Таласбек Әсемқұлов
1846 жылы қаңтар айының басы, он күн қысқы шілде еді. Ойпаң жерде жатқан киіз қар сәл дегдіп сіреуге айналған, төбелердің басы еріп жалаңаштанып қалған. Сары аяздың алдындағы, қақтың суын ішіп мал көркейген, адам қуанған азғантай мереке күндер болатын. Осы күндері Нұрбике–Шаншар болысын басқарып отырған Тәттімбет, аға сұлтан Құнанбайдың шақыртуымен Қарқаралы қаласына аттанған.
Кеңсенің ең шұғыл хабарын таситын Қозыке мен Жаңбырбай есімді екі шабарман, бұл шақырыстың мәнін сұрағанда жарытып жауап бермеді. Бар болғаны, Құнекең бізбен ақылдаспайды, не болса да бара көресіз деген.
Қиян даладағы қыстаудан қас қарая аттанған жолаушылар көп ұзамай Қарқаралыға адастырмай апаратын ескі сорапқа түсті.
Түн ортасынан ауды. Жан жадыратқан қысқы самал мен белді аттың жақсы жүрісіне ұйыған жүргіншілер әлдебір ұйқылы-ояу күйге түсіп үнсіз қалған. Өлеусіреп батып бара жатқан айдың жарығы, қар басқан бетін ызғырықсыз жаяу боран айғыздаған дала, көлеңкесі шақырымға кететін қадау-қадау төбелер…
Тәттімбет суыт хабар жеткеннен бері көкірегіне ұялаған мазасыз ойға енді ғана ерік берді. Аға сұлтанның бұл шақырысы не? Қыстың көзі қырауда аяқастынан не болып қалды. Жүйрік көңіл шиырлап келіп, бұрыннан бар түйткілге тірелген. Кеше ғана жер қайысқан әскермен, қаншама мал-жанымен Жетісуға қарай өткен Кенесары ханды еске алды. Ел ісінде, жазға қалдырмай қыста шешетіндей ол нендей шұғыл шаруа екенін қанша ойласа да таба алмаған.
Дистанция-бекеттерде ат ауыстырып тоқтаусыз жүрген бұлар үшінші күні түн ортасы ауа Қарқаралыға жетті.
– Аға сұлтан, қараша ауылда тоса тұрсын дейді, – деген алдарынан шыққан күзетшілердің бірі, – Болыс-еке, арнайы дайындалған үй бар. Жүріңіз.
Қабат-қабат қоңыр туырлық, іргесін керген бауға дейін қармен көміп тастаған үйдің іші самалдай жарық, жылы екен. Ілезде дастархан жасалды. Жаңбырбай мен Қозыке, күзетшілер, барлығы тамаққа бас қойған. Үй ішінде сілтідей тыныштық. Қызмет көрсетіп отырған қартаң әйел де үнсіз. Тәттімбет бір кесе шай ғана ішкен. Әйел үндемеген күйі кесеге қол созды.
– Рахмет, болды, – деді Тәттімбет жантайып жатып.
Неше күнгі шала ұйқы маңдайдан баса мас қылып, үйіріп әкетіп бара жатқан. Осы кезде сырттан, қалашық жақтан айқайласқан дауыстар естілді. Дүрсілдеп қол жиналғаны білінді. Тәттімбет селк етіп көзін ашып алған.
– Астапыралла! – деді Жаңбырбай, – Не болып қалды екен?
Күзет бастығы жымиып күлді.
– Абыржымай отыра беріңіздер. Кеңес болған. Енді тарасып жатыр ғой.
Тәттімбет қайтадан ұйқтап кетті. Таң алдында Қозыке жұлқылап оятқан.
– Болыс-еке, аға сұлтан келсін деп жатыр.
Аға сұлтан Тәттімбетті кеңседе емес, өзінің қысы-жазы тігулі тұратын он екі қанат ақ ордасында қабылдады. Жүзі шаршаңқы Құнанбай амандық сұрасқаннан кейін көр-жерді әңгімелеп недәуір уақыт отырды.
– Ал, Тәттімбет, – деген содан кейін ауыр күрсініп алып, – Естіген шығарсың, өткен түнде үлкен кеңес болды. Омбыдан орыстың ұлықтары келді. Қазір еститінің сол ұлықтардың айтқаны. Одан ары баратын болсаң, бұл, патша ағзамның жарлығы.
Құнанбай төмен қарап сәл үнсіз отырып, сөзін сабақтаған.
– Кенесарыға кісі жіберуіміз керек. Айта кетейін, Қапалда орыстың әскері қыстап жатыр. Қызылжарда да сонша әскер бар. Содан соң Ақмешіт жақтан тағы да орыстың ауыр қолы шығайын деп отыр. Жаз шыға осы әскер үш ақтан қыспаққа салады. Әрине, ұлықтар барлығын айта бермейді. Кім біледі, мүмкін қырғыздардың да аузын алып қойған шығар. Қорқытқаным емес, бірақ қырғыз қарсы шықса, онда Кенесарының қақпанға түскені. Енді ұлықтардың өтініші. Жіберген адамдарың айтып барсын., хан райынан қайтсын дейді. Егер, патша ағзамға мойынсұнып, әскерін таратса, соғыс ашқанын қойса, онда, әлі де кеш емес, Көкшетау округіне аға сұлтан қылып тағайындаймыз дейді. Қасында азынаулақ төлеңгіті болады. Тек ақ патшаға адал болсын, бұлғақты тоқтатсын дейді. Және елшілікке ханменен екі арада жаулығы жоқ бейбіт рудың бір адамы барсын дейді.
Құнанбай өңменнен өтетін жалғыз көзін Тәттімбеттің жүзіне қадаған.
– Міне, Тәттімбет, мен сені сол себепті шақыртып едім.
Тәттімбет аңырып отырып қалды.
– Түсінем не айтқың келіп отырғанын, – деді Құнанбай, – Талай керегіме жүрдің. Бірақ менің жұмсайтын басқа адамым жоқ. Сенгендіктен… өзіме сенгендей сенгендіктен жұмсайын деп отырдым.
– Апырай, Құнеке, – деді Тәттімбет, – Қолқаң тым ауыр емес пе? Кенесары көп адаммен қастасып кеткен. Кім келсе де қасқырша шайнайын деп отыр емес пе?
Құнанбай қолын жайды.
– Не істейін? Амалым жоқ. Маған да оңай емес. Орыстың ұлықтары төрелерге барған жоқ, адам таппағандай маған келіп жүгініп отыр. Орыстың заңы қатты, ұлықтың өтінішін жерге тастағаныңды теріс пиғыл деп түсінеді.
Екеуі де үнсіз қалды. Кенет Құнанбай басын шайқап күлген.
– Ей, Алла. Баяғыда, Кенесары Арқада жүргенде, Қоңырқұлжа орыстың қамалына кіріп алып, шықпаушы еді. Енді батыр да, бағлан да осы Қоңырқұлжа болыпты. Кеңес кезінде, оны неменеге әспеттеп, Көкшетауға аға сұлтан қыласыңдар, аямау керек, жазалау керек дейді. Маған қол жиып беріңдерші, осы қазір аулын шауып, басын қоржынға салып әкеп берейін дейді.
Құнанбай еңсесін көтеріп тіктеліп отырды.
– Бүгін, осы қазір аттанасыңдар. Жолға керекті жарақ, мінер ат тағы басқа, бәрі дайын. Жаныңа он адам қосып берем. Басқа емес, біздің маңдайға жазыпты бұл несібені. Тәңірі жар болсын дейін, Тәттімбет.
***
Жол ауыр болды. Қарқаралыдан ұзамай жатып ызғары сүйектен өтетін ақ түтек боран басталған. Ақырын жылжыған жүргіншілер он күн дегенде Балқашқа әзер ілінді. Осы жерде күн саябырлағандай еді. Енді өндіріп жүреміз деп отырғанда, боран қайтадан түтеді.
– Апырай, мынау не деген сұмдық, – деген Қозыке абыржып, – Алдыңғы боранға зар болып қалдық қой. Ол айналайын боран екен ғой.
Бұлардың түскені елден жырақтау қонған Ошақтының Нұрмұхамед деген байының үйі еді.
– Дәм айдап келген екенсіздер, – деген бай, қазақтың қашанғы әдетінше қуанып, – Боран соқса, Құдайдың өзінің берген кешеуілі. Қанша болса, сонша жатыңыздар.
Сырт көзге қарапайым көрінгенімен Нұрмұхамед бай өте жіті, байқағыш екен.
– Қарағым, адам жол жүретін кез емес, ақ қар көк мұзда Ұлы жүзге қарай неге аттанып бара жатқандарыңды шамалап отырмын, – деген, Тәттімбетпен бір оңаша қалғанда, – Іздеген адамдарың көп ұзамай өзі де шаң беріп қалатын шығар.
– Оны қайдан білдіңіз, – деді сәл қайран қалған Тәттімбет.
– Басқалар екі қарап, бір шоқыса, мен бір шоқымай, үнемі қарап отыратын адаммын, – деді Нұрмұхамед күліп, – Сендер осында келіп түскенде, байқамай қалдыңдар, қырдан екі атты адам қарап тұрды да жоқ болып кетті. Ханның шолғыншылары осы жерге дейін жортып келеді.
Бай өз қолымен қымыз құйып Тәттімбетке ұсынды. – Ал, қарағым. Мынау ерте құлындаған биенің алғашқы уыз қымызы.
Содан соң тәспісін тартып отырып баяу сөйлеген.
– Е, қарағым, қазақтың басына осындай күн туып тұр ғой. Не амалың бар. Мынау Шұбарағаш Ойжайлау жақтан бері қарай өткен бір адамдар айтып келді. Ел ішінде әскер көп дейді. Жан-жақтан қаумалап… Жазға салым қырғыз тарапта ма екен, әйтеуір сол жақта бір қанды майдан болайын деп тұр…
– Қайран ел… тұңғиыққа тірелді ғой… Артын қайырлы қылсын деп тілегеннен басқа не қалды бізге, – деген содан соң түніліп.
– Өзіңіз Кенесарыны көрдіңіз бе? – деді Тәттімбет.
– Иә, көрдім, – деді Нұрмұхамед, – Көрдім ғой. Өткен жазда. Сегіз ту әскерімен, сырнайлатып, кернейлетіп өтті. Алдынан табақ тартып шықтық. Нансаң айтайын, осы мына сен отырған төрде отырып, қолымыздан дәм татты.
Тәттімбет, тамағына тас тығылғандай, үнсіз отырып қалған. Нұрмұхамед күрсіне сөйледі.
– Хан өзінің ағасы Саржан сұлтанға ұқсайды екен. Тек сида, еңсегей. Саржан дембелше, нығыз денелі еді ғой. Баяғыда Арқада болған бір тойда көріп едім. Жастау кезім. Қасым төре екі үлкен ұлын ертіп келіп, елдің бәрі қоғадай жапырылғаны бар.
– Иә, қалмақ әжелеріне ұқсаған ғой, – деді Тәттімбет, – Абылай жас кезінде шолғында жүріп қалмақтың қолына түсіп қалған. Кейін Қалдан Серен қайтарарда өзінің Қоша Мерген деген биінің қызын Абылайға алып берген. Баяғы Топыш әжеміз қалмақтың қызы еді ғой. Көргендерден естігендер айтады, көзі шағыр болған дейді. Топыштан Қасым сұлтан туған.
… Бітпестей болып көрінген боран басылды. Бұлар жолға дайындалып жатқанда ханның шолғыншылары да жеткен. Мұздай қаруланған жиырма шақты адам сау етіп ауылға кіріп келгенде Нұрмұхамедтің әулеті тырп ете алмай қол қусырып тұрып қалған. Тәттімбет шолғынды бастап келген адамды бірден таныған. Ханның жендеті Итеғұл.
Есіктен кіріп келген Итеғұл үйде отырғандарға жағалай қарап өтіп жанындағы адамдарына бұрылды.
– Осылар, – деді Жаңбырбайды қамшысының ұшымен меңзеп, – Мынау Құнанбайдың шабарманы.
– Ал, елшілер, – деген одан кейін кекетіп, – Атқа қоныңыздар. Аттанайық. Жаңғырық пен қара балта тосып тұр сіздерді.
Нұрмұхамед боп-боз болып кетті.
– Мырзам, отырып дәм татып кетіңіздер, – деді даусы сәл қарлығып, – Мал шалайық.
Итеғұл шырт түкірді.
Нұрмұхамед саптама етігі даңғырлап қонақтарына ере шыққан.
– Қарағым-ай, мен ұстап бергендей болдым ғой, – деді Тәттімбеттің жеңінен тартып, – Ұят болды ғой. Естіген елден…
– Қапа болмаңыз, Нұреке, – деді Тәттімбет, – Бұйрық солай. Дәм тартса тағы да кездесерміз.
Былай шыққанан кейін Итеғұл қапталдаса жүріп тағы да кекете сөйлеген.
– Айтпақшы, Құнанбай тақсыр нендей тапсырмамен жіберіп отыр сіздерді?
– Құнанбай сен турасында ештеңе айтқан жоқ, – деді Тәттімбет те кекетіп, – Ел ісін жендетпен ақылдасатын әдетім жоқ еді.
Итеғұл, – Ә, әкеңнің… – деп сәл шалқайыңқырап қамшысын оңтайлай бергенде, осы уақытқа дейін үнсіз келген қасқыр ішікті, зор денелі адам жендеттің білегінен шап берді.
– Әй, қой енді!
– Кешіріңіз, сұлтан, – деді Итеғұл зорлана жымиып, – Тілін тартпайды. Тәубасына келтірейік дегенім ғой.
… Бұлар ханның ауылына жеткенде қапалақтап қар жауа бастады. Қарсы алған жасауылдар елшілердің қолдарын артына қайырып байлап, есіктің алдына тұрғызып қойған.
Қасқыр ішікті адам ханның ордасына кірді де, қалған шолғыншылар сыртта қалды.
– Тәттімбет, анау адамды таныдың ба? – деді Жаңбырбай ақырын ғана, – Құдайменде сұлтан ғой.
– Бірінші рет көруім, – деді Тәттімбет.
Жаңбырбай таяқ тастам жерде жатқан ағаш дөңбекті иегімен меңзеген.
– Шамасы, бізге дайындап қойған жаңғырық.
– Бәрі де Алланың қолында, – деді Тәттімбет.
Осы кезде ханның ордасына тағы бір топ адам суыт жүріп жеткен. Қылыштары салақтап аттан түскен жігіттер жасауылдарды қағып-соғып ордаға кірді. Іле айбынды дауыстар естілген. Аздан соң сыртқа шыққан бірнеше жасауыл елшілердің қолдарын шешіп, соңдарынан ертіп, ауыл сыртындағы жұпынылау екі жолым үйге түсірді…
Түн ортасында Құдайменде сұлтан келген.
– Көресі жарығың бар екен, Тәттімбет, – деді сұлтан малдас құра отырып жатып, – Бағана, анау біздің жасақтағы сенің Қаракесек тумаларың келіп килікпегенде бастарың шабылайын-ақ деп тұр еді. Шыныңды айтшы, қолыңды байлап жаңғырықтың жанына тұрғызып қойғанда аспан тулақтай болып көрінген шығар.
– Жоқ, сұлтан, – деді Тәттімбет, – Ол жерде аспанға қарауға мұрша болды дейсіз бе. Арттағы елдің тілегін жеткізе алмадым-ау деген өкініш қана болды. Содан кейін қонақ болып келген хақым бар емес пе, соған сендім.
– Жарайды, – деген Құдайменде сәл отырып, – Жүр. Хан шақырып жатыр.
… Тәттімбет кіріп келіп, оң қолын кеудесіне қойып сәлем бергенде төрде түнеріп отырған Кенесары селт еткен жоқ. Орданың ішінде жан күйзелткен ауыр үнсіздік орнады. Тәттімбет ханның жүзіне бажайлап қараған. Кенесарының сәл қуарыңқы жүзінен төгілген уыты оттай шарпиды екен. Қахар төккен шағыр көзге тура қарай алмаған Тәттімбет басын төмен салған. Кенесары алдымен өзі сөйледі.
– Ешкім де менің қолымдағы тізгінді тартып алған жоқ. Мен ақ киізге салып көтерген қазақтың ханымын. Менің дәргейімдегі жұртым бола тұра, басқа елдің адамы құсап маған елші болып келгенің үшін басыңды алуға болар еді. Бірақ аталарың менің Абылай атамның ақ туының астында тұрып еді ғой, соған қалтқысыз қызмет етіп еді ғой деп қана жазадан қолымды тарттым, Қаракесек.
Тәттімбет ханның жүзіне тік қараған.
– Хан ием, айтшы, қара қазақтың басы көп пе, әлде орыстың мылтығы көп пе?
– Әуелі айтайын, мен, анттан тайған қазақтың төрелеріне хан емеспін-жендетпін, – деді Кенесары, – Екінші, сенімен жұмбақ шешісіп, езгілесіп отыратын жайым жоқ. Келгендегі шаруаңды айт. Кім жіберді, аузыңа нендей сөз салып берді, айт. Содан соң осы қазір жолыңды тап.
Тәттімбет аз ғана кідіріп барып, барлық жайытты қысқаша айтып шыққан.
– Елдегі төрелерге мен не айтуым керек? – деді содан соң. – Жауабыңыз қандай?
– Жауабымды жазда естисіңдер, – деді Кенесары есіктегі жасауылға белгі беріп жатып.
… Тәттімбет қайтып келіп болған жайды баян еткенде, ханның ордасынан нендей хабар келеді деп абыржып отырған жұрт қуанып жолға жинала бастады.
Тек Жаңбырбай ғана, – Келгенімізден кеткеніміз тез болды ғой, – деп күңк еткен.
Есікте тұрған саққұлақ Итеғұл Жаңбырбайдың сөзін естіп қойды.
– Ей, жандайшап! – деген арс етіп, – Жаның олжа, басың алынбай аман қайтқаныңа тәуба демейсің бе?
… Ере шыққан ханның төлеңгіттері ертеңіне кеш батқанша бірге жүріп, көш жерге шығарып салып кері қайтқан.
– Ал, Тәттімбет, аман болыңдар, – деген қоштасарда төлеңгіттердің басшысы Ақынгерей, – Елге дұғай-дұғай сәлем айтыңдар.
Кенет… Меңлігерейдің жүзінен әлдебір мұң елес бергендей көрініп кетті.
– Қайта… айналып… көріскенше… – деді Тәттімбет бөліп-бөліп.
– Қош болыңдар, – деді Ақынгерей атының басын бұрып жатып.
Қарауытқан топ алыстағы адырлардың тасасына сіңіп жоқ болғанша ешкім қозғалмады.
– Құдая тәуба, – деді Жаңбырбай жеңілейе күрсініп, – Шынымды айтсам, аяғына дейін сенбей келдім. Неменеге әспеттеп шығарып салып келе жатыр, қай жерге әкеліп қылыштың астына алар екен, қай жерге әкеліп қанымызды судай төгер екен деп әбден қалжырап қалдым.
Барлығы жадырай күлді.
– Ал, қуанбасқа немене! – деді Жаңбырбай айқайлап, – Ажалымыз жоқ екен! Анадан қайта тудық! Жаса қазақ!
Тебініп қалып шаба жөнелгенде, шаттанып тұрған жұрт қиқулап аттың басын жіберген.
Тәттімбет қана дүрмекке ермеді. Мыңдаған жылдарға созылған дүбірлі дәуреннің аяқталып, әлпеті бұлдыр жаңа заманның басталғанын нық сезінген. Алашпенен қисабы жоқ тағдыр кешіскен, қимасындай қымбат әлдебір әулеттің қара жерді тастап тылсымға көшіп бара жатқанын түсінгенде жүрегін тәтті қамрық билеп көзінің алды буалдыр тартты. Дерегі жоқ көлеңкедей, көкжиекке баяғыда сіңіп кеткен адамдардың соңынан көзі талғанша қарап тұра берген…
***
Ел ішінде әңгіме жатпайды. Тәттімбеттің Жетісуға аттанғаны жайындағы хабар ұзынқұлақтан апта өтпей-ақ ауылға жеткен. Қалайы сенбей қайыра анықтағанда бәрі рас болып шықты.
– Апырай, бұл қайткенің Құнанбай, – деген, бір-ақ күнде қартайып өңі тайған Қалайы қайғыдан теңселіп отырып, – Адам таппағандай менің баламды өлімге айдағаның ба?
– Бәйбіше, сабыр ет, – деді Қазанғап күрсініп, – Жауға кеткен жоқ қой. Жаман ырым бастама.
Қалайы мұңайып басын шайқаған.
– Беу, би-екем, жаудың қайда екенін қайдан білесің.
Қазанғап сүйегі сырқырай орнынан тұрып далаға шығып кетті. Қалайы сонда ғана көзінің жасына ерік берген.
– Омыртқамды үзген, шикі өкпемді шайнаған құлыным, – деді еңіреп, – Арасанға ат айттым. Тәңірім өзің сақтай көр!
Күтушілер, жастықты құшақтап жылап жатқан бәйбішенің жанына бара алмай, тосырқап ошақтың жанына жиналды.
Кеш батқанда ғана Қалайы есін жиып орнынан тұрып, беті-қолын жуды. Содан соң әлдебір нүктеге қадала қарап сәл отырды.
– Жарайды, Құнанбай, – деді баяу дауыспен, – Осыдан баламның басы Кенесарының қанжығасында кетсе, сен де қыр аспай ажалыңды тап.
… Бұл кезде Қазанғап атына мініп ауылдан аулақта тұрған, қары кетіп жалаңаштанып қалған төбенің басына шықты. Атын тұсап тастап, шапанының етегін жерге жайып ошарыла отырған. Кешқұрым. Батар күннің қызыл арайы мен қардың бетін айғыздаған көкшіл көлеңке бір-бірімен арпалыса шарпысқан кез. Осы сілтідей тыныштық пен үнсіз тартыстың ортасында отырып, өткен күнге ой жүгіртті.
… Ойлап отырса баласының ішіндегі бірегейімен алғыры Тәттімбет екен. Шыр етіп дүние есігін ашқан сәті көз алдына келді.
… Бір жылы, орай жұт болып, малдың жартысы қырылып көктемге әзер ілінген Қазанғаптың ауылы жайлауға ерте көшкен. Көштің үстінде Қалайы толғата бастады. Толғақ күшейіп, ақырында көш амалсыз тоқтап еру жасаған. Қазанғап, әйелінің бебеулеген даусына төзе алмай қырға шықты. Есейіп қалған Құттымбет ере жүрді. Әкелі-балалы екеуі ауылға алыстан қарап ұзақ тұрған. Бір кезде бақсының сарнаған сарыны естілді. Содан соң аулақтағы қырдан өзі де көрінген.
– Әке, Қара бақсы келе жатыр, – деді Құттымбет қуанып.
Қазанғап үндемеді. Текіректеп секіріп келе жатқан бақсы ауыл жақтан азаптанып жатқан әйелдің даусын естіп секиіп тұра қалған. Құттымбет қолын шошайтып күліп жіберді.
– Әке, қарашы, тура саршұнақ сияқты.
– Қой, балам, күлме, – деді Қазанғап, – Бұл адамды Құдайдың өзі жіберген сияқты ғой.
Бақсының ауылға жүгіріп кіріп не істеп жатқаны көрініп тұр. Әуелі еркек кіндіктінің барлығы аулақтау барып теріс қарап қалды. Содан соң бір кереге мен туырлықтан көлегей жасап ыңырсып жатқан Қалайыны соның тасасына апарып жатқызғаны байқалды. Бақсы қолына сабауды алып, атқа мініп арқырап, көлегейдің үстінен ары бір-бері бір секіріп өткен. Қахарлы дауыстан бүкіл дала күңіреніп кеткендей болды. Артынша жылған нәрестенің даусы естілді. Құттымбет әкесіне жалт қараған.
– Әке!
– Көріп тұрмын, – деді Қазанғап сабыр сақтап, – Құдая сақтай гөр! Өзін аман қыла гөр! Ақсарбас!
Қалайының үстіне ілезде үй тігілді. Қазанғаптың шешесі Қырымбике үйден шығып қол бұлғап шақырған.
Бұлар желе жортып келгенде Қырымбике иісі аңқыған шарананы құлан жөргекке орап ұсынған.
– Ұл екен, Қазанғап. Тұлыбына симай тулап жатқанын қарашы. Әкең Мөшекенің аузынан түсіп қалғандай.
Қазанғап тыпырлап жатқан нәрестені бетіне басты.
– Әке, қарашы, маңдайында меңі бар екен, – деді Құттымбет қуанышын жасыра алмай.
– Әй, болды, әкел бері, – деді Қырымбике баланы қолына алып жатып, – Балажанын қарашы өзінің…
… Қазанғап ұйқыдан оянғандай жан-жағына қарады. Ымырт үйіріліпті. Қыстаудың терезесінен шамның өлеусіреген жарығы көрінді.
– Я, Алла, өзіңе аманат, – деді Қазанғап атын жетелей төбеден түсіп келе жатып, – Өзіңе табыстадым.
***
Қайтып келгеннен кейін Тәттімбет аға сұлтанға есеп берген. Құнанбай самарқау тыңдап, артынша кереге арқасын беріп, көзін жұмып үнсіз қалды. Тәттімбет сабырмен істің аяғын тосқан.
– Солай де, – деді Құнанбай, – Бәрі зая деші. Сен жұмсартып жеткізгеннің өзінде Кенесарының сөзінің сойын танып отырмын.
Тәттімбетке жалт етіп бір қараған.
– Алаштың баласын бір-біріне жау қылып отырған заман ғой. Мен Кенесарыға дұшпандық қылғам жоқ. Замана ырық бермей бізді төрт тарапқа тентіретіп отыр. Әйтпесе, Кенесарының қадіріне жеткен бір қазақ болса – ол мен едім.
– Енді не болады, Құнеке? – деді Тәттімбет.
Құнанбай сәл кідіріп барып, әр сөзін теріп қинала сөйлеген.
– Саған бір әңгіме айтайын… Менің қолымда Итжеккеннен қашқан шеркестің бірнеше жігіті отыр. Ол қайдан келген десең айтайын, мынау Ой елі, Түбектің ар жағында, Кіші жүздің жерінде Әбескүн деген ұшан дария бар екен. Соның арғы жағасында Дағыстан деген ел бар екен, жер бар екен. Кілең арқаржым тау болып келеді деседі. Өздерінің айтысы солай. Сол ел, міне, неше жылдан бері Ресеймен соғысып жатқан көрінеді. Шәміл деген батыр қол бастайды екен. Сол соғыста қолға түскен адамдар Ібір-Сібірге, Итжеккенге айдалады екен. Мынау маған келгендері солар. Алғашында қол-аяқтарын байлап өкіметтің қолына тапсырайып деп едім. Бірақ ішіндегі басшысы, ойымды сезсе керек, «Олай болса, адат» деді. Құдайдан қорыққаннан кейін барып қолымды тарттым. Енді не істерімді білмей отырмын. Әзірге таудағы қойшылардың ауылына жасырып қойдым.
Құнанбай оңалып отырып қолын жайды.
– Енді осының бәрін неменеге айтып отырмын? Сол жігіттердің айтысына қарағанда Дағыстаннан пана таппағандар, бүкіл мұсылман баласы Түркияға қашады екен. Түріктің патшасы, мұсылманы бар, кәпірі бар, Ресейден теперіш көргендердің барлығына жәрдем қылып, қанатының астына алады екен… Кенесары ешқашанда қырғызға хан бола алмайды. Қырғыз деген, қазақтан баяғыда оты бөлініп кеткен, өз бетінше тіршілік еткен ел. Ал Ресей бәрібір Кенесарыға тыныштық бермейді. Түбіне жетпейінше тынбайды.
– Сонда айдаладағы бір елге кетуі керек пе? – деді Тәттімбет.
– Иә, – деді Құнанбай, – Егер қырғыздан өте алса, ары қарай қызылбас асудан басқа жол жоқ.
– Менікі жорамал ғана, – деген тағы да Құнанбай, – Бәрі де Құдайдың қолында. Менің білетінім, осы азғантай ғұмырымда түсінгенім, бағы асқанның, болған елдің отын жақ, ал оған төзбесең… онда, не соғысып жер жастан, не басың ауған жаққа кет.
Ертеңіне аға сұлтанның өтініші бойынша аялдаған Тәттімбет Шекаралық комиссияның адамдарымен бірге отырып салықтың жаңа ережелерін талқылады. Екі күннен кейін ауылына қайтты. Осы сапар көргені мен білгені санасынан кетер емес. Осы жасында ұққаны, бүгін танығанына кереғар, ақыл жетпес жұмбақ екен. Қандай жұрттың басына болса да келетін кеп екен, арманы мен мұраты биік, бірақ малы аз, қолын жоқшылық байлап, осылай тілін тістеп отырады екен. Атадан асып туған ер болса да жол таппай елімен бірге осылай адасады екен. Алдағы сергелдең заман, болжаусыз қарамұнар дәуірге өзінің жұтылып бара жатқанын анық сезген.
***
Қыс аяқталды. Көктем өтіп жаз келді. Елеңдеп отырған елдің ойы жаманға шықты. Алғашында қырғыз бетке аттанған қол екіге жарылыпты деген қауесет тарады. Содан соң, көп ұзамай, ханның өліп, бүкіл әскерінің қырылғандығы жайлы сұмдық хабар жеткен. Бұны Арқаға керуен тартып келген сарттар да растады. Ол аз болғандай ел ішіне тергеу шығып қаншама адамды қамап алып кетті. Бүлікшілерге тілектес болған, мінетін ат, киетін киім берген, қару менен ақша берген, ақыры үйіне түскен жаушыға сусын берген адам, бәрі қамалды. Қылышынан қан тамған комиссия ешкімді аямады. Қорғансыз ел торғайдай бұғып үнсіз қалған.
Ақтабан шұбырындының елесі оянған осы үрейлі күндердің бірінде Қазанғаптың ауылына Құнанбай келді. Торығып күйреп қалған аға сұлтанды Қазанғап кеш бойы жұбатқан.
– Көнгеннен басқа не амал бар, Құнанбай, – деген би, өзі де қасіреттене күрсініп отырып, – Алаш үшін отқа түскен Кенесарыдай-ақ болар. Табалап айтып отырғам жоқ, ішімнен қан жылап айтып отырмын. Кенесары азуын айға басқан арыстан еді, ол да мерт болды. Өзім қорқып, я сені қорқытып айтып отырғам жоқ. Орыс, ерлігімен емес, өнерімен жеңіп отыр. Ал ондай өнерді, ондай тылсымды Құдай біздің қолға бермеді. Бәрің сайдың тасындайсың. Кемшілігің қоғамыңда болып отыр. Қоғамың қожыраса бір сенің ер болғаныңнан не пайда.
– Сөзің асыл, Қазанғап, – деген Құнанбай, басын жерден алмаған күйі, – Бірақ қиын… Бәрін көріп отырып қолыңда дәрмен жоқ… іштен тынған жаман екен… Бір жақта жарлығы қатты ақ патша… бір жақта шерменде болған қайран елің… екі оттың ортасында болған қиын екен.
– Не дерің бар, Құнанбай, – деді Қазанғап, – Күн жаманы бұл да кетеді. Абылайдай ер өлгенде де қазақтың шаңырағы ортасына түскен жоқ еді ғой. Орнында бар оңалады. Болған іске болаттай берік болыңдар.
Шекаралық комиссияның кенеусіз зорлық-зомбылығы бір жылдан астам уақытқа созылды. Кейіннен қырғыздағы қырғыннан әлдеқалай аман шыққан Ағыбай батырдың да ұсталып, қол-аяғы кісенделіп Итжеккенге айдалғандығы жайында хабар жеткенде, осы уақытқа дейін ерленіп, жұртқа дем беріп, жұбатып отырған Қазанғаптың өзі қалың қайғыға батқан. Ертеден кешке дейін ауыл сыртындағы төбенің басына шығып алып батысқа қарайды да отырады. Ас-суға зауқы жоқ Қазанғап сақал-мұрты қауқиып жүдеп кеткен. Әкесінің күйіне қабырғасы қайысқан Құттымбет бір күні, – Сізге не болған. Болар іс болды, енді жылағаннан не пайда. Қойыңыз енді, әке, – деген.
– Е, балам, – деді Қазанғап күрсініп, – Кейде адам, бұл дүниеге неге келгеніне де өкінетін кезі болады екен. Туған елің үшін өлудің өзі арман екен ғой.
***
Ағыбай батыр үш жылдан кейін қайтты. Жайнаған көктем еді. Кенесары хан қырғыздан өлгеннен кейін ел ішіне шыққан жазалаушы әскерлер айдап алып кеткен үш жүзден астам қаракесектің азаматы қоса босатылыпты деген қуанышты хабар жарыса жеткен. Сағы сынған елдің көңілі қайтадан көтерілген. Көп ұзамай үш жылдан бері жұрт ат ізін салуға қорқатын шұбыртпалының ауылынан хабаршы келді. Төребай ақын бастаған төрт адам ауылға келіп ат шалдырып батырдың сәлемін айтқан.
– Қазанғап, – деді Төребай, – Алла жар болып ағамыз аман қайтты. Өлген өлді, тіріге – тіршілік. Ауылымыз ақсарбас атап той жасап жатыр. Білем, сен заңның адамысың. Қадамың аңдулы. Әйтседе, біздің қордамыз тыныш. Іс тоқталған. Қорықпай келіп жұртпен бірге алқаласып отырсын дейді ағамыз.
Қазанғап төмен қарап сәл үнсіз отырып қалды. Бидің көңілі босап толқып отырғаны байқалды.
– Құдайға шүкір, – деді аздан соң даусы қарлығып, – Ағыбай босағанда қуанбасқа немене. Барамыз. Аймағымызбен барамыз.
***
Қазанғап бастаған шағын топ ауылға құлағанда той саябырси бастаған. Бірақ келімді-кетімді кісі көп, тігілген үй көп. Көп адам түнемел қымыз ішіп мас. Қазанғапты батырдың өзі қарсылаған. Дөңмұрын, қоңырқай дөңгелек жүзді еңгезердей адам қарсы келіп,
– Аманбысың, Қазанғап, – дегенде, әзер шыдап тұрған би, еңіреп жіберіп батырды құшақтай кеткен.
– Аманбысың, кемеңгерім, – деді көзіне қаймыжық жас үйірілген Ағыбай, – Аманбысың, асылым, ардағым.
Аздан соң қызыл сырық он екі қанат ақ орданың төріне жайғасқан қонақтардың алдына астаумен ет тартылған, шара-шара қымыз келтірілген.
Осы кеш Тәттімбет көптен бері ұстамай кеткен домбырасын қолына алып шалқытып күй төккен. Ел басына үйірілген қара бұлыт сейіліп қоңыр қазақ еңсесін қайта көтерді. Ажалдың аузына барып аман қайтқан үлкен аға, сол ағаның кең жайлау төрінде бір-біріне қол артысып риясыз қуанған ағайын-тума, дос-жаран.
– Е, шертші, шертші, – деп Ағыбай да жұртпен бірге қошемет төгіп қолпашпат отырды, – Саусағыңнан айналайын.
Содан кейін кезек әнге берілгенде, ерекше көңілмен келген Көсемсары даусын сарала қаздай самғатқан.
– Пах, шіркін, – деді Ағыбай, – Не арман бар. Көңілімді өсірдіңдер. Рахмет, қарақтарым.
Қанатты көңілмен түн ортасы ауды. Жолсоқты болып келген жолаушылар қатарластыра тігілген көп үйге орналасты.
Тәттімбет дөңбекшіп ұйықтай алмады. Неше күн той тойлаған ауыл қалың ұйқыға кеткенде, сырттағы тіршілікті тыңдап, көз ілмей жата берген. Кенет аяқ дыбысы естілді. Біреу үйдің тұсына келіп сәл тұрды да ыңырана күрсінді. Зілдей ауыр жүрісіне қарағанда қаранар үлкен адам. Тәттімбет сықырлауықты ашып ақырын сығалап Ағыбайды бірден таныған. Айдың жарығында ауыл ортасында сенделіп, не істерін білмей тұрғаны байқалды. Тәттімбет үйден шығып ақырын басып Ағыбайдың жанына келген.
– Батыр әке, неге ұйықтамай жүрсіз? – деген жеңінен ұстап.
Ағыбай Тәттімбетті ақырын ғана арқасынан қақты да бұрылып жүре берді. Ауылдың сыртындағы дөңестеу жерге киіз жайылған екен. Соған барып сүйегі сырқырай отырған. Үйлердің арасынан қараңдаған адамдар көрінді. Жақын келіп, барлығы шыққа малынған шөпке малдас құра жайғасқан.
– Ағыбай, неге демалмайсың? – деді абыржыған Қазанғап, – Не болып қалды, бәтір-ау?
Ағыбай шоқша сақалын уыстай ұстап, нәдәуір уақыт үнсіз отырды.
– Ішіме сыймай барады, Қазанғап, – деді ақырында, – Сендерге айтып шерімді тарқатпасам, құсадан өлетін сияқтымын. Орыстың тас зынданында жібімеген көңілім, енді ашылып, қабырғам енді сөгіліп отыр.
Барлығы төмен қарап кетті. Ағыбай еңкейіп бара жатқан айға реңсіз көздерін қадап отырып баяу әңгіме бастаған.
– Қыс ұлы жүз дулаттың ішінде қыстадық. Хан ием қырғызға екі рет кісі салды. Бірінші жолы елшіге барғандар сөз ұстайтын ешкімді таппай қайтты. Келесі жолы барғанда Орман менен Жантай манаптың ауылында бірнеше әписер бастаған орыстың әскері қонақтап жатқанын көрдік. Аңыс байқалды. Мен Кенекеңе, ендігі сөзде не мағына бар, орыстар бұлардың аузын алып қойған екен дедім. Саржанның ұлы Ержан сұлтан, қырғыздар осылай бөлек-бөлек отырғанда, осы қыс ішінде шабайық та бұзып өтейік деді. Наурызбай да, көктем келгенде қырғыз басы қосылып жасақ шығарады, одан кейін қиын болады, қазір аттанайық деді. Басқа батырлар да осыған тоқтаған сияқты енді, бірақ хан ием илікпеді. Асудан асу, мынадай суықта бала-шаға жол көтере алмайды, бәріміз қырыламыз деді. Күн шығып жер кепсін. Ағайын ел емес пе, тіл табысармыз деді. Амалсыз көндік. Көктем келгенде дүние шырқ айналды. Әуелі ой елінен жаман хабар жетті. Қоқан мен түрікмен екі жақтан шауып Сырдың бойын қанға батырыпты. Шекті, бүкіл әлімнен тұтқынға кеткен адам қаншама. Өлгені одан да көп. Жанқожа батыр өзінің жасағын алып, ханнан кешу сұрап, еліне аттанды. Кейін естідік, Созақ пен Жүлектен шыққан Қоқанның әскері жолын кеспек болған екен. Жанқожаның қолы қанға батса да әйтеуір бұзып өтіп Сырға жетіпті. Ал мына жақта… Қапалда қыстаған орыстың көп әскері қырғызға қарай бет алыпты деп естідік. Ол аз болса Ақмешіт жақтан да бері қарай қалың қол аттаныпты. Арқаға қайта алмаймыз. Енді қырғызды шапқаннан басқа амал қалмады. Кенекем бармағын шайнап, теңселіп, жүрді де қойды. Содан соң атқа қонды. Е, дүние-ай, жазықта орыстың өзін састырып едік, Ақмоланың қақпасын қан қылып едік. Жықпыл-жықпыл тау-таста отырған қырғызды ала алмадық, бір рет құлаш керіп қылыш шаба алмай, қор болдық. Аздан соң азық таусылды. Қырғыздар бұлақтың барлығын буып тастады. Әскер ашығып шөлдеді. Ақырында қаңырығымыз түтеп жүре алмай тұрып қалдық. Тірі қалғандарды бес қабат қылып қоршады. Тағы да ақылдастық. Барлығымыз қоршауды бұзып Меркеге қарай кетейік деп пәтуаластық. Кенекең, қоршаудың ұрымтал жерін көріп келіңдер деп бір топ адамды шолғынға жіберді. Бардық. Сай-саланың барлығы сірескен жаудың қолы. Мылтық атып қуғанда Ержан сұлтан оқ құшты. Қайтып келдік. Кенесары орнынан тұрып тыңдады. Ержанның өлгенін естігенде сәл үндемей тұрып қалды. Барлығымыз топ болып тіке шауып өтетін болдық. Түннің бір уағында сақадай сайланып шаптық. Тағы қаншама адам өлді. Ақыры бұзып шықтық. Сол кезде ханның атына оқ тиді. Опыр-топыр болды. Бірақ бір-бірімізге қарауға мұрша жоқ. Одан кейін… көрген түс сияқты. Тоз-тоз болып қаңғып кеттік. Құдайменде мен Бопай да сытылып шыққандай екен. Қырғыздар Меркенің тұсында қуып жетіп кескілеп өлтіріпті.
Ағыбай төмен қарап үнсіз қалды. Таңалагеуім еді. Көдені тербеп өлкек есті.
– Артынан естідік, Жанқожа, жаудың бетін қайтарғаннан кейін болған жайды біліп, қанша әскер жинап бері қарай аттаныпты, – деді содан соң Ағыбай тамағынан қырылдай сөйлеп, – Кенесары мен Наурызбайдың жаназасын берем, дайындалсын деп қырғызға сәлем айтып жіберіпті. Бірақ Ақмешіттің тұсында орыстың қалың әскеріне жолығып, неше күн соғыс қылып өте алмай қойыпты…
– Ары қарай не болды? – деп сұрады жүзі сәл қуарыңқы Қазанғап.
– Не болушы еді, – деді Ағыбай күрсініп, – Үш мың адам(ның бәрі өлді дедік қой. Бастарын, шауып, арбаға тиеп Қоқанның әміріне апарып сол жақтан шен-шекпен киіп қайтқан дейді қырғыз. Кенекем мен Науанжанның сүйегі сол арада. «Он бір жыра» деген жерде қалған көрінеді.
– Орман мен Жантай, Қалығұл манаптардың арты жақсы болмаған дейді ғой, – деді Құттымбет.
– Кенекеңнің, Наурызбайдың аруағы атқан ғой, – деді отырғандардың бірі.
– Барсын, – деді Ағыбай жер шұқып отырған күйі, – Алды-артына бір уыс топырақ. Барсын.
Шығыстан қанжоса болып күн көтерілді. Осы қанқызыл арайға қарап отырып Ағыбай мұңая тіл қатқан.
– Кенесары аттан құлағанда Науан айқайлап менің артымнан қуды. Батырға да жан керек деген. Бұрылып қарай алмадым. Науан тауы шағылып қайтып келгенде Кенекем «Қап, бекер қайттың ғой. Сен сытылып кетсең жау маған ештеңе істей алмас еді» деп өкініпті. Одан кейін болғанды мен айтпай-ақ қояйын, сендер естімей-ақ қойыңдар, қарақтарым.
Ағыбай аузынан жалын ата күрсінген.
– Мен қазір ұйқыдан қалдым. Көзімді жұмсам болды, құлағыма Наурызбайдың артымнан қуып, «Ағеке! Ағеке!» деп айқайлағаны келеді де тұрады. Таң алдында ған сәл мызғып алам. Міне, менің жайым.
Тәттімбет орнынан тұрып жүре берген. Былайырақ қозыкөш жерге шығып жан-жағына қарады. Ақтаң. Хош иісті самал мың сан шөпті баяу толқытады. Зеңгір көкте қанаты қалтыраған бозторғай тынымсыз тіршілік жырын жырлап тұрғандай. Кенет аспанды қап-қара бұлт торлады. Сол сәт ерке көбік болып ойнап тұрған көденің мұхиты ақтарылған қаражал толқынға толып кетті. Аяусыз ажалдың толқыны. Тәттімбет тізерлей құлады. Үйірге ілесе алмай құла медиенде жалғыз қалған қаптағайдың зарындай қорқынышты ащы айқай көмейін кернеп қалай шыққанын өзі де аңдамаған. Қайдан келгені белгісіз әкесінің атқосшысы Қондыбайдың бұны құшақтап, – Мырзам, жыламашы! Жыламашы! – деп үрейлене жалбарынғанын біледі. Ар жағы… қара түнек.
Анда-санда есі кіргендей болып, буалдыр ішінде баяу жылжыған адамдарды көреді. Артынша қарамұлғын тұманға қайтадан батып кетеді.
Тылсымынан арылып есін жиғанда бас жағында әкесі отыр екен.
– Құдайға шүкір, – деді Қазанғап қуанып, – Балам, ес-түссіз сегіз күн жаттың. Ырсымбет пен Құттымбет үш күн бұрын қайтып кетті. Мен ғана қалдым. Жол жүруге жарасаң елге қайтайық, балам. Шешең де әбден алаңдап отырған шығар.
***
Елге қайтқаннан кейін Қазанғап түсініксіз бір дертке шалдықты. Әуелі ертелі-кеш меңірейіп отырып алатынды шығарды. Содан соң өзімен өзі күбірлеп сөйлейтін болды. Ақырсоңында қозғала алмай жатып қалған. Мазасызданған үй іші әйгілі Қара бақсының асасын ұстап қалған тәуіп Ошағанды шақыртып алдырған. Ошаған ауыру бидің жанында сүт пісірімдей отырып, содан кейін ересек адамдарды оңаша жинады.
– Қарақтарым, Қазанғап әкелеріңді енді мазаламаңдар. Демалсын, – деді Ошаған, – Бұл «қылқын» деген ауыру. Емдеп, әуре болмай-ақ қойыңдар. Би ағаның күні санаулы.
– Апырай, – деді ілезде көзі жасаураған Ырсымбет, – Сап-сау адам… Бұл қалай болғаны?
– Әй, қарағым-ай, – деді Ошаған қайғыра, – Не дерің бар. Пәниге тәни дүние мен бақиға тәни иман бір-бірімен сиыспаған кезде небір аурулар шығады. Ықтиярынан айырылған елдің көресісі осы.
Қазанғап көріпкел тәуіптен кейін екі күн өмір сүрді. Төрде төсек тартып жатқан би кесімді уақыты тақағанда орнынан айқайлай көтерілген, қалы кілемде тұрған полковник мундирін жұлып алып кеудесіндегі орден-медальдарымен қоса ошақтың отына умар-жумар қылып лақтырған.
– Бүйткен шекпенің мен сылдырмағыңның атасына нәлет! Қан жұтып өлген қайран арыстан ерлерім! Қайдасыңдар, асылзада бектерім!
***
Қадірменді бидің қазасына Арқадағы алты арыс елдің қасқасы мен жайсаңы түгел жиналған. Қазанғап үлкен атырап қорымның етегіне жерленді.
Марқұмның қырқы өтті. Жұрт аяғы басылды. Тұтас бір бойы сөгіліп, құлазып қалған Тәттімбет күнде кешқұрым молданы ертіп әкесінің зиратына құран оқып қайтады. Түн келеді. Үлкен ауылдың тұрмысы өзінің үйреншікті қалпын тапқан. Бірнеше жерден жағылған ошақ пен жайдақ от, қайшалысқан жұрт. Бітпейтін тынымсыз тіршілік. Бәрі де баяғыдай. Тек, ауыл-үйді ғана емес, бүкіл аймақты меңгеріп, елді бітістіріп отыратын ымыраның ұйтқысы, мейірімді Қазанғап қана жоқ. Әр шаңырақ күніне бір рет болса да бидің атын атап дүға оқып отырады.
Есім кешкі астан кейін күтүші әйелдермен бірге жүріп қалған-құтқан шаруаны тез бітіріп жұртты үйіне қайтарып жібереді. Аздан соң, – Мырзам, жатыңыз. Төсек салып қойдым, – дейді өзінің қоңыр күмбір даусымен.
– Қазір, – деп жауап береді Тәттімбет.
Бірақ керегеге сүйенген күйі қозғалмай отыра береді. Өткен өмір елестері атойлай бой көтеріп, ошақтың отынан көз алмаған күйі ояу отырып түс көреді.
***
Өнер – биік қасірет болса, оған жету ауыр бейнет. Әлмисақтан бұрын жасаған бір кемеңгер айтыпты, Жаратқан Ие ешкімді де несібесіз қалдырмайды, бірақ ол несібеңді дәл ұяңа, ошағыңа әкеліп бермейді деп. Өзекті жан несібесін іздеп жүріп өзі табу керек. Алғаш домбыраға қалай қол созғаны есінде. Шешесінің кенже інісі Әли тәуір домбырашы еді. Бір күні шай ішіп отырып, – Жездеке, осы бала өнерлі болады-ау, – деген Қазанғапқа қарап, – Күй шертсем болды беті алаулап, көз алмай отырады да қояды.
– Е, болса үйрет, – деді Қазанғап жымиып, – Бүкіл сармантай домбыра күйлеген күйші. Нағашыларына тартып тойшы болсын. Қойшы болатын ағайыны жетеді ғой.
– Солай емес пе? – деді одан кейін ересектеу Ырсымбетке қарап, – Бір Тәттімбетті асырай алатын шығарсыңдар.
Сол күні Әли кішкентай жиенін Қарқаралының қалың жыныс орманына ертіп апарды. Ағаш кесетін бірнеше шебер бірге жүрген. Таудың шыңына шыққанда шағын алаңқайдың шетінде, төбесінен төмен қарай қақ айрылып, желдің ығымен тербеліп тұрған қарағайға жолыққан.
– Жолымыз болды, Әли, – деді шеберлердің бірі қуанып, – Өткенде қалың жауын болып найзағай жарқ еткенде осы тұста бір нәрсе тарс ете қалып еді. Әй, дәу де болса, жайдың оғы тасқа емес қарағайға түскен-ау деп жорамалдап едім. Жорамалым дұрыс болып шықты. Құдай берем десе оп-оңай ғой.
– Міне, құлыным, – деді Әли жиенін ағаштың жанына ертіп келіп, – Ең шешен ағаш осы. Бұл саған бірінші дәріс. Күй домбырадан емес, күйшінің саусағынан емес, ең әуелі осылайша жерден өсіп шығады. Ең алдымен өзіңнің қарымыңа лайықтап домбыра шабамыз.
Шеберлер бір аптадан кейін күмбірлеп тұрған кішкентай домбыраны әкеліп Тәттімбеттің қолына нық ұстатқан.
– Ал, қарағым, өнер қонсын, – деді Үсен деген, шеберлердің үлкені.
Шешесі Қалайы мол қонақасы беріп, әр шебердің алақанына «қолдарының ақтығы, қарақтарым» деп бірнеше күміс теңге салған. Қазанғап, осы Қарқаралыны салып бітіргенше сауындарың бізде болсын деді.
