құрыш пен тақтың жанында тұрған бабылдық Сиямақ екеуі бір-біріне ұзақ қараған. Құрыш басын болар-болмас изеді. Сатибарзанның тағдыры осылай шешілген еді Құрыш естеліктен есін жиып бүгінгі күнге қайтып оралды. Ант етейін, — деді ол салтанатты дауыспен, — Көкейіңдегі барлық сөзді айтып болмайынша басыңнан бір тал шаш түспейді. Ант етейін.
Бахрам сәл кідіріс жасап сөйлеп кетті.                             -Өзіңнің нағашы атаң, Ғажамның патшасы Астиагты жеңіп тұтқынға алған күнің есіңде ме?
—    Есімде, — Құрыш таңқалып  Бахрамның бетіне қараған.
—    Сен Хақмаданның абақтысында отырғандардың барлығын  босатып жібердің. Солардың ішінде екі көзі  суқараңғы соқыр, әбден арса-арсасы шыққан бір кәрі адам болған.
—    Еміс-еміс, — деді Құрыш, — Бірақ есімде.
—    Олай болса тыңда. Зынданнан шыққаннан кейін көп ұзамай қайтыс болған сол адам Астиаг патшаның туысы еді. Ол Астиагтың әкесі Қиақсардың туған ағасы. Аты Миансар болған. Оның нендей қылмыс үшін қамалғанын, жарты өмірін не себепті зынданда өткізгенін білгің  келетін шығар деп ойлаймын. Тіпті  Астиаг патшаның өзі, әкенің қатал өсиетін орындап Миансарды  абақтыдан босата алмаған.
Құрыш айран-асыр таң қалған.
— Қиақсар қисарыларды жеңіп, бүкіл Мәуреннахрды жау табанынан  тазартқан деседі. Осылайша Қиақсар аңыздық кейіпкерге айналған. Ал шындығында ол қисарыларды алдап қонаққа шақырып,  шарапқа тойғызып, ұйықтатып тастап, сол ұйықтап жатқан кезінде қырып салған. Миансар мемлекеттегі екінші адам, Қиақсар патшаның бас  уәзірі және үнемі Дәштімен  достық жағында болған. Бірақ сарайда екінші  бір топ, өзің жорамалдап отырғандай, барлық патшаларды өздерінің айтқанымен жүргізіп үйренген бабылдық уәзірлердің тобы бар еді. Айта кетейін, бабылдықтар қазір сенің сарайыңды да меңгеріп отыр.
Құрыш сәл ыңғайсызданып қалған. Артынша Бахрамға қаһарлана қарады. Бірақ Бахрам дер кезінде пәлекеттің алдын алып үлгерген.
—    Шахиншах, берген антыңды ұмытпа!
—    Шынына келетін болса, Қиақсардың артында басқа емес, сол Бабылдың өзі тұрған, — деп сабақтады ары қарай Бахрам, — Себебі, Бабыл, қисарылардың үстемдігіне  ешқашан  төзбейтін. Миансар, болғалы жатқан қырғынды сезгеннен кейін, қисарыларға хабар бермек болады. Алайда, оны дер кезінде ұстап зынданға тастайды. Артынша бейшараның көзін ағызып жіберген.
Құрыш кең бөлменің ішін кезіп кетті. Қайтып келіп Бахрамға қарсы тұрды.
— Бірақ сол қисарылар айдаладағы Мәуреннахрда не істеп жүрді? – деп сұрады ол, — Түптеп келгенде Қиақсар өзінің патшалығын қорғады емес пе? Ол солай етуі керек болған.
—    Ғажамда ешқашан тарих болмаған. Тарихшылар патшалардың қас-қабағына қарап артқа тек жалған сөз, жалған тарих қалдырған. Ғажам менен Бабылдың тарихы өткен менен кеткенге сәулесін түсірген бүгінгі саясаттан басқа түк те емес.  Бүгінгі  зорлық-зомбылықты ақтау үшін өткен заманды қиянатты қылып көрсетеді. Ғажам мен Бабылдың тарихшылары ешқашан шындықты, тарихты жазған емес. Олар тарихты да, шындықты да өздері ойлап шығаратын болған, — деді Бахрам жайбарақат, — Және, өкініштісі, осы өтірік пен осы жалған сөз  толайымен парсының жәдігерлеріне  көшкен сияқты.
—    Сен менің сауалыма жауап бермедің, — деді Құрыш.
—    Қисарылардың Мәуреннахрда не істеп жүргені  ме? – деді Бахрам қайталап, — Қысқа қайырып айтсам, көшпенділер бұл жерде өзінің құқығын орнатты.
—    Мәуреннахрдың  қалаларын тонау құқығын ба? – Құрыш Бахрамның жүзіне қадала қараған.
Бахрам езу тартты.
—    Қисарылардың жергілікті халыққа  салған азынаулақ салығын тонау мен талау деп түсінсең, өзін білесің. Бірақ Қиақсар өзінің елін «азат» еткеннен кейін Ғажам мен Бабылдың салық жинайтын зекетшілері диқан мен қолөнершінің, саудагерлердің үрерге итін, сығарға битін қалдырмай барын сыпырып алатын болған. Аз уақыттың        ішінде алқып-шалқып отырған патшалықтың халқы қара табан кедейге айналған. Сен  бұны азат ету дейсің. Ал мен бұны талау мен тонау деймін.
Құрыш үнсіз қалды.
—    Үндістер біздің  көріп отырғанымыз ақиқат емес —  жалған деп айтады, — Бахрам басы салбырап ойланып кетті, — Себебі, дүние, болмыс, тылсымның, елестің жамылғысын жамылып тұр. Мен жұмыс істейтін Мохенджо-Дароның кітапханасында қырық мың жылдық тарих жазылған тас пен қыш кітапшалар сақтаулы. Бірақ адамзат тарихының бас-аяғы бұл емес. Үнді мен Мысырдың пайғамбарларының айтысына қарағанда, дүниені топан су қаптағанда, бұдан да көне тарих сақталған қоймалар жер бетінен жойылыпты.
Кенет  баяу тербеліп тұрған ошақтың оты лау етіп, жалынның тілі төбеге жете жаздап барып тоқтаған. Құрыш оттан көз ала алмай тұрып қалған.
—    Бұл не? – деді ол Бахрамға қарап.
—    Білсем ғой, — деді Бахрам.
Ақыры от басылып ошақтың ішінде тыншыған.
—    Осы қыш кітапшалар, баяғыда, әлмисақта жер бетінде әлдебір Алтын империяның болғанын баян етеді. Бұл заман сол патшалықтың атымен Алтын ғасыр деп аталған екен. Жер бетінде мамыражай, соғыссыз тыныш заман, адам тайпаларының барлығы тату-тәтті болыпты. Император мен сарай адамдары алыста, үнді теңіздерінің  арғы жағында әлдебір  аралда, я құрлықта тұрған екен. Шамамен он төрт мың жыл бұрын империядан жаңа бір егеменді елдік бөлініп шығыпты. Империя жаңа егеменге Азия мен Европаны жайлаған бүкіл халықтардың билігін сеніп тапсырыпты. Қондыгер құба жұрттың жеке  рулары – басымалы, байырқу, қисары, ителі, кердері және сенің руың қамбар – бұлар осы патшалық әскери әулеттің мұрагерлері. Біздің құрлықта Хақтың жолы, низам мен әділетті сақтап тұру – осыларға тапсырылған. Үндістер бұларды кшатрийлер әулеті деп атайды.
Қондыгерлер – тек жаужүрек жауынгерлер ғана емес, сондай-ақ ақылды әміршілер. Олар тумысында тәни дүниеге байланбағандықтан,  ежелден, сол әлмисақтағы Алтын империядан оларды ақша мен алтынды қадағалауға бұйырған. Сол себепті Ұлы Жібек жолын олар әлдебір өздерінің бас пайдасы үшін ұстап отырған жоқ.  Сауда мен ауыс-күйісті билеп-төстеп отыру – қондыгердің маңдайына  жазылған байырғы несібесі. Абырой да, әділет те, қондыгер сауданы қадағалаған жерде.
Құрыш бөлменің  ең түкпіріне барып теріс қараған күйі үнсіз қалды.
—    Білем,  менің  осы  айтып тұрғаным саған ертегі сияқты көрінуі мүмкін, — деді Бахрам Құрыштың ту сыртынан қарап тұрып, — Бірақ бұл жалғанда бәрі де ұмытылады. Және заман озған сайын ең ізгі деген шындықтың өзі ертегіге айналады. Бір ғана сауал – алтынға арын сатқан қондыгерді көріппе едің? Жоқ. Көрген жоқсың. Содан кейін мынаны айтшы, сенің руың қамбар неліктен Парсының тағын иеленіп отыр? Парсылар жоқ-жітік, жахил халық болатын, бірақ есесіне олар дәстүрді білетін. Сол себепті қондыгердің бір руын билік етуге шақырған, таққа отырғызған.
Құрыш жылдам басып, Бахрамның жанына келді, жан-тәнімен тыңдайтын сыңайымен қарсы қарап тұрды.
—    Бірақ  империяда тылсымның тілін білетін сиқыршылар мен дуахандар әулеті де бар еді, — деді Бахрам мойнын бұрып отқа қараған күйі.
Кенет ошақтың оты қайтадан жалаңдай көтеріліп бүкіл сарай ішін күндізгідей жарық етті. Құрыш меңірейіп тұрып қалған.
—    Апырай, бұл не болғаны? – деген одан кейін Бахрамға қарап, — Мынау от сенің сөзіңді растап тұрған жоқ па?
Бахрам үнсіз қалды. Содан соң тамағын кенеп қайтадан сөйлеп кеткен.
—    Алтын империяда әр әулеттің өзінің орны мен  міндеті бар еді. Әскери әулет халықтарды билеп, Абырой мен Тәртіпті, Әділетті сақтады. Ғылым мен білімді меңгерген сахабалар болмыстың құпия сырларын зерделеп таныды. Алайда сахабалардың бір тұқымы өзінің мұратынан жаңылып, байлық пен билікке құмарта бастады, әлем мен адамзатты билеуді армандады. Қолындағы білім мен ғылымды әлемдік үстемдік жолындағы күреске пайдалана бастады. Міне, сиқыршылар деп, дуахандар деп осыларды айтады. Сиқыршылар әскери әулетпен табандасқан дұшпан еді, тіпті сол Алтын ғасырдың өзінде олар кшатрийлерге қарсы неше түрлі лаң ұйымдастырып жүретін болған. Алайда империяның ешкімге шамадан тыс ерік пен билік бермейтін біртұтас заңдары бар еді. Алтын ғасырда патшалардың  өздері заңға бағынатын. Бірақ сиқыршылар өзінің кезін күтіп жүре берді. Ақыры сол заман да туды. Алтын империя суға бата бастады. Әрине, империя бір күнде батқан жоқ. Бұл он төрт жылға созылған апат еді. Міне, осы он төрт жыл бойы империяның кемелері дүниенің әр тарабына қисапсыз байлықты тасумен болды. Және алтын мен гауһар ғана емес, осы уақытқа дейін пайғамбарлардың, болмыс сырын қордалай жазған білімді кітаптарын да тасыған. Осылайшы ғылым мен білім төрт тарапқа бөлінді. Міне, сол себепті дүниенің әр шетінде тұратын, бір-бірімен жеті атасы ұшыраспаған халықтардың білімдері түрлі әріппен жазылса да рухы, яғни, шыққан тегі бір білім.
Қазіргі құбыланама−карталар кемеліне келмеген жетімсіз дүниелер. Мен Хараппаның кітап қоймасында сақтаулы тұрған ең көне және ең толық құбыланаманы көрдім. Сол құбыланамада ұлы шығыс мұхиттарының ар жағында жатқан алып жер бейнеленген. Бірақ теңізшілердің біреуі сол құрлыққа жетіпті дегенді естіген емеспін. Қыш кітаптардың айтысына қарағанда, қазынаның көп бөлігі басқа емес, сол алып құрлыққа тасылған көрінеді.
Империяның әміршілері сол құрлыққа көшіп баруы мүмкін. Кейіннен құрлықтардың арасындағы байланыс үзілді. Бұрынғы тарих аңызбен астасып ертегіге айналды. Шындық түнекке батты. Сиқыршыларға керегі де осы еді. Бұдан кейінгі адамзаттың тарихы – империяның аман қалған уәлаяттары мен халықтарының әлемдік үстемдік үшін жүргізген күресінің тарихы. Осы, мың жылдан мың жылға ауысқан, бітпейтін тайталаста, Қондыгер құба жұрт қана өзінің берген сертінен айныған жоқ. Қондыгер елі қолдан келгенше, осы күнәһар қара жердің бетінде қашанда болсын бейбітшілік пен әділетті сақтауға тырысты.
Сен қисарылар Мәуреннахрдың қалаларын басып алды дейсің. Бұл сендердің сарай тарихшыларың жазған, кеше ғана өткен күннің тарихы. Алайда, тағы бір тарих, патша сарайынан да, патша әулеттерінің мүддесінен де биік тұрған ғалымдар жазған шын тарих бар. Бұл тарих, сиқыршы-дуахандар Мәуреннахрдың қалаларын қалай басып алғанын, ақшаның бұлғағын ұйымдастырып өздерінің мүддесін ғана ескерген тіршіліктің заңсыз жаңа жолын ашқанын баян етеді. Олардың астанасы – Бабыл. Олардың байлығында шек жоқ. Олар патшалар мен тұтас мемлекеттерді сатып ала алады. Алайда олардың басты қаруы алтын емес. Олардың басты қаруы – құпия ілімдер, оның ішінде адамның тәни пендешілік табиғатын жете таныған, кез келген өзекті жанның бойындағы осы пендешілік, пен ақшаға, байлыққа, билікке деген құмарлықты оята алатын ерекше тылсым ілім. Гректер бұны құпия психология деп атайды. Дуахандардың жолы – қорлық пен лас кеп, тойымсыз ашкөздік пен кенеусіз нәпсінің жолы. Олардың көшпенділерге деген өштігі – ешбір есепке симайтын өштік, себебі Қондыгер жұрты дуахандарды шектеп Жібек жолынан аулақ ұстайды, ақшаның жүгенсіздігіне жол бермейді. Қисарылар Мәуреннахрды жаулап бірнеше мемлекетті ажал шегінен шегіндіріп олардың ғұмырын ұзартқан.
Бабылдың сиқыршыларының қондыгерлерге өш болатын және бір жөні бар. Кезінде сол Алтын империяның жер қайысқан қазынасының дені осы Дәштіге әкеп көмілген. Дуахандар сол байлықты, миллиондаған батпан алтын мен асыл тастарды түсінде көріп ұйқысы бұзылады. Білем, сенің әскеріңде Дәштідегі обаларды қазып қазына іздейтін мыңдаған шеберлер бар.
Шамырқанған Құрыш үнсіз қалды. Бахрам құрмалдық ошақты айналып өтіп қарсы тұрды да, оттың ар жағынан Құрышқа қарады.
—    Қисарылар ешқашанда Парсыға қауіп төндірген емес, төндірмейді де. Бұл сен бастайтын соғыс емес, Құрыш. Бұл басқа емес, сен үшін, сенің басыңды жұту үшін әдейі ойлап шығарылған соғыс… Құрыш, Бабыл өзінің қақпасын ашып сені құшақ жайып қарсы алған күні сен Бабылдың қазынадарларының құлдығына, кіріптарлығына түстің. Жібек жолына өзінің билігін орнату үшін олар сенің қаруыңмен бүкіл қондыгер халқын жер бетінен көшіріп қырып салғысы келеді.
Құрыш баяу тербелген ошақтың отына қарап үнсіз тұра берді. Кешегі өткен күннің тағы бір елесі санасында атойлай көтерілді.
Бабылдың сахабалары өз патшасы Набунаидтың басын алтын табаққа салып, қаланың қақпасын ашып Құрышты қарсы алған. Парсының әскері осылайша ұрыс-соғыссыз ұлы қалаға кірген. Құрыш жасауылдарын ертіп Бабылдың бас ғибадатханасына келді. Кіші сахабалар жеңімпаз патшаға жарылып жол берді. Құрыш жасауылдарын сыртқа қалдырып алтындатқан ауыр есікті ашып ішке аттаған.
Қабырғасы тастан қаланған алып бөлменің төбесі тым биік екен. Ғибадатхананың іші бөлмеден гөрі алып үңгірге ұқсайды. Қабырғаларды бойлай өлеусіреген шамдалдар орнатылған.
Құрыш ғибадатхананың алтынды ауыр салтанатын қайран қала тамашалаған. Бөлменің түкпіріне таман тұрған сахабаны аздан соң байқаған. Сахаба дұға оқып тұр еді. Түсініксіз тілде асықпай баяу дауыспен әндете оқылған дұға қоңыраудай күңіреніп бөлменің ішін кернеп барады. Сахаба дұғасын аяқтап, бөлме ішінде тыныштық орнады.
—    Кімсіңдер сендер? – деді Құрыш
Сахабаның мырс еткені естілді.
—    Біз бе? Біз Бабылмыз.
—    Ал Бабыл деген не? – Құрыш алға қарай бір қадам жасаған.
Осы кезде сахаба Құрышқа қарай бұрылған. Құрыш шошып кетіп айқайлап жіберді. Сахабаның әлпеті елестетудің өзі мүмкін емес қорқынышты әлпет еді.
—    Сауалыңа қарағанда сен шынында да білмейтін сияқтысың, —  Сахаба жақынырақ келді, – Балам, Жаратқан Ие бұ дүниені баяғыда тастап шыққан. Осылайша тіршілік атаулының барлығы Бабылдың билігінде қалды. Біз Құдайменен шарт жасасқанбыз. Ол аспанды билейді, ал біз жерді билейміз. Міне, Бабыл деген осы.
Сахаба шырпыны алып шамдалдан тұтатты да көзге көрінбейтін білтеге тигізді. Сол сәтте әлдебір сиқырдың күшімен болғандай мыңдаған білте лап етіп жанып, бөлме іші күндізгідей жарық болып кетті.
—    Біз жерді, топырақты билемейміз, – Сахаба келіп Құрыштың қарсысына тұрды,- Біз адамның ақылын, қажыры мен қайратын, ниетін билейміз. Ал жер деген не тәйірі, – Сахаба жиіркене күлген,- Ерте ме, кеш пе, бүкіл адамзат тайпалары келіп бізге бас ұрып, жерлерін біздің аяғымыздың астына тастайды. Осы жерімізді, осы байлығымызды алыңдаршы деп жалынатын болады.
Сахаба сәл қиыс тұрып сөзін ары қарай сабақтаған.
—    Біздің қалауымыз болмаса сен Бабылға ешқашан кіре алмас едің. Бабылдың патшасының басын шауып, алтын табақпен саған тартқан, біз – Сахабалар. Қақпаны ашып ұрыс-соғыссыз қаланы саған табыс еткен, біз – Сахабалар. Сен бізге борыштарсың.
Бір сәт үнсіздік орнады.
—    Сонда менен не тілейсіңдер? – деді Құрыш.
Сахаба кідіріп барып жауап берген.
—    Сен басқамен емес, бізбен ғана одақтас болуың керек. Себебі сенің де, біздің де ойымыз бір. Біз мұраттаспыз, себебі сен Жиһангерсің, ал семсер алтыннан өсіп шығады. Ал алтын – бізде. – Қара! – Сахаба алып қабырғаны бойлай тізілген сандықтарды көрсетті, – Біз  бұл алтынды саған сыйға тартамыз. Біздің қазынамыз – теңіз болса, саған беріп отырғанымыз сол теңіздің бір тамшысы ғана. Бұл ақшаға сен қанша әскер болса да, қаруландыра аласың.
—    Ал бұл сыйды немен қайтарам? – деді Құрыш.
—    Балам, біздің сұрайтынымыз болмашы ғана нәрсе, – Сахаба сандықтың бірін ашып тау болып үйіліп жатқан алтын ділданы шеңгелдеп алып сапыра төккен, – Қондыгер тарапында.
Сахаба әлдебір нүктеге көзін қадап тұрып қалды.
—    Қондыгерлер… Терістігіңде, осы, алқынып тұрған асау тайпа барда, сенің елің ешқашан тыныш ұйықтай алмайды, – Сахаба жалт бұрылғанда Құрыш қайтадан үрейленіп селк ете қалды.
– Сен қондыгердің сағын сындырып жеңуің керек, еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін аямай қырып салуың керек. Ал артында қалған мұраны қалай бөлу керек, оны кейін түсіндіреміз. Міне, сен осы жеңіске жеткеннен кейін өзің де, тұқым-тұяғың да ешқашан ақшадан таршылық көрмейтін боласыңдар.
Құрыш тізіліп тұрған сандықтарға бір көз тастап өтті.
—    Ал бас тартсам ше?
—    Жеңімпаз семсердің шыңылы адамды ақылынан алжастырады. Сен өзіңді мәңгі өмір сүретіндей көресің. Сен мені өлтіре аласың, мына ғибадатхананы тонап, өртеп кете аласың. Бірақ алданба, балам. Күн төбеден аумай-ақ, өзің мүлдем күтпеген тараптан басқа бір патша келеді. Сол патша сенің басыңды алады.
Құрыш мырс етті.
—    Ол қандай патша?
—    Білмеймін, — деді Сахаба, — Менің білетінім, қылышынан қан тамған Жиһангердің басын, күші асқан басқа Жиһангер шабады. Әлмисақтан келе жатқан, бұлжымайтын заң. Ерте ме, кеш пе сенің басыңды алуға сол Жиһангер келеді және сол Жиһангер біздің шартымызды қабылдайтын болады.
Құрышты естелік дүниесінен Бахрамның қарлыққан даусы алып шықты.
—    Құрыш, есіңді жи! Сен екеуміз Тарғытай патшаның ордасында тәрбиелендік емес пе? Сен Тарғытаймен емшектессің, Тұмардың ағасысың! Бұны қалай ұмытқаның, аруақтардың атын шақырайын, тоқта!
Құрыш үндемеген күйі есікке қарай беттеді. Бахрам ақырын жылжып соңынан ерген. Дала салқын екен. Сібірлеп таң атып келеді. Екеуі тағы да үнсіз қалған. Сонау көкжиектен от шашқан күннің шеті көрінді.
—    Қара, – деді Құрыш шығыстан төгілген от-өзенді меңзеп, – От ағып келеді… Алыста, мұхиттардың ар жағында жанартау деген болады екен. Ол таулардан осындай оттың өзені ағады екен. Жолындағының барлығын өртеп, тастың өзін балқытып кетеді екен. Құдай адам баласын ол өзеннің жолына тұрғыза көрмесін.
Құрыш тағы да үнсіз қалды. Содан соң басын жерден алмаған күйі күңгірт дауыспен баяу сөйлеген.
—    Парсылар да осындай, ұйқысынан оянған от-өзен. Бұл өзен жолындағының барлығын қиратып өртеп келеді. Тіпті, мен, тағдырдың қалауымен парсының патшасы болған, мен – Құрыш, менің өзім парсыны тоқтата алмаймын. Мен тек қана бұл қуатты ағысты бағыттай аламын… Түсінсейші, Бахрам… Мені дүниенің, замананың ыңғайы жетелеп бара жатыр… Мен ештеңе де істей алмаймын… Мен бұл жолға бүгін түскен жоқпын. Болмыста, тарихта есесі кеткен, барлығынан кенде қалған парсылар мені өздеріне патша сайлап, еркіндік, теңдік жолында Ғажамға қарсы соғыс ашқан күні мен осы жолға түсіп едім. Түсініңдер мені.  Мен бұл жолдан бұрыла алмаймын Сен де, қарындасым Тұмар да, түсініңдер де кешіріңдер мені. Мен баяғы балалық шақтағы Құрыш емеспін. Мен ұлы Парсының патшасымын.
Бахрам жүзін төмен салды.
—    Ал сен… нағыз данышпан екенсің, – деді Құрыш қасіреттене жымиып Білім мен ғылымға… өміріңді бекер сарп етпепсің. Әттең… сен… маған қызмет етпейсің. 
—    Еліңе, қисарыларыңа қайт, – деді одан кейін Құрыш селт етіп,– Шекараға дейін сендерді менің жасауылдарым жеткізіп салады. Қош бол, Бахрам.
Құрыш жалт бұрылып ғибадатханаға қарай жылдам адымдап жөнелді. Сол сәтте патшаның жасауылы Бахрамның жолын найзасымен кескестеген.
—    Қош бол, Құрыш, – деді Бахрам күбірлеп.                 
1. Ұлы көк теңіз – Каспий теңізінің ескі аты.
2. Долы дария – Қара теңіздің ескі аты. (37 бет)
3.Мәуреннахр – Тигр мен Ефрат өзендерінің арасында жатқан абат өлке Месопотамияның ескі аты. Кейіннен көшпенділердің жахандық саясатының аясы тарылып, қондыгер жұрты Дәштіге қайтып келгеннен кейін Мәуреннахр деп енді. Әмудария мен Сырдарияның арасында жатқан кең жазираны айтатын болған. (41-бет)
4. Қазынадар-банкирдің ескі скифші-парсыша аты

