К Ү Й Ш І Ш Ә М І Л

портрет Шамиля Абильтая

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ 

портрет Шамиля АбильтаяШәміл Әбілтай сынды өнерпаз жайында жазу – үлкен жауапкершілік. Бұл жерде аталмыш адаммен бастас, өнерлі я білімді болу аз. Сонымен қатар, орындаушылық өнер тарихындағы бұндай таңғажайып құбылыстың қыр-сырын, оның қайнар көздерін жазбай тани алатын ерекше интуиция қажет.
Шәміл Әбілтай қазақ өнеріне өткен ғасырдың 60-шы жылдарының қалың ортасында келді, және ол әкелген күй өнері күні бүгінге дейін орындаушылықтың ешкім аса алмас биік үлгісі болып келе жатыр. Өзінің өнерімен тыңдаушының бойында осыншама ой мен сезім тудырған күйші жайында жеке кітап жазу – болашақ күндердің ісі. Әзірге белгілі өнерпаздың алпыс жылдық мерейтойына ізгі ниеттен туған осы шағын лебізді ұсынып отырмыз.
Өз өнерінің таңдаулы үлгілерінде асқақ биікке шыққан адам ғана шын мәнісіндегі үлкен суреткер болып саналатындығы – ежелден белгілі қағида. Шын суреткердің жолы ешқашан тегіс болмайтындығы – табиғи нәрсе. Оның жаратқан өнер игіліктері бір-біріне тең келе бермейді делік. Кейде суреткердің қажыры мен қайраты, төзімі кем соғып жатуы мүмкін. Бірақ бойындағы бар қасиеті мен қабілеті, таланты бір арнаға тоғысқан сәтте ол тудырған көркем әлемнің, ол жеткен шеберліктің алдында тек қана бас июге болады.
Шәміл Әбілтайдың өнері де осы қатардан табылады. Ол үнемі тегіс жолмен жүрген жоқ, оның өнері үнемі өрге жүзген жоқ. Алайда, шығармашылықтың биік өрінде ол ұлт мәдениетінің мерейі болуға лайық асқақ үлгілер тудырды. Оның өнерінде бірден бағасын беру қиын көркемдік сұлулық, көрікті шындық, пәк тазалық бар еді. Оның өнері жасандылықтан ада табиғи өнер. Шынына келетін болса Шәміл үшін шындықтан тыс өнер де жоқ. «Орындаушы қашан болсын өзінің орындаушылық ар-ұяты мен жауапкершілігіне адал болуы керек. Орындаушы қашан болсын өзімен-өзі болуы керек». Міне, қысқаша айтқанда оның өнердегі кредосы осындай еді.
Шәміл қолына домбыраны ермек үшін алмайтын. Оның қашанда айтары болатын. Және ол айтарын қалай айту керек екенін бүге-шігесіне дейін білетін.
Әлбетте, Шәмілде үлкен артистік темперамент, күнделікті жетіліп, өзгеріп отыратын талғам бар еді. Алайда оның бойында, оның көркемдік тұлғасында ешқашан өзгермейтін бір қасиет бар болатын. Ол – өнерге деген адалдық, орындаушылыққа деген биік талап.
Шәміл Әбілтай сахнаға, жұрт алдына ерте шықты. Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі, оркестрлік орындау принциптері жалпы қазақтың дәстүрлі орындаушылығына аса зор ықпал еткені белгілі. Шартты түрде «Рүстембек Омаровтың мектебі» деп аталатын орындау мәнері күні бүгінге дейін жеке орындаушылықтың басты үлгісі болып саналады. Міне, оқу-ағарту жүйесі арқылы, эфир арқылы осындай жалпыға ортақ орындау машығы орныққан кезде, аяқ астынан, бұрынғы заман күйшілеріне жедеғабыл, ешкімге ұқсамайтын мәнерде орындайтын жас күйшінің пайда болуы, сөз жоқ, айтулы мәдени оқиға еді.
