Ерік КӨКЕЕВ: НАР ҚОБЫЗ

кобызист

кобызистХалықтың дәстүрлі мәдениетін зерттеу оның негізгі қаңқасын ұстап тұрған бағыттаушы сілемдері мен категорияларын анық­таудан басталғанда ғана, талғамшыл көзді біршама қанағаттандыра алар қорытындылар беруі мүмкін.

Сондықтан, тек осы шартты орындағанда ғана, көне мәдениеттің бізге жеткен қиындыларын еппен қиыстырып, біршама сындарлы пішін жасауға болады. Бұл үшін түрлі қилы салалары арасындағы көзге бірден түсе қоймас өзекті тіндерін суырт- пақтай келіп, ондағы әмбебап желім – «жөн» категориясының алатын орны мен маңызын анықтап алайық. Дәстүрлі мәде­ниеттің тарау-тарау құрамдас бөлімдері негізгі парадигма аясындағы бірнеше принциптер мен категориялар жиынтығынан тұрады. Біз өз мақсатымызға сәйкес «жөн» категориясын және оның әрекетті өрбіген әлеуметтік құндылықтарын ғана шолып өтеміз. «Жөн» категориясы, аты айтып тұрғандай, «қиядан шауып, қисынын тауып» үйлестірген адамның ішкі дүниесімен сыртқы дүниенің арақатынасында қылаудай қайшылық болмауын талап етеді.

Өнер салалары, тұрмыс пен болмыс сияқты мәдени сағаналарды сараптан өткізе келе бір байқайтынымыз, олардың тұла негізінде бірыңғай талап-жөн білу, ыңғай­ласу, үйлесу, жарасу, қарама-қарсы­лықты пайдаланып өсу, айтыс арқылы өрбу, яғни, тежелмеуге тырысып, ілгерілемелі өсу жолында жатқанын көреміз. Мәселен, ертегі­лердегі үш айырық жол, үш ағайынды, үш зат: жігіттің сегіз қырлы, бір сырлы болуын қалау: Алпамыстың Ұлтан құлды жазалауы. Баянның Қодарқұлды жазалауы сияқты, яки Асан Қайғының Жерұйықты іздеуі, Қорқыт­тың өліммен күресуі, ою-өрнек топан су, сыңар өре, тұмар сияқты әуезелерді қарасты­ра келе, «жөн» категориясының әмбебап тұғыр екенін пайымдаймыз. Уақыт-кеңістік континуумы мәдени сағаналарда қалай көрі­ніс тапқанын бажайласақ, «жөн» категориясы көне дүниеде «Ажа» терминімен белгі­ленгенін анықтаймыз. «Жөн» және «Ажа» сөздері бірінен бірі туындаған ұғымдар. Қазіргі кезде мәні жойылып, атау қалыптас­тырушы формантқа айналып кеткен көне етістіктердің біреуінен жасалған ивриттегі «иеда», санскриттегі «веда», түркілердегі «ыды», қазақтағы «жады», «ұйық», сахалардағы «сата» тәріздес әсер тасымалдаушыны бейнелейтін сөздердің құбылуына емес, мән тұрақтығына қарасақ, «жөн» категориясының да жалпы адамзатқа ортақ бір ұғымды бейнелегеніне көз жеткіземіз. Макрокосм мен микрокосм және мегакосм арасындағы үйлесім көне тілдерде «Ажа» және «карма», «гармония» деген тегі бір сөздермен аталған. Соңғы тармақ көне шығыс мәдениетіндегі себеп-салдар түсінігін анықтайтын «көр» түсінігінен өрбіп, әрекет иесін нақтылайтын «ші» жұрнағы сияқты, осы күнгі тілдердің көбінде өмір сүріп отыр. Демек, көне дүние мәдениеті біртектес принциптер негізінде дамыған. Қазіргі байқалып отырған қайшылықтар үстіртін, форманың құбылуы­нан туған, жалған өзгешеліктер. Сондықтан, конвергенция мен диффузия, мутагенді және метисациялаушы мәдениеттер, культуртреггер ұғымдарына аса зор сақтықпен қараған жөн. Адам санасы бағынатын парадигма барлық ойкуменде бірдей жұмыс істейді. Са­на қоршаған ортаны тек әрекет үстінде игер­ген. Оның әрекет өрісіне іліккен дүние әсер етуші, әсер тасымалдаушы, әсер қабылдау­шы құрылым ретінде қабылданған. Көне дүние бұл құрылымды түрлі қуат көздерінің жұрнақ ретінде сатылана тіркеліп, біртұтас түбір жасаған құбылыс ретінде ұққан. Өйт­кені, сананы табиғат парадигмасы жетіл­діргендіктен, сана өз кезегінде оны баламалы, қарайлас суреттей алған. Қоршаған ортаның күрделі байланыста тұрғанын бажайлаған көңіл көзі өзінің ішкі дүниесін үңгі­генде де осы қармасқан байланысты көрген.

