СУРЕТ СЫРЫ

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ

Біз бүгінгі ұрпақ  — төл мәдениетімізде көптеген жаңа есімдерді ашып отырмыз. Қуанышынан күйігі мол құблыс.

Бірақ, қайткенде де жарқын көрініс. Тоталитарлық замандағы ресми салон мойындамаған, есімі қалтарыста қалған, тамаша суретші Мұхтар Құлмұхамедовтың өнерін сөз етпекпіз. Бұл шағын мақала суретші жайлы болашақтағы үлкен әңгіменің басы ғана.

 

Суретшінің маңайына тұрғызылған «Үнсіздік қабырғасы» оның үлкен шеберлікпен салынған туындыларын көрерменге жеткізбеді, ал әредік-әредік көрмелерге қойылған бірді-екілі шығармасы сынның сауатсыздығы салдарынан елеусіз қалды. 60-80-ші жылдардағы, ойды белгілі мәнермен ғана айтуды қадағалайтын өнер «басқа» өнерді мойындамады. Күтпеген өнерді ешкім қарсы алмады. Алайда туған мәдениетінің бейтаныс аралы өз заңымен өмір сүріп жүре берді. Шебер көрермен танымады екен деп налымапты. Үздіксіз еңбек етіпті. Бүгінгі сұхбат – осы өткеннен бағасын ала алмаған үлкен өнер жайлы болмақ.

Мүмкін көп адам айтқанымызға келісе бермес. Алайда, сыншы жұрттың көлденең сөзіне назар аудармастан, пікірін ашық білдіру керек. Өйткені, ол да бір биікте тұр, онда да белгілі бір көркемдік мүдде бар.

Суретші туындыларынан алатын алғашқы әсеріңіз тым қарапайым., тіпті, қарабайыр дер едім. Өйткені, біз, шындықты осылайша талдау мәнеріне үйренбегенбіз. Бәрі де қарапайым, анық. Оның үстіне бұл суреттерде, көп шеберлерде кездесетін виртуоздық та жоқ. Көзіңіз тегеурінді қолмен салынған үлкен сызықтар мен таңбаларды ғана «аулайды». Содан соң ғана заттар тұлғаланып, анық көріне бастайды, бірнеше сәттен кейін суреттің тұтастығына, терең мәніне жетесіз. Суреткердің, мәдениет әсерінен қалыптасқан жалған кіреукені алып тастап, натураны тұрған бойында анық, еш жалғансыз бейнелеуінің сырын ұғынасыз. Суретке жақын келгенде, жазу техникасынан алған алғашқы әсеріңіздің алдамшы екеніне көзіңіз жетеді. Шебердің үлкен қылқаламды асқан ептілікпен пайдаланғанын көресіз. Көзіміз үйренген бояу үйіндісі жоқ, реңдер жымы білінбей үйлескен.

Бұндай талантты түсініп, бағалау үшін өзіміз білетін көптеген әдепкі ұғымдарды ұмытуымыз керек. Бұл жерде суреткер абсолюттік сұлулықты да, жанның сырқатын да суреттеп отырған жоқ. Ол тіпті, шығарма дегенді де мойындамайды. Ол – моралист емес. Ол қолына ілінген натураны қалай көрсе – солай бейнелейді. Одан, шындықтан артық ештеңені талап ете көрмеңіз. (Әрине, бұл жерде көрермен үйренген «ыңғайлы» шындықты емес, натуралық шындықты айтып отырмыз).

М,Құлмұхамедов стилінің басты сипаты – эффектінің жоқтығы. Суретші шеберлікті көрсетіп алудан, мақтанудан қашады. Оның суреттеріне тән белгілер – шағын формат, қарапайым композиция, эскизге жақын сурет, саналы түрде жалған «қарапайым» бояу салу мәнері. Бірақ, бұл, Акутагава айтқандай, «Адам айтқысыз қиын қарапайымдылық, яғни, күрделі жазудың бар қыр-сырын меңгергеннен кейін, сол санамен, сол тәжірибемен анық сөйлеуге қайтып келген мәнер. Бір сөзінде ол: «Мен әлемдегі ең ұлы шығармаларды жартылай оригиналдан, жартылай репродукциялардан және альбомдардан көргенмін. Жазушылар кейде «мен көп оқығанмын» деп мақтанып жатады ғой. Мен де «көп оқығанмын» деп мақтана алар едім», — деген еді. Алайда, суретшінің колористік эрудициясы бояудың байлығынан, палитрадан танылмайды, себебі, ол бояуды көп пайдаланбайды. Бұл жайында ол былай деген: «Әрбір бояудың өзіндік колористік есі бар, өткен-кеткені бар, жеке өмірі бар. Сондықтан, бір бояуды екінші бояумен түсіндіру шеберлікке жатпайды. Біздің суретші ағайындардың ішінде бояуды тым көп пайдаланатын, қарабайырлап айтсақ – таза рең қуалап, бояу мен реңді еш дәлелсіз көбейтетін, «көп сөйлеп аз айтатындары» бар. Түсінікті болу үшін мынандай мысал келтірейін. Талғамсыз адам бойына шақ келмейтін, өңін ашпайтын әлеміш-әлеміш киім киінеді. Оның ойынша бояулары айқайлаған анық болса болды – киім әдемі. Ал талғамы биік адам үстіне қонымды, өзінің адамдық бітіміне, бәденіне, жарасатын үлгіні және бір түсті (ол түс басыңқы, кейде анық болуы мүмкін) киім киінеді. Міне, сурет өнеріне де осы заңдылық жүреді»…

Яғни, М.Құлмұхамедовтың негізгі әдісі полифония емес, тональдық әуен.

