Құнанбай (үзінді)

«Қазақфильм» киностудиясында «Құнанбай» атты көркем фильм түсірілгелі жатыр.

Алмағайып кезеңде өмір сүрген, замананың қалпын жазбай таныған кемеңгер, елдік үшін күрескен ардагер Құнанбай, қазақ әлеүметінің көптен күткен қалаулы кинобейнесі. Фильм сценарийінің авторы  — жазушы Таласбек Әсемқұлов. Фильмнің режиссері — белгілі өнер қайраткері Досхан Жолжақсынов. Оператор — Рифхат Ибрагимов. Сайтымыздың оқырмандарының өтініші бойынша киносценарийден үзінді беріп отырмыз.

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ

Пролог

Күзгі сахара. Бүкіл дала қоңырқай тартқан. Арқаның қызылкеріш жолымен шағын керуен келе жатыр. Алдыңғы тарантас арбада полковник шеніндегі орта жастардағы адам. Самайын қырау шалған. Жүзі шаршаңқы. Шинелін желбегей жамылып тарантастың арқалығына сәл шалқайыңқырап отыр. Одан кейінгі, шөп төсей салған жайдақ арбада Құнанбай келеді. Басында бөрік, үстінде сұр матадан тіккен күзгі шапан. Малдас құра отырғанда көк барқытпен тыстаған саптаманың қонышы делдиіп тізесінен асып тұр. Жеті-сегіз атты казак, полковниктің мінген тарантасынан озбай,  аттарын тежеп келеді. Құнанбай артта ирелеңдеп қалып бара жатқан жолға, алыс көкжиекке көзін қадап отырып ойша өткен өмірге шомды. Ақырын ыңылдап айтқан «Көкаршынның» аясында, айналасы ат шаптырым айдын көлдің атырабында өткен Өскенбай асының көріністері атойлай көтерілді.

 

1-ші эпизод

Көктемнің кезі еді. Үлкен жазықта ақ шаңқан, боз, қоңыр, сұр, қара – мыңнан астам киіз үй тігілген. Аулақтағы ас-су дайындайтын қараша ауылдың өзі – жүз үйден көп. Қызмет қылып су төгілмес жорғаларымен ары-бері лыпылдаған даяшы жігіттер. Оттан түспей сақырлап қайнаған қазан, қымызға лықа толып кілкілдеп сынбай тұрған тайжүзген сабалар. Қызылды-жасылды киініп ерсілі-қарсылы жүрген бай-мырзалар.

2-ші эпизод

Аттарын жетелеп ақ киізбен жапқан төрткүл ордаға қарай келе жатқан айбынды топ көрінді.

Есіктің алдында жұртты бастап тұрған Құнанбай қарсы жүрген.

— Амансың ба, Барақ! – деген ол қол созым жерге келіп, — Ат-көлік аман келдің бе?

— Есенбісің, Құнанбай, — деді сымбатты, зор денелі, қызылшырайлы Барақ.

Екеуі айқара құшақтасқан. Құшақ  жазылғаннан кейін Барақ Құнанбайдың үстіндегі хорунжий формасын, иығындағы эполеттерін, беліндегі салақтаған қылышын шолып өтіп мырс етті.

— Ей, Құнанбай, жауға баратындай жасанып алыпсың ғой.

Осы кезде соңынан ағайын-туғанды ерткен Құнанбайдың шешесі Зере көрінді. Әлі өңі таймаған, бойы тік, сары жібек көйлек, қара мауытыдан тіккен шапан, қардай аппақ кимешек киген кейуана Барақ төреге құшағын ашты.

— Кел, қарағым. Сен де менің ұлымсың. Сендер тату болсаңдар қатын жесір, бала жетім қалмас еді ғой.

— Зере әже, бақуатсыз ба, — деді Барақ Зерені құшақтап жатып. — Өскенбай әкеміздің жатқан жері жайлы болсын, артындағы жұртына қайыр-береке берсін.