Көңілдің бұзылуын табиғаттың өзге­руіне немесе кері процеске балаған. Мұның өзі Дүние құрылымы белгілі бір заңдылық­тарға бағынады, тәуелденеді деген пікірге әкеп соққан. Құрақта құралған әлем киімін бір-бірімен байланыстырып ұстап тұрған әлдебір заңдылықты көне дүние «Ажа», яғни, «гармония» деп белгілеген. Біз миф, діни түсінік, т.б. сәл кемсіте атайтын ұғым­дар шын мәнісінде өз кезінің нағыз ғылыми пайымдаулары еді.

Ажаның шын мәні – мүшеленген, бөл­шектенген дүниені белгілі бір тәртіппен қайта қалпына келтіру. Әрі бұл жарату актісі үйле­сімін тауып, жөнімен іске асырылуы керек. Кем-кетікті дүниенің қалыпты өмірді қамта­масыз ете алмайтыны бесенеден белгілі ғой.

Сондықтан, жарату актісін жүзеге асырушы болсын, оның үйлесімді өмір сүруін қамтамасыз етуші, келешегін көздеп артық-кемін дер кезінде жөндеп, реттеп отырушы болсын – әлеуметтік құрылым үшін өте маңызды жұмыспен шұғылданушылар, сондықтан, қасиетті субъектілер ретінде қабыл­данған. Түркі дүниесінде мұндай субъектілер зия, еже, ашаман, ишан, қожа, абыз, әже, аға, кие, ие деген сияқты толып жатқан вариацияларымен белгілі. Материалды, реалды космос ішкі дүниеге экстраполяция жасағанда эмоциялық космос ұғымы туған. Эмоция-космос өнердің, шығармашалықтың бүкіл салалаларына тараған, мызғымас басты принципке айналып кеткен. Бұл принцип полиэйконизм немесе көп қырлы бір сырлылық деп аталады. Сөз асылы-жыр жанрындағы толғау-терме, айтыс, жұмбақ, жаңылтпа қара өлеңдердің эволюциясы, яғни, туу, қалып­тасу /онтогенез/: әлеумет шырқын сақтау үшін аласұратын бақсылардың әрекеті, қолданатын құралдарына қойылатын талаптар, қысқасы, барша дәстүрлі мәдениет үлгілері осы принцип негізінде жасалған. Принциптің мәні – дүниенің дамуы бірін-бірі үздіксіз тудырып, тіпті, бірінің аузынан екін­шісі, ол өзі бөлектеніп үлгермей, үшінші бір құбылысты дүниеге келтіріп жатқан, шиыршық ата ирелеңдеп, ұзап бара жатқан мезгіл­дің жолын тұжырымдау. Яғни, әрбір үзік ирегі бір бөлшек болып артында қалып жатқан уақыт-жылан жолы. Бұл аспан дүние­сін бақылаудан келіп шыққан ұғым.

