ТАЛТҮС 1 тарау

Роман   2002-2003 жылдар аясында «Сорос-Қазақстан» қоры үйымдастырған «Қазіргі заманда Қазақстан романы» әдеби конкурсының лауреаты.

«Таласбек шын мәнінде концептуалды роман туғыза алған. Автордың күйшілік кәсіби дайындық сауаты, нәзік жаны, интеллектуалдық биік өресі музыка әлемі ортасын бейнелеу ерекшелігінен де, төгілген тіл, сүреткерлік шеберлігінен де барынша бірегей көріне алған». Зейнолла Серікқалиев

1 тарау

Бақытты балалық шақ деген сөздің мағынасын ешқашан байыптаған емес. Тіпті, балалық шақ болып па еді, есіне түсіре алмайды. Әйтеуір бастан өткен бір тағдыр бар. Тәттісінен ащысы көп, қуанышынан өкініші, қамрығы көп.

Бір ғана шын бақытты күн болыпты. Бүкіл дүние алаңсыз тіршілік жырына ұйыған жаз екен дейді. Екеуі қол ұстасып алыс көкжиекті бетке алып келе жатады. Жолда қаншама иісі аңқыған өзен-көл, ойран көгалдар, гүлі бұлықсыған қаншама жазира жатыр. Ешқайда бұрылмайды. Тек алға қарай жүре береді, жүре береді…

Білегінен нық ұстап жетелеп келе жатқан бұл адамның кім екенін білмейді… Әйтеуір жақсы, мейірімді адам. Осылайша қанша күн жүргендерін де аңдай алмайды. Ұзаққа созылған бір күн сияқты… Сол адам бір күні жоқ болды. Оның қайда кеткенін, тіпті осы — өңінде көргені ме, әлде түсіне кіргені ме, оны да білмейді. Тіпті түсінде көрсе, несі айып? Ең бастысы — көрді емес пе. Жүректе ешқашан арылмайтын тәтті мұң қалды, көңілде ешқашан өшпейтін аяулы бейне қалды.

Ойлап отырса, анасынан ес білгеннен кейін-ақ жеріп болыпты. Мейірімге гүлдей ашылатын сәби жүрек тіршіліктің алғашқы күндері-ақ көңілді аяусыз тапаған қатыгездіктен біржола жабылды. Жеккөрмейтін, қорқатын. Ешқашан жылып көрмеген жүзінен, сананы жадылап тастайтын қорғасындай ауыр көз қарасынан.

Бірақ қанша таяқ жеп теперіш көрсе де атасына айту ойына да келмейтін. Бар тапқан амалы, үйде жалғыз қалмауға тырысатын. Жазда күні бойы өзен басында, балалармен бірге ойнайды, шомылады. Бірақ қанша сейілсе де көңіл түкпірінде кешке болатын ауыр жазаны еш ұмытпайды… Бақса, балалық өмірі үйден гөрі далада көбірек өтіпті. Бір оқиға ерекше есінде қалды. Күздің күні еді. Сабақтан кейін басқа балалар сияқты үйге қайтпай әдетінше далаға тартты. Күн суық, жауын себелеп тұр. Ауыл сыртыңдағы маяның ығына тығылып алып қиялдап жатқан. Қалай ұйықтап кеткенін өзі де байқамай қалыпты. Біреудің жұлқығанынан оянды. Атасы екен.

– Жарығым-ау, бұнда неғып жатырсың? — деген бұның бетін сипалап, көзіне үңіле қарап. — Тоңып қалыпсың ғой. Үсті-басың шылқып тұр. Не болды? Апаң бірдеңе деді ме?

Әжігерей көз жасын тыя алмай қалды.

– Кетейікші, — деген атасының жеңінен тартып. Өксігін тоқтата алмай ықылық ата жылады.

– Қайда? — деді қайран қалған атасы…

– Басқа жаққа, — деді бұл, — Апамнан кетейікші. Бірге қашайық.

Атасы меңірейіп қалды. Әжігерей тоқтай алмай бірді айтып бірге кетіп, көз жасын жұтып тұрып осы қысқа ғұмырындағы бар көрген қорлығын айтып шыққан. Екеуі бір сәт үнсіз қалды.

– Қашпасаң, онда өзім қашам, — деді өксігі әлі басылмаған Әжігерей алақанымен көзін сүртіп. — Таңсықтағы Қалима әпкемнің үйіне қашам.

– Жарығым-ау, қайда қашасың? — деді атасы Әжігерейді бауырына басып. — Мен… білгем жоқ қой. Білгем жоқ. Жүр. — Жетелеген күйі аттың жанына әкелген, — Мін атқа.

Ертоқымға қонжита отырғызып, маяның қуысында жатқан кітап-дәптер салынған боқшаны қолына ұстатты, аттың белін қайыстыра өзі де мінді. Себелеп тұрған сірке жауын нөсерге айналған. Атасы үсті-үстіне тебініп онсыз да жүрдек сары айғырды асықтырып келеді. Қақпа ашық екен. Тентек шал арындаған күйі есік алдына келіп бір-ақ тізгін тартқан. Аттан жас жігітше қарғып түсіп, қамшысын екі бүктеп ұстаған күйі үйге кіріп кетті. Бір сұмдықтың боларын сезген Әжігерей аттан түсіп, қораның бұрышына тығылды.

Іле айқай шыққан. Өмірінде ең қорқатын нәрсесі үлкеңдердің арасындағы ұрыс-керіс болатын. Жүрегі аузына тығылып үрейден іші бүрілді. Жанжалдың үдегені, ыдыс-аяқтың сынғаны естіліп жатыр. Келесі сәттегі көріністен шошынып айқайлап жіберген. Екі адам ұмар-жұмар айқасқан күйі далаға шықты. Атасының әлпеті жан шошырлық. Тілін тартпай шаңқылдаған кемпірді ауланың ортасындағы шалшыққа омақастыра құлатқан, саптама етік киген бөренедей аяғымен іштен бір теуіп бүк түсірген. Содан соң көзі алайып осқырып тұрған айғырды ауыздығынан ұстап жұлқып қалды. Иесінің мінезін білетін айғыр тынши қалған. Сабыт шылбырды кемпірінің мойнына салып тұзақты қылқындыра тартты. Содан кейін атқа мінген. Ар жағы… ар жағы көрген түс сияқты. Шыңғырып қашқанын біледі. Көшеде кездейсоқ өтіп бара жатқан екі атты адамның кәріне мініп айқайлай шауып бара жатқан атасының артынан тасырлатып қуғанын, біреуінің аты сазға тайып жығылғанын, екіншісінің жүйрік сары айғырды әзер қуып жеткенін, шылбырға жармасып тоқтатқанын әлдебір мас күйде көріп тұрғанын біледі.

Найзағай осқылаған тас қараңғыда, селдеткен жауынның астында тұрып ағайын-туған араша сұраған. Біреулер біраз жер сүйретіліп киімі жыртылған, үсті-басы қан, есеңгіреп қалған кемпірді сүйемелдеп ұстап тұр.

– Не болды сонша, Саба? — деді жиналғандардың бірі.

– Не болушы еді, — деді атасы қалш-қалш етіп. — Періштедей баламды қор қылды, сүйегін жасытты. Итаяқтан сарысу ішкізіп отыр. О заманда бұ заман, ер баланы осылай қорлағанды қайдан көрдіңдер?

– Асайын деген екенсің сен, — деді апасының тумаларының бірі. — Кісі өлтіремісің! Тағы да итжеккенді аңсап жүр екенсің.

– Ей, мыңғыт! — деді Сабыт қамшысын білеп, — Бүкіл қырғыз атқа қонып шауып алыңдар мені. Қолдарыңнан келсе.

– Ал сен, — деген одан кейін кемпіріне бұрылып. — Бұл үйдің табалдырығын енді аттамайсың. Алды-артыңа бір уыс топырақ. Бар.

Қамшымен қақ бастан бір-ақ тартқан. Апасының ақ жаулығы ысырылып, бетін қан жауып кетті. Жұрт жабылып жүріп шалдың қамшысын тартып алды.

* * *

Ертеңіне тумаларының үйіне түнеп шыққан Күлбағила өзінің ауылы Көксалаға кетіп қалды.

Қиын күндер басталды. Атасы қолынан ештеңе келмейтін салақ болып шықты. Мосыға қойған шайы екі сағат дегенде әзер қайнайды. Аспаздық өнері — ет аса алады. Бары сол. Ақырындап бүкіл шаруашылық Әжігерейдің қолына көшті. Алғашқы күндері көрші-қолаң, туыс-туған қонаққа шақырып, әйелдің жоқтығын білдіртпеген болды. Қашанғы шақыра берсін, күндердің күнінде атасы екеуі оңаша қалды.

Бірде түске қарай ішілген таңғы шайдың үстінде атасы:

– Осы сен екеуміздікі не әуре? — деген, Әжігерейдің бетіне бажайлай қарап. — Ұмытпасам, осы қораның бір жерінде ескі самауыр бар. Анау… қатынның жасауына келген. Байдың мүлкі деп көрсетуге қорқып жасырып тастаған. Біреу ұрлап кетпесе, жатқан шығар.

Шайдан кейін атасы қораны ақтарып жүріп шынында да үлкен жез самауырды тауып алып келді. Ішіне бір шелек су сыяды екен. Әжігерей самауырдың бүйіріндегі мөрлерді оқып шықты.

– Тула, — деді атасына қарап.

– Ол не, тула деген?

– Жоқ, бұл орыстың Тула деген қаласы. Сол жерде самауыр жасайтын завод болған екен. Міне, 1894 жылы жасалған дейді. — Әжігерей самауырдың бүйіріндегі жазуды түртіп қалды.

– Е, мейлі, солай-ақ болсын, — Атасы самауырдың оттығына шырпы тұтатып салды, — Енді көзіміз ашылды. Бұл самауыр жарықтық, күттірмейді ғой. Ілезде қайнайды.

Үстел үстіндегі күйе-күйе шәугімді ары-бері айналдырып қарап, Әжігерейдің қолына нық ұстатқан, — Мына таскөт итаяқты күресінге лақтыр.

– Жоқ, лақтырмаймыз, — деді Әжігерей көңілденіп, —Бұның да бір керегі болады.

Тіршілік бәріне де үйретеді екен. Екеуі түрлі тамақ даярлауды да, кір жууды да, бәрін үйренді. Кешке бұл сабақтан, атасы жұмыстан келеді. Ас-су ішіп ес жиғаннан кейін екеуі домбыраға отырады. Атасы қолы жүре келе ұмытылып қалған ескі сарындарды еске түсірді, шертіп жүрген күйлерін қайта жаңғыртты. Бақытты күндер еді бұл. Жорғадай тербелген сыршыл, айтқыш күйлер, озған заманның ертегідей хикаялары бұл дүниенің бар қайғы-қасыретін ұмыттырып, бала қиялды бұрын мүлдем көрмеген жерұйық мекенге, бақыттың ордасына жетелеп әкететін. Жатқаннан кейін де алған әсерлерін түннің бір уағына дейін әңгіме етер еді екеуі.

Қарашаның аяғы. Күн жексенбі болатын. Атасы екеуі ауылдан екі шақырымдай жердегі қой қорадан ойып кептіріп кеткен қиды алып келеміз деп аттанды. Аспан алабұлт. Әжігерей жол бойы арбадан қайта-қайта секіріп түсіп қышаның жидегін терді. Тіл үйіретін тәтті қызыл түйірдің бірнешеуін атасына да берді. Күн түстен ауғанда арбаның қанатын жайып қиды сықастыра қалап асықпай ауылға қарай бет алған. Екеуі арбаға отырмай жаяу келе жатыр.

– Биыл қыс жылы, жайлы болады, — деді атасы, — Боқырауда қырбақ қана қар жауды, күн жылы болды.

– Ата, биыл соғымға не соямыз? — деді Әжігерей.

– Қара тайға тиіспейік, — деді атасы, — Тұрқына қарағаңда нағыз мама бие болатын мал. Анау қызыл өгізшені сояйық.

– Одан да қой сояйық, — деді Әжігерей, — Екеумізге екі қой жетеді. Өгізшені өгіз қылайық, кейін арбаға жегеміз.

Атасы күлді. Осындай қысыр әңгімемен ауыл шетіне ілінген.

– Ата, ананы қара, — деді Әжігерей қолын созып, — Біздің үйдің мұржасынан түтін шығып тұр.

– Ойпырай! Бұл не болды? Сен есікті жаппап па едің?

– Жапқам. Міне, кілт қалтамда.

– Әлде, Қалима жарығым келіп қалды ма екен. Әкесін сағынғанда осылай қарай тартып кетуші еді ғой. Қазір көреміз, — Атасы делбені қаттырақ қақты. Арба сықырлап келіп қақпаға тіреле тоқтағанда аулада қой сойып жатқан жігіт бұларға қарай ыржалақтай жүгірген.

– Сабыт ата, амансыз ба? — Айғыз-айғыз қан қатқан қолын қақпадан асыра ұсынған.

– Тәйт, ары, — деді атасы, — Кімсіңдер? Аш қақпаны! Иесіз үйге неге кіресіңдер?

– Ойпырай, жездеке-ай, — деді кейіп қалған жігіт, — Танымасаңыз айтайын, Көксаладағы Жұмағұлдың баласымын. Үйіңіз иесіз деп кім айтты. Сабаңның үйі деп түстік қой.

Атасы жауап бермеген күйі үйге кірді. Әжігерей ілесе жүрген. Шағын бөлме толған адам. Төрде қос жастықты шынтақтап көкшулан сақалы кеудесін жапқан қария жатыр. Бұларды көріп орнынан қинала қозғалды. Жанында отырған жігіттер қарияны оңдап малдас құра отырғызып, жан-жағын көрпемен, жастықпен қымтап тастады.

– Аманбысың, Сабыт, — деді қария, — Күйлі-қуаттысың ба?

– Бақуатсыз ба, баба, — деді атасы біртүрлі ыңғайсызданып, — Келіп қалыпсыздар.

– Кел, төрлет, қарағым. Асылдың сынығы. Жаныма отыр, — Қария иек қаққан. Жұрт ысырылып қарияның жанынан орын ашты. Атасы төрге отырғаннан кейін Әжігерейді жанына шақырып алып қарияға сәлем бергізген.

– Өркенің өссін, балам, — деді қария риза болып. — Мен сияқты ақ сақалды, сары тісті шал бол, — Содан кейін төр үй жаққа мойнын бұрып дауыстай сөйлеген, — Күлбағила, а, Күлбағила. Кел мұнда, қарағым. Қызмет қыл, шай құй.

Әжігерей екі ай көрмеген апасын танымай қалды. Үстінде сусылдаған көк жібек көйлек, әдемі алқоңыр қамзол. Басына ақ шарқат орапты. Сұйықтау бұрымына шашқап киіпті. Жорғалай басып, ешқашан қызарып көрмеген шабдар жүзіне күлкі үйіріліп дастарханның шетіне ізетпен отырды, шалына ернінің ұшымен ғана сәлем берді, — Амансың ба, Сабам.

Сабыт кемпірінің жаңа түскен келіндей сызылған мына түрін жақтырмай төмен қараған. Жұрт ештеңе байқамағансыды…

Шай ішіліп бола бергенде атасы орнынан тұрды. — Қой, қиды түсіріп тастайық.

– Балалар түсіре салады ғой, — деді қария.

– Түсіретін жерді көрсетейін, — деді атасы шығып бара жатып. Әжігерей де орнынан тұрды.

– Сен шайыңды іше берсеңші, жарығым, — деді апасы.

Әжігерей бұрын мүлдем естімеген мейірім сөзден сәл аңырып тұрып қалды. Апасы дастарханда үйіліп жатқан мейіз, қант-кәмпитті бұған қарай ысырған.

– Жеп тойып ал.

Әжігерейдің бойын қуаныш кернеді. Арқасына қанат біткендей. Қуанғанда оңаша кетіп қалатын әдеті бар-тын. Сол әдетіне басып, — Атама көмектесем, — деді жүгіріп шығып бара жатып. Апасының бір нәрсе дегені, қарияның мейірлене күлгені естілді.

Қайсысы екені есінде жоқ, әйтеуір атасы шерткен көп күйлердің бірін көңілдене ыңылдап, қуанышы қойнына сыймай ауланы ары-бері аралады. Қораның бұрышын айналып атасы шықты. Манағы қасапшы жігіт етті мүшелеп, ошақтың үстіндегі үлкен қазанға тоғытып, енді шағын үстелге қуырдақ турауға отырыпты. Атасы жетіп келіп ысылдай сөйлеген.

– Немене, әпкелеріңді қайтадан ұзатып алып келгенсіңдер ме?

Жігіт ыржалаңдай күліп, пышақ ұстаған оң қолымен үй жақты меңзеді,

– Менен несін сұрайсыз, жездеке-ау? Бәрін анау үлкен кісі біледі. Сол кісімен сөйлесіңіз.

– Мына қамшымен бір тартып басыңды қақ айырайын ба, осы, — деді атасы қамшысын ыңғайлап.

– Міне, басым, — деді жігіт. — Өлтірсең де, не істесең де өзің білесің, жездеке.

Атасы ызалана шырт түкірді.

– Әжікен!

– О не, ата?

– Сен анау Шерім атаңның үйіне бар, кешке келерсің. – Басынан сипаған, — Бара ғой, құлыным. Үлкендердің әңгімесін естімей-ақ қой.

Түннің бір уағында қайтты. Бағанағы қаптаған көп қонақтың бірі жоқ. Апасы үй ішін жинап болып қалыпты. Әжігерейдің алдына орта табақ ет қойды.

– Жей ғой.

Әжігерей атасына қарады. Түнеріп отырған шал құптағандай бас изеді.

– Же, же, тойып ал.

Есі кете ойнап әбден шаршап келген Әжігерей табақтан екі асағаннан кейін-ақ қылжиып ұйқыға кеткен. Таң атып келе жатқанда күбірі дүбірдей атасының даусынан оянды.

– Тапқан амалдарын қара. Жүзге келген Айтқұлды алып келіпті. Әкемнің көзін көрген. Әйтпесе қайтарып жіберер едім. Бабаларыңның сөзін аттап кете алмадым.

Аз-кем үнсіздік орнады.

– Кеш мені, Сабам, — деді апасы.

– Өміріңде пұшпағың қанамаған. Балаға содан кейін мейірімсізсің. Сол баладан басқа не қызығымыз бар, өзің ойлашы, — деді атасы қайтадан көтеріле бастап.

– Кеш мені, — деді апасы, — Кеш. Енді не айтсаң да көндім. Тек қума мені.

Әжігерейдің жүрегі ауырды. Енді апасын аяп кеткен. Атасы намазын оқып шайын ішіп жұмысқа кеткенше ұйықтағансып жата берді.

– Әжікен, тұра ғой енді, — деді апасы, — Шайыңды іш. Сабағыңды дайында.

Әжігерей асықпай беті-қолын жуып түннен қалған мол дастарханға отырды.

– Міне, өзің құйып іш, — деді апасы қара шәугімді үстел үстіне қойып, — Міне, сүтің, шайың. Екі қолыңды бос қойдым. Мен биені ағытып келейін.

Сыртқа бет алды. Әжігерей хош иісті қою күрең шайды рахаттана ішіп, табақтағы еттен қарбыта жеді. Терезеден төгілген күннің нұрына қарап, болашақтағы тату-тәтті, бақытты өмірді ойлап қиялдады. Кенет бөлмеде өзінің жалғыз емес екенін сезді. Ақырын артына бұрылып қараған. Апасы екен. Тісі ақсиып кеткен. Қарғыс айтып тұрған сияқты. Көзіне көзі түскенде, көзінен ғана емес, бүкіл әлпетінен төгілген өштік пен жиренішті көргенде бойын билеген қуаныш ілезде жоқ болды. Жүрегі үзіліп түскендей, ішін баяғы өзіне таныс үрей бүріп ала жөнелді. Кесені қолына алып көзден аққан жас пен ащы шайды араластырып жұта берді, жұта берді.

* * *

Үйге қонақ келгенін жақсы көретін. Сол жылы қыста екі үлкен қуаныш болды. Ең әуелі Алматыда тұратын Базаралы ағасы келді. Бойы еңгезердей, басы қасқая бастаған, қарагер, өңлі адам Әжігерейді құшақтап бетінен сүйді. Содан соң кішкентай кезіндегідей аспанға лақтырып көрген. Сәл шегініңкіреп, байыптай қарап, — Үлкен жігіт болыпты, – деді сүйсініп.

Үстел үстіне Алматының дәмі қаптап кетті.

– Кәне, Әжке, алып отырыңыз, — деді Базаралы тәтті-дәмдіні Әжігерейге қарай жылжытып, — Сабағың қалай?

– Жақсы оқиды, — деді атасы мақтанып, — Тек мектептің балаларымен төбелесіп қала береді.

Базаралы елең ете қалды.

– Неге?

– Өздері ғой, — деді Әжігерей, — Шоқыншық деп мазақтайды. Қазақ класының балалары.

Базаралы күлді.

– Ой, иттер-ай, ә. Оқудың қадірін білмейтін адамдар ғой олар. Орысша оқысаң жаман болмайсың. Міне, біз орысша оқыдық қой.

Ертеңіне Базаралы бұны жанына ертіп алып ауылдың үлкендеріне сәлем беріп шыққан. Кешке қарай қайтқанда үй ішінде бір өзгеріс бары байқалды. Атасы мен Күлбағила бір-біріне қарап жұмбақ жымиып отыр.

– Не болып қалды? — деді Базаралы күліп.

– Білмеймін, — деді атасы сол жымиған қалпы.

Осы кезде төргі үйдің есігіндегі перде сәл қозғалған.

– Базыкен!

Есікте Қалима әпкесі тұр екен. Базаралы екеуі құшақтаса кетті. Қалима ағыл-тегіл жылады.

– Ойпырай, ойпырай, — деді атасы күліп, — Ағаңды әбден сағынып қалған екенсің.

– Келе ғой, Әжікен, — деді Қалима Әжігерейге жылы ұшырай қарап. — Өсіп кетіпсіз ғой, өзіңіз.

Жұрттың мауқы басылып дастарханға отырды.

– Базыкен, үй ішің аман ба? — деді Қалима, — Жеңгемнің халі қалай? Ауылға ат ізін салмай кеттіңдер ғой?

– Е, не дерің бар, — Базаралы сәл қабақ шытты, — Болып жатыр ғой неше түрлі. Өздерің Алматыға келмей кеттіңдер. Баймұқанның халі қалай?

– Шүкір.

– Ой, қарақтарым-ай, — деді Сабыт сақалының нұры төгіле қуанып, — Көңілімді бір өсірдіңдер ғой. Көптен бері сендерді ғана ойлап жүр едім. Тіпті Әжікенді ертіп алып Таңсыққа, одан ары Алматыға барып келсем бе деп те ойладым.

Мәз-мереке шай үстіне Шерім ақсақал келген. Екі қария домбыраны кезек шалып, жұрттың көңілін көтеріп ертегідей кешті одан ары қыздырған.

– Үлкендерге сәлем беріп шықсаң, енді біздікіне де бас сұғарсың, — деді Шерім Базаралыға қаратып.

– Кіріп шығамыз, — деді Базаралы. Қолымен маңдайын сүйеп сәл үнсіз отырып қалған, — Е, дүние-ай. Қариялар да сиреп қалыпты. Бағана Мауқи ақсақалдың үйіне кіріп шыктық. Әбден шау тартқан екен. Ал баяғыда қандай еді.

Енді, не дерің бар, — Шерім мұртын сылап Базаралының жүзіне сынай қараған, — Заман өтті. Жас — қартаймақ, кәрі — өлмек деген. Сенің өзің қарасақал болып қалдың емес пе.

Әжігерей қуанышы қойнына сыймай анда-санда далаға жүгіріп шығады. Қыстың тымық аспанын рахаттана тамашалап тұрып, қайтадан үйге жүгіріп кіреді. Әдеттегідей ет желініп, бірнеше рет шай ішілді. Түннің бір уағында Шерім үйіне қарай қозғалған. Атасы, Базаралы үшеуі әрнені әңгіме қылып аулада ұзақ тұрды.

– Ал, қызым, енді сенімен сөйлесейік, — деді Сабыт даладан келген соң, — Ақ қар, көк мұзда бұл келісіңнің мәнісі неде? Әйтеуір, жайшылық па?

– Жайшылық. — Қалима көзін төмен салып дастарханның шетін сипады, — Әке, мен сізбен ақылдасайын деп келдім. Осы жаққа қарай қоныс аударсақ дейміз. Таңсықты жерсіне алмай жүрміз. Ағайынға жақын болған дұрыс қой.

Сабыт қуанып кетті.

– Қарағым-ау, мен саған баяғыдан не айтып жүрмін. Құдай кешірсін, суын ішіп, отын оттап отырған жерлерің ғой. Бірақ сол сендер тұратын жер ме? Кербаланың шөлі сияқты қаңырап жатқан бірдеңе. Малы қырық шақырымнан жайылады. Теміржолдың бойы демесең, адам тұратын жер емес қой.

– Келгенде үйдің жайы қалай болады? — деді Қалима.

– Үйге қам жеме, — деді Сабыт, — Осы алдағы жазда Орынша мұғалім Аякөзге көшейін деп отыр. Соның үйін алып береміз. Жылы, жайлы үй. Қора-қопсысын салып аласыңдар. Көмектесеміз.

– Жақсы болды, балам, — деді содан соң, — Сендерді ойлап ойым төрт бөлінуші еді. Жас болса келіп қалды. Әрине, ағайын-туған бар ғой. Бірақ екеуіңнің орның бөлек емес пе. Базыкен Алматысынан қозғала алмайды. Енді тымқұрмаса сен жанымда бол.

Базаралы ағасы үш күннен кейін Алматыға қайтып кетті. Қалима бір апта жатты. Әжігерей екеуі бір-біріне әбден бауыр басып кетті. Әпкесі сабақтарын тексереді. Екі рет дүкенге ертіп барды, жаңадан көйлек-көншек, мектептің керек- жарағын алып берді. Қол ұстасып ауылдағы ағайын-туғанның бәріне қонаққа барып шыққан. Кей-кейде оңаша қалғанда, Әжігерейді басынан сипап күрсінеді.

– Апаңыз ренжітпей ме? — дейді ақырын ғана.

Әжігерейдің көз алдына өткен азғантай ғұмыры елестеп өтеді.

– Жоқ, — дейді бұл да сыбырлап, — Ренжітпейді.

– Жақсы екен, — дейді Қалима, — Құдайға шүкір.

Бұның қолын алдына алып, алақанымен аялай сипайды.

Әжігерейдің жүрегінде, атасының күйін тыңдағандағыдай, әлдебір түсініксіз сағыныш, тәтті мұң оянады.

Бақытқа толы жеті күн өтті. Қоштасатын кез де келді. Қалима кетерінде Әжігерейді оңаша шақырып алып маңдайынан сүйген.

– Алдағы жазда келеміз ғой, енді бір ауылда тұратын боламыз, — деді зорлана жымиып.

Бірнеше күн бейжай болып жүрді. Әйтеуір, алдағы қуанышты күндердің елесі ғана көңілін демдейтін. Бірақ мұндайда уақыт жылжымай қояды ғой. Сағыздай созылып қыс өтті, көктем өтті. Ақыры жаздың ортасынан ауып, тамыз туғанда Таңсықтан хабар келді. Сабыт Құлақасқа мен торы төбел атты таң асырып, ертеңіне ертемен екеуі жолға шыққан.

Ес білгеннен бері ауылдан он шақырым ұзап көрмеген Әжігерей, іргеде осыншама көрікті жер барын енді ғана көрді. Айғыз өзенінің бойын, шашасы қалың қияқ орман, кең алқапты көмкеріп жатқан қырмен жүрген. Әжігерей кейде шыдай алмай қырдан құйғытып түсіп белден келетін қияқты жарып өтіп тоғайға кіріп кетеді. Аттан түсе сала басы салбырап тұрған, бармақтай-бармақтай бүлдіргенді уысын толтыра теріп аузына салады.

– Әжігерей, а, Әжігерей, жүре ғой, қарағым, — дейді қырда тосып тұрған атасы, — Кешігіп қаламыз.

– Қазір, — дейді Әжігерей айқайлап.

Қалтасына бүлдірген толтырып, тоғайдан шығып, көсіліп жатқан жасыл жазираны тамашалап біраз тұрады. Содан соң атқа міне сала қырға қарай шабады.

– Далақтай берме, — дейді атасы, алқынып жеткен бұған қарап, — Атың шаршап қалады. Кеш батқанша Таңсыққа жетіп алуымыз керек.

Әжігерей қалтасынан жартылай езіліп қалған бүлдіргенді алып атасына ұсынады.

– Мә, ата, же.

– Тәтті екен, — дейді атасы.

Осылай көңілді қыдырыспен сар желіп отырып жайлауға көшіп бара жатқан қойшылардың ауылына бір ат шалдырды.

– Ақсақал, байқаңыз, өзен құсып жатыр, — деді жастау қойшылардың бірі бұларды шығарып салып тұрып, — Төменгі өткелге бармай-ақ қойыңыз. Ажырыққа баратын жолдың тұсында тастақтау өткел бар, білетін шығарсыз. Содан өткен дұрыс болар.

Атасы солға қарай бұрылып ескі сүрлеуді тауып алды. Аз жүргеннен кейін сарқырап жатқан Аякөздің жағасына да жеткен.

– Апырай, жарықтық-ай, — деді атасы басын шайқап. Екі жағасына кезек соғылып, тайпала аққан сарыжалқын қуатты ағынға қарап ұзақ тұрған. Құлақасқа құлағын қайшылады.

– Ал, балам, — деді Сабыт. — Айылыңды мықтап тарт. Қазір өтеміз.

Аттар үркектей басып өзенге түскен.

– Шылбырыңды маған бере ғой, құлыным, — деді Сабыт қолын созып, — Үзеңгіні керіп, мықтап отыр. Ағынға қарама, басың айналады. Қарсы жағаға қара.

Су аттың тізесінен келді. Содан соң тұңғиық ашылғандай, сары жалқын лап қойып тізеге дейін көмген. Әжігерей атасына үрейлене қарады.

– Қорықпа! — деді Сабыт бұның шылбырынан ұстап, ағынның ығымен қиғаштай тартып бара жатып.

