Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ
Бұл адамның атын алғаш рет бала кезімде естідім. 1965 жылы күзде консерваторияның фольклорлық экспедициясы біздің ауылға келген еді. Жанына бірнеше студент қызды ерткен мұғалімнің аты-жөні Серікбаева Асқан екен. Менің нағашы атам әйгілі күйші Жүнісбай Стамбаевтан бір кеште он бір күй жазып алды. Дастархан басындағы ұзақ отырыс кезінде Асқан апай, – Осыдан бірнеше жыл бұрын Созақтағы Сүгір күйші қайтыс болды. Сіздің оң қолыңыз, қара шертісіңіз сол Сүкеңнің шертісін елестетеді екен, – деген еді. Бірақ менің атам ондай күйшіні білмейтін болып шықты.
– Шалқазақ, Сары Нияз төре, Байжігіт пен Қызыл Мойын Қуандық, Тәттімбет, кешегі Әбді, Итаяқ, Бекжан мен Мүсіпәрхан, мен білмейтін күйші жоқ еді, бірақ Сүгір деген домбырашыны естімеппін, – деді, естімегеніне, білмегеніне кешірім сұрағандай.
– Түсінікті ғой, жер шалғай, Семей қайда, Созақ қайда, – деген Асқан апай.
– Мынау магнитофон дедіңдер мен, осының ішінде жоқ па, Сүгірдің шерткені? Жазбадыңдар ма?
Атам магнитофонды меңзеген.
Асқан апай жымиып күлді.
– Жоқ, ол кісіні академия да, радио да, ешбір жер жазып алып қала алмаған.
…Арада пәленбай жыл өтті. Ақырында Сүгірдің күйін де естідік. 1971 жылы көктемнің бір күнінде радиодан Төлеген Момбековтың концерті берілді. Осы концертте Сүгірдің «Телқоңыр» және «Қаратау шертпесі» деп аталатын екі күйі тартылды.
Аталған шығармалардың еткен әсерін айтып жеткізу қиын. Радионың ішіне кіріп кете жаздап тыңдаған атам артынша ұзақ үнсіз қалды. Көзін домбырамен ашқан, бүкіл Қарқаралы, Аягөз, Шыңғыстау аралығын дүркіретіп күймен тербеген өнерпаз нағашым, басқа өлкенің өзегі бір күйін алғаш тыңдағаннан жете танығаны көрініп тұр еді.
– Ойпырай, десе дегендей екен, – деді содан соң басын шайқап, – Десе дегендей екен.
– Мына Сүгір не дейді, а? – деген содан соң, осы күйлерді өзі шерткендей жан-жағына мақтана қарап.
Арада тағы біраз уақыт өткенде енді бір домбырашының өнеріне куә болдық. Генерал Асқаров, Сүгірдің «Назқоңыр» және «Аққу» күйлерін шерткен. Бұл жолы да радионың жанында ұзақ үнсіз отырып қалған атам ақырында, – Айтқыш адам екен, бұл Сүгір деген. Кемеңгер екен, – деді күрсініп.
Кейіннен ұзақ ойланып өзі енді ғана естіген жаңа өрнек жайында тағы бір пікір айтты.
– «Аққу» ертегі сияқты екен, ал «Назқоңыр» тылсым туралы. Тылсымның тілін білген адам сияқты ғой, – деген.
Кейін нағашы атам қайтыс болды. Мен бұйырған өнерді алып, өмірден өз жолымды таптым. Алматыға келіп алғаш танысқан адамым Жарқын Шәкәрімов еді. Теледидарға, радиоға апарып көп адаммен жолықтырған, алғашқы күйтабағымды шығарған осы кісі еді. Сол таныстырған адамының бірі, белгілі фольклор жинаушы, ғалым Талиға Бекхожина болатын. Сүгір сынды ұлы күйшінің шын тұлғасын мен осы күннен бастап таныдым. Одан кейін Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергенов, бірі Сүгірді көзбен көрген, бірі естіген қаншама адаммен дәмдес болдық. Содан бері табаны күректей қырық жыл өтіпті. Осы уақыттың ішінде Сүгірдің өнерін дәріптеп насихаттаған қаншама күйшіні тыңдадық, қаншама әңгімеге қанықтық. Әлбетте, халық өзінің ардақты перзентін асқақтатып жіберетіні де бар, кейбір әңгіме дерекке емес – көңілдің лебіне құрылатыны белгілі.
Мен бұл шағын лебізімде баспа бетін көрген Сүгір өмірінің шежіресін қайталамай-ақ қойғанды жөн көрдім. (Күйші өмірі мен өнеріне қатысты ең көп мағлұмат ғалым А.Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» монографиясында жинақтаулы екенін оқырманның есіне саламыз).
Зерттеулерге кірмей қалған бірді-екілі сирек дерек пен күй өнері турасын дағы өз пайымыма сүйендім.
Ең әуелі Сүгірдің ата-тегі және тама руының Шу мен Сарысу, Арқаға қалай келгендігі хақында бірер ауыз сөз. Бүгінде Кіші жүздің ішіндегі Жетіру бірлестігі, заманында Орта жүздің құрамында болғаны, Арқаны жайлап қыстағаны жайында, ғылыми әдебиетте еміс-еміс дерек бар. Содан соң, шамасы Тәуке хан заманында Жетіру Кіші жүзбен біріктірілген. Ал енді осы Жетірудың ішіндегі кейбір аталықтардың бұрынғы жосық пен қонысын табуы қалмақпен екі арадағы соғыспен тығыз байланысты. Ескі шежіре әңгімеде қазақ жеңіске жетіп, қалмақ күйрегеннен кейін, жер бөлісу басталады. Абылай хан елдің сұрағанын береді. Сонда Жағалбайлы мен Таманың батырлары Шу мен Сарысудың бойындағы қопа қысқы қыстауға жақсы, Арқа жазғы жайлауға жақсы екенін көріп, сол жүрген жерлерінде шидің басын буып, белгі салып кетіп отырыпты. Ханнан осы жерді сұрайды. Осылайша Жағалбайлы мен Таманың көп бөлігі Арқада қалыпты, Созақ, Қаратау, Шу мен Сарысуды қоныс етіпті.
Сүгір, күй шежіресін білетін адамдардың айтысына қарағанда, жастық дәуренінің біраз бөлігін әйгілі қобызшы Ықыластың жанында өткізген сияқты.
Балталы – Бағаналы мен Таманың арасында жылқы алысқан дау-шардың бірінде Ықылас жоғалған үйірдің ізін қуып Ерден бидің алдына барыпты. Осы сапарында оның жанында бозбала Сүгір болған екен. Жоқшылар Найман ауылында үлкен қайғының үстінен шығады. Ерден бидің кәмелетке келіп қалған ұлы қайтыс болған екен. Жас басына қарамай күй қадірін жете таныған Сүгір осы жерде қазақ тұрмысында, қазақ тарихында ілуде бір рет қана кездесетін жосыққа куә болады. Баласы өлген әміршіні күйшінің қалай жұбатқанын көреді. Бұл салт Сыр бойының жыршылық өнерінде көрініс тапқан. Сыр сүлейлерінде қаралы адамды жырмен жұбату дәстүрі бар. Бұл арнайы жанр «Көңіл хош» деп аталады. Ал Арқа, Сарысу, Шу бойында күймен естірту, күймен жұбату сол қалпында қалған екен.
