Қондыгердің бір-ақ беттік тарихы…2 бөлімі

Таласбек Әсемқұлов

Шағын түсініктеме

«Қондыгердің бір-ақ беттік тарихы…»1 бөлімін оқу

Кезінде детективтің атасы болып саналатын әйгілі ағылшын Конан Дойль өзінің кейіпкері Шерлок Холмс жайындағы хикаясын күрмеп, нүктесін қойғанда, оқырманнан, әңгімені ары қарай жалғастырсаңыз деген талап-тілек жауып кетіпті. Біз де сондай күйде отырмыз. Тұмар әже мен Құрыш патшаның соғысын әңгіме еткен көлемді мақала оқырманның көңілінен орын тауыпты. Көптеген, мүлдем танымайтын адамдар осы тарихи баянды ары қарай жалғастырсаңыз, Тұмар әжеміздің, Қаңлы әулетінің одан кейінгі тағдырын білгіміз келеді деп тілек айтты. Сондай-ақ, танымдық, ағартушылық бағыттан ешқашан айнымаған «Алматы ақшамы» газетінің редакциясы да бұл тақырыпты ары қарай індетуге мүдделі болып отыр.
Совет заманында, орасан идеологиялық зорлық-зомбылықтың кесірінен қазақ тарихи мектебі қалыптаса алмай қалды. Сол себепті, тек қазақ оқырманына ғана бағышталған бұл шағын еңбекті жазғанда, басынан теңдесі жоқ даңқты тарих кешкен ұлы нәсілдің бүгінгі ұрпақтары, қалай болғанда да шындықты білуі керек, ақиқатты тануы керек деген ой ғана тұрды көкірегімізде.
Айта кетейін, алдыңғы мақалағыдай, әңгіменің жалғасында да Көне Дүние және Ілкі Дәстүр жайлы болашақта жазбақ кітабымның мәлімет кешенінен біраз қазына оқырманның сарабына салынады.