Алтыдан жаңа асқан Тәттімбет сол домбырамен бірнеше күйді шертіп үйренді. Асығысы, аптығысы көп еді.
– Аптықпа, – дейтін Әли нағашысы, – Қазақта күйден көп нәрсе жоқ. Оның бәрін бір күнде үйрене алмайсың.
Он жасқа толып алғаш молланың алдын көргенде ауыл арасындағы домбырашының дәрежесіне жеткен. Содан кейін соқыр Мақу күйші бидің үйінде қонақтап отырып бала күйшінің домбыра шалысын тыңдаған.
– Апырай, би-еке, – деді Мақу қарсы отырған Қазанғапқа көрмейтін көздерінің ұясымен аңырая қарап, – Мына бала он жаста дедіңдер ме? Қолының тегеуріні үлкен адамдікіндей. Сенсең осы баланы мен ертейін.
Содан кейін әз қария Қазаңғап ауылының адамына айналған. Жазда жайлауға бірге көшеді. Қыс қыстау бірге тұрады. Мақу күйшілікке өзі ғана баулыған жоқ, аты зор шыққан домбырашылардың барлығына бозбала Тәттімбетті ертіп апарып таныс қылған.
Күндердің күнінде, шөп көркейіп, жер кеңейіп, алты арыс жайлауға көшкенде Мақу қымыз мұрындыққа шәкіртін ертіп келіп көнекөз қариялардың алдында ұзақ-ұзақ күй шерткізген.
– Қазанғап, мен енді қоштасып, қайтайын деп отырмын, – деген одан кейін, – Бойымдағының бәрін Тәттімбетке бердім. Бірақ бұл бала өнер аңсап, өнеге аңсап мына дүниеге симай бара жатыр. Бағын байлама, тұсап тастама. Кенересіне келе жатқан өнері бар. Сол өнер іштегі құса болып сыртқа шықпай қалса – бәрінен бұрын сол қайғы, сол өкініш болады.
Отырғандар қауқылдасып «бәрекелде» деп жатқанда Қазанғап алақанын көтерді. Дабыр-дұбыр сап тиылған.
– Апырай, Мәке, – деді Қазанғап, – Бұл қалай болғаны. Балапанын ерткен қырандай, Тәттімбетті өнерге баулыдың. Рахмет. Малмен өтей алмайтын ықылас-пейілің бар. Бірақ атыңның басын көштен бұрғаның не? Ай жат, жыл жат. Алдыңа мал салып берейік, жеке шаңырақ болам, төсек жаңғыртам десең – оған да құлдық. Тек мына саған бауыр басып қалған елің бар. Өгей келіп туған әкесіндей болып кеттің бұл елдің. Қарала белдігім мойнымда – кетпе.
Мақу төмен қарап бас шайқап күлген.
– Жарайды, Казанғап, – деді одан кейін керімсал дауыспен, – Мен жауға кетіп бара жатқан жоқпын ғой. Қашан келсем үйім тігулі, көрпем жаюлы, қазаным асулы екенін білем. Менің айтып отырғаным, ел қыдырсам деп едім. Неше жыл домбырашы бағам деп әбден тобанаяқ болып қалыппын.
Отырғандар қыран-топан күлкіге батқанда Қазанғап та күліп қолын кеудесіне қойған.
– Құп.
– Ал, Тәттімбетжанның бармаған енді бір күйшісі қалды, – деді Мақу, – Баяғы Қызылмойын Қуандық бар емес пе? Енді қос аттап сол Қуандықты алдыр.
– Астапыралла, – деді отырғандардың бірі, – Ол қақпас әлі тірі ме еді?
– Бақуат, – деді найманнан келіп қымызмұрындыққа кездейсоқ қатысып отырған бір адам, – Би-еке, балаңыз шынында да өнерпаз екен. Мақу атамыз дұрыс айтады. Бағын байламаңыз. Сіздің тұқымда Құдайға шүкір, іштегі шеменді шығаратын мал бар ғой.
***
Атын аңыздан ғана естіген Қызылмойын Қуандық келгенде Тәттімбет қорқып ауылдан қашып кеткен. Екінші күні нағашыларының ауылында тығылып отырған бұны Ырсымбет іздеп тауып алды.
– Сен жындымысың, – деген Ырсымбет ашуланып, – Қашып кеткенің не? Немене, кісі жейтін жалмауыз деп пе едің? Сен үшін келді ғой. Кәне, жүр!
Қуандық күйші шынында да кәдімгі адам болып шықты. Сүйекті, еңсегей бойлы, қылаң сұрғылт өңді, көкбурыл сақалы беліне түскен қария екен. Көзі үлкен, аялы. Келбетіндегі ерекшелік – мойнын орай келіп төсін жауып тұратын алып қызыл қалы бар екен. Әдепкі адамның көзіне мойынға оралған қызыл орамал сияқты көрінер еді. Содан кейінгі тағы бір таңғажайып белгі – сол шықшытындағы үлкен, үлкен болғанда баланың жұдырығы сиып кететіндей ойық шұңқыр. Кейін білді, домбыра мен қобыздың құлағын шықшытқа аямай батыра отырып күй шалғаннан болған нәрсе екен.
Күйші жалғыз емес, жанына шәкіртін ерте келіпті.
Төрде керегеге арқасымен сүйеніп отырған, малдас құрғанның өзінде ұзын аяқтары қайықтың тұмсығындай делдиген, сары өңді көк көз бозбала бұған жалт етіп қарап бас изеп амандасқан.
– Кел, балам. Атаңа сәлем бер, – деді Қазанғап, – Қайда жүрсің кешеден бері?
Тәттімбет күйші атаның алдына тізерлеп тұрып сәлем берген.
– Ассалаумағалейкүм, ата.
– Әліксалам, балам, – Қуандық бажайлай қарағанда Тәттімбеттің бетін өрт шалғандай болды. Бір қарағанда аялы көз шындығында ауыр, уытты екен.
– Кел, отыр сол жағыма, – деді Қуандық.
Содан соң кеш бойы елдің жақсыларымен болған келелі әңгіме кезінде бұрылып бір рет те қараған жоқ. Даусының лебі қуатты. Сақалын уыстай ұстап отырып сөйлегенде күндей күркіреген сарыннан киіз үйдің түңдігі желбірегендей. Бүкіл кеңес барысында домбыраны екі-ақ рет қолына алды. Осы сеңдей сапырылысқан алабайрақ күйді тыңдап отырып, Тәттімбет, бозбалалық шағының аяқталғандығын, кемел өмір табалдырығында тұрғандығын, ықылымға сіңген шадыман дәулет ескі өмірден келген әлдебіреу өзін солай қарай, мыңдаған ұрпақтың қанына суғарылып топырағы күрең тартқан сайын сахараға, еңірескен ерлердің заманына ертіп әкетіп бара жатқанын сезді. Кермеде тып-тыныш тұрған аты қуатты қолдың жетегімен енді қайтымы жоқ дүбірлі, қасіретті дәуренге еніп бара жатқанын түйсінді. Көкіректен мұздай бір тамшы жас сорғалап түскен.
***
Өзен-көл мұз кіреукенің астында қалған, бүкіл дала адам бойындай сіреу қар жамылып қойнына дейін тоңған ауыр қыс. Қараша ауылдың шетіне таман тігілген, шаңырағына дейін қарға көмілген Қуандықтың үйінде ошақтың оты таң атқанша өшпейді. Еті үйрене келе Тәттімбет өзін осы үйде туп-өскендей сезіне бастады. Шәлкем-шалыс мінезді Кенжебаймен алғаш танысып бірге жүргенде бірнеше рет ілінісіп қалған. Бірақ жақындаса келе бұл шайқылықтың ар жағында үлкен жүрек, өнерге деген кіршіксіз адалдық жатқанын түсініп, серейген ебедейсіз бозбаланы туғанындай жақсы көріп кетті. Қуандықтың жалғыз қызы Елше ақжарқын, мейірімді адам болып шықты. Әкесі сияқты ұзын бойлы, қылаң өңді аққайша қыз Тәттімбетті алғаш көргенде-ақ жатсынбай бірден бауырына басқан. Шеті мен шегіне көз жетпейтін Тарбағатайға, атын аңыздан ғана еститін, ошағының оты баяғыда сөніп, артында иті де ұлып қалмаған, басы шоқты қалмақтың ескі жұртын басып қалған көкжарлы елге келген Тәттімбет өзінің жаңа өмірін бастады.
***
Түн келеді. Ет жеп, шай ішіп болған шағын үйелмен төрде төбедей болып отырған Қуандықты алқалайды. Ошақтың маздаған отына ойлы көзін қадап отырып Қуандық, алдына көлденең салған домбыраны ақырын күмбір еткізеді. Содан кейін… содан кейін… тылсымның қырауы шалған байырқы, бағзы замандардан көтерілген, жүрегіңнің түкпірінде бар екенін өзің де білмеген етене сыр-күйді қозғап, он екі мүшені талдырған кемеңгер әңгіме билеп басып тербеле жөнеледі. Аспаннан аруақтар тіл қатқандай сезілетін. Күйшінің жұпыны үйі нұрға толып кететін.
– Баяғыда Мүйізді Ескендір деген жихангер болыпты. Күндердің күнінде дәмі таусылып ажалдың жастығына бас қойғанда жанына уәзірлерін, бектерін жинап кеңес қылыпты. Әлемді жаулап уысыма сиғызып едім, жер бетінде алмаған жау, бітірмеген дау қалдырмап едім. Енді, міне, өлейін деп жатырмын, бұ дүниеден кетейін деп жатырмын. Енді соңғы жарлығым. Жаным кеудемнен ұшып шығарда оң қолымды аспанға көтерем. Сол көтерілген күйде қалады. Қолымды мен неге көтердім, алақаным неге ашық, артымда қалған жұрт осы жұмбақты шешсін. Кімде-кім осы жұмбақты шешсе – сол адам, еркек болсын, әйел болсын, қай жыныс екеніне, ата-тегіне қарамай, патша сайлап менің алтын тағыма отырғызыңдар. Жұмбақтың шешімі сол болады – қақайып тұрған қолым жерге түседі. Сол жұмбақ шешілген жерге арулап көміңдер депті. Айтылды – болды. Сонымен өлген падишасының мәйітін арбаға салып алып уәзірлер жолға шығады. Күн жүреді, ай жүреді, жыл жүреді. Бірақ ешкім де Ескендірдің жұмбағын шеше алмапты. Ақырында уәзірлер шаршап-шалдығып, бір құламедиен далада қайтадан кеңес қылыпты. Осы біздің бұл жүрісіміз – не жүріс. Қашанғы қаңғырамыз. Өлінің өсиетін тірі орындамайды деген. Тірісінде қылышынан қан тамды. Амалсыз бағындық. Енді өлгеннен кейін бұл не бағыныш. Өлген арыстаннан тірі тышқан артық дегендей, осыны осы жерге көме салайық та. Арамыздан біреуді патша сайлап, елді билеп отырмаймыз ба, депті. Осы кезде, Алланың әмірі, бір көлеңке жоқ ашық аспаннан нөсер жауып, күн күркіреп, талтүсте қараңғы түсіпті. Уәзірлер шошып, Ескендірдің аяғын құшып, жаздық-жаңылдық, кешіре көр бізді патшам депті. Сол-ақ екен жауын басылып, аспан ашылыпты. Бұл енді осымен тұра тұрсын,біз енді Ғажам мен Иранбаққа келейік. Осы Иранбақта, даладан шөпшек теріп, соны дестелеп базарға апарып сатып азынаулақ тиын-тебен тауып, бала-шағасын әзер асырап жүрген бір кедей болыпты. Еңбегі еш, тұзы сор осы кедейдің сегіз ұлының ортасында Шақыр Арай есімді бір қызы болыпты. Шешелері ерте өлген, бүкіл тауқыметті әкесімен тең бөліскен, инабатты бір ғиззатлу жан екен. Күндердің күнінде кедей кешке базардан бір күлше нан әкеліп, соны бәрі бөлісіп жеп отырғанда, балаларым, мен бүгін базарда ертегідей бір қызық хикаяға куә болдым депті. Ол нендей хикая депті Шақыр Арай. Қызықты қара депті кедей. Базардың ортасындағы шаршыға алтындатқан арбаны әкеліп қойды. Арбада, сендерге өтірік, маған шын, баяғыда өлген Ескендір Зұлқарнайынның мәйіті, Алланың әмірімен, тірі адамдай болып шірімей жатыр. Арбаның жанында алтын мен гауһарға малынып киінген қырық уәзір. Падиша өлерінде оң қолын көтеріп, алақанын ашып өліпті. Осы қол неге көтерулі, алақан неге ашылып тұр, кім шешеді, сол Ескендірдің орнына патша болады, ал біз сол патшаның қырық ақылшысы болып жанында отырамыз деді уәзірлер. Адам деген пенде ғой, талайлар патша болғысы келіп, желігіп ортаға шықты. Бірақ бірде біреуі жұмбақты шешпеді, падишаның алақаны сол ашық күйінде қалды деді. Ол адамдар әлі сол жерде ме деп сұрады Шақыр Арай. Иә деді кедей. Олай болса, әке, мені ертең базарға өзіңмен бірге ерте баршы деді Шақыр Арай. Ертеңіне кедей, қызын ертіп базарға барды. Уәзірлер енді ғана жолға жиналып жатыр екен. Мархамат, менің Шақыр Арай деген балам сіздердің жұмбақтарыңызды шешкісі келеді деді кедей. Апырай, қарағым-ай, деді бас уәзір, тым жас екенсің. Әкең айтпаған ғой, рас, жұмбақты шешкен адам патша болады, бірақ сол жұмбақты шеше алмаған адам дүреленеді. Осыны білесің бе, осыған келісесің бе. Келісейін деді Шақыр Арай. Олай болса кел, қарағым деді уәзір. Патшаның үстіндегі жамылғыны алды. Шақыр Арай ұзақ тұрып ақырында айтты, Ескендір падиша, мен әлемді жауладым, көз көрім, аттың тұяғы жететін жердің барлығын алдым, талай патшаның алтын тәжі басымен бірге домалап аяғымның астында қалды, жер-жиханның қазынасы менің қолыма көшті, алтынды құм есепті шаштым, бірақ, осынша байлық, қазынадан о дүниеге ештеңе де алып кете алмадым, бұ дүниеге жалаңаш келдім, жалаңаш кетіп бара жатырмын, ей, Алла, бәрін де несиеге берген екенсің деп тұр депті. Сол кезде, неше жылдан бері қақайып тұрған қол сылқ етіп түсіпті, ашық қалған алақан шарт етіп жабылыпты.
Сөйтіп кедейдің қызы падиша болып алтын таққа отырыпты. Әділ болыпты. Кедей-кепшік пен қаріп-қасерге қолындағы барып беріпті, жетім мен жесірдің көз жасын құрғатыпты. Алтын сарайдың түкпірінде бір бөлме болыпты. Баяғы тақыр кедей кезіндегі мүлік сол бөлмеде сақтаулы болыпты. Күнде сол бөлмеге кіріп азынаулақ отырып шығады екен. Уәзірлері сұрапты, қабырғасы жалаңаш, еденінде жыртық киіз бен көрпе, сол бөлмеге кіріп, аз отырып шығасыз, оның сыры не деп. Сонда Шақыр Арай айтыпты, мен ол бөлмеге кірсем, бұрынғы жоқшылық кезімді еске түсірем, мен алқып-шалқып отырғанмен, дүниеде кіріптарлық пен жоқшылықта жүрген қаншама адам бар, ей, Шақыр Арай аспа, таспа, дәрежеңді артық қылса – Алла қылды, кімнен артық едің, сол көп кедейдің бірі емес пе едің деп тәубама келем деп. Ақыры көз жұмар кесімді күні келгенде Шақыр Арай таққа өзінің Наушарбан деген ұлын отырғызыпты. Наушарбан да ғадыл патша болыпты. Міне, сол кездің күйшілерінің шерткен күйі екен. Күйдің аты «Қос мүйізді Ескендір».
Осы азғантай уақыттың ішінде тез есейіп естияр тартқан Тәттімбет, ұстаздың қуатты қоңыр даусын, оның саусағынан тамылжып төгілген күйді тыңдай отырып қамрықты ойға қалар еді. Өткенді күйдей естейтін, күйдей тірілтетін нәрсе жоқ екен бұл дүниеде. Күй өткенді оятқанда, озған заман өзі келетіндей, жаныңа қымбат сол аруақтар әлдебір шексіз мұңның жамылғысын жамылып көз алдыңнан тізбектеліп өздері өтетіндей.
Өнердің ішіндегі ең қасіреттісі, және ең мейірімдісі, адамгері – күй екен. Оның тілін ұғынып керегі жоқ, себебі ол сенің тіліңді табады. Жаннан шыққан, жүректен шыққан күй, бұрыннан танысыңдай, бір кездегі жоғалтқан асылыңдай бірден келіп жүрегіңе жол табады, жаныңа телінеді.
Түннің ортасынан ауа Елше, Кенжебай үшеуі улап-шулап далаға шығады. Аяздан шаңытқан аспанды тамашалап, көлдегі мұздың суыққа шыдамай шартылдай сынғанын тыңдап тұра береді. Сергек көңіл мен алаулаған жас тәнге ұйқының керегі аз. Сіреу қардан қаланған қораға барып аттарын ерттеп түнгі серуенге шығады. Нардай шөгіп жатқан Тарбағатайдың жықпыл-жықпыл қойнауы жағалай қонған ел. Әр ауылдан шығып сауық іздеген жастар, балқып туған айға қуанып, мың сан інжу төккендей жарқырап керіліп жатқан даланың төсін дүбірлетіп қансорпа аламан ойын бастайды. Кейде салбурыннан қайтып келе жатқан аңшыларға кездесіп, олжаға ортақтасады.
Түнгі өмірдің қисапсыз қызығын кешіп жүріп, бозбала көңілдің бір тарабынан бұрын болмаған, басқа, беймәлім сананың ояна бастағанын анық сезген. Күйдің сезім шежіресі екенін біледі. Қандай да болмасын құштарлықтың, қасіреттің, өзін жаратқан жүректің еншісінде ғана болатын кезі бар екен де, өнердің иелігіне көшетін кезі бар екен. Алайда, алғашқы сәттерде ол кешкеніңді пайымдауға өнердің қабілеті жетпейді. Өнер, уақыт өтіп, қасірет адамнан, оның көкірегінен ұзағаннан кейін ғана келетін игілік екен. Адам, тіршілігіне көңілі толмай қайғы шегетін, өзін жаннаттан қуылған жалғыз махұлық сезінетін жалғыз… махұлық. Қайғы мен қасірет, оны басқа жәндіктен биік еткен жалғыз қасиеті.
Жаратқан Ие мейірімді. Адам пенде өзін жаратқан дүниемен қалай айтысып-тартысса да, ақырында Жаратқан Ие қандай адасқан пендені болса да жүрегіне басады. Шыңылтыр аязда ертоқымның сықырын тыңдап, құж-құж алтын жұлдыз жамылған түнгі аспанды тамашалап келе жатып жеткен алғашқы адамдық байламы осы еді.
***
Бұл елдегі басты тұрмыс ерекшелігі көктемдегі көшкін екен. Жылқының тұяғы әзер оятын, кей жерде белден, кей жерде кісі бойы сіреу қар сөгіліп, қарайып шөге бастағанда бүкіл ел қысқы жұртын тастап биік адырларға көшеді. Су тасып болғанша малының ашыққанына қарамай, етекке түспей отыра береді. Арқада өскен, тепсеңдегі малды ғана таныған Тәттімбет, жылқы мен қой-ешкінің бір-бірінің жүні мен жал-құйрығын жұлып жегенін көріп қайран қалған. Бұрын естімеген «көктемгі жұт» деген сұмдықты осы жерде естіген. Бірақ бұл анда-санда ғана болатын нәубет екен.
Ал су тасқыны адамның ақылы әзер қабылдайтын жойқын құбылыс болып шықты. Бүкіл өңірдің қары еріп еңіске қарай аққанда Тарбағатайдың сай-саласы арқыраған дарияға айналады. Айдахардай аспанға шапшыған су жазыққа шығып Аякөздің арнасына төгіледі, оған симай екі жағасы көлки ағып, Арғанатыдан ары асып ақырында Балқашқа құяды. Кей жылдары судың көптігі сондай Алакөл мен Балқаштың арасы қосылып жайдақ көл болып жатады, жаз ортасынан ауа арасы кесілгенде ойпаңдағы шөптің арасында қалып қойған балық тайдай тулап жатады. Кейіннен кіре тартқан сарттар мен ел ішіне келе бастаған орыстардың аулап қуырып жеп жатқанын талай көрген. Ал көнекөз қариялардың айтысына қарағанда Аякөз тасығанда ұшан дарияға айналып, бейсауат барған адам, үстінен ұшқан құс судың демімен тартылып кетеді екен.
Бір ай шамасында өткел бермей шаршатқан сары жалқын су кетіп, соны күтіп тұрғандай күн де жылып, жазғы қуаныштың, жайлаудың лебі білінеді.
Етекке ашығып түскен мал қардың астынан шыққан ақтық шөпті жапыра алға жылжығанда ел де уызға жариды.
***
Әкесінің үйіндегі келелі жиындарда қариялар шерткен алаштың ерлік шежіресінен санасына түйгені. Қазақпен неше ғасыр табандасқан дұшпан болған, бітіспей соғысқан қалмақтың ақырсоңында бағы қайтады. Абылай хан қалмақтың туын жығып болғаннан кейін шығыс тарапта Қытайдың Ерен Қабырғасына дейін көсіліп бос қалған жерлерге көшуге үндейді. Замананда ен жайлау, қалмақтың жылқысы шұрқыраған ұланғайыр қоныс қазақтың иелігіне осылай көшкен екен.
Тәттімбет таулы өңірдің көркін көктем келген сайын жаңадан көргендей болатын. Сай-сала белден шалғынға оранып әлдебір салтанатты күй шертіп тұрғандай. Көбелек көтеріліп қаптай ұшқанда долананың гүлі төгілгендей ауа ақ көбікке толып кетеді. Тарбағатайдың сілемдеріне таңертең түскен көгілдір мұнар күн екінтіден ауғанға дейін көздің жауын алып тамылжып тұрып алады. Күн қызып шөптің басы дән салғанда малдың іші аққаны тоқтайды. Қымыз қорғасындай ауырлап, адамның бойына тоқтаусыз нәр құйылады. Қыс қыстау әбден шерлі болған жұрт масайрап, кәрі жасарып, жас көркейген ертегідей қызық жайлау басталады.
Ақ молайып, қозы піскен, көркем ішіс, көркем жес басталған мамырдың орта тұсында Қуандықтың ауылына Қияш төреден шабарман келген.
– Қу-еке, төре сізді сыбағасын жеп кетсін деп шақырып жатыр, – деген, шоқша сақал қарасұр өңді адам демін алып бір аяқ қымыз ішкеннен кейін, – Шәкірттерін тастамай ерте келсін дейді. Біздің ауылға маңайдағы әнші-күйші жиналып жатыр.
Түстен кейін жолға шыққан бұлар кешке қарай төренің аулына да ілінген. Қуандықты төренің өзі қарсылап аттан түсіріп алды. Дабы көйлек, мол тігілген жырым балақ күдері шалбар киген, қошқыл өңді, сақал-мұрты сұйық, мосқал адам, – Домбыраңның құлағы ханнан биік адамсың ғой, Қуандық, – деген күйшіні сүйемелдеп жатып, – Амансың ба, кемеңгерім. Өзіңді сағынып қалыппын.
Амандасып болғаннан соң Қияш қалған жүргіншілерге қарап, – Есенсіңдер ме, қарақтарым. Ал, үйге кіріңдер, төрлетіңдер, – деп ақ шаңқан он екі қанат ордаға меңзеген.
Ымырт үйіріле Қияш төренің алдына өнерпаздың барлығы жиналды. Алғашында ауыл арасындағы әнші-күйшілер өнерін көрсетті. Соңынан әйгілі сері Арыстанбай домбыраны қолына алды. Бірде асқақ, бірде мұңлы, қамрықты әндер әуелей қалықтаған. Кәрілер көзінің жасын сүрткен. Үлкен сезіммен, қажырмен айтылған ән әркімнің жүрегімен тілдескендей. Қатарынан оннан астам ән айтқан Арыстанбай, – Ал, ата, ендігі кезек сіздікі, – деген домбыраны Қуандыққа ұсынып.
Қияш төренің бәйбішесі бір бума інжуді ақ орамалға түйіп Арыстанбайдың алдына тастады. Қуандық киіз қаптан өзінің құба домбырасын алып, құлағын келтіріп ақырын күмбір еткізіп қағып қалған. Төрт шамдалмен жарықталған орданың ішіне күміс шашылғандай болды. Қуандық жөткірініп алып сөз бастаған.
– Баяғыда қасқыр – уәзір болған, түлкі – бақауыл болған заманда Керей менен Жәнібек деген екі сұлтан аң аулап жүріп кеңес қылыпты. Ханымыз арам болды, алаш ұлы оның өгей баласындай болды. Ерлігімізден қанша жұрт айбынған ел едік, қадірімізді білмеді, жауға шапқанда – ертауыл, жаудан қашқанда – кезеуіл, тосқауыл, отқа да, суға да салып тауысып бітіретін түрі бар, не істейміз десті. Ақырында іргемізді аулақ салайық, бөлек кетіп ырысымзды сындайық деп пәтуаласты. Ханның Қобыланды деген батыры болыпты. Сол Қобыланды бірде Арғынның Ақжол деген батырымен керіске шығып қапияда өлтіріпті. Қазақтың билері ханға барып Қобыландының басын сұрапты. Бірақ қорқау хан, айтқанының барлығын бере берсем, қазақ, күндердің күнінде менің басымды сұрар деп қорқып, сақтанып, Қобыландыны жасырып бермей қойыпты. Сонымен Керей мен Жәнібек бүкіл елді алып бір түнде көшіп кетіпті. Хан қахарына мініп, қазақты қайтадан дәргейіме келтірем деп қуғынға жер қайысқан әскер шығарыпты. Әскерге Қобыландыны ләшкер қылыпты. Айтыпты, бар, сенің бүлігіңнен кетті қазақ, енді кінәңді жу, көнсе айдап кел, көнбесе еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін қырып сал да, қалғанын олжала деп. Қобыланды қатты қайғырып үйіне келіп теріс қарап жатып қалады. Әскербасылар қайта-қайта келіп, батыр қашан аттанамыз деп табалдырығын тоздырыпты. Әйелі ақылды екен. Айтыпты, батыр, ханға көз қылып аттан, бірақ былай шыққаннан кейін әскерді тастап жалғыз кет. Кінәң зор. Қолыңмен істегеніңді мойныңмен көтер. Шын ер, шын сақ екенсің, жаның – арыңның садағасы болсын, қазақтың алдына бар да басыңды өз болыңмен ұсын деп. Бұл да дұрыс екен. Қобыланды әскерді бастап жорыққа аттанады. Аз жүреді, көп жүреді, содан жолда бір Кекілік деген тау бар екен. Сол жерге әскерді тастап, өзі қазақтың көшін қуып жетіпті. Ақжол батырдың әкесі Қодан тайшы деген адам екен. Сол кездің өзінде жүзден асқан, жағын шүберекпен байлап алып отырған қақсал екен. Қобыланды бүкіл алаштың көзінше Қоданның алдына келіп, қынабынан қылышын суырып Қоданның қолына ұстатыпты да, сіне, алдыңа өзім келдім, балаңның кегін ал, басымды шап депті. Сонда Қодан қылышты тастап қолына домбырасын алыпты да бір күй шертіпті. Бұл күй кейде «Қотанның зары», кейде «Кештім» деп шертіледі. Баяғы біз көрген қариялар бұл күйді былай толғаушы еді.
… Ошақтың оты баяғыда сөнген. Майы таусылған шамдар да өлеусіреп, үйдің іші қызылкүңгірт тартқан. Қызылмойын Қуандық домбыраның құлағын шықшытындағы ойыққа тіреп қойып әлі толғап отыр. Бәрі үнсіз. Тек сан көкіректегі жанның арпалысы тұтасып ақ орданың шаңырақ тұсында әлдебір тірі мұнар пайда болғандай. Бір кезде, о, керемет, киіз үйдің керегелері жоқ болып, барлығының далада отырғанын, Қодан тайшынның алдында тізерлеп Қобыланды, бұларды қоралап қара ормандай алаш, ал аспанда дүрілдей жазылып бөрібасты қызыл тудың шулап тұрғанын Тәттімбет анық көрді. Қыстыға жылағанда көзінің жасы омырауын шылаған. Біреу тізесіне қолын қойған. Кенжебай. Көзінде қаймыжың жас. Үнсіз. Тілсіз.
– Бәрекелде, – деді Қияш демін ауыр алып, – Әй, дәулескерім. Кемеңгерім. Осы алтын күрек домбыраң да қалады-ау.
– Қалса, жерде қалмас, – деді қариялардың біреуі мейірлене жымиып, – Әне, жанында бақандай екі шәкірті отыр ғой.
Түн ортасынан ауа қымыз буынға түскен ырғал сәтте Қуандық домбырасын алдына көлденең қойып салыққан қолын сылқ тастады. Кенжебайға қарап иек қаққан. Кенжебай ұстаздың домбырасын өзіне лайықтап күйлеп алды да күркірете қағып қалды. Адамды қамрыққа салатын, ақылдының сөзіндей кемел күй тербеле жөнелген. Тәттімбет түңдігі ашық шаңырақтан аспанға қарады. Алтын шегедей шаншылып, сәуле шашып тұрған жұлдыздар, әрбір иірімнен кейін толғанып, керіліп тұрып қалатын Кенжебайдың саусағының ыңғайымен шайқалып билеп тұр. Жұрт шуылдап домбырашыны қошеметтеп жатқанда алғашқы әсерден әзер арылған Тәттімбет күрсініп демін алды. Ақ бәйбіше қолақпандай бір бума інжүді Кенжебайдың алдына қойған.
– Апырай, мынау әнші-күйшілерге байрақ шақ келмейтін сияқты ғой, – деді Қияш төре күліп, – Әй, қайсың барсың. Шамдалға май құйыңдар. Ет жейік десек қараңғыда аузымызды таба алмай отырмыз.
– Отырғандар ду күлді.
– Мен аузыңызды тауып ет салып, қымыз тамызып отырайын, маған да бір байрақ бергізіңіз, – деген, қутілді жігіттердің бірі.
Бұл жолғы күлкіден ақ орданың шаңырағы сілкінгендей болды.
Тәттімбет уытты қалжыңды тыңдап отырып өз ауылындағы шаншардың қулары атанған сөз қуғандарды есіне түсірді. Олар да бірі атып бірі қуғанда қырына алған адамы кірерге есік, шығарға тесік таппай қалушы еді.
– Жаңағы күйдің аты не? – деп сұрады қариялардың бірі.
– Байжігіттің «Қосайдар» деген күйі, – деді Кенжебай.
Айтайын ба, әлде сіз айтасыз ба дегендей ұстазына қараған.
– Айт, айт, – деді Қуандық, – Әңгіме толғап үйреніңдер.
– Баяғыда, мына он екі ата Абақ Керейдің ішінде Молақ деген бір бай болыпты, – деп бастады Кенжебай, – Малы көп, малшысы да көп. Бірақ құдай ұл баладан қысқан екен. Айтбике деген жалғыз қызы ғана бар екен. Күндердің күнінде Арғын Қаракесектің Айдос деген атақты барымташысы жылқы айдап келе жатып Молақтың үйіне түсіп сусын ішеді. Ай мен күндей толықсып тұрған байдың қызына қатты көңілі кеткен Айдос кете алмай айналсоқтап ақыры Молаққа жылқышы болып жалданыпты. Арада біраз уақыт өткеннен кейін Айдос пен Айтбике тіл табысады. Қыз тобықтыдағы бір байдың баласына айттырылған екен. Бірақ айттырылған адамы өліп қалған. Әмеңгерім әлі жас және оған көңілім де толмайды депті Айтбике. Сонымен Айдос пен Айтбике сөз байласады. Бір күні елдің бәрі тойға кеткенде бір жас баламен жылқы күзетіп қалған Айдос, әлгі баланы байлап тастап, екі жүйрікті мініп, қосарына тағы ат алып, екеуі елден қашады. Молақ тойдан келсе қызы да жоқ, Айдос та жоқ, жылқыда төрт ат жоқ. Баланың қолын шешіп болған жайды естігеннен кейін, дереу елдің бәріне хабар жібереді. Жұрт жабыла іздеп қашқындарды еш жерден таба алмапты. Арада жыл өткенде Қарқаралының қалың жыныс орманынан Айтбике мен Айдос ұсталады. Сол екі арада екеуінен бала болып қойыпты. Сонымен Айдос – Қаракесек, Айтбике – сүйегі Керей, ұзатылған жері – Тобықты, үш елдің арасында жойқын дау болады. Тобықты мен Керей атқа қонып Қаракесекті шабатын болады. Сол кезде Қосайдар би тоқсан екіге келіп отыр екен дейді. Елдің жақсылары, шапқан оңай, одан кейін табысу қиын, әуелі көненің көзі еді ғой, Қосай атамыздың алдынан бір өтейік не дер екен дейді. Сөйтіп дүйім жұрт Қосайдарға жүгінеді. Кәрі би, жарайды, фәниден баяғыда баз кешкен едім, бірақ қан төгілгелі тұр екен тағы бір атқа мінейін дейді. Болған жайға қанғаннан кейін үш күн ойланып, ақырында, ал ағайын көнсең, ескі жолда мынадай жосық бар. Құдалық амалсыз бұзылғанда қалыңмалды өсіммен қайтарады, және қайтарғанда байталына дейін жылда құлындаған болып есептеледі. Бұл азамат мерт болып, құн төлегеннен жүз есе арзан. Содан соң қасқа жолдан да, жасақтан да ескі бір жосық бар. Егерде біреу бір елдің айттырылып қойған қызын сол елдің ықтиярынсыз алып кететін болса, онда кіндігінен туған бір ұлды сол елге қайтарады, яғни, қызын алып ұлын береді. Сонымен ел бидің айтқанына тоқтасады. Сонда дауға қатысқан Байжігіт «Сендей кемеңгер болмас» деп шерткен күйі екен.
– Пах, сөз-ақ қой, шіркін, – деді Қияш төре.
Қуандық Кенжебайға қарап бас изеген. Кенжебай домбыраны қайтадан қолына алды.
Ертесіне жолға шыққан бұлар жағалай қонып отырған елді аралап, сонау Қыран өткелден асып, екі апта дегенде Қияш төренің ауылына қайтып келген. Бұл жолы төренің үйінде қонақ көп емес, тек ел ағалары ғана жиналыпты. Қонақасыдан кейін Қуандық әдетінше ұзақ күй толғады. Содан соң сәл күрсініп домбыраны Тәттімбетке тастай берген. Тәттімбет құба домбыраны қолына алып, жақсыларға жағалай көз тастап, сәл жүрексіне отырып қалды. Ұстаздың екі шәкіртін неліктен төре мен атқамінердің алдына алып келіп сынға салғанын сонда түсінді. Игілік те, өнер де байда. Бай менен төренің ақ ордасында танылған адам – алты алашқа танылады. Өзінің үлкен додаға түскенін енді пайымдаған. Қуандық мейірлене жымиып ақырын бас изеді… Саусағына ең әуелі ілінгені сахарада көп тартыла бермейтін ескі алабайрақ күйдің бірі – Саймақтың «Сары өзені» еді. Бар бабымен төгілте тартқан. Ең соңында жүрек шымырлататын әнге ұқсас қамрықты қайырманы қобыздың күйіндей қылып соза тартқанда отырған жұрт бір адамдай күрсінген.
Домбыраның қақпаған күңіренте соғып шорт кесіп аяқтағанда, – Бәрекелді, – деді Қуандық естілер-естілмес қылып.
Жамиғат, Қияш төре не айтады екен дегендей, құрметке толы үнсіздікте қалған. Төре төмен қарап сәл үнсіз отырды. Содан соң риза кейіпте Тәттімбетке қараған.
– Айналайын… – деді даусы сәл қарлығып, – Саусағыңнан айналайын. Қуандықтың қаракесектен келген сақтиян етік сәнқой шәкірті бар деуші еді. Сол сен екенсің ғой. Күйде де сәнқой екенсің.
– Қу-еке, – деді содан соң Қуандыққа қарап, – Мына шәкіртіңде біз бұрын естімеген бір сылқымдық бар. Қақпақтың өзі күңіреніп кетеді екен.
Содан соң қошеметтің тиегі ағытылып жұрт дуылдасып кеткенде Қияш төре тұра тұрыңдар дегендей тамағын қаттырақ кенеген. Ордада сілтідей тыныштық орнады.
– Бұл күйдің хикаясы да қан татыған ауыр хикая, – деді Қияш төре, – Қаласаңдар айтып берейін.
– Ертеде, осы өзіміз отырған жерді Қондыгер құба жұрт деген жайлаған. Қондыгер құба жұрт – алаштың арғы атасы екен. Мына шүршіт бізбенен сол кезде соғысып жүріпті. Ішкі қытайда Хуанхы деген өзен бар. Бүкіл қытай жұрты сол өзеннің жағасында өсіп-өнген. Бірақ заманында Хуанхының екі қапталы Қондыгердің ақтылы қойы мен көкалалы жылқысы жайлаған жер екен. Хуанхының қондыгерше аты Сары өзенекен. Сары Өзен букіл қондыгер жұртының анасы екен. Тәңірінің берген сиын-ай, ақыры Қондыгердің басынан бақ тайып шүршіттен жеңіледі. Қалың ел терістікке, түн түбіне қоныс аударады. Ол жақта Ұрым деген елмен жандасады. Сөйтіп, дүниенің шетіне дейін жеткен қондыгердің қаны төгілмеген, сүйегі шашылмаған жері жоқ деседі. Сол Қондыгер құба жұртта Саймақ деген батыр болыпты, өзі асқан күйші екен. Күзде қоңыр қаздар шығысқа қарай бет түзегенде қондыгердің батырлары қол бұлғап тұрып, –
– Аспанда ұшқан қоңыр қаз
Етің – шекер, сорпаң – баз
Барғанда да барарсың
Сары өзен деген анамыз
Жағасында қанат қағарсың
Сары өзеннің сағыныш
Сары дерт болды жүрекке
Анамызға жетерсің
Суына тәуап етерсің
Анамызға жеткенде
Суына тәуап еткенде
Қондыгердей оғланнан
Дұғай да дұғай сәлеметерсің, –
–деп, мұңайып, бір-бірінің иықтарына қолдарын артысып жыр жырлайды екен. Міне, Саймақтың күйі осы Сары өзенге деген сағыныштан туған екен.
– Ал, кәне, жарығым, – деді одан кейін Қияш төре Тәттімбетке мұңая қарап, – Толғай түс, тарта түс.
Таң қылаң беріп келе жатқанда жұрт серпіліп, бой жазуға далаға шыққан. Тәттімбет төренің ауылы қонған қия жартасқа қарай жүріңкіреп барып қалың бұтаға тірелді. Таң алдындағы сұйық сүт сияқты бозғыл тұман күннің көзі көрінгеннен кейін-ақ көп ұзамай сейіліп жоқ болды. Жердүние шыққа малынып шылқылдап тұр. Аздан соң шық та кебеді, бүкіл таулы өңір көкшіл мұнарға бөгіп, кешке дейін осы тамылжыған көркімен тұра береді. Қанша көрсе де көзі тоймаған көрініс…
…Түс әлетінде Қуандық бастаған шағын топ Тарбағатайды жоғары өрлеп жолға шыққан. Осы бетімен қанша елді аралап, ат-шапанға бөгіп он күн дегенде Қияш төренің аулына қайтып келді. Бұндағы ел де бұларды алғаш қонақ қылардай сайланып күтіп отыр екен.
Қисапсыз сойылған мал. Үлестірілген сыбаға. Төртінші күні, аттанарда төренің өзі түрлі сый-сияпатын беріп Қуандықпен қоштасқан.
– Мүбәда бой жазып келе қалсаң қашанда есігіміз ашық. Құрметті қонағымсың, Қуандық.
Содан соң жастарға бұрылған.
– Кенжебай, Тәттімбет. өнерлерің өрісті болсын, көп жасаңдар қарақтарым. Қайда жүрсеңдер де аман болыңдар. Қыдыр жолдастарың болсын.
Боқырау келіп сахараның аспанында ақ шыбын үймелегенде Қияш төренің ауылынан келген шабарман есіктің алдына күздік пен соғым деп бір жабағы мен семіз кәрі айғырды байлап кетті.
***
– Менің жездем Байжігіттің алғашқы әйелі қалмақтың қызы еді. Аты Жарғыл болатын. Кейіннен қартайып өлді. Бәжеңнің жеңгелері қыз іздеп елден ел аралап, ақыры менің әпкем Сәнтөлеуге тоқтады. Қалмақпен жайласқан кез ғой. Әпкемнің күйеуі де, әмеңгерлері де соғыста өлген. Бәжең заманында Абылаймен үзеңгілес болған, аты алты алашқа белгілі адам. Сонда деймін, кәрі күйеу алғаш келгенде ел ішіндегі небір сен тұр мен атайын жындылар айбынып, Бәжеңмен қалжыңдаса да алмады.
Домбыраға әуес болып, біраз күйшілердің алдын көріп, енді өзімді күйші санап мүшемнен буынып жүрген кезім. Байжігіттің домбыра шалғанын алғаш көргенде бүкіл дүнием төңкерілді. Ешкім ешқашан олай тарта алмайтындай. Алғашында оның алдында домбыра шертуге жасқанып қашып жүрдім. Бірақ «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген ғой. Ақырында қолым жүрді. Содан кейінгі ұзтазым жалғыз Байжігіт еді.
Мынау он екі Абақ Керейдің ішінде Жастабан деген атадан шыққан. Әкесі Доғал жоқ-жітіктеу адам болған. Байжігіт бала кезінде бетін қорасанның дағы шалған, бір көзінің ағы бар, еңгезердей бойлы, қарашұбар, аса рабайсыз адам болатын. Бірақ домбыра шерткенде одан көркем жан жоқ еді.
Жасында Сары Нияз төренің қозысын баққан. Қияш төре сол Сары Нияздың шөбересі. Сары Нияз асқан домбырашы адам болған. Байжігіт, төренің шерткен күйлерін жаттап, содан соң бір шеберге жалынып жүріп домбыра шаптырыпты. Өзі күліп отырып айтушы еді, бір күні көктемгі төлдің кезінде, он-он бес саулықты бағып далаға шықтым деп. Былайырақ барғаннан кейін атты тұсап жіберіп, қоржыннан домбырамды алып өзімше аламан тартысты бастадым. Сөйтіп отырып саулықтың біреуін қасқыр сүйреп кеткенін байқамай қалыппын. Кешке қайтарда санасам бір қой жоқ. Ойбайладым да қалдым. Қарасам, алысқа да апармай таяқ тастам жердегі бір қарағанды өзекте жайратыпты. Енді не істеймін деп сасып тұрғанда өріске әкем келе қалды. Болған жайды естігеннен кейін, өнерге селқостау адам еді, домбырада басың қалғыр деп қамшының астына алды. Кешке әңгіме төреге жетіпті. Сары Нияз кең адам еді. Мені алдына алдырды. Домбырасын маған ұсынып, сені күйші дейді ғой, тартшы, кәне, деді. Қаймықпай отырып бірнеше күйді шертіп бердім. Сонда Сары Нияз қайран қалып, риза болып, мені бауырына тартты. Содан соң өле өлгенше жанында ұстады. Бойындағы барын маған берді. Ал, Сары Нияз, заманында ханның өзі жиі-жиі ордаға алдырып күй тартқызатын дәулескер күйші болған. Өстіп төреге ілесіп жүріп Әбілмәмбет ханның ордасын да көрдік қой.
Ақтабан шұбырынды басталғанда он сегізде едім. Сол жылы Сырдың бойындағы қалың қопаны қыстап, жаз шыға арқаға қарай жылжиық деп отырғанбыз. Наурыздың аяғы, сәуірдің басында суық хабар жетті. Қалмақ он екі ту әскер болып ел ішіне кіріпті. Сары Нияз бес жүздей аламан жарақтап асығыс аттандық. «Балпаң-балпаң кім баспас, басарға балтыр шыдамас» деген ғой. Жасыратын несі бар, алғаш рет қалмақпен қан ішісуге аттанғанда қатты қобалжыдым. Жалғыз мен ғана емес, әскерде соғысқа бұрын барып көрмеген бозбала көп еді, бәрінің де жүрегі қалтырады. Елу жылдан бері жеңілумен келе жатқан ел едік. Саны аз болса да қолдаушысы көп, қаруы кемел қалмақ, беттесе кеткенде мылтығын түтетіп, зеңбіректің оғымен жапырып қазақты қанжоса қылып қырып салады екен. Жауға бастайтын ардагердің көбі өлген, алаштың сағы сынған бір қиын кез еді. Сол жолы жаумен кездессек күніміз не боларын құдай білсін. Әрине, кейін, ес жиып қайта серпілгенде қалмақты жер бетінен тоздырдық, тұрмастай еттік. Бірақ дәл сол кезде Сары Нияз бастаған азғантай жасақ жауға ешқандай үмітсіз аттанып едік. Әлі есімде, Бетпақты айналып Сарысумен жоғары өрлегенде шабылған елдің алды көрінді. Қирап жігері құм болған бір әскер қарсы жолықты. Әскербасы аттан түсіп Сары Ниязды үзеңгісінен ұстап тұрып, сұлтан, ары қарай бармай-ақ қойыңыз, Сарыарқаны өрт алды. Кері қайтыңыз, мына балалардың обалына қалмаңыз деді. Содан кейін дүние шырқ айналды. Балапан – басына, тұрымтай – тұсына. Бір қидаласта Сары Нияз сұлтан өлді. Одан соң талай көксоқтадан өттік. Ажалды ғана өледі екен. Кейін жауды жеңіп арқамыз кеңігенде ағайынды түгендедік. Баяғыда Сары Нияз сұлтанның жасағындағы адамның бірде-біреуі жоқ болып шықты. Бәрі өлген. Жарықтық Бәжең, осы әңгімесін айтып, көзіне жас алатын. Өткен өмір көрген түстей екен, сол аруақтар, көзім ілінсе болды алдыма келіп тұрады деуші еді. Кесімді күні келгенде қайран Бәжең де бұл дүниеден аттанды ғой. Тірісінде, Майлы – Жайырдың бойындағы Жалаулы деген таудың басына жерлерсіңдер деп өсиет айтушы еді. Сол өсиетін орындадық, асыл сүйегін Жалаулыға жерлеп қайттық. Иә, солай. Осындай-осындай кеп болған бұл жалған дүниеде.
***
Өзінде осы түйсіктің қашан оянғанын білмейді. Ес білгеннен бойында бар нышан ба, әлде ата-ананың тәрбиесінен қалыптасқан қасиет пе. Кім біліпті. Әкесі жарықтық айтушы еді, жолыңда қаріп пен қасер кездессе қолыңдағыны бөліп бер, өзіңді соған бала, сол бейшараның кебінде көр. Басқаны өзіңдей көрсең – адам болғаның деп. Кейіннен, осы сезім басқа құбылыстарға да тіл қататын болды. Әсіресе Қуандық атасы домбырасын қағып қалып, өзінің қуатты қоңыр даусымен кезекті әңгімесін бастағанда … бұ дүниені ұмытады.Өзін, өзінің қазіргі ахуалын ұмытады. Қаңқылдаған құба шешен домбыраның көмейінен төгілген күй оны басқа бір ахуалға жетелеп әкетеді. Бөтеннің күйі… Бірақ сенің өзіңнің етене күйің… Бөгденің сезімі… Бірақ сенің өзіңнің… ақиреттің алдында ғана айтатын жан сырың… Адам түсіне алмайтын… түсінуге тиіс емес нәрселерді… түсінесің… Жан-тәніңмен… Сол жерде болғандайсың… Сол жерде туғандайсың… Сол жандармен бірге жүргендейсің… Сол жандар… өлмегендей… ықылымға сіңбегендей… сенімен дәмдес… жаныңда отыр…
… Наурыздың аяғы, сәуірдің басы еді. Қар мезгілсіз еріп жер ерте кепкендіктен жау да көп күттірмей тұтқиылдан келген. Әлденеше ұрыста найман жасағы Шыңғыстың сайлауыт әскеріне төтеп бере алмай күйрей жеңілді. Найманмен бірге, алыстан қоныс аударып келген ағайынға пана болған қарғытай елі де шабындыға ұшыраған. Күні бойы ел аралаған Күшлік ордаға күйзеліп қайтты. Алдына қойылған жорықтың азынаулақ дәміне қол тигізбей, күндіз көргендерін көзіне елестетіп отыра берген… Қисапсыз төгілген қан, есепсіз өлген адам… Жігері құм болған әскер…
Ордаға біртіндеп адамдар жиналды. Аздан соң, жайғасып болғаннан кейін, Төлегетай би, «хан, құлағымыз сізде» дегендей ақырын жөткірініп белгі берді. Күшлік ауыр күрсініп алып сөз бастаған.
– Билерім, алтын жаға бектерім, батырларым! Арыстандарым! Мен сендерді соңғы құрылтайға шақырып отырмын. Осы жерде серт қойысамыз. Себебі, мен сендерден кетейін деп отырмын.
Ордада сілтідей тыныштық орнады. Барлығы аңырып қалған.
– Хан ием, бұл қай сөз? – деді ақыры Жолым би зорлана жымиып, – Кеткені қалай? Біз ше… біз не істемекпіз сонда?
– Уа, Күшлік! – деді Қобыз би оң қолын көтеріп, – Ежелден, халық бұзылса, оны жөнге салатын хан мен би еді. Ет бұзылса тұз себеді. Бірақ елді жөнге салатын хан бұзылса, ханға ерген би бұзылса, оны кім жөнге салады? Тұз сасыса не себеді? Жаудан қорқып елді тастап кеткенің бе? Қарындас қауымның көз жасы, қан жұтып өлген ерлердің кегі қайда? Тізеліктен қан кешкен еліңді тастап кеткенде, қайда барып оңасың, хан ием!
– Би әке, – деді Күшлік, – Сенің бұл айтқаның – менің он ойланып жүз толғанған қайғым. Осыны білмесем, неменеге хан болып отырдым орталарыңды. Менің айтайын дегенім басқа.
Ордада отырғандардың барлығы ханға қадала қарады. Күшлік төмен қараған күйі баяу сөйлеген.