12-эпизод

Бахрам жүзін төмен салып Тұмар падишаның алдында отыр еді.
—    Сонымен, Құрыш… соғысқа бел шешкені ғой? – деді Тұмар күйзеліп.
—    Иә, падишам, – деді Бахрам – Өкінішке орай солай болды. Парсылар Әмудариядан өтті, көп ұзамай осында келеді.
Осы кезде ордаға қаруланған бір топ адам кіріп келді. Орданың жасауылдары олардың жолына кескестей тұрып ақинақтарының балдағына қол салған. Топтың басында тұрған мосқал адам айқай салды.
—    Былай тұр! Падишаңды талағалы жатқан ешкім жоқ. Біз тілдесейік деп келдік.
—    Сол тұрған жеріңнен-ақ тілдесуге болады, – деді жасауылбегі айылын жимай, – Ордаға неге қару асынып кіресіңдер?
Мосқал қисары ақырып жіберіп семсерге қол салған.
—    Тұрма дедім ғой жолыма!
Бірақ жасауылбегі жылдамырақ болып шықты, келесі сәтте өткір ақинақтың ұшы мосқал қисарының тамағына тірелген.
—    Ал мен саған қаруыңды таста дедім, – деді жасауылбегі ысылдай сөйлеп, — Есіңде болсын, падишаға теңескісі келген небір желіккен бастар саған дейін де болған. Солардың бәрін осы ақинақпен шапқанмын!
Қисары беліндегі семсерді қынабымен қоса ағытып жерге тастады.   
—    Сендер де, – деді жасауылбегі қалғандарына қарап.
Кірген адамдардың барлығы ақинақтары мен қанжарларын ағытып киіздің үстіне тастай салған.
—    Енді таққа жақындауға болады, – деді жасауылбегі.
Жасауылдар сәл шегініп ағаш тақтың екі жағына жарылып тұрды.
—    Падишам, отыз оғланның қаны төгілді. Құныкерден кек алу деген болмаушы ма еді! Қашан жорыққа аттанамыз? – деді мосқал қисары ашуланып.
—    Парсыны шапқанның орнына, сен әке-үке деп Құрышқа елші аттандырасың, – деді қисарылардың бірі алға шығып, – Бұл не кәде? Сен бізді масқара қылайын деген екенсің!
Тұмар сөздің аяғын тосып үнсіз отыр.
—    Біз күтпейміз, — деді мосқал қисары, — Не сен дабыл қағып бүкіл елді атқа қондырасың, не біз өзіміздің жасағымызбен жауға аттанамыз. Менің алты жиенім өлді, парсымен менің соғысым баяғыда басталды.
—    Ешқайда аттанып керегі жоқ, Әшиде, – деді Тұмар баяу дауыспен, Парсының өзі түп көтеріліп бері қарай аттанды.
Ордада сілтідей тыныштық орнады. Барлығы меңірейіп қалған. Аздан соң Әшиде сұраулы жүзбен Бахрамға қарады. Бахрам падишаның сөзін растап күйзеле бас изеген.

13 — эпизод

Патшаның ақ ордасының жанындағы төбеге, тас тұғырдың үстіне адамның екі бойындай, сом темірден соғылған Семсер Баба – соғыс құдайының тұлғасы орнатылып, үстіне бірнеше арба отын үйілді. Тұмардың белгі беруімен дархан ұста үйіндіні тұтатты. Аздан соң семсер толықтай отқа оранды.

14 эпизод

Батар күннің аясында семсер отқа оранып тұр. Түн батты, от саябырси бастады. Түн ішінде басыла бастаған алаудың аясында әбден қызған семсер маңайын жарық қылып от шашып тұр.

15 эпизод

Төбенің басында отырған қарауыл ақ орданың жанындағы төбеден от шыққанын көріп жанындағы адамға белгі берген. Келесі сәтте бұлар отырған төбеден де алау жанды. Қарауыл төбелерде отырған адамдардың барлығы от тұтата бастады. Бірінен кейін бірі моншақтай тізіліп жанған от бүкіл далаға келе жатқан соғыс жайында дабыл қағып тұрды.

16 эпизод

Иттер ұлыған. Ордаға жасауылдың біреуі кіріп бір тізерлей тұрған.
—    Тұмар ана, – деді ол басын иіп, – Иттер жамандық шақырып тұр. Оларды өлтірер болар.
—    Жоқ өлтірмеңдер, – деді Тұмар, – Олар қанды қырғынды сезіп айтып тұр. Оның несі айып.
Ол далаға шықты. Әр төбенің басында бір-бір ит тұмсықтарын жоғары көтеріп азалы әнін айтып отыр. Ақырын басып Тұмардың жанына боз інген келді. Інгеннің көзінен баданадай жас моншақ – моншақ төгіліп тұр.
—    Жылама, Аруана, – деді Тұмар, – Қайғының жаңбырынан кейін күн шығады, таң атады.
Ол Аруананың мойнынан құшақтап басынан сипап ұзақ күрсінген. Көңіл көзінің алдынан өткен күндердің елесі тізбектеліп өте берді.

17 эпизод

Көктемнің кезі. Әскери киім киінген қисарының бір топ қыз –бозбалалары кең даланың төсінде серуендеп келе жатты. Ақ теңіздей толқыған көденің әр жерінен ойдым-ойдым қарағанды, тобылғылы өзектер көрінеді. Шат күлкі, ойында ештеңе жоқ қыз – бозбалалар бір-бірімен жарысып, ілгерінді – кейінді айқайласып келеді. Топтың алдында арғымақ мінген Құрыш, Тұмар, Бахрам мен Сатибарзан. Бір кезде Тұмар мен Құрыш бір-біріне қарап аттарының басын бұрған. Жер апшысын қуырып шапқан Құрыш пен Тұмардың артынан ілесуге ешкімнің жүрегі дауаламады. Бахрам мен Сатибарзан жымиып жалт-жалт қарасқан.

18 эпизод

Құрыш пен Тұмар сарғалдақ қаптап өскен орманның алаңқайында құшақтасып тұрған еді. Аулағырақта екеуінің арғымақтары жайылып тұр. Құрыш жерге отырып Тұмарды құшағына тартқан. Тұмар Құрыштың бетіне елжірей қарады. Содан соң оның қолын сырып тастап недәуір уақыт теріс қарап отырды.
—    Құрыш, тыңдашы – деген еді ол одан кейін, – Мен саған көптен бері айтайын деп жүргем…
Құрыш Тұмардың жүзіне бажайлап қараған. Тұмар бір тал шөпті жұлып алып алақанына салып тамашалап сәл отырды. Содан соң кідіріп-кідіріп сөйлеп кетті.
—    Қисары мен қамбардың арасындағы жаулық пен бақастық әлмесақтан үзілмей жалғасып келеді. Ишпақайдың заманынан бері бір-бірімізді өлтіру, бір-бірімізбен жауласу кәдімгі күнделікті іске айналған.         Екеуі де үнсіз қалды.
—    Бірақ осы бітпейтін жаулықты тоқтатуға болады, – Тұмар басын көтеріп Құрыштың бетіне тік қараған.
—    Қалайша?
—    Екеуміз басымызды қосуымыз керек, – Тұмар Құрышқа тайсалмай қараған, — Қамбарлар одақтасып бізбен теңеседі. Бірақ сен басың биік, тым асқақсың. Таққа отыра алмай, патша бола алмай, хан күйеуі – күріген болып жүруге келісер ме едің?
—    Егерде мыңжылдық соғысты осылайша тоқтатуға болатын болса, онда келісем, – Құрыш орнынан тұрып Тұмарға қолын ұсынды. Содан соң қызды құшағына тартып, – Ал әкең Тарғытай, сенің, аманатқа келген қамбардың ханзадасына күйеуге шыққың келетінін естігенде не күйде болады? – деді қалжыңдап.
—    Әкем сені жақсы көреді – деді Тұмар
Осы кезде төбенің ар жағынан улап-шулаған жастар көрінді.
—    Мына қарақшылар бізді қуып жетті,-Құрыш атқа қарғып мініп Тұмарға қараған,- Қаштық, падишам.
Екеуі көкшіл нұрға бөккен көкжиекті бетке алып, жер топылтып шаба жөнелді. Сахараны кернеп көктемнің самалы есіп тұр еді.

