КҮЙШІ УӘЛИ

Таласбек Әсемқұлов

Қазақ халқының күреске толы тарихын, тақсыретке толы тұрмысын суреттейтін, көне күндерден жеткен хикаялары көп еді ғой. Солардың бірі – «Аңшының зары» атты аңыз-күй маған қатты әсер еткен-ді.

Күймен дерттенген бозбала шағым. Бірде радиодан тамаша бір әуеннің үзіндісін естіп қалдым. Тың нақыш, соны қағыс. Бірақ ауылдың ересек адамдары бұл күйдің кімдікі екенін, кім шерткенін ажыратып айтып бере алмады. Шығарушы мен орындаушының жайына кейіннен, 1973 жылы орта мектепті аяқтап, Астанадағы медицина институтына оқуға түскенде қанықтым. Күй авторы – бүкіл Шығыс Түркістан өңіріне белгілі болған күйші – Раздық, ал орындаушы – Раздықтың тумасы, белгілі домбырашы Уәли екен.

Сол жылдың күзінде «Жалын» альманағында Уәли Бекеновтің шертпе күй жайлы үлкен зерттеу еңбегі жарық көрді. Бұл мақала Алматының мәдени өмірінде үлкен пікірталас тудырған. Себебі, бұл – қазақ саз өнерінің үлкен бір қапталы – шертпе күй жайлы жазылған, сол кездегі қалыптасқан дәстүр талаптарына сай, ғылыми тұрғыдан жан-жақты жарақталған, ал ең бастысы – бұрын зерттелмей көлеңкеде қалып келген үлкен өнер мектебі турасында жазылған алғашқы еңбек еді. Жоғалуға айналған қымбат өнер жайлы қымбат пікір айтқан бұл адаммен қайткенде де танысу керек болды. Таныс ағайыннан сұрастыра жүріп, ол кісінің Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында ұстаздық қызмет істейтінін анықтадым.

Алғашы кездесуіміз әлі есімде. Бұдан бұрын екі рет келіп таба алмай кеткенмін. Міне, асығып, алабұртып үшінші рет келіп тұрмын. Фольклор кабинетінің есігін ашып кіріп келгенімде, стол басында отырған лаборант әйел:

— Ә, міне, өзі де келді. Уәке, сізді неше күннен бері іздеп жүрген – осы бала, — деген.

Шашылып жатқан кассеталарды аударыстырып қарап отырған адам орнынан тұрып маған қарсы жүрді. Қолын созып:

— Амансың ба? – деді жай ғана.

Бұрыннан танитын адам сияқты. Көп ұзамай екеуміз шешіле сөйлесіп кеттік. Тақырып ортақ, ой ортақ. Сұхбаттас адамның бет-әлпетіне көз тоқтата қараған едім. Ашаң келген, қызылсары өңді адам. Орта бойлы, Асықпай қозғалады. Әр сөзін өлшеп-пішіп, екшеп сөйлейді. Екеуміз сол жолы көп отырдық. Күздің жауынды, лайсаңды кеші еді. Жұмыс уақыты баяғыда біткен. Жұрт аяғы басылған. Екеуден екеуміз. Қызықты әңгіме таусылатын емес. Жол көрген, тоқығаны көп ақылды ағаның мәжілісі жалықтыратын емес. Күй тарихы туралы айтты. Өнер зерттеуі және оның казіргі қалпы (дәлірек айтқанда сиқы) жайлы, өнер саласын жайлаған, қазақтың аяғын шырмап жүргізбей келе жатқан ауыр індеттер турасында айтты. Және, ұлағаты айтылған әңгімеден асып түскен нәрсе – осы кештегі шертілген күйлер еді. Уәли аға майын тамыза хикаяларын айта отырып, дәмдеп отырып өзі де көп тартты, маған да кезек беріп отырды. Соңында:

— Менің айтатын ақылым – қазіргі күй шерту машығына қызықпағын. Осы бағытың дұрыс. Кейін осы ескі сарынның, ескі машықтың жеңіп шыққанын көресің, — деген.

Бұдан кейін көп кездестік. Көп әңгімелестік. Мені таңқалдырған нәрсе – күйші өнер мәселесіне келгенде қандай әңгімешіл болса, өзінің жеке басына келгенде сондай тұйық. Кейін есейе келе, суыртпақ әңгімелерді пайымдай келе, бұл тұйықтықтың ар жағында үлкен тағдырдың жатқанын ұғындым.