— Ал, төрлет, қарағым, — деді Зере төрткүл орданы меңзеп. — Өзіңе тіккен ақ орда. Жайғас. Төгіп-шашып іш, же. Көңіл көтеріп отыр. Өз елің, өз үйің.

Құнанбай, Барақ, Зере бастаған алқалы топ әуелі  сол қол жақта төрткүл ордадан қиыстау тұрған, жоқтаушы әйелдер отырған он екі қанат ақ орданың алдына келді. Ордадан марқұмды аза тұтып жылаған әйелдердің дауысы естіледі. Орданың босағасында, жел өтінде желбіреп тұрған қара туға бір сәт қарап қалған Барақ төренің көзінде қаймыжық жас пайда болды.

Құнанбай беліндегі белдікті екі қолымен сәл ырғап қалып, еңкейіп ордаға кірді. Үй ішінде кескекті кәрі бәйбішелер, ардақты аналар, саркідір орта жастағы әйелдер, он шақты бойжеткен, кіре берісте 6-7 жасар бірнеше кішкентай қыздар – Өскенбайдың бүкіл тұқым-жұрағаты жоқтау айтып отыр.

Құнанбай аз тұрып, жылап-сықтау бір толастағанда әйелдерге басу айтқан.

– Ал, қарақтарым! Ардақты жеңешелерім! Бір жыл бойы жоқтадыңдар! Аруақ риза! Бәріңе алғыс! Енді қайғыдан арылыңдар! Көздің жасын құрғатыңдар!

Құнанбай сыртқа шықты да босағадағы туды бауын шешіп ағытып алды. Содан соң көктемнің желімен шалқып, дүрілдеп жанып жатқан кісінің бойымен бірдей алаудың жанына келіп, туды жерге қадап, өзінің зор дауысымен бүкіл даланы жаңғырықтырып айқай салған.

– Уа, жамиғат! Әкем Өскенбайдың арманы жоқ екен! Енді еңселеріңді көтеріңдер! Осы нәсіптің барлығы аруақтарға тие берсін!

Осыны айтқан Құнанбай тудың найзасын тізесіне бір-ақ ұрып сындырып, жалпылдаған қара туды отқа тастаған.

Осы кезде бір адам Өскенбайдың тұлданған атын әкеліп, қоңыр текеметтің үстінде малдас құра отырған сұр шапанды  молланың алдына келіп тағзым етті. Молла қысқа дуға қайырып, аузын сипады. Жүресінен отырған қасапшы орнынан тұрып, аттын мойнынан құшақтап, кешірім сұрағандай, көзі мейірлене жасаурап, күбірлеген.

Жарын күткен арудай,

Адал болған қазан ат.

Молла да, тұрған жұрт та, кәрі-жасы барлығы көздерінің жасын бір-бір сығып тастаған. Қасапшы атты жетектеп алып кеткенде Құнанбай өз тобына үйге кіріңдер деген белгі жасады. Ақсүйек төрелер төрткүл ордаға қарай бет алған.

3-ші эпизод

Төрткүл орданың төр үйі. «П» әрпі сияқты құрылған жатаған үстелдің белі қайысып тұр. Жал-жал бауырсақ пен шелпек, табақ-табақ қуырдақ, төбе қылып үйілген өрік-мейіз, жаңғақ пен науат, кесе-кесе сары май мен бал.

Төрде  Барақ пен басқа ақсүйек төрелер, елге қадірлі ақсақалдар. Олардың оң қапталын ала Құнанбай, одан төмен  тобықтының байлары, Семей мен Қарқаралының, Керекудің саудагерлері отыр.

Әйел затынан Құнанбайдың шешесі Зере, бәйбішесі Күнке, тоқалы Ұлжан мен бірнеше кәрі кейуана және күтуші қыз-келіншек қана бар. Зере Барақтың сол қапталын ала төменірек отыр.

Кенет Құнанбай төменіректе, Керекүдің саудагер-көпестерімен жапсарласа отырған, басында қоңыр топысы бар, істік мұрын, қуақы жүзді адамға қарата қатты дауыстай сөйлеген.

