Әлия Бөпежанова
Өнерді мұрат тұта отырып бар болмысын, бүкіл саналы ғұмырын шын мәнісінде ұлтына қалтқысыз қызмет етуге арнап өткен тұлғалар санаулы. Сол санаулылардың бірі – Таласбек Әсемқұлов. Өнерді өзінің дара жолы етіп таңдаған тұлға. Жазушы, сыншы, кинодраматург, мәдениеттанушы, аудармашы, өнертанушы, күйші-домбырашы, ұлттық өнердің тамыршысы, ойшыл, асқан білімдар. Тәуелсіз еліміздің, мемлекетіміздің рухани байлығы.
Әлімсақтан белгілі: ұлтты, этносты өзгеден ерек танытатын мәдениеті, оның ішінде өнері, салт-дәстүрі. Осы арқылы ұлттың дүниетаным, өмір сезімі, қысқасы болмысы танылады. Т.Әсемқұловтың әдебиет, музыка, бейнелеу, кино, дәстүрлі өнер, тарих, этнография, мифология салаларындағы шығармалары, яғни жан-жақты да көп қырлы шығармашылығы – ұлттың өзін-өзі жете тануы, терең зерделеуі, рухани түлеуіне бастайды. Өнерді, мәдениетті және осылар арқылы қоғамда да өтіп жатқан үдерістерді түсініп-пайымдауға үлкен үлес қосады.
Т.Әсемқұлов ұлттық бастаудан қанып ішкен, дәстүрдің өзінен шыққан, сондықтан да ой жүлгесі орнықты, тілі бай да көркем, қоғамы мен уақытына сергек суреткер. Оның 80-жылдардағы алғашқы әңгіме-повестерінен бастап, жаңа ғасырда жазылған, негізгі кейіпкерлері Сабыт күйші мен немересі Әжігерей болып келетін «Талтүс» повесі, өкінішке қарай, аяқталмаған «Тәттімбет сері» романы; «Біржан сал», «Тұмар падиша», «Құнанбай», «Көкбалақтың өлімі», т.б. киноромандары бүгінгі қазақ прозасының өзіндік бір ерекше жүлгесін танытады.
Таласбек өмір-тіршілікті тым жақсы білген, өмірлік те, өнерлік те білімі мен тәжірибесі бай жазушы болғандықтан да шығармаларының барлығында дерлік оқырмандары үшін бейтаныс кеңістіктер ашылады. Бұл кеңістіктер, әсіресе, тарих, этнография, мифология салаларындағы еңбектерінде ауқымдана түседі. Оны өз ұлтының тағдырын әлемдік өркениетпен бір аяда қарастыра отырып, ұлттық бейресми тарихымыздағы көптеген ақтаңдақтарды ашқан, баламалы нұсқалар ұсынған үлкен тарихшы деуге болады. Оның көркем шығармаларын былай қойғанда, әлемдік өркениеттер туралы эсселері; әлемдік тарихтан жазған – Мысыр пирамидалары, Тамплиерлер туралы, Бабылдың күйреуі туралы, Сион пайғамбарларының протоколдары; Томирис – Тұмар падиша туралы, сақтар мен парсылар, қаңлылар тарихы туралы; Қондыгер, Кет-Бұға, Шыңғысхан туралы, сондай-ақ қазақ бастан кешкен небір нәубаттардың – ашаршылық пен соғыстардың түп тарихтары туралы, тағы да басқа көптеген мақала, зерттеу, эсселері жалпы қазақ тарихында алғаш рет
соны қырынан қозғалып, жазылған тақырыптар. Жазушының прозасында, көркем эсселерінде кейінгі қазақ тарихы – Абылай хан, Құнанбай, Абай, Біржан, Тәттімбет, Сүгір, Байжігіт, тағы да басқа көптеген өнерпаздар тұлғаланып шықты. Т.Әсемқұловтың сценарийлері негізінде режиссер Д.Жолжақсынов түсірген «Біржан сал» қазақтың өзін өзімен табыстырған, ұмыт болып бара жатқан жадысын оятып, халық ретіндегі мәртебе мақтанышын танытатын, ал, «Құнанбай» ұлттың тарихтағы тұлғаның орны мен рөлін жаңаша зерделеген өсу-өркендеу жолындағы көркем фильм болып, ұлттық киномызға олжа салды. (Таласбектің үлкен бір арманы – «Тұмар падиша» сценарийі бойынша голливудтық «Александр», «Гладиатор» сияқты фильм түсірілсе…» болатын).
Таласбектің өзі «ұлы ұстазым» деп таныған, қазақ руханиятының көрнекті тұлғасы, асқан білімдарлығы, терең парасаты, ұлтжандылығымен халқына қалтқысыз қызмет етіп өткен Асқар Сүлейменов туралы «Кемеңгер өмірінен бір үзік сыр» атты төрт эссесі – өнерде, өнермен өмір кешу салты, таным-талғам, дәстүр және жаңашылдық, этика мен эстетика жазықтықтарында ой толғайды. Бұл – Асқартанудың ерекше бір үлгісі. Және жалпы қазақ әдебиетінде тап мұндай формада жазылған эссе, осынша демократиялық та элиталық деңгейде талданған суреткер болмаған шығар. Сонымен қатар бұл аса көркем эсселер – Таласбектің ұстазына деген ерекше сағыныш-ілтипаты ғана емес, өзінің кейінгі ұрпаққа айтып кеткен өсиеті де сияқты сезіледі.
