Кет – Бұғаның соңғы жорығы: Көшпелі өркениеттің құпия миссиясы

Құрметті оқырман!

«Кет Бұғаның соңғы жорығы» атты мақаланы өзіңіздің назарыңызға ұсынып отырмыз. Кезінде бұл мақала «Таңшолпан» журналында орыс тілінде басылған. Содан кейін Ғаламторға (Интернетке) қойылды, ТМД көлемінде және шетелдегі орыстілді оқырмандарға белгілі болды. Лондон, Париж т.б. қалаларда тұратын отандастарымыз, қазақтың және жалпы көшпенді өркениеттердің тарихы мен мәдениетіне ықылас-пейілді басқа да жұрттардың оқырмандары бұл еңбекке өздерінің зор ризашылығын білдірді. Аталған мақаладағы бұрын беймәлім болған деректер әлемдік ғылыми айналысқа түсті.

Алдынала ескерткіміз келетіні – бұл шағын зерттеу болашақта қазақ тілінде жазылатын Дәстүрлі (Көне, Ілкі) Дүние тарихы жайындағы толғаныс – кітаптың кіріспе тарауы ғана.

Содан бері оннан астам жылдай уақыт өтіпті. Әлбетте, біздің Шыңғыс ханға, сол кездегі тарихқа, ұлы қағанның ерлік істеріне, жахандық саясаттың қыр-сырына деген көзқарасымыз көп өзгеріске ұшырады. Бұрынғы Кеңестік тарихи ғылымда қалыптасқан мифтерді теріске шығара алатын дерек сол кездің өзінде-ақ қолымызда болған. Алайда біз ең әуелі орыстілді әлеуметтің мінезіндегі басты міндердің бірі – көшпенді, оның ішінде қазақ мәдениетіне деген астам көзқарасты нысанамызға алған едік. Ойымызша, біз, діттеген жерімізден шықтық. Енді, көлденең шаруаға мойын бұруға еш мүмкіндігіміз болмаса да, көптеген оқырмандарымыздың өтініші бойынша мақаланы тәржімалап, өзіміздің сүйікті газетіміз «Алматы ақшамына» жариялап отырмыз.

Келелі пікіріңізді күтеміз, оқырман.

Кет – Бұғаның соңғы жорығы

Көшпелі өркениеттің құпия миссиясы

Зира Наурызбаева

Таласбек Әсемқұлов

«Сендер, беттері былғарымен қапталған

жалпақ қалқанға ұқсас қысық көз қауыммен

соғыспайынша Қиямет – Махшар күні келмейді.

Тағы да сендер, киіз етік пен киіз байпақ киген

қауыммен соғыспайынша Қиямет – Махшар

күні келмейді».

Хадистен

«Бүгінде әлемде көшпелі халықтарға орын

жоқ, оның үстіне оларды қолдан келгенше,

барлық амалды пайдаланып отырықшы

өмірге көндіріп жатыр, сондықтан

«доңғалақтың тоқтайтын кезі» де алыс емес.

Осылайша дәуірдің аяғына қарай

Қабыл Әбілді өлтіріп болады».

Рене Генон

«Сандардың патшалығы және уақыт белгілері»


Қазір көптеген авторлар, олардың ішінде қазағы да, басқа ұлты да бар, қазақтың ұлттық тектестігі (идентификация) жайында, бүгінгі этникалық дезинтеграцияға, қожырауға, рухани дағдарысқа алып келген тарихи жолы жайында көп толғанады. Сыртқары жұрт, бұрындары Л.Н. Гумилев теріске шығармақ болған түрік – моңғол көшпелілері туралы айтылатын «қысас әфсананы» /«Черная легенда»/ қайтадан жандандырмақ болады. Мәскеулік Гейдар Джемаль ислам дүниесі атынан бізді Енжіл мен Құранда айтылатын «яжүж бен мәжүждерге» теңесе, белгілі мәскеулік саясаттанушы және мәдениеттанушы ағайынды Шукуровтар «жаны аши отырып» былай дейді: «Бірақ құдай түріктермен тілдеспепті, өзіндік ұлттық дін түріктердің маңдайына жазылмапты. Әбден қалыптанып үлгіге түскен өркениеттік жүйелер иерархиясына, ұзын саны онға толар-толмас жаратушы-халықтардың мыңдаған жылдар бойғы рухани тәжірибесінің нәтижесі болып саналатын мәдениет әлеміне ХХ ғасырда ғана еніп, өзіндік рухани болмыстан дәмелі екенін білдірген түріктердің енді ғана қалыптасып жатқан мәдени тектестігіне олардың нәсілдік белгісі ғана ұйытқы және негіз бола алар еді».

Мұндай әңгімелерге «қайтесің, сарт болған соң, сарттығын істейді де» деп қолды бір сілтеуге болар еді. Жылқыны алғаш рет қолға үйреткен, етік пен шалбарды алғаш тіккен, ер-тоқым мен үзеңгіні, бүкіл ат әбзелін алғаш кім жасаған екенін, өзіміздің көне жазу үлгілерімізді, Сырдың бойындағы қалалық өркениетті, адамзаттың екінші ұстазы Әбунасыр әл-Фарабиді, тағысын тағыларды естеріне салуға болар еді. Бірақ бұның бәрі «жаратушы-халықтардың» бұлжымас сотының алдында ақталу сияқты болып көрінер еді. Алдынала сәтсіздікке бұйырылған әрекет. Мәселе ақиқатта болса, онда Л.Гумилевтен кейін, тымқұрмаса орыс ғылымында көшпелілерге деген көзқарас түбегейлі өзгерер еді.

Бірақ мәселе ақиқатта емес, адам санасында орныққан қабылдаудағдысында болып тұр ғой. Көшпелілер жайындағы бұл көзқарасты Ақас Тәжуітов «классикалық көзқарас» деп атайды. «Күші жағынан табиғаттың заңымен пара-пар бұл көзқарасты теріске шығару мүмкін емес, ол ұлттық сананы жырымдап, қожыратқаны сондай, қазақтар бүгінде өзінің өткен тарихын тәрк етіп, өткеннен бас тартуға мәжбүр».(«Мегаполис», 21 ақпан, 2002 ж). Тумысында аналитикалық ойлауға бейім Ақас Тәжуітов проблеманың тамырын тап басып, әлемдік қоғамдық пікірдің бізбен, ұлы Даланың көшпелі өркениеті мұрагерлерімен «мысық-тышқан» ойынын қандай шарттармен жүргізетінін жүйелеп ашып берген. «Сендердің қалаларың, сендердің ғалымдарың – шындығында сендердікі емес. Сендердің жерлеріңде болғанымен олар мұсылмандық – ирандық өркениетке жатады. Еділ патша мен Шыңғыс хан – сендердің бабаларың емес, сондықтан оларды мақтан тұтуға хақыларың жоқ, бірақ сендер, сендердің бабаларың солардың ордасының құрамында болды, яғни сол шапқыншылықтың зардабы – сендердің мойындарыңда». А.Тәжуітов айтқан депрессивтік әсер, басқаның емес, қазақтың ғана санасын езгілейді, басқа халықтар баяғыда орнын тауып орналасып алған. Мысалы ұйғырлар, Ұйғыр қағанатын және өздеріне еш қатысы жоқ халықтың ұлы істерін мақтан етеді. Негативтік әсерден, олар, өзінің үндіевропалық тегін қалқан етіп қорғанады. Аймақтағы басқа халықтар да осындай амалды пайдаланады. «Кінәлілік комплексі» («комплекс вины») қазақ санасына ғана егілген. Қазақ қана өзінің қанды болса да ерлік тарихын мақтан ете алмайды.

Шекарасы шайылған осындай өзіндік тектестік ахуалға белгілі дәрежеде қазақтардың өздері де кінәлі. Ұлттың қалыптасуы негізінен төмендегідей екі жолмен жүреді. Бірінде, күшті тайпа басқа әлсіз тайпаны ассимиляциялап өзіне бағындырады (сол себепті негізгі субэтностың мифологиясы мен идеологиясы жалпыұлттық деңгейге көтеріледі). Екіншісінде, өзінің айнымас белгілерін сақтаған рулар мен тайпалар одақ болып бірігеді. Бұл одақтар әлсін-әлсін ыдырап, түрлі құрамда қайта қалыпқа келіп отырады, сондықтан орнықты, біртұтас мифология мен тарих та қалыптаспайды. Қазақтар дүниені, болмысты ру-тайпа деңгейінде қабылдаған, өзінің кеңдігінен әлі күнге дейін ауқымды ойлап, қандас, тілдес, дін қарындас іздеуге бейім (сол ұмтылысында ұлттық мүддеден қалай аттап кеткенін өздері де байқамай қалады). Қазақтың, өзінің тарихы барысындағы шеккен шығыны мен көрген теперішін ұмытып, көшпелі өркениет масштабында, бүкілтүрік бірлігі, ислам ойкуменасы масштабында ойлау дағдысы ұлт үшін қисапсыз проблема тудырып отыр. (Өзіндік тектестік проблемасы да осыдан туындап отыр). Барлық деңгейде мемлекет — этностар баяғыда бөлісіп қойған дүниеде, біз, осы дағдымыздан түсініксіз, тіпті десеңіз, ыңғайсыз жағдайға қалып отырмыз. Сонымен қатар, қазақ мінезіне ғана тән осы ашықтықтың астарында қазақ жанының сыры, оның тұңғиық архетиптік қабаттары жатыр. Бұл, әсіресе, бізге қарағанда әлдеқайда прагматик, қазаққа сенбей, күмәнмен қарайтын біздің «қандас» ағайындардың мінезімен салыстырғанда анық байқалатын белгілер.

Ұрпақтары Қазақ Ордасының негізін қалаған және барлық уақытта қазақ мемлекетінің алтын діңгегі болған Шыңғыс хан жайлы соңғы кезде етек алған дискуссияда біздерге, ХХІ ғасырға аяқ басса да өзінің ұлттық бет-бедерін әлі анықтай алмай отырған қазақтарға тығырық ситуациядан шығудың жолы ұсынылып отыр: біз, батыстық және мұсылмандық вариантта жеткен либералдық-демократиялық құндылықтардың пайдасы үшін жиһангер бабамыздан бас тартуымыз керек екен. Батыстық либералдық-демократиялық жүйенің «екі стандарты» («двойной стандарт») баяғыдан белгілі. Ислам өркениетінің претензиялары жайында біз кейінірек арнайы айтамыз. Әзірге проблеманың мұндай «әдемі шешімінің»  нендей ұлттық және геосаяси салдары болмақ – соны әңгімелейік.

Қазақ қоғамындағы көптеген жікке енді бір жік қосылғалы отыр. Енді біз, Шыңғыс шапқыншылығына дейін прогреске, отырықшы өмірге, ислам өркениетіне телінген европатиптес момын түріктер және осыларды хақ жолдан тайдырып, көшпеліліктің тығырығына тіреген моңғолтиптес жабайы түріктер болып бөлінеді екенбіз. Бірақ бұл жерде үш кілтипан бар: біріншіден, қазақ халқының дені сол моңғолтиптес «жабайылардың» тікелей ұрпақтары болып табылады; екіншіден, ең «таза»  деген түріктің бойында, шамасы көшпеліліктің «гені» болған, себебі, Шыңғыс хан өлгеннен кейін де олар өздерінің хандарын бас етіп 7 ғасыр бойы сахарады «қаңғырып» жүрді (бұл кезде «дені дұрыс» халықтар өздерін жаулаған басқыншыларды отырықшыландырып, ал көп ұзамай олардың билігінен құтылып та болған); үшіншіден, байырғы Хорезмнің заңды мұрагері болып саналатын бауырлас Өзбекстан өзінің ұлттық қаһарманы ретінде Алтын Орданы талқандаған Әмір Темірді көтеріп жатқанда, бабаларымыздың жарымынан астамын жабайы, басқыншы деп жариялап, ал солардан жеңіліс тапқан Хорезм шахтың дәргейіндегі вассалы Қайыр ханды ұлттық батыр қылып көтерген біз кім болғанымыз? Келесі қадамымызда Шайбани Әбілқайырға «жаулық» істеген, өздеріне ерген көшпелі руларды алып, Көк Ордадан бөлініп шыққан «сепаратистер» — Керей мен Жәнібек хандарды айыптайық. Содан кейін солардың ұрпағы, Сан-Ташта өзбек-моңғол армиясымен шайқаста отыз жеті сұлтанмен және өзінің тоғыз ұлымен бірге қаза тапқан Тоғым ханды айыптайық. Ақыр соңында белдігімізді мойнымызға салып, Ислам аканың аяғына жығылып, бізді қайтадын өркениет аясына ал деп өтінейік.

Әлемдік қауымдастық жариялаған либерализм мен демократиялық құндылықтарды ұстанған, әрине, жақсы ғой. Әйтсе де, бүгінгі дүниеде мемлекеттік және ұлттық мүдде алға қойылады, барлық елдер басшылыққа соны ғана алады. Біз де, қандай да болмасын тарихи проблеманы талқылағанда, осындай үдеден шығып отыруымыз керек. Отырар біздің Бородиномыз бола алмайды.

Формальдік тұрғыдан алғанда бұл, бізге тікелей қатысы жоқ екі мемлекеттің қақтығысы. Оның үстіне, тіпті, бүгінгі халықаралық құқық тұрғысынан алатын болсақ, 1216 жылы моңғол әскеріне ешқандай себепсіз шабуыл жасаған (және әскерінің бірнеше есе көп екеніне қарамастан жеңіліп қалған), Отырардағы моңғол елшілігін қырып салған, содан кейін мәселені шешпек болып келген Шыңғыс ханның елшісін өлтіріп тастаған Хорезм, конфликттің тууына себепші болып табылады. Елшілік жүргізген шпионаж, тыңшылық жайлы әңгіме – баянсыз әңгіме, себебі бүкіл әлемде, барлық заманда дипломатия – барлаушылық, тыңшылық қызметтің жамылғысы, мекемесі болып келген және бола да бермек. Орыс тарихшылары моңғолдардың, тек қана елшілерді өлтірген қалаларды қиратқанын мойындап болды.

Конфликттің этникалық жағына назар аударатын болсақ, екі жақтың да қайтпай соғысқан баһадүрлері өзіміздің бабаларымыз екенін көреміз. Тарихта бұл жиі қайталанатын құбылыс. Бабаларымыз далалық этикаға сәйкес дұшпанның ерлігін құрметтей білген. Батыс әлемі біртіндеп осы бағытта жылжыды. Монархиялық Англияның астанасындағы алаңдардың бірінде Карл І король мен соның басын алған Оливер Кромвельге қойылған ескерткіштер тұр. Әрбір ағылшын осы екеуінің қайсысынікі дұрыс, қайсысынікі қате екенін өзі шеше алады, бірақ ағылшындар өзінің өткенін құрметтей алады, тарихқа орасан ықпал еткен адамдарды  тарих көшінен лақтырып кету, атын өшіру ешкімнің де ойына келмейді. Біз ғана үнемі «таңдау» үстіндеміз, Шыңғыс хан ба, әлде Қайыр хан ба, Бейбарыс па, әлде Кет-Бұға ма, Әбілқайыр хан ба, әлде Барақ сұлтан ба, Жәңгір ме, әлде Махамбет пе – қайсысын қалдыруымыз керек – үнемі осыған бас қатырумен жүреміз.

