Қазақ киносы: Тоғыз жолдың торабы

Таласбек Әсемқұлов

Кеңес заманынан қалған ауыр зардаптардың бірін ұлттың рухани өмірінен көруге болады. Кейде біздің сыншыларымыз, өнертанушыларымыз «ұлттық рухани мәдениеттің пәлен саласы нашар болғанымен, есесіне түгілен деген саласы күшті дамыған» деген «пікір» айтып жатады. Әрине, ешқандай тиянағы жоқ пікір. Кеңес заманында әбден жетекке қалған қазақ өнері енді ғана оң-солын танып жатыр. Осы аяғынан қаз тұрып жатқан өнердің бірі – қазақ киносы. Бұл жерде, шамамен 70-80 жылдық тарихы бар қазақ киносы бұнша неге кенде қалды деген сауал туады. Қайталап айтайық, Кеңес Одағында гегемон болған орыс ұлтының құрған билігі қазақтың мәдениетіне де әсер етпей қойған жоқ, ол аз десеңіз, кеңес дәуіріндегі қазақ мәдениеті үшін Мәскеу айтпайынша таң атып, күн батпайтын. Сондықтан, бүгінгі қазақ киносы бұрынғы бодан заманның өнерінен тікелей тамыр тартатын болғандықтан, қазақ кино өнерінің мән-жайын әңгіме еткенде, осы өткен мен кеткенді  естен шығармаған жөн дер едім.

Екінші айтарым, қазақ киносын, оның проблемаларын сөз еткенде,  осы қазақтың кино әулеті қандай контингенттерден тұрады, олар кімдер, білім деңгейі, ұлттық намысы қандай дәрежеде – осыларды біліп алу керек. Осы аталғандарды анықтап алмайынша әңгімеде ешқандай мән болмайды. Бұнсыз абстарактілі қазақ киносын, абстрактілі  қазақ режиссерлері мен сценарийлерін сынап отыра береміз. Ал ешкімнің аты аталмаған сыннан ешқандай пайда жоқ. киноның сапасына, прокатқа, т.б. ешқашан жауап бермейтін «киноқайраткерлері» осылайша айрандай аттап, ішіп-жеп жүре береді. әрине, арбамыз, яғни біздің қазақтың кино өнері сол қираған жерінде қала береді.

Әлқисса, сонымен қазақтың кино әулеті дегеніміз не екен? Оның шежіресі қалай-қалай тармақталады? Кеңес заманында қазақ киносы жарым-жартылай орыстанған бірнеше ғана тұқымның қолында болғанын осы жұрт біле ме екен? Әрине,  «Қазақфильм» мен Қазақстан Киноматографистер Одағының құрамын ерінбей байыптаған адам, онда орыс та, орман да, барлық ұлт өкілдерінің бар екенін анықтар еді. Алайда біз бұл жерде кино өнерінің ұлтық құрамын емес, бағыты мен бағдарын, саясатын, ұлттық мұратқа қаншалықты сәйкес келетінін, міне осы мәселелерді әңгіме етпекпіз.
Идеологияның адал құлы болған, қазақ киносын ғасырға жуық билеп-төстеген  бұл әулет, әлбетте, болшақ кино өнерінің контингенті қандай болуы керек, осыны да анықтап, белгілеп қойған. Мәскеудегі ВГИК пен ГИТИС-ке кім оқуға жолданады, болашақта ол «кадрлар» қандай қызметте отыру керек, қазақ кино өнері келешекте қандай бағытта даму керек, қандай мұрат ұстану керек – міне  осының бәрін солар шешкен. Сол себепті, егемендік алғанымызға табаны күректей он сегіз жыл өтсе де, бір де бір егеменді фильм түсіре алмай отырмыз.