Жас пері домбырашының даңқы, карьерасының бас кезінде-ақ жететін жеріне жетіп болған. Теледидар, радиоэфир, «Мелодия» фирмасынан шыққан сансыз күйтабақ. Республиканың түкпір-түкпірінде өткізілген қисапсыз лекция-концерттер.
Шәмілдің өнерімен алғаш қалай ұшырасқаным есімде. Тоғызыншы класта оқимын. Ұлы ұстазым Жүнісбай Стамбайұлының тәрбиесімен өнердің ең шытырман сырларына қаныға бастаған кезім. Көктемнің шуақты күндерінің бірінде, түстің кезі еді, радиодан бір тамаша күй берілді. Бұл Абылдың күйі «Нараду» еді. Қағыс ерекше. Айрықша салмақ, тегеурін бар. Күйдің әр дыбысы шыңдалған, тыңдаушының бойын шымырлатып тұңғиыққа тартып бара жатыр. Жүнісбай атам шала ішілген шайын үстел үстіне қойып, ләм-мим демей қатты да қалды. «Нарадудан» кейін іле-шала «Баламайсан» шертілді. Алдыңғы мәнер адам танымастай өзгерді. Енді, сарабдал, ауыр қағыстың орнын жырға тән айтқыш, жорға қағыс алмастырды. Ұстазымды таңқалдыру қиын еді. Жасында Арқаның ең дәулескер күйшілерінен тәлім алған, радиодан Дина Нұрпейісова, Қали Жантілеуов сияқты күйшілерді тыңдаған, күйден мағлұматы аса мол, талғамы биік адам, концерт аяқталғаннан кейін ұзақ ойға батты.
    – Шәміл дейді? Бұл мен естімеген қандай домбырашы?
    Содан соң бір нүктеге көзін қадап отырып баяу тіл қатқан.
    – Ел ішінде елеусіз қалған бір кемеңгерді іздеп тапқан ғой. Осынша жүйрік болар ма. Балам, кейін Алматыға оқуға барғанда осы адамды іздеп тап. Бұндай күйшінің батасын алсаң жаман болмассың.
Бір жарым жылдан кейін ұстазым жасы жетіп көз жұмды. Шәмілді, кем дегенде жетпіс-сексендегі кәрі күйші деп түсінген күйінде кетті. Сол жылы жазда Алматыға келіп оқуға түскеннен кейін мәселенің мән-жайына қанып қайран қалдым. Шәміл Әбілтай мүлдем жас адам болып шықты. Менен жарты мүшелдей ғана үлкендігі бар, жиырма бестегі жігіт екен. Осындай жасында сексендегі күйшінің шеберлігіне жеткені болмаса. Күндердің күнінде, арада үш жылдай уақыт өткенде, 1976 жылдың күзінде дәм айдап сахнаға бірге шықтық. Осыдан отыз екі жыл бұрынғы оқиға әлі күнге дейін көз алдымда. Концерттен кейін Болат Сарыбаев бастаған бірнеше фольклорист-теоретиктер сәл шаршап қалған күйшіні ортаға алып, қауқылдасып бөгеп тұрып қалды. Шәміл сұрақтарға самарқау ғана жауап қайтарып, қоңыр домбырасын футлярға салып, құлпын сырт-сырт еткізіп жапты. Жандарынан өтіп бара жатқан менен көз алмай тұрғанын сонда көрдім.
    – Бауырым, сыртта тоса тұр. Айтатын әңгімем бар, – деді қолымен белгі беріп.
    Аздан соң көшеге шықтық. Екеуден – екеуміз. Күздің қоңыр салқын кеші. Сіркелеп жауын жауып тұр. Шәміл мән-жайдың бәрін сұрап білді. Бәрін айттым. Тек ұстазымның ол жайындағы пікірін айтуға жүрегім дауаламады. Аялдамаға жеткеннен кейін ғана өз пікірін айтқан.