Уәли дүние есігін ашқан кезең, заманында біршама егемендігі болған өлке,  бүгінде Қытайдың дәргейінде отырған ежелгі қазақ топыраға – Шығыс Түркістанның басына бұлт үйіріле бастаған уақыт еді. Әкесі Қалиақпар үкірдай (мыңбасы) Шыңжаңның реакциялық үкіметі тарапынан жалаға ілініп, Шәріпхан төре, Әбеу, Баймолда, Ғазиз сынды белгілі қазақ қайраткерлерімен бірге қамалып, абақтыда шіріп өледі. Төрт жасар Уәли анасы Қайша мен әкесінің ағасы Оспанның қолында қалады. Немере ағасы Раздық баланың домбыраға ерекше құмарлығын байқап, оны кұй өнеріне баули бастайды. Заманында мергендігімен, құсбегілімен, күйшілігімен аты шыққан сері Раздық енді бар үмітін осы кішкентай Уәлиге артады.

Алайда, тағдыр талқысы бұнымен бітпепті. 1949 жылдың тамыз айында, қым-қуыт атыс-шабыс, бұлғақтың кезінде Раздық қазаға ұшырайды. Бұл кезде Уәли 14 жаста екен.

«Жетім қозы тасбауыр, түңілер де отығар» деген ғой. Сол кездегі саяси ахуалдан біршама дұрыс тағлым алған, ағаның қазасынан жиырма-отыз жас есейген Уәли өзінің өнер жолын бастайды. 1950 жылы Үрімші қаласындағы мұғалімдер даярлайтын төрт жылдық гиназияны үздік аяқтаған өскін, жолдама бойынша Шыңжаң партия мектебіне оқуға түседі. Міне, осы кезде ол сахнаға шығып домбырашы ретінде көріне бастайды. Көп ұзамай 1951 жылдың тамыз айында Шыңжаң ән-би ансамбліне орналасады да,  Пекиндегі Қытай Халық Республикасының орталық ұлттар ән-би ансамбліне жолдама алады.

Ырыс-жұғыс, өнер – ауыс. Осы ансамбльде қызмет еткен жылдарында ол қазақ күйшілерінің, әсіресе Шыңжаң күйшілерінің күйлерін Қытайдың Шанхай, Гуан-жу, Тибет, Харбин, Далянь, Чинан сияқты алыс өлкелерінде насихаттап, домбыра өнерінің алғашқы қарлығашы атанады. Және тек қазақ күйімен шектелмей, бауырлас ұйғыр халқының, іргелес Қытай халқының саз өнерін жете тануға тырысады. Алайда ниет, қажыр мен қайрат, қабілет атаулы кемел білімсіз тұл екені белгілі ғой. Жас күйші халық өнегесінің мұраты тек озық біліммен ұштасқанда ғана хасыл болатынын нық ұғынған еді. Осы мақсатпен қытай тілін үйреніп, Пекин консерваториясына оқуға түсуге дайындалады. Алайда, бұдан кейінгі дәм-тұз Уәли ойлағанан мүлдем басқаша болып шықты. 1955 жылы Шыңжаңға гастрольдік сапармен келген өнерпаз ахуалдың өзгергенін, көптеген шаңырақтың арнайы рұхсатпен Кеңес Одағына қоныс аударып жатқанын көреді. Тар заманда өскен қазақ баласы үшін тірісінде алыста қалған үлкен Отанына қайтып оралу былай тұрсін, көз қиығымен бір көрудің өзі қол жетпес асыл арман, оңашада өзімен өзі пікірлескенде ғана айтылар қымбат сыр еді…

…Арып-аршыған, ауыр тарихи талқыдан қансырап, әлсіреп шыққан, күңіренген қазақ көші 1955 жылдың шілде айында Қазақстан шекарасына өтеді. Бұл жиырма бірге жаңа толғанымен, ерте есйген Уәлидің өміріндегі ең бақытты күндер еді. Соғыс жарасы жазылған, кемелі толып, ауқаты көтеріле бастаған ағайын алыста аңсап жеткен бауырларын құшақ жая қарсы алады. Қоныстану тәртібі бойынша алдымен Қырғызстанның Қант ауданындағы Ыстық-Ата мекеніне орналасқан Уәли араға біраз уақыт салып Алматыға келеді де, Ахмет Жұбанов және Латиф Хамиди сынды қайраткерлерге жолығып, өзінің арман-тілегін айтады, өнерін көрсетеді. Көп ұзамай аталмыш адамдардың ұсынуымен, Мәдениет министрлігінің жолдауымен музыка училищесіне оқуға қабылданады. Белгілі ұстаз Құрманғали Рахимовтан бір қыс сабақ алған ол 1956 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының Халық аспаптар факультетіне оқуға түседі.

