Құсбегілік өнер немесе қанаттылар ханы…

Бақытбек Қадырұлы

Құрметті оқырман, осы мақаланы жазу маған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі «Жазу тарихы мұражайын» аралап жүргенде келіп еді.

Ұлы тарау…

Құсбегілік – бағзы  заманнан, есте жоқ ескі заманнан қазақтың бекзада өнерінің бірі, әрі бірегейі екендігіне шүбә жоқ. Аңшылық өнердің бір қыры. Сонау ықылым заманда ата-бабаларымыз соғысқа пайдаланған деседі. Қыранмен шекараны қорғайтын болған. Ал, аң аулап салбурын құруы ол жанама қызметі болса, тұрмыс-тіршілігінде бой сергітіп, күндік талшығын айыратын кәсібі болды.  Кейіннен заман өте келе сал-серілер мен белгілі бір аңшылардың құралына ғана айналды. Бүгінгі таңда  ауқымы тарылып, ақсап тұрған өнердің бірі. Осыдан бір ғасыр бұрын құсбегілік өнерді алғаш зерттеген ұлы академик Әлкей Марғұлан: «Бұл — ұлы мәдениетіміздің зерттелмей тұрған ұлы тарауларының бірі»,-деген болатын. Осы Әлекеңнің «әттеген-ай» деп кеткен тарауының бір тармағына хал-қадірімізше қалам тербеп көрейік.

Құсбегілік өнерді «Есте жоқ ескі заманнан» дейтініміз оның 3 мың жылдық тарихы бар екендігі. Бұл ел аузындағы аңыз бен белгілі зерттеушілеріміздің айтуы бойынша. Ендеше осы аңыз әпсаналарды естіп отырып, мынадай ой түйесіз: қондыгерлердің (сақтардың)  ат үстінде арқар соғып, тағыны жетіп қайырған тазысы мен көк тәңірінің кереге қанат бүркітімен абадан арлан, алқызыл түлкі аулап жүргені сөзсіз көз алдымызға елестейді. Бұл дегеніңіз, аспандағы тәңір тағысын қолға үйрете бастады дегеніміз емес, тіптен, одан да ертеректе дәуірлеген өнер болуы мүмкін. Себебі, көшпенділердің «атакәсібінен» кейінгі өнер – аңшылық өнер.

Қытайлар қорқатын қоң (ғұн) немесе хұнну осы ғұндардың тәңірқұты Қыран Баба қытайлардың көне астанасы болған Чан-Ань қаласын басып алған тәңірқұты немесе  Қыран Диң тәңірқұты. Ғұн патшаларына берілген титулдағы жалғанған қандай қыран бұл? Ол қыранғылықтың белгісі, сыртқа айбар «көк тәңірінің киелі құсы», (көне түрік аңыздары бойынша) айдаһардың да түгін жығатын пысы (метафизикалық ерлігі). Бөрі емес, аң патшасы арыстан да емес «қыран» деп атауына үңілсек, бөрінің де  қабырғасын қаусататын қыран бүркіт. Иә, сондықтан да қағандарға берілген  титул. Осы орайда,  «құсбегілік» ғұн бабаларымыздың тұсында да ақсүйек өнері болғанын көреміз.

Көк түріктердің ұлы қағандары Елтеріс Құтылық қаған мен оның ұлы, қолбасшы (бас бұйрық) Күлтегіннің тәжісінде қыран бүркіт (самурық деп те айтылады) бейнеленген. Бұл орхон өзені, Өтүкен жынысындағы археологиялық жұмыстың нәтижесінде – мүсін тастардан белгілі болған.  Түрік империясын гүлдендірген Құтылық қағанның інісі Қапаған қағанның   (Бөгу-чор) құс көтеріп аң аулау сүйікті ісі болған. Бекзадалардың бекзада өнері болғанының тағы бір айғағы. Жазушы ғалым, Тұрсынхан Зәкенұлы «Мәңгітас» атты тарихи еңбегінде көркем суреттеген. (Алматы 2012. «Мәңгітас» 469 бет). «Қапаған қаған жанына Күлтегін мен ағасы Бөрі Оғыланды ертіп Өтүкеннің кең төскейін сауырлап, артынан қосшыларын ертіп, саят құрып шыққан еді… Бұл далада баспаған жері, бармаған елі қалмаған Қапаған үшін өз өлкесінде, ұйық мекенінде ит жүгіртіп, құс салып, ұзақты күн ат үстінде саят құрғаннан артық қуаныш жоқ-ты», -дейді.