Әрине, Ерден – Шыңғыс хан емес, Ықылас – Кет Бұға емес. Алайда қайғы мен қасіреттің үлкен-кішісі болмайды. Ерден ауылының қазасы Жошының өлімінен кем емес еді. Қобызбен тартылатын ұлы күй «Ерден» дүниеге осылай келген екен. Көзкөргендердің айтысы бойынша ел ішіндегі барымта осыдан кейін сап тыйылыпты. Құрығын сүйреткен ұрының өзі сөзге тоқтаған, күйге тоқтаған не деген заман еді, депті кейін Сүгір бір дастархан басында.
Ықылас пен бозбала Сүгірдің осы сапарынан енді бірнеше тармақ жаңа хикаят өрістейді. Бір әңгіме, Сүгір осы барғанында әйгілі домбырашы қыз Мәпрузамен (бір нұсқада Мақпуза) танысып еді деп баян етеді. Енді бір әңгіме, Сүгір жанына сал-серілерді ертіп Мәпрузамен арнайы танысуға барған еді деп куәландырады. Соңғысы, бозбалалар абысындардың (аналық ауыл, әулет) еліне барып, түрлі сайыс пен сыннан өтіп өзіне әйел алып қайтатынын баян ететін Ұмай Ана заманынан келе жатқан салт-саналық әңгіме.
Алғашқысы өлім мен өмір, қазаның үстіндегі махаббат жайындағы, «Өлген – өлді, тірі кісі тіршілігін істейді» деген ұлы қағиданы әйгілейтін көне әңгіме.
Екеуі де кейінгі қазақ мәдениетіне, әсіресе жаңа замандағы қазақ прозасына зор ықпал еткен қасиетті хикаят. Осының қайсысы дұрыс, қайсысы өмір шындығына жақын?
Осыған орай мынадай бір шегініс жасағымыз келеді. 1976 жылдың күзінде ұмытпасам қазақ радиосының ұйымдастыруымен Алматыда қазақтың дәстүрлі саз өнерінің өкілдері қатысқан бір жиын болды. Ондаған әнші-жыршы, күйшілер өздерінің мұраларын радиоға жазып қалдырды. Артынан М.Әуезовтің музей үйінде Рахманқұл ағамыздың (Бердібаев) ептеуімен аталған өнерпаздар үлкен концерт (қазіргіше, гала-концерт) берді. Осы концерт кезінде Төлеген Момбеков пен Генерал Асқаровтан кейін сахнаға шыққан Созақтың қарапайымдау бір домбырашы ақсақалы, осы күні Жанғали Жүзбаев «Қаратау шертпесінің екінші тармағы» деп шертіп жүрген күйді алғаш паш етті. Төкеңдей кеуделі болмаса да тартқан күйі тәп-тәуір. Қария күйдің тарихын айта келіп, Сүкең «Қайран Мәпрузамен қайғыда жолығып, қасіретте айрылысып едім» деп айтушы еді деген. Демек, Сүгір Мәпрузамен Найман ауылының қазасында танысқан. Концерттен кейін Талиға апамыз (Бекхожина) бірнеше күн бойы М.Әуезов музей-үйінің екінші қабатында күйшілерді магнитофонға жазды. Сонда аталған қария, Әпике Әбенованың өтініші бойынша тағы көп ескі әңгімелерді шертті. Бір сөзінде «Мәпруза Сүгірге айтыпты, бауырым өліп жатқанда домбыра күйлеп жырғай алмаймын. Жылы өтсін, содан кейін сөз байласайық депті. Сүгір осы сөзге тоқтапты. Кейіннен Мәпрузаның ауылына шынында да жігіт-желеңді ертіп барыпты» деді.
Сүгірдің ең асқақ екі күйі, осы күні «Қаратау шертпесінің екінші тармағы» деп тартылып жүрген күй мен әйгілі «Назқоңыр» осылай шыққан екен. Қазіргі музыкатануда шартты түрде «Қаратау – Созақ күй мектебі» деп аталатын жосық әлі зерттелген жоқ. Белгілі ғалым, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың айтқаны бар, «Қаратаудың шертпесі сай-сүйегіңді сырқыратады, тұла бойыңды түгел аралап, жан дүниеңді тербейді. Меніңше ұстаздар балаларға нотаны үлестірумен шектелмеу керек, олар күйдің тарихын, табиғатын терең білу керек. Себебі, күй болсын, басқа өнер болсын, бәрі де – топырақтан. Қаратау шертпелері жай ғана репертуар болуға, жүрдім-бардым орындауға көнбейді. Оның сабасы, арнасы, табиғаты басқа, жаратылысы бөлек, ешбір жердің күйіне ұқсата алмайсың» деп.
Міне, музыка зерттеушілерін ғажап қалдыратын Қаратау күй өнерінің осы «басқа табиғаты». Әрине, өнер аспаннан түсе салмайды. Қандай да болмасын өнер түрі нақты арналардан қалыптасады, нақты тарих аясында өрістейді. Қаратау – Созақ күй өнерінің үш арнасын осы қазірдің өзінде атап көрсетуге болады. Олар: біріншісі – 16-17 ғасыр аралығында бойына сіңірген Батыс Қазақстан аспаптық музыкасының дәстүрлері. Екіншісі – байырғы қобыз күйінің машықтары. Үшіншісі – осы күні шартты түрде «шертпе» деп аталатын күй өнерінен ауысқан машықтар. Осы үш стиль шамамен бір жарым ғасыр барысында тамаша синтезден өтіп Қаратау – Созақ күй өнерін қалыптастырған. Бапыш пен Сүгірдің, тіпті күні кеше ғана көз жұмған Төлеген мен Боранқұлдың күйлерінде Дәулеткерей мен Қазанғап күйлерінің елесі жүруі, қобызға ғана тән терциялардың ұшырасып отыруы осыдан.
Ақселеу Сейдімбек «Қазақтың күй өнері» монографиясының Сүгірге қатысты тарауында, оның Баубекпен кездескенін айтады. Бұл өте үлкен дерек. Тәттімбеттің екі-ақ шәкірті болған. Бірі – өзінің туған інісі Жақсымбет, екіншісі – Баубек. Тәттімбеттің төл шәкіртімен кездесуі Сүгірдің өнернамасындағы бірқатар жұмбақ жәйттерді түсіндіреді. Соның бірі – Сүгірдің Тәттімбет күйлерін өте жақсы білгендігі.
Мұхтар Әуезов заманында Сүгірдің үйінде қонақ болып, қолынан дәм татқан екен. Алматыға қайтып келгеннен кейін айтқан екен, «мен тірі Тәттімбетті көрдім» деп. Себебі, Сүгір екі-үш күн бойы Мұқаңа тек қана Тәттімбеттің күйін тартып беріп отырыпты.