Аздан соң тайыз басталды. Бауырынан суы сорғалаған Құлақасқа мен Торытөбел шапұр-шұпыр етіп қарсы жағаға шықты.

– Бұндайды да көру керек, — деді атасы Әжігерейді жұбатқандай өбектей күліп.

– Зәрем ұшып кетті, — деді Әжігерей, — Ата бұл не сонда, өзен көктемде тасымаушы ма еді?

Сабыт Құлақасқаны қатты желдіріп келе жатып жан-жағын сүйсіне тамашалаған.

– Бұны тасыған демейді. Көктемде жер-дүниенің қары мен мұзы еріп, соның бәрі Аякөздің арнасына ақтарылады. Міне, тасыған деген сол. Ол кезде, бұлай өтпек түгілі маңайына бара алмайсың.

– Ал мынаны не дейді?

– Бұны құспа дейді. Жоғары жақта, шамасы Аякөздің бастау алатын жерінде ме, я берірек бір жерде ме екен, нөпір жауын жауған ғой. Сол жауынның мол суы мына жерден енді ағып өтіп жатыр ғой.

Қас қарайғанда орман-тоғай арылып, өзеннің жағасы жалаңаштанып қалды. Алыстан қалың от көрінген. Ердің үстіңде маужырап келе жатқан Әжігерей елең етіп бойын жиып алды.

– Ата, анау не от?

– Таңсыққа да жетіп қалдық, балам, — деді Сабыт, — Міне, қара. Теп-тегіс тақыр. Бағанадан бері қанша жол жүрдік. Ауылдың қарасы енді көрінді.

– Ұйықтама, — деді содан кейін, — Аттан құлап қаласың. Қазір жетеміз.

Түн ортасынан ауғанда ауыл ішіне енген. Ығы-жығы салынған үйлердің арасымен жүріп, есіктері бір-біріне қарсы қараған ұзын екі тамның ортасына келіп тізгін тартты.

– Ата, Қалима әпкемнің үйі қайсысы? — деді Әжігерей.

– Әне, заттарын шығарып қойыпты ғой, — деді Сабыт сол жақтағы үйді иегімен меңзеп, — Жарық жоқ. Ұйықтап қалған-ау.

Аттан түсіп терезені қақты.

– Кім бар-ау. Қалима қарағым, біз ғой. Аш есігінді.

Аздан соң есік ашылып, жарық жағылып, үй іші у-шу болды да қалды. Жұқалтаң қылаң өңді, шашын қырау шала бастаған орта бойлы адам Сабытпен қол алысқан.

– Ой, әкей, қашан келеді деп тосып отырмыз.

Содан соң Әжігереймен үлкен адам құсатып сәлемдесті.

– Амансың ба, Әжікен. Мен Баймұқан ағаңмын ғой. Кәне, кәне, берірек жарыққа келші, түріңді көрейік.

Қалима екі қолын кеудесіне айқастырып ізетпен сәлем берді.

– Амансыз ба, әке.

Төргі үйден кішкентай бала шыққан.

– Бұл Қынабек деген батыр. Келе ғой, атаңмен, ағаңмен амандас, — деді Баймұқан баланы арқасынан итермелеп. Бала әкесінің бауырына басын тығып үнсіз қалды.

– Ептеп жатырқайтыны бар, — деді Баймұқан, — Қазір үйреніскеннен кейін әңгімелеседі ғой.

Жүре киініп тағы бір адам шықты. Бұл бойы ортадан биіктеу, бұйра шашты, екі иығына екі кісі мінгендей жас жігіт еді.

Сабыт екеуі шұрқыраса амандасқан.

– Ой, Ырымбек, айналайын, — деді Сабыт, — Есен-саусыңдар ма? Ел-жұрт аман ғой?

– Құдайға, шүкір, — Ырымбек төрді нұсқады, — Ал, төрлетіңіздер. Кештетіп келіпсіздер…

– Ештеңеге әуре болма, қарағым, — деді Сабыт Қалимаға қарап, — Жақсылап бір шай берсең болды. Жолшыбай түстеніп жеткенбіз.

Ырымбек сыртқа шығып, аттардың ерін алып отқа қойды.

Қатты жүргенсіздер-ау, — деді қайтып кіріп, — Тоқымдарыңыз шылқып шіріп кетіпті.

Одан емес, — деді Әжігерей.

– Өзен құсып жатыр екен. Су аттың бауырынан асты,

Сабыт аяғын созып төрге ыңғайлана жайғасқан, — Содан әйтеуір өттік қой.

Киімдеріңіз су болған шығар, — деді Қалима — Құрғағын әкеп берейін.

Әуре болма, қарағым, — деді Сабыт, — Киіміміз баяғыда кеуіп кеткен.

Аздан соң алдыға шай келді.

Сабыт кесені қолына алып қабырғаны жағалай көз тастады.

Қамыстан салғансыңдар ма?

Бұл ауыз үй ғой, — деді Баймұқан, — Бірақ түпкі үй де қамыстан салынған. Сылап үлгермедік.

Осы ауыз үйді салуға былтыр ғана рұқсат берді ғой, – деді Қалима, — Ыдыс-аяғымыз боран соққанда деректірдің үйіне дейін домалап баратын.

Сабыт басын шайқады.

Оған не рұқсат керек? Ойпырай, біздің бастықтар да әйтеуір жоқ жерден билік шығарып…

Әжігерей маужырап отырып қалай ұйықтап кеткенін білмейді. Таңертең оянғанда төсегінің жанында басы дудардай арық қара бала отыр екен.

Сен Әжігерейсің бе? — деді бала бұған төніңкіреп.

Иә, — деді Әжігерей. Басын көтеріп, төсектің үстіне отырды, — Өзің кімсің?

Мен Ырысқалимын, — Бала қолын созды, — Кел, танысайық, дос болайық.

Әжігерей де қолын ұсынды.

Түнде біз келгенде қайда болдың?

Ұйықтап жаттым, — деді Ырысқали, — Жүр, қыдырайық. Мен саған ауылды көрсетейін.

Үй іші жап-жарық. Кішкентай пештің үстінде шай қайнап, қазан асылып жатыр. Екеуі далаға шықты.

Баймұқан мен Ырымбек қой сойып жатыр екен. Қалима ішек-қарын аршып отыр.

Қайда барасыңдар? — деді Қалима.

Ауылды аралайық деп…

Алысқа ұзамаңдар. Мәшине бүгін келсе бүгін көшіп кетеміз.

Ауыл ұнамады. Көше тізеден шаң. Жердің табаны, аңызақ желге шыдамай шыт-шыт жарылып кеткен. Кейбір үйлер терезесіне дейін жерге батып тұр. Тұтастай бір жағына жантайып жатқан ұзын қораның жанынан өткен.

Бұл не? — деді Әжігерей.

Бұл склад қой. Бұрын қойма болған. Қазір ештеңе де емес, — Ырысқали қисық есікті сықырлата ашып ішке қарай аяқ басты, — Бір жағына құлап қалғаннан кейін тастап кеткен ғой. Балалар тығылмақ ойнайды.

Бұлар кіргенде екі бала шаң-шаң еденге газет төсеп қойып қарбыз жеп отыр екен. Біреуі басына қоңыр барқыт тақия, үстіне қысқа жең сары көйлек киген, мысық сияқты бажбиған бала. Екіншісі, қоңыр кекілі көзіне түскен, қара барқыт “вельветка” күрте киген орыс баласы. Тақия кигені орнынан тұрып, аузы-басын сүртіп, бұлардың жанына келді.

Атаңның басын іздеп келдің бе мұнда? — деді Ырысқалиға қарап. Даусында зіл бар. Ырысқали көзін тайдырды.

Немене, келгізбейсің бе?

Мен саған не айттым әнеукүні? Бұл жерге енді келмеңдер дедім ғой. Айтқанды түсінбейсің бе? Құдайыңды ұмытайын деген екенсің. Көрсетейін саған.

Өктем бала Ырысқалиды жағадан алды.

Келгенде… мынау қонаққа келген бауырымды қыдыртып — деді Ырысқали беті сәл бозарып.

Ұрыс-төбелеске жоқ қорқақтау екені көрініп тұр. Амалсыз араласуға тура келді.

Бұл сенің үйің бе? — деген Әжігерей, тақиялы баланың білегінен түртіп.

Бала, мынау дауыс қайдан шықты дегендей, төбеге қарады.

Біреу бірдеңе деді ме, а? — деді Ырысқалиға қарап, жағасынан қол айырмаған күйі, — Әлде, жаңылыс естіп тұрмын ба?

Көше төбелестерінде шыңдалған, талай бопсаны естіп құлағы әбден үйренген Әжігерей сөз таластырып әуре де болған жоқ. Сәл шегінді де, беліндегі әскер белдікті лып еткізіп шешіп алып, жіті қимылмен білегіне орады. Тұрған жұрт есін жиғанша қоңыр тақияның шошақ төбесін межелеп тартып жіберген. Бала баж етіп басын ұстаған күйі бұған бұрылды. Сол сәтте кіндіктен төмен тұстан брезент туфлидің бұзау тұмсығымен келістіріп тұрып тепті. Тақиясы домалап түскен бала екі бүктетілді. Белдіктің айылбасымен құлақтың тұсынан тағы бір тартып өткен. Шаруа осымен тынды. Орыс бала орнынан атып тұрып, омсырайып жатқан терезеден далаға бір-ақ қарғыды.

Күш — менікі, боқ — сенікі, — деді Әжігерей жерде жатқан баланың басынан аттап өтіп. — Жүр кеттік, Ырысқали.

Тезірек үйге жетуіміз керек, — деді Ырысқали алақ-жұлақ етіп.

Асықпа, анау орыс, достарын тауып, оларды ертіп келгенше біз Таңсықтан көшіп те кететін шығармыз, — Әжігерей ыстыққа бөгіп маужырап жатқан көшені көзімен шолып өтті, — Ауылың маған ұнамады. Мына баланың аты кім?

Алдаберген деген бала, — Ырысқали артта қалған қораға үрейлене қарады, — Құтыршақ. Елдің бәріне ұрынады. Балалардың барлығы қорқады.

Қатырдың, — деген содан кейін күліп, — Жақсы төбелеседі екенсің. Қайдан үйрендің?

Ауылдың балаларымен төбелескенде үйренесің.

Ырысқали күлді.

Жылдам екенсің. Аузын жиғанша домалатып түсірдің.

Енді, қалай қашсаң да бәрібір төбелесу керек. Сондықтан, ақыр төбелеседі екенсің, езгілесіп тұру не керек. Жалынып-жалпайғанға тоқтаған, сөзге көнген баланы көргем жоқ әлі. Барлығы осындай. Біздің ауылға барғанда көресің әлі.

Немене, ауылдарың бұзық па?

Жоқ, кәдімгі ауыл, бұзығы да, жуасы да бар. Мектепке дейін дос болып жүрген балалар, бірінші класқа барғанда мазақтап шыға келді. Шоқыншық дейді.

Неге?

Орыс класында оқығаным үшін. Көшеде екі-ақ бала орыс мектебіне барамыз. Көршінің Ақайша деген қызы екеуміз. Екеумізді мазақтайды. Мені жабылып сабайды. Мен оларды бір-бірлеп ұстап алып сабаймын.

Атаң қой демей ме?

Дейді ғой. Бір рет жабылып тепкілеп жатқанда егінге су жіберіп қайтып келе жатыр екен, көре сала тұра қуды. Аттың бауырына алып зәресін ұшырған.

Ал әке-шешелері не деді?

Ештеңе деген жоқ.

Яғни, атаң ауылдың атаманы ғой, — деді Ырысқали риза болып.

— Атаман ба, жоқ па, білмеймін, бірақ ауылдың адамдары атамның айтқанын тыңдайды.

Екеуі шаңы тізеден келетін көшелермен жүріп ауылды ілезде айналып шықты.

Сендердің ауылдарыңда мынандай клуб бар ма? — деді ЬІрысқали салынып жатқан құрылысты көрсетіп.

Әжігерей күлді.

Ол енді сенің де ауылың ғой.

Әлі көшіп барған жоқпыз ғой, — деді Ырысқали.

Бармасаң — барасың. Әрине мұндай клуб жоқ. Кішіректеу бір үй бар. Кино келгенде сонда көрсетеді. Бірақ біздің ауылымыз өзеннің жағасында. Жері көк майса, — деді Әжігерей мақтанып.

Түс ауа жүкті сықастыра тиеген төрт машина жолға шықты. Қалған-құтқан малды Баймұқан айдап келетін болды. Баймұқан атасының Құлақасқасын, Ырысқали Торытөбелді мінді.

Байқа, көп шапқылама, аяғына қан түседі, — деді Әжігерей.

Атқа бүгін мініп жүрген жоқпыз ғой, — деді Ырысқали. Шопырлар бұлар келген жолмен емес, төменірек жатқан басқа бір жолмен жүрді. Міне, қызық! Бұлар келгенде өзен басылып, арнасының екі шеті таяқ тастамдай-ақ болып қалыпты. Әжігерей атасына қарады.

Ағып болған ғой, — деді Сабыт.

Бұл өткелдің табаны қиыршық тас екен. Машиналар күшеніп, баяу қалқып бірінен кейін бірі өтіп болғанша недәуір уақыт өтті. Содан соң қырдың қызылкеріш жолына түсіп, Сағаның көк тауларына қарай жүйтки тартқан. Ұзақ жүріп қырдың бөктері мен өзенді жағалай жарысқан қалың тоғайдың арасы кең алқап болып бір ашылған тұсқа келгенде көш бастаған машина кілт тоқтады.

Неге тоқтадыңдар? — деді Сабыт айқайлап, — Не боп қалды?

Алдыңғы машинадан Қалима түсіп бұлардың жанына келді.

Әке, мынау Қызылқияның тұсы ғой, керемет жер екен. Күнде өтіп жүрген жоқпыз ғой. Осы жерге кідіріп бір шай ішсек қайтеді? — деді жалынғандай, — Ұрыспайсыз ба?

Сабыт күлді.

Жарайды, қарағым. Ауылыңды әбден сағынған екенсің. Тоқтайық олай болса. Мына жерде, көзі бітеліп қалмаса, бір тұма бар.

Жүктің ішінен екі самауыр алынды. Сәлден соң бұлақтың суы толтырылып, кернейі кигізіліп, түтіндеп, дүрілдеп тұрды. Шоқ талдың түбіне дастархан жайылған. Түскі астан қалған мол ет, тәтті-дәмді тамақ. Шопырлардың біреуі шанышқысын алып өзен жағалап жүріп бес-алты қара балық аулап әкелді.

Мынаны, шіркін, шоққа қақтап жесе ғой, қандай керемет болар еді, — деді шыбыққа тізіп алған балықтарды салақтатып тұрып.

Соны от жағып, қақтап отырамыз ба, — деді Сабыт, — Көз байланбай тұрып ауылға жетіп алайық.

Таза ауада ішкен шай қандай, шіркін, — деді мосқалдау бір шопыр, — Баяғыдағы қазақ өмірдің қызығын білген-ау. Осылай көшіп жүрген, жақсы жерге қонған.

Мынау балыққа қарап есіме түсіп отыр, — Сабыт шайдан бір ұрттап мұртын сылады, — Жас кезіміз. Осы Сергопылдың орыстары қармақпен аулағанын, түнде шам жағып шанышқымен ұстағанын көзімізбен көрдік. Ол кезде балық аулаған бір сұмдық көрінетін. Қырдың қазағы, ойпырай, орыстар көлдің құртын жейді екен деп жағаларын ұстайды. Қазір енді екінің бірі аулайды ғой.

Кешегі аштықта, қас қылғандай, осы көлдің құрты да табылмай қалды ғой, — деді мосқал шопыр.

Әй, білмеймін-ау, — деді Сабыт, — Аулапты ғой. Шарбақпен сүзіп, бөгетке қуып тығып, тайдай топырлатып ұстапты ғой. Ұстаған, жеген, бірақ ет пен қымызға үйренген қазақтың ішіне мұндай тамақ тұра ма? Өзеннің жағасында отырып аштан қырылған ғой.

– Қазір көп адамдар былай істейді. Бірнеше үй бірігіп, бір қой сойып, мынау Қурайлы, Жіңішкенің бойы немесе Қурайлының Аякөзге құятын тұсына, кейде тіпті Үзік пен Сағаға дейін барып, көк майсаға аунап, жақсылап бір демалып қайтады. Бұны көкке шығу дейді, — Мосқал шопыр кесесін қайыра ұсынды, — Түу, шайың не деген тәтті еді, Қалима.

Бір жерде отыра бергеннен жалығады. Барып бір сейілдеп қайтады. Жақсы нәрсе ғой, — деді Сабыт.

Осы былтыр бір қызық болды, — деді мосқал шопыр қысыр әңгімені одан ары сабақтап, — Мынау Қызылкесіктің жоғары жағында бір қора бар ғой. Аты қалай еді…

Үзіктің жолындағы бұрылыстан кейін бе? Ол қора Әубәкір деп аталады, — деді Сабыт.

Иә, Әубәкір. Содан, әлгі Камал, көршім екеумізді көкке шығаршы деп өтінгеннен кейін, бір демалыс күні қолым бос еді, ал кеттік дедім. Содан пәленбай адамды тиеп алып келе жатырмыз. Қызылкесікке тоқтайық десем көнбейді. Түсіп, огород күзетіп отырған орыс шалмен келісіп, бір қап картоп қазып алды да, ал енді жоғары өрлейік деді. Амал жоқ, тағы да жоғары жүрдік. Жүріп отырып Әубәкірге жеттік. Бұдан ары бармаймын дедім. Әубәкірде өзеннің бойын шауып келе жатқан шөпшілер қонып отыр екен. Шабын да, жиын да бір жерде. Амандасып, шұрқырасып жатыр. Қораның ішіне ұзыннан-ұзын сәкі жасап тастапты. Сыртта бірнеше киіз үй тігілген. Жалаңдаған пәленбай тракторист қой. Кіріп әңгімелесіп отырғанбыз. Бір кезде, әлгі Хамит бар ғой, сол төбеге қарап бедірейді де қалды. Қарасақ, о, тоба, төбені жапқан шіліктің бір талына оратылып, өтірік айтсам өзіммен кетсін, тура баланың білегіндей жылан ілініп тұр. Шіріген шілік әне-міне сынайын деп тұр. Әлгі жылан, ой, Алла-ай, тура құс сияқты шыр-шыр етеді.

Былай тұр, әйтпесе үстіңе құлаймын деп тұр ғой, — деді Сабыт, — Ондайда кетіп қалу керек. Жан керек болса.

Жұрт дүркіреп далаға қашты. Мен Хамитты балағынан ұстап бір-ақ лақтырдым. Жаңағы жылан әзер шыдап тұр екен, Хамиттың жатқан жеріне салқ етіп құлап түсті. Түсе сала жорғалап, зытып бара жатыр. Трактористер бүкіл қораны ақтарып, тесіктің барлығын, ол жыланның іні емес, тышқанның іні шығар, Құдайың білсін, әйтеуір балшықпен бітеп шықты. Сөйтіп Хамитың бір ажалдан қалды.

Кім біледі, — деді Сабыт. — Мойнынан немесе басынан шақса, ауылға жеткенше өліп те қалуы мүмкін. Шынында да Құдай сақтаған екен. Жазда жыланның уы өте күшті болады ғой.

Ол жыланыңның да жүрмейтін жері жоқ екен, — деді шопырлардың бірі.

Кім біледі, — деді Сабыт қулана жымиып, — Қазір осы өздерің отырған киіздің астында да салақұлаш бір жыланның жатуы мүмкін ғой.

Шопырлардың барлығы дүркірей атып тұрған.

Сабыт қарқылдай күлді.

Ой, батырлар-ай. Отырыңдар, қалжыңдағаным ғой.

Вот, шал, а, — деді бүйра бас жігіт орнына отырып жатып. Жұрт жайғасып, үшінші самауыр шайға кіріскен.

Ол жыланды мен баяғыда мыжып өлтіріп тастағанмын, – деді Сабыт мұртын сылап, — Қалима, тағы бір шыны құй.

Шетте отырған шопыр шайына шашалып қалды.

Саба, осы сөзді рас айтып отырсыз ба? — деді мосқал шопыр ыржия күліп.

Сабыт отырған орнында, бір нәрсені жаншығандай, ары-бері ырғалып қойды.

Оны шай ішіп болғаннан кейін көреміз.

Аздан соң самауырдың күлі төгіліп, ыдыс-аяқ жиналғанда Сабыт орнынан тұрып киізді қайырып тастады.

Міне, қараңдар.

Астапыралла! — деді мосқал шопыр, — Мынау шынында да жылан ғой.

Жұрт үрпиісіп бір-біріне қараған. Киіздің астынан мылжа-мылжа болған жылан шықты. Сабыт құйрығынан ұстап жоғары көтергенде, жылт-жылт еткен сұрғылт белдіктің ұшы жерге жетті.

Мынауың нағыз айдахар ғой, — деді шопырлардың біреуі тарғыл дауыспен.

Бағанадан бері жыланның үстінде отырғансыз ба? — деді мосқал шопыр, — Ойпыр-ай, Саба…

Е, несі бар, — деді Сабыт, — Киізге отырғанда астымда бір нәрсе жыбыр ете қалды. Ырғап-ырғап мыжып тастап отыра бердім. Жылан екенін білдім. Енді не істейін? Айтсам, осы жерде ішкенің ірің, жегенің желім болады. Шай ішіп болғанша шыдап отыра бердім. Шауып-шауып көміп тастаңдар. Әйтпесе тіріліп кетеді дейді ғой.

Мосқал шопыр машинаның қорабында шаншулы тұрған күректі алып келіп жыланды бірнеше жерінен шауып, әр жерге көмді.

Батысқа қызылжолақ тартылып көлеңке ұзарғанда шағын керуен Айғызға келіп кірді. Ауылдың орталығында, қырдың еңісіне таман салынған ұзын тоқал тамның алдына келіп тоқтаған бірінші машинаның шопыры жерге түсе сала Қалимаға көңілдене тіл қатқан.

Кәне, әпке, жаңа қонысынды жу.

Сабыт шопырға ажырая қарады.

Әй, тұра тұрсайшы. Жүк түсіріп болайық та.

Соңыра заттар түсіріліп, есіктің алдына қаладай қылып қойылғаннан кейін, шопырлар, ал енді не істейміз дегендей Сабытқа қараған.

Жүріңдер үйге, бәрі дайын тұр, — деді Сабыт.

Әжігерей бір күн көрмеген үйін соншама сағынып қалыпты. Терезенің жарығы самаладай. Есіктің алдында қаптаған адам. Барлығы бірдей Қалимамен жапырлай амандасып жатыр. Шерім атасы киіз үйдің алдында келтекпен бір нәрсе езіп отыр. Бұларды көріп орнынан қалбалақтай көтерілген.

Ой, Қалимаш, амансың ба, қарағым?

Амансыз ба, ата, — деді Қалима қарияны құшақтап.

Жұрт жамырасқан күйі киіз үйге кіріп үлкен дастарханды жағалай отырды.

Күлбағила, әлгі… нені алып келші, — деді Сабыт білегін сыбанып.

Күлбағила бірнеше шөлмек арақты үстел үстіне қойды.

Ал, кәне, өздерің құйып іше беріңдер, — деді Сабыт арақты жалаңдап отырған жігіттерге қарай жылжытып, — Бүгінгі еңбек сендердікі. Аянбай қайрат қылдыңдар. Үй көшірген деген оңай ма.

Ал, әпке, — деді қартаңдау шопыр стақанды әуелете көтеріп, — Қоныс құтты болсын.

Естен кетпес кеш еді. Ошақтың түтіні бүкіл өңірді алды. Ас қамдап жүрген әйелдер, осы, тізеден келетін түтіннің ішінде баяу қалқиды. Киіз үй, там үйдің неше бөлмесі толған адам. Ағайын-туған, көрші-қолаң. Әжігерей барлық жерде болғысы келеді, бәрінің әңгімесін тыңдағысы келеді. Бөлмеден бөлмеге өтеді. Жүгіріп далаға шығып, есік алдында асықпай келелі әңгіме шертіп отырған қариялардың жанында тұрады. Жүгіріп көршілердің балалары келеді. Тығылмақ ойнап жатыр екен. Енді солай қарай жүгіріп кетеді. Түннің ортасынан ауа сілесі қатып киіз үйдің іргесіне домалап ұйықтап қалды.

Таңертең оянғанда үйде атасы, Күлбағила және Ырысқали отыр екен.

Қалима әпкем қайда? — деді Әжігерей көзін уқалап.

Барлығы үйді әктеп, жөндейміз деп кетті, — Сабыт иығындағы шекпенін түзеңкіреп отырды, — Тұр, шай ішеміз.

Ырысқали жолсоқты болып келіпті. Екі жағына пышақ жанығандай, көзі кіртиіп кеткен. Шайды үсті-үстіне ішіп отыр. Ішкен сайын кәрі адам құсап күңіреніп қояды.

Сен қашан келдің? — деді Әжігерей.

Жаңа ғана, — деді Ырысқали.

Сонымен ары қарай не болды? — деді Сабыт алдыңғы әңгімені жалғап.

Қызылқиядан асқаннан кейін мал бытырап қашты. Сиырлар бір бөлек, қой бір бөлек, бет-бетімен кетті. Не көрінгенін білмеймін. Әкем ары шапты, бері шапты. Бірдеңе қылып, әйтеуір жинаған болдық. Бірақ мынау, ауылға жете берісте бір қора бар екен ғой…

Өзеннің бойында жазықта тұр ма?

Иә. Маңайы қалың қопа.

Қызайдың қорасы ғой.

Иә, сол Қызайға жеткенде сиырлар жын көргендей құтырып, қойлар кері қарай, Таңсыққа қарай қашты.

Бөтен ауылды жатырқаған ғой, мал жарықтық жершіл ғой,

деді Сабыт, — Ал Баймұқан қайда, малды әлі қуып жүр ме?

Жоқ, — деді Ырысқали, — Әкемнің белі шойрылып жатып қалды. Мені арбамен алып кетсін, бар, айт деп жіберді.

Қап, — Сабыт басын шайқады, — Белі емес қой. Бүйрегі ісіп кететіні бар еді ғой. Соғыстан тапқаны. Анау Құлақасқаның жүрісі тоңқылдақтау еді. Қалай ұмытып кеткенмін.

Шайдан соң қара биені арбаға жекті. Ауылдың бірнеше жігітін шақыртып алдырған.

Ата, мына жұрт не дейді, біздің әлгі жездеміз ауылдың сыртында Ер Тарғын құсап белі шойрылып жатыр дей ме, –  деді есерсоқтау Молдағали. Ат үстінде тұрып шалқая күлген. Жанында тұрған үш жігіт те мырс-мырс күлді.

Ойпыр-ой, керауыздар-ай, — деді Күлбағила кейіп, — Оның несіне мәз боласыңдар? Ертең өз бастарыңа да келмей ме.

Әже, сусын берші, — деді Молдағали есер қалжыңының аяғын жуып-шайып.

Бір тостаған қымызды аттан түспеген күйі қайқая ішіп, бос ыдысты қайырып берді.

Жарайды, қалжың ғой. Нешауа, айдап алып келеміз. Малының түр-түсі қалай еді өзі?

Мына Ырысқали көрсетеді.

Ал, жиеншік, жүр кеттік, — деді Молдағали, — Вперед!

…Баймұқан аттың шылбырын білегіне орап алып етпетінен жатыр екен. Бұлар келгенде басын қинала көтерді.

Әкей, амансыз ба? — деді ыңқылдап.

Әй, қарағым-ай, — деді Сабыт, басын өкіне шайқап, — Сенің бұндайыңды ұмытып кетіппін ғой.

Атасы екеуі бебеулетіп жүріп Баймұқанды арбаның үстіндегі қалың төселген шөпке жатқызды.

Мына Құлақасқа, жайылам деп мені біраз жер сүйреді, – деді Баймұқан ауырсына күліп.

Сен арбаға отырмай-ақ қой, — деді атасы Әжігерейге, — Құлақасқаны мін.

Жүріс өнбеді. Қара бие аршындай бастаса-ақ Баймұқан ыңыранып, жан-жағын сипаланып қалады.

Әке, жайырақ… жайырақ… жаным көзіме көрініп келе жатыр… Ойбай…

Итырғылжыңмен түске қарай үйге әзер жетті. Қалима  қабағын шытып қарсы алған.

Бүйрегің ісіп кетті ме? Әй, байғұс-ай!

Қайтейін енді, — деді Баймұқан, — Ауылға жетіп-ақ едім. Осылай болды.

Атасы өзі білетін ем-домын жасады, сорпалады. Үш күн  дегенде Баймұқан орнынан тұрып, жүруге жарады. Бұл кезде жаңа үй де сыланып, әктеліп дайын болған. Баймұқан баспанасын қарап шығып риза болды.

Қора-қопсыны салып аламыз, — деді еңкейіп терезеден сыртқа қарап тұрып.

Саласың ғой, — деді Сабыт, — Топырақ пен балшықтан өшіңді алған адамсың ғой.

*   *   *

Күн шыжып тұр. Әжігерей мен Ырысқали екеуі сыртқа шығып аптаптан маужыраған ауылды тамашалап тұрып қалды.

— Көк майса екен, — деді Ырысқали, — Өзен де жап-жақын сияқты.

— Әнеукүні атам екеуміз түн ішінде Аякөздің жағасынан Таңсыққа дейін тура екі сағат жүрген шығармыз. Сұмдық алыс екен. Қалай шомыласыңдар сонда?


Өзенге велосипеді барлар ғана барады. Кейбіреулер машинамен барады. Ал біз сияқты көлігі жоқтар арықтың лай суына шомыламыз, — деді Ырысқали, — Бір-екі рет жаяу барып көрдік. Бір шомылу үшін бір күнің кетеді.

Енді көзің ашылды, — деді Әжігерей, — Өзен деген, міне, тиіп тұр. Күніне он барсаң да өзің білесің.

Екеуі өзеннің жағасына жетіп жан-жағына қарады.

Қазір су суық. Түстен кейін жылынады, — деді Әжігерей.

– Анау не? — Ырысқали өзеннен аулақта тұрған қораны көрсетті.