Осы жылдары болашақ зерттеуші аты аңызға айналған Дина Нұрпейісова мен Әбікен Хасенов сияқты дәулескер күйшілердің магнит таспасына жазып қалдырған күй мұраларынан молынан сусындайды, көзі тірі Қали ақсақалдан да үлкен тағлым алады. Сондай-ақ  осы кезде өзінің болашақ ғылыми мұратын анықтайды. Ол – көлеңкеде зерттеуден тыс қалған қазақ күйшілерінің атын жаңғырту, халық санасында қайта тірілту еді. Себебі бұл кезде байырғы елмен қауышудың қуанышы басылған. Марқайып жігіт ағасы болған Уәли көптеген күмәнді жайттарды байқай бастаған. Отандық мәдениеттің, өзі алыста жүріп қиялмен жасаған бейнесі мен шын қалпының арасында елеулі айырмашылықтардың бар екеніне көзі жеткен. Қастерлі жұртына қайтып келгенде көрейін дегені бұл емес еді. Білетіні — әрбір өнер игілігі, әрбір дәстүр алтыннан қымбат, бір жоғалса, қайта тумас, қайталанбас ғажайып құбылыс. Қазақта таңдаулы өнер мен екінші қатардағы өнер деген болмайды. Қазақ мәдениеті осы қағидаларды берік ұстанғандықтан биік болды. Міне, жиырманы жаңа орталаған жас зерттеушінің, жаздың аптап ыстығына, қыстың қақаған суығына қарамай сахарадағы ежелгі күй кеніштерін аралаған сапарындағы жалғыз және соңғы мақсаты осы еді.

Осы жолда жинаған мол мағлұмат, үлкен тағлымның кейіннен, консерваторияда шертпе күй класы ашылғанда пайдасы тиді. 1970-1976 жылдар аралығында аз ғана ғұмыр кешкен шертпе күй класының дәрістері қызғылықты өтетін еді. Таптаурын болмаған тың деректер, жаңа әдістеменің арқасында Уәли Бекенов, үлкен ұстаздық абыройға жетті. Алайда, 1976 жылы консерватория басшыларының ауысуына байланысты, шертпе күй класын жабу – ұлт мәдниетінің ең басты керегі, ең зәру қажеті, шешуі күттірмес мәселе деп табылады. Енді ғана белең алып жатқан, өртеңнен жаңа көтеріле бастаған ұлы үрдістің қанаты кесіледі. (Иә, иә, таңқалмаңыз, ағайын, дәл осылай болған. Көңіліңізге келсе, де өтіңіз жарылып кетсе де айтайық – бұл кезде қазақ, бабаларымыздың қанша езгіге түссе де, қанша қорлық көрсе де сызат түсірмей алып келген соңғы асылы, намысымыз бен арамыздың тапталмай қалған ең соңғы таза жұрнағы – күй өнеріне де жүрегі дауалап рушылық аласын өндірген еді, жік түсірген еді. Іріңін аршымайынша жараның жазылмайтынын, мың күн бықсығаннан бір күн беттескеннің, көңіл кірін тазалап қайта табысқанның әлдеқайда артық нәрсе екенін есіңізге салу үшін ғана айтайық.

Тауаны шағылған ұстаз біраз мекеменің табалдырығын тоздырады. Онда отырған адамдарға қазақ сияқты үлкен тарихи тағдырлы ұлы халықта бір ғана дәстүрлі өнер – ол небары өнердің жұрнағы ғана екенін, бұл дамудың ең төменгі сатысында тұрған халыққа тән құбылыс екенін, Пәленшекең мен Түгеншекеңнің айтқаны, жазғаны – ол этнографияның бар болғаны бірінші кезеңі ғана,  ұлт мәдениетін алғашқы шолу, таныстыру ғана, көп дәстүрліктің ұлт мерейі екендігін, ұлт мәдениетінің кемел дамығандығын көрсететін айғақ екендігін ұғындырмақ болады. Моцарт пен Чайковскийді де бабына келтіріп домбырамен орындап жүрміз ғой. Шертпе күй содан алыс болып па дейді. Үлкен-үлкен тұтқаларды ұстап отырған, күй мектебінің жойылуы былай тұрсын,  туған халқы толайымен жойылып кетсе де қабақ шытпайтын сабырлы азаматтар сол сабырлы күйінде қалады. Шаршаған, қажыған күйші қайтадан жүреді, қайтадан түсіндіреді. Дәстүрдің музей сияқты сақталғаны — өлгені. Ол күнделікті насихат пен оқыту, үйрету нысанасы болғанда ғана толыққанды өмір сүрмек дейді. Мазасы кете бастаған аталмыш азаматтар: «Жарайды, көрейік, ойланайық, айтқаныңыз дұрыс, бірақ …» деп жұбатып шығарып салады.