19 эпизод

Қырау шалған шашын үш тұлым етіп өрген еңгезердей қарт жауынгер Тарғытай қолына бір кесе қымызды алып жатқанда ордаға қаруланған қамбардың аламандары кіріп келген. Тарғытай орнынан атып тұрып төсектің бас жағындағы қынаптаулы семсерге жармасқан. Бірақ кеш қалды. Екі-ақ аттап төрге жеткен қамбарлар ақинақтарын суырып алып кескілей жөнелген. Патшаның күтуші күңі үрейленіп айқай салды. Қамбардың біреуі жалт бұрылып бір-ақ тартып күңнің басын шауып түсірген. Аздан соң денесі қырық жерден шабылған Тарғытай қанжоса болып шалқасынан құлады. Патшаның көзіндегі өмірдің нұры өшкен сәтте қамбарлар да ақинақтарын қындарына салған. Орданы тез-тез тінтіп шыққан олар көп ұзамай аттанып кеткен.

20 эпизод

Қолы артына қайырылып байланған жасауылбегі, қисары әскербасыларының алдында тізерлеп тұрған.
—    Жасауылбегі Нелбе, қамбардың жауынгерлері қаруын шешпеген күйі қалайша Тарғытай патшаның ордасына кіріп кетіп жүр?
Нелбе үнсіз еді.
—    Сен хабарды кеш берген себепті жаулар қуғыннан құтылып кетті. Қамбарларға сатылғандығыңа ешқандай күмән жоқ.
Жасауылбегіні далаға алып шығып тірсектен бір теуіп қайтадан тізерлете тұрғызған. Әскербасылардың бірі қынаптан ақинағын суырып Нелбенің жанына келді.
—    Екі дүниеде де қарғыс атсын сені, опасыз сатқын, – деді ол күбірлеп. Содан соң бір-ақ тартып Нелбенің басын шауып түсірген.
Бір уыс шөпті жұлып алып ақинақтың қанын сүртіп қынапқа қайта салды.
—    Әлгі, қамбардың аманатқа келген күшігі қайда? – деген одан кейін жан-жағына қарап,- Табыңдар да өлтіріңдер.

21 эпизод

Тұмар әкесінің өліміне қайғырып қан жұтып отырғанда үйге күтуші қыз Намушы жүгіріп кірді.
—    Ханым ием! – деген ол алқынып, – Пәлекет келді. Қисарының батырлары Құрышты өлтірейін деп іздеп жүр. Өздері осылай қарай келе жатыр.
Тұмар орнынан тұрды. Қайғыдан сансыраған ол алғашында күтуші қыздың не айтып тұрғанын түсінбеген.
—    Не дейді? Құрышты өлтіргісі келе ме? Не үшін?             Намушы қайран қалған.
—    Ханым ием, ол аманат қой.
Осы сәтте Тұмардың санасында бір саңлау ашылғандай болды. Шошып кеткен ол жүрегін басып отыра кеткен.
—    Иә, иә! Қалай ұмытып кеткенмін!
Ол бір сәт қана ойланды. Содан кейін кесіп сөйлеген.
—    Намушы, аттарды ертте!

22 эпизод

Тұмар Құрыш отырған үйдің тұсына шауып келіп айқай салған.
—    Құрыш, қайдасың, шық тезірек!
Киіз үйдің ішінен Құрыш, Сатибарзан, Бахрам үшеуі атып шыққан.
—    Атқа отыр! – деді Тұмар бұйырып, – Тезірек!                 Құрыш келіп аттың тізгінінен ұстаған.
—    Не боп қалды, Тұмар?
—    Сен немене, ажалыңды тосып отырсың ба?- деді Тұмар айқайлап, – Өзіңнің кім екеніңді ұмытқан екенсің! Әне сені өлтірейін деп іздеп жүр!
Ол алыстағы төбелерді меңзеген. Құрыш жан-жағына мазасыздана қарады. Содан кейін атқа отырып тебіне жөнелген.
—    Мен сенің артыңнан шауып отырамын, – деді Тұмар атын қамшылап келе жатып, – Олар мені ата алмайды.
Қуғын басталды. Ат тұяғынан дала дүбірледі. Қисарылар садақтың қанды аузына оқ салып атуға дайын келе жатты. Алайда, қанша рет сығалап көздесе де Құрышпен құйрық тістесіп шауып келе жатқан Тұмар оны өз денесімен тасалап атқызбады. Патшаның қызын жаралап, я өлтіріп аламыз деп қорыққан қисарылар бір оқ ата алмады. Құрыш пен Тұмардың мінгендері ақ орданың арғымақтары еді. Қашқандар мен қуғандардың арасы ұзара берді.

23 эпизод

Ат тұяғының дүбірі естілді де артынша Тарғытай патшаның анасы Айбыстан отырған үйге Тұмар мен Құрыш жүгіріп кірген.
Тұмар Айбыстанның алдына тізерлей тұрып айқай салды.
—    Әже, қашқынға көмектес! Ол сенің табалдырығыңнан аттады!
Тұмар зерлі көйлектің омырау түймесін тез-тез ағытып Айбыстанның кәрі емшегін жалаңаштаған.
—    Құрыш, мұнда кел, – деген одан кейін күңгірт дауыспен.         Құрыш келіп Айбыстанның алдына тізерлей тұрды.
—    Бол енді, жылдам, – деді Тұмар асығып.
Құрыш кейуананың емшегіне ернін тигізді. Айбыстан аспанға қарап жылап жіберген. Тұмар мұңайып басын төмен салды.
Осы кезде үйге қисарылар жүгіріп кіріп қынаптан семсерлерін суырған. Орнынан атып тұрған Тұмар, ол да қынаптан ақинағын суырып аталастарының жолына кес-кестей тұрды.
—    Тиіспеңдер оған, – деген ол ақырын ғана, – Ол енді аманат емес. Ол енді әкем Тарғытайдың емшектес бауыры.
Жауынгерлердің барлығы кейуананың алдына біз тізерлей тұрған.
—    Айбыстан әже, айтшы, мына адам емшегіңді емді ме? – деді қисарылардың бірі.
Айбыстан қасіреттеніп отырып бас изеген. Қисарылар орындарынан тұрып, өкіне бас шайқап семсерлерін қындарына салды. Қисарыларды бастап келген әскербасы Тұмардың жүзіне ұзақ қараған. Көзінде әлдебір түсініксіз аяныш бар еді. Тұмар да әскербасыға тайсалмай қараған. Әскербасы Айбыстанға, содан соң оның етегіне басын салып бүк түсіп жатқан Құрышқа қарап сәл тұрды қолын сермеп қалды. Жауынгерлер үйден шығып жүре берді.

24 эпизод

Тұмар таудағы бақсының құжырасына келіп ат басын тартты. Есіктің алдындағы қураған ағашқа атын байлап ішке кірген. Ошақтың сөне бастаған оты әлсіз жарық шашып тұр. Құтырғыр бақсы теріс қараған күйі алдымен сөз бастаған.
—    Балам, білесің ғой, бақсы, патшаның әулетін үлкен бір себеппен ғана шақыртады. Міне, мен сені сол себеппен шақырттым.
—    Иә, шамалап тұрмын, Құтырғыр әке, – деді Тұмар.
Құтырғыр сәл үнсіздіктен кейін сөзін сабақтаған.
—    Тұмар, мен түс көрдім. Бұл жай түс емес, аруақтардан келген аян. Қорқынышты аян. Сен қисарылар тоғыз жыл бойы кімді аманатта ұстап отырғанын білмейсің. Түсімде анау Құрыш деген бозбала әлемді жаулаған жихангерге айналыпты. Арқасынан қос қанат өсіп шығыпты, ол қанаттың көлеңкесі бүкіл дүниені жауыпты. Тұтас мемлекеттердің күйрегенін, халықтардың бір-бірімен аямай жандасқанын, өзен болып аққан қанды көрдім.
Кенет алагеуім құжыраның ішінде әлдебір қорқынышты күй ойналып кеткендей болды. Тұмар басы салбырап үнсіз қалды. Құтырғыр да сөзін тыйған.
—    Ал біздің қанымыз ше… біздің қанымыздың төгілгенін көрдің бе? – деді Тұмар ақыры.
Құтырғыр Тұмарға қасіреттене қараған.
—    Иә балам… Қондыгердің қаны және сенің қаның…  ең үлкен қан – осы.
Тұмар селк етіп бозарып кеткен.
—    Құтырғыр әке, Құрыш ең асқақтағанда– Парсының дәулетияры ғана бола алады.  Ол қалайша жихангер болып әлемді жауламақ?
—    Балам Тұмар, сәуегей түсті жорамалдамайды, – деді Құтырғыр, – Жарлығы қатты көк аспанның жолын кім білген.
—    Сонда Құрышты өлтір демексің бе? – Тұмар Құтырғырдың жүзіне тесіле қараған. Құтырғыр көзін тайдырмады. Екеуі осылайша ұзақ көзбен арбасқан.
—    Иә, – деді ақыры Құтырғыр, – Бірақ өлтіруге қолың бармаса бұл істі сен үшін тындырып беретін арнайы адамдар бар. Жарлық берсең болды.
—    Мен оны өлтіре алмаймын және өлтір деп жарлық та бере алмаймын, Тұмар орнынан тұрды, – Ол әкем Тарғытайдың емшектес бауыры екенін бізбенен анда екенін білмеуші ме едің?
—    Иә, білемін, – деді Құтырғыр да орнынан тұрып, – Бірақ мен саған аруақтың айтқанын айттым.
—    Аруақ айтса да дәстүр мен ғұрыптан аттай алмаймын, – деді Тұмар.
1.    Дәулетияр – Ғажам империясындағы уәлаят әкімшілігін басқаратын бек.

25 эпизод

Жол үстіндегі әрбір қиыршық көрінетін жарық түн. Патшалардың қабірстаны. Ондаған шақырым жерді алып жатқан ұланғайыр қабірстанның қақ ортасында биік тас – Қорқыт орнатылған. Тастың жанында екі адам тұр. Бұл Тұмар мен Құрыш еді. Тұмар қолын кеудесіне айқастырып сөз бастаған.
—    Қорқыт баба, сен бәрінің де куәсісің. Сен бұл дүниеде әрбір қиыршық құм мен әрбір тамшы судың есебін білесің… кезінде біз сенің алдыңа келіп бір-бірімізді мәңгі сүйіп өтеміз деп анттаспақ едік… Бірақ тағдырдың жолы басқаға бұрылды.
Тұмар үнсіз қалды. Құрыш жан-жағына қарады. Аздан соң бір-біріне тіркестіре үйілген обалардың әлдебір тылсым сырын ұға бастағандай болды.
—    Құрыш, жаныма келіп тұр, – деді Тұмар ақырын ғана, – Екі алақаныңды Қорқыттың тәніне қой.
—    Қорқыт баба, біз бір-бірімізбен ешқашан жауласпаймыз, бір-бірімізге ешқашан қару көтермейміз, қондыгердің қанын төкпейміз деп атаның абыройымен, ананың сүтімен ант етеміз. Қорқыт баба, антымызға куә бол.

26 эпизод

Қисарының шағын жасағы Құрыш, Сатибарзан және Бахрам үшеуін шығарып салып келе жатқан. Құрыш пен Тұмар топтың алдында келеді. Бәрі үнсіз. Аттың пысқырғаны мен ертоқымның сықырлағаны ғана естіледі.
Әлдебір көрінбейтін шекке жеткенде Тұмар тізгін тартты. Құрыш, Сатибарзан мен Бахрам үшеуі де тоқтаған. 
—    Қош болыңдар, – деді Тұмар, – Бахрам Сатибарзан, Құрыш қош болыңдар. Біз сендерді ешқашан ұмытпаймыз. Сендер де бізді еске ала жүріңдер.
Құрыш пен Тұмар бір-біріне елжірей мұңая қарап тұрып қалған. Бозбалалар соңдарынан қисарының жауынгерлерін ертіп жолға аттанды. Ұзай – ұзай сонау көкжиекке жетті. Тұмар әлденені күткендей тапжылмай тұра берген.  Жанындағы жасауылдар да үнсіз. Кенет жолаушылардың біреуі атының басын кері бұрған. Жердің апшысын қуыра шапқан ол таяқ тастам жерге келіп тізгін тартып айқай салған. Бұл Бахрам еді.  
—    Қайғырма, Тұмар! Тұмар! Падишам менің! Қайғырма! Мен әлі қайтып келемін! Дәштіге қайтып келемін әлі!
Тұмар көзінің жасын сүртті.

27 эпизод

Тұмармен қоштасқан үш дос жолын ары қарай жалғастырған. Үшеуі де үнсіз келеді. Мұңайып келе жатқан Құрыштың көңілін көтерем деп алдымен Бахрам сөз бастаған.
—    Сондай бір елдер бар, ол елдерде патша өзінің қарындасымен үйленуге міндетті көрінеді, – деді ол зорлана күліп.
—    Мен саған сондай елді жаулап алып берем, – деді Сатибарзан күліп.
Құрыштың қабағы ашылды. Жастық шаққа тән аусарлықпен көңілденіп сала берген. Жан-жағына қаранып алған ол Бахрамға тіл қатқан.
—    Сен біздің ұлы ерліктерімізді қағазға түсіресің, менің тарихшым боласың!
Бахрам езу тартты.
—    Кешір Құрыш, менің жолым Үндіге қарай бұрылып тұр. Тарғытай патша, менің, тумысымда жауынгер емес екенімді әкеме айтып ұғындырған. Ал енді қондыгердің тәрбиесінен кейін еліме жай ғана қалам ұстаушы болып қайтып келсем, әкем одан сайын жер болмай ма. Үндіде әлемдегі ең көне кітаптар сақталатын қоймалар бар деседі. Мен ғалым болғым келеді.

28 эпизод

Лайсаңды, жауынды күз. Ақ ордада ажал жастығына бас қойған Айбыстанның жанында Тұмар және Тарғытайдың немере інілері Жағалтай мен Бөргелтай отыр. Жағалтай жүзін төмен салып мұңая сөйлеген.
—    Айбыстан әже, қисарылар бізді тастап бір күнде түп көтеріліп көшіп кетті. Олар енді бізді патшаның әулеті деп мойындамайды. Иен далада жалғыз қалдық. Айбыстан әже енді не істейміз?                 Айбыстан алқынып сөйлей алмай біраз жатты. Тұмар шүберекті жылап алып әжесінің ернін жібітті. Ентігін басқан Айбыстан тоқтап – тоқтап сөйлеген.
—    Ешқашан бүгінгідей қиын болмаған шығар. Бірақ мойымаңдар, балаларым. Аналық ауылға,  абысын жасақтың ауылына барыңдар. Сонда тұрып қалыңдар. Күтіңдер. Келешектен… көрешектен үміті болса, қисарылар іздеп келіп… сендермен табысады әлі. Осыған сеніңдер.
Айбыстан, тамағын кенеп жөтеліп алды.
—    Ал мені қозғамай-ақ қойыңдар. Аруақтар шақырып жатыр осында қаламын.
Айбыстан Тұмарға елжірей қараған.
—    Бірақ сен жанымда отырғандамен өле алмай жатырмын… Сенің қажырыңнан сескеніп өлім маған жолай алмай тұр… Ол бірнеше рет келді маған… қазір де табалдырығымда тұр… Кірсінші… кет… босат мені… келіп алып кетсін мені.
Тұмар, Жағалтай мен Бөргелтай бір-біріне қарасқан. Содан соң Тұмар еңкейіп әжесінің маңдайынан сүйді. Кейуананың жанында үнсіз қоштасып аз-маз тұрған үшеуі сыртқа шығып жүре берген.

29 эпизод

Қыс. Боран. Қарға батып шағын керуен келе жатты. Бұлар үйелмендерін ерткен Тұмар және Жағалтай мен Бөргелтай еді.
—    Балалар тоңа бастады. Не істейміз – деді Бөргелтай.
Керуен үйіріліп тоқтап қалды. Қырау басқан аттар дереу тебіндей бастады. Бірақ қалың қардың астында тебін жоқ болып шықты. Осы кезде көзі өткір Жағалтай қамшысын алға созып айқай салған. 
—    Орман! Орман! Қараңдар, орман ! Жанымыз қалды!                 Елдің барлығы қуана айқайлаған.