Суреткер жеткен биік шыңдардың бірі – оның «Қоштасу» деп аталатын суреті. Шығыстың ұлы перзенті – Фарабидің туған елімен қоштасып кетіп бара жатқанын баян ететін бұл сурет – шебердің өмір бойғы жинаған көркемдік тәжірибесінің көрінісіндей.

Көлемі шағын. Яғни, бұл осы топырақты басып өткен ұлы бабамыз жайлы етене, сыршыл әңгіме. Хаким әулие-әмбие, қызырлар сияқты қашыр да мінбеген, керуенге де ілеспеген. Жаяу және жалғыз. Басында сәлде. Бірақ, «мен мұндалап» тұрған дағарадай емес. Елеусіз ғана. Үстінде көнетоздау сұрғылт шапан. Иығында шағын дорба. Алыстан қарауытып Отырар көрінеді. Сіз бұл суреттен валер мен сәуленің рефлекстерін, жырынды техниканың еш белгісін таба алмайсыз. Осынша қарапайым болғанда, бұл сурет адамды неге сонша тартады? Көрермен, тіпті, сурет көріп тұрғандай емес, өзінің өмір бойғы іздеген аңсарын тапқандай, үйіріліп кете алмайды. Шын техника көзге емес, көңілге, жүрекке көрінеді. Бұл жердегі мәселе, сюжетке бұлжытпай бағындырылған колоризмде. Көгілдір-жасыл мажор әуен мен шексіз кеңістіктегі қоңырқай реңмен әспеттелген жалғыз адам бейнесі астасқан кезде құлаққа алқоңыр асқақ күй естілгендей болады. Туған жұртының болашағы үшін биік мұраттың жолына түскен ғұлама тұлғасы суретшінің тағы бірнеше шығармасына өзек болған.

Бірінде Фараби, шамасы, әлдебір дүрбе фрагменттің аясында тұр. Дүрбенің неше түрлі жұлдыз кебінде айқыш-ұйқыш сызылған қабырғасынан салқын көк нұр төгіледі. Бұл суретте, шебер, ғұламаның асыл тегін бейнелеген.  Сәл қырау шалған сақал-мұрт, әлдебір мұң ұялаған аялы көз, биік түйсіктен хабар беретін сұлу жүз, мұсылман әлемінің ұлы ғалымы Фарабидің биік нәсілі ғана емес, сондай-ақ, оның ішкі дүниесін, гүлденген ой-өлкесін айна-қатесіз бейнелейді. Және бір шығармада суретші (бұл, өкінішке орай, әлі эскиз күйіндегі сурет) Фарабидің монументальді бейнесін жасауға ұмтылған. Колористік шешім аяқталмаған. Бірақ, осының өзінде ғұлама бейнесі асқақ көрінеді. Әсіресе, мейірім мен шапағатқа толы, әлдебір нұр шашқан көз – бұл суреттің болашақ жетістіктерінің бірі болса керек.

М.Құлмұхамедовтың ресми салон мойындамаған екі суреті – «Қап, қап, қап» және «Ақын» — екеуі де Махамбетке арналған. «Қап, қап, қап» — ақынның қапияда өлген сәтін бейнелейді. Аңыз бойынша, Махамбеттің шабылған басы жерге домалап түскенде «Қап, қап, қап», — деп сөйлеп үлгеріпті. Бұл суретте М.Құлмұхамедов психологиялық параллелизмге, қатыгез реализмге барған. Портретте қан көп. Бірақ, бұл өмірде болатын нәрсе. Ақынның дөңестеу мұрнының үстіндегі айғыздалған қан бей-берекет шабыстың, жаңа ғана аяқталған қанды қылмыстың бейнесі. Міне, қатыгез реализм деп осыны айтамыз. Махамбеттің кек тұнған көздері оның беріспей өлгендігін көрсетеді. Шашырап түскен бояу іздері де аяқталған шайқастың инерциясына бағынған. Портреттің шағын кеңістігі әлі өрекпіп, дүрілдеп тұр. Бірақ, суреттің ең басты жетістігі басқада. Портреттің жоғарғы жағында – батар күннің шұғыласына ұқсас қызыл жолақ. Бұл – Махамбеттің өлер алдындағы көңіл-күйі. Сыртқы бейнелеу тәсілі арқылы көрініс тапқан ішкі рух. Ешқандай да иллюзия жоқ. Жарық дүние, болды да, өшті. Өшер алдында зымырай айналды. Қиял да жоқ. Өткен өмір елесі де жоқ. Жалған дүние – бір ғана қызыл жолақ.