Байырғы түрік бітіктерінен Бүркітчин деген жердің атауын кездестірдік. Ол қазіргі қытайдың Алтай аймағындағы Буыршын өзені. Заман өте Буршын болып өзгерген. Осы Бүркітчин деген сөзді талдап көрсек, Бүркіт  – түбірі, -чин  – жалғауы; -чин жалғауы -ші, -шы болып оқылады. Сонда бұл сөз «Бүркіт+ші» болады. Демек, Алтай өңірі ежелден құсбегі, бүркітші аңшылардың мекені болғанына дәлел. Көк Түріктер анасына балаған алып кіндік Алтай территориясы жалпы аң аулап салбурырын салудың нағыз сахнасы. Қадым заманынан қалған Үйсін аңызында Елжауби жетім қалып, көк бөріні емеді. Көк бөріге аспаннан қыран құс жем әкеліп асырап тұрған деседі. Бұл жерде,  бөрі – аналық болса, бүркіт – аталық рөлді атқарып тұр. Жоғардағы Бүркітчин сөзі екі түбірден тұрған болуы да әбден мүкін. Өйткені, Бүркіт – түбірі. Чин – шене, яғни бөрі атауы  немесе байырғы түріктердің аталық әулеті ашинамен байланысты. Бүркіт, бөрі деген екі түбір кірігіп жердің атауына айналуы мүмкін. Қалай алсақ та, кұсбегілік өнердің тарихи айшықтарының айқын дәлелі бола алады.

Құсбегілік өнердің тарихындағы байырғы түріктерде мықты дамуының тағы бір бұлтартпас дәлелі «Диуани луғат ат-түрік» атты еңбектегі Махмұт Қашқаридың мына бір өлеңін айтсақ болады. Онда былай делінген:

«…Құлан киік аулатып,

тамаша қылып қуансам.

Асауды мініп тулатып,

…итке (тазыға) киік қайыртып,

ұстап соны бір тынысам,

аңға барып құс салсам», -деген толғауынан аңғаруға болады.

Ертеректе салынып,  Қытай елінде сақталған суреттердің бірінде төрт атты тері биялай киіп, бүркіт көтеріп тұрған адамдар бейнеленген. «khitan using eagles to hunt. The Chinese Song dynasty 960 ad 1279» атты көне картина. («Қыран бүркітті қытайдың цинь династиясында (960-1279) аңға қолданатын»). Суретте адамдар: қусырма шапанды, айдарлы немесе тұлымды келген.  Бұл шамамен ҮІІІ-XIII ғасырларға тән, салбурын салған түрік тайпалары деген тұжырым жасадық (Таң, Цинь патшалығының аңшылары табығаштанған түріктер екені тарихтан белгілі). Бұл жорамалымызды салбуырын салып жүрген аңшылардың киім киісіне қарап, ой сабақтап отырмыз. Өйткені, бұл портрет түрік тайпаларына ұқсайды. Бұған дәлел, жазушы Мұхтар Мағауинның «Аласапыран»  атты кітабында: қыпшақтар, керейлер,  наймандардың тұлым қоюы тайпалық белгісі екендігін анық айтып өткен. Тарихта Жошы ханың үш жүз бүркітшісі болған, және онымен салбурын құраған. Абылайдың екі жүз нөкерімен аңға шыққандығы… қарап отырсақ құс салып, ит жүгірту – тәж киіп, тақта отырған қағандар мен би-шоралар қастерлеген бекзада өнер екендігі бесенеден белгілі болды. ХҮІІІ ғасырда атақты жалайыр Шора қыран құстарды  үйірмен, яғни, саршасы мен ұябарын үлкен қапас ішіне бос жіберіп қолға үйреткен. Қазақ саятшыларының тарихында ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда башқар аңшылары бірінші топқа кіретін Оралдың ақ иығы мен күнбатыс сібір суығына тоңбайтын шудалы қырандарды  Орал тауынынан көп ұстап, Орынбор, Уфа, Троицк қалаларында болатын жәрмеңкеде қазақ саятшыларына ең қымбат бағамен сататын болған. Совет үкіметі аспанда ұшқан құс екеш құс пен аңғардағы аңға да шүйлікті. Тарихтағы қазақ даласындағы құланның қырылуына ұқсайтын, бағалы аңдарды арылтуға әкеп соқты. Оның көрінісі: ХХ ғасырдан бұрынғы аң аулау әдісі бүтіндей басқа болды. Ол үстем таптың құмарта қолданған әдісі «қамарға» (қамау) деп аталған. Оның мәнісі: аңы көп бір аудан жерді қалың қол тізбегімен айнала қоршап алып, оның ішіндегі аңды сыртқа жібермей, ортаға қарай тықсырып соғатын болған. Бұл әдісті  академик Әлкей Марғұлан «өрескел» деп бағалады. Академик Фальктың  байқауынша «Қазақ шаруалары» ауланған аң етін жеп, терісін сатып  пайдаға асырған. Аңшылық оларға бірталай табыс келтіріп кәсіп түріне айналды», -деді. Қазақ аңшылық кәсіп туралы Паллас, Георги, акад. Фальк, Рынков, акад. Шреник жазды. Бұл ғалымдардың бір қиыс кететін жері қазақ құсбегілік өнерін «қара шаруадағы» қарапайым халықтың ғана қолданған кәсіп түрі деп, мешел түсінді. Құсбегілік өнері қазақтардың бекзада өнері  екендігін білсе де бүкпелеп келді. Көшпенділердің рухани-мәдениетін түсінбеген, басқа жұрттың қөзқарасы немесе кеңестік идеологиясының кесірі.