Соғыстың ақыры

Сонымен, біздің дәуірімізге дейінгі тарихтың 529 жылы қондыгер-қаңлының әскері, Құрыш патша бастап келген бүкіл әлемнің біріккен армиясын талқандады дедік. Осылайша парсы империясы күйреді.
Соғыстан кейін көшпенділер ұлан-ғайыр той жасайды. Тойдан соң бүкіл қондыгер-қаңлы руының көсемдері қатысқан үлкен әскери кеңес болыпты. Бұл кеңеске қаңлының ең әлуетті руларының бірі – қамбар ғана қатыспаған екен. Осы жерде кейінгі хұн, түрік және қазақпен басқа түрік халықтарының негізі болған қаңлы (скиф) руларын атап кеткенді жөн көрдік. Әрине, қаңлының қайсысы болса да, нәсілі басқа халықтарға патша үлестіре алады. Алайда, қаңлының өз ішінде жолы бәрінен үлкен бас әулет немесе ру болған. Ол – қисары руы. Қаңлы елінің өз патшалары тек қана осы қисарыдан сайланады екен. Ал, Тұмар әжеміздің осы рудан екендігін ескерсек, онда қисары, грек жәдігерлеріндегі массагет руына сәйкес келеді. Сондай-ақ, байырқу, сарын, ителі, таз, тоқар, қамбар, кердері, жұла, баят, баян, баятан, тебен, күшік деген рулар аталады. Грек және басқа халықтардың жәдігерлерінде айтылатын исседон, тиграхауда сияқты рулар, бұл аталған аталықтардың қайсысына сәйкес келетінін білмейміз. Тек тоқар руының аты танылатын сияқты. Ал, хаумаварга – жоғарыда аталған қамбар руына сәйкес келеді.
Әскери кеңесте, Тұмар әжеміз енді парсыны не істейміз деген сауал қояды. Ақырында барлық әскербасылар ақылдаса келе парсыны жаулау керек деп шешкен екен. Көп ұзамай 20 мың қаңлының әскерін бастаған Оғланерек деген қолбасшы парсының жеріне басып кіреді. Иранның ескі тарихында парсы империясының астанасы Пасарғады деп аталады. Қаңлының көне тілінде бұл қала Иранбақ деп аталған. Оғланерек құрылтайдың тапсырмасын бұлжытпай орындап, Құрыштың бүкіл тұқымын қырып салады, Камбиз бен Бардия деген екі баласын өлтіреді. Содан соң, сарай төңірегіндегі Гуштасп деген құлдың Дарьяуш есімді баласын таққа отырғызады. Құрыштың әйелі Жаханбану патшайымды алдына келтіріп, сен енді Дарьяуш патшаның әйелі боласың дейді. Алайда күйеуі мен екі баласының қайғысына төзбеген Жаһанбану у ішіп өледі. Ахеменид династиясының негізін қалаған, нәсілі қаңлы Құрыштың әулеті өз өмірін осылай аяқтаған екен.
Осы жерде мынадай нәрсені ерекше атап кеткіміз келеді. Орыстың бір философы айтқан, «Тарих дегеніміз, ол – өткен заманға өктемдігін жүргізген бүгінгі саясат» («История – это политика опрокинутая в прошлое») деп. Белгілі француз ғалымы, тарих фәлсафасына (философия истории, историософия) зор үлес қосқан философ Реймон Арон бір сөзінде «Тарих – ретроспективтік саясат» («История – это ретроспективная политика») дегені есімізде. Яғни, тарих барысында жеңіске жеткен халықтарға, бүгінгі күнге үстемдік еткен аз. Олар өткен тарихқа да үстемдік еткісі келеді, яғни, өзінің бүгінгі үстемдігінің жасын барынша ұлғайтып, «қартайтып» көрсеткісі келеді. Сол үшін жаңа тарихи мектептер қалыптасады, мәліметтер бұрмаланады, жетпей жатқан мәліметтер қолдан «жасалады».
Асқар Сүлейменовтың айтқаны бар, «Ұзақ жасаған өтірік – шындыққа айналады, ұзақ жасаған шындық, қартайып, өтірікке айналады» деп.
Бірде, совет заманында жазылған бір тарихи зерттеуді ақтарып қарап отырып «парсының ресми тариханамасында қалыптасқан дәстүр бойынша» деген бір сөзді көзім шалып қалды. Шынымды айтайын, өз көзіме сенбедім. Анықтап қайтадан оқыдым. Шынында да солай екен. Парсының ресми тарихнамасында шындықты бейнелеудің, пайымдаудың ерекше «дәстүрі» бар екен. Міне, сұмдық қайда жатыр!
Тарихи шындықты жеткізудің дәстүрі бар болса – ол, болғанды сол болған күйінде жазу, келер ұрпаққа барды барша айтып беру.