Ол қой қырылған қора. Бір жылы сапқоздың ешкісі мен қойы қараптан-қарап қырылып қалған. Ол қораның жанына ешкім жоламайды.

Жүр көрейік, — деді Ырысқали.

– Жүр, — Әжігерей қара топырақты бұрқыратып алға озды, — Тек жиіркеніп жүрмегін, әйтеуір.

Сыртының ағы кетіп, сылағы әр жерден ойылған ұзын қораның есігіне тақағанда шіріген ет пен көгерген қорданың иісі аңқып қоя берді. Бұлар табалдырықтан аттағанда көк шыбын бұлттай болып көтерілген. Қораның ішінде етін жарым-жартылай құрт жеген, топыраққа батып көміле бастаған қой мен ешкінің өлексесі самсап жатыр. Ырысқалидың көзі бақырайып, өңі қуқыл тартты.

Сұмдық екен!

Әжігерей, мүйізі жерге шаншылып, адам сияқты шалқасынан жатып өлген текенің жанына келіп жүресінен отырды. Көк қылшық тері әр жерінен жыртылған. Жыртықтардан жалаңаш қабырғалар ырсиып көрінеді. Көкке қараған төрт аяқ та алба-жұлба тері мен ағып кеткен ет. Етсіз бас пен қарынның іші жерін жеп болып өлген құрттан көрінбейді. Тиіп кетсең қураған жапырақ құсап сыбдырлап, құм сияқты төгіліп жатыр.

Бұны неге көмбеген? — деді Ырысқали.

Әжігерей түшкіріп қалды.

Білмеймін. Бастықтар, жиналыс ашып ешқайсың жоламаңдар деген. Содан бері бұл қораның жанынан ешкім жүрмейді.

Ырысқали қораның түп жағына меңзеді.

Қарашы, біреу бар сияқты.

Әжігерей анықтап қараған. Қораның алакөлеңке бұрышында қараң-құраң етіп жүрген екеуді бірден таныды.

Жүр, кеттік. Ол, анау сенің Таңсығыңдағы Алдабергенің сияқты, осы ауылдың қояншықтары. Біреуінің аты Қайырбек, біреуінің аты Еркін.

Олар не істеп жүр сонда?

Не істеуші еді, асық алып жүр.

Өлген малдың асығын ба?

Қайырбекке бәрібір. Керек болса көрден қазып алар.

Кетейікші, — деді Ырысқали, — Иісі жаман екен.

Мен саған айттым ғой, — деді Әжігерей, — Жүр өзеннің жағасына барайық. Қазір көр де тұр, артымыздан қуып келеді. Маған тиісе қоймас. Саған міндетті тұрде ұрынады. Қорықпа. Жаныңда мен бармын.

Күн түске тырмысты. Өзеннің бойымен анда-санда самал есіп өтеді.

Мына желден ненің иісін сездің, айтшы? — деді Әжігерей.

Білмеймін, — Ырысқали ауаны иіскеп көрді, — Әйтеуір бір ащы иіс.

Дұрыс айтасың, — деді Әжігерей, — Ол ерменнің иісі. Әне, анау екі батыр шықты.

Қорадан шыққан екі бала осылай қарай асығыс келе жатыр. Үстінде сұр шақпақ қысқа жең көйлегі бар, мұрны таңқиған қара бала келе сала Ырысқалиға ежірейе қараған.

Ей, Әжігерей, мынауың кім, ей?

Ырысқали, Әжігерей үйреткендей тайсалмай жауап қайтарды.

Мен “мынау” емеспін. Менің атым Ырысқали.

Сен мықтысынба өйтіп, — деді қара бала, — Немене, күштісің бе?

Күштімін.

Оны қазір көреміз. Қайдан келдің, Таңсықтан келдің бе?

Ырысқали үндеген жоқ.

Немене, жауап бермейсің бе?

– Әй, Қайырбек, жетер енді, болды, — деді Әжігерей, – Тергеп әкетіп бара жатырсың ғой, тіпті.

Сен килікпе, — деді Қайырбек Әжігерейді бөгеп.

Итерме кеудеден!

Сен немене? — деді Қайырбек түсін суытып, — Немене килігесің? Таяқ жейсің қазір.

– Омаяу, — деді Әжігерей, — Жегізбей қал!

– Мен саған бұл кім деп тұрмын ғой, — Қайырбек Ырысқалиды тастап енді Әжігерейге бұрылды, — Ылғи жанжалға дайын тұрасың.

– Жанжал іздеп тұрған — сен, — деді Әжігерей, — Бұл менің ағам. Аты Ырысқали. Таңсықтан көшіп келді. Осы жете ме саған?

Өзі неге айтпайды, — деді Қайырбек, Ырысқалиға сұстана қарап.

Осы кезде Ырысқали бірінші қате жіберді. Қайырбектің қорғасындай ауыр көзқарасына шыдамай көзін тайдырған.

Әлі сөйлесеміз. Уақыт бар ғой, — деді Қайырбек еңсесі көтеріліп.

Түстен кейін, Бекбайдың ауылының ар жағындағы қара суға келіңдер, — деді бағанадан бері үнсіз тұрған Еркін.

Осы қазір сөйлесейік, — деді Әжігерей.

Жоқ, түстен кейін, — деді Қайырбек.

Қанша адам болып келесіңдер? — деді Әжігерей.

Екеуміз ғана, — Қайырбек алақанын жоғары көтерді, — Көріскенше.

Атасының басы, — деді Әжігерей былай шыққаннан кейін, — Бесеу, алтау не он шақты болып келеді. Екеуге екеу болсақ осы жерде-ақ төбелесуге болар еді ғой.

Ырысқали абыржып қалған.

Енді не істейміз?

Біз де балаларды жинаймыз, — деді Әжігерей.

Түстен кейін айтылған уақытта бұлар төртеу болып келді.

Түс көргендей қылып айтыпсың, — деді Әжігерейдің кластасы Амантай, — Қайырбек батыр алты кісі дайындап қойыпты.

Біреуі тіпті бесінші кластың баласы, — деді Сәтбек. Алты бала қарасуға құятын кішкентай сарқыраманың жанында жүгіріп ойнап жүр. Бұларды көріп дереу киіне бастады.

Ал, Ырысқали, бұлар саған тиіседі. Қорықпа. Қайырбекті жекпе-жекке шақыр, — деді Әжігерей жүзі бозара бастаған ағасына дем беріп. — Қорықпа. Артыңда біз тұрмыз.

Сәлем, шоқыншық, — деді Қайырбек. Жанындағы нөкерлерінің буы болса керек, бағанағыдай емес, өктем.

Әжігерей күлді.

Маған айтасың ба?

Иә, саған айтам. Төрт шоқыншық келіп қалған екенсіндер, жол болсын, — Қайырбек кеудесін керіп талтайып тұрды.

Мен шоқыншық екенмін, жарайды. — Әжігерей де кеудесін керіп, белін таянып тұрды, — Олай болса орыс мектебіне сабақ беретін сенің Орал әпкең де шоқыншық. Шоқыншықтың інісі — сен де шоқыншықсың.

Қайырбектің жүзі лап етіп қызарған.

Әй, қу кедей, тарт тіліңді!

Сен бай екенсің ғой, — деді Сәтбек әңгімеге килігіп.

Сен қыстырылмай тыныш тұр, — деді Қайырбек алая қарап.

Жоға деймін-ау, — деді Сәтбек, — Арам қатқан текенің асығын жинап, анау сасық қораның жанында қаңғырасың да жүресің.

Қайырбек Сәтбектің жағасынан шап берді.

Ой, әкеңнің!

Сол кезде оның әр қимылын бағып қиыстау тұрған Амантай құлақ тұстан жұдырықты тастап та жіберген. Қайырбек шатқаяқтап барып құлады. Опыр-топыр төбелес басталып кетті. Бесінші класс оқитын, басқалардан бойы биіктеу Жанат бірден Ырысқалиға дүрсе қоя берді. Әлжуаздау Ырысқали алғашқы соққыдан тірсегі майысып, шегіншектеп қалған. Әжігерей сыртынан барып Жанатты мойнынан қапсыра ұстап, бұрап сүйрелей жөнелді. Сол сүйреген бойымен биік жарлауыттан қарасуға бір-ақ лақтырған. Баж еткен дауыс пен судың шалп еткені қатар естілді…

Бірден жапырып кете алмай тауы шағылған қарсы топқа осы дыбыс қамшы болып тисе керек, топырдың астында қалған атамандарын тастай салып дүркірей қашқан.

Мынаны не істейміз? — деді сәл алқынған Амантай бүк түсіп жатқан Қайырбекті теуіп.

– Қолын артына қайырып, көйлегімен байлап тастаңдар, – деді Әжігерей, — Анау Жанат батыр өліп қалған жоқ па екен, көрейін.

Үсті-басы малмандай болған Жанат қарасудың арғы жағасында отыр екен. Әжігерейді көріп орнынан атып тұрды.

– Көресің ертең, шоқыншық, — деді жұдырығын түйіп.

–  Кел мұнда. Бері қарай өт, сөйлесейік, — Әжігерей жардың шетіне жайлана отырды.

Көресің, — деді Жанат ауылға қарай кетіп бара жатып. Әжігерей күліп кері бұрылды. Бұл кезде балалар Кайырбектің қолын байлап, балдыр мен қара батпақтан илеп басына телпек кигізіп үлгеріпті.

Көресіңдер, бәлем, — деді Қайырбек тістеніп. — Шеш қолымды. Шеш деймін, әкеңнің..!

Осы мінезің ғой, — деді Әжігерей күрсініп, — Ешкімге сүйкімің жоқ. Балаларды жинап алып ландатасың да жүресің.

Кет әкеңнің..!

Амантай бір бүйірлей жатқан Қайырбекті құйрықтан келістіріп тұрып тепкен.

Жапшы-ей аузыңды. Өлген теке сасып кетті.

Ну как, козлиный атаман? — деді Сәтбек, “тұтқынның” үстіне төніп.

Мен сенің орысшаңды түсінеді дейсің бе, шоқыншық, — деді Қайырбек қайыспай, — Қазақша сөйле.

Жарайды, қоя беріңдер, — деді иі жұмсақ Ырысқали, – Жетер енді.

Барсын, — деді Амантай.

Әжігерей Қайырбектің қолын шешті.

Арқан қылып ширатқан жұқа шыт көйлек әр жерінен сетінеп кетіпті. Тарқатып, түзеп, “тұтқынның” иығына жапқан. Амантай жерде жатқан балдыр телпекті Қайырбекке ұсынды.

Мынау менің саған кигізгенім, қарағым. Көзімдей көріп киіп жүр.

Әй, кетші, әкеңнің… шоқыншық!

Қайырбек аулағырақ барып бетінің айғыз-айғыз кірін жуды. Содан соң су-су көйлегін киіп, жалғыз аяқ жолға түсті. Былайырақ шығып жұдырығын білеп айқайлаған.

Әкеңнің… шоқыншықтар! Ертең мектепке барғанда көресіңдер!

Бар, бар, текелерің күтіп қалды, — деді Амантай да айқайлап.

Қайырбек еңкейіп жерден тас алды да бұларға қарай жіберіп қалды. Жұдырықтай тас Ырысқалидың төбесінен ысқырып өтті.

Қап, әкеңнің… бекер жібердік, — деді Сәтбек.

Жерден бір тас алып ол да лақтырған. Қайырбек ыршып кетіп тұра қашты.

Енді не болады? — деді Ырысқали.

Не болушы еді, — деді Сәтбек киімін шешіп жатып, — Көп болса ағаларына айтар. Қой, шомылайық.

Біз де ағаларымызға айтамыз, — Амантай күнге қарап жағы шықырлап ұзақ есінеді, — Менің Кенжеш ағам, керек болса осы ауылдың атаманы. Әскерден келген жігіттердің өздері қорқады одан. Саспа. Саған ешкім де тиіспейді.

Түбінде әр қиыршығы көрініп жатқан, қайраңы табанды еркелеткен мөлдір суға армансыз шомылған.

Қарын ашты, — деді Сәтбек бір кезде, — Қайдан тамақ ішеміз?

Біздікіне барайық, — деді Әжігерей.

Жалғыз аяқпен секіріп құлақтарының ішінде дүңгірлеп жүрген суды төгіп, киімдерін кептіріп, арып-ашып үйге қайтқан. Есік алдында Сабыт, Шерім және Баймұқан үшеуі отыр екен. Баймұқан, күнге күйіп жып-жылтыр болып кіріп келе жатқан бұларды көріп күлді.

Қайдан келе жатырсыңдар, бәдәуилер?

Шомылдық, — деді Әжігерей.

Мына балалар кімдер? — Сабыт көзін көлегейледі.

Менімен оқитын Амантай мен Сәтбек қой, — Әжігерей қол жуғыштың салқын суымен бетін жуды, — Қарнымыз ашып шай ішейік деп келдік.

Шомылып және төбелесіп келе жатырмыз, — деді Амантай беті-қолын жуып жатып.

Сабыт мырс етті.

– Е! Кіммен төбелесіп жүрсіңдер?

– Анау, Сансызбайдың баласы бар ғой. Қайырбек. Сол алты бала ертіп әкеліпті. Солармен төбелестік.

Олар алтау, сендер төртеу ме? — Шерім, “мыналардың әңгімесін тыңда” дегендей Сабытқа қулана қараған, — Иә, кім жеңді сонымен?

Кім жеңуші еді — деді Амантай кеудесін кере күрсініп, – Быт-шытын шығардық. Қайырбек тұтқынға түсті.

Сабыт пен Шерім жарыла күлген. Баймұқан көзі күлімдеп басын шайқады.

Қарашы. Отан соғысына барып келген адамдай сөйлейді.

Әй, кемпір, — деді Сабыт көзінің жасын сүртіп жатып, — Мынау жауды жеңіп келген батырларға шай бер.

Қой, біз де шай ішейік, шөлдеп қалдық, — Шерім орнынан ыңырана көтерілді. — Қалмақты шауып келген батырлармен қатар отырып дәм татысайық.

Күлбағила әрқайсысының алдына бір-бір кесе қаймақ қойған. Қарны ашып келген балалар қаймақты да, жал болып үйіліп жатқан бауырсақты да жусатып салды.

Жұмыс қатты болған ғой, — деді Сабыт Шерімге көзін қысып.

Е, қатты ғой. Бұлардың жұмысы қатты ғой қазір, — деді Шерім балаларға мейірлене көз тастап.

Бұл қай балалар? — деді Баймұқан.

Мен Мырзабек мұғалімнің баласымын, — деді Сәтбек.

Мен, анау заправканың ар жағында тұратын Бимәди бар ғой, соның баласымын, — деді Амантай кесесін ұсынып жатып.

Неғып төбелестіңдер?

Қайырбек мына Ырысқалимен ерегесіп…

Әй, балалар-ай, — деді Шерім басын шайқап, — Ауыл итінің құйрығы қайқы деген. Бөтен ауылдың баласы деп ықтырып алмақ қой.

Кеш батқанда Әжігерей мен Ырысқали достарын ауылдың ортасына дейін шығарып салған.

– Байқа, жаңағы усойқы тағы да балаларды жинап арттарыңнан қуып жүрмесін, — деді Әжігерей күліп.

– Қумай қалсын, — деді Амантай.

Айтпақшы, ұмытып барады екем, — деді Әжігерей, — Ертең қолдарың тисе сернеге келіңдер. Мынау Ырысқалиларға қора салайық деп жатырмыз.

Амантай қолын ұсынды.

Жарайды. Келеміз.

Келеміз, — деді Сәтбек.

Достарың жақсы екен, — деді Ырысқали былай шыққаннан кейін.

Олар енді сенің де достарың, — деді Әжігерей.

Ертеңіне Баймұқанның бүкіл қайын жұрты жиналды. Ең әуелі ауылдың сыртында осыдан бірнеше күн бұрын құйылып, жал қылып кептіріліп қойған саман кірпіші тасылған. Бірнеше машина күні бойы үздіксіз қатынағанда есіктің алды қала сияқты болып қалды. Үлкен қырман айдалған. Содан соң табанына тас төселіп екі үлкен қораның қабырғасы көтерілді. Амантай мен Сәтбек құрылысқа бастан-

аяқ қатысты. Төртінші күні қораның төбесі жабылды. Сол күні Сабыт тоғайдан неше күн бойы тоқыған шарбақтарын тасып жеткізген. Биіктігі құрық бойы тоқылған шарбақтарды құрастырып, шөп қора жасалды.

Бесінші күн дегенде жұмыс аяқталды. Баймұқан екі қой сойып, дүкеннен жәшігімен арақ алдырды. Шағын той-томалақ түн ортасына дейін созылған. Түннің бір уағында, кеш бойы үлкендермен дастарханда отырған, масайған

жұрттың талай қызығына куә болған балалар желдеп келеміз деп далаға шықты.

Міне, енді сен біздің ауылдың баласы болдың, — деді

Амантай Ырысқалиды иығынан қағып.

Ертең сабақ. Бірінші сентябрь екенін ұмыттыңдар ма, — деді Сәтбек.

Амантай рахаттана керілді.

Жаздың қалай өтіп кеткенін байқамай да қалыппыз. Қайтадан сабақ басталады енді, — Есінеп күлген, — Шіркін, біз емес, біздің орнымызға мал оқыса ғой, осы оқу дегенді.

Сәтбек те керілді.

– Ой, шіркін-ай десейші, — Ырысқалиға қарады, — Қалай, біздің ауыл ұнай ма?

– Ұнайды, — деді Ырысқали.

– Біздің ауылға жер жетпейді, — деді Сәтбек, — Ертең көресің. Долана, қарақат, қара жидек теруге тоғайға барамыз. Күзде бұрынғысынан да әдемі болып кетеді. Қыста, анау тауды көрдің бе, сол таудан шаңғы тебеміз.

Амантай күлді.

— Тіпті бағанағы Қайырбекті де жақсы көріп кетесің.

Барлығы қосыла күлген. Үйден біреудің дарылдата гармон тартқаны естілді. Бей-берекет тартылған татар әуенге мас адамның барқыраған даусы қосылды.

Қара гармонь тарта-тарта,

Талды-ау менің білегім.

Сәтбек елең етті.

Бұл мен білмейтін қай әнші?

Амантай, оны қалай білмейсің дегендей, Сәтбекке қулана қараған.

Жынды Мұқан ғой. Оның ән айтқанын естімеп пе едің?

Бір жұлдыз сорғалап түсті, — деді аспаннан көз алмай  тұрған Әжігерей.

Жұлдыз ағып түскенде бір адам өледі дейді ғой, — деді Ырысқали.

Тек біздің әке-шешеміз өле көрмесін, — деді Амантай.

Анау биікте құстың керуені кетіп барады, — деді басқалардан көзі өткірлеу Сәтбек.

Кәне, кәне.

Әне, — Сәтбек саусағын шошайтты, — Бірінен кейін бірі тізіліп кетіп барады. Ерте қозғалған ғой.

Қайда барады екен? — деді Әжігерей.

Ешқашан қыс болмайтын бір жер бар дейді ғой. Сонда бара жатыр да.

Ондай жер бар ма?

Бар дейді ғой. Жылы теңіздердің ар жағында, алыста.

Ошақтың оты жалпылдап, түтіні шалқып бүкіл көшені алды. Көңілдене дабырласқан адамдар үйге кіріп-шығып жатты. Бірақ төрт бала ештеңеге назар аудармай, құж-құж алтын жұлдыз жайлаған аспанға қарап тұра берді.

* * *

Баймұқан мен Қалима ауылға тігіншілік өнер алып келді. Сапқозда шеберханаға лайық дайын тұрған үй болмағаңдықтан екеуі үйде тігетін болған. Баймұқанның үш бөлмелі үйі топырға айналды. Бұрын дүкенде тұрған дайынын, немесе Аякөзден алдырған киімді киетін ауыл адамдары енді ісмер Баймұқанға тіктіріп киетін болды. Қыр қазағына тән мінезбен күн демей, түн демей қалаған уақытында келе береді. Ауылдың “стиляга” жігіттері тарбалақ шалбар, қыздар мен әйелдер соңғы сәнмен көйлек, балалар “кепка” тіктірді. Тіпті шалдардың өздері “дегенал” деп аталатын егеудей қалың көк матадан немістің әскери үлгісімен “френч”, галифе шалбар тіктіріп ауылда бой түзеп жүретін болды.

Сол жылы күзде Ырымбек әскерге кетті. Алдында Аякөздегі военкоматқа ауылдың бір топ жігіті шақырылып тексерістен өткен. Күздің суық кеші еді. Ырысқали мен Әжігерей от жағып үйді жылытып, Қынабекті ойнатып отырған. Ырымбек асығыс кіріп келді. Иығына төгіліп тұратын бүйра шашын алдырған, басы тап-тақыр. Үстіндегі қоңыр пальтосын, таза шалбары мен жеңіл аяқ киімін шешіп, ескілеу жұмыс киімдерін, керзі етігін киді. Содан соң қабырғадағы май-май күпәйкесі мен тозығы жеткен малақайды қолына алып, аңырып отырған бұлардың жанына келді.

Ал, мен әскерге кетіп бара жатырмын.

Қалай… әскерге кеткені несі? — деді Ырысқали көзі жасаурап.

Ырымбек мұңая, елжірей жымиған.

– Енді… шақырып жатыр ғой… Кетуім керек. Сыртта машина тосып тұр. Әкем мен шешем қайда?

Кұйған жаққа отын әкелеміз деп кеткен, — деді Ырысқали еңіреп.

– Ой, Ыреке… қой жылама, — деді Ырымбек Ырысқалиды бауырына басып басынан сипап, — Сен үлкен жігіт емессің  бе. Осы үйдің басшысы емессің бе. Жылама, жарығым. Үш  жыл деген немене. Өтеді де кетеді. Бір күндей де болмайды. Ал, жарайды, аман болыңдар, — Ырысқалиды бетінен сүйді. Ырысқалиға еріп жылай бастаған Қынабекті, состиып тұрған Әжігерейді бір-бір сүйіп, жүгіре басып сыртқа беттеген.

Көзінің жасын бұлаған Ырысқали соңынан жүгірді. Әжігерей де далаға шықты. Есіктің алдындағы машинада бастары тақырайған ауылдың жігіттері отыр. Бәрі мас.

Ырымбек машинаның үстіне шығып, қайтыңдар дегендей бұларға қолын бұлғады. Кабинада отырған түсі суық әскери адам шопырға белгі берген.

Үйге қайтып келген Ырысқали асылынан айрылғандай солқылдап ұзақ жылады. Қынабек бақырайып қарап отырып, ақыры ол да үйді басына көтеріп қосыла жылаған.

Қой енді, Ырысқали, — деді Әжігерей, — Жылаған  деген жаман ырым. Мына кішкентай шошиды. Қой енді.

Әбден қараңғы болғанда Баймұқан мен Қалима да жеткен. Бірнеше адам тау қылып буған отынды ілезде түсіріп тастап, үйге кіріп төрге жайғасты.

Жылағансыңдар ма, не болды? — деді Баймұқан балаларына жағалай көз тастап өтіп.

Ырымбек әскерге кетіп қалды, — деді Ырысқали қайтадан қорсылдай жылап.

Баймұқан тұрған орнында сілейіп қалды. Қалима қолындағы шәугімді түсіріп ала жаздап барып пештің үстіне әзер қойды.

Апырай, — деді даусы дірілдеп, көзі жасаурап, — Қоштаса алмай кетті-ау, қарағым-ай. Ілезде алып кетеді деп кім ойлаған. Қап.

Отын түсіріскен тракторист жігіттер ыңғайсызданғандай бір-біріне қараған.

Шай көңілсіз ішілді. Баймұқан да, Қалима да күлген болады, бірақ нәубез жүздерінен іштерінің қан жылап отырғаны байқалады.

Қой, болмас, — деді жынды Мұқан, қалтасынан қызылқұлақ он теңгелікті суырып жатып, — Ырысқали, мә, дежурный магазиннен үш бөтелке арақ алып кел. Қалғанына өздеріңе кәмпит алып жендер.

Аздан соң алдыға келген шөлмектердің біреуін ашып стақандарға толтыра құйып Баймұқанға күле қараған.

Жездеке, кел, алып қояйық. Білем, бауыр етің, балаңның ырымалды, үйіңнен бір қадам ұзатып көрген жоқсың. Бірақ амал не. Заң бар, закон бар. Бәріміз де барып келгенбіз. Құдай сақтасын, аруақ жар болсын, басқа не дейміз.

Баймұқан қаталап кеткендей стақандағы арақты аузына  құя салды. Көзін жұмып сәл отырды.

Иә, — деді содан кейін, — Басқалардан қай жері артық. Барып келсін.

Мұқан қоярда-қоймай Қалимаға да бір стақан арақ ішкізген.

Қайғың тарқайды, әпке, — деген, сап-сары тістерін көрсетіп ыржиып. Масайып қалған Мұқан кетерінде Баймұқан мен Қалиманы құшақтап тұрып, жұбатып, толқып сөйлеген.

Әлі көрерсіңдер, — деген соңында, — Ырымбек аман-есен келіп, үйленіп немере сүйгізеді әлі. Сол немерелеріңнің шілдеханасында арақ ішіп, осы төріңде домалап жатармыз әлі.

Аузыңа май, — деді Баймұқан.

Айтқаның келсін, Мұқанжан, — деді Қалима жаулығының ұшымен көзін сүртіп.

Әжігерей ертеңіне сабақтан кейін үйге барып атасына болған жайды айтқан. Сабыт тыңдап болып, біртүрлі бейжай күйде қалды. Күлбағила ғана иілген жоқ.

Қайтеміз енді, ер жетті. Әскер деген міндет. Құдай тек соғыстан аман қылсын.

— Ей, Алла-ай, — деді Сабыт күрсініп. — Баяғыда Ақтоғайға барғанымда Ырымбек үш жастағы бала екен. Үйлері бағзалдың жанында болды ғой. Темір жолмен күндіз-түні ағылған әскер. Сонда, әкем қашан келеді екен деп әр пойыз өткен сайын далаға жүгіріп шығады. Баймұқанның тұңғышы ғой. Енді, міне, Баймұқан да, Қалима да баласын күтіп отыратын болды. Тәңірім жар болсын. Немеремнің алды ғой.

* * *

Баймұқан беймаза адам. Бірақ шаруаны жалғыз өзі ғана істеп қоймайды, бүкіл үйелмен әуреге түседі. Әуелі дәліз ұзыннан ұзақ, қараңғы, бір терезе аздық етеді деп қабырғаны бұзып тағы бір терезе орнатты. Қалыңдығы бір құлаш болатын қабырғаны ойғанда, өгіз кірпіштің біреуі құлап кетіп аяғын жаралап алып, бір ай ақсаңдап жүрді. Содан кейін тауықтар қыста тоңады, тоңса жүмыртқаламай қояды деп қой қораның іргесінен жер астынан қазып тауық қора жасады. Пешті бір рет күлдеп, жақсы жанып тұрса да, қыста тоңамыз деп түпкі бөлмеге бөлек пеш салды. Дәлізге және бір пеш орнатты. Күндердің күнінде, осы дәлізде пеш бар, терезе бар, осыдан неге жеке бір бөлме шығармаймыз деді. Қалима, оның не керегі бар, сыйып отырмыз ғой дегеніне қарамай және бір бөлме жасап тынды. Ол бөлме жасалғаннан кейін бұрынғы сыртқа шығар есік бітеліп, дәліздің ортасынан жаңадан есік ашылғаны, яғни қамалға бергісіз қабырға қайтадан қиратылғаны өзінен-өзі түсінікті. Ырысқали мен Әжігерейдің кірпіш құйып, лай тасығаннан ыңыршағы айналып кетті. Үсті-бастары балшық-балшық болып малшынады да жүреді. Баймұқан, итрақтап шаршап отырған екеуіне қарап, ертең мен өлгенде, көріңде өкіргір Баймұқан, қабырғаны ары-бері жылжытып, пештің орнын ауыстырып тыным таппаушы еді, енді көрінің ішін де ары-бері жылжытып жанталасып жатқан шығар, жатқан орныңнан тұрмағыр дейтін шығарсыңдар деп күледі. Атасы тағы бір келгенде үйді танымай қалды. Бөлмелерді аралап, қора-қопсыны қарап шықты. Қайтып келіп, толқын-толқын жылу шашып тұрған пештің құдығын сипап көрді.

Шеберсің-ау, — деді риза болып, — Бұрын қалай ойымызға келмеген. Ұп-ұзын дәлізден де бөлме шығаруға болады екен-ау. Кіргенде үйің үш бөлмелі еді, енді төрт бөлмелі болыпты.

Көп ұзамай дүние астаң-кестең болды. Бірде Ырысқали келген. Мамасы күшәла сұраттырыпты. Әлденеден үрейленген адамдай көзі бақырайып тұр. Төрде қалың бөстекке жайғасып алып шайды сыңғытып отырған атасы сәл тіксініп қалды. Содан кейін, — Есікте тұрма өйтіп, — деді қабағын шытып, – Жетім бала емессің ғой. Кел, төрлет. Шай ішейік.

Ырысқали дастарханға отырып, бірнеше кесе шайды төңкеріп тастағаннан кейін ақырындап сыр тарта бастады. Үйде жанжал болыпты. Ары-беріден соң Баймұқанның Қалиманы сабағаны анықталды.

Тәәк, — деді жүзі сәл қуарыңқы тартқан атасы, — Ал қазір не болып жатыр?

Екі күн болды, көршілердің үйіне қонып жүрміз. — Ырысқали төмен қарап жылап жіберді.

Атасы Ырысқалидың кекілінен сипап бауырына тартты, — Жылама.

Ырысқали өксігін басып үнсіз қалды.

Сендерді де сабады ма?

Иә. Сабады.

Содан кейін не істеді?

– Артымыздан іздеп келді. Қайтыңдар, әйтпесе өлтірем деді. Мамамның бет-аузы ісіп кетті. Браштар бір қабырғасы сынған дейді.

Атасы Ырысқалиды иегінен көтеріп көзіне қадала қараған.

– Ал, енді шыныңды айтшы, Қалима күшәланы қайтеді екен?

– Күшәланы ішіп өлем дейді, — Ырысқали өксіп-өксіп егіле жылаған.