Бұның барлығы түрлі тарих шытырманында өзінің және ұлттың мүддесін түрліше түсінген кесек тұлғалар. Ал, енді далалық этиканы ұмытқан екенбіз, олай болса тымқұрмаса, өркениетті дүниеден өз тарихымызды және оның қаһармандарын құрметтеуді үйренейік.

Бұл программа – минимум ғана, ал программа – максимумның мәні ұлттық тарихты кездейсоқ оқиғалардың жиынтығы деп емес, концептуалдық тұрғыдан пайымдауды үйренуде, оқиғаның сырт келбетінің астарынан оның негізгі мағынасын ажырата білуде жатыр. Бұның сыртында айтарымыз, ұлттың кешегісі мен бүгінін пайымдау үшін, ұлттық идеологияны қалыптастыру үшін қазақ тарихының философиясын тиянақтау керек.

Аталмыш мақала Шыңғыс хан туралы полемиканы тиянақ ете отырып, осындай мета-тарихқа кіріспе жазудың талпынысы болып табылады. Бұл ойдан шығарылған проблема емес, бұның тасасында қазақтың өзіндік тектестігі мәселесі тұр. Өз мақаламызда біз әлемдік әлеуметтік пікірдің ойын шарттарын сақтай отырып, төл тарихымыздың «қысас әфсанасының» көлеңкесінде қалған сырларын ашып көрсетуге тырысамыз.



Тарих Шумерден басталады.


Кезінде үлкен сенсация болған С.Крамердің тарихи бестселлері осылай деп аталады. Бұл тұжырымды Мұрат Әуезовтің Гильгамеш пен Энкиду жайлы эпосқа жасаған талдауы да, Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я»-сы да растайды. Ал А.Дугин, неміс зерттеушісі Г.Виртті қолдай отырып, бұл тарихтың түп тамырын одан ары, мыңжылдықтыр қойнауына, әлмисаққа, гиперборейлерге қарай жылжытады. Оның пікірінше гиперборейлердің ұрпақтары өзінің Арктикадағы қасиетті отанынан екі лек болып жылжыған: Евразия континентінің солтүстік-батысынан оңтүстік-шығыс бағытқа қарай атланттар жаулаған, ал солтүстік-шығыстан Тұранның неолиттік сакральдік орталығы орналасқан Сібір арқылы, Кіші Азияға, Балқан мен Анатолияға дейінгі аралықта түрік-шумер халықтарының миграция жолдары орналасқан.

«Түрік-моңғол халықтары тарихи қалыптасқан салт бойынша араға бірнеше жүз немесе мыңдаған жылдар салып көне миграция жолдарын қайталауға қайта ұмтылатын» (Бұл жерде және осыдан кейін, түрік-шумер мәселесіне келгенде біз, европалық дәстүршіл-радиционалистердің зерттеулерін қорытындылап жүйелеген А.Дугиннен цитата келтіріп отырамыз).

«Атлантикалық ұрпақ өзінен кейін мызғымайтын, бар сыры сыртқы бедерінен көрініп тұратын, батыстық-центристік менмендікке суарылған рационалдық мәдениет қалдырса, түрік-шумер мұрасы, ерлігі еш кем болмаса да қарапайым, өз өзіне тұйықталған интериорлы, көпсөзділіктен ада, және мәдени минимализмге бейім, болмыстың түп негізі – Евразияның жым-жырт биік аспанының сырына ұмтылады. Сондықтан, атлантизм өз сырын өзі айтады, ал туранизм жайында, евразияшылдық жайында біз тек қана жорамалдай аламыз, біз оны континентальдік миссияның ұмытылған көне қайнар көзі деп іздеуіміз керек. Швед мистигі Сведенборг бұл турасында: «Елдің бәрі ұмытқан көне, тылсым Сөзді біз енді Татарияның пайғамбарларынан сұрауымыз керек» деген».

«Көшпелі «варварлар» — «санасыз» жабайылар емес еді… Олар сакральдік (киелі), ерекше, қысқа да тұжырымды формалардың иесі еді… «Варварлар» көне Сібір сакральдігінің кейбір жекелеген аспектілерін ғана иемденген, ал көне Киелі Жер жұрт көзінен тасада қалып отырды… Сібір «мәжүси» болғанымен, шын мәнісінде рухани өмір кешті, әрбір жүрек лүпілімен тазалықтың ғаламдық импульстерін тірілтіп, Евразия өркениеттерін қасиетті болмысқа оятып отырды».

Атлантистік евроцентристік теориялардың осал жері – шумерлердің шығу тарихын түсіндірүінен байқалады. Шумер мәдениетінің ең көне қабаттары атлантистік мәдениетке жатпайды, одан бұрынғы мәдениеттерден хабар береді (әлбетте, бұл интелектуалдық, рухани деңгейі жоғары мәдениет). Оның үстіне бұл шумерлік мәдениет Оңтүстік Русь пен Оңтүстік Сібірдің неолиттік ескерткіштеріне жақын тұр. Бұған, жұмбағы ашылған шумер тілі мен түрік тілдерінің таңғажайып ұқсастығын қосып қойыңыз. Г.Вирт эскимос мифологиясынан «Күн адамдары» — «Танардың адамдары» деп аталатын, жойылып кеткен көне әулет туралы мәліметтер тапқан. Эскимос тіліндегі «Танар», шумер тіліндегі «Дингир» және түрік тіліндегі «Тәңір» — Жаратушының көне атының түрлі фонетикалық варианттары. Бұл ат Тынық мұхит аралдарында да белгілі.

ХХ ғасырдың аяғына дейін қазақтың дәстүрлі мәдениетінің иелері (носители традиционной культуры) мұхиттың түбіне батқан, көне, бай өркениет Атлантида жайында әңгімелеген. Әрине, олар Атлантида деген құрлықтың атауын білмеген, бірақ «Мың бір түн» және тағы басқа көне әдебиет үлгілерін осындай ыңғайда талқылаған. Оның сыртында Ғажам – қазіргі Иран мен Ирактың жері, қазақ санасында жәдігөй сиқыршылардың ордасы деген мағынада таңбаланған.

Түрік дәстүрінің иелері лек-лек болып оңтүстікке қарай, одан ары Иранның Келат деген қаласын Мысыр пирамидаларымен жалғайтын доға іспеттес жолмен жүретін болған. Мысыр, бір кездегі Атлантиданың көне, құпия ілімдерінің мұрагері екенін ескерсек, түрік қана емес, басқа да көшпелілердің мыңдаған жылдар бойы Мысыр тарапқа үзбей жорыққа аттанып отырғанын ескерсек, онда Кет-Бұғаның Ираннан батысқа, Палестинадағы Мысыр мамлюктеріне қарсы жорығының мәні мүлдем басқа қырынан ашылады.



Қабыл мен Әбіл


Иран мен Тұран – мәңгілік қарсылық. Бұл қарсылық нәсілшілдіктен тумаған. «Евразиялық доктринада және бір мәнді пункт: Тұран мен Иранды, солтүстік далалық көшпенділік пен оңтүстік жазықтағы отырықшылықты, динамизм мен статиканы, рух пен мәдениетті бір-біріне қарсы қою бар» (А.Дугин). Дугиннің, ақ және қара – екі Иран жайлы концепциясына сәйкес түрік санасында да Иранның екіжақты бейнесі қалыптасқан: бірінші көзқарас бойынша Иран – сиқыршы, жәдігөйлердің, сатымсақ саудагерлер мен сатқындардың елі, екінші көзқарас бойынша Иран – көне дәстүрі бар, дінге бас ұрған иманды, өнер қонған өнерлі, Хомейнидің бастауымен азаттыққа жеткен ер қауым. Бұның қарсысында көшпелінің – жабайы,  қиратқыш, өркениеттің ықпалымен ғана, иранданудың арқасында ғана адам кейпіне келетін көшпелі қауым бейнесі тұр.

Европа өркениетінің, Европа қаруының соңғы бірнеше ғасырда үстем шығуының және аттылы-көшпелі өркениеттің тауы шағылып жеңілуі, өрісінің тарылуы салдарынан бұл сан ғасырлық текетірес Иранның, үндіевропалық әлемнен тамыр тартатын отырықшы мәдениеттің пайдасына шешілді. Әлемдік тарихтың айнымас дерегі болып табылатын осы оқиғаның тасасында оның метафизикалық мәні көрінбей қалады. Рене Генон отырықшылық егіншілік пен көшпелі малшылықтың арасындағы қарсылықты, жаратынды мен субстанция, уақыт пен кеңістік, аспан мен Жер, қозғалыс пен статика, еру мен қоюланудың арасындағы  қарсылық сияқты негізгі ғарыштық дуальділіктің бірі деп қарайды. Бұр қарсылықтар бір-бірімен рухани және тәни деңгейде астасып, жарасымда, тепе-теңдікте тұрғанда ғана бұл дүние осы қалпында болмақ. Ғарыштық циклдың соңына қарай дүние сан менен материалдылыққа қарай жылжып «қатая» бастайды, бұл «руханилыққа қарсы, болмыстың қалыпты ағынына қарсы қатерлі қозғалыс». «Отырықшы халықтар біртіндеп көшпелі халықтарды жұта бастайды: Қабылдың Әбілді өлтіруінің әлеуметтік және тарихи мәні осында».

Көне өсиетте (Ветхий Завет) айтылғандай, Қабыл – үлкен аға, жер өңдеген егінші, қала салған құрылысшы, жердегі, тарихтағы «фиксацияның», «қатаюдың» бейнесі. Әбіл – кіші іні, малшы. Көшпелі малшылықтың кейіннен қалыптасқан өндірістің жетілген түрі екенін еске сала кету артық болмас. Енжілдің оқиғасына берілген комментарийлерде Қабылдың құдайға құрбандыққа деп нәрсіз, бағасыз өнімдерді әкелгені, әкелгенде де кекірейіп, мейманасы тасып тұрғаны, ал Әбілдің ақсарбасты құрбандыққа шалғанда бас иіп мойынсұнғаны айтылады.

Жаратушыға деген осындай түрлі ықылас мотивінің зерттеуіміз үшін үлкен мәні бар. Библияда жүннен тоқылған немесе қой терісінен тігілген киім – хақ жолдағы адамның, пайғамбардың атрибуты. Ислам өрістегенге дейінгі кезеңдегі арабтар жүннен тоқыған киімді әулиеліктің белгісі санаған. «Суфи» сөзі – «жүн», «жүннен тоқыған киім киетін адам» деген мағынаны береді. Хадистерде түрік-моңғолдардың киізден тіккен киімдері баса айтылады. Жоғарыда айтылғанды еске түсірсеңіз, бұның жай этнографиялық белгі, деталь ғана емес екеніне көзіңіз жетеді. Кейбір ортағасырлық иллюстрацияларда Әбілдің шалған құрбандығының түтіні аспанға тік шаншылған, ал Қабылдың құрбандығының түтіні ширатылып, жер бауырлап жатыр. Трайбализм туралы мақалада вертикаль ахуалдың символизмі, Евразияның кшатрий әулеті – түрік көшпелілерінің аспан мен жер арасындағы дәнекерлік рөлі айтылып кеткен.

Евроцентризм аясында тәрбиеленген адамдар үшін Қабылдың Әбілді өлтіруі тарихи шындыққа жанаспайтын әфсана, себебі, олардың өз ұғымында, шын тарихта, қалаларға үсті-үстіне шабуыл жасаған, егіншілерді, қалалардың халқын қырып-жойған басқа емес, жабайы көшпелілер. Бірақ, басқа емес сол Көне өсиеттің комментарийлерінің өзінде-ақ Әбілдің өз ағасы Қабылдан күшті болғаны, егес кезінде оны жеңгені, Қабылдың сауға сұрап жалбарынғаны, вл Әбіл сөзге сеніп қоя бергенде оны аярлықпен өлтіргені айтылған.

Тарихқа жүгінейік: Л.Гумилев, көшпелі түріктердің қытай егіншілері және қолөнершілерімен адал айырбас-сауда жасамақ болғаны айтады. Бірақ Қытай империясы үшін бұл адам төзгісіз қорлық болып саналған.

Өз елінің зарар шегетінін біле тұра, Қытай үкіметі бұндай саудаға тыйым салған, ол аз болса көшпелілерге қарсы соғыс ашып, аң құсатып ауламақ болған. Көшпелі тайпаларға жасалған бұл басқыншылық кезінде Қытайдың тұрақты армиялары бір-бірін алмастырып түріктерге ес жиғызбаған. Ондаған жылдарға созылған бұл басқыншылық түрік санасында қытайға деген өштік сезімін тудырған. Шәйбанилердің Көк Ордасында да билеушілердің ықыласы үнемі отырықшы ел жағында болған, бұның қандай қантөгіске апарып тірегені белгілі. 1931-33 жылдардың геноциді осы бүкіләлемдік трагедияның ең «жарқын» эпизоды. Әлбетте, көшпелілер соншама қорғансыз емес еді. Әбіл қашан да Қабылдан күшті болған: бірақ мыңдаған жылдарға созылған әскери үстемдіктің барысында, бүкіл әлемдегі барлық тіршілік иелерін тең қылып жаратқан Бір Жаратушы идеясы көшпелілердің қолын тежеп келген. Біздің бабаларымыз, Тәңірі әр халықты өзі ғана білетін бір мақсатпен жаратқан деп сенген, сондықтан, ешкімге ешқашан геноцид жасамаған. Көшпелілер бірде-бір халықты жойған жоқ, сондай-ақ, бірде бір хайуанның нәсілін, тіпті десеңіз, ақтылы малының жайылымын отап кетіп отырған миллиондаған бас киіктердің үйірлерін де жойған жоқ, аңшылық кезінде керегін ғана атты.

Владимир Соловьев ХІХ ғасырда тұжырымдаған «ұлттық идея дегеніміз, халықтың өзі жайлы ойлағаны емес – құдайдың сол халық жайлы ойлағаны» деген идеяға көшпелілер мыңдаған жыл бұрын жетіп қойған.