Сексенінші жылдардың басында болағн бір оқиға есімде қалыпты. Бірде белгілі әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиевтың үйінде орыстың бір киноқайраткерімен дастархандас болдым. Жирен сақалды сары орыс. Жорамалым бойынша ол адам Павел Лунгин сияқты. (Бірақ қателесуім де мүмкін). ВГИК-те сабақ береді екен. Қолындағы бірнеше прозалық шағын дүниелерін бізге көрсетіп, : «Міне, бір жетіден бері Алматыда жүрмін. Қаншама талантты жігіттермен таныстым. Мына әңгімелер сәл-пәл түзеті жіберсе, әрқайсысы дайын тұрған сценарий. Осы қазір кино түсіруге болатындай тамаша сценарийлер», — деді. Аздан соң, арақ буынына түсіп, ашық әңгімеге көшті. «Сендер, қазақтар қызық халықсыңдар. Тамаша қабілетті адамдарды тоқтатып қойып, Москваға кілең малдарыңды жібересіңдер. Кавказдықтардан үлгі алмайсыңдар ма? Грузиндер жарқырап тұрған талапты баласын жібереді. Иоселиани, Кикибадзе, тағы да тодлып жатқан кереметтері, барлығы Москвада оқыған. Ал сендер, қайталап айтамын, жігерсір, ешқандай ұлттық намысы жоқ, кілең мадарыңды жібересіңдер»,- деп, әңгімені төтесінен бірақ тартты. Сол жерде марқұм Асқар Сүйлейменов  «Енді не істейміз? Бізде ондай мал көп қой. Көп болғаннан кейін жібереміз», — деп еді, қонақ: «Асқар, сен давай ондай қылжақтарыңды қой. Мен шын әңгіме айтып отырмын», дегені. Асекең де ширықты: «Сенің айтып отырған сының не по адресу. Ол малдарды Москваға аттандырған біз емес. Киноның төңірегіндегі басшылар, ВГИК-ке кім бару керек, кім қай жерге отыру керек, барлығын солар шешеді», — деді.

Түн ортасынан ауғанда мәскеулік қонақ кетуге ыңғайланды. Қанша ішсе де есінен адаспайтын, әңгімеден жаңылмайтын ақалды адам, есіктің тұтқасынан ұстап тұрып былай деді : «Есітеріңде болсын, сол Москваға жіберген малдарың армандаған дипломдарын құшақта елге келеді, «Қазақфильм», тағы басқа жерлерге қонжиып тұрып отырады. Содан соң әкелеріңді танытады. Көздеріңнен қанды жасты солар ағызады. Кейін менің осы сөзімді әлі талай естеріңе аларсыңдар».

Бүгінде, қоғамда «қазақ киносының дамымай жатқан себебі — өкімет ақша бөлмейді, бере қалса – аз береді» деген пікір қалыптасқан. Айтарым, қазақ киносының алтыннан жауын жаудырсаң да ештеңе шықпайды. Қазақ киносы бүгінде қанша қаржы бөлме де көмейден ары өткізіп жіберіп, есесіне ештеңе бермей қарап қарап қана отыратын «қара құрдымға» айналған. Мәселе қаржының аз-көптігінде емес. Баяғыда бір диктатор «Кадр бәрін шешеді» деп айтыпты ғой. Бүгінгі қазақ киносының сорлы, бейшара ахуалының себебін, кеңес заманындағы ойсыз өткен жетпіс жыл, ұлт мүддесіне қайшы келетін дарынсыз, қаскүнем кадр саясатынан іздеңіз. Барлығының себебін өткен заманнан қайтып келмейтін мүмкіндіктен іздеңіз. Асфальтта туып-өскен, ұлт мүддесінен алшақ жатқан идеология аясында тәрбиеленген «кино қайраткерлерінің» шығарған «өнімі» де ұлттың керегінен алшақ жатыр. Бүгінгі қазақтың «арт-хаусы» мен «авторлық киносын» көріп шыққан көрермен «я мен жынды, я режиссер нақұрыс» деген екіұдай ойға қалады.

