Кеңестің «кең» заманында жазушылардың арасында роман жазу белгілі бір меже сияқты еді. Ол романдар жарық көргеннен кейін әдеби-рухани өмірімізде үлкен оқиға орын алғандай болып көрінетін. Ал соңғы кезде қарап отырсақ, роман жазу сиреп бара жатыр. Тіпті санап кеп жіберсек, бір қолдың бес саусағына жетер-жетпестей ғана бар екен. Оның үстіне ол романды жазып жатқандар алқалы аға буын емес, кейінгі тегеурінді орта буын болып шықты. Осы қатарда Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс», Асқар Алтайдың «Туажат», Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» секілді романдары көзімізге түскен. Біз бұл жолғы сұхбатымызға жазушы Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романын талдауға қаламдастарымыз Мадина Омар мен Айнагүл Садықованы шақырған едік.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Сюжет желісі күйдің көш-керуеніндей салтанат құра түзілетін осы «Талтүс» романы оқырманның қай тобына арналған? Алдымен осының басын ашып алсақ, жөн болар еді. Өзі қат-қабат өрілген оқиғаларды қарап отырсаңыз, біразы соғыс туралы естелік, біразы күнделікті өмірімізде болып жатқан оқиғалар, біразы күй шежіресі, аңыздар, миф деуге келеді. Осының бәрін қабаттастырып алып отырған кезде мынау өнертанушылықты мұрат тұтқан зерделі орта мен қарапайым қалың оқырман арасындағы алтын орта, аралық белдеу таңдалғандай аңдалды маған. Әрі күрделі, әрі қарапайым роман дер едім өз басым. Мадина, осы «Талтүс» туралы өзіңнің мақалаңды оқыған кезде көрдім, «романды оқуға дайындық керек» деп жазған екенсің. Өзің кітапты күрделі ғып көрсеткің келді ме, қалай?
Мадина ОМАР: Жоқ, мен күрделендіріп көрсетуді мақсат тұтқан жоқпын. Алдымен оқыған кезде сюжет қуалап, оқиға қуалап оқуға болады. Бірақ бәрібір тереңіне бойлап баруға мәжбүрсіз. Сөзбе-сөз жазылған өмірбаян сияқты. Сонымен қатар ұшталған, зерттелген, жетілген, толықтырылған. Кейбір жерлерінде кейіпкердің жас мөлшеріне сай мағына, мән берілген. Адамның жасөспірім шағына дейінгі даму процесі деп айтуға болады. Сөз астары қалың. Бұл романды кодталған роман деп те айтар едім. Себебі бұл жерде астар көп, бергі жағынан гөрі арғы жағындағы мән-мағына молырақ.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Роман көпшілікке арналған ба әлде белгілі бір рухани ортаға арналған ба? Айнагүл, сенің пікірің қалай?
Айнагүл САДЫҚОВА: Меніңше, тек интеллектуалдарға ғана арналған роман. Интеллектуалды адамдардың өресі, деңгейі жететін роман. Мысалы, заманында Вагнердің талабына өресі жетпеген профандар музыкада түсінбейтін нәрселердің бәрін вагнеризм деп қарастырған. Сол сияқты бұған жетесі жетпеген адамдар басқа бір себеп те табар. Ал шын мәнінде бұл қырық қатпардан тұратын, мәні өте терең, интеллектуалдарға арналған роман.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Мадина, маған осы романда қауым, халық жоқ сияқты көрінді. Кейіпкерлер санаулы, сосын кейіпкерлердің өзі де айналасындағы халықпен, елмен араласпайтын адамдар тәрізді. Тек өзара ғана шақталып сырласып, өзара ғана әңгімелесіп жүреді. Бұл жерде жазушы әдейі осындай тәсілді таңдап отыр ма?