«Пәлен немесе түглен елдің ресми тарихнамасында қалыптасқан, тарихи шындықты бейнелеудің дәстүрінің» тамырын қуалайтын болсаңыз, бүкіл әлемдік апаттан соң Ілкі Дәстүрдің күйреуінен кейінгі заңсыз егемендіктер дәуіріне барып тірелесіз. Ұлттық мемлекеттердің мүддесін көздеген, тарихты бейнелеудің «дәстүрлері» осы кезде пайда болған. Біз, тарих аңғарында түрлі вариант-нұсқада мәңгі қайталанып отыратын, айнымайтын, өзгермейтін тарихи архетиптерді шырамыта алмаймыз, архетиппен «наманың» арасын ажырата алмаймыз.
Архетип – адам санасының структурасынан тамыр тартады, ол – адамның тарих сахнасындағы әдепкі істерінің көрінісі. Архетип, «адам осылай істейді, себебі, адам өзгермейді» деп баян етеді. Яғни, шындықты, психологиялық шындықты айтады.
Ал, «нама» (мысалы, «Шәйбани – нама») – көп жағдайда әлдебір әулеттің, әлдебір патшалық династияның аңызбен астас тарихын бейнелейді.
Яғни, үстем тарихи мектептер көп жағдайда «наманы» ғылымиландырып «тарихи шындыққа» айналдырады. Мысалы, парсы империясының саяси тарихы туралы оқулықтарда, Құрыш өлгеннен соң, оның баласы Камбиз патша болды, содан соң, келесі жылы-ақ (яғни, б.д.д. 530 жылы) тағы да соншама әскермен Дәштіге жорыққа аттанды, скифтерді қырып-жойып бағындырды, осылайша әкесінің кегін алды деп жазылады. Яғни, бүкіл қарулы күштері толықтай жойылған империя тағы да жарты миллион әскер шығарады. (Оны қайдан алды екен!). Әскерді, сол б.д.д. 529 жылы, әкесі Құрыштан көп болса бір ай кеш өлтірілген Камбиз басқарады!
Тағы бір кітапта Дарьяуш (Дарий Гуштасп) соншама әскермен, ол да Дәштіге жорыққа шығады, бірақ жолы болмай, скифтерді таба алмай еліне қайтады. Яғни, Тұмар әже таққа отырғызған, қондыгер-қаңлының қуыршағы Дарьяуш, өзін билікке жеткізген елді шабуға аттанады!
Міне, құрметті ағайын, парсының (бүгінгі Иранның) «ресми тарихнамасында қалыптасқан тарихты таңбалаудың дәстүрі» дегеніңіз осы.
Парсының тас кітаптарында мынадай бір сурет бар. Дарий (Дарьяуш) патша тақта отыр. Алдында мойындарынан жіпке тізілген адамдар. Парсының «тарихнамасындағы ресми дәстүрге» сәйкес «пайымдаулар» бойынша, Дарьяуш – әлемнің падишасы екен. Ал, мойындарынан жіпке тізілген бейшаралар оның қоластындағы халықтар екен. Дарьяушқа құлдық ұрып, оған бағынғандығын аян етуге келіпті. Бүгінде, иранның ұяты бар кейбір ғалымдары,бұл тас сүрет наурызды тойлауға келген халықтардың  бейнесі екенін айтады. Яғни, көктем сайын тіріліп отыратын Таммуз құдайдың бейнесі Дарьяуштың бейнесі деп айтылып, аталмыш ертегі «тарихнамада қалыптасқан дәстүр» бойынша ғасырлар бойы қайталанып, ақырында «тарихи шындыққа» айналып кеткен. Әрине, осы қалыпша өтіріктің ішінде шындық та бар екенін мойындау керек. Қаңлылар парсыны жаулағаннан кейін, бір тосын оқиға болады. Күндердің күнінде, Құрыштың ұлы Бардия өлмепті, тірі екен, көп әскермен «әкемнің тағын алам» деп Иранбаққа келе жатыр екен деген хабар жетеді. Қаңлылар алғашында бұны дақпырт, қауесет деп ойлайды. Бірақ, әңгіме басылмайды. Ақырында барлаушылар хабарды растайды. Бір адам шынында да көп әскер жинап астанаға қарай келе жатқаны анықталады. Үш мыңдай қаңлының әскері «әкесінің тағын алуға» келе жатқан «патшазаданы» қазіргі Ирактың, бұрынғы Вавилонның жерінде қарсылайды. Бұл, елді дүрліктіріп келе жатқан Гаумата есімді сахаба еді. Аннан-мыннан жинаған бірнеше мың «әскері» бар. Қаңлылар алғашында күліп, ақымақ сахабаға, оның соңынан ерген ақымақ тобырға істің жайын түсіндірмек болады. Райларыңнан қайтыңдар, Бардия да, Камбиз де, баяғыда өлген, парсының қазіргі патшасы Дарьяуш, соған бағыныңдар, ақымақ болмаңдар дейді. Бірақ, Гаумата көнбейді, ал оның соңынан ерген «әскері» өздерінің соғысуға даяр екенін айтады. Қаңлылар, амал жоқ, қаруларын суырады. Қанды жебе бір көміп өткенде Гауматаның «армиясы» жалбарынып жерге жата кетіпті. Сонымен, Гаумата, қол-аяғы кісенделіп астанаға жеткізіледі. Осы жерде қаңлылар, бүкіл империяның ақсүйек элитасын жинап, солардың көзінше Гауматаның басын шабады. Жиналғандарға, осындай бұлғақшыл адам, Дарьяуштың билігіне қарсы үгіт-насихат жүргізсе, сол жерде ұстап, біздің қолымызға табыстаңдар деп тапсырады.

