Үш Қиян сопылық тариқат туралы С.Қондыбайдың болжамы

Фото Серикбола Кондыбая

Фото Серикбола КондыбаяСерікбол Қондыбайдың 2004 жылдың 2 ақпаны күнгі Зира Наурызбайға жазған хатынан үзінді жариялап отырмыз. Мұнда ол «Үш Қиян» ордені мен қазақтың сал-серілері ұйытқысы болған (Т.Әсемқұловтың мәліметі бойынша) «Бектас Ата» ордендері арасында байланыс болуы мүмкін деген жорамал айтады. Серікбол ұсынып отырған Қазақ Ордасының пайда болып қалыптасуының жаңа концепциясы қазақ тарихын зерттеудің түбірімен жаңа песрпективасын ашып отыр.

«Ал, сенің хатыңда сұралған «Үш Қиян» ордені туралы айтар болсам, ол туралы ешқандай тура дереккөз (источник) жоқ (мүмкін бар да шығар, қалай болғанда да менің қолымда олар жоқ), тек осындай орденнің болғандығы (болу ықтималдығы) бірнеше қосалқы дәйектер барысында аңғарылып отыр.

Біріншіден,

түрікпендер арасында біздердегі қожалар сияқты, бес түрлі «әулие» ру бар, олар-ших (шейх), мақтым (мақсым), қожа (ходжа), сейіт (сейид) және «Ата руы». Алдыңғы төрт ру өздерінің тегін Мұхаммед пайғамбар ғ.с. қасындағы сахабалардан және халифтерден бастайды. Ал, Ата руы болса, өздерінің тегін әлгілер сияқты арабтардан шығармайды, олардың түп атасы – Есен (Эссен) ата. Бұл – қазақтағы Асан ата, яғни, Асан қайғының түрікпенше атауы. Есен ата туралы шежірелік қысқаша дерек С.П.Поляковтың еңбегінде бар (С.П.Поляков. Этническая история С-З Туркмении. М. Изд-во МГУ. 1973.), мұнда Есен атаның әйелі туралы екі түрлі аңыздық версия бар: біріншісінде – оның әйелі қазақ делінеді, екіншісінде Әз Жәнібек ханның қызы делінеді. Шежіредегі әйелдің этникалық тегі – реалды тарихты руды құраушы этникалық субстраттың көрсеткіші болып табылады. Яғни, ата руы  (атинцы, аталықтар) — «официально» түрікпен болғанымен, 15-16 ғасырларда түрікпен арасына сіңіп, «түрікпенденіп» кеткен қыпшақ тілділер, яғни, Әз Жәнібек (14 ғасыр)  заманының есен-қазақтары болып табылады. Міне, Есен-атаның бір моласы Түрікпенстанда болса, бастапқы моласы Маңғыстауда, Шетпе кентінен оңтүстікте 35 км жерде (Есен-ата әулие). Сондықтан, осы атаның да, аталықтардың да нақты ХIV ғасыр үшін: а) маңғыстаулық, б) есен-қазақ, қыпшақ тілді, в) Асан қайғымен байланысты, г) Йассауи орденімен байланысты (Есен-ата аңыз бойынша, Йассауидың шәкірті) екендігі анық болады.

Екіншіден,

Маңғыстау мен С-Б Түркістандағы атағы мәшһүр әулиелердің (Омар ата, Қараймық ата, Күкүрт ата, Құртыш ата, т.б.) түгелге жуығы әлгі «араб текті төрт әулие ру» — сейіт, қожа, мақсым, шихтармен емес, Есен атамен байланысты (оның балалары, немерелері, т.б.) болып шығады. Бұдан шығатыны 14-інші және 15-16 ғасырларда осы аймақта беделді де белсенді болған топ әлгі төртеуі емес, арабтан шықпаған, Йассауидің шәкірті болған Есен ата (Асан қайғы) тобы болған.