Мырзатай аға (Жолдасбеков) бала кезінде Сүгірді өз көзімен көріп, өнерін қалай тамашалағанын төмендегідей баян етеді. «Сүгір ауылымызға үш рет келді. Жазда, жайлауға келетін. Шағын денелі, қағылез адам. Үстіне шибарқыттан китель, басына қырғыз қалпақ киіп жүретін. Бір жылы ауылымызға кілең дәулескер күйшілер жиналып қалды. Мәді Шәутиев, Әйтпембет, Шәмшілда деген болды, Боранқұлдың ұстазы, Қалыбектің Зиябегі деген болды, Сүгір болды. Осы кештегі тамашалаған өнерім бүкіл өміріме ұмытылмас естелік болды. Біріне-бірі жол беріп, кезектесіп шапқан жүйріктер. Ойпырмай, Сүгір сонда тапжылмай, шаршамай тартады. Он екі мүшеңді талдырады. Солардың бәрі де кетті ғой. Қазір ойласам, көрген түстей. Кейде, сол, болды ма, болмады ма деп те ойлаймын. Әрине, болды ғой. Кейінгі заманда қалғаннан соңғы әсері ғой. Осыны көрген адамның жүрегінде, «бүгінгі ұрпақ, келер ұрпақ сондай бола ала ма, әлде біздің көргеніміз сағым құсап бақиға кете ме» деген қайғы ұялап, жегідей жейді екен».
Мен Төлеген Тоқбергеновтың баласы Рамазанмен КазПИ-де бірге оқыдым. Бірінші жылы-ақ Төлеген ағаның шаңырағымен туыс адамдай араласып кеттік. Шешесі – Зейнеп әжемізді қолына алған. Терезесі Пастер көшесіне шығатын шағын бөлмеде, намазын оқып, шайын ішіп отыратын. Көп үндемейді. Күндердің күнінде ол кісі Сүгірдің өте жақын ағайыны екені аян болды. Асқар аға (Сүлейменов) ол адамды «Ханым ием» деп аса құрметтейтін. Бірде қоярда қоймай Сүгір туралы әңгіме айтқызды.
– Ағамыз керемет кірпияз, кіді адам еді, – деген сонда Зейнеп әжеміз, – Жасаған затыңың оған ұнауы өте қиын болатын. Әйелдер жарысып домбыраның ішегін иіреді. Иіргендерін ағамызға апарып береді. Бір құралы болды. Соған өлшеп көреді. Жақсысын, дұрысын алып қалатын. Дұрыс болмаса, қайтадан иіріп алып кел деп қайырып беретін. Басқа домбырашылар бір тағатын ішек іздеп жүргенде, ағамыздың үйінде ішек деген бумасымен жататын. Әйкен деген домбырашы болды. Бірнеше рет келді. Екеуі апталап күй шертісетін. Ағамыз керемет еді ғой. Одан кейін, домбыраны ондай шалған адам баласын көргеміз жоқ.
Ықылас ұстаз ретінде Сүгірдің танымының қалыптасуына зор ықпал еткені байқалады. «Жолаушының жолды қоңыры», «Ыңғай төкпе», «Назқоңыр» сияқты Сүгірдің күйлерінде Қорқыттың ахиреттік философиясының жүруі, бұл сөз жоқ Ықыластың ізі. Сүгір, ұлы ұстазының жанында қанша жүрді, қанша қанықты, оны анық айту мүмкін емес. Алайда, Сүгір өрнегін алғаш тамашалаған адамның өзі оның қобыз сырын жете танып меңгергенін бірден ажыратады. Себебі, қандай да болмасын өнер түрін кемел таныған адам ғана жүрегі дауалап қағиданы бұза алады, жаңадан қағида қалыптастыра алады. Бір ғана қарапайым мысал келтірейік. Әлемдік музыкада «минор» және «мажор» деп аталатын екі әуен үлгісі бар. «Минор» көп жағдайда қайғылы шығармалардың әуені. Батыстың кейбір музыкатанушыларының айтысына қарағанда «минор» – жасанды әуен. «Мажордан» кейін жаратылған, жасы кіші жүйе. Ал «мажор» алқоңыр асқақ шығармалардың тұғыры. «Мажор» менен «минордың» арасы өткел бермес ұшырым құздай. Екеуінің басын қосу өте қиын. Екі әуенді шеберлік арқылы қосуға болады. Бірақ ол қосындының шеберлік қана екені бәрібір көрініп тұрады. Қазақ күйінің тарихында бұл екі әуен бірнеше шығармада ғана өздерінің бітімімен жымдасады. Сондай шығармалардың бірі – Қорқыттың «Қоңыры». Содан соң, асылық айтты демеңіз, «минер» менен «мажор» шеберлік арқылы емес, табиғатымен жымдасқан сирек шығарма – Сүгірдің «Назқоңыры».
Сүгір Мәпрузаға үйленеді. Алайда көп ұзамай аяулы жар, әлдебіреудің көзінің сұғы тиіп қайтыс болады. Біз Сүгір мен Мәпруза екеуінің қалай бақұлдасқанын білмейміз. Енді ешқашан білмейміз. Алайда Сүгірдің осы дүниеде отырып-ақ Махшар күй кешкенін оның бітімі бөлек екі күйінен танимыз. Ол – «Қаратау шертпесінің екінші тармағы» (Жанғали Жүзбаев күйдің осы шұбатылған ұзын есімін пайдаланады. Мүмкін Сүгірдің табиғатына келетіндей етіп бұл күйге ықшамдап басқа ат ойлап шығару керек шығар) және «Назқоңыр». Аталған екі күйді хронологиялық тұрғыдан пайымдау, яғни қайсысының бірінші, қайсысының екінші шығарылғанын ажырату мүмкін емес. Себебі, екеуі де бір қасіреттің төңірегінде шығарылған, екеуі де бір стихияда тұр. Тек, аталған шығармалардың, қайғы тарқағаннан кейін, арада біраз уақыт өткенде барып дүниеге келгенін шырамытуға болады. Бұл екі күй қазақтың махаббат лирикасындағы ең айтулы шығармалар. Күй өнеріндегі асықтық, ынтызарлық сөз болғанда, ең әуелі ел ішіне «Көкейкесті» деген атпен тараған Тәттімбеттің «Жантелім» атты хусни әуезі еске оралады. Тәттімбет бұл күйді өзінің қосыла алмай кеткен сүйген жары Ақсұңқарға арнапты. Сүгірдің екі күйі осы «Жантеліммен» бой таластырып тұрған шығармалар. Көркемдік түйсіктер сыртқы дүниеге шыққанда ғана тарам-тарам болып бөлінеді. Ал адам жанының түкпірінде тұрғанда барлығы – бір түйсік. Сол себепті қазақ домбырашылары күй менен сөздің рух түбінде әлі бір-бірінен ажырамай тұрған кезін тани алатын қабілетке жеткен, сол қабілетті, сол өнерді заманнан заманға жетілдіріп, өркендетіп отырған. «Домбыра сөйлейді» немесе «күй сөйлейді» деген тіркестер сол өнерден қалған. Мысалы, Шымкент, Әулие Ата қазақтары домбырашыдан бір күйді өтінгенде, «сол күйді айтшы» дейді. «Шертші» емес, «тартшы» немесе «орындашы» емес – «айтшы». Сол себепті қазақтың күйшілері күйді сөзге жақын қылып шығарады. Сол себепті олар домбыра тартпайды – әңгіме айтады.