Парсыдан келген аманат халық

Құрметті оқырман, тағы бір есіңізге сала кетейік, бұл әңгімеміздегі қаңлы – ықылымға кеткен көне замандағы скифтердің өзіндік аты. Бөгде тарихи мектептер бізді қалай бөлшектесе де, қаңлы – кейінгі хұнның, түріктің және қазіргі түрік халықтарының атасы екені аян. Бүтін түрік нәсілі осы көне қаңлыдан тарайды. Ал, бүгінгі, қазақтың Ұлы жүзінің ішінде отырған қаңлы – осы нәсілдік есімді, ата есімді сақтап қалған өте көне ру. Енді, әңгімеміздің үзілген жеріне келейік. Қаңлылар көп ұзамай-ақ өздерінің қандай пәлекетке ұрынғандарын түсінеді. Парсы мемлекетін бағындырады, сонымен империяның бүкіл проблемалары… қаңлының мойнына ілінеді. Әсіресе, сыртқы саясат. Әуелі Мидия мен Ассирияның, Бабылдың патшалары, одан кейін елу жыл да өмір сүрмеген парсының Ахеменид династиясының артына тастап кеткен қанды былығына енді амалсыз келіп қаңлы килігеді. Қондыгер-қаңлы екі оттың ортасында еді. Отырықшы  елдерді қарауыл қоймай, қараусыз тастап кетсе тағы да бір Құрыш келеді, ол Құрыш бүкіл әлемнің әскерін жинап тағы да сахараға аттанады. Тағы да қисапсыз қан төгіледі. «Аңдыған жау алмай қоймайды» деген. Қаңлы қандай ер болса да, бүкіл әлеммен талмай соғыса беретін, тозбайтын ел емес. Соғыс ардагерлерді жалмайды. Лек-легімен қара құртша қаптаған жау ақыры тұқымыңды тоздырады, еліңді, жеріңді алады, ұрпағыңды құл қылады. Ал, бағындырып ұстасаң, онда ол елдің жауымен амалсыз жаулаласың. Яғни, тағы да соғыс, тағы да қантөгіс. Содан соң, күн сайын күрделеніп бара жатқан, «саясат» деп аталатын жын-пері өнерді түсіну мүмкін емес, төңіректегі патшалардың адамдыққа мүлдем ұқсамайтьын «ойындарының» принциптерін түсіну мүмкін емес.
Кемеңгер Тұмар әжеміз, осы, екінші, адам айтқысыз қиын жолды таңдапты. Аждаһадан ұрпағыңды қорғау үшін, сол аждаһаның ұясына баруың керек, үнемі сол аждаһаның жанында болуың керек. Өнерін аласың, оның улы демінен ақырсоңында нәсілің де бұзылады. Бірақ, басқа не амал бар?    
«Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» («Если ты не будешь заниматся политикой, политика займется тобой») деген бар ғой. Қаңлы ұлының, болашақта өзінің тағдырын шешетін әлемдік саясаттан бейтарап қалатын жөні жоқ. Міне, құрметті оқырман, Құрыш өлгеннен кейінгі бір жарым-екі ғасырлық парсы-грек соғыстарының белортасында, қанды тізеден кешіп қаңлы жүріпті. Теңізде де, құрлықта да, тау мен орман, шөл далада да – қаңлының қаны төгілмеген, сүйегі шашылмаған жер жоқ. Парсының әскерінің құрамында қаңлының болғанын тіпті жау елдердің тарихшылары жасыра алмайды. Мойындайды. Бірақ «жалдамалы скифтің аты әскері» деп түзетіп қояды. Қаңлылардың, қазіргі Иранның арғы сұлбасы – Парсы империясын билеп-төстеп, бағындырып ұстап отырғанын не білмейді, ал білсе – «тарихнамадағы таңбалау дәстүрі» бойынша, мойындамайды, теріс жазады.
Тұмар әжеміздің тындырған енді бір ісі бар. Көшпенділерде ертеден келе жатқан бір жосық болған – аманат айырбастасу деген. Бір-бірімен қатар отырған ел өздерінің билеуші әулеттерінен бір-бір адам немесе, кейде тұтас руларды айырбастасады. Бұл аманаттар – жапсарлас, кейде аталас болғанымен мүдделері қайшы екі елдің бір-бірімен соғыспай бейбіт отыруына гарант, кепіл.
Сондай-ақ, соғыста жеңген ел, жеңілген елден аманат алатын заң болған. Атасы Ишпақайдың Ғажам еліне барып, қалай өлгенін, Құрыштың қанды жорығының себеп-салдарын пайымдай келе Тұмар падиша, Парсыдан аманат алуымыз керек деп шешеді. Парсыдан келген аманат елдің екі қызметі болар еді. Біріншісі, әрине, аманат, дәлірек айтқанда саяси шахматтағы пида, пешка болуы. Екіншісі, егіншілікті меңгерген елдің қаңлыларға диқан болуы, астықпен, жеміспен, тағы басқа керек-жарақпен қамтамасыз етуі. «Бөріксіз бас болмас, татсыз түрік болмас» деген көне мақал бар. Бұндағы тат – тәжік. Ал, түрік – баяғы қаңлы. Яғни, егіншісі, астық пен миуаны өсіріп беретін диқаны мен бағбаны жоқ қаңлы – қаңлы емес.
Тұмар әженің жарлығы бойынша қаңлылар парсының пасарғады деген ең саны көп руының жартысындайын көшіріп алып келіп екі жерге қоныстандырыпты. Бір бөлігі қазіргі Тәжікстанның жеріне, бір бөлігі қазіргі Қашқар жеріне қоныпты. Басқа емес пасарғадыға осындай қатаң жазаның қолданылуында үлкен есеп бар. Пасарғады – парсының ең азулы, күшті руы. Содан кейін пасарғады, Құрыштың арқа сүйеген жұрты.
Міне, құрметті оқырман, бүгінгі Тәжікстанда отырған тәжік пен Қашқарда отырған ұйғырдың арғы атасы парсыдан келген аманат екен. Тәжіктер өз руынан айрылса да, Ауғанстанның бер жақ шеті, яғни, Иран әлемінің бір пұшпағында отырғандықтан өзінің тілін сақтаған. Ал, кейіннен тараншы, Совет заманында ұйғыр атанған халық түріктеніп, парсы тілінен айрылған.
Бүгінгі ұйғырлар өздерін көне халық санайды. Рас айтады. Парсыдан аманатқа келген, ұлы Қаңлының ықпалына түсіп байырғыланып кеткен өте көне халық.
Аталған тақырыпқа жанама мәлімет. 1962 жылдың жазында Қытайдан Қазақстанға мыңдаған қазақ пен ұйғыр отбасыларының көшіп келгені есімде. Ол кезде баламыз. Алғашқы жылы әр үй бір-бір отбасыны паналатты. Көшіп келгендердің балаларымен танысып, дос болып кеттік. Келер жазда совхоздың бүкіл халқы құрылысқа шығып оралмандарға шама-шарқынша үй салып берген. Қытайдың фонаригі, қытайдың алюминийден жасалған тиын ақшаларын сол кезде көріп едік. Сонда бір ұйғыр ақсақалдың, біздің үйден шәй ішіп отырып, «Біз өзіміздің ұйғыр екенмізді осы жаққа келгеннен кейін білдік. Арғы бетте, Қытайда біз тараншы едік, сарт едік» дегені есімде қалыпты.