Түрік-моңғол көшпелілерінің миссиясы


Сонымен, құдай көшпелілер жайында не «ойлады» екен, көшпелілер рухының ерекшелігі неде, түрік-моңғол көшпелілерінің бұл дүниедегі миссиясы не екен? Білімді ұстаз Р.Генон ғана емес, Мұхаммед пайғамбардың өзі көшпелілер дүниесінің эсхатологиялық мән-мағынасын айтып кеткен емес пе? Бірқатар хадистерде, түріктерге өздерің барып тиіспеңдер, мұсылман мен түрік-моңғол көшпелілері соғысса – ол заманақырдың келгені деп мұсылман қауымына ескерту жасалады. Пайғамбар арабтардың, жалпы мұсылмандардың түрік-моңғол тайпалармен соғысатынын, мұсылмандардың жеңілетінін болжап кеткен. (Қараңыз: М.Бұлытай. Ата-баба діні. Түркілер неге мұсылман болды? А.2000. 190-195 беттер).

Махмұт Қашқари және бір хадисті келтіреді. Ол хадис бойынша Алла тағала пайғамбарға «Шығыста менің түрік деген әскерім бар. Кімге қаһарымды төксем соған сол әскерді жіберем» деген екен (сонда, 261-бет). Бұл – апокрифтік хадис, себебі, Алла тағаланың сөзі, жанр тұрғысынан алғанда пайғамбардың хатқа түсірілген өз сөзі болып келетін хадистерге емес, Құранға кіру керек қой. Бірақ осы жағдайдың өзінде-ақ бұл құнды мәлімет, себебі, ортағасырлық адамдардың түрік дүниесі жайлы түсінігін айна-қатесіз бейнелеп тұр. Бұл түсінік фольклорға ғана емес, жанама түрде европалық ғалымдардың зерттеулеріне де енген.

Аталмыш түсінік үлкен екі дерекке негізделген. Біріншіден, континентті бірнеше қайтара жаулаған түрік-моңғол тайпаларының әскери өнері мен әскери рухы  бәрінен биік болған. Екіншіден, түрік-моңғол көшпелі халықтары, о баста бүкіл адамзатқа тән, адам атаулыға ортақ, бірақ басқа халықтар тарих барысында жоғалтып алған монотеизмді сақтап қалған. Бұл пікірді М.Бұлытай сілтеме жасаған бірқатар европалық және түрік ғалымдары да ұстанады. Бұл ойды әйгілі дін тарихын зерттеуші Мирча Элиаде де уағыздайды.

О бастағы бір Жаратушыға деген сенім көшпелілер арасында бәрінен ұзақ сақталған, семиттер бұл сенімді ақырында жоғалтып алды, оларды монотеизмге қайтадан алып келу үшін пайғамбарлар аян беру керек болса, түрік-моңғолдар бұл сенімін біздің дәуірімізге дейін алып келді  деп жазады ол. Әрине, бұл ілкі монотеизм уақыт өте түрлі ырым-нанымдармен, аңыздармен астасты, толып жатқан екінші дәрежелі құдайшалар пайда болды, бірақ көшпелілер бұның барлығы бір Тәңірінің түрлі кебі, аян болған формалары екенін ешқашан ұмытқан емес.

«Трайбализм, ұлттық идеология және ұлттың болашағы» атты мақаламызда түрік-моңғол көшпелілерінің континенттік масштабта алғанда кшатрий, Евразияның жауынгерлері екені, олардың дүниетанымы, өнері, этикасы, жалпы өмір салты Намыс, Парыз, Адалдық сияқты әскери архетип үлгісімен қалыптасқандығын айтқанбыз. Көшпелілердің, отырықшы халықтар түсіне алмайтын осы мінезін Л.Н.Гумилев үнемі баса айтып отырған.

Кшатрийдің өмірінің мәні, оның Жолының мәні – Иеге қызмет етуінде. Түрік-моңғолдар адамзаттық үрдісті қабылдамады, Бір Жаратушыға деген сенімін сақтап қалды, өз өмірінің мәнін, мұратын ең биік ие – Тәңірге қызмет етуде, соның Әмірін орындауда деп ұғынды. Олар өздерін Жаратушының семсеріміз деп түйсінді.

Дәстүрлі көзқарас тұрғысынан алғанда жауынгердің қаруы жауынгердің өз басынан қымбат, қарудың символизмі адам тұлғасының аясына сыймайды. Әскердің қаруы – Тәңірлік атрибут, адамды Жаратушымен жалғап тұрған рухани тағдыр-талайдың белгісі. «Құдай жіберген қару мен амалдардың алғашқысы – найзағай болып табылады. найзағай – Сөздің, Ілкі сананың белгісі, ол түрлі ырымдық скипетрлермен, мысалы, индуистік және буддистік иконографияда ваджрамен таңбаланады», — деп жазады Т.Буркхардт. Қазақтың бас қаруы «найза» мен «найзағайды» салыстырыңыз.

Айта кетейік, қазақта жауынгердің бойында бес қарудың болуы шарт. Ал буддизмде ханзада Будда Сакьямуни дүниеге келген алғашқы кебінде «Бес қару асынған ханзада» деп аталады. Бес түрлі қару – қолдағы бес саусақ, көшпелілерде қашанда Жаратушының символы болып саналған қол.

Қару – тіпті, десеңіз рудың, тайпаның меншігі емес. Қару – Жаратушыдан келген несібе, бөрізат адамның ерекше талайы. Сондықтан, Ер Төстіктің қайынатасы қызының жасауына атадан келе жатқан қару-жарақ пен сауыт-сайманды, мәңгі от пен биік сананың символы – тұлпарды, ғарыш пен уақыт кеңістік бірлігінің символы – аруананы береді. Қараман батыр Алпамысты қуғанда үстіндегі  қару мен сауыт-сайманын шешіп тастайды, осылайша ол өзінің тәңірлік несібесінен, биік мағынасынан айырылып жеңіліске ұшырайды. Көшпелілер жауынгерлік өнерді инициациялық жол деп түйсінген. Қазақтың алыс ауылдарында өткен ғасырдың 50-60-шы жылдарына дейін жасалған әскери ырым кезінде инициацияның шебері – ұста, ұл балаға  «Сен қару-жарақ пен сауыт-сайманды жерасты патшасы Бапы ханнан сыйға алдың. Бірақ жүрегің мен тәнің темірге айналмасын. Жауынгер бол, бірақ жендет болма» дейтін болған.

Бұл жерде түрік мифологиясын «Махабхаратамен» және т.б. үндіеуропалық нұсқалармен салыстыруға мақаланың көлемі мүмкіндік бермейді. Сақтардың үлкен семсер бейнесіндегі соғыс құдайына табынғандығын айта кетуге болады. Осетин эпосында соғыс құдайы Батразд та отқа қызарған семсер кебінде бейнеленеді. Қазақ эпосында батырдың бір қаруы – от шашқан берен. Мифологиядағы метафора – әдеби тәсіл емес, ондағы зат пен құбылыс өзінің символдық мағынасы бойынша баламаға ұшырайды. Қазақ ертегілерінде көп ретте батырдың жаны өз тәнінде емес – оның қанжарында немесе қылышында сақтаулы, дәлірек айтқанда, қанжардың өзі батырдың жаны болып табылады, сол себепті сатқындықтың салдарынан қанжарынан айрылған батыр өлімнен де ауыр ұйқыға батады.

Мысалдарды көптеп келтіруге болады. Қазақтың дәстүрлі әдебиеті, оның соңғы өкілдері – ХХ ғасырдың ұлы жыраулары, адамның мұраты, өмірінің мәні қандай жағдайда болсын Жаратушыға адал болу, соған ұмтылу, соңғы демі біткенше соған қызмет ету дегенді уағыздаған. Бұл көне архетип исламды қабылдағаннан кейін шахидтік формасына (хақтың жолында жау қолынан қаза табу) ауысты.

Көшпелілердің өздері ғана емес, басқа халықтар да жүрегі сакральдік ақиқатты қабылдай алатындай таза, иманы кәміл кезінде түріктердің миссиясын осылай деп түсінген. Еділ патшаны күнәға батқан Еуропа халықтарын жазалауға келген «Тәңірінің қамшысы» деп атаған. Түріктерді «исламның алмас қылышы» атандырған, олардың ислам дінінің орнығуына еткен еңбегін, ислам дінін қорғаудағы теңдесі жоқ ерлігін М.Бұлытай өз кітабында ашып көрсеткен. Сол себепті, Еуропа мен Россияның бүкіл актуальдік аристократиясы түрік нәсілінен тамыр тартады (А.Дугин), ал Шығыстағы билеуші династиялардың дені көшпелілерден тараған, осы әулеттердің билігі кезінде шығыс халықтары мәдени және экономикалық дамудың биігіне көтерілген.


Көшпелілер жайындағы «Қысас әфсана»


Көшпелілер жайындағы «Қысас әфсана» («Черная легенда») Батыс әлеуметі дәстүрлі жолдан, сакральдік тәртіптен қиыс кеткен күні етек ала бастайды. ХХ ғасырда көшпелілердің мәселесі толықтай шешіліп болған, көшпелілер әлемі кішкентай ғана аралдар мен үлкен «этнопарктер» болып қана қалған. Кезінде көшпелі «мемлекет – әскер-халықтың» аты болған «орда» сөзі енді жабайылықтың синоніміне айналды. Лингвистер мен мәдениеттанушылар «орда» сөзі, элитарлық әскери және рухани ұйым деген мағына беретін «орден» сөзінің фонетикалық варианты екенін, және де бұл сөз адамзаттың көп бөлігіне ортақ ностратикалық лексикадан келгенін, санскритте бұл түбір «рта» күйінде сақталғандығын, «тәртіп», «іс», «жарату» деген мағына беретінін біледі. Бұл түбірден «ритуал» сөзі және тағы басқа толып жатқан сакральдік терминдер шыққан. Ғалымдар бұны біледі, бірақ бұны естіртіп айту, мәдениетсіздік болып саналады.

Сондай-ақ, көшпелілер – «адамзаттың арамтамақтары», «масыл – паразиттері», өнімді еңбекке қыры жоқ, сол себепті, отырықшы халықтарды тонаумен күн кешкен деген стереотип қалыптасқан. Ал шынтуайтына келгенде көшпелілер эквиваленттік адал, тиімді айырбасқа ұмтылған, өйткені егіншілер де көшпелілер өндірген өнімге зәру болған. Бұндай стереотиптерді кімнің және қандай мақсатпен тудыратынын Л. Н. Гумилев ашып көрсеткен. Көпшіліктің санасына бұл стереотиптер қалай сіңді – оны да түсіну қиын емес. Дәстүрлі қоғамдағы материалдық өндіруші, абыз бен жауынгер жолының, қызметінің мәнін  түсінбеуі мүмкін, бірақ дәстүрлі тәрбиеге сай ол аталмыш әулетке, оның қызметіне құрметпен қарар еді, дүние үшін, болмыс үшін осының бәрі керек дегенді ұғынар еді.

Алайда, бүгінгі (яғни, дәстүрден біржола қол үзген) тоғышар, мысалы, үнділік аскет немесе мұсылман дәруіш туралы не ойлауы мүмкін? Ол оны психикасы ауытқыған сырқат санамаған күннің өзінде, жұмыс істегісі келмейтін тіленші деп санар еді. Тоғышар адам дәстүрлі жауынгер жөнінде, және басқа нәсілден шыққан жауынгер жөнінде не айта алар еді? Ал егер оның санасын, сол жауынгер әулетті несібесінен айырған, биліктен тайдырғандар бағдарлап, жетектеп отырған болса ше? Орыс мәдениеттанушысы Р. Багдасаровтың айтысына қарағанда, ортағасырлық қарақшылар әдетте жаудан жеңілген, немесе мемлекет тарапынан тиым салынған, магия өнеріне жетік әскери ордендердің қалдықтары болып келеді екен.

Тарихшы Ю. Зуев, қазақтың түпатасы болып саналатын Алаша хан жайлы аңыздардың көне архетиптен тамыр тартатынын дәлелдеген: патшайымнан туған патшаның үлкен ұлы тақты иемденеді де, кіші әйелдерден немесе құмалардан туған кіші ұлдар жасақ құрып (әдетте қырық немесе жүз жауынгер), негізгі жұрттан алға озып, әскердің ертауыл, авангард бөлігі болады, кейін қудалауға, әділетсіздікке төзбей, бөлініп шығып, жаңа этносаяси бірлестіктің, рулық одақтың ұйытқысына айналады. Орталық Азияның тарихында Қабыл мен Әбіл, үлкен аға мен кіші іні бір мемлекеттің құрамында сан рет бірге тұрды, бірақ ақырсоңында әмірші, отырықшы елге ықыласы ауатын болған, сол себепті, мемлекеттік тепе-теңдік бұзылып, нәтижесінде көшпелілер мемлекеттен бөлініп шығатын болған. Көшпелілерде үлкен ұл бөлініп шығып, кіші ұл қара шаңыраққа ие болып қалатын дәстүр, яғни «минорат» принципі осы аталмыш архетиптің әсерінен қалыптасқан болуы керек (ал отырықшы халықтарда, керісінше, «майорат» принципі, яғни үлкен ұл әкенің шаңырағын иемденіп қалатын дәстүр орын алған).

Көшпелілікті жақтаушылар да, даттаушылар да, көшпелі рух пен отырықшылық мәдениет бір-бірімен сыйыспайды дегенге пәтуаласқан (екі жақтың бір жерден шыққан жері – осы жер). Отырықшыланған түрік-моңғолдар өздерін теңдесі жоқ сәулетшілер ретінде таныта білетін, бірақ көшпелілер рухынан біржола айрылар еді. Қалалық мәдениет тумысында, жаратылысында көшпелі бола алмайды. Түрік-моңғол халықтарының санасын соңғы рет оятқан, олардың бүкіләлемдік миссиясын қайта жаңғыртқан, қысқа мерзімде әлемнің этносаяси картасын түбегейлі өзгерткен Шыңғыс қаған бұны өзінің «Ясасында» айтып кеткен. Мыңдаған жылдар бойы сананың терең қабатында сақталған архетип оянып, көшпелілердің азғантай ғана шерігі отырықшы халықтардың жер қайысқан әскерін күл-талқан қылып жеңді.

Л. Гумилевтің пікірінше, Шыңғыс хан о баста көшпелі тайпалардың басын біріктіруді ғана мақсат еткен. Бірақ көшпелі империя құрылғаннан кейін Шыңғыс хан Қытай және Хорезм сияқты ежелден көшпелілердің жеріне көз алартып келген отырықшы империялармен күресуге мәжбүр болған. Содан кейін соғыс аясы кеңейе түсті, жазмышқа көнген моңғолдар барған сайын ұзай берді. Оның үстіне мұсылман көпестерінің конкуренттері – несториан дініндегі ұйғыр көпестер Шыңғыс ханды ислам мемлекеттерімен соғысқа итермелеп отырды. Әр жорықтың мән-жайы нақты ситуацияға сәйкес анықталып отырды. Мысалы, католик дініндегі Еуропаға емес, мұсылмандық Шығысқа аттану керек екендігі соңғы сәтте ғана келісілгені белгілі.

