АСЫЛБЕК ЫҚСАН “АВТОБУС” ӘҢГIМЕСI

ТАЛАСБЕК ӘСЕМҚҰЛОВ

Асылбек Ықсанның бұл әңгiмесiн жаңа сыпатты әдебиетке жатқызуға болады. Шығарма не жайында, әүелi соны байыптап көрейiк. Бiр қарағанда А.Ықсанның шығармасы персонаждың күрделi дүниетанымына құрылғандай әсер қалдырады. Мысалға, бас кейiпкердiң көзiмен берiлген оқиғалар  тiзбегi, әдепкi адам байқай бермейтiн детальдар мен санасында жаңғырығып жатқан естелiктердiң бiр-бiрiмен астасып келүi осыған меңзейтiндей. Алайда бұл – сырт көрiнiс. Әңгiменi қайыра оқығанда басқа бiр танымның ұшығы шалынып қалады. Мынадай мысал: “…Мұхит кондуктор әйелдiң аузына қалақ бас, сыптығырдай ақ ит кiрiп, сабалақ жүндi көк ит шыққанын көрдi. Үрпiлерi қызарған емшектерi жер сызған көк қаншық шермең-шермең етедi. Иттердiң ауыздары бiтеү, тұз сiңген балықтың көзiндей бозарған жанарларында болар-болмас тiршiлiк өлiмсiрейдi”.

Көрiп отырсыз, бұл – ирония. Тек бұрынғы әдебиеттегi кейпiне мүлдем ұқсамайтын, басқа себептен қалыптасқан басқа ирония. Кезiнде Мопассан  пейзаж арқылы иронияны сездiрү тәсiлiн ашқан (мысалға “Мұрагер” новелласында ). Кейiннен бұл тәсiл бүкiл әлем әдебиетiне, әсiресе орыстың мещандық драмасына зор ықпал еттi. Асылбектiң ирониясы  бұған ұқсамайды. Сондай-ақ Гогольдiң (мысалға “Рождество алдындағы түн” атты ғажайып әңгiмесi), немесе замандасымыз Г.Маркестiң (“Блакаман – мейiрiмдi сиқыршы” әңгiмесi) каламбурына да ұқсамайды. Олай болса, бұл не?

Бұл, құрметтi оқырман, интеллектуалдық драма. Яғни, постмодерн.

Зер сала қараңыз. Әңгiмедегi эпизодтардың бiрде-бiреүi ортақ көркемдiк жобаға қызмет етiп тұрған жоқ. Себебi… жоба жоқ. Кейiпкер аталмыш “оқиғаларды”, дүниенi байыптауға амалсыз келiскендiктен ғана… көрiп отыр. Мысалы, әңгiменiң  басында жолаушы келiншекпен автобус iшiнде соқтығысып қалған Мұхит оның сырғасы ысырылып, астынан тарыдай қалының көрiнгенiн байқап қалады. Артынша “Асфальттың жазда жамалмай қалған тұсы болуы керек” – деп ойлайды. Дәстүрлi әдебиеттiң шеберi осы эпизодты ары қарай “дамытар” едi, келiншек пен жiгiттiң арасына “сырлы” көпiр орнатар едi. Ар жағы…жазушының қиялының ұшқырлығына байланысты. Ал Асылбекте бұл жоқ. Неге? Себебi, бұл әңгiме емес  — постмодернистiк бриколаж. Дәлiрек айтқанда, әңгiмедегi оқиға – сюжет емес, және ешқашан сюжетке айнала алмайтын постмодерндiк компиляция. Кұрметтi оқырман, “компиляция” дегендi дұрыс түсiнiңiз. Бiлмесенiз ұғындыра кетейiк, постмодернизмнiң басты қағидаларының бiрi – “автордың өлiмi” идеясы. Әлемдiк мәдениетте, ежелден келе жатқан сан мыңдаған архетиптер ғана бар. Қандай да болмасын шығарма – талантты компиляция, монтаж ғана. Сол себептi, автор жоқ – компилятор ғана бар. Постмодернизм осылай дейдi. Қабылдау, қабылдамау — өз еркiңiзде. Мiнеки, бас кейiпкер Мұхит пен келiншектiң арасында драманың өрiстемеү себебi – екеүiнiң екi текстен, екi архетиптен келгендiгiнде. Бұдан кейiнгi жердегi кейiпкердiң өң мен түс арасындағы күйi де осы бриколаждың көрiнiсi. Бiр-бiрiнен туындамаған, тiптi, онтологиялық позициясы тұрғысынан алғанда бiр-бiрiмен мүлдем жанаспайтын оқиғалар, ахуалдар…Теқ қатар тұрғандықтан, автобуста өткен бiр кеште бiр-бiрiмен қатар келгендiктен ғана сол бiр кештiң “оқиғасы” болып тұр. Бұл “оқиғадан” алсаң да, бұл “оқиғаға” қоссаң да ештеңе өзгермейдi. Автобусқа кiрген – шыққандар артына ешқандай iз де, әсер де  қалдырмай зым-зия жоғалатыны осыдан.

Осы шағын талдауымыздың басындағы “оқиғалар тiзбегi…детальдар мен…естелiктердiң бiр-бiрiмен астасып келүi” деген сөзiмiз, әншейiн сөздiң мәтелi ғана. Бұл “астасудың” сырын ашып көрсете алған сияқтымыз. Сонымен бұл, қайталап айтайық, әңгiме емес – структура ғана, болуы да мүмкiн, болмауы да мүмкiн, болса да, болмаса да ештеңе өзгермейтiн, ештеңенi өзгерте алмайтын постмодерндiк ситуация. Компоненттерiнiң орнын қалай өзгертсенiз де, тұтастай алып тастап басқа текспен алмастырсаңыз да өзгермейтiн парадигма.