Ағасының шарасыз әңгімесін тыңдап отырып Әжігерейдің өзі де жылап жібере жаздады.

Қашаннан бері ұрады?

Ылғи сабайды. Таңсықта тұрғанда да сабайтын. Ырымбек әскерге кеткеннен кейін мүлдем жаман болып кетті.

Жарайды, — Атасы күрсініп, төмен қарап үнсіз қалды. Содан кейін суып қалған шайын бір-ақ ұрттап, кесесін қайыра ұсынған. — Тағы бір шыны құйшы.

Үй ішінде үнсіздік орнады. Шоқта тұрған шәугімнің ызыңы мен Ырысқалидың әлсін-әлсін мұрнын тартқаны ғана естіледі.

Жарайды, — деді атасы.

Бүгін анау қораның астын тазалаймыз деп едіндер ғой, — деді шалының “жарайдысының” сырын жақсы білетін Күлбағила.

Тазаланады. Қайда кетер дейсің, — Атасы соңғы кесені ішіп болып орнынан тұрды, — Қой. Барайық. Не болды екен. Анығына жетейік.

Қарасанынан келетін саптама етігін киді. Беліне кісесі салбыраған ауыр белдігін тағынды.

Түу, тіпті тойға бара жатқандай жасандың ғой, — деді Күлбағила зәндемі жымиып.

Е, той емей немене? Бүкіл өміріміз осындай тоймен өтіп жатыр емес пе, — Атасы қамшысын бүктеп ұстаған күйі далаға шықты.

Ақырдан жем жеп тұрған сары айғыр иесін көріп ақырын оқыранған. Атасы ерді ары-бері ырғап, айылын қаттырақ тартып атқа қонды.

Сен үйіңе қайтпай-ақ қой, — деген Ырысқалиға. — Бәрібір енді осында боласындар ғой, — Басы салбырап тұрған немересіне қарап сәл тұрды. Содан кейін болмашы езу тартқан. — Күшәланы мен өзім апарып берем.

Күн түске тырмысқан шақта аулаға шағын көш келіп кірген. Атасы немересін атқа отырғызған, өзі жаяу. Қалима әпкесі сәл қалыңқырап келеді.

Ой, көген көзім, — деді Күлбағила немересін аттан түсіріп, бетінен сүйіп жатып, — Немене, әкелерің тентектік істеп қойды ма?

Тентектік істеді, — деді Кынабек.

Бәріңді сабады ма?

Бәрімізді сабады. Жаман екен, — деді Қынабек. — Бәріміз қаштық одан кейін.

Ей, қой енді тергемей, — деді Сабыт аттың ерін алып жатып, — Одан да шай қой. Содан кейін түпкі бөлмені босат балаларға. Ішін тазартып жинаңдар.

Түстен кейін Баймұқанның амбулаторияда емделіп жатқаны, кешке қарай Аякөздің ауруханасына жөнелтілгені белгілі болды. Бүкіл ауыл, енді не болар екен деп тынып қалған.

Шал, не істегенсің сен? — деді Күлбағила кешкі шай үстінде, — Баймұқанды Аякөзге алып кеткен дейді ғой.

Ол әңгімені қозғамай-ақ қой, — деді қабағы қату Сабыт, — Қайтесің.

Алайда үлкендердің арасындағы сызды күй балаларға еш әсер етпеді, әрине. Таңертеңмен тұрып жоңышқалықтың ішінде емін-еркін алысып-жұлысып ойнайды. Көршінің балаларымен асық сайысы. Түнде жасырынбақ. Ойын таусылған ба. Сабыт қолы бос кезде есік алдында өріп жүрген балалардың тіршілігін жалықпай бақылайды да отырады. Әсіресе, бір қызық қылықтарына қарап ішегі қатқанша күледі.

Қоңыр кеш еді. Үйі көршілес Ахметжан ұста, бір айдан бері ат ізін салмай кеткен Шерім атасы келген. Шай орталанып қалған кезде есіктің алдынан машина гүр етті.

Деректірдің мәшинесі сияқты ғой, — деді төрде отырған Шерім көзін көлегейлеп, — Бірақ келе жатқан ауылкеңес бауырың.

Аузын жиғанша киіз үйдің есігінен еңкейіп, шымқай қара бұйра шашты, еңгезердей сары жігіт — ауылкеңес Тілеубек кіріп келді.

Ассалаумағалейкүм, — деген Тілеубек даусын әндете созып, — Қазақтың соңғы феодалы, Стамбайұлы Сабыт осында тұра ма екен?

Екі беті нұрланып, домбырасын алдына өңгеріп келелі әңгіме бастайын деп отырған Сабыт шамданып қалды.

Осында тұрып жатады екен, — деді Тілеубектің даусына салып. — Кедей зор болған, жаманның бәрі ақылшы болған заманда өз үйінде осылайша құса болып отырады екен.

Сәлемші болсаң төрге шық, — деді Шерім, тентек шалдың сөзін жаймашуақтап, — Мақтап жүреді екенсің.

Отыр деп мына шалдың өзі айтсын, — деді Тілеубек тұрған орнынан қозғалмай.

Отыр, — деді Сабыт, — Не деп мақтайтыныңды білмеймін. Бірақ не де болса отыр. Кемпір-ай, анау орындықты әперші. Өкіметтің қызметіндегі адам ғой. Киізге отырса шалбары былғанып қалар.

Ем қонбайтын қырсық екенсің, — деді Тілеубек, Күлбағила ұсынған орындықты кері қайтарып, — Біз отырмаған киіз бе екен, — Аяғын шешіп, балағын сәл көтеріп малдас құра отырды.

Екеуі осылайша бір қақтығысып барып басылған. Енді аңыс аңдып, тымпиып шай ішіп отыр. Әжігерей, ауылкеңес ағасына бажайлай қараған. Үстіне қаракөк бостоннан қымбат костюм киіпті. Бөренедей білегі жеңіне әзер сыйып тұр. Жалпақ алақанында үлкен кесе шайдың өзі ойыншық сияқты көрінеді. Жүзі мейірімді. Өте мейірімді. Нұрлы көздерін төңкеріп қарияларға алма-кезек қарайды. Міндет итермелеп амалсыз келгені, әңгімені неден бастарын білмей қиналып отырғаны байқалады.

Ал, балдызжан, — деді Сабыт үнсіздікті бұзып, — Дүниеде не болып жатыр екен, әңгімеңді айта отыр. Не бұйымтаймен келдің?

Не істеп қойғаныңды білесің бе сен, шал? — Тілеубек қабағын түкситіп Сабытқа қадалған. Ашулана алмайтын адамның ашуланбақ болғаны қызық екен. Әжігерей іштей мырс етті. Мына түріне үлкен адам түгілі бала сенбейді.

– Баймұқанды сабап тастапсың. Әне, Аякөздің ауруханасында қан түкіріп, қалжа жеп жатқан көрінеді.

Сабасам — себебі болған шығар, — Сабыт кеудесін керіп, иегін көтеріңкіреп отырды.

Итжеккенге айдаттырып жіберем, — деді Тілеубек те ширыға бастап.

Сабыт ащы жымиып басын шайқады.

Әй, балдызжан-ай, Балқантау, ол да біздің көрген тау дегендей, сол мен көрмеген Үркіт пен Итжеккен дейсің бе? Несі бар, барып келеміз.

Тілеубек, мына шал шын айтып отыр ма дегендей Сабыттың жүзіне аңыра қараған. Осы кезде, әзер шыдап отырса керек, Ахметжан мен Шерім жарыла күлді.

Вот, сайтан, а, — деді Тілеубек. Сөздің байыбына енді жетсе керек, қарияларға қосыла күлген, — Дауасыз.

Әй, кемпір, — деді Сабыт. — Мынау бауырың келіп қалған екен. Қонағасыңды молырақ сал. Шайыңды ащылау қылып құй, қай-жайдағы тері бір шықсын. Баяғының ауылкеңесі малыңды айдап, қатын-балаңды байлап, өзіңді атып кететін. Бүгінгінің ауылкеңесі Үркітке айдатып қана қояды. Құдайға шүкір, бұл да заманның түзелгені. Бұл бір Құдайдың бере салған ауылкеңесі болды ғой.

Қой, енді, ойбай, — деді Шерім ішін басып, — Қой, өлтіресің. Ішегім түйіліп қалды.

Дауасыз, — деді Тілеубек ыржалаңдап.

Осы кезде Күлбағила аяқ астынан дүрк шабуылға шыққан.

Бұл Құдайдан да, адамнан да, заңнан да қорықпайды. Күйеуді сабап… Немене сонша, кеткен қызды өлердей өбектеп. Былтыр мойнымызға шылбыр салып сүйреткенде де өлген жоқпыз ғой. Отырмыз ғой, міне.

Сабыт кемпіріне қарап мағыналы жымиған.

Сол шылбыр әлі бар… Қаласаң.

Шерім қызарған жүзін төмен салды.

Қой енді, Саба. Жетім қыздың тойындай қылма.

Ой, жездеке-ай, — Тілеубек жымиып, таңқалғандай басын шайқап, Сабыттан көз алмай сәл отырды. Содан соң селт етіп есікке мойын бұрған. – Жомарт, кіріп кетші.

Басында ақ “реглан” кепкасы бар, ұзын бойлы, денесі арса-арса қара жігіт кірді. Жымқырылған еріндерінен күлкінің табы кете қоймапты.

Сен неменеге мәз боласың? — деді Тілеубек.

Жай ғой, аға. Әншейін, — деді Жомарт бойын тіктеп, күлмеуге тырысып.

Тілеубек қалтасынан екі қызылқұлақ он сомдық ақшаны алып шопырға ұсынған.

Мә, дүкенге барып, әлгі… нені алып келші. Төртеуін. Төртеуі жетеді ғой? — Қарияларға жағалай көз тастаған.

Қой, ойбай, Тілеужан, — деді Шерім екі қолын көтеріп, — Көп болып кетеді.

Көп болмайды, — деді Сабыт, — Үркітке кетердің алдында бір ішіп қалайын. Алсын. Қолын тежеме. Балдыздың қолынан ішкен арақ сіңімді болады.

Төртеу, — деді Тілеубек шопырдың қолына ақшаны нығарлап, — Ащы-тұщысын ала кел, — Күлбағиланың жанында, дастарханды жағалай отырған балаларға көз тастап өтті. — Содан кейін, анау қымбат кәмпиттен көбірек алып кел. Мына қара домалақтарға. Алып кел де қайта бер. Бүгін жездеммен бір әңгімелесейін. Көріспегелі көп болды ғой.

Е, көріспесең, бір ауылда жүрсің ғой. Есіктің алдынан шаңды бұрқыратып өткеніңді талай көрдім. Бұрылып кетуге мойның жар бермейді, — Сабыт жайланып шайға кірісті. Жөппелдеме бірнеше рет ұрттап, кесесін дастарханға қойып Тілеубекке қараған, — Баяғыда пірсілдәтіл болып жүргенде қамшым аздау болған-ау.

Күлбағила күңк етті.

Шаруа басында жүрген адам ғой.

Шіркін, туыс-ай, — деді Сабыт. — Қарашы, бауырын қорғаштап өліп барады.

Бұндай бауырды құдайдан сұрап алады, — деді осы уақытқа дейін үнсіз отырған Ахметжан, Тілеубектің жүзіне мейірлене қарап.

Сәлден соң дүкеннен келтірілген арақ дастархан үстіне қойылды. Тілеубек қағаз ораудағы кәмпитті балалардың алдына төге салды.

– Кәне, жеңдер, балапандар.

Алғашқы шыны арақ ішіліп, Сабыттың маңдайы жазылып, балдызына күле қараған. Тілеубек тұздалған қиярды күтірлете шайнап жездесіне ол да күле қарап отыр.

– Итжеккенде жүріп жақсы үйренген бір нәрсең – осы арақ ішу. Жас жігіттер бүйтіп тастай алмайды.

– Жас жігіт түгілі он Тілеубек келсе де құлата алмайды мені, – Сабыт қолына бір кесілген қиярды алып көз алдына әкелді,– Ей, дүние-ай, кезінде осы да бізге тамақ болды ғой. Бірақ мынадай, бабы келтірілген дәмді емес, ұлтарақ сияқты бірдеңе болатын. Иісі сұмдық жаман. Амал жоқ, жейсің.

– Пайғамбарым жан қысылып, амал таусылғанда шошқаның да етін жеуге рұхсат етіпті ғой,– деді Шерім,– Оған қарағанда бұл жерден өсіп шыққан шөптің басы ғой. Адал ас.

Тілеубек екінші шишаның қақпағын ашты. – Қызыңды қолыңа кіргізіп алғансың ба?

– Е, кіргізсе несі бар? Ішіме сыйған балам, сыртыма да сыяды,– деді Сабыт сәл манаурап.

Тілеубек қырлы стақандарға құя бастады.

– Сонда қанша ұстап отырмақсың?

– Қанша болса, сонша ұстаймын,– деді Сабыт,– Дені дұрыс адам табылғанша. Ал ондай адам табылмаса, қайтеміз енді. Жанымда бола береді. Жиендерімді асыраймын. Оқуын оқиды. Өкімет өлтірмейді. Әйтеуір адам қылып қатарға қосам.

Тілеубек төмен қарап басын шайқады.

– Саба, мен жаңа қалжыңсыз айтқам. Егер Баймұқан жездеміз қағазды қозғап жіберсе, бітті. Кеттің.

– Мен де қалжыңсыз айттым,– деді Сабыт қайтадан ширыға бастап,– Бір аяқ көрде, бір аяқ жерде, ахиреттің табалдырығында тұрмыз. Алладан қорқайық па, әлде жердің құдайынан қорқайық па? Айтшы, кәне. Біз сияқты емес, оқыған-тоқыған адамсың ғой.

– Ойбоо-ой, қойыңдар енді,– деді Шерім налып.

– Қалай десем…– Тілеубек сәл мүдіріп ойланып қалды.–Заң бойынша, баяғыда ұзатылып жеке отау болып кеткен адамның тағдырына килігудің жөні жоқ. Бәрі заңмен шешілуге тиіс. Түсінесің бе? Ол жеке семья. Туған әкесі болсаң да, ол сенің туған қызың болса да.

– Шырағым, балдызжан,– деді Сабыт кекетіп,– Мен қызымды әке болып қорғаған жоқпын. Мен адам болып қорғадым. Біреу далада малды ұрып жатқанда да барып жөнін сұрайсың ғой. Сендердікі қызық екен. Баяғыда, өздерің жамандайтын байдың заманында да кеткен қыздың сұрауы болушы еді. Байдың заңынан жаман болды ғой мыналарың.

– Түу, Саба, қойшы енді,– деді Шерім. – Байдың заманын қайтесің қозғап. Өтті – кетті.

– Тұра тұр, – деді Сабыт илікпей, – Кәне, Тілеубек, айтшы, өз балаңды жамандыққа қиясың ба?

Тілеубек үнсіз қалды.

– Міне,  мына көгенкөздерді өксітіп қоя бер демексің бе? Адамның жаны қалай шыдайды? – Сабыт тұтанып келе жатқан жанжалдан үрейленіп көзі бақырайып бауырына тығылып отырған Қынабекті басынан сипады. Содан кейін кемпіріне көзі жарқ етіп бір қараған, – Баланы там үйге апар!

Күлбағила жиенін ертіп шығып кеткеннен кейін, түнеріп отырған Тілеубекке қайтадан төнді.

– Айналайын, балдыз. Әрине, сенің де көрмегенің жоқ. Тар заманда тудың. Бірақ сен баланың шын көз жасын көрген жоқсың. Өзіңнің қалай жылағаныңды ұмытып кеткен болуың керек. Құдай баланың көз жасын, тірі жетімнің көз жасын көрсетпесін. Ал, баланы жылатады екен, онда ондай Құдайдың да, ондай заңның да, өкіметіңнің де аузын ұрайын. Қазір қамасаң да айтарым – осы.

Елдің бәрі бір сәт үнсіз қалған. Ыңғайсыз тыныштықты Ахметжан бұзды.

– Жарақаты қатты ма екен? – деді жөткірініп алып.

– Бірнеше қабырғасы сынған дейді. Оң қолының еті созылыпты. — Тілеубек басын көтеріп Сабытқа кінәлай қараған. — Енді, сонша ұрғаның не, жездеке-ау?

Сабыт екі жағына қаранып қолын жайды.

Құдай куә, ойыма да келмеген нәрсе. Алғашында сөйлесейін, лажы келсе татуластырайын деп барғам. Есіктен кіріп сәлемдестім. Жауап берген жоқ. Іс тігіп отыр екен. Қанын ішіне тартып, жүзі қуарып отыр. Содан соң, «Қарағым, бұл не еткенің, бала-шағаңды шулатып…» дей беріп едім, бәтшағар, қолындағы қайшысын ала ұмтылғаны. Жетіп келіп, қанжар салғандай қылып бір-ақ ұрды. Белімде жалпақ белдік бар еді. Сол болмаса ішімді жарқыратып жарып тастайтын еді. Қайшы ұстаған қолын білегінен сығымдадым. Сол қолымен басқа-көзге төпеп ұрып жатыр. Енді, маған не қыл дейсің, қарағым. Амалсыз, қорғандым.

Күлбағила кіріп, еттің нанын жая бастады.

Қой! — деді Тілеубек дүр сілкініп. — Ширығып, құрғақ отыр екенбіз. Кәне, қариялар, алып қояйық.

Жұрттың бәрі стақандарын төңкеріп, мұрындарын тыржитып, бір-бір кескен қиярдан алды.

Әй, кемпір, — деді Сабыт. — Осы, етің пісіп қалған шығар. Мынау бауырыңның іші улап отыр. Әкелші бір жапырағын.

Күлбағила сүзгімен аулап жүріп, ортасынан шабылған семіз жамбасты тауып алды да ағаш табаққа салып Тілеубектің алдына қойды.

Жей ғой, әкем.

Тілеубек алдына келген етті қолын күйдіре бұтарлап турап дастарханның ортасына жылжытты.

Кәне, алыңыздар.

Бойымызға енді тарай бастаған сияқты, — деді Шерім. Бір кесек етті асықпай шайнап, тамсанып таңдайын қақты.

Пах, шіркін, Күлбағила. Мынау қыстың басында сойылған жылқы ғой. Бір жыл қалай сақтағансың. Қолың алтын-ау.

Жаңағы, Баймұқанды айтам, — деді Ахметжан, — Соғысқа барып, қаны бұзылып келген дейді ғой.

Сабыт көршісіне кейи қарады.

Әй, Ахметжан-ай, өзің майданда болғаннан кейін соғысқа барып келгеннің қандай күнәсі болса да кешкің келіп тұрады. Қаны бұзылғанына қалай сенеміз, ақыл есі түзу адамның. Сау адамның тамағын ішіп, жынды адамның ісін істейді. Осы ауылдағы кәрісі бар, қарасақалы бар, барлығы соғысқа барып, тізеліктен қан кешіп келген. Менің өзім, міне, жиырма бес жыл айдауда болдым. Осы көргенімнен майданға барып өлгенім артық еді. Осыншаны көріп келдік, кімді жылатыппыз. Соғысқа барып келдім деп кісі өлтіре ме?

Шерім жантайып жатып мысқылдай күлген. — Сендерге дауа жоқ екен. Қоймай қойдыңдар ғой. Өсек болып кетпесін, мен де бір әңгіме айтайын. Осы баяғыда, соғыс аяқталған кез, ұмытпасам қырық жетінші жылдың қысы, жолым түсіп Ақтоғайға бардым. Сонда Баймұқанның әкесі Кенесары ашуланып отыр екен.

Кенесары Баймұқанның әкесі емес, — деді Сабыт.

Шерім дауласқан жоқ.

Оның жайын анық білмеймін ғой, Саба. Сонда деймін-ау. Соғыстан келгеннен кейін қиялданып қиғылықты салған ғой. Кенесары жарықтық, бұл итке не істеймін, келгеннен кейін бір күні ұшты-күйлі жоқ болды дейді. Талай рет, қарағым, Қалима таза, кезінде басы жас қой деп өзім деп аңдыған кездерім болды, жүріс-тұрысынан мін таба алмадым, бұл ақымақтығыңды қой деп ақыл айттым дейді. Сол кеткеннен хабарсыз кетеді ғой. Кенесары солай болды екен деп тыныш отыратын адам ба, жан-жақтан сұрау салдырып, қоймай іздейді. Күндердің бір күні, түу Үштөбе, Матай жақта бір разъезде, орыс әйелмен тұрып жатыр екен деген хабары жетеді. Содан Кенесары, дереу товарный пойызға отырып барады да, орыс қатынның жанында шалжиып жатқан ұлды өлімші қылып сабап, орыс қатынды қоса сабап, Баймұқанды желкелеп үйге алып қайтады ғой. Осыны айтып, “Әй, мені алмаған Құдай!” — деп, кейіп отырған кезін көріп едім.

Саба, Кенесары әкесі емес дедіңіз ғой, — деді Ахметжан, – Өздері қай туған? Құдаңыз ғой, таратып айтып беріңізші.

Айтатын несі бар. — Сабыт аяғын созыңқырап, ыңғайланып отырды, — Баймұқанның әкесі басқа адам. Мынау Бақанастың бойында тұратын Бөдестер ғой. Өздері төрт ағайынды болған. Асанқұл, Үсенқұл, Ішпеқұл, Кенесары. Баймұқан Асанқұлдан туған. Ақ қашып, қызыл келгенде, одан кейін болған неше түрлі сұрқылтайдың кезінде бәрі шетінеп кеткен. Байдың тұқымдары ғой. Жалғыз Кенесары қалған. Осы Баймұқанды бала қылып асырап алған Кенесары.

Баяғыда бір қонақтап келіп еді ғой, — деді манадан бері үнсіз отырған Тілеубек, — Тізесінен жүретін адам екен. Түсі сұмдық суық.

– Иә, ақсақ болған, бірақ сау адамнан қайратты еді ғой, — Шерім басын шайқады. — Сол қолына тиянақ тауып алып, оң қолымен атан өгізді бұрап жыққанын өз көзіммен көрдім.

Неден ақсақ болған, Саба? — деді Ахметжан.

Жә, сонымен Кенесары төрт ағайындының кенжесі болған дедік қой, — Сабыт ошақтың отына ойлы көзін қадаған күйі өткен оқиғаларды қайыра көріп отырғандай баяу дауыспен әңгімелеген, — Батыр болған. Кенесары атқа мініп жүрген кезде малдарына ешкім тиісе алмаған. Бірде, біздің ауылдың есерлері барып отыз шақты жылқысын айдап алып кетіпті. Қарымтасына деп Кенесары біздің ауылды шапты. Қыстың аяғы еді. Қар ерте ерісе жайлауға ертерек көшеміз бе деп отырғанбыз. Тымауратып ауырып жатқам. Бір кезде жұрт дабырлады да қалды. Ыстығым көтеріліп, есім кіресілі-шығасылы болып жатқан. Ертеңіне, тәуір болғанда естідім, алпыстан астам жылқыны алыпты. Артынан екі жылқышы, ауылдың бес-алты жігіті қуа шықса да ештеңе істей алмапты. Сойылмен бір-бір ұрып сұлатып кеткен екен. Кейіннен, осыны есіне түсіргенімде: “Сенің құда болатыныңды қайдан білейін,” деді. “Ауру емес, сау болсам артыңнан қусам не істер едің” десем, “Не істеуші едім, жайғап кетер едім”, дейді. Содан не керек, күндердің күнінде, осындай барымта-қарымтаның кезінде далада үсіп қалады ғой. Жанындағы серіктері әр жерде өліп-өліп қалған. Кенесары ертоқымды арқасына салып алып, итшілеп жүріп жетеді. Екі аяқ үсіп кеткен. Көктем шыға қарайып, ірің аға бастайды. Істемеген емі қалмапты. Кұртқа да салған, жынға да салған. Ақыры амалы таусылғанда, жұртты үйден қуып шығыпты. Сонда жұрт есікті бұзып кіргенде қызылала қан болып жатыр екен дейді. Екі аяқтың басын ұстарамен кесіп лақтырып жіберген ғой.

Алла! — деді Ахметжан жағасын ұстап, — Не деген жансебіл адам.

Сөйтіп, ақсақ жүріп осы жетім қалған Баймұқанды қанаттыға қақтырмай өсіріп жеткізген ғой. Құдам ер еді ғой,– Сабыт қабағы күреңітіп томсырайып отырып қалды. — Қырық төртінші жылы ләгірден босап елге қайттым. Қызымның Ақтоғайда тұратынын біліп алғам. Келдім. Ел іші ашаршылықтан оңалмаған. Әлі есімде, белшесінен құмға батқан тоқал тамға кіріп келдім. Бір-бірімізді бірден таныдық.

“Сені де көретін күн болады екен ғой, құда!” деп, аңырап жылағанын көрсең. Ақсақ адам, басы кіндігімнің тұсында тұр. Қолтығынан көтеріп, төс түйістірдік.

Бір-біріңізді көрмегеніңізге қанша болып еді? — деді Тілеубек.

– Бір-бірімізді бірінші рет көрдік. Нансаң, — Сабыт, сенсең осы дегендей иығын кере жадырап, жан-жағына қаранды.

Тілеубек төмен қарап басын шайқады. — Ойпыр-ай. Тағдыр ғой. Не істейсің.

Күлбағила дастарханның ортасын арши бастады, — Ал, мынау көк суларыңды былайырақ  ысырыңдар.

Сәлден соң ортаға үйеме табақ ет келді.

Пісмілла, — Шерім бәкісін алақанына жанып жіберіп, бипаздап турай бастады. Сабыт пен Ахметжан да бәкілерінің шаппасын ашып, лыпылдап жұмыс істеп кетті.

Пах, пах біздің шалдар қалай-қалай қимылдайды! — деді Тілеубек Әжігерейге көзін қысып.

– Балаларға қалдырдың ба? — деді Сабыт.

Бөлек табақ жасап, бағана апарып бергем, — Күлбағила иісі аңқып, тау болып үйіліп жатқан еттің ортасын шұңқырлап тұздық құйды.

Кенесары жарықтық, әуре болмаңыз десем қоймай іздеп жүріп мал тапты. Туған елдің дәміне не жетсін. Сойғаны үйірде жүрген кәрі теке. Бар таба алғаны сол. Жоқты кайдан алады. Бар болса ту бие соятын жомарт еді ғой. Сонда деймін-ау, сол текенің көк шандыр етіндей тәтті ет жемегендеймін.

Орап-орап бір соққан шығарсың, жездеке,–Тілеубек кеңкілдей күлді.

Рас айтасың,– деді Сабыт басын изеп, — Содан құдам маған күй тартқызам деп дүйім елді шулатып домбыра іздестірді.

Шерім табаққа қол салып жатып Сабыттың жүзіне әлдебір риза кейіпте қараған.

Тапты ма? Тарттың ба?

Жоқ. Таба алмады.

Сонда не амал қылдың?

– Аузыммен күй шертіп бердім. Нансаң. .

Аузыммен дейсің бе? – Тілеубек Сабыттың бетіне таңқала караған, — Койшы, жездеке. Айта бересің-ау сен де.

Несі бар? — деді Шерім, _ Біздің ән салғанымыз сияқты ғой. Әндетіп шертіп бересің. Болды.

– Дұрыс айтады, – деді Сабыт, – Жиырма бес жыл абақтыда жүргенде жынданып кетпегенім осы күй шерткендігімнен шығар. Барақта жатқанда ойша шертесің. Қарағай шабуға барғанда ыңылдап айтасың. Кейіннен айдауда бірге жүрген қазақтар жаныма көп үйірілетін болды. Олардың да көңілін осы күймен демдедім. Бақсам, солардың көңіліне медеу болыпты бұл күй.

Тілеубек жездесін жаңа көргеңдей болды.

– Ойпырай, — деген, дастархандағы әлдебір нүктеге көзін қадап отырып, — Адамнан ақыл артылған ба, айла артылған ба.

–  Айтайын саған, осылайша шерте-шерте керемет шеберлікке жеттім,  – деді Сабыт күліп, – Баяғыда, елу екінші жылы ғой деймін, мынау Аякөзде тұратын Айтбай келіп менімен күй шертісті. Ол да асқан домбырашы еді ғой. Сонда Тәттекеңнің “Көкейкестісін” аузыммен шертіп бергенде шалқасынан түсті. “Ойпырай, Сабыт, тура домбырамен шертіп отырған сияқтысың” деді. Кетерінде, “қой, бұл өнерді мен де үйренейін” деп кетті.

Әжігерей өзі білетін нәрсесін атасының тап басып айтқанына бір жағы таңқалып, бір жағы риза болып отыр. Бұл да көп күйді ойша шертеді. Ал көкірегінде әлі дүниеге келмеген қандай керемет күйлер бар, атасы соны білсе ғой. Ол күй қайдан келеді – айтып бере алмайды. Әйтеуір, әлдебір мөлдір ағынға түскендей болады. Сол кезде күйлер өз-өзінен қалқып шығатындай. Ол күйлерді домбыраға түсіруге бола ма, қағысын табуға бола ма – білмейді. Әзірге, тек сұлу сазына ғана ұюмен жүр.

Жездеке, осы саған таңқалудан шаршадым, — деді Тілеубек.

Несіне таңқаласың, — деді Сабыт, — Ертеде небір бармағынан бал тамған күйшілер болған. Қорқыт, Айрауық. Жұрт көп біле бермейтін Ақ бас Құлайыс деген болған. Кет Бұға, Байжігіт, кешегі Тәттімбет. Солар күйді домбырамен емес, әуелі көкірекпен шерткен шығар деймін. Әрине, домбыраның сағасын қуалап отырып та неше түрлі күй шығаруға болады. Бірақ сол күй өз ішіңде, өз көкірегіңде болмаса — неңді шығарасың?

Әлі есімде, жездемнің келгенін естіп бүкіл алыс-жақын ағайын жиналды ғой. Бала кезіміз. Мәуітқан атаңның үйінде домбыра бар, соны алып кел деп жұмсап жіберді. Жүгіріп барып алып келдім. Сонда деймін-ау, жездемнің домбыраны қолына алып, есеңгіреген адамдай бір сәт отырып қалғаны әлі есімде, — Тілеубек Сабытқа жымия қараған.

Оңай ма, — деді Шерім. — Жиырма бес жылда көкіректе күй сақтамақ түгілі, адам танымастай өзгеріп кетуге болады.