Сол себепті қазақтар жақсы домбырашыны «айтқыш екен» деп мақтайды. Бұл ең жоғарғы баға.
«Қаратау шертпесінің екінші тармағы» Мәпрузаның қазасына шығарылғанын айттық. Ұлудың бойындағы дерттің сыртқа гаухар болып шығатындығы сияқты, Сүгірдің қасіреті көздің жауын алатын асқақ күйге айналған. Күйді тыңдап отырғанда «А, дариға! Мәпрузаға деген менің ғашықтығым осындай еді ғой. Не керек…» деген отты күрсініс аралас қамрықты сөзді анық естисіз. «Назқоңырда» «минор» менен «мажордың» біте қайнасып астасатынын айттық. Алғашында төменгі буында, басын тау мен тасқа соққан қайғы мен қасірет. Содан соң жоғарғы сағада таңғажайып құбылу. Арылмастай көрінген қайғы кенет… тыншып, ақырында салиқа мен сабырға айналады. «Бағым сен едің… Маңдайыма сыймадың… Заман өтті… Арсыз көңілім бұл қайғыны да жеңді… Кеш мені…» дейді Сүгір. Осылайша Мәпрузаның әруағынан күймен кешірім сұрайды. Осылайша «Назқоңыр» дұға дәрежесіне көтерілген.
Мен көп көрген адаммын. Мен күй өнерінің талай тұңғиығына батып, талай шыңына шыққан адаммын. Мені таңқалдыру қиын. Сүгір мені таңқалдырды. «Назқоңырды» қисапсыз тыңдадым. Мұндай күйді шығару қалай мүмкін деген ой көкірегімді талай рет билеген. Күйдің өнбойынан Сүгірдің қолтаңбасы, төл мәнері сайрап көрініп жатыр. Бұл күйдің Сүгірдікі екенін Төлеген мен Генерал ақсақалдар да, Жанғали сияқты авторитеттер де куәландырады. Бұл тарапта, ешқандай дау тумайды. Алайда, мен «Назқоңырды» Сүгірдің шығарғанын білмесем, онда бұл күйді біреу дайын күйінде қазаққа әкеліп бере салды дегенге көбірек сенер едім. Мұндай күйді қалай ойлап шығаруға болады? Сезім сырын осынша білу қалай мүмкін? Осындай ауыр күйзелісті қалай айна-қатесіз дыбыс тіліне аударуға болады?
Құрметті оқырман сіз мені осы сұрақтарға жауап бере алады деп ойлайтын шығарсыз. Үмітіңізді ақтай алмадым. Себебі, білмеймін.
Қазақ «арсыз көңіл» дегенде арсыздықты айтпайды, адамның қандай қайғыны болса да жеңіп, алға, жарыққа ұмтылатынын, келер күннен ешқашан үмітін үзбейтінін, тіршіліктің ұрпақтан-ұрпаққа осылайша озатынын, өмір дегеннің осы екенін айтады. Бар білетінім, Сүгір «Назқоңырда» адамның осы өскелең мінезін, қайтпас қажырын бейнелеген.
Енді «Сүгірдің «Телқоңыр» күйін әңгіме етейік. Сүгірден кейін бұл күйді жалғыз Төлеген ақсақал тартатын. Қазір оқу программаларына енген бұл күйді екінің бірі орындайды. «Телқоңыр» бағзы заманнан келе жатқан қазақтың қастерлі күйі. Нұсқалары көп. Әр өлкенің өз «Телқоңыры» болған десек, артық айтқандық болмас. Күйдің аңызы, азынаулақ ерекшеліктеріне қарамастан, ортақ нұсқадан өрбиді. Құлыны өлген биеге, енесі өліп жетім қалған құлын телінеді. Домбырашы күй тартады. Бие күйге иіп, бөтен құлынды бауырына алады, ақыры өз төліндей көріп кетеді. Міне, қысқашалап айтқанда күйдің шертетін хикаяты осындай.
Шынымды айтайын, есейіп ержеткеннен кейін мен бұл әңгімеге сенбейтін болдым. Бізге айып жоқ. Үйде домбырашы шалымыз отырды. Бірақ совет мектебі шалдың айтқанына кереғар тәрбие берді. «Телқоңырдың» аңызы маған өмірде болмаған ертегідей елестейтін.
Кейіннен Асқар ағамен араластық. Айтқанымыз бір жерден шыға бермейтін. Кейде дауласып қалатынбыз. Осы даулардың бірінің тақырыбы – аталмыш «Телқоңыр» болатын. Асқар аға Сүгірдің басында болған нақты оқиға дейді. Тәкен Әлімқұловтың «Телқоңыр» әңгімесі осы сюжетке құрылған дейді. Ал мен Тәкен Әлімқұловтың «Телқоңыры» әншейін тамаша аңыз, өзінің ұлы жерлесіне қойылған ескерткіш деймін. Түсінісе алмадық. Бұл оқиғаны өзіңіз көрдіңіз бе деймін. Жоқ, көргем жоқ дейді Асекең, бұл мен туғанға дейін болған жайт екен, көргендерден естідім дейді.
Күндердің күнінде менің бүкіл дүниемді төңкерген оқиға болды. 90-шы жылдардың басында телевизордан бір ғылыми – көпшілік фильмді тамашаладым. Орыстың этнограф-фольклористері Моңғолияда түсірген екен. Фильмнің басында бір орыс әйел, қазір сіздер моңғолдардың, енесі өлген ботаны басқа түйеге қалай телитінін көресіздер деді. Жүгіріп барып телевизордың алдына отыра қалдым. Моңғолдар ботаны әуелі түйеге құр теліп көрді. Алайда түйе адыраңдап бөтен төлді маңайына да жолатпады. Содан соң, моңғолдың қобызға ұқсас хур деген аспабы алдырылды. Хуршы қобызын түйенің өркешіне іліп, шалғымен ішекті ақырын сүйкеп, желдің ызыңдағанына ұқсас дыбыстар шығара бастады. Түйе аз тұрып, содан соң дыбысқа елеңдей бастады. Күйші өте шебер екен. Ызың ақырындап әдемі күйге айналды. Содан сой күйші хурды өркештен алып, енді малдас құра отырып, күйді бұрынғыдан ары егілтті. Міне, қызық! Бір кезде түйенің аузы дөңгеленіп, көзінен моншақ-моншақ жас төгілген. Осы кезде оператор камераны түйенің желініне тақау апарған. О, керемет! Желіннің үрпінен баданадай бір тамшы сүттің шыққаны анық көрінді. Содан соң тағы шықты. Жерге тамды. Тағы шықты. Осы кезде моңғолдардың біреуі ботаны әкеліп тели қойған. Ағыл-тегіл жылап тұрған түйе бөтен ботаны өркешінен аймалап, құйрығынан иіскеді.
Мен сол күні әруақтардан кешірім сұрап, білгенімше дұға оқыдым. Ертеңіне Асекеңе болған жайды айттым.