Құрметті оқырман, мазасызданбай-ақ қойыңыз. Сіздің ес-ақылыңыз түзу. Бұл жердегі барлық «эстетика»  — қвзвқ «режиссерінің» мертіккен дүниетанымынан туындап отыр.
Қазақ кино өнерінде жүргенімізге біраз жыл болды. Көптеген таңғажайып нәрселерге куә болдық.  Байқағаным, бұндағы жұрт ешқашан бірін бірі сыйламайды екен. Бұнда ешкім ешкімді ешқашан құрметтемейді екен. Қарапайым мысал, француз режиссерлері қайырып берген, Астанадағы «Көпенділер» конкурсынан тауы шағылып, жеңіліп қайтқан «Көкбалақтың өлімі» атты сценарийімді «Қазақфильмнің» сценарий бөліміне өткіздім. (Астанадан «Конкурс аяқталды, Рустам Ибрагимбековтың сценарийі жеңді, енді сценарий қабылданбайды» деп қайтарылған еді бұл жұмыс).  Мен өз сценарийімде Абылай сұлтанның жас кезінде Қалдан Сереннің қолында екі жыл тұтқында болғаны, содан соң қазақ-қалмақ аманат айырбастасып, Абылайдың аман-есен елге қайтқаны,  Қалдан Серен өлгеннен кейін екі елдің арасында бітімнің бұзылып, Нарын соғысының қалай басталғанын, Әмірсана мен дабашының тағдыры – міне, осындай жайттарды бейнелеген едім.

Бір күні түнгі сағат бірдің кезінде біреу телефон шалды. Сценарий бөлімінің меңгерушісі екен. Қазақтың белгілі бір жазушысы (атын айтпай-ақ қояйын). Өзі удай мас. Менің сценарийімді жер-көкке сиғызбай мақтады. Абылай мәселесін бұрын-соңды бұлай көтерген ешкім жоқ деді. Қандай мас болса да адам көңілінің бір түкпіріндегісіні айтады ғой. Әріптес болайық, ертең телефон шал деді.

Ертеңіне келісім бойынша телефон шалдым. Жазушы ағам түк те білмейді. Не айтқаны есінде жоқ екен. Сценарийді оқығаны рас. Тек маған не айтқаны есінде жоқ.
Тағы бір мысал. «Біржан сал» қабылданғаннан кейін бір күні киностудияға бардым. Арнайы бөлінген бөлмеде режиссермен әңгімелесіп тұрған Досқан Жолжақсынов «Міне, сценарийдің авторы осы жігіт», — деді. Режиссер бұрылып та қараған жоқ. құдай біледі сол режиссеер шыбынға көбірек назар аударар еді.

Өзіңіз ойлаңыз. Кино түсіріліп болғанша сценарист, режиссер, операторлар, актерлер – барлығы бір команда. Сценарий қолына тигеннен кейін режиссер, кәдімгі телефонның құлағын бұрап, сценаристке хабарласады. Танысады. Мәдениетті қоғамда солай. Бұл – этикеттің, мәдениеттің ең қарапайым қағидалары. Бұны білу үшін консерваторияны немесе ВГИК-ті бітіру шарт емес. (Әрине, ол режиссер кейіннен жобадан түсіп қалды. Ойымша, анандай «мәдениетпен» адамға деген анандай «құрметпен» ол режиссер түсіру алаңында пәлендей ештеңе тындыра алмас еді).

Тағы бір мысал. Бір режиссер менің «Жезтырнақ» атты сценарийімді алып, екі жыл ұстады. Хабарласпайды. Пікір айтпайды. Себебі, қазақ киносында тұрғандардың барлығы – кісілер. Жарайды. Кісі болса да ол кісі әйтеуір бір пікір айту керек қой. Ақыры шыдамым таусылып, пікірін біреулер арқылы өзім сұраттым. Режиссер сценарийді … жоғалтып алыпты.