Астральді дүниені бақылау ақыр аяғында спиральді даму идеясы мен фәни дүниенің бұзылып, қауіпті жағдайда тұруы идеясына әкеп соқты. Мұның өзі жалпы адамзатқа тән гармония ұғымына кірбің енгізді. Бұзылған Ажаны қалпына келтіру – тым болмаса, жаратылыс актісін үздіксіз қайта жасау арқылы оның осы халін тұрақ­тандырып қалу ниеті. Бұл ойды іске асыруға қажет құралдар пайда болды. Өйткені, физикалық және әлеуметтік-психикалық космос тепе-теңдік жағдайынан шығып кетті, бірақ, әлі толық күйреген жоқ. Қазақ аңызында көк өгіз жерді қазып, алғашқы екі адамға су шығарып береді. Артынан мүйізімен жерді көтеруге кіріседі. Бірақ, өкінішке орай, белгі­сіз себептермен бір мүйізі сынады, сөйтіп, дүние кемелі толмай қалған. Қазақтардың кез-келген ою-өрнек композициясында кездесетін тұмар ою мен сыңар оюлар осы оқиғаны ишаралайды. Қытайдың антропоморфты космосы да оңтүстікке қарап иіліп тұр. Мұны біз қобыздан да байқаймыз. Уақыттың туындысы болғандықтан, адам оның ізін қайталауы керек. Сондықтан, ырымның бірінде үйді айналып жүгіруге болмайды. Әйтпесе, шеңбер ашылмай, полиэйконизм принципі талап ететін спиральді, төңкеріле-аударыла даму орындалмайды. Яғ­ни, адам уақыттан тыс қалады. Ол мәңгілік­тің шеңберіне түседі. Онда тіршілік жоқ. Өлім де жоқ, өмір де жоқ. Қаңтарылмаған, теңдігі бұзылған дүниені, әлемді жөнге салып тұрған осы астральді жол, спираль. Спи­раль, сөз жоқ, өзінің ішкі логикасы арқылы «контраст», «ала» ұғымын тудырады. Мәселен, күндіз бен түннің, жаз бен қыстың, т.б. ауысуы ою-өрнекте кесте мен бос кестенің арақатынасы ретінде көрініс тапқан. Мұнда жануарлардың өзара және өсімдіктер­мен оппозицияда тұрғанын байқауға болады. Мысалы, адамның құлағы мен оған ілінген сырға қарсы бағытта иірілген контраст, биполярлық контур. Бұл арада біз жауыққан қарама-қарсылықты емес, бірінен бірі туындаған, позицияның табиғи ауысуын, жұптың таққа, тақтың жұпқа өтуін көруіміз керек. Үзілді-кесілді жаулыққа «жөн» категориясы тыйым салады. «Контраст: немесе «ала» ұғы­мы бірінен бірі туып, бірін бірі жұтып, қайта құсып жатқан, яғни, жаңа құбылысқа бастама болып жатқан баспалдақты, дамуды көздейді. Оюлардан құлақ шыққанда /тісі шыққанда/ бұрылып кетуі, әйгілі «хайуанаттар стиліндегі» тас ғасырынан үзілмеген шарпысу, қажасу, жұту, құсу, кірігу, құбылу сілемдері, қаңтарылмаған дүниені одан әрі бұзылудан сақтау үшін жөн, амал іздеу биполярлық контурды шөгендеу ниетімен туған біртекті процестің тарихи дамуы ғана. Соңғы орта ғасырда ою-өрнектердің басым болып кетуі өнер дамуының өзіне тән ішкі заңдылығы деп танылғаны жөн. Ою-өрнектер мейлінше дерексізденген, өте көне полиэйконизм принципінің ең жоғарғы сатысы. Жоғарыдағы айтылған адам санасындағы әсер тудыру, әсер тасымалдау, әсер қабылдау процесі әрекет аймағында қалып­тасқан сананы түрлі әсер тасымалдаушы құралдар жасауға итермелейді. Сондай тылсым күші бар деп есептелінген көптеген құралдардың бірі қазақтың «Нар қобыз» деп аталатын аспабы. Ажаның бабын табуға, гармонияны сақтауға міндетті бұл құрал туралы түрлі зерттеулер біршама. Қазақ мәде­ниетінің компоненттері ішіндегі ауызға бір­ден іліккен, бірақ, көп сырын бүгіп қалған бұл ғажайып музыкалық аспаптың аты кө­бею, қомдану, көбіктену, жарату актісіне дайын субъект мағынасын береді. Оның формасы мен мазмұны идеалды түрде кірігіп кеткен. Мұндай өте сирек мәдениет туындысы әлемде тек Мысыр пирамидалары шығар. Жаратылыс барысы күңіренген, ыңырынған, ұлыған, өксіген дыбыстарсыз үн-түнсіз жүруі мүмкін емес. Дүниенің жұрнақтары /блок, компонент, фраза, т.б. / – қажасып, талмаураған зоо­морфты, терраморфты бейнелер, не түрлі түсініктердің шағылыс барысында құбылуы, эмоцияның құйын болып ауысуы тұрғысында үйлесіп жатқан тізбек ретінде түсіндірілген. Мысалы, Бапыхан сұраған затты алып шығу үшін көлге түскен Шалқұйрықтың жаратылыс процесіне араласқаны ақ көбік, қызыл көбік арқылы бері­леді. Манас жауға шапқанда оның айналасын түрлі жыртқыштар қаумалап жаудың үрейін алады. Бұл арада шексіз мысалдар тіркемесін келтірмей-ақ, толқу үстіндегі түстер мен аңдардың дүние жаратылып немесе қайта туындап жатқан мезгілдегі эмоционалдық спектрдің жылжуын ишаралайтынын айтсақ жеткілікті.

