Қуандық Ғайноллаев. ЖЕЗТЫРНАҚ. Таласбек сыйлығы 2025

жезтырнакІ

Құт-Балқан тауларының етегін бағзы заманнан бері көшпелі үш жұрт билеп-төстейтін. Құт-Балқан – бір-біріне жалғасып жатқан таулардың ортақ атауы. Бір-біріне жалғасқан таулардың ең биігі – Оқ-Балқан заңғары. Осынау Оқ-Балқанның етегінде Таутан хандығы сән-салтанат құрған. Бұл мекеннің қысы қаһарлы, жазы қоңыржай  келген. Оқ-Балқанның сонау биік шыңдарынан бастау алатын қасиетті Әздария өзені бар. Таутандықтардың жерін жыланша ирелеңдеп басып өтетін ол бірнеше тармақтарға бөлініп ағады. Әздарияның жоғарғы ағысы немесе Оқ-Балқан тауының етегінде өмір сүретін таутандықтардың негізгі күн көрісі бұғы-марал шаруашылығы мен аңшылық. Ұсталық өнерді кәсіп қылған ауылдар да жеткілікті. Ну орман мен бағалы темірге бай, қысы қатты бұл аймаққа ең қолайлы шаруашылықтар осылар еді. Әздарияның ортаңғы және төменгі ағысында, орманды алқапқа қарағанда жазық дала молынан, сондықтан бұл жерлердегі таутандықтар жылқы мен қой өсіретін.

Оқ-Балқанның батысынан Адасар орманы орын тепкен. Адасардың қалың нуы Оқ-Балқанның сонау биік шыңдарынан басталып, Қу-Балқанның етегінде өмір сүретін шенеліктердің шекарасымен шектесіп жатыр. Шеті көрінбейтін қалың жыныс, көшпелі халықтың бәрін ішіне сыйдыратындай өте алып. Адасардың биік қарағайлары бейтеректей ұзын келген. Аталмыштың ішінде мақұлық атаулының бәрі кездеседі. Біреулер бұны құбыжықтар мекені десе, енді біреулер осы орманға бас сұққан адамның қайтып шығуы мұң екен деседі. Кірген кісі адасар бұл орман, құпия-қатердің ұйытқысындай жұмбақ еді…

Көк аспанмен таласқан қарағайлардың ұшар биігіне көз салып қараған адамға үрей сыйлайтын ылғалды дымқыл Адасар біртүрлі тылсым, өйткені бұл орманда уақыт басқаша ағып, әлем алғаш жаратылғандай пәк көрінетін. Тылсымы мен тазалығы бойды билеп, құдды бағзы замандағыдай жылқы таңбасыз, қой енсіз болғандай көне еді. Ол орманға пенде өзі бармай, керісінше оның өзі сол жаққа сені сынамаққа шақыратындай. Сондай пенденің бірі аңшы Марғасқа.

Марғасқа аңшы Бұғы-ішкен өзенінің жағасындағы ауылдан. Әздариядан бөлінген бұл ұзын судың тармағын жергілікті бұғы өсіруші халық Бұғы-ішкен атап кеткен. Әздариядан бөлінген Бұғы-ішкен Адасарды қақ жарып, орман бауырымен ендей ағып өтетін. Марғасқаның ауылы Бұғы-ішкеннің Адасарға құяр аузында бұғы өсіріп күн көретін. Ал кейіпкердің өзі болса ауылдастары секілді бұғы өсірмей, ішіп-жемін тек аңшылық арқылы табуды құп көрген жан.

Биыл күзде жиырма беске толды. Марғасқа шынжыры үзілмей келе жатқан аңшылар әулетінен. Әкеден жетім қалып, ерте есейді. Содан болар мінезі тұйық, болмысы ұяң. Бұл мінезінің   сипаты өзгеше, ұзақ ойланып, байламын бір-ақ кесіп айтатын, ал соған дейін түйіліп отыратын. Марғасқа батылдығы мен айласы қатар өрбіген, алып кеуделі, шымыр денелі байсалды азамат.  Аң ізіне түскенде Марғасқа қыңырлығы мен бірбеткейлігі болса керек, сыбағасының артынан бөріше жортып, олжасын қанжығасына баспай тыншымайтын. Ажалы келмеген аңы сытылып кеткенде бұлданбай суық ақылға салып сабыр ететін. Алдынан шыққан жыртқыш атаулыдан жүрегі шайлығып көрмеген, қорқу дегеннің не екенін білмейтін. Қарсы қараған жанды ықтырып жіберетін сұсты, жүрегінің түгі бар ержүрек еді.