Мадина ОМАР: Бір қараған кезде сондай әсер беруі мүмкін. Иә, саусақпен санарлық қана кейіпкері бар. Дегенменде кейіпкерлерінің арасында Сабыт шал бар, ол – керемет күйші. Кезіндегі Тәттімбет, Сүгірдің көзіндей. Сосын қолындағы жиені әрі шәкірті Әжігерей, қолында тұрады, күйлерін үйренеді. Сосын Сабыттың замандастары бар. Олардың да жасы үлкен. Біреуі – ұста, біреуі – әнші, әр өнер саласының өкілдері. Ұлттық өнеріміздің иелері. Жәй иелері ғана емес, алдыңғы қатарлы саңлақтары. Осындай адамдардың бір жерде шоғырлануы, бір-бірімен араласып, қарым-қатынас жасауы әрине, бір қарағанда, ақылға сыйымсыз, логикаға сай емес болып көрінуі мүмкін. Бірақ автор бұған саналы түрде барып отыр. Өнер адамдарының жиынтық бейнелерін топтаған. Себебі айтып отырмыз ғой, бұл интеллектуалды оқырманға арналған деп. Сондықтан мен мұны эстетикалық роман деп атар едім. Жалпы бұл романды «Күй» деп те атауға болады. Енді өнерді сыртқа шығарудың түрлі-түрлі формаcы болады. Сондықтан роман күйінде шыққан күй деп айтса да болады. Дәстүрлі шартқа келмей жатқаны сондықтан шығар деп ойлаймын.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Айнагүл, неге бұл романда күй тартатын, күй шертетін адамдар бар да, күй тыңдайтын қауым жоқ?
Айнагүл САДЫҚОВА: Эпизодтарға қарасаңыз, бөлінбес тұтастықты құрап тұр. Былай қарасаңыз, үлкен соғыс оқиғасы мен дәстүрлі өнерді дәріптеген күйшінің арасында ешқандай байланыс жоқ. Ал шын мәнісінде, бұл жерде мәселе мынада. Романның негізгі идеясына азық беріп түрған – күйшілік өнер. Ол бұл жерде шартты түрде алынып отыр. Күйшінің орнында басқа өнер иесі де болуы мүмкін. Бұл жерде айтылатын негізгі мәселе, өнер адамы қалай қалыптасуы керек және шын мәніндегі өнер қандай деңгейде болуы керек. Сабыт қарт қандай әңгіме айтылмасын, сабыр шақыратын я болмаса күлкі шақыратын әңгіме айтса да, үнемі қасында Әжігерейдің болуын қадағалап отырады. Өйткені өнер – Құдайдың аманаты. «Құдай өнері» деген термин бар. Сол деңгейде болу үшін өнер адамы соған жақын болуы керек. Сол тәрбие тұрғысынан терең тұтастық бар.
Мадина ОМАР: Бір эпизод бар, Сабыт 25 жыл айдауда болып, итжеккенге барып келеді. Ол кезде домбыра жоқ, бірақ сонда да күйді тоқтатпаған, «ауызбен шертуді үйрендім», – дейді. «Ойша шертем, ауызбен шертем. Ауызбен шертіп, айдауда жүрген талай қазақтың көңіліне медет болдым, өмірге деген құлшынысын арттырдым», – деп өзі айтады. Бұл жерде символдық мәні бар әңгіме айтылып отыр. Жалпы саяси оқиғалар, саяси жағдай өнерді қанша тұмшаласа да, айдауға жіберсе де, домбырасыз қалдырса да, қазақтың рухы, жүрегі, жаны барда ол күй өнері өлмейді. 25 жыл бойы ауызбен шерту дегенің, бұның енді символдық мәні өте терең.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Романның басында, тіпті орта шеніне дейін кілең қазақтың басындағы қасіретті, тақсіретті өмірді көрсететін, қиыншылықты көрсететін оқиғалар таңдалып алынған сияқты көрінеді. Содан кейін келіп кітаптың орта шенінен асқан кезде біртұтас таза күйдің тарихына қайта-қайта оралып, жиілете түседі. Сонда бұл жазушының оқырманды дайындағаны емес пе екен деп ойладым. Жоқ әлде жай ғана қарапайым көпшілік қызығып оқысын деп сюжетке қызық оқиғаларды енгізгені ме?