Құрметтi оқырман, көмейiңiздегi сөздi танып отырмын. Олай болса, бұл әңгiменiң мағынасы не, тiптi бұны жазудағы мағына не, жазбай-ақ қойса да не өзгерер едi дегендi айтқыңыз  келiп отыр. Сауалыңыз орынды. Асылбек құрастырған бұл текст, барлық постмодернистiк текст сияқты, иронияға құрылған дедiк. Автордың ирониясын бағамдап көрiңiзшi. Жоғарыда, бұл иронияның не емес екенiн, мысқылдың бұрыннан белгiлi түрлерiне ұқсамайтынын айттық. Ендi оның не екенiн анықтауға тырысайық. Көзi қарақты, яғни, постмодернистiк текстермен аз да болса таныстығы бар адам аталмыш әңгiмедегi барлық эпизодтардың  барлық компоненттердiң (“көркемдiк компоненттер” деп айтуға аузым бармай отыр, себебi “автордың өлiмi” дегендi айтып кеттiк қой, ал әңгiме принциптiк түрде көркем емес, орындалу техникасының деңгейi саналы түрде төмендетiлген – мiне, сiзге, нағыз постмодернистiк текст) басын бiрiктiрiп тұрған бiр ортақ қасиетi байқар едi. Ол қасиет – дискурстың жалпыға ортақ сапасы. Түптеп келгенде барлық эпизодтар, барлық компоненттер -–бiр компоненттiң түрлi варианттары, модификациялары. Кейiпкердiң көз алдында байырғы сөз өнерi, қанша дамыса да әлдебiр сиқырлы шеңберден шыға алмаған ескi дискурс өтiп жатыр. Мысалға “тентек қылықпен бұлғаң  еткен сырғасы”, “күзен бөрiгiнiң милығынан  мақпал тақиясының шетi көрiнген қария” сияқты  жауыр болған бейнелерден бастап автобусқа кiрiп – шығып жатқан кәрi – жастың диалогтарына дейiнгi аралықтағы барлық сөз — өз қалпынан шаршаған, бiрақ жаңа кеңiстiктiң бар екенiн бiлмейтiн, өзiнiң шаршағанын, өзiнiң қартайғанын бiлмейтiн ескi дискурс. Кейiпкер осы дискурсты әжүалайды, артынша өз интеллектiнен жиренедi.

“Мұхиттың көңiлiн  кенеттен мұн торлап, аяныш пен мүсiркеү араласып келiп көмейiне тығылды” дейдi автор. Осы елжiреген иронияны бiз әңгiменiң аяғына қарай, өзен түбiнде кондуктор әйелдiң қалын жайып отырғанын сүреттейтiн (болмаған оқиға, ескi сөздiң қиялдағандағы жеткенi!) үзiктен де көремiз. Жалпы, осы өзiмiз көрсеткен тұстарда ғана емес, әңгiменiң не жайында екенiн ұғына бастағаннан аяғына дейiн, әрбiр деталi, әрбiр эпизоды тек қана бiр түйсiкке – иронияға құрылған. Ескi мәдениетке, ескi дискурсқа деген ирония мен аяныштың ар жағында, әрине, үлкен жүрек тұр. Классикалық  ең басты жетiстiгi – ұлы композиция өнерi. Бұл терминдi Гетенiң өзi жек көрiптi. Эккерманмен бiр сұхбатында бұл терминдi француздар ойлап шығарған, маған ұнамайды дейдi. Кейiннен композиция өнерiнiң әдеби догмаға айналғанын, көп жағдайда ойға тұсау   болғанын көремiз. Кейбiр жазушылар үшiн әдеби этикет, әдеби церемонияның ақиқаттан биiк екенiн ешкiм де терiске шығара алмас. “Рух қай жерден есем десе де өзi бiледi” дейдi Библия. Әдебиет пен өнердiң тарихына қарап отырсаңыз, барлық уақытта шын генийлер осы ойдың еркiндiгi үшiн, көп жағдайда рәсiмнiң шырмауында қалатын көркемдiктiң бостандығы үшiн күресiптi. Символизм, дадаизм, пуантилизм, тағы басқа толып жатқан авангардистiк ағымдар дүниеге осылай келген. Осылайша өз кезегiмен постмодернизм де жаратылды, заманына лайық  талай озық ой айтыпты, сананың кемелденүiне үлкен ықпал еттi. Бұның бәрiн не үшiн айтып отыр дейсiз ғой? Осылай да жазуға болады – соны түсiндiрү үшiн айттық. Егерде сiз табиғатыңызда, тумысыңызда, арқауы жоқ шығарманы түсiне алмайтын, қабылдай алмайтын адам болсаңыз, онда осы бiз әңгiме еткен иронияны арқау деп алыңыз. Арқауды “тапқан” сәтте көзалдыңызда өзiңiзге таныс құрылым, әңгiме деп аталатын құрылым пайда болды. Өзiңiздiң осы текске қарап отырып әңгiме жазып шыққаныңызды байқадыңыз ба? Танымыңыз жаңа сатыға көтерiлгенiн, пәленбай жас есейгенiңiздi байқадыңыз ба, оқырман?