Болды ғой, неше түрлі, — деді Сабыт.

Е, не болмады, — Тілеубек ондық шамға көзін қадаған күйі біраз үнсіз отырып қалды, — Басыңда тұрғанда бағасын білмейсің. Ал өтіп кеткеннен кейін — жырдан қызық. Еске алғанның өзі қандай. Әлі есімде, мынау қазір Рақымбай мен Мырзақан отырған тұста, Құдайберген өлген қарасу деген болды ғой. Сол жерде Нұршаның үйі өртеніп. Кеш батып қалған кез. Сиыр сауайын деп киіз үйдің есігін сыртынан байлап кете қалған ғой. Үйдің іші лау ете қалғанда айқайлап, сасқалақтап не істерімізді білмей қалдық. Сонда Базаралы аға демалысқа келіп жатқан. Үстінде әскер киім. Аяқта құрым етік. Жүгіріп келіп әуелі сықырлауықты шандыған жіпті шешпек болды. Шешіле қоймады. Жүрегіміз тарсылдап бақылап тұрмыз. Содан кейін үш-төрт қадам шегінді де жүгіріп келіп, бір тепкенде, есіктің быт-шыты шықты ғой. Үйге жүгіріп кіріп балаларды бірінен кейін бірін далаға лақтырып жатыр.

Саба, осы Құдайберген қалай өлген? — Ахметжан жастықты нығарлай оңалып жатты.

Былай болған ғой. Бір жылдай сал болып ауырған. Әбден әлсіреп тұрған. Жүруге жарағаннан кейін, намаз оқиын деп, қарасудың жағасына дәрет алуға барады. Қолын шайып отырып құлап кетіпті. Бірден шым батып кеткен. Кешке қарай бір-ақ табылды.

Тіпті кісі батып өлетін су емес қой.

Ол қазір солай. Табаны қалыңдап, суы азайып, тайыз болып кеткен. Ал кезінде құрық бойы су болатын. Ол кезде мына Айғыздың бойы ен тоғай, дүлей қамыс, жаздың ортасында ат бауырынан кешетін терең еді. Ал тасығанда жанына бара алмайсың.

Сол кез емей-ақ, осы биыл көктемде, Аякөздің бір шопырын өткізіп аламыз дегенде, ДТ трәктірді ағызып кетті ғой, — деді Тілеубек.

Күлбағила шам жағып үстел үстіне қойды. Тілеубек елең ете қалған.

Әлі шаммен отырсыңдар ма?

Шамның жарығы ұнамаса, жездеңнің үйіне електр жүргізіп бер, — деді Шерім, — Жолшыбай бізге де орнат.

Бағандары қазылып орнатылған. Сымтемір тартылған. Неғып қоспай жатқанын білмеймін, — деді Тілеубек. Содан соң шамның жарығына қарап отырып ойлана тіл қатқан, — Мен сіздерге бір қызық айтайын, осы электрдің жарығынан ошақтың отын, шамның жарығын артық көрем, нансаңыздар. Шамның, ошақтың жарығында өскендіктен бе, білмеймін.

Ой, жарығым, — деді Күлбағила.

Рас айтасың, — деді Ахметжан басын изеп, — Мына Сабаңның әңгімесін електр жарығымен қалай тыңдауға болады, білмеймін.

Ошақтың отында әңгіме де, күй де сырлы болады, — деді Шерім. — Айтпақшы, бүгін барлығыңды Аякөзге жинады емес пе. Жайшылық па?

Міне, әңгіменің үлкені осы, — деді Тілеубек, — Шұбартау аудан болып Аякөзден бөлінейін деп жатыр. Бір совхоз жетпей, “Айғызды” Шұбартауға қосатын болды.

Ойпырай, неге олай етті екен? — Шерім сәл аңырып қалған.

Жер үлкен дейді. Осыншама көп совхоз, көп халықты басқару қиын болып бара жатыр дейді. Сонымен таңертең облыс басшылары бәрімізді Аякөзге жинап алды да осыны айтып, жаңа ауданның ашылуымен құттықтап қайтып кетті. Жаңа ауданның шонжарлары шағын той-томалақ жасаған. Кешігіп жеткенім содан.

Елдің бәрі үнсіз қалды.

Е, жарайды, — деді бір кезде Сабыт, — Бізге бәрібір. Тек халыққа жайлы болса болды ғой.

Жарайды. Өкіметтің де бір білгені бар шығар. Тек бұл Шұбартау өзінің адамдарын алып келіп, жұртты ығыр қылып жібермесе болды. — Шерім іргеде сүйеулі тұрған домбыраны Сабытқа ұсынған, — Ал, Саба. Күйіңді сағынып қалдық. Шертші бір. Содан басқа шаруам да жоқ еді. Әңгімеге айналып отырып қалдық қой.

Сабыт онсыз да бабында тұрған домбыраның бұрауын болар-болмас түзеп жіберіп, кеудесін кере дем алды.

Мынау Тәттімбеттің “Қырмызы Қосбасар” деген күйі, — деді ішекті қағып қалып.

Домбыра ақырын күркіреп жауап берді. Іргені бойлай шалқалап жатқан Әжігерей көзін жұмған, Тәттімбеттің ақылды күйі ақырын тербеліп жөнелді. Осылай көзін жұмып атасының жусан иісі аңқыған шапанын иіскеп жатып тыңдағанды жақсы көреді. Бірінші буынның күрмеуінде жүрегі атша тулап, көзіне жас келген. Не екенін ажыратып бере алмайды. Әлде сәбидің былдырлаған тәтті сөзі. Әлде бозбаланың, бойын кернеген сезімді жасыра алмай, үзілдіріп айтқан ғашықтық сөзі. Білмейді. Әйтеуір өзінің бұрын білетініне мүлдем ұқсамайтын, бірақ тыңдай келе бұрын жоғалтқан баға жетпейтін асылын тапқандай тебіренеді. Күй шертіліп болғаннан кейін де тамағына тығылған тастың орны көпке дейін жұтындырмай ауырып тұрады. Әжігерей өксігін естіртпей ақырын демалып жатыр.

Баяғыда, мына Қаракесекте бір Күшікбай деген бай болыпты. Заманында, Атымтай жомарт сияқты қолының ашықтығымен, мырзалығымен аты шыққан адам екен, – Сабыт ұйыған аяғын созып сәл отырды, — Талай адамды тізгінге жеткізіпті. Талайдың басына үй тігіп, алдына мал, қазанына ас салып беріпті. Сөйткен Күшікбайдың жалғыз ұлы өледі ғой. Сонда Күшікбай налыған дейді. Бұл Құдайға не жаздым, қаріп пен қасерге мендей шарапат қылған адам бар ма еді. Қай қылығымнан таптым. Қой, Құдайда әділет жоқ екен. Одан да өлейін депті. Ауылдың адамдары у ішіп өлмесін деп, удың бәрін тығып тастапты. Бауыздалып өлмек болыпты. Туыстары темір біткеннің бәрін тығып тастапты. Енді аштан өлем деп теріс қарап жатты дейді. Жанына қазы-қарта, жал-жая қояды. Біріне қарамапты. Ақырында бай-екең сарғайып, шынында да өлім аузына барған дейді. Енді не істейміз деп жұрт сасады. Ақырында жөн білетін біреу, бай-екеңді бір сейілтсе, Тәттімбет сейілтеді дейді. Сонымен Тәттімбетті қос аттап алдырады. Тәттімбет, қылшылдаған жас кезі екен, табалдырыққа отыра сала домбырасын шерткен дейді.  Екі күн отырып қанша күй толғаған. Жиыны алпыс екі күй болыпты. Ақырында Күшікбай, көзінің жасы бұлақтың суындай болып ағып, қайғы-шері тарқап орнынан  тұрыпты. Бұл өзі ұзақ күй. Әлденеше тарау. “Табалдырық Қосбасар”, “Зар Қосбасар”, “Жайсары Қосбасар” болып салаланып кете береді. Арқада осы алпыс екі күйді бұзбай толық тартқан шеберлер болыпты. Ал мына естігендерің, сол күйдің соңғысы — “Қырмызы Қосбасар”, — Сабыт аяғын жиып қайтадан малдас құра отырды, — Міне, осындай кеп болған дейді.

– Пах, пах, сөз-ақ қой, шіркін! — Тілеубек көзіндегі каймыжык жасты саусағының ұшымен сүртті, — Ей, қайран жездем! Асыл жсздем! Осы қолың да бір күні жер астында қалады ғой.

Пәлі! — деді Сабыт манаурай күліп, — Біздсн бұрын канша дәулескер күйші өткен. Солардан әулие емеспіз. Ал, сөз тындандар. Баяғыда, мынау Арғынның ішінде Айдос деген батыр болыпты. Бірде сол Айдос қалмақтан жылқы алып, Керейдің жерінен өтіп бара жатып Молақ дсген байдың үйіне түседі. Байдың Айтбике деген жалғыз қызы бар екен…

Атасынан талай естіген әңгімесі. Ақырында сол Айдос пен Айтбике талай шырғалаңнан өтіп бір-біріне қосылыпты. Бірақ күй, Айтбике мен Айдосқа емес, екеуіне теңдік алып берген кемеңгер би Қосайдарға бағышталған. Күміске буланғандай ішектер ақырын қүмбір етті де үнсіз қалды. Атасының қашанғы әдеті. Күй шертердің алдында сәл үзіліс жасап, шайдан бір ұрттап тамағын жібітеді. Құба шешен домбыра аққұдай сұңқылдап жонелді. Шымқай көк аспан қақ жарылып, ар жағынан жүрекгі аялаған, жанға жайлы салқын нұр төгілді. Түндігі түрілген шаңырақтан күздің баданадай жұлдыздары сығалап жымындайды. Аздан соң күйдің жорға жүрісіне олар да тербеліп билей бастайды. Міне, Айдос батыр келе жатыр екен дейді. Атының құйрығына Нұршаның киіз үйін тіркеп алыпты! Үй ортеніп жатыр. Айдос  тоқтамай сүйретіп  кетіп барады. Базаралы ағасы үйдің артынан қуып есігін теуіп жүр. Кенет Айдос атын тоқтатып, Базаралыны қалтасына салып алады. Содан соң өртенген үйді шаңырағынан көтеріп, ішіндегі ұсақ балаларды да қалтасына тоғытады. Қараса, о керемет, Айдостың қойны-қонышында осы ауылдың адамдары өріп жүр. Әне, батырдың төс қалтасынан атасы басын шығарып тұр. Сақалы желмен тербеледі. Әжігерей өзін-өзі қанша күштесе де, үйіріліп бара жатқан ұйқының құшағынан шыға алмайды. Дастархан басындағы адамдардың бір сөзі естіледі, бір сөзі естілмейді. Күмбір-күмдір, күңгір-күңгір. Кенет үй ішіндегі адамдар мысық кейпіне енді. Үп-үлкен мысықтар.

Бур-бур-бур, — дейді атасының орнында отырған үлкен мысық, — Бур-бур-бур.

Шерімнің орнында отырған кішілеу мысық домбыраны қағып-қағып жіберіп, биязы дауыспен бір әдемі әнді сызылтады.

Басында Баянауыл ойнайды арқар,

Арқырап таудың суы төмен сарқар.

Бірге өскен кішкентайдан, қалқатайым,

Қайғы-шер қатып қалған қашан тарқар.

Мысықтың ән айтқаны қандай керемет! Әжігерей шыдай алмай күліп жібереді.

Мынау апиын ішіп алған ба? — дейді Күлбағила, — Бур-бур-бур.

Ұйқысырап жатыр ғой. Мур-мур, — дейді Шерім.

—Ба-ша-ша, — дейді Тілеубек ағасы, — Әбден шаршаған ғой. Ба-ша-ша-ша.

Сәлден кейін көзінің алдына әлдебір нұрлы перде тартылды.

Әй, тұр! — Біреудің қатты нұқығанынан оянып кетті. і Күлбағила екен. — Бар, там үйге, балалардың қасына жат. Мына жерден тоңып қаласың.

Орнынан тәлтіректей тұрды. Сабыт пен Тілеубек енді кіреберісте дауласып тұр.

Болмайды, түсінесің бе, шал. Бол-май-ды, — Тілеубек мектептің оқытушысы сияқты ежіктей сөйлейді, — Жарайды, бір жолға ештеңе бола қоймас деп ойлаймын.

Болса несі бар. Бағана айттым ғой, — Сабыт Тілеубектің кеудесін саусағымен нұқиды, — Қалима да мүгедек болып қала жаздады. Ол да арыз берсе, қайтер едің?

Мынауың менің ойыма келмеген нәрсе, — Тілеубек сәл ойланып тұрып қалады. Әжігерейге көзі түседі.  – Мынау тәлтіректейді ғой. Ішіп алған ба?

Біздің көзімізді ала бере ақырындап тартып жіберген ғой, — Масаңдау Шерім Әжігерейге қарап жұмбақ жымияды, – Қас батырларша ұйықтайды екенсің. Бізге домбыра да тартып бермедің.

Әжігерей жауап қатпай далаға шығады. Бағанағы жұлдыздардың бірде-біреуі жоқ. Жауын жауып тұр. Балдың иісі аңқыған күздің жауыны. Салқын ауаны рахаттана сіміріп тағы біраз тұрады. Содан соң үйге кіріп, төргі бөлмедегі үйреншікті орнына жатады. Тәтті буалдырдың құшағына енеді.

* * *

Бірнеше күннен кейін Баймұқан келді. Түстің кезі еді. Жұрт жапырлай шай ішіп жатқан.

Күлбағила сыртқа көз салды да түрі құбылып кетті.

– Баймұқан келе жатыр, – деген сыбырлап.

Әкесімен көңілдене әңгімелесіп отырған Қалима жүзі сәл бозарып үнсіз қалды. Қынабек үрпиіп  Сабыттың бауырына тығылды. Сол екі ортада есіктен әуелі ауылкеңес Тілеубек, содан кейін табалдырықтан аяғы сәл шалынып барып Баймұқан да кірді.

– Ассалаумағаләйкөөм, — деген Бамұқан дауысын әндете созып. Төрде отырған Сабыт ләм-мим демеді. Баймұқан Сабыттың алдына тізерлей жығылды.

Кеш мені, әке.

Елдің бәрі төмен қарады. Бір сәт ыңғайсыз үнсіздік орнаған.

– Мен жоқ жердегі бар тіршілігің осы ма? – деді ақыры Сабыт.

Кеш, мені әке, — деді Баймұқан басын жерден алмаған күйі, — Кеш.

Сен менің сақалымның ағына да қарамадың. Маған осылай істедің. Оңашада Қалима мен балаларға не істемейсің сен.

Жезде, бір жолға… — деді кіргеннен тікесінен тік тұрған Тілеубек, — Бір білместік болған шығар.

– Бір ғана білместік пе? — Сабыт Тілеубекке сынай қарады.

Мен көргенде өмір бойы осылай істеп келеді. Алыста жатсам да қызымның құсасын, немерелерімнің жылағанын естіп жаттым. Келінін қыздай сыйлаған ел емес пе едік? Ұлын тыймаған, келінін жүн қылған, қандай ел сенің елің?

Тағы да тыныштық орнады. Әжігерей, атасының алдында тізерлеп тұрған Баймұқанның кенеттен пора-пора терлегенін көрді. Иегінен баданадай тамшы шағи көрпеге тырс етіп тамған.

Айтшы, кәне, өз қызыңды жамандыққа қиясың ба? — Сабыт Баймұқанның желкесінен төне қараған. — Құдай бетін ары қылсын, бірақ құдайлығыңды айтшы, анау оқуда жүрген бала илектеніп, біреудің қолында ит орнында байлаулы тұрғанын қалар ма едің?

Жоқ, — деді Баймұқан естілер-естілмес.

А! — деді Сабыт, — Солай ма, батыр! Олай болса қолыңдағы әйелің, ол да біреудің әлпештеген ардақтысы. Ол да біреудің жалғызы. Оның үстіне ұрқыңды жалғастырған балаларыңның анасы емес пе?

Кеш мені, әке, — Баймұқан еңіреп жылап жіберген.

Кештім. Не айтайын. Өз қолымды өзім кесе алмаймын,|— Сабыт кеудесін кере дем алды, — Бірақ бүгін бармайды. Бүгін осында болады. Үйіңе қайта бер. Ертең өзім апарып тастаймын.

Кешке ұйықтарда Қынабек әдетінше Әжігерейге ертегі айтқызған. Ертегі айтылып болғаннан кейін ес біліп қалған бала басы салбырап біраз уақыт үнсіз қалды. Содан соң алақанымен көзін басып еңкілдей жылады. Әжігерей шошып кеткен.

Қоя ғой. Қой, жылама, жарығым. Алтыным. Жыламасайшы. Не болды саған? — Қынабектің арық иығынан тартып бауырына басты.

Барғым келмейді, — деді Қынабек өксіп, — Қорқам. Жүр, қашып кетейік. — Әжігерейдің жүзіне үміттене қараған. Әжігерейдің жүрегі шымыр ете қалды. Баяғыда өзінің айтқан ұсынысы есіне түсті. Көз алдында сол сұмдық кештің оқиғалары тізбектеле өткен.

– Қайда қашамыз? — деді Қынабектің басынан сипап.

– ЬІрымбек ағама қашайық.

Әжігерей жүрегі қан жылай күлген. Әскерден келген хаттардың біреуінен “Свердлов облысы” деген жазу мен әскери бөлімшенің нөмірін көргені бар.

— Свердлов облысы деген қай жерде екенін білесің бе?

— Білмеймін, — деді Қынабек көзі бақырайып.

— Орал дейтін тау бар. Сол таудың етегінде.

— Оған қалай баруға болады?

— Оған бара алмайсың. Барғанда да кіре алмайсың. Кіргізбейді.

— Онда Құндыз әпкеме қашайық.

— Жоқ, — деді Әжігерей — Алматыға да жете алмаймыз. Ешқайда да қашпаймыз. Қорықпаңдар. Бірдеңе болса, атама айтамыз. Атам енді ұрғызбайды.

Ертеңіне Сабыт Қалима мен екі баланы арбаға салып орта ауылға аттанған. Қынабек көзі жаутаңдап Әжігерейге қарай берді.

– Қорықпа, — деді Әжігерей тағы да дем беріп, — Күнде сабақтан кейін барып тұрам ғой.

Жиырма шақты күннің ішінде әбден бауыр басып қалған екен. Қаңыраған үйге сыймай ары-бері сенделіп жүрді де қойды. Ақыры шыдай алмай әпкесінің үйіне барған.

– Кел, Әжікен, — деді төрде отырған атасы, — Кел.

Үй іші толған адам. Көрші-қолаң, туыс-туған. Кенет, жапырлап отырған адамдар, төр жақта, өткен түнгі қайғысын ұмытып көршінің балаларымен асыр салып ойнап жүрген Қынабек, мынау көңілді, дулы жиын ешқашан қол жетпейтін, бұның қолы ешқашан жетпейтін, шексіз алыс, бақытты дүние сияқты болып көрінген. Қанша жүрсең де жете алмайсың, себебі ол басқа… мүлдем бөтен дүние. Ол жайында тек армандауға ғана болады. Өзінің атадан жалғыз туғандығы, көңілсіз, азғантай ғұмыры елес беріп өтті. Көзінің алды буалдыр тартып жүре берген.

Ой, ой жаман неме, мынау неге жылайды-ей, — деді Баймұқан бұны құшақтап, — Кой, жылама. Кел одан да, дастарханға отыр. Ет жейміз.

Атасының жанына әкеліп отырғызған. Сабыт Әжігерейдің жүзіне сынай қарап сәл отырды да басынан сипады.

Жарығым. Бұл сенің өз үйің ғой. Мен саған барма деп айтыппын ба.

Әлгі Сабыттың домбыра шертетін ұлы осы ма? — деді төрде отырған кәрі әжей. — Ой, айналайын. Осы қанша адам домбыра ұстады. Бірде-біреуі Сабыттың сынына толмап еді. Ақыры өнер өз ұлынан шыққан екен ғой. — Қағаздай жұқа қолымен бетінен сипап, самай шашын құлағының артына қайырып қойды, — Тіл-көзден сақта Құдай.

Түннің бір уағында атасы екеуі жаяу қайтты. Әжігерейдің үнсіз сұрағына, Баймұқан ат-арбаны ертең шөпке сұрап отыр, деп жауап қайтарған Сабыт. Етігі көрпілдеп орта жолға дейін үнсіз келді. Содан соң Әжігерейді басынан сипап күрсінді.

Бәрін де түсінем, жарығым.

Ата, мен неге жалғызбын? — деді Әжігерей. Мерекеге бергісіз өткен жиырма күн көз алдына қайта келген.

Қайтейін, қарағым. Жоқ баланы қайдан аламын. Білем. Бәрін білем. Қалима мен балалар үйімізде болғанда арқаңа қанат біткендей болды. Қуанып жүрдің. Бірақ қанша жақын болса да, оты бөлек қой. Қанша жүреді. Әйтеуір бір күні кетеді емес пе.

Ай сүттей жарық. Ауыл шырт ұйқыда. Анда-санда ғана әр жерден иттердің әупілдеп үргені естіледі.

Қанша отырып қалғанбыз, — Сабыт қалтасынан күміс баулы сағатын алып қақпағын сырт еткізді. — Мәссаған, он екіден кетіп барады. Қой, қайтайық, балам.


* * *

Көп ұзамай бүкіл дүниесін шайқаған тағы бір оқиға болды. Қалима балаларымен үйіне кеткеннен кейін Күлбағиланың мінезі күрт өзгерген. Ертеден кешке дейін бүлінеді де жүреді. Амалын тауып, тіршіліктегі барлық кемшілікті Әжігерейге әкеп тірейді. Әжігерей ештеңеге таңқалған жоқ. Тек осы лаңның қай жерден шығатынын, шиенің қалай шешілетінін немкұрайды ғана күтіп жүрген.

Бір күні сабақтан кейін үйге келіп, әдетінше Күлбағиланың болмас шайын күтіп отырған. Көршінің кішкентай баласымен үйірмекіл ойнап отырып байқамай жылатып алды.

– Жарайды, жарайды, жылама. Мә, барлық асықты сен ал, — деп уатып жатқаны сол еді, Күлбағила да дүрсілдетіп жетті. Екі иінінен демалып, көгеріп тұр.

– Иттің ғана баласы, боғыңмен жасты баланың тілін таба алмайсың. Тағы да әңгіртаяқ ойнатып жылатып жатырсың ба! Мә саған!

Әжігерей аузын ашқанша басынан бір-ақ тепті. Көзі қарауытып шөке түскен. Келесі сәтте есін жиып орнынан тұрды. Күлбағила қолындағы оқтауын білеп тағы бірдеңелерді айтып жатты. Бірін де естіген жоқ. Санасында осы уақытқа дейін жабық тұрған әлдебір қақпақ сарт етіп ашылғандай болды. Өзін өзі қорғамаса бұны ешкім де қорғамайтынын, тіпті атасының өзі бұны өмір бойы күзетіп отырмайтынын жан дүниесімен түйсінген. Жаңа ойдың анықтығы, түсініктілігі сондай, қуанғанынан күліп жіберді.

– Бадалып қалғыр. Неменеге мәз боласың? — деді бұның күлгенінен сәл сескеніп қалған Күлбағила. – Төбеңді ойып, көзіңді ағызып жіберейін бе?

Оқтауды аямай сілтеген. Әжігерей оқтауды қағып алып жұлқып қалды.

Бұндай оқыс қимылды күтпеген Күлбағила омақаса құлаған.

– Ойбай-ай, мына нағылет қайтеді? — деді малтығып тұра алмай жатып.

– Немене? — деді Әжігерей кекетіп. — Әкеңнің құнын менен алайын деп пе едің?

Күлбағила жалпиып отыра кетті. Ауа жетпегендей, дірілдеген саусақтарымен омырауын ағытты.

– Не дедің сен?

Дауысы қалтырап естілді.

– Не естісең сол, — деді Әжігерей.

Күлбағила кенет айқайлай орнынан тұрған. Омырауын айырып жіберіп, шашын жайып, екі бетін тырнап шиедей қылды. Көз алдында болып жатқан сұмдықтан шошынған көршінің баласы бажылдай жылап далаға қашқан.

– Ойбай! Ойбай! Өмірімде естімеген сөзімді естідім ғой мына тірі жетімнен! — деп айқайлаған Күлбағила сүрініп-қабынып далаға шықты. Есіктің алдындағы ұзын орыңдыққа белін таянып, өлген адамды жоқтағандай зарлап отыра кеткен. Тарғыл даусы бүкіл көшені кернеп барады. Состиып-состиып көршілер шықты. Алдымен Зерен апасы келді.

– Не болды, Күлеке-ау, тапай талтүсте? — деді Күлбағиланы құшақтап.

– Бүйткен өмірі құрып кетсін, — деді Күлбағила. — Бүйткенше өлейін одан да.

Көз жасына шашалып болған жайды баяндаған. Әрине, өзінің қылығы жайлы бір ауыз сөз жоқ. Әжігерей күлді.

Қарағым-ау, бұның не? — деді Зерен кейіп. Әжігерейді жеңінен тартты, — Жүр былай. Біздің үйге жүр.

Мен ешқайда да бармаймын, — деді Әжігерей.

Осы кезде дүрсілдетіп Сабыт та келген. Атын байлап жатып, дауыс салып жылап отырған кемпіріне жақтырмай қарады.

– Мынаған не болған? Біреуі өлген бе?

Беті-қолын жуып сүртінген күйі киіз үйге кірді. Зерен қоса кірген. Екеуінің сөйлескені естіліп тұр.

Ағеке-ау, болмайды ғой. Бесіктен белі шықпаған бала.

Анауыңның өзі бірдеңені бүлдірген ғой. Әжікеннің ондай тосын мінезі жоқ. Иі жұмсақ бала.

Әй, білмеймін-ау, — деді Зерен, — Ағеке-ау, осы сөздерді аузына сіз салып беріп жүрген жоқсыз ба? Бала ондай сөзді қайдан біледі?

Сабыт шамданып қалды.

Лағып барасың, Зерен. Мен ешкімнің аузына сөз салып берген жоқпын. Баланың тілін шығарған өзі.

Не жетпейді осы сіздерге? — деді Зерен. — Алдыңғы жылы анандай болды. Енді міне…

Дұрыс айтасың. Сөзің енді түзелді, — деді Сабыт көңілденіп. — Осы кемпірге не жетпейді? Заман түзелді. Өлгені тірілмесе де, өшкені жанды. Басында үйі, бауырында қазаны бар. Осы қақпас өлгенше жететін мал бар осы үйде. Бала бар. Енді не керек? Қуанбасқа немене? Ішкеніміз — ірің, жегеніміз — желім. Өміріміздің сәнін кетіріп отыр.

Аз-кем үнсіздік орнады.

Ал, жарайды, — деді Сабыт, — Балам өтірік айтпайды. Кәне, шақырып сұрақ сұрайық. Әжікен!

Әжігерей үйге кірді.

– Бұл жолы не болды, айт! — деді Сабыт.

Әжігерей бұрынғыдай жұмсақтамай, ешкімді қорғамай болғанын болғанша айтып шыққан.

Ұқтың ба? — деді Сабыт Зеренге қарап.

Зерен үнсіз қалды.

Ер баланы бастан тепкені үшін не істемек керек? — Сабыт Зеренге үңіле қараған, — Ал, айтшы кәне.

Білмеймін, — деді Зерен.

Білмесең — мен айтайын. Әрине, балаға солай істе деп үйреткем жоқ. Бірақ Әжігерей не істесе де, дұрыс істеген. Сөздің қысқасы — осы. Ал, ұнамайды екен, әлі де кеш емес, еліне қайта берсін.

Түстен кейін Әжігерей өзінің баяғы әдетінше ауыл сыртына шықты. Бала кезінен қалыптасқан әдеті. Торыққанда, қатты күйзелгенде оңаша кетіп, қайғысын жалғыз өзі күйттейді. Күзгі жауынның қарасуына арнасы недәуір молығып, баяу ағып жатқан Айғыздың жағасында біраз отырды. Күн жылы. Аспанда топ-тобымен ұшқан құстар. Кетуге дайындалып жатыр. Алысқа. Армандай алыс елге. Судың бетінде қалқыған үйеңкінің қызыл, сары жапырақтары. Тоғайға бармағалы көп болыпты. Орнынан тұрып өзенді өрлеп жоғары жүрді. Ауылдың соңғы үйлерінен асып, күзгі ылғалдан шаңы басылған қара жолға түсті. Күнде жүрген, ес білгеннен бері жүріп жүрген жолы. Әуелі қалың шилеуіт. Содан соң тырбиған қымыздық өскен едәуір үлкен алап. Күзге қарай қымыздық қурап, бұралып түсіп қалады. Орнында қаптаған түбіртек. Одан ары тоғайдың шашасы басталады. Сарғайған қалың қияқтың арасынан алғашқы түп долана көрінді. Жақын барып жарлауыттан суға төніп тұрған дарақтың түбіне тұрды. Жидектері солып қарайып кеткен. Ненікі екені белгісіз, әйтеуір әр жерден салбырап өрмек көрінеді. Шыққа малынып тұрған өрмектің біреуін еппен алып алақанына салғаны сол еді, суы ағып қап-қара шайыр қалды. Осылайша өзін өзі қанша алдарқатса да көкірегін билеген ауыр ойдан арыла алмады. Бүгінгі көрген теперіші есіне түскенде қаны басына теуіп, алқынып, көзінің алды қарауытып кетті. Бірақ бір қызығы, өз ішіне қанша үңілсе де бұрынғы үрейді таба алмады. Санасын жадылап тастайтын үрей ұшты-күйлі жоғалыпты. Орнында… тек жиреніш қана қалыпты. Кәмелетке жете алмай-ақ қартайған бейбаққа деген жиреніш. Жиренішке қоса, енді, аяушылық сезімі қоса оянды. Анасы емес екені анық. Ана… ана деген, басыңа қайғы түскенде сол қайғыңды бөлісетін адамың ғой. Ал мына адам… Әжігерей қанша тырысса да бұл адаммен қайғы бөліскенін есіне түсіре алмады. Иә, қайғысына қайғы жамапты. Сол қайғы жүрекке беріш болып байланыпты. Анасы емес екені анық. Олай болса кім? Осы жүрген адамдардың әйтеуір біреуі осының анасы емес пе екен. Баяғыда, атасының аузынан елеусізде шығып кеткен сөз көкірегіне мәңгіге егілген. Міне, сол күмәнді ой жетіле келе мызғымас сенімге айналды. Бірақ сенгенде не шараң бар? Анаңның, шын анаңның кім екенін таба алмайсың.