Мадина ОМАР: Мұның себебі, өмірбаяндық та болуы мүмкін деп жаңа айтып кеттім емес пе? Бұл жерде Әжігерей кішкентай бала. Соның өсуіне, рухани кемелденуіне қарай оның күйдегі, өнердегі шеберлігі өскен сайын күрделене береді кітаптың мазмұнында. Екінші жағынан, бір мақаламда айтып өткенмін, бұл кітап типті әдеби туынды болуымен қатар, күйші болам дейтін және күйші болатын адамдар үшін таптырмас оқулық тәрізді. Себебі күйші адамның рухани жетілуі, кемелденуі, шеберлігін арттыруы, күйді сезінуі, оның дүниетанымы, өмірді сезінуі, биіктеуі бәрі бар. Сосын тағы да бір сюжет бар. Әжігерей өзін-өзін өлтірмек болып, судың жағасына барып, тұңғиыққа қарайды. «Сол кезде өлім мен өмірдің арасындағы жіп жоқ болып кетіп, ол тұңғиыққа қарап тұрып қалды» дейді. «Сол сәтте оған бәрбір болып кетті. Қазір мына тұңғиықта жата ма, әлде үйіне қайтып, тіршілігін жалғастыра бере ме? Ол осының айырмашылығын сезінбей қалды» дейді. Бұл өнердің шарықтау шегіне жеткен кездегі кульминациясы. Осы көңіл-күй, осы сәттегі сезім айрықша биік. Сол мезетке жеткен кезде өнер саф күйінде дүниеге келеді. Әркімнің басында ондай күй болады деп ойламаймын. «Кез келген жазушы күніне бір мәрте мәңгілікпен жанаспаса, жазушы емес» дейді. Себебі мәңгілікті сезінесің, сол кезде басқа дүниелер туады.
Айнагүл САДЫҚОВА: Әрине бірінші кезекте күй және күйші туралы роман. Бірақ күй өнерін жалқы алмайды. Мысалға, Ахметжан ұстаны алыңыз. Соның қандай мықты темірші екенін былай суреттейді: «оған баяғы заманның нағыз алмас қылышын жасап беріңізші деп, музей қызметкерлері келеді. Сол эпизод арқылы Ахметжан ұстаның аузымен алмас қылышқа материал болатын таза темірдің қасиетін сипаттайды. Темірді мың рет қорытып, мың рет сындырып, мың рет созып, мың рет қайтадан қатайтатын себебі неде? Соның нәтижесінде темір Құдай жаратқан кездегі балауса күйіне енеді» дейді. Бұл жерде не айтылып тұр? Бұл жерде өнерпаздың жан дүниесі ештеңемен былғанбауы керек. Шектеулі нормалармен, ілімдермен емес, балаға таза балауса күйінде өнер қонуы керек. Сосын тағы да бір жақсы эпизод бар. Сабыт қарт Әжігерейді Ғазиз қартқа жібереді. Әр күйшінің өзінің ерекшелігі болады ғой, сол ерекшелігін үйрен деп, Ғазиз қартқа жіберген кезде, ол кісі әуеннің жұрнағын ғана үйретіп қайтарады. Ешқандай мән жоқ, мағына жоқ, Әжігерей оны түсінбейді. Сабыт қарт естіген кезде қатты толқып кетеді. Сөйтсе, ол жоғалдыға санап жүрген бір күйдің жұрнағы екен. Сонда Сабыт қарт пернелерді жақындатып, жылжытып, тиекті орнынан қозғап, үлкен домбыраны шағын ғана домбыраға айналдырады. Сөйтіп қысқа ғана жерден әр күні сабалап отырып, күй шығарады. Бірақ Әжігерейдің көзімен қарағанда ол мағынасыз сабалау болады. Мен бұл эпизодқа керемет тамсанамын, сүйсінемін, таңырқаймын. Сабыт қарт сонда әр қисынға салып отырып, сол көп музыкалық қисындардың арасындағы музыканың ең жоғары деңгейіне жауап беретін тұстарын ғана алып отырады. Қайтадан пернені орнына қойған кезде сол биік деңгейдегі қисындарды салып, күйді қайта жаңғыртады. «Өнер осылай тууы керек» дегенді айтады автор.
Мадина ОМАР: Сөздің өзінің әуезі бар. Бір деммен оқысаңыз, күйді тыңдағандай әсерде боласыз.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Сөздің басында күйдің көш-керуені деп әдейі айтып едім. Бос кеңістікте аяқ астынан пайда бола кеткен көш-керуен секілді. Бірақ неге мұң көп?