    – Шеберлікке жету үшін ән менен күйді көп тыңдау керек. Әбікен Хасенов деген күйші болған, білетін шығарсың. Тәттімбет күйлерінің табиғатын ең терең ашқан күйшілердің бірі саналады. Ертеректе қайтыс болып кеткен. Осыдан бір жыл бұрын үлкен күйтабағы шыққан. Тауып ал. Мағауия Хамзин – асқан домбырашы. Бірақ оныкі – мүлдем басқа Тәттімбет. Байқаған шығарсың, Мағауия ағаның шертісі Әбікенге қарағанда сылқым. Осындай да мәнер болған. Ал енді саған айтарым. Сенің қолыңда тегеурін бар. Осыған қуанып тұрмын. Тегеурін – жылдар бойы жаттыққанда ғана қолға түсетін қиын амал. Бірақ жеткен биікке тоқтап қалуға болмайды. Өнердің мұраты – тоқтаусыз алға жылжуда, үздіксіз жетілуде. Бұл менің саған айтқаным – екінің біріне айтыла бермейтін қымбат сөз. Мен сенің болашағыңа сеніп айтып тұрмын. Содан кейін тағы бір айтарым – шын өнерпаздың жолында кедергі көп болады. Ешқашан ештеңеге мойымау керек.
Алғашқы кездесуіміз осылай болған еді. Сол күздің кеші, аға күйшінің асықпай-аптықпай баяу дауыспен айтқан ақыл-кеңесі көкірегіме мәңгі ұялады. Содан кейін әркім өзінің тағдыр жолын тапты. Анда-санда сахнада кездесіп тілдесіп қалғанымыз болмаса арадағы қатынас үзілгендей еді. Халқы мидай араласқан үлкен қала, бітпейтін күйкі тіршілік. Сол екі арада басымызға не келіп, не кетпеді. Тіпті өнерден, домбырадан уақытша қол үзген кездеріміз де болды.
Осыдан екі-үш жыл бұрын тағы да бір ұшырастық. Шәміл бұл кезде байсал тартқан. Бұл жолы араласып-құраласуға мүмкіндік мол болды. Кезінде көз жазып қалған таңғажайып музыкантпен қайта табыстырған тағдырға алғыс айттым. Екеуміз бірде оның шаңырағында, бірде біздің үйде кездесіп ұзақ-ұзақ әңгімелесуге мүмкіндік алдық. Осындай мәжілістердің бірінде ұстаздарының кім екендігін сұрағанымда: – Ұстазым, әрине қазақ өнері, қазақ мәдениеті,– деген еді. – Ал нақты кімнен үйрендің десең, айтайын, мен Қали ақсақалдың, Қали Жантілеуовтың төл шәкіртімін. Қали, заманында Мәменнен дәріс алған. Ал Мәмен – Салауаткерейдің шәкірті. Салауаткерей – өзінің әкесі Дәулеткерей Шығайұлынан тағлым алған. Ел ішінде Бапас атанған Дәулеткерейдің өнердегі беделі сол кездегі ең дәулескер күйшілердің беделінен биік болған. Ал енді Дәулеткерейді, өз кезегінде, қазақтың соңғы хандарының бірі – Арынғазының шәкірті деуге болады. Әрине, төл шәкірті емес. Тіпті ол Арынғазыны көрмеуі де мүмкін, себебі Арынғазы хан Россияның Калуга деген қаласына жер аударылғанда Дәулеткерей небары жеті жаста екен. Арынғазы елін аңсаумен сол Россияда, қапаста өлген. Бүгінде қазақта Арынғазының жалғыз ғана күйі тартылады. Алайда, өнерде қолтаңба, стиль деп аталатын айнымас айғақ бар ғой. Осы күні шертіліп жүрген кейбір күйлердің нобайынан Арынғазы күйлерінің сорабын ажырату қиын емес. Мінеки, Дәулеткерейдің күйлеріндегі ерекше нәш пен сымбат осы Арынғазы күйінен, сол арқылы хан ордаларында қалыптасқан «Төре күйі» деп аталатын ерекше өнер түрінен тамыр тартады. Баяғы даңқты «Көркем ханым», «Қаражан ханымдар», осы, орданың ақсүйек өнерінің соңғы жұрнақтары.