30 эпизод

Шағын алаңқайға екі үй тігілген. Аздан соң шаңырақтың астында от маздады. Елдің барлығы жылынып көңілденіп сала берген. Балаларға бір-бір кесек ет үлестірілді. Үлкендер де бір-бір жапырақ ет алған.
—    Осы жерде қыстап шығуымыз керек сияқты, – деді Жағалтай,- Көктемде аналық ауылды қайткенде де іздеп табамыз.
—    Тұмар не дейсің? – деді Бөргелтай
—    Амал жоқ, – деді Тұмар, — Аттардың біреуін сою керек. Қарап отырмай аң аулаймыз. Өлмеспіз.

31 эпизод

Тұмар мен Жағалтай аңға шығып күні бойы бір кәрі қарақұйрықты аңдыған. Тұсалған аттар таудың етегінде қалды. Орманға бір топ шабандоз қыздар тақады.

32 эпизод

Тұмар мен Жағалтай қарақұйрықтың терісін іреп сойып жатқанда орманнан абысын жасақ төгіліп шыға келген. Қыздардың біреуі артына бұрылып айқай салған.
—    Өгей ана! Бұл Тұмар ғой, өзіміздің Тұмар!
Абысындар Тұмардың жанына келіп бәрі бірдей бір тізерлеп тұрып, дулығаларын шешіп бастарын иген. Тұмар өгей ананың иығына қолын салды.
—    Есенсіз бе, өгей ана!
Өгей ана орнынан тұрып Тұмар екеуі құшақтасқан.
—    Қисарылар ханның ордасын тастап шықты, – деді өгей ана, – Бірақ біз үшін сен ағамыз Тарғытайдың қызысың, біздің әміршімізсің. Біздің семсеріміз саған ғана қызмет етеді.

33 эпизод

Абысын жасақтың ауылында әскери ойындар жүріп жатқан еді. Көзін тас қылып байлаған өгей ана садақ атып тұрған. Оншақты абысын әр жерден қазылған шұқырдың ішінде отырып үлкен шеңберге керілген көн нысананы жоғары көтеріп таяқпен ұрады. Өгей ана дыбысқа атып, жебесін бір рет те мүлт жіберген жоқ.
Алаңның екінші алыс шетінде кіші өгей ана ақинақпен балшық мүсінді шауып көрсетіп жатқан. Жас абысындар тәлімгердің қолындағы қиғыр семсердің балшықтан оп-оңай өткенін көріп таңдайларын қағып тұрды. Кіші өгей ана топтың ішінде тұрған Тұмарға ортаға шық деп белгі берді. Тұмар қынаптан ақинағын суырған күйі алға аттады.
Енді бір топ абысын жолбарыстардың күшіктеріне қабанның тұлыбын талауды үйретіп жатқан. Ағаштан жасалған бірнеше шанаға қабандардың мүсіндері орнатылған. Шананы бірнеше адам қыл шылбыр тағып атпен сүйреп жүр. Жолбарыстардың күшіктері көңілдене бырсылдап шананы қуып жетіп ырғып барып қабанның тастай қатты жотасына жармасады. Артынша абысындар тұлыпты тартып алып күшіктердің қалай қарпығанын, тұлыпқа тістің қанша батқанын тексереді. Риза болып бастарын изескен абысындар күшіктерді мақтап жал-құйрығын сипалап еркелетіп күрескен.
Ал алыстау бір орманның алаңқайында енді жолбарыспен шын сайыс жүріп жатқан еді. Еңгезердей абысын қыз жас жолбарыспен күресіп жатыр. Жолбарыс секіргенде абысын шыр көбелек айналып кетті. Мүлт кеткен жолбарыс аунап түсіп қайтадан секірген.
Отта қазандар тұр, ет асылып жатыр. Бірнеше абысын еттің көбігін алып қазанның маңайында жүрсе де болып жатқан ойыннан бір сәтке де көз жазбады. Діттегеніне жеткен тәсіл, нысанаға тиген оқ сайын айқайлап қолдарын бұлғайды.

34 эпизод

Рулардың билері, ортасында бақсы Құтырғыр бар, Тұмардың ордасында отыр еді. Бидің біреуі сөз бастаған.
—    Падишам, біздің еліміз бұлғақтан шаршады. Міне, он жыл болды соғыстың толастайтын түрі көрінбейді. Қанша қан төгілді. Бірақ бәрі зая. Ұлы құрылтайда батырлар мен билер саған жүгіну керек деп шештік. Үнсіздік орнады.
—    Сендер мені падишалыққа шақырасыңдар ма, әлде дауларыңды шешетін төрелік қана керек пе? – деп сұрады Тұмар ақырында.
Орнынан бір кәрі би көтерілді. Ұзынша күрең кобдишадан патшаның алтын асасын суырған ол сүйегі сықырлай Тұмардың алдына бір тізерлей тұрды. Құтырғырдан басқасы барлығы да кәрі биге ілескен. Би асаны көлденең ұстап, кеудесін керіп, салтанатты дауыспен сөйлеп кетті.
—    Қисары елі сені жұртын қолына алса екен деп тілеп отыр, сені патшалыққа шақырып отыр. Жаратқан Иемізді куәлікке шақыра отырып, мен, бір кезде әкең Тарғытай ұстаған алтын Асаны, міне, қолыңа нық ұстатым.

35 эпизод

Соңынан абысын жасақты ерткен Тұмар салтанатпен қисарының астанасы Баршынкентке кірді. Тұмар әскерін ертіп Құртқа ананың қақпасынан кіріп келе жатқанда саман үйлердің төбесінде тар көшелерде иін тіресіп тұрған қисарының жауынгерлері айқайлап падишаның салтанатына бас иген.

36 эпизод

Тұмар алтын тақта отыр. Төменіректе қисарының билері мен батырлары мойынсұна бас иген.

37 эпизод

Өткен өмірдің елесі ғайып болды. Тұмар падиша жанына жасауыл ертпей жалғыз өзі Патшалардың қабырстанына шауып келді. Атын аулағыраққа байлап тастап, алып тас-Қорқыттың жанына тақаған. Қолын кеудесіне айқастыра қойып, басы жерге жеткенше иілген.
—    Қорқыт баба, бұл адам антынан тайды, менің еліме қарсы қару көтерді. Қондыгерді елдігінен айырам деп қара жерді қайыстырып келе жатыр. Кеше гөр мені, Қорқыт баба. Мен де антымды қайырып алдым, – деді Тұмар сол иілген қалпы.

38 эпизод

Тоқтаусыз жылжыған парсының әскері бір ай дегенде Дәштінің шетіне ілінді. Көделі дала өзінің шетсіз-шексіздігімен қайран қалдырған. Мың сан шөптің жұпарын сіңірген таза ауа өкпеге саумалдай құйылды. Бірақ бұл жаудың жері болғандықтан барынша сақ болу керек еді. Парсының әскерлері өздерінің ертеден кешке дейін қондыгердің қапысыз аңдуында екенін сезетін. Барлауда жүрген адамдар күніне бірнеше рет сонау көкжиекте әлдебір аттылардың жүргенін байқайтын. Ол аттылар артынша елес сияқты ізім-қайым жоғалатын. Қарауыл күндіз-түні көз ілмейді. Түнгі ерудің кезінде ошақтың отын алысқа ұзатып жағады. Барлауға мың адам болып бір-ақ шығады.
Жау соғысқысы келмейтін сыңай танытқан. Дәштінің жерін таптағандарына қанша уақыт, қондыгерлер әлі бір қақтығысқа барған жоқ. Қақтығыстың өзі танысудың бір түрі ғой, парсының әскерлері қондыгерлердің осы үнсіздігінен қорыққан.
Парсының әскербасылары, – Бұлар неге соғыспайды, қондыгердің аты жер жарған қалалары қайда? – деп дал болған.
Күндердің күнінде парсылар қондыгердің қаласын да көрді. Ай бойы медиен далада жүрген парсылар үшін бұл таңғажайып оқиға еді. Сол қанаттың сардары Азармехр барлаушылардың айтқанына сенбей шолғынға өзі аттанған. Иә, бұл шынында да қала болатын. Бірақ бір қызығы Мәуреннахрдың қалаларындағыдай сыртқы қорған, қорғанның үстіндегі мұнара, қаланы қоршай қазылып ішіне су толтырған ор бұнда атымен жоқ еді. Әскер шахиншахты тосып күні бойы тұрған. Кешке қарай бір қосын «ажалсыз әскер» ерткен Құрыш келді. Қаланы айналып шыққан ол, – Бұл қисарылардың астанасы Баршынкенті, – деді.
Сондай – ақ көпті көрген парсының ардагерлерінің өзін таңқалдырған тағы бір жайыт бар еді. Қалаға кіреберісте жол әлдебір қақпадан өтеді екен. Қақпа әлдебір аюанның басын елестетеді, алыстан қараса қақпаның үстіңгі жағынан жымиған құлақ, маңдай, көз бен тұмсықты шырамытуға болады.
—    Ұстаны шақырыңдар, – деп бұйырды Құрыш.                     Ұста қақпаны ұзақ зерделеп тіпті үстіне шығып балғамен ұрып та көрді. Ойланып недәуір тұрып шахиншахтың жанына келген.
—    Әміршім, – деген ол басын иіп, – Бұл не үшін пайдаланылатын тетік екенін білмеймін, алайда өзі тұтастай сом қоладан құйылған және өсімдіктен алынған түрлі-түсті шыңылтырмен қапталған нәрсе. Парсылар бір-біріне қараған.
—    Түсініксіз, – деді Азармехр — Қорғаны да жоқ, оры да жоқ, содан соң мынау мағынасыз құрылыс.
Тақта – Жәмшитте қисары оғландарын өлтіруге қатысқан зәрдүшшіл – сахаба Құрыштың жанына келіп басын иген.
—    Шахиншах, – деген ол өзінің әтек даусымен, – Ахриман түнектің құдайы, Ахурамазданың, нұрлы дүниенің мәңгі жауы. Қондыгерлер – Ахриманның жаратқан перзенттері. Сондықтан харам мәжүсилер табынатын бұл пұт құдайды жою керек.
—    Жоқ, – деді Құрыш, — Сендер менің заңдарымды білесіңдер ғой. Мен жергілікті ғұрыптарды қорламаймын. Діндердің бір-бірімен жауласатын жөні жоқ. Себебі барлық дін бір Жаратушыны ұлықтайды. Сахаба иіліп тұрып қалды. Парсылар қақпаны қорқақтай айналып қалаға кірді.

39 эпизод

Қисарылардың қосыны тынымсыз қозғалыс үстінде еді. Жан – жаққа хабар тасыған адамдар, шеру тартқан қисапсыз әскер.

40 эпизод

Патшазада Аспара өзінің ұландарын жинап алып отыр еді.
—    Менің аламандарым, – деген еді ол салтанатты дауыспен, – Парсылар біздің жерімізді таптап келеді. Тақта – Жәмшиттер олар біздің ағаларымызды өлтіріп қондыгердің қанына қалған. Мен парсыларға жорыққа аттанайын деп отырмын. Кек алайын деп отырмын. Менімен кім барады?
—    Қай тарапқа шапсаң да сенімен біргеміз – деді ұландардың бірі, – Бірақ мына Ергенені не істейміз? Бұл кәрі төбет біздің әр қадамымызды қалт жібермей аңдып отырады.
—    Мас қылып кетейік, – деді екінші бір ұлан,- Шарапты сүйіп ішеді ғой бұл кәрі қақпас.
—    Сонымен келістік, – деді Аспара, – Парсыға саятқа шығамыз.

41 эпизод

Жас ұландар киіз үйде Ергенені қоралай отырған. Атабек әбден мас. Бірақ ұландар шарапты үсті-үстіне құйып тағы да ішкізген. Ақырында Ергене отырған жерінде құлап түсіп қорылға басты. Ұландар көңілдене күліп далаға шығып атқа қонған.

42 эпизод

Сұмдық хабарды естіп үлгерген Тұмар өзінің ақ ордасында отырған. Екі иығы салбырап, қартайып қажып қалған падиша үнсіз. Тақтан төменіректе билер мен әскербасы батырлар. Орда ішінде сілтідей тыныштық.
Есіктен Ергене кірді. Қалың киізді басып Тұмардың қарсы алдына келіп тұрды. Падиша басын көтерді. Екеуінің көздері түйіскен. Тұмардың жанары жасқа толы еді.
—    Бұл қалай болғаны, Ергене? – деді ол даусы қалтырап.             Ергене басы салбырап отыра кетті.
—    Мен кешу сұрайын деп келгем жоқ – деген еді ол қарлыққан қорқынышты дауыспен, – Мұндай күнәні тек қанмен ғана жуады.        
Алтындатқан қынаптан жалт еткізіп ақинағын суырған Ергене бір сәт үнсіз қалды. Содан соң семсерді алдына көлденең салып, екі қолын тарбитып, көзін шаңыраққа қадап қысқа ғана дұға оқыған. Күдері көйлектің жағасын жыртып кеудесін жалаңаштаған ол ақинақтың ұшын жүрегінің тұсына тіреген.
Осы кезде отырған билердің біреуі қолын қалт көтерген.
—    Тоқта! 
Елдің бәрі биге қарады. Ергене ақинақты кеудесіне тіреген күйі қатты да қалды.
—    Бұл сен үшін тым жеңіл жаза, – деді би, – Соғысқа, үстіңе жанболат емес, ақ көйлек киіп, пидагер әскер болып барасың. Бүкіл тұқымыңмен.
Ергене орнынан тұрып қолын кеудесіне қойып биге басын иді.

43 эпизод

Түн қараңғысында Аспара бастаған екі жүз ұлан парсының қосынына шауып кірген. Бірақ парсылар сақ отыр еді. Ұландар бір-бір рет қана садақ тартып үлгеріп парсының қоршауына түскен. Ормандай қалың найза тықсырған ұландар тырп ете алмай қалды. Парсының жүздеген садақшылары да садақтарын оқтап бұларға кезеп тұра қалған.
—    Аспара, біз аранға түстік, – деді сыбырлап ұландардың бірі.
—    Иә, көріп тұрмын, – деді Аспара шарасыз.
Бұлардың жанына еңгесердей парсының жауынгері келді.
—    Қару суырам деп ойламаңдар, – деді ол ожар дауыспен, – Кәне, аттан түсіңдер.
Аспара жан-жағына қаранып айдың нұрына шағылысқан парсының найзаларынан басқа ештеңе көре алмады. 

44 эпизод

—    Біз түнде аттанамыз, – деді Жайық.
Анарух, басына үкілеген сусар бөрік киген көрікті қыз Жайықтың жүзіне елжірей қараған. Содан соң атының жалын сипап өтті.
—    Міне,- деді қолындағы түйіншекті көрсетіп, – Мынау тілеу азық. Саған  қайтып келіп осы тілеу азықты  жеуге жазсын.
Бұрылып түйіншекті керегенің іш жағынан ілді. Кері бұрылып Жайыққа қарағанда көзінде қос тамшы жас тұр еді.
—    Ал, ардагерім аман бол, – деді өксіп қалып,- Артың – ел, алдың – майдан. Жауды жеңіп қайт, арыстаным. Жасаған Ием жар болсын өздеріңе.
Жайық Анарухты құшақтап бауырына басты. Содан соң атқа қонды.
—    Қапа болма, Анарух, – деді сәл мұңайып, – Біз жеңеміз.