Мадина ОМАР: Таласбектің өзінің сөзі есіме түсіп кетті: «Кез келген күй өкініш, қасірет. Кез келген күйдің уыты бар». Сондықтан бұл өзінің жаратылысына сәйкес табиғи үйлесімін тапқан кітап.
Айнагүл САДЫҚОВА: Кәсіби әдебиеттанушы тұрғысынан қарастырып көрейік: фабула деген ұғым бар ғой, оқиғалар тізбегі бір-бірімен себеп-салдарлық қатынаста болады ғой, шығарманың фабуласы мықты. Алғаш оқығанда олар бөлек-салақ, ертегі, аңыз сияқты болуы мүмкін. Ал шығарманың астарында жатқан негізгі идеяға салып қарастырсақ, фабуласы мықты роман екенін байқайсыз. Екіншіден, романда қайғы, қасірет деген сөздерді көп пайдаланатыны рас. Басты кейіпкер Әжігерей көбіне мұңайып жүреді іштей, сырттай. Бірақ бұл романда егер бажайлап қарасаңыз, мұңды басталған я бір эпизод, я бір сипаттау бәрібір түбінде бір үміт береді. Позитивті роман. Жиырма бес жыл бойы Сабыттың жүрегінде өнер неге өлмеді? Ал Сабыт неге өлтірмеді? Өйткені Сабыт рухтың адамы. Рухы биік адам.
Мадина ОМАР: Көлемі жағынан талас тудыруы мүмкін. Қауымды қамтымайды деп те айтып отырсыз. Дегенмен, бір қарағанда, солай, бірақ бұл қауымды ғана емес, дәуірді, ғасырды қамтып отыр. Жаңа мен «кодталған» деп айтып өттім. Шағын, бірақ астары мол.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Жалпы әдебиет мифсіз, мифологиясыз, аңызсыз өзінің қанатын кеңге серпіп, жая алмайтын сияқты. «Талтүстің» өңін ашып тұрған сондай аңыздар, мифтер көп қолданылған. Тіпті кейде басы артық тұстары да бар секілді көрінді, сіздерге қалай?
Мадина ОМАР: Кез келген әдебиет, әдебиет қана емес-ау, кез келген ұлт өздерінің мифтерімен мықты. Мифтер арқылы өздерінің тарихын қалпына келтіре алады. Себебі мифтер бірінші кезекте, ол жасырын түрде, жұмбақталған қалпында құнды. Мифтерде жасырылған ақпарат ұлт басындағы түрлі саяси жағдайда қажетті шешім қабылдауға дем береді. Соларды меңзеуімен, тұспалымен неше түрлі шындықтың басы ашылады.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Осы романда бір эпизод бар екен. Бірде соғыста солдаттардың қасынан қарама-қарсы бағытта бұрынғы өзгертілмеген киім үлгісімен бір полк әскер өтеді. Сөйтсе олар соғыстың алғашқы жылдарында тұтастай қырылып кеткен полк болып шығады. «Сол елесті көрдім» деп айтқаны үшін, солдаттарды қамап тастауға дейін барады. Себебі, әскердің арасында үрей тудырмау керек. Енді Таласбек өмір, тіршіліктен алса да, күй тарихынан алса да, осындай мифтік, аңыздық жайттарға шынында да көбірек барады. Сонымен қатар кейіпкерлердің образының, болмысының, мінезінің ашылуына байланысты бірнәрсені байқадым. Осы кейіпкерлер, Сабыт ақсақалдың өзінен бастап, Әжігерейге дейін нақты өмірдің өзінен гөрі, мифке көбірек ілесіп кеткен кейіпкерлер. Ол не үшін олай алынып отыр?