– Алыстағы жаудың өзі айбынған Бетеге мен Ақсауыт, Көшеуіт пен Дүрмен, Барлас пен Төре – сегіз найман атанған ұлаңғайыр ел едік. Шыңғыс деген жау шықты. Қайтпай соғыстық. Құдай куә. Әният хан, Инаныш Білгі Бұқа хан, Таян хан, бәрі сол соғыста өлді. Жеңістің самалы жау жағынан ессе не амал бар. Ақыры көңімізден бездірді. Жетісуға келдік. Онда да табан тірей алмадық. Енді, міне, Жиделі Байсынға қоныс аудардық. Бұнда да байырқалай алмадық. Шыңғыс, найманмен қоса қарғытайды да шапты. Қара жердің шетіне жетсек де жаудан құтылатын түріміз жоқ. Уа, асқаралы елім! Мені ақ киізге салып басыңа көтердің, әкемнің алтын тағына мінгізіп хан сайладың, бас еттің! Бірақ бүгін сол хандарың тығырыққа тіреліп, амалы таусылып отыр.
Күшліктің даусы шыңылдай көтерілді.
– Билер, батырлар, Тәңірі төбесіне тұтқан, басқалардан артық қылып жаратқан бұл Шыңғысқа қарсы не амалың бар, айтшы, кәне!
Әскербасылар мен билердің барлығы бастары салбырап үнсіз қалды.
– Жаудың алдында бас иген – қорлық, ақиқаттың алдында бас иген – ерлік, – Күшлік ордада отырғандарға жағалай көз тастап өтті, – Ағайын, ақиқаты сол – Шыңғыстың бағы асты бізден. Біздің бағымыз қайтты. Бұл, жаудан мұқалғаннан айтылған сөз емес. Жауға сырт бергенімді көріп пе едің. Қажығанымнан айтылған сөз емес. Қайысып иілгенімді көріп пе едің. Бұл, ақиқатын көргеннен айтылған сөз. Білем, бұл әрқайсыңның-ақ көкірегіңде бар ой. Тек менің көңілімді қимай, серттен кете алмай аяғына дейін қан ішісуге бекініп отырсың.
– Жеті жұрт келіп жеткен жер, – Күшлік беліндегі қылышты қынабымен қоса ағытып, алдына көлденең қойды, – Неше ғасыр туымыз желбіреді. Бірақ бағы асқан басқа бір ел, жұрт сұрап келіп тұр. Айтқанына көнбесең, түбіңе жетпей тынбайды. Осындай жаудың алдында тұрып, хандарың үшін отқа түсіңдер, ханның абыройы үшін бірің қалмай қырылыңдар десем, онда менің кім болғаным?
Жанмұхамет би, – Хан ием, әлі де кеш емес… – деп бастап келе жатыр еді.
– Жоқ! – деді Күшлік әдепкіден қаттырақ дауыстап, – Шыңғысқа керегі – менің басым. Бірақ мен – ханмын. Жаудың аяғына жығыла алмаймын. Найманның ханы Шыңғыстың ордасында тоқсаба болып отыра алмайды.
– Кет Бұға! – деді одан кейін Күшлік жадырай дауыстап.
Басқалардан төменірек отырған, ашаң, сұрша жүз, еңселі Кет Бұға би басын көтерді.
– Елдің ендігі көсемі сенсің, – Күшілік алдында жатқан қынаптаулы қылышты биге ұсынған.
Кет Бұға орнынан тұрып ханның алдына келді де тізерлей тұрды. Содан соң қос қолдай алып қылышқа маңдайын тигізді.
Орда ішінде бір-біріне шарасыз қарасқан, түңіліс пен қасіретке толы үнсіздік орнады.
– Хан ием, – деді Кет Бұға, – Жаныңа кімді ертесің? Содан соң… Балаларың… Бір емес, төрт ханзаданың күні не болмақ?
Күшлік сол жағын ала отырған балаларына қарап иек қаққан. Талыссал, Әленсал, Баянсал, Батақсал, төрт ханзада орнынан тұрды.
– Елде қалады. Не көрсе де елмен бірге көреді, – деді Күшлік ұлдарына мейірлене қарап, – Шыңғыс жұрт айтқандай жосықты хан болса, ешкімнің сүйегін қорламас деп ойлаймын. Ал маған кім ергісі келсе сол ерсін. Бірақ… шынымды айтайын, ешкімнің ергенін қаламас едім. Мен енді… өз еркімен елден кеткен… елсіз ханмын. Маған енді мың төлеңгіт те қорған бола алмайды.
Қүшілік елді дүрліктірмей түн қараңғысында асығыс аттанған. Елу шақты төлеңгіт ханмен бірге кетті. Қысқа ғұмырын аяусыз күрес үстінде өткізген, түсі суық болғанмен жүрегі мейірімді, ардагер Күшлік кетерінде ғана сәл босаған. Әскербасылар мен билерге алғысын айтып, бақұлдасты. Содан соң күрсініп ұлдарын құшақтады. Хан өзінің азғантай жасағымен түн қараңғысына сіңіп жоқ болғаннан кейін де, елдің игі жақсылары бір-бірімен тіл қатысуға жүректері дауаламай үнсіз тұра берген.
Ертеңіне кеңес қысқа болды. Қолына билік тиген Кет Бұға мәселені жылдам шешкен. Алдымен сөз алып, Шыңғыс енді тоқтамайды, келесі қырғында жеңілеміз, содан соң еркек кіндіктінің барлығын қылышқа шалады, ес білгенді арбаның күпшегіне теңгереді, қалған қатын-баланы олжаға салады, осымен ошағың сөнеді, еліңнің аты өшеді. Қалағаның осы болса онда атқа қонайық. Ал егер келер күннен үмітің болса, онда Шыңғыстың алдына тізе бүгейік, сауға сұрайық деген. Неше жылғы нәтижесіз қантөгістен әбден қажыған батырлар Кет Бұғаның сөзіне тоқтаған. Сонымен екі жүз адамнан тұратын ауыр елшілік, ордасын Бөгеннің жағасына тігіп, жаудан хабар күтіп отырған Шыңғыс ханға аттанды. Ханның жасауылдары елшілердің барлығы белдіктерін мойындарына салып, қылыштарын ердің алдыңғы қасына іліп қойғанын көргенде, өздері де қаруларын түсірген. Қоралай қоршап ордаға алып келген.
Сәуірдің майда желімен толқып тұрған ақ шатырға таяқ тастам жер қалғанда барлығы аттан түсіп жаяу жүрді. Кет Бұға, бүкіл елшілік тақтың алдына тізерлей тұрғанда басын көтеріп Шыңғыстың жүзіне зер сала қараған. Жел қағып тотыққан. Көзі шынында да шағыр екен. Кезінде жирен болған, енді буырыл тартқан қалың шашын екі тұлым қылып өріп тастапты. Үстінде қытайдың мөрлі жібегінен тіккен делү. Аяғында тайпы табан, жұқа киізден тіккен сырма етік. Бетінің уытына адам төтеп бере алмайды екен.
Кет Бұға жүзін төмен салып қинала күмілжіп, –
– Ильхан… – деп сөзін бастай бергенде, жалаң қылыштарын иығына салып, қабағынан қар жауа түксиіп тұрған қалың әскер кенет қозғалып кетті. Артына шошына қараған Кет Бұға өзінен бір қадам кейін тізерлеп тұрған Жолым бидің жүзі ақ шүберектей оңып кеткенін шалып қалды. Елшілерге, жалынып-жалбарынғаныңа көнбейтін қатыгез әскер өздерін аяусыз турайтындай көрінген. Бірақ олай болмай шықты. Ұзыннан-ұзақ созылған кілем мен киізді нығарлай басып ауыр қозғалған бір топ адам елшілерді айналып өтіп алтын тақтың оң жағына жайғасты. Кет Бұға майданда талай беттескен жалайыр мен қоңыраттың батырларын бірден таныды. Хан «құлағым сендерде» дегендей ақырын жөткірінген.
– Ильхан, – деді Кет Бұға, басын көтеріп, Шыңғыстың жүзіне тік қарап, – Егерде елімен жерін, суы мен нуын қорғағанның барлығы сенің жауың болса, егерде қара ормандай қалың найманды бітіспейтін дұшпаным деп тапсаң, онда, міне, алдыңда тұрмыз, өз қолыңмен бауызда.
Тізерлеп тұрған Кет Бұға шарта жүгініп отырды. Қанның иісі аңқыған көрініске куә жұрт, бидің қолындағы салақұлаш қара домбыраға сонда ғана назар аударған. Кет Бұға қармақтай иілген екі саусақпен ішекті іліп алып жоғары тартып қалды… Ұясын бұзып, күшіктерін жеуге келген аюдың алдында, құндыздың, басын төмен салып, қол қусырып тұрып сызылта салған әніне ұқсас жан егілткен күй… хан шатырының төңірегінен асып… ақырында бүкіл аспан астын жайлады. Туған жұртын тастап жазмыштың жетегімен алыс елдерді жаулауға аттанған, қолы қарудан кетпеген, қанкешуде жүрегі берішке айналған жауынгерлер сілтідей тынып, баяғыда ұмыт болған, ананың әлдиін, аяулы балалық шақты еске салатын ғажайып әуенді тыңдап тұра берген.
Тербеліп отырып тыңдаған Шыңғыстың санасында есепсіз төгілген қан, тайталаста тапалып өлген ерлердің бейнесі қайтадан оянған.
Күйдің соңғы иірімі ауаға сіңіп жоқ болды. Бірақ от шашқан ізі жүректерде жалғасып жатқандай. Кет Бұға домбыраны алдына көлденең ұстап, дауысы сәл қарлыға сөйлеген.
– Қара ала белдік мойнымда. Сауға, Шыңғыс, сауға.
– Сонда Шыңғыс тақтан түсіп келіп, «Е, Найман, береке – бірлікке келсең болды ғой. Көңіл жарасса, адам кешпейтін кінә жоқ», – деп, тізерлеп тұрған батырлар мен билерді құшақтап, төс жалаңаштап анда болып, осылайша татуласқан екен. Баяғының қариялары, Шыңғыстай ұл тумайды деп көзіне жас алып отырушы еді, – Қуандық домбырасын іргеге сүйеп, салыққан қолын бос тастап дамылдап отырды.
– Ал Күшлік… не күй кешті? – деді Кенжебай.
– Ескі әңгіменің айтуынша, Күшлік қызылбастан ары асып Ғажамға барыпты. Сол жерде оны Жошы қуып жетіпті. Азғантай нөкерімен сол жерде өліпті, – Қуандық суып қалған шайдан бір ұрттады, – Сүйегі сол Ғажамда қалған көрінеді.
***
Адамды мас қылып, буын-буынынан әл кетірген көктемнің кеші еді. Төңірекке ақ көрпедей болып жайылған ошақтың түтіні де әлдебір алыс жолдарға шақырғандай көңілге маза таптырмайды. Осы кеште Кенжебай тосын бір хабар әкелген.
– Тәттімбет, – деген жұмбақ жымиып алып, – Бір адам сенімен кездесіп сөйлескісі келетіні көрінеді.
– Бара көреміз, – деді содан соң Тәттімбеттің жүзіндегі үнсіз сауалға жауап беріп.
Түн қараңғысында жолға шыққан екі бозбала аз жүріп терең шатқалдың төрінде қонып отырған Дәулеткелді байдың ауылына келді. Алдарынан бір адам шықты. Тәттімбет бірден таныған, байдың атқосшысы Атымтай деген жігіт. Кенжебай екеуі бас изескен.
– Бар, – деді Кенжебай Тәттімбетті арқасынан итеріп, – Ары қарай Атымтай жол бастайды.
Атымтай екеуі сегіз қанат қоңыр үйге кіргенде дастархан басында отырғандар шуылдасып қоя берген. Тәттімбет қайран қалды. Араларында бір еркек жоқ. Кілең қыз-қырқын. Көбінің жүзі таныс.
– Кәне, кәне, – деді төрде отырған келіншек, – Қуандық атамның Қарқаралыдан ертіп келген шәкірті бар деуші еді. Сол сен екенсің ғой.
Тәттімбет келіншектің жүзіне зер сала қараған. Бойы биік болса керек, басқалардан еңселі отыр. Кейін қараға айналатын торы жүз, аясы үлкен әдемі өткір көз, өріктей бүрілген ерін. Басында сары жібек шарқат. Тоқпақтай екі бұрымын шашқапқа салмай, наймандардың еркін әдетімен алдына бос тастаған. Үстінде жұқа көк жібек көйлек, көк қыжымнан тіккен камзол. Қамар белбеу буынған қос уыстай ғана қынай белге көзі түскенде, жас басына қарамай сүйіспеншіліктің талай хикметін жанымен сезіп үлгерген Тәттімбеттің өнбойы қалтырап кеткен. Кемеліне келген әйел бозбаланың бойындағы сезімсал сырды бірден таныды.
– Менің жаныма отырғызыңдар, – деді көзі жарқ етіп.
Күйшіл, сылқым дауыс жүректі қытықтап өткен.
– Тәттімбет, айналайын, атың жер жарып бара жатыр, – деді келіншек дастархан үстіндегі дәмді бұған қарай жылжытып, – Төркіндеп еліме келіп едім. Мынау отырған сіңлілерім, ортамызға Тәттімбет келсінші деп қолқалап қоймағаннан кейін шақыртып едім. Айыпқа бұйырма.
– Бұл әпкеміздің аты Ханымша, – деді Атымтай, – Солтанай байдың кіші әйелі.
Қыздардың бірі қызыл талдан шыпқан ауыр қара домбыраны Тәттімбетке ұсынған.
– Әуелі тамақ ішсін, – деді Ханымша, – Асықпайық.
Тамақсаулығы жоқ ерғара Тәттімбет алдында тұрған бағланның қуырдағынан екі-ақ асап, бір кесе қымыз ішті. Қолының майын сабындап жуып, құрғатып, содан соң «ал, мен дайын» дегендей қыздарға қарады…
…Түн ортасынан ауа Тәттімбет салыққанын сезіп домбыраны алдына көлденең қойып бір сәт отырып қалған.
– Бәрекелді, – деді Ханымша, – Десе дегендей екен. Қуандық атамның ізін басатын өнерің бар екен.
Тәттімбет домбыраны қыздарға ұсынған.
– Қойыңыз, сері, – деді қыздардың бірі, – Сізден кейін қолға домбыра алғанның өзі әбестік болар.
Содан соң елдің бәрі, келіскендей Ханымша екеуін тастап шығып жүре берген. Ешқайсысы ештеңе деген жоқ, тек Атымтай артына бұрылып, жымиып бас изеді.
Тәттімбет керегеге арқасымен сүйеніп отырып, не өңі, не түсі екені белгісіз бір қызық күй кешкен. Көзі жұмулы, бірақ әлдебір ып-ыстық елестің бір жақындап, бір алыстағанын сезеді. Және, ол, дастарханның шетін қайырып қойып төсек салып жүрген Ханымша екенін де біледі.
Аздан соң былғары етік, камзол мен сусылдаған жібек көйлектің шешілгені естілді. Әйел ақырын демалып шымылдықтың ішіне кірді. Бір сәт үнсіздік орнаған.
Артынша, – Тәттімбет… – деген сиқырлы дауыс естілді.
Жүрегі атқылақтап аузына симай кеткен Тәттімбет өзінің шымылдық ішіне кіргенін ғана біледі…
Таң алдында Ханымша түртіп оятты.
– Тез аттанып кет, – деді Тәттімбетті бетінен аймалап, – Атың ерттеулі тұр. Көзге түсіп қалма.
Үйге қайтып келгеннен кейін күндегі дәріске де отырмай далада жүрді де қойды. Көз алдынан бұрын беймәлім болған сырлы дүниенің есігін қалай ашқаны, әйелдің тәнімен алғаш рет қалай астасқаны кетпей қойды. Кемеліне келген жас әйелдің түндегі естен тандырған қылықтары есіне түскенде алқынып, мас адамдай сенделіп тұрып қалған. Түн ішінде Тәттімбет атын ерттеп Ханымшаның ауылына суыт аттанды. Бұл жолы үйде Ханымшаның өзі ғана екен. Шаңырақтан түскен айдың жарығымен асығыс айқаласқан.
– Жарығым, ұмыта алмадың ба, – деді Ханымша елжірей.
Көзінен қос тамшы жас сорғалап түскен. Сәл өксіп қалған келіншек кеудесінен келетін бозбаланы өзіне қарай жұлқа тартып бетінен, ернінен, көзінен құшырлана сүйген. Екеуі ұмар-жұмар айқасқан күйі төсекке құлады. Тағы да ессіз құшақ, ыстық ықылас-пейіл. Алқынды құмарлық басылып тән байыз тапты. Тәттімбет өмірдің мәнін ұғып, даладан келген әрбір тырс еткен дыбысты тыңдап жата берген. Міне, шөгерулі жатқан түйе бық етті. Күтуші әйелдің көнегін алып сиыр саууға кеткені естілді. Басқа бір адам самауырды сылдырлата төңкеріп күлін төкті.
– Неге үндемейсің? – деді Ханымша.
– Не айтайын? – деді Тәттімбет.
Ханымша қырынан жатып Тәттімбеттің қос өрім тұлымын сылап өтті.
– Үйдегі кенжесің бе? – деді жымиып.
– Жоқ. – Тәттімбет те қырынан жатып Ханымшаның көркін тамашалады. Текті әйелдерге тән терең көз ұясы қара шеңберленіп ішіне от тастаған.
– Кенже болмасаң мынау тұлымың не? – деді Ханымша.
Өз бағасын білетін, даусының әуезі еркекті қалай тұтандыратынын жақсы білетін әйелдің қылығы.
– Тұқымымыздағы әдет, – деді Тәттімбет. – Он сегізге толғанша… тұлым қоямыз… Содан соң… содан соң… алып тастаймыз…
– Ал сенің жасың нешеде? – деді Ханымша Тәттімбеттің төсін өртей аймалап.
– Он жетіден жаңа астым, – деді Тәттімбет қайтадан қалтырай бастап.
Ханымшаның көзі кенет тұңғиық тартып қап-қара болып кетті.
– Он жетіден жаңа ассаң да еркектігің сұлтандай. Әйел затының сорына жаратылғансың ғой сен.
Өнебойынан сиқыр төгілген әйелді қырандай бүрген… Сілесі қатып таң алдында ұйықтап кетіпті. Кенет шошып оянған.
– Қорықпа, – деді Ханымша, – Бұл жолы оңашамыз. Аңдитын көз жоқ.
…Ханымша күтуші әйелді шығарып жіберіп шайды өзі құйған.
– Тәттімбет, – деді тағы да, әдетінше елжірей жымиып, – Перінің ауылы сияқты айдалада қонып отырған бұл қандай ауыл деп отырған шығарсың. Айтайын.
Ханымша жеңіл күрсінді.
– Менің әкем Дәулеткелді мыңды қырған бай еді. Сегіз ұлдың ортасында бұлғақтап еркін өстім. Жасымда сөз байласқан адамым бар еді. Аңда жүріп қаза тапты. Кейін естідім, әкем кезінде Иманқұл деген баймен серт қойысып, бел құда болыпты. Амал жоқ Иманқұлдың баласы Солтанайға екінші әйелі болып ұзатылып кете бардым. Күйеуімнің жасы менен үлкен еді. Кейін ол да дәмі таусылып көз жұмды. Міне, мен, әмеңгерлерімнің бәрі жас, асық ойнаған балалар, не онда емес, не мұнда емес, мырза қонақ болып отырмын. Әйтеуір, ағаларым жайлауға шыққанда келіп жатып-жастануға ыңғай бергеннен кейін, осылайша төркіндеп жүремін.
Тәттімбеттің жүрегі шымыр ете қалды. Беймәлім бір қасіреттің үстінен шыққанын, және өзінің бұл адамға иненің жасуындай көмек қыла алмайтынын ойлап қайғыға батқан. Сұңғыла әйел бозбаланың көкірегіндегі сезімді жазбай таныған, тағы да елжірей жымиған. – Рахмет, Тәттімбет. Маған ештеңенің де керегі жоқ. Тек… Мүмкін сен еліңе қайтып кетерсің… мүмкін мен ұзатылып кетермін… Мен саған мәңгілікке қал демеймін. Тек аз күн… жолдас болып бірге жүрсең болды…
Соңыра шығарып салып тұрып Тәттімбетті шашынан сипап, маңдайынан сүйді.
– Асылым, – деді күрсініп, – Мен сені шын жақсы көрем. Сенсең… сен менің тағдырыма… талайыма айналдың. Бір көргеннен… Есіңде ме… өткен қыста Қуандық атама еріп ауылға келдіңдер ғой… Сонда… Сол жерде… Аяғыңа кигенің санжұтқан саптама… көзің жарқ-жұрқ етіп… марал сияқты сақсынып тұр екенсің… Содан соң… содан соң… мен бір күн тыныш ұйқтап көрген емеспін…
… Отқа да, суға да қарамайтын жігітшілік… Жаз өтті, орман-тоғай қызыл-сары алтынға оранған мизам өтті. Қара күз келді. Ел етекке көше бастаған, тоқтаусыз сілбі жауын күндердің бірінде Ханымшадан тез жетсін деген хабар келген. Екеуі бұл жолы қалың талдың арасына тігілген кішкентай қоста кездесті. Ертеңіне тоқтаусыз сабалаған нөсер жауынның астында тұрып қоштасарда Ханымша іргедегі бір түйіншектен ауыр қамар белдік суырды.
– Мынаны беліңе тақ, – деді күрсініп, – Қайда жүрсең де ұмытпа мені, асылым. Сен мені естесең, мен әманда тірімін.
– Келесі жазда қайтып келесіз бе? – деді Тәттімбет.
– Жоқ, – деді Ханымша, – Қиыр қонып, шет жайлап кетіп бара жатырмыз.
Тәттімбетті ерге қондырып, төменнен жоғары қарап сәл тұрды.
– Қош бол, Тәттімбет, – деді мұңайып.
Теріс қарап өксіп кетіп бара жатқан Ханымшаға қарап тұрып Тәттімбеттің көкірегінен жалғыз тамшы жас сорғалап түсті.
***
Алла тағала күн мен айды неге жаратты? Неге дүниені, болмысты күн қылып, апта мен ай қылып жаратты? Себебі, әрбір демің – өмір, әрбір күнің – өмір. Әр сағат, әр күннің өз қиямет – махшары бар. Сондықтан әрбір атқан таңды өміріңнің басы деп, әрбір батқан күнді өміріңнің соңы деп қабылда. Әрбір таңың атқанда дүниеге жаңа келдім де, әрбір күнің батқанда, өмірім аяқталды де. Әрбір күніңді, ол Алла тағала жаратқан кесімді күн екен, ізгі іспен таңбала. Жолыңда кездескен әрбір құбылыс, әрбір тірі жанды ғажайып деп, мұғжиза деп қабылда.
Ойлап отырса, бұрынғы кешкен аз ғана ғұмыры мен қазіргі күйі, қазіргі санасы – екеуі екі түрлі дүние екен. Ескен желдей өтіп кеткен ғажайып көрініс бүкіл ой-өлкесіне таусылмас бақытпен қатар айықпас жара алып келіпті. Адамның терең түптегі санасы ешқашан ажал туралы ұмытпайды, таң атқанда батар күнді ойлап отырады. Содан болар, Ханымшамен алғаш таныс болғанда, көңілінде, келешек айрылысар күннің елесіндей болып әлдебір мұңлы әуен пайда болған. Ұлғая келе домбыраға көшіп, ақыры алғашқы бозбала күй болып төгілген.
Жұртқа көрсетуден жасқанып, ауылдан аулақтау қалың тоғайға барып, сол жерде пысықтап жүрді.
Бірде жаңа күйді қалай көркемдеп, бұдан да әдемі қылуға болады деп домбыраның сағасын қуалап, теріп отырған. Кенет тоғайда өзінің жалғыз емес екенін сезді. Демін ішіне тартып бір сәт үнсіз қалған.
– Кенжебай, сенсің бе? – деді ақырын дауыстап.
Ешкім үндемеді.
– Кенжебай, неғып жасыранбақ ойнап жүрсің? Шық бері, – деді өзінің оңаша бола алмағанына шамдана бастаған Тәттімбет.
Содан соң… біреудің бұталарды жапырып ұзап бара жатқаны сезілді.
Бірақ қызықтың көкесі алда екен. Кешке әдеттегідей ас-судан кейін үшеуі Қуандықты қоралай отырған. Бұрыннан құлаққа таныс бірнеше күйді шалып өткен Қуандық сәл дамылдап алды да жаңа бір күйді бастады. Аздан соң Тәттімбет құба домбырадан төгіліп тұрған… өз күйін таныған. Сасқанынан не дерін білмеді. Күндіз тоғайда өзін кімнің аңдығанын түсінді. Қуандық күйді айна-қатесіз шертіп шығып домбыраны алдына көлденең қойған. Жүзі моп-момақан.
– Бұл қай күй? – деді Кенжебай мен Елше жарысып.
Бажайлай қараған Тәттімбет атасының көзінде қанша жасырса да көрініп тұрған қуақы ұшқынды байқаған.
– Ертеде Тәттімбет деген бір күйші болыпты, – деді Қуандық шімірікпей, – Соның күйі ғой.
Кенжебай мен Елше, екеуі де аңтарылып қалған. Қуандық шалқая бере қарқылдай күлді. Содан соң төртеуі қосылып үйді басын көтерді.
– Қуанып отырмын, жарығым, – деді Қуандық күлкісін тыйып көзінің жасын сүрткеннен кейін, – Домбыра үйренудің бір жолы – күй шығару. Артық болар, кем болар, күйшінің бәрі осылай бастаған.
Сәл күрсініп төмен қарады. Тәттімбет сын еститін ең ауыр сәттің тақағанын сезді. Жүрегі кеудесіне симай атқылақтап кеткен.
– Тәттімбет, жарығым, күйің тамаша, — деді Қуандық, – Бір ғана кемшілігі – қайғысы көп. Айдын көлің суалып, қара орманыңды өрт шалғанның өзінде күй-күй болып қалуы керек. Жұрт көзінше шашын жұлып жылаған әйелдің зарынан, туырлықтың астында көз жасын ешкімге көрсетпей сыңсып жылаған арудың қайғысы әлдеқайда биік. Қасіретте де әдеп бар.
– Аталарыңның күйін қарашы, – деді тағы да Қуандық, – Бәрін айтқан. Айтылмаған сөз қалдырмаған. Қасірет, қамрық оларда да бар. Бірақ қамрығы асқақ. Неге? Өйткені адамның жүрегіне жететіндей қылып салтпен, әдеппен айтқан. Жақсы күйші бұрыннан барға әйтеуір бір күй болса да қосады. Әрине, заман өзгереді, үнемі бір әдеппен ешкім де жүрмейді. Бірақ әдепті де әдеппен бұзу керек.
Ойланып сәл отырды.
– Ал осы күйді былай тартса қалай болар еді, – деді содан кейін домбыраны қайтадан қолына алып.
Тәттімбет атасының қолынан шыққан күйді тыңдап отырып қайран қалды. Күйдің сүйегіне еш нұқсан келмеген. Тек… әуезі ғана өзгерген. Күй – сол бұрынғы күй. Адам танымастай болып өзгергенін айтпасаң.
– Бұл енді менің күйім емес, – деді Тәттімбет, күй шертіліп болғаннан кейін, – Бұл сіздің күйіңіз.
– Жоқ, – деді Қуандық, – Күй сенікі. Мен, қалай етсе болар еді, соны ғана көрсеттім.
– Бұл күйдің аты не? – деді әлі ғажап қалып отырған Кенжебай.
– «Қосбасар» деп қойдым, – деді Тәттімбет.
– Жақсы екен, – деді Қуандық, – Жарасып тұр. Күй шығара білген адам, ат қоя да білуі керек. Баяғының күйлерінің атын естігенде-ақ адамның жүрегі тебіреніп кетеді.
– Міне, сендер де есейіп ер жеттіңдер, – деді содан кейін Қуандық, – Біздің де айрылысатын уақытымыз тақаған сияқты, балаларым.
– Қапа болмаңдар. Қорықпаңдар, – деген тағы да, бастары салбырап кеткен үшеуіне қарап, – Ұядан ұшатын кездерің келді. Соны ғана айттым.
Тәттімбет, өзі көргенде тек өнердің мерекесіне ғана ұйтқы болып келген шаңыраққа әлдебір қорқынышты елестің тақағанын сезді. Қуандық ошақтың отына қадала қарап ұзақ отырды. Содан соң баяу тіл қатқан.
– Баяғыда бір жолаушы айдалада бұзау бағып, тезек теріп жүрген қарияға жолығыпты. Қария жолаушының сәлемін алмаған екен. Жолаушы, ей, шал, мен саған сәлем беріп тұрмын ғой, естімейсің бе, құлағың саңырау ба, дейді. Сонда қария, –
Келгенше тоқсан беске нағып жүрмін,
Келінге бұзау бағып, жағып жүрмін,
Өз елім бұ дүниеден көшіп кетіп,
Ішінде бөтен елдің лағып жүрмін, –
деп зарлап қоя берген дейді. Мен де сондай ұзақ өмір сүрген адаммын. Бірақ құрбы-қатарым кетіп, қадірсіз қонақ, лағып жүрген жанмын. Адам өмірден шаршайды екен. Енді, Жаратқан Иемнен, бағамды кетірмей тезірек ал деп қана тілеймін.
Кенет Тәттімбетке, төрде отырған Қуандықтың маңдайына қара бұлт үйіріліп тұрғандай көрінді. Ешқашан арылмас қайғының қара бұлты. Атасының даусы алыстан толықсып естілген.
– Қан кешкен заманда тудық. Қан кешіп жүріп есейдік. Абылай адамзаттың абзалы, арыстанның абданы еді. Сол Абылаймен үзеңгілес болдым. Кешегі Бұқармен қатар отырып дәм татыстым. Бөгенбай мен Қабанбай, туы желкілдеп жауға аттанғанда тізе қосып бірге жүрдім. Жақсымен, жайсаңмен өткізген бір күнің бір өмірге татыса, мен мың адамның ғұмырын кешіппін. Не арман бар… Бірақ біздің де бастан дәурен өтті.
***
Боқырауда күн жылыды. Алдында ғана жауған қырбақ қар еріп кеткен. Тоң болып қатқан жер қарайып дегдіп, орман-тоғай шыққа жуынып жасарып, сай-салаға қайтадан жып-жылы жаз орнады.
Тылсымға бет алған Қызыл мойын Қуандықты туған табиғаты осылайша аялап шығарып салған. Содан кейін де ардақты ұлдың қырқы өтіп кәдесі аяқталғанша елжіреп мейірін төкті де тұрды.
Қазаға Арқадағы алты арыс елдің игі жақсылары тегіс жиналды. Осы күндері Тәттімбет алаштың береке-бірлігін жаңаша пайымдаған. Төрт тараптан есебі жоқ үйір-үйір мал келді, арбаның белін сындырған саба-саба қымыз келді. Сай-салаға тігілген қисапсыз үйлер. Аңырап ат қойып келіп жатқан атан түйедей азаматтар.
Тәттімбет осы жолы әкесіне де қатты риза болды. Қазанғап өзінің қаражал құла жылқысынан үлкен үш тоғыз алып, Қаракесектің қаншама адамын ертіп жер қайысқан ел болып келіпті. Жетімсіреп қалған Тәттімбетті құшақтап бауырына басқан.
– Сорлап қалыпсың, балам, – деді күрсініп, – Бекем бол. Екінші әкең еді ғой. Топырағы торқа болсын.
Қуандық, тірісінде айтқан өсиеті бойынша ауылдан аулақтау Қараирек тауының басына жерленді. Келесі жылы боқырауда күн тағы да жылы болды. Асқа жиналған жұрттың аяғы басылғанда Тәттімбет жалғыз өзі Қараиректің басында бүкіл таулы аймақтың үстінен күңірене төніп тұрған төрт құлақты зиратқа барған. Аз тұрып ішке кіріп малдас құра отырды. Ауа тымық. Бүкіл табиғат тына қалған. Қалың өскен көдеден шошайып көрініп тұрған моп-момақан үйіндіден, тік тұрған адамның кеудесінен келетін көк құлпытастан мейір-шапағаттың нұры төгіліп тұрғандай.
Бұрын бала кезінде адамдардың осындай шақта, жауын да емес, қар да емес, күз келіп, ошақтың түтіні жермен жайылмай тік шаншылған, табиғат қызыл-қоңыр тонын киініп байсал тартқан осындай шақта зиратқа келіп ұзақ-ұзақ отыратынын талай көрген, бірақ мән бермеген. Енді түсінді, аруақтармен үнсіз тілдескенде адамның ойы мен сезімі жаңа өріс табады екен. Әрине, кім де болса, ақыр келетін жері – осы. Ерте болар, кеш болар, бар жандының басы бір кермеден табылмақ… Себебі, өлім – зауал емес. Өлім – бұлжымас низам… Фәни дүниеде кім болғанына қарамастан… барлық пенде осы жерде теңеседі. Наушаруандай ғадыл, Ескендірдей жихангер, Харон Рашиттай қазынадар болсаң да бәрі зая, бәрі бекер, себебі түп мұратың – бір уыс топырақ қана. Ел қатарлы көп үйіндінің бірі болып жатасың. Өлім келгеннен кейін… ештеңенің керегі жоқ.
Бірақ өлім әркімге әртүрлі келмеуші ме еді… Ардагердің өлімі… күннің қызарып батқаны сияқты… Түрлі өлілер бар… түрлі тірілер бар… Кейбір өлілер ықылымнан тіл қатып… әлі де ізгілікке жол ашып келе жатқандай… Кейбіреулер тірі деген аты ғана… жүрегі… көңілі… баяғыда суыған… өлік есепті… Қойны толмас қара жер бәрін жалмаған… бәрін жалмайды… Кемеңгерлік… өлімнің осы қорқынышты елесінен арыла білуде ғой… Данышпандық… ақиреттік қайғыны ұмыта білуде ғой… Өлім қорқытады, тереңіне батырады… Бірақ… өлімнің қайғысы – өлімнің өзінен қорқынышты… Өлім адамды жұбатады… Бірақ өлімнің жұбатқаны да… өлім. Өлім жұбатады… содан кейін өмір сүруге… бұйырады. … Екі түнектің арасындағы осы қысқа мерзімде… өмір сүруден басқа амалы жоқ екенін түсінген адам жаңарып жасарады… алға… өзінің… өліміне ұмтылады… Және бір өзі емес… жай ұмтылмайды… артында жұрт сұрап… жарық сұрап… өмір сұрап жаңа ұрпақ келе жатыр… Адамзат деген осы… басы да… аяғы да жоқ бітпес керуен… бір-бірінің өмірімен өледі… бір-бірінің өлімімен өмір сүреді…
Міне, әдетінше ең соңынан қоңыр қаз қозғалды. Ұзақ жолға шыдамайтын ауру-сырқауларын өздері өлтіреді екен. Сонау шатыр көкте найзаның сүңгісі сияқты үшкіл шеп құрған айбарлы құс, келер жылы кім бар, кім жоқ, қош-есен бол айдын көл, жасыл жазира деп бүкіл аймақты қиқулап бірнеше рет айналып өтті. Содан соң шептерін қайтадан қалыптап алды да қанаттарын баяу қағып оңтүстікке бет түзеді. Кенет Тәттімбет осы құстармен бірге Қуандық атасының да аруағы кетіп бара жатқанын анық сезген. Осы қаздардың біреуі туған еліне қайтпайды. Осы қаздардың біреуі тылсымға, қайтпас сапарға кетіп бара жатыр… Жүрегі сыздай ауырған.
***
– Тәттімбет, сені енді қашан көреміз, тағы бір апта аялда, – деді Елше кешкі ас үстінде, – Өзіміз жолға салып жібереміз.
Тәттімбет әкесіне қараған.
– Жарайды, балалар, – деді Қазанғап, – Біз ертең қайта берейік. Өздерің жетерсіңдер. Жер қара, жол сайрап жатыр.
Жастар оңаша қалғанннан кейін Елше үлкен бір әңгіменің шетін шығарған.
– Тәттімбет, біз Кенжебай екеуміз бұрыннан сөз байласқанбыз. Атам батасын беріп кеткен. Топырағы суымай жатып асықпайық деп… бір жыл тостық. Міне, атамның асы өтті. Енді өзің барда куә бол, екеуміздің некемізді қи.
Тәттімбеттің көңілі босап кетті.
– Жарайды, – деген даусы сәл қарлығып, – Жөн екен… Қуанып отырмын… Атамның түтінін түтетіп отырасыңдар… Одан артық не керек.
Ертеңіне Қарқаралыдан келген адамдар аттанып кеткеннен кейін Тәттімбет ауылдың молласын шақырып алдырды. Барлық кәде атқарылып неке суы ішілгеннен кейін үшеуі отырып шағын той-томалақ жасаған.
– Арамызда атамыз ғана жоқ, – деді Кенжебай.
– Неге жоқ? – деді Тәттімбет ерленіп, – Қуандық атам қазір ортамызда, осы біз сияқты қуанып отыр.
– Атам ғана емес, – деді Елше, – Аруақтың бәрі осы жерде отыр. Сезіп отырмын.
Кенжебай мен Тәттімбет бір-бірімен ентелесіп домбыра толғаған. Елше көзі жасаурай мөлдіреп тапжылмай отырып тыңдады. Жатардың алдында кеш бойы қаздай қаңқылдап күй төккен Қуандықтың құба домбырасын қолына алып, қақпағын аялай сипап недәуір уақыт үнсіз отырып қалды.
– Иә, – деді содан кейін басын көтеріп, – Атамда арман жоқ шығар. О дүниеден екеуіңнің шерткен күйіңді тыңдап қуанып отыр. Екеуіңнің адалдығыңа… өнерінің өлмегендігіне.
Ертегідей жеті күн өтті. Қайтатын мезгіл жетті. Тәттімбет алты жыл өмірі, бозбалалық дәурені өткен найман елмен, бүкіл шығыс өңірді алып шөккен нардай өркеш-өркеш болып жатқан Тарбағатай жермен қимай-қимай қоштасып атқа қонған. Елше мен Кенжебай бірге ере шықты. Келесі күні шағын топ, жаздағы арыны басылып, суы қарайып сарқырай ағып жатқан Аякөзді кешіп өтті де аз жүріп, Батпақтан асып Қарқаралының қара жолы басталатын жерге келді. Осы жерде үш ұлан еңіресіп қоштасқан. Тәттімбет атының басын Арқаға бұрып өз жолына түсті. Елше мен Кенжебай шығысқа қарай тартты.
***
Туған шаңырағына қайтып келгеннен кейін Тәттімбет серілік қуып, бой көрсетіп, ел танудың жолына түскен. Жанына аты шыққан кәрі әнші Көсемсарыны, жауырыны жерге тимеген балуан Нұржанды, тағы да қаншама өнерге қанығып жүрген жастарды ертіп алып сайранды салды. Осы мереке-думан серуендердің кезінде Тәттімбеттің ұққаны – ел іші таусылмайтын өнер екен. Өзінің білмейтіні, әлі үйренері көп екен. Беймәлім күйлерді былай қойғанда, өзі тарта-тарта әбден кәнігі қылған әуендердің мүлдем басқаша бояу шашқан нұсқаларын кәрі күйшілердің қалай толғағанын көріп қайран қалған. Өзі де өнер көрсетті, сахараның өнерінен жүзіп жүріп мейірі қанғанша ішті де. Келесіне симай, екі қолынан от төгіліп тұрған өнері ерек Тәттімбетке, жолында кездескен күйшінің бәрі батасын беретін. Елдің тұрмысы ала-құла. Алдында ғана ауыр ақсүйек жұт болып елдің біразы қолына құр жүген ғана ұстап қалған. Бірақ сахара жұрты қашанғы әдетімен өнерге пейілді еді. Бары түйе мінгізді, ат мінгізді, бума-бума інжу, тайтұяқ күміс сыйлады. Жоғы ізгі тілекпен алқаған. Би ұлы шора Тәттімбет ештеңе алмайтын. Ат-шапанға жанындағы серіктері қарқ болатын.
Бірде алқып-шалқып отырған бай ауылдан бақандай үш ат мініп шыққан серілер түс ауа Құндыздының мың бұлағының біріне тоқтап ат шалдырған.
– Тісіміздің суын сорғыздыңдар ғой, – деді Көсемсары атын бір бұтаға байлап жатып, – Әкелші анау бағанағы бәйбішенің артып берген қоржынын.
Бірнеше қоржынға сықастыра салынған майлы сүр туралды, шартық торсықтармен қымыз, шұбат қойылды. Аздан соң ар жағына ел қонып көңілденген жастар бір-бірімен қылжақтаса бастады.
Тілі тотияйын тигендей ойып түсетін келемеш Нұржан, – Атты да міндік, түйені де жетеледік, – деген демалып жатқан Көсемсарыға қарай иек қағып, көзін қысып, – Арман жоқ. Шіркін-ай, енді осы өнерімізге иіп қалыңсыз қыз беретін біреу жолықса ғой.
Бір қышыма әңгіменің келе жатқанын сезген жастар жымыңдасып Нұржанның жанына жинала бастаған.
– Қалыңсыз қызды қайтеді? – деді біреуі түк білмегенсіп.
– Мына кәрі текені үйлендірер едім, – деді Нұржан Көсемсарыны көрсетіп.
Көсемсары орнынан атып тұрғанда дайындалып отырған Нұржан тұра қашқан. Көсемсары атына міне салып Нұржанды ілезде қуып жетіп қамшының астына алды.
– Өлдім, өлдім! Ойбай өлдім! – деп қамшы тиген сайын қайқаңдап, өтірік бажылдаған Нұржан Тәттімбеттің алдына келіп жығылды, – Тақсыр, құтқар мына тажалдан!
Жастар Көсемсарыны аттан түсіріп араша сұраған.
– Ит! – деді Көсемсары ішін басып күліп тұрып, – Қаныңды ішем осы жерде!
– Естідіңіз бе? – деді Нұржан Тәттімбетке қарап өтірік жылап тұрып, – Қаныңды ішем дейді!
Содан кейін көзін қысты.
– Мына кәрі текені шынында да үйлендірмесек болмас, әйтпесе бәрімізді өлтіріп, қанымызды ішіп, мына кең далаға көміп кетер, – деді сыбырлап.
Тәттімбет не күлерін, не жыларын білмей қыстығып үнсіз отырып қалды. Нұржан артына қарап құпия белгі берген. Сол-ақ екен жастар Көсемсарыны алып соғып байлап тастады.
– Құдалық сөйлескенше жата тұрсын, – деді Нұржан.
Сәл үнсіз отырып, бір жағы, жасы үлкен дос, ағаның халіне иіле, бір жағы, уытты қалжыңын қоя алмай қызыл тілді аямай сұққылап сөйлеген.
– Тәттімбет, саған көптен бері айтайын деп жүр едім, реті енді келген сияқты. Мына Көсемсары ағамыз нашар атадан. Ішіндегі ең тәуірі, іліп алары осы Көсекең. Қалғаны шөккен түйеге міне алмайтын жамандар. Талаптанып жүріп өзі болған жігіт қой, Көсемсары. Құдай өнер мен дәулеттің біреуін ғана береді екен. Осындай көкірек, Арқаның желіндей аңқыған осындай дауыс бергенде, малдан қысты ғой. Қалыңмал төлейтін жайы жоқ, әлі күнге дейін үйлене алмай өмірі құсамен өтіп бара жатыр. Жатсам-тұрсам, бір қайғым осы Көсемсары ағам болды. Артында тұяқ қалу керек қой. Ұрқы кеуіп кететін болды ғой. Домбыраны қатын қылып өстіп жүре бере ме?
Жастар домалай күлген.
– Әкеңнің… – деді Көсемсары да күліп. – Шеш мына арқанды! Қазір көресің!
Нұржан енді шын әңгімеге көшті.
– Тәттімбет, әртүрлі үйірден келген алақұла демесең жылқымыздың саны толып тұр. Жетерлік.
– Қанша болды? – деді Тәттімбет.
– Жылқының саны алпыстан асты, – деді Нұржан. – Сегіз түйеміз бар.
– Жарайды, – деді Тәттімбет, – Жігіттер қарсы болмаса осы малдың бәрін Көсемсары ағамыздың жолына жұмсайық.
Күзге қарай, Нұржан, өзінің айтысында, «тектіден текті» аралап жүріп, ақыры, асқан бай болмаса да көштің бел ортасында жүретін тұрмысты бір ауылдың қызын айттырып, Көсемсарының шаңырағына әкеліп түсірген. Шағын той-томалаққа маңайдағы бай ауылдан адамдар келді. Кедейдің дастарханына емес, атадан асып туған Көсемсарының өнері үшін келді. Кәдімгідей сойыс пен сауын жеткізілді. Осылайша қырықтан асып елуді алқымдаған жасында жар төсегіне енді ғана жеткен Көсемсары, сері достарының арқасында бір-ақ күнде ауқатты адамға айналған еді.
Қыс ойын-сауықпен, аңшылықпен өтті. Бір салбурынның кезінде серілер Қазанғаптың аулына түскен. Түйеге артылған көп киік, тоғыз-тоғыздан байланған түлкі, бірнеше қасқырды арнайы тігілген қараша үйге түсіріп, беті-қолдарын жуып там үйдегі мол дастарханға енді отырғанда Қазанғап бір кәдені бастаған.
– Көсемсары, – деді би өзінің қуатты даусымен, – Тұр орныңнан.
Сасып қалған Көсемсары орнынан тұрды.
– Апырай, би-еке…
– Осы Қаракесектің ішіндегі ең байы да, байырқалысы да Шаншар еді, – деді Қазанғап, – Анау сабаны көрдің бе? Соған барып арқаңмен сүйкен. Құтымыз жұқсын.
Көңілі босап кеткен Көсемсары, сынбай тұрған ауыр сары сабаға барып бірнеше рет арқасын сүйкеген.
– Енді қасыма кел, – деді Қазанғап, – Отыр жаныма.
Кеш бойы би, Көсемсарыға өз қолымен ет асатып, кесесіне қол жалғап қызмет қылған.
Ертеңіне Қазанғап серілерді өзі шығарып салды. Есіктің алдында бір жылқышы қаражал құла айғырды ноқталап жетектеп тұр екен. Би айғырдың шоқтығынан бір ырғап, жалын салалап сипады да Көсемсарыға қарады.
– Қарағым, тойыңа бара алмап едім. Міне, мынау сол тойыңа арнаған малым еді. Тарттырылмаған жас айғыр. Үйріңнің басы, құтың осы болсын. Жылқылы бай бол.
Серілер риза болып, бір-біріне күлімсірей қарап үнсіз қалған. Ауа тымық. Аспаннан ұлпа қар дыбыссыз төгіліп тұр. Құрметке толы үнсіздік. Қараша үйден шыққан, қазан-ошақты қарайтын бақыршы кемпір көзінің жасын сүрткен.
– Ей, дүние-ай десейші…
– Би аға, – деді Көсемсары даусы сәл қарлығып, – Не дейін… Тәңірі жар болсын… Ер мойнында қыл арқан шірімейді… Мен де бір керегіңе жарармын…
– Аман болыңдар, – деді Қазанғап, – Қашан келсеңдер де есік ашық.
Қыстың қызығы қар сөгілгенде ғана аяқталды. Серілер көктемде кездесетін болып тарасқан.
Құтты жаз боларда күзде тоң көп болады, көктемгі қатқақ ұзаққа созылады. Кей жерде құрық бойы жауған қар тез еріп, сай-саламен астаң-кестең ағып кетпей, ақырын ғана малшынып, бір-бір жарым айдың ішінде ысырап болмай тұрған орнына сіңіп кетеді. Есесіне жазда өзен-көлдердің маңайында тұма, бұлақ тоқтаусыз сарқырап ағып жатады. Ылғалға тойған жер иіп береді.
Қардың астынан шыққан қысқы ақтық жайылымды малына жегізіп болған ел, ақырында жайлауға көше бастағанда көңілді топ қайтадан бас қосқан. Бұл жолы серілер Шыңғыстау мен Ақшатауды аралап, қайтарда Айғыз, Көксала мен Балқыбек, Былқылдақты басып өтеміз деп келісті.
Ақсұңқармен осы сапарда танысқан еді. Шілденің аптабында Балқыбектің кең жазирасынан асып Ұялының бойындағы қаратал мен қайың аралас қалың тоғайларды көлеңкелеп отырған бір ауылға түскен еді серілер. Майқы есімді орта дәулетті бай екен. Серілерге арнап тай сойды, бастаңғыға деп екі үлкен үй тікті. Кешке маңайдағы хабарланған ауылдардан жастар келіп серілердің өнерін тамашалаған. Осы отырыста бір қыз ерекше көркімен көз тартқан. Сұрша жүз. Қасы қарлығаштың қанатындай. Көзі аялы. Миығынан еркелей күліп жалт етіп қараған сайын Тәттімбеттің бойы балқып, ақырында маужыраған ұйқылы-ояу күйге түсті. Көсемсары кеш бойы әуелете ән салған. Бір дамылдап, алдындағы қымыздан мейірі қанғанша ішіп, содан соң домбыраны дастарханның үстінен асырып Тәттімбетке ұсынған. Сол сәт манадан бері тотыдай таранып отырған қыз орнынан лып етіп атып тұрды.
– Рұқсат етіңіз, мен қол жалғап жіберейін.
Күміс құрсау күрең тақияның үкісі бұлғаң етіп, ашаң сымбат алдына келіп иілгенде Тәттімбет не істерін білмей жан-жағына қараған.
– Домбыраны алсайшы, – деді Нұржан мырс етіп.
– Тәттімбет сері, – деді қыз мамықтай даусымен жүректі қытықтай сөйлеп, – Атыңыз алты арыс елдің бәріне мәшхүр. Құдай айдап біздің де ауылға келіп қалыпсыз. Домбыраны қолыңызға алыңыз. Өнеріңізді аямаңыз бізден. Сіз үшін келіп отырмыз.
Алғашында саусақтары шалынысқан. Аздан соң бабына келді. Содан соң… содан соң… баяғы шәкірттік дәурені есіне түскен Тәттімбет ескі күйлерді бірінен кейін бірін толқыта шерткен. Көсемсары ән айтқанда дем беріп даурыға айқайлаған жұрт сілтідей тынып, бірде көңіл түкпіріне дейін жетіп баяу аққан, бірде буырқанып телегей тартқан күйдің әуезіне шомды.
Ұстазы айтушы еді, қашан тартсаң да қияметтің алдында тұрғандай етіп тарт деп. Тәттімбет, бірде елжірей күліп, бірде мұңның кіреукесін жамылған мөлдір қара көзге қарап отырып өзінің қияметке жолыққанын анық сезген. Қай күйді шертсе де домбырадан өзінің ықылас-тілегі, етене сыры болып ақтарылды. Әлмисақтан келе жатқан күй, жаңа ғана туғандай. Бір кезде әлдебір жұмырбасты пенденің өз сүйгеніне арнап домбырамен айтқаны, бүгін ғана айтылғандай, осы сыршыл көзге арналып жаңа ғана шертілгендей.