Тағы да айта кетейік, Л. Гумилев үшін мұсылман мемлекеттеріне қарсы жорықтың сыры Жібек Жолының билігіне таласқан көпестік капиталдардың арасындағы тартыста жатыр. Бірақ оның, бұл жорықтың кездейсоқ маршрутпен жүргендігі жайлы пікірі бізді қанағаттандыра алмайды, себебі, моңғолдар бұл жерде көшпелілердің мыңдаған жылдық миграция жолдарын қайталап отыр. Әрине, ақылға салсақ бұл жорықта көптеген кездейсоқ жайттар бір-бірімен қабат келген сияқты, бірақ шынтуайтында жиһангердің мұрагерлері бұл жорықта генетикалық жадына, қанның ұранына, немесе Аспанның әміріне ғана ерген сияқты.

Мөңке хан «Біз, моңғолдар аспандағы Бір Жаратушыға ғана сенеміз, оның әмірін біз сәуегейлеріміз арқылы білеміз» деген ғой. Моңғолдар фәни аспан мен Жаратушыны бөліп қараған. Жаратушыны олар «Мәңгі аспан» деп, немесе Шыңғыс ханның сөзімен айтқанда «Бізге қақпаны ашып, жүрер жолды көрсеткен Мәңгі аспан» деп атаған. Аспанның әмірін орындамақ болған Шыңғыс хан өз ұрпақтарына Жібек Жолына билік құруды, теңізден теңізге дейін, Тынық мұхиттан Атлантика мұхитына дейін үстемдік етуді тапсырған. Бұл жорық Евразия халықтарын қару күшімен бағындыруды ғана емес, сондай-ақ, сакральдік миссияны да көздеген. Міне, көшпелілердің осы мәңгі айнымас мұраты Кет-Бұға ноянның соңғы жорығынан анық байқалады.



Кет-Бұғаның соңғы жорығы: сыртқы себептер


Кет-Бұға баһадүрдің «Сары крест жорығын» («Желтый крестовый поход») Л.Н.Гумилев егжей-тегжейлі баяндаған, бұл хикаяны қазақ жазушылары да сан-саққа жүгіртіп жазған. Сонымен, 1253 жылы шақырылған моңғол құрылтайы ханзада Құлағұға, Иерусалимнің киелі топырағын мұсылмандардан азат етуді тапсырады. Моңғол құрылтайының бұл шешімін түсіну қиын, себебі осының алдында ғана, 1241 жылы моңғолдар қазіргі Чехия жеріндегі Легница түбінде крестшілердің біріккен әскерін талқандаған.

Жорықты несториан дінінің адал жоқтаушысы Кет-Бұға ноян бастайды. Жан-жақты ойластырылған жорық үлкен нәтижеге жеткізеді, Бағдат пен Месопотамия жерінің жарымынан астамы моңғолдар мен одақтас армяндардың қолына көшеді. 1259 жылға қарай мұсылмандардың жалғыз паналайтын жері Мысыр еді. Ал, Мысыр 1250 жылдан бері қыпшақ мамлюктерінің билігінде болатын. Бірімен бірі тақасып келе жатқан екі армияның болашақ қақтығысында мамлюктердің саны басым түсер еді, себебі ханзада Құлағу моңғол әскерінің көп бөлігін алып Моңғолияға аттанып кеткен. Сондай-ақ  мамлюктердің стратегиялық та артықшылығы бар болатын: іргеде, шабуылға берік тиянақ болатын бай Мысыр тұр, ал моңғолдар соғыс зардабынан күйзелген Ирактан аттанып келе жатқан. Шабуылға шыққан моңғол әскерінің оң қанатында киелі қаладан айырылған, бірақ теңіз жағалауы мен тізілген қамалдарды ұстап отырған Иерусалим корольдігі тұр. Корольдіктегі тамплиерлер мен иоаниттер орденінің қолында болатын. Моңғол христиандарының одақтасы крестшілер, мамлюктерді сыйлы қонағындай қарсы алды, қаланың түбінде демалуға рұқсат беріп, өздеріне азық, аттарына шөп берді. Олар тіпті, мамлюктермен тиімді сауда келісімін жасады: мамлюктер моңғолдардан түскен жылқыны рыцарьларға арзан бағамен сататын болып келісті.

1260 жылдың 3 қыркүйегі күні Палестинадағы Айн-Джалуд деген жерде, демалып тыңайған, саны көп мамлюктер ұзақ жолдан шаршап келе жатқан 20 мың моңғол әскерін талқандады. Кет-Бұға майдан даласында қолға түсіп, сол жерде өлтірілді. Содан кейінгі 30 жылдың ішінде мамлюктер Таяу Шығысты әуелі моңғолдардан, одан кейін еуропалық крестшілерден азат етті.

Дін қарындас моңғолдарға жасаған сатқындығының салдарынан крестшілер Таяу Шығысты тастап шығып, Францияға аттануға мәжбүр болды. Бұл жерде олар өз кезегінде француз королі мен Рим папасының сатқындығының құрбаны болды. Инквизицияның тарихындағы ең қанды процесс 1307 жылдан 1313 жылға дейін созылды. Тамплиерлерге «Бафометке табынды, крестті және тағы басқа символдарды мазақ қылды, гомосексуализмнің күнәсына батты деген», және тағы басқа толып жатқан айып тағылды. «Француз абақтыларының тас қабырғаларына шынжырланған, азаптың барлық «ләззатын» татқан тамплиерлер өзінің қылмысын, осы орденнің істеген қысасынан Сирияның христиан халқы қырылғанын, көмекке келген одақтастардың жау қолынан өлгенін, және ең соңында крест жорықтарының басты мұраты – Киелі Жердің мәңгі-бақи қолдан кеткенін түсінде ме екен» — деп күйзеле сұрақ қояды Л.Гумилев.



Тамплиерлердің ісі – Еуропа тарихының бетбұрыс кезеңі


Христиан рыцарьларының моңғолдарға істеген қиянатының сырын түйсінбек болған Л.Гумилев, бұл жердегі себеп нәсілдік стереотиптерде емес дегенді айтады. Рыцарьлар мұсылман-қыпшақтармен де оп-оңай одақтаса берген ғой. Моңғолдар жайлы «Қысас әфсананы» олардың өздері, Еуропаның алдында өз сатқындығын ақтап шығу үшін ойлап шығарған. Таяу Шығыста христиандардың түбегейлі жеңіске жетуі рыцарь ордендері үшін тиімсіз еді. Себебі, осылай болған жағдайда олар варварлық Еуропаға қайтып баруға мәжбүр болатын. Ал, кірпияз мәдениетті мұсылман әмірлерімен тіл табысып үлгерген рыцарьлар, әлбетте, Еуропаға қайтқысы келмейтін.

Ал, ең басты себеп, тамплиерлер мен иоанниттердің Шығыс пен Батыс арасындағы саудаға дәнекер болып шаш етектен байығандығында еді. Оның үстіне олар өз әміршілерінен, ислам дүниесімен күреске керек деп қаншама қаржы алып отырған, мыңдаған крепостнойлардың еңбегін қанаған, орденнің қазынасына христиан әлемінің барлық түкпірінен қисапсыз салық ағылып келіп жатар еді. Францияда тамплиерлер корольдің банкирлерінің қызметін атқаратын, корольдің қазынасы Тампль резиденциясында сақтаулы болатын. Орденнің иелігінде 9 мың қамал және Кипр аралы бар еді. Осыншама мүлік орденнің екі ғасырлық ғұмырында жиналған болатын (мүшелер орденге қабылданғанда мүмин, фақыр боламыз, нәпсіден аулақ боламыз деп ант беретін болған).

Көптеген тарихшылардың пікірінше, тамплиерлердің қуғындалуына осы қисабы жоқ қазынасы себеп болған. Француз королі Көрікті Филипп, жұмсақтап айтсақ, ақшаға аса зәру еді,  міне, осы кезде оның қаржы министрі Ногарэ сол ақшаға қалай қол жеткізуге болатынын түсіндірген. Әрине, тамплиерлерге тағылған айыптың көбі нахақ емес, шын айып еді, алайда инквизицияның ең айтулы процесінің түп негізінде Король Филиптің тамплиер қазынасын иемдену ниеті жатқан. Нәтижесінде, корольдің қолына сол кездегі есеппен алғанда ақылға сыймас ақша – 12 миллион ливр тиді, оның сыртында, король, орденге жыл сайын төлеп тұратын жарты миллион ливр проценттен құтылды.

Отқа өртенердің алдында Храм Орденінің гроссмейстері Якоб де Молэ өзінің жаулары – француз королі мен папа Климент V-нің атына лағынет айтты. Екеуі де осы аутодафеден кейін бірнеше айдың ішінде қаза тапты. Арада 510 жыл өткенде көрікті Филипптің тұқымы кесілді. Капетинг әулетінің  билігі тоқтап Француз королінің тағына Валуа әулеті отырды. Бұл қанды тарихты француз жазушысы Морис Дрюон өзінің «Қарғыс атқан корольдер» атты романдар циклында бейнелеген. Қырғыннан аман қалған орден мүшелері бүкіл әлемге тарап кетті. Тамплиерлердің бір бөлігі Америкаға жетті. Бүгінде Американың масон ложалары өздерін тамплиерлердің шын мұрагеріміз деп есептейді.

Якоб де Молэны жалмаған жалын ақырсоңында басқа жазаға – король Людовик XVI-ның әйел, бала-шағасымен гильотинада бастарының шабылуына ұласты.

Еуропаның мистикалық тарихын зерттеумен айналысқан орыс ақыны Максимилиан Волошин, Францияда 1789 жылы болған буржуазиялық революция – тамплиерлердің француз корольдері әулеті мен католик шіркеуінен алған ескі кегі деген пікір айтады. Таңғажайып сәйкестіктер көзге ұшырай береді: радикал революционерлер өз мәжілістерін Әулие Якоб монастырінде өткізетін болғандықтан якобиттер деп атанған. Алайда, Храм орденінің соңғы ұлы магистрінің есімі де Якоб болатын.  Людовик XVI, орденнің бұрынғы бас резиденциясы Тампльге қамалған, осы жерден оны гильотинаға алып барған.

Революцияшыл генерал Бонапарт мамлюктердің соңғы династиясымен соғысамын деп Мысырға аттанады. Оның соңында түптеп келгенде еуропалық мысыртанудың (египтология) негізін қалаған тұтас ғылыми десант еріп жүрген. Дәл сол сәтте дұшпан ниеттегі еуропалық монархиялық мемлекеттердің  қоршауында отырған Франция үшін Мысырға аттану сонша актуальді ма еді? Бұл әскери авантюраның басқа символдық мағынасы бар деп жорамалдауға болады.

Англияға қарсы көтеріліс ашқан колония – Америкаға, революцияшыл Францияның жіберген тартуы – Бостандық Ескерткішінің (Статуя Свободы) де осындай құпия мәні бар деуге болады. Францияда жасалған, үлкен қиындықпен Жаңа Дүниеге жеткізілген, ұланғайыр еңбекпен тұғырға тұрғызылған ескерткіш, тамплиерлердің ұрпақтары билеп отырған мемлекеттің символына айналды. Францияның өзінде революционерлер священик-дінбасыларды өлтіріп қана қойған жоқ, сондай-ақ Ақылдың, Сананың Пірі – әйел кейіпіндегі құдайға табынудың рәсімін өткізетін болған. Бұл рәсімдер католик шіркеулерінде, соның ішінде, Париж Құдай Анасының Соборында өткізілген. Құдай Ананың ролін антикалық модамен киінген жас әйелдер ойнайды екен. Ең соңында, Наполеон І императордың кезінде,  1808 жылы тамплиерлер ордені жартылай зиялы ұйым ретінде қайтадан қалыпқа келтірілді.



Финанс жайлы бірер сөз


Төмендегідей жүйе көзге шалынады:  тамплиерлердің сатқындығымен Кет-Бұғаның Айн-Джалудте жеңіліске ұшырауы – христиандар мен мұсылмандардың Киелі Жер үшін күресінің ең шешуші кезеңі болып табылады. Тамплиерлерге қарсы жүргізілген инквизиция процесін көптеген тарихшылар Еуропаның тарихындағы бетбұрыс кезең деп, Еуропаның дәстүрлі өркениетінің күйреуіне және бүгінге әлемдік тәртіптің орнауына алып келген процестін кульминациясы деп есептейді.

Өзіміз көріп отырғандай, аталмыш оқиғалардың түпкі себебі,  ақша үшін, қаржы билігі үшін күрес екен: моңғолдар мен олардың одақтастары – несториан дініндегі ұйғыр көпестері Шығыс-Батыс континенталдық осіндегі Жібек Жолының ақша ағынын өз қарамағына алғысы келді, тамплиерлер Еуропаның ақшасын және Солтүстік Еуропадан басталып Таяу Шығысқа тірелетін Солтүстік-Оңтүстік бағыты бойындағы ақша ағынын қадағалап отырды. Көрікті Филипп тамплиерлерден ақшаның билігін тартып алғысы келді. Бір білгір айтқандай «әлемнің барлық құпиясы заманы жеткенде ашылмақ, бірақ финанс құпиялары уақыт өткен сайын тереңдей береді».

Кезінде ҚазМУ-дың  философиялық-экономикалық факультетінің студенттеріне, марксистік теорияға сәйкес, экономикалық дамудан жаратылыстану ғылымдарындағыдай темір жүйелі логиканы ажыратуды үйреткен. Осы мақаланың авторларының бірі, «Экономика және өндірісті ұйымдастыру» айдарымен өткізілген республикалық және бүкілодақтық олимпиадалардың жеңімпазы, бұл тарапта елеулі жетістіктерге жеткен. Алайда, «Финанс пен кредиттер» деп аталатын пәнге ғана тісіміз батпады. Адам өз бетінше бұл құбылыстың сырына ешқашан жете алмайды, бұл тараптағы өзгерістердің, аксиомадан басталып әлемдік экономикадағы нақты көрініс беруіне дейінгі аралықтағы заңдылықтарын бағдарлап, байыптап шығу мүмкін емес.