Сондай аңшылықтың бірі еді. Күздің қара суығы бітіп, өзімен бірге шыңылтыр аяз бен көбік қарды алып келетін қыс мезгілі жақындаған шақ. Әлі де болса жерге қар түспеген. Дала жел, қара суық. Марғасқа аңшы Бұғы-ішкен өзенін жаяу қуалай отырып, Адасардың ішіне еніп кетті.

 

ІІ

Марғасқа өзен бойымен орманның түкпіріне ендей берді. Орман іші дымқыл болғанымен ызғарлы, бірдеңе жауғысы келгендей. Бұлт арасына жасырынған күннің көрінетін түрі жоқ. Түнерген Адасар аранын ашып аңшыны өзіне қарай тарта берді.

Марғасқаның бұғы терісінен жасалған киім-кешегінің сыртында, жылқы терісінің түгі сыртына қарата иленіп, тұтас тігілген жамылғыш абасы бар. Бұл абаны аңшылар желді күні, әсіресе жауынды уақыттарда жамылып, түнде далаға түнесе төсеніш ретінде қолданатын. Жамылғыш абаны Марғасқа алқым тұсынан қаусырынған қос пұшпақты  баумен тағып алған. Бел буар тұсынан ілгек бекіту үшін, ішінен бауды тағы да кеп таққан. Абасының мойын тұсынан көктеп тігілген күләпарасы төрткілденіп, маңдайы мен құлағын, артқы жағы тұтасып, басы мен иығын және мойнын  толық жауып тұр. Күләпарасы басында, абасымен толық денесі жабылған Марғасқа ұзақ жүрістен ырсылдап, жон арқасы терге малынды. Бір сәт аялдап демалды. Ауылынан ұзап кетіпті. Айналада өлі тыныштық. Бір уақытта орман ішіне тұман түсе бастады. Ауа ылғалданған. Сыз өткізер дымқыл жерге отырмай, биіктеу тастар үстіне жайғасқан Марғасқаға кенет бұтақтар арасынан сытыр естілді. Сытыр шыққан жаққа арқасын беріп отырған Марғасқа, дыбыс естілген жаққа бұрылып тың-тыңдады. Неде болса бір қозғалыс бар… Белгісіз бірдеңе ағаштар арасынан қадала қарап тұрғандай сезілді. Аңшы қолындағы садағының адырнасын қыса ұстап, бір қолын қорамсаққа жақындатып, жан-жаққа көз жүгіртті. Жыртқыш пен түрлі бәлекеттерге толы Адасар, алдыңа небір нәрселерді әкелу мүмкін, бірақ бұл әкелгені Марғасқаның үш ұйықтаса түсіне кірмейтін жаратылыс еді. Аңшының алдына маңғазданып, терісі жаңа түскен ұлпа қардай болған аппақ түсті алтын мүйізді, күміс тұяқты ақ марал шықты. Бойында маралдарға біткен үркектік жоқ сықылды. Екі көзі Марғасқада, ал Марғасқаның екі көзі алтын мүйізді, күміс тұяқты ақ маралда… Аңшы аңтаң… «Тәңірі осылай сұлу етіп те жаратады екен-ау» деген таңданыс. Біресе басын шұлғып, біресе шөп жегендей болған ақ маралдың тұяғы тиген жерде, күздің қуарып кеткен шөптері қайта көгеріп қайтадан жанданғандай болды. Қандай құдірет! Нендей сиқыр бұл? Осы сәтте ақ маралға Марғасқа аңшы жаман қызықты білем…

Қорамсаққа қол салып, бүркіттің қауырсынынан жасалған төрт қанат, тиген жерін кесіп түсетін айырбас жебені суырып алып, садағының кірісіне салды. Адырнаны сындырып жіберердей садақты кере тартып, атып қалды. Құралайды көзге атқан Марғасқаның жебесі ақ маралдың сол жақ алтын мүйізінің ұшын ғана қиып түсірді. Бір сәт бойын билеген құмарлығын ақылға жеңдіріп, алтын мүйізді, күміс тұяқты ақ маралды жазым қылғысы келмеді. Тек «өзің аман кетсең де, артыңнан көз қалсын» деп жаңылғандай болып, алтын мүйіздің ұшын ғана қанағат қылды. Бір жағынан ақ маралдың мөлдіреген жанарынан адамға түсініксіз қуат пен даналықты байқады. Сезімтал Марғасқа жануардың киесі тиеме деп сақтық қылса, екінші жағынан аяп та кетті. Әйтпесе ол алдына келгенін тірі жібермейтін тау барысындай әккі аңшы еді.  Алтын мүйіздің ұшын айырбас жебе зу етіп кесіп түскен бойда, ақ марал үркіп қалың жыныстың арасында ғайып болды.