Таң ата бастаңғыдан шаршап шыққан жастар үйді-үйлеріне тарасып, серілер мамық төсектерге жайғасып ұйқыға кіріскенде, Нұржан Тәттімбеттің жанына келіп отырды. Екеуі де үнсіз.
– Бәрін де байқадым, Тәттімбет, – деді ақырында Нұржан, – Шырмалып қалған сияқтысың ғой.
Тәттімбет ләм-мим демеген күйі іргеге қарай аунап түсті.
– Шіркін, жігіттіктің жөні осы ғой, – деді Нұржан, – Домбыраны ешқашан бұлай тартпаған сияқтысың. Бүгін биік белге шықтың, Тәттімбет.
– Кеш бойы отырғанда атын сұрамаппын ғой, – деді Тәттімбет.
– Азан шақырып қойған аты Күлшім екен, – Нұржан керіліп есінеді, – Жеңгелері кейін Ақсұңқар атандырып жіберіпті. Десе дегендей екен.
– Кімнің қызы? – деді Тәттімбет.
– Мынау бізді қонақ қылып отырған Майқының қызы екен, – Нұржан жамбастай жатып шақшасын суырды, – Өздері бізге қоңсы екен. Алдыңғы жылғы жұтта осылай қарай ауып, Керейлерге жыл құда болыпты. Енді Едірейге қарай кері көшеміз дейді.
– Иә, баяғыда жұттан қашқан ел жылқысын Қарқаралының сыртындағы Балқыбек түгілі, түу, сонау Алтайға дейін айдап, сол жақта жыл құда болып келеді екен, – Тәттімбет шалқасынан жатып күлдіреуіштің арасынан аспанда қалқып кетіп бара жатқан бұлттарды тамашалап біраз жатты, – Ақсұңқар деші… Шынында да аты өзіне лайық екен.
Ауыл адамдарының өтінішімен тағы бір күн қонақтаған серілер ертеңіне таңертең жолға шықты. Жастар көшке еріп біраз жерге дейін шығарып салған. Жол бойы үзеңгі қағыстырып қатар жүрген Ақсұңқар басқалар аттың басын кері бұрғанда Тәттімбеттің жанында қалып қойды. Серілер де ұзап кеткен.
– Тәттімбет, – деді Ақсұңқар әдетінше миығынан күліп алып, – Анау жаныңдағы балуан Нұржан ыспар, пысық жігіт екен. Сен сияқты серінің жанында осындай епті досы болуы керек.
Тәттімбет сөздің ауанын түсінбей үнсіз тұра берді.
– Көсемсары ағамызды қалай үйлендіргенін де естідік, – деді Ақсұңқар тағы да сыңқ етіп күліп, – Шамасы, бірер жылдың төңірегінде барлығыңызды үйлендіріп, үйлі-баранды етіп тынар.
Тәттімбет қылықты қыздың ретті, рәсімді қалжыңының мағынасын сонда ғана түсінген.
– Ғажап, – деді Ақсұңқар, – Осы жолғы келісінде қайсыңызды ниет етті екен?
Әрі ұяң, әрі шешімтал. Жігітке түсінісудің жолын жіңішкелеп өзі ашып беріп тұр.
– Реті келсе мені үйлендірем деп еді, – деді Тәттімбет.
– Ноқта киген ертерек емес пе екен, сіздей серіге? – Ақсұңқар еркелей күлген.
– Бұндай сұлу ноқта қай серінің болса да арманы емес пе? – деді Тәттімбет.
Ақсұңқар атын тебініп қалып жақын келді де камзолының қойнынан шеті кестеленген көк жібек орамалды алып Тәттімбетке ұсынды.
– Тәттімбет, – деді елжіреп, – Мынау орамал саған деген көңілімнің белгісі болсын.
Содан соң атының басын кері бұрды.
Тәттімбет астындағы жорғасын сипай қамшылап қатарласа жүрген.
– Сені енді қайдан табамын, Ақсұңқар?
– Күзде біз Едірейге қарай көшеміз. Осы есіңде болсын, – деді Ақсұңқар мұңайып, – Енді қал, Тәттімбет. Онсыз да көп тұрып қалдық. Қыздың қырық үйден аңдуы бар екенін ұмытпа.
***
Көп ұзамай-ақ Тәттімбет жанына Нұржанды ертіп қызды іздеп келген. Бұл жолы Майқының үйіне жоламай аулақтау бір ауылға түсті. Түн ішінде хабар аламын деп аттанып кеткен Нұржан недәуір бөгеліп келді де есікте тұрып белгі берген.
Балқып туған ай өзен бойлай өскен қалың тоғай мен белден келетін шалғынды терең сайға нұрын төгіп ертегі дүниені тірілткендей. Тәттімбет асығып жетіп амандасқанда, ризалығын жасыра алмаған бойжеткен қуана жымиған.
– Ат сабылтып мені іздеп келдің бе, Тәттімбет? – деді төмен қарап тұрып.
– Иә, – деді Тәттімбет, – Бір сені ғана іздеп келдім.
Екеуі бұдан кейін бір-біріне ештеңе деген жоқ. Қол ұстасып өзен бойлап алға қарай жүре берген… жүре берген…
Түнгі самал есті. Қара орман мазасыздана шулаған. Сол сәтте ұйқысынан оянып кеткен қарға өзіне басқа қонақ іздеп, төбеден қарқылдай ұшып өтті. Аздан соң мың сан ошақтан шыққан түтіндей болып сүттей ақ тұман ақтарыла жылжып шатқалдың ішін алған…
…Уақыт озар. Өмір өтер. Бірақ осы ақ түтіннің ішінде адасқан асық серуен бір көргеннен жаны жарасқан екі адамның жүрегінен ешқашан өшпек емес.
***
– Тәттімбет, мен басымда еркім жоқ адаммын, – деген Ақсұңқар тағы бір кездескенде, – Екеуміздің әңгімеміз әкемнің я ағаларымның құлағына жетсе жаман болады. Ешқайсымызды да аямайды.
– Атастырылған адамың кім? – деді Тәттімбет.
Ақсұңқар жүзі сәл бозарып үнсіз қалды. Артынша ызалана күлген.
– Атастырылған адамың деші… Кім болушы еді. Қазақтың бір сасық байы… Бар бағасы малында… Алпысты алқымдаған… Мен оған абырой үшін ғана керекпін.
Ақсұңқар ащы жымиған.
– Өткенде күйеу ұрын келген… Құдайым-ай… Атаңмен жасты адамға шашыңды сипату деген… Бұдан өткен қорлық болмас…
Әбден басы байланған және қыздың аянышты халіне иілген Тәттімбет ерекше бір іске бел буды.
– Мен сені атастырылған жеріңнен бұзып аламын, – деген Ақсұңқарды білегінен ұстап тұрып, – Екеуміз қайткенде де қосыламыз.
Ақсұңқар мұңайып тұрып ақырын бас изеген.
Тәттімбет ертеңіне әкесінің алдына барып болған жайды баян етті. Қазанғап тыңдап болып үнсіз қалды. Не заматтан кейін барып, қамшысының ұшымен өзі ғана білетін бір оюларды сызып отырып ойлана сөйлеген.
– Шытырманға кірген екенсің, балам. Кімнің басында болмаған жастық-мастық. Бірақ сен, мені ғана емес, бүкіл тұқымды отқа итеріп отырсың. Балам, қазақта екі дау бар. Біреуі – жер дауы, біреуі – жесір дауы. Басқа ұсақ-түйек дау-шарда ағайынмен рақайласып, тіл табысуға болады. Бірақ жер менен жесір дауында, қазақ, кіммен болса да – бітіспейтін дұшпан. Бәрі де өз абыройының биік болғанын қалайды, ешкім де намысын таптатпайды. Майқы өзінің қызын Сарынға ұзатайын деп отыр. Ал Сарын ежелден бізбен құдандалы, сыйлас ел. Әжелеріңнің көбі Сарынның қыздары емес пе. Әрине, біз азулы тұқымбыз. Малымыз да, айбарымыз да жетеді. Тіпті сол қыздың қалыңмалын өсімімен қайтардың, бұзып алып шаңырағыңа әкеліп түсірдің. Ал ертең жесірінен айрылған ел жауың болып шықпай ма?
Қазанғап басын жерден алып ұлының бетіне тесіле қараған.
– Содан соң сен қалыңдығың Ақбөпе екеуің әкенің белінде, шешенің көңілінде жүргенде атастырылғансыңдар. Ал біздің құдаларымыз кішілікке қыз бермейтін ел. Алғашқы ақ некең. Мал төленіп, нышаны тағылып қойған. Осының бәрін бұз дегенің бе? Сонда менің кім болғаным? Осы уақытқа дейін айтылған сөзде, құдандалы елмен екі арадағы силастықта не мән қалады? Көрдің бе, балам, сен бізді бір емес, екі дауға қалдырайын деп отырсың.
Тәттімбеттің басы салбырап кетті. Әкенің табалдырығын аттағанда көкірегінде үлкен сенім бар еді, бақыт қол созым жерде тұрғандай көрінген еді. Енді сол сенім өлді, ал жап-жақын тұрған бақыт ешқашан қол жетпейтіндей болып алыстап кетті.
– Содан кейінгі үлкен бір уәж, – деді Қазанғап сөзін үстеп, – Біз ежелден ел билеген әулетпіз. Арыдағы Бертіс бабаң, кешегі Қазыбек, ханның өзін қалаған жерден қайырып алып отыратын, азуы алты қарыс сарымойын билер болған. Ертең мен өлгенде елдің тізгінін Құттымбет екеуің ұстайсыңдар. Ел жұмбағын шешетін бидің өз абыройы кіршіксіз таза болуы керек. «Жаннан кешкен ер болады, малдан кешкен би болады» деген сөз бар атаң қазақта. Ал сен, біреудің айттырылып қойған қалыңдығын бұзып алған кінәң, артыңнан сүйретілген арылмас дауың бар, қалай билікке түсесің? Бірінші дауда, сен өз басыңды арашалап ал деп кеудеңнен қағып тоқтатады. Және сол адамдікі дұрыс.
Әке мен бала, екеуі де үнсіз қалды. Осыны күтіп тұрғандай сырттан күтуші әйелдердің бірі үлкен тегене қымызды көтеріп кірді де, екі шараны толтыра құйып, әдеппен иіліп шығып кетті. Қазанғап ширығып құрғақ отыр екен, шараны басына бір-ақ көтерді. Тәттімбет қымызға қол тигізбеді.
– Қымыз ал, – деді Қазанғап.
Тәттімбет үндемеді.
– Әрине, түсінем, – деді Қазанғап, – Басыңа қасірет келді, түсің бұзылды. Бірақ бәрібір мойынсұн, айтқанға көн. Білем, ауыр болады. Әйтседе уақыт бәрін ұмыттырады. Қайғы да тозады. Саған айтарым осы, балам. Ақылың бар ғой. Бұл сөзді екінші қайтара айтқызба маған.
Тәттімбет орнынан тұрып есікке беттеген.
– Содан кейінгі айтарым, дайындала беріңдер, – деді Қазанғап, – Екі айдан кейін келін түсіреміз.
Тәттімбет сыртқа шығып жан-жағына қарады. Жаңа ғана жайнап тұрған табиғат енді сұрқай тартыпты. Ауылдан қозыкөш жердегі сандықтай текше төбешікті бетке алып жүріп кетті.
Ақсұңқардың алдында тұрып қалай уәде бергенін есіне түсіріп күйзеле мырс еткен… Бәрі де зая… Ертеңгі күніңнің не боларын білмей берген серт… бекер… Тұрлаусыз дүние… баянсыз серт…
Төбеден ары асып, нәрленіп қоңыр шіреге айналған күзгі шөпке етпеттей құлаған… Бір тал баялыштың түбіндегі құжынаған жәндіктің тіршілігін ойсыз, сезімсіз тамашалап жатып ұйқтап кетті. Осы түсті қашаннан бері көре бастағанын, алғаш рет қашан көргенін білмейді. Әйтеуір бала кезінен келе жатқан, басына қайғы келгенде қайталанатын түс…
… Құла медиен дала… Қаннан жауын жаудырған күлгін аспан… Осы елсізде жалғыз өзі келе жатады… Ажал өткен жерлермен жүріп келе жатып… қаншама өлі қалаларға тап болады… Қашан болғаны белгісіз… Әйтеуір әлмисақтан бері жасаған өлі жұрттар…
Біреудің түрткенінен оянды. Әкесінің атқосшысы Қондыбай екен.
– Би-екең шақырып жатыр, – деді Қондыбай.
Тәттімбет орнынан тұрды.
– Содан кейін айтарым, мырзам, – деген Қондыбай көзін төмен салып, – Иен далада ұйықтамаңыз,бұдан былай.
***
Жайлаудан етекке түсерде Ақсұңқармен соңғы рет жолығысты. Қалың тоғайдың аясында тігілген шағын жолым үйге асыға жеткен қыз, атын байлай сала Тәттімбеттің жанына отырып, оның жүзіне үміттене қараған. Аз ғана көңілсіз үнсіздіктен кейін Тәттімбет әр сөзін мұқият теріп, қинала отырып әкесінің шешімін жеткізді. Сөзді естіген сайын Ақсұңқардың тәкаппар басының қалай иілгенін көріп отырып іші қан жылаған.
Тәттімбет айтарын айтып болып, жер шұқып үнсіз қалды.
– Осылай боларын білген едім, – деді Ақсұңқар.
Қыздың даусы нәубез естілген. Тәттімбет Ақсұңқардың жүзіне жасқана қарады. Жайшылықта нұрланып күлімдеп тұратын қыздың көзі жасқа шыланып, жүзі бозаң тартыпты.
– Мен сені кіналамаймын, Тәттімбет, – деген Ақсұңқар, – Сенде не жазық. Арамызда өткел бермес қазақтың заңы мен шылығы бар. Әкеңнің айтқанынан аттай алмайсың.
Тәттімбет қызды ақырын бауырына тартқан. Ерінге ерін тигенде Ақсұңқар қалтырап қоя берді.
– Тағы да бір хабар айтайын, Тәттімбет, – деген асыға сыбырлап, – Әкем менің қайын жұртыма кісі салыпты. Жесірлерін тезірек алып кетсін депті. Бұдан кейін енді ешқашан кездеспейміз. Уақытымыз аз, Тәттімбет.
Өнебойын құмарлық кернеген Тәттімбет қызды бас салып құшырлана сүйген. Ақсұңқар көзін жұмып ыңыранып, ақырын шалқайды. Осы сәт Тәттімбеттің көз алдына Ханымшаның бейнесі келіп, тұра қалған. Бірақ ол… жол көрген әйел еді ғой… Ал Ақсұңқар… Абұйыры қыздың өзінен қымбат… Ардақтаған ханымың… шеті кетілген тостаған болып келсе… сен қайтер едің…
Өзін өзі жеңіп, бойын жинаған, қыздан сәл ығысыңқырап отырған. Ақсұңқар бәрін түсінді.
– Жүрегіңнен ақылың биік екен, Тәттімбет, – деді кіналай қарап.
Соңыра шығарып салып тұрып Тәттімбетті бетінен сүйді.
– Қош бол, Тәттімбет, асылым. Қош бол, ардағым, – деген даусы қалтырай күрсініп.
– Кеш мені, Ақсұңқар, – деді Тәттімбет те босап.
– О не дегенің, жантелім, – деді Ақсұңқар, – Екеумізді бір-бірімізге ынтызар қылған Жаратқан Иеміз, арамызды ашты да. Құдіреттің ісіне не шара бар.
… Ауылға қайтқанда Нұржан Тәттімбетпен қатарласып жүруге бата алмай ілесіп қана отырды.
Аттан түсе сала, ешкімге ештеңе демей, үйге кіріп теріс қарап жатып қалған Тәттімбеттің үстіне шешесі келді. Иығы селкілдегеніне қарап баласының жылап жатқанын түсінген Қалайы, өзінің де көзі жасаурап шарасыз тұрып қалған. Содан соң көрпенің шетіне отырып, күрсініп Тәттімбетті арқасынан сипады.
– Қоя ғой, жарығым. Жылама. Алланың ғана айтқаны болады, адамның айтқаны болмайды. Өмір деген осы, құлыным.
– Ал, ноқталарың қайда… кигізіңдер, – деді Тәттімбет еңіреп, – Жетекке алыңдар… Көндім бәріне.
– Көзіңнің жасын бұлама, жарығым, – деген Қалайы әлдебір нүктеге көзін қадай отырып, – Қай қыздың қай шаңыраққа қалай түскенін біліп пе едің…
***
Асау көңіл сырты жуасыған тайдай екен. Ақсұңқардың ұзатылғаны жайлы хабар жеткенде Тәттімбет аласұрып кетті. Сыртқа жүгіріп шыққанында ноқталаулы тұрған қара биеден басқа жылқы көрінбеді көзіне.
– Ауылда мінетін ат қалмаған ба? – деген ашына айқайлап.
– Балам-ау, қайда барайын деп едің? – деді Қалайы, – Әкең малдың бәрін аулағырақ айдатып тастады емес пе.
Тәттімбет биеге жайдақ мініп шаба жөнелген. Арттан Қондыбайдың айқайы естілді.
– Мырзам, мырзам, ойбай тоқтаңыз!
Тәттімбет жан-жағына қарамай қамшы үстіне қамшы ұрған. Биенің ілезде құлағының түбі терлегеніне назар аударған жоқ. Қайда бара жатқанын өзі де білмейді, әйтеуір Едірейді бетке алып, айқайлап шаба берген. Бір кезде барлығып, ышқынып келе жатқан бие қырылдап барып омақаса құлаған. Тәттімбет екі қолын тіреп жығылса да қалың қияққа бетін оңдырмай сыдырды.
Дүбірлетіп жеткен Қондыбай аттан түсе сала кездігін суырып, басын соғып жатқан биені қорқырата шалып жіберген. Пышақтың қанын шөпке сүртіп, баяу басып, өң мен түстің арасында отырған Тәттімбеттің жанына келді.
– Мырзам, малдың обалы деген бар емес пе. Бұныңыз не? – деді басын шайқап, – Биенің құлынын ағызып жібердіңіз. Енді әкеңізге не айтамыз?
Алайда Қазанғап жұрт ойлағандай ешкімді жазалаған жоқ.
– Жарайды, сойып алған екенсіңдер, соған да шүкір, – деді кешкі шай үстінде баласына ойлана қарап отырып, – Бір биені қасқыр да жеп кетеді ғой.
***
Түнде түс көрді. Бұл жолы өзі үнемі жалғыз аралайтын Кербаланың шөлі емес, кең жазира алқап, иісі аңқыған көлдер, бір жаннат мекен. Әйтседе көңілінде түсініксіз, адамды дүниеден баз кештіретін ылай сезім. Тағы да жапанда жалғыз. Осылай жүре береді… жүре береді… Қанша уақыт жүргенін білмейді… Әйтеуір заманнан заман өтіпті… Бұның заманынан бұрын есебі жоқ замандар болыпты… Сол заманның бәрін түйсініпті… себебі… сол замандардың бәрінде болыпты… өмір сүріпті… Кенет өзінің осы тоқтаусыз сапарының сырын түсінді… Себебі… өзі мәңгіден келген… мәңгіге кететін… мұңлы ән… шексіз қайғы екен… Екі тылсымның арасындағы бұл жарық дүние… баянсыз тұрақ… Пәни қысқа… күрмеуге де келмейді… Бақи ғана… тылсым ғана… мәңгі… Адамдар өлім мен өмірді шатастырады… Адамдар өмір сүріп жүрміз деп ойлайды… Ал шындығында… өмір деген… салтанаты мәңгі таусылмас өлімнің… бір күні ғана… Адам тағдырды таңдамайды… таңдай алмайды… Тағдыр адамға қонады… Сондықтан тағдырың ән екен, ал ән бақытқа… қуанышқа жат… Бақыт пенен ән… бір-біріне ешқашан қосылмайтын… бір-бірімен қатар тұра алмайтын… екі бөлек жаратылыс… Ән… қасыретпен ғана туыс… Қасірет пен қамрық… әннің азығы… Ал тағдырың ән екен… онда көрешегің – қасірет… Осыған мойынсұн… Себебі бүгін айрылғаныңнан… келешекте айырыларыңнан… баяғыда… өзің дүниеге келмей тұрып айрылғансың… Себебі… сен әнсің… ән болып келдің… ән болып кетесің… Бұл дүниеде… сен қимайтын ештеңе жоқ…
***
Құдалардың ауылына әуелі үлкендер аттанған. Бір күн қалып барып жастар жолға шықты. Сауыққой ел күйеуді үлкен дүрмекпен қарсылады.
Өзеннің аңғары қаптаған ақ шаңқан үй. Қыздарын ардақтап аттандырып үйренген ауыл шып-шырғасын шығармай кәденің барлығын атқарды. Бірақ есесін де жібермеген.
Тәттімбет өзін қанша күштесе де түсініксіз бір бойкүйез сезімнен арыла алмай қойды. Әлдебір жанды тетік сияқты күйеукәденің барлығын орындады. Нұржан жанына отырып, дорбаға бергісіз түпсіз қалталарынан суырып ұсынған байрақты үлестіре берген. Айна, тарақ, жүзік пен білезік, ел ішіне енді ғана ене бастаған, көп жұрт үшін әлі таңсық орыстың күміс сөлкебай ақшалары, қоржыннан алынған, зілдей ауыр, бір қаралық қымбат қамар белбеулер, бұлғын мен сусардан тіккен бөрік, жанат ішік.
Құрбылары қалыңдықты ертіп әкеліп, алдынан бұлғаң еткізіп алғаш рет алып өткенде, қыздың ерекше көрікті екенін селқос қана байқаған.
– Тәттімбет, – деді Нұржан құлағының түбінен ызалана сыбырлап, – Өлікке келгендей болып отырмашы. Құдай үшін қабағыңды ашшы.
Той орталап қалған кезде Тәттімбетті үлкендер отырған үйге шақырған.
– Балам, – деді төрде отырған Қазанғап, – Мынау жұрт күйеудің домбыра шерткенін тыңдаймыз деп құмартып отыр. Домбыраң қайда, ала келдің бе?
– Өз тойымда қалай домбыра тартам? – деді Тәттімбет зорлана жымиып.
– Ештеңе етпейді, – деді қыдиып ту сыртында тұрған Нұржан, – Өз тойында балуанға түскенді де көргенбіз.
Тәттімбет шеткерірек бір орынға отырмақ болып ыңғайлана бастаған кезде үлкендердің бірі орнынан тұрды.
– Төрге шық, балам, – деді биязы дауыспен, – Күйеусің ғой, жолың үлкен.
Төрдің қақ төбесі күнтудан сәл ғана төмен отырғызып қолына қызыл талдан шапқан, әбден ыс сіңген ауыр қара домбыраны нық ұстатқан. Тәттімбет домбыраны аударып-төңкеріп қарады. Беті ақжем болып шұңқырайып, пернелердің арасы ойылып кеткен. Ұзақ шертілген, және шебер адам тартқан домбыра. Әйтседе сыралғы домбыра дұрыс. Нұржанға иек қақты. Сәлден соң қолына өз домбырасы тиген Тәттімбет жұртқа жағалай көз тастап өтті. Барлығы бұның қимылын қалт жібермей сарыла күтіп отыр. Қызыл Мойын Қуандықтың жанына еріп жүріп адамның әлпетінен, қас-қабағынан, ернінің емеурінінен оның тегін, бітімін ажыратып үйренген Тәттімбет алдында отырған жаңа төрелердің біразының күй танитын дегдарлар екенін шырамытқан. Ұстазы айтушы еді, күйдің қандай болмағы күйшіге емес, көбінесе тыңдаушыға байланысты деп.
Әуелі қалмақтың жеңілтектеу көңілді бір күйін шертіп өткен. Отырғандардың ешқайсысы селт етпеді. Содан соң бірден аунап түсіп қазақтың сүйегі ауыр ескі күйлеріне түскен. Бірнеше адамның риза кейіпте бас изегенін көріп нысанаға дөп тигенін аңғарды. Осы толқыныспен қайғының терең тұңғиығына тартатын шерменде күйлерді, сол күйлермен бірге іштегі құсаны төге берген… төге берген. Кеш батып ымырт үйірілді. Аласа үлкен жозының үстіне үш жерден шам қойылды, дастархан жаңартылды. Бірақ жұрт, әдеттегідей аңыз-әңгімесімен қосылып мәжіліске жарасып емес, аты да аталмай бірінен кейін бірі тоқтаусыз ағытылған күйлерді, Тәттімбеттің өрттей қаулаған қара шертісін тамашалап отыра берген.
– Ой, дүние-ай, – деді қариялардың бірі.
Осы сәт шешесінің даусы естілді.
– Балам, шаршаған шығарсың. Енді тоқта. Сусын іш.
Отырған жұрт гуілдеп кетті.
– Пәлі! – деді жасы үлкен құдалардың біреуі шалқи сөйлеп, – Күйеуге Құдай өнерді жарытып-ақ берген екен.
– Құда, көзіңіз тиеді, түкіріп қойыңыз, – деген Нұржан күліп.
– Тіфа, тіфа, – деді құда іргеге қарай еңкейіп, – Тіл – көзім тасқа.
Қайтатын мезгіл жетті. Қалыңдық сыңсып жылап тұрып туған жұртымен қоштасқан. Серілер иіріліп кәденің аяқталғанын күтіп тұрды. Содан соң Ақбөпені ортаға алған шағын көш Қарқаралыны бетке алып жүріп кеткен.
***
Біркелкі сұрқай тіршілік басталған. Күні бойы достарымен серуен құрып үйге жоламай жүреді. Бірақ Құдайдың бұлжымас заңымен кеш батады. Тәттімбет біреу желкесінен сүйрегендей отауына келеді. Дастарханда баяғыда суып қалған ет, шараға құйылған қымыз. Дәмге қол тигізбейді. Шымылдықтың ішінде ешкім жоқ сияқты. Ата салтымен амалсыз қосылған, ұрын барып шашын да сылап көрмеген бейтаныс қызға не айтарын білмей, керегеге арқасын беріп отыра береді. Ақырында шапанын жамылып жантая салады.
Әккі жеңгелер келіннің көңілсіз түріне қарап ақ отаудағы ахуалды жазбай таныған. Әуелі бірнеше күн жасырын тың тыңдады. Содан соң төсектеріңді ауыстырамыз деп келіп сейсепті тексерген. Сұмдық хабар жұмсартылып Қазанғап биге жеткізілген.
Қазанғап өз құлағына өзі сенбеді. Келінін алдына келтірген. Ақбөпе табалдырықтан аттап, иіліп сәлем берді де төмен қараған күйі үн-түнсіз отырып қалды.
– Қарағым, келін жан, – деді Қазанғап, бетінен иманы төгілген Ақбөпеге мейірлене қарап, – Біз жәрмеңкеге барайық деп жатырмыз. Не әкеліп берейік, қысылма, қандай тілегің болса да орындалады.
Ақбөпе тосылып сәл отырды. Содан соң сөзі тамшылап ибамен тіл қатқан.
– Ата, мен, қолыма шешем салып берген алтын жүзіктен айрылдым. Ондай жүзік Самарқанның базарында да жоқ.
Астарлы сауалына астарлы жауап алған, үлкен келіндерінің салған хабарының рас екеніне көзі жеткен Қазанғап мойнына дейін қызарып кетті.
– Жарайды, қарағым, бара ғой, – деген төмен қараған күйі.
Ақбөпе шығып кетті. Қазанғап әйеліне қахарлана қараған.
– Бәйбіше, айтшы, қалыңдығының таңын жырта алмайтындай балаң неден осынша жаман болды?
– Сенің қаның ғой, – деді Қалайы ащы жымиып.
– Қаны – менікі, жетесі – сенікі, – деді Қазанғап, – Шақыр осында. Құдайдың ұлы болса да көрейін әуселесін.
Қалайы сыртқа шығып кетті. Би ауылында қорқынышты үнсіздік орнап, елдің бәрі бұғып қалған.
Тәттімбет үн-түнсіз әкесінің алдына келіп отырды. Қазанғап ұлының жүзіне бажайлай қарады. Бұрын ондай әдеті жоқ сергек Тәттімбет түске дейін ұйықтайтын болған. Беті ісіп, көзі қызылтамырланып кетіпті.
– Түнемел қымызды сылқиып ішетін болғансыңдар ма, сері достарыңмен? – деді Қазанғап.
Тәттімбет көзін төмен салған күйі үндемеді.
– Басыңды и, – деді Қазанғап.
Тәттімбет әкесінің алдына жүгіне отырған. Сол сәт жыландай ысқырынған қамшы жон арқасын өртеп өтті. Тәттімбет ышқынып кетті.
– Неге ұрдың, көке? – деді демін әзер алып.
Қазанғап ұлының үстінен төне ақырып жіберген.
– Анаңды сыйлайсың ба?
– Сыйлаймын ғой, көке, – деді Тәттімбет даусы қалтырап, – Бұл не әспет? Қамшымен тергеу шарт па?
– Олай болса, анау, көрпесі ашылмай бұлықсып жатқан қалыңдығың сол анаңның елінен, әйел нәсілінен. Бар да лайықты құрмет қыл, – деді Қазанғап.
***
Тәттімбет шымылдықтың тұсында шошайып недәуір уақыт үнсіз тұрып қалды.
– Төсегіңізге жатпайсыз ба? – деді Ақбөпе.
Даусы қомпылдап естілген.
Адамның сырын танығыш Тәттімбет, қалыңдығының қалай қорланса да бәрін кешкенін, татуласуға қолын созып тұрғанын түсінді. Төсектің шетіне отырып Ақбөпенің бетінен сипағанда алақаны жасқа шыланды.
– Мені кешірдің бе? – деді Тәттімбет.
– Жоға, – деді Ақбөпе ақырын өксіп, – Мен сізге өкпелеген де жоқпын ғой.
Кенет, бұл, иісі аңқып жатқан қыз құма емес, күң емес, өзінің айттырып алған қалыңдығы екені есіне түскен Тәттімбет Ақбөпені тоқпақтай бұрымынан жұлқа тартып бас салған. Ақбөпе әлсіз ғана шыңғырған…
Түн ортасынан ауды. Қалыңдығының тарқатылып бүкіл төсекті алып кеткен шашын сылап жатып Тәттімбет, өзіне мүлдем беймәлім адамның адал сырына куә болған.
– Мен сіздің түріңізді көрмей-ақ сыртыңыздан ұнатқанмын. Сіздің домбыраңыз адамды жүрегінің түбіне дейін тербейді… Кейіннен әкелеріміз бел құда екенін білгенде мен өз бақытыма сенбедім. Сіз қолымнан ұстайтыныңызға сенбедім.
Далада жауын басталды. Күн күркіремей жауатын күзгі жауын. Аспаннан тоқтаусыз тұтасып төгілген несібеден солқылдап, кереге сықырлады.
Қош бол, Ақсұңқар, абаданым, деді Тәттімбет іштей. Мен бақыттымын, сен де бақытты бол.
***
Бір жылы, наурыздың орта шені, қар ерте сөгіліп жер қарая бастаған кезде ауылға көптен бері ат ізін салмай кеткен есепші Қанай келді. Сыбағасын жеп бір дамылдап, артынан жұпары аңқыған шайды құлаштай ішіп отырып алыстан әңгіме бастаған.
– Қарағым Тәттімбет, саған бір қызық айтайын, осы жұрт бізден қорқады. Есепшінің ел ішіне келгені, абыздың таудан түскеніндей жаман нәрсе ғой. Әдетте, ел іші барақат, жақсы жылдары біз ешқайды шықпай үйде отырамыз. Бірақ Жаратқан Ие маңдайға сондай жазуды жазып, күннің, жылдың райын болжайтын есепші қылып жаратқан екен, елге, мал мен дәулетке келе жатқан нәубәтті айту, зобалаңның алдын алу – міндетіміз.
Қанай ащы жымиғанда Ақбөпе қолындағы кесесін түсіріп алды. Тәттімбеттің іші мұздай болып суыған.
– Сәуегей болған оңай дейсің бе, – деді Қанай сөзін үстеп, – Сыртқа шыға алмай, ел аралай алмай отырасың. Бір адым шетке шықсаң жұрт не ойлайды, содан сескенесің. Сыртыңнан қарап тұрып, мына қақпас неғып жүр, тағы да келіпті ғой, басыңа көрінгір, жағыңа жылан жұмыртқалағыр деп қарғайды. Соның бәрі жүрекке ауыр салмақ қой, Тәттімбет. Мен осы сенің үйіңнен шыққанан кейін ешқайда бұрылмай ауылыма қайтам.
Қанай жер шұқып сәл үнсіз қалды. Тәттімбет жіпсіген маңдайын сүртті.
– Ал енді әкелген хабарымды айтайын, – Қанай алақандарын тізесіне қойып, шағыр көздерімен Тәттімбеттің жүзіне тік қараған, – Қарағым Тәттімбет, Арқаға сасық сабын жұт келе жатыр. Бұл екі заманада бір-ақ рет болатын жұт. Бұл нәубет бүкіл елдің тіршілігін қиюы мүмкін. Сондықтан пәлекеттің алдын алыңдар, қамданыңдар.
– Апырай, баба, – деді Тәттімбет қинала қайран қалып, – Келер жылы – қой жылы ғой. Қой жылында жұт болушы ма еді?
– Мен саған не айтып отырмын, – деді Қанай, – Мүшел бес рет айналғанда алпыс жыл болады. Алпыс жылың – бір замана. Екі замана – жүз жиырма жыл. Ал жүз жиырма жылда бір рет қой жылына жұт келіп отырады. Сенің не ойлағаныңды түсініп отырмын. Жұт доңыз жылына келмеуші ме еді дейсің ғой. Дұрыс ойлап отырсың. Бірақ доңыз жылғы жұт – мүшелдің, бір мүшелдің өз ішіндегі жұт. Кейде болады, кейде болмайды. Ал менің айтып отырғаным – екі заманада бір рет келетін ұлы жұт.
– Енді былай істе – деді тағы да Қанай, – Мен ары бармай-ақ қояйын. Елдің жақсыларына осы хабарды өзің жеткіз. Ал енді, ескі жосықта бұндай жұт кезінде малдың жақсысын іріктеп алып Алтайға, Жетісуға, тағы басқа ықтасыны мол жерге айдайды екен. Оны қалай деп шешесіңдер, өздерің білесіңдер. Айтарым, жұт екі жылға созылса да, ағайын бар салмағыңды көтеріп алу керек. Қазақтың ескі заңында солай екен.
Тәттімбет сол күні Қарқаралыға суыт аттанған. Алайда Құнанбай болған жайдан хабардар екен.
– Білемін, – деген Тәттімбеттің сөзін тыңдап болып, – Жан-жаққа кісі жібердім. Аялдай тұр. Екі-үш күнде сүгір мен сұлтанның барлығы осында жиналады. Жақсылап ақылдасуымыз керек. Жылқы көшіру деген оңай шаруа емес.
Айтылған күні Құнанбайдың он екі қанат ақ ордасына бүкіл Қарқаралы округінің жылқылы байлары жиналды. Дау-дамай ұзаққа созылды.
– Ағайын, – деген кезекті сөз алған аға сұлтан өзінің зор даусымен, – Түсініп отырмын. Әркім-ақ өзінің малын тұтастай аман алып қалғысы келеді. Бірақ Алтайдағы қалың елдің де артылып жатқан жайылымы жоқ. Біз ол жаққа әлі жаушы жіберген жоқпыз, бізді қалай қаРсы алатынын да білмейміз. Әрине, қарға тамырлы қазақ, сыртқа теппес, далаға тастамас, бірақ пана болды екен, жайылым берді екен деп өкпесі күйген құлын, қотыр тай, кәрі тұғыр мен лақсаға дейін тастамай айдап алып барған ұят болады, ағайын. Нәсілді, таңбалы жылқыны ғана апарамыз. Оның өзін таңдаймыз. Ал кәрі табын, арық-тұрақ қалады.
– Оны қалдырғанда қайтеміз? – деді отырғандардың бірі.
– Әй, бай-еак, – деді Құнанбай кейіп, – Жылқыны бүгін бағып жүрсің бе, ол не сөз? Қалған кәрі табынды баққанша бақ. Бәлкім аман қалар. Ал болмаса, қасаптап қырып салыңдар. Осыны да мен үйретуім керек пе?
Малшы-жалшыларын жарытып жақсы ұстайтын Қыпшақбай мен Түменбай бір-біріне қарап күлген.
– Әй, Алтынторы, – деді Қыпшақбай, – Адамдарың ішсе-асқа, кисе-киімге жарымаушы еді, осы жұтты пайдаланып қарындарын қампитып бір тойғызсайшы. Кейін ақысыз-пұлсыз жұмыс істетүге жақсы.
Отырғандар ақ орданы басына көтере күлді. Алтынторы Қыпшақбайға ажырая қараған.
– Тоба, мынаның сөзін қарашы. Бүкіл қазақты осы асырап-сақтап жүргендей.
– Бүкіл қазақ осы біздің малшыларымыздай тоқ болса, кәне, – деді Түменбай кеңкілдей күліп.
Сараң мен жомарттың арасындағы тұтанып келе жатқан өртті тоқтату керек болды.
– Ағайын, дауды қоя тұрыңыздар, – деді Тәттімбет, – Бұл билердің тартысы емес қой.
– Жоға деймін-ау, – деді Түменбай.
– Алда жаздың жәрмеңкесі, – деді Тәттімбет, – Кәрі табынды, болса тірілей, болмаса сойып сатып жіберіңдер.
– Жоқ, – деді Алтынторы түксиіп, – Мен сата алмаймын. Одан да ағайынға үлестіріп жіберейін.
– Астапыралла! – деді Қыпшақбай, жағасын ұстап, – Имансыз деуші еді, рас екен ғой. Өзіңмен кет, кәпір.
Әзер шыдап отырған Алтынторы осы жерде жарылды.
– Әй, әкеңнің… Қыпшақбай! – деді айқайлап, – Не оттап отырсың өзің! Өз малыңа ие бол, біреудің малында нең бар?
Тәттімбет қамшысын көтеріп еді, Құнанбай «ағайын айтарын айтып болсын» дегендей көзімен белгі берді.
– Айқайлап болдың ба? – деді Қыпшақбай, – Сен енді мені тыңда. Жұрттың алдында сен кәрі тұғырды кедей-кепшікке үлестіріп бермексің. Алғысы келмесе де алдырасың, білеміз ғой. Ал жері бар сен асырай алмаған жылқыны жері жоқ кедей қалай асырайды? Ертең, жұттан кейін жұртқа сәйгүлік үлестіргендей қақаң қағып шығасың. Біреудің малында нең бар дейсің. Сенің малыңда шаруамыз болмас еді, егер малыңның ылаңы бізге келіп тиіп жатпаса. Барымтада кім жүреді? Үнемі сенің малшы-жалшыларың. Болыстың сиязында сенің ұрыларың, бай-екеңе борыштар болып, барымтаға амалсыз барып едік деп жауап бергенін талай көргенбіз. Өтірік болса осы отырған жұрт айтсын. Кедей-кепшіктің қарыз-борышын барымтамен өткертіп, барымтамен жауып жаман дәндегенсің. Барымтаға жұмсайтын сен, ал ылаңың, малын адал баққан, ешкімнің несібесін жемеген бізге келіп тиеді. Білетін жұрт жәрмеңкеде сенің малыңды сатып алуға қорқады. Жылқыңның қайдан келгенін ешкім білмейді, өңкей ала-құла, қырық сідік. Осы жерде жаның шиқ етіп шығып кетсе де айтайын, барымтамен байыған қарақшысың. Енді осы арамнан жиған малыңды маңқа-қолқасына дейін, қолау болған тайына дейін ардақтап Алтайға айдайын деп отырсың. Ұят бар ма өзіңде?
Қыпшақбайдың бет қаратпай сөйлеген сөзіне шыдай алмаған Алтынторы қап-қара болып түтігіп, үнсіз отырып қалды. Содан соң орнынан тұрып, шығып жүре берген.
– Ит жеккенде шіріп өлген азаматтың аруағы атсын, артында жылап қалған қатын-баласының көз жасы жібермесін, иттің ғана баласы! – деді Қыпшақбай Алтынторының соңынан айқайлап, – Басқа не дейін.
Орданың ішінде ыңғайсыз үнсіздік орнады. Мәжілістің мүлдем басқа тарапқа бұрылып кеткеніне қынжылған жұрт төмен қарап үнсіз қалған.
– Жарайды, Қыпшақбай, сабыр ет, – деді ақыры Құнанбай тамағын кенеп, – Барымта барымызды жеп отыр ғой. Оған не амал.
Есіктегі күтушіге белгі берді. Соны күтіп тұрғандай лыпылдаған епті жігіттер қонақтардың алдына табақ-табақ ет тартқан. Бірнеше бала иықтарына сүлгісін іліп леген-құманмен отырғандарды аралап кетті. Артынша жұрт табаққа жапатармағай қол салған.
– Қыпшақбай, – деді Құнанбай кеңкілдей күліп алып, – Бүгін бір ширығып отыр екенсің. Келші, өз қолыммен ет асатайын.
Осы ретпен Қыпшақбайдан кейін бірнеше айдынды байға күректей алақанымен ет жегізген.
– Кейін мен өлгенде аға сұлтанның қолынан ет асап едік деп айта жүрерсіңдер, – деді Құнанбай тағы да жадырай күліп.
Мәжіліс түстен кейін қайта жалғасты. Соңында Құнанбай сөз алған.
– Ал, ағайын, біз былай деп ұйғардық. Он бес мың жылқыдан, үш лек, жиыны Алтайға қырық бес мың жылқы айдалады. Барлық таңдаулы жақсы мал осы қырық бестің ішіне сыю керек. Енді бөрінің ырыздығына қайсың қанша мал бөлесің, соны айтыңдар.
– Бұрын қалай еді? – деді Түменбай.
– Мен айтайын, – деді Тәттімбет, – Ескі заңда алысқа мал айдалғанда әр жүз жылқыдан екі жылқы шығынға жіберілетін.
Құнанбай жанында отырған хатшыға сыбырлап тапсырма берген. Песір-хатшы қарындашын алып қағазға үңілді. Байлардың барлығы үнсіз қалған.
– Девятьсот коней, – деді хатшы ақырында, – Такова естественная убыль.
Қыпшақбай алға ұмсынып қалды.
– Не дейді?
– Бөрінің ырыздығы – тоғыз жүз жылқы, – деді Құнанбай салтанатты дауыспен, – Ағайын, осы тоғыз жүз жылқыны жоқ деп есептеңдер. Санаттан шығарып тастаңдар. Осы тоғыз жүзден артық бір жылқы шығын болса, дау-дамай сонда ғана болады. Келісесіңдер ғой?
– Е, жарайды, – деді Түменбай, – Аман-есен қыстап қайтса болды ғой. Барлығы қырылса қайтер едік.
– Ал енді кім жаушы болады? – деді байлардың бірі.
– Алтайға, жанына бірнеше адам алып Тәттімбет аттанады, – деді Құнанбай, – Жылқыны шілденің ортасына таман қозғаймыз. Қоңын түсірмей, ақырын жайып отырып қараша-желтоқсанда Алтайға да ілінеміз.
– Болсын солай, – деді Қыпшақбай, – Ал, енді Алла жар болсын дейік.
Отырғандардың бәрі қолдарын жайған.
– Алла жар болсын!
– Құдайым өзің сақтай көр!
– Я, Алла, өзіңе табыстадық!
Барлығы жапырлап далаға шықты. Кеш батайын деп қалған, бірақ әлі жарық. Күн тымық. Алыстан қары кете бастаған Қарқаралының қалың орманды сілемдері қарауытып, зорайып көрінеді. Бір жігіт есік пен төрдей, қазысы бітеу боз биені көлденең тартып, өзі бір тізерлей отырды. Алдыға Қалдымұрат молла шыққан.
– Қарағым Тәттімбет, – деді молла өзінің биязы даусымен, – Мынау жер қайысқан мал, еліңнің ертеңгі ырыздығы. Сенімен бірге артыңдағы жұртыңның тілегі бірге аттанып бара жатыр. Алыстағы ағайынға біздің дұғай-дұғай сәлемімізді жеткіз. Ықылас-пейілді ел, өз малындай көрсін. Қашанда барыс-келіс, бір-біріміздің амандығымызды білісіп жүретін қазық жұрт, қасірет-қайғыдан алыс қылсын. Кең қонысын өріс-өріс малымен сақтасын. Бауыры бүтін болсын, құты сарқылмасын. Күні ұлысты, жері ырысты болсын.
Артынша күңірентіп ұзақ сүре оқыған. Жұрт «әумин» деп аузын сипағаннан кейін, әлекедей жаланған жігіттер боз биені шалып жіберіп, ілезде мүшелеп, қазысын айналдырып бірнеше тайқазанға тұтас тоғытқан.
Кеш ойын-сауықпен өтті. Кіші сұлтан дастархан басында Тәттімбетпен қатар отырып қалған. Күнібойғы мәжіліс барысын үнсіз қадағалаумен ғана отырған адам бірінші рет жақ ашып сауал қойды.
– Тәттімбет Казангапович, соғысқа бара жатқандай, бұл баталасудың мағынасы не? Басқа жайылымға көшкенде де мал шалады екен ғой.
Тәттімбет күлді.
– Майор, сіз қызметке енді ғана келіп жатырсыз, сахараның өмірін жөнді білмейсіз. Бұл жай ғана, бір көш жердегі жайылымға бара салу емес, бұл алдағы келе жатқан жұттан аман алып қалу үшін қырық мыңнан астам жылқыны Алтайға апарып қыстату, келесі жылы кері қарай қайту.
Майор Тәттімбеттің жүзіне бажайлай қараған.
– Жұт дейсіз бе? Малдың өлім-жітімі ғой.
– Жоқ, олай емес, – деді Тәттімбет басын шайқап, – Өлім-жітім, бірді-екілі мал шығыны күнделікті болып жатады. Ал жұт деген Құдай басыңызға бермесін, сұмдық нәрсе. Далада адам бойынан биік қар жауады. Кей жерлер екі құрық бойындай. Содан соң сол қар азынаулақ ериді де қайтадан қатады. Сонда жылқының тұяғы түгілі болат сүймен оя алмайтын тізе бойы көк мұз пайда болады. Әдетте қарды тебіндеп жүріп жылқы бұзады. Сол жылқының ашқан жайылымына басқа түлік келеді. Жылқы тебіндей алмаса, жылқымен бірге басқа мал да қырылады. Міне, жұт деген осындай болады.
– Солай деңіз, – Кіші сұлтан төмен қарап, ойланып үнсіз қалды.
Тәттімбет күрсінді.
– Солай. Жұттың не екенін көрген адам ғана түсінеді… Баяғыда, естуіңіз бар шығар, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген кер заман болған. Жұт соның ар жақ – бер жағы. Мал он мыңдап, жүз мыңдап қырылады. Егін екпеген, малдың сүмесімен ғана күн көрген халық, қараптан қарап отырып аштан өледі. «Шапан асқан» дегенді естуіңіз бар ма?
– Жоқ, – деді кіші сұлтан, – Естімеппін. Ол қалай?
– Теріден тіккен киімді, жүні болса қырып тастап, қазанға салып асады. Соны жейді. Орыс жер емшегін емген халық. Орыстың малы – астық. Қамбада тып-тыныш тұрады. Керек кезінде алады, жейді. Ал қазақтың көрген күні осы.
– Қателесесіз, – деді кіші сұлтан, – Орыстың да шекесі шылқып тұрған жоқ. Недород деген болады. Естімеген шығарсыз. Жауын-шашын болмай, қуаң болса егін шықпай қалады. Кейде, бұршақ, егінді көктетпей соғып кетуі мүмкін. Әрине, ашаршылық кезінде мемлекет өзінің қамбаларын ашады, халыққа астық үлестіреді. Бірақ қатарынан екі-үш жыл егін шықпаса болды, егіншінің де жайы белгілі. Россия үнемі ашаршылық, үнемі бунтпен, бұлғақпен келе жатқан ел. Иван Грозный өлгеннен кейін, Романовтардың алдында, Россияда Борис Годунов деген патша болған. Сол гүлденіп тұрған патшалықты үш жылғы ашаршылық жоқ қылған. Көріп отырсыз, орыста, егін шықпай қалса патшаның тағы шайқалады. Орыстың наны да оңайлықпен келген нан емес.
– Тағдырлас екенбіз, – деді Тәттімбет.
– Тек осынша көп мал, қаншама бақташысымен мүлдем басқа, алыс өлкеге қоныс аударуы қалай болар екен, – деді кіші сұлтан, – Қырғыздарға қатысты устав бар ғой.
– Уставта малды қырып, қарап отырсын делінбеген ғой, – деді Тәттімбет, – Бұл үлкен апат, сондықтан заңды соған лайықтап июге болатын шығар деп ойлаймын. Аға сұлтан тиісті жерге рапорт түсіреді ғой.
– Келістік, – Кіші сұлтан рюмкеге толтырып романеядан құйды, – Сіздердің арақ ішпейтіндеріңіз жаман. Әйтпесе ыдыс түйістіруге болар еді. Магометанствоның бір кемшілігі осы. Хотя, – Майор жымиып Тәттімбетке қараған, – Қазақтырдың да қымызға мас болып қылжиып жатқанын көргенмін.
– Иә, көп ішсеңіз мас қылады, – деді Тәттімбет, – Әсіресе түнемел қымыз деген болады. Адам мәңгіріп қалады. Меңдуана қосқан қымыз болады. Оны ішкен адам не сөйлеп, не қойғанын білмей қалады. Алтайдағы құба қалмақтар, Еділдегі хошауыт, торғауыт қалмақтар қымыздан арақ жасап ішеді дейді. Өзім көргем жоқ, естуім.
– Иә, білем, – деді кіші сұлтан отырып, – Бірде жолымыз түсіп сол Еділдегі Хошоутская губернияда екі апта аялдадық. Қалмақтардың арақ ішуі мүлдем ақылға симайтын нәрсе. Жанымызда қалмақша білетін бір башқұрт тілмаш, бұл қалмақ ежелден арақ қайнатып ішкен халық, әкесі арақтан өлген бұл қалмақтың деп еді.
– Иә, – деді Тәттімбет күрсініп, – Арақтан басқа ештеңені ойламайтын маскүнем халықты билеу оңай.
Кіші сұлтан Тәттімбетке қайран қала қараған.