Қондыгердің қолына қонған құт.

Енді «құсбегілік» сөзіне келсек – «құс» сөзі белгілі, «бек» бек жақсы көрмектік. Атбегі, құсбегі деген секілді. Көне түріктердің «бек ұлдар» деген атауымен де астасып, үндесіп жатыр. Ал, «бүркіт» сөзіне этимологиялық талдау жасап көрсек, екі түбірден тұратын сөз екен. Бүркіт, айтылуы: бүркүт. Бүр+күт, бүр – бүріп ұстау деген мағынада болса,  күт – күтімі, бабы. Енді  «күт» орнына «құтты» қойсаңыз, аңға шыққан сайын олжа құт әкелуі немесе тәңірқұт деген секілді. Көшпенділерге берген тәңірдің кұты.

Жалпы құсбегілік өнер түрік тамырынан тараған тайпалардың құнды жәдігері екендігіне тағы бір мысалды алға тартып отырмыз. Ол, моңғолдардың бүркітті қастерлеп «бургэд» [бүргід] деп атауы.  Олар бүркітті «Құс патшасы» десе, тыбалар мен уранхайлар  қасқырдың  тісі мен  қыранның тегеуріні тиіп, қанталаған жерін әдейі жейтін болған. Ол «бақыт әкеледі» деп сенген. Қақас жұрты мен алтайлықтар бүркітті киелі санап, оны бақсылыққа пайдаланды. Бұл үрдіс бертінге дейін бізде де болды. Орыстар «орёл» немесе «беркут» дейді. Орыс тіліндегі көптеген сөздердің көне түрік тілінен екендігі (Олжас Сүлейменов пен Серікбол Қондыбайдың еңбектерінен) бәрімізге белгілі. Жалпы, бүркіт атауы «ортақ атауға» ие екендігін  түрік тектес халықтардың бәрінде ұқсастығы барын аңғардық. «Қазір ғылымда «палеоазиаттар» деп аталатын жаңа тақырып, жаңа дәріс бар. Жердің тектоникалық тарихын зерттейтін ғалымдардың айтысына қарағанда, осыдан әлденеше мың жыл бұрынғы көне замандарда Америка мен Еуразия бір құрлық болған екен. Ол кезде Америкамен екі арамызды бөліп тұратын Беринг бұғазының нышаны да жоқ екен. Кейіннен сұмдық планетарлық апат кезінде біртұтас құрлық ортасынан «сынып», екі «сынық» екі жаққа кетіпті. Ортасынан бұғаз пайда болған. Немесе тектоникалық тарихтан, енді адамзат тарихына келетін болсақ, бәрі де өз-өзінен түсінікті болып шығады. Ұлы апат кезінде біртұтас құрлық қана «сынбаған», қарағанда көз талатын сонау ықылым (әлде 50-60 мың, әлде тіпті 100 мың жыл бұрынғы) заманнан бері осы құрлықта өсіп-өніп келе жатқан бір ұлы нәсіл де ортасынан «сынған». Жартысы Америка құрлығымен бірге жер шарының қарсы бетіне кетіп қалған. Сеніңіз-сенбеңіз, тектоника ғылымы осылай дейді. Генетикалық анализ кезінде америкалық үндістер түрік халықтарымен нәсілдес…»,- дейді жазушы ғалым Таласбек Әсемқұлов ағамыз. Осы кіндік Алтайдың бір сынығы үндіс бауырларымыз бүркітті «колдоур» деп атайды екен. «Қанды ауыз қақпан, қандауыр бүркіт», «қадалған жерден қан