Мадина ОМАР: Көмусіз қалған, жаназасы шығарылмаған адамның рухы екі дүниенің арасын кезіп жүреді дейді. Расымен де бұл бұрыннан келе жатқан сюжет. Жазушы бұл сюжетті пайдалану арқылы әрине, сол кездегі адам баласына деген қарым-қатынасты береді. Мысалы, соншама адамды мылтықсыз соғысқа жібереді. Үш адамға, бес адамға бір мылтық беріп, окопқа жатқызып қояды. Адамға деген Алланың да, адамзаттың да заңына сәйкес келмейтін қарым-қатынас. Осыны Таласбек көрсете отырып, өнердің биіктігін, шынайылығын түрлі жағдайға салып шыңдайды.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Осы романда сіздерге кімдер ұнады? Қай кейіпкері ерекше әсер етті? Оны сұрап отырған себебім, мысалы, Сабыт ақсақал алдын ала солай болуға тиіс деп жоспарланып қойған кейіпкер ғой. Осы тұрғыдан алып отырмын.
Айнагүл САДЫҚОВА: Маған ғана емес, романды оқыған, түсінген оқырманға Сабыт пен Әжігерей ұнайды. Неге? Сабыт қарт пен Әжігерейдің қарым-қатынасы арқылы дәстүршілдік идеясы көтеріліп тұр. Сабыттың бейнесі арқылы ата-бабамыздан қалған, толысқан өнер, ал Әжігерейдің бейнесі арқылы одан алып қалатын келесі ұрпақ символданып тұр. Осы тұрғыдан алғанда Сабыт өнердің символындай көрінеді. Ал Әжігерей соны өз деңгейінде қабылдап алатын өнерпаз. Олардың аңыз кейіпкерлер сияқты болып көрінетіні де сондықтан.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Жалпы түсіндім. Мұны романның кемшілігі деп отырған жоқпын. Сіздің де сөзіңізден аңғарып отырмын, романды оқыған кезде де байқадым, Сабыт пен Әжігерей шартты кейіпкерлер сияқты. Бұл романның кемшілігі емес. Кең мағынасында шартты. Ал «қай кейіпкер ұнады» деген сұрақты әдейі қойып отырмын. Мысалы, ол жерде ұста болып жүріп, өнерін жоғалтып алып, қайта тауып, сосын жасаған қылышын мұражайға өткізіп, көп ақша тауып, артынан қайыр тілеп кететін кейіпкер бар. Сосын кішкентай баламен қастасып, аяғында татуласқандай болған Күлбағила деген кейіпкер бар. Сол сияқты жолда келе жатып көліктері бұзылып қалып, кенеттен пайда бола кеткен күйші болып шығатын кейіпкер бар, Ғазиз бар тағы, Сабыт ақсақалдың қызы бар, сосын басынан көп оқиға өткен күйеу баласы бар. Осылардың ішінде қай кейіпкер ұнады, сіздерге?
Мадина ОМАР: Мен Айнашты қайталауға мәжбүр болатын шығармын. Себебі, Әжігерейден де Сабыт ақсақал ұнайды және ол кісінің образы көңіліме қонады. Себебі, Әжігерей әлі толыспаған бала, шәкірт және өмірге деген көзқарасы тұрақталмаған кейіпкер. Сүйкімді болып көрінуі мүмкін. Бірақ Сабыт ақсақалдың образы өнер қонған, өнердің символы ретінде де үздік сомдалған.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Үлкен планда алған кезде мен сіздерге толық қосыламын. Ал өмірге біртабан жақындығы жағынан, көркем шығарма ретінде қараған кезде өзіме Күлбағила мен Гүлшат ұнады. Осы Күлбағиланың образын ашуда сәл-пәл айтылмай кеткен тұстар бар сияқты. Оны қызмет көрсетуші адам деген мағынада ғана оқиғаға араластырып қояды. Ал негізінде тағдырлы кейіпкер. Жаңа айтып отырған мифтік, аңыздық оқиғалардың барлығын әңгіме-дүкен құратын дастархан басына Күлбағила жинақтап отыратын сияқты. Шынымды айтайын, роман аяқталып, Күлбағила зар айтқан кезде көзіме жас келді. Ал Гүлшаттың образы он жеті-он сегіз жастағы қызға сай емес. Мұны кемшілік деп қараймыз ба, жетістік деп қараймыз ба, білмеймін.