– Ей, Тонтай! Осы сен мені «Құнанбай мерген» деп сыртымнан келемеж қылып жүр дейді ғой. Көзімнің кемістігін айтқаның ба? Тап осы жерде жоныңнан таспа тілдірсем бола ма?

Орданың ішіндегі көңілді әңгіме сап тиылды. Жүзінен күлкі арылмаған Тонтай орнынан тұрып, дастарханның ортасындағы алаңқайға, Құнанбайдың карсысына келіп, қолын құсырған.

– Уа, тақсыр! Сізді келемеж қылып өле алмай жүр дейсіз бе? Иен далада көмүсіз қалармын. Айтайын дегенім, тақсыр, қалмақтар өздерінің билері мен шешен адамдарын мерген деп айтады. Мен сорлы, сіздің шешендігіңіз бен қара қылды қақ жарған әділетіңізді айтып тамсанып едім. Қылша мойным – талша.

Тонтай басын иген.

– Солай ма? – деді Құнанбай жан-жағына қаранып.

– Осы біздің Ике әжеміз ұраңқай қалмақтан ұзатылып келмеп пе еді? – деді Барақ жымиып, – Осы әжемізге жүгінейік те.

Жұрт Зеремен қатар отырған қиықша көз, қоңырқай жылы жүзді кәрі кейуанаға аңтарылған.

– Рас айтады, – деді Ике әже басын изеп, – Қалмақта шешен адамдарды, билерді «мерген» деп атайды.

– Әже, мерген деп атқан оғын дәл тигізетін адамды айтпаушы ма еді? – деді саудагерлердің бірі.

– Сөздің мергені дегені ғой, қарағым, – деді Ике әже жымия басын изеп.

Тонтай «естідіңіз бе» дегендей оң қолын кеудесіне қойып басы жерге жеткенше иілген.

– Саған дауа жоқ екен, Тонтай, – деді Құнанбай шыдай алмай мырс етіп.

Осыны күтіп отырғандай, жұрт орданы басына көтере күлген.

– Ей, Құнанбай, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеүші едің, – деді Барақ күліп отырып, – Ал, әне, Шаншардың қуынан жеңілдің.

Содаң соң жамиғатқа жағалата қолын сермеген.

– Кәне, Тонтайға байрақ тастаңдар! Сөзден жеңген адамның аты бәйгеден келгенмен бірдей.

Аздан соң лыпылдаған даяшы жігіт табақта тау болып үйіліп жатқан сақина, білезік, күміс рубльдерді ақ орамалға түйіп Тонтайдың қолына ұстатқан. Тонтай ауыр түйіншекті үйдің іргесіне қоя салды.

4-ші эпизод

— Жанақты келтіріңдер, — деді Құнанбай есіктегі күтуші жігітке қарап. Жігіт иіліп шығып кетті.

Аздан соң төр үйдің табалдырығынан аяғы сәл шалынысып, қолында қобызы бар Жанақ ақын кірген. Шау тартып шөккеннің өзінде ортадан биік бойы бар, жүзі қызылтамырланған қара қошқыл адам қобызын оюлы текеметтің үстіне қойып, төрде сіресіп отырған төрелерге қарамай бірден Зереге қарай ұмтылған.

— О, бикем! О, бикем! Амансың ба? Есенсің бе, тілеуқорым!

Адамдардың артымен төрт аяқтап еңбектеп барған Жанақ, Зеренің қолын аялай сүйген.

— Бар бол, қарағым, — деді Зере Жанақты бетінен сипап. – Енді анау ұлықтарға амандас.

Жанақ жатаған үстелдің ортасындағы ойық алаңға тікесінен тік тұрып, қолын кеудесіне қойып иілді. Содан соң малдас құра отырып қобызды бір ыңырантып алып сөз бастаған.