Тұмар әженің өлімі

Кемеңгер Тұмар әжеміз немересі Аспара өлгеннен кейін тағы бір мүшел өмір сүріпті. Құрыш патшамен соғысқанда жасы алпыс бірде делінген жәдігерде. Ал, қаңлының одан соң кейінгі қазақтың адам жасын санау дәстүрінде ананың құрсағына ұрықтың дарыған күнінен бастап дүниеге жаратылғанға дейінгі аралықтағы 9 ай – 1 жас болып есептелінеді. Олай болса, әжеміз қаңлы мен парсының соғысы кезінде алпыста болып шығады. Оған бір мүшелді қоссақ, жетпіс екі  жас болады. Демек, Тұмар әжеміз  жетпіс екі жасында дүниеден қайтқан. Нисан айының басы, ерте көктем еді делінген (нисан – сол кезде қабылданған Вавилон календары бойынша сәуір айына сәйкес келеді). Тағы бір жүрек елжіретерлік жолдар бар. Қаңлының анасы Тұмар, қыс түсердің алдында ел ағаларын жинап, ардагерлердің елінен хабар келді, биыл Өлі қалаға қарай көшті түзеңдер деп айтты делінеді. Ардагерлер елі – тылсымға кеткен бабалардың аруақтары. Нисанның көк жауыны селдетіп тұрғанда, ардагерлер келіп Тұмар ананы алты қанаты бар ақ атқа мінгізіп, қош айтысып Бенгуташтан ары асырып алып кетті делінген. Бұл жерде, шамасы, қаңлының патшаларды жерлеу рәсімі сипатталған. Ал, Тұмар ананың мәйіті қай жерге жерленгені жайындағы мәлімет бұлдыр. Өлі қала, алма көп өсетін бір үлкен шатқалға орналасқан, ол алманы жеген соқыр адамның көзі ашылады екен делінген. Бары осы. Кім біледі. Осыдан біраз жыл бұрын Алтай республикасының бір жерінен Укок ханшайымның қабірі табылды. Алайда, Укок, зерттеушілердің пікіріне қарағанда, жастай өлген әйел екен. Алма көп өсетін шатқал деген мәліметке қарап, кейде, Алматының маңайы, Есік қорғаны емес пе екен деп ойлайсың. Әрине, бұның бәрі жорамал.
Патшазада Аспара жайында да жарытып ештеңе айтылмаған. Өлгені ғана айтылады. Ал қай жерге қойылғаны жайында ешқандай мәлімет жоқ. Кейінде «Алтын адам» табылғанда, қазақ әлеуметі, «Алтын адам» деп жүргеніміз сол ханзада Аспара емес пе екен» деп бір дүрліккен. Әрине, бұл да жорамал ғана.
Ишпақайдан Тарғытай туыпты. Тарғытай, әкесі Ғажамға барып, сол жақта қаза болғанда 12 жастағы бала екен. Көшпенділер ерте үйленетін болған. «Он үште отау иесі» дейді қазақ. Олай болса, Тарғытай әкесінен кәмелетке келген кезінде айрылған. Бөргелтай деген ағасы қабілетсіз болыпты. Тақта көп отыра алмай, билікті інісіне береді. Тарғытайдың ұлдары көп болған, бірақ, барлығы соғыста өлген. Екі қызы болған делінеді. Бірақ, екінші қыз Тұмардан үлкен бе, кіші ме, оның тағдыры не болды – бұл жайында да ештеңе айтылмайды. Сонымен, Тарғытай өлгеннен кейін, біраз уақыттан соң таққа Тұмар отырады. «Біраз уақыттан соңының» мынадай себебі бар. Қисарылардың қолында  қамбардың патшасының баласы аманатта отырады. Бірақ, қамбардың өз ішінде осы патшаның тұқымымен бақталас, билікке таласып жүрген басқа бір азулы тұқымның адамдары ақылдасып, бір күні тапа-талтүсте келіп ештеңеден қауіптенбей отырған Тарғытайды өлтіріп кетеді. Қаңлының заңы бойынша, бұндайда, қарсы шара ретінде аманатта отырған патшазада өлтірілуі керек. Ал, ол аманат – қамбардың патшасының жалғыз ұлы екен. Патшаның жаулары, тақтың мүрагері сол аманаттан қайтпай қалсын, сол жақта өлтірілсін деп жасаған қулығы екен. Мақсат – мұрагері өлген паша көз жұмғанда, билікті қолға алу. Алайда, жас кезінен ақылды, айлакер Тұмар қамбардың саясатының сырын түсінеді. Аманатты өлтірмей қоя береді. Қоя бергені былай тұрсын, еліне аман-есен жеткізіп салады. Тарғытайдың кегін аламыз деп көтерілген қисарының батырлары патшайымның бұл қадамын түсінбейді, ақырында наразы болып, Тұмарды ағасы Бөргелтаймен қоса тастап, айдалаға көшіп кетеді. Алайда, билікке таласып, бірнеше жыл мәмілеге келе алмай қырқысқан қисарының рулары, соңында қайтадан келіп Тұмардың аяғына жығылады. Осылайша, Тұмар, патшаның тағына отырады. Патшайымның кіммен бас қосқаны, қанша перзент сүйгені белгісіз. Аспараның жалғыз немере екені ғана айтылады. Яғни, Аспара – Ишпақай әулетінің соңғы тұяғы. Немересі өлгеннен кейін Тұмар бүкіл халықты жинап Жайық деген жас әскербасыны қалға, тақ мұрагері етіп сайлайды. Содан бері қисарыларды Жайықтың тұқымдары биледі деп жазады тарихшылар.