Мадина ОМАР: Сіздің айтқан сөзіңізге толық қосыламын. Күлбағила образы – шын мәнінде өте кесек образ. Ол сол өнер иелерінің тасасында тұрғанымен, Сабыт ақсақалмен бірге жүріп, оның серігі болып, өзінің әйелдік миссиясын орындап отырған өте үлкен кейіпкер. Оңай кейіпкер емес. Иә, Әжігерейді қорлап, өгей шеше екенін көрсетеді. Өзімнің бір жерден оқығаным бар, өгей әке-шеше баланың алғашқы ұстаздары деген. Тағдырлы бала үшін ол керек деталь деп айтуға болады.
Жүсібек ҚОРҒАСБЕК: Өгейліктен гөрі, тереңірек мағына бар екенін роман аяқталған кезде байқадым. Мысалы, баланың сыртынан соншалықты жеккөрінішпен қарап тұрған адамның бейнесі, бір сөзбен айтқанда, мыстан кемпірдің бейнесі сияқты елестейді ғой. Ал адамдық болмысында көрген кезімізде басқа. Шығарманың соңында сол өшпенділіктің, жалпы, Әжігерейге деген көзқарастың бәрі Күлбағиланың заманға, қоғамға деген өшпенділігі екенін түйсінгендей боламыз. Ал шындап келгенде, оның астарында бәрібір мейірім жатты. Ол мейірімді біз роман аяқталған кезде көрдік.
Мадина ОМАР: Кез келген бір-біріне қарама-қарсы ұғымдар шегіне жеткен кезде ақиқат ашылады. Жамандық пен жақсылық бір-бірімен шекаралас жатады ғой. Күлбағиланың бойында жантүршігерлік қатыгездік бар. Дегенменде ол шарықтау шегіне жеткен кезде мейірім ашылады. Жоғарғы мағынасында, Құдайлық деңгейдегі әлдебір мейірімді түсінесіз.
Айнагүл САДЫҚОВА: Адам тек қана жауыз, жаман болуы мүмкін емес. Адамды қоғамның кейбір келеңсіз жақтары бұзуы мүмкін. Сол жағынан келгенде Сабыт қарт та жанамалап, әр адамның қайғысын түсінуге баулиды шәкіртін. Осы тұрғыдан келген кезде Күлбағиланың образы жақсы ашылған.
Мадина ОМАР: Автормен сөйлескен кезде «Талтүстің» жалғасы міндетті түрде болады» деген. «Трилогия түрінде жазғым келеді» деп өзі айтқан еді. Оқиға әрі қарай өрбіп, Күлбағила басқа қырынан көрінеді деп ойлаймын. Бұл кітаппен ғана шектелуі мүмкін емес, өйткені оның образына тойыңқырамай қалдық. Гүлшат шын мәнінде бала. Бұл кітапта үлкен парасаттылық деңгейіне көтерілген. Әжігерейді сүйеді. Әжігерей оқуға кетем, сенімен қосылмаймын дегенде, сен оқуға бар, оқы, сенің болашағың зор деп қала береді. Сол кезде Әжігерейді қатты жақсы көргендіктен, қазақы түсінігінен аттап кетеді. Жылап-сықтамай, оны болашаққа аттандырып жібергені былай қарасаңыз, ақылға сыймайтын секілді.
Айнагүл САДЫҚОВА: Гүлшатты сипаттаған кезде оның сезімталдығына аса мән береді автор. Не үшін? Өнер адамына лайық адам бірінші сезімтал болуы керек.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Қайталап оқуға, астарына үңілуге жетелейтін бір тылсым үрдістер бар. Бір хикметтерді алдымызға тартатын сияқты. Бір эпизодта Әжігерей күй тыңдап отырып, күйге мас болғандай, елтігендей әсерде қалады. Соны жақсы суреттейді. Оны жазушы әдейі беріп отыр. Әрине ол өмірде де болатын нәрсе. Әжігерейдің сол көрінісін беру арқылы қазақ өнерінің, күйінің құдіретін көрсетіп, өзіміздің генімізге қатыстырып айтатын сияқты. Осы жағына назар аудардыңыздар ма?