— Баяғыда, аруағыңнан айналайын Абылай, отыз ту әскерді бастап мынау Нарын мен Ақшәүліге, қалмаққа таман  аттаныпты.

– Ұлжан, қарағым, Абай қайда? – деді осы кезде Зере, төменіректе, шай құйған әйелмен қатарлас отырған келініне қарап, – Шақырып алып келші.

Ұлжан инабатпен орнынан тұрып сыртқа беттеді.

5-ші эпизод

Төрткүл ордадан Ұлжан шығып, құласерек атын қарғытып байлардың балаларына ойын көрсетіп тұрған нығыз денелі, көзі аялы қара балаға қатты дауыстап сөйлеген.

— Абайжан! Жанақ атаң келді. Әжең келсін, тыңдасын дейді.

Абай атын кермеге байлап, үлкен адамдарша үсті-басын қағынып үйге кірді.

6-шы эпизод

Жанақ аруағына мініп, орнынан сәл көтеріле айқайлаған. Бұл жырдың орта тұсы еді.

………

………

Абай көзінің жасы мөлтілдеп, әжесінің бауырына тығыла тыңдаған.

 

7-ші эпизод

Осы кезде Құнанбайдың арнайы тапсырмаларымен жүретін жігіттердің бірі төргі үйдің есігін ақырын естіртпей ашып, еппен кіріп, үнсіз тұрып қалған.  Құнанбай «не болды» дегендей жігіттің жүзіне жалт етіп қараған. Хабаршы екі қолын кеудесіне айқастыра қойып сәл иілді де, «мен не етейін» дегендей алақанын жайған.  Бұл төтенше бір оқиғаның болғанын көрсететін белгі еді. Құнанбай жігіттің жүзіне тағы бір шүйліге қарады. Хабаршы оң қолындағы қамшысымен өз тамағын қиып белгі жасаған. Бұл «пышақсыз бауыздалдық» деген сөз еді. Құнанбай жұртқа жағалай көз тастап өтті. Ешкімнің селт ететін түрі көрінбейді. Барлығы Жанақтың жырына ұйып, мүлгіп отыр. Құнанбай орнынан ақырын тұрып, жұрттың артымен, жұмсақ киізді естіртпей басып, сыртқа беттеді. Қолындағы қос уыс күміс ақша түйілген ауыр байрақты, өтіп бара жатып Жанақтың тізесінің жанына тастай салған.

Ас-су дайындайтын бөлмеден өтіп, кіреберіс бөлмеге келгенде, сол жерде тосып тұрған хабаршы жігіт Құнанбайға қарсы жүрген.

– Құнеке, масқара болдық!

Құнанбай хабаршыға жақтырмай қарады.

– Не болды, бәтір-ау? Жау шапты ма?

– Одан да жау шапқаны жақсы еді, – деді жігіт түңіле сөйлеп.

– Айт! – деді  Құнанбай  зірк етіп.

– Кеше ән айтып өнер көрсеткен Ойке сал бар емес пе, міне, сол есерсоқ неме, Қыдырмолда байдың қызы Зұлқияны алып қашпақ болды, – деді хабаршы жігіт.

– Басы бос қыз ба еді? – деді Құнанбай.

– Бар пәле сонда болып тұр ғой, Құнеке, – деді жігіт, – Баяғыда айттырылып нышаны тағылып қойған қыз.

Құнанбай «ары қарай не болды» дегендей сұраулы жүзбен жігіттің бетіне қарап үндемей тұра берді.

– Әрине, қуа шықтық, адымын аштырмай ұстадық, – деді жігіт, – Құдайға шүкір. Бірақ жұрттың біразы естіп үлгерді.