Өзін қай өнердің мұрагері санайтындығы жайында бір сұрағанымда, былай деген еді.
    – Мен Қали, Мәмен, Салауаткерей арқылы Дәулеткерей мен Арынғазының, одан ары кетсең төре күйінің мұрагерімін. Ал Дина әжеміз арқылы ұлы Құрманғазының өнерін мұраландым. Осылайша мен екі күй дәстүрін тел еміп өстім. Әрине, төре күйінің қазақ күйінен бөлек ештеңесі жоқ. Арынғазы мен Дәулеткерейдің күйі болсын, Құрманғазы мен Есір, Еспай, Түркештің күйі болсын, барлығы қазақтың төл мәдениетінің жеке көріністері ғана, түрлі күй мектептері ғана.
Бозбала кезімде, одан кейін жігіт кезімде Шәмілдің алдыңғыларынан басқа да бірнеше концертіне куә болғанмын. Осы концерттер кезінде Шәмілдің байырғы қазақ күйшілерінен мұраланған бірнеше озық сипатын байқадым. Соның бірі – орындау кезіндегі салқынқандылық, немесе, қазіргі терминологияға көшіріп айтатын болсақ, өзін-өзі қалт жібермей қадағалап отыру, өзіндік контроль, яғни, бұдан да қарапайым етіп айтатын болсақ, орындаушылықты өрекпіген сезімге емес – мұздай суық ақылға бағындыру.
Батыстың бір ойшылының айтқаны бар, «Бүгінгі мәдениеттің дағдарысын тудырып отырған процестің сыры мәдениетке ұланғайыр тобырдың араласуында, мәдениеттің демократиялануында»,– деп.
Қарабұқара, биік өнерді пайымдап дағдыланбаған сауатсыз тыңдаушы, мәдениетке, өнерге өз талғамын алып келді. Бүгінгі эстрада болсын, жасарып жаңа түрге енген дәстүрлі орындаушылық болсын – барлығы да осы көпшілік талғамына бағындырылған. Бүгінгі орындаушы, қайткенде тыңдаушыға жақсам деп, соны ғана армандап тұрады. Сол себепті, осының салдарынан бүгінгі орындаушылық, бұрынғы сахна мәдениетіне сиымсыз, тіпті десеңіз анайы дағдыларды қалыптастырды. Мысалға, қобызшы, немесе домбырашы, сахнаға көп жағдайда тыңдаушыны таң қалдырамын, таң қалдырып баураймын деп шығады. Концерт – асылында, орындаушы мен тыңдаушының арасындағы рухани тілдесу болуы керек. Егерде ол шын мәнісіндегі концерт болса, әрине. Алайда, қазақтың күй мерекелерінің дені ду қол шапалақ, айқай-шу, күй ырғағымен  теңселіп билеп кету сияқты «құбылыстарға» ұласады.
Тыңдаушы концертке күй құдіретімен тілдесу үшін емес, рухани ләззат алу үшін емес – қызық көру үшін келеді. Күй өнері, бүгінде, кәдімгі қызықты телехабардың, адамды еліктіретін рекламаның деңгейіне түсіп қалды. Міне, осындай жағдайда, қазақта санаулы ғана қалған Шәміл сияқты күйшілердің өнерінен, сахналық дағдыларынан өнеге алу – өнерді азудан, тозудан құтқаратын жалғыз ғана амал.