45 эпизод

Таңертең қолдары байлаулы ұландарды парсылар далаға алып шықты. Қол-аяғы кісендеулі Аспараны жетелеп әкеп Құрыштың алдына тұрғызып қойған. Парсылар бір сұмдықты бастағаны сезілді. Дабыл ойнады. Сиямақ уәзір Аспараның жанына келді.
—    Патшазада Аспара,  сен шахиншах ұлы Құрышқа қызмет етуге келісесің бе? – деген еді ол салтанатты дауыспен.
Сол сәтте парсының жауынгерлері семсерлерін суырған. Ауада қан менен ажалдың иісі аңқып кетті. Аспара бір сәт қана ойланды. Содан соң Құрыштың алдына бір тізерлеп тұрған.
—    Екі тізеңе тұр, – деді Сиямақ семсермен Аспараның арқасынан түртіп.
Аспара екінші тізесін де бүкті.
—    Құрыш, – деді ол баяу дауыстап, – Егерде саған менің қаным мен жаным керек болса – ал. Бірақ менің ұландарымды өлтірме.
—    Аспара, тұр орныңнан! – деді ұландардың бірі айқайлап, – Ол парсының төбетінің алдында тізерлеме.
Парсының әскері жалт бұрылып бозбаланы семсермен бір-ақ шауып өлтірген. Сиямақ берген белгі бойынша парсылар ұландарды семсермен шауып, найзамен шаншып қырып салды. Аспара парсылардың істеген ісіне қарап меңірейіп қалған. Содан соң қолындағы кісеннің шынжырын сылдырлатып өліп жатқан ұландардың жанына келіп тізерлеп, сол меңірейген қалпы қатты да қалды.
—    Патшазаданы алып кетіңдер – деді Құрыш.
Парсылар келіп Аспараны отырған жерінен тұрғызды. Патшазаданың қолындағы шынжыр еркін қимылдайтындай ұзын еді. Кенет Аспара жанындағы тұрған парсының беліндегі семсерді қынабынан көз ілеспейтін жылдамдықпен суырып алды. Бірақ ол семсермен парсыны шапқан жоқ. Семсердің ұшын өзінің кеудесіне тіреп бір-ақ ұрып батырған. Елдің барлығы абдырап тұрып қалды. Аспара әуелі тізесіне отырды, содан соң етпетінен құлаған.

46 эпизод

Ергененің ұлы Жайық елшілікпен келіп Құрыштың алдында тұр еді.
—    Тұмар падиша Аспара мен оның ұландарын қайтарсын деп талап етеді. Егерде патшазада мен ұландарды тірі қайтарсаңдар біз өз тарапымыздан сендерді аман-есен Парсыға қарай өткізіп жіберуге уәде етеміз.
Шахиншахтың шатырында отырғандар мырс-мырс еткен. Артынша барлығы қыран-топан күлкіге батты.
—    Ей, қисары – деді көзінен жас аққанша күлген жандайшаптардың бірі, – Бізді аман-есен өткізіп жібереді екенсіңдер ғой? Ал біздің әскеріміздің саны қанша екенін білесің бе? Осылай қарай келе жатқанда көрдің емес пе. Біздің арқұқтың өзі жүздеген шақырымға созылып жатыр.
—    Арқұқтарың үлкен болса қайтейік, – деді Жайық, — Көп болса тамаққа тоймайтын мешкей шығарсыңдар.
Шатырдағы күлкі сап тиылды. Сөзден жеңілген жандайшап семсеріне жармасып айқай салған.
—    Тілің кесілгір мына қисарының тілін кесу керек!
—    Тиіспеңдер оған, – деді Құрыш ақырын ғана.                 Шатырда үнсіздік орнады.
—    Сен патшазаданы алып кетейін деп келдің ғой, – деді Құрыш, – Жақсы. Қазір қолыңа тигіземіз.
Шахиншах саусағының ұшымен белгі берген. Аздан соң Жайықтың алдына әкеліп Аспараның мәйітін қойды.
Жайық тізерлеп тұрып патшазаданың жүзіне ұзақ қараған.
—    Кім өлтірді? – деді одан кейін ақырын ғана.
—    Патшазада өзіне-өзі қол салды, – деді Сиямақ.
—    Ал анау ұландар ше? – деді Жайық күйініп.
—    Олар да патшазада құсап өздеріне қол салды, – деді Сиямақ жылымшы күліп.
Барлығы қондыгердің елшісі не айтады екен деп үнсіз қалған. Жайық сұлық жатқан патшазаданы маңдайынан сипады.
—    Сендер оларды майданда өлтірген жоқсыңдар, – деді одан кейін ақырын ғана, – Сендер оларды алдап өлтірдіңдер.
Жайық орнынан тұрып Құрыштың бетіне тік қараған.
—    Падишамның енді бір сәлемі. Егерде сен Сырдарияның сол жағасында соғысқың келсе, онда елу шақырым кейін шегін. Ал егер оң жағада соғысқың келсе, онда біз жағадан шегінеміз.
—    Мен оң жағада соғысамын, – деді Құрыш.
Жайық басын болар-болмас иді.
—    Патшалардың патшасы ешқашан шегінбейді, – деді Сиямақ.
Жайық жауап берген жоқ. Өлі Аспараны қолына көтеріп шатырдан шығып жүре берді.
1.Арқұқ – жорыққа шыққан әскердің азық-түлігін және басқа керек-жарағын таситын, әскердің соңынан еріп отыратын керуен. (орыс тілінде «обоз») (99 бет)

47 эпизод

Қара үзік, қара туырлықты он екі қанат үй. Жанында қазаның белгісі – қара ту шаншулы тұр.

48 эпизод

Тұмар қаралы үйде едәуір биік ағаш табытқа жатқызылған Аспараның мәйітінің жанында тұр еді. Көз алдына жаңа туған немересін қалай шомылдырғанын елестетті. Отта тұрған қазанға қасқырдың басы салынды. Аздан соң сақырлап қайнаған қазан оттан түсірілді. Едәуір тұрып суыған суды Тұмар үлкен астауға қотарды. Міне, қасқырдың басынан пісірілген сорпаны шалпылдатып кішкентай патшазада жылап жатыр. Астаудың жанында қолына жұмсақ құлан жөргек ұстаған күтуші күң тұр.
—    Жылама, қоңыр қозым. Жылама Немелтайым, – деді Тұмар бір уыс қызылшақа денені жұмсақ шөптен жасалған жөкемен ысқылап, – Сен қондыгердің патшасы боласың. Патша деген жылай ма екен? Сен барлық ел мен ұлысты бір тудың астына біріктіресің. Тарғытайдың ұрығынан шыққан ең құдіретті патша сен боласың.

49 эпизод

Патшазаданың мәйітінің жанында Тұмар мен Бахрам тұр еді.
—    Жасаған Ием әуелі күйеуімді алды… Одан кейін ұлымды алды… Енді, міне, Аспара… немерем… тақтың жалғыз мұрагері… ол да кетті бізден… Тарғытайдың тұқымы осымен үзілді, – деді Тұмар қасіреттеніп.
—    Олай деме, падишам, – деді Бахрам күрсініп, – Сенің елің, қара ормандай Қондыгердің жұрты бар. Сен олардың анасысың, олардың барлығы сенің балаларың.
Қаралы үйге күтуші әйел кірді. Тұмар есікке беттеді. Бахрам бір сәтке ғана бөгеліп патшазаданың бетіне қарады, да ол да есікке қарай жүрген.
—    Біз қазір адам жерлей алмаймыз, уақыт тар, – деді Тұмар күтуші әйелге қарап, – Әзірге патшазаданың мәйітін дәрілеп тастаңдар.

50 эпизод

Ордаға хабаршы кіріп Тұмардың алдына бір тізерлеп тұрды.
—    Әже, парсылар Патшалардың қабырстанына кіріп көр қаза бастады. Бірнеше обаны бұзып та тастады.
Тұмар меңірейіп қалды.
—    Жайық пен Нұқұзды шақырыңдар, – деген одан кейін күрсініп.

51 эпизод

Тұмар ауыр ойдан арылып тақтың алдында тұрған Жайық пен Нұқұзды көрді.
—    Бес мың әскер алып парсыларды ту сыртынан бір сыдырып өтіңдер. Бабалардың зиратын қазып жатқандарды аямай қырыңдар. Содан соң парсылардың арқұқтарын түк қоймай шабыңдар.
Жайық пен Нұқұз қолдарын кеудесіне қойып иілді де шығып жүре берді.

52 эпизод

Парсының тау қопаратын шеберлері ең үлкен обаның астын үңгіп болды.Қуысқа пәленбай жүз дорба оқдәрі тасылып салынды. Білте тартылған соң қуыстың аузын үлкен тастармен бекітіп сазбен сылап тастады. Жұмысшылар қашып барып тасаға тығылған. Бабылдың бас сиқыршысы шағын дұға оқып білтені тұтатты. От білтені бойлай жүгіріп тастың арасындағы қуысқа кіріп жоқ болды. Артынша қуатты жарылыстан жер-дүние солқ ете қалды. Оба ілезде тып-типыл болған. Жұмысшылар шұңқырға түсіп күректерімен қалған топырақты күреп тастағанда астынан сом ағаштан жасалған үлкен қақпақ шықты. Қақпақты сырып тастағанда жұрт есінен танғандай болды. Ұзыны мен ені тай шаптырым ағаш бөлме толған қазына болып шықты.
—    Кері шегініңдер, жоламаңдар! – деді сиқыршы айқайлап, – Естеріңде болсын, бір түйір алтын алған адамның басы дереу шабылады!
Бойларын түрлі сезім билеген жұмысшылар тау-тау болып үйіліп жатқан алтын мен гаухар, зүбәржат пен лағылдан көз ала алмай, кете алмай тұра берген. Сиқыршы белгі берді де ағаш үйге басқа шеберлер секіріп түсті. Олар үш қабат былғарыдан қабып тіккен үлкен дағарларға алтын мен асыл тасты нығыздап сала бастады.
— Жұмысшылар ары тұрыңдар, – деді сиқыршы, – Келесі обаны барып қаза беріңдер.
Осы кезде жұмысшылар үрейлене айқай салған.
—    Қисарылар! Қисарылар!
Сиқыршы төбесінен жай түскендей болған. Сахараның төсінде қисарының әскері бұларға қарай дүбірлете шауып келе жатыр еді.
-О, Мардука! – деді сиқыршы айқайлап, – Мүмкін емес! Бұлар қалай өтіп кеткен! Біздің әскерлеріміз қайда?
Бұл оның соңғы сөзі еді. Ауыр қара жебе қылқандай шаншылып кеудесіне бойлай енген. Келесі сәтте бабылдың сиқыршысы жан тәсілім еткен. Одан кейінгі қанды қырғынды ол көрген жоқ. Қисарының жауынгерлері шеберлер мен қара жұмысшыларды, оларды қорғап тұрған парсының әскерлерін садақпен атып, ақинақпен шауып аямай қырып салған. Жебелерін жинап алып, шұңқырларды шала-шарпы көмген қисарылар ілезде аттанып кетті. Көмекке келген парсының бір қосын әскері мыңдаған өлік, шашылып жатқан қазынаның үстінен шықты. Әскерлер есінен адасып қазынаны тонауға кірісті. Қоржындарын алтынға толтырды, бойларына асыл тас әшекейді асынды. Құрыштың бұйрығы бойынша кеш батқанда ғана Патшаның қабырстанына асығып жеткен он мың «ажалсыз әскер» тонаушыларды аямай қырып тастаған. Ертеңіне барлық қазына Бабыл сиқыршыларының қадағалауымен Құрыштың ордасына жеткізілген.
1.    Мардука – Бабылдың құдайы

53 эпизод

Тұмар түс көрді. Жағасы қалың өскен құрақ әлдебір өзенді бойлап келе жатыр екен. Жанында кішкентай Аспара, қолындағы шыбықпен гүлдердің басын шауып түсіріп келеді. Екеуі алаңқайға шықты. Алаңқайдың шетінде мола тұр.
—    Міне, біздің үйге келдік, – деді Аспара, – Мен осында тұрам.
Кенет Тұмар жылап қоя берген.
—    Бұл жорыққа неге ғана бардың… немелтайым… Жарығым… Аспара… сен мені ғана қайғыға батырып кеткен жоқсың Сен еліңнің бағын байладың…
—    Неге жылайсың, әже? – деді Аспара күліп, – Мен өлгем жоқ. Адамдар ешқашан өлмейді. Мен тірімін, мен сендермен біргемін. Мен таңертең сенің кірпігіңді қытықтайтын күннің сәулесімін. Мен сендерді қорғап жүрем, мен тек басқа үйде тұрамын.
—    Аспара асылым, Аспара, – деді Тұмар еңіреп,-Сағындым ғой сені емешегім үзілді ғой.
—    Жыламашы, әже, –деді Аспара.                             Содан соң мұңая жымиған.
—    Менің қисарыларым мелдегінен келе қан жұтады. Бірақ біз жеңеміз.
Аспара бұрылып көрге кіріп кетті. Дүние сұрғылт тартты. Осы тұманның ішінен, – Әже! – деген дауыс естілді.
Тұмар мына дүниеге қайтып келді де, өзінің алпыстан асқан жасына қарамастан орнынан лып етіп жеңіл көтерілген.
Есікте қисарының әскербасылары тұр еді.

54 эпизод

Тұмар жарағын асынды. Қалың жығаның үстінен дулығасын киді. Күтуші әйел алтынды қынап семсерді ұсынған. Тұмар семсерді қынаптан бір кез суырды, жүзін елжірей тамашалап тұрып қалды.
—    Әкем Тарғытайдың ақинағы, – деді мұңайып, — Бүгін қанды тойып ішерсің-ақ.
55 эпизод

Даланың желі есіп, желдің өтінде қисарылардың бөрібасты, айдахар басты тулары мен байрақтары шулап желбіреп тұр. Әскербасылар айқайлап қосындарды орын-орнына тұрғызып, шеп түзеп жатыр. Ордамен екі арада бұйрық тасып шапқылаған хабаршылар.

56 эпизод

Туды қандау рәсімі басталды. Ақсарбасқа шалынған боз биенің қанын үлкен алтын шараға құйды. Қисарының жауынгері бас байрақ – Айдахарбасты ақ туды алып келді. Тұмар туды қанға батырды. Аузы қанға малшынған туды аспанға көтергенде ол желге толып дүрілдеп кетті.
—    Өмір жас, өлім жоқ! – деп айқайлады қисарының жауынгерлері. Ақинақ аспанға орман болып көтерілген.

57 эпизод

Тоқсан екі баулы қызыл тудың жанында тұрып, Тұмар, әскербасыларға соғыстың алдындағы соңғы дәм – атау керені татырды.
Қолындағы үлкен алтын шара орталанған сайын жанында тұрған жауынгер сабадан үстемелеп қымыз құйып тұрды. Қисарының әскербасы батырлары, билері мен оғландары боз биенің қанына саусақтарының ұшын батырып, содан соң Тұмардың алдына келіп өздерінің қан-қан қолдарымен падишаның қолын сыртынан ұстап, шарадағы қымыздан бірінен кейін бірі ұрттаған.

58 эпизод

Тұмар қалың қолдың алдына шығып сөйлеген. Жанындағы байрақтар – жауынгер Айдахарбасты туды желбіретіп көтеріп келе жатты. Жүрегінің оты тұтанған жауынгерлер «Ұран»! «Ұран»! деп айқайлап, қалқандарын ақинақтарымен ұрып даңғырлатқан.

59 эпизод

Парсының әскерлері қондыгер падишаның үстінде ұшып келе жатқан қызыл айдахарға зәресі ұша қарап қалған.