Қазақ күйлерінің табиғаты, құрылымы, әуезесі осы процестің табын меңзейді. Бұл жерде санның сапаға ауысуы биполярлы контурдың оқтын-оқтын дем алуын, яки, күндіз бен түннің алмасу кезеңдерінің сәтсіз өту мүмкіндігі, үздіксіз процестің зиянды бағыт алып кету қаупі құрал әлемінде қалыптасқан сананы медиатор аспап істеуге әкеліп тіреген. Күй композициясындағы әуеннің өзгеруі мен ою-өрнектегі құлақ шыққанда аунап түсу, көңіл-күйдің өзгеруі жаратылу актісінің бүкіл процесіне таңылған. Біртекті, сәйкес құбылыс ретінде қабылданған бір жөнге бағынып үйлескен, гармония-ажарға түсірілген нарқобыздың құрылысы өте күрделі. Ондағы бір элементтің кейбір бөліктері екінші элементтің құрамдас бөлігі болып келеді. Екі элементі жиналып үшінші элементке айналады. Форма мен мазмұнның идеалды қабысқан тұсы ретінде негізгі құрамдас бөлімдерін кейде қолмен ұстап, көзбен көруге мүлдем келмейді. Әуез-әуеннің тегі туралы майталман күйшілердің эзотериялық мифінде күй атасы Нұртөлі туралы былай делінеді: Ертеде адамдар еліне жыландар елі шабуыл жасапты. Әсіресе, үйді бірнеше орап, ешкімді шығармай жатып алатын жыландар патшасы өте ауыр тиіпті. Қос алтын мүйізі дем тартып, уытын шашқанда үйге тығылған адамдардың еті ағып түсіп, қу сүйегі қалады екен. Мүлде құруға айналған адамдар сонда тәңірге жалбарынып көмек сұрапты. Сол кезде аспаннан жарық сәуле түсіп, онымен қос өркеш түйеге теріс қарап мінген Нұртөлі атты бала жерге түскен екен. Бұлт арасынан шыққан қол оған домбыра ұсыныпты. Домбырасынан сиқырлы үн төккен Нұртөлі Сол­түстік Қара теңізді бетке алып жүре берген. Оның күйіне елтіген жыландар, патшасы бас болып, ере берген. Сол күйімен Нұртөлі те­ңіздің астына кетіпті. Жыландар да бірге түсіп, теңіз мақұлықтарына айналған. Нұр­төлі әлі күнге дейін теңіз астында домбырасын тартып отыр, теңіздің үздіксіз күңіреніп, шу шығарып жататыны сондықтан. Оның күйі ешқашан тоқтамауға тиіс-міс. Бұл мифтің асқан әдеби көркемдігін былай қойып, оның қобызға қатысын қарастырайық.