Осы жерде мен күйшінің орындау техникасының кейбір қырларына тоқталып өткім келеді. Орындаушылық өнерде «партитуралық орындау» («партитурное исполнение»)  деген ұғым бар. Интерпретацияға қабілеті жетпейтін талантсыз адамның нәрсіз, сөлсіз орындауын осылай атайды. Ондай орындаушы, автордың көрсетіп берген шегінен ешқашан аспайды, асуға жүрегі дауаламайды. Музыкалық шығарма ол үшін – ретін бұзуға болмайтын ноталардың жиынтығы ғана. Бүгінгі Қазақстандағы орындаушылық өнердің дені  – осындай «орындау». Консерватория және басқа музыкалық оқу орындарының қабырғаларында өткізілген сансыз конкурстар кезінде көзіміз жеткен ақиқат. Бұндай «орындауда» ешқандай дәстүр де, мектеп те, ешқандай стильдік ерекшеліктер де болмайды. Құрманғазы, Дәулеткерей, Есір мен Есбай, Қазанғап бір мектеп болып, түрлі күй бір-бірінен айнымай кете береді. Міне, шығармашылық қиялдан жұрдай, таза формализмге ғана негізделетін партитуралық орындаудың әкеліп тіреген тығырығы – осы.
Шәміл Әбілтай, музыкант ретінде, ол да ноталық негізге сүйенеді. Бірақ ол нотаны асықпай, бажайлай қарап отырып оның тасасында көзге көрінбей тұрған басқа партитураны, психологиялық партитураны адаспай таба біледі. Шәміл шерткен «Ақбайдың» өз ұстазы Қали Жантілеуов шерткен «Ақбайға» ұқсамауы, ол аз десеңіз ұстазының нұсқасынан өресі биік шығуы осыдан, оның Құрманғазы күйінің тасасындағы құпия жазуды оқи білгендігінен. Бүгінде Шәміл Әбілтай орындаған «Ақбай»  – ең озық нұсқа.
«Жігер» мен «Нараду» күйлерін мысалға алайық. «Жігер» үнемі қайталауларға құрылатын, ұзақ шертілетін күй. Классикалық эпика. Күйдің ең басты жетістігі – ырғағында. Кейде Морзенің азбукасын елестететін ырғақтық сурет (ритмический рисунок) Дәулеткерейге дейін қолданылмаса керек. Біздің шамалауымызша осылай. Ескерте кетейік, ел ішінен, яки архивтерден осыған ұқсас ескі архетиптер табылып жатса, таңқалмаймыз.
Қайткенде де қазақ күйінде бұрын болмаған ырғақтық-дыбыстық құбылыс. Алайда осы уақытқа дейін жеткен ескі – жаңа нұсқалардың барлығы шедевр бола тұра, олардың бәріне тән бір ортақ кемшілік бар.  Бұрынғы-соңғы күйшілер «Жігердің» формасының жыр менен күйдің арасында тұрған өтпелі форма екенін, дәлірек айтқанда күй формасының жырға жақынырақ екенін ажырата алмаған. Сол себепті «Жігердің» қағысын, ырғақтық суретін ірілендіріп жіберген. Шәміл «Жігерді» бірден орындауға асықпай, ұзақ пайымдағаны байқалады. Ұзақ бағамдаған, ақырында аталмыш шығармаға ең лайық келетін жыр формасын таңдаған. Тыңдаңыз. Шәміл орындаған «Жігер» Дина әжеміздің, оң қолын сілкіп тастап әр дыбысын дүркіретіп бөлек шығаратын нұсқасына да, Қали ақсақалдың, қалтарыстың бәрін аралап тоқтамай бір деммен тартып шығатын нұсқасына да ұқсамайды. Шәміл нұсқасы – жыр. Ырғақтық суреті іртік-іртік болып сынып түсетін күйді осылай үзбей төгілтіп тартып шығу Шәмілдің ғана қолынан келеді. Бұл – күй тасасындағы құпия партитураны оқи білудің нәтижесі.