 

ІІІ

Сынық алтын мүйізді қолға алған Марғасқа біртүрлі елегізіп кетті. Аңшылық болмысының шекарасынан асып кеткендей… Киесі тиіп, қарымы басыма келеме дегендей ойланып қалды да, бойын тез жиып, іске кірісті. Сынық алтын мүйізді қонышқа салып, ары қарай жемтігін іздеген бөрідей  Марғасқа Адасар ішін жорытып жүріп, қанжығасын майлады. Құрбаны соры қайнаған жабайы еркек бұғы болды. Осылай жүріп аңшылықтың таңғажайыпқа толы қызықты сәттерімен Марғасқа іңірдің қалай түскенін байқамай қалды. Қыстауынан кәдімгідей алыстап кеткен екен. Марғасқа алып шытырман орманның ішінде адасып қалмау үшін, түнемекке бел буды.

Ақ пен қызылдың арасында қол-қолына жұқпай шапшаңдатып бұғының терісі сыпырылып, ішек-қарны тазаланды. Артынша отын жиналды. Марғасқа беліне байланған кісесінен айбалтасын алып, жиналған ағаштарды үлкен-кішісіне қарамай қақыратып жара бастады. Томар мен талды шыдатпай пытырлатып жатқан Марғасқаның қолындағы айбалтасы ер қызығар ызғарлы қару еді. Бабадан мирас болған айбалтаның шабар басы тек Оқ-Балқан тауының қойнауында кездесетін ерекше берік болаттан құйылған. Айбалтаның жүзінде Оқ-Балқанның киелі тағысы барыстың жемтігіне атылған сәті күміс арқылы ою-өрнектермен аса шебер айшықталып ойылған. Бұл ою-өрнек марқұм атасының айтуы бойынша, аңшыны түрлі бәледен қорғайды екен. Ұстар сабының ішіне қанжар жасырылған… Осындай сұсты қаруға қызыл-ала жіптен нығыздалып есілген бүлдіргені айбалтаға бөлек рең береді.

Бағанағы алтын мүйізді, күміс тұяқты ақ маралды атып түсірген басты қаруы садағының орны тіпті бөлек. Айбалта-бабадан қалған мирас болса, бұл садағын Марғасқа өз қолымен жасаған. Қайткенмен де аңшының басты қаруы садақ қой…  Оны жасау үшін барын салды.  Садақтың керме адырнасы дөңес болып иіліп ағаштан жасалған, сән үшін адырна бөлігі әртүрлі түске боялып, кей жерлерінде ұсақ ою-өрнектер салынып әшекейленген. Адырнаның иілетін иіндері малдың қабырға сүйектерімен күшейтіліп, басы қарағай ағаштан бөлек жасалған. Садақтың иінінің бетіне тарамыс жапсырылып, сүйек пен қарағай жерлері қайыспен буылып, жаңбыр суы өтпес үшін майға суарылып, адырнаның екі басы жарылмас үшін терімен қапталған.  Үйде болғанда садақтың серпіні қатты болуы үшін, адырнасы кері жаққа иіліп тұратын. Адырнаның бір басында кірісі мықтап байланып, екінші тұзақ секілді кіріс басының серпіні жоғалмас үшін алынып босатылатын.  Иілген қалпында көп қалатын болса, жылқының ішегіне орап бірнеше күн ұстап, қалпына келтіріп алатын.   Қанжығасын майлаған осы садақпен атып алған аңда есеп жоқ, сөйтсе де тек бір олжасы есінен кетпейді. Ат бауырынан келетін омбы қарды жарып келе жатқанда, тек Оқ Балқан шыңдарында кездесетін алып қар барысымен бетпе-бет келді. Сол жылы қыс қатты, қар молынан түскенді. Ашыққан қар барысы орманға жемтік іздеп түссе керек. Найзағайдай жылдам аңның қозғалысын, тек күртік қар ғана тежеген.  Ұтымды сәтті пайдаланған Марғасқа осы садағымен алып қар барысын атып өлтірді.