Үшіншіден, 

батысқазақстандық аңыздар мен жырлардағы Үш Қиян бейнесі «батырлардың мекені» болып көрсетіледі. Сонымен қатар «жеті жұрт мекендеген Үш Қиян» және «жеті жұрт мекендеген Маңғыстау» деген тұрақты тіркестердің астарында Маңғыстауды мекендеген реалды жеті жұрт деген түсінік жатқан жоқ, оның астарында әлдебір киелі кеңістікті мекендеген жеті жұрт не ұрпақ жөніндегі қисындар жатыр. Мұны, Генонның еңбегіндегі («Символы священной науки. М.Беловодье. 2002. с.111) «Хранители Святой Земли»  деген мақаласында қарастырылатын  «место пребывания Шехины » – «Земля Живых, включающий в себя семü земель» – «Ханаан, где проживали семь народов» деген модельмен сәйкестендіруге болады. Яғни:

Үш Қиян (три ограды, три стены) – местопребывание Шехины, другой Ханаан, где проживали 7 народов или состоящий из 7 земель. Айтпақшы, сенің хатыңдағы Шехина/Сақина сөзінің түсініктемесі уақытында болды десем де болады, осы сөздің нені білдіретіндігін білмей жүр едім. Үш Қиянның өзі Р.Геннонның   «Тройная друидическая ограда» дегеніне толығымен сәйкес келеді:

Яғни, Үш Қиян – кіндігі ортақ (концентрлі) үш қоршаудан, шарбақтан тұратын кеңістік («ғимарат», «там»), мұның өзі «Үш Қиян» мен батыс европалық Тамплиер орденінің «ғимарат/храмымен» (темпле-храм, темплиер-храмовник) ұғымдарының арасында қандай бір салыстыру, сәйкестендіру жұмысының жүргізілуі қажеттігін көрсетеді. Тек аталмыш европалық орденнің қандай принциптерге сүйенгендігі жөнінде мәлімет шамалы.

Басқа да қосалқы қисындар бар, міне, осылардың барлығы жинақтала келе Асан қайғы» немесе «Үш Қиян» деген сопылық-әскери орденнің болғандығы туралы тұжырым жасауға алып келеді. Мен Ілкі Төр (Изначальная Традиция) жөнінде және оның қорушыларының (хранитель) бірі болған Асан қайғы жөнінде «Арғықазақ мифологиясының» бірінші кітабында аздап та болса айтқан болдым, бірақ, толық қамти алғаным жоқ.