Қамбар әулетінің ақыры

Қамбар – қаңлының ең азулы күшті руларының бірі болған, қисарымен өмір бойы билікке таласып, талмай күрескен. Атадан балаға көшкен жаулық, ақырында асқына келе екі рудың арасындағы ешқашан бітіспейтін қанды кекке ұласады.
Қамбардың басына бір рет ажал төнген екен. Парсының армиясы талқандалып, Құрыш өлгеннен кейін қаңлының әскербасылары «Қамбардың тұқымын құртайық» деп серт қойысады. Істің насырға шапқанын сезген қамбарлар, дәл сол кезде бүкіл қаңлының біріккен әскерін басқарып отырған Тұмарға тарту-таралғысымен елші жібереді. Бір қызығы сасанид тарихшылары өздерін тарихшы емес «көшірмешіміз, «хатшымыз» деп атайды. Яғни, олар тарихты жазбаған – бұрыннан бар жәдігерлерді көшіріп құрастырған. Бұны айтып отырғандағы себеп мынада. Хикаяның басында Құрыштың өзі қамбар руынан екені ғана айтылады. Бірақ, парсы әскерінің құрамында қамбарлардың болғандығы, олардың Құрышқа еріп бүкіл қаңлыға қарсы соғысқаны айтылмаған. Алайда, қаңлының әскербасылары неге қамбар әулетін жою керек деп серт қойысады?
Мен осы жайында көп ойландым. Ақырында ұзақ толғаныстың барысында бабаларымыздың тарихи санасының тағы бір озық қасиетіне көзімді жеткіздім.
Қаңлылар тарихты өткен-кеткеннің барлығын жіпке тізетін, жәдігер жинайтын ғылым деп қарамаған. Қаңлылар үшін тарих – ешқашан таусылмайтын экзистенциалдық хикая. Өмірде не болмайды, алайда ертеңгі ұрпақ тату болу үшін, бүгінгі кекті тасқа басып, таңбалап қалдырып керегі жоқ. Жауың райынан қайтса, қырмызы кілемнің үстінде отырып төс қағыстырып достасса, онда оның кешегі қиянатын індетіп керегі жоқ. «Елу жылда – ел жаңа». Көңіл жаңа, жүрек жаңа. Алмаған жау, бітірмеген дау қоймаған, осы бүгінгі әлемдік тарихтын космосын жасаған бабаларымыз, басынан өткен кектің тарихын жазуды керек деп таппапты.
Құрметті оқырман, газеттік мақаланың аясы қаңлы мәдениетінің бұл таңғажайып құбылысын егжей-тегжейлі әңгіме етуге мүмкіндік бермейді. Кейін, реті келгенде бұл жайында арнайы және кең көлемді әңгіме қозғармыз.
Енді хикаямыздың басына келейік. Тұмар әже, қамбардың елшілеріне көңіліндегі кірдің барлығын айтады. Қисарының жолы үлкен болса да, жосықсыз билікке таласып өмір бойы күрестіңдер, ол аз болғандай, өзің қаңлы болсаң да жау жағына (парсы жағына) шығып, соғысқа қатыстыңдар, аталас ағайынның қанын төктіңдер. Құрышқа көмектесіп, парсының туының астында тұрмасаң, мен, әкем Тарғытайды өлтіргендеріңді де ұмытар едім дейді. Елшілер де өздерінің уәждерін айтады. Содан соң қамбардың біреуі Тұмар әженің кеудесіне басын қойып, «Міне, омырауыңа ернім тиді, енді балаңмен емшектеспін, енді де кешірмейсің бе?» дейді. Бұл қаңлының жан алқымға келгенде істейтін ырым-кәдесі екен. Тұмар әже амалсыз кешіреді. Бірақ қамбардың жұртын кесіп береді, осы сенің көші-қоның дейді. Шамамен қазіргі Өзбекстанның территориясына қамалған қамбарлар сахараға шыға алмайды, себебі жолын кес-кестеп қаңлының басқа рулары тұр. Осылайша, Жиделі – Байсыннан бастап қазіргі Румыния мен Венгрияға дейін созылып жатқан далалық – Ұлы Дәштіде содан бері қамбардың көші бір рет те көрінбепті.
Тұмардан кейін патша болған Жайық пен оның тұқымдарының кезінде де, қамбар мен қаңлының басқа рулары не дос, не жау екені белгісіз, екі ғасырдай уақыт амалсыз тоң-торыс көрші болып отырыпты. Әрине, қанқұмар қамбарлар екі ғасыр тып-тыныш отырды дегенге ешкім сенбес еді. Бір-екі рет қамбардың жасағы қазіргі Ауғанстанның жерінде отырған парсының шеткі жұрттарын шабады. Шабады да… парсыны билеп отырған қисарыға бетпе-бет келеді. Жолы жан-жақтан кесілген, тордың ішінде отырғандай күй кешкен қамбарлар, тордың ішіндегі аңның кебіне түсіпті, екі жүз жыл бойы бірімен-бірі ырылдасып, шайнасып, күйкі, ұсақ күрестің үстінде күнін өткізіпті.
Сонымен заманнан-заман өтіп, атадан асып туса да абыройсыз өмір кешкен қамбардың соңғы күні тақайды. Қамбардың түбіне жеткен адам – Ескендір Зұлқарнайын еді деп жазады жәдігерлер. Орыстың тарихи әдебиетінде Александр Македонский деп аталатын жиһангер кейінгі мұсылман дүниесінде Қос Мүйізді Ескендір деген атты иемденген. Дулығасында алтыннан құйған екі мүйіз бар еді, сол үшін Қос Мүйізді Ескендір атанды делінеді. Оның кімнен туғаны, қалай өрлегені, даңқтың аспанына қалай шыққаны мыңдаған тарихи зерттеулерде егжей-тегжейлі айтылған, оны бұл жерде қайталап керегі жоқ.