Шынымызды айтайық, осы жұмбақтың сырын түсінуге көп рет әрекет еттік. Әрине, оқулықтағы, алтын және күміс стандарт жайлы, Бреттон-Вуд конференциясы жайлы мәліметтерді жаттап алу қиын емес. Бірақ финанс процестерінің заңдылықтарын, логикасын анық тануға сол күйі жете алмадық. Финанс табиғатын түсіну үшін құн теориясын (теория стоимости), капитал мен несиелік процент (ссудный процент), биржа ойынының теориясын білу мүлдем аздық ететінін, финанс жүйесінің тауар-ақша айырбасы кезінде стихиялы түрде пайда болмағандығын, бұл тарапта логика мен статистикалық заңдылықтар ешқашан ештеңеге тиянақ болмағандығын, финанс ойынының шарттарын әлмисақта біреулердің қолдан жасағандығын, және сол ойынды ойлап шығарғандардың мүддесіне орай бұл шарттардың үнемі өзгеріп отыратындығын, бізге, қарапайым совет студенттеріне ол кезде кім түсіндіріп берер еді? Ал көлденең адам бұл шарттарды білмеу керек, себебі олар осылайша, соқыр адамша ойнап үнемі ұтылып отыруы керек. Бұл ойынның бар  мәні, бар кереметі осында. Бұл ойын осы үшін ойлап шығарылған.

Саяси экономика мен финанс жайлы оқулықтарда финанс ойындарының шын себептерінен нышан да жоқ еді, ал экономика тарихына байланысты оқулықтарда қызық үшін, ағылшын авантюрисі Джон Ло ХІХ ғасырда француз үкіметін қағаз ақша шығаруға көндіріп, тұтас бір мемлекетті қалай тонап кеткендігі жайлы мәлімет келтірілетін. Алайда, бір алаяқ тұтас бір халықты қалай алдап кетті – ол жағы кітапта түсіндірілмейтін.

Ақша тарихының мүлдем жаңа ракурсы кейіннен, мәдениеттанумен айналысқан кезде ашылды. Ұлы ғалым Ольга Фрейденберг (Борис Пастернактың немере қарындасы) өзінің тотемдік ойлау теориясының аясында, ұланғайыр материалды зерттеп отырып, ақшаның о баста көне қауымдардың сакральдық күшін бойына жинақтаған тотемдік кейіпкер ретінде пайда болатындығын дәлелдеген.

О.Фрейденбергтің теориясын қарапайымдап түсіндіретін болсақ, мәселе төмендегідей: тайпа-общинаның мүшелері ғана емес, сондай-ақ тайпаның бар меншігі де біртұтас рулық тотемнің бөлшектері болып саналады. Бұл меншіктің бір бөлігі, немесе тайпаның бір мүшесі басқа тайпаға кеткенде тотемге зарар келеді, ол әлсірейді. Бұл зиянның орнын толтыру үшін басқа тайпаның тотемінен осыған пара-пар, эквивалентті бөлік алынуы керек. Бұл эквивалент мүлік, тайпаның мүшелері немесе ақша болуы мүмкін. Ал, ақша – тотемнің суреті салынған, сол себепті тотемдік мәннің символдық өкілі болып саналатын зат қана. Сондықтан, барлық уақытта ақшаға қасиетті символдар таңбаланатын болған.

Қазақтың теңге сөзінің «тең» түбірінен тарауы тегін емес. «Тең» — теңдік, эквивалент деген сөз, сондай-ақ ол «тәңір» сөзіне әуендес. Себебі, айырбастың адалдығы, эквиваленттілігі заманында сандық қана, экономикалық қана емес, одан да биік мағынаны беретін болған.

Орта ғасырларды Еуропада жүрген шығыс ақшасының «динар» аты шумердің «дингир» («құдай») сөзімен этимологиялық тұрғыдан байланысты. Қазақтың қалыңдық үшін қалыңмал, ал өлген адам үшін құн төлеу дәстүрі о баста осы тотемдік мән алмасу жайындағы түсінікке негізделген.

О.Фрейденбергке еш байланыссыз, дәстүрлі өркениеттердегі ақшаның сакральдігі жайындағы теорияны өз бетінше ашқан адам – Рене Генон. «Түрлі дәстүрлер, ақшаны шынтуайтында басқа, рухани мағына беретін нәрсе ретінде атайды». Қазіргі кезде ақша тек қана «материалдық» және сандық қана мағына беретін болса, әу баста «мүлдем басқа мағына берген және осы мағынаны ұзақ уақыт сақтап келген». Кельттерде «тиынға таңбаланған символдардың мәнін тек қана друидтердің (абыздардың – З.Н., Т.Ә.) теориялық білімдерімен салыстырып барып ашуға болады, яғни, бұл дерек друидтердің аталмыш салаға ықпал ете алатынын айғақтайды». Көне Римде, ақша, Юнонаның храмында жасалатын болған.

Ақша өндірісін рухани билік қадағалап отырған. Және бұл көне заманда ғана болған жайт емес. Орта ғасырларда еуропалық корольдер рухани биліктің қарамағында болған. Сол заманның кейбір әміршілеріне, жасанды ақша өндірді деген айып тағылған, яғни, корольдер рухани биліктің рұқсатынсыз ақша өндіре алмаған, ақшаны өз еркімен айырбастай алмаған.

«Ақшаны қолдан өндірудің» қылмыстылығы сондай, онымен айналысқан әміршінің тақтан тайдырылуы да ғажап емес еді. Дәстүрлі өркениет инфляция дегеннің не екенін білмейтін, және бұл ақшаның аз шығарылғандығынан болған нәрсе емес.  Ең әуелі ақша сапаның символы еді, осы мағынасынан айырылған ақша жай ғана сандық көрсеткішке айналды. Ал, сан – өсуге, және осы өсу барысында мағынадан айырылуға бейім. Біз бүгінде куә болып отырған инфляция осылай өрістеген: ақшаның саны, көлемі бағамен бірге өсе береді де, ақшаның өзі құнсыздана береді.

Қазіргі адам ақшаның шын мәнісіндегі сакральдік теориясын қабылдай алмайды, себебі байырғы адамзат риясыз тура мағынасында қабылдаған ұғымдар сонша алыстап, мұнар басып, бұ дүниеде жоқ нәрсеге, тікелей қабылдауды былай қойғанда абстрактылық ойлаудың өзіне алдырмайтын жұмбаққа айналды.

Мысалға, алтынды алайық (шынына келетін болса оның орнына күмісті, ұлудың қабыршағын, немесе кез келген басқа бір затты да алуға болар еді). Біз үшін бұл – пайдалы сауда жасауға, сақтауға, кез келген сәтте қағаз ақшаға айырбастауға болатын қымбат металл. Дәстүрлі өркениет үшін алтын – Күн менен жүрек сияқты Рухтың, Биік Принциптің символы. Бұл жерде тағы да мынадай проблема туындайды: қазіргі адам үшін символ – мағынасы адамдардың арасындағы келісімнен бастау алатын шартты белгі ғана. Дәстүрлі мәдениетте символ – шартсыз, ол өзі белгілеген затпен немесе құбылыспен тікелей байланысады, бойында өзі бейнелеген зат пен құбылыстың қасиеті бар, сол себепті символ атанады. Алтында, жүректе және Күнде бір ортақ қасиет бар, сондықтан олар биік дүниенің белгісі саналады.

Әдепкі адам күнге қараса соқыр болып қалуы мүмкін, ал рухани дайындығы бар адам үшін бұл – жетілудің, өсудің жолы. Мұса пайғамбармен Құдай жанып тұрған бұта кейіпінде сөйлеседі, өйткені «Бір Алланың Дидарын» көру адамның санасына қатерлі жүк. Сол сияқты тиісті дайындықтан өтпеген адам алтынды көргенде не өз ажалын табады немесе бойында оның өзіне беймәлім төмен инстинкттер оянып есінен адасуы мүмкін. Ал, рухани адам алтынды тамашалап, қолымен ұстап көргенде Құдайдың Дидарын көргендей әсер алады, рухы жетіле түседі. Дәстүрлі өркениетте алхимияға екі түрлі көзқарас болған. Байлыққа құныққан, билікті аңсаған біреулер қолдан алтын жасамақ болып бүкіл өмірін баянсыз тәжірибе үстінде өткізер еді. Басқа біреу үшін төмен қасиетті металдардың биік қасиетті алтынға айналу процесі тек қана тазару мен кемелденудің, рухани жетілудің және ең соңында Биік Ақиқатты жүрекпен қабылдап үйренудің жолы болатын.

О. Фрейденбергтің дәлелдегініндей, архаикалық замандардағы айырбас жаулық, қарулы кескілес формасында өтетін болған. Бағасына саудаласу, және алақан соғысу содан қалған рудименттер. Айырбастың адалдығы, эквиваленттілік – сауданың пірі, адалдықты, ақтықты, келісім шарт пен анттың қатаң сақталуын қадағалап отыратын «құдайдың» «қолында» болатын. Зороастризмде бұндай қызметтің иесі Ахурамаздадан кейінгі екінші құдай, «аспан нұрының генийі», «ұлан-ғайыр жайылымдардың иесі» – Митра еді. Авеста гимндерінің бірінде Ахурамазда былай дейді: «Мен, о Спитама, ұлан-ғайыр жайылымдардың иесі Митраны жаратқанда – өзімдей етіп, құрбандық пен дұға қылуға лайық етіп жараттым… О, Спитама, сенушілермен де, сенбейтіндермен де келісімді бұзба, себебі Митра сендерге де, сенбегендерге де ортақ». Тәңірі дінінде Митраға ұқсас бейне бар, бірақ бұл басқа әңгіменің тақырыбы.

Айырбастың әскери сипаты және айырбас адалдығының сакральдік мағынасы – аталмыш екі фактор, Ж. Дюмезиль айтқандай, дәстүрлі өркениеттерде игілікті, қазынаны бөлу және айырбас ісімен әскерилердің, кшатрийлердің ерекше бір тобы айналысқандығын дәлелдейді. Материалдық өндірушілер әулетінің арасында кәсіпқой көпестердің пайда болуы дәстүрлі құрылымның, дәстүрлі болмыстың аза бастағандығының белгісі еді.

Көне дүниеде саудаға байланысты қаншама табу-тыйымдар болған. Және бұл кездейсоқ нәрсе емес. Таза пайданы қуалаған кәсіпқой сауда мен басы бос ақша бар жерде ақшаны сатуға деген құмарлық пайда болатыны белгілі ғой.

Адамдар, әсіресе, қолында билігі бар адамдар көп ретте өзінің мүмкіндігінен артық қаржығазәрү болады. Сол кезде оларға, бірде өсімқорлар, бірде айырбасшылар (менялы), бірде банкирлер деп аталатындар жолығып, өз қызметін ұсынады (Бұл жайында Д. Карасевтың «Менялы: история банковского дела» атты мақаласынан толығырақ оқуларыңызға болады (Мегаполис, 2001 ж, NN 24, 40, 44)). Дәстүрлі өркениет үшін кредиттен процент алудың қылмысты, құдайға жат іс екенін түсіндіріп жатудың керегі жоқ деп ойлаймыз. Ешкімнің басынан шертіп көрмеген Айса ғалайыссалам, храмнан айырбасшы-өсімқорларды қуып шыққанда өмірінде бірінші рет күш жұмсапты. Орта ғасырларда католик шіркеуі кредиттен процент алуға талай рет тыйым салмақ болған. Осы жайт «Құранда» да айтылған. Айырбасшылар ісінің қандай проблемаға айналғанын осыдан-ақ шамалай беріңіз. Рим императорларының алғашқы екеуі өсімқорлықпен күресеміз деп қаза тапқан. Юлий Цезарьдің өлімінің сыры да осында деген жорамал айтылады. Көне дүниенің, және бергі тарихтың қаншама әміршілері осы айырбасшы өсімқорлардың қолынан қаза тапты.

Біздің дәуіріміздің 2 мыңжылдығының басында айырбасшылар Англия экономикасын өз еркіне бағындырып, манипуляция жасап отырған. Ағылшынның алғашқы банкирлері асыл тас, алтын саудасымен, зергерлікпен айналысатын әулеттен шыққан еді. Ол кезде, қолда бар асыл тас пен алтынды зергерлерге өткізіп, олардан осыны растайтын қолхат алу дәстүрі болған. Бұндай қолхаттар алғашқы қағаз ақшаның рөлін атқарған, себебі зілдей ауыр алтын мен күміс тиындарды алып жүргеннен, қолхат алып жүрген әлдеқайда қолайлы еді. Кейіннен зергерлер, көптеген салымшылардың қолхатты қайтармайтынын,өткізген алтынын я басқа қазынасын кері сұрамайтынын байқаған. Осының арқасында айырбасшылар өздеріндегі қазынадан әлдеқайда көп қағаз ақша шығарып түрлі махинацияларға барған. Осы, алтын-күміс, асыл таспен қамтамасыз етілмеген өтірік ақшаны (необеспеченные деньги) өсімімен (процентпен) кредитке беріп қисапсыз пайда тапқан.

Ең қолайлысы – монархтарға үлкен сома ақша беру еді, себебі осының арқасында халықтан салық жинау құқығын иемденуге болатын. Айырбасшылар, әміршілерді ұзаққа созылатын, ақшаны судай шашатын ауыр соғыстарға итермелеген, және көп ретте айырбасшылардың бір ұйымының, бір банкирлер әулетінің түрлі тармақтары бір-бірімен бақас екі мемлекетті қаржыландыратын болған. Айырбасшылар, керек болғанда тұтас үкіметтерді алмастырып, қолайына жақпаған министрлер мен монархтарды өлтіріп отырған.

Ағылшын буржуазиялық революциясының басты себебі – Оливер Кромвельді қаржыландырған айырбасшылардың мүддесінде. Бұл, айырбасшылардың істеген қылмыстарын жіпке тізетін жер емес. XVI ғасырдың аяғында Англияда, үкіметтің рұқсатымен, «Англияның Банкі» деген алдамшы атпен тарихтағы алғашқы жекеменшік орталық банк пайда болды. Бұл банк өз қалауынша мемлекеттік ақшаны басып шығара беретін болған. XX ғасырдың аяғына қарай бұндай банктер бүкіл әлемнің экономикасын контроль жасап отырған. Кредит саясатын қалауынша жүргізген олар түрлі экономикалық дағдарыстар ұйымдастырып, өндіріс орындарын, фермерлерді, ұсақ жеке банктерді банкротқа ұшыратып, мүлкін тиынға сатып алатын болған.

Бірақ банк ісінің ең сұмдық құпиясы – оның адам ақылының ісі емес екендігінде. Банк – жекелеген пайда қуған адамдардың стихиялы түрде ұйымдастырған нәрсесі емес. Тарихтың көзі жетпейтін, ықылымға кеткен көне замандарда (ондаған мың жыл бұрын да болуы мүмкін) мемлекеттік финанс жүйелерін, жердегі өндірілген барлық игілікті, адам санасының барлық жетістігін жаулау, түптеп келгенде әлемдік билікті жаулау технологиясы пайда болған. Осы технология сәл-пәл ғана жетіліп ғасырдан ғасырға өтіп келе жатыр (және бұл технология белгілі бір топ адамдардың  ғана қолында). Осының арқасында әлемдегі ең бай ел – Американың байлығының 60%-і алты әулеттің ғана қолында. Әлбетте, олар  қалған 40%-і қалт жібермей қадағалап отыр. Және бұл бүкіл әлемде етек алып отырған құбылыс.