8-ші эпизод

Құнанбай нөкерлері көрсеткен жаққа адымдай жөнелген. Үлкен жазықта нешетүрлі қызық ойын болып жатыр. Құнанбайға бұрылып қарауға ешкімнің мұршасы жоқ. Байқап қалған азынаулақ адам ғана оң қолдарын кеуделеріне қойып аға сұлтанға сәлем беріп жатты. Құнанбай қанша абыржыса да, жымиған болып, ернінің ұшымен сәлемге жауап қайтарды. Тегіс жерге отыз шақты текемет жайып үлкен алаң жасаған. Осы алаңда «қатын күрес» болып жатыр. Балуанның екеуі де жас әйел. Бұттарында  сұрғылт-қоңыр күдері шалбар, аяқтарында тиянағы күшті орыстың қисық табан етігі. Жыртылмайтын мықты дабыдан тіккен жағасыз сары көйлектерін шалбарланып, белдерін он бес-жиырма құлаш матамен қынап тастаған. Шаштарын түйіп, сыртынан дулығаның астына киетін жыға киіп, бауын тас қылып байлаған. Сайыстың басталғанына біраз болса керек, дабы көйлектерден тер біліне бастаған. Бірақ қайратты жас әйелдер берісетін емес. Құнанбай сәл ғана көз тоқтатып ары қарай озды. Ас болып жатқан   бүкіл жазықтың үстінде жүрек елжіреткен ән қалқып тұр. Бұл сырнайдың сүйемелімен бір ару бойжеткен шырқаған әйгілі «Гүлдариға» еді.

Осынша қызық пен салтанатты тастап, дау шешүге бара жатқан, «Гүлдариғаның» асқақ әүенін, сырнайдың сорғалай төгілген әуезін тыңдап келе жатқан Құнанбайдың қабағы сәл кіржің ете қалды.

Енді бір алқалы жиын биді тамашалау үстінде. Басына қоңыр барқыттан тіккен ноғай тақия киген жас домбырашы күй тартып отыр. Тал шыбықтай бұралған бойжеткен үкісін бұлғандатып би билеп жатыр. Бұл кілең жастардың ғана жиналған жері.

Бұдан ары озған Құнанбай бір тосын сүретке күә болған. Жұпыны ғана төрт қанат киіз үйдің алдына, кәрі-жасы бар, қарауытқан бір топ адам малдас құра отырған. Таяз шұңқырға орнатылған діңгекке  үстінде недәуір жүк артқан түйе байлаулы тұр. Бұтында күдері шалбар, аяғында қысқа мәсі, беліне дейін жалаңаш, қолы артына қайрылып байланған жас әйел түйенің жібін тісімен шешіп жатыр. Ақырында шешіп болып, жіпті тістеген күйі орнынан тұрғанда, тобығынан келетін қалын шашы әйелдің қос анарын, бүкіл жалаңаш тәнін бүркеп кетті. Ойынды басқарып тұрған адам иығына шапан жауып, түйенің бұйдасын қолына ұстатты. Жұрт осы жерге келгенде ду ете қалған.

Бір жас бозбала қарқылдай күлгенде, артында отырған ақсақалды адам желкесінен нұқып қалды. Бозбала қызарақтап, төмен қарап кетті.

9-шы эпизод

Сүйегі ғана тігілген, үзіктің орнына сары шүберек жаба салған төрт қанат үй. Сыртына туырлық жаппаған керегенің торкөздерінен төрде жатқан алпамсадай қылаң өнді адам көрінеді. Бұл Ойке сал еді. Ыңылдап ән айтып жатқан ол, нөкерлерін ертіп екпіндеп келе жатқан Құнанбайды көріп, ырғалып барып орнынан атып тұрды.

— Ей, Құнанбай! – деді Ойке айқайлап, – Мен сенің әмірің жүрмейтін басқа өкрүктің адамымын. Тұтқын құсатып байлатып тастағаның не!

Құнанбай сықырлауықты итеріп қалғанда ар жағында тұрған Ойкемен бетпе-бет келген.

– Сен мені жазаламастан бұрын, өз тентегіңді тый, анау өзінің келінін қатын қылып жүрген Қодар деген шашты сайтанды жөнге салып ал, әүелі.

Осы сөзді естігенде  кеуделеп келген Құнанбай меңірейіп тұрды да қалды.