– Мен де көрдім, – деді Асекең.
Шылымын сораптап аз отырды.
– Мен саған айттым ғой, – деген содан соң жантайып жатып (бұл Асекеңнің дертке шалдыққан кезі болатын).
– Бұдан кейін енді күмән келтірмеймін, – дедім мен.
Асекең төбеге қарап аз ойланып жатып әңгімені ары қарай жалғады.
– Тәкен хикаяны көркемдеп жіберген. Әдебиеттің заңдылықтары деген бар ғой. Ал шындығында сәл басқашалау болған. Сүгірдің әкесі Әли бірде далада қасқыр тартып жайратып кеткен биенің өлексесіне тап болады. Сол маңайда, қасқыр қайтып келе ме деп жасырынып отырған аңшылар, жетім құлынды Әлиге жетектетіп жібереді. Арқадан ауып келген Жөргекбай деген сыншы болған екен. Сол адам, Әли, сиыр сүтін беріп асырап отырған құлынды көреді. Нәсілді жылқы екен, көрші ауылда бір кісінің құлыны өлген биесі бар. Иесі, бием жентек қымыз, тасемшек болып қала ма деп уайымдап отыр. Сойып тастауға обал деп айтты дейді. Мына құлынды сол биеге апарып телісек қайтеді дейді. Қалай телисің, теуіп өлтіріп тастаса қайтеміз дейді Әли. Сенің балаң күйші емес пе, сол күй тартсын. Күй тартып отырып телуге болады дейді Жөргекбай. Содан Әли, Арқаға қыдырып барып, қайтып келіп демалып жатқан Сүгірді оятып алып, жетім құлынды жетектеп көрші ауылға барады. Жөргекбай өлген құлынның терісіне шөп тығып тұлып жасайды. Содан соң биенің көзін таңып, құлағын ғана домбыраны еститіндей қылып шошайтып шығарып қояды. Сүгірге белгі береді. Сүкең күйді қозғайды ғой. Біраздан соң құлынының тұлыбын иіскеп, сай-сүйекті сырқыратқан күйді тыңдаған биенің көз жасы шылқылдап, көзін таңған шүберектің сыртына шығып кетіпті. Осы кезді аңдып тұрған Жөргекбай жетім құлынды тели қояды. Артынша құлынының тұлыбын алып тастап, көзіндегі шүберекті шешкеннен кейін де бие жылап тұра беріпті. Тас болып қалған емшегі жібіп, сүт бұлақ болып ағыпты. Кейіннен сол құлын аузымен құс тістейтін жүйрік болыпты, бәйгенің алдын бермепті.
– Біз тыңдап жүрген «Телқоңыр» сол телу кезінде тартылған күй ғой? – дедім мен.
– Жоқ, – деді Асекең. – Ол сұңқылдаған сұмдық күй екен. Шамамен жарты сағаттай уақыт тартылатын ұзақ, күрделі күй дейді білетіндер. Ешкім үйрене алмапты. Ол күй Сүкеңнің өзімен бірге о дүниеге кетті. Мына біз тыңдап жүрген «Телқоңыр» соның болмашы бір үзіндісі ғана екен. Жанында жүргендер әйтеуір шалып қалған ғой.
Кешкі шайға отырдық.
– Мен саған енді бір әңгіме айтайын, – деді Асекең күрең қою шайды әдетінше баптап ішіп отырып, – Ертеде жазушылар бір-біріне осындай қызғылықты сюжеттерді сыйға тартады екен. Мен де саған сыйға тартайын. Жазарсың – жазбассың. Арың мен ұятыңа сал. Мен енді мұны жазып үлгермеймін.
Асекең қорқорын тұтатып аз отырып сөзін сабақтаған.
– Тәкен классик еді ғой. Қаншама нәрсені жаза алмай кетті. «Телқоңырды» жариялағанда құттықтағаным есімде. Сонда, бұл романның жобасы еді деген. Былай, міне. Жылқының тағдыры жайында дилогия, я трилогия жазбақ болған. «Ақбозат» сол трилогияның екінші кітабы болса, «Телқоңыр» – бірінші кітабы болу керек екен.
Шыдай алмай кетіп сауал тастадым.
– Ал үшінші кітабы не жайында?
– Қазір айтамын, – деді Асекең сөніп қалған қорқорын тұтатып жатып, – Міне, қара. Әңгіменің бас-аяғын жинақтайық. Қоңыр құлын жетім қалды, бөтен биеге телінді. Телқоңыр атанды. Мұны бір роман деп ал. Содан соң Телқоңыр боз шықты. Ақбозатқа айналды. Бұл – жазылған роман. Оқыдың, оқиғасын білесің. Ақбозаттың өлімімен аяқталады ғой. Айта кетейін, Телқоңыр қазақта сирек, «пырақ» деп аталатын тұқым. Басқа жылқыға қарағанда төредей. Енді тұқымы үзілгендей еді. Тәкен жазып үлгермеген үшінші романының оқиғасын маған ауызша айтып берген. Бір текті қазақ Сібірде айдауда жүріп пырақтың біреуін сол жерден көреді. Өз көзіне сенбей ары-бері тектеп шығады. Анық өзі. Тек қара жұмысқа жегілген, күтім көрмей лақса болып кеткен. Ақырында Сталин өлгеннен кейінгі амнистия кезінде болса керек, жаңағы қазақ абақтыдан босап шығады. Қайтарында арбада жүрген атты сұрайды. Лагерьдің бастығы бұл кәрі тұғырды қайтейін деп едің деп күледі де бере салады. Міне, кейіпкер осы атты кей жерде жетелеп, кейде пойызға отырып, итшілеп әйтеуір елге жетеді. Пырақтың әлі бір рет болса да байталға шаба алатын қауқарын тексеріп білген. Елге келіп, бір текті байталға қосады. Осылайша, бие алғаш құлындағанда, әлгі адам Бетпаққа, елсізге шығып, айқайлап жылайды. Қуанғанынан. Өкінішке орай бұл трилогияның орны бос қалды. Бір роман, бір әңгіме. Бары осы. Тәкеннің бұл аяқталмай қалған шығармасы текті жылқы жайында болғанымен, негізгі объектісі – адам. Тәкен мал деп, адам деп бөлмей, жалпы тек туралы, тектілік туралы жазған. Текті елдің малы да текті болады. 32-ші жылы кәмпескені бірнеше ай бұрын сезіп, өсіп-өнген өлкесінен мәңгіге кететінін адамдардан бұрын болжаған қазақтың төрт түлік малы, жайылмай далада тербеліп жылап тұрғанын ауылдың қариялары айтатын…
Сүгірдің ең айтулы күйлерінің бірі «Қаратау шертпесі» жайындағы қызғылықты, тың әңгімені де Асекеңнен естіп едім. 1975 жылдың күзінде Төлеген Момбеков осы Асекеңнің үйінде қонақ болады. Петербург ақсүйектерінің салондарын елестететін бұл айтулы жиынға Зейнолла Серікқалиев, Төкен Ибрагимов, Сейфолла Оспанов сынды ағаларымыз қатысады. Осы жиында Төлеген ақсақалдың айтқан әңгімесі.