Енді, ең көне заманнан келе жатқан, әлемнің билігіне талмай ұмтылған бұлар кімдер еді деген қытықшыл сауал бас көтереді. Өзінен-өзі келіп тұрған жауап: еврейлер, масондар, және т. б. Бірақ бұл… күнде айтылатын дайын ақиқат. Бұл жауап, өзінің дайындығымен, оңайлығымен күмәнді. Әлемдік билік кланы (әулеті) шебер жасырына біледі, өйте алмаса біздің заманымызға жете алмас еді. Осы жасырынудың бір амалы  – еврей мәселесі. Әрине, бұл халықтың қолында үлкен байлық, ықпал етудің қалыптасқан амалдары бар, әлемдік менеджерлердің ең биік тобы осылардан құралған. Бірақ әлем билігі шынында да еврейлердің қолында болса, онда еврей мәселесі үнемі күн тәртібінде тұрмас еді. Билеуші әулет, яхудилік мессианизмді өз мақсатына шебер пайдаланған.

Әйтседе де, бұлар кімдер еді?

Көрнекті тарихшы Мұхтар Мағауин үлкен тарихи материалды зерделеудің нәтижесінде, бұлар жер бетіндегі бірде-бір нәсіл мен ұлтқа жатпайтын, Месопотамияның көне қалалық өркениеттерінен тамыр тартатын, шыққан тегі беймәлім әулет деген пікірге келген.

Бірде, өзінің саяжайында таңғы шәй үстінде, таң атпай бірнеше орыс газетін оқып тастаған Мұқаң осы мақаланың авторларының біріне былай деген еді:

Міне, қара, Россияның газеттері қайтадан еврей мәселесін қозғап жатыр. Және барлығы бірдей «Сион пайғамбарларының протоколдарына» сілтеме жасайды. Бұның кәдімгі фальсификация екенін қалай түсінбейді, таңым бар. Израиль алақандай Палестинаны жеңе алмай отыр, еврейлердің әлемді билеп отырғанына кім сенеді? Мынау, «Сион пайғамбарларының протоколдары» деген нәрсені, шамасы Еуропа елдерінің құпия қызметтері «тиянақтап» шығарған. Ал, материал кәдімгі Библиядағы «Көне өсиет» – «Ветхий Заветтен» алынған.

Олай болса әлемді кім билеп отыр? – дедім мен қалжыңдап.

Мұхаң бір сәтке ойланып қалды да былай деді:

Әлемді ат төбеліндей еврей банкирлері емес – адамның алтынға, ақшаға, жалпы байлыққа деген ықылас-пейілі билеп отыр. Әрине, еврейлер талантты, ауқатты халық. Бірақ олар ешқашан әлемді билемеген, билікке ұмтылмаған. Моңғолдар жайындағы «қысас әфсана» сияқты, бұл протоколдар да еврейлер жайындағы «қысас әфсана». Тарих сахнасына бір рет болса да шыққан кез келген халықтан бұндай мессиандық идеяларды табуға болады. Мысалға, Россия, әлі күнге дейін «үшінші Рим» идеясымен «ауырады». Англия өзінің колонияларын кеше ғана тастап шықты. Ақшаның, капиталдың тарихын зерттегісі келетін адам аталмыш «протоколдар» сияқты өсек-аяңмен емес, келелі материалмен жұмыс істеуі керек.

Ол материалдар не дейді екен? – деп сұрадым мен.

Із көне Вавилон (Бабыл), Ассирия мен Шумер, Месопотамияға барып тіреледі. Әлемдік капитал Ниневия сияқты қалаларда қалыптасқан. Бұл жайында үзік-үзік мәліметтерді көне әдеби шығармалардан табуға болады. Месопотамия – кәдімгі жай мысты яки басқа металды алтынға айналдыра алатын дуахан-сиқыршылардың отаны. Қазақтар бұл жерді Ғажам деп, яғни, қаскөй аруақтар мен жадыгөйлердің мекені деп атаған…


«Мың бір түн» жинағында «Хасан-зергер» деген ертегі бар. Хасанға, мыстан алтын жасап көрсеткен сиқыршы, оны алдап ертіп апарып биік таудың басында қалдырып кетеді. Қазақтар асылдан бұйым жасаған адамды «зергер» деген, ал асыл тас пен алтын саудасымен айналысқан адамды «гаухарпруш» деген. Хасан – зергер адам, ал оны алдап кеткен гаухарпруш, кітапшы сиқыршы – ол сол айырбасшыңыз, болашақ банкиріңіз.

А. Немировскийдің «Ханна, Хурри – Ханигальбаат и касситская Вавилония в XVI до н. э. (К истории «темного века» древней Месопотамии)» деген тамаша мақаласы М. Мағауиннің айтқан сөзін бекіте түседі.

Француз дәстүршіл-традиционалисі Александр де Даннан сакральдік текстер мен эзотерикалық материалдарды зерттей отырып тура осындай қорытындыларға келеді. Ол түрлі дәстүрлерде кездесетін, жолдан тайған, ақырсоңында адам тайпасының ұрғашыларымен некелескен, оларға магия, астрология, қару-жарақ жарату, зергерлік өнерді және … косметика жасауды үйреткен періштелер жайындағы (Енохтың кітабы) текстерге сүйенген. Осылардың қатарында, Александр де Даннан, ассир-вавилондық діни әулеттен шыққан, сексуалдық культтермен айналысатын абыз әйелдер коллегиясын атап кетеді. Сондай-ақ, ол Плутархтың еңбегінен Мысырдағы құпия сексуалдық культтер жайында цитата келтіреді. Зерттеушінің пікірінше осындай ырымдар мен культтердің нәтижесінде контринициациялық орталықтар пайда болған. Бұл династиялар магия және қаржы спекуляциясы арқылы, пара мен қан төгу арқылы қажымай талмай, жүйелі түрде әлемдік билікке ұмтылған, адамзатты аздырып оны Жаратушыға қарсы қойған.

Мақаланың авторлары, бұл күнде бүкіл әлемдік модаға айналған конспирологияға әуестенбейтін адамдар. Бірақ қазақ зерттеушісі мен француз зерттеушісінің – түрлі материалмен, және түрлі методологиямен жұмыс істеген, түрлі дүниетаным өкілдерінің бірдей қорытындыға келуі – әрине, адамды қайран қалдырады.



Жібек жолы: екі финанс жүйесінің құпия күресі


Біз Кет-Бұғаның, тамплиерлер мен мамлюктердің тарихынан сәл қиыс кетіп қалдық. Бірақ, біздің ойымызша, жоғарыда келтірілген мәлімет, Айн Джалудта болған қантөгістің, асылық айтты демеңіз, бүкіл әлемнің тарихын мүлдем басқа арнаға бұрған трагедияның мәнін айқындау үшін керек.

Ұлы Жібек Жолының бойында түрлі елдердің көпестері сауда жасады, мұсылман елдерінің, Қытай, Венеция, Генуяның, ұйғыр несториандарының көпестік капиталдары бәсекеге түсті. Бірақ Жібек Жолын ежелден 2-3 сауда үйі ғана қадағалап отырды. Б.д. І-ші мыңжылдығының аяғына қарай Португалияда немесе Мысырда осы сауда үйлерінің біріне ақшаны өткізіп, қолға аккредитив алып, бүкіл құрлықты кесіп өтіп Қытайда сол чекті қайтадан ақшаға айналдыруға болатын еді. Айырбасшылар  сол кездегі Англияда емін-еркін жүрген болса, мұсылман елдеріндегі құқығы одан да зор еді. Құран өсімқорлыққа қатаң тыйым салғанымен, ислам мемлекеттері дін бостандығын ұстанды.

Нәтижесінде ислам мемлекеттерінде яхудилер және солардың дініне кіргендердің дәуірі жүрді, олар халықтың ең ауқатты бөлігіне айналды. Испан халифатында олар қаржы жүйесін билеп, тіпті, министрлік қызметтерге отырды. Аналогия бойынша басқа ислам мемлекеттерінде де осылай болды деп жорамалдауға болады. Мысалға, Мысырды алайық: негізгі халық – христиан дініндегі феллахтар мен коһттар, базарда араб көпестері сауда жасайды, майданға барып соғысатындар – қыпшақ пен шеркестен алынған мемлекеттік құлдар, алтын сарайда күрдтің Аюп династиясынан шыққан әмірлер билік құрып отыр. Ақырcоңында қыпшақтар мемлекеттік билікті өз қолдарына алды.

«Мысыр этникалық химераға – бір-бірімен қиыспайтын элементтердің жиынтығына айналуы керек еді, бірақ бұлай болмады. Бұл элементтер бір-бірінен бөлек, симбиозда өмір сүрді, сол себепті әлеуметтік жүйе бұзылмай сақталды», – деп жазады Л.Гумилев. Бірақ бір ұлттан, бір діннен ғана тұратын (сол кездегі Мысырмен салыстырғанда) және дін бостандығын ұстанбаған Англияда келімсек айырбасшылар (менялы) католик шіркеуінің заңдарын, инквизицияны айналып өтіп, бүкіл мемлекеттің экономикасын бағдарлап отырғанда, финанс жайлы шамалы ғана түсінігі бар келімсек  құлдар билеген, көпнәсілді, көпдінді елдің халі нешік деген заңды сұрақ туады. Сол сұлтандар мен әмірлердің ақшаға деген зәрулігі еуропалық монархтардан еш кем емес еді, себебі соғысқа жарамды жас, әлеуетті құлдар өте қымбат тұратын. Мысырдың тарихи жолының ерекшелігін, ол жердегі табыну (культ) орындарының, құпия секталардың, магиялық практикалардың көптігін ескеретін болсақ, онда, осының барлығын кім бағдарлап отырды деген сауал бас көтереді.

Осыны Месопотамия өңірі туралы да айтуға болар еді. «Мың бір түн» ертегілерін айтатын қазақтың әңгімешіл қариялары, әсіресе Ғажамнан шыққан кітаби дуахандар, жадыгөйлерге баса назар аударатын. Бағдаттың құпия полициясы – қулар жайындағы ертегілерде яхуди Азраның сиқырмен өз жауларын есекке айналдырып, жұмыс істетіп қойғанын суреттейтін эпизод бар. Қариялар Азраның жойыт емес екенін ерекше атап кететін болған, себебі, яхудилер деп осы дінге кіріп, оның барлық игілігін пайдаланған адамдарды да атайды екен.

Енді тамплиерлерге келетін болсақ, олар христианның ең бай ордені, және француз қазынасан сақтаушы ғана емес еді.

Р.Генонның айтысына қарағанда, бұл әскери-рухани орден христиандық Еуропадағы ақшаның қозғалысын қадағалап отырған. Көрікті Филипп өзінің банкирлері – тамплиерлерге жай ғана қарыз емес еді. Өзінің билігін күшейтпек мақсатта ол феодал-сеньорлармен үнемі жаулық үстінде болды, сондай-ақ, фламандтықтармен және ағылшындармен үздіксіз соғыс жүргізіп отырды.  Айырбасшылардың мұндай жағдайда аса дәуірлейтінін жоғарыда айтып кеттік. Тығырықтан шығу үшін король, еврейлердің бүкіл мүлкін тәркілеп, өздерін елден қуып жіберді. Содан соң ол бағасы төмен, құнсыз ақша шығара бастады. Тамплиерлер оған өтірік ақша шығарды деп айып тақты. Филипп, орденнің басшылығына өзінің ұлдарының бірін тағайындап, амал таппақ болды. Бұл әрекеті іске аспаған ол ең соңғы амалға көшті, инквизицияның көмегімен айыптаушылардың өзін жойып, бүкіл қазынасын қолына алды. Тағы бір айта кететін жайт, – осы қанды қырғынның басы-қасында болған финанс министрі Ногарэнің өзі инквизицияның қолынан қаза тапқан  катар әүлетінен шыққан дінбұзар-еретиктің немересі еді. Шамасы, ол католик дінінің бір тірегін жойғанда атасының кегін қуған.

Алайда тамплиерлердің өзін періште деп айту қиын еді. Абыройы биік, ықпалды, бай орденге әркім-ақ мүше болғысы келген, бұл жерде талай пысық, авантюрист-алаяққа жол ашық еді. Орден шіріп құлауға шақ тұрған. Христиан өркениетінің сакральдық негіздерінің, финанс жүйесінің сақшысы тамплиерлер сеньорларға өсімге (процентке) ақша бергені, яғни, өздері күресуге, тоқтатуға тиіс іспен өздері айналысқаны белгілі. Рыцарьлар орденге мүшелікке алынғанда мүмин, фақыр боламыз, нәпсіден аулақ боламыз деп ант бергенімен, шынтуайтына келгенде байлыққа, күнә мен зинаға белшесінен батқан, өздерін заңнан және христиан әміршілерінен биік санаған.

Бірақ ең қызығы сот процесі кезінде тамплиерлерге «вавилон сұлтанымен» анда-одақтас болдыңдар, бүкіл христиан жұртын соның табанының астына салып берем деп ант бердіңдер деген айып тағылған. Әрине, бұндай айып – ақылға сыймайтын абсурд. Алайда, тамплиерлердің мұсылман әмірлерімен күнде қатынасып тұрғанын, инквизиция Таяу Шығыстың саяси картасын жақсы білгендігін, және даңқты орденді түбегейлі жою үшін ақылға әлдеқайда қонымды айып тағуға (мысалы, исмаилит-ассасиндермен яки басқа террористік ұйымдармен тіл табыстыңдар деп неге айыптамасқа) мүдделі екенін ескеретін болсақ, онда инквизицияның бұл айыптау жүйесінің басқа бір астары ашылатындай.

Біз үшін ақылға сыймайтын айыптың ол кезде әлдебір, біз ұмытқан символдық мағынасы болғаны анық. Оның үстіне, тамплиерлер моңғолдарды христиан санамаған күннің өзінде, ең қарапайым адамдық мүддеге сай, олар моңғол мен мамлюк соғысында бейтарап саясат ұстану керек еді, себебі олар моңғолдардың да, мамлюктердің де барынша қансырағанына мүдделі болатын, сондықтан бұл қантөгісте кім жеңсе де олардың ұпайы түгел болар еді. Дәл сол сәтте күші сәл ғана артықтау мамлюктерді қолдаған тамплиерлер өз ажалына жол ашты. Бұл – орденнің жай ғана азғандығының белгісі емес, бұл оның әлдебір ешкім білмейтін үшінші жақтың қолындағы мылқау қару болғандығын айғақтайтын дәлел.