Айнагүл САДЫҚОВА: Шын өнер – Құдайы өнер деп айтады. Сосын қазақта «ұшпаққа шығу» деген ұғым бар. Шын өнерпаз өнерге елтіп, өнердің шегіне жеткенде бір ұшпаққа шыққандай, биік сезімге бөленеді. Бұл соның көрінісі. Әжігерейдің бойына өнердің сіңгенін, соның биік деңгейіне көтеріле алатынын көрсетеді.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Дұрыс айтасың, Таласбек Әсемқұловтың бұл шығармасында ғана емес, басқа да кітаптарында аллегориялық сипаттар жиі кездесіп отырады. Мысалы, бір аллегориялық әңгімесінде таудың бер жағында тұрып, сағым арқылы арғы жағында жайылып жатқан аңдарды көреді. Миф, аңыз араласқан жердегі адамның жанына әсер ететін, сезімді оятатын, жан түкпіріндегі құпияны ашатындай көріністер романда жақсы қамтылған екен. Осыншама ерекшелігі бар романды біз дәстүрлі әдебиеттің шеңберінде қалдырамыз ба, әлде жаңа бір ағымға телиміз бе? Қалай ойлайсыздар?
Мадина ОМАРОВА: Әрине, бұл дәстүрлі роман. Басқа анықтама беру қиын сияқты. Себебі бастан аяқ дәстүрлі, классикалық шығарма дегенге келеді.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Оқырман үшін роман оқылымды ма?
Мадина ОМАРОВА: Роман оқылымды. Дегенмен сауатты, интеллектуалды қауым көп болса, ең танымал романдардың біріне айналар еді.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Ал тіліне келейік. Романның тілі қандай екен?
Айнагүл САДЫҚОВА: Романның тілі көркем шығармаға қойылатын талаптарға өте сай. Өте бай, терең ойларды қамтиды. Бірақ сол терең ойларды интеллектуалды деңгейде болмаса да, сүйіспеншілікпен оқып шыққандар да түсінетіндей тілмен жазылған роман.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Олай болатын болса, біз бұл романды қазақ әдебиетінің үлкен, зор табысына жатқызуымыз керек сияқты. Бірақ неге бұл роман туралы әдеби процесте көп әңгіме жоқ? Мысалы, Тәкен Әлімқұловтың осы тақілеттес, күйшілік өнер туралы шығармаларын біз қалай әспеттедік кезінде?
Айнагүл САДЫҚОВА: Тәкен Әлімқұловтың шығармашылығымен сабақтас, үндес болатын бір себебі, екеуі де дәстүршіл жазушы. Негізгі нысана ғып ұстап отырған тақырып та – дәстүр. Дәстүрді жырлау, насихаттау. Екіншіден, сөздің бір ұшы сыншыларға келіп тіреледі. «Жазушыны түсіну үшін, жазушымен деңгейлес болу керек» деген Бердияевтің сөзі бар ғой. Бұл жерде тек көркем әдебиетті ғана түсінетін емес, музыка жағынан белгілі бір дәрежеде сауатты сыншы болу керек. Сол жағынан қиындық тудыруы мүмкін. Бұл роман неге биік деңгейде шыққан? Өйткені автор музыкамен, көркем әдебиетпен біте қайнасқан тұлға. Оны халыққа талдап, насихаттап беретін сыншы да сол дәрежеде болу керек.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Жазушы Таласбек Әсемқұловтың біз талдаған «Талтүсі» осыдан біраз жыл бұрынғы романдар бәйгесінде бас жүлдеге ие болған екен. Бүгін біз әдеби процесті бақылаудан қалыс қалғанымыз сонша, осы романның өзіне жеткілікті назар аудара алмай келдік. Газет-журналдарда, әдеби басылым беттерінде неге осы әдебиет туралы талқылаулар жоқ? Таңғалдыратын нәрсе. Қалай десек те, оқырманға жеткізіп айта алған бір сөзіміз – қазақ әдебиеті, қазақ прозасы толымды, толыққанды романмен толығып отыр екен. Ендеше барды бағалай білейік дегіміз келеді.
Газеттік қысқартылған нұсқасын дайындаған – Балжан ШЕРТІМ
ТВ «Мәдениет», «Кітапхана» бағдарламасы, 2012
«Халық сөзі» газеті, 2012-03-06 11:36:24
Т. Әсемқұловтың «Талтүс» романын тартып алу
Сұхбаттың теленұсқасын қараңыз