Кезінде «сценарийге деген аштық» («сценарный голод») деген терминді айналысқа өзім енгізіп едім. Осы күні осы терминді атап кету сәнге айналыпты. Мен бұл терминді әлемдік кинематографтардың ахуалына қатысты айтып едім. Бірақ осы күні «Қазақфильмдегі» сценарийге деген аштық деген ұран пайда болыпты. Құрметті ағайынға айтарым, «сценарийге деген аштықтың» қазақ кино өнеріне ешқандай қатысы жоқ.

Қазақтың режиссерлерін тамаша сценарийге көміп тастасаң да ештеңе шықпайды, ештеңе болмайды. Қайталап айтайын, қазақ киносының сорлы, бейшара ахуалы тапшылығына, ақшаның жоқтығына байцланысты қалыптаспаған. Бұл күй жалпылай алғанда қазақ әлеуметінің, ал салалық тұрғыдан алатын болсақ, кино әулетініі өз ішінде адамға деген құрметтің жоқтығына байланысты қалыптасқан. Яғни, өнері – ниетіне орай.

Өткенде қазақ кино өнерінің проблемаларына қатысты бір ток-шоудың куәсі болдым. Өз бетінше кино түсірген режиссер мен өкіметтің бағып-қағуында жүрген, түсірген «өнімі» шетелдік пәлен-пәлен деген айтулы ерекше аталып жүрген «Профессионал» режиссер бетпе-бет келіп сайысты. Кәсіби режиссердің қалай тулап, түкірігіне шашалып қалай сөйлегеніне қарап отырып, мынадай қарапайым байламға жеттім.

«Қазақфильм» киноөнеріндн енді монополист бола алмайды екен. Бюджеттің ақшасын боққа айналдырып, көрерменді жылдар бойы алдап, ұйықтатып қойып жүре беру – ол мүмкін емес нәрсе. Себебі, ВГИК-ті бітіріп келген «профилердің» шындығында кім екенін, олардың ұлттық киноөнеріне, ұлттық мәдениетке зәредей де пайда келтіре алмайтын екенін жазбай таныған, енді қазақ киносындағы ахуалды түзеуді мұрат тұтқан бір топ режиссер келді дүниеге. Мүмкін ол режиссерлердің кәсіби машығы кемде шығар (ал ол машық жоғарыда аталған «прфилдерде» бар ма деңізші) . кем болса – жетіледі, кемеліне келеді. Мүмкін олардың қолына тамаша сценарий де іліне бермейтін шығар. Бірақ, киноменеджмент қалыптасса, бұл да оп-оңай орнына келетін нәрсе. Ең бастысы, аталмыш жаңа әулет режиссерлерде пайданы, түсімді көздеген үлген стратегия бар. Қазіргі нарықтың тіліне аударсаңыз пайда мен түсім – алған кредитті қайтару деген сөз. Яғни, ВГИК-ті бітірген «Профилердің» затында жоқ жауапкершілік , ұят-аят сияқты биік қасиетте.

Екіншіден, кредитті қайтару үшін өндірген тауарың, яғни, түсірген киноң  өтімді болуы керек. Ал өтімді болу – сапалы, қызғылықты, көрікті болу керек.
Бұл қуанарлық жайт, себебі, қазақтың Голливудын қалыптастыратын ештеңеге жауап бермейтін арамтамақ «профи» емес, өзінің табан ақы, маңдай терімен тапқан дәулетін, керек дееңіз бала-шағасының несібесін тәуекелге тігіп жаңа киноның үлгісін көрсетіп жүрген осы жаңа әулет режиссерлер.

Әрине, шағын мақалады қазақ киносының ондаған жылдар бойы жиналған, ақырында асқына келе үлкен дертке айналған проблемаларының барлығын айтып шығу мүмкін емес. Біздікі тек ағайынға ой алу. Реті келес бұл әңгімені кейін де жалғастырармыз…. 

2007