Алғашқы сәтсіздіктен үлкен тағлым алып шыққан Уәли ендігі жердегі мұратын таза зерттеушілік деп табады. Ендігі жерде әрекеттің дені таза ғылымға бағышталады. Күйші өмірінің 1975-1988 жылдары аралығындағы 13 жылдық кезеңі – ең жемісті кезеңі. Осы аралықты ол тірнектей жинаған мол материалды сұрыптап, республиканың түрлі баспаларынан күй өнеріне арналған бес кітап шығарды. Олар: «Күй көтерер көңілдің көкжиегін» («Қазақстан» баспасы, 1975 жыл), «Шертпе күй шеберлері» («Жалын» баспасы, 1977 жыл), «Өркен жайған қобыз өнері» («Мектеп» баспасы, 1980 жыл), «Күй табиғаты» («Өнер» баспасы, 1981 жыл), «Тәттімбет-Саржайлау»» («Өнер» баспасы, 1988 жыл) сынды еңбектер.

Әрине, бұнымен қатар ұстаздық қызмет те зерттеушінің көкейінде ұмытылмайды. Ақыры, 1981 жылдың сәуірінде Оқу министрлігіндегі қызметінен босап, К.Байсейітова атындағы музыкалық мектепке мұғалімдік жұмысқа ауысады. Себебі Уәлидің бұл кезде төменгі буын тәрбиесінің ұлт болашағы үшін қандай мәнді нәрсе екеніне көзі әбден жеткен еді. Домбырашы ретінде қалыптасып үлгірген өнерпазды жаңа жолға бұрудың, дүниетанымын өзгертудің қандай қиын нәрсе екенін консерваториядағы ұстаздық кезеңінде нық түйсінген. Осыдан кейінгі өмірі тек қана жас ұрпақпен болды. Ғұмыры ұлттың музыкалық педагогикасына бағышталды, қалтқысыз қызметі тек қана халық өнеріне арналды.

Уәли Қалиақпарұлы Бекенов қазақ музыка мәдениетіне ірі зерттеуші ретінде келді. Бұлай деуіміздің негізі не?

Ең алдымен, Уәли Бекенов өз замандастарының ешқайсысы айта алмаған ақиқатты, сол заманғы қазақ музыка зерттеушілігінің негізінде жатқан енжілдерге қарсы айтылған күпір сөздей болып көрінетін ақиқатты – қазақта бір емес, үлкен екі күй дәстүрі бар екенін, ал ол дәстүрлердің өз ішінде көптеген мектептерге ыдырайтынын айтты. Сондай-ақ өнер дегеннің ат бәйгесі емес екенін, дәстүр мен дәстүр, мектеп пен мектептің арасындағы кейде табандасқан дұшпандыққа ұласатын бақастықтың ұлт мүддесіне қайшы екенін, бұл тартыстан ақыр соңында тұтастай қазақтың өзі ұтылатынын алғаш айтқан Уәли Бөкенов болатын. Содан кейін, ұланғайыр қазақ даласының үш пұшпағын алып жатқан, күрең топырақ Жиделі-Байсыннан Сібірдің тұнжыр ормандарына дейінгі аралықта кең қанат жайған, сан ғасыр салтанат құрған, ұлы тұлғалары, өзіне тән қайталанбас дәстүрлері бар шертпе күй өнерін аузша насихаттап қана қоймай, ең алғаш саралап, жүйелеп, ғылым дәрежесіне көтерген де Уәли Бөкенов еді. (Бұған дейінгі күнделікті баспасөз бетінде жарияланған материалдар жоқ емес, алайда, оның барлығы белгілі бір күйшінің өмірі туралы дерекнама деңгейінен аспайтын дүниелер).

Уәли Бекенов ұлттық музыка зерттеушіліктің ендігі жердегі табиғи даму жолдарын көрсетті. Зерттеушінің жазба еңбектері қазақ музыкатануының классикасы болып саналады. Күй тарихымен айналысқан арлы азамат Уәли Бекенов еңбектерін айналып өте алмайды. Себебі, классиканың ең басты шарты – біріншілік, үлгілілік.

Күйші салған соқпақ бүгінде үлкен даңғыл жолға айналды. Өзінің бауырлары, егемендік алған елдің перзенттері бүгінде ағаларының ізін басып, туған елінің өнері мен мәдениетінің жаңа тауарихын жазуға кірісті. Ешбір көлеңкесі жоқ шын тауарих. Күйші биыл алпыс бірге толыпты. Бірақ ардақты азамат осы жеткен жетістіктеріне байырқалайтын емес. Домбырасы мен қаламы қолында.

 

1996

Оставьте первый комментарий

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован.


*