Сүгір, ауылға концерт келгенде, өзінің бір шағын текеметі болыпты, соны қолтығына қысып келіп, ең алдыңғы қатарға төсеп отырады екен. Бірде ауылға Ғарифолла Құрманғалиев гастрольмен келеді. Ғарекеңнің өзі жеке бір бөлімді орындап қаншама ән айтады екен. Сүгір тапжылмай отырып тыңдайды. Бір кезде әнші әйгілі «Үлкен Айдайды» орындайды. Сонда концерттің басынан үнсіз отырған Сүгір, «Ой, бәрекелді!» деп орнынан тұрады. Бірақ әншінің қолын алуға емес. Текеметін бүктеп алып топты тастап жүре береді. Елдің еркесі, халықтың ықылас-пейіліне шомылып жүрген Ғарекең ауыл ағасының тосын мінезінен тіксініп қалады, бірақ ештеңе демейді. Бірнеше күннен кейін Сүгірдің екі шәкірті Нұртай мен Әбдіхалық ұстаздарының үйіне кезекті дәріске барады. Кеш батып, Сүгір домбырасын қолына алатын кез. Ашық тұрған есіктен бір тамылжыған күй естіліп жатыр. Екі шәкірт жаңа өрнекті тамашалап, демдерін іштеріне тартып тұрып қалады. Аздан соң Сүгір, екеуін ішке шақырады. Бұл не күй дегенде, өткенде анау Ғарифолла айтқан әннен оянды бұл күй депті Сүкең. Мінеки, Мұхиттың әнінен алынған бір ғана музыкалық фраза, Сүгірдің қиялынан жетіліп, қазақтың саз өнерінің даңқын асырған күйге айналыпты.
Қазақ күйінің әңгімешілдік қасиетін жоғарыда айттық. Сүгірдің аталмыш күйіндегі қат-қабат тартыс, Алаштың қилы тарихи тағдырын бейнелейді. Домбыра, «қазақтың басына не келіп, не кетпеді» деп алқына сөйлеп тұрғандай.
Бұл күйдің шығу тарихына қатысы болуы мүмкін енді бір деректі Көлбай Адырбекұлының «Түркістан» газетінде жарияланған «Бұдан жүз жыл бұрында» деп аталатын мақаласынан ұшырастырдық.
1902 жылы қазақтың белгілі діни қайраткері Бөлтай сопы Қажымұратұлы өзінің баласы Қойтас молланың Ташкент медресесін (шамасы «Көкілташ») аяқтап елге оралған құрметіне Алаштың бір топ игі жақсыларын Әзіреті Түркістанға жинайды. Бұл жиынға 13 қадірменді ақсақал, 39 қажы-молла, 11 би, 9 болыс, 4 бақсы, 40 сал-сері қатысқан екен. Бұлардың ішінде Арқадан келген Баубек бақсы, Ақмешіттен келген Ақбала күйші мен Тұрмағамбет шайыр, Бөкей ордасынан әнші Мұхит Мералыұлы мен Дәулеткерейдің шәкірті күйші Әлікей, Жетісудан Жамбыл ақын және Қаратаудан күйші Сүгір бар. Бұл Қазақстан жерінде христиан миссионерлерінің жүгенсіздікке барып, халықты Айсаның дініне күштеп кіргізе бастаған кез. Түркістандағы аталмыш жиынның басты мақсаты, молланың оқу бітіріп келгенін тойлау емес, христиан миссионерлігіне қарсы қозғалыс ұйымдастыру екен. Келелі мәжілістің ара-арасында қазақтың айтулы өнерпаздарының өнер көрсеткені анық. Мұхиттың «Үлкен Айдайын» Сүгір осы жерде, әншінің өз аузынан естуі әбден мүмкін ғой…
…Қобызшы Сәрсенғали Жүзбаев маған бірде айтып еді, Сүгір «Қаратау шертпесін» Ғарифолла Құрманғалиев Созаққа келіп-кетерден бұрын тартып жүріпті, ақсақалдар солай куәландыратын деп.
Кім біледі. Бірақ қалай болғанда да Мұхиттың әні мен Сүгірдің күйі бір ғана музыкалық архетиптен өрістеп тұр. Архетип ешкімнің меншігі емес. Ол ұлттың рухани әлемінде тұрған ортақ қазына. Сол себепті бұл жерде біз, бір әуеннен біреуі ұлы ән, біреуі ұлы күй шығарған әнші мен, домбырашының биік талантына тек бас июіміз керек.
Сүгірдің қызы Ұлбала өзінің естелігінде былай дейді: … Әкей оңашада радиоға құлақ түріп, музыка тыңдауды ұнататын. Мұндайда тек қазақтың ән-күйі ғана емес, басқа елдердің де музыкасын кәдуілгідей ұйып тыңдайтын. Әлі есімде бір күні Еуропа халықтарының аспаптық музыкасынан концерт берілді. Әкей әдеттегідей, тапжылмай отырып тыңдады. Содан концерт біткен кезде біртүрлі қунақы көңілмен «Жақсы екен» деді. Сонсоң бізге қарап, «Қызық-қызық қайырымдары бар екен. Қайсыбірі біздің «Қосбасарға» келіңкірей ме, қалай өзі? Әй, тәйірі-ай, бірақ күйдей қайдан болсын. Күйдің түбі терең ғой. Бұлар бір түрлі, бетінен қалқып, беріден қайтатын сияқты. Ішке түспейді екен. Шамасы, далалы жердің адамдары емес-ау!» деп, сол жерде алған әсерін біраз сөз етті.
Біздің ойымызша Сүгір, бұл жерде орыс композиторы Александр Бородиннің «Князь Игорь» операсын айтып отыр. Себебі, тура осындай пікірді орыстың бір опера сыншысы айтқан. Бірақ, ол Тәттімбеттің «Қосбасар» күйінде орыс операсындағы бір элементтер кездеседі деген. «Князь Игорьдің» тұсаукесері 1890 жылдың 23 қазаны күні өткен. Бұл кезде Тәттімбеттің жаны жаннатта саялап жатқан. Әрине, Тәттімбет, Александр патшаның таққа отыру рәсіміне барған, ол жерде империяның әр түкпірінен келген бұратана халықтардың өкілдеріне неше түрлі өнер көрсетілген. Соның ішінде опералар да бар. Тәттімбет сол жерде орыс, я Еуропа композиторларының шығармаларынан алған әсерін кейін күйге енгізді деп мойындаған күннің өзінде, ұлы күйші өз өлімінен кейін жазылатын операның әуенін еш пайдалана алмасы хақ. Сондай-ақ, ол кездегі байланыс — коммуникацияның нашарлығынан А. Бородин де қазақтың қиян даласындағы әлдебір домбырашының күйін естіп, өз шығармасына пайдалана алмасы да хақ. Бұл «музыкадағы кездейсоқ сәйкестік» («случайные совпадения») деп аталатын құбылыс. Яғни, ешкім ешкімнен ештеңе алған жоқ. Кемеңгер Сүгір орыс операсының табиғатынан қазақ әуенін өзінің заңғар талғамымен қорытып шығарған.