Қобыздың ең жоғарғы элементі – алақан. Оның формасы бескүлденіп келген эзотериялық пентаграмма – әрекет етуші орган, құрал жаратушы қолдың ишарасы. Бұл палеолиттен келе жатқан Жаратушы ие символы. Жаратушыны иудей дінінде де тек қолдың табы ретінде бейнелейді. Аңызда да осылай. Тәңір сөзінің тегі аспан мен жер немесе күн мен бұқа деп есептесек, ол жаратушы ретінде биполяр контур, басты парадигма. Асатаяқтың бес шоқысы да төрткүл дүниенің – ортасында қос өркешті Қазығұрт (қазақ жұрт) – ишарасы, яғни, демиург келбеті. Асатаяқтың сабы жылан өрмелеп бара жатқан бәйтерек, ұяда отырған балапандар сакральді дүниеден бұл дүниеге әлі келмеген шикізат. Олар үздіксіз шуылдап тұрады. Бұлар алақандағы мыс салдырмақтар. Суық қанды жыландар мыс кенін паналайтыны қазақтарға ертеден мәлім болған. Сондық­тан, ертегілердегі Мыстан кемпірді уақыт бейнесі Жалмауыз кемпірмен шатастыруға мүлде болмайды. Мыстан кемпір екі жұтып, адамға ерекше қасиет дарытатын, оның үстіндегі сауыт-сайманының белгісі. Үшінші рет жұтпайтыны, батыр түгелімен мысқа айналып кетпеуін ойлау әлде бұл дүниеге сыймай кетеді деп қауіптену. Он бес жылда бір балапандайтын Шыңырау құстың да бір функциясы осындай. Бұл он бесінде бір тол­ған Ай. Салпыншақтардың саны он бес. Олар Тәңірдің ықпалында, яғни, алақанда ілулі тұр. Бесеуі мойын мен шанақтың түйіскен жерінде ойық кеудеде бос салбырап тұр. Бұл – заттық-эмоциялық космостың бес негізі. Алақандағы он сылдырмақ – ерге тән он қасиет. Бұл қасиеттер араб жазбаларынан бастап түркілердің бүкіл әдебиетінде сипатталады. Сонымен қатар, бұл сылдырмақ-салпыншақтар дүниені жасауға қатысқан он бес компонент болуы мүмкін. Бұлар алақан-мойыншақтың жоғарғы өрнеуі комплексінде жоғары бағытталған жебе түрінде орналас­қан. Яғни, белсенді бастама. Нұртөлі бейнесінің этимологиясы оның күннің баласы деген қос сөзден құралғанын көрсетеді. Нұр-күн, төл-перзент. Бақсылардың жеті құралы­ның бірі қола айнаның аты да – төлі. Яғни, айна күннің бір бөлшегі ретінде оның өзін сипаттайды. Түйе-космос, түйе-күн ұғымда­ры да қосөркеш түйенің «нар» аталғанын меңзейді. Мысалы; нарт, мәрт сияқты сөз­дер, т. б. сияқты толып жатқан кісі аттары осылай қалыптасқан. Жалғыз өркеш түйенің Қазақстанда болмағаны мәлім. Демек, «нар­қобыз» атауы қосарлы мағынаға ие. Қобыз­дың төменгі жағы құдық тектес қуыс келеді де, бетін ашулы бураның мойын терісімен қаптаған. Тері төмен иіліп барып шанақ түбіне, айнадан төмен бекітіледі. Айна бері-төменге, түйе ары-жоғары қарап тұр. Бұлай орналасу мифтің мәтініне толық сәйкесті­гімен таң қалдырады. Ақырған бураның дау­сын салу үшін терідегі тесіктерді басып, оң қолмен қияқ арқылы қыл ішекті ысқылайды. Қалайша түйенің артынан ерген жылан елестемейді. Түйе мен айнаның біртектес екені кәміл. Тобылғы мен қылдан тұратын қияқ­тың ирелендеген жоғары-төмен қозғалысы үйді орап жатқан жылан патшасы. Қыл то­былғы сапқа екі ұшынан жез кепіл арқылы бекітілген. Күн-түйе-жылан комплексінің бағыты – оңтүстіктен солтүстікке қарай, жоғары дүниеден төменгі дүниеге қарай, жер бетінен су асты құрдымға қарай. Қорқыт пен Нұртөлі бейнесінің бір ұғым екендігін тек бұл емес, Қорқыт есімінің этимологиясы да дәлелдейді. Ұзын сонарға бармай-ақ, сөздің тегі қордаланып жатқан шоқ бойындағы өмір күші – «құт» екенін айтсақ жеткілікті. Зардуш дінін ұстанғандар оттың бірнеше түрін айырып, әр қайсысына жеке табынған. Қобыздың шанағы бұрыштары доғал келген төрткүл дүние. Оның қатысушыға қараған жағы төменгі дүние де, ту сырты, дөңес жа­ғы жоғары дүние. Яғни, екі шеткі дүние кірі­гіп, үшінші дүниені, фәни бейнесін қара­байыр мезгілді тиянақтайды. Бұл комплекс­тің ұштасқан жері, қобыздың терімен қап­талған дүмі – үш дүниені көктей өтіп тұрған құдық. Шанақтың төңкерілген кесе сияқты болып келуі оның мәңгілік құтын бойына құйған тасбақа бейнесінен құбылға­нын көрсетеді. Шанақтағы айна үстіңгі жағы күн, түбі ай болып келген, дүниелерді жалғас­тырушы құдық екенін діттей түседі. Мысалы: «Ертөстіктің» бір варианты болып келетін әзірбайжанның витагониялық мифі «Мәлік Мамытта» бұл құдықтың құрылысы өте анық көрсетілген. Дәл осы құдықтың қызметін, яғни, күндіз бен түннің алмасуын бейнелейтін қыл арқан міндетін екі мифте де Шыңырау құс орындайды. Бұл құс көне иран мифологиясында Шьена құс деген атпен белгілі. Онда ол кейініректе «Гаруда» – күн тектес от ретінде мәлім, қоразға келеді. Са­мұрық және Алып Қара құс – жан танымас­тай өзгерген дүбәралар. Өте биік пен өте тереңді қазақтар шыңырау дейді. Демек, күн мен ай оппозицияда тұрған бір тектес зат немесе оның екі қыры. Шанақтағы төлі-айна, қобыздың дүмі, оның бетін қаптаған көн жеке бір комплекс құрайды да, жарату актісі бастау алатын аймақты ишаралайды. Дүние жаратылып жатқан кезде Шыңырау құс балапандарын құтқару үшін қатты асығып ұшады. Қара бұлт үйіріліп, жел тұрып, нөсер құйғанда қазақтар Шыңырау ұшып барады дейді. Бұлт – оның көлемі, жел – қанатының екпіні, жауын – көктен түскен нұр, құт деп есептейді. Мифологиялық-күнтізбелік күй­лерде «Төрт шыңырау» атты желілі күйлер циклі бар. Сол қол түрлі позицияда тұрған кезде ысқылап дыбыс шығаратын, яғни, тікелей жарату актісіне себепкер болатын тобылғы-қияқты – жылан процесс, оның ирелењдеген спираль ізін – ғалам мүше­лерінің қиналыста тууы деп қарастырып, тікелей туындау, жұтылу, қажасу барысы оң қол мен сол қолдың айнаның бетін кезектесіп жауып қалу кезінде өтеді деп есептеуге болады, өйткені, күн мен айдың тұтылуы дүниенің өлім мен өмір арасында тұруы деп түсінілген. Әйелдер мен бала-шағаның күн-түн алмасар кезде немесе от басынданарқобыз күңіреніп, ашаман шыр айналып, сылдырмағын сартылдатып, өткен-кеткен за­маналар актін қайта қозғап, жын шақырған кезінде шыдай алмай сыртқа шығып кетуі осыған меңзейді. Расында да, өмір ишарасы күн мен айды аранын ашып жұтып жатқан қасқырдың ұлуын міз бақпай бақылап отыру оңай емес қой!