Ересектер бұл сырды саған ешқашан ашпайды. Әлде, анасы өліп қалған ба екен. Жоқ, мүмкін емес.

Күзгі аспанды бұлт торлап сіркіреп жауын жауа бастады. Күздің жылы жаңбыры. Аздан соң түсінді. Кемеңгер табиғат бұны өзі жұбатып тұр. Анам өлді деп жылама. Ана да жоқ, бала да жоқ. Ілгерінді-кейінді дүниеге келген ұрпақ қана бар. Бәрің де менің баламсың деп тұрғандай. Осы тынымсыз аққан мейірімді, шапағатты тамшылардан ой өлкесі гүлденіп, жаңғырып, әлденеше жас есейгендей, ойша бәріне де алғыс айтқан. Мейлі, басқаға бұйырғанды сұрап ала алмадым. Бірақ бәрібір ризамын. Осы бергені аз ба? Көбін берген құдай азын да береді. Өмір берген, тіршілік берген Құдай басқасын да береді. Тек күту керек. Тезірек есейсем ғой. Үйде отырған жандар есіне түсті. Атасы… шексіз мейірімді… Ешқашан бетінен қаққан емес. Бұны аяйды… Көзінде бұған айта алмайтын бір сыр бар сияқты… Содан кейін… бұның талайына сенеді… Осы үшін ғана өмір сүруге болады емес пе. Ал апасы… Жоқ… Біз енді екеуміз екі көлеңке болып өтеміз өмірден деді күбірлеп. Кенет өлім жайлы ой келді. Өзіне өзі қайран қалған. Өмір мен өлім бір-біріне қалай жақын. Өлімнің бейнесі алдыңғы ойлардан ажырағысыз, еш қиналыссыз… Қорқыныш… Қорқыныш пен үрейді адам ойлап шығарған. Міне, өлім қол созым жерде тұр… Тұңғиық қарасудың түбіндегі қызыл шайыр от боп жанып, жайнап жатыр. Бір аттасаң болды… Өз ойынан үрей іздеді… Осыдан біраз күн бұрын естіген әңгімесі есіне түскен. Суға құлаған адам… Аты… жарайды… атының керегі жоқ… Әйтеуір адам… Оның кешкен күйін енді түсінгендей… Өмірде бір сәт болады. Ондай сәтте адам өмір не, өлім не — ажырата алмайды… Міне, өзі де… өз бойынан ешқандай үрей таба алмай тұр. Қазір кері бұрылып бұрынғы тіршілігіңді жалғастырсаң да… қарасудың түбіндегі қызыл шайырды жастанып жатсаң да… бәрібір.

Ат тұяғының дүрсілі естілді. Әжігерей жарлауыттан шегініп артына бұрылған. Атасы екен. Екеуі өмірінде алғаш рет бір-біріне көз алмай қадалған. Кенет Әжігерей атасының жүзіне қарап тұрған өзі емес басқа біреу, тіпті біреу деп айтуға болмайтын бір нәрсе… бұның көзімен бұ дүниелік емес бір нәрсе қарап тұрғанын сезді.

Түсің не деген суық еді, балам, — деді Сабыт. Дауысы қорқырап, қарлығып естілген.

Жағадан бері тұршы, балам, — деді тағы да Сабыт.

Ештеңеден қорықпайтын атасының жүзінен үрей көрінді. Осы қазір айрылып қалатындай қолын созып, жалына сөйлеп тұр. Атасын аяп кетті. Аяныш сезімі оянған кезде, тұтасып бір дүниеге айналған өлім мен өмірдің арасында қайтадан айырма пайда болды.

Сабыт аттан түсіп бұның жанына келген. Зілдей ауыр қолын иығына салды. Әжігерей атасының бетіне қарады. Жарқырап тұратын көздері өлеусіреп, қызыл жиектеніп кетіпті. Екі иығы сұлқ түскен.

Бұл қайткенің, балам.

Кешір, ата, — деді Әжігерей. Басын атасының кеудесіне жасырды. — Кешір.

Менің енді көрмегенім осы еді. — Сабыт Әжігерейді иегінен көтеріп көзіне көзін қадаған, — Айтшы, бір адамға екі қайғы әділет пе? Мені аясаң нетті.

Әжігерей төмен қарады. Сабыт атын жетелеп ауылға қарай беттеген. Әжігерей үн-түнсіз соңынан ерді.

* * *

Аспанда ақ шыбын ұшып қыс түсті. Енді Баймұқан мен Қалима тапжылмай отырып іс тігетін болды. Ырымбектен, әскери дайындықтан өтіп, сол жерге орнықтық деген хабар келген. Хат келген сайын үй іші мәз-мереке. Алыстағы жұмбақ өлкеде әскерде жүрген Ырымбек, жеті басты диюмен соғысып жатқан батырдан кем елестемейтін. Баймұқан сұрай-сұрай, ақыры картадан ол жерді де тапқан.

Иә, алыс екен, — деді ойланып. Ауыр күрсінген, – Ой, Ырымжаным-ай! Құдай өзінді тірі көрсетсе арманым болмас еді.

Әр хаттың аяғы осылай қамрыққа айналады.

– Тек соғысынан сақтасын Құдай, — дейді Қалима күрсініп.

Иә, соғыс болса жаман, – дейді Баймұқан.

Шамға қарап ұзақ отырады. Содан кейін есінде қалған соғыс әндерін айтады. Дауысы дірілдеп, көзі  жасаурап бір әннен кейін бір әнді айта береді.

Ән мен күйді көшелі отырып тыңдап үйренген Әжігерейге ретсіз жерде айтылған  осы әндер бір түрлі әсер етеді. Өзі әр кезде радиодан немесе кинодан естіген әуендер мүлдем басқа кейіпте, өзінің әскери жүрісінен  айырылып, сызылып, жаныңды егілтіп  естіледі.

– Қалима, — дейді  Баймұқан, – Ырымжанға өлеңмен хат жазып жіберсек қайтеді.

– Қой, көкесі, — дейді Қалима, –  Онсыз да елді сағынып жүргенде қиялдандырып қайтесің.

Содан соң барлығы  сәлем хат жазуға отырады. Әдетте Ырысқалиға, кейде Әжігерейге жаздырады.

–  Аса жаннан артық көретін баламыз Ырымбек, — деп бастайды Баймұқан.

–  Аса жаннан… артық көретін — дейді ЬІрысқали, басын  дәптерге жантайтыңқырап. Барын салып жазғанда ұқыптылықтан тілінің ұшы аузынан шығып кетеді.

–  Аман-есенсің бе. Халың жақсы ма. Жаныңдағы жора-жолдастарыңның да халы жақсы болар. Ал бізден хал-жай  білмек болсаң, халымыз жақсы, деніміз сау. Құдайға шүкір,  аман-есен жүріп жатырмыз. Атаң мен әжеңнің да халдары жақсы. Құдайға шүкір, күннің райы да жаман емес, биыл қыс жылы, –  Баймұқан шамның жарығына қарап бір сәт ойланып қалады.

– Әке, күшік асырап алғанымызды жазбаймыз ба? – дейді Ырысқали.

– Иә, – дейді Баймұқан селт етіп, – Біз бір күшік асырап алдық, атын Тілеулес деп қойдық. Өзі сары, төсі ақ. Амандықта көрісуге жазсын деп ырымдағанымыз ғой…

Осы кештерде Әжігерей атасының домбырасындағыдан  басқа да қайғы барын, басқа ошақтың тынысы мен тіршілігінің, қызығы мен шыжығының өзіне ғана тән көркі бар екенін түйсінетін.

Осы қыста Құндыз әпкесін алғаш рет көрді. Бір күні сабақтан қайтарда әдетінше Баймұқанның үйіне соққан. Үй ішінде бір өзгеріс барын дәлізден-ақ сезді. Жай, ауылдың адамы келіп-кеткендегідей емес, ерекше көңілді дауыстар естіледі. Есікті ашып кіріп барды. Төрде аққұба өңді, қой көзді, шашы бұрқырап иығына төгілген бір қыз бала отыр. Сырттан бір құшақ бу алып кірген бұған қарап:

Бұл келген Әжігерей ғой, — деді мамықтай жұмсақ дауыспен. Орнынан асығыс көтеріліп, құшағын ашып қарсы жүрген.

Келе ғой, алтыным. Амандасайық.

Әжігерей сасып қалды.

Сіз Құндыз әпкемсіз ғой? — деді қолын ұсынып. Құндыз бас салып құшақтап бетінен сүйді.

Иә, мен Құндызбын. Сенің әпкең болам. Кел, отыр, шай ішеміз.

Бөлме ішін бұрын сезбеген әлдебір хош иіс кернеп кеткен. Үстел үстінде, суретін кітаптан ғана көретін неше түрлі тәтті-дәмді, таңғажайып жемістер.

Бұл Әжігерей деген бала керемет болып тұр ғой. Білетін шығарсың, атасының барлық күйін үйреніп алған, — деді Баймұқан риза кейіпте.

Білеміз ғой. Естіп жатырмыз, — Құндыз Әжігерейдің басынан сипады, — Айналайын. Өнерлі қылып жаратқан, жарығым.

Бәрін емес, — деді Әжігерей сәл қысылып, — Әзірге он шақтысын ғана үйрендім.

Үйренесің, — деді Құндыз, — Бәрін де үйренесің. Содан кейін Алматыға барып консерваторияға оқуға түсесің.

Ол не, әпке?

Ол әнші-күйшілерді оқытатын институт. Осы күні өнер көрсетіп жүргендердің барлығы сол консерваторияны бітірген.

Ертеңіне түстен кейін Құндыз әпкесі Ырысқали мен Әжігерейді ертіп алып ағайын-туғанмен амандасып шыққан. Жолшыбай талай әңгіме айтты. Сауда техникумында оқитын көрінеді. Енді екі жылдан кейін бітіреді екен. Алыстағы Алматы жайлы неше түрлі хикая шерткенде Ырысқали мен Әжігерей аузын ашып, көзін жұмған.

–  Ауылдарыңда кітапхана бар ма? — деді Құндыз қайтып келе жатқанда.

– Бар. Мектепте.

– Қандай кітап оқисыңдар?

– Мен барлаушылар мен шекарашылар туралы бірнеше кітап оқығам, — деді Ырысқали.

Ол кітаптарды мен де оқығанмын, — деді Әжігерей, — Содан кейін мектептің де, сапқоздың да кітапханасын ақтардым. Окуға болатынның барлығын оқыдым.

Мысалы? — деді Құндыз жымиып.

Мысалы, Эмиль Золяның “Жерминаль” деген романын, Жеромскийдің “Ева” деген романын… содан кейін… — Әжігерей мүдіріп қалды, — Оның бәрін қазір тізіп бере алмаймын. Есіме түсіріп, тізім жасап әкеп берейін.

Құндыз аузын әнтек ашып Әжігерейге қараған. Содан кейін ішек-сілесі қатып күлді.

— Жарығым-ау… ондай кітапты оқу әлі ерте ғой саған…

— Енді не окуым керек? — деді Әжігерей түсінбей, — Чижик-пыжик туралы ма?

Қой, кітапханаға кіріп-шықпаса болмас, — деді Құндыз, — Жүріңдер, мектепке барайық.

“П” әрпіне ұқсас етіп салынған мектептің күңіреніп тұрған дәлізіне кіргенде кешкіріп те қалған еді. Кітапханашы әйел есігін құлыптап жатыр екен. Құндыз жалбырай амандасқан.

Апай амансыз ба? Үй ішіңіз аман ба?

Аман ба, айналайын, — деді кітапханашы әйел жылыұшырап, — Баймұқан ағаның баласысың ғой? Демалысқа келдің бе?

Иә, демалысқа, — деді Құндыз, — Мына балалар қандай кітап оқиды екен, соны көрейін деп едім. Аз-маз бөгелсеңіз қайтеді?

Жақсы, — Кітапханашы есікті қайтадан аша бастады, — Бұл Әжігерей деген бала бәрін оқып тастады.

Құндыз күлді.

Білем. Бағана оқығандарын айтқан.

Сөрелерде ретсіз қойылған кітаптарды қарай бастады.

Міне, саған қазір мыналар лайық. Виталий Бианки. Немесе, міне, “Формула ЧЧ”, немесе Паськоның кітабы.

Оның бәрін оқығам.

Миклухо-Маклай?

Оны да оқыдым.

Айтам ғой, бұл бала бәрін оқып шықты, — деді кітапханашы, — Кітап тауып бере алмай отырмын.

Кешке үйге келгеннен кейін Құндыз өзінің алып келген кітаптарын ақтарып отырып екеуін Әжігерейге берді. Тургеневтің “Жалқыны” мен Лермонтовтың “Біздің заманның қаһарманы” атты романы.

Осыларды оқы, ақыр қиын кітаптарды оқып жүр екенсің. Кейін, қаладан келген сайын жақсысын әкеп тұрам ғой.

Құндыз бала сияқты. Неше түрлі ойын шығарады. Алғашында Ырысқали мен Әжігерейді төбеге алып барып сырғанақ тепті. Шаңғы мен шанадан жалыққаннан кейін, көршінің балаларын жинап алып жаңа бір өнер шығарды. Балалар неше күн бойы қарды текшелеп ойып, кірпіш құсатып қалап, су құйып әуреленді.

Баймұқан мен Қалима іс тігіп отырып, терезеден бұлардың әуресіне күні бойы қарайды да отырады.

Қарағым Құндыз-ау, бұның не, — дейді Қалима күліп, – Ұл бала сияқтысың. Бір бой түзеп, құрбыларыңмен жүрмейсің бе. Ұсақ балалармен ойнайсың. Мынау жасап жатқандарың не?

Қамал салып жатырмыз, — дейді Құндыз.

Баймұқан мен Қалима қосыла күледі.

Ертең көресіңдер, — дейді Құндыз, — Күлмеңдер.

Ақырында, үлкендігі әдепкі үйдің қонақ бөлмесіндей сіреу қардан соққан қабырғасы кісі бойынан биік айбынды қамал дайын болғанда маңайдағы бүкіл көрші жиналған.

Қызым өзім сияқты, — деді Баймұқан қамалдың іші-сыртын қарап шыққаннан кейін. Даусында мақтаныш бар.

Сол күні маңайдың балалары жиналып, қамалды қорғаушы және қамалды алушы болып екіге бөлініп қиян-кескі соғыс болған. Ағаш жәшіктің жақтауынан қалқан, қисық талдан қайқы қылыш ұстанған балалар қас қарайғанша есі кете ойнады.

Қамалдың қорғанысы қыс бойы жалғасып, ақыры көктем келіп, қалыңдығы баланың құлашындай болатын қабырғалар еріп шөккенде бір-ақ тоқтаған.

Құндыз демалысқа келген сол ғажайып күндері тағы бір керемет оқиға болды. Қалима, туыстарды шекеге шақырайық деген. Сол күні кешке қарай Баймұқанның бүкіл қайын жұрты дастархан басына жиналды. Қысыр әңгіме бірден-бірге көшіп, ақыры кешегі өткен соғысқа тірелген.

Әнеукүні радиодан естідім, — деді Мауқи қария, — Биятнам дей ме, қай жер, сол жақта бір соғыс басталған дейді ғой. Құдай өзі сақтасын.

Қартадан іздеп таптық оны, — деді нағашылардың біреуі, орта жастардан асқан, қызыл шырайлы, дөңмұрын адам, — Қытайдың ар жағында жатқан жер екен.

— Әй, Төлеусерік, сен қоя тұр, мынау әскерде жүрген балаға айтқызайық, бір білсе осы білер, — деді Мауқи, — Кәне, Жеңіс, осы болып жатқан соғыс туралы не естігенің бар?

Жеңіс, қалың қайратты шашын “ежик” қылып қырықтырған, көзі қысыңқылау, ат жақты қара жігіт жөткіріне сөйлеген.

– Осыдан біраз уақыт бұрын бәрімізді сапқа тұрғызып қойып, Вьетнамға кім барғысы келеді деп сұрау салған. Бір-екі орыс жігіті біз барамыз деп сұранып кетті. Артынан естідік, сол баратын жеріне жетпей барлығы қырылып қалыпты.

– Иә, талай ошақтың оты өшеді әлі, — деді Баймұқан.

Жұрт абыржыңқырап қалды.

– Ей, дүние-ай, — деді төрде отырған бір әжей, — Кешегі соғыста адам аз өліп пе еді, қоймай ма енді?

Жастар жағы ду күлген.

– Ой, әже, Америка бізден сұрай ма? — деді Жеңіс.

Әнеукүні мына бала мені қоярда-қоймай киноға ертіп барды, — деді Баймұқан иегімен Ырысқалиды меңзеп, — Кәдімгі соғыс туралы кино. Содан әлгі киносының ортасына жетпей кетіп қалдым…

Неге, жездеке? — деді отырғандардың бірі.

Шылғи өтірік, — деді Баймұқан сәл ойланып барып, – Кешегі біз көрген емес, мүлдем басқа соғыс. Біз азуын айға басқан неміспен соғыстық. Ал мында… біздің әскер сырнайлатып-кернейлетіп келе жатыр, немістер қашып бара жатыр. Мен… немістей қажырлы ерді көргем жоқ. Және немістей тәртіпті елді көргем жоқ. Кейде күшіміз жетіп айдап шығамыз. Сонда қазған окоптарын көріп таң қаламыз. Кәдімгі адам тұратын үй. Барлық жайы бар. Қаруы да керемет. Әсіресе соғыстың басында қатты келді ғой. Кейіннен әрине, бізде де қару жақсарды, әр адамға бір мылтықтан келетін болды.

Жеңіс Баймұқанға таңдана қараған.

Бір мылтығы несі, жездеке?

Соғыстың басында әскерге қару жетпеген. Кейбір әскер қарусыз отырып-ақ қырылып қалған. Екі адамға, үш адамға бір мылтық. Автомат деген кейін келді.

Мылтықсыз қалай соғыстың, жездеке? — деді балдыздардың біреуі.

Кейіннен маған да үш оқты бір мылтық бұйырды. Связист болдым. Бір күні сымтемір үзіліп, тексеріп кел деп бір адамды жіберді. Ол адам қайтпай қалды. Содан кейін және біреуді жіберді. Ол да жоғалды.

Сымтемірдің бойына немістер мергендерін отырғызып қояды екен ғой, — деді Жеңіс, — Бүтіндеуге келе жатқан адамды атып түсіре береді дейді.

Рас айтасың, — деді Баймұқан, — Ол снайперді әскердің тілінде “көкек” дейді. Ақыры кәмәндір маған, ал енді сен бар деді. Әй, иттің баласы-ай, орыс болғаннан кейін болды екен ғой. Тәртіп бойынша, немістің мергені біліне қалса, оған қарсы біздің мергенді жұмсау керек. Тіпті снайпер табылмаған күннің өзінде аңдып ала алатын барлаушыны жібереді. Ал мына кәмәндір, әйтеуір бірдеңесі болар деп адамды шығындап отыра береді. Амал жоқ, сымтемірді бойлап жүгіріп келе жатырмын. Әзірге бүтін сияқты. Жаңа жауған көбік қар. Күн боран болатын. Сымтемірдің бойында бір-бірінен он қадамдай жерде жатқан екі өлікті анадайдан байқадым. Ондайда, ешқайда қашып құтыла алмайсың. Өйткені жасырынып амалдайтын болсаң соңыңа түседі, қоймай өлтіреді. Жүрегім аузыма тығылды. Қай жерімнен атып түсірер екен деп, Аллалап келе жатырмын. Көресі жарығым бар екен. Бораннан дұрыстап көре алмай қалды ма, я басқа бір нәрсе болды ма, білмеймін, оқ келіп сол иығымнан тиді. Иығымнан бір тепкендей болды. Тұрған орнымда жығыла кеттім. Тырп етпей жатырмын. Аңдып отырғанын білем. Жата бердім.

Қанша жаттың? — деді Сабыт.

— Нансаңыз айтайын, түннің ортасынан таң атқанша жаттым. Бір кезде, көзімнің қырымен байқадым, мерген, қарды бұрқыратып ағаштан секіріп түсті. Ол да адамның баласы, тоңды ма екен, әлде межелеген уақыты бітті ме екен. Сонда деймін, жаңағы екі өлік пен мені қайтадан бір-бір атса, кім қой дер еді оған.

— Өзің неге атпадың? — деді Төлеусерік.

Баймұқан басын шайқап күлді.

— Бәрекелді. Менікі үшатар жаман винтовка. Оныкі нағыз мерген мылтық. Әрине, винтовканы бірдеңе қылып, амалдап иықтан алуға болады. Атуға да болады. Бірақ мен атсам, тигізем бе, жоқ па, Құдай біледі. Ал ол атса міндетті түрде тигізеді. Және жаныма келіп, анықтап тұрып маңдайдан тағы  да атады. Біттің.

– Көрдің бе? — деді масайып қалған Төлеусерік, көзі бақырайып тыңдап отырған Ырысқалиды мойнынан бір нұқып, – Жездем сол жерде қалса, сендер мына жерде  отырмас едіңдер. Әрқайсың бір-бір бөлке нан жейсіңдер,  жездем мен әпкемді сендер қартайттыңдар, етияумайттар.

Қой, балада нең бар, — деді Мауқи, — Одан да әңгіме тыңда.

Баймұқан суып қалған шайын бір-ақ ұрттап, кесесін Қалимаға ұсынған. Әңгімеге мүлгіп отырған жұрт селт етіп, жапатармағай шай ішуге кірісті.

Ажалдың иісін сезген адам күндік жердегіні естіп-көреді екен. Қар күпсек болса да, пәленбай жерге кетіп қалған жаңағы мергеннің аяғының дыбысын естіп жатырмын. Ақыры, тағы жарым сағаттай жатып, орнымнан тұрдым. Оқ тигенде байқамаппын, енді қарасам сол жер жусаған өлік. Снайпер, сымтемірдің жиырма метрдейін кесіп алып кетіпті. Сол иығым қозғалтпайды. Итшілеп жүріп жалғап бөлімшеге қайтып келдім.

Ей, шіркін-ай, — деді манағы әжей көзінің жасын сүртіп, — Мына балаларды көруге жазған ғой.

Сол Белоруссияда жүргенде, — деді Баймұқан сөзін сабақтап, — Бір күні шегіндік. Кәмәндіріміз басқа кәмәндір еді. Қалай әскербасы болып жүргенін құдайың білсін. Нағыз қояншық. Әскерлер мәшинеге тиеліп, дүрлігіп қашқанда, әлгі кәмәндір, бір қазақ жігіт екеумізді кеудеден бір-бір теуіп мәшинеден түсіріп кетті. Не істеу керек. Бір шал-кемпір бар, солардың үйіне тығылдық. Екі аптадан кейін қалың орманға алып барып, ағаштан қиған үйі бар екен, сонда жасырды. Кейде аптасына, кейде он күнде бір соғып аз-маз кәртөшке, нан әкеп тұрады. Кейіннен келмей қалды. Артынан естідік немістер бүкіл деревняны қырып, өртеп кетіпті. Орманда аштан-аш қала бердік. Аң атып жейік десек, мылтық атуға қорқамыз. Неміс естіп қояды екен дейміз. Қыстың ортасынан ары асқанда біздің әскер сол жерді қайтадан алды. Есіміз адасып жатқан жерімізден тауыпты. Госпитальда бір-ақ ес жидық. Екі айдан кейін қайтадан сапқа қосты. Майданнан майданға ауысып, соғыстың аяғына қарай Румыния деген жерден өттік. Одан кейін Югославия деген жерді де көрдік. Енді неміс туралы айтайын. Жер қайысқан немістің әскері сол Югославияда қоршауға түсті… Алдында ғана генералы бар, басқа офицерлері бар, елші болып қолына ақ жалау ұстап келген. Қаруын тастап берілгісі келетінін айтқан екен, біздің бастықтар қабыл алмапты.

– Ойпырай, — деді отырғандардың бірі, — Берілген адамды қамамаушы ма еді.

Баймұқан басын шайқады.

– Жоқ. Қалың әскер, сол тұрған бойымен өлімге кесілген екен. Сондай да сұмдықты көрдік қой. Әлі есімде, немістің әскері бізден екі-үш шақырымдай жерде тұрды. Ар жағынан американ келген. Мал құсатып қоршауға алып тұрмыз. Ол жаққа бейсауат ешкім бармасын, бомбылаймыз деген хабар таратылды. Түнгі сағат бірдің шамасында басталды. Құдай сақтасын, талайды көрдік қой, бірақ мына сұмдықты көргенде ветерандардың өзі шошып кетті. Аулақта жаханнам жанып жатқандай. Кейін естідік, бір шабуылға мыңнан астам самолет қатысады дейді. Аулақта тұрған біздің табанымыздың асты тулап жатыр, ал ол жерде не болып жатқанын шамалай беріңіз. Шынымды айтайын, көп адамның неміске жаны ашып қынжылғанын көрдім. Бірақ жауға титтей жаны ашыған адам дереу жазаланатын кез. Іштен тынып отырмыз. Сіздерге өтірік, маған шын, түскі сағат он екіге дейін бомбылады. Бір кезде тып-тыныш бола қалды. Құлағымыз бітіп қалған. Командирлер келіп, баруға, тірі қалған неміс болса тұтқындауға рұхсат деді. Бардық. Ештеңе қалмаған. Үйінді-үйінді топырақ. Өлік дейтін өлік те қалмаған. Жауға жаным ашығаны емес, тірі қалған азынаулақ неміс салдаттардың қалтырап жылағанын көргенде төбе құйқам шымырлады. Кейде күлкім келеді. Ерлік дейді. Топырақ пен адамның қанын араластырып таптап жүргеннің неменесі ерлік.

– Ал олар не істемеді? — деді қариялардың бірі. — Білеміз ғой. Соғысқа біз де барғанбыз.

– Иә, — деді Баймұқан, — Олар да қатыгез болды. Бірақ берілген, сағы сынған жауды қыру деген қай заңға сияды, айтыңызшы, кәне. Кейіннен естідік. Сол жолы елу мың неміс өліпті. Өлген деген жай сөз. Ешқандай нышан да қалмаған. Бұл дүниеде болмағандай.

Ыңғайсыз тыныштық орнады.

Әлгі, жауға жаны ашыған адам жазаланады дегеннен шығады, — деді қария алдыңғы сөзін жуып-шайып, — Немістің қаруын байқамай мақтап қойған бір адамды дереу әскердің алдына шығарып, атып тастағанын өз көзіммен көрдім. Ойпырай, Сталиннің тәртібі қатты еді ғой.

Сабыт ойланып отырып сауал тастады.

Несін мақтап жүр сонда?

Немістің “Тигір” деген танкісі болды. Соны мақтаған. Оқ өтпейді, жанбайды деген ғой. Сөйтсе салдаттардың біреуі дереу кәмәндірге жеткізген. Байғұс, бостан-босқа өлді, әне.

Біздің танкистер, “Тигрдің” оғы тисе, тесіп өтіп кетсе екен деп Құдайға жалбарынып отырғанын талай көрдік, – деді Баймұқан.

Ол неге? — деді қария.

Себебі, оқ, тесіп өтпей, танкінің ішінде қалса допша ойнап ішіндегі адамдарды турап тастайды. Құдай-оу, сақтай көр! Құдай-оу, сақтай көр! — Баймұқан екі шекесі мен көзін алақанымен жауып сәл теңселіп отырып қалды.

Оны рикашот дейді, — деді Жеңіс.

Танкінің ішін ашқанда, ішіндегі болған жайды көрген адам соғысқысы келмей қалады, — деді Баймұқан.

Адамның еті тура еттартқыштан өткізілгендей жентек-жентек болып шашылып қалады екен, — деді Жеңіс.

Ойбай, көтек. Қойыңдар енді, — деді төрдегі әжей, – Балаларды шошытатын болдыңдар.

Баймұқан қойшы, қайдағыны айтып кеттіңдер ғой, — деді Қалима. — Тамақ алыңыздаршы. Мен етті жылытып жіберейін.

Е, болған, көрген нәрсені неге айтпайды екен, — деді Төлеусерік. Үстел үстіндегі арақты қолына алды, — Ал, кәне, неге ішпей отырсыздар.

Жұрт жапатармағай дастарханға қол салды.

Енді бір қызық айтып берейін, — деді Баймұқан.

Тек соғысты айтпашы, — деді Қалима.

Соғыстың әңгімесі, бірақ басқа әңгіме. — Баймұқан бір кесе шайды баптап ішіп тамағын кенеді, — Қырық төртінші жылдың іші. Неміс шегініп барады. Біз соңынан еріп келеміз. Бұрынғы, жауда кеткен жердің барлығы қайтарылды. Бір күні немістен тіл алып келіңдер деп жіберді. Төрт адамбыз. Екеуі орыс, біреуі Сабыр деген авар жігіт. Содан барып бір немісті әзер дегенде қолға түсіріп қайтып келе жатқанда тосқауылға ұрынып, екі орыс оққа ұшты. Тұтқынды алып жүре алмайтын болдық. Әлгі Сабыр жаңағы немісті атып тастады. Фронттан өттік. Келсек, біздің полк жоқ. Біз немістің тылында жүргенде шабуыл басталып, әскердің барлығы алға озып кетіпті. Мидай араласқан әскердің ішінен ештеңе ажыратып болмады. Ақыры шабуыл тоқтап, екі жақ тіресіп тұрып қалғанда өз полкымызды таптық. Енді жолда көрген бір қызықты айтайын. Үшінші, я төртінші күні ғой деймін. Қалың орманның ішімен келе жатқанда майданнан кері қайтып бара жатқан бір полкпен кездесіп қалдық. Орманның ішімен өтетін үлкен, даңғыл жол. Ай сүттей жарық. Полк жанымыздан өтіп жатыр. Солдаттардан айқайлап жөн сұрадық. Мылқау адамдай ешқайсысы жауап бермейді. Сабыр маған қарап иығын қиқаң еткізді. Сәлден соң әскерлердің киімінен, қару-жарағынан аздаған айырмашылықтар байқай бастадық. Бұл кезде біздің әскерлер жазда етік, қыста пима киетін болған. Ал мына әскерлердің бәрі обмотка киген.