– Мынау не дейді? –  деген сәлден  соң ес жиып, – Не деп шатып тұр мынау әулекі?

Нөкерлеріне қараған. Сасып қалған нөкерлер шарасыз күйде бір-біріне қараған.

– Алапатың басылып қалды ғой, Құнанбай! – деген Ойке, қайтадан айқайлап, – Осыдан осы айтқан сөзім өтірік болса, тілімді өз қолыңмен кес!

Киіз үйдің сықырлауығын сарт еткізіп жапқан Құнанбай шегініңкіреп тұрып қайтадан нөкерлеріне қарады. Жүзі өртеніп тұрған аға сұлтанға қарауға қаймыққан жігіттердің бастары салбырап кеткен.

– Жақып пен Жорға Жұмабайды келтіріңдер алдыма, – деді Құнанбай зірк етіп.

Бұрылып жүре берген. Нөкерлердің біреуі қатарласа бере ақырын тіл қатты.

– Мына Ойкені не істейміз?

– Қоя беріңдер, – деді Құнанбай.

10-шы эпизод

Алыстан мәренің нобайы шалынғанда төрт ат ытырына жөнелген. Сол күйі шабысқа шабыс қосып басқалардан екі шақырым қара үзді. Енді осы төрт ат өзді-өзі егеске түсіп ақырында терден қарайып кеткен көк шабдар ат алға түсті. Онымен құйрық тістесіп жорға бітімді сары ат, одан таяқ тастам қалып тұрқы қысқа сұр ат келеді.

Осы кезде озған топтың алдында келе жатқан көк шабдар ат омақаса құлаған. Екі-үш рет домалап тұрған шабандоз бала аттың жанына келді. Басын екі-ақ рет әлсіз ғана соққан көк шабдар тұмсығын алға созып қимылсыз қалған. Бала еңкейіп мұрнынан қанды көбік аққан аттың басын қозғап көрді. Содан соң көзінің жасын бір сығып тастап, жүгенді шешіп алып мәреге қарай тұра жүгірген.

 

11-ші эпизод

Адамдардың айқайынан бүкіл дала күңіренді.

— Бидайық! Бидайық!

— Иә, Ақсарбас! Иә, Тәңірім!

— Сұлусары! Сұлусары! Бас! Бас!

— Сұржекей! Ұмтыл, Сұржекей!

— Аруақ! Аруақ! Аруақ!

Керешілер  жебедей зымырап алдымен жеткен Бидайықтың кеуде тұсына білектей қыл арқанды тіреп шаба жөнелген. Еті қызып алған, басы қатты жүйрік тағы бір шақырымдай шауып барып әзер тоқтады. Қансорпа болып екі бүйірін соғып тұрған Бидайықты дайын тұрған жігіттер бірінен кейін бірі қағып алып ары-бері жүгіртіп суытты. Осы кезде алқынып аттың иесі де жетті.

— Айналайын! Қанатым! Пырағым! – деп еңіреген бай, Бидайықты мойынынан құшақтап, жабысып тұрып қалған.

Осындай ретпен мәреге Сұлусары мен Сүржекей де жетті.

Оның соңын ала жанұшыра жүгірген бала көрінді. Мәренің сызығынан асқанда аяғы шалынысып барып құлаған бала, тізесіне тұрып еңіреп қоя берген. Топтан жүгіріп шыққан аттын иесі, баланың қарсы алдына келіп тізерлеп тұрып, баланың басын бауырына басып ол да жылаған. Өлген атты жоқтап жылаған бай мен шабандоз қайғысына қарап тұрып, жұрт та көздерінің жасын сыққан.

Біраздан соң артта қалған жүйріктер іркес-тіркес, халықтың алдынан өтті. Көп ат шаба алмай меңірейіп тұрып қалып, жетелеумен ғана келгені көрініп тұр. Жеңілгендері жігері құм болып, аттарын жетелеп жан-жаққа тарап жатты.

Оставьте первый комментарий

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован.


*