Осыдан 700 жыл бұрын болған тамплиерлердің сот процесі жайында Батыста әлі күнге дейін дау-дамай жүріп жатыр, бұл тақырыпқа қаншама кітап жазылды. Еуропа мен Таяу Шығыстағы ақша айналымы мен қаржы жүйесін қадағалап отыруға міндетті Орденнің құлауын тарихшылар Еуропаның, және одан кейін бүкіл әлемнің дәстүрлі өркениетінің күйреуіне жол ашқан бетбұрыс оқиға деп есептейді. Орденнің азып-тозуы оның талайсыз ажалынан бұрын басталған. Храм Ордені Еуропаның бүкіл сакральдық өркениеті сияқты іштен іріді. Тамплиерлердің одақтас моңғолдарға істеген сатқындығы, француз королі мен Рим папасының істеген істері – осының айнымас айғағы. Айырбасшылар (менялы) барлық ықпалды адамдарды өз қарамағына алды, ал қалған тарих – осының салдары ғана. Сакральдік (киелі)  финанс жүйесі мен дәстүрлі өркениетке қарсы күштердің қалыптастырған финанс жүйесінің арасында мыңдаған жылдарға созылған күрес соңғысының жеңісімен аяқталды. Және контринициациялық күштер бұл күресте магияны емес – адамның пенделігі мен әлсіздігін шебер пайдаланды. Бұл жүйе күні бүгінге дейін сақталып отыр.



Кет-Бұғаның құпия миссиясы


Осы оқиғадағы Кет-Бұғаның орны қандай еді? Ол шынынды да, Л.Гумилев айтқандай Жаратушының табытын құтқаруға бара жатқан соңғы христиан баһадүрі ме еді? «Сары крест жорығы» («Желтый крестовый поход»), моңғол идеализмінің, құпия күштердің жүргізген лас финанс ойындарына жолыққан себепті жеңіліске ұшырағаны ма? Яхуди-христиан әлемінің әлсіреп бара жатқан сакральдік өркениеті және әлемдік билікке талмай ұмтылып келе жатқан айырбасшылармен екі арадағы күресі қалай аяқталуы керек еді? Кім біліпті. Бірақ біз бұдан тиісті сабақ алуымыз керек, қазақ ұлты әлемде болып жатқан оқиғаларды риясыз, саналы түрде қабылдап, әдемі идеялардың тасасындағы құпия себептер мен түрлі мүдделердің тартысын ажыратып үйренуі керек.

Кет-Бұға мен оның жауынгерлері бөгде біреулердің жүргізген ойынындағы мылқау қару емес еді. Бұлай деуге үлкен негіз бар. Әрине, ол несториандық еді, бірақ ол ең әуелі Құлағу ханның қолбасшысы болатын, сахараның перзенті болатын. Кезінде В.Рубрук хан ордасына келгенде, Бату ханның ұлы Сартақтың христиан екенін біле тұра ол қандай дінде еді деп сұрайды. Сонда Сартақтың хатшысы: «Ол христиан емес, ол моңғол» деп жауап беріпті. Еуропалық саяхатшы, моңғолдар этнос пен діннің арасын ажыратпайды деп бұлқан-талқан болады. Л.Гумилевтің айтысына қарағанда, әңгіме мүлдем басқа нәрседе – байырғы моңғол діні жайында еді. «Біз, моңғолдар Бір Жаратушыға ғана сенеміз, ал оның әмірін өз сәуегейлеріміз арқылы білеміз» дейді екен моңғолдар. Сартаққа байланысты айтылғандардың Кет-Бұғаға да қатысы бар.

Көшпелілер үшін христиандық – жапсарлас басқа діндер, мысалы, ислам сияқты ілкі, біртұтас діннің бір кебі, тарихи формасы ғана. Кезінде осы мақаланың авторларының бірі жолы түсіп Л. Гумилевтің үйінде қонақ болды. Әңгіме оның өзі жақсы көретін өткен заман қаһармандарының бірі – Кет-Бұға ноян жайлы болды. Лев Николаевич, Кет-Бұғаның қолбасшы ғана емес, дәулескер күйші болғанын, оның шығармаларының қазақ даласында күні бүгінге дейін орындалып келгенін естіп қайран қалған. Аз-кем үнсіздіктен кейін ол былай деген еді: «Иә, әрине, Кет-Бұға сахараның перзенті ғой, яғни, жауынгер де, ақын да болған. Ол заманда өмір мен өнер, эпос пен майдан даласындағы ерлік бір-ақ нәрсе еді ғой».

Ұлы ғалымның бұл сөзінен даланың ұлдары – көшпелілерге деген асқақ, ізгі махаббаты танылады. Бірақ бұл мәліметті аяғына дейін пайымдай алмағаны байқалады. Қобызшы Кет-Бұға Тәңірінің күбірін ести алатын, Тәңірі дініндегі адам. Ұлы жырау, ұлы күйші болу – көшпелі өркениеттің эзотерикалық дәстүріне теліну, қанық болу деген сөз. Шыңғыс ханды алға жетелеген көшпелінің көне түйсігі, көне миссиясы, Кет-Бұғаны да жетелеген. Ол, өзі дүниеге келерден мыңдаған жыл бұрын салынған жолмен жүрді. Ғажам мен Мысыр, жеткен жетістіктерінен мейманасы тасып, ақырсоңында Бір Жаратушыға қарсы шыққан Атлантидадан тамыр тартатын контринициацияның, кітаби сиқыршылықтың, дуахандықтың, құдайдың заңын теріске шығаратын төмен алхимияның ежелгі құпия орталықтары болып саналады (оқырман бұл сөзді дұрыс түсіну үшін, жоғарыда айтылған Иранның екі түрлі бейнесі жайындағы пікірімізді есіне саламыз. Бұл пікірдің Мысырға да қатысы бар).

«Жабайы» көшпелілер ізгілік тұрғысынан алғанда өзінің «мәдениетті» дұшпандарынан әлдеқайда биік еді. Семит пайғамбарларының аянында айтылған, отырықшы халықтар күнделікті бұзып отыратын кісілік салттары, көшпелілер үшін айтуды, талқылауды, негіздеуді, фәлсафаның тақырыбына айналдыруды керек етпейтін табиғи, өз өзінен болуға тиісті нәрсе саналады. Көшпеліліктің дәуірлеген кезінде Адалдық пен Намыс архетипіне негізделетін әскери мораль осындай болатын. Мысалы, көшпелілер гомосексуализмді табиғат заңына, Жаратушыға қарсы іс, қиянат деп санаған. XX ғасырдың өзінде қазақтар осындай қылық үстінде байқалып қалған төрт түлік малды да, жабайы аңды да аямайтын болған. Олардың етін тіпті, итке де жегізбеген, өртеп жіберетін болған. Моңғолдардың, жаулаған қалаларда ең әуелі, Құран мен Библияның тыйым салғанына қарамастан Шығыс пен Батыста қаптап кеткен гомосексуалистердің былапытханаларынқиратқандары белгілі.

Мета-тарихи деңгейден алып қарағанда Кет-Бұғаның жорығы болмай қоймайтын нәрсе еді. Бұл, Жаратушының өсиеттерінен барған сайын алшақтап бара жатқан «кітаби нәсілді» жөнге салуды ғана емес, бұл ең әуелі айырбасшылардың билігін тежеп, дүниені азып-тозудан, күйреуден сақтауды көздеген жорық болатын.

Бұл жорамалымыздың негізі неде?

Дүниедегі ілкі тәртіп пен жарасымды сақтап отыруға жаратылған, Тәңірінің өз әскері атанған көшпелілер, контринициациялық орталықтардың Евразиялық дәстүрлі өркениеттерді күйретуге бағытталған осыншама кең көлемді, жүйелі әрекетіне жауап қайтармауы мүмкін емес еді.

«Жылан қайыс» әскери инициациялық ырымының формасы оның бірегейлігі мен көнелігі жайында хабар береді. Көшпелі жауынгерге қару-жарақпен бірге тапсырылатын миссияны, көне текстер «жолдан тайған періштелер» атандырғандардың Құдайға қарсы, антисакральдік миссиясымен салғастырмау мүмкін емес (бұлардың, контринициациялық нәсілдерге магияны, теміршілікті, қару-жарақ жасауды үйреткені белгілі). Мәдениеттанушылар атап кетіп отыратын, түрлі халықтардың мифологиясындағы ұсталық, теміршілік өнерге деген амбивалентті (екі түрлі) қатынасы, осы өнердің түрлі қолдардан алынғандығымен, дәлірек айтқанда, түрлі нәсілдің өнерден түрлі мұрат іздейтіндігімен түсіндіруге болады.

Жоғарыда айтқанымыздай, материалдық игіліктер мен ақшаның айналысын қадағалау әскери әулеттің ерекше бір тобының функциясы болып саналады, демек, континентальдік масштабта бұл  түрік-моңғол көшпелілерінің міндеті болып табылады деп жорамалдауға болады. Көшпелілердің үнемі Жібек Жолы – Евразияның бар қазына игілігінің  жылжитын жолының билігіне ұмтылып отыруын осылайша ғана түсіндіруге болады.

Әрине, бізде қолмен қойғандай дерек жоқ, және де бола қояр ма екен. Бірақ жазба мәліметтен кенде емес еуропалық өркениеттің өзінде, ақша саласына рухани контроль жасап отырған тамплиерлердің рөлі жанама деректер арқылы ғана түсіндіріледі. Жорамалымызға дәлел ретінде, сахараның көшпелі өркениетінің жалпылық сипаты мен ақшаның сакральдік табиғатына, алтынға деген қатынасын атап кеткіміз келеді. Орталық Азияның көшпелілері жай ғана кшатрийлер емес еді, олардың мінезінде абыздарға (брахмандарға) тән болмыс сырына шомушылық, күйкіліктен, байлықтан, жалпы фәнилік керектен биік қасиеттер бар еді, яғни, көшпелілер әскери- рухани орденнің сипаттарына ие болатын. Көне тарихшылардың өздері көшпелілердің алтынға деген салғырттығын, селқостығын байқап, атап кеткен.

Бұған қосарымыз: сахара құйма алтынға қашанда бай болған, көшпелілер алтынды бағалаған, одан қаншама бағалы мүліктер дайындайтын болған (сакральдік символикамен безендірілген бұл алтын «скиф алтыны» деп аталады). ХХ ғасырға дейін қазақтар сахараның алтын тамырлы өзендері жайында жақсы хабардар болған. Олар алтынды төмендегідей амалмен өндірген: жаздың басында өзеннің табанына кептірілген, жүні қалың қой терісін төсеп ауыр тастармен бастырып кетеді. Біраз уақыт өтіп, судың беті көпірши бастағанда жидіген теріні судан алып қайыра кептіреді. Содан соң терінің жүнін қырқып алып отқа жағады. Осы операциялардың нәтижесінде бір теріден кейде баланың жұдырығындай, кейде бір тайтұяқ алтын түседі екен. Әрине, бұл қоспасы бар алтын, кейіннен ұстаға, зергерге беріледі, саф алтынға айналдырылады. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында, қазақтар керек болғанда мұндай алтынды орыстың алтын приисктеріне өткізіп, орнына ақша алатын болған.

Алтын жайында елдің бәрі білген десек өтірік айтқандық болмас. Бірақ ол белгілі бір жағдайда ғана (қыз ұзатып, жасауына алтын- күміс білезік соғу, тойдағы сайысшыларға жамбы құю керек болғанда) өндірілетін болған. Осындай оңайға түсетін алтын жайы басқа елде, немесе қазіргі Қазақстанда белгілі болса, қандай «алтын безгегінің» («золотая лихорадка») өршитінін елестету қиын емес. Көшпелілердің алтынға «немқұрайды» болуы, шынтуайтында олардың алтынды сакральдік металл деп бағалауын, және олардың бойында, әлсіз адамның бойында болатын төмен инстинкттердің жоқтығын көрсетеді.

Ал, алтын жинайтын тері – бұл сол баяғы, айдаһарлар күзететін, Ясон бастаған аргонавттар басын бәйгеге тігіп, сонау Эллададан Колхидаға, Кавказға іздеп келетін «алтын тері» («золотое руно»), мифологияда биік рухани аянның, қатерлі, ауыр рухани ерліктің символы болған алтын тері. Көне грек тарихшыларының Алтайдағы «алтын күзеткен құзғындар» («грифоны стерегущие золото») жайлы айтқан аңыздары өзінің арнайы зерттеушісін күтіп тұр.

Әңгіме мифология жайына ауысқан екен, бұл жерде сауданы, жолға шыққан жолаушыны желеп-жебейтін пір, Олимптегі құдайлар мен жердегі адамдардың арасына дәнекер болатын Меркурийдің қолындағы асасы – кадуцей жайлы айтпай кетуге болмас. Осы уақытқа дейін әділ сауда мен айырбастың, дау-дамайдың бейбіт шешімінің символы болып сақталған бұл аса әубаста гиперборейлік күн құдайы Аполлонның мал бағатын ағаш таяғы болған, бұл таяқтың грекше аты «керюкей». Қазақтар жылқышының таяғын құрық дейтіні белгілі.

Түрік-монғол көшпелілері Тасты басқа болмыстан бұрын жаратылған, Тәңірінің жердегі бір кебі деп, адам мен болмыстың биік бастауының символы, келісім мен анттың киесі деп ұққан. Тасқа бұлайша табыну, заманында, бүкіл адамзатқа ортақ дәстүр болған. Бұны зороастр дініндегілердің жайылым иесі Митраға, римдіктердің этрусктерден мұраланған дәстүрі, иеліктердің арасындағы меже тас («Термин»), және мұсылмандардың қара тас Қағбаға табынуынан көруге болады. Яғни, жауынгер көшпелі үшін келісімді адал сақтау, және сауда мен айырбастың адалдығы сакральдік қатардағы құндылықтар саналған.

Қазақтың дәстүрлі металлургиясының технологиясы мен терминологиясына зер сала отырып, көшпелілерде алхимияның болғанын шамалау қиын емес. Магия мағынасындағы, құдайға қарсы амалмен баюды көздейтін алхимия емес, өлімнің сынынан өткізу арқылы адамның және заттардың түпкі табиғатын ашатын сакральдік рухани практика мағынасындағы алхимия. Көшпелілердің әскери серіктестіктеріндегі инициацияның шебері – осы алхимияны меңгерген ұста, дархан болып табылады, яғни, киелі қару мен ақша жасалатын, әшекей соғылатын металдың символизмі Орталық Азиядағы көшпелілердің әскери одақтарына жат емес еді. Есіктен табылған Алтын адам – осының айғағы. Сондай- ақ Шығыс пен Батыста бірдей жүрген тиынның «динар» аталуы да тегін емес (бұл сөздің сакральдік этимологиясын жоғарыда сөз еткенбіз).