60 эпизод

Майдан даласында қорқынышты үнсіздік орнады. Қанды мерекенің келе жатқанын сезген қарғалар ғана қарқылдай ұшып, аттар ауыздық керіп есінеді.
Парсының дабылы ұрылды. Сәл кешігіп барып қондыгер дабыл көтерді. Сол сәтте қан тілеген екі әскер ешқандай жекпе-жексіз сұмдық кескілесті бастап кетті.
Қондыгердің сол қанатының тасасынан жер қайысқан шерік шықты. Бұлар теңдесі жоқ мерген садақшылар – абысын жасақтың қыздары еді. Барлығының қолында ұзындығы бір құлаш арыс садақ. Шеп бойлап саржелген абысындар адырнаны құлақтың артында ұстап, садақты сықырлата алға керіп тоқтаусыз атып келеді. Әр садақшының арқасында әрқайсысына алпыс жебеден сиятын екі қорамса. Сондай қорамсаның төртеуі ердің алдынғы қасына байланған. Бұлт болып ұшқан жебе қылқандай шаншылып жатыр. Парсылар, шебі әр жерден ойылып шерік-шерік болып күйреп құлады.
Құрыш әскерінің қырылғанына селт етпей қарап тұрды. Парсының садақшылары атқан оқ жарты жолға жетпей жерге түсіп жатыр! Ұрыс басталмай жатып парсының мыңдаған жаяу әскері жан тәсілім еткен.
Сол қанаттан әскербасылардың біреуі шауып келді. Аттан түспеген күйі шамырқана айқайлаған.
—    Шахиншах не істейміз?
—    Күтеміз, – деді Құрыш.                             Әскербасыға бұрылып та қараған жоқ.
—    Күтеміз дейді? – Әскербасы жан-жағына шарасыздана қараған, – Сонда бүкіл әскерді жер жастандырамыз ба осы жерде?
—    Манучехр, орныңа бар – деді Құрыш, – Орныңа бар да бұйрық күт! Бүгінгі жеңіс оңай болмайды. Қанымыз судай шашылып барып жетеміз-жетсек! Олардың жебесінен біздің әскеріміз көп!
Қисарылардың садақшылары атып болды. Құрыш белгі берді. Кернейлер ойнап, жаяу әскер шашылып жатқан өліктерге сүрініп шабуылға шыққан. Осы кезде қисарылардың сол қанатының тасасынан тағы бір шерік садақшылар келіп шықты. Парсының жаяу әскері ұйлығып тұрып қалды. Қанды жебе қайтадан желдей есті. Парсылар, жауға сыртын бергеннің алдымен өлетінін ұмытып дүркірей қашқан. 
Құрыш әбден састы. Әскербасылар өзінен бұйрық күтіп қарап тұрғанын ойлағанда самайынан тер сорғалады. Себебі ол… не істерін білмей тұрған еді! Көне дүниенің небір шеріктерін талқандаған Құрыш не істерін білмей шарасыз тұр еді. Ол ойы сан-саққа жүгіріп, қондыгердің жебесінен парсы әскерінің топалаң тигендей қырылып жатқанына қарсы не амал қыларын білмей есеңгіреп тұр еді. Жанына әскербасының біреуі келді. Қанды қырғынның ортасында жүрсе де рәсімнен айнымайтын әдепті, зиялы адам Құрыштың алдына келіп қол қусырды.
—    Шахиншах, өзіңіздің сайлауыт қырық мың әскеріңізді шабуылға шығарсақ қайтеді?
Құрыш қуанып кетті.
—    Иә, иә, олардың мыс қалқанынан оқ өтпейді ғой. Жол ашып он мың сайлауыт әскерді ұрысқа кіргізіңдер жаяу әскер артынан жүреді.
Бірнеше минуттан кейін жаяу әскердің арасынан ашылған жолмен парсының таңдаулы шерігі-он мың сайлауыт әскер алға озған. Қолдарына үстіңгі жағы ойық жез қалқан ұстаған, үстілеріне былғарыдан қабылып жез қамар тағылған ауыр сауыт киген әскер сұсты еді. Қолдарына гректің үш метрлік сариссасын (найза) ұстаған, белдеріне қысқа семсер ілген.
Қисарының садақшылары атысты тоқтатқанда Құрыш жеңілейе күрсінді. Садақшылар шеп бойлап шауып өтіп оң қанаттың тасасына кетті, алға қисарылардың басты күші-найзашылар шықты да ұрыстың басынан сарыла күткен алғашқы қақтығыс басталды. Үсті – басы мұздай құрыш, атының үсті – басы да құрыш қамар, қисарының найзагеріне атса-оқ, шапса-семсер өтпейтін. Алты құлаш ақ найзамен бір-біріне кедергі келтіріп алмас үшін араларын 10-12 қадам етіп шеп ұстаған найзагерлер Құрыштың аты жер жарған сайлауыт әскеріне қырғидай тиген. Құрыш қамармен қапталған атты бірінші рет көрген парсы жауынгерлерінің үрейі ұшқан. Парсының найзасы қамарға тиіп, тайғанап ешқандай зиян келтіре алмаса, қисарының найзагері бір шапқанда екі немесе үш парсының әскерін жаралап я өлтіріп кетеді.
Ұрыстың бір сәтінде сайлауыт әскердің арасынан тас ататын мергендер жүгіріп шықты. Бір-бір тас қана атып үлгерген мергендерді қисарының садақшылары қырып салған.
Сайлауыт әскер көз алдында қырылып бара жатты. Алайда Құрыш осындай амалмен болса да қисарыларды қоян қолтық ұрысқа мәжбүр етті. Бұдан кейінгісі амал мен тактикаға байланысты еді. Енді бүкіл шеп бойынша жаппай ұрыс бастау керек.
Әскербасылар қанша әскер шығын болғанын айтуға қорыққан, бірақ Құрыш онсыз да қырғынның көлемін шамалаған. Парсы әскерінің алтыдан бірі шығын болыпты. Құрыш қисарыларда қанша садақшы бар екенін, олардың қорамсақтарындағы жебенің санын білмейтін. Бірақ ол садақшылардың қорқынышты қаруымен басқа әскердің тасасында өз кезегін күтіп тұрғанын, кез-келген сәтте шабуылға шыға алатынын жақсы білетін. Олардың қолын бір ғана амал – қоянқолтық ұрыс қана байлай алады. Қоянқолтық ұрыста ғана садақшы өз адамыма тигізіп алам деп садақ атудан тартынады. Сол себепті Құрыш ұрысқа бір шеріктен кейін бір шерікті кіргізді.
Ақырында Сырдың оң жағасы құмырсқаның құжынаған илеуіне ұқсап кетті.
Алайда Құрыш қисарылардың қол-аяғын матап тастадым деп астам ойлаған екен. Ұрыстың ең қызған шағында қисарылар күтпеген жерден шегініп кетті. Олардың қандай бұйрыққа бағынатындығы белгісіз, бірақ қисарының әскері бір адамдай майдан даласын тастап шыға берген.
Парсылар естерін жиып шептерін түзегенше садақшылар қайтадан лап қойды да бәрі басынан басталды. Тағы да қисарының садақшылары парсының әскерін шөптей орды. Сайлауыт әскер тағы да көмекке ұмтылып тағы да қисарының найзашыларына төтеп бере алмай қырылды.
Күн түске тырмысқан шақта Құрыштың алдына әскербасылардың біреуі келді.
—    Әміршім, біз сайлауыт әскерден айырылдық, – деген еді ол қол қусырып.
Құрыш өз құлағына өзі сенбеді.
—    Бәрінен бе?
—    Сайлауыт әскер ең соңғы адамына дейін қырылды, – деді әскербасы.
Тағы да әскербасылар патшаға карап бұйрық күтіп тұрды.
—    Қасиетті Ормузд! – деді Құрыш күбірлеп, – Бұлардың оғы қашан таусылады!
Содан соң алдында тұрған әскербасыға қаһарлана қараған.
—    Жәмшит енді тағы осындай бір хабар әкелсең – басыңды шаптырам!
Жәмшит, басы жерге жеткенше иілген.
—    Содан пайда келсе, басымды қазір алыңыз, әміршім!

61 эпизод

Тұмардың жанына оң қанаттың әскербасы Саурық шауып келді.
—    Падишам, садақшылардың оғы таусылды.
Тұмар майдан даласын шолып өтті. Парсы әскерінің дені әлі ұрысқа кірмеген. Саурық падишаның ойынжазбай таныған.
—    Қанша шығынға ұшыраса да қазір олар бізден бір жарым еседей көп, – деді ол.                                                     – Бұлар оғымызды да тауысып кетті, – деді қондыгердің бір батыры қалжыңдап.
—    Ал, семсер суырдық па? – деді әскербасылардың бірі көңілденіп, – Жусанды қанға бояймыз ба?
—    Естеріңде болсын, – деді Тұмар қамшымен қарсының сол қанатын меңзеп, – Сол қанатты қиратамыз да өзенге қарай жылжимыз.

62 эпизод
Қисарылар соңғы шабуылға шықты. Ергененің тұқымы — он екі адам, падишаның алдына келіп бір тізерлей тұрып бастарын иген. Содан соң бір адамдай орындарынан тұрып дулығаларын, үстілеріндегі жанболат, иығы мен білегіне киген қоллық, бутына киген бұтырлықтарын шешіп, күдері шалбар, ақ көйлекпен, қамар белдікке ақинақтарын тағып атқа қонған. Тұмар мұңая тұрып басын изеген. Ергене туыстарын ертіп, пидагер әскер — аңның тұлыптарын киген сал – серілер тұрған оң қанатқа барып шепке тұрды.

63 эпизод

Бір жерде парсы, бір жерде қисары асып түсіп ұрыстың бағы кімнің басына қонарын білмей дал болғандай. Тұмар, қисарының ардақтаған ұлдарының бірінен кейін бірі қалай өлгенін, ғазиз қанның қалай төгілгенін көріп тұрып қасіретке батқан.
Міне, бір кәрі батыр қанжоса болып аттың жалын құшты, сол құламаған күйі майдан даласында ұзақ шауып жүрді.
Ұрыстың ең бір ауыр кезі-әскердің қатары сирегенде, аты өліп жаяу қалған абысынның біреуі парсының қоршауында қалды. Парсының жаяу әскерлері өздерінің әдетінше жалғыз қалған жауынгерді жан-жағынан қалқанмен тықсыра бастады. Әбден қоршап болғаннан кейін арт жақта тұрған бір парсы қысқа найзамен құрыш қамарлардың арасын ала ұрған. Абысын аһ ұрып теңселіп қалды. Басындағы дулығасы ұшып кетіп, бос түйілген шаш ақтарылып екі иығын жауып кеткен. Парсылар таң қалып тұрып қалды. Осы сәт абысын жалт бұрылып, соңғы күшін жинап атылып барып найзашы парсыны ақинақпен бір-ақ түйреген. Парсының жауынгері найзасын түсіріп алды да ақинақтың жүзінен ұстады. Содан соң екеуі ұмар-жұмар айқасқан күйі жерге құлады.                         Тайталас –жанталаста ақ көйлек киген он бозбаланың бәрі өлген. Өне бойы қылқандай шаншылған жебе, кәрі Ергене ақинағын таяныш етіп тағы біраз уақыт құламай отырды.
—    О, Жаратқан! – деді ол күбірлеп, содан соң қанға суғарылған топырақты құша құлады.
Аттан құлаған Саурық көп қарсыласты. Ту сыртынан келген парсының жауынгері найзамен дәлдеп ұрып ісін тындырған. Саурық көзін ажалдың пердесі көлегейлеп түк көрмей шегіне берді, парсылар ілесіп отырып семсермен кескілей берді.
Тұмар шегінуге бұйрық берді. Қисарылардың көбі аттары өліп жаяу шегінген. Падишаның жанына абысынның біреуі шауып келді. Аттың мойнын құшақтап қана құламай ерде отырған абысынның арқасында парсының жебесі шаншылып тұр.
—    Падишам, абысындар қоршауға түсіп қалды! Өгей ана көмек сұрап жатыр! Аузымыз қанға толып кетті дейді!
Өліп бара жатқан абысын үзіп – үзіп жылдам сөйлеген. Ерден алғанда ол да жан тәсілім еткен еді.
—    Аюалпаң, Телегей, – деді Тұмар, – Менің үш жүз төлеңгітімді алып қарындастарыңды құтқарыңдар. Бар!
Аюалпаң мен Телегей бастаған үш жүз төлеңгіт шабуылға шықты.

64 эпизод

Кескілес бұрынғыдан да өршіді. Парсылар мен қисарылар кеудемен кеуде тіресіп, семсермен, қанжармен, айбалтамен бірін-бірі аямай тураған. Самсаған өлік бітіспей қан төгіскен адамдардың аяғынан шалды.

65 эпизод

Парсының әлі сиремеген оң қанаты бұйрық күтіп тықыршып тұрған.
—    Бастай беруге болатын шығар? – деді мыңбасылардың бірі.
—    Тырп етпеңдер! – деді оң қанаттың сардары, — Әбден қанға батсын. Содан кейін кірісеміз.
Ақырында шахиншаһтан шабуылға шықсын деген бұйрық келді. Әбден ішқұста болып қанға құмартып тұрған парсылардың алғашқы жойқын шабуылы сол қанаттағы абысындардың шерігін көміп өтті. Таңдаулы парсының жасағы абысындарды тықсыра бастады. Құрыш әскерінің алғашқы екпіні басылғаннан соң, енді абысындар қарымта шабуылға шықты. Шебін түзеп  алған абысындар салақұлаш ұзын найзаларымен толғай ұрғанда алқынып тұрған парсының жаяу әскері шегінуге  мәжбүр болды.
Енді парсының соңғы үміті – пуштунның түйе мінген әскері мен ғажамнан олжаға келген атты әскер шабулға шықты. Таудай биік, қызыл шудалы  кәркиден түйенің екі өркешінің арасына орнатылған ағаш ерге нық отырған сида, ашаң пуштундар жіңішке ырғай найзаларын шыр көбелек айналдырып қисарының селдіреп қалған сол қанатына шүйілген. Жер қайысқан түйе мен аттың дүбірінен майдан даласы дүрлікті. Қисарының сол қанатының әскербасылары сардар Жесегейге қарап бұйрық күтті. Ақырында Жесегей бас изеп, бастауға белгі берген.  Ар жағы қорқынышты түс сияқты. Абысындар жарылып жол берді де түйе мінген пуштундарға қарсы төгіліп… жолбарыстар шыға келген.
Жаяу тұрған абысындар өздері күшігінен тәрбиелеген жолбарыстарды шынжырларын ағытып, айтақтап қоя берген. Сыр бойындағы қамыстың қожайыны, әрқайсысы бір ұрып атты өлтіре алатын алып айуан, пуштундарға қарсы лап қойған. Түйелер алғашында үрейден мәңгіріп тұрып қалды. Содан соң өкіріп, бақырып кері бұрылған. Аздан соң парсының атты әскері түйе, адам мен ат араласқан ығы-жығы құмырсқаның илеуіне айналды. Жауынгерлердің көбі ат пен түйенің тұяғы тапап қала берді. Кері қарай қашқан атты әскер, жаяу әскерді таптап өтті. Парсының оң қанаты тәртіптен айырылып берекесіз шегіне бастады. Ешкім ештеңе түсініп болмады. Жауынгерлер жандарынан жүгіріп өтіп жатқан ат пен түйеден, үзеңгіге аяқтары ілініп, шылбырға оратылып сүйретіліп бара жатқан пуштундар мен ғажамдықтардың өлексесінен, күндей күркіреп шапқылаған қорқынышты шұбар айуаннан басқа ештеңе де көре алмады.
Әскербасылар тамағын жырта айқайлап шегіністі тоқтатпақ болған. Аудармашылардың көбі өлген, жалдамалы әскерлер парсы әскербасыларының бұйрықтарын түсінбей есі шыққан. Ақырында үрей мен шегіністің дабылы бүкіл әскерге жұғып, Құрыш армиясының қалдықтары Сырдарияның жағасына қарай бейберекет шегіне бастады. Ашынған Құрыш «ажалсыз әскерге» шегінгендер мен қашқандарды аямай өлтіріңдер деп бұйрық берді. Бірақ олар да жаппай шегініске қарсы ешқандай амал қыла алмады.

66 эпизод

Тұмар айқай салды.
—    Баһадүрлер! Енді жаудың арқасынан түспеңдер, ес жиғызбаңдар! Қуыңдар! Сырдың суына батырыңдар!
Қанды қырғын  тағы да бірнеше сағатқа созылды. Ақыры күн еңкейіп батыс жақ қанқызыл арайға бөккенде барлығы тамам болған. Борықтыкөл мен Сырдарияның аралығындағы алып  аймақ парсы әскерінің өлексесіне толып кетті.
Қисарының жауынгерлері Құрышты қуып жетіп қоршауға алғанда парсы патшасының қолында небары мың шақты ғана «ажалсыз әскер» қалған болатын. Бұлар патшаға жан-тәнімен берілген адал, қажырлы әскерлер еді. Олар әміршілерін қоршап ұрысқа дайын тұрған.
Қанды хикметтің соңғы парағы — патшалардың  жекпе-жегі қалған еді.

67 эпизод

Қисарының шебінен атын тебініп бір абысын шықты. Парсылардың қарсы алдына келіп тізгін тартқан ол зор дауыспен айқай салған.
—    Құрыш патша, біздің  әміршіміз Тұмармен жекпе-жекке шығуға дайынбысың!
Бірақ парсының патшасының орнына «ажалсыз әскерді» бастап тұрғандардың біреуі жауап берді.
—    Патшалардың патшасы, шахиншах Құрыш, қондыгердің қатардағы қатын патшасымен жекпе-жекке шықпайды. Содан кейін, соғыс та қатынның ісі емес қой.
Абысын үзеңгісін керіп күлген.
—    Ей, парсы, соғыс, қатынның емес – еркектің ғана ісі екенін қайдан білдің? Немене, сенің патшаң әлемді жаулағанда семсермен емес – көтімен шауып па еді?
Күні бойы қан төгіп қанға әбден мас болған қисарының жауынгерлері, ердің үстіне бүгіле отырып қыран-топан күлкіге батқан.
Құрыш өзінің сәнді арбасынан түсті.
—    Атты әкел!
Жасауылдар оның жорыққа мінетін атын көлденең тартқан. Құрыш сол жағында ілулі тұрған алтын қынап семсерді бір сипап өтіп атқа қонды. Жасауылдар оның қолына найза мен қалқанды ұстатты.