алатын қандауыр» деген де тіркестер бар. Кондоур сөзі – осы қандауыр сөзінен қаншалықты айырмашылығы бар? Үндістердің тағы бір бүркітті қатты құрметпен қарайтынының айғағын сыбызғысынан байқадық. Сыбызғы сазының үстіңгі жағында бүркіттің бас бейнесін ағаштан ойып жасаған. Одан шыққан дыбыстің үні кәдімгі бүркіттің көк аспанда самғау көгінде қалықтағаны еріксіз көз алдыңызға бейнеленеді. Көшпелі бай арабтарда, ақсүйек бәдәуилері құс салып, саят құруды өздеріне зор мәртебе санаған. Бірақ олардың қыран бүркіттен гөрі кішігірім сұңқар көтеруге ғана мүмкіндігі жетті. Өйткені, олар түрік халықтарындай ат өнеріне жеттік емес еді. Басқа ешбір ұлттарға бұйырмаған даланың иесі мен киесі  айналып келгенде, қыран бүркітті қыдырындай қадірлеп, төр  тұғырына қондырған қоңдыгердің ұрпағы.  Дәштінің  даласынан өз орнын тапқан ұлы үйлесімділік. Қанаттылар ханы байрағымызда қалықтап, айбарымызды арттырды. Байырғы бекзада өнер ұрапақтан ұрпаққа жалғасып, өз сабақтастығын тауып келеді. Барған үйімде «тоғыз ұлы болса екен» деп тілейтін адал дос, ер азаматының зәузаты киелі құс, тіптен, көшпелілердің өсіп өнуіне (демографиясына) тілеуқор болған. Толғағы қысқан әйелге қыран бүркітті қаратып оның жилеген толғын жеңілдеткені мәлім. Қыранның тазалығы, оның тектілгі толған аңыз бір-бір хикая.  Кішкентай кезімде «Тінейдің сары құсы» атты әңгіме оқыған едім. Сол әңгімеде Тіней ақсақал қартайып, өмірден өтер шағында ел жұртын жиып, өсиет айтады: «Мен өлген соң сары құстың томағасын сыпырып жіберіңдер», — дейді. «Құла атты алтай қар суынан «тұлдап» жіберіп асыма сойыңдар. Менің асым болған күні сары құс өзі келеді, сол кезде сары құсқа құла аттың қазысысынан  тойғанынша беріңдер де, жіберіңдер»,- деп өсиет айтыпты. Тіней шал қайтыс болады. Жыл өтіп асы беріледі. Ақсақалдың айтқанындай асында сары құс Алтай тауын алты айналып, асқа келеді. Сол кезде құла атты сойып жатқан жігіттер өсиеттен бейхабар екен. Қонып отырған сары құсқа кұла аттың өкпе, ішек-қарынын тастай салады. Өкпеге өкпелеген Сары құс аспанға қайта қалқып шығып, оқтай зулап төменге қайта түсіп, ішек қарынды іліп алып қайта көкке көтеріліп кетеді де, ішек қарынды тастай салады. Сағы сынып құсаланған сары құс көк аспанның көз жетпес зеңгіріне кіріп кетеді де, төменге жебедей шаншылып, құлдилап сорғалап түйілген күйі қатты екпінмен келіп, Тіней ақсақалдың құлып тасына бар екпінімен келіп соғылып өледі. Міне, бұл аспан тағысының тазалығы мен тектілігі «ақ өлімі».

Қыран бүркіттің қыр-сырынан қысқаша.