«Ақын» — қарапайым ғана тілмен баяндалған сұмдық хикаяның екінші жартысы және күрмеуі. Әлдебір қызыл матаның үстінде ағаш табақ тұр. Табақтың қақ ортасына Махамбеттің шабылған басы қойылған. Суретші қайғының үстіндегі жасанды аналитизм арқылы қайғыны ұлғайта түскен. Ақынның басы ағаш табақтан өсіп шыққандай. Шебер, осы екінші қатардағы деталь арқылы адам көңілінің қайғыдан қалай «жалтаратынын» көрсеткен. Алайда, одан, көз алдыңыздағы қанды суреттің реализмі азаймайды. Қайта ұлғая түседі. Өлі бастың маңдайын айғыздаған ірі әжім, сәл көтеріңкі қас, жымиған құлақ, құрыштан құйғандай мойын, сәл тобарсыған, бірақ, жігерлі ерін – батыр өлгеннен кейін де батыр. Ақын жүзіне түскен сұрғылт мұнар, алғашында, сурет шыншылдығына мін болып көрінеді. Бірақ, келесі сәтте бұл шетін белгі – шетін көркемдік жетістік екенін түсінесіз. Өйткені, бұл – суреттегі детальдың аздығынан келіп шыққан көркемдік әуен. Шын қайғылы әңгімеде деталь болмайды — қайғының өзі ғана болады. Қызыл матаның бүктеуі балдағынан сынған қылыштың нобайын қайталайды. Бұл – ақынның тіршілігінде айта алмай кеткен наласы. Портреттегі фон – ойлануды қажет ететін көркемдік компонент. Аналитикаға үйренген көз бірден «контраст» деген қорытынды шығарар еді. Күңгірт реңдерді өзара қақтығыстыру арқылы, контрастың ерекше бір түрін жасау дағдысы әлемдік сурет өнерінде баяғыдан бар. Бірақ, объект пен фонды салыстырғанда ешқандай да контрасттың жоқ екеніне көз жетеді. Сурет қара барқыт фонда тұрған жоқ – түнектен пайда болды. Түнек тағдырдың өтінде алаулай жанған өрт-өмірді тек осылай ғана бейнелеу керек екеніне нанасыз. Ардагердің өлімі – ұлы қасірет. Ағаш табақта тыным тапқан алтын бас кекке шақырып тұрғандай.

Суретшіден: «Осы уақытқа дейін танылмауыңыздың сыры неде?» — деп сұрағанымызда, ол қинала ойланып отырып, былай деген еді. Жұртшылыққа менің ешқандай да өкпем жоқ, өйткені оның еш жазығы жоқ: «Сауатты, сыншыл көрермен ғасырлар бойы тәрбиеленеді. Қазіргі сурет өнерінің отаны болып саналатын Батыс Еуропаны алыңыз. Осы күні өзінің лайықты бағасын алған батыстың ұлы суретшілерінің көбі, заманында танылмаған адамдар. Неге? Өйткені, сол кездегі көрерменнің өресі сол. Нендей өкпе айтар едіңіз? Алайда көрмелер, білімді сыншылар, олардың ерен еңбегін дегеніне жеткізді. Әрине, батыста қазір де танылмаған адамдар бар. Таңғажайып көркемдік құбылыстар бар. Кейбіреуін, тіпті, өзім де түсіне алмаймын. Бірақ, уақыт өтеді, осы күні арамызда жүргендердің біразы өзінің шын бағасын алады.

Біздің көрерменнің ең басты міні неде? Көру қабілетінің жоқтығында. Қарап тұрып көрмейді. Бұл, біріншіден, қазақ сурет өнерінің  жастығынан, екіншіден, сурет өнерінің социалистік заманмен бірге келгендігінен. Шектеулі өнер кембағал көрерменді тұлғалады. Көрерменнің көру қабілетін ояту керек, көзін тәрбиелеу керек. Көрермен ойдың жалқаулығынан арылу керек. Суретке қарап тұрып, ойланып үйренуі керек. Суретшінің көңіл-күйін тап басып үйренуі керек.

Поль Сезанн мен Эдуард Мане ашқан жаңа колористік теорияны олардан кейінгі шеберлердің тәжірибесімен жаңғыртса, болар еді. Қысқасы, бүгінгі көрерменді әліпбиден бастап, қайтадан тәрбиелеу керек»…

Және бір әңгімесінде: «Өнер жайлы әңгіменің көп пайдасы жоқ. Құдайсыз қоғамның құдай туралы көп айтатыны сияқты, өнерсіз қоғам да өнер жайын көп айтады. Өнер – тұйық әулет, оған біліммен емес, тек қана ата-тегіңмен кіресің», — деген еді.

Суретшінің мақтанышпен айтқан бұл сөзі өз мәнін ешқашан жоймақ емес.

1999

Өкінішті. бір неше жыл бұрын сүретші ізсіз жоғалды. Тірі ме, жоқ па белгісіз болып тұр. Бір де бір сүреті де сақталмапты өнер қорлардында.