Бір-бірімен бақас, үнемі жауласып отыратын гректің ұсақ қала-мемлекеттерін (города-государства) тез арада бағындырған Ескендір, енді қолдағы бар күшті топтап парсы империясымен соғысқа дайындалады. Парсымен соғысуға болады, жеңіп жаулауға да болады. Тек… арада қаңлының әскері тұрмаса. Иә, құрметті оқырман, бар кілтипан парсының жерінде қоныстанып отырған, әлемде ешкім жеңе алмаған қаңлының әскерінде еді. Не істеу керек? Қаңлының, ұзын саны отыз мың сайыпқыран әскерін парсының жерінен қалай кетіру керек? Тағы бір көп айтыла бермейтін мәлімет: Ескендір Зұлқарнайынның жанындағы ақылшы-уәзірлерінің барлығы… баяғы Бабылдан қашқан сахабалар екен. Ал, олар қаңлының жайын жақсы біледі. Алғашында Ескендір қаңлының әскербасыларына «Сендер ежелден парсымен жау емес пе едіңдер, енді оларды неге қорғап тұрсыңдар, парсылар бізге де жау, қаңлы мен грек бірігіп неге парсыны шаппасқа?» деп хат жолдамақ болады. Алайда, сахабалар оны бұл жолдан айнытыпты. Қаңлылар дәл қазір парсыны билеп отыр, сондықтан олар сертіне берік халық, сенің айтқаныңа көнбейді, сен ұлы жорықтың қарсаңында сырыңды білдіріп аласың дейді. «Олай болса не істеуіміз керек?» дейді Ескендір. Қисарылардың ежелгі жауы қамбарларға елші жіберу керек дейді сахабалар. Сонымен жын-пері саясаттың доңғалағы айналып жөнеледі. Қырық шақты сахабадан тұратын Ескендірдің елшілігі айналма жолмен, қазіргі Индияның жерімен жүріп отырып (бір мәліметте жерасты құпия жолдармен жүріп) ақыры қазіргі Өзбекстан, Тәжікстан жерінде тар шатқалда қамалып отырған қамбарларға да жетеді. Бұл кезде қамбардың патшасы Салбақ Тегін деген адам болған. Айта кету керек, қамбардың патшасы, баяғыда Тұмардың әкесі Тарғытайды өлтіріп кеткен Салбақ Тегін батырдың тұқымы екен. Атасындай ер болсын деп соның атын қойыпты. Қамбардың қандай күйде отырғанын көрген сахабалар тәтті тілмен үйіріп келіссөзді бастайды. Әуелі ата жұрттан қуылған елдің намысын қайрап алып, содан соң негізгі мәселені қозғайды. Жер дүниені жаулап Ескендір деген жиһангер келе жатыр. Жаратқан Ие оған ерекше міндет жүктеген, осы жолы енді қаңлы жұрты тұтастай жойылады. Тек азынаулақ көмек керек дейді. Қамбардың патшасы ол нендей көмек дейді. Сахабалар айтады, егерде қисарыларға қарсы соғыс ашсаң, сонда күндердің күнінде біз жеңіске жеткеннен кейін сендерді жарылқаймыз, бүкіл Дәштіні мәңгі иелігіңе аласың, бізбен тату-тәтті көрші болып, ата жұртыңда көшіп-қонып жүресің дейді. Салбақ Тегін бүкіл қамбардың әскербасыларын жинап екі күндей құпия кеңес қылып, ақырында барлығын соғысқа көндіреді. Серт алысқаннан кейін сахабалар қайтып кетеді. Салбақ Тегін қамбардың әскерін бір тудың астына жинап, қар жауып тұрған қара күзде Қисарыға қарсы жойқын жорық бастайды.  Атамекеннен қуылған, екі ғасырдай Дәштінің хош иісті ауасын жұта алмай әбден құса болған, ашынған қамбарлар алғашында үлкен жеңіске жетеді, ойында ештеңе жоқ, бөлек-бөлек болып қысқы қыстауына кетіп бара жатқан қисарының талай көшін шауып, қаншама адамды қырып жібереді. Қисарылар да тез ес жиып, қол жинайды. Қаңлы мен қаңлы кескілескен аяусыз майдан басталады. Соғыс қыс бойы жалғасып, көктем келіп, қар еріп жердің миы шыққанда бір толастап, жер кепкеннен кейін қайтадан жалғасады. Қаңлының басқа рулары бұл соғысқа араласпайды. Осы көктемнің басында қисарының патшасы Парсыға, сонда тұрған қисарының жасағына, тез арада қайтсын, Дәштіні өрт алды, соғысып жатырмыз деп хабаршы жібереді. Қисарының әскербасылары хабар алғаннан кейін Дарий ІІІ-ші патшамен қоштасып, асығыс Дәштіге аттанады. Бір мыңдай қаңлы ғана парсыларға қалдырылған екен.
Ертеңіне-ақ, қаңлының парсыдан кеткені жайлы хабарды ести сала Ескендір Зұлқарнайын өзінің жорығын бастайды. Екі соғыс болыпты. Біреуі, Граник деген өзеннің жағасында, екіншісі Гавгамела деген жерде. Осы екі ұрыста да парсының армиясы жеңіледі. Дарьяуш патша қаңлының әскерін отқа да, суға да салыпты. Бірақ, қисарының мың әскері, қандай ер болса да, Ескендірдің жер қайысқан әскеріне төтеп бере алмайды. (Кейбір дерек бойынша Ескендірдің әскерінің саны 80 мың екен). Салмақты үнемі қаңлыға салып үйренген парсының өз әскері тым-тырақай қашып, көбі сол қашып бара жатып семсер мен найзаға ілінген екен. Дарьяуш әйелі мен балаларын, азын-аулақ оққағарларын алып қашқаннан қашып отырып, Дәштіге шығып кетіпті. Осы жерде, шамамен Арал теңізінің жағасында, Ескендір Зұлқарнайынның тынымсыз қуғынынан әбден қажып шаршаған оққағарлар Дарьяушты өлтіріп, басын кесіп алып, патшаның бала-шағасымен бірге гректерге беріледі.