68 эпизод

Олар бір-біріне қарап ұзақ тұрды. Тұмардың көз алдынан бүкіл өмірі тізбектеліп өткен. Ол бұрынғы Құрышты, өзіне таныс ыстық белгілерді іздеді. Бірақ оның қарсы алдында мүлдем бөтен адам тұр еді. Иығына түскен қалың шашын қырау шалған. Ғажамның үлгісімен өріп қойған сақалы да ағарыпты. Әсіресе парсы патшасының көзі түршіктірген. Бұл, адамдықтан жұрдай көз еді.  Көз емес, көздің ұясына ұқсас, түнек қара қуыстан немқұрайдылық  пен әлдебір жиреніштің суық лебі есіп тұр. Бұл бітіспес дұшпан, қайыспас басқыншы еді. Қоя берсең, бұл адам, сахараға қайтып келіп осы әдетімен бөтеннің қанын шімірікпей төге береді деген ой жылт етті. Бұл қисарыны қырып – жойып құлдық кепке түсіруге келген адам, сондықтан бұл адам өлуі керек. Осы қарапайым ойдан  Тұмардың тынысы ашылып, бойы жеңілдеді.
Екеуі  екі жаққа барып, бір-біріне қарсы тұрды. Жекпе-жек басталды. Әуелі екеуі найзамен сайысқан. Қаруды жете меңгерген екі патша алғашында бірін-бірі ала алмады. Алайда тағы бір тақасқанда Тұмар өзінің дөңгелек қалқанымен парсының найзасын тайдырып жіберген. Аттар кеудемен соғылып, Тұмардың астындағы сауран парсының арғымағын тапап өтті. Ат үстіңдегі адамымен дүрс етіп жерге құлаған.
Қисарылар айқай салған.
—    Аруақ! Аруақ! Ұран! Ұран!
—    Тұмар ана,аяма! Найзамен түйреп таста!
Құрыш намысқа тырысып,орнынан тұрып,найзаны тайдырып үлгерді. Тұмар бірнеше рет толғай ұрып оны аттан аулақ қуып тастаған.Тағы бір шабуыл кезінде Қурыш Тұмарды қара санынан жаралады.
Тұмардың бұтырлығынан қан сорғалады. Ол қолындағы найзасын түсіріп алған. Қисарылар демін ішіне тартып, істің аяғын тосып үнсіз қалды. Кейбір тентектер жекпе – жекке араласпақ болып қаруға жармасқан. Тұмар былайырақ барды да кері бұрылып қолын бұлғады. Барлығы жеңілейе күрсінген. Тұмар аттан түсіп қынаптан ақинағын суырды да, ақсаңдаған күйі Құрыштың жанына келді. Құрыш найзасын тастап ол да семсерін суырды.
Олар аяспай ұзақ шабысқан, екеуі де бірнеше рет құлап тұрған. Ақырында, жұрт, парсының патшасы шегіне бастағанын байқады. Құрыш сарайдағы рәсімге көбірек ұқсас парсының семсер шабысы, ақинақтың жойқын тегеурініне қарсы тұра алмасын алғаш қаржысқанда-ақ сезген. Парсылар қанша жаттықса да үйрене алмаған, ал Тұмар сол әскери дәстүрдің аясында өскендіктен жете меңгерген тәсіл – қара санды тулата тебініп сілтейтін әйгілі семсер шабыс, қағысқан сайын күшін алып қалжыратқан. Құрыштың самайынан тер сорғалап, қол – аяғы қалтырап,құлаған сайын тұруы қиындай берді.Кенет ажал осы деген ой келді. Иә, бұл тақап келе жатқан ажал деп аталатын, қатыгез, жалынып – жалбарынғаныңа көнбейтін, бұлтартпас ақиқат еді. Және ажалдың, бұл бір кезде, алаулаған жастық шағында сүйген, ал қазір темір құрсанып аяусыз қару сілтескен кәрі әйел болып келуі түсініксіз еді. Ол әлдебір жанды тетік сияқты, семсерін жаудың семсерімен қаржыстырып, ойсыз,сезімсіз кескілесіп жүре берді. Ақырында тоқтаусыз сілтенген ақинақ көбейіп, енді бұған қарай тұтасып орманға айналған мың – мың ақинақ жылжып келе жатқандай болды. Содан соң дүние қара тұманға бөкті де, Құрыш әлдебір түпсіз құздың түбіне ұзақ құлаған.

69 эпизод

Тұмар шахиншаһтың өлексесін тастап ақсаңдаған күйі былай шыққанда «ажалсыз әскерлер» бір адамдай дүрс етіп тізерлей тұрып дулығаларын шешіп бастарын иген. Жайық, үсті-басы қан-қан Нұқұз тағы басқа әскербасылар, жауынгерлер келіп амандасып жатты.
—    Жайық, — деді Тұмар сыбырлап, — Парсының патшасын қанға тойғызыңдар.

70 эпизод

Қондыгердің әскері соғыстан қайтып келе жатты. Аттылы-жаяу кемпір-шалдар, әйелдер, бала-шаға жасыл жазираның төсінде жауынгерлерді қарсы алды. Әскердің соңында тұл аттарға артылған өлген аламандардың мәйіті. Біреу тірі қалған ұлын құшақтап жыласа, біреу өлген әкесін, шейіт болған азаматын жоқтап жылады. Жеңістің салтанатынан мыңдаған ардагер ұл-қыздарын құрбан еткен қондыгер елінің қасіреті мен қайғысы салмақты түсті.

71 эпизод

Жайық әскерден бөлек жалғыз өзі келе жатыр еді. Қарсы алдындағы төбенің тасасынан бір атты адам шыға келген. Бұл Анарух еді. Бір-бірін көрген олар аттарынан түсті. Анарухтың көзіне кілк етіп жас үйірілген.
—    Егерде елес емес, аруақ емес, адам болсаң, белгі бер, — деген ол көз жасының тасасынан елжірей жымиып,
—    Анарух,  бұл мен ғой, — деді Жайық дауысы дір етіп.                 Екеуі құшақтаса кетті.
—    Неге жалғызсың? – деді Анарух. – Соңыңнан ерген желкілдеген қол қайда? Әскерің қайда,  Жайық?                                 Жайық үндемеді.
—    Бәрінің өлгені ме? – деді Анарух түршігіп.                     Жайық жылап қоя берді. Анарух Жайықты төсіне басып ол да тебірене жылаған.
—    Жылама, — деді өксіп тұрып,- Еркектің көз жасын көрсетпесін, Құдай.
Содан соң, көзін жасын сүртіп, тізерлей тұрып, аспанға бағыштай сөйлеген.
—    Қысқа күнде қисапсыз қызық кешіскен қайран менің құрбыларым! Қыршын кеткен асылдарым, ардагерлерім! Отукеннің жасыл жайлауында жандарың жай тапсын, арыстандарым!
1. Отукен-пейіштің қондыгерше ескі аты

72 эпизод

Сырлы түн. Үлкен жазықта ұлы той жүріп жатыр. Мыңдаған киіз үй тігілген. Отта сақырлап тұрған қисапсыз қазан. Пісіліп жатқан қисапсыз саба. Епті жігіттер мен қыздар астау толы ет пен басқа да дәмді киіз үйлерге үздіксіз тасып жүр. Бүкіл қондыгер жұрты жеңістің тойына жиналған. Түнгі сахара тойдың дүбіріне толып кеткен. Қызылды-жасылды киінген мың сан адам үйден-үйге өтіп бірін-бірі ұлықтап жатыр.

73 эпизод
Тұмардың қырық баулы ақ шатырында тойдың нағыз қызған шағы еді.
Падишаның өзі жатаған ағаш тақта отыр.  Шатырдың барлық бөлмелерінде белі қайысқан дастарқан басында қондыгердің әскербасылары, билер мен оғландар, бектер отыр. Даңқы зор қолбасшылар, ардақты кәрі батырлар отырған падишаның дастарқнанының алдында зерлі қызыл текемет төселген. Бұл өнерпаздарға арналған орын. Әншілер мен күйшілер бірінен кейін бірі әміршінің алдына келіп өнерін көрсетіп жатты. Содан соң Тұмардың алдына кәрі жырау келді. Сансыз ұрыс-соғыстарды бастан кешірген кәрі жырау падишаның алдына, қырмызы текеметке отырып, әуелі ескі ерлік күйді тартқан, артынша ұлы жырларды бірінен кейін бірін толғады.

Ал, падишам, сөз сөйлейін көрген жайдан,
Дүниенің басы сайран, түбі ойран…

Елеске айналған көне күндер, елін қорғаған ерлер, туған жұрты үшін өмірін қиған қондыгердің ардагер ұлдары жайындағы толғау ақырында бүгінгі өткен қанды соғыс жайындағы жырға ұласты.
Жырау жер жастанған қахармандарды жеке-жеке ұлықтап мадақтаған. Парсыменен соғыстың қанды өзенінен өткен кәрі батырлар, жас әскербасылар, жауынгер абысын қыздар өлгендерді еске алып, кейбірі мұңайып, кейбірі жылап отырды.
Қолына шарап құйған алтын көзені ұстап Тұмар орнынан көтерілді. Сол сәт шатырда отырғандардың барлығы орындарынан тұрды.
— Уа, қасиетті елім! Билер, оғландар, батырлар! Қондыгер жұртының марғасқа бектері! Бүгінгі қидаласта шейіт болған бауырларымыз үшін, солардың аруағы үшін, мына, қолымыздағы көзені көтерейік! Олар сом жүрегін, ғазиз қанын аямады! Өлсе де қаруы қолында, аяғы үзеңгіде кетті! Ақ жолда өлді! Аруағы разы! Қаны қасиетті! Жаратқан Иемнің нұр дидарын солар көрмесе – кім көреді! Топырағы торқа болсын! Алғыс! Алғыс! Алғыс!
Шатырдың ішіндегі де сыртындағы да жұрт – Алғыс! Алғыс! – деп айқайлады.
Бүкіл халық тік тұрды. Қондыгердің батырлары – Алғыс! Алғыс! Алғыс! – деп айқайлап қолдарындағы шарап пен қымызды тікесінен тік тұрып ішті.
—    Алғыс! Алғыс! Алғыс! – деп күрсінді дала.
Бүкіл ай астындағы дүние, туған елі үшін жанын пида еткен ардагерлерді асқақтата ұлықтап тұрғандай.   

74 эпизод

Бұл кезде Борықтыкөл және Сырдарияның жағасы мен екі арадағы алып атырапта басқа той – жабайы аңдардың тойы болып жатыр еді. Ай сүттей жарық. Қасқырлар, түлкілер, қарсақтар, аю мен сілеусіндер, күшіген мен қарға және адамның етін жейтін басқа да құстың тұқымдары – даланың мың сан аюаны майдан даласына жиналған еді. Самсаған өліктің үстіне қонақтап тойлауға кіріскен аң мен құстан басқа тірі жан жоқ. Бір ғана адам майдан даласын аралап, өлексенің еті желініп, қаны ішілген сұмдық тойды жаны түршіге бақылаған. Бұл адам – Бахрам еді.

73 эпизод

Әскери кеңес жүріп жатыр еді. Тұмар сөз бастап отырған.
— Жұртым! Мен қартайдым. Ел билеу барған сайын қажытып барады. Уақыт деген – тоқтаусыз аққан өзен. Ешкім де мәңгі жасамайды. Күндердің күнінде бұл падишаларың да өмірден озады. Менен кейін алтын таққа кімді отырғызасыңдар – соны білгім келеді. Қондыгерде ел тізгінін ұстауға лайық ардагер көп. Сол көп арланның ішінен бір абаданын таңдайсыңдар деп ойлаймын.
Орнынан тұрған кәрі би Тұмардың қарсысына келіп тұрды.
—    Падишам! Біз ақылдаса келе үш адамды таңдадық. Олар – Телегей, Нұқұз және Жайық. Үшеуі де патшаның әулетінен және саған туыстық дәрежесі де тең. Үшеуінің де ерлігі мен ақылы тең жарасқан. Біздікі – мұрагерді ұсыну. Таңдау – сенен.
Ақ ордада сілтідей тыныштық орнады. Тұмар ойланып ұзақ отырды. Содан соң жымиып бас изеген.
—    Телегей, Нұқұз, Жайық! Алдыма келіп тұрыңдар!
Үш оғлан орындарынан көтеріліп бидің жанына келіп тұрған.
—    Телегей мен Нұқұздың ерлігіне, ақылына, тегінің асылдығына менің ешқандай күмәнім жоқ. Алайда Жайық соғысқа алғадай болып барды, аяғына дейін ақ көйлек киіп қидаласты. Жайықтың ерлігіне осы отырғандардың ешқайсысы күмән келтірмес деймін. Ергененің ұрқы осы соғыста тұтастай қырылды. Жалғыз Жайық қана тірі қалыпты. Оның үстіне Жайық, Нұқұз бен Телегейден жарты мүшел болса да үлкен, ақылының кемері жарты елі болса да биік. Себебі, қондыгердің алтын тағында үнемі ең ақылды, ең кемел, ең тәжірибелі ер отыру керек. Сондықтан, ақылыма көлеңке түспеген сау кезімде, Жасаған Иені куәлікке тарта отырып, Ергененің ұлы Жайықты тақтың мұрагері – қалға сайлаймын.
Нұқұз тен Телегей бір тізерлей отырып бастарын иген.
—    Ақылың кемел, Тұмар әже!
—    Мен Нұқұз бен Телегейді көпе-көрнеу биліктен шеттетейін деп отырғам жоқ – деді Тұмар, — Екеуі де Жайықтың кеңесшісі болып тағайындалады.
Тұмар қолындағы асасын тақ еткізіп еденге ұрған.
—    Енді ең басты түйіткіл, – Тұмар отырғандарға жағалай көз тастап өтті, — Біз парсы тарапта енді не істейміз соны ақылдасуымыз керек.
Ордада тағы да шыбынның ызыңы естілетін тыныштық орнады.
—    Соғыс қорқынышты емес. Парсы өзінің бұл жеңілісінен бәрібір дұрыс ұлағат шығара алмайды – бәрінен бұрын сол қорқынышты. Бұны олар алапатымыз күйреді демейді – күшіміз аз болғандықтан жеңілдік дейді. Келесі жорықта Парсы сахараға бұдан екі есе әскер алып келеді. Және  Парсының тағының төңірегінде Бабылдан шыққан уәзірлер отырғанда бұл лаң ешқашан тиылмайды, Парсы ешқашан түзелмейді.
Тұмар сәл кідірді. Ордаға сабадар кіріп отырған жұртқа қымыз бен шарап үлестірді.
— Өз өрісіңді өзің тарылтып тұйық болғанның, жаһанның тіршілігінен шет жүргеннің қандай қауіпті екенін енді түсінген шығарсыңдар деп ойлаймын, – деп сабақтады ары қарай Тұмар, – Біз ешкімге зорлық-зомбылық қылмай өз бетімізбен жүрсек, басқа жұрттардың да бізде ісі болмайды деп ойлап келдік. Біздің ең үлкен қатеміз-осы. Әрине, Қондыгер құба жұрт – асылдан соққан семсер. Алайда, тасты шаба берсең сол семсер де кетіліп мұқалады. Біз тағы да бейғам болсақ, онда аңдыған жау ақыры бізді алып жейді.
Тұмар, көзінде қаймыжық жас, аталастарына қараған.
—    Біз ата-бабаның жолын, кемеңгер Ишпақайдың жолын ұстануымыз керек. Біздің ендігі қарап шабынатын тарабымыз – Оңтүстік, Ғажам, Мәуреннахр, Парсы мен соларға жапсарлас басқа жұрттар. Біз жихангер емеспіз, басқыншы емеспіз. Біз өзіміздің көне, байырғы мұратымызды еске түсіруіміз керек. Қолымыздан сусып кеткен тізгінді қайтадан қолымызға алуымыз керек. Егер алмасақ ол тізгінді басқа халықтар ұстайды.
Тұмар асасын тарс еткізді. Орда тағы да үнсіз қалды.
—    Сондықтан, ендігі жарлығым. Құрыштың тұқымын тақтан тайдырып, Парсының билігіне басқа әулетті әкеліп отырғызыңдар. Парсыны тізерлетіп тұрғызыңдар. Бұдан кейін Бабыл ешқашан ел болып өркен жаймасын. Адамзаттың жадынан ұмытылатындай етіңдер. Менің сөзім осы.