– Тәттімбет Казангапович, – деген одан кейін мейірлене жымиып, – Сіз көп нәрсені түсінетін адамсыз, кішкентай нәрседен үлкен қорытынды жасай алатын адамсыз. Сіз осы жерде империяның үлкен саясатының сырын ашып беріп отырғаныңызды түсінесіз бе. Мен либералмын. Әрине, көп нәрсені ішіме сақтаймын, пікірімді айта бермеймін. Бірақ мен либералмын. Мен Россияның батыс елдеріндегідей еркіндікке жеткенін армандаймын. Еркін еңбек, еркін сауда, еркін пікір. Міне, менің арманым. Кім біледі, осы арақ болмаса Россия мүлдем басқа жолмен кетер ме еді. Ертеректе, Петр патшадан азғантай ғана бұрынырақ болса керек, Речь Посполитадан, яғни, қазіргі Польшадан арақ саудасымен айналысатын бір топ адам келген. Патшаның сарайына кіру, аудиенция алу қазір қиындап кеткен ғой. Ал ол кезде империяға пайда келтіре алатын саудагер, өнерші я басқа бір қабілеті бар адамдар патшаға кіре беретін болған. Сонымен аталған саудагерлер келіп, Россияның жағдайын зерттеп, бәріне көз жеткізеді. Кейіннен Петр таққа отырғаннан кейін келіп жолығады. Ол Россияның көп соғысқан кезі. Қазір де соғыстан көз ашпай отыр ғой. Петр Швециямен Балтық теңізі үшін күресті бастайын деп отырған кезі. Әскер керек, ең бастысы ақша көп керек. Польшадан келген саудагерлер Петрмен шарт жасасады. Бүкіл Россия территориясында бізге тоқтаусыз арақ саудасына рұқсат бер, есесіне біз сенің армияңды жарақтандырып отырамыз дейді. Орыста, «У нас что не трактир – то рота» деген мақал бар. Яғни, бір трактир, кабак, шарапхана бір рота солдатты қаруландырып, киіндіріп асырайды. Естуіңіз бар шығар, арақ сататын кабактың иесін «целовальник» дейді.
– Целовальник дейсіз бе? – Тәттімбет сәл ойланды, – Целовать – сүю деген сөз ғой. Оның араққа не қатысы бар?
– Ол былай, – деді кіші сұлтан күліп, – Кабакқа жылына бір рет поп келеді, кабактың иесін антқа келтіреді.
– Ол не ант? – деді Тәттімбет те күліп.
– Кабактың иесі қолын Библияға қойып тұрып, артық пайда таппаймын, араққа су қоспаймын деп Құдайдың атымен ант етеді, – Кіші сұлтан рюмкесін орталай ішті, – Содан соң поптың қолындағы крестті сүйеді. Сол себепті кабактың иесін крест сүйген «целовальник» деп атайды.
– Россияда осы арақтың кесірінен небір сұмдықтар болған, – деді кіші сұлтан сөзін жалғап, – Трактирдің иелері ақырында Россияның шын иесіне айналған. Россияда «водочные бунты» дегендер, яғни, араққа қарсы халық көтерілістері болған. Қанша рет жол бойындағы, деревнялардың жанындағы трактирлерді өртеп, «целовальниктерді» ашаға шаншып өлтірген. Бірақ Петрдің өзі, және одан кейінгі патшалар бұндай халық қозғалысын аямай қанға батырған. Россия үнемі соғыс үстіндегі, бастанаяқ әскериленген ел. Үлкен армияны ұстап тұру үшін көп ақша керек, ал өнеркәсібі дамымаған ел ондай ақшаны қайдан алады? Бір ғана амалы бар – арақ саудасынан алады. Арақ саудасы – патшаның монополиясы, сол себепті ол монополияға кім қол көтерсе де аяусыз жазаланады. Сондықтан арақ саудасындағы адамдарға үлкен билік беріп қойған. Деревняның жанынан бір трактир ашылады, екі-үш жылдан кейін бүкіл деревня целовальниктің құлына айналады. Россияда алдағы екі, үш, төрт, бес жылдың егінін, яғни әлі егілмеген, орылмаған егінін сатып, ішіп қойған деревнялар болады. Мұжықтар соқаға жегетін аттарына дейін, егін оратын шалғы-орағына дейін, бұтындағы дамбалына дейін сатып ішетін болған. Міне, арақтың жеткізген жері.
Кіші сұлтан Тәттімбетке ойлана қараған.
– Мен сізге бір нәрсе айтайын, Тәттімбет Казангапович. Тек ренжімеңіз. Мен бұны ойдан шығарып отырған жоқпын. Айтайын дегенім, империя барлық жерге біртұтас тәртіп орнатады. Яғни, бұратана халықтарға да осы арақ ішуді, маскүнемдікті үйретеді. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір солай болады.
– Құдай сақтасын, – деді Тәттімбет.
– Құдай ешкімді де сақтамайды, – деді кіші сұлтан, – Не істесе де, адамның өзі істейді. Адам жақсылық көрсе де, жамандық көрсе де – өзінен. Сіздерде «Құдай сақтағанды ғана сақтайды» деген мақал бар емес пе.
– Иә, – деді Тәттімбет, – Әрине, алда қандай заман келеді, оны біз болжай алмаймыз. Келер ұрпақтың жыртығын мына заманда отырып бүтіндей алмаймыз. Әркім өз тағдырын өзі шешеді, өз несібесін өзі татады. Бірақ бүгінгі төрелер, халыққа келе жатқан қандай пәлекетке, қандай нәубетке болса да қарсы тұруға міндетті. Қарсы тұрмаса, онда ол төре емес, қарақан басының қамын ғана күйттеген бейшара.
Кіші сұлтан рюмкесін толтыра ішті. Ашырқанып сәл отырғаннан кейін Тәттімбетке қайтадан жымия қараған.
– Енді бір өтініш, Тәттімбет Казангапович. Мен үшін. Мен үшін ғана емес, өзіңіз үшін. Манағы қоғамдық ойларыңызды енді ешкімге айтпаңыз. Неблагонадежный деп, сенімсіз адам деп сыртыңыздан аңду қояды. Мен емес, басқа біреу болса, бүгін кеш айтқан әңгімелеріңіздің барлығын хаттап Омбыдағы тиісті мекемеге жеткізер еді. Тағы қайталап айтайын, мен либералмын. Ал либерал өз ұлтының ғана емес, басқаның да қамын ойлайды. Мен Құнанбай Өскенбаевичтің жанына отырғызылған шпион емеспін. Мен масонмын. Біреудің үстінен донос, арыз жазу, әсіресе бұратана халықтардың азғана әулет қайраткерлерін сыртынан көрсетіп қағазға іліндіріп жіберу – масондардың адамгершілік кодексіне қайшы іс. Бірақ, айтарым, шегелеп айтарым, Омбыдан, я басқа жерлерден келген чиновниктерге сырыңызды ашпаңыз. Осы айтылған әңгіме екеуміздің арамызда ғана қалсын.
– Түсініп отырмын, – деді одан кейін кіші сұлтан Тәттімбеттің көзіндегі сауалға жауап беріп, – Масон дегенді алғаш естіп отырғаныңыз көрініп тұр. Масондарды жұрт құпия санайды. Бірақ бұл ешқандай да құпия ұйым емес. Бүкіл әлемнің ақылды, білімді адамдарын, гуманистік идеалдарға, кісілікке, ізгілікке бас иетін адамдарды біріктіретін ашық ұйым. Әлемдегі ірі қалаларда, әсіресе Батыс Европаның қалаларында масон комитеттері ашықтан ашық жұмыс істейді. Кез келген адам, әрине, ары таза адал адам, кез келген комитетке келіп, масон ұйымына мүше болып кіре алады. Әрине, масондар еркіндік, ізгілік, адамгершілік мұраттарын уағыздаған себепті, дүниені билеп отырған императорлар мен корольдер бізді ұнатпайды. Біз оқу-ағартуды, халыққа білім беруді уағыздаймыз. Ал әміршілер, халықтың сауатты болғанынан қорқады, себебі, сауатты халық арам патшаны бір-ақ күнде тақтан тайдырады. Сондықтан бүкіл әлемнің баспасөзі бізді жамандайды. Біз туралы нешетүрлі ертегі таратады.
– Қызық екен, – деді Тәттімбет.
Кіші сұлтан әдетінше мейірлене жымиған.
– Жарайды, әңгіме тым ұзап кетті. Сіз екеуміз жұрттан бөлектеніп кетіппіз. Тәттімбет Казангапович, сиқырлы домбыраңызды қолыңызға алмайсыз ба?
Тәттімбет киіз қапшықтан домбырасын алып алдына көлденең қойды. Желпініп, гуілдесіп отырған жұрт ілезде тына қалған. Тәттімбет ішекті ақырын қағып қалды. Бірнеше күннен бері шертілмей тұрған домбыра өкпелегендей қоңқ етіп жауап берді.
– Мынау «Жантелім» деген күй, – деді Тәттімбет.
Ақырын ыңырана сөйлеп бастаған домбыраның даусы ақырында қаңқылдап бүкіл орданың ішін жайлады.
– Как прекрасно, – деді кіші сұлтан, күй шертіліп болғаннан кейін, – Асқақ. Өте асқақ. Кімнің шығармасы?
– Менің өз күйім еді, – деді Тәттімбет.
– Великолепно! – деді кіші сұлтан, – Петербургтің сахнасын дүр сілкіндірген Сихра деген скрипач болған. Румындарда Сырмус деген атақты күйші болған. Егерде сіз астананың, Санкт-Петербургты айтамын, сол сахнаға шықсаңыз, великосвет дамалар, князьдер мен графтар өнеріңізге тәнті болар еді. Жолыңызға гүл төсер еді.
– Құдай жеткізсе, ол да болар бір күні, – деді Құнанбай.
– Ой, кемеңгерім-ай, – деді Қыпшақбай көзінің жасын сүртіп, – Қайдағыны қозғадың ғой.
Таң атып келе жатқанда Керекуден келген бір жас пері әншіге кезек тиді. Біржан мен Ақанның бірнеше әнін айтқан әнші, ел ішіне тарай бастаған қостілді татар гармонын қолына алдды. Сызылта сорғалатып алып тамаша бір жырды бастады. Тәттімбет танып отыр. Қазақтың өз әніндей болып кеткен «Ғалиябану».
Ике аккош очып килә,
Берсе төште суларға
Мәңге бергә булмагач та
Галиябану, сылуым, иркәм,
Биз охшыйбыз шуларга.
Таң әтәчләре кычкыра,
Аерылуның билгесе.
Бу бүләгем, сине сөеп,
Чын күңелемнән кайнап чыккан,
Вәгдәләрнең билгесе.
– Тәттімбет Казангапович, сіз бір сөзін түсініп, бір сөзін түсінбей отырған сияқтысыз, – деді кіші сұлтан.
– Иә, татардың тілінде бізден сәл алшақтық бар, – Тәттімбет гармоншының саусақтарын қайран қала тамашалаған, – Біздің домбыра пернесін басқанымыз сияқты екен. Бірақ мүлдем басқа дыбыс. Әдемі. Күйге бергісіз.
– Мен шама-шарқымша аударып берейін, – Кіші сұлтан тамағын кенеді.
Екі аққұс ұшып келер
Берсе төсін суларға
Мәңгі бірге болмағаш та
Ғалиябану, сұлуым, еркем
Біз ұқсаймыз соларға.
Таң ата әтештер шақырар
Айрылудың белгісі
Бұл силығым сені сүйіп
Шын көңілімнен қайнап шыққан
Уағдалардың белгісі.
Әннің соңғы жолдарын естігенде Тәттімбеттің көкірегінде осы уақытқа дейін жабық болып келген әлдебір қақпақ ашылып, өткен күннің ылайлы, қасіретті хикаясы қалқып шыққан.
Бұл әйгілі Қарақатын-Шәумен дауының кезінде болған оқиға еді. Бақанастың төменгі сағасын қоныстанған Орыс – Медет руы жылда су жүріп кетіп, екі жағасын жалмаған Аякөзден өте алмай қалады екен. Тасқын тоқтағаннан кейін өзеннен өтіп барғанда Қарақатын-Шәуменнің барлық шұрайлы жерін Сыбан жайлап отырады. Орыс – Медет амалсыз Көгілдір-Бұдырдың төңірегін жайлап, Ажырық пен Жыландының маңайында қоныс аударып қана жүреді. Бір-екі рет жайылым сұрап барған Орыс–Медеттің жаушыларын Сыбандар «Ежелден кім бұрын қонса жер соныкі емес пе, батырлар, буынсыз жерге пышақ ұрмаңдар» деп қайтарған.
Бірде бүкіл Орыс-Медетті ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған Кәріпжан қажының үйіне сол елдің әйгілі бақсысы Құлақай келе қалады. Кәріпжан әңгімелесіп отырып «Осы сен қара суды теріс ағызады дейді, рас па?» деп сұрайды. «Рас» дейді бақсы. «Қарақатын–Шәуменге биыл тағыда Сыбан қонады. Аякөз тасып судан өте алмай, жайлауға жете алмай отырмыз. Ақыр ондай өнерің бар екен, өзенді тоқтатып қойшы, Сыбаннан бұрын барып жайлауды мен жайлайын» дейді Кәріпжар. Қажының қылжақтап отырғанын түсінбеген Құлақай «Жарайды, үйлеріңді жыға беріңдер, қазір барып тоқтатайын» дейді. Бақсының сөзін қалжыңға қалжың деп түсінген, бетіне тура қарап сөйлегенді ұнатпайтын Кәріпжан шамданып қалады. «Ей, қояншық, сен өзі менімен тең адамша сөйлесесің ғой. Бақсының менімен қылжақтасқандығы деген не сұмдық. Не оттап отырсың өзің! Алланың әмірімен тасып жатқан өзенді қалай тоқтатасың?» дейді ақырып.
Бақсы да шамданады. «Егер сен Аякөздің жағасына келгенде су тоқтап тұрмаса, онда мені төрт түйемен төрт жаққа тартып, тараптап жыртып өлтір. Ант етейін, үнімді шығармай өлемін» дейді.
Қайран қалған Кәріпжан үйді жығып көшуге бұйрық береді. Өзеннің жағасына келгендегі көрген кептен қажы аттан ауып түсе жаздапты. Аякөздің ағары ағып кеткен, ал келері үйдің қабырғасындай, барған сайын биіктеп көкті тіреп тұр екен. Өзеннің арнасында қобызын сарнатып тұрған Құлақай ашулана айқайлаған.
– Қайда жүрсіңдер? Енді неғып тұрсыңдар? Өтпейсіңдер ме? Алланың ісіне қарсы келіп, суды әзер ұстап тұрмын!
Жұрт лап қойып құрғақ арнадан өте бастайды. Бүкіл ел өтіп болғаннан кейін Құлақай арнамен ары бір-бері бір жүреді де айқайлап суды босатып қоя береді. Өзеннің екпіні жағаға шығып үлгермеген бақсыны ат-матымен ағызып қозыкөш жердегі бір қайраңға лақтырып кетіпті. Жігіттер іздеп жүріп талып жатқан жерінен тауып алыпты.
Бірақ көрешек алда екен. Наурыздың орта тұсында жазғы жайылымды көріп қайтпақ болған Сыбанның жаушылары Қарақатын-Шәуменде қонып отырған Орыс-Медеттің үстінен шығады. Абыржыған жаушылар елге дереу хабар береді. Сыбан дереу қол жинап аттанған екен, Кәріпжанның сен тұр, мен атайын жігіттері Көшкенталдың тұсында қарсылапты.
Аяспай сойылдасқан екі жақ қанжоса болып тарасады. Осы қырқыс жазға дейін ұласады, ақырында бір барымтаның кезінде кісі өлімі болады.
Тәттімбеттің ауылы сол жылы Қу менен Ақиректің арасында жатқан, қыры дәнін адам жеген ақкөде, ойы жайылған түйенің өркеші ғана көрінетін қалың қияқ, ну орман, өзені күзге дейін суалмайтын әйгілі Күйгеншоқыны жайлап отырған. Жаз ортасында Аякөз жақтан суыт хабаршы келген. Және хабарды жай адам емес, кезінде билікті көп айтқан, бітімшілігімен аты шыққан, бүгінде тоқсаннан асып ел ісінен бой тартқан қадірлі Қонақбай ақсақал алып келіпті. Тәттімбет қолқаның зор салмағын бірден сезінген.
– Қарағым, Тәттімбет, — деді Қонақбай дәм үстінде, – Сыбан мен Орыс-Медет бір-бірімен әбден табандасып алды. Және өзді өзі емес, маңайдағы елдің де мазасын алып бітті. Ол аз болғандай, енді міне, үш бірдей азамат өліп отыр.
Тәттімбет бірден аңыс аңди бастады.
– Баба, осы Қарақатын–Шәумен, Көгілдір-Бұдыр, Жыланды сонау Нарын мен Таскескенге дейін жер ежелден Сыбанның жері ме еді? Сыбандікі болса, Орыс-Медет осы Қарақатын–Шәуменге неге таласады? Жыл сайынғы жайлауда болып жатқан кеп қой?
Әккі Қонақбай сөздің ауанын бірден түсінген.
– Әй, қарағым-ай, – деген күліп, – Сен дауды ауылдан шықпай-ақ шешкің келеді-ау, шамасы.
Тәттімбеттің жүзіне сынай қарап сәл отырды.
– Жарайды, айтайын, – деді одан кейін сәл күрсініп, – Ежелден менің жерім деп ешкім ешқандай жерді айта алмайды. Ежелден деп қазатын болсаң, онда мибылық дау басталады. Кім қайда қонбапты. Алаштың ескі бітімдерінде жер, су, ай мен күн, бүкіл жаратылыс адам тайпасына ортақ. Бір-бірімен тіл табысса жер де, су да, күннің нұры да бәрімізге жетеді.
– Ал берірек келсек? – деді Тәттімбет.
– Берірек келсек, жер бұрын қонғандікі, – деді Қонақбай.
– Оны білем ғой, – деді Тәттімбет, – Менің сұрайын дегенім, Қарақатын–Шәуменге қай ел, Сыбан ба, Орыс–Медет пе, қайсысы бұрын қонып еді?
– Әй, соны айта алмаймын-ау, қарағым, – деді Қонақбай, – Екі жақ та арыдан, тіпті Абылайдың заманынан бері жайлап едік дегенді айтады. Қайсысынікі дұрыс екенін.
Тәттімбет үнсіз отырып қалды. Құнанбайдың үйіндегі бір жиында орыс чиновнигінің айтқан сөзі есіне түскен.
– Біз алғашында, ақымақтықпен, қазақтың ішкі істеріне араласпақ болдық, – деген еді чиновник, – Бірақ артынан арылмас дау мен былыққа кіргеннен кейін, бұндай істен бой тарттық. Көңіліңізге келмесін, бірақ осы былықтың барлығы сіздерде жазусызудың болмағандығынан. Жазуы бар елдерді қараңызшы. Мысалы, орысты алайық. Мен мақтанып отырғам жоқ, дұрыс түсініңіз. Бізде адам туғанда оның намын, ныспысын, жынысын, туған жылы мен күнін церковная книгада, шіркеудің кітабында тіркейді. Раб божий родился такого-то числа, такого-то года, немесе, раба божья, родилась такого-то, такого-то, міне, осылай кете береді. Бұның несі артық? Аталған адам туралы мәлімет іздегенде, мысалы туған күнін, жылын анықтау керек болғанда, сол кітаптан барлығы табылады. Оның сыртында қаншама толып жатқан құжатнама бар. Адамның туғанынан өлгеніне дейінгі мәлімет, осылайша, мүмкіндігінше толық сақталады. Ал Батыста хұқық одан да биік дамыған. Шіркеудің, немесе әкімшіліктің кітаптарынан үш жүз, төрт жүз, бес жүз жыл бұрынғы ата-бабаның меншігін тауып алып, егер біреу иемденген болса, содан бергі өсімімен қайтарып алуға болады. Міне, бұны заң дейді, низам дейді, тәртіп дейді. Ал қазақтың туған жылын, күнін сұрасаң, «әжем, сен туғанда қар жауып тұр еді» деп айтушы еді деп жауап береді. Ал жер мен малдың дауы, ешқашан бітпейтін батпақ. Кім, қашан, кімді қай жайлаудан қуып шыққаны, кім кімнің қандай малы мен мүлкін қашан тартып алғаны, міне, ешқашан анығына жету мүмкін емес мәңгі дау.
Чиновник арақтан тағы біраз сілтеп, қызыңқырағаннан кейін әңгімесін ары қарай жалғады.
– Мен қазақтың билеріне қайран қалам. Ешқандай қағаз, документ жоқ осындай жағдайда, кешіріңіз, осындай былықта қиыннан жол тауып елді бітістіріп ұстап отыру, басқа жұрттарда жоқ өнер. Айтайын сізге, егерде француз, немесе ағылшын я басқа бір дамыған Европа елдерінің судьясын, прокуроры мен адвокатын алып келіп, осы қазақтың дауын шештірсе, ойлаймын, бір-екі сағатта шашы ағарып, екі қолын төбесіне қойып қашып кететін шығар.
Содан соң аз-маз ойланып отырып жаны аши сөйлеген.
– Білесіз бе, заң мен низам, хұқықты мойындамайынша, басқаның малы мен мүлкін, еркі мен ықтиярын құрметтеп үйренбейінше қазақтың болашақ тағдыры қиын болады. Бұл бір күнде келмейді, мәдениет, хұқық ғасырлар бойы қалыптасады. Ал ол үшін жазуды үйрену керек. Себебі, ендігі тәртіп тек қана жазуға негізделеді. Келісерсіз, келіспессіз – ақиқаты осы.
Тәттімбет күлген. Чиновниктің мақтамен бауыздаған сөзінің ақиқатына, өзінің шарасыздығына.
Енді, міне, іргедегі ағайын, ешқандай қолға ұстар дерек-тиянағы жоқ күмәнді дауды шешуге шақырып отыр.
– Сыбан мен Орыс–Медеттің билері ешқандай мәмлеге келе алмады, – деді Қонақбай, – Қалай келсін, екі жақтан да кісі өлген, біреуі жерін алдырған. Есе қайтаруды ғана ойлап отырған елден не билік шықсын. Оның үстіне бұл, қисынын тауып қана жеңетін ұрымтал биліктің жөні емес. Бұл жерде жүйелі сөз керек. Білесің ғой, қарағым Тәттімбет, кісі өлімі болғанда, тек қана төбе билікке жүгініседі. Ал дауға түсіп отырған екі елдің билері – өз ағайынына тартатын туғанды билер. Сондықтан, Сыбанда да, Орыс–Медетте де ортағы жоқ тура би керек деп отыр. Ақылдаса келе осы билікке сені ұйғардық.
Жайлаудың қызығы жайына қалды. Бітісе алмай тығырыққа тірелген, араша тілеп, үлкен үміт артып келген ағайынның сөзін жерге тастау, кешірілмес күні, жауға тастап кеткенмен бірдей қылмыс. Тәттімбет амалсыз атқа қонған.
Жайнаған жаздың игілігін көріп, мамыражай малын жайғанның орнына дүрлігісіп атқа қонған елге жеткенше ойы сан саққа жүгірген. Бірақ қанша білгенмен ескі жосықтан жер бөлісуге, межелесуге қатысты ештеңе таба алмаған.
Бірде көргені көп, қазақтағы даудың тірі шежіресіндей кәрі би Семетейге барып, сәлем беріп, осы жөнінде сұрағаны бар.
– Иә, дұрыс айтасың, қазақта жер дауы көбейіп кетті, – деген Семетей.
– Бұрын жер дауы болмап па еді? – деді Тәттімбет, – Болса қалай шешілуші еді?
– Неге болмасын, – деді Семетей, – Болған. Бірақ ол мүлдем басқа дау. Алаш, осы жер үшін төрт тараптың төртеуімен де жандасты ғой. Ол кезде қазақ бахадүр, әйелі мен бала-шағасына дейін белін буынып, қару асынып жүрген. Кезекті бір жауды тықсырып жерін алу үшін әуелі ұлы құрылтай шақырылады. Құрылтайға бармай қалу деген болмайды, келер күннен үмітің болса. Барлық батыр, барлық би, сүгір мен сұлтан ханның алдына жиналады. Міне, осы жерде кім қанша әскер шығарады, кім қанша мініс, сойыс, сауын береді, ең ақыры қанша ұста қанша қару жасау керек, темірші мен көміршінің саны, бәрі келісіледі. Айтылған күні бүкіл әскер түп көтеріліп жауға аттанады. Және, қазақ әдетте жеңетін болған. Жеңбесе осынша жер қайдан келді. Жауды тізе бүктіргеннен кейін малын – жанын олжалайды, ал ең бастысы – жерін алады, Дәштінің бір пұшпағы етеді. Ол жер енді алаштың бөлінбес еншісі. Алаштың азулысы, әрине, еткен еңбегіне орай, өлген азаматының санына орай, өзінің айбарына орай осы олжаның көбін, жердің шұрайлысын алады. Өйткені жолы үлкен. Әлмисақтан келе жатқан жосық. Міне, көріп отырсың, қарағым, жер дауы ертеде де болған, бірақ ол қазақтың төрт тараптағы дұшпандарымен арадағы жер дауы. Ол дауға бүкіл алаш қатысады, тізеліктен қан кешіп жүріп сол дауды шешетін де бүкіл алаш. Олжа бөліскеннен кейін ағайынның арасында қонысқа таласу деген болмайды. Ал бүгінгі дау, қазақтың жері кесіліп, тынысы тарыла бастағанда, ағайын бірін-бірі жей бастағанда туған жер дауы ғой…
…Екі ел бір-бірімен тайталасып, екі ақ орда тігіпті.
– Қайсымыздікіне түседі екен, кімге бүйрегі бұрады екен деп бал ашқаны ғой, – деді Тәттімбет, – Мен ара ағайынмын. Ешқайсысына да түсе алмаймын.
Деді де аулақта тұрған Қонақбайдың ауылына ат басын тіреді. Кешке қарай бірінен-бірі жасырынып келген екі елдің жылпос елшілері, майда тілмен жорғалата сөйлеп Тәттімбетті қонаққа шақырған. Бірақ Тәттімбет илікпеді.
– Дастарханнан үлкен емеспін. Бірақ мен жілік жеуге емес, дау шешуге келдім. Сондықтан табалдырықты тоздыра бермеңіздер. Жиналатын кезді өзім айтам, – деп салқын ғана шығарып салған.
Ертеңіне екі елден жөн білетін бір-бір адамнан алдырып, артық дау-дамайсыз, екеуін екі бөлек тергеген. Ойы дұрыс болып шықты. Екі жақ та даулы, қанды Қарақатын-Шәумен жайлауын, жеті атамыздан бері жайлаған ата қонысымыз дегеннен танбаған.
Осыдан кейін Тәттімбет үш күн бойы ел жұмбағын шеше алмай басын тау мен тасқа соққан. Төбе биліктің осынша уақыт кешіккенінен абыржыған жұрт толқи бастағанда барып төртінші күні таңертең Көгілдірдің тұсындағы биік қарауылтөбеге жиналсын деп бұйрық берді.
Екі қаптал бақас екі рудың билері, ат-шаптырым ақ текеметтің төріне жайғасып етектегі қарақұрым халыққа көз тастаған Тәттімбет, осы сәт, өзі ғана емес, қазақтың бүкіл жосын – билігі, ақиқат пен әділет тарабындағы кәмелеті сынға түскелі тұрғанын анық сезді.
Сәл үнсіз отырып барып сөз бастаған. Әуелі жұрттың бәрі қанық, кәрі мен жасты бірдей толқытар жайыттарды еске салып етті, барымта мен қарымтаның кезінде өлген азаматтарға көңіл айтты.
– Уа, ағайын, – деді содан соң кеудесін керіп, – өз ара мәмлеге келе алмай төбе билікке жүгінгенің, шын қиналғаныңның айғағы. Далада жатқан тас та егесіп, арасынан ұшқын шығады. Ел болғаннан кейін, өзек болғаннан кейін, мүддіға қайшыласпай тұрмайды. Бұл дау, ағайынның арасында күнде болып жататын күрең қабақтың дауы емес, екі жақтан үш адам мерт болыпты. Бұл құнның дауы. Шақырған екенсің, біреуімізді жығып, біреуімізді үстем қыл демеген шығарсың. Бітістір деп шақырыпсың, бітістірмекке келдім, ағайын. Сондықтан, менен туыстық, жақындық іздеме. Тек әділетіңді ғана сұра.
Тәттімбет сәл кідіріс жасаған. Жұрт сілтідей тынып үнсіз отыр. Кенет ерке самал есті. Тәттімбетке даланың қоңыр желі азаматынан айырылған екі елді жұбатып, татулыққа шақырып тұрған періштенің әуезіндей сезілген. Буын-буыны босап, сөйлей алмай недәуір уақыт тұрып қалды. Бойын күшпен меңгеріп сөзін ары қарай жалғады.
– Ал енді құнның керін айтайын. Ежелгі ескі жосықта азаматтың құны жүз жылқы. Кейде екі ел бір-бірінің құнын кешіседі, егерде құнның көлемі тең болса. Алайда, азаматтың артында аңырап қалған бикесі, еңіреп қалған баласы бар емес пе. Рулы ел азаматтың құнын кешіскенмен, марқұмның бала-шағасына одан келер пайда жоқ. Сол себепті құн төлескенде, немесе кешіріскенде рудың абыройынан көрі азаматтың артындағы ұрпақтың мүддесі қымбат. Демек, құн, рудың ортағына емес, өлген азаматтың шаңырағына беріледі. Осыған тоқтасасың, ағайын. Рудың дәулеті кеткен малдан азаймайды, келген малдан көбеймейді. Рулы елге есемді алдым, құн төлеттім деген абырой ғана керек. Ал рудан тамған тамшы, шаңыраққа төгілген дария. Әділет деген осы, ағайын.
Жұрт гуілдесіп кетті.
– Дұрыс, дұрыс.
– Тәттімбет ақиқатын айтады.
– Дұрысы осы.
Отырған билердің біреуі қамшысын көтерді. Жұрттың дабыры сол сәт басылған.
– Құнды айтыңыз, – деді би Тәттімбетке қарап.
– Сыбан мен Орыс-Медет, – деді Тәттімбет, – Бір-біріңе мынадай құн төлейсіңдер. Бисымақ ұлы Назарқұл. Жасы алпысты алқымдаған. Байдың жылқышысы. Орыс–Медеттің руыңмен Бисымақ бір адамының қолынан өлген. Орыс–Медет, руыңмен Бисымақ ұлы Назарқұлдың шаңырағына жүз жылқы және он түйе құн төлейсің. Жылқының елуі саяқ, елуі құлынды бие. Қыдырмолда ұлы Тырнақ. Жасы қырықта. Байдың жылқышысы. Сыбанның бір адамының қолынан өлген. Сыбан, руыңмен Қыдырмола ұлы Тырнақтың шаңырағына жүз жылқы және он түйе құн төлейсің. Жылқының елуі саяқ, елуі құлынды бие.
Тәттімбет сәл дамылдап алып сөзін жалғады.
– Ережеп ұлы Абдолла. Он бес жаста. Отау көтермеген. Барымтаға өзі сұранып барып Орыс–Медеттің бір адамының қолынан өлген. Орыс–Медет руыңмен Абдолланың әкесі Ережепке алпыс жылқы және бес түйе құн төлейсің. Жылқының отызы саяқ, отызы құлынды бие.
– Енді бір кеп, – деген одан кейін Тәттімбет даусын қатайтып, – «Судың түбін шым бекітеді, құнның түбін қыз бекітеді». Орыс–Медет бір қызыңды Сыбанға қалыңсыз ұзатасың.
Билердің бірде-біреуі ләм-мим деген жоқ.
– Ал бұдан соңғы, ең үлкен түйткіл – жер дауы, – Тәттімбет отырған орнынан тұрып сөйледі, – Ағайын, сахара жеті жұрт келіп жеткен жер. Баяғыда, Ескендір Зұлқарнайынды көрінен іздеп барған адамның алдынан Зұлқарнайыннан бұрын әлмисақтан бері болған қырық Ескендір шығыпты. Мен екі елдің көнекөз адамдарын шақырып алып сұрау салғанда, бұл жердің иелігін ажырата алмадым. Екеуі де келіп ошақ қазған, екеуінің де ата-бабасының зираты осы жерде жатыр. Бірақ құдайлығыңды айтшы, ағайын, кім қай жерге ошақ қазбапты, кесімді күні жетіп дәмі таусылғанда қай пенде қайда жерленбепті? Көріп отырсыңдар, бұл қыр асырмас қысыр кеңес екен. Орыс құсап қолыңдағы дәулетіңді, табаныңның астындағы қара жерді межелеп ежелден қағазға салмағаннан кейін, көретін күнің осы, таусылмас дау, бітпес тартыс, ағайын. Жылқысын жұт жеген Сыбан, жаятын малы болмағаннан кейін бірқатар жыл Қарақатын–Шәуменге жоламай кеткен. Ол жылдары бұл жерді малы көп Орыс–Медет жайлаған. Содан соң Сыбанға құт қонып малы көбейгенде, енді Орыс–Медеттің жылқысы қырылып азайған. Бақанас пен Қаражидедегі қыстаудың төңірегінде ғана жаятын малы қалған Орыс–Медет пәленбай жыл Қарақатын–Шәуменнің маңайын баспаған. Бұл жылдары аталған жерді Сыбан баураған. Көріп отырсың, ағайын, ешкімннің де Адам атадан келе жатқан жері жоқ, бұл дау екі елдің малының азайып-көбеюінен ғана болып отыр.
Билер бұл жолы да жік-жігімен дайындалған жүйелі сөзге қарсы ештеңе айта алмады. Тек көздерінің астымен бір-бір қарасқан. Тәттімбет жай басып етекке түсті де маңайын шола қарап тұрып сөзін жалғады.
– Орыс–Медет, Сыбан! Мен сендердің түйткілдеріңді сейілтейін деп келдім. Бірақ сендер де менің бір жұмбағымды шешіңдер.
Аңырып аз ғана отырған жұрт толқып кеткен.
– Айт, Тәттімбет! Құлағымыз сенде!
– Айтыңыз, би-еке!
– Айтыңыз, айтыңыз! Сөзіңізге құлдық!
– Екі жақтан екі адам бір-бір жүйрік ат мініп шықсын, – Тәттімбет жан-жағына қарады, – Кәне!
Орыс–Медет жақтан середек торытөбел атын жетелеп еңгезердей сары жігіт шықты. Сыбандар аз-маз ақылдасып, көзі шүңірейген, жирен шабдар жүзді, зор денелі бір адамды ортаға шығарды. Пілдей сұр азбанды жетелеген ол Тәттімбеттің қарсы алдына келіп тұрған.
– Анау шоқыны көрдіңдер ме? – деді Тәттімбет қозыкөш жерден қарауытып көрініп тұрған Кіші Көгілдір Бұдырды көрсетіп, – Екеуің соған шауып барып келесіңдер.
Тәттімбет беліндегі қалыңдығы бір елі күміс қамарларына торғайдың жұмыртқасындай зүбәржат көз орнатылған ауыр белдікті қанжарымен, кісесімен қоса ағытып алып, жұртқа көрсетіп әуелей көтерген.
– Міне, мынау сармантай белдік. Құны үш жылқы. Осыны байрақ қылып тіктім. Бірақ естеріңде болсын, бұл байрақты озып келген емес, қалып келген алады.
– Сондай жарыс бола ма екен? – деді жирен шабдар жігіт, – Сонда, қалып келі үшін қалай шабуымыз керек?
– Білгеніңді істе, – деді Тәттімбет, – Әйтеуір қалып келсең болды.
Жігіттер аз-маз ойланып тұрып аттарына мінді. Бидің сөзін екеуі де дұрыс түсініпті, екеуі де аттарының басын кері қайқайта тізгін тартып тебіне бастады. Иелерінің бұндай ақымақтығын бірінші рет көрген аттар осқырып, ауыздықты езулей шайнап, бір-біріне алая қараған.
– Ағайын, ақыл қос, – деді Тәттімбет, – Мына күміс белдікті екеуінің біреуіне қалай алып бересің?
Ешкім жауап бермеді. Жұрт әліптің артын бағып үнсіз қалған.
– Аттан түсіңдер, – деді Тәттімбет, – Жақынырақ келіп құлақтарыңды тосыңдар.
– Енді аттарыңды ауыстырып мініңдер, – деді Тәттімбет екі жігіт құлағын тосқанда, жұрт естімейтіндей қылып, – Шарты өзгермейді. Кімнің аты қалып келсе, байрақты сол алады.
Аттарын ауыстырып мінген жігіттер қамшының үстіне қамшы ұрып жосылтып шаба жөнелген. Жұмбақтың мәнін әлі ұқпаған халық бұлдырап шауып бара жатқан аттының қайсысы озады екен деп межелі шоқыдан көз алмай отыр. Аздан соң аузымен құс тістейтін жүйріктерін алқынтып екі жігіт Тәттімбеттің алдына қатар келген.
– Екеуің де қалып келдіңдер, – деді Тәттімбет, – Екеуің де жеңдіңдер. Байрақ екеуіңе ортақ, тең бөліп алыңдар.
– Рахмет, би-еке, – деді ойынның мағынасын түсінген жирен шабдар жігіт, – Алмаймын.
– Маған да белдігіңіздің керегі жоқ, – деді сары жігіт күліп, – Енді бұндай жарысқа қатыстырмай-ақ қойсын, Құдай.
Тәттімбет қырдың басына шығып бүкіл аймақты тағы бір шолып өткен. Ерде отырғандар жерге түсіп, отырғандар орнынан тұрып қара ормандай сірескен халыққа қарап тұрып сөзін түйіндеді.
– Сыбан мен Орыс-Медет баласы, бұл екеуіңе ғана емес, тыңдар құлақ болса жалпақ елге қаратып айтар сөзім. Өмір деген осы, ат ауыстырып мініп шапқан бәйге сияқты. Тулақтай жерді аяп қоңсы елді жайылымнан қысқаның – ағайынның малсыз кедей болғанын, алақанын жайған тіленші болғанын тілегенің. Ал ертең, жеті ағайынды жұт келіп, жаман айтпай жақсы жоқ, қолыңа жүгеніңді ұстап далада қалғанда, ныспыға керек малды, сабаға керек ұйытқыны, кімнен барып сұрайсың? Ошағыңа керек тамызықты кімнен аласың? Сол баяғы, өзің, малы болмаса екен деп тілеген ағайынға барасың, содан аласың қыжалатыңды. Кем-кетігіңді сол ағайын бүтіндейді. Сондықтан, өлетұғын тай үшін, қалатұғын сай үшін араздаспаңдыр, ағайын. Тату болыңдар, бір-біріңе тілеулі, пейілді болыңдар.
Бұдан кейінгі мәжіліс даңғыл жолға түсті. Кешқұрым Қонақбайдың үйіне жиналған билер, Тәттімбет, жерді бөліп меже қою керек дегенде, барлығы бірдей келіскен. Тек кәрі би Қызыр жердің қалай бөлінетіндігін сұрады.
Тәттімбет шорт кескен.
– Жерді бөлетін Сыбан, таңдайтын Орыс-Медет.
Жерді межелеу бір аптаға созылды. Сыбанның билері мен жер жайытын жақсы білетін ақсақалдары осы уақыттың ішінде барлық жайылым мен орман-тоғайды, саздауыт пен күздік ықтасынды, желке қыстау мен бұлақ, бастау, құдыққа дейін түгендеп шыққан. Төбе биліктің жырынды шешіміне бас иген Сыбан, жерді амалсыз тең бөлуге мәжбүр болған. Өйткені ертең Орыс-Медеттің жер танығыш жаушылары келеді де екі үлестің жақсысын таңдап алады. Екі ел Құйғаннан, орай-орай Жыландыға дейін қиялай тартылған шекараның екі жағына орналасып осылайша тыныш тапқан. Аякөзді жоғары өрлеп шығандап кеткен Орыс-Медет қана ығысып өзінің белгіленген қонысына қайтып келді.
Тәттімбет меженің өткен жерін қағазға түсіріп екі бидің қолына бір-бір данадан ұстатқан.
– Сандықтың түбіне салып қойыңыздар, – деген тәптіштеп, – Бұдан былай жер-суға қатысты мәселелерді құжаттап, хаттап үйреніңіздер. Келешектің талабы сондай.
Содан кейін ғана қатар тұрған ақ ордаларға барып жайғасқан. Ат шаптырып той жасаған екі ел, осы жерде, «Тәттімбет кетпей тұрғанда» деп құдаласты да.
Сыбан менен Орыс-Медет, бұл жолы жақсы мағынасында бәсекелесіп, төбе биге тоғыз сусар, тоғыз құндыз, және бір-бір бозсалқын жорғаны тарту еткен.
Асқаралы байлар бірінен кейін бірі іліп алып қонаққа алып кетіп тағы төрт күн аялдаған Тәттімбет бесінші күні таңертең жолға шықты. Ауылдың жігіттері көш жерге дейін шығарып салған. Түс әлетінде жолдарында бір адам кездесті. Арқасында қапқа салған тезегі бар бүкшиген кәрі әйел екен. Жолды кеспей тоқтап, тезегін жерге қойған әйел екі қолын кеудесіне айқастырып әдеппен иілді.
– Бұл кім? – деді Тәттімбеттің серіктерінің бірі былайырақ шыққаннан кейін, – Айдалада жүрген бұл неғылған адам?
– Біздің Күлшім жеңешеміз ғой, – деді ауыл жігіттерінің бірі.
Тәттімбеттің өнебойы солқ ете қалды.
– Не дейсің? – деген жігіттің бетіне төніп барып, – Не дедің сен? Күлшім дейсің бе?
– Би-аға не болды сізге? – деді сасып қалған жігіт, – Түсіңіз бұзылып кетті ғой. Танысыңыз ба еді?
Тәттімбет әзер дегенде түсін билеп төмен қараған.
– А, иә, жаңылыс болды, – деді күбірлеп, – Мен қателескен екем.
Аз жүргеннен кейін жігіттен мән-жай сұраған.
– Құмарбек деген ағамыздың екінші әйелі, – деді жігіт, барлық сырын жайып салатын ашық мінезбен, – Шалы өліп, әмеңгеріне тиген. Бедеу болды, соры қайнады. Құмарбекке келгенде де пұшпағы қанамады. Бай-екең бала таппайтын қатынды қайтсын. Ақырында абыройы түсе-түсе, жеңешеміз, есіктегі күтуші мен күңге теңгерілді. Бәйбіше өстіп тезек тергізіп қойды. Көшкенде көштің соңында, мырза қамауда. Бар да емес, жоқ та емес. Осылай ауыл сыртында, айдалада өзінен өзі күбірлеп елес құсап жүреді.
– Қайдан ұзатылып еді? – деді Тәттімбет.
– Қарқаралы, Едірей жақтан, – деді жігіт, – Жасында атақты сұлу болған деседі. Елі еркелетіп Ақсұңқар атандырыпты. Ал қазір Ақсұңқар емес, торғайдай болып қалған адам ғой.
Тәттімбет бұдан кейін ештеңе де сұраған жоқ. Жұрттан оқ бойы озып, артына қарамай жүрді де отырды. Жүрегінде қайғы жоқ еді. Тек құлазыған әлдебір бостық. Өзін қанша күштесе де басына ешқандай ой келмеді. Осы күйде елге де жетті.
Кісі өлімі болған өлермен дауды шешіп, түйінін тарқатып келген, бидің бір басының абыройы емес – ең әуелі артындағы елінің абыройы. Бүкіл Қаракесектің игі жақсылары келіп үлкен мәжіліс болды. Бірінен кейін бірі келген қонақтың аяғы басылғанша рәсімнің құлы Тәттімбеттің отырысынан мін табу қиын еді. Тек сыралғы Қалайы ғана баласының жарқылдаған күлкісі, қасіреттің бетіне салынған сүрет екенін жазбай танып, мәжіліс бойы күрсініп отырды.
– Балам қабағың пәс қой, – деген оңаша қалғанда, – Басыңа не күн туды?
Тәттімбет төмен қараған күйі үндемеді.
– Құдай адамның етенесіне тигенде ғана шырай осылай бұзылады, – деді Қалайы баласының бетіне сынай қарап, – Ұқтым. Майқының қызы Найман Қаракерейге ұзатылды деуші еді. Сен Сыбан мен Орыс-Медеттің дауын шешіп келдің. Сол жерден жаныңның ескі жарасын көріп қайтқансың ғой.
– Кім білген, – деді Тәттімбет күрсініп, – Бозбала қолынан ұстауға батпаған… айдынды Ақсұңқар еді ғой… Тымқұрмаса байдың еркесі болған шығар, ақар-шақар ел болған шығар деуші едім.. Тезек терген күңді көрдім…
– Не дерің бар, балам, – деді Қалайы, – Еліңнің алапаты қайтқан. Бар себеп сонда болып тұр ғой. Алапаты қайтқан елдің азаматы, өшін әйелден алған қазанбұзар үй тентегіне айналады. Міне, мен, әкеңе жастай қосылдым, бидің әйелі биғай болдым. Бидің ақылы болмаса да көзі жұқты. Көп нәрсені көргіш болдым, аңдағыш болдым. Қазақтың көп нәрсесі менің де көңіліме қонбайды. Орданың туын еркек ұстайды, ошақтың туын әйел ұстайды деген. Бірақ орда ошақтан басталады. Қазанның жанында отырған әйел, еркекке қызыл қамшыдан қорқып бағынбау керек. Әйел еркекке өзінің еркімен, шын ықтиярымен бағыну керек.
Қалайы орнынан тұрып есікке беттеген.
– Балам, – деді артына бұрылып, – Ақсұңқардай бейбақ әр ауылдан табылады. Ақсұңқарға жаның ашыса, әйелге теңдік алып бер.
Түнде түсіне Ақсұңқар кірді. Бозбалалық шағы екен. Екеуі алыста салқын нұрымен бүкіл даланы аймалап тұрған әлдебір заңғар көк тауға қарай қол ұстасып жүре береді… жүре береді. Сөз жоқ… Тырс еткен дыбыс жоқ… Тек жүрекпен ғана ұққан… бір-біріне деген шексіз құрмет қана бар… Бір-біріне қарамайды… Себебі, бет-бейнелері… жаны… бүкіл болмысы… бір-бірінің ішкі дүниесінде…
Жүрек суырған бұл күй қаншаға созылғанын білмейді. Омырауы жасқа шыланып оянды… Жастық шақтың күйігі ешқайда да кетпепті. Ұмыттым деуші еді… Ұмытпапты… Көңілінде сарыуайым, сарыжұрт болып жата беріпті…
Күнібойы сенделіп ауыл сыртында жүрді. Кеш бата атқа мініп Едірей жаққа бет алды.
Сол баяғы шатқал… Баяғыдай баяу аққан қара су… Түн ортасынан ауа өзен бойын қалың тұман басты. Осы шуда-шуда тұманның ішінде, тағы да балқып туып түнгі аспанның жартысын алған айдың жарығымен шатқалды бойлай жүрген… Кешегідей… Осы жаңа ғана болып өткендей… Алдынан атын жетелеп Ақсұңқардың өзі шықса да таңқалмас еді… Бірақ бұл… өткен өмірдің өзі емес… Өткеннің елесін қуалаған… сол елесті тірілтпек болған… өткен өмір болғансыған… бүгінгі еді.
Көкірегін таусылмас өкініш… арылмас тәтті мұң биледі.
Үйге келгеннен кейін көптен бері керегеде үнсіз ілулі тұрған домбыраны қолына алды… Қоңыр ішекті ақырын дың еткізіп шертіп қалды. Малдас құра отырып, саға қуалап санадағы сезімге лайық дыбыс аулап саусақтары қаздаңдай жөнелген.
… Болмыста… дүниеде қисап жоқ… Әр болмыс… әр дүние… өз түйсігін тудырады… Құдайдың құдіреті осы… әр дүниені… әр құбылысты… жеке мөр соғып жаратады. Түйсінудің түрлері, түйсіктерді бір-бірімен шатастыру бала кезінде басталған ауыру еді. Бірде ауылдары күзекке көшіп бара жатып құлазып жатқан ен жайлауға бірнеше күнге тоқтаған. Үй тігіліп, ошақ қазбай-ақ жайдақ отқа қазан асылды. Сонда алтыға жаңа толған кезі, жай ғана толқып қазанның түбін жалап жатқан жалынға қарап отырып, – Шіріген ет, – деді. Үлкендер бір-біріне қарап күлген.
– Қайдағы шіріген ет ол? – деді ересектеу Құттымбет.
– Өлген аттар мен өлген адамдар шіріп жатыр, соның иісі, – деді Тәттімбет отқа қолын созып.
– Қой, балам, сандырақтама өйтіп, – деді Қалайы Тәттімбетті бауырына басып, – Ешқандай да өлген ат, адам да жоқ. Әке-шешең, туған-туысқаның қасыңда, қол-аяғың сау, неден қорқасың.
Кейіннен, қыс кезінде ауылға Толымқожа бақсы келді. Дастархан басында үлкендердің біреуі күзде болған оқиғаны еске түсіріп күлген.
– Қай жерде болып еді? – деді бақсы.
– Қиса мергеннің бұлағына жете бере төрт-бес күндік қана бір жайлау бар ғой, – деді Қазанғап, – Сол жерде.
Толымқожаның түсі бұзылып кетті.
– Қиса мергеннің бұлағы дейсің бе? Апырай…
– Баба сізге не болды? – деді ауыл адамдарының бірі мырс етіп, – Сіздің ақылыңыз да осы алты жасар Тәттімбеттей-ақ болып қалған ба?
– Өй, ақымақ! – деді Толымқожа аяқ астынан ашуланып, – Жер жайытын білмесең, оттамай тыныш отырсайшы. Сендердің барлығыңнан мына баланың ақылы артық. Біле білсең, Абылайдан арғы заманда ол жерде қалмақтың Шырын-Герен деген жайлауы болған. Абылай сұлтан келіп қошауыт қалмақтың бір тайпа елін қынадай қырып кеткен. Артынан бір қазақ, қалмақтың басынан ошақ қалап қазан асып отырғанда, бір тірі қалған қалмақтың қатыны қарғапты дейді. Бұл жайлау малыңа ешқашан құт болмасын, қазақ, қонған адам түн ұйқысы бұзылып төсегінен безіп шықсын деген дейді.
Толымқожа Тәттімбетті басынан сипады.
– Қазанғап, балаңда бір сана бар. Құдай тіл – көзден сақтасын, әйтеуір.