Ескендір Зұлқарнайын парсы империясын екі-үш жылда жаулапты. Македондық жиһангердің жаулау тактикасы Құрыштың тактикасындай болған. Бірді-екілі қала ғана қарсыласып көрген. Империяның қалған шаһарлары, сол баяғыдай, қақпасын ашып жаңа жаулаушыны құшақ жая қарсы алады. Міне, «Ұлы жиһангер» Ескендір Парсыны «жаулап» жатқанда, қамбарлар тоқтаусыз соғысып, қисарыларды ешқайда мойын бұрғызбай ұстап тұрыпты. Арада біраз уақыт өткенде, қисарылар, Парсы мемлекетінің күйреп, Ескендір Зұлқарнайының табанының астына түскенін естиді. Тағы біраз уақыттан кейін Дәштінің шетіне Ескендірдің өзі де жетеді. Қамбар мен гректің әскері қосылады. Бұны көрген, бастары қосыла бермейтін қаңлының басқа рулары ағайынға көмекке келеді, қисарыға қосылады. Жойқын ұрыс қазіргі Өзбекстанның жерінде өтеді. Осы ұрыста қаңлылар «ешқашан ешкімнен жеңіліп көрмеген» Ескендірдің кеүдесін басып, менмен отын өшіріпті. Қамбар мен гректің біріккен армиясы масқара болып жеңіледі. Абыройдан айрылған Ескендір қаңлыдан сауға сұрап, қалған әскерін әзер аман сақтапты. Енді «жиһангер» қазіргі Тәжікстан мен Ауғанстанның тау-шатқалдары арқылы Солтүстік Индияға ғана кете алатын болады. Кетерінде қамбарларға «бізбен жүріңдер» деген екен. Бірақ, Салбақ Тегін бұндай ұсыныстан бас тартады, «не көрсек те осы жерде көреміз» дейді.
Гректер кеткеннен соң, қамбарменен сөз қысқа болыпты. Тағы бір ұрыстан кейін қамбар толықтай күйрепті. Қаңлының біріккен әскерін Жайықтың тұқымы Бұйдакен деген патша басқарған екен, Салбақ Тегінді бүкіл әскербасыларымен алдына алдырыпты. «Егер алдыма тізерлеп тұрып, белдігіңді мойныңа салып, аталарыңның бүкіл қиянаты үшін, өзіңнің бүгінгі сатқындығың үшін кешірім-сауға сұрасаң жаның қалады, ей, қамбар, бірақ, бұдан кейін бөлек-бөлек қылып әр руға олжа қылып таратып жібереміз» дейді. Салбақ Тегін күліп тұрып Бұйдакеннің аяғының астына бір түкіреді. Бұл «анаңды қатын қылдым» деген қорлық сөз екен. Бұйдакен сол жерде семсерін суырып, Салбақ Тегіннің басын бір-ақ шауып түсіріпті. Содан кейін адам айтқысыз сұмдық басталады. Бұл оқиға Варзоб деген шатқалда болған екен. Қаңлылар қамбардың еркек кіндіктісін, бірін қалдырмай қырады, тіпті соғысқа қатысқан жасөспірім балаларды аямай өлтіреді. Ес білмейтін кішкентай сәбилер мен әйелдерді ғана өлтірмепті, әр руға олжа қылып таратып жіберіпті. Тау-тасқа тығылған тәжіктер зәрелері ұшып, осы сұмдық қантөгісті бақылап тұрыпты.
Қаңлының қамбар руы осылай жер бетінен көшкен екен. Саны көп еді, ер еді, бірақ патшаларының ақымақтығынан осылай болды деп жазады жәдігерлер. Әрине, азынаулақ қамбар шаңырақтары Ескендірге ілескен екен. Бүгінде Индиядағы кейбір раджпут тұқымдары осы қамбардан тараған екен делінеді.
Өз жорамалымыз: қамбарлардың кей тұқымдары оғыз, селжүк тайпаларына да сіңіп кетуі мүмкін. Мысалы, әзірбайжандарда Гамбар деген ат, Гамбаров деген фамилия көп кездеседі.
Ал Ескендір Солтүстік Индияға барып Пор деген патшамен соғысып соның елін бағындырады. Содан соң Дарьяуштан қалған ұлы империяны меңгеруге кіріседі. Парсының бір ақсүйегінің (бір мәліметте Дарьяуштың) Раушанақ (бізше – Раушан, орысша, еуропаша – Роксана) деген қызына үйленеді, одан бір ұл бала көреді. Ол баланы тақ мұрагері деп жариялайды. Алайда, барлық уақыттағыдай жауланған елдің элитасы жаңа патшаны аздыра бастайды. Ескендір шарапқұмар, қатынқұмар, нашақорға айналады, парсының шахиншахтарына еліктеп өзін құдай деп жариялайды. Өзін пәлекеттен сақтандырмақ болған ұстазы Каллисфен деген философты арыстанға талатып өлтіреді. Өзімен құлын-тайдай тебісіп өскен кешегі  балалық шақтың достары, бүгінгі әскербасы – диадохтарға, алдыма келгенде етпеттеп жатыңдар, шапанымның етегін сүйіңдер деген сияқты талаптар қоя бастайды.
Ескендірдің өлімінің үш версиясы бар. Біріншісінде, диадохтар бір ішістің үстінде семсерлерін суырып Ескендірді кескілеп өлтіреді. Екінші версияда Ескендір безгектен өледі. Үшінші версияда Ескендір сахабалардың қолынан у ішіп өледі. Біздің ойымызша осы үшінші версия шындыққа келеді, себебі, сахабалардың қашанғы саясаты бойынша қызметін өтеп болған адам осылай өлтіріледі. Империя құрылды, енді Ескендірдің керегі жоқ. Оның орнына айтқанды орындайтын, ноқтаны үзбейтін басқа адам отырғызылады.
Ескендір өлгенде Раушанақ тақ мұрагерін алып сарайдан қашады. Алайда, диадохтар ақтармаған жер қалдырмай тінтіп жүріп «жиһангердің» жесірін табады, баласымен қосып өлтіреді.
Парсы империясының территориясында бір-біріне тәуелсіз, ал ең бастысы бір-бірімен бақас, жау бірнеше мемлекеттердің пайда болуы да сахабалардың тамаша саясатының көрінісі.

(жалғасы бар)

«Қамбардың есімі» мақаланы оқу

«Алматы Ақшамы», 2013, ақпан