Дәулескер домбырашы, қазақ әні мен күйінің білгірі, дәстүрлі өнер тәжірибесі мен теориясын тел алып жүрген өнер иесі Т.Әсемқұловтың шығармашылығының үлкен бір саласы – өнертанушылық зерттеулері. Бұл зерттеулері дәстүрлі өнер, қазақ ән-күйінің көмескілене бастаған ұғым-танымдарын жарқырата өмірге оралтады, оқырман-тыңдарманын ұлттық қағыс, ырғақ, бояу-реңктерге оралтады. Бұл тұста жалпы Таласбектің жадында сақтай білу феномені ерекше болғанын айту керек. Ол жазба әдебиеттің көрнекті өкілі бола тұра қазақтың ауызекі әңгіме дәстүрін қатты ұстанғаны, құймақұлақтығы шығармашылығында үлкен нәтиже берді. Байжігіт күйлерін бүгінге жеткізген, байырғы музыкалық терминологияны жаңғыртқан оның бұл саладағы орасан еңбегі дәстүрлі өнердің зерттеушісі ғана емес, тікелей мұрагері-жалғасы болуымен де қымбат.
Қай тақырыпта, қай салада жазса да тізгін бермес тұлпардай жүйткіген Таласбектің жазуындағы тағы бір ерекшелігі – балаға да, данаға да түсінікті қарпайымдылығында. Нұрлы білімімен қатар заманға сай ойшылдығында, бүгінгі заманның мәдени-рухани ахуалын зерделей, конструкциялай білетін жаңашылдығында, яғни жаңа мағыналар тудыра алғандығында. Сондықтан да оның жазғандары ыждағатпен оқыған жанға пайдалы білім көзі.
Сергек жанды суреткер үшін өмірдің барлық сәті қымбат, барлық құбылысы ардақты болды. Кез келген оқиғадан үлкен мағына табатын, кез келген құбылыстың мәнін айыра білетін ол өмірді, адамдарды сүйді. Сондықтан да адамның қадірін, жақсының қадірін, ұстаздың қадірін, ағаның қадірін, достың қадірін, жардың және перзенттің қадірін білді. Кім-кіммен де өз білім, парасат-пайымына сай сөйлесіп, пікірлескен Т.Әсемқұловтың сұхбаттары да ойға дертіп тұрады. Туған халқының жақсысына сүйініп, жаманына күйініп, мүмкін кейде ащылау да айтқан, жазған тұстары бар, бірақ, бұл өмірдегі және өнердегі биік өлшемдерге деген адалдығынан туындайды.
Жалпы шығармашылығында ғылыми негізділік және еркін сұхбаттастық қатар өріліп отыратын Таласбек жаны жақсыға сергек болды, талантты тез танып, рухани қолдау көрсетуге келгенде алдына жан салмады. Оның Мейірханмен (Ақдәулетұлы) бірігіп сонау Маңғыстауда бір өзі бір институт болып өз бетінше жұмыс жасап, қазақ мифологиясын мүлдем жаңа сапалық биікке көтерген Серікбол Қондыбайды танып, оған билік тарапынан көмек көрсетілуіне қозғау салуы; өз тарапынан да рухани қолдау көрсетуі – осының бір анық көрінісі. Ол мына заманда білімді, білікті жандарды туысындай көрді, талантты жастарды қатты қолдады, олар туралы қуанып жазды. Ол тек қана менменшілдікті, көлгірлік пен жалған көшбасшылықты, қалың оқырманға арзан алданыш – қызыл сөзді сапырған өтірік білімсінуді суқаны сүймеді…
Өз ғұмырында көп нәрсе тындырған суреткер Т.Әсемқұлов ендігі жерде «адамзаттың рухани байлығын еселеп өсіретін нұрлы тұлғалардың қатарында» тұрады. Оның мол рухани мұрасын «ұлтым» деген ақжолтай жас ұрпақ оқып-зерттеп сусындайтынына күмән жоқ. Оның шығармашылығы туралы аз-кем ой-пікірімізді өзінің мына бір пікірімен қорытындылау орынды. «…Асқар Сүлейменовтің жазба мұрасынан, ауызша айтқандарынан сіз ешқашанда радикалдық, диссиденттік ой-пікір ұшырастыра алмайсыз. Оның жалғыз ғана елеусіз қаруы – өнер туралы, жалпы мәдениет туралы бейтарап, бейбіт пікірі еді. Бірақ, бұл мәселенің сырт көрінісі ғана еді. Ойлы, ақылды пікір адамның ішкі дүниесін жаңғыртады, атадан балаға мұра болып ауысқан жалған идеалдардан, жасанды құндылықтардан арылтады. Ал, ұрпақ рухани құлдықтан құтылғанда саяси күрестің керегі де болмай қалады. Сіз мақсатыңызға жеттіңіз. Баяғы аталарымыздай алмас қылышпен емес, сертке берік қалам және ала қағазбен…» Бұл пікірлер ХХІ ғасырдың басында қазақ руханиятында бейресми көшбасшы болған Т.Әсемқұловтың өз шығармашылығына да бек қатысты.
Сөз соңында Таласбектей тұлғаның құнарлы да мол рухани мұрасымен қалың жұртшылықты қауыштыру жолында үлкен еңбек жасаған аяулы жары, көрнекті мәдениеттанушы, мифолог, философ Зира Наурызбаеваға үлкен ризашылық білдіргім келеді.
18 шілде, 2016 жыл
Алматы
Әлия Бөпежанованың Таласбектің көптомдығына жазылған алғы сөз
Фото: Таласбек, Мейірхан Ақдәулет, Әлия Бөпежанова. Шамамен 2001 жыл