Бұның бәрін неге айтып отырмын? Бірде Асқар аға былай деген еді: «Менің ойымша Сүгір радиодан Чайковскийдің «Аққу көлін», сондай-ақ, Штраустың патша сарайларындағы салтанаттарға арнап жазған вальстерін, тағы басқа осы тақілеттес шығармаларды көп тыңдаған. Генерал Асқаров тартатын «Аққу» күйінен еуропалық сауаттың иісі, тура аңқып тұр».
Құрметті оқырман, Асқар Сүлейменовтың бұл пікірі музыкадан ешқандай хабары жоқ адам үшін ғана тосын болып көрінуі мүмкін. Ал, жасында қазақтың күйін көп тыңдаған, сонымен қатар Еуропаның аспаптық музыкасына сусындап өскен адам, кемеңгер жайлы, кемеңгердің айтқан бұл пікірін бірден түсінеді.
Шынында да солай. Тыңдаңыз. Тымық ауа, тұнық су. Сол көлдің бетін бір шымыр еткізбей қалқып жүзген аққу. Жылжып келе жатқанымен, жылжымай орнында тұрғандай әсер қалдырады. Дыбыспен бұндай сурет салу қас шебердің ғана қолынан келеді. Бұл жерде, біз, Сүгір, батыстың музыкасына жалаң еліктеді, операның, вальстердің бір элементтерін тікелей алды деп отырған жоқпыз. Бұл жерде күйші жаңа эмоцияны, сұлулықты жаңаша пайымдау дағдысын үйренген. Ол аз десеңіз айтайық, Сүгірдің аталған күйі, сезім реңкі тұрғысынан Врубельдің «Аққу ханша» («Царевна Лебедь») атты суретін елестетеді. Байқасаңыз, сол кездегі ресми қазақ-совет композиторлығымен қатар, қияндағы Созақта, батыстың музыкалық мәдениетін пайымдап игерудің басқа мектебі және әлдеқайда дарынды, мәдениетті мектебі қалыптаса бастаған.
Ендігі ретте, Сүгірдің екі күйін ерекше атап өтпекпіз. Олар – «Ыңғай төкпе» мен «Жолаушының жолды қоңыры». Бұл екі жаухарды Сүгір, марқа жасында емес – қартайған шағында, тіпті өлімнің шегіне барғанда сомдап шығарғаны байқалады. Себебі, бұл күйлерде баяғы жастық шақтың алауы мен кемел шақтың тегеуріні жоқ. Тек ахиреттік философия ғана бар.
Қазақ күйінде мынадай бір құбылыс кездеседі. Ол – қазіргі, «дәстүр тазалығы» деп аталатын, саз өнеріне ешқандай қатысы жоқ, мәдениеттанушылық жолмен ғана қорытылып шығарылған жасанды қағидаға қайшы, соны тәрк ететін құбылыс. Бұны, кейбір қазақ күйлерінің оркестрге деген бейімділігі деп айтуға болады. Себебі, жеке орындауда ол күйдің сыры, айтпақ ойы ашылмайды. Бұл жерде жалғыз домбыраның құдіреті жетімсіз. Мінекей, Сүгірдің «Ыңғай төкпесі» осындай күйлердің қатарына жатады.
Аталған шығармада композитордың тарихи санасы айқын көрініс тапқан. Әлбетте, Сүгір кітаби.тарихшы емес. Біз бұл жерде оның философиялық пайым кейпіндегі тарихшылдығын айтып отырмыз. Күйде осы сайын сахараның төсінде сансыз ғасыр салтанат құрған Алаштың қажырының мұқалғаны, ұлттың жігерінің тозғаны, түптеп келгенде эпостың ерлік рухтың да шаршайтыны баян етілген.
«Ыңғай төкпенің», әсіресе оркестрлік нұсқасын тыңдап отырғанда, Мағжанның:
— Әлдеқайда бетпақ шөл,
— Бетпақ шөлде жалғыз жол,
— Сол жолменен жалғыз жан
— Түн бойы талмай жүріпті,
— Табанын тастар тіліпті,
— Келгенде атып алтын таң
— Сорлы шөлде өліпті,
— Жел құмменен көміпті,
— Балқиды жаным бұл күйге.
— Мені де өлім әлдиле…
— Әлдиле, өлім, әлдиле!..
– деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Сондай-ақ аталған шығармадан Ықыластың ұлы күйі «Ерденнің» зор әсері сезіледі. Көне, тылсым ілімдерде әрбір нәсілдің, әрбір қабиланың төбесінде оның өзіне ғана тән рухани бұлттың болатындығы айтылады. Өнерде белгілі бір эмоцияны міндетті түрде біреудің ашуы, «жаңалық» алып келуі шарт емес. Рухани бұлт ортақ, сол себепті ол жердегі жаңа көңіл күйді әркім әр жерде отырып өзінше ала береді. Сол себепті, өмір сүрген уақыты шамамен бір болғанымен, ауылдарының арасы айшылық жер Ықылас, Сүгір, Мағжан үшеуінің шығармаларындағы көңіл күй бір жерден табылып отыр.
«Жолаушының жолды қоңыры» күйіне қатысты Төлеген ағаның шешесі Зейнеп әжеміздің айтқан бір әңгімесі есімізге оралады.
-Сүгір ағам төсек тартып, қайтыс болайын деп жатқанда дос-жаран көңілін сұрай келді. Сонда ағамыз жатып-жатып «Аман болыңдар, бақұл болыңдар, қарақтарым. Мен өз еліме кетейін деп жатырмын» деп еді жарықтық.
…Сүгір осылай депті. Ол қазақтың кеудесі биік кезінде туса керек еді, Кет Бұға сияқты, ханның оң тізесін басқан ақылшы уәзірі болып отырса керек еді. Алайда, жазмыш осылай болды. Туысында қапы жоқ, тек бөтен уақытта дүниеге келді. Және өз ғасырын таба алмай, басқа заманда адасумен өткен өмірін оның өзінен артық ешкім де жырлай алмады.
Сүгірдің шығармашылығында, оның күйлерінің авторлығында бірқатар даулы мәселелер бар. Оның себебі мынада. Күйші көппен бірге жаңа заманның орнағанына сенген. Алайда көп ұзамай жаңа үкіметтің, жаңа тәртіптің не екенін түсініп жеріп шыққан. Большевиктердің сиқынан жиіркенген, олардың ештеңеден тайынбайтынынан шошыған. Осылайша ұлы күйші өз-өзіне тұйықталып кеткен. Жиын-тойға көп бармайтын болған, кесірім тиіп кетеді деп азаматтармен де көп араласпаған.
Даңқты ұлы ғасырлар, озған заманның заңғар тұлғалары жайлы әңгіме былай тұрсын, тіпті өзінің бойындағы өнердің кілтипандарын, күйлерінің шығу тарихын ешкімге айтпайтын болған. 1936 жылы Сүгірге райкомның адамдары келіп, Сүке, Алматыда әнші-күйші, жыршыларды жинап жатыр. Мәскеуде қазақ өнерінің декада-онкүндігі болады. Біз сені ұйғарып отырмыз, Мәскеуге барасың, Сталиннің алдында өнер көрсетесің дейді. Сонда Сүгір «Сталин мені қайтеді, оның мені тыңдағаннан басқа жұмысы жоқ дейсің бе» деп қонақтарын шығарып салады.