Мүшелерге бөлініп ақтарылып жатқан дүниенің құрылымдық бөліктерінің қандай тәртіппен қайта біріктірілгенін ендігі бізге ешкім де айтып бере алмас. Күй композициясындағы әуезе топтар мен зооморфты дүниенің ара қатынасын, мүшелдегі жануарлар ретін, ерге қажет қасиеттер тізбегін, қонақкәде иерархиясын салыстыра келе, процестің ұзын-ырғасын анықтауымыз мүмкін. Әр позицияда тұрып, дүние компоненттерінің туылып-жұтылып жатқан кезеңдерін шектейтін, сапалық сипат дарытушы сол қолды еркек, басыңқы тек, өзінің спиральді-астарльді қозғалысымен пайда болған компонентке сандық сипат дарытушы оң қолды басыңқы, ұрғашы тек деп бағалау керек. Нарқобызда ойналған күйдің басты мақсаты өзін құрбандыққа шалу, яғни, мүшелеу арқылы тіршілікті мәңгіліктің жұтуынан сақтау. Оның киесі Қорқыт – отты дүниеден тамып тұрған құт, өмір үшін өріске шашылған қан-жын. Кенжекейді алу үшін Ертөстіктің қобызға қыл болған жылқы атасы Боз Айғыр мен жылқы енесі Боз Биенің қан-жынын Ұрыс ханның өрісіне шашып құрбандық шалатыны осыдан болуы керек.

Өлмексіз тумақ жоқ. Гильгамеш шеше алмаған құпияны Нұртөлі-Қорқыт осылай шешкен. «Жөн» категориясының мәні осында.

Оставьте первый комментарий

Оставить комментарий

Ваш электронный адрес не будет опубликован.


*