Ол не? — деді Мауқи ақсақал.

Балтырды бірнеше қабат орайтын ұзын шүберек. Содан кейін барлығы үшатар винтовка асынған. Ал біз бұл кезде автомат ұстай бастағанбыз. Қойшы, әйтеуір қараған сайын әлдебір жаттық сездік. Сабыр мені ымдап былай алып шықты. Баймұқан, үндемей кетіп қалайық, бұл біздің әскердің киімін киген немістің диверсанттары болуы мүмкін деді. Сене алмадым. Олай болса неге соғыстың басындағы форманы киген, жау болса екеумізді неге өлтіріп кетпеді дедім. Сабыр өзі де аң-таң. Жүр, дереу хабар берейік деді. Алдымен кездескен патрульге көрген жайды баян еттік. Патрульдер полкымыздың нөмірін жазып алып қоя берді. Бөлімшемізді тауып, есеп беріп, енді екі-үш күн демалып есімізді жиып жатқанбыз. Аяқ астынан дивизияның штабына шақырды. Келдік. Штабта отырған НКВД-ның адамдарын көргенде жүрегім зу ете қалды. Сабырдың да иіні түсіп кетті. Екеумізді отырғызып, алдымызға шай келтірді. Арақ құйып, темекі ұсынды. Сабыр да, мен де бір-бір стақан арақ іштік. НКВД-ның бастығы ақырындап тергей бастады. Білгенімізді айтып бердік. Командирінің киімі қандай еді деді бастық. Осындай да осындай дедік. Басына кигені не еді деді. Осы сауал қойылғанда Сабырдың аузы аңқиып қалды. Мен де еміс-еміс бірдеңе сезе бастаған сияқтымын. Бастық ақырып жіберді. Екеуіңнің жорамалыңның керегі жоқ, сендер тергеуде отырсыңдар, кәне, командирінің бас киімі қандай еді деді. Сонда есімізге түсті, полк командирі басына артиллеристердің темір дулыға-каскасын киген. Бұл 39-шы жылдың киімі. Айттық. НКВД-ның офицерлері бір-біріне қарап бас изесті. Салдаттардың түр-түстері қандай еді деді бір офицер. Білмейміз, қараңғы болатын деді Сабыр. Ол күндері ай жарық еді ғой деді офицер. Есіме түсті, ай жарық болса да солдаттардың бәрі өрт сөндіргендей қап-қара, тістері ақсиып көрінген. Білгенімше айтып бердім. НКВД-ның бастығы аз-маз ойланып отырып, екеумізге тағы да сұрақ қойды. Салдаттардың жүргені естілді ме деді. Сабыр түнеріп отырып қалды. Ештеңе естіген жоқпыз дедім мен. Бәрінің аяғында обмотка мен бәтіңке, қалай естімедіңдер деді бастық. Шөп басып кеткен ескі жол болуы мүмкін дедім. Сендер айтқан жерді барып көрдік, екі жағының ағаштары кең етіп шабылған, күнде әскер, машина жүріп жүрген, тақылдап жатқан тас жол деді офицерлердің біреуі. Олай болса білмеймін дедім. Жарайды, бара тұрыңдар деп дивизияның, полктың командирлерін, Сабыр екеумізді сыртқа шығарып жіберді. Сыртта да НКВД-ның әскерлері тұр. Дивизияның командирі бізге бірдеңе айтайын деп еді, әскердің біреуі автоматты әлгі байғұстың кеудесіне тіреп, жап аузыңды, қазір осы жерде атып тастаймын деді. Бір-бірімізге ымдауға да  қорқып тұрмыз. Ақыры, жарым сағаттай уақыт өткенде барлығымызды қайтадан ішке шақырды. Қатар-қатар отырғызып қойып, НКВД-ның бастығы әуелі дивизияның командирін тергеді. Әйелің, бала-шағаң бар шығар деді. Бар деді командир. Туыс-туған бар ма деді тергеуші. Бар деді командир. Сендердің әрқайсыңның да қатын-балаң, туыс-туғандарың бар шығар деді бәрімізге қаратып. Бас изедік. Міне, олай болса, ауыздарыңды жауып тыныш жүрмесеңдер, қатын-балаңды, туыс-туғандарыңды көрмей қалуларың мүмкін деді бастық. Соғыстың басында военный положениеге сәйкес шыққан заң бар. Жұртты дүрліктіріп неше түрлі қаңқу әңгіме таратып жүрген адам немістің тыңшысы саналады, дереу атылады. Ол заң әлі күшінде. Ереже бойынша біз сендерді жазалауымыз керек еді. Бірақ әйтеуір, әңгіме дивизия штабында ғана қалыпты. Оның үстіне жан аямай соғысқан ардагер командир болғаннан кейін кешірім жасадық. Бұл бірінші және соңғы кешірім деді. Сонымен қоя берді. Полк командирі Савельев деген, Қазақстаннан шыққан орыс еді. Мені жерлес деп қорғаштап жүретін. Кейіннен мені штабқа оңаша шақырып алды да, жерлес болғаннан кейін бір жолға кешірдім. Әйтпесе баяғыда үніңді өшіріп жоқ қылар едім, бар, бұдан кейін аузыңды бағып сөйле, егер тағы бір әңгімелеріңді естіп қалсам трибуналға кетесің деді.

Сонда, сендердің ол көрген әскерлерің не әскер? — деді Сабыт.

Баймұқан шайдан асықпай ұрттады.

Соны айтайын деп отырмын ғой. Немістің соғысы аяқталып бүкіл әскерді шығысқа қарай төкті. Енді жапонмен соғыс басталды. Хасан деген көлге жеттік. Тағы қанша адам өлді. Әйтеуір, дәміміз таусылмапты. Сөйтіп соғыс аяқталды. Әуелі Владивосток деген қалаға апарды. Теңіз жағасының күзетінде тағы екі ай тұрдық. Елге қайтатын болдық. Кәмәндіріміз сол әскер қызметінде қалды. Қоштасарда, бөлмесіне ертіп кіріп, біраз ақыл айтты. Байқап жүру керек деді. Шыдай алмай, осы болған жайдың сырын айтыңызшы дедім. Сәл қобалжып отырып, ақыры бекінген болу керек тұспалдап қана айтты. Сендердің ол көргендерің жер бетінде жоқ адамдар деді. Соғыс болардан бұрын қанша адам, немістер дайындалып жатыр деп хабар береді. Бірақ жоғары жақтағылар, бұның бәрі жалған, алаңдамаңдар дейді. Арандатуға ермеңдер дейді. Осылайша, немістер соғыс бастағанда, қаншама дивизиялар, полктар жоғары жаққа қарап, жарлық күтіп отырып қырылып қалған ғой. Соғыстың басталғанына сенбеген ғой. Бірақ бұны айтуға болмайды. Ал сендердің көргендерің сол қырылып кеткен көп полктың бірі, елес деді. Жалғыз сендер ғана емес, тағы қаншама адам көрген, көргендерін айтқан, сол себепті құпия трибуналдың жарлығымен өлтірілген. Ал сендерді, және сендерді ғана емес, мені де, баяғы дивизиямыздың бастығы генерал Куличті де Құдай сақтады деді. Енді аузыңды бағып сөйле деді нығарлап. «Аман бол» деп, құшақтап шығарып салды.

Сонда, елес деп отырғаның аруақ қой? — деді Мауқи ақсақал, — Аруақ көргенсіңдер ғой?

Иә, аруақ, — Өз әңгімесінен өзі бейжай күйге түскен Баймұқан арақ құйылған стақанды қолына алған.

Елдің бәрі ішіп салды.

Полк кілең орыс, украин, белорустардан құралған екен, — деді Баймұқан тыжырынып, — Шіркеуде жаназасы шығарылмаса, аруақтары осылай қаңғырып жүре береді екен ғой.

Құдайдың заңы оның орыс-қазағына қарай ма, — деді Сабыт, — Жаназа шығарылмаса кімнің аруағы болса да қаңғырмай ма?

Жә, — деді Мауқи ақсақал, — Ал енді жапон қандай? Немістен қандай?

Қанша жапон өлтірдің, жездеке? — деді Жеңіс үй ішіндегілерге көзін қысып.

Жапон да ер халық, — деді Баймұқан, — Қажырлы-төзімді. Жейтіні күріш. Бірақ күніне үш уақыт тамақ ішіп дүрдей болып жүрген біздің орыстардың талайын жайратқанын  көрдік. Неше күн шегініп, ұйқы көрмей шаршап-шалдығып келе жатқан жапонның әскері қайрыла соққанда есіңді шығарып жібереді. Осалы жоқ. Фин де, неміс те, жапон да, бәрі де мықты болатын.

Неміс те, жапон да сонша ер екен, онда оларды қалай жеңіп жүрсіңдер, — деді Мауқи кеңкілдей күліп.

Қалай жеңгенімізді қайдан білейін, әке, — деді Баймұқан, — Құдай қолдады ма, я басқаша болды ма, білмеймін. Әйтеуір жеңдік.

Қырқыншы, елуінші жылдар болса, мына әңгімелерің үшін айдалып-ақ кетейін деп отырсың, жездеке, — деді Жеңіс.

Кеш ұзады.

Түн ортасынан ауа жұрт тарағанда Мауқи ақсақал Сабытпен бірге қайтқан. Астындағы шабан торының митың жүрісіне тербеліп келе жатып, — Ой, Алла-ай, — деді күрсініп, — Біздің күйеудің де көрмегені жоқ екен-ау. Кейде ойлап-ойлап, ойдың түбіне жете алмайсың. Кеше ғана көкөрім жастар еді ғой. Ел енді есін жиып етегін жапқанда түп көтеріліп соғысқа аттанды. Бақсам, бұлардың өздері де ел ағасы болып қалыпты. Бастан заман өткен екен, Сабыт.

Е, не болмады, — деді Сабыт, — Қирап, тауы шағылып қайтты ғой, бәрінің де.

* * *

Құндыз оқуда жүргенде уақыт сағыздай созылып өтпей қояды. Жылына екі рет демалысқа келгені нағыз мереке. Бірақ мерзімі бітеді, әпкесі артынып-тартынып қайтадан Алматыға аттанады. Келгені қандай қуаныш болса, қайтқаны да сондай қасірет. Бауыр басқан адамы кеткеннен кейін дүние реңсіз тартады. Бірнеше күн ештеңеге зауқы жоқ, дел-сал болып жүреді. Оқуын бітіріп, енді ешқайда кетпейтіндей болып тезірек қайтып келсе екен деп армандайтын.

Жалғыз бұл ғана емес, Баймұқанның үй іші де кірбің тартады. Барлығы үнсіз отырып тамағын ішеді, бөлме-бөлмеге тарап кетеді.

Қалима оңашада көп күрсінеді.

Тезірек есейіп ер жетсеңіздер екен, — дейді Әжігерейді басынан сипап.

Әпке, маған неге сіз деп сөйлейсіз? — дейді Әжігерей таңқалып.

Өйткені мен сізді жақсы көремін ғой, — дейді Қалима күлімсіреп.

Әжігерей Қалиманың ай жүзіне, құлағындағы бұрама алтын сырғасына қарап сәл отырады.

Ал Ырысқали ше… Ырымбек пен Құндыз, Қынабекті ше… оларды жақсы көрмейсіз бе?

Оларды да жақсы көрем.

Оларға неге сен деп сөйлейсіз?

Олар басқа… ал сіздің орныңыз бөлек.

Екеуі үнсіз қалады.

Ал сіз ше, — дейді Қалима, — Сіз мені жақсы көресіз бе?

Әжігерей маңдайын уқалап ойланады.

Мен сізді аяймын, — дейді содан кейін.

Неге?

Білмеймін, әйтеуір аяймын.

* * *

Ырымбек екі жарым жылдан кейін кембағал болып оралды. Әуелі достарынан хат келген. Абыржымаңыздар, Ырымбек аз-маз ауырып госпитальға түсті, көп ұзамай жазылып шығады депті. Артынан Ырымбектің өзінен хабар келді. Екі айдан кейін комиссия болады, шамасы елге қайтаратын шығар, қорықпаңдар деген екен. Баймұқан хатты оқығанда жүзі қуарып отырып қалған. Көп ұзамай тағы бір хат келді. Бұл жаққа келіп әуре болмаңдар, бәрібір кіре алмайсыңдар, өзім жетем ғой депті Ырымбек.

Қарғам-ау, әйтеуір кеудесінде жаны болса болды. Құдайға тәуба, — деді Баймұқан.

Қалима екеуі сол күні ЬІрымбекке деп шалбар тігуге отырды. Ең қымбат, қаракөк “бостон” матаны ең тамаша үлгімен пішкен. Көркіне көз тойғандай шалбар тігіліп, үтіктеліп қабырғаға ілінгенде Қалима:

Енді Ырымжанға киюге жазсын, — деп көзіне жас алды.

… Ырымбек ақпанның қақаған аязды күні жеткен. Сыртқы есік сарт етіп ашылып, ауыз үй дабыр-дұбыр дауысқа толып кеткенде Қалима кенет бозарып, кесесін үстел үстіне қойды. Сөйткенше болған жоқ, екі жағынан екі адам сүйеп Ырымбек те кіріп келді. Еңгезердей жігіт өзінің осы күйіне ыңғайсызданғандай имене тіл қатқан.

Шеше, амансыздар ма.

Қалима орнынан аңырай көтерілді. Төргі үйден Қынабек жүгіріп шыққан. Үй іші у-шу. Баймұқан ғана жылаған жоқ. Ырымбекті бауырына басып, көзін жұмып, теңселіп тұрып қалды.

Сабыр етіңіз, әкей, — деді Ырымбектің жанында тұрған қазақ солдат. — Балаңызды аман-есен көргендеріңізге қуанбайсыз ба.

Қуанып тұрмын, қарағым, — деді Баймұқан, — Қалима, жарығым-ау, қазан көтерсейші, балалар тоңып, шаршап келді ғой.

Қазір, қазір, — деді Қалима ағыл-тегіл көзінің жасын сүртіп, — Қазір. Төрге шығыңыздар, төрге.

Кешке Баймұқанның үйіне туыстар, көрші-қолаң жиналды. Өңі ақ шүберектей Ырымбек елдің барлығымен жарқылдай амандасады. Масайып қалған Баймұқан, ұлын жеткізіп салған екі солдатқа қаратып тост сөйлеген.

Ал, айналайын, баламның досы екенсіңдер. Барлық қиыншылықты бірге көтеріскен екенсіңдер. Енді осы үйде бірнеше күн демалып қонақ болып кетіңдер.

Дембелше келген, торы жүзді сержант басын шайқап күлді.

Рахмет, әкей. Өзіңізге бір сұрақ. Әскерде болдыңыз емес пе? Тіпті соғысқа да қатысқан шығарсыз.

Баймұқан бас изеді.

Иә. Болдық.

Ендеше, әскери тәртіп дегеннің не екенін білетін шығарсыз. Ниетіңізге рахмет. Тапсырманы орындадық. Енді ертең бөгелмей қайтып кетуіміз керек.

Баймұқан сәл мүлгіп тыңдаған.

Жақсы, — деген содан кейін басын сілкіп қалып, — Тәртіптің аты тәртіп. Рахмет, балаларым. Сендер де елдеріңе аман-есен жетіңдер. Ата-аналарыңмен аман-есен қауышыңдар. Бірақ бүгін түн тойдың аяғына дейін отырыңдар. Таңертең өзіміз шығарып саламыз.

Таң ата жұрт тарап өзді-өзі болып қалғанда, Баймұқан ұлының басынан сипап, — Ал, жарығым, енді аяғыңды көрсет, — деді күрсініп.

Ырымбек әкесі мен шешесіне кезек қараған.

Жыламайсыздар ма?

Жоқ, жыламаймыз.

Ырымбек қалың әскер шұлықты шешіп аяғын жарыққа тосты. Оң аяқтың екі башпайы түбінен шорт кесілген. Аяқтың басы мылжа-мылжа болғаны, сүйектері нашар біткені көрініп тұр. Шор-шор, қиқы-жиқы аяқ қалай болса солай балталанған ағаш дөңбекке ұқсайды. Қалима еңіреп жіберді. Баймұқан мертіккен аяқтан көз алмай меңірейіп отырды да қалды.

Жарайды, — деді Сабыт, — Әйтеуір жүруге жарайды екен, оған да шүкір. Баяғы Кенесары құдамның аяғы құсап қалды ма деп қорқып едім. Жарайды, жарығым. Қапа болма.

Уақыт өтіп Ырымбек өз бетімен жүре алатын болды. Қарулы жігіт шаруадан қалған жоқ. Кейіннен оқуын оқып шопыр болды. Бәрі де баяғыдай. Жалғыз қолмен өгізді шөке түсіре алатын күші бар. Тек оң аяқ қатты салмақ түскенде сыр береді. Содан кейін неше күн бойы сүйретіліп ақсап жүреді. Осы кемтарлығынан ол “шойнақ Ырымбек” атанды.

* * *

Сол жылғы жаз бұл өңірге ерекше игілік әкелді. Сол таңғажайып жазда ылғал жеткілікті, күннің нұры мол болды. Түпсіз зеңгір аспанды ілезде інжу бұлт торлайды, жер-дүние солқылдап, сел болып аққан жауынға жуынып шығады. Аякөздің бойын алып, керіліп жатқан кең өлке, топырағы май абат жазира дүрлеп, өсімдік атаулы нәрі сорғалап көтеріліп, гүлдеп, шабынға дес бермес көк тасқынға айналған. Әрбір бұта, әрбір тал шөптің үстінен жердің нұрлы, нәрлі демі білінетіндей. Ешкі мен сиыр атаулы талтаңдап, сүт кернеген желінін әзер көтеріп жүр. Осы жазда Құндыз оқуын бітіріп келді. Бір-екі апта демалғаннан кейін ауданға барып қызмет сұраған. Жұмыс ауылдың өзінен табылды. Сонымен Құндыз дүкенге сатушының көмекшісі болып орналасқан. Бүкіл әулет бір шаңырақтың астына жиналғанда Баймұқанның шағын үйі кісіге сыймай кетті. Таңертеңнен шат күлкі, көңілді тіршілік. Түс ауа Құндыз сатушы әпкесінен сұранып, құрбыларын ертіп өзенге шомылуға барады. Жаз ортасына жетпей ауылдың тұсындағы шомылуға болатын қарасу, тоқтам сулардың барлығы лайланып біткен. Ырысқали мен Әжігерей өзенді өрлеп жүріп тамаша бір қарасу тапты. Екі жағасы недәуір үлкен, құмы табаныңды еркелеткен ақ қайраң. Өзеннің бойы қалың өскен сары тал, үшқат, итмұрын. Көргендерін Құндызға айтқан.

Қыздырынатын құмы бар ма? — деді Құндыз.

Екі жағы бірдей атырау, құмы тізеден келеді, ып-ыстық, — деді Әжігерей.

Келесі демалыс күні Құндыз жанына жамағайындардың Сәтен, Гүлғайша есімді екі қызын алып өзенге аттанды. ЬІрысқали мен Әжігерей жол көрсетіп келеді. Күн түстен ауған. Бұлар келгенде су әбден жылыған екен.

Сендер арырақ барып бөлек шомылыңдар, біз жаққа қарамаңдар, — деді бойы серейген ұзын, аққұба Гүлғайша.

Сәлден соң өзеннің бойы көңілді күлкіге жаңғырып кетті.

–  Құндыз әпкемдерді қорқытайық, — деді Әжігерей.

Қалай қорқытпақсың? — деді екі қолымен судың астында есіп итше малтып жүрген Ырысқали.

– Сүңгіп барып қорқытайық.

Сүңгіп жете алмайсың. Алыс.

– Орта жолдағы бұтаны көрдің бе, сол бұтаның астында демалып аламыз. Сөйтіп жетеміз.

– Кеттік олай болса.

Екеуі демін көбірек алып екі қарасудың арасындағы өзеннің тараңдау жерінде басы суға салбырап өсіп тұрған талдың саясына жетіп жасырынған.

Әлгі екеуі қайда кетті? — деді Сәтен.

Рас-ау, жаңа ғана шомылып жүр еді ғой, — деді Гүлғайша.

Ырысқали шыдай алмай жырқ етіп күлген. Әжігерей судың астында оны бүйірінен нұқып қалды.

Тыныш отыр. Қазір естіп қояды.

Қыздар жапатармағай айқайлаған.

Ырысқали! Әжігерей! Қайдасыңдар? Шығыңдар! Қазір қайтамыз!

Әлде итмұрын теруге кетті ме екен? — деді Құндыз.

Әжігерей мен Ырысқали лып етіп сүңгіп, ақ балтырлары жарқырап белуарынан суда тұрған қыздардың ортасынан бір-ақ шыққан. Қыздар шыңғырып опыр-топыр болды да қалды. Жағаға малтып барған Әжігерей, тоғайға қарай бажылдап қашып бара жатқан Құндыз бен құрбыларының соңынан қарап тұрып сақылдап күлген.

Әй, жындылар, тоқтаңдар, бізді қорқытқан мына екі жүгермек екен, — деді бозғыл Гүлғайша кері бұрылып.

Қыздар қолына ілінген бұта, балдыр, уыс-уыс құмды лақтырып бұлардың соңынан тұра қуған. Әжігерей мен Ырысқали қарасуға қүмп беріп, қарсы жағаға малтып өтті.

Көресіңдер қазір, — деді Гүлғайша.

Көрсең көресің, — деді Әжігерей. Алдыңғы көргені көзіне қайта елестеп, ішін басып домалаған.

Сабыт атама айтам, — деді Гүлғайша өзі де күліп жіберіп.

Айтсаң айта бер, — деді Ырысқали.

Омаяу, мынау батыр бола қалыпты ғой, — деді Сәтен. Қолындағы шелпек сияқты балдырды бұларға қарай лақтырып қалған. Әжігерей шылп етіп суға түскен балдырды қолына алды.

Ей, Сәтен, дұрыстап лақтыра алмайды екенсің. Мен лақтырсам басыңа малақай құсап киіліп қалады. Өмір бойы шешілмей қояды. Содан кейін әкең мен шешең жабылып шеше алмайтын болады.

Жүгермек, — деді Сәтен күліп.

Аздан соң қыздар тоғайдың ішіндегі қалың шөпке дастархан жайды. Сәтен бұларға қолын бұлғаған.

Ей, бәдәуилер, келіңдер, тамақ ішеміз.

Тиіспейсіңдер ғой? — деді Әжігерей.

Тиіспейміз.

Су сорып бәрінің қарны ашыпты. Кесек-кесек туралған ет, сары май мен бауырсақты жусатып салған. Екі термостағы шай әрқайсысына екі кеседен ғана айналды.

Көкке шықтық деп есептей беріндер, — деді Құндыз.

Көк деген осындай бола ма екен, — деді Әжігерей. — Біз ауылдың сыртында ғана отырмыз. Былтыр Сағаның бер жағындағы Үзікке көкке шықтық. Міне, көк деп соны айт.

Сәтен Әжігерейдің басынан сипады.

Әжікен, осы биыл қарақат бар ма?

Қарақат жоқ. Жауын көп жауды ғой. Бірақ мойыл қалың. Керемет тәтті, — деді Әжігерей.

Мойыл ішті ауыртады ғой, — деді Гүлғайша.

Ішіңді ауыртса — жеме, — деді Әжігерей.

Гүлғайша Әжігерейді арқасынан бір салды.

Кетші, жүгермек.

Ішті ауыртады және алыс, — деді Сәтен. — Сонау Көбегенге бару керек.

Бірақ бүлдірген деген, міне, мына тоғайда толып тұр, — деді Әжігерей, — Әкеп берейін бе?

Кәне, алып келші.

Ырысқали мен Әжігерей қалың бұтаның арасына кіріп үсті-бастарын қалақайға шақтырып жүріп ілезде екі үлкен кесе бүлдірген теріп алып келді.

Тәтті екен, — деді Құндыз аузының дәмін алып тамсанып, — Алматының базарында шелекпен сатып отырады. Бірақ мынадай тәтті емес.

Домбыра алып келу керек еді, — деді Сәтен, — Әжігерейге күй тартқызатын.

Мен немене сендерге, орманның ішінде отырып күй шертетін әртіс пе едім, — деді Әжігерей.

Бәрі ду күлген.

Әртіс демекші, кеше әкем Аякөзге барып келген. Сонда Алматыдан келіп атақты әртіс әпкеміз концерт қойып жатыр дейді, — деді Гүлғайша, — Осы таяу күндері бізге де жетеді екен.

Бізге жеткенше жолшыбай талай концерт қою керек, — деді Әжігерей.

Кімге? — деді Сәтен, — Жолдағы ең үлкен сапқоз біздің “Айғыз” емес пе?

Батпаққа бір концерт.

Батпақта үш-ақ үй отыр ғой.

Үш үй болса немене, адам емес пе? Жолда Қурайлы бар. Онда Мәткәрім кемпірімен отыр. Екеуіне бір концерт. Қурайлының Аякөзге құятын тұсында қой бағып Мұқашбай отыр. Ол Мұқашбай кімнен кем? Кемпірі екеуіне бір концерт.

Тантық, — деді Гүлғайша күліп.

Сәтен Әжігерейді иығынан құшақтады.

Атасы мен апасының ерке баласы ғой.

Бір сәт үнсіздік орнады. Тоғайдың ішіндегі қапырық күшейе түскен. Бұлықсыған гүлдің, мың сан шөптің жұпары бұрынғыдан қатты аңқыды. Маңай ілезде қап-қараңғы болып кетті.

Жауынға ұрындық, — деді Сәтен.

Алыстан талып күннің күркірегені естілді. Қарауытып тұрған аспан шатыр-күтір етіп, көкшіл найзағаймен белдеуленген. Содан соң көктен теңіз ақтарылғандай болды.

Қараңдар, өзенді қараңдар! — деді Сәтен айқайлап. Онсыз да кемерінен асайын деп тұрған өзен қабарып көтеріліп кетіпті. Қап-қара судың беті ақ көбік болып қайнап жатыр.

Жаңбырдың кезінде шомылған керемет, — деді Әжігерей. — Су жып-жылы болады.

Барлығы шуылдасып қайтадан суға түскен.

Мынадай кереметті көрген емеспін, — деді Ырысқали алқынып, — Не деген керемет.

Сенің әлі көрмегенің көп, бала, — деді Әжігерей шалқалай малтып жүріп.

Балалығы оянған бойжеткендер армансыз шомылып, жауын басылғанда ғана судан қалжырап шыққан.

Қой, қайтайық, — деді Гүлғайша.

Құндыз үстілеріндегі етпен ет болып тұрған көйлектеріне қарады.

Киімімізді не істейміз?

Жолшыбай кеуіп кетеді, — деді Сәтен.

Үшеуің жауынның астында қалған тауық сияқтысыңдар, — деді Әжігерей әпкелерінің қарымы жетпейтін алыстау жерге барып, — Құдай жігіттерді кездестіре көрмесін. Мына түрлеріңді көрсе…

Сәтен жұдырығын көрсетті.

Сені ме, жүгермек!

Тоғайдан шығып жолға түскенде ала бұлттың арасынан күн жарқырап, маңай буланып қайтадан ыси бастады. Торғайлар аққан бойымен шөптің ішіне күмп беріп, қайтадан ұшып шығады.

Бұлар не істеп жүр? — деді Сәтен.

Соны да білмейсің бе? — деді Әжігерей. — Шыбын-шіркей жауын өтіп, шөпке қонды. Торғайлар соны аулап жүр.

Сенің де білмейтінің жоқ-ау, Әжікен, — деді Сәтен риза болып.

Ырысқали аспанға саусағын шошайтты.

Ананы қараңдар.

Қызыл-жасыл кемпірқосақ аспанның босағасы құсап бүкіл көкжиекті алып, жауынға жуынған, жасарған өлкенің үстінде керіліп тұр.

Барлығы аспан төріндегі суретті ауыздары аңқия тамашалаған.

– Кемпірқосақ неге осылай мәңгі тұра бермейді екен, — деді Сәтен.

– Есіңде ме, былтыр осы жерде Сабыт атам мен Ғазиз атамның арбалары дөңгелегінен тістесіп қалып еді ғой, — деді Ырысқали.

Содан кейін не болды? — деді Гүлғайша.

Әжігерей әңгімені ары қарай сабақтады.

Біз атам үшеуміз шөп тиеп келе жатқанбыз. Ғазиз атам омартасын арбаға тиеп алып тауға қарай кетіп бара жатыр екен. Жол берем деп ығысып көріп еді ештеңе шықпады. Екі арба тістесті де қалды.

Сәтен жымиды.

Сабыт атам ұрысқан шығар.

Әрине, — деді Әжігерей. — Немене, шыбындарыңды ертіп, гүлден гүл қуалап жайлауға кетіп бара жатырсың ба деді.

Қыздар ішегі қата күлген.

Содан кейін не болды? — деді Құндыз көзінің жасын сүртіп, — Ғазиз атаң не деді?

Ғазиз атам ештеңе деген жоқ. Күлді де қойды. Содан, әуреленіп жүріп, әйтеуір арбаны ажыратып алдық. Кейіннен, күз болғанда Ғазиз атам біздікіне бір шелек бал алып келіп, Саба, осы шыбын өсірген деп мазақтағаныңды қойшы, мынау саған ауыз бастырық болсын деді. Содан кейін Ахметжан атам, Шерім атам төртеуі арақ ішіп әбден мас болған. Балы керемет екен. Қыс бойы жеп шықтық.

Ғазиз атам өнерлі ғой, — деді Сәтен, — Ара өсіреді. Аң аулайды. Әйтеуір тыным таппайды.

Ырысқали күлді.

Неменеге күлесің? — деді Сәтен, — Тағы да мазақтайын деп келе жатырсыңдар ғой, ә?

Жай, әншейін, — деді Ырысқали кеңкілдеген күлкісін тоқтата алмай, — Әнеукүні құрған қақпанына Қайранбайдың иті түскен.

Қыздар бұл жолы көк шөпке домалап күлген.