Бұрындары қазақ халқы бүркітті киелі құс санап, оларға «Дала сермендесі», «Көк тәңірі», «Аспан еркесі», «Құс патшасы», «Қанаттылар ханы», «Құдайдың қазаққа еншілес берген құсы», — деп те мақтау мен мадақтау айтқан. Бүркіттің пірі – Шегірбаян.  Қыран құстардың бүркіттен басқа қаршыға, сұңқар, ителгі, тұйғын, т.б тұяқты қырандарымен аң аулаған. Құстар  желбесін құстар  және тұяқты құстар деп екіге бөлінеді. Бүркіт осы тұяқтыларға жатады.  Бүркіттер 25-30 жыл өмір сүре береді. Жасына келсек: 1 жастағысы — балапан, 2 жастағысы — тірнек, 3 жаста -тастулек (қантүбіт), 4 жаста — ана (Ұя салатындығына байланысты), 5 жаста – мұзбалақ,  6 жас — көктүбіт, 7 жас — қана (құмтүлек), 8 жас — жаңа, 9 жас -майтубіт (қоңыртүлек), 10 жас -барын (кәрі түлек), 11 жас — баршын (ақ түлек), 12 жас -шөгел (ақыр түлек) кей жерде 12 жастағысын «баршын» деп  жатады. Атаудан байқалатыны, құстың өсім қабілеті мен түлеген соң қауырсындарының өң-түсінің өзгеруіне байланысты. Бір мүшелге жеткен соң құс баршындап, қимылы баяулап, қайраты қайтып, кәрі шөгелге айналады деп түйген. (Қыран құстардың жас атаулары аймақтарына қарай әр түрлі кездеседі. Ғалымдардың да тізімдері әр қалай боп келетіні содан.) Бүркіттің аяғы 4 саусақты. Оның атаулары мынандай: артқысы – тегеуріні, ішкісі – жембасар, ортаңғысы – сығымы, шеткісі – шеңгелі. Академик Әлкей Марғұланның зерттеуінше, қазақ тілінде тікелей бүркітке қатысты 1,5 мыңдай ұғым бар. Жалпы бүркітке байланысты ары қарай айта берсек аңыз- әпсаналар, оның емдік және пайдалы тұстары жетерлік. Қалай алу, қалау,  баптау оның барлығын қазақтың жаны болған этнограф, ғалым Ақселеу Сейдімбек атамыз «Бүркіт» атты этнографиялық әңгімесінде тәпсірлеп, егжей-тегжейлі жазды. Оны қайта көк малталаудың керегі де жоқ сияқты.

Бір қызығы құсбегілікке көлденең көк атты келе бермейтіні таң қалдырды. Бірде Өнерхан Шабақбайұлы деген Алтайдың атақты кұсбегісімен әнгімелесіп қалғаным бар еді. Сонда Өнең айтады: «Отау көтеріп еншімді алған жас кезім еді. Ат жалын  тартып мініп ержетіп келе жатқан ұлымнан айырылдым. Қолғанатқа енді жарадым-ау дегенде  бауыр еті баламнан айырылып, қанатымнан қайырылдым. Қабырғам қатты қайысты. Өзегіме өрт кетіп, меңдеген күйіктен шыдай алмай бір күні жотаға шықтым. Кенет есіме бір нәрсе сақ етіп түсе қалмасы барма, сөйтсем, түлкіге құрып қойған қақпаным есіме түсті. Ақыры мимырт жүріп қақпаныма барсам үлкен  сарала қанат ақ иық қыран отыр екен. Түскеніне көп бола қоймапты. Талпынып-талпынып қояды. Ары-бері ойланып, бүркітті шапаныма орап үйге әкелдім. Үйге келсем бір-екі бел асып, сақалдарына мұз қатып, қайғыма ортақтасуға кілең қарт ақсақал, көксақалы бар бір топ адамдар келіп отыр екен. Аман- сәлемнен кейінгі әңгіме әлгі бүркіт жайында болды. Төрде отырған Сақаң, Құмаш ақсақалдар бұл жағдаятты қатты ырымдап жақсылықа балады. Менің көңілімді аулады ма, білмеймін «бұл саған қонған құт қарғам, өмірден өткен балаңның рухы», — деп осы құсты көтеруді бұйырды.  Мен ақсақалдардың сөзін жерге тастай алмадым. Қария кұсбегі батасын беріп, құсбегіліктің қыр-сырын түсіндірді. Осы бүркітті  көтеріп аңға шыққалы, бар қайғымды ұмытып, өксігімді бастым. Алдынан кесе көлденең құйрықты өтіп көрген жоқ. Ұстағанын уысынан шығармайтын нағыз қыран екен. Тау кезіп,  қансонарда қалың ізді қуып көңілім өсті. Кейін әйелім жеті-сегіз құрсақ көтерді. Аллаға шүкір, бәрі аман-есен. «Барған үйімнің тоғыз ұлы болса екен» дегені осыдан деп түсіндім. Осы Алтайдың сарала ақиығын жиырма жыл жолдас еттім. Құсбегілікпен айналысқаныма отыз жыл болды. Жалпы қызығушылықтан гөрі, құсбегілік атадан яки өзі қонатын құт екенін түсіндім», — дейді. Мінекей, құтты саяхаты мол, саятшылық өнеріміз саян таулардың саясындағы тарих боп қана қоймай, хакім Абайлардың ізімен бекзада өнеріміз Дәштінің даласында жалғасын таба берсе бәсірелі іс болар еді.