Шәмілдің өзі бірде айтқаны бар, «Нота, күйдің қағаздағы нұсқасы – бар болғаны эскиз ғана. Эскиз қандай сурет болып шығады – ол орындаушының өмір бойы жинаған біліміне, бойындағы парасатына, мәдениетіне, ол өз талантын тәрбиелей алды ма, әлде сол тәрбиесіз күйінде қалдырды ма, міне, осыған байланысты. Түсінікті болу үшін айтайын, нота, тіпті композитордың өзі қағыстарын қойып, қажетті ақыл-кеңесін, нұсқауларын  шетіне  жазып қойған, немесе, ертеде, хатқа түсіру дағдысы қалыптаспаған кездегі ескі заман шеберлерінің қолынан шыққан күйдің бүгінгі заманның ең талантты нота таңбалаушысы өзінің ең құнды ақыл-кеңесін жазып қойған нотасы – бар болғаны рецепт қана. Жалпыға ортақ мұра ғана. Ол рецепті жақсы да, жаман да аспаз алып тамақ пісіруге хақысы бар. Мәселе – кімнің қалай пісіретіндігінде»,– деп.
Шәмілдің орындауындағы «Абыл» күйін тыңдағанда оның осы сөзінің растығына көзіңіз жетеді. «Абыл» күйі, Үргеніш, Хорезм, Үстірт үшін бір ғасырға жуық созылған адай менен түрікменнің арасындағы қанды күрес тарихынан жеткен үзік сыр. Сүйінқараның жорығынан кейін қарымта шабуылға шыққан түрікмендер жолшыбай, өз бетімен кетіп бара жатқан бір қазақты тұтқындайды. Елге келгеннен кейін ол адамның,белгілі күйші Абыл екені анықталады. Бір-бірімен соғыса жүріп, бір-бірінің өнері мен кісілік салттарын алмасқан қазақ пен түрікменде сөзге, күйге тоқтайтын, өнер адамын өлімге қимайтын жақсы әдет болған. Сол әдет бойынша түрікмендер ұлы күйшіні өлтірмей қоя береді. Күйдің екі аңызы бар. Біріншісі бойынша, Абыл, аталмыш күйді түрікмен тұтқынында отырғанда тартып өзіне бостандық алған екен. Екінші аңызда, Абыл елге келгеннен кейін басынан өткен оқиғаны еске түсіріп осы күйді шығарады. Екеуі де жүрек елжірететін хикая. Алайда бүгінгі ұрпақ күй астарындағы қат-қабат тартысты, серілік дәурені аяқталған, басынан бақ тайған алаштың сол кездегі көңіл-күйін айна-қатесіз бейнелейтін әлдебір жүрек суырған сарынды тани алмаған. «Абыл» осы күні көп күйдің бірі ретінде ғана тартылады. Алматы консерваториясының ұстаздары пайдаланатын «проходной репертуар»(«екі кештің арасында, жеңіл-желпі концертте тарта салатын, «тон болмаса да, жол болсын» деп бере салатын алақандай орамал іспетті репертуар») деген термин бар. Міне, біреулерге ұнамаса да айтайық, «Абылдың» бүгінгі орындалуы осындай «репертуарды» елестетеді. Осындай жағдайда Шәміл орындаған «Абылдың» ең озық нұсқасын жан-жақты насихаттап, болашақ күйшілерге жалғыз ғана үлгі ретінде ұсыну керек.
Шәмілдің орындауын, жоғарыда жырға теңедік. «Абылды» орындағанда да Шәміл осы жыр үлгісінен айнымайды. Ақырын, баяу тербеліп күй басталғанда адамның бойын әлдебір шымырлаған түйсік билейді. Шынында да, қазақтың ұлы жырларының бірін тыңдап отырғандай әсерде қаласыз. Көз алдыңызға бусанып жатқан күрең топырақ Жиделі Байсынның жері, тұнжыр аспан, жер қайысқан қолдың жауға аттанып бара жатқаны елестейді. Қазақтың бойынан ұмыт болған, санасының әлдебір қалтарысында көміліп қалған тарихи жады мен есін оятқан күйшінің кемеңгерлігіне бас имеске амалыңыз қалмайды.
