Философия ғылымдарының кандидаты (Ph.D), қазақ мәдениеті, музыкасы, мифология жайындағы Otuken.kz сайтының модераторы, Қазақ мәдениетін қолдау Otuken қорының құрылтайшысы, «Петроглиф ізшілері» қоғамдық ұйымның құрылтайшысы. Парасат мемлекеттік орденмен марапатталған (2021).
02.02. 1967 туған. Әкесі Жетібай Наурзбаев – математик, физика-математика ғылымдарының кандидаты, анасы Меруерт Саматқызы Бекболатова – химик. Алматыда туып, өсті. Марқұм күйші, жазушы Таласбек Әсемқұловтың (1955–2014) жары, екі баласы бар.
З.Наурызбаева «Қазақтың мәңгі аспаны» (700 бет, 2013), «Серікбол Қондыбайдың арғықазақ мифологиясындағы әйел бейнелері» (2021), «Субъектты қазақ мәдениеті» (2022, Т.Әсемқұловпен бірге) атты (орыс тілінде) негізгі ғылыми еңбектерінен бөлек, қазақ тарихындағы көрнекті тұлғалар туралы «Төрт бұлт» (2017, 500 бет) деп аталатын ғылыми-көпшілік кітап жазып, осы соңғы аталған еңбегі тәуелсіз «Алтын қалам» сыйлығының «Кітап лайк» номинациясында жеңімпаз атанды. Зира көптеген ғылыми жинақтарға автор ретінде қатысқан.
Зираның күйші-замандасымыз жайындағы «Күндес» хикаяты 2020 жылы баспадан шығып, оқырманға жол тартты (хикаяттың қысқартылған нұсқасы АҚШ-та Best Asian Short Stories 2019 әдеби бәйгесінде жүлде алды). Ғылыми және көркем дүниелері Ресей, АҚШ, Финляндияда жарық көрді.
Жазушы Лиля Калауспен бірлесіп, З.Наурызбаева балаларға қазақ тілін, мәдениетін насихаттайтын шытырман оқиғалы кітаптар циклін жазып жатыр. Оның 1) “Бату мен достарының Алтын тостағанды іздегені”, 2) “Бату мен достарының Барсакелмес еліне саяхаты”, 3) “Бату мен достарының жұлдыздар елі Айдалаға саяхаты” (орыс тілінде 2014, 2019, 2021, қазақ тілінде 2016, 2022)). Лиля Калауспен бірігіп жазылған (орыс тілінде 2014, қазақ тілінде 2018) үш кітабы жарық көріп, қазақтың Хәрри Поттері атанды. Жақында “Бату мен достарының Алтын тостағанды іздегені” (Batu and the Search for the Golden Cup) кітабы АҚШта ағылшын тілінде 2023 жылы Amazon publishing баспасынан шықты.
2014−2016 жылдары З.Ж.Наурзбаева «Радио Классика» арнасы аясында орыстілді аудиторияға қазақтың дәстүрлі музыкасы жайында «Тылсым перне» атты жиыны 120 хабар дайындап, олардың біразы өте құнды әрі сирек кездесетін ән-күй туралы мәліметтерді жұртшылық назарына ұсынды. Хабар тыңдарманның көзайымына айналып, Қазақ радиосынан да берілетін болды. Осы хабар үшін 2014 жылы З.Ж. Наурызбаева «Алтын Адам – Жыл адамы» тәуелсіз сыйлықтың иегері атанды.
З.Ж. Наурзбаеваның қазақшадан орысшаға аударатын ғалым ретінде қазақ руханиятына қосқан үлесі зор. Мысалы, 2005-2009 жылдары С.Қондыбайдың «Арғықазақ мифологиясы» (4 том, жиыны 2 мың бет) және «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі» (600 бет) еңбектерін өте сапалы аударды. 2018 жылы жазушы, күйші Т.Әсемқұловтың «Талтүс» романын және «Кәрі күйші» әңгімесін аударды. Осы аударманың негізінде ағылшын тіліне аударма іске асырылып, 2019 жылы «A Life At Noon» деген атаумен Индиана университетінің Slavica Pub баспасынан шықты. Бұл – тәуелсіздік жылдары батыста баспа қаражатына шыққан алғашқы қазақ жазушының кітабы. 2024-2025 жылдары Серікбол Қондыбайдың «Жауынгерлік рух кітабы» мен «Есен қазақ кітабын» орысшаға аударды.
З.Ж. Наурызбаева кинодраматург ретінде де қазақ музыкасы мен мәдениетін кеңінен насихаттайды. Мультфильмге айналған (Тамара Мұқановамен бірлесіп жазған) сценарийлері:«Көкбалақ: оттан жаралған», Казақфильм, 2014), «Қоңыр қаз» («Балапан» телеарнасы тапсырысы, қазақтың аң-құс туралы күйлері бойынша жиыны 20 анимациялық бейнебаян Dala animation, 2018), «Ағаш ат» (2019, Қазақфильм, 5 серия, Балапан» телеарнасының тапсырысымен), «Серікбол Қондыбайдың абақ таңбасы және айналайын ырымы» (2019, танымдық анимациялық фильм, Қазақфильм). Сондай-ақ «Серікбол Қондыбай: рух жауынгері» деректі фильм (Қазақфильм, 2018), «Күндес» және «Өгей» (Мұқағали туралы, Т.Әсемқұловпен бірігіп жазған, 2015) көркем толықметражды фильмдерінің сценарийлері.
Ғылыми жобалар аясында этнографиялық, визуалды антропологиялық экспедицияларға шығып, ел аралайды. «Петроглиф ізшілер» ерікті археолог тобымен жартастағы көне суреттерді іздеп, есепке алып, қорғайтын экспедицияларға қатысады. Сондай-ақ, Маңғыстаудағы Шетпе кентіндегі Серікбол Қондыбайдың мифология музейінің ерікті-кеңесшісі.
З.Ж.Наурызбаева білікті ғылыми редактор, жорналшы, блогер ретінде де танылды: 2004−2006 жылдары «Рух-Мирас» мәдениеттану альманағының бас редакторы болды, 2010 жылдан бері Otuken.kz атты қазақ музыкасы, мәдениеті мен мифологиясына арналған сайтты жүргізіп келе жатыр, көптеген ғылыми жинақтардың редакторы. 1996 жылдан бастап «Заман-Казахстан», «Новое поколение», «Мегаполис», «Страна и мир» и «Дала мен кала», «Алтын орда» газеттерінде, «Простор», «Жұлдыз», «Таң Шолпан» жорналдарында, Dialog.kz, Arba.ru, Vlast.kz, Position.kz, Spik.kz, Gonzo.kz, Express-k.kz, Qalam.Global интернет-басылымдарында әр кезде жарияланып жүрді.
Facebook, Instagram, Youtube, TikTok (жалпы саны 80 мың жазарман) әлеуметтік желілерінде қазақ мәдениетін, музыкасын, тілін насихаттап келе жатыр.
2014-2022-жылдары марқұм жары жазушы, музыкант Т.Әсемқұловтың 8-томдық Шығармаларын және CD-альбомын құрастырушы, редактор ретінде дайындап, жарыққа шығарды. 2020 жылы Таласбектің шәкірттерімен бірге қаламгерлер мен домбырашыларға арнап байқау ұйымдастырып, Таласбек сыйлығын жыл сайын таратады.