Қазақ қыранан – қырағылық пен ептілікті, тұлпардан – тектілікті, бөріден – өрлік пен ерлікті болмысына, яки  қанына сіңірген халық. Бүгінде бөрі жайлы оның тектілігін айтсаң «тәңіршіл», «шаман» болып шыға келесің. Ал, біздің ата-бабаларымыз бөріге қос қолын жайып табынып емес, олар бөрінің тағылық – тазалық қасиеттерін геніне, ұлттың стихиясына айландырды. Бөрінің алпыс түрлі қасиетін қазақ өнге тұтқан. Ол өз алдына үлкен бір әңгіме. Қыран бүркіт те дәл сол секілді дүние. Мысалы, қазір көп жыл құс баптаған құсбегімен әнгімелесіп отырсаңыз даладай дархандығы, баладай аңқаулығы мәрт, жомарттығын байқайсыз. Осы қасиет аспан сермендісінің қазаққа жұққан тектіліктің жұқанасы ғана. Қазақ халқы басқа жұрттардан гөрі олардың үлгі тұтқан тотемдері өте текді асылзада аң мен құс; аңнан – бөріні, құстан – бүркітті, малдан – жылқыны ерекше бағалаған. Кең алып кеңістікте өздерінің айналасындағы сұлу табиғатпен етене байланысты. Бұл тасқа табыну емес. Ол көшпенділердің рухани-мәдениетінен адастыру үшін айтылған сыртқы немесе ішкі ұлттық рухани мүгедектердің  дақпырттары. Біз осы бір шағын мақаламыз арқылы қазақ дейтін халықтың асылтекті ата-бабаларымыздің бекзада өнерінің кішкентай ғана ұшығын шығардық деп ойлаймыз. Бөрінің өрлігі, жылқының тектілігі жайлы жазу, Алла жазса, болашақтың еншісінде.

ххх

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратындағы  «Жазу тарихы мұражайы» дейтін көне жәдігерлері музей бар-тын. Жаныма жолдастарымды ертіп, мына тасбауыр кеңістіктен бір тасаланып көненің сырлы жауһарларына бір сүңгіп алмақпыз. Мұражай, айтса айтқандай, неше мың жылдықтың сарғайған тілінде сайрап тұр екен. Төрде Құтылық қағанның бас мүсіні…Түріктің алты абадан қағандары… Сол жақта Томсон, Радлов т.с.с авторлардың түрік бітік жазуы хақындағы еңбектері… көне брахман жазуы, көне түрік бітік жазуы, соғды жазуы… қазақ даласындағы бүгінгі криллицаға дейінгі барлық жазулардың тарихи мұралары… қысқасы, көненің көзі, бабалар сөзі тұрған тарихқа тұнған мұражай екен. Енді бір сәт төрдегі түрік бітік тастардың суретін көріп тұрып, «бөрі мен тұйғын» деген суретті көзім шалды. Асылы тұйғын емес қыран бүркіт болса керек. Дәл осы сәтте әжем жарықтық айтып отыратын әлгі (қайталап айтайын) аңыз есіме түсті: «қадым заманда Үйсін  Елжау би жетім қалып, көкбөріні емеді. Көк бөріге аспаннан қыран құс жем әкеліп асырап тұрған» дейтін. Ал, мына тасқа бейнеленген суреттегі құс пен бөрі аңызбен айна-қатесіз бірін-бірі дәйектеп тұрғандай. Бөрі – аналық болса, бүркіт – аталық рөлді атқарып тұр. Әпсана. Көз алдымда көне тарих жүріп жатқан… Кенет сілтідей тұнып тұрған тыныштықты жанымдағы жігіт бұзды. Өзі аздап шолақ молла болатын. Арсалаңдап «Итқұсқа табынып не көрінді, қадалып қалдың ғой тегі»,-  деп қарқ-қарақ күлді. Біз бүгін миымыздың қауашағы жетпеген жерін миф, немесе ертегі дей салатын дәрежеге түсіп қалдық. Шын мәнісінде ертегілердегі танымды ала алғанымыз жоқ. Ұстын тастарға тіл бітті, төрдегі көк тудағы қыран қомданып… көне жәдігерлер сөйлей бастады. Еріксіз қолыма алдым…