Айбалтамен шабылған ірілі-ұсақты томар-талдар бытырлап, шалқи түтіндеп, басында әбден көзді ашытып берекені кетірді. Ақыры пысылдай шыжылдап жана бастады. От әбден жанғанда басы кездікпен үшкірленген бұтақтарға сүйегімен  бірге еттер шаншылып, отқа қақтала бастады.

Ет пісуге айналғанда Адасардың ішін қараңғылық жауып, түн келді. Биік ағаштардың арасынан сығылап ай көріне бастады. Түн адамның көзін байлап, әр дыбыстан сескенетін тыныштық орнатты. Орман ішін жапқан қара түнекте тек Марғасқаның жаққан оты алаулап, аңшы қақталған етін жеуге кірісті.

Кенет түннен бөлінген бір сүлде көрінді. Үстінде тоқсан қабат жібек торғыннан тігілген көйлегі бар талдырмашы жас әйел сылаң қағып, ет жеп отырған аңшының алдында пайда болды. Асыл жібек торғынның түймелері күмістен жасалып, көйлектің басынан аяғына шейін теңге-моншақтармен көмкерілген. Аспандағы жұлдыздардай жайнаған әсем көйлегінің бел тұсына қоңыр былғары теріге әр түрлі нақыштағы күміс айшықтар мен жапсырмалы асыл тастардан көз қондырылып, былғары кемер белбеудің екі ұшы күміс жалатылған жалпақ топсалы қапсырмамен тал шыбықтай белін буған. Сызылып еркелей қозғалған арудың көйлектеріндегі әшекейлері әр басқан қадамын сыңғырлатады.

Сұңғақ бойлы, ақ құба бейтаныс бикештің үлдемен-бүлдеге оранған көйлегіне төгілген ұзын қара шашындағы күміс шекелік, қыпша белін қылғындырған кемер белбеумен әдемі үндескен.

Үріп-ауызға салған арудың бозарған жүзіндегі мысықша көздерінде сынағыштық байқалып, үстінен сабынның жұпар иісі аңқып, тіл қатпастан піскен еттің қасына келіп, бір тізерлей жайғасты. Өгейсіп қалған аңшы әдемі бикешке басында таңырқай қарап, кейіннен ықылас көрсеткендей болып, болаттан жасалған кездігіне қақталған етті сүйегімен шаншып, бейтаныс мейманына ұсынды. Жеңімен саусақтарын көрсетпей, ет шаншылған кездікті бірге «тырс» еткізіп сындырып, аузына етті сүйек-мүйегімен қоса суық қаруды да ұшымен бірге жұта салды. Бір-ақ толғап қылғыта салған сұлу бикештің бұл әрекетіне Марғасқа сескеніп, іші қыпылық ете түсті. Түр бермей, сес көрсеткісі келген Марғасқа, айбалтасының ішіне жасырынған басқа қанжарын алып, қақталған етті дым болмағандай жей берді. Ұзын бойлы ару екі қолын қусырып, етті асап отырған Марғасқаны екі көзімен ішіп-жеп барады… Бұған сасқан Марғасқа жоқ, бұғының асық жілігінің ішіндегі іркілдеген майын кезек-кезек аузына құйып, лақтырып жіберіп, қанжар мен қолына жағылған майды жердегі сарғайған шөпке сүрте салды. Аңшының бұл ісіне іштей наразы болған жұмбақ ару назданып:

  • Ей аңшы! Неге майды шөпке сүрттің? – деп, шүртіңдей қалып, теріс

айналды да ну орманның ішіне еніп жоқ болды.

Аңшыға келген жұмбақ жан Үркер атты жезтырнақ еді. Марғасқа да бұның жезтырнақ екенін әу баста жеңімен саусақтарын жасырғаннан бастап сезген-ді. Кездікті сындырғаны тағы бар. Үркер айбарлы аңшыға ашық шаба алмай, Марғасқаның айбалтасынан сескенген екен. Ашуланып кеткен жезтырнақтың аңшының көзін бағып, ұйықтауын күтетінін сезген Марғасқа алдағы ұрысқа дайындала бастады. Өз бойындай томар тауып, үстіне абасын жауып, ұйықтап жатқан адамдай қылып бүркеп қойды. Өзі садағын алып, жанындағы биік қарағайдың үстіне шығып алып, жезтырнақтың келуін күтті.