76 эпизод

Тұмар Бахрамды шығарып салып келе жатты. Бахрамның ертоқымының артында үлкен қоржындар. Аулағырақты бірнеше ғана жасауыл келеді.
—    Мен сені осында қалады, енді ешқайда кетпейді деп едім,- деді Тұмар.
—    Иә, мен өзім де соңғы жылдары өмірімді сенің ордаңда аяқтаймын деуші едім. Сүйегім қондыгердің жұртында қалады деуші едім, – деді Бахрам, – Бірақ енді бәрі өзгерді. Менің басты мұратым әлі алда екен.
Олар біраз уақыт үнсіз болды. Содан соң Бахрам сөйлеген.
—    Сахара сонау көкжиекке дейін көсіліп жатыр – шеті де, шегі де жоқ. Кітап жазу үшін маған кітапхананың тар аясы, көне кітаптардың киесі керек.
Тұмар оған құрметпен қараған.
—    Сен кітап жазғың келе ме?
—    Иә, — деді Бахрам, – Зәрдүштен кейін парсылар Митраны Қасиетті тасты, тура сөзді құрметтемейтін болды. Ғасырдан ғасыр өтер, кейінгі патшалар сарай тарихшыларына басқа, ойдан шығарылған тарихты тасқа қашатып жаздырар.
Түз тағысындай жайылған малшылардың патшасының қолынан кездейсоқ қаза тапқан ізгілікті, білімді, ұлы әміршінің хикаясы мыңжылдарды көктей өтіп ұрпаққа жетер. Ақылы кеміс ұрпақ осы өтірікті ту қылып ұстап одан ары ұзатар. Ал мен өзім куә болған тарихты жазғым келеді.
Бахрам Тұмарға жалт етіп қараған.
—    Менің бұл кітабым қондыгердің Қамбар руынан шыққан Құрыш есімді баланың тағдыр қалауымен Парсының патшасы болғаны, биліктің нәпсісін жеңе алмай, қан тартып, жарты дүниенің әскерін жинап, қондыгерді бағындырам деп сахараға аттанғаны, қисарының падишасы Тұмардан жеңіліп басын алдырғаны, қондыгерлер парсының әскерін күйреткені, осылайша қаншама халықты парсының жаугершілігінен парсының тепкісінен сақтап, қорғап қалғаны жайында болмақ.  Және кейінгі ұрпақ, сендердің ерліктеріңді өздеріңе кінә қылып, айып қылып таққан жаулықпен, өштікпен жазылған өтірік тарихты емес – мен жазған шын тарихты оқитын шығар деген үміттемін.
—    Менің ойымша бұл жақсы кітап болады, – деді Тұмар.
Алыстан тау көрінді.
—    Бахрам, мына жер есіңде ме? – деді Тұмар, – Мен Құрыш, Сатибарзан, сен үшеуіңді осы жерде шығарып салғам. Барлығымыздың жасымыз сол кезде он бесте ғана екен ғой. Қашан еді?
—    Жарты ғасырдай уақыт өтті ғой, – деді Бахрам жан-жағына қарап.
—    Содан кейін сен, атыңның басын кері бұрып, мұңайма Тұмар, мен әлі Дәштіге қайтып келем деп айқайлап едің ғой, — Тұмардың көзінде қаймыжық жас пайда болды, — Міне, мен сені тағы да шығарып салып тұрмын… Ойымша – мәңгіге.
Олар бір-біріне қарап ұзақ тұрған.
—    Қош бол, падишам, – деген еді Бахрам, — Қош бол, қондыгердің анасы, ұлы әмірші Тұмар.
—    Қош бол сен де, аяулы дос, – деді Тұмар қасіретеніп, — Қондыгер жұрты сені ешқашан ұмытпайды.
Бахрам атын бұрып болжаусыз тағдырына қарсы жолға шықты.

77 эпизод

Қисарының атты әскері Пасарғадыға кірді. Парсылар тарапынан ешқандай қарсылық болмады.

78 эпизод

Қисарылар кіріп келгенде Бардия теріс қарап тұрған. Алға тубегі Оғланерек шықты.
— Шапур Бардия! – деген еді ол салтанатты дауыспен, – Құрыштың ұлы, патшазада екенің рас болса басыңды тік тұрып кестір!
Бардия артына бұрылып қисарылардың ортасында тұрған Дарьяушты көрді.
— Дарьяуш? – деді ол әлдебір жиіркенішті таңданыспен,- Парсының жаңа патшасы сенсің бе?
Дарьяуш жүзін төмен салды.
— Олай демеші өтінем, Бардия, – деді ол күйзеліп, — Бәрі де кеш… бәрі де зая… Сенің ұлы әкең… өлді. Менің кінәм жоқ бұл жерде.
— Мен түсіндім, Дарьяуш, – деді Бардия, — Ол енді сенің шахиншахың емес, бар болғаны менің әкем… Мен бәрін де түсіндім, Дарьяуш. Мен сені кіналамаймын.
Оғланерек семсерін суырып Бардияның жанына келді. Патшазада иығына желбегей жамылған қаражібек минтанды шешіп еденге тастады да Оғланеректің жүзіне тура қараған.
Түбегі кәнігі қимылдап патшазаданы семсермен бір-ақ түйреген. Ақинақ денесіне бойлай кіргенде Бардия сәл ғана селк етті. Содан соң Оғланеректің қолын қос қолдай тас қылып ұстап шөге бастады. Аздан соң көзіндегі өмірдің оты өшкен Бардия еденге етпетінен құлаған.
1. Тубегі – он мың әскердің басшысы. (138 бет)
1. Шапур – көне парсы тілінде «патшазада»
2. Минтан – жазғы жұқа халат.

79 эпизод

— Тубегі Оғланерек, мен сізге өзімнің ұлым Бардия үшін арыз айта келдім… Ол тек тағдырдың тәлкегімен ғана үлкен саясаттың құрбаны болып отыр… Көмектесе көріңіз. Бізге ештеңенің керегі жоқ. Патшалықтың да, алтын тақтың да керегі жоқ… Бізді қоя беріңіз. Алыс бір уәлаятқа кетейік те ешқашан Пасарғадыға қайтып келмейік.
Жаһанбану жақынырақ келіп тубегінің көзіне көзін қадаған. Оғланерек шыдай алмай теріс айналды.
— Тубегі, — деді Жаһанбану, — Жалынамын сізге. Міне, мен тізерлеп тұрдым. Мен, жарты дүниені билеген Жаһанбану патшайым, мен сіздің алдыңызда тізерлеп тұрмын. Баламды өлтіре көрмеңіз.
— Тұрыңыз, патшайым. Ұят болады, — деді Оғланерек түсін суытып. Ол Жаһанбануға бұрылған,  — Өйтіп абыройыңызды түсірмеңіз.
Жаханбану орнынан баяу көтерілді.
— Сіз кеш қалдыңыз, Жаханбану, — деді  Оғланерек.
— Бұнымен не айтқыңыз келеді? – деді Жаханбану естілер-естілмес.
Оғланерек ойланған күйі бөлмені кесіп өтті.
— Патшазада бұ дүниеден баяғыда озған.
Жаханбану сұмдық хабарды селт етпей қарсы алды. Ол ләм-мим деген жоқ, тек жүзі ғана сәл бозарған.
— Бұл-біріншіден, — Оғланерек патшайымның жанына келді, — Екіншіден, сіз парсының патшасы Дарьяуштың әйелі атанып та қойдыңыз. Ұлы Құрыш, Бардия – бұның бәрі өткен заманның жыры. Парсы өзінің жаңа тарихын бастады. Ал сізге сол жаңа патшалықтағы жаңа биліктің бір тұтқасын ұстаттық. Бұл үлкен мәртебе, үлкен абырой.
Жаханбану ащы жымиған.
— Ұлыңмен жасты баланың… құл нәсілді Дарьяуштың әйелі болу… Шынында да үлкен мәртебе, үлкен абырой екен.
Оғланерек қолын жайды.
— Бізде не ерік бар, патшайым? Жарлығы қатты көк аспанның қалауы осы.
Ол есікке қарай беттеді. Дәл шығар ауызда кері бұрылған.
— Ешкім де сізді Дарьяушпен төсекте басыңды қос деп күштеп жатқан жоқ. Сіз салтанат кезінде патшаның жанында отыратын оның рәсімдік әйелісіз.      Оғланерек суық жымиды.
— Содан соң… мемлекеттік кіші мөр сізде қалады. Жылдың аяғына дейін тағы жеті жарлық шығаруға ықтиярыңыз бар.
Ол шығып кетті. Жаһанбану сарайдың ортасында тұрған күйінде қалды. Көзінде жас, енді ешқандай пайдасыз байлық пен салтанатты мағынасыз тамашалаған.
— Бардия… қайран менің ұлым, — деді сыбырлап, — Қош бол. Жолың болсын, құлыным.
Көз алдына Оғланеректің бейнесі келіп тұра қалған.
— Аспанның қалауы осы, — деді бейне суық жымиып.
— Тірі адамға аспанның әмірі жүре бермейді, — деп жауап берген Жаһанбану сыбырлап.

80 эпизод

Жаһанбану бөлмесінде ұзақ отырған.
— Хошнаваз, — деген одан кейін ақырын дауыстап.
Күтуші Хошнаваз, ақ шашты, ұзын бойлы, сида, жасамыс адам кіріп, басы жерге жетіп иілген.
— Патшайым не бұйырады екен?
— Қағаз, сия мен қалам алып кел.
Ол ойланып отырып ұзақ жазды. Жазып болып қобдишадан кіші мөрді алды да отқа қыздырып қалың қағазға баса қойған.
— Хошнаваз, — деді одан кейін мейірлене жымиып, —  Мен әлі патшамын ғой. Мынау сенің босатылғаның жайлы жарлық. Ертең таңертеңнен бастап сен азат адамсың. Ал мынау екінші жарлық. Бұл жарлық бойынша қазынадар саған он мың алтын динар береді. Бұл сенің жеті ұрпағыңа жетеді. Бүкіл әулетіңмен шахтарға адал қызметің үшін.
Хошнаваз болған жайды бірден түсініп, бүкіл дүниесімен тебіреніп тұр еді.
— Маған енді бір қызмет қыл, — деді Жаһанбану мұңайып, — Сазандар мен бишіні алдыр. Шарап пен түрлі миуаны келтір. Тағы бір тойлайын.
Хошнаваз басын игенде көзінен қос тамшы жас сорғалап түскен. Ол жылдам басып шығып кеткен.
Аздан соң патшайымның жарлығы орындалды. Жаһанбану бабы келіскен көне шарапты көзе-көзе қылып ішіп, масая берді. Сазандарлар адамның бар қайғысын ұмыттыратын көрікті күйлерді бірінен кейін бірін тартқан. Хошнаваз бұл тойдың соңғы той екенін жанымен түсінді. Қолдары қалтырап, қымбат қыш құмыралардың мөрін сындырып, адамның қанынан қымбат шарапты құя берген, құя берген.
— Хошнаваз, айтшы, мен қандай патша едім? – деді Жаһанбану.
Хошнаваз теріс қарап көзінің жасын сүртті.
— Менің патшам әлемдегі ең мехрибан патша еді. Ол қолындағы барын қаріп-қасермен бөлісті, жетім мен жесірдің көз жасын құрғатты. Ол ұлы әмірші, шахиншах Құрыштың сүйенетін таянышы, ақылды кеңесшісі болды. Менің патшам дүниеге келгенде оған Пәруана- көбелек деп ат қойыпты. Мен патшама қызмет қылғаным үшін, маңдайыма жазылған осы несібе үшін Жаратқан Иеге мың да бір алғыс айтамын. Содан кейін халық менің патшамды, әлемнің анасы – Жаһанбану деп атандырыпты. Менің патшам осы есімге лайық еді. Ғасырдан ғасыр өтер, бірақ елінің қам-қайғысын жеген, туған жұртына пана болып өткен Пәруана – Жаһанбану патшаны парсылар ешқашан ұмытпайды.
Жаханбану көзін жұмып тыңдаған. Хошнаваз сөйлеп болғанда көзесін қайтадан ұсынған.
—    Енді сен өзің ән айт. Баяғы бесік жыры бар ғой, — деді одан кейін Жаханбану елжірей жымиып, — Мені мойныңа отырғызып, серуендетіп жүріп айтушы едің ғой.
Хошнаваз сазандарлардың жанына барып белгі берді. Сазандарлар пейіштің үніндей әдемі бір күйді бастаған. Хошнаваз патшайымның алдына  сымбатты тұрып әнге басты. Күтушінің сәл қарлыққан даусы Жаханбанудың жүрегінің  түкпіріне  жеткен. Қалт жібермей тыңдаған күйі ол алтын жүзіктің көзі – торғайдың жұмыртқасындай үлкен лағыл тасты сипалап тауып алды да опырып сындырды. Қолын көзенің үстіне төңкергенде тарыдай ғана қара түйіршік шарапқа түсті. Жаханбану алтын қасықпен араластырып болып шарапты аузына апарғанда Хошнаваз теріс қарап кетті де, көз жасы сорғалаған күйі әнін айтып тұра  берді. Сәлден соң артына бұрылғанда патшайым жастыққа сүйенген күйі жүзі нұрланып өліп жатыр екен. Бірақ Хошнаваз әнін тыйған жоқ, бишілер де тоқтамай билей берді, билей берді.

81 эпизод

Даланың үстін қорғасындай ауыр бұлт басқан.  Жер дүние қараңғы. Нөсер жауын жауып тұр. Жауынның астында ондаған ақ-қара киізден жапқан үйлер суға малшынып жетімсіреп көрінеді. Үлкен ауылдың ортасында арбаның үстіне тіккен он екі қанат ақ орда тұр. Бұл Тұмардың ауылы еді.
Падиша ажал жастығына бас қойған. Алып денесі аурудан жиырылып кішірейіп кетіпті. Аюбөстек төселген падишаның төсегінің жанында керегеге сүйеніп күтуші әйел мен кәрі батыр ұйықтап отыр. Өше бастаған ошақтың оты үйді әлсіз жарықтандырып тұр.
Кенет дабыл ұрылды. Жеті қат жердің астынан шыққандай дыбыстар зорайып өсіп, ақырында бүкіл даланы алды. Алайда күтуші әйел де, кәрі батыр да ештеңе естімеген күйі ұйықтай берді. Өйткені дабыл бір Тұмардың ғана санасында ұрандатып тұр еді.
—    О, Жаратқан Ием! – деді Тұмар басын көтеріп, — Бұл дүрсілдеп жатқан сенің дабылың ғой! Жаратқан Ием, сен мені өзіңнің дәргейіңе шақырдың ба!
Ол төсектен түсіп есікке қарай беттеді. Үйдегілер сонда ғана оянған.
—    Падишам, жатыңыз, сізге не болды? – деді күтуші әйел үрейленіп.
—    Тұмар ана… – деді батыр даусы қарлығып.
Бірақ Тұмар ештеңені көрген де жоқ, естіген де жоқ. Арбаның тепкішегімен түскен ол бүкіл даланы алып көлкіп жатқан суды кешіп жүре берді.
—    Қайран менің әкем, кемеңгер Тарғытай! – деді ол күбірлеп, — О,менің арыстан бабаларым! Мен сендер жаққан отқа келе жатырмын! Қарсы алыңдар!
Қолын алға созып келе жатқан Тұмардың жүзінде найзағайдың көкшіл сәулесі ойнап тұрды. Кенет ол сүрінгендей іркіліп тоқтап қалып, буыны босап артқа қарай омырыла құлаған. Жүгіріп жеткен кәрі батыр падишаны қолына алып жерге отырды. Найзағай ойнап, жауын нөсерлетті. Кәрі батыр Тұмарды алдына алып жылап отырды.
—    Тұмар ана! Өлмеші! Айдын көліңді, туған жұртыңды кімге тастап кеттің! Тұмар ана! Падишам!
Падишамен қоштасуға келген әскербасылар, билер, оғландар, ауылдың адамдары, үлкендер мен бала-шаға, барлығы далаға шығып, жылап отырған кәрі батырдың ту сыртында, Тұмар падишаның ақ өлімінің куәсі болып қара ормандай сіресіп тұрды.
Далада ерте көктемнің сұрқай таңы атып келе жатыр еді.

Фильмнің соңы

Орыс тілде синопсис пен тарихи-мәдени комментарий оқыңыз