Есейе келе аталған қабілеті жетіле берді. Дыбыс дәм болып елестейді, ошақтан шыққан қидың жұпар түтіні домбыраның қоңырсылқым үні болып естіледі де… көрінеді де… Бірде Нұржанға дыбысты естіп қана емес, көре де алатынын айтқанда жастайынан құлын-тайдай тебісіп өскен қандыкөйлек досы тәлкек қылған. Содан кейін түйсінгендерін ешкімге айтпайтын болды. Кейіннен мұң мен қайғыны… ұнатты. Себебі, оны да көре алатын болды… мұң мен қайғы-қамрықта әуен көп… Сұлулық көп… Әрине, салмағы ауыр… жүректі жырымдайды… Бірақ артына әуезден өшпес із қалдырады.
… «Жантелімнің» әуені, сол, тұманға шомылған айлы түннен… Ақсұңқардың алақанының табынан… мұраты хасыл бола алмаған асықтықтан… және өзі ұшырасқан кәрі күңнің мұң ұялаған жүзінен… жүрегіне сыйып тұрған барлық бейбақ ғашықтардың қасіретінен… қиялдай болып қалқып шықты.
Жаңа күйді жұрт көзінше тартпауға тырысатын. Бірде бастаңғы жасап отырған жастардың ішіндегі домбырашысы күйді шала-пұла шертіп отырғанын естіп қалып көңілі қатты құлазыған. Қанша етене деп жасырғаныңмен күй есейіп бой түзегеннен кейін қоштасып кете беретін балаң сияқты екен. Бірнеше күннен кейін қолы қалт етіп босағанда ел ішіндегі дәулескер күйшілерді жинап алып «Жантелімді» шертіп көрсеткен. Елмен бірге, жолы түсіп Қаракесекте қонақ болып жүрген қобызшы сыбызғышы Қанқожа да келіп еді. Өтініп күйді екінші қайтара шерткізді. Төмен қарап толқып аз-маз отырды.
– Тәттімбет, қарағым, – деді содан соң көзі ұшқындап, – Тыңдасаң, мен саған бір сөз айтайын.
– Айтыңыз, – деді Тәттімбет.
Қанқожа ойланып отырып әр сөзін теріп сөйлеген.
– Өнеріңе ешқандай дау жоқ, қарағым. Күйдің диханысың ғой. Рұқсат етсең, мен, осы күйіңе ат қойып берейін. «Жантелім» деген жақсы екен. Алайда бұл күнделікті тұрмыста жиі айтылатын сөз. Рас, адамның ықылас-пейілі бойына симай тұрғанда айтылатын қымбат сөз. Бірақ күйге лайық ат емес. Мынадай күйге лайық емес.
– Ал, кәне, – деді Тәттімбет жымиып.
– Көкейіңді жырымдап кесіп шыққан осы күйіңмен бәріміздің жүрегімізді баурадың, – деді Қанқожа сәл ұмсыныңқырап отырып, – Міне, бойымдағы барлық шерім тарқады. Шешілмеген түйін қалмады. Қарағым, бұл күйіңнің аты «Көкейкесті» болсын.
– Пах! – деді кәрі күйші Көлдейбек, – Сөз-ақ қой, шіркін! Әй, Қанқожа, сен өзің ақын болып кеттің ғой!
Жұрт гуілдесіп кеткен.
– Жарайды, Қанке, – деді Тәттімбет, – Болсын солай. Алдарыңызға тарттым. Енді бағы біледі.
… Артта қалған ғұмыр осылай бір елес беріп өткен.
Таң ата мәжіліс қайта жалғасты. Әр істі ең ұсақ-түйегіне дейін тәптіштеп тындырып үйренген Құнанбай жылқымен бірге қанша ауыл көшетінін, Алтайдың төрелерімен жайылым жайында қалай келісу керек, барғаннан кейін қандай жөн-жоралғы ұстану керек, осының бәрін талқыға салып, жұрттың келісімін алып алған.
Ертеңіне жұрт қоштасып Қарқаралыдан жан-жаққа аттанғанда Тәттімбет аға сұлтанның кеңсесіне шақырылған.
– Төрлет, – деді Құнанбай, – Көпшіліктен оңаша айтатын тағы бір кеп бар.
Жанында отырған кіші сұлтанға иек қаққан. Кіші сұлтан селт етіп, жөткірініп алып сөз бастады.
– Тәттімбет Казангапович, ендігі мәселе мынадай. Өзіңіз білесіз, Арқаның жылқысын қыстауға бара жатқан Алтай, Тарбағатай, Іле, бұның бәрі, бізше Жоңғария, қалмақ жойылғаннан кейін, қазақтар Абылай ханның кезінде, яғни, өткен ғасырдың орта шенінен бері қарай жайлаған жерлер.
– Қалмақтан бұрын ол қазақтың ата қонысы болған жерлер, – деді Құнанбай кіші сұлтанның сөзін үстеп.
– Иә, дұрыс айтасыз, – деді кіші сұлтан, – Яғни, бұл, қазақтың өзінің, қайтарып алған байырғы қоныстары. Алайда, шет жайлап кеткен қазақтың рулары негізгі қазақтың жерінен алыстап бара жатыр. Жер шалғай, ол елмен қатынас жасап, тыныс-тіршілігін білу аса қиынға соғып отыр. Аякөздің арғы жағасы, Тарбағатайдан бастап сіздер Ерен Қабырға деп атайтын Қытай қорғанына дейінгі аралықтағы алып мекен, ондағы елдің жайын біз мүлдем білмейміз. Міне, Таттимбет Казангапович, сізді оңаша шақырғандағы айтайын дегеніміз осы еді. Әрине, сіз бұл жолы Алтайға ғана бара аласыз. Барғанда елдің аужайын, билік жүйесін, төрелердің келешек жайында не ойлайтынын, ол елдің қай егемендікті мойындайтынын біліп қайтуыңыз керек. Дұрыс түсініңіз, бұл Шығыс Түркістанның болашағы үшін, сол елдің өзінің мүддесі үшін жасалып жатқан шара,
Кіші сұлтан орнынан тұрып қарағай шайырдың иісі әлі кете қоймаған даңғарадай бөлмені ары бір-бері бір кезіп өтті.
– Түсіндіңіз ғой? – деді содан соң Тәттімбеттің қарсысына тұрып.
– Түсінікті, – деді Тәттімбет.
Кіші сұлтан жымиып қолын созды.
– Келісім бойынша сіз мамырдың аяғы, маусымның басында аттанасыз. Кетерде міндетті түрде тағы бір жолығып әңгімелесеміз, Таттимбет Казангапович. Осымен аулыңызға қайта беріңіз.
Келе жатқан жұттан хабарланған ел жаз шықпай-ақ қолдан келгенше әрекет ете бастаған. Балқаштың ит ішпес қарасуының жағасына бүкіл Арқадан жүздеген керуендер келіп шөп басып көрінбей қалған, тұз қорытатын қойылтпа мен суалтпаны жаңартты, жаңадан қазды. Әлі толық кеппеген, балшық аралас сұрғылт тұзды ағаш күбілерге толтырып түйеге артып елге жеткізді. Бірақ бұның бәрі жетімсіз еді. Тұз артқан керуеннің бірі Құттымбеттің ауылына тоқтаған. Керуенші, жалаңдаған шойқара жігіт ағасы тұзды көлдің жағасындағы кепті әңгімелеп берді.
– Ойпырай, қойылтпаның өзі әлденеше шақырым болып кетті. Халықта тоқтау жоқ, үсті-үстіне келіп жатыр. Күн жарықтық та шыжғырып шыдататын емес. Қазаққа жаны ашығаны-ау. Қылтадан құйған су ілезде кеуіп кетеді. Қап-қап тұз алынып жатыр. Кейбіреулер қайықшылармен келісіп аралдарға барып, тұзды сол жерден жинап алып жатыр. Қоқым-соқымына қарамайды. Әйтеуір тұз болса болды.
Ет жеп, шай ішіп мейірі қанған керуенші маужырап сәл отырды.
– Әй, бәрі бекер, – деді артынша мұңайып, – Бәрібір жетпейді. Бүкіл қазақтың малы сойылайын деп тұр, қайдан жетсін. Бөрінің ырыздығы бәрі де.
***
Мамырдың аяғында Тәттімбет аға сұлтанның кеңсесіне қайтадан шақырылған. Құнанбай бұл жолы жалғыз екен. Осының алдында ғана төрелердің барлығы арнайы жарлықпен Омбыға, жандаралдың алдына алдырылғандығын естіген еді. Аға сұлтанның түсінің осынша өзгергендігіне қайран қалған. Самайының ағы көбейіп, әжімі тереңдеп, еңгезердей тұлғасы сәл еңкіш тартыпты. Үлкен жиын-тартыстарда қамшысын тастаған жерінен көтермей, екі жағына қасқырша жаланып отырып екпіндей сөйлегенде көздің бүрілген терісі сәл ашылып әлі толық ағып болмаған түбіртегі көрінетін. Енді кең маңдайы төмен түсіп оттай жайнап тұратын жалғыз көздің өзін бүркегендей. Тәттімбет, өзі көргенде аттан түсіп бір бел шешпеген, патша ағзамның ең қатты жарлықтарын барынша жұмсартып жеткізуге тырысатын, қолдан келгенше еліне пана болған осы адамды аяйтынын сезді. Ендігі қазақтың төресі қандай болар екен деген ой жылт еткен.
Омбыда не болғандығын, кейін реті келгенде өзі айтар деп сұраған жоқ. Құнанбай шаршай сөйлеген.
– Өзіңмен көзбе-көз әңгімелесейін деп майорды қырға аттандырып жібердім. Сен ертең-бүрсікүндері жүріп кетуің керек. Жазды Алтайда өткізесің. Қазан мен қарашада жылқы да жетіп жығылар. Ендігі мәселе былай.
Құнанбай сәл дамылдап, содан соң күрсінді.
– Тарбағатайдағы қалың Найманға бұл жолы барудың реті бола қоймас. Сен Алтайдағы Керейге бара жатырсың. Мынаны есіңе сақта. Керейді әлі күнге дейін Шыңғыстан тараған төрелер билейді. Олар Омбыңды да, жиырма бірінші жылы ақ патшаның төрені биліктен тайдырғанын да білмейді. Ол жақтағы ел, қарасы бар, төресі бар бұл жақтағы болып жатқаннан толық бейхабар. Сондықтан ол жақтағы төрелермен сөйлескенде бұл жайттарды айтпай-ақ қойған дұрыс. Онсыз да қиыр қонып шет жайлап кеткен ағайынды үркітіп аламыз. Бұл жақтағы қазақтың тек бақуатын айтарсың. «Қарындасқа тартпағанның қары сынсын» деген ғой. Егер ата тек түгендейтін болса, бұл жақтағы Ашамайлы Керейдің Көкшеден Қызылжар, Омбыға дейінгі шұрайлы жерді жайлап, өсіп-өніп отырғанын да айтарсың. Бұның бәрі амандық-саулық сұрасқандағы айтылатын әңгіме. Ендігі әңгіменің сүбесі мынадай. Келесі жылдары Тарбағатайдағы Найманға, Іленің жоғарғы сағасында отырған басқа да елге ат ізін салармыз. Және қашан, қалай барғанда да айтылатын әңгіме біреу-ақ, ол жақтағы ел өзін кім санайды, кімге бейім.
– Жездеке, бұл кімнің көмейі? – деді Тәттімбет – Өзіңнің бе, әлде…
– Әй, Тәттімбет, – деді Құнанбай, – Қазақта не көмей қалды дейсің. Мен патша емеспін ғой, Қытайға елші жіберетіндей… Тізгініміз сыртта.
– Онда, айдалада малын бағып өз бетінше тып-тыныш отырған елдің кімге бейім екенін біліп не керек? – деді Тәттімбет, – Өзіне өзі бейім болса, болды емес пе.
Құнанбай басын шайқады.
– Жаңа заман, жаңа низам келді. Енді өз бетінше отыру деген болмайды. Енді ешкімді де өз бетінше отырғызып қоймайды. «Сиынғаныңнан сүйенгенің күшті болсынның» кері енді келді. Бізге жеткен орыстың қарымы оларға да жетеді күндердің күнінде.
– Ар жағында шүршіт бар емес пе? – Тәттімбет орнынан тұрып терезенің жанына барды, – Үнемі ағаш кеңседе отыратын болыпсың ғой, жездеке.
– Тәртіп солай, – деді Құнанбай, – Шүршіт туралы дұрыс айттың. Әңгімең енді түзелді. Ресей мен Қытай, екеуі де кенен жұрт. Екеуінің бағын асырса амал не. Есіңде болсын, үлкен жұрттар, ерте ме, кеш пе, әйтеуір шендеседі, әйтеуір беттеседі. Сондықтан қайсысымен болу керек екенін алдынала болжамақ керек. Әрине, ол жақтағы ағайынды да түсінуге болады. Шүршіт алыста, Ерен Қабырғаның ар жағында жатыр, әредік-әредік керуен тартып келгені болмаса, бері қарай жылжитын түрі көрінбейді. Орыс та алты айшылық жерде жатыр, бірді-екілі келіп-кетіп жүрген саяхатшылары болмаса, шүршітке қарай бүгін аттанайын деп жатқан жоқ. Бізді қай жау алады дейтін шығар. Шынында да солай. Бірақ әзірге ғана.
– Әңгіменің ауанын түсінбей бара жатырмын, — деді Тәттімбет.
– Түсінетін несі бар, – деді Құнанбай, – Қалмақтан босап қалған тарапқа қарай қазақ аунай салған.
– Ол жерді қалмақтан бұрын қазақ жайлады емес пе? – Тәттімбет қайтадан сықырлауық ағашг орындыққа отырды, – Кеше ғана болған, елдің бәрі білетін жайыт қой.
– Иә, солай, – Құнанбай белін жазып сәл шалқайып отырды, – Бірақ, әлі жеткен алып та жығады, шалып та жығады. Шүршіт, тауарихты, қалаған жерінен ойып алып, сол қалмақтың қырғынынан бастаса қайтесің? Арғы тауарихыңды білмеймін десе не істейсің? Елдің бәрі білетін жайыт дейсің. Кім біледі? Білетін кімің бар? Қағазға түсірген тауарихың бар ма? Межелеп, шекараңды шүршітке мойындатып қойған құжатың бар ма? Құдай сондай қылып қойып отыр ғой бізді. Күні кеше ғана болған тауарихтан түк те білмейміз. Ал қағазы бар, жазуы бар ел осыныңды біледі, сондықтан басынады.
Тәттімбет ойланып отырып қалды.
– Енді түсіндім, жездеке, – деді содан кейін дүр сілкініп, – Мен ол жақтағы төрелермен осы жайында ұғынысуым керек қой.
– Иә, – деді Құнанбай, – Тамырын басып көр. Біз ол жақтағы екі арыс ел бері қарай қайтсын деп отырған жоқпыз. Халық өседі, жер өспейді. Әсіресе қазақтың жері енді өспейді. Сондықтан елімен, аймағымен, жерімен бері қарай бейім болуы керек. Орыстың қоластына кіргеннің өзінде жерімен кіруі керек.
Соңыра өзінің он екі қанат ақ ордасында мол дастархан басында отырып Құнанбай сөзін түйіндеген.
– Тағы да қайталайын, бұл жақтағы жүйені көп әңгіме қылма. Шыңғыстың тұқымы биліктен шеттегенін естісе, ол жақтың төрелері елді алып, одан да ары, шалғай көшіп кетуден тайынбайды. Түптеп келгенде төре емес – ел қымбат. Айналайын қазағым аман болсын.
Кешке қарай Тәттімбетке ере шығып қозыкөш жерге дейін шығарып салған.
– Ер екеніңді білуші едім, кемеңгер екеніңе көзім жетті, – деді Тәттімбет.
Шын көңілден айтты. Кенет осы кезге дейін үнсіз келе жатқан Құнанбай шалқая бере қарқылдай күлген. Сабырлы аға сұлтанның бұлай күлгенін бірінші рет көрген Тәттімбет сөздің аяғын тосты.
– Кемеңгер дегеннен шығады, – деді Құнанбай көзінің жасын сүртіп. – Әлгі Тонтай деген қу сыртымнан «Құнанбай мерген» деп ат қойыпты. Қарқаралыға бір келгенінде ұстатып алдым. Кеңсеге алып келді. Содан соң, ей, Тонтай, сені Түлен түртіп жүр ме, мен өкіметтің адамымын. «Құнанбай мерген» дегенің қалай, сонда менің бір көзімнің соқырлығын мазақ қылғаның ба, қазір жоныңнын таспа тілейін деп қорқытып едім. Әй, бұл Тонтайға дауа жоқ-ау. Сонда, қолын қусырып тұрып, алдияр, басымды қазір алсаң да дайынмын, бірақ мен мерген дегенде сіздің шешендігіңізді, сөз мергендігіңізді айтып едім. Қалмақтар билерін, шешен адамдарын мерген деп атайды, сенбесеңіз тексеріңіз, қолыңызда билік бар, анығына жетіңіз, менің нахақ қанымды мойныңызға жүктемеңіз дейді. Содан, әлгі менің майорым қалмақшаға жетік қой, соған сұрау салсам, иә, қалмақтар билерін солай атайды, бірақ Тонтай оны қайдан біледі екен деп қайран қалды. Анау Тонтай иттің тапқырлығына ғажап қалып мен отырмын.
Тәттімбет пен Құнанбай кең даланы басына көтеріп ұзақ күлген.
– Ал, Тәттімбет, аруақ жар болсын, үлкен міндет арқалап бара жатырсың, – деді содан соң Құнанбай төс қағыстырып қоштасып тұрып, – Баяғы Көгедай ханның ұлы Ажы төре сол елдің билеушісі. Әуелі соған сәлем бересің. Содан соң жүре бара жөн-жобаға жетілесің. Аман барып сау қайт. Абыроймен қайт.
***
Маусымның басында Тәттімбет жолға шықты. Жанына балуан Нұржан мен бұл күнде шау тартыңқырап қалған Көсемсарыны, түрлі хабар, тапсырма жеткізетін епті он бір адам алды. Жолды сахараның бедерін кітаптай білетін Қондыбай бастаған.
Қаншырдай жараған бес қисары түйеге жолым үй мен түрлі керек-жарағын тиеп, жетегіне қосар-асар атын алған шағын топ тоқтаусыз жүріске түскен. Баламұса, Көксала, Бүрген мен Құлқынды ортта қалды. Содан соң Шалдар мен Бозайды басып өтіп Сергиопольден бір-ақ шыққан. Жігіттердің бірі қалашыққа тақап қалғанда, – Қондеке, Ақшатаумен жүріп отырып Аякөздің жоғары жағымен де өтуге болатын еді ғой, – деп еді. Қондыбай жігіттің бетіне жалт етіп бір қарады да, – Бақанас пен Ащысу тасып жатыр, өте алмаймыз. Жазық жер тұрғанда таумен өрмелеп жын ұрып кетіп пе? – деп ұрсып тастады. Жолсоқты болып шаршап келе жатқан Көсемсары, – Қойыңдар, балалар, жолдың жайытын Қондыбайдай білетін қазақ жоқ, – деді. Содан кейін межелі жерге жеткенше ешкім жол жайында жақ ашқан емес.
Қангелдіден өткеннен кейін Тарбағатайдың шығыс сілемін баса жүріп, Базар өзенін кешіп ақырында Жайсаң көліне де жеткен. Осы жерде Қондыбай бір рет еру жасауға рұқсат етті.
– Борбай қайыс болды, құйрық мүйіз болды. – деді Нұржан үй тіккен жігіттерге көмектесіп жатып, – Жақсылап бір демалайық.
– Әй, Тәттімбет, – деген одан кейін өткір кездігін алақанына жанып тұрып, – Анау кәрі айғырды сояйық та.
Тәттімбет не істейміз дегендей Қондыбайға қараған. Жігіттердің жымиып қалжың күтіп тұрғанын көрген Нұржан, аяқ астынан, кәрі жыны оянып мырс етті.
– Сендер кімді ойлап тұрсыңдар? – деген Қондыбайға қарап, – Кәрі айғыр дегенде мен Көсемсарыны емес, жетектеген жылқыны айтып тұрмын.
Жұрт қырыла күлген. Қалжырап келіп тоқымның үстінде жамбастап жатқан Көсемсары шаршай жымиған.
– Баяғы күнім болса көрсетер едім, сен итке. Әттең дүние.
– Сондықтан тырп етпей жат енді, шал, – деді Нұржан, – Бұл Көсемсарыда не ет бар дейсің. Жеген адам ауырып қалуы мүмкін.
Жігіттер тағы да тарқылдай күлген. Кенет Қондыбайдың жүзі оңған шүберектей болып кетті.
– Нұржан, – деген даусы сәл қарлығып, – Құдай төбеңнен ұрсын сенің. Жағың қарыссын. Алда жұт келе жатыр. Адамның етін жегенді айтасың. Ол не сұмдық? Немене, жамандыққа көрініп тұр ма? Көрініп тұрса – өзіңмен кетсін!
Қондыбайдың ауыр сөздерінен құлақтары тұнған, өздерінің қайда, не үшін бара жатқаны естеріне түскен жігіттер төмен қарап ләм-мим дей алмай қалды. Өмірінде бұндай шытырманға түсіп көрмеген Нұржанның самайынан тер сорғалаған. Тәттімбет те, аузына сөз түспей отырып қалды. Ыңғайсыз тыныштықты Көсемсары бұзды.
– Әй, Қондыбай, – деген малдасын құра отырып, – Бұл қалжың ғой. Екеуміз арсыз құрдаспыз. Бір-бірімізге айта береміз. Нұржан сол жұтты ойлап айтты дейсің бе? Тілім тасқа де.
– Иә, – деді Тәттімбет, – Айтылды, кетті. Ұмытыңдар. Құдай сақтасын.
– Әй, Нұржан, – деді Көсемсары, – Анау кәрі айғырды сойыңдар. Әбден қызылсыраған екенбіз, Ерулейік.
Соңыра кәркесте болса да екі елі қазы шыққан айғырдың баппен асылған еті табақпен тартылғанда Нұржан Көсемсарының алдына тізерлей тұрып басы жерге жеткенше иілді.
– Көсемсары, – деген екі қолын кеудесіне қойып, – Жасымыз алшақ болса да өмір бойы үзеңгі қағысып қатар келеміз. Талай дәм татыстық, құрдас болдық. Адам қай жерде от басарын білмейді екен. Бүгінгідей ұятқа қалмаспын. Бағанағы сөзім-бәдік, отпен, сумен кетсін. Қазанымыз оттан түспесін, пышағымыз майдан кетпесін. Кеш бір білместікті.
– Өй, мен баяғыда ұмытып кеттім, – деді Көсемсары жадырай күліп, – Сен әлі ұмытпай отыр екенсің ғой.
– Кешсін десең өнеріңді көрсет, – деді жігіттердің бірі.
– Жақсы, – Нұржан шөгерулі жатқан түйелердің бірін қолымен көрсетті. – Анау қызыл нарды есіктің алдына алып келіңдер.
– Жүгімен қоса шөгеріп қойып едік, – деді отырғандардың бірі, – Жарайды, Нұржан, керегі жоқ. Түйе балуан екеніңді білеміз ғой.
– Жоқ, – деді Нұржан, – Айтылған сөз – атылған оқ. Үстіндегі жүгін алып тастаңдар. Неше күн ерулейміз. Демалсын.
Жігіттердің бірі нардың жүгін шешіп жетелеп алып келді. Нұржан бірнеше адамның көмегімен үш құлаштай қайыс белбеумен белін тас қылып тартып тастады.
Түйенің сол қапталына келіп тұрып артына бұрылған.
– Көсемсары, сенің даңқыңа. Кейін айта жүрерсің.
Лып етіп түйенің астына кіріп середек сирақтарды құшақтап сәл тұрды. Содан соң, – Иә, аруақ! – деді ышқынып. Келесі сәтте түйенің төрт аяғы жерден жұлынып жүре берген.
– Болды! Болды! – деді Көсемсары айқайлап, – Белің үзіледі, Нұржан! Болды!
Нұржан түйені жерге түсіріп бойын жазғанда барып құшақтап арқасынан қаққан.
– Әй, алыбым-ай! Жарайсың!
Кешке қарай Көсемсары домбырасын алып бірнеше ән айтты.
– Кейін айта жүресіңдер, – деген аяғын жаза отырып, – Ол кезде біз болмаймыз. Жайсаңның жағасында неше күн ерулеп, Нұржан марқұм түйені көтеріп еді, Көсемсары марқұм ән айтып, азан-қазан қылып еді деп айтасыңдар.
– Тәттімбет жарықтық күй шертіп еді дейсіңдер, – деді Нұржан домбыраны Тәттімбетке ұсынып жатып.
– Сізді тағы бірдеңе түртіп отыр-ау, – деді жігіттердің бірі күліп.
Тәттімбет те күндізгі оқиға есіне түсіп күлген. Домбыраның құлағын тез бұрап алып бірнеше қара шертіс күйді тартып берген.
– Осылай отыра беруге болатын сияқты, – деді жігіттердің бірі балқып билеп тұрған ошақтың отына ойлана қарап отырып, – Көл тоқтаусыз шулайды екен. Тыңдап отырып ұйықтап кеткеніңді білмей қаласың.
– Неге Жайсаң атанды екен? – деді Есімсейіт деген мосқалдау адам.
– Қалмақ Нор Зайсан дейді, – Қондыбай кесесіндегі шайдан бір ұрттады, – Үлкен көл деген сөз екен. Қазақтар Жайсаң атандырып жіберген. Көктемде тасығанда, Құдай сақтасын, сонау Көкпектіге дейін барады. Су қайтқанда шөптің арасында адасып қалып қойған балықтан аяқ алып жүре алмайсың. Орысы бар, қазағы бар, қап-қап қылып тасиды. Орыстар жегенінен артылғанын тұздап тастайды екен. Біздің ет сүрлегеніміз сияқты. Қазақтар өз майына қуырып жейді.
– Қазақтар да балық жей ме? – деді жігіттердің бірі.
– Е, жемегенде, – Қондыбай кесесін шай құйып отырған бақыршы жігітке ұсынды, – Баяғыда, бір қазақтың шалы балықшы екен, үйіне қондым. Сонда сол шал, қарағым, көлдің құртын жеген деп орысты менсінбеуші едік, сөйтсек бұл орыс та бірдеңе біледі екен, баптап жесе балық та тамақ екен, малымыз жұттан қырылып осы көл жағалап аштан аман қалдық, кейін малдың құты үзілді, сол бітпеген күйі кетті, біз балықшы болып осында қалдық деп еді.
– Өзіңіз жедіңіз бе? – Есімсейіт те бақыршыға кесесін ұсынды, – Пах, мына шай қалай кетіп бара жатыр.
– Жедім, – деді Қондыбай, – Балық та құдайдың жаратқан жәндігі ғой. Дәмді. Сендерге өтірік, маған шын, есіктің алдында өгіздің үлкендігіндей балық жатыр екен. Ойпырай, жаңағы балықты кәдімгі үлкен мал құсатып балтамен шауып, мүше-мүше қылып асты. Қылтаны қойдың қабырғасындай, омыртқасы түйенің омыртқасындай екен.
– Астапыралла, – деді Есімсейіт күліп, – Соңынан асатқан шырға.
– Иә, асатты ғой, – Қондыбай сәл ойланып қалды, – Шөптің арасында қалып қойған балықты жеп-жеп иттердің жүре алмай қалғанын көрдім. Мына қызықты қараңыз. Орыстар түнде мылтығын алып, аңдиды да балық жеуге келген даланың аңын атып алады.
– Иә, – деді Көсемсары, – Қазақ әлі көп нәрсені үйрену керек. Балығы тайдай тулаған өзен-көлдің жанында отырып аштан қату деген… Сондай іс бола ма екен… Судағы балық, даладағы аң жұт дегенді білмейді ғой, жарықтық.
– Балығыңды білмеймін, – деді Есімсейіт, – Ал киіктің де жұттан қырылғанын көрдік қой. Ауылға кіріп кетіп қойдың жүнін жұлып жеген киікті жүздеп сойған кезіміз болған.
– Ал балықта жұт бола ма? – деді жігіттердің бірі.
– Кім біліпті, – деді Көсемсары.
Елдің бәрі үнсіз қалды.
– Қонке, – деді Нұржан бір кезде Қондыбайға қарап, – Осы сізді жасында барымташы болған деседі. Сіз білмейтін жер жоқ, сіз жүрмеген жол жоқ. Міне, пәленбай күннен бері адастырмай әкеле жатырсыз. Сол айтылған әңгімелер рас па? Болып па еді?
Қондыбай жауап бермей жер шұқып отырып қалған. Жұрт бір-біріне қарасты.
– Е, не болмады, – деді Қондыбай мұртын шымшылай ойланып отырып, – Болды ғой неше түрлі.
– Айтыңызшы, – Есімсейіт ұмсына отырды, – Ұйқымыз қанады ғой, ертең жол жүрмейміз.
Жігіттер Қондыбайға қарап, күтіп үнсіз қалған.
– Мен мына мырзамның әкесіне, – Қондыбай Тәттімбетке қарап иек қаққан – Қазанғап биді айтам, бір күнде жолыққам жоқ. Біле білсеңдер мен Қаракесек те емеспін. Қаракесекке сіңген Жағалбайлымын. Аталарымыз баяғыда қалмақты қуып келе жатқанда Сарысудың үстінен өтіпті. Қалың қопа, түйеге жақсы, қыры бетеге. Су мол. Көрмеген шығарсыңдар, Бетпақта мал қақтың суын ішіп қараптан қарап көркейіп семіреді. Міне, сондай құт қонған жер. Сонда жауды жеңгеннен кейін, олжа бөліскенде Абылай, Тама мен Жағалбайлы, сен қай жерді аласың дейді. Аталарымыз, хан ием, рухсат болса, қисаңыздар Сарысудың бойында шидің басын буып белгі қалдырып кетіп едік, сол жерді берсеңіз дейді. Болсын дейді Абылай. Сөйтіп біз сол жерді мекендеппіз. Жоқ-жітік кедейдің баласы болдық. Көшкенде өгіз мініп көштің соңында жүреміз. Бай баласы шұға-мақпалмен терін сүртеді, біздің кигеніміз илеуі қанбаған жарғақ. Ақырында бір жұттан кейін оба болып әкем мен шешем, атам мен әжем, туыс-туғанның барлығы шетінеді. Жалғыз қалдым. Мүшелге жаңа толғанда алғаш барымтаға барыппын.
– Апырай, – деді Көсемсары қайран қала кейіп, – Буыны қатпаған баланы көзі қиып қалай жұмсады екен.
– Енді, өз баласы емес, тіпті ағайыны емес, қаймана қазақ, өзі жетім, кімге керек, – Қондыбай мұртын шиырды, – Бай-екең сондай адам еді.
– Ол кім, қай бай-еке? – деді Есімсейіт.
– Қайтесің оны. Білмей-ақ қой, – Қондыбай, белі талса керек, жамбастай жатты, – Әлі тірі ол бай-екең. Сөйтіп, түн қатып талай көксоқтаны көрдік, талай қуғын-сүргінде болдық. Қазір барымтаның саябырсығаны ғой. Елдің арасына бекет қойылды, бұрынғыдай бейсауат жүре алмайсың. Ал ол кезде жаман болатын. Ел барымтадан көз ашпайды. Жалайырдың ұрылары қырғыздың жылқысын шауып алып келеді. Біз мына жақтан Көкшетаудан, Қызылжардан айдап алып келеміз. Балқаштың жағасында Қаратал деген бір иесіз жер бар. Әдейілеп бармасаң ештеңе көре алмайсың. Осы жерде жылқы айырбастасамыз. Біз қырғыздың жылқысын Арқаға айдаймыз, жалайыр Арқаның жылқысын Жетісуға айдайды. Қайда жүрмедік, қайда бармадық. Мына Жайсаң біздің талай келген жеріміз.
Қондыбай алдына жаңартып қойылған шайдан бір ұрттап, құрттан күтір еткізіп бір тістеді.
– Мысалы, мына сендерді бүгін қондырған жер, баяғыдағы барымташылардың ұясы еді, — деген одан кейін жымия қарап, – Әлі есімде, бір күні Алтайдағы құба қалмаққа таман бардық. Басшымыз – тобықты Ақжігіт. Жылқыны жүз адам күзетсе де алып кете беретін, тас қараңғыда, дүлей боранда да жол тауып шығатын көкжалдың нағыз өзі еді.
– Аға, құба қалмақ деген қай қалмақ? – деді жігіттердің бірі.
– Құба қалмақ деген, өзіміз бара жатқан Алтайдағы Кереймен жапсарлас жатқан қалмақтың бір атасы, – Қондыбай риза кейіпте сұрақ иесіне қараған, – Баяғы бізбен жайласқан қара қалмақ емес. Басқа ата. Бір қызығы тілі қазақтан айнымайды.
– Онда ол қазақ болғаны ғой, – деді Есімсейіт.
Тәттімбеттің есіне кіші сұлтанның Алтай тараптағы жұрттар туралы айтқан әңгімелері оралды.
– Есімсейіт, мен айтайын, – деген сөзге араласып, – Құба қалмақ деген ол елдің кейінгі аты. Ал түп тамырында қазақпен туыс екен. Қазақпен шабысқан қара қалмаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайды.
– Дұрыс айтасың, мырзам, – деді Қондыбай, – Ал құба қалмақтың аржағында туа қалмақ дей ме, төлеңгіт дей ме, жусап жатқан ел бар көрінеді.
– Сонымен құба қалмаққа аттандыңыздар, – деді Есімсейіт үзіліп қалған әңгімені жалғап.
– Иә, – Қондыбай сәл ыңыранды, – Межелі жерге жеткенде алдымыздан үлкен табын жылқы шықты. Ұзын саны алты жүздей болып қалады. Алтайдың аты жер жарған алмажай жылқысы. Тауға мысықша өрмелейтін бір қызық мал. Ал жазықта шапқанда аузымен құс тістейді. Ілбіс сияқты қызылшұбар болады. Басқа тұқымның биесі жанасып кетсе кіл жүйрік туады. Екі күн аңдыдық. Бес жылқышы екен. Біреуі он төрт-он бестегі бозбала. Қалғаны үлкен адамдар. Төрт мылтық бар екен. Мылтықтың үшеуі орыстың керемет бердеңке мылтығы. Құба қалмақ қандықолдау болады, ойланбай атады. Ал біздің қару сота мен қылыш. Ортамызда Медғат деген садақшымыз бар. Мерген. Үшінші күні таңертең Ақжігіт барлығымызды жинап алды. Құдай жолымызды болдырды, түстен кейін қалың жауын жауады, сол кезде жылқыға тиеміз деді. Айтқандай түс әлетінде жер дүниені қара бұлт басып ымырт үйірілгендей болды. Артынша нөпір жауын басталды. Бүгінгідей көз алдымда. Үш керегеден тіге салған жолым үй. Есіктің алдында кішкентай шөңкеде ет асулы тұр. Медғат садақты сықырлата керіп, сығалап сәл тұрды да тартып жіберді. Сол сәт жылқының шетінде тұрған бозбала қайқаң етіп аттың бауырына түсті. Мен мұндай саққұлақ елді көргем жоқ. Жер-дүние астаң-кестең болып жатқанда үйде отырғандар адырнаның дыр еткенін естіп қалған ғой. Сүрініп-қабынып екі адам далаға жүгіріп шықты. Бірақ Медғат жан шыдататын емес. Ілездің арасында екеуін де жусатып салды. Біреуінің кеудесі тесілді. Ал екіншісі… Құдая сақтай гөр, оқ оң көзіне бойлай кірген ғой… Сол қалмақтың өлер алдындағы шыңғырғаны құлағымнан кетпейді. Қалған екеуі қашан шығады екен деп күтіп тұрмыз. Бір кезде жолым үй қопаң ете қалды. Күнде көшіп жүргеннен кейін, желбауы да байланбаған ғой. Ақжігіт, анау екеуі үйдің арғы іргесін көтеріп қашып шығып кетті, қап деп санын соғып қалды. Ол екеуін орман ішінен іздеп жатуға уақыт жоқ. Дереү жылқыға жеттік. Жігіттер табынды күзетіп тұрған бозайғырды ілезде шалма тастап ұстап алды да, ноқталап, қолының өтімі күшті екі қамшыгер жанын көзіне көрсетіп шықпыртып айдап ала жөнелді. Жан керек қой, есік пен төрдей әлгі айғыр бұзау болып жетекке ерді. Қалған жылқы қайда кетсін. Өлген бозбаланың аты жақсы екен, жігіттердің біреуі аударып алмақ болып жанына келді де «Астапыралла» деп тұрып қалды. Сөйтсек бозбала дегеніміз қыз екен. Нұрға малып алғандай сұлу. Ақжігіт жанымызға келді де болған жайды көріп бұрылып кетіп қалды. Содан ат ауыстырып мініп жылқыны тоқтаусыз айдап қазаққа қарай өттік. Жауыннан із қалмаған, артымыздан қуғын болмады. Кейін жылқыны тоғытып, бір үйде отырғанымызда барымташылардың бірі сол қыз баланы еске алды. Сонда Ақжігіт жарықтық, енді не істейміз, кесімді күні сол ғой, еркекше киіндіріп жылқы бақтырып қойған құдайдың өзі ғой деді.
Кейіннен қартайып, төсек тартып жатқанда барып сәлем бердім, бақұлдастым. Сонда айтқаны ғой. Әй, Қондыбай, елді барымта емес, ынсапсыз бай бүлдіреді екен. Мендей жылқы қырған адам жоқ шығар. Бүкіл өмірімді ат үстінде өткіздім. Сонда да бай-екеңнің құлқынын толтыра алмадым. Міне, өлейін деп жатырмын. Қарашы, төрімде бүтін киіз жоқ, туырлығым жыртық, қазанымда қонағыма ұсынар ас жоқ. Баяғыда атымнан ат үркетін Ақжігіт едім, енді байдан бір қап тезек сұрап ала алмаған кәрі шөңгемін. Қондыбай, қолыңнан келсе, ұрлыққа барма. Қағазға ілінсең, кеттің деп. Дәмге дауа бар ма. Күндердің күнінде, бай-екең, бізді Қазанғап бидің жылқысын шабуға жіберді. Күздің басы. Алдында ғана жауған қар еріп, арты жауынға айналып бүкіл дала көкжалқын саз болып жатқан. Біреулер жолымыз болмайтын сияқты, қайтайық деді. Енді біреулер күте тұрайық жауын басылып жер кепсін деді. Ортамыздағы жігіт ағасы Мұқаметжан деген көнбеді, жылқыны аламыз деді. Амал жоқ. Түн ортасында жылқыға келіп тидік. Екі-үш жылқышы сайланып келген бізге қарсы қайрат қыла алмады. Кіл қаражал құлақасқа жылқы екен. Айдап ала жөнелдік. Бірақ бағымыз қайтқан екен. Таң ата отыз шақты сайлы адам қуып жетті. Әйгілі сойылдың шебері Намаздыгер бастап келіпті. Ту-талақай қылды. Намаздыгердің қақ сойылы тигенде миым аузыма түскен шығар деп ойладым. Ар жағы не болғанын білмеймін. Есімді жиғанда естігенім, Мұқаметжанмен бірге аты жүйрік төрт адам әзер қашып құтылыпты. Он үш едік. Сегізіміз ұсталыппыз. Сол сегіздің екеуі түкке жарамайтын мүгедек болып қалды. Мен екі апта дегенде қозғалуға жарадым. Бидің ауылы шошалаға жатқызып, азынаулық сорпа-су беріп күтті. Бізге қызмет қылып жүрген бір кәрі әйелден мән-жайды сұрап көріп едік, мен ештеңе белмеймін, қарақтарым, би-аға өзі айтады ғой деді. Содан бір күні менің жеке өзімді бидің алдына алып барды. Құттымбет екеуі ғана отыр екен. Ал сөйле деді би аға. Не айтайын. Басым салбырап үндемей қалдым. Ештеңе айтпайсың ба, Итжеккенге кетейін деп тұрсың, не тілегің бар деді Құттымбет. Бір ғана өкінішім бар дедім. Айт деді би аға. Кезінде Ақжігіт өлейін деп жатқанда маған ұрлықты қой, қағазға ілінесің деп еді, түс көргендей қылып айтқан екен дедім. Енді неге қоймадың деді би аға. Қалай қояйын, өз бетінше отыққан жетім болдым, басқа елге барсаң кірмесің, өз еліңде барымтадан басқа жол жоқ, қайда барам, кедейдің көрген күні осы дедім. Би аға мейірімді адам еді ғой, менің әңгімеме иіліп недәуір уақыт үнсіз қалды. Содан соң әкеңнің, атаңның аты кім деді. Әкемнің аты Меңдібай, атамның аты Өртбай дедім. Би аға селк ете қалды. Жағалбайлыдағы Өртбай ма деді. Иә дедім. Тәптіштеп мән-жайға қанды. Адам айтса нанбас, ертеңіне мені алып қалып, қалған адамды, енді барымтаны қойыңдар деп қоя берді. Мені оңаша алдына келтіріп, барар жер басар тауың жоқ екен, ұрлықты амалсыздан қылған екенсің, мен сені тонды ұлым қылып асырап алсам бұрынғыңды қоясың ба деді. Сол жерде ант-су іштім. Кейіннен би аға арқа-жарқа болып бір жақсы отырғанда өзі айтып берді. Баяғыда бірнеше адам ақ қар көк мұзда далада адасып үсіп қалады. Би ағаның жастау кезі екен, өлген атының ертоқымын арқасына салып алып, жаяу жүре-жүре, ақыры бір жерде құлап жатқанда менің атам Өртбай тауып алады. Үйге алып келіп, саптамасын неше адам жабылып жүріп әзер шешіп аяғын қармен ысқылап тірілтіп алыпты. Көктемде, қорада үш аты бар екен, соның бірін мінгізіп, жол көрсетіп шығарып салыпты. Кейін би аға Мөшеке жарықтыққа болған жайды айтып, жылқыдан Өртбайдың атына жақсы бір құлынды биені қосып, кездемесі мен қант-шайын алып Сарысу жаққа барады. Барғанда Өртбайдың үй ішімен обадан қырылғанын естіп, бармағын шайнап қынжылыпты. Өртбай атаң мені ажалдан құтқарып еді деп би аға көзіне жас алғаны бар. Басқа адам болса Итжеккенде шірітер еді. Қазанғап әкем мені осылайша барымта-қарымтаның дауынан басымды аршып, санатқа қосты. Адамның абзалы еді ғой, жарықтық. Иманды болсын, жатқан жері жайлы болсын.
– Қанша жасында қайтты? – деді Есімсейіт.
– Алдыңғы жылы қайтыс болды ғой, – деді Қондыбай, –Топырақ жасын қосқанда биыл жетпіс үште екен.
… Екі күн еру болды. Жігіттер шіліктен абақ тоқып топырлатып балық аулады. Есімсейіт орманға барып, тоқылдап, ештеңе көрмей, естімей күйлеп отырған құрларды қисапсыз ұстап алып келген. Қазан толы бөккен қуырдаққа әбден тойып, демалып ес жиған жүргіншілер үшінші күні таңертең аттанды. Бұдан кейінгі жол аса қиын болмады. Бірнеше күн тоқтаусыз жүрістен соң Алтайға ілінген. Күн түске тырмысқан шақ еді. Жүргіншілер алдарынан ашылған табиғат аңғарының көз қарықтырған көркін тамашалап тұрып қалған. Бүкіл көкжиекті алып керіліп, ұстын-ұстын болып жоғары өрлеген тау, тұтасқан жыныс орман екені көрінеді. Көк-жасыл желкілдеген желектен әлдебір жанға жайлы салқын леп төгіліп тұр.
– Міне, мырзам, Алтайға да жеттік, – деді Қондыбай майда дауыстап.
Көп жұрттың көңілі босағаны байқалды.
– Жарықтық, – деді Есімсейіт даусы сәл қарлығып, – Нардай болып шөгіп жатқанын қарашы.
– Аса биік емес сияқты ғой, – деген бозбалалардың бірі.
– Ол, төбесін бұлт жасырғандықтан, – деді Қондыбай, – Қарамайсың ба, таудың үсті ақшыл-көкшіл болып тұр. Сол жатқан бұлыт қой.
– Төбесіне бұлт шөксе өте биік болғаны, – деді Көсемсары.
– Алтайда бір ән айтылады, – деді Қондыбай.
Сәл ырғалып барып сызылта әндеткен.
– Ауылым көшіп барады таудан асып,
Таудан асқан бұлытпен араласып,
Кішкентайдан бірге өскен сәулем едің,
Қапияда айырылдым жаза басып.
***
Тәттімбет бас кәдені атқарып болғаннан кейін істің мәнісін баян еткен. Алтайдағы қалың елдің басшысы, ақ киізге салып көтермесе де атаусыз хан есебінде билік құрып отырған Ажы төре сол күні-ақ ордасына билерді, мал иесі байларды қос аттап алдырған. Жұрт жиналып, ірге түрілгеннен кейін, еңсегей бойлы, қараторы өңді Ажы, басындағы ұкілі тымағын шешіп қоңыр ноғай тақиясын киіп қамшысын ортаға тастап зор дауыспен сөз бастаған.
– Ал, жамиғат, мен өздеріңді үлкен бір істің жайымен шақыртып отырмын. Төрт бидің төртеуі де осында. Алыстан, алты арыс елден сәлем жолдап, үлкен тілекпен, үлкен қолқамен Тәттімбет мырза келіп қалыпты орталарыңа. Тілегінің жөнін айтайын. Арқаға үлкен жұт келе жатқан көрінеді. Қиыр қонып шет жайлағанымызбен тамырымыз сол қара нар далада. Ешқашанда кіндігіміз үзіліп кетпек емеспіз. «Ырыс – жұғыс» деген. Қашандағы қиын қыстау күн туғанда, бас ауырып балтыр сыздағанда ағайын бір-біріне көмек қылмаушы ма еді. Әйтпесе, қазақшылығымыз кәне. Уа, жамиғат, баяғыдағы Алтай мен Тарбағатай, Іледегі төрт арыс елдің малын отап, ырыздығын шайқап кеткен қайың сауған жұтты ұмыта қоймаған шығарсыңдар. Енді, міне, алыстағы ағайын жылқысын қыстатуға жер сұрап келіп отыр.
Аз-маз ақылдасқаннан кейін төрт бидің жасы үлкені Көкен сөз алды.
– Уа, алдияр, – деген, жағына пышақ жанығандай сұрша жүзді, тұрымтайдай қағілез би, – Көңіл сиса – бәрі сияды. Бір жыл, екі жылға жылқұда болып келген ағайынды идерімен көтеріп алуға шамамыз жетеді. Оның үстіне бұл ежелгі жол ғой. Қарағайдың саласы көп – сағасы бір. Мына жерде біз ақылдаса келе былай деп шештік. Ұялы, Тайсойған, Мойылды, Қарандыз, Қатынқарағай, Түйеліқасат, айналасы айшылық жер, ит тұмсығы өтпейтін ұланғайыр орман. Осы орманның шашасы қанша қосын жылқы болса да асырайды. Ал егер тағы бір лек жылқы келсе онда, неше жыл болды қонбай кеттік, Қатынқарағай мен Марқакөлдің арасы тусырап жатыр, сол жерді жайлайды.
Ажы төре қатты риза болды.
– Иманың келсаптай болғыр, – деді мұртын сылап, – Рахмет, би-еке, бәріңе рахмет.
Кешке төренің мол дастарханында отырып Тәттімбет бұл елдің өнерімен де танысқан. Мәжілісте ештеңе айтпаған күйі кеткен Бейсенбі би домбырашы болып шықты. Әңгіме бір толастаған шақта киіз қаптан мойны үш елідей жуан, сауырлы, ауыр қарағай домбырасын суырған би ұзақ-ұзақ күй толғаған. Отырған жұрт үнсіз қалды. Тәттімбет алғашында бидің саусағынан тынымсыз сорғалаған сазды әуенді күйдің қай үлгісіне жатқызарын білмей ғажап қалған. Содан соң барып бейтаныс күйдің жүйесін ажырата бастады. Би шерткен күйдің барлығына ортақ қасиет – олардың адам айтқан сөзге ұқсап келетіндігінде екен. Кей иірім үзіп-үзіп айтылған болса, кейбір бұрмалар көсіліп айтқан үлкен сөзге меңзейді. Кейбір күйлер тіпті екпіндетіп айтылған қысқа қайырым әндерге ұқсайды. Сөзден баяғыда ажырап, әуенді, соның сұлулығын ғана күйттейтін Арқаның күйлеріне мүлдем ұқсамайды. Бірақ бәрібір әдемі. Бір өзіне ғана жарасатын таңғажайып сымбат бар. Аздан соң жаңадан ашқан күй өлкесіне біржола шомған.
– Ал енді қонақкәде, – деген дауыстар естілгенде ғана ұйқыдан оянғандай селт еткен.
Бейсенбі бұған домбырасын ұсынып тұр екен.
– Би аға, жарайды, тартайын, – деді Тәттімбет асығыс, – Бірақ өз домбыраммен.
Домбырасының бұрауын келтірген Тәттімбет аз отырып Кет Бұғаның күйінен бастаған.
– Апырай, – деді Бейсенбі мұртын сылап, – Өте ескі сарын ғой, мынау.
Тәттімбет, артынша, көңілге көрік бітірген сұлу күйлерді бірінен кейін бірін қозғаған. Түн батқанын, әлденеше жерден шам жағылғанын, сырттағы күтуші жұрт пен іштегі адамдар, барлығы сілтідей тынып күй тыңдауға көшкенін, бірде-бірін байқамаған. Қонысы қиыр болғанымен қаны бір, сағынып жеткен ағайынға жүрекжарды сырын риясыз ақтарып, құба шешен домбыраның қақпағына дүбірлете өрнек салып тарта берген… тарта берген…
– Па, шіркін, – деді Ажы төре, – Күй тартсаң Тәттімбеттей тарт.
Жұрт, не айтар екен дегендей Бейсенбіге қараған.
– Саусағың сағымдай екен, Тәттімбет, қарағым, – деді Бейсенбі, – Өнерің өрісті болсын. Шынымды айтсам, қолыңның салыққанын білем, тағы да қолқалауға ұялып отырмын. Бірақ тәттіден айырған баладай болып отырмын.
– Әй, айтасың-ау сен де, – деген Көкен жымиып, – Бір айтқан билігіңді екінші мәрте сұраса қайталар ма едің?
Жұрт мырс-мырс күлген.
– Мына шертісті мен бұрын естігем, – деді Бейсенбі, – Қыржының ішіндегі Қызыл мойын Қуандықша толғайды екенсің.
– Қуандық ата менің ұстазым ғой, – деді Тәттімбет, – Білуші ме едіңіз?