Ойбай, ішім… ішім түйіліп қалды… — деді Гүлғайша бүк түсіп жатып.

Содан кейін не болды? — деді басқалардан сабырлырақ Сәтен, — Иттің аяғы не болды?

Ештеңе де болған жоқ, — деді Ырысқали. — Саршұнаққа құратын кішкентай қақпан ғой. Бір-екі күн ақсап жүрді. Болды.

Әжігерей шырт түкірді.

Ит деген немене, тәйірі. Өткен қыста Ғазиз атамның қасқырға құрған дәу қақпанына, анау пеш салатын Иван бар ғой, сол түскен.

Ойбай, қойыңдар ойбай… — деді Гүлғайша ішін басып.

Мыналар бүгін бізді күлкіден өлтірейін деген екен, — деді Құндыз күлкісін әзер тыйып.

Ауыл шетіне ілініп, Сәтен мен Гүлғайша өз үйлеріне бұрылды.

Сау болыңдар, — деді Сәтен, — Ертең концертке бірге барып отырайық. Бізді тастап кетіп жүрмеңдер.

Ертеңіне түске қарай Аякөз жақтан екі фургон мен бір жүк машинасы келді. Ауылдың ортасымен шаңды бұрқырата жүйткіген шағын керуен кеңсеге тұмсық тіреп бір-ақ тоқтаған. Аздан соң бұл келген расында да атағы әлемге жайылған алматылық әртіс апай екені белгілі болды. Тағы біраздан соң әртістердің қай үйлерге түсетіні, Айғызда бірнеше күн болатыны, маңайдағы совхоздарға осы жерден барып концерт қоятыны анықталды. Содан кейінгі хабар мүлдем түсініксіз. Әртіс апай бастықтарға айтыпты, ауылға келе жатқанда көрдік, тамаша өзендеріңіз бар екен, қарсы болмасаңыздар сонда барып шомылайық депті. Аптасына бір-ақ рет моншаға баратын, қара халыққа тәнін көрсетуді әбес санайтын бастықтар сасып қалыпты. Кешіріңіз, оның ыңғайы бола қоймас, оның үстіне біз шаруа басындағы адамдармыз депті. Бірақ қаласаңыз, милиция қосып берейік, жаныңыздағы адамдарыңызбен өзіңіз, күліп-ойнап дегендей, шомылып қайтыңыз депті. Әртіс апай көнбепті. Өкпелеймін депті қиылып. Мінезі адамды ерітеді екен. Аз-маз дау-дамайдан кейін бастықтар амалсыз көніпті. Сонымен кеңсенің адамдары өз машинасына, әртістер өздерінің фургонына отырып өзенге қарай аттаныпты. Әртістердің шомылғанын көреміз деп барған ауылдың бір топ баласы өзеннің бергі жағасынан қайырылған. Бірнеше сапқозға ортақ, ауылға аптасына бір рет келіп кететін қартаң милиционер бөксесіндегі кобурасынан қолақпандай тапаншасын суырып, кетіңдер, әйтпесе атам деген. Бірақ алған бетінен қайтпайтын ауылдың қиқар балалары өзеннің төменгі сағасына түсіп, ерінбей бөктер жақтан баспалап барып көрді.

Өзеннің жағасындағы құмдауытта дастархан жайылып неше түрлі шөлмектер, тіскебасар қойылыпты.

Анау ұзын қара жігіт домбырашы екен, — деді Самат сыбырлап.

Оны қайдан білесің? — деді Ерік.

Біздің үйге түсті, — деді Самат, — Бағана домбырасын қоярда бір күй тартқан.

Тыныш, — деді Ерік, — Қараңдар.

Қалалықтар шомылуға лайық ықшам киім киген. Еркектердікі лыпа ғана. Әйелден әйгілі әртіс апай мен бірнеше жас қыз. Үстілеріне я көйлек, я іш киім екені белгісіз, жеңі жоқ бір нәрсе киген. Ауылдың бастықтары, салақтап кеткен толық денелерінен ұялғандай, шомылмай, суға аяқтарын салып қана отыр. Аздан соң ойын қызып олар да суға түскен. Әртіс жігіттердің бірі су ішіне арақ алып кірді.

Кеңірдегінен суда тұрып арақ ішкенді бірінші рет көріп тұрмын, — деді балалардың бірі.

Қазір одан да қызығын көресің, — деді Самат.

Ішімдік буынға түскен болу керек, ауылдың қатал бастықтары жұмсарып, ашылып кетті. Біреуі суға сүңгісе, біреуі жас қыздармен қуаласпақ ойнайды. Балалар сақтықты ұмытып шиден бастары қылтиып бақылап отыр.

Ананы қараңдар, ананы қараңдар, — деді Самат тарқылдай күліп.

Ауылдың бас бухгалтері қолына жалпақтау тас жинап алып, су бетімен жалақ ойната бастады. Балалардың күлкісін естіп қалған бастықтардың бірі кеңсенің шопырына айқайлап, бұлар отырған жаққа қол бұлғап бір нәрсе деген. Қарт шопыр Ешмұхамет, бастық сілтеген жаққа жүрді.

Кеттік! — деді Ерік. Балалар дүркірей қашқан. Ешмұхамет біраз жерге дейін қуып, жұдырығын түйіп қала берді.

Бұл кезде ауылда қауырт жұмыс жүріп жатқан. Шағын клубқа адам сыймайтындықтан, мектептің екі басын ағаш дуалмен қосу ұйғарылды. Құрылыста жүрген адамның бәрі осы жұмысқа жегілген. Бірнеше сағаттың ішінде мектептің ортасындағы алаңқай бүкіл ауыл адамы сыятындай ашық театрға айналды. Түп жақта недәуір үлкен сахна, әртістер киім ауыстыратын қуыс жасалды. Ауыл, аты жаханға шыққан әйгілі әншінің өнерін тосып тынып қалған. Кеш болды. Барын киіп жасанған адамдар алаңқайға лық толған. Орындық жетпегендер үйлерінен киіз көрпе әкеліп жерге орналасты.

Естен кетпес кеш еді бұл. Қаншама күй тартылды, би биленді, басқа да әншілер, күлдіргі масқарапаздар, сиқыр көрсететін иллюзионистер бар екен. Бәрі де керемет. Бірақ мерекенің басты оқиғасы әйгілі әншінің таңғажайып өнері болды. Тұтас бір бөлімді өзі жүргізеді. Қай халықтың әнін орындаса, сол халықтың ұлттық киімін киіп шығады. Радиодан тыңдай-тыңдай, ақырында іңкәріне айналған талай қимас әнді халық әншінің өз аузынан естіген. Әртіс апай ара-арасында үзіліс жасап, өзінің бөлмесіне кіріп кетеді. Асхананың аспаздары солай қарай сусын тасып жүргеніне қарап, жамиғат оның демалып, таңдай жібітіп жатқанын шамалайды. Концерттің соңына қарай бір керемет оқиға болды. Соңғы ән «Ақмаңдайлым» еді. Үстіне желкілдеген бес етек көйлек, асыл таспен безендірілген камзол, басына үкісі төгілген құндыз бөрік киген әнші жұрттың сұрауы бойынша әнді қайыра тағы бір орындаған. Осы кезде сіркіреп жып-жылы жаңбыр жауды. Отырғандардың бәрі орындарынан жапатармағай көтерілген. Дауысы барлар білгенінше айтып, даусы жоқтар сыбырлап, барлығы әнге қосылды. Халықтың көңіліне ме, әлде табиғаттың ерекше ықыласына ма, әнші иіліп, қайтадан бойын жаза бере, еңіреп жылап жіберген.

Бұл кезде ауылда қауырт жұмыс жүріп жатқан. Шағын

клубқа адам сыймайтын болғандықтан, мектептің екі басын

ағаш дуалмен қосу үйғарылды. Құрылыста жүрген адамның

бәрі осы жұмысқа жегілген. Бірнеше сағаттың ішінде

мектептің ортасындағы алаңқай бүкіл ауыл адамы сыятындай

ашық театрға айналды. Түп жақта недәуір үлкен сахна,

әртістер киім ауыстыратын қуыс жасалды. Ауыл, аты

жаханға шыққан әйгілі әншінің өнерін тосып тынып қалған.

Кеш болды. Барын киіп жасанған адамдар алаңқайға лық

толған. Орындық жетпегендер үйлерінен киіз-көрпе әкеліп жерге өрналасты.

Естен кетпес кеш еді бұл. Қаншама күй тартылды, би

биленді, басқа да әншілер, күлдіргі масқарапаздар, сиқыр

қөрсететін иллюзионистер бар екен. Бөрі де керемет. Бірақ

мерекенің басты өқиғасы әйгілі әншінің таңғажайып өнері

болды. Түтас бір бөлімді өзі жүргізеді. Қай халықтың әнін

орындаса сол халықтың ұлттық киімін киіп шығады.

Радиодан тындай-тыңдай ақырында іңкәріне айналған талай

қимас әнді халық әншінің әз аузынан естіген. Әртіс апай

ара-арасында үзіліс жасап, өзінің бөлмесіне кіріп кетеді.

Асхананың аспаздары солай қарай сусын тасып жүргеніне

қарап, жамиғат, оның демалып, тандай жібітіп жатқанын

шамалайды. Концерттің соңына қарай бір керемет оқиға

болды. Соңғы ән “Ақмаңдайлым” еді. Үстіне желкілдеген

бес етек көйлек, асыл таспен безендірілген камзол, басына

үкісі төгілген құндыз бөрік киген әнші жұрттың сұрауы

бойынша әнді қайыра тағы бір рет орындаған. Осы кезде

сіркіреп жып-жылы жаңбыр жауды. Отырғандардың барлығы

орындарынан жапатармағай көтерілген. Дауысы барлар

білгенінше айтып, даусы жоқтар сыбырлап барлығы әнге

қосылды. Халықтың көңіліне ме, әлде табиғаттың ерекше ьіқыласына ма, әнші иіліп, қайтадан бойын жаза бере еңіреп жылап жіберген.

— Айналайын! — деді алдыңғы қатарда тұрған әжейлердің бірі. Елдің бәрі осы сөзді іліп алып кетті. Сәлден соң бүкіл алаңқай  “Айналайын! Айналайын!” деп қол шапалақтап тұрды. Сол бойымен, үстіндегі ғажайып киімін ауыстыруға мүмкіндік те бермей, алқалап асханаға қарай алып жүрген. Ауылдың балалары, бүгінгі ертегі жалғасып жатқан асхананың терезесінен сығалап, қолы жеткендер көзбен көріп, көре алмағандар не болып жатқанын сұрап біліп жатыр. Төрдің ең биік жерінде отырған әнші терезедегі хикметті байқап, жымиып күлді де алдында қызмет қылып отырған адамдарға бір нәрсені айтып, балалар жаққа саусағын шошайтты. Аздан соң қолында үйеме табақ еті бар Сәтен шыққан.

Әжікен, неге қайтпай жүрсіңдер, — деді жымиып. — Міне, мынау әртіс әпкелерің сендерге беріп жіберген сый табақ. Жеңдер де қайтыңдар, жарай ма. Әйтпесе ауылдарыңның балалары көргенсіз екен дер.

Асхананың жанындағы ат шаптырым үлкен далданың ішіне кіріп табақты үстел үстіне қойып, жарықты жақты. Көбі тамақ ішуге мұршасы келмей концертке аттанған, әбден ашыққан балалар иісі аңқыған жылқының жас етіне лап қойған. Табақ ілезде сап болды. Қайырбек табақты шетінен көтеріп, ішіндегі түздығын ішіп алды.

Түф, шіркін-ай,— деген кекіріп алып. — Әртіс әпкесінен айналайын.

Өзінің ұрыншақ әдетімен жан-жағына қаранды. Әжігерейді көріп кекете мырс еткен.

Әй, Әжігерей, сен ешқашан мынандай әртіс бола алмайсың. Домбыраңды даңғырлатып жүрерсің қаңғырып.

Қарны тойып маужырап отырған Амантай сөздің аяғын іліп әкеткен.

Өлген текенің етіне семірген шартық төбет, сен әртіс болсаң болды емес пе.

Әй, әкеңнің… шоқыншық, жап аузыңды, — деді Қайырбек көзін ежірейтіп.

Текемен салыстырғанда ту биенің еті қалай екен? — деді Сәтбек күлмей.

Қап, қылды-ау мыналар, қылапатты, — деді Қайырбек жандайшаптарына қарап.

Балалар ілезде екіге жарылған.

Сен бақытты болсаң болды емес пе, — деді Амантай да күлмей, — Әлі талай теке өледі, аш қалмассың.

Жүр, төбелесеміз! — деді Қайырбек.

Ал, жүр, — деді Амантай. — Қай жерге барамыз?

Мырзақанның үйінің жанына барамыз. Әуселеңді сол жерде көрейін, — деді Қайырбек жұлқынып.

Тоба, мынаны бірдеңе түртіп тұр-ау тағы да, — деді Сәтбек.

Өзеннің жағасындағы борпылдақ қара топырақ, қалың шилеуітке жеткен балалар қоралана тұрды.

Ал, баста, — деді Қайырбек.

Өзің баста, — деді Амантай.

Екеуінің де төбелескісі келмей, арашалайтын адам таппай тұрғаны байқалды. Селқос қана егесіп тұр.

Сен өзің ғой шатақ іздеген, — деді Қайырбек.

Шатақ іздеген мен емес — сен, — деді Амантай есінеп.

Қайырбек сол қолымен Амантайды кеудесінен нұқып қалды. Сол сәтте жылпос, айлакер Амантай кеудесіне тірелген жұдырықты қос қолдап шап беріп, білезігінен айналдырып жіберген. Ауырсына ышқынып теріс айналған Қайырбекті ту сыртынан қапсыра құшақтап, құлағына төне сөйледі.

Қайырбек, қоя қойшы, а! Қазір өлесің!

Бастаған өзің ғой, — деді Қайырбек. — Өлген текені айтып мазақтағаныңды қой.

Амантай құшағын ашып Қайырбекті босата салды.

Ал сен бізді шоқыншық деп мазақтағаныңды қой.

Қайырбек Амантайға қолын созды.

– Жарайды. Осымен бейбітшілік болсын. Енді бір-бірімізге тиіспейік.

Екеуі қол алысты.

Міне, мынауың жігіттің сөзі, — деді Амантай.

Күні бойғы ойыннан, концерттен, бәрінен шаршап қалжыраған, төбелеске еш зауқы жоқ балалар қуанып кетті.

– Сендер де ақымақ екенсіңдер, — деді Мамыр жеңілейе күліп, – Мынадай тамаша түнде қалай төбелесуге болады?

Қайырбек сияқты адаммен қай кезде де төбелесуге болады, — деді Сәтбек.

Қайырбек бұл жолғы шымшымаға ренжіген жоқ. Кеңпейіл күліп Сәтбекті желкесінен нұқып қалды.

Мырзақан атаның үйі есігінің алдына от жағып жатыр, – деді Мамыр.

Балалар желсіз түнде баяу тербеліп маздаған ошақтың отын сүйсіне тамашалап тұрып қалған.

Амантай жалыннан көз алмаған күйі ойлана тіл қатты.

Ет асып жатқан болуы керек.

Қайырбек нәштене түкірді.

Әлгі, Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба депті ғой. Бүгін асылмаған ет өртеніп кетсін.

Рас-ау, — деді Сәтбек таңқалғандай. — Қарашы, елдің көбі от жағып жатыр.

Қазір ауылдың жарты адамы әртіс әпкемізбен дастархандас болып отыр, — деді Қайырбек тамсанып, – Неше түрлі кәмпит жеп отырған шығар.

Анау жақты қара, — деді Ерік, — Бекбайдың ауылында да бірнеше от жанып тұр.

Семейден концерт келгенде бұлай болмап еді ғой, — деді балалардың бірі.

Павлодар жақтан да бір концерт келіп еді ғой, естеріңде ме, — Амантай балаларға жағалай көз тастады. — Әлгі, ақ шашты бір кішкентай адам, домбырамен керемет ән айтып еді ғой.

– Ол не ән? — деді Сәтбек.

Амантай иығын қиқаң еткізді.

– Есімде жоқ. Әйтеуір, керемет ән. Елдің бәрі қол шапалақтап қайта-қайта айтқызғаны бар-тын.

– Оны бір білсе біздің күйшіміз біледі, — деді Қайырбек Әжігерейге қарап.

– “Көк көбелек” деген ән болатын, — деді Әжігерей, – Оны Шерім атам да керемет айтады.

– Әй, осы Шерім шал сендердің туысың ба, кімің, айтшы осы маған, — деді Қайырбек, — Қашан көрсем сендердің үйлеріңде отырады.

– Туысымыз, — деді Әжігерей, — Ең жақын туысымыз. Қайырбек тізеден келетін қара топыраққа шалқасынан жата кетіп, қолын басына жастап рахаттана есінеген. Балалардың барлығы тұрған жерлеріне отырды.

– Өзі бір жақсы адам, — деді Қайырбек, — Өткенде  деймін, мені де өлтіретін адам жоқ қой, әлгі Болат, жүр  складта неше түрлі нәрсе бар, соны ұрлайық деді. Ескі МТМ-ң бір шеті екен. Барып сығалап көрсек, ашаның басы, бума-бума арқан, күрек, пәленбай ертоқым, не керектің бәрі бар. Содан Болат төбесіндегі шілікті ары-бері сырып ішіне түсті. Екеуміз екі ертоқым алдық.

– Дүниеқоңыз, — деді Амантай күліп, — Оны қайтпексің? Қалай сіңіресің оны?

Қайырбек мырс етті.

Содан қашып келе жатырмыз. Бір кезде, артымыздан біреу шауып келе жатыр екен, қарасақ складтың күзетшісі Базарбай. Зәреміз ұшып кетті. Сонда деймін-ау, әлгі Болат тәлтіректеп қашып бара жатыр, бірақ ертоқымды тастамайды. Ақыры тастадық. Базекең, Болат екеумізді қамшының астына алып жатқанда осы Шерім шал келіп, қамшысын қолынан  жұлып алды. Өлтіруші ме едің, не болды сонша, әне жатыр ғой ертоқымдарың деді. Екеуі төбелесіп қала жаздады. Жұрт жиналып ажыратып жіберді.

– Сенің баукеспелігіңді қойғызу үшін күніне үш рет дүрелеп отыру керек, – деді Мамыр.

Аз үнсіздік орнады.

– Айтыңдаршы, жігіттер, біздің ауылымызға жер жете ме, а, – деді Қайырбек даусы кенет дір етіп, — Қараңдаршы. Қалай қиясың бұндайды. Тіпті қойдың кезегіне барғанда да ауылды сағынып жүрем. Міне, мына тұрған жер ғой. Әне, анау қырқаның бөктеріне жаям. Сол жерде жүріп ауылдан көз ала алмаймын. Әрқайсыңның не істеп жүргеніңді, мектепке барып қайтқандарыңды, бәрін көріп тұрамын. Кешке қойды құлатқанда ауылды жиырма  жыл көрмегендей құса болып келемін.

Баяулап жаңбыр басталған. Сірке жауынның астында әр жерден ошақтың оты жылтылдап, бұйығып ұйықтап жатқан ауылдың көркі көздеріне оттай басылды. Туған мекенді алғаш көргендей, бастары қалқиып, демдерін іштеріне тартып үнсіз отыра берген.

* * *

Күзде Ырымбек үйленген. Талай жігітті тамсандырған, аты аңызға айналған айдынды сұлу Аманбала қол қусырып Баймұқанның табалдырығын аттаған түн ертегідей есте қалды. Ырымбектің достары, жас келіннің құрбылары дуылдасып, ән айтып, неше түрлі ойын ойнап, ақ таң атқанша отырған. Неше күнге созылған ұланасыр той болды. Өскен, өнген тұқым екен. Қыста жер қайысқан адам құдалыққа келіп, той болып, екі үй туыстығын нық бекітіскен. Осы қыста көрші Таңсықта бір дүкен бос тұр екен деген хабар келіп, Құндыз ауылдағы қызметінен босап сол жаққа кетті.

– Мына тұрған жер, келіп тұрамын ғой, — деген кетерінде.

Үй іші шаңыраққа келіп қосылған жаңа адамға тез үйреністі. Қылықты жас келін өзімен бірге қаншама жаңа таныс, жаңа туыс ертіп келді. Әйтсе де әпкесінің орны бөлек екен. Құндыз кеткеннен кейін, іші қоңқылдап, біраз уақыт құлазып жүрді.

Келесі күзде Құндыз да тұрмыс құрған. Бір күні түстен кейін есік алдына бір машина келіп тоқтады. Машинадан түскен бейтаныс адамдар, ортасында бір қызылшырайлы қариясы бар, үйге кірген. Аздан соң мал сойылды. Көрші-қолаң келіп қонақтарға қызмет қылған. Әжігерей қабағы күреңіткен Қалимаға, әңгімеге анда-санда ғана араласып бейжай күйде отырған Баймұқанға қарап бір мәнді оқиғаның болғанын сезді. Қонақтар түні бойы отырып, таң ата аттанып кеткен. Артынша Құндыз күйеуге қашып кетіпті деген хабар дүңк ете қалды. Кешке қарай Баймұқанның үйіне, кеткен қызға ақжол тілеп ағайын-туған жиналған.

– Ал, енді қарағым Баймұқан, қарағым Қалима, қапа болмаңдар, — деді тоқсаннан асқан Мақбоз әжей. — “Жол мұраты — жету, қыз мұраты — кету” деген. Құндызжан жауға кеткен жоқ қой. Оқуын бітірді, аз болса да үйде болды, еңбек етті. Қыз баланың ертерек орнын тапқаны да дұрыс. Оның үстіне, мынау Таңсықтағы Белгібайдың баласына қосылған дей ме…

– Иә, — деді отырғандардың бірі, — Сол жақта рабкоптың шопыры көрінеді ғой.

– Е, болды, — деді Мақбоз әжей, — Құдайға шүкір, ауқатты үй. Жақсы адаммен құда болдыңдар.

– Дүкенге жүк тасып жүріп қарындасымызды сиқырлап қақпанына түсірген ғой, — деді Мұқан қалжыңдап.

Баймұқан қабағын шытты.

– Қолдан-ақ беретін едік қой.

Әжей қолын сілтеген.

– Тәйірі-ай, қазіргі жастар олай кәделесіп жүре ала ма. Сөз байласады да кете береді.

– Баяғыда, — деді Шерім басын шайқап, — Сөз байласқан дегеннен шығады. Мынау Кішіой жақта баяғы, егін керемет шығатын жылы. Әлгі Естияр, Ақжол дегендердің қарындасы бар еді ғой. Аты, ұмытпасам Кәмшат болатын, сол егіншілердің қосында тамақ пісіреді. Кіп-кішкентай қыз. Сөйтсем, Таңсықта сөз байласқан адамы бар екен. Бір күні қызым, ауылға баруым керек деді. Қарағым, кішкене шыдай тұр, енді біраз күннен кейін егін де жиналып бітеді елмен бірге қайтасың дедім. Көнбеді. Ауылда не бітіресің, елдің бәрі малдың соңында, бәрі жұмыста дедім. Кеш бойы отырып саудаластық. Ақыры, қызым, ата, сөздің шыны керек, мен байсыз жүре алмаймын деп лақ еткізгені. Сөзден жеңіліп қала бердім. Сол күні заттарын жинап алып түн ішінде ауылға жаяу тартыпты, одан ары Таңсық асыпты.

Жұрт ду күлді.

– Ойпырай, — деді Сабыт мұртын сылап, — Қаршадай қыздан жеңіліп, қалай бір отырды екенсің.

Шерім мырс етті де, домбыраны ақырын тыңқылдатып, сәл қарлыққан дауыспен сызылтып бір әдемі ән бастады. Алғашқы шумағын баяу ғана орындап, келесі шумаққа келгенде әдетінше көтеріліп кеткен.

Жылқым жатыр Ақкөлдің шаңдағында,

Кімдер сері болмайды бойдағында.

Қыз кеткен соң ауылдан қызық кетер,

Келіп-кетіп жүрсейші ойнағыңа.

Әжігерейдің көз алдына әпкелерімен өткен қимас күндер қайтадан елестеген. Асылынан айрылғандай, қолындағы алтын құс аспанға ұшып жоқ болғандай. Көз жасына ие бола алмай жылаған. Мақбоз әжей ақырып жіберді.

– Тәйт ары! Қыз күйеуге тиме, сонда сен қайдан келдің! Әкет ары мынаны, сорасын ағызбай. Әй, Шерім, қойшы енді сен де. Әйтеуір, қашан болсын әңгімені жандырып отырасың.

Сәтен Әжігерейді құшақтап, сыртқа алып шығып кетті.

Қоя ғой, жарығым, жылама енді, — деген бетінен сүйіп, — Бөтен елге кеткен жоқ қой. Мына тұрған жер. Әлі талай келеді.

– Бәрің де сондайсыңдар, — деді Әжігерей өксіп, — Әпке болып жүресіңдер. Содан кейін бір күні біреудің әйелі болып кете барасыңдар.

Сәтен көзіне кілк етіп шыққан жасты саусағының ұшымен сүртіп мұңая күлген.

– Алтыным, қоя ғой енді. Өмір деген осы, жарығым, — Құшақтап жұпары аңқыған бауырына тартты, — Қоя ғой, Әжікен. Ертең сен де… сен де есейіп ержетесің. Сен де біреудің қарындасын жылатып ертіп кетесің. Өмір деген осы. Не шараң бар. Бірге тумақ бар да, бірге жүрмек жоқ, — Басынан сипап, ақырын күрсінген. Содан кейін, кел бірге күлейік дегендей, жымиып құлағынан ақырын ғана тартып қалды, — Саған уәде берейін. Сенің көңіліне қарап осы ауылдың жігітіне тием.

Ертеңіне күздің қарабас желі соқты. Әжігерей әдетінше тоғайға жападан-жалғыз барған. Дүлей боранның екпінімен үйіріліп, алтын күмбездің сынықтарындай шашырай ұшқан сары, қоңыр, қызыл жапырақтардың өлім алдындағы биіне қарап тұрып арылмас қалың ойға шомған. Жүре-жүре өздері бір кезде шомылған қом судың жағасына жетті. Өзен де баяғыдай, бетін бір елі қураған жапырақ көмкеріп баяу ағып жатыр. Жағасындағы құмы тізеден келетін атырау да сол қалпы. Тек қалың тоғай желегінен айрылып, күздің өкпек желіне ырғалып азынап тұр… Тағы да көктем келер, орман-тоғай желкілдеген көк көйлегін киінер. Өзен де арнасын кернеп буырқанып ағар. Бірақ… Құндыз енді ешқашанда бұл топырақты баспайды. Ол енді… басқа елдің анасы, оты бөлек адам. Әпкесімен ойша қоштасып, жерлеп қайтқан.

* * *

Келесі жылы жазға салым Ырымбек бөлек шаңырақ көтерді. Азын-аулақ дүние-мүлкін алып Арқаның қиян даласындағы шалғай бір совхозға көшіп кетті. Осы шамада Баймұқан түсініксіз бір дертке ілінген. Күні бойы қабағы кіржиіп жүреді, түнде ыңқылдап ұйқтай алмай шығады. Алғашында, аздаған емшілігі бар етікші Қанаш шал келіп, ауыруды қарап, Алматының базарынан үш мысқал сыр алдырған. Неше күн дұға оқып, албыр түсті ұнтақты қойдың құйрығына жақсылап араластырып езді. Дәріні ішкеннен кейін Баймұқанның ұйқысы тыныштанды. Бірақ апта өтпей науқасы қайтадан басталған. Бұл жолы ешқандай дәрі ем болмады. Аякөзге барып айнаға түсті. Жұрт атын атай алмайтын қорқынышты ауру болып шықты. Осыдан кейін-ақ Баймұқан емнің бәрін шорт тыйған. Күні-түні меңірейіп жатады да қояды. Денесі етінен арылып ақырындап семе бастады. Соңында судың өзі өтпейтін болды. Жансебіл адам осындай қалпында төрт ай жатқан. Тек өлерінің алдында ағайын-туғанды тегіс алдына келтірді.

– Міне, әке, мен де кетейін деп жатырмын, — деген Сабытқа қарап, кеберсіген еріндері қураған жапырақтай сыбдырлап.

– Құдайдың уақтысы, қарағым, — деді Сабыт төмен қарап.

Баймұқан ерекше нұр шашқан көздерін төңкеріп Әжігерейге қараған.

– Жарығым, — деді сыбырлап, — Келші бір маңдайыңнан иіскейін.

Әжігерейдің бойын осы адамға деген аяныш аралас бір түсініксіз сезім биледі. Еңкейіп, Баймұқанның көктұқыл бетіне маңдайын тақаған. Баймұқан әлсіреген, арыған қолдарын әзер көтеріп Әжігерейдің мойнынан құшақтады, өзіне тартып маңдайынан сүйді.

– Ал, Қама, — деді одан кейін Қалимаға қарап, — Міне, ақиреттің… алдында тұрмын. Кеш мені, қарағым. Талай… ренжітіп едім. Мойнымда парыз болып кетпесін. Кеш мені, Қама.

Неше күнгі қайғы-қасіреттен әбден шаршаған, қажыған Қалима төмен қарап көзінің жасын бір сығып тастады.

– Кештім ғой баяғыда, Баймұқан, — деді күрсініп, — Шаршап қаласың, қой енді.

… Жұрт өлікке көп жиналды. Алыс-жақын ағайын, тіпті атын естімеген шалғай жерлерден қаншама адам келіп барлығы топырақ салған. Баймұқан еліне сыйлы екен.

Кейіннен қырқы өткізілгеннен соң барлық туыс-жұрағат Қалиманы балаларымен қонаққа шақырып көңілін жұбатты. Соңынан әкесінің үйіне келген. Әпкесі, Баймұқан жаңа өлгендей шағынып ұзақ жылады.

– Елу сегіз деген, еркек өлетін жас па екен? —деген күйініп, — Топты бала-шағаны тастады да кете барды.

– Құдайдың салған ісіне не шараң бар, қарағым. Көнесің, қайтесің, — деді Сабыт. — Бала-шағаң қараусыз қалмайды. Ел емеспіз бе, жер емеспіз бе. Ол жағына алаңдама.

Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романның жалғасын оқу


Оставьте первый комментарий

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован.


*