Бұның сыртында Шәмілдің кемел орындайтын күйлерін бірінен кейін бірін тізіп айта беруге болады. Солардың ішінде «Сарыарқа» менен «Балбырауынның» орны бөлек. Бұл жерде, өткен ғасырдың басынан бері оқу репертуарларының («учебный репертуар») барлығына дерлік кірген, сансыз рет орындалу арқылы, ақырында хрестоматиялық күйге айналған «Балбырауынның» бойынан енді нендей  жаңалық, нендей сыр ашуға болады деген заңды сұрақ туады. Болады екен. Күй тұңғиығын зерделей алатын көкірек болса.
Музыка өнерінде «нано-пауза» («молниеносная пауза» – «ілездік пауза») деген ұғым бар. Бұл «люфт-паузадан» да кіші, саз өнерінен үлкен тәжірибесі бар профессионал ғана ести алатын кідіріс, әдетте алдыңғы дыбыстан ешқандай айырмасы жоқ тәсіл. «Балбырауынның» бірінші сағасының қайырмасы – жиырма алты буын, екінші сағасының қайырмасы – қырық төрт, үшінші сағасының қайырмасы – елу буын. Міне, осынша қағыс бойы үнемі нано-пауза ұстап отыру, бұл ешкімге ұқсасы жоқ бірегей шеберлік. Ал, осы аталмыш күйдің үшінші сағасы хақында ерекше айтып кеткен жөн. Саға домбыраның ең соңғы табалдырық пернесіне барып бір-ақ тіреледі. Жойқын динамикаға үстіңгі ішектегі елес-әуен қосылғанда бойыңызды ерекше әсер билейді. Арғы бабаларымыз – жеңімпаз түріктердің бөрілі байрақтары желге желбіреп осылай-ақ шулаған шығар. Кезінде, совет заманында Москвадан келген бір орыстың музыка зерттеушісі Құрманғазының «Балбырауынын» тыңдап «Не деген милитаристік музыка. Мен тарихи кітаптарды оқығанда түсінбеген нәрсемді енді түсіндім. Музыкадағы жауынгерлік рух дегеннің не екенін түсіндім», – деп еді.
Қытайдың бір ескі трактатында түрлі халықтардың музыкасы сол халықтардың мінез-құлқына сәйкес болатындығы, жауынгер түріктің күйлері ерлік сарындағы жауынгер күйлер екендігі айтылады. Пангерманистік рухты жеріне жеткізе бейнелеген – Вагнер. Құрманғазының аталмыш күйін кейбір жәдігерлер Браун деген бір ақсүйектің үйінде болған балмаскарадтың кезінде шығарылған дегенді айтады. Бірақ менің түсінігімде Құрманғазы, сарай композиторы Штраустың тұлыбына симайды. Күйде ерлік рух, түрік сарыны басым.
Осы жерден келіп совет заманында қалыптасқан орындаушылықтың  концептуальдік қатесі шығады. «Балбырауын» оркестрде болсын, жеке домбырада болсын, көңілді күй ретінде тартылып келді. Күйдегі ырғақтық сурет, бүкіл фактура осы музыкалық идеяға бағынды. Шәміл күйші Құрманғазы күйінің түп мұратын, бүгінгі орындаушылықтың басты қатесін жазбай таныған. Және «Балбырауынның» ешкімге ұқсамайтын жаңа трактовкасы арқылы осы өзінің биік түйсігін, терең пайымын бейнелеген. Ғасырдан қол созып бабалардың рухымен тілдесу дегеніңіз – осы.