– Қуандықты кім білмейді, – Бейсенбі домбырасын іргеге сүйеп төреге қараған.
Ажы есік жақта тұрған бақыршыларға бас изеп белгі берген. Сәлден соң Көсемсары мен Тәттімбеттің алдына бір-бір табақ қойылды.
– Қарағым Көсемсары, қарағым Тәттімбет, – деді Бейсенбі, – Мынау алдарыңа қойылған – өрме төс. Қаракесекке талай қызымыз ұзатылды. Елің күйеу болғаннан кейін өздерің де күйеусіңдер. Кәне, кәделеп жіберіңдер.
Сыртын май тыққан қойдың ащы ішегімен, шекпеннің тоқымасындай етіп мәнерлеп өрген жылқының төстерін қатар бұтарлап үлгерген Тәттімбет пен Көсемсары есікте тұрған әйелдерге бір адамдай алақандарын созған. Қолдарына тиген бір-бір шөкім қидың сақар күлін екеуі де тураулы төске сеуіп араластырып жіберіп дәмін татқан. Содан соң табақты аралатып жіберген.
– Бәрекелді! – деді Көкен би риза болып,– Күйеулер жөн біледі. Кәне, өрме төстен дәм ауыз тиіңдер.
Осы кеште Тәттімбет өзі үшін мүлдем бейтаныс дүниемен қауышты. Бақса, бұл, алғашында таңсық болғанымен, көңілдің түкпірінде тамыры бар түйсік екен. Қыз-жігіттер кезектесіп айтқан жүрек суырған әндерден баяғыда ұмыт болған жаугершіліктің, әлдебір көне мұңның лебі есіп, шым-шымдап сүйекке енді. Көсемсары көзіндегі қаймыжық жасты сүртіп, анда-санда Тәттімбетке жалт етіп бір қарап қояды. Бір кезде қыздардың біреуі домбырасын Көсемсарының алдына көлденең қойған.
– Аға, енді сіз ән айтыңыз, – деген қиылып.
Көсемсары домбыраны күйлеп алып бірден «Екі жиренге» басты. Сәл қарлығып бастап, ақырында өзінің қамрықты даусын тапты. Содан соң тоқтамастан бірде буырқанған, бірде қайғы мен қасіреттің баяу ағысына түскен әндерді сұратпай-ақ айта берген. Ең соңында аса келелі мәжілістерде, жақсылардың алдында өтінтіп барып айтатын «Гаухартастың» тиегін ағытқан. Тәттімбет, бір бойжеткеннің қыстыға жылап құрбысының кеудесіне басын қойғанын көріп қалды…
– Соңыра арнайы тігілген үйге келіп, жатар орында, – Бүгінгі өнеріңіз ерек болды, – деген.
– Сен де бүгін қайдағы-жайдағыны қозғадың ғой, – деді Көсемсары, – Алтайдың жүрегін қалтыраттың бүгін.
***
Жылқының алды қыркүйектің ортасында жеткен. Іркес-тіркес табын қазан аяқталғанша межелеген жерлеріне жетіп ұлаңғайыр орманды жайлай бастады. Тұтасып жатқан орманның шашалық шалғынынан жылқының жоны анда-санда бір көрінеді.
– Апырай, — деді кәрі жылқышылардың бірі риза болып, – Құдайдың өзі ағаштан қора соғып ішіне пішенді үйіп тастаған сияқты. Бұндай да керемет болады екен-ау.
– Жарықтық, қарандыз деген қасиетті шөп қой, – деген Көсемсары құрықтың ұшымен жылқының тезегін түртіп, – Міне, келгелі бері жылқы ішінен құрт тастап келе жатыр.
Тәттімбет қарауытып тұрған бүкіл алапты рахаттана шолған.
– Мына орманның шеті мен шегі бар ма?
Ажы төре жол көрсетсін деп қосып берген Қойайдар ақсақал масаттана күлген.
– Қарағым, Тәттімбет, осы Мойылдыдан шыққан ақ тиін бұтақтан бұтаққа секіріп отырып жерге бір түспеген күйі Ібір-Сібір мен Итжеккенге жетеді екен.
– Сенем, – деді Тәттімбет, – Бұндай қалың жынысты бірінші рет көріп тұрмын.
– Ұры-қарыдан тынышсыздар ма? – деді Есімсейіт.
– Құдай сақтасын, – деді Қойайдар, – Көлденеңнен жау келмесе, шүкір, тынышпыз. Мына жақта азынаулақ ұраңқай қалмақ бар. Кезінде бір-екі рет кеуде көрсетпек болған. Айттық, егерде сендер біздің жылқыны ұмытсаңдар, біз де сендердің бар-жоғыңды ұмытамыз дедік. Қалмақ сонымен тынды.
Бұлар жаз-күз бойы жер аралаған. Алтайдың бойы жағалай ел, қисапсыз мал. Тәттімбет осынша барақатқа жеткен қауым мен Арқадағы тынысы тарылып, қонысы кесіле бастаған алты арыстың жайын ойша салыстырып әлденеше рет көңілсіз ойға қалған. Еркіндікте, ырысы тасып отырған бұл елді орыстың дәргейіндегі қазаққа бейім қылғанда не табам деген күмән мазасын алып ұйқысын қашырған. Алайда, ерте ме, кеш пе бұл шадыман өмірдің де аяқталатынын, күндердің күнінде екі оттың біреуін таңдау керек екенін де көкірекпен сезіп, жүрегі одан сайын сыздай ауыратын. Әңгімені қалай бастарын білмей қиналып жүргенде Ажы төре әдеттегіше дәм татып, үзеңгі қымыз ішуге шақыртқан. Ертеңіне, – Тәттімбет, мен сендерге бұл елдің қалай алтын шаятынын көрсетейін деп едім. Соның реті бүгін келген сияқты, – деп атын ерттеп ере шықты.
Межелі жерге қас қарая жетіп ұсталардың ауылына қонған жүргіншілер ертеңіне шеберлерге еріп алтынды өзеннің жағасына келген.
– Осы жерден үш өзен ағады, – деді Ажы төре, – Жанан, Бақтылы, Ақкеріш. Қазір қызықты көресіңдер.
Содан соң шеберлерге бұрылған.
– Бұл жолы қанша тері бастырдыңдар?
Шеберлерді бастап жүрген, сақал-мұртын қырау шалған, еңсегей бойлы қария өзеннің төменгі сағасына қарай қолын сілтеген.
– Хан ием, бұл жолы алты жүз тері бастырылды.
Ажы риза кейіпте жымиған.
– Өзеннің бүкіл табанын жауыпсыңдар ғой.
– Иә, – деді қария, – Тері жидіген сияқты. Исін сезіп тұрған шығарсыз.
– Ал, кәне, – деді Ажы, – Мына қонақтарға көрсетіңдер өнерлеріңді. Бір-екі тайтұяқ құйып беріңдер.
Бірнеше жігіт шешініп суға түсті.
– Жарықтық, – деді Есімсейіт, – Таудың өзені суалмайды екен ғой. Қарашы, адамның бойынан асып тұр. Тұңғиық қой.
Аздан соң сүңгушілер иісіне адам төзе алмайтын сегіз теріні суын сорғалатып төренің алдына әкеліп тастаған. Суы сорғалағаннан кейін жидіп кеткен терінің жүнін қолмен сыдырып ала салады екен.
– Жүнді бір-біріне қоспаңдар, – деді Ажы, – Қонақтар көрсін.
Киіз құсатып орап қойған бірінші шиыршық жабағы жүнді, жігіттердің бірі адамның кеудесінен келетін қоздың төбесінен ішіне қарай тастай салған. Екінші шебер астындағы қуыстан қозды тұтатып та үлгерген.
– Былай барып отыра тұрайық, – деді Ажы.
Көгалға төселген дастарханға шара-шара қымыз бен шұбат қойылды. Қонақтар шөлін басқанша шеберлер қоскөмей көрікпен үрлеп қоздың жалынын аспанға шығарған. Қымыз буынға түсіп, отырғандар есіп сөйлей бастағанда Ажы ұсталар жаққа жалт етіп бір қарап алақанын шарт еткізді. Сол сәт шеберлердің бірі сабы ұзын кемпірауызбен бір нәрсені қоздан шығарып алды да шыж еткізіп суға батырған. Екінші шебер қауғаны қонақтардың жанына алып келді де, аулап жүріп баланың жұдырығындай сарғыш тасты төренің алдына қойды.
– Міне, хан ием.
– Астапыралла, – дедi Көсемсары қайран қалып, – Мынау алтын ғой.
Ажы алтынды қолына алып недәуiр уақыт тамашалап отырып қалды. Содан соң Тәттiмбеттiң алдына шиырып тастай салған. Тәттiмбет алтынды қолына алғанда жүрегi кеудесiне симай атқылақтап кеттi.
– Апырай, төре, – деді толқи, – Мынау шаш етектен байлық қой. Сонда бір теріден осындай алтын түсе ме?
– Иә, – деді Ажы, – Кезінде шүршіттер базарға қалмақтың алтын алып келгенін көріп, осынша қазынаны бұлар қайдан алды деп, ел ішіне керуен тартқан болып, тау-тасты тінткен ғой. Сонда әр бұлақ, әр өзеннен бір-бір кеспек су құйып алып, әр таудан бір-бір қап топырақ, тас артып қайтып келе жатқан керуенді қалмақтар ұстап алып, суды төктіріп, топырақты шаштырып, керуеншілердің бәрін қырып салыпты. Осыдан отыз шақырымдай жерде «Шүршіттің қорымы» деген жер бар.
– Шүршіт ол топырақ пен суды қайтеді? – деді бозбалалардың бірі.
Шеберлердің басшысы күліп бас шайқаған.
– Әй, қазағым-ай. Ол суды, ол топырақты ішкі жаққа, өздерінің қалаларына апарып тексермей ме. Содан соң қай өзеннің суынан алтын шықты, соны қалмақтан келіп тартып алмай ма.
– Тері суда қанша жатады? – деп сұрады Қондыбай.
– Жидігенше, – деді шебер, – Көпіршік атып саси бастағанда суырып аламыз. Жүнін сыдырып алып кептіреміз. Отқа жағамыз. Сонда әр теріден қоздың түбіне осындай бір кесек алтын ағып түседі.
– Тері түккке жарамай қала ма? – деді Есімсейіт.
– Неге жарамайды? – деді шебер, – Бізде ысырап деген болмайды. Міне, мына жұрт киіп отырған күдері шалбар мен күдері көйлекті осы теріден сыдырған.
– Тәттімбетке екі тайтұяқ құйып беріңдер, – деді Ажы, – Еліне барғанда айта жүрсін. Жай тұяқ емес, жағалай мөрлеп беріңдер.
– Құп болады, хан ием, – деді шеберлердің басшысы.
Кешке көрші ауылда қонақасында отырғанда бұларға ере келген шеберлердің басшысы нешетүрлі қызғылықты әңгіме шерткен.
– Нұрқасым, баяғыда арқар ауламақ болғаныңды айтсайшы, – деді Ажы, шеберге мейірлене қарап, – Қызық болсын.
– Айтайын, – деді Нұрқасым.
Содан соң Тәттімбетке бұрылған.
– Былай болған, мырзам. Жас шағым. Бір күні, күзгі күйек аяқталып қалған кез, байдың шағын отар қойын бағып тұрғам. Аяқ астынан бір арқар келе қалсын. Құдайдың ісіне дауа бар ма. Анда-санда даланың айуанын үй малының жатыны шақырады дейді ғой. Отардағы қошқар саулықтарды қызғанып арқарға қарсы шапты. Арқар деген дию ғой. Үйдей неме, әлгі қошқарды сүйреп апарып тауға да, тасқа да соғып мылжа-мылжасын шығарды. Қарап тұрғаннан басқа не шара. Содан арқар бүкіл отарды тұрғызып қойып қашырды. Енді кетіп бара жатып бұлақтан су ішкені ғой. Осы кезде басыма сайтандай бір ой сап ете қалды. Бұл арқарды мен неге ұстап алмаймын дедім. Ұстап алып келсем бай-екең ат мінгізетіндей көрінді. Ақырын барып арқардың артқы сирағынан шап бердім. Сол-ақ екен өгіздей айуан мені тулақ құрлы көрмей, сүйреп ала жөнелді. Алдында ғана қалың қар жауған. Онда да, мұнда да соғып сүйреп келе жатыр. Қойын-қоншым қарға толды. Ақырында шалбардың тізесі, үстімдегі жақының шынтағы жыртылды.
– Әй, ақымақсың ғой, – деді үй иесі қария, – Әй, Нұрқасым-ай. Жібере салмайсың ба.
– Қайдан білейін, – деді Нұрқасым күліп.
Жұрт қыран-топан күлкіге батқан.
– Ақырында, бір жақпар тасқа ыңқ еткізіп соғып кете барды арқарым, – деді Нұрқасым, – Қол-аяғым қалтырап қайтып келдім. Қошқар әлі тірі жатыр екен. Мал болмайтынын көргеннен кейін бауыздап тастадым. Кешке бай-екең әбден ұрысты. Көкми, арқардың таудан түсіп саулыққа жанасқаны құт емес пе. Бір қошқар садақа, малдың нәсілі жаңғырады емес пе. Ондай арқарды айналайын деп қоя беру керек қой деді. Содан кейін сол отардың қойлары тайыншадай болатын болды.
– Білем, кеудесі есіктей көк қойлар, – деді үй иесі, – Бір қошқардың өзін пәленбай пұлға сатып жүрді ғой.
– Нұр-еке, – деді Тәттімбет, – Манағы алтын ағатын өзендерді басқа кім біледі?
– Тәттімбет қарағым, оны мен қайдан білейін, – деді Нұрқасым бір кесе шайды қолына алып жатып, – Бұнда талай адам келеді. Ішінде алтын іздеп жүргендері де бар шығар, кім біліпті.
– Ертеде мынадай бір оқиға болыпты, – деді Ажы, – Қалмақтың шүршітті өлтіргені тегін емес. Бір қалмақ ауыл осылайша алтын шаяды екен. Күндердің күнінде бір керуен келіп сауда жасайды. Көрген шығарсыңдар, қытайдың тақта шайы деген болады.
– Тастай қатты болады, – деді Нұрқасым, – Пышақпен жонып салады. Ол шайды қыздың жасауына да береді.
– Иә, – деді Ажы, – Содан саудагерлер он екі тақта шайға бір қадақ алтын алыпты. Қалмақ әкеліп берген жұдырықтай алтын, қадақтан ауыр болып шығады. Саудагер суыртпақтап отырып алтынның қай жерден шығатынын біліп алады. Өзі дуахан – сиқыршы екен, тылсымның тілімен әлгі өзеннің түбіндегі алтынның көзін бітеп кетіпті. Кейіннен қалмақтар осы біз сияқты теріні малшып көрсе ештеңе жоқ дейді. Қалмақтар өздерінің бақсыларын кеген дейді. Сол кегеннен сұраса, ол керуеншілердің жайын біліпті де, бұл, керуендегі сиқыршылардан келген кеп депті. Содан бері, сол кегеннің айтуымен, қалмақтар жер тінтіп, көрген жайыттың бәрін қағазға тізіп жүрген адамдарды сөзге келмей өлтіретін әдет тауыпты.
Осы әңгімеден кейін үш ай уақыт өткенде төремен етене сөйлесудің реті келген. Қарашаның соңында, жанына бірнеше адам алып, елдің жайын біліп қайтайын деп аттанып кеткен Қондыбайдан хабар жоқ, қыстың мазасыз бір кешінде Ажының қарағай ордасына келген. Аз-маз отырып, үйде бөгде адамның жоқ екеніне көзі жеткеннен кейін өзімен бірге үнемі алып жүретін, ұсталар сыйға тартқан тайтұяқ алтынды алдына қойып, әңгімені шым-шымдап алыстан бастады.
– Төрем, еліңнің ниетіне, пейіліне қарай Құдай берген-ақ екен. Айналасы айшылық жер, құты үзілмейтін, барған сайын көркейіп зорайған топырақ, сала-сала аққан өзен, таудың іші құм-қайрақ бұлақ, лебі дарудай құйылған тұнжырап тұрған орман-тоғай. Баяғыда Асанқайғы атамыз іздеген жерұйық осындай-ақ болар. Осының өзін ғана көрген адамның арманы түгесілгендей. Тағыда айтайын, өткенде алтын ағызған шеберлердің ісіне бұрынғыдан бетер қайран қалдым. Біздің елде де алтын құятын еді. Қарқаралыдан осылай қарай келе жатқанда Мұзбел, Құсмұрын деген ескі алтынның ордалары бар. Жарықтық Абылай кезінде алтын шайдырған екен сол жерде. Қариялар айтушы еді, ерінбесең күніне бір кесе балшық аралас алтынның құмын аласың деп. Бірақ Алтайдың шебері өнері ерек шықты. Алтынды қойдың терісіне бақтырып қойғанды, шынымды айтайын, бірінші рет көріп отырмын. Жасыратын несі бар, түптің түбінде мен де осы өнерді меңгерсем деп едім. Алайда, бұл кейін болатын іс. Ал қазіргі әңгімемнің жөні басқа, төрем.
Тәттімбет сәл дамылдап, алдындағы суып қалған шайдан бір ұрттады. Ажы көзін төмен салған күйі сөздің аяғын тосып үнсіз отыр.
– Мен басқаға келген батпан зияннан, қазаққа келген иненің жасуындай пайданы артық көрем, – деді Тәттімбет сөзін жалғап, – Мен осы елге келгелі көргенімнің барлығын ертегідей керемет дер едім егер осы көргенімнің барлығы кеш болмаса. Дұрыс түсініңіз, төрем. Анықтап айтайын, зая емес, кеш. Түзеуге болатын ғапыл.
Ажы жеңіл күрсініп сөйлеген.
– Сонау жердің түбінен жай ғана жылқы қыстатуға келмегеніңді, осындай әңгіменің әйтеуір бір болатынын білгем. Сенің не айтқың келіп отырғанын түсіндім. Бәрінен кенде қалып, енді барлығын жаңадан бастаған кеш демексің ғой. Сөзің асыл, Тәттімбет. Ерте ме, кеш пе, елдің басы, малдың саны қағазға салынатынын, жердің асты мен үстіндегінің барлығы есепке алынатынын, бәрін де білем. Бұны білмесем неменеге ел билеп отырмын. Бірақ білуін біліп, заманға қарсы тұратын қауқарыңның болмауы, бәрінен бұрын сол қайғы екен, Тәттімбет. Басынан бағы тайып, дәурені аяқталған елдің төресі болған… қиын. Әлпештеп өсірген ардағыңның, күні ертең кімге жолығарын, кімнің шаңырағына барып түсетінін білмей дал болған әке қандай қасіретті болса, біз де… сондай қасіреттіміз. Сауысқанға бақ берсе, самұрық сол сауысқанның саясында қызмет қылады. Кеудесі зор алаш өзінен өресі төмен бір жұртқа кіріптар, жалынышты бола ма деп… соны ойлай-ойлай… санаң сарғаяды екен.
– Неге сонша түңілдің, төрем, – деді Тәттімбет, – Елің сонша қорғансыз емес еді ғой. Алты қырдың астында қазық жұртың жатыр.
Ажы көңілсіз езу тартқан.
– Мен қазақтың төрелерін түсінем, сонадайдан көмейін танып отырмын. Текті айғыр, он екі келеден кейін өз ұрпағын тауып үйіріне қосып алатыны сияқты, қазақтың бүгінгі төрелері де, заманында қалмақтың қаңырап қалған жұртын басып қалу үшін ғана аттанған елді, енді қайырып алуды ойлап отыр. Шынында да солай, себебі ел айрылған жоқ. Бұндағы екі арыс ел қоныс аударған жоқ, көшіп кеткен жоқ, – жұрт жаңартты. Тек біз де қамсыз отырған жоқпыз. Ол жақта не болып жатқанынан анық хабарымыз бар. Қазақтың телімге түскенін де, төреден тізгін кеткенін де, бәрін біліп отырмыз. Өзің ойлашы, Тәттімбет, міне, мен, жаман-жақсылы осы елді билеп отырмын. Қоластымда төрт би бар. Осы төртеуі, маған әзер төзіп отыр. Баяғы Шыңғыстың, баяғы Жошының тұқымы еді ғой деп, атамыз атасына бағынып еді ғой деп. Соның өзінде талай рет бұра тартып, езулей шапқанда, не істерге білмей бармағымды шайнап отырып қалған кездерім болды. Ал енді осы төртеуінің төбесінен қарап, мәмлеге келтіріп отырған мені алып тасташы, не болар екен. Мәселе менде де емес. Менің орнымда, осы төбе билікте отырған кез келген басқа адам болсын, соның қолынан тізгінді алып, төрт биді төрт жаққа бетімен қоя берші. Таң атпай-ақ барымта басталсын. «Бет көрсе – жүз ұялады» деген. Бір-бірін көріп бір жерде отырмағаннан кейін, әркім өзін хан сайлап алады. Қырқыс басталады, ел ішін қиянат жайлайды. Ал бұлғақ дағдыға айналғаннан кейін, ол елдің береке-бірлікке қайтып келуі қиын болады. Тіпті мүмкін емес. Ол үшін менің ұлы бабам Шыңғыс сияқты өзен қылып қан ағызу керек. Міне, Құнанбайдың сені бері қарай аттандырғандағы көмейі. Еліңді өз қолыңмен ноқталап ақ патшаның дәргейіне алып келіп бер деп отыр.
Ажы үнсіз қалды. Тәттімбет сөз таппай қиналып ұзақ отырған. Не айтсын. Төренің бармай-көрмей болжап айтқанының өзі-ақ қолмен қойғандай ақиқат болып шығып отыр.
– Қайғың осы болса, бұл болмай қоймайтын нәрсе, төрем, — деген ақырында, әр сөзін теріп сөйлеп, — Құнекең алыстағыны айтып отыр. Болары болғаннан кейінгіні айтып отыр. Сен білмейтін нәрсе жоқ, төрем. Сен білмейді деп айтып отырғам жоқ, бұрыннан білетініңді есіңе салып айтып отырмын. Ақыл айту емес – кеңес. Баяғы дәурен өтіп кеткен, төрем. Арам ханды талапайға салу, жұртқа жалғыз тастап көшіп кету, бұның бәрі баяғыда болған. Ендігі заманның әміршісі – құрығы ұзын, қарымы қатты әмірші. Қайда кетсең де алып жейді. Қылыш үстінде сертіңді алады, қылышты тіреп тұрып сол сертіңді орындатады. Өз бетінше тұрған еркіндік енді болмайды. Ендігі заманның еркіндігі – күштіге арқа сүйеу, бағыну және өнерін алу. Заманның ыңғайы осындай. Көнсең де, көнбесең де – осы.
Үй ішінде тағы да үнсіздік орнады. Содан соң Ажы жер шұқып отырып баяу сөйлеп бастаған.
– Құнанбай кемеңгер. Алыстан атақ-даңқы дүмпіп жетіп жатыр. Бірақ ол қарадан хан болса – бітімімен емес, жүрісімен хан болды. Біреу атадан асып туса, біреу атаға жетіп туады, біреу атадан кетіп туады. Құнанбай қазақ пен орыстың арасында дәнекер болып отыр. Бірақ Құнанбай мен сол жахаттас жақсылардың әділеті өздерімен бірге кетеді. Себебі, жеңген ел, жеңілген елге осы, атадан кете туғандарды тұтқа қылады. Арыстанды қойға бастатады. Міне, Тәттімбет, менің қорқатыным осы.
– Бәрібір тізгін жатқа кетеді ғой, – деді Тәттімбет, – Сонда не істемексің, төрем.
– Бәрі де Құдайдың қолында, Тәттімбет, – деді Ажы, – Ол айтып отырған жатың зорға шығып әлемді ала ма, әлде өзді-өзі ырың-жырың болып құрып кете ме, оны Құдай біледі. Сондықтан жүз жылдан кейін осы жерге шүршіт келеді екен деп орысқа жем бола алмаймыз. Менің Құнанбайға айтар сәлемім осы.
***
Қаңтардың аяғына қарай Қондыбай қайтып келді. Беті-қолдары қарайып үсіген, әбден қалжыраған жолаушылар үш күн дамылдады. Төртінші күні Қондыбай келіп Тәттімбетке есеп берген.
– Есепшілер түс көргендей қылып айтыпты, мырзам Құдай басқа бермесін. Бүкіл Арқаның малы қырылып жатыр. Қар жауа-жауа екі құрықтың бойынан асып кетіпті. Және жай сіреу емес, бір еріп, бір қатып, темірдей мұзға айналыпты. Мал бірінің жүнін бір жеп жатыр. Ол аз болғандай Бетпақтың киігі қайтадан бері қарай ауыпты. Ауылға кіріп қойдың жүнін жұлып, орман-тоғайды түк қалдырмай жеп жатыр. Киік союдан жұрттың қолы босамайтын болыпты. Бүкіл дала қан сасып жатыр. Міне, біздің көрген жай осындай, мырзам.
Тәттімбет естігенінен есеңгірегендей, ұзақ үнсіз отырып қалды.
– Адам шығыны бар ма екен? – деді ақырында.
– Құдайға шүкір, – деді Қондыбай, – Арық-тұрақтың еті бар, киігі, басқасы бар. Ашығып жатқан ешкім жоқ. Жасы жетіп өлген бірді-екілі адам болмаса. Бірақ келесі жылы қалай болады, оны Құдай біледі.
– Есепшілер не дейді? – деді Тәттімбет үміттеніп.
– Әзірге ештеңе айтпайды, – деді Қондыбай, – Сәуірдің аяғына, жаздың басына қарай белгілі болады дейді. Құдайдан тілегеннен басқа бізге не қалды енді. Бұл жақта қалай болып жатыр?
– Құдайға шүкір, – деді Тәттімбет, – Жылқы, қорада тұрғандай күйлі. Әрине, бетеге емес, үнемі қара құмалақ. Бірақ бірде-бір шығын жоқ.
Қондыбай масаттана күлді.
– Бәрекелді.
Бірнеше күннен кейін Ажы төре салбұрынға шақырған. Тәттімбет бұлан аулағанды өмірінде бірініші рет көрді. Орманның алаңқайына үркітіп айдап алып келген төрт бұланның біреуі бұзау ерткен ұрғашы екен. Көзі қызыл жағал, кішкентай қаракөк бұзауды енесімен қосып қақпайлап қоршаудан шығарып жібергеннен кейін аңшылар дүркімен атып қалған үшеуін жусатып салған. Ілезде іреп, бұтарлап, бауырын отқа қақтап, тұздап Ажы мен Тәттімбеттің алдына қойған.
– Кәне, күйшім, бұл сенің жеп көрмеген нәрсең болуы керек, – деді Ажы өткір бәкісімен буы бұрқыраған бауырды турап жатып, – Ал, аса.
Тәттімбет бір кесегін алып дәм татты.
– Тәтті екен, – деді риза болып.
Сол-ақ екен аңшылар қаны сорғалаған шикілі-пысылы кәуапқа лап қойған.
– Қызық – деді Есімсейіт қолының қанын қарға сүртіп жатып, – Бұлан дегеннің иегінің астында кәдімгі адамдікіндей сақалы болады екен. Бұндай аюанды бірінші рет көріп тұрмын.
– Бұланның атын кейде сақалды деп те атайды, – деді аңшылардың бірі.
Кешке қалың орманның ортасындағы үлкен алаңқайға жеті киіз үй тігіліп, үлкен қазан көтерілді.
– Жарықтықтың еті бауыр сияқты қап-қара болады екен, – деді Көсемсары, – Әй, киіктің етіндей бола алмайды-ау.
– Әрине, – деді бір кәрі аңшы, – Бұлан орманда жүреді, жейтіні жапырақ, жидек. Қарақұмалақ мал ғой. Ал киік жарықтық қой сияқты бетегеге жайылады.
Тәттімбет осы жолы тағы да бір жаңа өнерге куә болды. Оты бөлініп кеткен ел, өзінің тұрмысына лайық басқаша ғақлия, басқашалау мақал.
– Мылтық құрған алыстан атып алады ,
Қақпан құрған үйінде жатып алады,
Тазы салған сілесі қатып алады,
Бүркіт салған қызыққа батып алады, –
деді мосқалдау бір аңшы Тәттімбетке қарата, – Мырзам, бүгін мылтықпен алдық. Бағана таңертең қырық шақты қақпан құрып кеттік. Оны да көресіз. Бүрсікүні құсбегілер қуып жетеді. Оны да көресіз.
– Аюдың етін жеп көріп пе едіңіз? – деді бір бозбала Тәттімбетке күле қарап.
Есімсейіт қайран қалған.
– Оның да етін жей ме?
– Жеп көрмеппін, – деді Тәттімбет.
– Оны да көресіз, – деді мосқал аңшы.
Табақ толы қаражігер қуырдақты жақынырақ жылжытқан.
– Алыңыз, мырзам.
Өмірінде көрмеген аңды аулаған ертегідей салбұрын аяқталып, күнделікті тұрмыс басталды. Қойайдар ақсақал бастап орманда жатқан жылқының табындарын аралап қайтқан. Елдегі болып жатқанды естіген жылқышылар күйзеліп қалды. Бәрінің ауылды сағынғандары көрініп тұр.
– Шыдаңдар, – деді Тәттімбет дем беріп, – Жаз шыға қайтамыз елге.
***
Он екі Абақ Керейдің ішіндегі Қарақастан наурыздың қарсаңында шақырту келді.
Ажы бастаған ұзын саны қырық шақты адам түн ортасында межелі жерге жеткенде жұрт ұйықтамай отыр екен. Қалың орман өскен өркеш-өркеш таудың етегіндегі кең алапқа сансыз үй тігілген. Қонақтарды төрткүл ордаға түсірген ауыл иелері барлық кәдені атқарып болып, қалған қызықты таңертең көресіздер деп кетіп қалған. Таңғы астан кейін мереке басталды. Әуелі елдің ең қадірлі ақсақалын ортаға шығарып, алдына бір меңі жоқ, сүттей ақ арғымақты көлденең тартқан. Қария қалмақы ерге нығыздана отырып басындағы үкілі тымағын оқшырайтып қойғанда тұрғандар ду күлді. Қыс бойы тұғырда отырған мұзбалақ пен ұябасарды, екеуін екі жігіт ұстап, майда желіп қарияның екі жағына келіп тұрған. Жұрт демін ішіне тартты.
– Меркіт Баба! Баршын Ана! – деді қария екі бүркітті мойындарынан кезек сипап.
Адамның қолы тигенде екі қыран да, – Пыштақ! Пыштақ! – деп қозғалақтап қойды.
– Жеті қат көктен асып Жаратқан Иемізге, жетіңдер, – деді қария сәл босап, – Тәңірге біздің мұң-мұқтажымызды жеткізіңдер. Далада жатқан бөріден, құрығын сүйреткен ұрыдан сақтасын! Иір құйрық жыланнан, ерді тоздырған ылаңнан сақтасын! Досқа пейіл, дүшпанға қахар өзінің аз қосынын пәле-жаладан қорғасын!
Қария аузын сипады. Екі жігіт бүркіттердің томағасын сыпырып, қатты тебініп шаба жөнелді де аққан бойымен қалбалақтаған құстарды серпе лақтарған. Қырандар қанаттары сатырлап көкке ұмтылды. Тәттімбеттің жүрегі дүрсілдеп кеткен. Әлдебір ұмытылған ерлік сарынды еске салған рәсім, көктемнің зеңгір аспаны, жан жадыратқан жұпар самал мен туған жұртының арыз-тілегін тәңірге жеткізем деп түпсіз көк күмбезге өрлеп бара жатқан қос қыранның бейнесі кенет ой өлкесінің өзі бұрын білетін, бірақ ұмытылған бір тарабын қайтадан ашып бергендей болды. Осы жерде туған сияқты, осы тұнжыр орманда өсіп-жетілген сияқты. Бұл не керемет деді күбірлеп. Бұл қайдан келген сана, қайдан қылаң ұрған түйсік.
Соңыра он екі қанат ақ ордаға келіп, алдарына наурыз көже тартылғанда, қалың мұртын шиырып қойған, алакөз, жалпақбет адам қарағайдан шапқан ауыр қара домбыраны алдына өңгеріп Тәттімбетке қарап сөйлеген.
– Мырзам, сіздей домбырашымен өнер сынасқан әбестік болар. Бұл ауылдың алтыауызы есепті ғана ишара. Мырзам, бұл күйдің аты «Шыңырау». Тәңірге жете алмай, жол алыс, қанаты талған шыңырау бүркіттің зары екен. Қанатының қаққаны дауыл болып соғыпты, көзінен парлаған жас жерге нөсер жаңбыр болып жауыпты. Бірақ артында қалған елдің аманаты бар, сонымен кие көтерді ме, кім білді, ақырында ес кетті, жан шықты дегенде Тәңірінің етегіне жетіп жығылыпты.
Күйші оң қолын ішектің үстіне қойып екі рет шерткенде, о, керемет, бүркіттің қаңқ еткені естілді. Артынша ерекше сымбатты, жігерлі күй төгіле жөнелген. Тәттімбет осы тектес күйді кезінде Қуандықтан естіген. Арқаға жаңғырып жеткен Алтайдың күйі екен. Екпінді күйде де әр иірім мен бұрманың соңын осылайша тербетіп түйіндеуге болады. Кеңістікте біртүрлі қаңғырып естілген әуен Тәңіріні аңсап, әбден өзегі талып шаршаған бүркіттің азапты күйін айна-қатесіз бедерлейді екен. Ең соңында қуатты зар табалдырық пернеге сәл ғана жетпей, тербеліп тұрып алған. Сол сәт күйшінің бас бармағы мен сұқ және ортаншы саусағы үстіңгі ішекте өрнек салып ойнақтап кетті. Пейіштің үніндей қоңыр салқын әуен самалдай ғана лыпып соғып өткен. Содан соң әуен жоғарғы сағаға келіп, тағы да жан жадыратып бір қайталанды.
– Бәрекелді! – деді Ажы, күй шертіліп болғанда, — Әбден шыңырау бүркіттің өзіндей болып зар күйіңе түскен екенсің. Ешқашан бұлай тартпаған шығарсың.
– Енді, Тәттімбеттей серінің алдында қалай жаман тартамыз, – деді күйші күліп, – Күй шерткен, қыз ұзатқаннан да қиын.
– Қыз ұзатқанда кәдеңді ел көтереді, – деген төрде отырған қариялардың бірі, – Домбыра шерткенде бәрі өзіңнен.
– Жарықтық, Қызыл Мойын Қуандық, ол да «Шыңырау» деген күйді шертуші еді, – деді Тәттімбет, – Бірақ ол күйдің әуені де, аңызы да басқа болып келуші еді.
– Кәне, мырзам, сол күйді өтінеміз сізден, – деді ауылдың күйшісі, – Кім біледі, ол жарықтықтың өзі шығарған күй ме екен.
– Жоқ, ескі күй, – деді Тәттімбет, – Баяғыда бір жігіт жол жүріп келе жатып, шаршап, ат шалдырып, жол шетінде тұрған теректің түбіне ұйқтапты. Содан шиқылдаған бір дауыстан оянады. Бақса, ұзындығы он құлаш бір әбжылан теректі бойлап жоғары өрлеп бара жатыр. Теректің ұшар басында шыңырау құстың ұясы бар екен. Шиқылдаған сол шыңыраудың балапандары екен. Жігіт орнынан атып тұрып қынаптан қылышын суырып әбжыланды ортасынан қақ бөліп шауып түсіріпті. Аздан соң асығып шыңырау құс келеді. Балапандары болған жайды енесіне айтады. Шыңырау риза болып жігітке бір сиқырлы сандық беріпті. Сандықты ашса болды ішінен дүние-мүлік, мал мен қазына керегіңше ақтарылады. Сөйтіп, әлгі жігіт мұратына жеткен деседі. Мынау сол шыңыраудың ұясына асығып, зарлап ұшып келе жатқаны екен дейді.
Күй шертіліп болып, орданың ішіндегі жұрт Тәттімбетті қошаметтеп жатқанда ауылдың күйшісі беліндегі ауыр қамар белдікті шешіп ортаға тастай салған.
– Тәттеке, – деген мейірлене жымиып алып, – Наурызда айтылған сөздің бәрі Жаратқан Иеге жетеді екен. Күйің Тәңірінің құлағына жетті, ниетке ниет қосылды. Кел, екеуміз белдік айырбастасайық. Алтайдағы Естияр деген күйшінің белдігі деп айта жүрерсің кейін.
Екі белдік, әр қайсысы жаңа иесін тапқаннан кейін де қошемет тоқтамады… Кеш батты. Алтайдың әйгілі ертегішісі Қазына балауыз шамның жарығынан көз алмай отырып «Кірекей ханым» деген ұзақ ертегіні бастаған. Таң атып келе жатқанда ертегінің жартысына әзер жеткен Қазына, – Ал, енді шай әкеліңдер, ет әкеліңдер, шөлдедік, қарнымыз ашты, – деген еркелеп.
Ілезде дастархан жайылып жұрт таңғы шайға кірісті.
Күні бойы ат ойыны, жамбы ату, тағы басқа сайыс болды. Кешке барлығы қайтадан Қазынаны алқалай отырған. Аздан соң Тәттімбет фәни жалғанды ұмытып, қарияның жанға жайлы қоңыр даусына, көркі көз қарықтырған мәнерлі тіліне тербеліп отырып ертегінің дүниесіне шомды.
Ер Қожағапанға ілесіп, бақи дүниенің шетінде тұрған Өлілердің қаласына да барған, жетім қалған баланың анасы Кірекей ханымды іздеп тауып, мұратына да жеткізген. Сібірлеп таң атып келе жатқанда Қазына, – Сөйтіп Қожағапан батыр Кірекейді қайта тауып, үбірлі-шүбірлі болып арманына жетіпті, – деп, сәл шалқайыңқырап, қолына шайын алғанда үйде отырғандар бір адамдай күрсінген.
– Па, шіркін, – деді Ажы тамсанып, – Тіліңнен маржан төгілді, Қазына. Атыңнан, затыңнан айналайын.
Күндіз өзі садақ атып жеңіп алған қолақпандай айқабақ алтынды ертегіші қарияның алдына шиырып тастай салған.
Қазына қолын кеудесіне қойып басын иді.
– Рахмет, төрем.
Тәттімбет қалтасынан орыстың он теңгелік сөлкебайын алып қарияға ұсынды. Жұрт бейтаныс ақшаны айналдыра қарап қолдан қолға өткізген.
– Шүршіттің ақшасы ортасынан тесік болушы еді, – деді Қазына, – Жіп өткізіп белдеріне тағып жүреді. Ал мынау орыстың ақшасы доп-домалақ, кіп-кішкентай екен.
– Әй, Қазына, одан да тағы әңгіме айт, – деді байлардың бірі, – Алшағыр мен Шағанның хикаясын, Қорамжанның хикаясын айт. Тәттімбет тыңдап кетсін. Қайта айналып келгенше кім бар, кім жоқ.
– Иә, мырзам, – деді тамақ жеп, шай ішіп әлденіп алған Қазына қыдиыңқырап отырып, – Баяғыда ит сыртпен жайласқан кезде болған екен дейді. Бірде қалмақ көп әскермен келіп, қиратып шауып кетіпті. Тұтқынға кеткен бір әйел, аяғы ауыр екен, қалмақтың еліне келгеннен кейін босанып ұл туыпты. Атын Қорамжан қойыпты. Ай өтеді, жыл өтеді, тұтқындағының көбі құсадан өледі. Күндердің күнінде Қорамжанның анасы да төсек тартып жатып қалады. Қорамжанды жанына шақырып алып, — Ал, балам, мен кетейін деп, Жаратқан Иеме ұзатылайын деп жатырмын. Есіңде болсын, біз қалмақ емеспіз, жәсірге келген қазақпыз. Құлын-тайдай тебісіп өссең де бұл қалмақ саған ел болмайды. Алты қырдың астында елің жатыр. Маған топырақ осы жерден бұйырған екен. Мен көз жұмғаннан кейін, сенің енді қарайлайтын ештеңең жоқ, кет бұл жақтан. Еліңді тап. Барсаң жетерсің, жетсең көрген-білгеніңді айтарсың. Елге дұғай сәлем айт, бізге де бір дұға қылсын, – дейді. Дейді де баласын маңдайынан бір иіскеп, иек қағып жүре береді. Содан Қорамжан жылап-еңіреп, анасын тұлыпқа салып тауға апарады. Қалмақ деген кісі жерлеу дегенді білмейтін нихаятсыз халық қой. Адамды өлген ит құсатып далаға тастай салады. Қасқыр немесе құзғын жеп кетсе, марқұм Тәңірге қайтып барды деп қуанады. Анасы өлерінде мені қалмақша емес, мұсылманша жерле деп өсиет айтқан екен. Қорамжан қанжарымен көр қазып, білгенінше дұға оқып шешесін жерлепті. Арада, аз күн жүріп, қалмақты алдарқатып, ақырында жақсы бір атты ерттеп, қосарына және бір ат алып еліне қашады. Көктемде қалмақ осы біз сияқты наурызды тойлайды. Өздері бұл тойды «Надам» дейді. Тайлы-тұяғы қалмай жиналып, осы қазақ сияқты, түні бойы ертегі, жұмбақ айтады, аламан бәйге, садақ ату, ойынның бәрі бар. Қорамжан сол «Надамның» кезінде қашқан екен. Біразға дейін жұрт оның бар-жоғын байқамайды. Ақырында оның жоқ екенін біліп, бүкіл қалмақ ит ертіп іздеуге шығады. Сөйтсе Қорамжан ауылдан жап-жақын жерде жатыр екен дейді. Әбден шөлдеген, арыған. Енді, мына қызықты қараңыз. Сол елде Самбу деген бақсы бар екен. Ол айтты дейді, ей, Қорамжан, сен әнеукүні анаңның өлімтігін біз сияқты далаға тастамай тауға алып барып көмгенде, сенің қалмақпен ел болмайтыныңды, бәрібір қаныңа тартатыныңды біліп едім. Содан соң екі жын-періні дайындап қойып едім. Сен, еліңе жете алмағанда неше күн бойы мінгенің ат емес, сол мен жұмсаған жындар еді. Сені қайтадан менің алдыма алып келіп тұр. Ал енді басың шабылады, не арманың бар деп. Қорамжан сол жерде күліпті. Менің бар керегімді тауып беретіндей не арманың бар дейсің, ей, ит қалмақ. Елің мен жеріңде менің сыныма татитын не бар еді сонша. Арманым еліме жету еді, адастым, жете алмадым. Өкінішім сол депті. Самбу керемет қылышпаз екен. Айтыпты, ей, Қорамжан, сенің бірде бір сыныңа татымайтындай қалмақ деген адамның қоры ма еді. Мүмкін менің қылышым сенің сыныңа татыр деп. Қорамжан айтыпты, ей, Самбу, қылышқа шықсаң шығайық, бірақ ер болсаң жындарыңды киліктірмей өзің жеке басың шық. Ажал түртіп тұр екен, кекірт басыңды шабайын деп. Ақырында екеуі жекпе-жекке шығыпты. Қорамжан әлгі қалмақтың басын шауып алыпты. Баяғыда, мынау қырқадан төменірек Самбу деген бір төбе, Қорамжан деген бір төбе болды. Кейін халық атын өзгертіп жіберген. Қорамжан жарықтық өлерінде Сарыарқа жаққа қарап тұрып ән айтқан дейді. Солай өлген дейді. Міне, мынау сол «Қорамжан» деген күй.
Қазына қарағай домбырасын алып бір қайырым ғана әуенді шертіп өткен.
– Осы-ақ па? – деді Тәттімбет, – Хикаясы керемет, бірақ күйі қысқа екен.
– Кішкентай ғана сарын ғой, – деген Ажы төре қозғалақтап қойып, – Әңгімесімен керемет болып тұрған күй ғой.
– Ал, мырзам, енді бір әңгіме,– Қазына домбырасын алдына көлденең қойып, суып қалған шайдан бір ұрттады, – Баяғы өткен заманда, мынау Арғынның бір баласы Қуандық болса, сол Қуандықта Алшағыр деген батыр болыпты. Мынау Найманда Шаған деген бір батыр болыпты. Алшағыр мен Шаған қатты дос болыпты. Жылда жайлауда кездесіп, саятқа бірге шығып, талай дәуренді бірге кешкен қандыкөйлек. Күндердің күнінде Алшағыр жайлауға көшіп келеді. Шаған жоқ. Апта күтеді, ай күтеді. Шаған жоқ. Алшағырдың бәйбішесі бір жамандықты сезіп, атқа мініп Шағанның қонысын аралап шығады. Малдың тұяғы тимеген, тусырап жатыр дейді. Қайтып келіп, әй, Алшағыр, мен білсем Шаған бір пәлекетке ұрынды, басқа ел пәленбай жайылым ауыстырды, Шағанның жері әлі желінбей тұр. Сен бүкіл әскеріңді атқа қондыр да Шағанды ізде. Шамасы қалмақ шапқан сияқты ғой. Егерде тірі болса, асыл сүйегін құрт жеп жатпаса идерімен Арқаға көшіріп алып кел. Ал егер өлген болса онда анығына жет те қалмақтың шаңырағын ортасына түсір, қанын судай ағыз, ердің кегін ал дейді. Содан Алшекең қалың қолды бастап досын іздеп шығады. Бәйбішесі біліп айтқан екен. Шағанды қалмақ шауып, барлығын қырып, батырдың басын қадаға шаншып кеткен дейді. Алшағыр жылап-еңіреп, Шағанның басын арулап көміп, содан кейін әскерді тік көтеріп, жау қайдасың деп аттанады. Ақыры қуып жетіп осы мына Түйемойнақтың тұсында қалмақты жайғапты. Шағанның жаназасына деп сол жерде бүкіл қалмақты жусатып қырып салыпты. Шағанның әйелі мен балалары қалмақтың телімінде кеткен екен, барлығын азат етіп Арқаға алып қайтыпты. Міне, мырзам, сондай да сондай кеп болған екен ертеде. Мынау, соның домбырадағы баяны.
Қазына тағы бір қысқа қайырым күйді шертіп берді.
– Иә, бұл да қысқа күй екен, – деді Тәттімбет, – Рұқсат болса мен осы екі күйді қайыра шертсем.
– Е, сол үшін айттым ғой бағанадан бергі әңгімені, – деген Қазына риза болып, – Міне, мына домбыраны алыңыз, мырзам.
Тәттімбет Көсемсарыға иек қаққан.
– Аға, менің өз домбырамды беріңізші.
Домбыра қолына тигенде аз-маз ойланып отырып екі хикаяны да көкірек көзінен өткізген.
– Иә, сәт! – деді күңірене күбірлеп, – Жамиғат, мынау «Алшағыр-Шаған».
Теріс бұрау деп аталатын қобыздың бұрауына түсіріп, сол қолының сұқ саусағын жоғарғы жетім пернеге қойды. Күй сары бел, ындыныңды құртқан сары шертістен басталғандай еді. Кенет әуен, аунап түсіп, дабылдың даусындай қажырлы, кешкі самалдай салқар ерлік жырға ұласты. Қағыс, бұрма мен иірім сайын құбылып, құба жон қанға бөгіп жүре берген. Отырғандар демін ішіне тартты.
Тәттімбет жаңа күйді тамашалап ұзақ шерткен. Ең соңында, жеңімпаз Алшағырдың дүрілдетіп шеру тартып, Сарыарқаға қайтып келе жатқанын баян ететін тұста домбыраны арқыратып отырып алды. Содан соң барып күмпілдеген төртқағыспен аяқтаған.
– Бар бол, Тәттімбет, – деді Ажы төре көзіне кілк етіп шыққан жасты сүртіп, – Күйің өлмес күй.
Жұртқа жағалай көз тастаған.
– А, жамиғат, бағанағы ауыларасы қысқақайырым күй қандай, мынау күй қандай. Жайнап кетті ғой.
– Дұрыс айтасың, төрем, – деді Қазына, – Бұрынғы Алшағыр мен Шаған жоқ енді. Барлығымыз енді осы күйді үйреніп тартамыз.
– Ал «Қорамжанға» мұрсат беріңіздер, – деді Тәттімбет күліп, – Оған да бір күні лайықты әуенін табармыз.
***
Сәуірдің басында ауылдар биік жерлерге көше бастады. Бүкіл өңірді, қалың ну орман мен тау-тасты құрсап, сіресіп жатқан қар бір-ақ күнде сөгіліп, еріп сел болып аққан. Сай-сала күркіреген өзенге, ойпаңның бәрі қисапсыз көлге айналды. Мамырдың ортасы, өзендер саябырсып арнасына түсіп, бүкіл Алтай ақкөбік гүлге оранып гүлдегенде Тәттімбет, ханның алдына барып рұқсат сұраған. Ажы төмен қарап үнсіз тыңдады.
– Сендерге бауыр басып қалыппыз, – деген одан кейін әдетінше мейірлене жымиып, – Неге асықтыңдар? Әуелі елде не болып жатыр екен, хабар алып, содан кейін біра-ақ қозғалмадыңдар ма.
– Адамдарымды екінші рет жіберіп алдым, – деді Тәттімбет, – Елдің аужайы жаман емес сияқты. Білетіндер осымен жұт тоқтады деп, сәлем айтып жіберіпті.
– Құдайға шүкір, аман болсын, – деді Ажы, «Жаман күннің кетімі жақсы, келген жұттың жетімі жақсы» деген ғой. Онда рұқсат. Жандарыңа нөкер берем. Жайсаңға дейін шығарып салады. Ендігі өтініш, тағы бірер күн аялдаңдар. Кәделесейік.
Ертеңіне мойылдының жазығына қисапсыз ақшаңқан үйлер тігіліп елдің игі жақсылары жиналды. Ерте ақпанда құлындаған биенің уыз қымызын ішіп көңілі өскен жамиғаттың қолқасын жерге тастай алмаған Тәттімбет күні бойы домбыра шерткен, Көсемсары кеш бойы ән салған.
Таң ата бүкіл ел қонақтарды шығарып салуға ауыл сыртына шыққан.
Тәттімбет Ажы төренің жанына келді.
– Ал, хан ием, не дейін. Қаншама малмен келіп қаншама жан, батпан салмақ салып ай жаттық, жыл жаттық, қабақ шытпай барлығын көтеріп алдыңыздар. Көңілімізде сіздерге деген ықылас-пейілден басқа зәредей көлеңке жоқ. Елге дұғай сәлемдеріңізді жеткіземіз. Осы тұрған жақсылар, мүбәда бой жазып елге келе қалсаңыздар барлығымыз жайылып жастық, иіліп төсекпіз. Осымен, рұқсат болса аттанайық әйтпесе, біржола қалып қояйық деп тұрмыз.