Райкомның адамдары Сүгірді қырсық деп кетеді. Ал біле білген адамға бұл үлкен мінез. Бұл Сүгірдің Сталин әміршіге «Мен қасқа мен жайсаңның, небір дегдардың алдында домбыра шалдым. Олардың жанында сен кім едің» дегені.
Сүгірдің төңірегіндегі елдің ағайыншылдығына рахмет. Сол жерде бір адам жоғары жаққа бір арызды домалатып жіберсе, не болатыны белгілі ғой.
1947 жылы Сүгір Алматыға екінші рет шақырылады. Ол бұл жолы да бармай қалады. Іздеп келген бірді-екілі фольклоршы ғалымдарға мандытып ештеңе айтпайды. Осылайша Сүгір өнерінің төңірегінде неше түрлі алып-қашпа әңгімелер пайда болады. Кейбір күйлерінің авторлығына қатысты неше түрлі дау-дамай туады. Көріп отырғанымыздай өнернамасының маңайында осындай ахуалдың орнауына белгілі дәрежеде күйшінің өзі кінәлі. Сталин өліп, сұмдық репрессиялар тоқтап, «жылымық» заман келгенде, кілкілдеп тұрған қара сабаны ақтаруға, әңгіменің тиегін ағытуға болатын еді ғой. Өкінішке орай олай болмаған. Алайда Сүгірдің артында қалған осы қазынаның өзі бір ұлт үшін жетіліп артылғандай. Ең бастысы, қолымызда оның баға жетпес асыл мұрасы – күйлері бар емес пе. Ойымызша егемен елдің жаңа ғылымы күйші өнерін зерттеудегі кеткен олқылықтарды көп ұзамай түзетіп, бір ізге салады. Ал біз өз тарапымыздан, кей жерде азғантай дерекке сүйеніп, кей жерде саз өнері жайындағы өз пайымымызды тиянақ етіп, ұлы күйші жайындағы білгенімізді ортаға салдық. Артық-кемі болса, білетін адамдар түзете жатар.
***
Енді Сүгірдің артында қалған азғантай мұрагерлердің бірі Жанғали Жүзбаев жайында бірер ауыз сөз.
Күйшілер әулетінде туып, домбыраны қолына бала жасынан ұстағанмен, Жанғали, үлкен сахнаға жиырмадан асқан жасында ғана келді.
Өнерде түрлі тағдыр болады. Біреу өмір бойы тырбанады, өзіне тиесілі абыройына жете алмайды, кейде тіпті ішіндегі шеменді шығара алмаған күйі көз жұмуы мүмкін. Ал базбіреудің жолы туғанда ашық тұрады. Осы тұрғыдан келгенде Жанғали бауырымды маңдайы жарылып туған өнерпаз дей аламын. Ол бақытты күйші, себебі оның өмір жолында үнемі өнердің қадіріне жеткен абзал адамдар ұшырасып отырды. Солардың әрқайсысы қолынан келген көмегін жасап оны ары қарай ұзатып салып отырды. Осылайша ол елдің алды болып алғашқы күйтабағын шығарды.
Қазір күйтабақты кез келген адам үйде отырып компьютерден шығара салады. Ал барлық нәрсе мемлекеттің билігінде, мемлекеттің рұқсатында болған совет заманында, бұл, адам айтқысыз қиын нәрсе болған. Бүкіл одақ көлемінде «Мелодия» деген бір ғана фирма бар. Әр республикаға бөлінген лимит бар. Күйтабаққа жазылатын әрбір дәмелі өнерпаз Мәдениет министрлігінің қатал сынынан өтеді. Міне, Жанғали Жүзбаевтың күйтабағы Мақсат Мұхитденов сияқты дыбыс режиссерінің, Қаршыға Ахмедьяров сияқты музыкалық сарапшының ерен еңбегінің арқасында шығарылып еді. Консерваторияның кейбір жас ұстаздары «бұл бала бірінші курсты бітірмей жатып қалай күйтабақ шығарады» деп қызғаныш білдіргені бар. Бірақ бұл пыш-пыш әңгіме сол пыш-пыш әңгіме күйінде қалды. Ең бастысы, сол кездегі астана Алматыға жаңа есім болып келген Жанғали, ұлы Сүгірдің беймәлім он шақты күйін жарыққа шығарды. Бұл баға жетпес еңбектің мәні ешқашан жойылмайды.
Осылайша Жанғали алты алашқа танылды. 80-шы жылдардан бері қарай болған халықаралық республикалық ғылыми конференциялардың ішінде Жанғали қатыспағаны жоқ шығар. Сондай-ақ республика шегінде өткен ең айтулы концерттердің барлығында дерлік Жанғали бас орындаушылардың бірі болды. Сондай-ақ әр жылдарда шығарылған қазақ аспаптық музыкасының даңқты күйтабақ топтамаларының барлығына дерлік Жанғали қатысты.
Жанғали республикаға танымал педагог, оның түлектері түрлі конкурстардың лауреаттары. «Жақсы әкенің аты балаға қырық жыл азық». Осының бәрі аруағыңнан айналайын Сүгірдің абыройының арқасы, соның бақидан жетіп жатқан шарапаты. Кейінгі жылдары белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков, күйшіге көп қамқорлық қылды. Жанғали елуге толғанда, сол ердің жасы кәдесін ол кезде Президент Мәдени Орталығының директоры қызметінде отырған Мырзатай ағамыз үлкен күй мерекесін қылып, ұлан асыр той қылып өткізіп берді. Бұл оның Жанғалиды «Сүгір сияқты асылдың сынығы» деп құрметтегендігі ғана емес, жалпы қазақ күй өнеріне тағзым еткені.
Бүгінде Жанғали азамат ретінде кемеліне келген, өнері толысқан, тындырғанымнан тындырмағаным көп деп есептейді.
Ойымша оған енді шәкірт іздейтін кез де келген сияқты. Мен бұл жерде оның Өнер Академиясындағы класынан жыл сайын топырлап шығып республиканың әр тарабына аттанып жатқан жас педагогтарды айтып отырған жоқпын. Менің айтып отырғаным оның өнерін алып, ары қарай ұзататын шын орындаушы.
Заманында Сүгірдің күйін төрт адам иемденіп қалыпты. Жайлы, Нұртай, Әбдіхалық, Жаппас, осы төрт шәкірт өздерінің жасы жеткенде өнер эстафетасын енді Төлеген Мамбеков, Генерал Асқаров, Файзолла Үрмүізов сияқты шәкірттеріне табыстайды. Төлеген мен Генерал ұлы ұстаздары Сүгірдің мұрасын Жанғалиға тапсырды. Күй керуені қазақ барда осылай жалғаса бермек.
«Назконыр» Сугур Исполняет генерал Аскаров
«Каратау» Сугур Исполняет Сарсенгали Жузбаев
«Бозинген» Сугур Исполняет Толеген Момбеков
«Шалкыма» Сугур Исполняет Жангали Жузбаев