Әлі есімде, 1973 жылы тамыз айында Алматыдағы әлдебір туысымыздың баласы үйленіп, сол тойда кітаптардың арасында елеусіз ғана жатқан Шәміл Әбілтайдың күйтабағын тауып алдым. Гранд деп аталатын күйтабаққа он шақты күй жазылған екен. Ішінде «Сары Арқа» көзіме оттай басылды. Үйге қайтып келгеннен кейін дереу күйтабақты тыңдауға отырдым. «Сары Арқа» бала жасымыздан көп тыңдаған күй ғой. Эфирден оркестрдің орындауында, жеке орындауда көп беріледі. Аулымыздың домбырашы жастары да әредік-әредік шамасына қарай тартатын. Күзгі сабантой кезінде ат бәйгесіне күйді де қосады. Динамиктен төгілген күй, жердің апшысын қуырып шауып келе жатқан аттардың аяқ алысымен жымдасып, қарап тұрған адамның қанын қыздыратын. Ес білгеннен біз осы «Сары Арқаға» үйренгенбіз. Бұл күйді басқаша тартуға болады деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін. Бірақ Шәмілдің орындауындағы «Сары Арқаны» тыңдаған күні мен шын төкпе күйдің не екенін біліп шықтым. Сол кездің өзінде күйден біршама мол мағлұматымыз бар, өнерпаз ретінде әлі марқая қоймасақ та, оң-солымызды танып қалғанбыз. Сол күні мен екі түрлі күй бар екенін нық түсіндім.  Әрине, оркестр дирижерлері жаңа, өскелең заманның қажыры мен қайратын басымырақ көрсету үшін күйдің динамикасын күшейте түскен шығар, Құрманғазы күйінің өміршеңдігін дәлелдеу үшін бұл керек-ақ шығар. Алайда мен сол күні Құрманғазы күйінің өнер топырағын  жарып шыққан көзін таптым, сол балбұлақтан нәр алдым. Құрманғазы күйі біз білгеннен мүлдем басқа екен. Онда қажыр-қайратпен қоса, сахараның кеңдігімен қоса бірде баяу, бірде буырқана аққан сезім, биік парасат бар екен. Осының барлығын мен сол күні Шәмілдің кемел шертісінен таныдым.
Шәміл күйшінің орындау шеберлігі жайлы айта беруге болады. Оның әкелген көркемдік жаңалықтарында, жаңадан ашқан пайымдары мен трактовкаларында қисап жоқ. Сөз соңында мен күйші шығармашылығының ең  басты сипатын атап кеткім келеді. Осы уақытқа дейін шартты түрде «Батыс Қазақстан күйлері» деп аталатын Құрманғазы, Дәулеткерей, Есір, Есбай, Абыл, Баламайсан, Дина, Кәуеннің күйлері, тек қана динамикаға құрылған шығармалар деп саналып келді. Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрінің аясында жетілген бірнеше ұрпақ дирижерлер осындай ұғымда өсті. Олардың пайымынша, оркестрлеуінше аталмыш композиторлардың күйлерінде мелизм жоқ еді. Ол күйлерге колористика жат еді. Міне, Шәміл Әбілтай музыкант ретінде, бүкіл саналы ғұмырында күйді осылай, дирижерлерше пайымдауға қарсы болып өтті. Шәміл өзінің әр орындауында динамика, қажыр мен қайрат – күйдің қаңқасы ғана екенін, аталмыш күйшілердің шығармалары тұтастай алғанда мелизм  мен колористика екенін дәлелдеді. Менің ойымша қырық жылдай уақытқа созылған шығармашылық  полемика Шәмілдің жеңісімен аяқталды. Шәмілдің орындау мәнері – бүгінгі орындаушылықтың катехизисі іспетті.
Бүгінгі қалыптан кеткісі келген, бұрынғы дәстүрлі орындаушылықтың кәусар бұлағынан сусындағысы келген жас күйшілер ең әуелі Шәмілге, оның өнернамасына жүгінеді. Екі ғасыр өнерінің тірі куәсі Шәмілдің ең басты жетістігі де – осында.
Туған халқын күйге сусындатқан, домбырасымен аялап – тербеген дәулескер күйші Шәміл Әбілтай алпыс жастың өріне шығыпты. Бүкіл халық болып тойлайтын қадірлі мереке. Осындай той күні біздің, күйшіге деген, ізгіліктен бөтен тілегіміз жоқ. Өмір-жасыңыз ұзақ болсын, өнеріңіз бұдан да өрісті болсын, Шәміл күйші дейміз.
2008

Оставьте первый комментарий

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован.


*