Атқа қонған қалың дүрмек қимай-қимай көпке дейін ілесіп, бір атырап жерге дейін барған. Ары қарай төренің қосып берген адамдары шығарып салды.
***
Аякөзге жетпей-ақ жұттың ауыр көріністері алдарынан шыққан. Әр жерде тау-тау болып үйіліп жатқан, еті ағып шіри бастаған малдың өлексесі. Ешкімнен жасқанбай, қырғынның үстінде тойын тойлаған ит-құс. Малдан айрылып, қолына ноқтасын ұстап қаңғырған ел. Жұрттың еңсесі түсіп кетті.
– Құдай-ау, сақтай көр, – деді, Тәттімбетпен үзеңгі қағыстырып қатар келе жатқан Есімсейіт жағасын ұстап, – Бүкіл ел осылай болғаны ма. Бұл не сұмдық!
– Әйтеуір қасқыр мен құзғынның қоңы түспеген сияқты ғой, – деген Көсемсары, өңі қуарып, зорлана жымиып, – Құдай бар деп айтайын, Ақтабан шұбырындыда да бұндай кесапат болмаған шығар.
Қондыбай кейіп бас шайқаған.
– Әй, Есімсейіт, Көсемсары, қойыңдар енді. Айқайға аттан қосып, сендердің бұларың не? Шүкір десеңдерші. Қайың сауып, ши шайнаған жұрт емес қой. Малдың құты үзілген жоқ қой. Сол үшін жүрміз. Жамандық шақыртпай-ақ өзі келеді. Жақсылықты айтыңдар.
Кеш бата бір ауылға ат басын тіреген. Жұттан есеңгіреп шыққан әулет екен, жолаушыларға қайнаған суға ежігей қылып езген құрт ұсынған. Қазанның түп күйесіндей қара, бойы еңселі, еркекшоралау бәйбіше кешірім сұрағандай кішірейген.
– Қарақтарым, барымыз осы. Шалым төрт жыл бұрын қайтыс болған, осы елге бас болып отырмын. Бар малымыз шығын болды.
– Өйтіп қарғанбай-ақ қойыңыз, әже, – деді Тәттімбет, – Барымен базар деген.
Содан соң жігіттерге, – Анау асар аттың біреуін сойыңдар, – деп жарлық берді.
Кәрі айғырдың етін бүкіл ауыл-аймақ жиналып жеп мәре-сәре болған.
– Түф, өлгенім тіріліп, өшкенім жанды ғой, – деді қариялардың бірі, – Шіркін-ай.
– Иә, енді жұрт бір-бірінен өсімге мал сұрап сандалады, – деді екінші қария, – Ол мал жетілгенше, сойысқа төтеп беріп көбейгенше қайда-а. Естен тандырды ғой, бұл жұт деген.
Кеш бойы үнсіз отырған, табаққа сараң ғана бір-екі рет қол салған, қоңыр шапанды қария Тәттімбетке тесіле бір қарап алып сөз бастады.
– Қарағым, жөн сұраспады деп ренжіме. Ниеті де бір жұттық пендеміз ғой. Жұттан қалжырап қалған ел, кім келсе де көп жүргіншінің бірі дейді.
Содан соң жымиып ел иесі бәйбішеге қараған.
– Әй, Бисәт жеңеше, үйіңе кім қонақ болып отырғанын білесің бе? Білмесең айтайын, шаңырағыңа жақсы Тәттімбет келіп отыр.
Отырған жұрт аңырып қалды.
– Апырай, – деді сәлден соң Бисәт кейігендей, – Қарағым-ай, кеше гөр, танымай қалдық. Атыңды естігенмен, дидарыңды бүгін көріп отырмыз. Шақырса келтіре алмайтын қонақ едің. Мынадай күйімізге кез болдың.
– Қапа болмаңыз, әже, – деді Тәттімбет, – Не күй таңдайтыны бар. Алты арыстың басына келген кеп қой.
Бисәттің көзі жасаурап кеткен.
– Осындай да осындай жай болады, малымыз қырылып, тілімізді тістеп отырғанда Тәттімбет қонақ болып келеді десе кім сенер еді.
– Е, бұдан да жаман кезде тойға барғанбыз, – деді қариялардың бірі қауқылдап, – Қарағым Тәттімбет, даңқың жер жарып барады. Құлақ естігенді көз көреді екен. Жүрген жерің құт. Келген екенсің, енді осы ауылға ат шалдыр.
Түн ішінде ауыл жігіттерінің бірі қосар аттың біреуін сұрап алып бір жаққа жүріп кеткен. Ертеңіне бұлар таңғы шайларын ішіп болып жолға жиналып жатқанда ауылға үш салтатты адам сау ете қалған.
Басына құрсаулы айыр қалпақ киген еңгезердей жігіт ағасы қамшы ұстаған оң қолын кеудесіне қойып болар-болмас бас иген.
– Ағеке, ауылымызға ат басын бұра кетсін деп бай-екең сәлем айтып жіберді. Сізді алып кетейік деп келдік.
– Апырай, ел жағалап қонақ болатындай жайымыз да жоқ еді, – деген Тәттімбет қиналып, – Асығыс едік.
– Бір күннің арысы не, берісі не, – деді жігіт ағасы, – Алман ағамыз, Тәттімбет сері дастарханымыздан аттап кетпейтін шығар деп отыр.
– Сөйт қарағым, – деді Бисәт әжей, – Алман деген бүкіл елге ұйтқы болып отырған асқаралы адам. Жақсылардың көңілін қалдырмағын.
Тәттімбет амалсыз атқа қонған. Ақшатаудың сілемін баса жүрген жолаушылар түс әлетінде Ноғайтоған мен Құндыздықостың тұсында қонып отырған бай ауылға ат басын тіреді.
Бұларды Алманның өзі қарсы алған. Тізесі мен жарым балағын кестелеп тастаған, көлкілдеген күдері шалбар, ақ шыт көйлек киген, басына қоңыр барқыттан ноғай тақия қондырған, омырауы есіктей бай Тәттімбетті құшақтап бауырына басты.
– Тәттімбет қарағым, сені де көретін күн болады екен. Ал төрлет, асылым, Құрметті қонағым бол.
Бес үйді жапсарластырып төрткүл орда тіккен екен. Алман ертіп келіп Тәттімбетті төрдің ең биік жеріне, қалған қонақтарды күнтуға отырғызды. Ілезде табақ-табақ суық ет, шұбат пен қымыз тартылды.
– Ағеке, малыңыз аман сияқты ғой, Құдайға шүкір, – деген Тәттімбет ыңғайланыңқырап отырып.
– Иә, тәуба, – деді Алман, – Жылқыны, елден бұрын қозғалып Шұбарағаш Ойжайлаудан асырып Жетісуға айдадық. Ұлы жүздің жері малға толып кетті. Ағайыннан айналайын, барлығын көтеріп алды ғой. Мұнда қалған кәрі-құртаң, арық-тұрақты қыстың басында-ақ сойып тастағанбыз. Азғантай шығынмен шықтық.
Кеш бата Алманның үйіне төңіректегі ауылдардан келген адамдар лық толды., Әсіресе жастар жағы көп екен.
Әуелі ауылдың өнерпаздары қонақтарға түрлі ойын-сауық көрсеткен. Әншілері ән айтты, бір қобызшы ыңырантып Ақбас Құлайыстың күйін тартқан. Содан соң жастар қыз бен жігіт болып екі топқа бөлініп айтысқа шықты. Қылаң өңді, ұзын бойлы жігіт тербеліп тұрып, бірінші болып сөз бастаған.
– Аяғыма кигенім
Былғары етік, сәулем-ай
Аяғымнан барады
Ызғар өтіп, сәулем-ай.
Сәулем, сәулем, сәулемсің,
Басымдағы дәуренсің
Жақсы болсаң, сәулемсің,
Жаман болсаң әуремсің.
Кенет…бейбіт басталған айтыс… мүлдем басқа мағынаға ауысқан. Ақсұр жігітке қарсы шыққан құндыз бөрікті, көзі жайнаңкөз қыз әлдебір түсініксіз қамрық тұнған дауыспен әнге басқан.
Беліңдегі ақ семсер
Қиғыр болсын, сәулем-ай
Көңілдегі әуезің
Шиғыр болсын, сәулем-ай
Сақи болсаң келерсің
Қаннан өтіп, сәулем-ай
Бақи болсаң қаларсың
Қанға батып, сәулем-ай.
Тәттімбет сонда барып түсінген. Бұл шындығында айтыс емес, баяғы жаугершілік заманда жауға аттанып бара жатқан жігіттердің ару қыздармен қимай-қимай қоштасқаны екен. Ықылымға кеткен кер заманның, ерлік заманның елесі атойлай көтеріліп, көзінің алды буалдыр тартқан. Көсемсары да қатты тебіреніп отырғаны байқалды. Көзінде қаймыжық жас, Тәттімбетке жалт етіп бір қараған.
Дүбірлі дәуреннің шежіресі, енді ауыл арасында айтылатын әнге айналғанымен, мағынасы тыңдаған адамына қарай екен. Тәттімбеттің көз алдына ертегіші Қазына айтқан әңгіме жанды бейне болып келе қалды. Тұтқында туған, құлдықта өскен, бірақ мойнындағы ажырғы көңіліндегі еркіндікті жеңе алмаған ер Қорамжан. Қыздар мен жігіттердің арасындағы от-шарпысудан көз алмай отырып жаңа күйді күйттеген. Іргеде тұрған домбыраны алдына көлденең қойғанда Алман жастарға қарап ақырын бас изеген. Қыздар мен жігіттер күлісіп тұрған орындарына отырыса кетті.
Тәттімбет даусы сәл тұтқырланып барып сөз бастаған.
– Қарақтарым, мен сендерге өзімнің «Қорамжан» деген күйімді тартып берейін. Осы өткен қыста Алтайға жылқы қыстатып барғанда естіген аңыз еді.
Көсем пернеде азғана күңіреніп тұрып қалған әуен ақырындап ақылды күйге айналған. Тәттімбеттің жүзі бозарыңқы тартты. Әлуетті саусақтар әр дыбысты илеп шығарып, домбыра қаңқылдап төне сөйледі… Кимешектері дағарадай бәйбішелер, шапандарының етегін жайып тастап малдас құра отырған қариялар, тізерлей жүгініп отырған жастар, есік жақта алты піспекті, кісі бойы тайжүзген сабаны пісіп тұрған қымызшылар бәр-бәрі тірі мүсінге айналғандай. Күй, өрлей келе түңдігі ашық шаңырақтан асып жұлдыздармен тілдескендей, көктемнің алқаракөк аспанында қадаулы тұрған алтын шегелер қасіретті күйге иіліп, мұңайып, тербеліп тұрғандай.
Тәттімбет домбыраны қайтадан көлденең қойғанда орданың ішінде жымжырт тыныштық орнады. Бұрын да талай байқаған кеп. Домбыра қалт тынғанда адамдар кейбіреүі төмен қарап күрсініп, кейбіреулері риза кейіпте бір-біріне қарасып әлдебір құрметке толы үнсіздікте қалады. Бұл жолы да солай.
– Не дейін, қарағым, – деді Алман недәуір уақыттан кейін, – Артық туған күй. Осының бәрі сөз ғой. Сөз. Сөз-ақ қой, шіркін.
– Десе дегендей екен, қарағым, – деген қариялардың бірі, – Атыңды алыстан естіп, тамсанушы едік. Міне, көзіміз де көрді. Десе дегендей екен. Рахмет, қарағым Тәттімбет.
– Ал, енді біздің еліміз де қаражаяу емес еді ғой. Ауылдың алтыауызы деген, – Алман жастар жаққа қарап дауыстаған, – Балам, қайдасың, кел.
Топтың ортасынан бір қыз шықты. Бойшаң. Көзі мойылдай. Әлпеті Алман байға келеді.
– Менің балам, – деді Алман Тәттімбеттің ойын қоштап, – Ал, Әнәпия қарағым. Ағаңа өнеріңді сынат.
Әнәпия ортаға шығып, басындағы үкісін бұлғаң еткізіп үлкендерге сәлем берді.
– Өркенің өссін, қарағым, – деді үлкендер жапатармағай.
Еркін мінезді қыз Тәттімбеттің тура қарсысына келіп отырған.
– Армысыз, аға, – деді қаймықпай.
Тілінің мүкісі бары байқалды.
– Бар бол, қарағым, – деді Тәттімбет.
– Азан атым Әнәпия, – деген қыз жымиып, – Тілім сақау болғаннан кейін, елім Сақау атандырған. Өнерімді сынатсам деп жүр едім. Дәм айдап өзіңіз келдіңіз.
Тәттімбет домбырасын қызға ұсынған.
– Жарайды, Әнәпия, қарағым. Енді өнеріңді тамашалайық.
Әнәпия күліп бас шайқады.
– Домбыраңыздың сүйегі асыл, аға. Бірақ өзімнің сыралғы домбыраммен тартайын.
Жігіттердің бірі Әнәпияның алдына ақ шүберек орау қойған. Әнәпия орауды шешкенде, Тәттімбет, аса ісмердің қолынан шыққан арша домбыраны бірден таныған. Қыз қолына алғанда, домбыраның шертілмей-ақ күңіреніп сөйлеп тұрғаны байқалды.
– Аға, – деді Әнәпия, – Ең әуелі Кет Бұғадан қозғайын. Баяғыда Кет Бұға жарықтық Ғажамға жорыққа аттанғанда, мұнда Батыл деген ұлы өлген екен. Сонда баласын жоқтап шығарған күйі екен. Күйдің аты «Сынған Бұғы».
Келесі сәтте қыздың саусақтары домбыраның бетіне нөсердей болып төгілген. Алғашында әйел затына тән емес тегеуріні таң қалдырды. Артынша, өзіне-өзі сенген ерек бітімді күйшіге жолыққанын, бұның өнер сынату емес, кәдімгі тартыс екенін, өзінің қонақ боламын деп шытырманға жолыққанын түсінген.
Әнәпия домбыраның мойнын құлағына тақау ұстап қобызшы құсап тербеліп отырып ұзақ шертті. Күй аяқталғанда, қуанышты күлкі үйріліген көздерін жалт еткізіп Тәттімбетке қараған.
Тәттімбет үндеген жоқ домбыраға да қол созбады. Әнәпия тағы да толғады. Осы ғұмырында талай бармағынан бал тамған күйшімен сайысқан. Ішінде домбыра мен қобыз шалған қыздар да болып еді. Бірақ кемелі толып, Арқаға аты шыққаннан кейін кіммен өнер жарыстырса да абыройы жеңетін. Бір қағысқанда-ақ қай домбырашы болса да құлдық ұрып айтысты тоқтататын. Мынадай бітімі бөлек шертіс пен қарсысында отырған адамның даңқына мән бермейтін емін-еркін мінезді бұрын кездестірмепті. Тәттімбет ризалығын жасыра алмаған. Әнәпия шерткен сайын қабындап, ақыры бұның өз күйлеріне түсті. Ең әуелі «Жантелімді» тартты. Қағысы ауыр күй еді. Оң қолды ұзақ сілкіп жаттығып, ішекті саусақпен емес, саусақтың ұшына келіп тебетін қанның толқынысымен қозғайтын аса қиын шертіс болатын. Әнәпия күйді кемел меңгеріпті.
Әр күй аяқталғанда отырғандар көзінің астымен Тәттімбетке қарады. Алайда Тәттімбет домбыраға қол созбады. Таң қылаң беріп келе жатқанда ғана қолы салыққан Әнәпия домбыраны алдына көлденең қойған.
Тәттімбет өз домбырасын қолына алды, сәл отырып қағып қалды.
– «Өкше күй», – деген, елдің бәрі еститіндей етіп дауыстап.
Әнәпия емеурінді бірден түсінді. Күй шертіліп болғанда басын болар-болмас иген.
– Мен тоқтадым, аға, – деген сәл күрсініп…
…Бүкіл Алманның әулеті қонақтарға ере шығып недәуір жерге шығарып салған.
– Тағы да келіңіз, аға, – деді Әнәпия қоштасарда.
– Дәм біледі, – деді Тәттімбет.
Түстен кейін жолыққан ауылға бұрылмай, жол ұтамыз деген жолаушылар қас қарайғанда елсізге шығып кеткен. Дереу үй тігіп, жайдақ отқа шай қойып ішіп, шапандарына оранып жата кеткен.
– Аға, – деді ұйықтамай жатқан бозбалалардың бірі, – Анау домбырашы қыз кеш бойы күй шерткенде сіз неге бір рет жауап қайтармадыңыз? Содан соң «Өкше күй» деген не күй? Одан кейін Әнәпия да домбыраға қол созбады. Түк түсінбедім.
– Оны мен айтайын, – деді Көсемсары шапанын қымтаныңқырап, – Әнәпия асқан домбырашы, кеш бойы Тәттімбеттің күйін шертті. Тәттімбет өз күйін тартып сайысқа түскісі келмеді. Қызға жауап қатпағаны сол. Ал «Өкше күй» тартқаны, міне, мен домбыраны аяғыммен тарттым дегенді білдіреді. Еркек, топтың алдында аяғын шеше алады, ал қыз бала, әйел заты олай ете алмайды. Бұл жерде Тәттімбет өнерімен емес, жолымен жеңіп тұр. Солай ма, сері?
– Иә, – деді Тәттімбет.
Елдің бәрі үнсіз қалды. Аздан соң жолсоқты болған жолаушылар қалың ұйқыға кеткен. Тәттімбет қана көрер таңды көзбен атырды. Құлағынан бейсауат кездескен өнерлі жанның домбырасынан ескен асылсүйек күйлер кететін емес. Жүзі иманды қыз, көз алдына келіп, күлімсіреп алып, еркектің қолына бергісіз тегеурінмен күркіретіп тарта жөнелгенде, он екі мүшенің бәрі талғандай. Талайдан бері өзі тартпай, біреудің тартқанын сүйсіне тамашалағаны, елігіп тыңдағаны осы. Аман қыла гөр, Құдайым деді күбірлеп. Кенет есіне Ақсұңқар түсіп кетті. Әнәпияның тағдырын ойлағанда жүрегі сыздай ауырған. Я, Алла, көкірегіне осынша өнер құйып жаратқан екенсің, енді соған лайық тағдыр бер, сүйегін жасыта көрме деп жалбарынды.
***
Бір жылы қыркүйек айының басында Құнанбай Қарқаралы округіндегі бірнеше ірі байды үйіне шақыртқан. Түнде келіп, ұйқыларын қандырып тұрған, шайға қанып қунаған кебеже қарын байлар айтылған уақытта кеңсенің алдына келді. Аға сұлтан көп тұрғызбай ішке кірсін деген екен. Округ кеңсесінің үлкен бөлмесіне қабырғаны жағалай орындықтар қойылыпты. Малдас құрып отыруды ғана білетін байлар ары-бері тұрып, амалсыз бір-бір орындық алып қоқырайып-қоқырайып отырған. Соны күтіп тұрғандай түпкі есіктен, жанына кіші сұлтанды ертіп Құнанбай да кіріп келді. Сәлемдесіп амандық-саулық біліскеннен кейін, – Тәттімбетті шақырыңдар, – деді тілмашқа болар-болмас иек қағып.
Тәттімбет келгенде мәжіліс әлі басталмаған, жұрт көр-жерді ғана әңгіме қылып отыр еді.
– Ал, ағайын, – деді Құнанбай кеудесін кере демалып, – Мен бүгін барлығыңды осы жерге үлкен бір шаруаның жөнімен шақырттым. «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген. Өздерің білесіңдер, бұрынғы сауданың реті бұзылды. Бұрын қазақ малын Жетісудан ары асырып сартауылға, одан ары тәжік пен қызылбасқа айдайтын. Жоңғардан ары асырып, Құлжа, Қашқарға, кейде тіпті Ханбалыққа дейін, баратын. Ертеректе Шын-Машынға дейін керуен тартқан қазақтар болыпты. Бірақ бұның бәрі өткен заманда. Ақмешіт, Ахсы мен Әндижан да, Тәшкен де адыра қалды. Ресеймен жауласып отырған сартқа, бұрынғыдай мыңдап жылқы сата алмаймыз. Бұл патша ағзамға деген, Ресейге деген жаулық болып саналады.
Құнанбай осы сөзді айтқанда жанында отырған кіші сұлтан риза кейіппен бас изеген.
– Иә, иә, – деген майда дауыспен, – Солай. Қоқанға жылқы сату – жаудың кавалериясын, жаудың атты әскерін күшейтү деген сөз.
– Бұрын Хами, Қашқар, Шәуешектен және арғы Қытайдан аттанған керуендер жаз басында келіп, қара күзде байырқалап бірақ қайтатын, – деді қайтадан сөз алған Құнанбай, – Керуенші де риза, қазақ та риза еді. Ал енді осының бәрі тоқтады. Қыр елі қант-шай, айна-тарақ, кездеме матадан, тағы басқа керек-жарақтан тарыға бастады. Орыстың қалаларына мал айдап барып келген байлар түсініксіз бір жайыттарға ұрынған сияқты. Әрине, бұл жерде ешқандай қиястық пен қиянат жоқ, тек анық ұғыса алмағандықтан болған жай деп ойлаймын. Ал енді, өтпедім екен деп мал қарап тұра ма. Қазір ел ішінде мал көп. Тіпті симай бара жатыр десе болады. Міне, ағайын, өздеріңді мәжіліске шақырғанда, милайық деген мәселе осы еді. Қайсың не айтасың, кәне? Қыпшақбай, Түменбай, мал айдап жүрген сендер ғой. Ірікпеңдер, болған жайдың барлығын жасырмай айтыңдар.
Алдымен мұрты қияқтай, қарасұр өңді, тұнжыр көз Қыпшақбай сөз алды.
– Айтамыз ғой, – деді сәл жөткірініп алып, – Айту үшін келдік қой, Құнеке. Әрине, қулық сартта да бар. Бірақ сарттың саудагері де бұндай зорлық-зомбылыққа бармаушы еді.
– Сіз кешіріңіз, – деген одан кейін, кіші сұлтанға қарап оң қолын кеудесіне қойып, – Біз біреудің үстінен арыз айтайық деп келген жоқпыз. Көргенімізді ғана айтамыз. Құдайы шынымыз осы.
– Айтыңыз, айтыңыз, – деді кіші сұлтан жымиып, – Сөзіңізді ірікпеңіз.
– Челәбі мен Омбының саудагерлері ежелден қалмақ пен башқұрттың байларымен сыбайлас екен. Әуелі қаладан тура отыз шақырым жерден әскермен қарсылап жылқыңды қалаға кіргізбей тұра тұр деді. Осылай тұрғызып қойды. Жылқыға күзет қойып қалаға келдік. Сатылып жатқан малдарын көрдік. Әрине, қалмақта да, башқұртта да жылқының жақсы тұқымдары бар ғой. Бірақ қазақтың жылқысындай қайдан болсын. Бүкіл жәрмеңке бойы тек сол қалмақ пен башқұрттың саудасы жүрді. Бұл қалай, барлығының малы тең тұруы керек емес пе деп сұрап едік, бір жөн білетін татар делдал, сендер дұрыс істемедіңдер, әуелі келіп көпестермен танысу керек. Келісу керек, сөзді бекітіп кету керек, қалмақ та, башқұрт та, барлығы солай істейді, жылқы ғана емес, басқа да зат осылай сатылады дейді. Қазіргі сауда осылай дейді. Ал бекіту үшін не істеу керек деп сұрасақ, әлгі антұрған, пара беріп үйрену керек, орыс көпестермен арақ ішіп жүру керек дейді.
Осы жерге келгенде кіші сұлтан мырс етіп күлген. Қыпшақбай тосылып үнсіз қалды.
– Ал, Түменбай, сен не айтасың? – деді Құнанбай қабырғаға арқасын беріп, ұйқылы-ояу отырған адамға қарап.
Шықшыты шығыңқы, ақсары, момақан жүзді Түменбай сәл ырғалып қалып сөзге араласты.
– Қаланың сыртында қалған жылқыға жайылым жоқ. Маңайдың бәрі егін. Мал жарықтық шалғын мен егінді ажырата ма екен. Қайта-қайта егінге қойып кетеді. Сол егінді таптағаны үшін деп қаншама малымызды айыпқа алып қалды. Ешкім жылқы сатып алуға келмеді. Ақырында сарала киімді, бір, әписер дейді, сол келіп жылқыңды арзанға сат деді. Қалай арзанға береміз десек, малың өте арық, бағасы осы дейді. Енді арымағанда қайтеді, қанша кұн қаңтарулы тұр. Әлгі әскери адам, жылқыңды елге айдап қайту өзіңе қымбатқа түседі дейді. Қаласаңдар мен бәрін алайын, әскердің түрлі керегіне жарайды дейді. Қайран мал, сонымен ширек бәсіне кетті ғой. Сымпиып елге қайттық. Малымды ала кетіп сатып келші деген ағайындар болды. Алмағанымыз қандай жақсы. Пәленбай жылдан бері осылай. Қазақтың малын өткізу қиын екен. Бар тапқан амалымыз, жәрмеңкеге кешірек барамыз. Босқа тұрмайық деп. Міне, Құнеке, біздің жылда көретін күніміз осы.
Түменбай үнсіз қалды. Кеңсенің ішінде бір сәт үнсіздік орнады. Содан соң Құнанбай белгі беріп кіші сұлтан сөз алған. Қазақтың байлары құсап орнында отырып емес, қыр елінің адамдарына арналған рәсімдік құрметпен орнынан тұрып сөйлеген.
– Әрине, осылай болғанына өкініп тұрмын. Сіздерді түсінуге болады. Бірақ сіздер де сауданы түсінуге тырысуларыңыз керек. Ол аз болса айтайын, сауданың жолына, және оның ең қиын жолы – мал саудасының жолына түскен екенсіз, олай болса, сауданың қыр-сырын меңгеруге міндеттісіз. Мысалы, сіздер, мал өсірген қадірменді байлар, жұттың не екенін жақсы білесіздер. Жұттың бар екенін мойындайсыздар, не дай Бог конечно, жұт болмай-ақ қойсын, бірақ жұт келіп мал қырылғанда, Құдайдың салғаны осы деп келісесіздер. Ал жәрмеңкеде болған жайытты мойындағыларыңыз келмейді. Мал қашанда керек. Сондықтан оны тиімді бағасына өткізе білу керек. Яғни, сауданың өзінің қалыптасқан заңдары бар. Осы заңдарды мойындау керек, меңгеру керек, пайдаға асыру керек. Мен бағанадан бері тыңдап отырмын, арыздан басқа ештеңе де ести алмадым. Бүгінгі сауда – баяғы қолыңдағы барыңды жерге жайып қойып сататын, малды базарға айдап алып келіп сататын ығы-жығы Самарқанның саудасы емес. Бүгінгі сауда-күрделі сауда. Және империяның халқы көбейіп, өмір көркейіп күрделенген сайын, сауда да бұрынғысынан еселеп күрделенеді. Біз Құнанбай Өскенбаевич екеуміз ақылдасып, бүгінгі мәжіліске, өмір бойы саудамен айналысып келе жатқан, өз ісін жете меңгерген көпес, өздеріңіз жақсы танитын қадірменді Варнава Ботовты шақырып келтірдік. Ендігі әңгімені осы кісіден тыңдайсыздар.
Ұзын бойлы, денелі, жирен сақалды және жергілікті халықтармен қаны көп араласқан орыстарға тән өткір қоңыр көзді Варнава орнынан тұрды да Құнанбай мен кіші сұлтанға жақын келіп, болмашы иіліп сәлем берді. Содан соң байларға бұрылып таза қазақша сөйледі.
– Қадірменді байлар, майор мырза дұрыс айтады, бүгінгі сауда – күрделі сауда. Танысу-білісу арқылы, түрлі қатынас орнату арқылы ғана іске асатын аса қиын сауда. Әрине, мен сіздерді ештеңе білмейді деп айта алмаймын. Біраз нәрсеге қаныққан сияқтысыздар. Енді мен мынаны айтайын. Сіздердің басты қателеріңіз өздеріңізге делдал, маклер таба алмағансыздар. Сол жәрмеңкеде бүкіл заң жұмысын тындырып беретін, клиент күтіп отыратын адамдар бар. Солармен табыса алмағансыздар. Ал қазақтың малына, әсіресе жылқысына келетін болсақ, ол қашанда керек. Әрине, Россияда граф Орловтың жылқы заводы бар. Воейков, Мальчиков деген атақты жылқы өсірушілер бар. Граф Орлов әйгілі жорға тұқымды өсіріп шығарды. Воейков пен Мальчиков та бірнеше тамаша тұқымды өсірді. Донда да жылқы заводы бар. Мұнда арабтың жылқысын бұдандастырып, Донның казактары соғысқа мінетін әйгілі Донның жүйрігін сұрыптап шығарды. Бірақ бұның бәрі аздық етеді. Себебі, империяның бүкіл керегін төрт-бес жылқы заводы тауып бере алмайды. Өзіңіз ойлаңыз, қазір Европада, Кавказда соғыс көп. Әскерге мініске жылқы, азық-түлік таситын обозға жылқы, зеңбірек тартатын күш-көлік, міне, осының бәрі жылқы. Оның сыртында бүкіл Россия егін егеді. Соқаға жегетін жылқы керек. Қалаларда мыңдаған кісі таситын извозчиктер. Яғни, мыңдаған жылқы керек. Оның сыртында қазір кемелер азық ретінде бөшкеге тұздалған сиыр мен қой, ешкі, жылқы етін ала бастады. Ет комбинаттарына шикізат жетіспей жатады. Міне, мен армияның подрядчиктерімен жақсы таныспын, осы істі мен тындырайын. Алдағы қыстағы жұмысым осы болсын.
Варнава сәл кідіріс жасады.
– Содан соң тағы айтарым, қазіргі сауда «биржа» деп аталады, яғни, алыс аймақтардағы айырбас саудасы болмаса, ешкім де товарды бір-бірлеп сатып отырмайды. Ол магазинның саудасы. Түп көтеріп, үлкен тобымен сатады. Малды он мыңдап, жүз мыңдап сатады. Нижний Новгород, Москва мен Санкт-Петербург, Омск, Челябинскінің жәрмеңкелеріне товардың иесі қыдырып қана келуі мүмкін. Сауданы делдалдар, маклерлер жүргізеді. Сол өздеріңіз айтып отырған қалмақ пен башқұрт, өз жылқысын қыстыгүні-ақ сатып жіберген.
– Қалайша? – деді осы уақытқа дейін үнсіз отырған Қыпшақбай шыдай алмай, – Үйінде отырып сата ма?
– Ол былай, мырза, – деді Варнава, – Сіз, мал иесі, жәрмеңкеге мал тасып әуре болмауыңыз керек. Жақсы жалақыға маклер жалдайсыз. Сол маклер сатып алушыны тура жайлауға алып келеді. Яғни, клиент сізге өз аяғымен келуі керек. Түсіндіңіз бе? Ал сізден жылқы алған адам, ол жылқыны еліне қалай жеткізеді – өзінің шаруасы. Штраф бола ма, басқа бола ма, онда сіздің шаруаңыз жоқ.
Варнава Қыпшақбайдың жүзіне бажайлай қарады да оның ештеңе түсінбегенін ұқты. Содан соң ерінбей қайтадан ежіктеген.
– Бір емес, жүз емес, миллиондаған бас мал саудаға түскенде, сіз енді ол малды ары-бері айдап жүре алмайсыз. Онша мал базарға симайды. Енді биржа басталады. Түсінесіз бе? Ондай ұланғайыр саудада маклерсіз, делдалсыз болмайды. Себебі, биржада товар емес – ниет сатылады. Торгуют намерениями, понимаете? Сұраныс пен ұсыныс қана сатылады.
Варнава Қыпшақбайға тағы да тесіле қараған.
– Апырай, – деді Қыпшақбай қиналып, – Түсінбесем, түсінем деп қалай айта алам?
– Қыпшақбай мырза, – деді шыдамы таусыла бастаған Варнава, – Сіз әуелі Челябинскіге барып, сол жерде базарға қанша жылқы керек екенін біліп қайтуыңыз керек еді. Қысқасы, сіздер, аңыс аңдымай, жылқыларыңызды, қаншама шығынға батып, жылқының керегі жоқ жеріне айдап алып барғансыздар. Міне, сіздердің қателеріңіз. Мысалы, біреу сізге бір арба тезек алып келіп, мынаны сатып ал десе, алар ма едіңіз?
Жұрт ду күлді.
– Оны қайтем? – деді Қыпшақбай да күліп, – Есігімнің алдында үйіліп жатқан қи бар.
– Көрдіңіз бе, – деді Варнава, – Ал қыста қалмақ пен башқұрттың байларымен сауданы пісіріп қойған Челябинскінің көпестері көлденеңнен келген сізбен не жайында сөйлеспек?
– Әй, Қыпшақбай, қойшы енді, – деді Түменбай, – Барнаб бізге малымызды өткізіп беруге делдал болғысы келеді. Соны да түсінбейсің бе?
– Енді түсінген сияқтымын, – деді Қыпшақбай ойланып отырып, – Бар қате өзімізден болды ғой.
– Әй, Барнаб, – деді Түменбай, – Құдай тілеуіңді берсін, осыны мойныңа алшы. Ақыңды жемейміз.
– Слава Богу. Наконец то, – деді Варнава маңдайының терін сүртіп, – Мәселенің жартысын болса да, әйтеуір төмпештеп жүріп ұғындырған сияқтымыз.
Қазақтың байларына сауданың сырларын ұғындырмақ болып итшілеген Варнаваның әрекетін тамашалап отырған Тәттімбет шыдай алмай күліп жіберді.
– Комедия да и только, – деді Варнава да шаршай күліп, – Осынша мал өсіру, ол малмен жарты дүниені асырау, және саудадан түк білмеу. Неверятно.
– Қайтесің, – деді Тәттімбет, – Қазақтың бұрынғы білгені мына заманға лайық келмеді ғой. Жаңа өнерді меңгеру қашанда қиын ғой.
– Иә, қазақ сауданы меңгергенше біраз уақыт өтетін сияқты ғой, – деді кіші сұлтан, – Долгонько им придется обучаться этим премудростям.
– Үйренеді, – деген Құнанбай, – Үйренбегенде қайда барады.
Содан соң Варнаваға қарап иек қақты.
– Ары қарай айта бер.
– Ал, енді келесі мәселе мынадай, – деді Варнава, – Біз мына жерде Құнанбай Өскенбаевичпен және Таттимбет Казангаповичпен ақылдаса келе, жәрмеңкені осы қазақ жерінен ашайық деп ұйғардық.
– Ой, пәлі! – деді Түменбай қуанып.
Жұрт бір-бірімен ықыластана сыбырласып қозғалақтап кетті.
– Апырай, Барнаб, осы айтып тұрғаның рас па? – деді Қыпшақбай.
–Әй, Қыпшақбай, қойшы енді, сығыр ойбай! – деді Түменбай кейіп, – Қылжақтасатындай, сен оның жездесі емессің ғой. Бұндай шаруаны қылжақ қылып айта ма екен.
– Қойдық, – деді Қыпшақбай күліп.
– Бірақ жәрмеңкеге жер керек, – Варнава байларға сынай қараған, – Бұл бір-бір жарым, немесе екі айға созылатын жазғы жәрмеңке. Осы екі айға, жәрмеңкеге жер керек.
– Қай жерді алмақсыздар? – деді Түменбай.
– Біз, Құнанбай мырзамен және жүзбасы Тәттімбетпен ақылдасып Талдының бойындағы, мен алдыңғы жылдан бері тоқтап сауда жасап жүрген жерді таңдадық. Қоянды жайлауы, – Варнава отырған жұртқа жағалай көз тастап өтті, – Қалай қарайсыздар?
– Шаншардың жері ғой, – деді отырғандардың бірі, – Шүйгін жақсы жер еді. Адам таптап, мал таптап тоздырып жібермесе.
– Қазақтың жерінің бәрі шүйгін, – деді Тәттімбет, – Бүйтетін болсақ, қала салмай, егін екпей, сауда жасамай, баяғы қарынбайлар құсап қарап отыруымыз керек.
– Қай қаланың орны болса да бір кезде біреудің жері болған, – деді Варнава.
– Түсінбедік қой, – деді отырғандардың бірі, – Басында жәрмеңке деген сияқты едіңіздер. Енді қала саламыз дейсіздер.
Варнава басын шайқап күлді.
– Біз қала саламыз дегенді әлі айтқан жоқпыз ғой. Бұл екі айлық жазғы жәрмеңке. Қазақтың өз керегінен туып отыр. Қайталап айтайын, бұл жерде жайма базармен қатар биржалық сауда болады. Яғни, жәрмеңкеге ешкім де мал айдап әкелмейді. Жер тозбайды. Қояндыға барышниктер, маклерлер, делдалдар ғана келеді. Мал сол жайлауында жайылып жүре береді. Жәрмеңкеде тек сделка.
– Ол не, ізделкі деген? – деді байлардың бірі.
– Сделка деген келісу, сауданы қағаздастыру, заңдастыру, – деді Варнава, – Малды сатып алған адам, жайылымнан өзі айдап алып кетеді. Ал жәрмеңке үлкейіп Қарқаралы сияқты қалашыққа, немесе Семей сияқты кәдімгі қалаға айналып жатса, оған кім кедергі бола алады? Яғни, сауданың сәті, халықтың қалауы солай деген сөз.
Варнава сөйлеп болды. Байлар бір-бірімен көз астынан қарасқан күйі үнсіз қалған. Кіші сұлтан мен Варнава қайран қалып Құнанбайға бұрылды. Тәттімбет, көпті көрген, көпті кешкен қыр қазағының көңіл түкпіріндегі ойды жазбай таныған. Өнері асқан жұрттан жеңіліп сағы сынған, үрей буынына түскен ел бәрінен именетін болған, игілікті, пайда келтіретін нәрсенің өзіне күмәнмен қорқа қарайтын болған. Тамағына тас тығылып, теріс қарап кетті.
Аздан соң Түменбай ақырын ғана тіл қатқан.
– Келісеміз.
Содан соң барлығы жапатармағай сөйлеп қоя берді.
– Келістік, келістік.
– Жөн екен.
– Қазақтың көзі ашылатын болды.
– Ойбой, бұл қазаққа келе жатқан береке ғой.
– Ал, олай болса, мына петицияға қол қойыңыздар, — деді қуанып кеткен Варнава, – Мен бұны жеріне жеткізейін. Келесі жылы көктемде жәрмеңкеге заңды түрде ашылатын болады.
Байлар кіші сұлтанның алдында жатқан қағазға қол қоя бастады. Варнава әркімнің фамилиясын өзіне көрсетіп саусақтың сияға батырылып құжатқа басылуын қадағалап тұрды. Әйгілі қылжақбас Тонтай қолын қойып жатып төрелер еститіндей қылып сыбырлаған.
– Баяғы боз биенің қанына саусағыңды матыртып Абылайдың антқа келтіргеніндей болды ғой.
– Қой, ойбай, – деді Түменбай күліп, – Қылжақтама өйтіп.
– Омбыда отырған төрелер мені біледі дейді. Қалжыңдарым сол жаққа да жеткен сияқты, – деді Тонтай күлмей, – Мына менің қолымды көріп жандарал, мына қағазға сенбей қойып жұрмей ме? Тонтай қол қойса болды, онда бұл әншейін қылжақтап жібере салған қағаз деп жүрмей ме? Сендерге менің кесірім тиіп кетіп жүрер, құрсын.
– Қой деймін, ойбай, – деді Түменбай ішін басып, – Тонтай, жетім қыздың тойындай қылма енді.
Кеш көңілді өтті. Аға сұлтан ту бие жығып он екі қанат ақ ордаға мол дастархан жасатыпты. Кілкілдеп сынбай тұрған қара сабадан құйған күздің бал қымызы. Шұбат, айран тоқтаусыз келтірілді. Ошақтың жанында бірі кетіп, бірі келіп жатқан ақ самауырлар. Қыстың сүрі мен жаңа иірілген жас қазы, қарта жеңді білектей төңкеріліп жатыр. Серені тоя жеген байлар енді тоқтаусыз шай ішуге кіріскенде Варнава іргеде тұрған недәуір үлкен күміс сандықшадан бірнеше шөлмек қымбат арақты шығарып дастарханға қойған.
– Міне, – деді екі шөлмекті екі қолына ұстап отырып, – Біреуі романея, екіншісі царская водка. Күші қырық градус. Он төрт жыл сақталған арақ. Кім ішкісі келсе-ішсін. Ішпесе зорлық жоқ.
– Апырай, он төрт жыл сақталған дедіңіз бе? – деді Тонтай қайран қалып.
Бір кептің тақағанын сезген байлар жымыңдап күле бастады.
– Оның несіне қайран қаласыз? – деді кіші сұлтан, – Выдержка деген болады. Арақты осылай сақтайды, осылай кемеліне келтіреді. Францияда жүз жыл сақталған коньяктар болады.
– Апырай, сонда он төрт жыл, немесе жүз жыл қалай ішпей шыдап отырады? – деді Тонтай бұрынғыдан да қайран қалып.
Елдің барлығы қирай күлген. Түменбай күлем деп қолындағы шайын төгіп алды.
– Кетші, жынды, – деген, орамалмен шалбарын сүртіп жатып.
– Апырай баяғыда әжеммен жасты бір сиырды сойып, сонда бір қайран қалып едім, – деді Тонтай тағы да күлмей, – Марқұм, сол, пышаққа ілінген кезде тұп-тура жетпісте екен. Сонда топырақ жасын қосқанда сексенді енді орталапты. Бәрібір жаңағы кәниәк деді ме, соның жасына жетпейді.
Бұл жолы самауырдың жанында шай құйып отырған әйелдің өзі жұртқа қосыла күлген.
Варнава жарқ-жұрқ еткен қалжың иесіне таңдана қарады.
– Шаншардың атақты қылжақбасы, – деді Тәттімбет күліп отырып, – Аты Тонтай. Мысқылына адам төзбейді. Және суырыпсалма. Ешқашан сөзден іркілген емес. Осы қылығынан талай таяқ та жеген.
Варнава жымиып басын шайқады. Тәттімбет «тағыда» дегендей Тонтайға болар-болмас белгі берген. Тонтай бірден түсініп орнынан тұрды да, кіші сұлтанның қарсысына келіп қол қусырып тағзым етті. Маңдайының ортасынан түскен мұрнын сауып-сауып жіберіп қалжың айтардағы әдетінше майордың бетіне күлімдей қараған. Елдің бәрі жымиып алға ұмсыныңқырап отырды.
– Тақсыр, – деді Тонтай көтеріңкі дауыспен, – Манағы Омбыға аттандырылатын қағазға бір қол жетіспейді.
– Ол қандай қол? – деді кіші сұлтан мырс-мырс етіп, – Кімнің қолы?
– Қоянды деген, жайлауға бара жатқанда, және етекке түсіп келе жатқанда бір отар қойдың екі-үш күн ғана аялдайтын жері еді, – деді Тонтай, – Қалған уақытта ол жыл бойы қоян жарықтықтың иелігінде еді. Шындығында ол жердің шын иесі қоян еді. Қағазға сол қоянның қолы жетіспейді.
Жұрт жамырай күлді. Омбыдан келіп отырған бір шенеунік қазақ тілін білмейді екен. Жан-жағына алақтап, – Что он сказал? – деді жымиып, – Переведите.
– Он говорит, что земля где мы собираемся устраивать летнюю ярмарку, на самом деле принадлежит зайцам, – деді Варнава, – Қоянды переводится как «Заячья поляна». Он говорит, что в петиции, которую мы отправляем в Омск, не хватает заячьей лапки. То есть, не хватает заячьей подписи.
Шенеунік сәл меңірейіп отырып қалды. Содан соң екі тізесін шапалақтап қарқылдай күлген.
– Это великий казахский арлекино, – деді кіші сұлтан қолындағы арақ толы рюмкесін әуелете көтеріп, – Давайте выпьем за его здоровье. Сенің денсаулығың үшін, Тонтай.
Кемеңгер мысқылдың астарын, туған елдің жер-суының ертеңгі тағдыры жайындағы мазасыз ойды Құнанбай мен Тәттімбет қана түсінді. Екеуі бір-біріне жалт-жалт қарасқан.
Кеш ұзады. Бір кезде кіші сұлтан алақанын шарт еткізген. Жұрт тына қалды.
– Қадірменді Таттимбет Казангапович, – деді кіші сұлтан, – Бүгін осы сіздің өнеріңізді тамашаласақ.
Содан соң Омбыдан келген шенеунікке бұрылды.
– Знайте, он играл перед самим генералом-губернатором. Вот какими людьми обласкан был.
Тәттімбет домбыраны самарқау шертіп аз отырды.
– Мынау сол генералдың алдында шерткен күйім еді, – деді содан соң жұртқа жағалай көз тастап өтіп, – Күйдің аты «Жантелім».
Көптен бері ат үстінде жүріп домбыра ұстамағаннан, күйді алғаш шығарғандай аңсап, сағынып шертті. Бәрі үнсіз қалған. Тек Құнанбай ғана сұрғылт жүзі сәл қызарып, Тәттімбетке риза кейіпте қараған. Тонтай, көзінде жас, зорлана жымиған. Тәттімбет қайта-қайта жаңартылған шайдан анда-санда бір ұрттап қойып ұзақ толғады. Содан соң домбыраны іргеге сүйей салған.
– Конечно, для меня это язычество. Но все равно великолепно, – деді омбылық шенеунік, – Насколько я понимаю музыку**.
– Да нет, просто к казахской музыке надо привыкнуть, – деді кіші сұлтан самарқау ғана, – Она простая, благородная и очень красивая***.
– Ал мен музыка туралы ешқандай пікір айта алмаймын, – деді Варнава, – Менің құлағымды аю басып кеткен.
***
Ертеңіне Тәттімбет жолға елмен бірге шықты. Жұрт көңіліндегі түйткілді аяғына дейін сейілтпекке ниет еткен.
Қарқаралыдан шыға бере аспанды сұрғылт бұлт торлап аздан соң суық жауын басталып, аяғы қарға ұласты. Бірақ жол жүріп үйренген адамдар ештеңеге қараған жоқ. Тоқтаусыз жортқан олар қас қарая етекке кешігіп түсіп келе жатқан бір ауылға жолықты. Алты мың сиыр біткен әйгілі бай Қахарман екен. Жүргіншілердің жайын естіп қалбалақтап байдың өзі шықты.
– Апырай, Тәттеке, сіз де біздің үйге ат басын тірейді екенсіз ғой, – деген, ат жақты, шабдар жүзді, салалы бурыл сақалды адам бұларды аттан түсіріп үйге қарай бастап келе жатып, – Әй, қатын да бірдеңе біледі-ау кейде. Бағана жұрт шаршап тоқтайық дегенде, жүре түсейік, тымқұрмаса таудың көлеңкесіне дейін барайық деп тоқтатпап еді. Сіздермен кездесуге жазған екен ғой.
Соңыра мол қонақасыдан соң үлкен жез самауыр келіп жұрт жаппай шайды сораптауға кіріскенде Қахарман алдыңғы әңгіменің ұшығын жалғаған.
– Ойпырай, сонда үлкен жәрмеңке болайын деп тұр екен ғой. Міне, Құдайға шүкір, пәленбай мың сиыр бар ғой. Керегімізді ғана сауамыз. Қалған сиыр сауылмайды. Арда еміп бұзауларының өздері түйедей болып кетеді. Не амал бар. Ал малдың бүкіл сүмесін сататын жер болса, соның бәрі қанша ақша болар еді.
– Оның бәрі дұрыс қой, – деді Қыпшақбай, – Бірақ сол Қарқаралы мен Қоянды өсе келе кәпірдің астанасына айналып кетпесе болды. Әне, баяғыда, Ақмола не болды. Соның аяғын құшып жүрмесе.
– Басқа не амалың бар? – деді Тәттімбет, – Отаныңда отын болып, қотаныңда қатын болып осылай отыра бермексің бе? Бөгденің жаққан самаладай отын алыстан тамашалап, жолай алмай, бата алмай осылай енді қанша жүрмекпіз?
Ешкім үндемеді.
– Көмейлеріңді түсініп отырмын, – деді Тәттімбет сөзін сабақтап, – Кенесары хан орыстың қалаларын не үшін қиратқан демексіңдер ғой. Иә, солай. Бірақ орыспенен соғыстың аяғы не болғанын да білесіңдер. Осы жолға түскендердің барлығы басын жұтты. Бұл қанды жол, ешқайда апармайтын тұйық жол. Мен де алаштың бір перзентімін. Қазаққа менің де қабырғам қайысады. Сендер құрлы қайысады. Бірақ болар іс болды. Ал болған істі ешкім де өзгерте алмайды. Құдайдың өзі болғанды болмаған қыла алмайды. Онда дүние бұл орнында тұрмас еді. Орыстың бағын асырса, не амал бар. Жалғыз ғана амал – күші асқанның, бағы асқанның дәргейіне бару, өнерін алу. Сондықтан айтарым, мен Құнанбай жағындамын.
– Дұрыс-ау, – деді Қахарман, – Тас қамалды жалаңаш кеудемен соққан қай ақымақ.
– Қайтқан құс сияқты анда-санда қалаға бір соғып қант-шай алып келген, ол сауда емес, – деді Тәттімбет ауыр күрсініп, – Сауда үлкен өнер. Оны меңгермек керек. Ал Қарқаралы мен Қоянды қалаға айналып жатса, несі жаман. Орыстың ұлы оқу-тоқумен жеңген. Балаң қаланың оқуына жетіліп жатса, одан асқан бақыт бар ма.
– Әй, Қыпшақбай, – деді Қахарман, – Тәттімбет Құдай емес, бірақ Құдайдан былай емес. Ел ішіне үлкен өнер келе жатыр екен. Қайта қуанбайсыңдар ма. Байға тиюін тиіп алып, артынан, некелі түні шымылдықтан қашып шыққан кәрі қыз құсамайық. Осыдан қырық жылдан кейін Қарқаралы мен Қоянды не болады деп бас қатырып жүрген өзің бір қырт екенсің.
Отырған жұрт мырс-мырс күлді.
– Жарайды, Қахарман, – деді Қыпшақбай да күрсініп, – Қол қойылды. Сол келіскеніміздей болады ғой. Әншейін көңілдегі азынаулақ кірбің ғой. Соны айттық.
– Құдайдың салғаны болады, – деді Тәттімбет, – Ал өздеріңіз қыс бойы қарап жатпай жәрмеңке туралы жұртқа хабар тарата жүріңіздер.
«Жұлдыз» журналында, осы жылдың 4-5 нөмірлерінде жарияланды
Т. Әсемқұловтың орындауында Тәттімбеттің қүйлері
Т. Әсемқұловтың «Тәттімбет-сері» күйі