Түн ортасы. Орман іші тұңғыйық қараңғы. Жағылған оттың бұрынғыша алаулалуы бәсеңдеп, тек шоғы ғана қызараңдап тұр. Марғасқа қанша батыл болса да пенде ғой, бойын қорқыныш биледі. Аздан соң, түнерген бұлт арасынан ай жарығы көріне бастаған. Бір кезде жүзі таныс бикештің сұлбасы қайтадан пайда болды. Үркердің отты көздері ай сәулесімен шағылысып, қараңғылықты қақ жарған жанарынан, Марғасқаның тұла бойы тітіркеніп қоя берді. Үрей билеген денесін азар игеріп, демін ішіне тартып, садағымен атуға дайындалды.

Жайылған шашы тізесіне дейін жететін жезтырнақтың басындағы күміс шекелігі жарқылдап, аяғын мысықша басқан күйі, ұйықтап жатқан аңшыны қапы да бас салуға дайындалып, ішінен сыбырлай тістене сөйледі:

  • Мен саған майды шөпке сүртіп, ысырап қылып, шектен шыққанды көрсетейін – деп, сояудай жез тырнағын жалаңдатып, жамылғыш абаға оралған ағашқа ту сыртынан бас салды.

Өткір тырнақ қатты ағашты бойлай енді. Осы кезде ғана алданғанын түсінген Үркер:

  • Қап бәлем! Қарғыс атқыр! Адамнан айла ассын ба! – деп, ағашқа қадалған сояудай тырнағын шығара алмай, зар қағып тұрғанда, биік қарағайдың басында отырған Марғасқа, болат сауытты тесіп өтетін төрт қырлы ажал жебесін садағының кірісіне салып, атып қалды.

Үшкір жебе жезтырнақтың жүрегіне дәл қадалып, арғы жағынан бір-ақ шықты. Үркер жезтырнақ ышқынып жерге жығыла кетті. Марғасқа ағаштан түсіп, сырылдап аузындағы қанына шашалып, жаны шығайын деп жатқан жезтырнақтың  қасына келді. Көзінен жас парлаған Үркерге мелшейіп қарап тұрды да, қолына айбалтасын алып:

  • Сендерде ет пен сүйектен жаралған екенсіңдер ғой! – деп, жерде жатқан шарасыз Үркердің басын шапты. Өткір айбалта басты шашымен бірге қиып түсірді.

Марғасқа аңщы жаны шыққан Үркердің үстіндегі көмкерілген бағалы әшекейлерді түгелімен сыпырып алды. Аңшыға жезтырнақтың ұзын шашына тағылған шекелік пен кемер белбеуі қатты ұнаған. Осылайша оның бұйымдарын қанжығасына басты.

Аңшы мол ағаш әкеліп, сөнуге айналған отты қайтадан алаулатты. Сумаңдап ысылдаған ыстық отқа,  жезтырнақтың жансыз денесін шабылған басымен бірге тастай салды.

Отқа шыжырлап жанған денеден әуелі құйқа иісі шықса, кейіннен адам жүрегін айнытар күлімсі иіс қоса шығып айналаны алып кетті. Жезтырнақтың отқа күйіп өртенген денесінің иісі Марғасқаның кеңірдегіне тіреліп, артынша лұқси құсты. Жегені мұрнынан шығып, ішек-қарны аузынан ақтарыла жаздап, қатты қиналды.

Өз-өзіне келген соң, бір ой санасына сап етіп, миынан шықпай қойды. Бағана жезтырнақтың басын шауып алғанда, сол басты шапқан айбалтамен өзінің түйсігі ғана сезетін жіпті қоса шапқандай болды. Шабылған нәзік жіп, құдды оның шектен шыққан әрекетінің өлшеміндей көрінді. Оның аңшылық шекарадан шыққанын жезтырнақтың өзі жаны шығарда айта кетті емес пе…

Жезтырнақтың денесі күлге айналып жанып болғанда, ағараңдап таң атты. Марғасқаның ұйқысы келіп түсі бұзылды, көзі кіртиіп тұнжырап шаршау басты.

Балаңның баласына айтып беретін шымшытырыққа толы таңғажайып оқиғалар айналдырған бір тәуліктің ішінде Марғасқа аңшының басынан осылай өте шықты.

Аңшы осы бәле бір айналдырса, шыр айналдыратынын біле ме екен?!…

Редактордан: Қуандық Ғайноллаев  – атыраулық тарихшы. Бұл оның жазылып жатқан “Құттықиян” фэнтези романының басы. Жас авторға сәттілік тілейміз!