Сенің хатыңда айтылған Бекташийа ордені туралы ойларыңа қатысты жеткізерім мынадай:
  1. Түрікпенстанда, Каспий теңізінің жағалауында, Қарабұғазгол шығанағына таяу жерде «Бекдаш» деп аталған балықшылар кенті бар. Бұл шамамен Маңғыстау (қазақ) шекарасынан 200 км-дей жерде. Мұнда тек қазақтар тұрады, түрікпендерді жоқ десе де болады. Міне, осы Бекдаштан Маңғыстауға қарай беттегендегі теңіз жағалауындағы жол бойында «Омар ата» (Есен-атаның баласы), «Дүлдүл-ата» әулиелері бар. Дүлдүл-ата – мифтік функциялық деңгейде (патрон коневодства Қамбар бабаның  аналогы болып  шығады. Осы тұста Қамбар (Дүлдүл) мен Асан қайғыны (Есен атаны), сондай-ақ, Қамбар мен «Бекдаш» топонимін, Асан қайғы мен «Бекдашә топонимін сабақтастырудың жөні бар сияқты. Сенің Бекташйа ордені, Қамбар белбеуі сияқты мәліметтерің – бұл тұста аса құнды ақпарат  болып шықпақ.
  2. «Үш Қиян» гипотетикалық ордені мен Бекташйа орденінің бастапқы, қазақстандық-ортаазиялық нұсқасының арасында тікелей байланыс бар болуы да әбден мүмкін. Өйткені, бір орденнің немесе сектаның бір емес, бірнеше атауы болуы мүмкін. Мәселен, Шығыс Түркістандағы Нахшбандийа орденінің екі тармағы (сектасы) болған болса, біріншісі – «қаратаулық» (каратаглык, черногорцы) немесе сектаның негізін қалаушы кісінің атымен «Исхакийа» деп аталса, екіншісі – «ақтаулық» (актаглык, белогорцы) немесе «Ишанийа», «Афакийа» деп аталған екен (М.Х.Абусеитова, Ю.Г.Баранова. Письменные источники по истории и культуре Казахстана и Центральной Азии в 13-18 вв. А.Дайк-пресс. 2001. С.333). Қарап отырсаңыз бір орденнің өз атауынан басқа, тармақтық 5 атауы болып тұр екен (!). Міне, осындай қисынға орай ой өрбітер  болсақ, біз қарастырып отырған «Асан қайғы» немесе «Үш Қиян» ордені де: а) тарихи құжаттардан белгілі сопылық-йассауилік ордендердің ресми емес атауы  болуы мүмкін, б) белгілі ордендердің әлдебір сектасының «екінші» атауы болуы мүмкін. Міне, осындай жағдайда Асан қайғы, Үш қиян мен Бекташийаның арасында да әлдебір параллельді жүргізіп көруге болады. Асан қайғының эпостық-шежірелік баласының есімінің Абақ/Абат/Амет/Ахмет екендігін ескерсек, онымен әлгі «Афакийаның» да арасында байланысты іздеп көру қажет. Қалай болғанда да ізденуге боларлық бағыттар көп, тек материалдар жинақталуы тиіс.
  3. Мен көбіне көп осындай мәселелердің тарихи-уақыттық және географиялық-кеңістіктің жағына көңіл бөлгенді жақсы көремін. Маған бір мәселенің танымдық болмысын, мән-мәйегін ашқаннан гөрі, бір кездері, бір жерде пайда болған түсініктің уақыт (ғасырлар) бойына кеңістік бетінде (географиялық картада) қалай қозғалған-дығын іздестіру әлдеқайда қызық. Міне, мен, «Үш Қиян» туралы газеттік мақалада («Алтын Орда») осы орденнің XIY-XYI ғасырлардағы Маңғыстау (Еділ-Жайық) – Ұлытау (Орталық Қазақстан) маршрутының долбарын көрсеттім, осы долбарды жеке қисындар арқылы толықтыруға, нақтылауға болады. Бірақ, «Үш Қиянның» тек ХIV ғасырда, Маңғыстауда пайда болмағаны анық қой. Міне, осы тұста мен осы «Үш Қиянның» аталған ғасырға дейінгі маршруттық болмысын толық көрсете алмасам да, оның II-Y ғасырлардағы түпнұсқасының Қарқаралы – Шыңғыстау аралығында, Юэнбань (Ұрман) қоғамының қойнауында болғандығын тұспалдай аламын. Оған қажетті жанама қисындар бар. Соның ішіндегі ең қарапайымы – Шыңғыстаудағы Темучинді «Шыңғыс хан» деп хан көтеру туралы топонимиялық аңыз (Абайдан қалған, басқа да варианттары бар) «орналасқан» координаталар тоғысымен осы «Үш қиянды» сабақтастыру. Аңыз бойынша, Шыңғыс ханды Майқы би бастаған 12 қазақ биі (12=13) хан етіп осы Шыңғыстауда (Ханшығыста) сайлайды: мұндағы 12/13 саны – сопылық орденнің мүшелік саны. Реалды тарихта Шыңғысханның хан болып басқа жерде (1206 жылы Шығыс Моңғолияда) сайланғанын ескерер болсақ, «Шыңғыстау аңызы» әлгі оқиғадан 900 жыл бұрын болған мүлде басқа бір оқиғаның ескерткіші деп қарастыруға болады. 12/13, 7, 3 санына байланысты, Қодарға байланысты, қиянға (хиониттер-эфталиттер, қият, хеюнь), аргиппейлерге, юэчжилерге, тазшаларға байланысты т.б. қисындарға белгілі бір тарихи-географиялық тұтастық беру осындай қисындар жасауға мүмкіндік береді. Біз осы арқылы қазақтың бірнеше мың жылдық тарихын уақыттық тұрғыдан да, географиялық тұрғыдан да, идеологиялық тұрғыдан да бір тұтас жол түріне келтіре алатын боламыз. Менің Семей, Шыңғыстау, Дегелең жөніндегі сұрастырып жүргендерімнің де ар жағында осындай пейіл жатыр. «Үш Қиян» да – осы пейілді сұбалап болса да көрсетуге арналған бағыттардың бірі…»