Өз миссиясын орындау барысында, көшпелілер тек сакральдік мәліметке ғана емес, күнделікті өмірдің тәжірибесіне де сүйенген, себебі олар Жібек Жолының тіршілігіне қатысып отырған. Моңғолдардың одақтастары, информаторлары мен тыңшылары ұйғыр және мұсылман көпестері болғаны белгілі (бұл іске батыстық және қытай әріптестердің де қатысуы ғажап емес). Көптеген авторлар, моңғолдардың әскери операцияларға ұзақ дайындалатынын, болашақта жауламақ елдердің жолдарын, климатын, саяси және экономикалық ахуалын қапысыз зерттейтінін айтады.

Көшпелілер ежелден далалық барлаудың (полевая разведка) ғана емес, интеллектуалдық барлаудың да (интеллектуальная разведка) тәсілдерін меңгерген. Қытай рыногының конъюнктурасын байыптай отырып, көшпелілер, қытай армиясының қашан және қай тарапқа аттанатынын, жорыққа қанша адам қатысатынын шамамен есептеп шығаратын болған. Әрине, бұл жерде көшпелілердің өздеріне ғана тән тіл алудың амалдарын да (мысалы, сәуегей бақсылардың көмегімен) ұмытпауымыз керек.

Эренджен Хара-Даван өзінің «Чингис-хан как полководец и государственный деятель» атты кітабында мынандай дерек келтіреді: Оңтүстік Қытаймен арадағы соғыста Сүбүтай бахадүрдің ұлы Урянх Қаданға 100 мың әскерді бастап, Қытайды ту сыртынан айналып өтіп, солтүстіктегі негізгі монғол армиясымен бірге оңтүстіктен шабуылға шығу тапсырылады. Айналма маневрге 5 жыл уақыт кетіпті. Моңғол армиясы ешкімнің көзіне түспей, Қиыр Шығыс пен Шығыс Тибет арқылы жүріп, жолшыбай Тонкин мен Аннам корольдіктерін бағындырып Үнді-Қытайға өтеді. Ұрыстарда және тропикалық аурулардан 80 мың жауынгер өліпті. Олардың орнын Үнді- Қытайдың жергілікті халқынан жасақталған жаяу әскер толтырады.

Урянх-Қаданның шерігі мыңдаған километр солтүстікте жатқан моңғолдың бас әскерімен бірге шабуылға шығады. Бұл қалай мүмкін болған? Қытайдың құпия полициясының дамығандығы сондай, бірде бір жансыз, я тыңшы империяның жерін кесіп өте алмас еді. Көгершін поштасын пайдалану да мүмкін емес: қытайдың бүкіл территориясы шаршыларға бөлінген, әр шаршыны арнайы дайындықтан өткен қаршығалар қадағалап отырар еді. Сондықтан, көшпелілердің мәлімет алу тәсілдерін басқа тараптан зерделеген жөн.

Кет-Бұғаның соңғы жорыққа аттанғанда нақты қандай тапсырма алғанын білу, әрине, мүмкін емес, бірақ біз, Шыңғыс хан оятқан Намыс пен Аспандағы Биік Иеге деген адалдықтың арқасында өзінен әлденеше есе көп жауды қирата жеңген, бір ғасырға толмайтын уақыттың ішінде континенттің этникалық және саяси картасын қайтадан сызып шыққан, әлемдік тарихтың кеңістігін қайтадан жаратқан ер бабаларымыздың атына аз да болса лайық болғымыз келсе, онда біз өзімізге телінген жабайы, примитив стереотиптерден арылуымыз керек.

Кет-Бұға өзінің асыл арманына жете алмағанымен, әйтседе Жібек Жолының көп бөлігі Шыңғыс хан ұрпақтарының қолына көшті. Олардың құпия жаулары өздерінің жоспарларын іске асыру үшін басқа жол іздеуге мәжбүр болды. Осылайша теңізшілік дамыды. Ұлы географиялық «жаңалықтар» мен жер шарын айналған ұлы саяхаттар заманы басталды. Ресми «тарихшылар» бұны өзінің интуциясына және жердің дөңгелек екеніне сенген жекелеген адамдардың көзсіз ерлігі деп түсіндіреді. Бірақ Америка құрлығы мен Ескі Дүние (Старый Свет) арасында ежелден бері үздіксіз қатынас болғандығын дәлелдейтін деректер жеткілікті. Өзінің әйгілі саяхатына аттанып бара жатқан Колумбтың қолында Атлантика мен Американың атлантикалық жағалауының (Гренландиядан бастап, Антарктидаға дейінгі аралық) егжей-тегжейлі картасы болған. Бұл мәліметтер сан ғасыр жасырулы жатқан, ақырында белгілі бір адамдар көшпелілердің қарымы жетпейтін жаңа жолдар, жаңа жерлер ашу керек деп шешкенде, тығулы жатқан жерінен жарыққа шығарылған. Жаңа Дүниенің (Новый Свет) «ашылуы» әлемнің құпия билеушілерінің әмірін күшейтті, байлығын көбейтті. Бірақ Жаңа Дүниенің байырғы тұрғындары үшін геноцид, қорлық пен құлдық, тонау мен талаудың заманы келді.


Дәуір соңындағы көшпелі рух.


Кет-Бұғаның жалғыз баласы Батыл есімді оғлан, әкесі Палестина жорығында жүрген кезде, жұмбақ өліммен өлген. Ұлының өлгенін естіген Кет-Бұға «Сынған Бұғы» деген қайғылы күй шығарыпты. Біз үшін бұл трагедияның ауызекі дәстүрде қалай интерпретацияланғандығы қызғылықты. «Сынған Бұғы» күйінің аңызы төмендегідей: сахараға әлдебір елден сауда керуені келеді. Керуенде айдай сұлу бір қыз бар екен. Батыл соны көріп құмарланады. Қыз, кешке өзеннің бойындағы қамыс ішінде кездесейік дейді. Бұл қыз су елі патшасының қызы екен, жігітті су астына сүйреп кетпек болады. Бірақ жігіт қатты қарсылық қылады, ақырында қыз оны қапияда садақпен атып өлтіреді. Қайғылы хабарды Кет-Бұға Мысыр әмірінің сарайында масаттанып отырғанда естіпті.

Аңыз осыдан 7 ғасыр бұрын болған оқиғаны қалай талдағанымен қызықты. Бұғы – гиперборейлік, солярлік символ, «Сынған Бұғы» — сатқындықтың салдарынан су елі Атлантиданың саудагерлерінен жеңілген көшпелі өркениет. Аңыз бойынша Шыңғыс хан Мысырда жүрген қолбасшысына қаралы хабар жібереді. Шыңғыс ханның жанында жүрген жырау – басқа Кет-Бұға. Бірақ аңыздық символдың мағынасы шын өмірдің ұсақ-түйек деректерінен үстем тұр. Аңыз көшпелі өркениеттің күйрегенін, қаһарман ғасырдың күнінің батқанын, сакральдік құндылықтардың ендігі жерде болашағы жоқ екенін баян етеді. Алайда, аңыздың аяғында әділеттен үміт пайда болады: Шыңғыс хан су елінің саудагерлеріне қызды алып келуді жарлық қылады да, басын шабады.

«Осыдан кейін дегеніміз, осының салдарынан деген сөз емес» дейтін логикалық қағида бар, яғни, уақыт аясындағы бірізділік әлі себеп-салдарлық байланыс емес. Көптеген мұсылман авторлар ортағасырлық ислам өркениетінің өшуін моңғол шапқыншылығының салдары деп есептейді. Олай болса ондаған жылдарға созылған күйзелістен кейін, ислам мемлекеттері неге тазарып, жасарып-жаңғырып дүниеге қайта келмеді, ислам өркениеті аясындағы сауда мен  интеллектуалдық айырбас неге тоқтап қалды деген сауал туады. Көшпелілер тарапынан болатын қауіптен бой тартқан себепті, Жібек Жолының құпия әміршілері – банкирлер, бұл жолдың енді болашағы жоқ деп шешкендіктен осылай болған жоқ па екен? Банкирлер, бұл территорияны әлемдік айналыстан шығарып тастау керек деп шешті.

Ислам әлемі элитасының, әсіресе, Хорезм билеушілерінің күнәсі моңғолдардан ешбір кем емес, себебі олар Пайғамбардың айтып кеткен өсиетін бұзды, көшпелі халықтардың ары мен ожданын таптамақ болды. Кім біледі, бұл өсиет аяғына дейін орындалғанда ислам дүниесі мен көшпелілер бір-бірімен ұғынысуға мүмкіндік алар ма еді, ортақ жауға бірге тізе қосып шабар ма еді. Бір кезде көшпелілер жайында «қысас әфсананы» ойлап шығарғандар, енді сол үрдісті пайдаланып ислам терроризмі мен фундаментализмінің құбыжық бейнесін сомдап жатыр.

Болған тарихтың сакральдік себептерін анықтауға өресі жетпегендіктен мәселені біржақты ғана қоятын келеңсіз дискуссиялар ақырсоңында ұлтты рулық-тайпалық жікке бөліп тынады. Әрине, Отырардың биік мәдениетіне, оны қорғағандардың ерлігіне бас имеу мүмкін емес, бірақ әлемде ешкім тең келмеген моңғолдарды тоқтатқан Бибарыс мамлюктерінің ерлігі одан да асқан. Олар көшпеліге көшпелі ғана тең келетінін дәлелдеді. Қыпшақ мамлюктері өздерін, өздерінің жаңа отанын және бүкіл мұсылман өркениетін моңғолдардан да, еуропалық крестшілерден де қорғады. Тарих шартты райда жазылмайды, бірақ, біздің бабаларымыз, сахараның арыс ұлдары бір-бірімен тізе қосып ортақ мүдде үшін күрессе қалай болар еді деген ой санаға еріксіз ұялайды…

Пайғамбардың әскерін алқаған, көшпелі мәжүси арабтарды аз уақытта жарты дүниенің билігіне жеткізген Рух моңғол түмендерінен де алқаған. Бұны мойындамаған адам генотеизмге немесе дуализмге ұрынар еді (қазақтың бір философы қиялдап отырып, «Алла – арабтардың эгрегоры, ал Тәңірі – түрікердің эгрегоры» деген «тұжырымға» да жетіпті ғой).

Тарих жайында толғанғанда, біз бабаларымыздың басқа дүниеде өмір сүргенін, және бізден айырымы көп, басқа адамдар болғандығын ұмытпауымыз керек. Жауынгер жолымен жүрген адам үшін өмір мен өлімнің мағынасы мүлдем басқа еді. Ол ер болып кездескен жауды құрметтеген, себебі, өзі теңдес ермен белдескен жауынгер рухани өрге шығар еді, өз өзінен асар еді. ХХ ғасырдағы теңдесі жоқ номадолог Л.Гумилевтің өзі, Жәмүке мен Теміршенің (болашақ Шыңғыс ханның) жаулық-достығын түсінбеген күйі кетті. Жәмүке үнемі өзінің андасына қарсы басқа тайпалардың күресін ұйымдастырып, оны өзі басқарып отырған. Бірақ жеңіске, билікке бір қадам қалған шешуші сәтте ол Теміршені  босатып қоя беретін болған, тіпті оның билігінің күшеюіне ықпал етіп отырған. Ақырсоңында ұлы хан деп танылған Шыңғыс өзінің андасын өлімге кесті.

Көптеген зерттеушілер бұл хикаяны пайымдамақ әрекетінде, Жәмүке Теміршенің жау арасында жүрген құпия жансызы, уақыты келгенде рахметі жоқ қатыгез Шыңғыс хан өзінің андасын өлтіруге бұйырды, себебі оны ендігі жерде жансыз етіп ұстаудың мәні жоқ, ал ордада кеңесші болып отырса жеңімпаз әміршіге көлеңкесі түсе берер еді деген қорытындыға келген. Бұл интерпретация, өткен заман қаһармандарының іс-әрекетін бүгінгі өлшеммен өлшегенде қалай оңай қателесуге болатынын көрсетеді. Көшпелілер ер болған жауды жай ғана құрметтемеген, олар ер болып кездескен дұшпанның қолынан өлген жауынгер дүниеге қайыра келгенде, алғашында қыршын кеткен Рух бұрынғыдан да биік өрге шығады деп есептеген. Сондықтан, көшпелі этиканың эзоретикалық деңгейдегі императиві «Жауыңның ер болғанын тіле, жауыңды ер қылып тәрбиеле, өлсең ер қолынан өл, ер қолынан өлген – ең биік абырой» дегенді уағыздайды. Міне Жәмүкенің әрекеті – осының айғағы. Ол, моңғол шежіресі жеткізгендей, Шыңғыс ханның қолынан өлім тілегенде – шын жүректен тілеген.

Жауынгердің кеудесінде ақынжүрек тулай соққан уақыт, сайын сахараның дүбірлі дәурені ықылым ғасырда, көз жетпейтін алыста, басқа дүниеде қалды.

Сәйгүлік пен найзаның орнын банк есепшоты мен от қару басатын заманның келе жатқаның түйсінген қазақтың ұлттық элитасы, «Ясаның» өсиетіне кереғар, отырықшылық өмір салтына, жер өңдеуге көшу керек екенін түйсінді. Қазақтың соңғы ұлы ханы Әбілмансұр – Абылай – Әбіл – Авельдің бұл, жаңа дүние, жаңа тәртіптің талабынан туындаған прагматикалық жоспарларды орындай алмай арманда кетуінде символық мағына бар. Ағыны қатты тарих қазақтың жолын кесті, хан арманы орындалмады. Қазақ жеріндегі жаңа қала, жаңа мәдениет мүлдем басқа себептерден өрістеді…

Көшпелі рух тым нәзік субстанция, оны тас қабырғада ұстап отыру мүмкін емес. Артқа, өткен заманға, өз болмысымыздың бастауына көз тіккен біз, өзіміз түсіне алмайтын Ұлылықты, Даналық пен Қасиет-Қиені еміс-еміс қана сезгендей боламыз.

Соңғы жыраулардың өлең жолдары көңілімізде, жүрегімізде, ұлы дүниемен, бізге жат болып келмеске кеткен дүниемен қоштасуымыздың қамрықты, қасіретті күйіндей болып шертіледі. Жасанды дүниенің жасанды нұрының астында күн кешіп жатқан бізге тек Төзім мен Сенім ғана бұйырыпты.

 

Сүрет: Мәлік Мұқанов, Жамхан Айдар. Тұран дәүірі. Гобелен, 190х410 см

Статью «Последний поход Кет-Буги: Сакральная миссия кочевой цивилизации» на русском языке  читайте

Оставьте первый комментарий

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован.


*